Концессиялар туралы

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі N 167 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша «экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган», «экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға», «Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган», «экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен» деген сөздер тиісінше «мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган», «мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға», «Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган», «мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша «ықтимал концессионерлердің», «ықтимал концессионерлерге», «ықтимал концессионердiң», «ықтимал концессионерлер», «ықтимал концессионерлермен», «Ықтимал концессионер», «ықтимал концессионер», «Ықтимал концессионерге», «ықтимал концессионерге» деген сөздер тиісінше «әлеуетті концессионерлердің», «әлеуетті концессионерлерге», «әлеуетті концессионердiң», «әлеуетті концессионерлер», «әлеуетті концессионерлермен», «Әлеуетті концессионер», «әлеуетті концессионер», «Әлеуетті концессионерге», «әлеуетті концессионерге» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Осы Заң концессияның құқықтық жағдайларын, концессионерді мемлекеттік қолдау түрлерін айқындайды және концессия шарттарын жасасу, орындау және тоқтату процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi.
      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган – бюджеттi атқару, республикалық бюджеттiң және өз құзыретi шегiнде жергiлiктi бюджеттердiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң есебi негiзiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының атқарылуы бойынша бухгалтерлiк есепке алуды, бюджеттiк есепке алу мен бюджеттiк есептiлiктi жүргiзу саласында басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      2) әлеуметтік инфрақұрылым мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілері – қамтамасыз етілуі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарға жүктелген, қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін пайдаланылатын объектілер, объектілер кешендері;
      3) жекешелік концессиялық міндеттемелер – жасалған концессия шарты бойынша концессионер қабылдаған міндеттемелер;
      4) концедент – Қазақстан Республикасы, оның атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе жергiлiктi атқарушы орган, сондай-ақ олар концессия шартын жасасуға уәкiлеттік берген мемлекеттiк органдар әрекет етеді;
      5) концессионер – концессия шартын жасасқан, оның ішінде өз қызметін бірлескен қызмет (жай серіктестік) туралы шарт негізінде жүзеге асыратын, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға және (немесе) заңды тұлға (мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерін қоспағанда);
      6) концессия – концессия объектілерін құруға (реконструкциялауға) және пайдалануға бағытталған, концессионердiң қаражаты есебiнен немесе концеденттiң қоса қаржыландыруы шарттарымен жүзеге асырылатын қызмет;
      7) концессия бойынша конкурсты ұйымдастырушы (бұдан әрi – конкурсты ұйымдастырушы) – концессионерді таңдау жөніндегі конкурстар өткiзудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      8) концессиялық жоба – концессияны жүзеге асыру бойынша шектеулi уақыт кезеңi iшiнде iске асырылатын және аяқталған сипаты бар iс-шаралар жиынтығы;
      9) концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу – конкурстық құжаттамаларды, концессия шарттарының жобаларын әзiрлеудi, комиссияның конкурсқа қатысушымен келiссөздер жүргiзу процесiнде консультациялық қызметтер көрсетудi қамтитын, тәуелсiз сарапшылар көрсететiн қызметтер;
      10) концессиялық жобаларды қоса қаржыландыру – концессия объектілерін құруға (реконструкциялауға) арналған шығындардың белгілі бір көлемін қаржыландыру үшін бюджет қаражатын бөлу;
      11) концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негiздемесi – маркетингтiк, техникалық-технологиялық, әлеуметтiк-экономикалық және экологиялық зерттеулердiң нәтижелерi, сондай-ақ концессиялық жобаны iске асырудың орындылығы мен мүмкiндiгiн негiздейтiн институционалдық шешiмдер, қаржылық шешiмдер, тәуекелдердi бағалау және оларды концессиялық жобаға қатысушылар арасында бөлу, қажет болған жағдайда мемлекеттiк қолдау түрлерi мен мөлшерiн айқындау жөнiндегi, сондай-ақ жобаны iске асыру кезiнде оның мемлекеттiк бюджетке ықпал етуi жөнiндегi шешiмдер және тұтас экономика мен оның салаларының дамуына әлеуметтiк-экономикалық әсер қамтылатын жоба алдындағы құжаттама;
      12) концессиялық ұсыныс – мемлекеттік орган әзірлейтін, тиісті іс-шаралар жиынтығын қоса алғанда, концессиялық жобаның мақсатын, оған қол жеткізу жолдарын көрсететін тұжырымдамасы;
      13) концессия мәселелерi жөнiндегi мамандандырылған ұйым – концессия мәселелерi бойынша қызметтер көрсету үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi құрған ұйым;
      14) концессия объектiсi – концессия шарты бойынша құрылатын (реконструкцияланатын) және пайдаланылатын, тізбеге енгізілген әлеуметтік инфрақұрылым мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілері;
      15) концессия объектісін құру – Қазақстан Республикасының аумағында бұрын болмаған концессия объектісін құру, оның ішінде жаңа технологиялар, өндірісті механикаландыру және автоматтандыру негізінде құру, концессия объектісінде жаңа өндірістік жабдық орнату, концессия объектісінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін өзге де жұмыс түрлерін жүргізу;
      16) концессия объектісін пайдалану – концессионердің концессия объектісін концессия шартында айқындалған тәртіппен және жағдайларда концессия объектісінің мақсатына сәйкес, оның ішінде тауарлар өндіру және (немесе) жұмыстарды орындау және (немесе) қызметтер көрсету мақсатында пайдалануы;
      17) концессия объектісін реконструкциялау – жаңа технологияларды енгізу, өндірісті механикаландыру және автоматтандыру, техникалық жағынан ескірген және (немесе) физикалық тұрғыдан тозған жабдықты жаңғырту және неғұрлым өнімді жаңа жабдықпен алмастыру негізінде қайта құру, сондай-ақ концессия объектісінің немесе оның жекелеген бөліктерінің технологиялық немесе функционалдық мақсатын өзгерту жөніндегі іс-шараларды жүргізу арқылы ғимараттың жекелеген үй-жайларын, өзге де бөліктерін немесе тұтас ғимаратты өзгерту, концессия объектісінің сипаттамалары мен пайдаланылу қасиеттерін жақсарту жөніндегі өзге де іс-шаралар;
      18) концессия шарты – концедент пен концессионер арасында жасалатын, тараптардың құқықтарын, мiндеттерiн және жауапкершiлiгiн, концессияны iске асыру шарттарын айқындайтын жазбаша келiсiм;
      19) мемлекеттік-жекешелік әріптестік – әлеуметтік инфрақұрылым мен тіршілікті қамтамасыз ету обьектілерін қаржыландыруға, құруға, реконструкциялауға және (немесе) пайдалануға бағытталған мемлекет пен жеке кәсіпкерлік субъектілері арасындағы ынтымақтастық нысаны;
      20) мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган – стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласында басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      21) республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган – экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында (аясында) республикалық меншiк объектiлерiн басқару, меншiктi жекешелендiру және оның мемлекеттiк мониторингi аясында өз құзыретi шегiнде арнайы атқару және бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      22) техникалық ұсыныс – концессионерді таңдау жөніндегі конкурстың бірінші кезеңіне қатысушы ұсынған және маркетингтік, техникалық-технологиялық және экологиялық зерттеулер нәтижелерін, сондай-ақ концессия объектісін құру құнын негіздейтін қаржылық шешімдерді қамтитын техникалық және (немесе) технологиялық жоба алдындағы құжаттама;
      23) тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органы – мемлекеттiк басқарудың тиiстi саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      24) тiзбе – концессияға ұсынылатын объектiлердiң Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн, орта мерзiмдi кезеңге арналған тiзбесi.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2-бап. Қазақстан Республикасының концессиялар туралы
              заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының концессиялар туралы заңнамасы Конституцияға негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      Осы Заңның ережелерi жер қойнауын пайдалану саласындағы концессияға байланысты қатынастарға қолданылмайды. Жер қойнауын пайдалану саласындағы концессияға байланысты қатынастар "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес реттелiп, жүзеге асырылады.
      Жобалық қаржыландыру қолданылатын концессия осы Заңға сәйкес және «Жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген талаптар сақтала отырып реттеледі және жүзеге асырылады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 N 539-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3-бап. Концессияның негiзгi принциптерi

      Концессияға байланысты қызмет мынадай негiзгi принциптерге:
      1) концедент пен концессионер қызметiнiң жариялылығы мен ашықтығына;
      2) концедент пен концессионердiң мүдделерi мен тәуекелдерiнiң теңдестiрiлiмiн қамтамасыз етуге;
      3) концессионер концессия шарты бойынша беретiн тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге;
      4) еркін бәсекелестікке;
      5) барлық әлеуетті концессионерлердің теңдігіне және кемсітушілікке жол бермеуге негізделеді.
      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      4-бап. Концессияның қолданылу аясы

      Тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын объектiлердi қоспағанда, экономиканың барлық салаларындағы (аясындағы) әлеуметтік инфрақұрылым мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілері концессияға берiле алады.
      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5-бап. Концессия шарты бойынша меншiк құқығы

      1. Мемлекеттік меншіктегі жылжымайтын және жылжитын мүлік, концессия объектілері бойынша қызметті жүзеге асыруға байланысты айрықша құқықтар концессия шартында көзделген тәртіппен концессионердің уақытша иеленуіне және пайдалануына беріледі.
      2. Егер концессия шартында өзгеше көзделмесе, концессия обьектілерінде жүргізілген жақсартулар, сондай-ақ аяқталмаған құрылыс обьектілері және концессия шартының талаптарын орындау кезінде пайда болған зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелеріне мүліктік құқықтар мемлекеттік меншікке беріледі.
      3. Егер концессия шартында өзгеше көзделмесе, концессия шартының талаптарын орындау нәтижесінде пайда болған концессия объектілері құрылғаннан кейін мемлекеттік меншікке беріледі.
      4. Егер концессия шартында өзгеше көзделмесе, концессионердiң концессия объектiлерiн пайдалану нәтижесiнде алған өнiмi мен өзге де табыстары оның меншiгi болып табылады.
      5. Концессия объектiлері концессия шарты қолданылған мерзiм ішінде кепiл нысанасы бола алмайды.
      6. Концессия объектiлері концессия шарты қолданылған мерзiм ішінде иелiктен шығарылуға жатпайды.
      7. Егер концессия шартында өзгеше белгіленбесе, концессионер өзiне концессия шарты бойынша иеленуге және пайдалануға берiлген мемлекеттiк мүлiктiң, сондай-ақ концессия шартын орындау нәтижелерi бойынша пайда болатын мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну тәуекелiн көтереді.
      8. Концедент концессиялық жобаны қоса қаржыландырған және (немесе) концедент концессионерге инвестициялық шығындардың өтемақысын төлеген кезде, концессия объектісі мемлекеттік меншікке беріледі.
      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      6-бап. Концессионерге жер учаскелерiне құқықтар беру

      Концессия шартын iске асыру мақсатында концессионерге Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер пайдалану құқықтарының берiлуi мүмкiн.

      7-бап. Концессионер шығындарының орнын толтыру және табыс
              алу көздері

      1. Мыналар:
      1) концессия объектісін пайдалану процесінде өндірілген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда мемлекеттен берілетін субсидиялар;
      3) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес концессионердің инвестициялық шығындарын өтеу;
      4) экономиканың тиісті саласында (аясында) әлеуметтік инфрақұрылым мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін күтіп-ұстауға арналған шығыстар көлемі шегінде концессионердің пайдалану шығындарын өтеу;
      5) мемлекеттік меншіктегі концессия объектісін басқаруды жүзеге асырғаны үшін сыйақы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес концессионердің меншігіндегі концессия объектісін пайдаланғаны үшін жалдау ақысы;
      6) концессия объектісінің қолжетімділігі үшін төлемақы концессионер шығындарының орнын толтыру және табыс алу көздерi болып табылады.
      2. Концессия объектісінің қолжетімділігі үшін төлемақы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады және осы баптың 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген, концессионердің концессия объектісінің техникалық және пайдалану сипаттамаларын қамтамасыз етуі ескеріле отырып, концессиялық жобаны іске асырудың бүкіл мерзімі ішінде төлемдердің жалпы сомасының белгілі бір үлестерімен бірыңғай төлемдер түрінде жүргізілетін, бюджет қаражаты есебінен төленетін төлемдерді қамтиды.
      3. Концессия объектісінің қолжетімділігі үшін төлемақы әлеуметтік маңызды санатқа жатқызылатын концессиялық жобаларға қатысты ғана қолданылуы мүмкін.
      4. Концессионер шығындарының орнын толтыру және табыс алу көздерi концессионерді таңдау жөніндегі конкурс нәтижелерінің негізінде айқындалады.
      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1-1-тарау. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік

      Ескерту. Заң 1-1-тараумен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7-1-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің түрлері

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік институционалдық және келісімшарттық болып бөлінеді.
      2. Институционалдық мемлекеттік-жекешелік әріптестік заңды тұлғалардың қызметі шеңберінде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мемлекеттің және жеке кәсіпкерлік субьектілерінің қатысуымен іске асырылады.
      3. Келісімшарттық мемлекеттік-жекешелік әріптестік концессия, мүліктік жалдау және мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарттары шеңберінде осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен іске асырылады.

      7-2-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қағидаттары

      Мыналар мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қағидаттары болып табылады:
      1) дәйектілік қағидаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қатысушылары арасында шарттық негізде орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді өзара қарым-қатынастар орнату;
      2) конкурстық қағидат – жекешелік әріптесті конкурстық негізде айқындау;
      3) теңгерімділік қағидаты – тәуекелдерді, пайданы, кепілдіктер мен міндеттерді мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қатысушылары арасында өзара тиімді бөлісу;
      4) нәтижелілік қағидаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің нәтижелеріне қол жеткізуді бағалауға мүмкіндік беретін критерийлер мен көрсеткіштерді белгілеу.

2-тарау. КОНЦЕССИЯ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

      8-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлеттiктерi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi концессия саласында:
      1) тізбені бекітеді;
      2) жасалған концессия шарттарының және берiлген мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерiнiң тiзiлiмiн жүргiзу ережелерiн бекiтедi;
      3) концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу ережелерін бекітеді;
      4) концессиялық ұсыныстарды ұсыну, қарау және iрiктеу қағидаларын бекiтедi;
      4-1) экономиканың тиiстi саласында (аясында) әлеуметтік инфрақұрылым мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін күтіп-ұстауға арналған шығыстар көлемi шегiнде концессионердiң пайдалану шығындарын өтеу қағидаларын және концессиялық жобаларды әлеуметтік маңызды санатқа жатқызу критерийлерін бекiтедi;
      5) экономиканың әр түрлi саласында (аясында) концессияның үлгi шарттарын бекiтедi;
      6) республикалық меншiкке жататын объектiлерге қатысты концессиялар жөнiндегi комиссияны (бұдан әрi - комиссия) құрады және ол туралы ереженi бекiтедi;
      7) концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды құрады;
      7-1) концессия шарттарының мониторингін және концессиялық жобалардың іске асырылуына бағалау жүргізу қағидаларын бекітеді;
      7-2) концессия объектісін басқаруды жүзеге асырғаны үшін сыйақы төлеу қағидаларын бекітеді;
      8) Алынып тасталды - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      9) Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 N 539-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      9-бап. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның
              өкілеттіктері

      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган:
      1) мыналарды:
      концессиялық ұсыныстардың сараптамасын;
      концессиялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесінің (бұдан әрі – техникалық-экономикалық негіздеме) экономикалық сараптамасын;
      конкурстық құжаттаманың, оның ішінде оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезіндегі сараптамасын;
      концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу кезінде конкурсқа қатысушылар ұсынған концессиялық өтінімдердің сараптамасын;
      концессия шарттары жобаларының, оның ішінде концессия шарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезіндегі сараптамасын;
      концессионердің мемлекет кепілгерлігін алуға арналған ұсыныстарының сараптамасын;
      концессиялық жобалардың, оның ішінде бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен іске асырылуына бағалауды жүргізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады;
      2) техникалық-экономикалық негiздемелерге сараптамалардың немесе концессиялық ұсыныстарға сараптамалардың нәтижелерiн ескере отырып, тiзбенi қалыптастырады және оны Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзедi;
      3) конкурстық құжаттаманы және концессия шарттарын, оның ішінде оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде келіседі;
      4) алып тасталды - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      5) концессия объектісінің құнын және концессионер қызметін мемлекеттік қолдаудың жиынтық құнын айқындау әдістемесін бекітеді;
      6) техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптарды айқындайды;
      7) концессиялық ұсыныстарды, конкурстық құжаттаманы, оның ішінде оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде, концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу кезінде конкурсқа қатысушылар ұсынған концессиялық өтінімдерді және концессия шарттарының жобаларын, оның ішінде концессия шарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде сараптауға қойылатын талаптарды айқындайды;
      7-1) концессиялық жобаларды ұйымдастыру саласында салааралық үйлестіруді және әдіснамалық басшылықты жүзеге асырады;
      7-2) республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша концессия шарттарының тізіліміне деректерді енгізу үшін концессиялық жобалардың іске асырылуын бағалау нәтижелерін республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге асыру жөнiндегi уәкілетті мемлекеттiк органға жібереді;
      8) осы Заңда, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       10-бап. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті
                мемлекеттік органның өкілеттіліктері

      Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
      1) тізбені келіседі;
      2) республикалық меншікке жататын объектілерге қатысты конкурстық құжаттаманы және концессия шартының жобасын, оның ішінде оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде келіседі;
      3) концессия шарттары бойынша мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің шарттарын жасасады, сондай-ақ концессия шарттары бойынша берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізілімін жүргізеді;
      4) жасалған концессия шарттары бойынша мемлекеттік концессиялық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етеді;
      5) мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді тіркейді;
      6) Алынып тасталды - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      7) мемлекеттік меншікте тұрған концессия объектілерін концессионерге иеленуге және пайдалануға берудің тәртібін айқындайды;
      7-1) мемлекеттік концессиялық міндеттемелердің қаржылық шектерін және оларды қабылдаудың басымдықтарын белгілейді;
      8) осы Заңда, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      11-бап. Уәкілетті мемлекеттік органның республикалық
               меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру
               жөніндегі өкілеттіктері

      Республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
      1) республикалық меншікке жататын және осы Заңның 16-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген объектілер бойынша тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары табыс ететін концессиялық ұсыныстарды олар ұсынылған кезден бастап отыз жұмыс күні ішінде тізбеге енгізу үшін келіседі;
      2) республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша жасалған концессия шарттарының тізілімін жүргізеді;
      3) өз құзыреті шегінде республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша концессия шарттарының мониторингін жүзеге асырады және мониторинг нәтижелерін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді;
      4) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген жағдайда концессиялық жобаларды келіседі;
      5) концессия шарттары негізінде құрылған объектілерді республикалық меншікке қабылдайды;
      6) концессия объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау тәртібін айқындайды;
      7) осы Заңда, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      12-бап. Тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органының
               өкiлеттiктерi

      Тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органы:
      1) осы Заңның 15-1-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың жеке бастама тәртiбiмен енгiзген ұсыныстарын ескере отырып, республикалық меншiкке жататын объектілер бойынша концессиялық ұсыныстарды қалыптастырады;
      2) республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген концессия объектiлерiне қатысты конкурстың ұйымдастырушысы болады;
      3) Комиссияның шешiмi негiзiнде республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген концессия объектiлерi бойынша концессия шартын жасасады;
      4) республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген концессия объектiлерi бойынша концессия шарттарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады және бақылау нәтижелерін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді;
      5) республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға жасалған концессия шарттары бойынша ақпарат бередi;
      6) концессия шарттары негізінде құрылған объектілерді республикалық меншікке беруді ұйымдастырады;
      7) республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша бұрын жасалған концессия шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, концессионерді таңдау жөніндегі ашық конкурсты өткізу жолымен жаңа концессионерлерді тартуды ұйымдастырады;
      8) қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес қаржыландыру жүзеге асырылатын концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу үшін тәуелсіз сарапшыларды тартады;
      9) осы заңда, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      13-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
               астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының
               өкiлеттiктерi

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары өз құзыретi шегiнде:
      1) осы Заңның 15-1-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың жеке бастама тәртiбiмен енгiзген ұсыныстарын ескере отырып, тiзбеге енгiзу үшiн коммуналдық меншiкке жататын объектілер бойынша концессиялық ұсыныстарды қалыптастырады;
      2) концессия шартын жасасу кезінде тиісті өңірдегі халықтың әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мүдделерінің сақталуына байланысты мәселелерді шешу үшін конкурсты ұйымдастырушыға республикалық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты ұсыныстар енгізеді;
      3) коммуналдық меншiкке жататын концессия объектiлерi бойынша жасалған концессия шарттарының тiзiлiмiн жүргiзедi;
      4) коммуналдық меншiкке жататын концессия объектілеріне қатысты комиссияны құрады және ол туралы ереженi бекiтедi;
      5) коммуналдық меншiкке жататын және тiзбеде көзделген концессия объектiлерiне қатысты конкурстың ұйымдастырушысы болады;
      6) комиссияның шешiмi негiзiнде коммуналдық меншiкке жататын және тiзбеде көзделген концессия объектiлерi бойынша концессия шартын жасасады;
      7) коммуналдық меншiкке жататын концессия объектiлерi бойынша концессия шарттарының мониторингін, олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады және мониторинг пен бақылау нәтижелерін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді;
      8) концессия шарттары негізінде құрылған объектілерді коммуналдық меншікке қабылдайды;
      9) коммуналдық меншікке жататын концессия объектілері бойынша бұрын жасалған концессия шартының қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, концессионерді таңдау жөніндегі ашық конкурсты өткізу жолымен жаңа концессионерлерді тартуды ұйымдастырады;
      10) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесіне орай Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      14-бап. Концессионерлердiң қызметiн мемлекеттiк қолдау

      1. Концессионерлердiң қызметiн қолдау мақсатында мемлекеттiк қолдаудың мынадай бір немесе бірнеше түрлерi ұсынылады:
      1) концессия шарттары шеңберiнде инфрақұрылымдық облигациялар бойынша мемлекет кепiлгерлiктерi;
      2) концессиялық жобаларды қаржыландыру үшiн тартылатын қарыздар бойынша мемлекеттiк кепiлдiктер;
      3) концессионерге мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік объектiлерiне ерекше құқықтардың берiлуi;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заттай гранттар беру;
      5) концессиялық жобаларды қоса қаржыландыру;
      6) егер концессионер өндіретін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) негізгі тұтынушысы мемлекет болса, мемлекеттің тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) белгілі бір көлемін тұтыну кепілдігі;
      7) алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 131-V  Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      2. Мемлекеттік меншікке берілуге жатпайтын концессия объектісі құрылған кезде, концессионерге осы баптың 1-тармағының 1)2) және  5) тармақшаларында көзделген мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылмайды.
      2-1. Осы баптың 1-тармағының 6) тармақшасымен реттелген құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайды.
      3. 7-баптың 1-тармағының 3) тармақшасында және осы баптың 1-тармағының 1)2)3)4) және 5) тармақшаларында көзделген мемлекеттік концессиялық міндеттемелердің жиынтық құны концессия шартының шеңберінде концессия объектісін концессионердің қаражаты есебінен құру (реконструкциялау) құнынан аспауға тиіс. Концессия шарты шеңберінде концессионерге концессия объектісін құру үшін берілетін жер учаскелерінің не реконструкцияланатын концессия объектісі орналасқан жер учаскелерінің құны мемлекеттік концессиялық міндеттемелердің жиынтық құнының есебіне қосылмайды.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. ОБЪЕКТIЛЕРДI КОНЦЕССИЯҒА БЕРУ

      15-бап. Объектілерді концессияға беру тәртібі

      1. Объектілерді концессияға беру төрт кезеңде жүзеге асырылады:
      концессиялық ұсыныстарды іріктеу;
      тізбені қалыптастыру;
      концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу;
      концессионерді анықтау және концессия шартын жасасу.
      2. Концессионерге мемлекет кепілгерліктерін берудің міндетті шарты Қазақстан Республикасының қор биржасында инфрақұрылымдық облигацияларды орналастыру болып табылады.
      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      15-1-бап. Концессиялық ұсыныстарды дайындау

      1. Концессиялық ұсыныстарды тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын әзірлеу сатысында жеке немесе заңды тұлғалардың жеке бастамасы тәртiбiмен енгiзген ұсыныстарын ескере отырып қалыптастырады және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
      2. Концессиялық ұсыныстар:
      1) саланың одан әрі дамуына ықпал ететін ағымдағы жай-күйінің проблемаларын;
      2) концессиялық жоба мақсаттарының салада орын алған проблемаларды шешуге сәйкестігін;
      3) концессионердің және концессионер ұсынатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылардың мүдделері теңдестірілімдігін қамтамасыз ету принципін негізге ала отырып, концессиялық жобаны іске асырудың балама нұсқаларын;
      4) концессиялық жобаны іске асырған және мұндай іске асыру болмаған жағдайда саладағы ахуалды;
      5) концессиялық жобаны іске асырудан түскен пайданы бөлуді;
      6) концессиялық жобаны іске асырудың экономиканың сабақтас саласына (аясына) болжамды мультипликативті әсерін бағалауды қамтитын салалық сараптамаға жатады.
      3. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы республикалық меншікке жататын және осы Заңның 16-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген концессия объектілері бойынша концессиялық ұсыныстарды республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісуге тиіс.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тармақ 2010.05.03 бастап қолданысқа енгізіледі (ҚР 2010.04.02 № 263-IV Заңының 2-б. қараңыз)
      4. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары және жергілікті атқарушы органдар концессиялық ұсыныстардың негізділігі үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
      5. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган концессиялық ұсыныстарға сараптама жүргiзу үшiн концессия мәселелерi жөнiндегi мамандандырылған ұйымды тартады.
      5-1. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган осы баптың 5-тармағында көрсетілген сараптаманың қорытындысын, егер жоба республикалық болса, тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органына, сондай-ақ, егер жоба жергілікті болса, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына жібереді.
      5-2. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган осы баптың 5-тармағында көрсетілген сараптаманың оң қорытындысы негізінде концессиялық жобаларды әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ олардың техникалық-экономикалық негіздемелеріне қажетті сараптамалар жүргізуге арналған концессиялық ұсыныстар бойынша қорытындыларды қалыптастырады және Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      5-3. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергілікті уәкiлеттi орган осы баптың 5-тармағында көрсетілген сараптаманың оң қорытындысы негізінде концессиялық жобаларды әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ олардың техникалық-экономикалық негіздемелеріне қажетті сараптамалар жүргізуге арналған концессиялық ұсыныстар бойынша қорытындыларды қалыптастырады және тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      6. Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді немесе түзетуді, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізуді қаржыландыруға қаражат бөлу тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. Заң 15-1-баппен толықтырылды - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      15-2-бап. Техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу
                 немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті
                 сараптамалар жүргізу

      1. Бюджет комиссиялары мақұлдаған концессиялық ұсыныстардағы концессиялық жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу немесе түзету жүзеге асырылады.
      2. Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
      2-1. Бюджеттік комиссиялар мақұлдаған, концессиялық ұсыныстарда қамтылған, олар бойынша концессиялық ұсыныстарды қалыптастыратын тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары және жергілікті атқарушы органдар екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, концессионерді таңдау жөніндегі конкурстар өткізу туралы шешімдер қабылдаған концессиялық жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу және сараптау осы Заңның 20-1-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      3. Техникалық-экономикалық негіздеме пайда мен шығындарды экономикалық талдау негізінде жүргізілетін концессиялық жобаның жүзеге асырылуын және тиімділігін зерделеу нәтижелерін қамтиды.
      Концессиялық жобаның техникалық шешімдердің өзгеруіне және қосымша шығыстарға әкеп соғатын, белгіленген техникалық-экономикалық параметрлері өзгертілген жағдайда, тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы және жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті сараптамаларды кейіннен жүргізе отырып, техникалық-экономикалық негіздемеге түзету жасайды.
      4. Әзірленген немесе түзетілген техникалық-экономикалық негіздемесіне қажетті сараптамалар жүргізілгеннен кейін тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы оны экономикалық сараптама жүргізу үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
      5. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірленген немесе түзетілген техникалық-экономикалық негіздемеге экономикалық сараптама жүргізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады, ол осы Заңда айқындалған мемлекеттік қолдау түрлерін ұсынады.
      6. Концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйым концессиялық жобаны іске асыру жөніндегі ұсынылатын шешімдердің экономикалық сараптамасының сапасы үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      7. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган осы баптың 5-тармағында көрсетілген экономикалық сараптаманың қорытындысын, егер жоба республикалық болса, тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органына, сондай-ақ, егер жоба жергілікті болса, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына жібереді.
      8. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган осы баптың 5-тармағында көрсетілген, осы жобаны бюджеттен қоса қаржыландыру мүмкіндігі туралы ұсынымды қамтитын экономикалық сараптаманың оң қорытындысы негізінде концессиялық жобалар бойынша қорытындыларды қалыптастырады және Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      9. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергілікті уәкiлеттi орган осы баптың 5-тармағында көрсетілген, осы жобаны бюджеттен қоса қаржыландыру мүмкіндігі туралы ұсынымды қамтитын экономикалық сараптаманың оң қорытындысы негізінде концессиялық жобалар бойынша қорытындыларды қалыптастырады және тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      10. Техникалық-экономикалық негіздеме бекітілгеннен кейін үш жыл ішінде концессиялық шарт жасалмаса, оның сараптамалары қорытындыларының күші жойылды деп есептеледі.
      Ескерту. Заң 15-2-баппен толықтырылды - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      16-бап. Тізбені қалыптастыру

      1. Тізбені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Тізбе Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік тілде және орыс тілінде жариялануға тиіс.
      2. Тiзбе мынадай екi бөлiмнен тұрады:
      1) реконструкциялануы және пайдаланылуы концессия шарты негiзiнде жүзеге асырылатын жұмыс істеп тұрған мемлекеттік меншiк объектiлерi;
      2) құрылуы және пайдаланылуы концессия шарттары негiзiнде жүзеге асырылатын объектiлер.
      3. Тiзбенi мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган концессиялық ұсыныстардың негізінде және Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына, республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттiң инвестициялық мүмкiндiктерiне сәйкес жылжымалы негiзде жыл сайын үш жыл мерзiмге қалыптастырады.
      4. Тiзбеге енгiзiлмеген объектiлер бойынша тиiстi хабарламалар тиiстi ұсыныстарды табыс еткен мемлекеттiк органдарға олардың қабылданбауының дәлелдi негiздемесiмен бiрге жiберiледi.
      5. Концессияға берiлмеген концессия объектiлерi келесi орта мерзiмдi кезеңге арналып қалыптастырылатын тиiстi тiзбеге енгiзіледi.
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      17-бап. Конкурстық құжаттаманың мазмұны

      1. Конкурсты ұйымдастырушы барлық әлеуетті концессионерлерге мынадай ақпаратты:
      1) әлеуетті концессионерлерге қойылатын бiлiктiлiк талаптарына олардың сәйкестiгiн растау үшiн табыс етiлуге тиiс құжаттарға қойылатын талаптарды;
      2) осы Заңның 15-2-бабының 2-1-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, концессияға беруге ұсынылатын объектiнiң техникалық-экономикалық негiздемесін, бар ауыртпалықтар мен шектеулерді, техникалық ерекшеліктерді, жоспарларды, сызбалар мен нобайларды қоса алғанда, ал қажет болған жағдайда нормативтiк-техникалық құжаттаманы көрсете отырып, оның сипатталуы мен жалпы техникалық және сапалық сипаттамаларын;
      3) концессияға беруге ұсынылатын объектiнiң тұрған орнын;
      3-1) осы концессиялық жоба үшiн мемлекеттiк қолдаудың ықтимал түрлерi мен көлемдерiн;
      4) үлгілік шарт негізінде әзірленген концессия шартының жобасын;
      5) нәтижесінде жеңіп шыққан концессия өтінімін анықтауға негіз болатын барлық критерийлердің, оның ішінде жергілікті қамту жөніндегі міндеттемелердің сипаттамасын, оның iшiнде мұндай әрбір критерийдің салыстырмалы мәнін, концессиялық өтінімдерді бағалау және салыстыру тәсiлiнiң сипаттамасын;
      6) концессия объектісінің құны көрсетiлуге тиiс валюта немесе валюталар және концессия объектісінің құндарын салыстыру және бағалау мақсатында оларды бiрыңғай валютаға сәйкес келтiру үшiн қолданылатын бағамды;
      7) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасына сәйкес концессиялық өтінімдерді жасасу және табыс ету тiлiне қойылатын талаптарды;
      8) әлеуетті концессионердiң конкурстық өтiнiм берудiң түпкiлiктi мерзiмi аяқталғанға дейiн өзiнiң конкурстық өтiнiмiн өзгерту немесе керi қайтарып алу құқығына тиiстi нұсқаманы;
      9) конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң тәсiлiн, орны мен түпкiлiктi мерзiмiн (бiрақ жергiлiктi уақыт бойынша жұмыс күнiнiң он бес сағатынан кеш емес) және олардың қолданылу мерзiмiн;
      10) әлеуетті концессионердiң тiкелей конкурстық өтiнiмдер бар конверттердi ашу кезiнде концессия объектісінің құны көрсетiлетiн конкурстық өтiнiмнiң бiр бөлiгiн ұсыну құқығына тиiстi нұсқаманы;
      11) конкурстық құжаттаманың мазмұны бойынша әлеуетті концессионерлер түсiндiрме сұрату үшiн көмегiне сүйене алатын тәсiлдердi және конкурсты ұйымдастырушының осы кезеңде әлеуетті концессионерлермен ашық нысанда өткiзiлетiн және хаттама жасалатын кездесу өткiзу ниетi туралы хабарламаны;
      12) конкурстық өтiнiмдi енгiзудiң шарттарын және оның мазмұнын, оның ішінде конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізудің шарттарын;
      13) конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ашу орнын, күнi мен уақытын (бiрақ конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң түпкiлiктi мерзiмi анықталған кезден бастап екi сағаттан кеш емес);
      14) конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ашу және оларды қарау үшiн пайдаланылатын рәсiмдердi;
      15) осы Заңның 15-2-бабының 2-1-тармағында көрсетілген жағдайларда концессиялық жобаны іске асыру жөніндегі техникалық шешімдерді сипаттайтын құжаттарға қойылатын талаптарды қамтитын, осы Заңның 9-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайларда мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен және осы Заңның 10-бабының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісілген конкурстық құжаттаманы ұсынуға міндетті.
      2. Конкурсты ұйымдастырушы табыс етiлген конкурстық құжаттама үшiн конкурстық құжаттаманың көшiрмесiн жасауға жұмсалған нақты шығындардан аспайтындай ақы алуға құқылы.
      3. Әлеуетті концессионер конкурстық құжаттаманың ережелерiн түсiндiру туралы сауал жiберуге құқылы, бiрақ ол конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң түпкiлiктi мерзiмi аяқталғанға дейiнгi күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрiлмеуге тиiс. Конкурсты ұйымдастырушы сауал тiркелген кезден бастап үш күн мерзiмде оған жауап қайтаруға және сауалдың кiмнен түскенін көрсетпей-ақ, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық әлеуетті концессионерлерге осындай түсiндiрменi хабарлауға мiндеттi.
      Қайта конкурс өткізу кезінде әлеуетті концессионер конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сауал жіберуге құқылы, бірақ ол конкурстық өтінімдерді табыс етудің түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмеуге тиіс.
      4. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтiнiмдердi ұсынудың соңғы мерзiмi өткенге дейiн күнтiзбелiк жиырма күннен кешiктiрілмейтін мерзімде, ал конкурсты қайта өткізу кезінде – күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде өз бастамасымен немесе әлеуетті концессионердiң сауалына жауап ретiнде хаттама ресiмдеу арқылы конкурстық құжаттамаға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзуге құқылы. Енгiзiлген өзгерiстердiң және (немесе) толықтырулардың мiндеттi күшi болады.
      Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамаға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей, енгізілген өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың мәтінін конкурстық құжаттама ұсынылған барлық әлеуетті концессионерлерге өтеусіз түрде береді. Бұл ретте конкурсты ұйымдастырушы әлеуетті концессионерлердiң осы өзгерiстердi және (немесе) толықтыруларды конкурстық өтiнiмдерде ескеруі үшiн конкурстық өтiнiмдердi ұсынудың соңғы мерзiмiн кемiнде күнтiзбелiк отыз күн мерзімге, ал конкурсты қайта өткізу кезінде кемінде күнтізбелік он бес күн мерзімге ұзартады.
      5. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың ережелерiн түсiндiру үшiн конкурстық құжаттамада көрсетiлген белгiлi бiр орында және тиiстi уақытта әлеуетті концессионерлермен кездесу өткiзуге құқылы. Бұл ретте конкурсты ұйымдастырушы онда дереккөздерi көрсетiлмеген конкурстық құжаттаманы түсiндiру туралы сауалдар, сондай-ақ осы сауалдарға жауаптар қамтылатын хаттама жасайды. Хаттама дереу комиссияға және конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық әлеуетті концессионерлерге жiберiледi.
      6. Конкурстық құжаттаманы конкурсты ұйымдастырушы бекiтедi.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.09 № 535-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      18-бап. Әлеуетті концессионерге қойылатын бiлiктiлiк
               талаптары

      1. Концессионердi таңдау бойынша конкурсқа қатысу үшiн әлеуетті концессионер мынадай бiлiктiлiк талаптарына сай келуге:
      1) концессия шарты бойынша мiндеттемелердi орындау үшiн қажеттi қаржылық және материалдық ресурстары болуға;
      2) төлемге қабiлеттi, таратылмайтын болуға, оның мүлкiне тыйым салынбаған, оның қаржы-шаруашылық қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатып қойылмаған болуға тиiс;
      3) соңғы үш жыл iшiнде жасасылған концессия шарттары бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн заңды күшiне енген сот шешiмi негiзiнде жауапқа тартылмаған болуға;
      4) iске асыруға ұсынылатын концессия объектiсiнiң құнына қатысты кемiнде он пайызды құрайтын меншікті капиталының болуы немесе iске асыруға ұсынылатын концессия объектiсiнiң құнына қатысты кемiнде он пайызды құрайтын сомаға банк кепілдігін ұсынуға;
      5) өткен екі толық қаржы жылындағы аудиторлық есеппен расталған қаржылық есептілігі болуға тиіс.
      6) Алынып тасталды - ҚР 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
      1-1. Егер әлеуетті концессионер концессиялық жобаны iске асыру мақсатында жеке және (немесе) заңды тұлғалар құрған жаңа заңды тұлға болып табылса, онда:
      1) әлеуетті концессионер осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиiс;
      2) жаңа заңды тұлғаның құрылтайшылары ретінде әрекет ететін заңды тұлғалар осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 5) тармақшаларының талаптарына сәйкес келуге тиiс;
      3) жаңа заңды тұлға құрған жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жиынтық өз капиталы осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасының талаптарына сәйкес келуге тиiс.
      2. Әлеуетті концессионер өзiнiң осы баптың 1-тармағында көзделген бiлiктiлiк талаптарына сай келетiндiгiн растау үшiн конкурсты ұйымдастырушыға тиiстi құжаттарды табыс етедi.
      Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде мiндеттi аудит өткiзу белгiленген заңды тұлғалар соңғы қаржы жылындағы аудиторлық есептi де табыс етедi.
      Егер концессионердің мемлекеттік кепілдікті және (немесе) мемлекет кепілгерлігін алуы көзделетін болса, концессия жобасын іске асыру мақсатында бірнеше жеке немесе заңды тұлғалар құрған жаңа заңды тұлға әлеуетті концессионер болып табылатын жағдайларды қоспағанда, әлеуетті концессионердің аудиторлық есеппен расталған қаржылық есептілікке сәйкес соңғы аяқталған қаржы жылында немесе соңғы аяқталған үш қаржы жылының кез келген екеуінде таза кірісі болуға тиіс.
      3. Әлеуетті концессионер бiлiктiлiк талаптары жөнінде анық емес ақпарат ұсынған жағдайда, ол осындай факт анықталған кезден бастап үш жыл бойы концессионердi таңдау жөніндегі конкурсқа қатысуға жiберiлмейдi.
      Әлеуетті концессионер ұсынатын біліктілік талаптары жөніндегі ақпараттың анықтығын комиссия, конкурсты ұйымдастырушы, уәкілетті мемлекеттік органдар концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізудің кез келген сатысында анықтай алады.
      3-1. Әлеуетті концессионердің біліктілік талаптары жөнінде анық емес ақпарат ұсынуы фактісін анықтаған комиссия, конкурсты ұйымдастырушы, уәкілетті мемлекеттік органдар осындай факт анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, хабарламаға осы фактіні растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса тіркеп, бұл туралы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органды жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
      3-2. Концессионерді таңдау жөніндегі конкурсқа жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жай серіктестік нысанындағы бірлестіктері қатысқан жағдайда, көрсетілген тұлғалардың әрқайсысы жай серіктестіктің барлық қатысушыларының қаржылық және материалдық ресурстарының жиынтығы бойынша осы баптың 1-тармағының 2)3) және  5) тармақшаларында көзделген біліктілік талаптарына сай келуге тиіс.
      4. Конкурсты ұйымдастырушының әлеуетті концессионерге осы Заңда көзделмеген бiлiктiлiк талаптарын белгiлеуге құқығы жоқ. Әлеуетті концессионер өзiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарына қатысы жоқ ақпаратты табыс етпеуге құқылы.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      18-1-бап. Конкурстық өтінімдерді қамтамасыз ету

      1. Әлеуетті концессионер:
      1) өзінің конкурстық өтінімін осындай конкурстық өтінімдер ұсынудың соңғы мерзiмi өткеннен кейін кері қайтарып алмайтынына не оны өзгертпейтініне және (немесе) толықтырмайтынына;
      2) өзін конкурсқа қатысушы деп таныған жағдайда өзінің концессиялық ұсынысын конкурстық құжаттамада белгіленген мерзімде ұсынатынына, ал кейіннен оны кері қайтарып алмайтынына;
      3) өзін конкурстың жеңімпазы деп анықтаған жағдайда концессия шартын жасасатынына кепілдік ретінде конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізеді.
      2. Конкурсқа қатысуға конкурстық өтінімді қамтамасыз ету іске асыруға ұсынылып отырған концессия объектісі құнының оннан бір пайызы мөлшерінде енгізіледі.
      3. Әлеуетті концессионер екі кезеңдік рәсімдер пайдаланылатын концессионерді таңдау жөніндегі конкурстың бірінші кезеңіне қатысып отырған болса, ол конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.
      4. Әлеуетті концессионер конкурстық өтінімді қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің бірін:
      1) мемлекеттік органдар болып табылатын конкурсты ұйымдастырушылар үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген шотқа енгізілетін кепілдік ақша жарнасын;
      2) банк кепілдігін таңдауға құқылы.
      Әлеуетті концессионердің конкурстық өтінімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін оның енгізілген кепілдік ақша жарнасына толықтай не оның бір бөлігіне үшінші тұлғаларда талап ету құқығының туындауына әкеп соғатын іс-әрекеттер жасауына жол берілмейді.
      Осы баптың 6 және 7-тармақтарында көрсетілген іс-әрекеттерді қоспағанда, әлеуетті концессионер енгізген кепілдік ақша жарнасын конкурсты ұйымдастырушының пайдалануына жол берілмейді.
      5. Конкурсты ұйымдастырушы мынадай:
      1) әлеуетті концессионер конкурстық өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткеннен кейін конкурстық өтінімді кері қайтарып алған не өзгерткен және (немесе) толықтырған;
      2) конкурстың жеңімпазы болып анықталған әлеуетті концессионер концессия шартын жасасудан жалтарған жағдайлардың бірі басталған кезде конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді қайтармайды.
      6. Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайлардың бірі басталған кезде конкурстық өтінімді қамтамасыз ету сомасы тиісті бюджеттің кірісіне есепке жазылады.
      7. Конкурсты ұйымдастырушы әлеуетті концессионер енгізген конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді мынадай:
      1) осы әлеуетті концессионер конкурстық өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін өзінің конкурстық өтінімін кері қайтарып алған;
      2) конкурсқа қатысуға жіберу туралы хаттамаға қол қойылған жағдайлардың бірі басталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оған қайтарады. Көрсетілген жағдай конкурсқа қатысушы болып танылған әлеуетті концессионерлерге қолданылмайды;
      3) концессионерді таңдау жөніндегі конкурстың қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған жағдайлардың бірі басталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оған қайтарады. Көрсетілген жағдай конкурстың жеңімпазы болып анықталған конкурсқа қатысушыға қолданылмайды;
      4) концессия шарты күшіне енген;
      5) әлеуетті концессионердің конкурстық өтінімі қолданысының мерзімі өтіп кеткен жағдайлардың бірі басталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қайтарады.
      Ескерту. 3-тарау 18-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      18-2-бап. Концессионерді таңдау жөніндегі конкурсқа
                қатысуға байланысты шектеулер

      1. Әлеуетті концессионер, егер:
      1) осы әлеуетті концессионер басшыларының және (немесе) осы әлеуетті концессионердің уәкілетті өкілінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары концессионерді таңдау туралы шешім қабылдау құқығына ие болса не конкурсты ұйымдастырушының өкілі болып табылса;
      2) әлеуетті концессионер және (немесе) оның қызметкері конкурсты ұйымдастырушыға өткізілетін конкурстарды дайындау бойынша сарапшылық, консультациялық және (немесе) өзге де қызметтер көрсетсе, оның ішінде конкурстың нысанасы болып табылатын объектіні құруға арналған техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманы әзірлеуге бас жобалаушы не қосалқы жобалаушы ретінде қатысса;
      3) әлеуетті концессионердің баланстық құны тиісті негізгі құралдар құнының он пайызынан асатын мүлкіне тыйым салынса;
      4) әлеуетті концессионердің атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері болса және атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган оны борышкерлердің тиісті тізіліміне енгізсе;
      5) әлеуетті концессионердің қаржы-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына не Қазақстан Республикасының резиденті емес әлеуетті концессионер мемлекетінің заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрса, өткізілетін конкурсқа қатысуға құқылы емес.
      2. Әлеуетті концессионердің және әлеуетті концессионердің үлестес тұлғасының бір конкурсқа қатысуға құқығы жоқ.
      Ескерту. 3-тарау 18-2-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      19-бап. Концессионердi таңдау жөнiнде конкурс өткiзу

      1. Тiзбеге енгiзiлген объектiлер бойынша концессионердi таңдау концессиялық жобалар жөнiнде ашық конкурс өткiзу арқылы жүзеге асырылады.
      2. Тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органы республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген концессия объектiлерiне қатысты конкурсты ұйымдастырушы болып табылады.
      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) тиiстi жергiлiктi атқарушы органы коммуналдық меншiкке жататын және тiзбеде көзделген концессия объектiлерiне қатысты конкурсты ұйымдастырушы болып табылады.
      3. Конкурсты ұйымдастырушы конкурс өткiзу туралы ақпаратты конкурс өткiзілетін күнге дейiн кемінде күнтiзбелiк алпыс күн бұрын, ал конкурсты қайта өткiзу кезiнде – кемінде күнтiзбелiк отыз күн бұрын Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына таратылатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тiлдерінде мiндеттi түрде жариялайды. Конкурс өткiзу туралы ақпарат концессия объектiлерi, конкурсты ұйымдастырушыға ұсыну үшiн қажеттi құжаттардың тiзбесi туралы мәлiметтердi, конкурс жарияланған объектiнiң сипатына қарай әлеуетті қатысушыларға қойылатын талаптарды; конкурсты өткiзу орны, уақыты мен күнi туралы мәлiметтi қамтуға тиiс.
      4. Концессиялық өтінімдерді қарауды және iрiктеудi Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары құратын комиссия жүзеге асырады.
      Комиссияның жұмысшы органы конкурсты тиiстi ұйымдастырушы болып табылады.
      5. Егер белгiленген мерзiмде конкурсты ұйымдастырушыға конкурстық өтiнiмдер келiп түспеген не конкурсқа қатысуға бiр өтiнiм табыс етiлген жағдайда, онда концессияның осы объектiсi бойынша үшiншi және одан кейiнгi конкурстарды қоспағанда, конкурс өтпеген болып есептеледi.
      6. Концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткiзудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      20-бап. Концессионердi айқындау және концессия шартын
               жасасу

      1. Комиссия конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi конкурстық құжаттамада көрсетiлген мерзiмде, уақытта және орында ашады.
      Конкурсты ұйымдастырушы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға тиiстi конкурстық өтiнiмдердегі концессиялық өтiнiмдердi оларға сараптама жүргiзу үшiн жібереді.
      Конкурсты ұйымдастырушы қажет болған жағдайда конкурстық құжаттаманы, концессия шартының жобасын әзірлеу, тиісті конкурстық өтінімдегі ұсынылған концессиялық өтінімдерді тәуелсіз бағалау, сондай-ақ әлеуетті концессионерлермен келіссөздерге қатысу үшін тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқылы.
      Конкурсты ұйымдастырушы тәуелсіз сарапшыларды тарту үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға концессиялық жобаны консультациялық сүйемелдеу жөніндегі қызметтерді қаржыландыруға арналған өтінімді жібереді.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған қорытындыны тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бюджет комиссиялары мақұлдаған әрбір концессиялық жобаны консультациялық сүйемелдеу жөніндегі қызметтерді қаржыландыру көлемі бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарламасының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу жөніндегі қызметтердің тізбесін қалыптастырады.
      Концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      2. Комиссия конкурсқа қатысушылар ұсынған барлық конкурстық өтінімдерді олардың конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келуін, концессиялық өтінім және әлеуетті концессионерлердің біліктілік талаптарына сай келуін бағалау жөніндегі қорытындыларды ескере отырып, қарайды.
      Егер конкурс үшiншi рет өткiзiліп отырса және конкурсқа қатысуға тек бір конкурстық өтiнiм ұсынылса, комиссия осы конкурстық өтiнiмді оның iске асырылуы мүмкiн екендігі тұрғысынан қарайды.
      3. Комиссия концессиялық өтінімі Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн жобаларға қойылатын критерийлер негiзiнде үздiк деп танылған конкурсқа қатысушымен концессиялық жобаны және концессия шартының талаптарын нақтылау жөнiнде келiссөздер жүргiзедi.
      4. Келiссөздердi дайындау шеңберiнде концессиялық жоба мен концессия шарты бойынша ескертпелер мен ұсыныстарды комиссия өтiнiм берушiге жазбаша нысанда жiберуге тиiс.
      Келiссөздер жүргiзудiң қорытындылары бойынша олардың нәтижелерi туралы комиссияның тиiстi шешiмi қабылданады.
      Келiссөздер барысында конкурстың талаптарына, сондай-ақ концессиялық өтінімнің бастапқы параметрлерi мен сипаттамасына өзгерiстер енгiзуге жол берiлмейдi.
      5. Егер концессиялық өтінімі үздiк деп танылған конкурсқа қатысушы комиссияның ескертпелерi мен ұсыныстарына сәйкес концессиялық өтінімді және концессия шартының талаптарын талқылаудан және нақтылаудан бас тартса не оның ұсыныстары конкурс талаптары тұрғысынан пайдалануға келмейтiн болса, онда комиссия бұл концессиялық өтінімді қарамайды және концессионерді таңдау жөніндегі ашық конкурсты өткізу арқылы үздiк концессиялық өтінімді қайтадан таңдайды.
      6. Концессионердi таңдау жөнiндегi конкурстың қорытындылары бойынша комиссияның шешiмiмен концессиялық өтінім бекiтiледi, ал өтiнiм берушi конкурстың жеңiмпазы болып танылады.
      Комиссияның шешiмi хаттама түрiнде ресiмделедi.
      7. Конкурсты ұйымдастырушы комиссияның шешiмi негiзiнде конкурс жеңiмпазымен концессия шартын жасасады.
      8. Концессия шартын жасасу мерзiмi конкурстың қорытындысы шығарылған күннен бастап күнтiзбелiк тоқсан күннен аспауға тиiс.
      9. Ұйымдастырушы мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi қоспағанда, концессионердi таңдау жөнiндегi конкурстардың нәтижелерi туралы мәлiметтердi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таратылатын мерзiмдi баспа басылымдарында қазақ және орыс тiлдерінде жариялайды.
      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      20-1-бап. Екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып,
                 концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты
                 өткізу ерекшеліктері

      1. Мынадай:
      1) концессиялық жобаны іске асыру үшін әртүрлі инновациялық, шығармашылық, сәулеттік-жоспарлау, ұйымдастырушылық-технологиялық шешімдерді, өнертабыстарды жинау мен зерделеу және туындаған мәселелер бойынша әлеуетті концессионерлермен келіссөздер жүргізу қажет болған;
      2) эксперименттер, ізденістер немесе әзірлемелер жүргізу қажет болған жағдайларда екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, концессионерді таңдау жөніндегі конкурс өткізіледі.
      2. Екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, концессионерді таңдау жөніндегі конкурс мынадай реттіліктегі кезеңдердің жиынтығын білдіреді:
      1) бірінші кезеңде мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:
      конкурсты ұйымдастырушының концессиялық ұсынысқа сараптаманың негізінде техникалық тапсырманы қалыптастыруы, конкурсты ұйымдастырушының конкурстық құжаттаманы әзірлеуі және бекітуі;
      Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, концессионерді таңдау жөніндегі конкурс өткізу туралы ақпарат жариялау;
      конкурсты ұйымдастырушының екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, концессионерді таңдау жөніндегі конкурстың бірінші кезеңіне қатысуға мүдделі тұлғаларға техникалық тапсырма мен конкурстық құжаттаманы ұсынуы;
      әлеуетті концессионерлерді біліктілік іріктеуді өткізу;
      әлеуетті концессионерлермен техникалық тапсырманың техникалық, сапалық және (немесе) өзге де сипаттамаларына қатысты мәселелерді талқылау;
      біліктілік іріктеуден өткен конкурсқа қатысушылардың техникалық тапсырмаға сәйкес әзірленген техникалық ұсыныстарымен бірге конкурстық өтінімдерді ұсынуы;
      конкурсқа қатысушылардың техникалық ұсыныстарының мемлекеттік, қоғамдық және жеке мүдделерді, адамның тыныс-тіршілігінің қолайлы және қауіпсіз жағдайларын, жобаланатын объектілердің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған қала құрылысы мен техникалық регламенттерге, мемлекеттік нормативтердің шарттары мен талаптарына сәйкес келетінін не сәйкес келмейтінін, сондай-ақ техникалық ұсыныстың құнын айқындау мақсатында оларды тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органының және Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаларға мемлекеттік сараптаманы жүзеге асыруға уәкілеттік берген заңды тұлғаның сараптауы;
      техникалық ұсыныстары конкурсты ұйымдастырушының техникалық тапсырмасына сәйкес келетін кемінде конкурсқа екі қатысушыны таңдау;
      техникалық ұсыныстары бірінші кезеңде техникалық тапсырмаға сәйкес келеді деп танылған конкурсқа қатысушыларға екі кезеңдік рәсімдер пайдаланылатын конкурстың екінші кезеңіне қатысу үшін конкурсты ұйымдастырушының шақыру жіберуі;
      2) екінші кезеңде мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:
      техникалық ұсыныстары бірінші кезеңде техникалық тапсырмаға сәйкес келеді деп танылған конкурсқа қатысушылардың концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемелерімен бірге конкурстық өтінімдерді ұсынуы;
      конкурсқа қатысушылардың концессиялық жобасының техникалық-экономикалық негіздемелеріне сараптама жүргізу үшін конкурсты ұйымдастырушының оларды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жіберуі;
      комиссияның осы Заңның 20-бабының 1-тармағына сәйкес жүргізілген концессиялық өтінім бойынша сараптамалардың қорытындыларын ескере отырып, конкурсқа қатысушылар ұсынған барлық конкурстық өтінімдерді қарауы;
      осы Заңның 20-бабының 345678 және 9-тармақтарында көзделген іс-шараларды жүзеге асыру.
      Ескерту. 3-тарау 20-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4-тарау. КОНЦЕССИЯ ШАРТЫ

      21-бап. Концессия шартының мазмұны

      1. Концессия шартында:
      1) концессия объектiсi туралы мәлiметтер, оның сипатталуы, оның ішінде мүліктің құрамы, техникалық жай-күйі, қызмет мерзімі, берілетін концессия объектісінің бастапқы, қалдық және қалпына келтіру құны туралы мәліметтер;
      2) концессионердiң концессия объектiсiне құқықтары туралы, оның ішінде концессия шарты тоқтатылған жағдайда құрылысы аяқталмаған концессия объектісіне құқықтары және (немесе) белгілі бір қызмет түрін жүзеге асыруға құқықтары туралы талаптар, концессия шартының талаптарын орындау кезінде пайда болған зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелеріне мүліктік құқықтар туралы талаптар;
      3) концессионердің көрсетілетін қызметтердi қажеттi мөлшерде және сапада ұсынуы мақсатында объектiге реконструкция жүргiзудiң шарттары мен көлемi;
      4) концессионер шығындарының орнын толтыру және табыс алу көздерi;
      5) тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) қалыптастыру және бекіту тәртібі;
      6) инвестициялардың, оның iшiнде негiзгi қорларға инвестициялардың мөлшерi туралы шартты, әзiрленген бизнес-жоспарға (жұмыс бағдарламасына) сәйкес концессиялық жобаны қаржыландырудың мерзiмдерi, көздерi мен шарттары;
      7) қызмет түрлерi (концессия шартының талаптары бойынша орындалатын (ұсынылатын) жұмыстар (көрсетілетін қызметтер);
      8) концессия шарты бойынша концессионер ұсынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң) сапа стандарттары;
      9) концессия шартының қолданылу мерзiмi;
      10) тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
      11) қоршаған ортаны қорғау және жұмыстарды жүргiзу қауiпсiздiгі жөніндегі талаптар;
      12) объектіні қабылдауға уәкілеттік берілген тұлғаларды қоса алғанда, тараптардың концессия объектісін беру тәртібі мен шарттары және оның сапасына қойылатын талаптар, сондай-ақ концессия объектісінің құрамына кірмейтін өзге де мүлікті беруге негіз болатын құқықты көрсете отырып, көрсетілген мүлікті берудің тәртібі мен шарттары;
      13) тараптардың жауапкершiлiгi;
      14) концессия шартын өзгерту және тоқтату талаптары;
      15) тараптардың орналасқан жерi (заңды мекенжайы) және банктiк деректемелерi;
      16) концеденттiң концессия шартының орындалуын бақылауды жүзеге асыру тәртiбi;
      17) концессионердiң қабылданған мiндеттемелердi орындауын бағалау критерийлері, олар орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда тұрақсыздық айыппұлын төлеу және мемлекеттік концессиялық міндеттемелер көлемін азайту тәртiбi;
      18) осы Заңның 14-бабына сәйкес мемлекеттiк қолдау ұсынылған жағдайда оның түрлерi, ұсынылу көлемi, мерзiмдерi мен шарттары;
      19) жергілікті қамту жөнiндегi мiндеттемелер;
      20) концессионердiң жыл сайын, сатып алуды жүргiзу үшiн жоспарланатын жылдың 1 ақпанынан кешiктiрмей тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi сатып алудың алдағы жылға арналған жылдық бағдарламасы мен сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты сауда қызметін реттеу саласындағы уәкiлеттi органға ол белгiлеген нысан бойынша және мерзiмдерде беру жөнiндегi мiндеттемелерi;
      21) тәуекелдердің тараптар арасында бөлінуі;
      22) концессия шарты бойынша берілетін мүлікті күтіп-ұстау ауыртпалығының, сондай-ақ көрсетілген мүліктің кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну тәуекелдерінің өту шарттары мен мерзімдері;
      23) концеденттің мүдделерін білдіретін уәкілетті мемлекеттік органдар туралы мәліметтер;
      24) концессия объектісін құру (реконструкциялау) жөніндегі жұмыстарды орындау, оны пайдалануға беру мерзімі, сондай-ақ осы мерзімді ұзарту тәртібі;
      25) концессия шартын орындау, атап айтқанда, концессия шарты шеңберінде белгілі бір іс-қимылды орындауға, ақшаны жинауға және бөлуге, өзге төлемдерді концессия шартына сәйкес көлемде және тәртіппен жүзеге асыруға, сондай-ақ өзге де құқықтар мен міндеттерді орындауға келісім беру үшін тартылатын өзге де тұлғалардың құқықтары мен міндеттері;
      26) концессия шартының талаптарын біржақты өзгертудің және (немесе) оны орындаудан біржақты бас тартудың айрықша жағдайлары;
      27) концессия шарты бойынша дауларды шешу тәртібі;
      28) концессия шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, тараптар шығыстарының орнын толтыру тәртібі қамтылуға тиіс.
      2. Концессия шартында, сондай-ақ:
      1) концессия шарты тараптары міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері;
      2) концессия шартында көзделген қызметті жүзеге асыруға байланысты табыстардың концедент пен концессионер арасында бөлінуі;
      3) концессия объектісін пайдалануды жүзеге асыру үшін концессионер тартатын ұйымды және онымен жасалатын шарттың елеулі талаптарын келісу;
      4) концессия объектісін құру (реконструкциялау) үшін концессионер тартатын мердігерді (бас мердігерді) және онымен жасалатын шарттың елеулі талаптарын келісу;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де шарттар көзделуі мүмкін.
      3. Концессия шартына тараптардың келісуі бойынша өзгерістер енгізілетін жағдайларды қоспағанда, концессия шартының талаптары ол қолданылатын бүкіл мерзімде күшін сақтайды.
      4. Концессия шартында концеденттің қоғам мен мемлекет мүдделерінде концессия шартының талаптарын біржақты тәртіппен өзгерту немесе концессия шартын бұзу жағдайы көзделуге тиіс, бұл ретте концессия шартында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, оның ішінде мұндай іс-әрекеттер ұлттық және экологиялық қауіпсіздікті, денсаулық сақтауды және имандылықты қамтамасыз ету мақсатында жасалатын осындай жағдайлардың толық тізбесі қамтылуға тиіс.
      5. Концедент осы баптың 4-тармағында көрсетілген құқықты іске асырған жағдайда, концедент концессионерге концессия шарты талаптарының өзгеруіне байланысты қосымша шығындарды өтеуге, сондай-ақ концессия шартының бұзылуына байланысты концессионер шеккен залалдың орнын толтыруға міндетті.
      6. Концессионер концессия шарты бойынша өз құқықтарын концеденттің жазбаша келісімімен ғана кепілге беруге құқылы.
      Концессия шарты бойынша концессионердің талаптарын басқаға беруге немесе борышын ауыстыруға, өзіне (өздеріне) концессионердің құқықтары мен міндеттері өтетін тұлға (тұлғалар) осы Заңның 18-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, концеденттің келісімімен жол беріледі.
      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      21-1-бап. Концессия шартының түрлері

      1. Концессия шарты мынадай түрлерде жасалады:
      1) концессия объектісін кейіннен мемлекет меншігіне бере отырып, концессионердің концессия объектісін құруын көздейтін концессия шарты;
      2) концессионер мен концеденттің концессия объектісін құру (реконструкциялау) және пайдалану бойынша бірлескен қызметін көздейтін концессия шарты;
      3) мемлекеттік меншіктегі концессия объектісін реконструкциялау және пайдалану мақсатында концессионерге сенімгерлік басқаруға не мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруді көздейтін концессия шарты;
      4) концессионердің меншігіндегі концессия объектісін концедентке не ол уәкілеттік берген тұлғаға мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруді, оның ішінде концессия объектісін концеденттің сатып алу құқығымен беруді көздейтін концессия шарты.
      2. Концессия шарты осы баптың 1-тармағында көзделген шарттардың бір немесе бірнеше түрінің элементтерін қамтуы, сондай-ақ концессия объектісін құруға (реконструкциялауға) және пайдалануға бағытталған, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де шарттардың элементтерін қамтуы мүмкін.
      3. Концессия шартында мемлекеттік меншіктегі концессия объектісін жеке меншікке иеліктен шығаруға бағытталған талаптар қамтылмауға тиіс.
      Ескерту. 4-тарау 21-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      22-бап. Концессия шартының нысаны

      1. Концессия шарты жазбаша нысанда жасалады.
      2. Концессия шарты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркелуге жатады.

      23-бап. Концессия шартының қолданылу мерзiмi

      1. Концессия шарты отыз жылға дейiнгi мерзiмге жасалады.
      2. Концессионер өзiне қабылдаған мiндеттемелердi орындаған жағдайда, концессия шарты тараптардың келiсiмiмен белгiленетiн қосымша кезеңге жаңа шарт жасасу арқылы ұзартылуы мүмкiн.
      Өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған концессионерге конкурссыз негiзде жаңа келiсiм жасасу құқығы берiледi.
      3. Жаңа мерзiмге концессия шартын жасасу кезiнде тараптар келiсiмi бойынша шарт талаптары өзгертiлуi мүмкiн.

      24-бап. Концессия шартын тоқтату

      Концессия шарты мiндеттемелердi тоқтатудың жалпы негiздемелерiмен қатар:
      1) концессия шартының бұзылуына немесе қолданылу мерзiмiнiң өтiп кетуiне;
      2) концессионердiң таратылуына;
      3) Алынып тасталды - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
      4) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында немесе концессия шартында көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      25-бап. Концеденттiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Концедент:
      1) концессия шартының талаптары туралы концессионермен келiссөздер жүргiзуге;
      2) концессионердiң кiнәсiнен концессия объектiсiнiң жай-күйi нашарлаған жағдайда, концессионерден залалдарды өтеуiн талап етуге;
      3) концессионердiң жедел қызметiне және концессия шартын iске асыру барысына араласпастан, концессионердiң қаржы-шаруашылық қызметiн тәуелсiз аудиторлық ұйымды тарту арқылы тексерудi жүзеге асыруға;
      4) Қазақстан Республикасы заңнамасының, концессия шарты талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға және жол берiлген бұзушылықтарды жоюды талап етуге;
      5) концессионер концессия шартының талаптарын бұзған жағдайда шартты бұзуды талап етуге;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына және концессия шартына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
      2. Концедент:
      1) концессия шартында көзделген жағдайларда және мерзiмдерде концессионерге концессия объектiсiне құқықтарды беруге;
      2) концессия шарттарының жобаларын мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсуге;
      3) концессия шартында көзделген және концессионердiң концессия объектiсiне құқығын растайтын құжаттарды уақтылы беруге;
      4) жасалған концессия шарттары туралы тiзiлiм жүргiзудi жүзеге асыратын тиiстi мемлекеттiк органға жыл сайын есептiк ақпарат берiп отыруға;
      5) концессия шартында көзделген талаптарды сақтауға;
      6) концессия объектiлерiн үшiншi тұлғалардың құқықтарынан босатып немесе әлеуетті концессионерлерге осы Заңның 17-бабының 1-тармағына сәйкес ұсынылатын конкурстық құжаттамада көрсетілген ауыртпалықтарымен және шектеулерімен беруге;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де талаптарды сақтауға мiндеттi.
      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      26-бап. Концессионердiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Концессионер:
      1) концессия объектiсiне қатысты құқықтарды концессия шартында көзделген жағдайларда жүзеге асыруға;
      2) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес берiлетiн инвестициялық преференциялардың субъeктici болуға;
      3) концессия шартын орындауға байланысты келтiрiлген шығындардың өтемiн алуға;
      4) концедент концессия шартының талаптарын бұзған жағдайда, концессия шартын бұзуды және мiндеттемелердi бұзудан туындаған залалдарды өтеудi талап етуге;
      5) егер концессия шартына енгiзiлген өзгерiс концессионердiң шығынға ұшырауына әкеп соқтырған жағдайда, шығынның орнын толтыруды талап етуге;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
      2. Концессионер:
      1) концессия объектiлерiнiң бейiнiн сақтауға;
      2) шартта көзделген жұмыстарды жүргiзуге (қызметтердi көрсетуге);
      3) концессия объектiсiнiң мүлiктiк кешенiне кiретiн әлеуметтiк сала объектiлерiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қаржыландыруға;
      4) Қазақстан Республикасының еңбекжұмыспен қамту және   қоршаған ортаны қорғау cаласындағы заңнамасын сақтауға;
      5) концессия шарты жасалған мерзiм аяқталғаннан кейiн концессия объектісін концессия шартын жасасқан кезде болған ауыртпалықтар мен шектеулерді ескере отырып және концессия шартының талаптарына сәйкес тиісті техникалық жай-күйде концедентке беруге;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарында және концессия шартында белгiленген өзге де талаптар мен жағдайларды сақтауға;
      7) концессия шарты шеңберінде инфрақұрылымдық облигациялар бойынша мемлекет кепілгерлігі берілген жағдайларда концессиялық жобаны қаржыландыру үшiн Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес концессия шартында айқындалған банкте арнайы шот ашуға;
       8) концессиялық жобаны іске асыру үшін тартылған қаражатты нысаналы пайдалануды қамтамасыз етуге міндетті.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      26-1-бап. Жекешелік концессиялық міндеттемелер

      1. Жекешелік концессиялық міндеттемелерді концессионер концессия шартында көрсетілген талаптармен қабылдайды.
      2. Концедент жекешелік концессиялық міндеттемелердің сақталуын бақылауды концессия шартында белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырады.
      Ескерту. 4-тарау 26-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      27-бап. Дауларды шешу

      1. Мемлекеттiк меншiк объектiлерiн концессияға беруге байланысты даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында және концессия шартында белгiленген тәртiппен шешiледi.
      Концессия шартын орындауға және тоқтатуға байланысты даулар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және концессия шартында келiсiлген дауларды шешу рәсiмдерiне сәйкес келiссөздер арқылы шешiледi.
      2. Егер шартты орындауға және тоқтатуға байланысты даулардың осы баптың 1-тармағына сәйкес шешiлуі мүмкін болмаса, онда тараптар дауды Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес сот тәртiбiмен, сондай-ақ «Халықаралық төрелiк туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықаралық төрелiкке жүгiну арқылы шешуге құқылы.
      Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      28-бап. Қазақстан Республикасының концессиялар туралы
               заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының концессиялар туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      29-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн жасалған концессия шарттары осы шарттарда белгiленген мерзiм өткенге дейiн өзiнiң күшiн сақтайды.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi