Концессиялар туралы

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі N 167 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша «экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган», «экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға», «Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган», «экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен» деген сөздер тиісінше «мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган», «мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға», «Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган», «мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Осы Заң концессияның құқықтық жағдайларын, концессионерді мемлекеттік қолдау түрлерін айқындайды және концессия шарттарын жасасу, орындау және тоқтату процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi.
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган - республикалық бюджеттiң және өз құзыретi шегiнде жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы жөнiндегi бюджеттiк есеп пен есептiлiктi атқару, жүргiзу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      2) концедент - Қазақстан Республикасы, оның атынан әрекет ететiн Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе жергiлiктi атқарушы орган, сондай-ақ олар концессия шартын жасасуға уәкiлдiк берген мемлекеттiк органдар;
      3) концессионер - концессия шартына сәйкес концессия объектiсiне құқық алған заңды тұлға (мемлекеттiк кәсiпорындар мен мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда);
      4) концессия - концессия шарты бойынша мемлекеттік меншік объектілерін жақсарту және тиімді пайдалану мақсатында уақытша иеленуге және пайдалануға беру, сондай-ақ мұндай объектілерді одан әрі пайдалануы үшін концессионерге оны иелену, пайдалану құқықтарын беру арқылы, сондай-ақ мемлекеттік қолдауды ұсыну арқылы не онсыз кейіннен мұндай объектілерді мемлекетке бере отырып, концессионердің қаражаты есебінен немесе концеденттің қоса қаржыландыруы шартымен жаңа объектілер құру (салу) құқықтарын беру;
      5) концессия бойынша конкурсты ұйымдастырушы (бұдан әрi - конкурсты ұйымдастырушы) - концессия бойынша конкурстар өткiзудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      5-1) концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйым - Қазақстан Республикасының Үкіметі концессия мәселелері бойынша қызметтер көрсету үшін құрған ұйым;
      6) концессия объектiсi - тізбеге енгізілген, жұмыс iстеп тұрған мемлекеттiк меншiк объектiлерi және концессия шартының талаптарын орындау нәтижелерi бойынша болашақта пайда болатын объектiлер;
      7) концессия шарты - концедент пен концессионер арасында жасалатын, тараптардың құқықтарын, мiндеттерiн және жауапкершiлiгiн, концессияны iске асыру шартын айқындайтын жазбаша келiсiм;
      8) концессиялық жоба - шектеулi уақыт кезеңi iшiнде iске асырылатын және аяқталған сипаты бар концессияны жүзеге асыру жөнiндегi iс-шаралар жиынтығы;
      8-1) концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу – конкурстық құжаттамаларды, концессия шарттарының жобаларын әзірлеуді, конкурсқа қатысушымен комиссияның келіссөздер жүргізу процесінде консультациялық қызметтер көрсетуді қамтитын тәуелсіз сарапшылар көрсететін қызметтер;
      8-2) концессиялық жобаларды қоса қаржыландыру - концессия объектілерін құруға (салуға) және реконструкциялауға арналған шығындардың белгілі бір көлемін қаржыландыру үшін бюджет қаражатын бөлу;
      8-3) концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі – маркетингтік, техникалық-технологиялық, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық зерттеулердің нәтижелерін, сондай-ақ концессиялық жобаны іске асырудың орындылығы мен мүмкіндігін негіздейтін институционалдық шешімдерді, қаржылық шешімдерді, тәуекелдерді бағалау және оларды концессиялық жобаға қатысушылар арасында бөлу, қажет болған жағдайда мемлекеттік қолдау түрлері мен мөлшерін айқындау жөніндегі, сондай-ақ жобаны іске асыру кезінде оның мемлекеттік бюджетке және тұтастай экономиканың және оның саласының дамуына әлеуметтік-экономикалық нәтижеге ықпал етуі жөніндегі шешімдерді қамтитын жоба алдындағы құжат;
      8-4) концессиялық ұсыныс – концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін одан әрі дайындау мақсатында мемлекеттік орган әзірлейтін тиісті іс-шаралардың жиынтығын қоса алғанда, концессиялық жобаның мақсатын, оған қол жеткізу жолдарын көрсететін тұжырымдамасы;
      8-5) мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган – стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      9) республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi орган - экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында (аясында) республикалық меншiк объектiлерiн басқару саласында өз құзыретi шегiнде арнайы атқару және бақылау функцияларын, меншiктi жекешелендiрудi және оның мемлекеттiк мониторингiн жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      10) тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органы - мемлекеттiк басқарудың тиiстi саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      10-1) тізбе - концессияға ұсынылатын объектілердің Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, орташа мерзімдік кезеңге арналған тізбесі;
      11) Алынып тасталды - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының концессиялар туралы
              заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының концессиялар туралы заңнамасы Конституцияға негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      Осы Заңның ережелерi жер қойнауын пайдалану саласындағы концессияға байланысты қатынастарға қолданылмайды. Жер қойнауын пайдалану саласындағы концессияға байланысты қатынастар "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес реттелiп, жүзеге асырылады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Концессияның негiзгi принциптерi

      Концессияға байланысты қызмет мынадай негiзгi принциптерге:
      1) концедент пен концессионер қызметiнiң жариялылығы мен ашықтығына;
      2) концедент пен концессионердiң мүдделерi мен тәуекелдерiнiң теңдестiрiлiмiн қамтамасыз етуге;
      3) концессионер концессия шарты бойынша беретiн тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге;
      4) еркін бәсекелестікке;
      5) барлық ықтимал концессионерлердің теңдігіне және кемсітушілікке жол бермеуге негізделеді.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      4-бап. Концессияның қолданылу аясы

      Тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын объектiлердi қоспағанда, экономиканың барлық салаларындағы (аясындағы) объектiлер концессияға берiле алады.

      5-бап. Концессия объектiлерiне меншiк құқығы

      1. Концессияға берiлген, осы Заңның 16-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген объектiлерде жүргiзiлген жақсартулар, сондай-ақ аяқталмаған құрылыс объектiлерi және осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, концессия шартының талаптарын орындау кезiнде пайда болған зияткерлiк меншiк құқықтары мемлекеттiк меншiк болып табылады.
      2. Шарт талаптарын орындау нәтижесінде пайда болған концессия объектісі концессионердің осы объектілерді кейіннен пайдалануы арқылы концессия объектісін құрған кезден бастап мемлекеттік меншікке беріледі.
      3. Егер концессия шартында өзгеше көзделмесе, концессионердiң концессия объектiлерiн пайдалану нәтижесiнде алған өнiмi мен өзге де кiрiстерi оның меншiгi болып табылады.
      4. Концессия объектiлерi кепiл нысанасы бола алмайды.
      5. Концессия объектiлерi концессия шартының қолданылу мерзiмi кезеңiнде иелiктен шығарылуға жатпайды.
      6. Егер концессия шартында өзгеше көзделмесе, концессионер өзіне концессия шарты бойынша иелік етуге және пайдалануға берілген мемлекеттік мүліктің, сондай-ақ концессия шартын орындау нәтижелері бойынша пайда болған мүліктің кездейсоқ жойылу немесе бүліну тәуекелін көтереді.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      6-бап. Концессионерге жер учаскелерiне құқықтар беру

      Концессия шартын iске асыру мақсатында концессионерге Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер пайдалану құқықтарының берiлуi мүмкiн.

      7-бап. Концессионердің шығындарын өтеу және кірістерін
             алу көздері

      1. Концессионердің концессия шартын орындауға байланысты шығындары өндірілген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сату және концессия объектісін пайдалану процесінде кірістер алу арқылы өтелуі мүмкін.
      2. Концессионер өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) пайдалануға жеңілдіктер Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар концессия шарты бойынша қызметін жүзеге асыру барысында концессионер өндіретін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) тұтынушылары бола алады.
      4. Мемлекет Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес концессионердің инвестициялық шығындарына өтемақы беруі мүмкін.
      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-тарау. КОНЦЕССИЯ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

      8-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлеттiктерi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi концессия саласында:
      1) тізбені бекітеді;
      2) жасалған концессия шарттарының және берiлген мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерiнiң тiзiлiмiн жүргiзу ережелерiн бекiтедi;
      3) концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу ережелерін бекітеді;
      4) концессияға берiлуi мүмкiн объектiлер бойынша ұсыныстарды беру, қарау және iрiктеу ережелерiн бекiтедi; P081005
      5) экономиканың әр түрлi саласында (аясында) концессияның үлгi шарттарын бекiтедi;
      6) республикалық меншiкке жататын объектiлерге қатысты концессиялар жөнiндегi комиссияны (бұдан әрi - комиссия) құрады және ол туралы ереженi бекiтедi;
      7) концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды құрады;
       8) Алынып тасталды - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      9) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      9-бап. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның
              өкілеттіктері

      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган:
      1) мыналарды:
      концессиялық ұсыныстардың экономикалық сараптамасын;
      концессиялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесінің (бұдан әрі – техникалық-экономикалық негіздеме) экономикалық сараптамасын;
      конкурстық құжаттаманың, оның ішінде оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезіндегі сараптамасын;
      концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу кезінде конкурсқа қатысушылар ұсынған концессиялық өтінімдердің сараптамасын;
      концессия шарттары жобаларының, оның ішінде концессия шарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезіндегі сараптамасын;
      концессионердің мемлекет кепілгерлігін алуға арналған ұсыныстарының сараптамасын;
      концессиялық жобалардың, оның ішінде бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен іске асырылуына бағалауды жүргізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады;
      2) техникалық-экономикалық негіздеменің экономикалық сараптамасының нәтижелерін ескере отырып, тізбені қалыптастырады және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;
      3) конкурстық құжаттаманы және концессия шарттарын, оның ішінде оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде келіседі;
      4) концессиялық міндеттемелерді қабылдаудың қаржылық шектері мен басымдықтарын белгілейді;
      5) концессия объектісінің құнын және концессионер қызметін мемлекеттік қолдаудың жиынтық құнын айқындау әдістемесін бекітеді;
      6) техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптарды айқындайды;
      7) концессиялық ұсыныстарды, конкурстық құжаттаманы, концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу кезінде конкурсқа қатысушылар ұсынған концессиялық өтінімдерді және концессия шарттарының жобаларын сараптауға қойылатын талаптарды айқындайды;
      8) осы Заңда, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       10-бап. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті
                мемлекеттік органның өкілеттіліктері

      Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
      1) тізбені келіседі;
      2) республикалық меншікке жататын объектілерге қатысты конкурстық құжаттаманы және концессия шартының жобасын, оның ішінде оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде келіседі;
      3) концессия шарттары бойынша мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің шарттарын жасасады, сондай-ақ концессия шарттары бойынша берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізілімін жүргізеді;
      4) жасалған концессия шарттары бойынша концессиялық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етеді;
      5) концессиялық міндеттемелерді тіркейді;
      6) Алынып тасталды - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      7) мемлекеттік меншікте тұрған концессия объектілерін концессионерге иеленуге және пайдалануға берудің тәртібін айқындайды;
      8) осы Заңда, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      11-бап. Уәкілетті мемлекеттік органның республикалық
               меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру
               жөніндегі өкілеттіктері

      Республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
      1) республикалық меншікке жататын және осы Заңның 16-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген объектілер бойынша тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары табыс ететін концессиялық ұсыныстарды олар ұсынылған кезден бастап отыз жұмыс күні ішінде тізбеге енгізу үшін келіседі;
      2) республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша жасалған концессия шарттарының тізілімін жүргізеді;
      3) өз құзыреті шегінде республикалық меншікте болатын концессия объектілері бойынша концессия шарттарының орындалу мониторингін жүзеге асырады;
      4) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген жағдайда концессиялық жобаларды келіседі;
      5) концессия шарттары негізінде құрылған (салынған) объектілерді республикалық меншікке қабылдайды;
      6) концессия объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау тәртібін айқындайды;
      7) осы Заңда, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      12-бап. Тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органының
               өкiлеттiктерi

      Тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органы:
      1) осы Заңның 15-1-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың жеке бастама тәртiбiмен енгiзген ұсыныстарын ескере отырып, республикалық меншiкке жататын объектілер бойынша концессиялық ұсыныстарды қалыптастырады;
      2) республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген концессия объектiлерiне қатысты конкурстың ұйымдастырушысы болады;
      3) Комиссияның шешiмi негiзiнде республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген концессия объектiлерi бойынша концессия шартын жасасады;
      4) республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген концессия объектiлерi бойынша концессия шарттарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
      5) республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға жасалған концессия шарттары бойынша ақпарат бередi;
      6) концессия шарттары негізінде құрылған (салынған) объектілерді республикалық меншікке беруді ұйымдастырады;
      7) республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша бұрын жасалған концессия шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, концессионерді таңдау жөніндегі ашық конкурсты өткізу жолымен жаңа концессионерлерді тартуды ұйымдастырады;
      8) қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес қаржыландыру жүзеге асырылатын концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу үшін тәуелсіз сарапшыларды тартады;
      9) осы заңда, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      13-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
               астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының
               өкiлеттiктерi

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары өз құзыретi шегiнде:
      1) осы Заңның 15-1-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың жеке бастама тәртiбiмен енгiзген ұсыныстарын ескере отырып, тiзбеге енгiзу үшiн коммуналдық меншiкке жататын объектілер бойынша концессиялық ұсыныстарды қалыптастырады;
      2) концессия шартын жасасу кезінде тиісті өңірдегі халықтың әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мүдделерінің сақталуына байланысты мәселелерді шешу үшін конкурсты ұйымдастырушыға республикалық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты ұсыныстар енгізеді;
      3) коммуналдық меншiкке жататын концессия объектiлерi бойынша жасалған концессия шарттарының тiзiлiмiн жүргiзедi;
      4) коммуналдық меншiкке жататын концессия объектілеріне қатысты комиссияны құрады және ол туралы ереженi бекiтедi;
      5) коммуналдық меншiкке жататын және тiзбеде көзделген концессия объектiлерiне қатысты конкурстың ұйымдастырушысы болады;
      6) комиссияның шешiмi негiзiнде коммуналдық меншiкке жататын және тiзбеде көзделген концессия объектiлерi бойынша концессия шартын жасасады;
      7) коммуналдық меншiкке жататын және тiзбеде көзделген концессия объектiлерi бойынша концессия шарттарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
      8) концессия шарттары негізінде құрылған (салынған) объектілерді коммуналдық меншікке қабылдайды;
       9) коммуналдық меншікке жататын концессия объектілері бойынша бұрын жасалған концессия шартының қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, концессионерді таңдау жөніндегі ашық конкурсты өткізу жолымен жаңа концессионерлерді тартуды ұйымдастырады;
      10) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесіне орай Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      14-бап. Концессионерлердiң қызметiн мемлекеттiк қолдау

      1. Концессионерлердiң қызметiн қолдау мақсатында мемлекеттiк қолдаудың мынадай түрлерi ұсынылуы мүмкiн:
      1) концессия шарттары шеңберiнде инфрақұрылымдық облигациялар бойынша мемлекет кепiлгерлiктерi;
      2) концессиялық жобаларды қаржыландыру үшiн тартылатын қарыздар бойынша мемлекеттiк кепiлдiктер;
      3) концессионерге мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік объектiлерiне ерекше құқықтардың берiлуi;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заттай гранттар беру;
      5) концессиялық жобаларды қоса қаржыландыру;
      6) егер концессионер өндіретін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) негізгі тұтынушысы мемлекет болса, мемлекеттің тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) белгілі бір көлемін тұтыну кепілдігі;
      7) концессия шартында белгіленген мерзімде және концессия шартының қолданылуы кезеңінде сонда айқындалған көлемде концессионердің инвестициялық шығындардың белгілі бір көлеміне өтемақы төлеу.
      2. Концессионерге мемлекеттiк қолдаудың жоғарыда аталған түрлерiнiң бiреуi не бiрнешеуi ұсынылуы мүмкiн.
      2-1. Осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылған кезде концессионер сатуға ұсынылатын концессия объектісінің құнына қатысты кемінде жиырма процент көлемінде инфрақұрылымдық облигациялар шығаруға міндетті.
      Инфрақұрылымдық облигацияларды шығару көлемі, орналастыру талаптары тараптардың келісімімен концессия шартында айқындалады.
      3. Концессионер қызметiн мемлекеттiк қолдаудың осы баптың 1-тармағында көзделген түрлерiнiң бiреуi не бiрнешеуi ұсынылған кезде мұндай қолдаудың жиынтық құны концессия шарты шеңберінде концессионер қаражаты есебінен құрылған (салынып жатқан) объектінің құнынан аспауға тиiс.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. ОБЪЕКТIЛЕРДI КОНЦЕССИЯҒА БЕРУ

      15-бап. Объектілерді концессияға беру тәртібі

      1. Объектілерді концессияға беру төрт кезеңде жүзеге асырылады:
      концессиялық ұсыныстарды іріктеу;
      тізбені қалыптастыру;
      концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу;
      концессионерді анықтау және концессия шартын жасасу.
      2. Концессионерге мемлекет кепілгерліктерін берудің міндетті шарты Қазақстан Республикасының қор биржасында инфрақұрылымдық облигацияларды орналастыру болып табылады.
      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      15-1-бап. Концессиялық ұсыныстарды дайындау

      1. Концессиялық ұсыныстарды тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын әзірлеу сатысында жеке немесе заңды тұлғалардың жеке бастамасы тәртiбiмен енгiзген ұсыныстарын ескере отырып қалыптастырады және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
      2. Концессиялық ұсыныстар:
      1) саланың одан әрі дамуына ықпал ететін ағымдағы жай-күйінің проблемаларын;
      2) концессиялық жоба мақсаттарының салада орын алған проблемаларды шешуге сәйкестігін;
      3) концессионердің және концессионер ұсынатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылардың мүдделері теңдестірілімдігін қамтамасыз ету принципін негізге ала отырып, концессиялық жобаны іске асырудың балама нұсқаларын;
      4) концессиялық жобаны іске асырған және мұндай іске асыру болмаған жағдайда саладағы ахуалды;
      5) концессиялық жобаны іске асырудан түскен пайданы бөлуді;
      6) концессиялық жобаны іске асырудың экономиканың сабақтас саласына (аясына) болжамды мультипликативті әсерін бағалауды қамтитын салалық сараптамаға жатады.
      3. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы республикалық меншікке жататын және осы Заңның 16-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген концессия объектілері бойынша концессиялық ұсыныстарды республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісуге тиіс.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тармақ 2010.05.03 бастап қолданысқа енгізіледі (ҚР 2010.04.02 № 263-IV Заңының 2-б. қараңыз)
      4. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары және жергілікті атқарушы органдар концессиялық ұсыныстардың негізділігі үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
      5. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган концессиялық ұсыныстарға экономикалық сараптама жүргізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады және оның қорытындысы негізінде техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеуді немесе түзетуді, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізуді қаржыландыру жөніндегі ұсыныстарды тиісті бюджет комиссияларының қарауына енгізеді.
      6. Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді немесе түзетуді, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізуді қаржыландыруға қаражат бөлу тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. Заң 15-1-баппен толықтырылды - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      15-2-бап. Техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу
                 немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті
                 сараптамалар жүргізу

      1. Бюджет комиссиялары мақұлдаған концессиялық ұсыныстардағы концессиялық жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу немесе түзету жүзеге асырылады.
      2. Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
      3. Техникалық-экономикалық негіздеме пайда мен шығынды экономикалық талдау негізінде жүргізілетін концессиялық жобаның жүзеге асырылуын және тиімділігін зерделеу нәтижелерін қамтиды.
      Техникалық шешімдердің өзгеруіне және қосымша шығыстарға әкеп соғатын концессиялық жобаның белгіленген техникалық-экономикалық параметрлері өзгерген жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кейіннен қажетті сараптамалар жүргізіле отырып, техникалық-экономикалық негіздемеге түзету жасалады.
      4. Әзірленген немесе түзетілген техникалық-экономикалық негіздемесіне қажетті сараптамалар жүргізілгеннен кейін тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы оны экономикалық сараптама жүргізу үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
      5. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірленген немесе түзетілген техникалық-экономикалық негіздемеге экономикалық сараптама жүргізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады, ол осы Заңда айқындалған мемлекеттік қолдау түрлерін ұсынады.
      6. Концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйым концессиялық жобаны іске асыру жөніндегі ұсынылатын шешімдердің экономикалық сараптамасының сапасы үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Ескерту. Заң 15-2-баппен толықтырылды - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      16-бап. Тізбені қалыптастыру

      1. Тізбені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Тізбе Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік тілде және орыс тілінде жариялануға тиіс.
      2. Тізбе мынадай екі бөлімнен тұрады:
      1) жақсартылуы және пайдаланылуы концессия шарты негізінде жүзеге асырылатын қолда бар мемлекеттік меншік объектілері;
      2) салынуы және пайдаланылуы концессия шарттары негізінде жүзеге асырылатын объектілер.
      3. Тізбені мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган техникалық-экономикалық негіздеменің экономикалық сараптамасының нәтижелерін ескере отырып және республиканың стратегиялық даму жоспарларына, республикалық бюджеттің инвестициялық мүмкіндіктеріне сәйкес жылжымалы негізде жыл сайын үш жыл мерзімге қалыптастырады. P070355
      4. Тiзбеге енгiзiлмеген объектiлер бойынша тиiстi хабарламалар тиiстi ұсыныстарды табыс еткен мемлекеттiк органдарға олардың қабылданбауының дәлелдi негiздемесiмен бiрге жiберiледi.
      5. Концессияға берiлмеген концессия объектiлерi келесi орта мерзiмдi кезеңге арналып қалыптастырылатын тиiстi тiзбеге енгiзіледi.
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      17-бап. Конкурстық құжаттаманың мазмұны

      1. Конкурсты ұйымдастырушы барлық ықтимал концессионерлерге мынадай ақпаратты:
      1) ықтимал концессионерлерге қойылатын бiлiктiлiк талаптарына олардың сәйкестiгiн растау үшiн табыс етiлуге тиiс құжаттарға қойылатын талаптарды;
      2) техникалық ерекшеленiмдердi, жоспарларды, сызбалар мен нобайларды қоса алғанда, ал қажет болған жағдайда нормативтiк-техникалық құжаттама көрсетiле отырып, концессияға беруге ұсынылатын объектiнiң техникалық-экономикалық негіздемесін, сипаттамасы мен оның жалпы техникалық және сапалық сипаттамаларын;
      3) концессияға беруге ұсынылатын объектiнiң тұрған орнын;
      3-1) осы концессия жобасы үшін мемлекеттік қолдаудың ықтимал түрлерін және жол берілетін көлемдерін;
      4) үлгілік шарт негізінде әзірленген концессия шартының жобасын;
      5) нәтижесiнде жеңіп шыққан концессия өтінімін анықтауға негiз болатын барлық өлшемдердiң, оның ішінде қазақстандық қамту жөніндегі міндеттемелердің сипаттамасын, оның iшiнде мұндай әрбiр өлшемнiң салыстырмалы мәнiн, концессиялық өтінімдерді бағалау және салыстыру тәсiлiнiң сипаттамасын;
      6) концессия объектісінің құны көрсетiлуге тиiс валюта немесе валюталар және концессия объектісінің құндарын салыстыру және бағалау мақсатында оларды бiрыңғай валютаға сәйкес келтiру үшiн қолданылатын бағамды;
      7) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасына сәйкес концессиялық өтінімдерді жасасу және табыс ету тiлiне қойылатын талаптарды;
      8) ықтимал концессионердiң конкурстық өтiнiм берудiң түпкiлiктi мерзiмi аяқталғанға дейiн өзiнiң конкурстық өтiнiмiн өзгерту немесе керi қайтарып алу құқығына тиiстi нұсқаманы;
      9) конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң тәсiлiн, орны мен түпкiлiктi мерзiмiн (бiрақ жергiлiктi уақыт бойынша жұмыс күнiнiң он бес сағатынан кеш емес) және олардың қолданылу мерзiмiн;
      10) ықтимал концессионердiң тiкелей конкурстық өтiнiмдер бар конверттердi ашу кезiнде концессия объектісінің құны көрсетiлетiн конкурстық өтiнiмнiң бiр бөлiгiн ұсыну құқығына тиiстi нұсқаманы;
      11) конкурстық құжаттаманың мазмұны бойынша ықтимал концессионерлер түсiндiрме сұрату үшiн көмегiне сүйене алатын тәсiлдердi және конкурсты ұйымдастырушының осы кезеңде ықтимал концессионерлермен ашық нысанда өткiзiлетiн және хаттама жасалатын кездесу өткiзу ниетi туралы хабарламаны;
      12) конкурстық өтiнiмдi енгiзудiң шартын және оның мазмұнын;
      13) конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ашу орнын, күнi мен уақытын (бiрақ конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң түпкiлiктi мерзiмi анықталған кезден бастап екi сағаттан кеш емес);
      14) конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ашу және оларды қарау үшiн пайдаланылатын рәсiмдердi қамтитын, осы Заңның 9-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайларда мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен және осы Заңның 10-бабының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісілген конкурстық құжаттаманы табыс етуге мiндеттi.
      2. Конкурсты ұйымдастырушы табыс етiлген конкурстық құжаттама үшiн конкурстық құжаттаманың көшiрмесiн жасауға жұмсалған нақты шығындардан аспайтындай ақы алуға құқылы.
      3. Ықтимал концессионер конкурстық құжаттаманың ережелерiн түсiндiру туралы сауал жiберуге құқылы, бiрақ ол конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң түпкiлiктi мерзiмi аяқталғанға дейiнгi күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрiлмеуге тиiс. Конкурсты ұйымдастырушы сауал тiркелген кезден бастап үш күн мерзiмде оған жауап қайтаруға және сауалдың кiмнен түскенін көрсетпей-ақ, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық ықтимал концессионерлерге осындай түсiндiрменi хабарлауға мiндеттi.
      Қайта конкурс өткізу кезінде ықтимал концессионер конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сауал жіберуге құқылы, бірақ ол конкурстық өтінімдерді табыс етудің түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмеуге тиіс.
      4. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтiнiмдi табыс етудiң түпкiлiктi мерзiмi аяқталғанға дейiнгi күнтiзбелiк жиырма күннен кешiктiрмей, ал қайта конкурс өткізу кезінде күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде өз бастамасымен немесе ықтимал концессионердiң сауалына жауап ретiнде хаттама ресiмдеу арқылы конкурстық құжаттамаға өзгерiстер енгiзуге құқылы.
      Енгiзiлген өзгерiстердiң мiндеттi күшi болады және конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық ықтимал концессионерлерге осы өзгерiстер туралы дереу хабарланады. Бұл ретте конкурсты ұйымдастырушы ықтимал концессионерлердiң осы өзгерiстердi конкурстық өтiнiмдерде есепке алуы үшiн конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң соңғы мерзiмiн кемiнде күнтiзбелiк отыз күнге, ал қайта конкурс кезінде кемінде күнтізбелік он бес күн мерзімге ұзартады.
      5. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың ережелерiн түсiндiру үшiн конкурстық құжаттамада көрсетiлген белгiлi бiр орында және тиiстi уақытта ықтимал концессионерлермен кездесу өткiзуге құқылы. Бұл ретте конкурсты ұйымдастырушы онда дереккөздерi көрсетiлмеген конкурстық құжаттаманы түсiндiру туралы сауалдар, сондай-ақ осы сауалдарға жауаптар қамтылатын хаттама жасайды. Хаттама дереу комиссияға және конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық ықтимал концессионерлерге жiберiледi.
      6. Конкурстық құжаттаманы конкурсты ұйымдастырушы бекiтедi.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      18-бап. Ықтимал концессионерге қойылатын бiлiктiлiк
               талаптары

      1. Концессионердi таңдау бойынша конкурсқа қатысу үшiн ықтимал концессионер мынадай бiлiктiлiк талаптарына сай келуге:
      1) концессия шарты бойынша мiндеттемелердi орындау үшiн қажеттi қаржылық және материалдық ресурстары болуға;
      2) төлемге қабiлеттi, таратылмайтын болуға, оның мүлкiне тыйым салынбаған, оның қаржы-шаруашылық қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатып қойылмаған болуға тиiс;
      3) соңғы үш жыл iшiнде жасасылған концессия шарттары бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн заңды күшiне енген сот шешiмi негiзiнде жауапқа тартылмаған болуға;
      4) іске асыруға ұсынылатын концессия объектісінің құнына қатысты кемінде жиырма процентті құрайтын өз капиталы болуға;
      5) өткен екі толық қаржы жылындағы аудиторлық есеппен расталған қаржылық есептілігі болуға тиіс.
      6) Алынып тасталды - ҚР 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
      1-1. Егер әлеуетті концессионер концессиялық жобаны iске асыру мақсатында жеке және (немесе) заңды тұлғалар құрған жаңа заңды тұлға болып табылса, онда:
      1) әлеуетті концессионер осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиiс;
      2) жаңа заңды тұлғаның құрылтайшылары ретінде әрекет ететін заңды тұлғалар осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 5) тармақшаларының талаптарына сәйкес келуге тиiс;
      3) жаңа заңды тұлға құрған жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жиынтық өз капиталы осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасының талаптарына сәйкес келуге тиiс.
      2. Ықтимал концессионер өзiнiң осы баптың 1-тармағында көзделген бiлiктiлiк талаптарына сай келетiндiгiн растау үшiн конкурсты ұйымдастырушыға тиiстi құжаттарды табыс етедi.
      Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде мiндеттi аудит өткiзу белгiленген заңды тұлғалар соңғы қаржы жылындағы аудиторлық есептi де табыс етедi.
      Егер концессионердің мемлекеттік кепілдікті және (немесе) мемлекет кепілгерлігін алуы көзделетін болса, концессия жобасын іске асыру мақсатында бірнеше жеке немесе заңды тұлғалар құрған жаңа заңды тұлға ықтимал концессионер болып табылатын жағдайларды қоспағанда, ықтимал концессионердің аудиторлық есеппен расталған қаржылық есептілікке сәйкес соңғы аяқталған қаржы жылында немесе соңғы аяқталған үш қаржы жылының кез келген екеуінде таза кірісі болуға тиіс.
      3. Ықтимал концессионер бiлiктiлiк талаптары бойынша сенiмдi емес ақпарат табыс еткен жағдайда, осындай факт анықталған кезден бастап үш жыл iшiнде концессионердi таңдау жөнiндегi конкурсқа қатысуға жiберiлмейдi.
      Табыс етiлетiн ақпараттың толықтығы мен дұрыстығы комиссия ықтимал концессионердiң бiлiктiлiк талаптарына сай келетiндiгiн растайтын құжаттарды қараған кезде белгiленедi.
      4. Конкурсты ұйымдастырушының ықтимал концессионерге осы Заңда көзделмеген бiлiктiлiк талаптарын белгiлеуге құқығы жоқ. Ықтимал концессионер өзiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарына қатысы жоқ ақпаратты табыс етпеуге құқылы.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      19-бап. Концессионердi таңдау жөнiнде конкурс өткiзу

      1. Тiзбеге енгiзiлген объектiлер бойынша концессионердi таңдау концессиялық жобалар жөнiнде ашық конкурс өткiзу арқылы жүзеге асырылады.
      2. Тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органы республикалық меншiкке жататын және осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген концессия объектiлерiне қатысты конкурсты ұйымдастырушы болып табылады.
      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) тиiстi жергiлiктi атқарушы органы коммуналдық меншiкке жататын және тiзбеде көзделген концессия объектiлерiне қатысты конкурсты ұйымдастырушы болып табылады.
      3. Конкурс өткiзу туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таратылатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында жариялау мiндеттi болып табылады. Конкурс өткiзу туралы ақпарат концессия объектiлерi туралы, конкурсты ұйымдастырушыға табыс ету үшiн қажеттi құжаттардың тiзбесi туралы мәлiметтердi, конкурс жарияланған объектiнiң сипатына қарай ықтимал қатысушыларға қойылатын талаптарды, конкурсты өткізу орны, уақыты мен күні туралы мәліметті қамтуға тиiс. Конкурсты ұйымдастырушы конкурс өткізу туралы ақпаратты конкурсты өткізу күніне дейін күнтізбелік алпыс күн бұрын, ал қайта конкурс өткізу кезінде - күнтізбелік отыз күн бұрын Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік тілде және орыс тілінде міндетті түрде жариялайды.
      4. Концессиялық өтінімдерді қарауды және iрiктеудi Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары құратын комиссия жүзеге асырады.
      Комиссияның жұмысшы органы конкурсты тиiстi ұйымдастырушы болып табылады.
      5. Егер белгiленген мерзiмде конкурсты ұйымдастырушыға конкурстық өтiнiмдер келiп түспеген не конкурсқа қатысуға бiр өтiнiм табыс етiлген жағдайда, онда концессияның осы объектiсi бойынша үшiншi және одан кейiнгi конкурстарды қоспағанда, конкурс өтпеген болып есептеледi.
      6. Концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткiзудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      20-бап. Концессионердi айқындау және концессия шартын
               жасасу

      1. Комиссия конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi конкурстық құжаттамада көрсетiлген мерзiмде, уақытта және орында ашады.
      Конкурсты ұйымдастырушы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға тиiстi конкурстық өтiнiмдердегі концессиялық өтiнiмдердi оларға сараптама жүргiзу үшiн жібереді.
      Конкурсты ұйымдастырушы қажет болған жағдайда конкурстық құжаттаманы, концессия шартының жобасын әзірлеу, тиісті конкурстық өтінімдегі ұсынылған концессиялық өтінімдерді тәуелсіз бағалау, сондай-ақ әлеуетті концессионерлермен келіссөздерге қатысу үшін тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқылы.
      Конкурсты ұйымдастырушы тәуелсіз сарапшыларды тарту үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға концессиялық жобаны консультациялық сүйемелдеу жөніндегі қызметтерді қаржыландыруға арналған өтінімді жібереді.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған қорытындыны тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бюджет комиссиялары мақұлдаған әрбір концессиялық жобаны консультациялық сүйемелдеу жөніндегі қызметтерді қаржыландыру көлемі бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарламасының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу жөніндегі қызметтердің тізбесін қалыптастырады.
      Концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      2. Комиссия концессиялық өтінім және әлеуетті концессионерлердің біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалау жөніндегі қорытындыларды ескере отырып, конкурсқа қатысушылар табыс еткен барлық конкурстық өтiнiмдердi қарайды.
      Егер конкурс үшiншi рет өткiзiлетiн және конкурсқа қатысуға бiр ғана конкурстық өтiнiм табыс етiлген жағдайда, комиссия осы өтiнiмде табыс етiлген концессиялық жобаны оның iске асырылу мүмкiндiгi тұрғысынан қарайды.
      3. Комиссия концессиялық өтінімі Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн жобаларға қойылатын критерийлер негiзiнде үздiк деп танылған конкурсқа қатысушымен концессиялық жобаны және концессия шартының талаптарын нақтылау жөнiнде келiссөздер жүргiзедi.
      4. Келiссөздердi дайындау шеңберiнде концессиялық жоба мен концессия шарты бойынша ескертпелер мен ұсыныстарды комиссия өтiнiм берушiге жазбаша нысанда жiберуге тиiс.
      Келiссөздер жүргiзудiң қорытындылары бойынша олардың нәтижелерi туралы комиссияның тиiстi шешiмi қабылданады.
      Келiссөздер барысында конкурстың талаптарына, сондай-ақ концессиялық өтінімнің бастапқы параметрлерi мен сипаттамасына өзгерiстер енгiзуге жол берiлмейдi.
      5. Егер концессиялық өтінімі үздiк деп танылған конкурсқа қатысушы комиссияның ескертпелерi мен ұсыныстарына сәйкес концессиялық өтінімді және концессия шартының талаптарын талқылаудан және нақтылаудан бас тартса не оның ұсыныстары конкурс талаптары тұрғысынан пайдалануға келмейтiн болса, онда комиссия бұл концессиялық өтінімді қарамайды және концессионерді таңдау жөніндегі ашық конкурсты өткізу арқылы үздiк концессиялық өтінімді қайтадан таңдайды.
      6. Концессионердi таңдау жөнiндегi конкурстың қорытындылары бойынша комиссияның шешiмiмен концессиялық өтінім бекiтiледi, ал өтiнiм берушi конкурстың жеңiмпазы болып танылады.
      Комиссияның шешiмi хаттама түрiнде ресiмделедi.
      7. Конкурсты ұйымдастырушы комиссияның шешiмi негiзiнде конкурс жеңiмпазымен концессия шартын жасасады.
      8. Концессия шартын жасасу мерзiмi конкурстың қорытындысы шығарылған күннен бастап күнтiзбелiк тоқсан күннен аспауға тиiс.
      9. Ұйымдастырушы мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi қоспағанда, концессионердi таңдау жөнiндегi конкурстардың нәтижелерi туралы мәлiметтердi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таратылатын мерзiмдi баспа басылымдарында қазақ және орыс тiлдерінде жариялайды.
      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. КОНЦЕССИЯ ШАРТЫ

      21-бап. Концессия шартының мазмұны

      1. Концессия шарты:
      1) концессия объектiсi туралы мәлiметтердi;
      2) концессионердiң концессия объектiсiне құқықтары және (немесе) белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асыруға құқықтары туралы шарттарды;
      3) концессионердiң көрсетiлетiн қызметтердiң қажеттi саны мен сапасын ұсынуы мақсатында объектiге қажеттi жақсартулар жүргiзудiң шарттары мен көлемiн;
      4) концессионердің шығындарын өтеу және кірістер алу көздерін;
      4-1) тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаны (тарифтерді) және бағаларды белгілеу тәртібін;
      5) Алынып тасталды - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен;
      6) инвестициялардың, соның iшiнде негiзгi қорларға салынатын инвестициялардың мөлшерi туралы шартты, концессиялық жобаны әзiрленген бизнес-жоспарға (жұмыс бағдарламасына) сәйкес қаржыландырудың мерзiмдерi, көздері мен шарттарын;
      7) қызмет түрлерiн (шарт талаптары бойынша ұсынылатын жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер);
      8) концессия шарты бойынша концессионер ұсынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) сапа стандарттарын;
      9) шарттың қолданылу мерзiмiн;
      10) тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн;
      11) қоршаған ортаны қорғау және жұмыстарды жүргiзу қауiпсiздiгi жөнiндегi талаптарды;
      12) концессия объектiсiн, сондай-ақ концессия шартының орындалуына байланысты берiлген жер учаскелерiн мемлекетке берудiң тәртiбi мен шарттарын;
      13) тараптардың жауапкершiлiгiн;
      14) шартты өзгерту және тоқтату талаптарын;
      15) тараптардың орналасқан жерiн және банктiк деректемелерiн;
      16) концеденттiң концессия шарттарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру тәртiбiн;
      16-1) концессионердің қабылданған міндеттемелерді орындауын бағалаудың өлшемін және олар орындалмаған жағдайда айыппұлдар салу тәртібін;
      17) осы Заңның 14-бабына сәйкес мемлекеттік қолдау ұсынылған жағдайда, оның түрлерін, көлемін, мерзімдері мен ұсыну шарттарын;
      18) қазақстандық қамту жөніндегі міндеттемелерді; V106294
      19) концессионердің сатып алуды жүргізу үшін жоспарланатын жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алудың алдағы жылға арналған жылдық бағдарламасы мен сауда және индустриялық саясатты мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша және сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілген қызметтер туралы ақпаратты жыл сайын беру жөніндегі міндеттемелерін қамтуға тиіс.
      2. Концессия шартында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де талаптар көзделуi мүмкiн.
      3. Шартқа тараптардың келiсiмi бойынша өзгерiстер енгiзiлетiн жағдайларды қоспағанда, шарттың талаптары концессия шартының барлық қолданылу мерзiмiнде күшiн сақтайды.
      4. Концессия шартында концеденттiң қоғам мен мемлекет мүддесi үшiн шарт талаптарын бiржақты тәртiппен өзгерту немесе шартты бұзу талабы көзделуi мүмкiн, бұл ретте шарт мұндай талаптардың, оның iшiнде мұндай iс-әрекеттер ұлттық және экологиялық қауiпсiздiктi, денсаулық сақтауды және адамгершiлiктi қамтамасыз ету мақсатында жасалса, толық тiзбесiн қамтуға тиiс.
      5. Концедент осы баптың 4-тармағында аталған құқықты iске асырған жағдайда, концедент концессионерге концессия шарты талаптарының өзгеруiне байланысты қосымша шығындарды өтеуге, сондай-ақ концессия шартының бұзылуына байланысты концессионер шеккен залалдардың орнын толтыруға мiндеттi.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      22-бап. Концессия шартының нысаны

      1. Концессия шарты жазбаша нысанда жасалады.
      2. Концессия шарты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркелуге жатады.

      23-бап. Концессия шартының қолданылу мерзiмi

      1. Концессия шарты отыз жылға дейiнгi мерзiмге жасалады.
      2. Концессионер өзiне қабылдаған мiндеттемелердi орындаған жағдайда, концессия шарты тараптардың келiсiмiмен белгiленетiн қосымша кезеңге жаңа шарт жасасу арқылы ұзартылуы мүмкiн.
      Өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған концессионерге конкурссыз негiзде жаңа келiсiм жасасу құқығы берiледi.
      3. Жаңа мерзiмге концессия шартын жасасу кезiнде тараптар келiсiмi бойынша шарт талаптары өзгертiлуi мүмкiн.

      24-бап. Концессия шартын тоқтату

      Концессия шарты мiндеттемелердi тоқтатудың жалпы негiздемелерiмен қатар:
      1) концессия шартының бұзылуына немесе қолданылу мерзiмiнiң өтiп кетуiне;
      2) концессионердiң таратылуына;
      3) Алынып тасталды - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
      4) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында немесе концессия шартында көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
      Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      25-бап. Концеденттiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Концедент:
      1) концессия шартының талаптары туралы концессионермен келiссөздер жүргiзуге;
      2) концессионердiң кiнәсiнен концессия объектiсiнiң жай-күйi нашарлаған жағдайда, концессионерден залалдарды өтеуiн талап етуге;
      3) концессионердiң жедел қызметiне және концессия шартын iске асыру барысына араласпастан, концессионердiң қаржы-шаруашылық қызметiн тәуелсiз аудиторлық ұйымды тарту арқылы тексерудi жүзеге асыруға;
      4) Қазақстан Республикасы заңнамасының, концессия шарты талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға және жол берiлген бұзушылықтарды жоюды талап етуге;
      5) концессионер концессия шартының талаптарын бұзған жағдайда шартты бұзуды талап етуге;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына және концессия шартына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
      2. Концедент:
      1) концессия шартында көзделген жағдайларда және мерзiмдерде концессионерге концессия объектiсiне құқықтарды беруге;
      2) концессия шарттарының жобаларын мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсуге;
      3) концессия шартында көзделген және концессионердiң концессия объектiсiне құқығын растайтын құжаттарды уақтылы беруге;
      4) жасалған концессия шарттары туралы тiзiлiм жүргiзудi жүзеге асыратын тиiстi мемлекеттiк органға жыл сайын есептiк ақпарат берiп отыруға;
      5) концессия шартында көзделген талаптарды сақтауға;
      6) концессия объектiлерiн үшiншi тұлғалардың құқықтарынан еркiн етiп беруге;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де талаптарды сақтауға мiндеттi.

      26-бап. Концессионердiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Концессионер:
      1) концессия объектiсiне қатысты құқықтарды концессия шартында көзделген жағдайларда жүзеге асыруға;
      2) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес берiлетiн инвестициялық преференциялардың субъeктici болуға;
      3) концессия шартын орындауға байланысты келтiрiлген шығындардың өтемiн алуға;
      4) концедент концессия шартының талаптарын бұзған жағдайда, концессия шартын бұзуды және мiндеттемелердi бұзудан туындаған залалдарды өтеудi талап етуге;
      5) егер концессия шартына енгiзiлген өзгерiс концессионердiң шығынға ұшырауына әкеп соқтырған жағдайда, шығынның орнын толтыруды талап етуге;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
      2. Концессионер:
      1) концессия объектiлерiнiң бейiнiн сақтауға;
      2) шартта көзделген жұмыстарды жүргiзуге (қызметтердi көрсетуге);
      3) концессия объектiсiнiң мүлiктiк кешенiне кiретiн әлеуметтiк сала объектiлерiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қаржыландыруға;
      4) Қазақстан Республикасының еңбек, жұмыспен қамту және   қоршаған ортаны қорғау cаласындағы заңнамасын сақтауға;
      5) концессия шарты жасалған мерзiм аяқталғаннан кейiн шарттың талаптарына сәйкес концедентке концессия объектiсiн тиiстi техникалық қалпында және үшiншi тұлғалардың құқықтарынан еркiн етiп беруге;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарында және концессия шартында белгiленген өзге де талаптар мен жағдайларды сақтауға;
      7) осы Заңның 14-бабы 1-тармағының 1), 2), 5) және 7) тармақшаларына сәйкес мемлекеттік қолдау түрлері ұсынылған жағдайда концессиялық жобаны қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес концессия шартында айқындалған банкте арнайы несиелік шот ашуға;
       8) концессиялық жобаны іске асыру үшін тартылған қаражатты нысаналы пайдалануды қамтамасыз етуге міндетті.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      27-бап. Дауларды шешу

      1. Мемлекеттiк меншiк объектiлерiн концессияға беруге байланысты даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында және концессия шартында белгiленген тәртiппен шешiледi.
      Концессия шартын орындауға және тоқтатуға байланысты даулар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және концессия шартында келiсiлген дауларды шешу рәсiмдерiне сәйкес келiссөздер арқылы шешiледi.
      2. Егер шартты орындауға және тоқтатуға байланысты даулар осы баптың 1-тармағына сәйкес шешiлмейтiн болған жағдайда, онда тараптар дауды Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес сот тәртiбiмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық коммерциялық төрелiк туралы заңнамалық актiсiне сәйкес халықаралық төрелiкке жүгiну арқылы шешуге құқылы.

      28-бап. Қазақстан Республикасының концессиялар туралы
               заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының концессиялар туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      29-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн жасалған концессия шарттары осы шарттарда белгiленген мерзiм өткенге дейiн өзiнiң күшiн сақтайды.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi