Концессиялар туралы

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі N 167 Заңы

Қолданыстағы

  МАЗМҰНЫ

      Осы Заң концессияның құқықтық жағдайларын айқындайды және концессия шарттарын жасасу және орындау процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi.

  1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган - республикалық бюджеттiң және өз құзыретi шегiнде жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы жөнiндегi бюджеттiк есеп пен есептiлiктi атқару, жүргiзу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) концедент - Қазақстан Республикасы, оның атынан әрекет ететiн Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе жергiлiктi атқарушы орган, сондай-ақ олар концессия шартын жасасуға уәкiлдiк берген мемлекеттiк органдар;

      3) концессионер - концессия шартына сәйкес концессия объектiсiне құқық алған заңды тұлға (мемлекеттiк кәсiпорындар мен мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда);

      4) концессия - концессия шарты бойынша мемлекеттiк меншiк объектiлерiн жақсарту және тиiмдi пайдалану мақсатында уақытша иеленуге және пайдалануға беру, сондай-ақ концессионердiң қаражаты есебiнен мiндеттi түрде қаржыландыра отырып және мемлекетке бере отырып, концессионерге иелену, пайдалану және билiк ету құқығын берiп, не онсыз, жаңа объектiлердi концессионер қаражаты есебiнен құру (салу) құқықтарын беру;

      5) концессия бойынша конкурсты ұйымдастырушы (бұдан әрi - конкурсты ұйымдастырушы) - концессия бойынша конкурстар өткiзудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;

      6) концессия объектiсi - жұмыс iстеп тұрған мемлекеттiк меншiк объектiлерi және концессия шартының талаптарын орындау нәтижелерi бойынша болашақта пайда болатын объектiлер;

      7) концессия шарты - концедент пен концессионер арасында жасалатын, тараптардың құқықтарын, мiндеттерiн және жауапкершiлiгiн, концессияны iске асыру шартын айқындайтын жазбаша келiсiм;

      8) концессиялық жоба - шектеулi уақыт кезеңi iшiнде iске асырылатын және аяқталған сипаты бар концессияны жүзеге асыру жөнiндегi iс-шаралар жиынтығы;

      9) республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi орган - экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында (аясында) республикалық меншiк объектiлерiн басқару саласында өз құзыретi шегiнде арнайы атқару және бақылау-қадағалау функцияларын, меншiктi жекешелендiрудi және оның мемлекеттiк мониторингiн жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;

      10) тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органы - мемлекеттiк басқарудың тиiстi саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) экономикалық жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган - Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының негiзгi бағыттарын әзiрлеу функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

       2-бап. Қазақстан Республикасының концессиялар туралы
               заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының концессиялар туралы заңнамасы  Конституцияға  негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексiнен , осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      Осы Заңның ережелерi жер қойнауын пайдалану саласындағы концессияға байланысты қатынастарға қолданылмайды. Жер қойнауын пайдалану саласындағы концессияға байланысты қатынастар "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  сәйкес реттелiп, жүзеге асырылады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Концессияның негiзгi принциптерi

      Концессия объектiлерiн беруге байланысты қызмет мынадай негiзгi принциптерге:

      1) концедент пен концессионер қызметiнiң жариялылығы мен ашықтығына;

      2) концедент пен концессионердiң мүдделерi мен тәуекелдерiнiң теңдестiрiлiмiн қамтамасыз етуге;

      3) концессионер концессия шарты бойынша беретiн тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге негiзделедi.

       4-бап. Концессияның қолданылу аясы

      Тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi  айқындайтын  объектiлердi қоспағанда, экономиканың барлық салаларындағы (аясындағы) объектiлер концессияға берiле алады.

       5-бап. Концессия объектiлерiне меншiк құқығы

      1. Концессияға берiлген, осы Заңның  16-бабы  2-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген объектiлерде жүргiзiлген жақсартулар, сондай-ақ аяқталмаған құрылыс объектiлерi және осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, концессия шартының талаптарын орындау кезiнде пайда болған зияткерлiк меншiк құқықтары мемлекеттiк меншiк болып табылады.

      2. Шарттың талаптарын орындау нәтижелерi бойынша пайда болған концессия объектiлерi мемлекетке:

      1) концессия объектiсiнiң құрылысы аяқталғаннан кейiн, кейiннен осы объектiлердi концессионердiң пайдалануы арқылы;

      2) концессия шартында айқындалған мемлекеттiк меншiк объектiсiнiң пайдаланылу кезеңi аяқталғаннан кейiн берiледi.

      3. Егер концессия шартында өзгеше көзделмесе, концессионердiң концессия объектiлерiн пайдалану нәтижесiнде алған өнiмi мен өзге де кiрiстерi оның меншiгi болып табылады.

      4. Концессия объектiлерi концеденттiң алдын ала жазбаша келiсiмiнсiз кепiл нысанасы бола алмайды.

      5. Концессия объектiлерi концессия шартының қолданылу мерзiмi кезеңiнде иелiктен шығарылуға жатпайды.

       6-бап. Концессионерге жер учаскелерiне құқықтар беру

      Концессия шартын iске асыру мақсатында концессионерге Қазақстан Республикасының жер  заңнамасына  сәйкес жер пайдалану құқықтарының берiлуi мүмкiн.

       7-бап. Концессия шартына байланысты келтiрiлген
               шығындарды өтеу

      1. Концессионердiң концессия шартын орындауға байланысты шығындары өндiрiлген тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) сату және концессия объектiсiн пайдалану процесінде кiрiстер алу арқылы өтелуi мүмкiн.

      2. Концессионер шығаратын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) негiзгi тұтынушысы мемлекет болған жағдайда, мемлекет концессионерге концессия шартының талаптарын орындау кезiнде шеккен шығындарын өтеу мақсатында тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) белгiлi бiр көлемiн тұтыну кепiлдiктерiн беруi мүмкін.

      3. Мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерi бойынша қабылданған мiндеттемелердiң көлемi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерiн беру лимитiнен аспауға тиiс.

  2-тарау. КОНЦЕССИЯ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

       8-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлеттiктерi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi концессия саласында:
      1) концессияға орта мерзiмдi кезеңге беруге ұсынылатын объектiлердiң  тiзбесiн  (бұдан әрi - тiзбе) бекiтедi;

      2) жасалған концессия шарттарының және берiлген мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерiнiң  тiзiлiмiн  жүргiзу ережелерiн бекiтедi;

      3) объектiлердi концессияға беру жөнiндегi конкурсты өткiзу  ережелерiн  бекiтедi;

      4) концессияға берiлуi мүмкiн объектiлер бойынша ұсыныстарды (бұдан әрi - ұсыныс) беру, қарау және iрiктеу  ережелерiн  бекiтедi;

      5) экономиканың әр түрлi саласында (аясында) концессияның  үлгi шарттарын  бекiтедi;

      6) республикалық меншiкке жататын объектiлерге қатысты концессиялар жөнiндегi комиссияны (бұдан әрi - комиссия) құрады және ол туралы  ереженi  бекiтедi.

       9-бап. Экономикалық жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi
               мемлекеттiк органның өкiлеттiктерi

      Экономикалық жоспарлау жөнiндегi  уәкiлеттi мемлекеттiк орган  әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспарларын, мемлекеттiк және салалық бағдарламаларды ескере отырып, тiзбенi жасайды және оны Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзедi.

       10-бап. Бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк
                органның өкiлеттiктерi

      Бюджеттi атқару жөнiндегi  уәкiлеттi мемлекеттiк орган  концессия шарттары бойынша мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерiнiң шарттарын жасасады, сондай-ақ концессия шарттары бойынша берiлген мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерiнiң тiзiлiмiн жүргiзедi.

       11-бап. Республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге
                асыру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның
                өкiлеттiктерi

      Республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге асыру жөнiндегi  уәкiлеттi мемлекеттiк орган :

      1) республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген концессия объектiлерi бойынша тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органдары табыс ететiн ұсыныстарды тiзбеге енгiзу үшiн келiседi;

      2) республикалық меншiкке жататын концессия объектiлерi бойынша жасалған концессия шарттарының тiзiлiмiн жүргiзедi;

      3) республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген концессия объектiлерiне қатысты конкурстың ұйымдастырушысы болады;

      4) комиссияның шешiмi негiзiнде республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген концессия объектiлерi бойынша концессия шартын жасасады;

      5) республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген концессия объектiлерi бойынша концессия шарттарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

       12-бап. Тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органының
                өкiлеттiктерi

      Тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органы:
      1) жеке және заңды тұлғалардың жеке бастама тәртiбiмен енгiзген ұсыныстарын ескере отырып, республикалық меншiкке жататын концессия объектiлерi бойынша ұсыныстарды қалыптастырады;

      2) республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген концессия объектiлерiне қатысты конкурстың ұйымдастырушысы болады;

      3) Комиссияның шешiмi негiзiнде республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген концессия объектiлерi бойынша концессия шартын жасасады;

      4) республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген концессия объектiлерi бойынша концессия шарттарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      5) республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға жасалған концессия шарттары бойынша ақпарат бередi.

       13-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
                астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының
                өкiлеттiктерi

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары өз құзыретi шегiнде:

      1) жеке және заңды тұлғалардың жеке бастама тәртiбiмен енгiзген ұсыныстарын ескере отырып, тiзбеге енгiзу үшiн коммуналдық меншiкке жататын концессия объектiлерi бойынша ұсыныстарды қалыптастырады;

      2) концессия шартын жасасу кезiнде тиiстi өңiрдегi халықтың әлеуметтiк-экономикалық және экологиялық мүдделерiнiң сақталуына байланысты мәселелердi шешу үшiн концессионермен келiссөздер жүргiзедi;

      3) коммуналдық меншiкке жататын концессия объектiлерi бойынша жасалған концессия шарттарының тiзiлiмiн жүргiзедi;

      4) коммуналдық меншiкке жататын объектiлерге қатысты комиссияны құрады және ол туралы ереженi бекiтедi;

      5) коммуналдық меншiкке жататын және тiзбеде көзделген концессия объектiлерiне қатысты конкурстың ұйымдастырушысы болады;

      6) комиссияның шешiмi негiзiнде коммуналдық меншiкке жататын және тiзбеде көзделген концессия объектiлерi бойынша концессия шартын жасасады;

      7) коммуналдық меншiкке жататын және тiзбеде көзделген концессия объектiлерi бойынша концессия шарттарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

       14-бап. Концессионерлердiң қызметiн мемлекеттiк қолдау

      Концессионерлердiң қызметiн қолдау мақсатында мемлекеттiк қолдаудың мынадай түрлерi ұсынылуы мүмкiн:

      1) концессия шарттары шеңберiнде инфрақұрылымдық облигациялар бойынша мемлекет кепiлгерлiктерi;

      2) концессиялық жобаларды қаржыландыру үшiн тартылатын қарыздар бойынша мемлекеттiк кепiлдiктер;

      3) концессия объектiсiн пайдалануға байланысты ерекше құқықтардың берiлуi;

      4) Қазақстан Республикасының  заңнамасына  сәйкес заттай гранттар беру.

      2. Концессионерге мемлекеттiк қолдаудың жоғарыда аталған түрлерiнiң бiреуi не бiрнешеуi ұсынылуы мүмкiн.

      3. Концессионер қызметiн мемлекеттiк қолдаудың осы баптың 1-тармағында көзделген түрлерiнiң бiреуi не бiрнешеуi ұсынылған кезде мұндай қолдаудың жиынтық құны концессиялық жобаның өз құнынан аспауға тиiс.
      Мемлекеттiк қолдау құнын бағалаудың әдiстемесiн бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган әзiрлеп,  бекiтедi .

  3-тарау. ОБЪЕКТIЛЕРДI КОНЦЕССИЯҒА БЕРУ

       15-бап. Объектiлердi концессияға беру тәртiбi

      Объектiлердi концессияға беру мынадай үш кезеңде жүзеге асырылады:

      тiзбенi жасау;

      концессия бойынша конкурс өткiзу;

      концессионердi анықтау және концессия шартын жасасу.

       16-бап. Тiзбе жасау

      1. Тiзбенi Қазақстан Республикасының Үкiметi  бекiтедi .
      Тiзбе Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таратылатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында жариялануға тиiс.

      2. Тiзбе мынадай екi бөлiмнен тұрады:
      1) жұмыс iстеп тұрған мемлекеттiк меншiк объектiлерi;

      2) салынуы және пайдаланылуы концессия шарттары негiзiнде жүзеге асырылатын объектiлер.

      3. Тiзбенi экономикалық жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган республикалық бюджеттiң тиiстi қаржы жылына арналған мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерiн беру мүмкiндiктерiн ескере отырып, Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспарларын әзiрлеу шеңберiнде жасайды.
      Экономикалық жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган табыс етiлген ұсыныстарға сараптама жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi  айқындайтын  тәуелсiз сарапшыларды тартады.

      4. Ұсыныстарды тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органы және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары жеке немесе заңды тұлғалардың жеке бастама тәртiбiмен енгiзген ұсыныстарын ескере отырып қалыптастырады.
      Тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органы республикалық меншiктегi концессия объектiлерi бойынша ұсыныстарды республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсуге тиiс.

      5. Ұсыныстарды беру, қарау және iрiктеу ережесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi  айқындайды .

       17-бап. Конкурстық құжаттаманың мазмұны

      1. Конкурсты ұйымдастырушы барлық ықтимал концессионерлерге мынадай ақпаратты:

      1) ықтимал концессионерлерге қойылатын бiлiктiлiк талаптарына олардың сәйкестiгiн растау үшiн табыс етiлуге тиiс құжаттарға қойылатын талаптарды;

      2) техникалық ерекшеленiмдердi, жоспарларды, сызбалар мен нобайларды қоса алғанда, ал қажет болған жағдайда нормативтiк-техникалық құжаттама көрсетiле отырып, концессияға беруге ұсынылатын объектiнiң сипаттамасы мен оның жалпы техникалық және сапалық сипаттамаларын;

      3) концессияға беруге ұсынылатын объектiнiң тұрған орнын;

      4) концессияның үлгi шартын;

      5) нәтижесiнде жеңiп шыққан концессия жобасын анықтауға негiз болатын барлық өлшемдердiң сипаттамасын, оның iшiнде мұндай әрбiр өлшемнiң салыстырмалы мәнiн, концессиялық жобаларды бағалау және салыстыру тәсiлiнiң сипаттамасын;

      6) концессиялық жобаның бағасы көрсетiлуге тиiс валюта немесе валюталар және концессиялық жобаның бағаларын салыстыру және бағалау мақсатында оларды бiрыңғай валютаға сәйкес келтiру үшiн қолданылатын бағамды;

      7) Қазақстан Республикасының тiл туралы  заңнамасына  сәйкес конкурстық өтiнiмдердi, оның iшiнде концессиялық жобалар мен концессия шартын жасасу және табыс ету тiлiне қойылатын талаптарды;

      8) ықтимал концессионердiң конкурстық өтiнiм берудiң түпкiлiктi мерзiмi аяқталғанға дейiн өзiнiң конкурстық өтiнiмiн өзгерту немесе керi қайтарып алу құқығына тиiстi нұсқаманы;

      9) конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң тәсiлiн, орны мен түпкiлiктi мерзiмiн (бiрақ жергiлiктi уақыт бойынша жұмыс күнiнiң он бес сағатынан кеш емес) және олардың қолданылу мерзiмiн;

      10) ықтимал концессионердiң тiкелей конкурстық өтiнiмдер бар конверттердi ашу кезiнде концессиялық жобаның бағасы көрсетiлетiн конкурстық өтiнiмнiң бiр бөлiгiн ұсыну құқығына тиiстi нұсқаманы;

      11) конкурстық құжаттаманың мазмұны бойынша ықтимал концессионерлер түсiндiрме сұрату үшiн көмегiне сүйене алатын тәсiлдердi және конкурсты ұйымдастырушының осы кезеңде ықтимал концессионерлермен ашық нысанда өткiзiлетiн және хаттама жасалатын кездесу өткiзу ниетi туралы хабарламаны;

      12) конкурстық өтiнiмдi енгiзудiң шартын және оның мазмұнын;

      13) конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ашу орнын, күнi мен уақытын (бiрақ конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң түпкiлiктi мерзiмi анықталған кезден бастап екi сағаттан кеш емес);

      14) конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ашу және оларды қарау үшiн пайдаланылатын рәсiмдердi қамтитын конкурстық құжаттаманы табыс етуге мiндеттi.

      2. Конкурсты ұйымдастырушы табыс етiлген конкурстық құжаттама үшiн конкурстық құжаттаманың көшiрмесiн жасауға жұмсалған нақты шығындардан аспайтындай ақы алуға құқылы.

      3. Ықтимал концессионер конкурстық құжаттаманың ережелерiн түсiндiру туралы сауал жiберуге құқылы, бiрақ ол конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң түпкiлiктi мерзiмi аяқталғанға дейiнгi күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрiлмеуге тиiс. Конкурсты ұйымдастырушы сауал тiркелген кезден бастап үш күн мерзiмде оған жауап қайтаруға және сауалдың кiмнен түскенін көрсетпей-ақ, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық ықтимал концессионерлерге осындай түсiндiрменi хабарлауға мiндеттi.

      4. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтiнiмдi табыс етудiң түпкiлiктi мерзiмi аяқталғанға дейiнгi күнтiзбелiк жиырма күннен кешiктiрмей өз бастамасымен немесе ықтимал концессионердiң сауалына жауап ретiнде хаттама ресiмдеу арқылы конкурстық құжаттамаға өзгерiстер енгiзуге құқылы.
      Енгiзiлген өзгерiстердiң мiндеттi күшi болады және конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық ықтимал концессионерлерге осы өзгерiстер туралы дереу хабарланады. Бұл ретте конкурсты ұйымдастырушы ықтимал концессионерлердiң осы өзгерiстердi конкурстық өтiнiмдерде есепке алуы үшiн конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң соңғы мерзiмiн кемiнде күнтiзбелiк отыз күнге ұзартады.

      5. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың ережелерiн түсiндiру үшiн конкурстық құжаттамада көрсетiлген белгiлi бiр орында және тиiстi уақытта ықтимал концессионерлермен кездесу өткiзуге құқылы. Бұл ретте конкурсты ұйымдастырушы онда дереккөздерi көрсетiлмеген конкурстық құжаттаманы түсiндiру туралы сауалдар, сондай-ақ осы сауалдарға жауаптар қамтылатын хаттама жасайды. Хаттама дереу комиссияға және конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық ықтимал концессионерлерге жiберiледi.

      6. Конкурстық құжаттаманы конкурсты ұйымдастырушы бекiтедi.

       18-бап. Ықтимал концессионерге қойылатын бiлiктiлiк
                талаптары

      1. Концессионердi таңдау бойынша конкурсқа қатысу үшiн ықтимал концессионер мынадай бiлiктiлiк талаптарына сай келуге:

      1) концессия шарты бойынша мiндеттемелердi орындау үшiн қажеттi қаржылық және материалдық ресурстары болуға;

      2) төлемге қабiлеттi, таратылмайтын болуға, оның мүлкiне тыйым салынбаған, оның қаржы-шаруашылық қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатып қойылмаған болуға тиiс;

      3) соңғы үш жыл iшiнде жасасылған концессия шарттары бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн заңды күшiне енген сот шешiмi негiзiнде жауапқа тартылмаған болуға тиiс.

      2. Ықтимал концессионер өзiнiң осы баптың 1-тармағында көзделген бiлiктiлiк талаптарына сай келетiндiгiн растау үшiн конкурсты ұйымдастырушыға тиiстi құжаттарды табыс етедi.
      Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде мiндеттi аудит өткiзу белгiленген заңды тұлғалар соңғы қаржы жылындағы аудиторлық есептi де табыс етедi.

      3. Ықтимал концессионер бiлiктiлiк талаптары бойынша сенiмдi емес ақпарат табыс еткен жағдайда, осындай факт анықталған кезден бастап үш жыл iшiнде концессионердi таңдау жөнiндегi конкурсқа қатысуға жiберiлмейдi.
      Табыс етiлетiн ақпараттың толықтығы мен дұрыстығы комиссия әлеуеттi концессионердiң бiлiктiлiк талаптарына сай келетiндiгiн растайтын құжаттарды қараған кезде белгiленедi.

      4. Конкурсты ұйымдастырушының ықтимал концессионерге осы Заңда көзделмеген бiлiктiлiк талаптарын белгiлеуге құқығы жоқ. Ықтимал концессионер өзiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарына қатысы жоқ ақпаратты табыс етпеуге құқылы.

       19-бап. Концессионердi таңдау жөнiнде конкурс өткiзу

      1. Тiзбеге енгiзiлген объектiлер бойынша концессионердi таңдау концессиялық жобалар жөнiнде ашық конкурс өткiзу арқылы жүзеге асырылады.

      2. Республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге асыру жөнiндегi  уәкiлеттi мемлекеттiк орган  республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген концессия объектiлерiне қатысты конкурсты ұйымдастырушы болады.
      Тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органы республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген концессия объектiлерiне қатысты конкурсты ұйымдастырушы болып табылады.
      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) тиiстi жергiлiктi атқарушы органы коммуналдық меншiкке жататын және тiзбеде көзделген концессия объектiлерiне қатысты конкурсты ұйымдастырушы болып табылады.

      3. Конкурс өткiзу туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таратылатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында жариялау мiндеттi болып табылады. Конкурс өткiзу туралы ақпарат концессия объектiлерi туралы, конкурсты ұйымдастырушыға табыс ету үшiн қажеттi құжаттардың тiзбесi туралы мәлiметтердi, конкурс жарияланған объектiнiң сипатына қарай ықтимал қатысушыларға қойылатын талаптарды қамтуға тиiс.

      4. Концессиялық жобаларды қарауды және iрiктеудi Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары құратын  комиссия  жүзеге асырады.

      Комиссияның жұмысшы органы конкурсты тиiстi ұйымдастырушы болып табылады.

      5. Егер белгiленген мерзiмде конкурсты ұйымдастырушыға конкурстық өтiнiмдер келiп түспеген не конкурсқа қатысуға бiр өтiнiм табыс етiлген жағдайда, онда концессияның осы объектiсi бойынша үшiншi және одан кейiнгi конкурстарды қоспағанда, конкурс өтпеген болып есептеледi.

      6. Oбъектiлердi концессияға беру жөнiнде конкурс өткiзудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi  айқындайды .

       20-бап. Концессионердi айқындау және концессия шартын
                жасасу

      1. Комиссия конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi конкурстық құжаттамада көрсетiлген мерзiмде, уақытта және орында ашады.
      Конкурсты ұйымдастырушы тиiстi конкурстық өтiнiмдегi табыс етiлген концессиялық жобаларды бағалау және оларға сараптама жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi  белгiлеген  тәуелсiз сарапшыларды тартады.

      2. Конкурсты ұйымдастырушы конкурсқа қатысушылар табыс еткен барлық конкурстық өтiнiмдердi қарайды.
      Егер конкурс үшiншi рет өткiзiлетiн және конкурсқа қатысуға бiр ғана конкурстық өтiнiм табыс етiлген жағдайда, комиссия осы өтiнiмде табыс етiлген концессиялық жобаны оның iске асырылу мүмкiндiгi тұрғысынан қарайды.

      3. Комиссия концессиялық жобасы Қазақстан Республикасының Yкiметi  белгiлейтiн  жобаларға қойылатын өлшемдер негiзiнде үздiк деп танылған конкурсқа қатысушымен концессиялық жобаны және концессия шартының талаптарын нақтылау жөнiнде келiссөздер жүргiзедi.

      4. Келiссөздердi дайындау шеңберiнде концессиялық жоба және концессия шарты бойынша ескертпелер мен ұсыныстарды комиссия өтiнiм берушiге жазбаша нысанда жiберуге тиiс.
      Келiссөздер жүргiзудiң қорытындылары бойынша оның нәтижелерi туралы комиссияның тиiстi шешiмi қабылданады.
      Келiссөздер барысында конкурстың талаптарына, сондай-ақ концессиялық жобаның бастапқы параметрлерi мен сипаттамасына өзгерiстер енгiзуге жол берiлмейдi.

      5. Егер концессиялық жобасы үздiк деп танылған қатысушы комиссияның ескертпелерi мен ұсыныстарына сәйкес концессиялық жобаны және концессия шартының талаптарын талқылаудан және нақтылаудан бас тартқан, не оның ұсыныстары конкурс талаптары тұрғысынан пайдалануға келмейтiн жағдайда, онда комиссия бұл концессиялық жобаны қарамайды және табыс етiлген конкурстық өтiнiмдердiң арасынан үздiк концессиялық жобаны қайтадан таңдайды.

      6. Концессионердi таңдау жөнiндегi конкурстың қорытындылары бойынша комиссияның шешiмiмен концессиялық жоба бекiтiледi, ал өтiнiм берушi конкурстың жеңiмпазы болып танылады.
      Комиссияның шешiмi хаттама түрiнде ресiмделедi.

      7. Конкурсты ұйымдастырушы комиссияның шешiмi негiзiнде конкурс жеңiмпазымен концессия шартын жасасады.

      8. Концессия шартын жасасу мерзiмi конкурстың қорытындысы шығарылған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен аспауға тиiс.

      9. Мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын мәлiметтердi қоспағанда, концессионердi таңдау жөнiндегi конкурстардың нәтижелерi туралы мәлiметтердi конкурсты ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таратылатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жариялайды.

  4-тарау. КОНЦЕССИЯ ШАРТЫ

       21-бап. Концессия шартының мазмұны

      1. Концессия шарты:

      1) концессия объектiсi туралы мәлiметтердi;

      2) концессионердiң концессия объектiсiне құқықтары және (немесе) белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асыруға құқықтары туралы шарттарды;

      3) концессионердiң көрсетiлетiн қызметтердiң қажеттi саны мен сапасын ұсынуы мақсатында объектiге қажеттi жақсартулар жүргiзудiң шарттары мен көлемiн;

      4) концессионердiң шығындарын өтеу тәртiбiн;

      5) қызметтiң белгiлi бiр түрiн жүзеге асыру мүмкiндiгiнiң шарттары мен тәртiбiн;

      6) инвестициялардың, соның iшiнде негiзгi қорларға салынатын инвестициялардың мөлшерi туралы шартты, концессиялық жобаны әзiрленген бизнес-жоспарға (жұмыс бағдарламасына) сәйкес қаржыландырудың мерзiмдерi мен шарттарын;

      7) қызмет түрлерiн (шарт талаптары бойынша ұсынылатын жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер);

      8) концессия шарты бойынша концессионер ұсынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) сапа стандарттарын;

      9) шарттың қолданылу мерзiмiн;

      10) тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн;

      11) қоршаған ортаны қорғау және жұмыстарды жүргiзу қауiпсiздiгi жөнiндегi талаптарды;

      12) концессия объектiсiн, сондай-ақ концессия шартының орындалуына байланысты берiлген жер учаскелерiн мемлекетке берудiң тәртiбi мен шарттарын;

      13) тараптардың жауапкершiлiгiн;

      14) шартты өзгерту және тоқтату талаптарын;

      15) тараптардың орналасқан жерiн және банктiк деректемелерiн;

      16) концеденттiң концессия шарттарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру тәртiбiн;

      17) осы Заңның 14-бабына сәйкес берiлген жағдайда мемлекеттiк қолдау шарасын қамтуға тиiс.

      2. Концессия шартында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де талаптар көзделуi мүмкiн.

      3. Шартқа тараптардың келiсiмi бойынша өзгерiстер енгiзiлетiн жағдайларды қоспағанда, шарттың талаптары концессия шартының барлық қолданылу мерзiмiнде күшiн сақтайды.

      4. Концессия шартында концеденттiң қоғам мен мемлекет мүддесi үшiн шарт талаптарын бiржақты тәртiппен өзгерту немесе шартты бұзу талабы көзделуi мүмкiн, бұл ретте шарт мұндай талаптардың, оның iшiнде мұндай iс-әрекеттер ұлттық және экологиялық қауiпсiздiктi, денсаулық сақтауды және адамгершiлiктi қамтамасыз ету мақсатында жасалса, толық тiзбесiн қамтуға тиiс.

      5. Концедент осы баптың 4-тармағында аталған құқықты iске асырған жағдайда, концедент концессионерге концессия шарты талаптарының өзгеруiне байланысты қосымша шығындарды өтеуге, сондай-ақ концессия шартының бұзылуына байланысты концессионер шеккен залалдардың орнын толтыруға мiндеттi.

       22-бап. Концессия шартының нысаны

      1. Концессия шарты жазбаша нысанда жасалады.

      2. Концессия шарты Қазақстан Республикасының  заңнамасында  белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркелуге жатады.

       23-бап. Концессия шартының қолданылу мерзiмi

      1. Концессия шарты отыз жылға дейiнгi мерзiмге жасалады.

      2. Концессионер өзiне қабылдаған мiндеттемелердi орындаған жағдайда, концессия шарты тараптардың келiсiмiмен белгiленетiн қосымша кезеңге жаңа шарт жасасу арқылы ұзартылуы мүмкiн.
      Өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған концессионерге конкурссыз негiзде жаңа келiсiм жасасу құқығы берiледi.

      3. Жаңа мерзiмге концессия шартын жасасу кезiнде тараптар келiсiмi бойынша шарт талаптары өзгертiлуi мүмкiн.

       24-бап. Концессия шартын тоқтату

      Концессия шарты мiндеттемелердi тоқтатудың жалпы негiздемелерiмен қатар:

      1) концессия шартының бұзылуына немесе қолданылу мерзiмiнiң өтiп кетуiне;

      2) концессионердiң таратылуына;

      3) тараптардың келiсiмi бойынша мерзiмiнен бұрын бұзылуына байланысты;

      4) Қазақстан Республикасының  азаматтық заңнамасында  немесе концессия шартында көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.

       25-бап. Концеденттiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Концедент:

      1) концессия шартының талаптары туралы концессионермен келiссөздер жүргiзуге;

      2) концессионердiң кiнәсiнен концессия объектiсiнiң жай-күйi нашарлаған жағдайда, концессионерден залалдарды өтеуiн талап етуге;

      3) концессионердiң жедел қызметiне және концессия шартын iске асыру барысына араласпастан, концессионердiң қаржы-шаруашылық қызметiн тәуелсiз аудиторлық ұйымды тарту арқылы тексерудi жүзеге асыруға;

      4) Қазақстан Республикасы заңнамасының, концессия шарты талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға және жол берiлген бұзушылықтарды жоюды талап етуге;

      5) концессионер концессия шартының талаптарын бұзған жағдайда шартты бұзуды талап етуге;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына және концессия шартына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      2. Концедент:

      1) концессия шартында көзделген жағдайларда және мерзiмдерде концессионерге концессия объектiсiне құқықтарды беруге;

      2) концессия шарттарының жобаларын мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсуге;

      3) концессия шартында көзделген және концессионердiң концессия объектiсiне құқығын растайтын құжаттарды уақтылы беруге;

      4) жасалған концессия шарттары туралы тiзiлiм жүргiзудi жүзеге асыратын тиiстi  мемлекеттiк органға  жыл сайын есептiк ақпарат берiп отыруға;

      5) концессия шартында көзделген талаптарды сақтауға;

      6) концессия объектiлерiн үшiншi тұлғалардың құқықтарынан еркiн етiп беруге;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де талаптарды сақтауға мiндеттi.

       26-бап. Концессионердiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Концессионер:

      1) концессия объектiсiне қатысты құқықтарды концессия шартында көзделген жағдайларда жүзеге асыруға;

      2) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы  заңнамасына  сәйкес берiлетiн инвестициялық преференциялардың субъeктici болуға;

      3) концессия шартын орындауға байланысты келтiрiлген шығындардың өтемiн алуға;

      4) концедент концессия шартының талаптарын бұзған жағдайда, концессия шартын бұзуды және мiндеттемелердi бұзудан туындаған залалдарды өтеудi талап етуге;

      5) егер концессия шартына енгiзiлген өзгерiс концессионердiң шығынға ұшырауына әкеп соқтырған жағдайда, шығынның орнын толтыруды талап етуге;

      6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      2. Концессионер:
      1) концессия объектiлерiнiң бейiнiн сақтауға;

      2) шартта көзделген жұмыстарды жүргiзуге (қызметтердi көрсетуге);

      3) концессия объектiсiнiң мүлiктiк кешенiне кiретiн әлеуметтiк сала объектiлерiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қаржыландыруға;

      4) Қазақстан Республикасының  еңбек жұмыспен қамту  және   қоршаған ортаны қорғау  cаласындағы заңнамасын сақтауға;

      5) концессия шарты жасалған мерзiм аяқталғаннан кейiн шарттың талаптарына сәйкес концедентке концессия объектiсiн тиiстi техникалық қалпында және үшiншi тұлғалардың құқықтарынан еркiн етiп беруге;

      6) Қазақстан Республикасының заңдарында және концессия шартында белгiленген өзге де талаптар мен жағдайларды сақтауға мiндеттi.

  5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       27-бап. Дауларды шешу

      1. Мемлекеттiк меншiк объектiлерiн концессияға беруге байланысты даулар Қазақстан Республикасының  заңнамасында  және концессия шартында белгiленген тәртiппен шешiледi.
      Концессия шартын орындауға және тоқтатуға байланысты даулар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және концессия шартында келiсiлген дауларды шешу рәсiмдерiне сәйкес келiссөздер арқылы шешiледi.

      2. Егер шартты орындауға және тоқтатуға байланысты даулар осы баптың 1-тармағына сәйкес шешiлмейтiн болған жағдайда, онда тараптар дауды Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес сот тәртiбiмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық коммерциялық төрелiк туралы  заңнамалық актiсiне  сәйкес халықаралық төрелiкке жүгiну арқылы шешуге құқылы.

       28-бап. Қазақстан Республикасының концессиялар туралы
                заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының концессиялар туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

       29-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн жасалған концессия шарттары осы шарттарда белгiленген мерзiм өткенге дейiн өзiнiң күшiн сақтайды.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi