Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 ақпандағы N 30 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша «қызметкер еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқарған кезде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн», «Қызметкер еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқарған кезде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының», «Қызметкер еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқарған кезде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн», «жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгiн» және «Жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгiн» деген сөздер тиісінше «қызметкерді жазатайым оқиғалардан», «Қазақстан Республикасының қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру туралы», «Қызметкерді жазатайым оқиғалардан», «қызметкерді жазатайым оқиғалардан» және «Қызметкерді жазатайым оқиғалардан» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Осы Заң қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi және оны өткiзудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) аннуитеттік сақтандыру шарты (бұдан әрі – аннуитет шарты) – сақтандырушыны шартта белгiленген мерзiм iшiнде сақтандыру төлемiн пайда алушының пайдасына мерзiмдi төлемдер түрiнде жүзеге асыруға мiндеттi ететiн сақтандыру шарты;
      2) еңбек жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;
      3) кәсіптік еңбекке қабiлеттiлiк – қызметкердiң белгiлi бiр бiлiктiлiктегi, көлемдегi және сападағы жұмысты атқару қабiлетi;
      4) кәсіптік еңбекке қабiлеттiлiктен айрылу дәрежесi – қызметкердiң еңбек (қызметтік) мiндеттерiн атқару қабiлетiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын төмендеу деңгейi;
      5) кәсiптiк тәуекел сыныбы – өндiрiстiк жарақаттанудың және кәсiптiк аурулардың экономикалық қызмет түрлерi бойынша қалыптасқан деңгейi;
      6) қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру – еңбек (қызметтік) мiндеттерiн атқарған кезде өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрілген қызметкердің мүліктік мүдделерін қорғау жөніндегі қарым-қатынас кешені;
      7) пайда алушы – осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемiн алушы болып табылатын тұлға;
      8) сақтандыру жағдайы – осы Заңның 16-1-бабында көзделген мән-жайлар кезінде қызметкер (қызметкерлер) еңбек (қызметтік) мiндеттерiн атқарған кезде зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк фактордың әсер етуi нәтижесінде ол (олар) ұшырайтын, соның салдарынан қызметкердiң кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін белгілеуге, кәсiптiк ауруға не өлiмге әкеп соғатын өндірістік жарақаттану, денсаулығының күрт нашарлауы немесе улану болатын еңбек (қызметтік) мiндеттерiн атқарған кездегі жазатайым оқиға (жазатайым оқиға);
      9) сақтандыру сомасы – сақтандыру объектiсi сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершiлiгiнiң шектi көлемiн бiлдiретiн ақша сомасы;
      10) сақтандыру сыйлықақысы – сақтанушының сақтандырушыға, соңғысы пайда алушыға қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде сақтандыру төлемін жүргізуге мiндеттемелер қабылдағаны үшiн төлеуге мiндеттi ақша сомасы;
      11) сақтандыру төлемi – сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушының пайда алушыға сақтандыру сомасының шегiнде төлейтiн ақша сомасы;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      12) тармақша 2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі - (ҚР 2009.12.30 № 234-IV Заңының 2-бабын қараңыз).
      12) сақтандырушы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағында «өмірді сақтандыру» саласында аннуитеттік сақтандыру сыныбы бойынша және міндетті сақтандырудың осы түрі бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия алған заңды тұлға;
      13) сақтанушы – қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан жұмыс берушi.
       Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      2-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар

      1. Осы Заң мемлекеттік мекемелердің қызметкері еңбек (қызметтік) мiндеттерiн атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыруды реттемейді.
      2. Жұмыс берушінің қызметкерді жазатайым оқиғалардан ерікті түрде сақтандыру шартын жасауы оны қызметкерді міндетті сақтандыру шартын жасасу міндетінен босатпайды.
      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3-бап. Қазақстан Республикасының қызметкерді жазатайым
              оқиғалардан мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк  құқықтық актiлерiнентұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      4-бап. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан
              мiндеттi сақтандыру саласындағы мемлекеттiк
              бақылау мен қадағалау

      1. Сақтандыру ұйымдарының қызметiн мемлекеттiк қадағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      2. Сақтанушының осы Заңның талаптарын орындауын бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      5-бап. Қызметкер еңбек (қызметтік) мiндеттерiн атқарған
              кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті
              сақтандыру объектісі мен субъектілері

      1. Қызметкер еңбек (қызметтік) мiндеттерiн атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандырудың (бұдан әрi – қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру) объектiсi зардап шеккен қызметкердің кінәсі болған не болмаған кезде, оған кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін белгілеуге не оның өлiміне әкеп соғатын жазатайым оқиға нәтижесінде өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген қызметкердің мүлiктiк мүддесi болып табылады.
      2. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру субъектілері: сақтанушы, сақтандырушы және пайда алушы болып табылады.
      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      6-бап. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi
              сақтандырудың мақсаты мен негiзгi принциптерi

      1. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандырудың мақсаты еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқарған кезде өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлген қызметкерлердiң мүліктік мүдделерiн қорғауды сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру арқылы қамтамасыз ету болып табылады.
      2. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандырудың негiзгi принциптерi:
      қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шарты бойынша тараптардың өз мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз ету;
      жұмыс берушiлердiң еңбек қауiпсiздiгiн арттыруға экономикалық мүдделiлiгi болып табылады.

      6-1-бап. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті
                сақтандыруды жүзеге асырудың ерекшеліктері

      1. Сақтандыру ұйымы ретінде тіркелген заңды тұлғаның қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензия алғанға дейін астанада, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда филиалдарының және (немесе) сақтандыру агенттерінің болуы міндетті.
      2. Бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасу бойынша бір сақтандырушыға басқалары алдында негізсіз артықшылықтар беруге немесе алуға, сақтанушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне
қысым жасалуына бағытталған қызметке жол берілмейді.
      Ескерту. Заң 6-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      7-бап. Жұмыс берушi мiндеттi сақтандыруға тиiстi
              жауапкершiлiк

      Ескерту. 7-бап алынып тасталды - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      8-бап. Сақтанушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтанушының:
      1) қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартын жасасу үшiн сақтандырушыны таңдауға;
      2) сақтандыру жағдайы басталған кезде  уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң қызметкердi куәландыруы кезiнде қатысуға;
      3) өз құқықтары мен заңды мүдделерiн, сондай-ақ пайда алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн сот арқылы қорғауға;
      4) сақтандырушыдан мiндеттi сақтандыру талаптарын, қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шарты бойынша құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiрудi талап етуге;
      5) сақтандыру тәуекелiн бағалау үшiн тәуелсiз сарапшы тартуға;
      6) сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тарту немесе оның мөлшерiн азайту жөнiндегi шешiмiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дау айтуға құқығы бар.
      2. Сақтанушы:
      1) сақтандырушымен:
      1-1) заңды тұлға және дара кәсіпкер мемлекеттік тіркелген кезден бастап он жұмыс күні ішінде сақтандырушымен қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасуға;
      2) сақтандыру сыйлықақысын қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде, тәртiппен мен мерзiмде төлеуге және өзiндегi сақтандыру жөнiндегi барлық құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақталуын қамтамасыз етуге;
      2-1) персоналдың санаттары мен қызметкердің (қызметкерлердің) кәсіптік тәуекел сыныбы өзгерген кезден бастап он жұмыс күні ішінде бұл туралы сақтандырушыны хабардар етуге;
      3) сақтандыру жағдайларының алдын алуға бағытталған iс-шараларды жүзеге асыруға;
      4) жазатайым оқиғаның басталғаны туралы өзiне белгiлi болғанда, бұл туралы дереу, бiрақ үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей сақтандырушыға хабарлауға;
      5)  уәкiлеттi орган мен сақтандырушы өкiлдерiнiң мiндеттi түрде қатысуымен сақтандыру жағдайларының басталу мән-жайларын тексерудi қамтамасыз етуге;
      6) сақтандыру жағдайының басталуын, сондай-ақ оның келтiрген залалын дәлелдеуге;
      7) сақтандыру төлемiн есептеу үшiн қажеттi құжаттарды шартта белгiленген мерзiмде сақтандырушыға ұсынуға;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметкерлердi мiндеттi медициналық тексеруден уақтылы өткiзудi қамтамасыз етуге;
      9) қызметкерлердiң сақтандыру жағдайы алдындағы еңбек жағдайлары туралы құжаттарды уәкiлеттi органға және денсаулық сақтау ұйымдарына ұсынуға;
      10) қызметкерлердi еңбектiң қауiпсiз әдiстерi мен тәсiлдерiне өндiрiстен қол үздiрмей оқытуға;
      11) уәкiлеттi органның жазатайым оқиғалардың профилактикасы, олардың алдын алу мен тексеру мәселелерi жөнiндегi шешiмiн орындауға;
      12) өзiнiң қайта ұйымдастырылуы және таратылуы туралы сақтандырушыға уақтылы хабарлауға;
      13) сақтандыру жағдайынан келетiн залалдарды азайтуға бағытталған шаралар қолдануға;
      14) сақтандыру жағдайының басталуына жауапты тұлғаға талап қою құқығының сақтандырушығa ауысуын қамтамасыз eтугe;
      15) осы Заңда көзделген жағдайларда, қызметкердiң немесе қызметкердiң қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамның пайдасына қызметкерді жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасы шегінде аннуитет шартын жасасуға мiндеттi.
      3. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне қайшы келмейтiн басқа да құқықтары мен мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
       Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      9-бап. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтандырушының:
      1) сақтандыру жағдайларын тексеруге қатысуға;
      2) уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң қызметкердi куәландыруы кезiнде қатысуға;
      3) сақтандыру жағдайлары жөнiндегi ақпаратты тексеруге және қажет болған кезде тиiстi уәкiлеттi органдарға сұратулар жiберуге;
      4) сақтандыру тәуекелiн бағалау үшiн сақтанушының объектiлерiне тексеру жүргiзуге;
      5) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген жағдайларда сақтандыру төлемiн төлеуден бас тартуға;
      6) сақтандыру жағдайларының алдын алу жөнiнде ұсынымдар беруге;
      7) сақтандыру тәуекелiн бағалау үшiн тәуелсiз сарапшы тартуға;
      8) зиян келтiрген тұлғаға керi талап қоюға құқығы бар.
      2. Сақтандырушы:
      1) алынып тасталды - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен;
      2) сақтанушыны қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартының талаптарымен таныстыруға және оның қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiруге;
      3) сақтандыру жағдайы басталған кезде осы Заңға және қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартына сәйкес сақтандыру төлемдерiн және жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеуді жүргiзуге;
      4) өз қызметiнiң нәтижесiнде сақтанушы және пайда алушы туралы алынған мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз етуге;
      5) сақтандыру төлемiн төлеуден бас тарту туралы шешiм қабылданған жағдайда, өтінішті және осы Заңның 20-бабының 2-тармағында көзделген барлық құжаттарды алған күннен бастап, жеті жұмыс күні ішінде пайда алушыға бас тартудың дәлелдi негiзделген себептерiн жазбаша нысанда жiберуге;
      6) сақтанушының сақтандыру жағдайы кезiнде залалды азайту үшiн шығарған шығыстарын өтеуге;
      7) алынып тасталды - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      8) алынып тасталды - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен;
      9) осы Заңның 19-бабының 1-тармағында көзделген сақтандыру төлемдерін уақтылы жүзеге асырмаған кезде пайда алушыға аннуитет төлемі бойынша әрбір мерзімі өткен күн үшін төленбеген соманың 1,5 проценті мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті.
      Аннуитет сыныбы бойынша «өмірді сақтандыру» саласында сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандырушы қызметкердің немесе осы Заңда көзделген жағдайларда қызметкердің қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамның пайдасына қызметкерді жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасы шегінде аннуитет шартын жасасуға міндетті.
      3. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне қайшы келмейтiн басқа да құқықтары мен мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
       Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      10-бап. Пайда алушының құқықтары

      Пайда алушының:
      1) осы Заңда және қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген тәртiппен және талаптармен сақтандыру төлемдерiн алуға;
      2) сақтанушы мен сақтандырушыдан қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру талаптары туралы ақпаратты тегiн алуға;
      3) сақтандыру жағдайын тексеру мәселелерi жөнiндегi шешiмге уәкiлеттi органға немесе сотқа шағымдануға;
      4) уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне медициналық-әлеуметтiк сараптама мәселелерi бойынша жүгiнуге;
      5) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыға хабарлауға;
      6) сақтандыру жағдайын тексеруге қатысуға, оның iшiнде қызметкерлер өкiлдерiнiң не өзi сенiм бiлдiрген адамның қатысуымен қатысуға құқығы бар.

      11-бап. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi
               сақтандыру шарты

      1. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру осы Заңға және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқарған кезде өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлуi мүмкiн қызметкердiң пайдасына сақтанушы мен сақтандырушының арасында жасалатын шарттың негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шарты аннуитеттік сақтандыру сыныбы және мiндеттi сақтандырудың осы түрi бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуға тиіс.
      3. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шарты жазбаша нысанда жасалады.
      Сақтанушының өтiнiшi қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартын жасасу үшiн негiз болып табылады.
      Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартының жазбаша нысанын сақтамау оның жарамсыздығына әкеп соқтырады.
      Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартында көрсетiлуге тиiстi талаптардың толық еместiгi үшiн жауапкершiлiктi сақтандырушы өз мойнына алады. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шарты бойынша оның жекелеген талаптарының толық еместiгi салдарынан дау туындаған жағдайда, дау сақтанушының пайдасына шешiледi.
      4. Сақтандыру шарты жоғалған жағдайда сақтандырушы сақтанушының жазбаша өтiнiшi негiзiнде оған сақтандыру полисiнiң телнұсқасын беруге мiндеттi.
      Сақтандыру шартының телнұсқасын ресімдеуге жұмсалған шығыстарды сақтанушы өтейдi, бұл ретте өтелетiн шығыстардың жалпы сомасы өтiнiш берген күнгi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңымен белгiленген 0,1 айлық есептiк көрсеткiштен аспауға тиiс.
      5. Егер қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартын сақтанушының немесе пайда алушының жағдайын осы Заңда көзделгенмен салыстырғанда нашарлататын талаптармен жасалса, онда сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушы мен пайда алушының алдындағы мiндеттеменi осы Заңда белгiленген талаптар бойынша өз мойнына алады.
      6. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шарты:
      1) сақтандырушының атауын, орналасқан жерiн және банктiк реквизиттерiн;
      2) сақтанушының (eгep ол жеке тұлға болса) фамилиясын, атын, әкесiнiң атын (ол болған кезде) және тұрғылықты жерiн немесе (егер ол заңды тұлға болса) атауын, орналасқан жерiн және банктiк реквизиттерiн;
      3) сақтандыру объектiсiнiң сiлтемесiн;
      4) сақтандыру жағдайының сiлтемесiн;
      5) сақтандыру сомасының мөлшерiн, сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың тәртiбi мен мерзiмдерiн;
      6) сақтандыру сыйлықақысының мөлшерiн, оны төлеудiң тәртiбi мен мерзiмдерiн;
      7) шарт тараптарының құқықтарын, мiндеттерi және жауапкершiлiгiн;
      8) шартқа өзгерiстер енгiзу мен оның мерзiмiн ұзарту жағдайлары мен тәртiбiн;
      9) шарт жасалған күн мен оның қолданылу мерзiмiн;
      10) сақтандыру шартының нөмiрi мен сериясын қамтуға тиiс.
      Тараптардың келiсiмi бойынша шартқа өзге де талаптар енгiзiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      12-бап. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi
               сақтандыру шартының қолданылуы

      1. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген күннен бастап қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шарты күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болады.
      2. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шарты, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, ол күшiне енгiзiлген күннен бастап он екi ай мерзiмге жасалады.
      Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шарты сақтандырудың бүкiл мерзiмi iшiнде қолданылады және алғашқы сақтандыру жағдайы басталғанда қолданылуын тоқтатпайды.
      3. Жұмыс берушiнiң қызметi он екi айдан аз мерзiмде жүзеге асырылған кезде шарт осы қызметтi жүзеге асыру мерзiмiне жасалады.

      13-бап. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi
               сақтандыру шартының тоқтатылуы

      1. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шарты:
      1) шарттың қолданылу мерзiмi аяқталған;
      2) шарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылған;
      3) сақтандырушы сақтандыру шартында белгіленген жалпы сақтандыру сомасы мөлшеріндегі сақтандыру төлемін (сақтандыру төлемдерін) жүзеге асырған жағдайларда өз қолданылуын тоқтатады.
      2. Қызметкердi жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартының тоқтатылуы сақтандырушыны қызметкердi жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартының қолданылу кезеңінде болған кейіннен сақтандыру жағдайлары деп танылған жазатайым оқиғалар бойынша пайда алушыға сақтандыру төлемiн жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттерден босатпайды.
      Зардап шегуші қызметкерге кәсiптiк ауруының табылуы салдарынан кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айрылу дәрежесiн белгілеген жағдайда, сақтандыру төлемiн кәсіптік ауру белгілі болған мiндеттi сақтандыру шартының қолданылу кезеңінде қызметкердi жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушы жүзеге асырады.
       Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30  № 234-IV(2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      14-бап. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi
               сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату

      Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген жағдайларда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.

      15-бап. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi
               сақтандыру шартының жарамсыздығы

      Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартын жарамсыз деп танудың негiздерi және салдарлары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес айқындалады.

      16-бап. Сақтандыру сомасы

      1. Сақтандыру сомасы қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартымен айқындалады, бірақ ол жұмыс берушінің міндетті сақтандыру шартын жасасқан кездегі барлық қызметкерлердің еңбекақысының жылдық қорынан кем болмауға тиіс.
      2. Сақтандыру сомасы осы Заңның 19-бабына сәйкес көзделген сақтандыру төлемі (сақтандыру төлемдері) және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстар мөлшерінің сомасына азайтылады.
      3. Сақтандыру сомасы қызметкерлер еңбекақысының жылдық қоры өзгерген жағдайда өзгеруі мүмкін.
       Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      16-1-бап. Сақтандыру жағдайы басталуының мән-жайлары

      Қызметкерге кәсіптік еңбекке қабiлеттiлiгiнен айрылу дәрежесiн белгілеуге не оның өліміне әкеп соққан жазатайым оқиға кезіндегі мән-жайлар Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 322-бабының 2-тармағында көзделген.
      Ескерту. Заң 16-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      17-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерiн айқындау
               және оны қызметкерді жазатайым оқиғалардан
               мiндеттi сақтандыру шарты бойынша төлеудiң
               тәртiбi

      1. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы осы баптың 2-тармағында белгіленген, персоналдың тиісті санаты бойынша еңбекақы төлеу қорына көбейтілген сақтандыру тарифінің негізінде тараптардың келісімімен айқындалады. Алынған сомалар қосылуға тиіс.
      Егер сақтандыру шартының қолданылу мерзімі ішінде еңбекақы төлеу қоры өзгерсе, онда тараптардың келісімі бойынша негізгі шарттың қолданылу кезеңіне қосымша келісім жасасу (сақтандыру сомасының және сақтандыру сыйлықақысының мөлшері бөлігінде) арқылы сақтандыру шартына өзгерістер енгізілуі мүмкін. Сақтандыру сыйлықақысы еңбекақы төлеу қорының өзгеру сомасы және негізгі шарттың аяқталуына дейінгі қалған мерзім негізге алына отырып есептеледі. Сақтандыру тарифі сақтандыру шарты (негізгі шарт) жасалған тарифтен қалған сақтандыру кезеңіне барабар есептеледі.
      2. Кәсiптiк тәуекел сыныбына және персоналдың санаттарына қарай экономикалық қызмет түрлерi бойынша сараланған сақтандыру тарифтерiнiң төмендегiдей шектерi белгiленсiн:

Персоналдың санаты

Кәсiптiк тәуекел сыныбы

Ең төменгі тариф (%)

Ең жоғарғы тариф (%)

Өндірістік персонал

    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8   
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22

    0,04
    0,04
    0,16
    0,23
    0,23
    0,32
    0,47
    0,50
    0,50
    0,56
    0,58
    0,74
    0,80
    1,03
    1,07
    1,08
    1,15
    1,21
    1,45
    1,48
    2,94
    4,36

   0,13
   0,10
   0,35
   1,80
   0,53
   2,00
   2,15
   1,41
   1,57
   1,17
   2,90
   1,96
   2,74
   3,08
   3,40
   3,36
   9,83
   2,60
   4,08
   4,44
   9,99
   9,17

Әкiмшiлiк-басқару персоналы

Кәсiптiк тәуекелдiң барлық сыныптары үшiн

    0,04

   0,10

Көмекшi персонал

Кәсiптiк тәуекелдiң барлық сыныптары үшiн

    0,47

   2,15

      3. Экономикалық қызмет түрлерiн кәсiптiк тәуекел сыныптарына жатқызу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      4. Сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартында көзделген тәртiппен және мерзiмде бiржолы немесе оның мерзiмiн ұзартып төлейдi. Егер қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтанушы кезектi сақтандыру жарнасын уақтылы төлемегенi үшiн сақтандырушыға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.
      5. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартының қолданысы ішінде персоналдың санаттары мен қызметкердің кәсіптік тәуекел сыныбы өзгерген жағдайда, сақтандыру сыйлықақысы қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартының қолданылу мерзімі өткенге дейін қалған мерзімге барабар қайта есептеледі.
       Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      17-1-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін ұлғайту

      Егер сақтандыру жағдайы (сақтандыру жағдайлары) қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың алдыңғы шартының қолданылуы кезеңінде сақтанушының кінәсінен болса, сақтандырушы жұмыс берушінің қызметкерлерінің жалпы санына қарай үстемеақы коэффициентін қолдану арқылы осы Заңның 17-бабына сәйкес есептелген сақтандыру сыйлықақының мөлшерін мынадай мөлшерлерде:
      1) зардап шегуші қызметкерлер саны екіден бес процентке дейін болғанда 1,10 мөлшерінде;
      2) зардап шегуші қызметкерлер саны алтыдан он бес процентке дейін болғанда 1,30 мөлшерінде;
      3) зардап шегуші қызметкерлер саны он бестен және одан да көп процент болғанда 1,50 мөлшерінде ұлғайтуға міндетті.
      Бұл ретте, осы тармақта белгіленген шарт бойынша сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін ұлғайту қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың алдыңғы шартының қолданылу кезеңінде болған екі немесе одан да көп қызметкердің қатысуымен сақтандыру жағдайы (сақтандыру жағдайлары) басталған кезде жүзеге асырылады.
      Осы тармақта көзделген үстемеақы коэффициенттері сақтандыру жағдайына ұшыраған персоналдың сол санаттары мен кәсіптік тәуекел сыныбы бойынша сақтандыру тарифіне қолданылады.
      Үстемеақы коэффициентін қолдану тәртібі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
      Ескерту. Заң 17-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      18-бап. Келтiрiлген зиянның мөлшерiн айқындау

      1. Алынып тасталды - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
      2. Қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян қызметкердiң уақытша еңбекке қабілетсіздігіне байланысты зиянды қоспағанда, оның қайтыс болуына немесе оған кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін белгілеуге байланысты зиянның материалдық көрiнiсiн қамтиды.
      Қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянның мөлшерi осы Заңға сәйкес тапсырылған құжаттардың негiзiнде айқындалады.
       Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      19-бап. Зиянның мөлшерін анықтау тәртібі.
              Қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті
               сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдері

      1. Қызметкердің қайтыс болуына немесе оған кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесінің белгіленуіне байланысты жалақыдан (кірістен) айрылуына қатысты зиянның мөлшері Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің талаптарына сәйкес айқындалады.
      Қызметкерге бір жылдан аспайтын мерзімге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін белгілеуге байланысты оның жалақысынан (кірісінен) айрылуына қатысты зиянды өтеу ретінде тиесілі сақтандыру төлемін сақтандырушы осы Заңның 20-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарды ұсынған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес айқындалған мөлшерде дербес жүзеге асырады.
      Қызметкердің бір жыл және одан да көп мерзімге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін белгілеуге байланысты оның жалақысынан (кірісінен) айрылуына қатысты зиянды өтеу ретінде тиесілі сақтандыру төлемі осы Заңның 23-бабына сәйкес сақтанушымен жасалған аннуитет шартына сәйкес қызметкердің кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін белгілеу не ұзарту (қайта куәландыру) мерзіміне теңдей мерзім ішінде қызметкердің пайдасына аннуитеттік төлемдер түрінде жүзеге асырылады.
      Жазатайым оқиға басталған кезде қызметкердің қайтыс болуына байланысты, сондай-ақ жазатайым оқиғаның болуы салдарынан оның денсаулығының нашарлау себебі бойынша зиянды өтеу жөніндегі сақтандыру төлемі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген мерзім ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зиянды өтету құқығы бар адамдардың пайдасына аннуитеттік төлемдер түрінде жүзеге асырылады.
      Осы Заңмен көзделген жағдайларда пайда алушылар болып табылатын өзге де тұлғалардың сақтандыру төлемін алуға құқығы болады.
      Аннуитет шарты бойынша аннуитеттік төлемдер есебінің тәртібі қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
      Өмірі мен денсаулығына келтірген зиян үшін белгіленген тәртіппен жауапты деп танылған заңды тұлға таратылған жағдайда, зардап шегуші қызметкермен не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес қызметкердің қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адаммен Заңда көзделген тәртіппен аннуитет шарты жасалады.
      2. Қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесі белгіленген жағдайда, оның денсаулығының зақымдануынан туындаған шығыстарды өтеу жөніндегі сақтандыру төлемдерінің мөлшері мынадай мөлшерлерде (республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген тиісті қаржы жылына арналған айлық есептік көрсеткіштермен) белгіленеді:
      1) кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесі 5-тен қоса алғанда 29 процентке дейін болып белгіленген кезде - 500;
      2) кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесі 30-дан қоса алғанда 59 процентке дейін болып белгіленген кезде - 1000;
      3) кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесі 60-тан қоса алғанда 89 процентке дейін болып белгіленген кезде - 1500;
      4) кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесі 90-нан қоса алғанда 100 процентке дейін болып белгіленген кезде - 2000.
      Сақтандырушы денсаулықтың зақымдануынан туындаған шығыстарды өтеу жөніндегі сақтандыру төлемін жәбірленуші қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесі белгіленгенін растайтын құжатты ұсынған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде бір мезгілде жүргізеді.
      Денсаулықтың зақымдануынан туындаған шығыстарды өтеу жөніндегі сақтандыру төлемі кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін ұзарту (қайта куәландыру) кезінде жүзеге асырылмайды.
      Осы тармақта көзделген жағдайларда зардап шегуші қызметкер сақтандыру төлемін алушы болып табылады.
      3. Зардап шегуші қызметкер қайтыс болған жағдайда, оны жерлеуді жүзеге асырған тұлғаға сақтандырушы жерлеуге жұмсалған шығыстарды жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтейді.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тармақ 2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі.
      4. Егер осы бапта көзделген сақтандыру төлемінің (сақтандыру төлемдерінің) және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстардың мөлшері қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартымен белгіленген сақтандыру сомасының мөлшерінен асып түскен жағдайда, сақтандырушыға сақтанушының есебінен айырмасы төленеді.
      5. Сақтандыру төлемін аударуға байланысты шығыстар сақтандырушының есебінен жүргізіледі.
      Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      19-1-бап. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті
                 сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдерін
                 жүзеге асырудың ерекшеліктері

      1. Сақтанушы «жалпы сақтандыру» саласындағы сақтандыру қызметін жүзеге асыратын сақтандырушымен қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасқан жағдайда, осы сақтандырушы мынадай:
      1) қызметкердің кемінде бір жыл мерзімге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін белгілеуге байланысты оның жалақысынан (табысынан) айрылуына қатысты зиянды өтеу;
      2) сақтандыру жағдайы басталған кезде қызметкердің денсаулығының зақымдануынан туындаған шығыстарды өтеу бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асырады.
      Қызметкерге бір жыл және одан да көп мерзімге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін белгілеуге байланысты оның жалақысынан (табысынан) айрылуына қатысты зиянды өтеу ретінде тиесілі, сондай-ақ қызметкердің қайтыс болуына байланысты сақтандыру аннуитет шартына сәйкес аннуитеттік сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемін жүзеге асырады.
      «Жалпы сақтандыру» саласындағы сақтандыру қызметін жүзеге асыратын сақтандырушы осы Заңның 20-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде аннуитеттік сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандыру ұйымына осы Заңға сәйкес ақша аударуды жүзеге асырады.
      2. Сақтанушы аннуитеттік сақтандыру сыныбы бойынша «өмірді сақтандыру» саласындағы сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандырушымен қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасқан жағдайда, сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемдерін осы сақтандырушы осы Заңның 19-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырады.
      Ескерту. Заң 19-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі және 2012.01.01 дейін қолданыста болады) Заңымен.

      20-бап. Сақтандыру төлемін жүзеге асырудың жалпы талаптары

      1. Сақтандырушыға сақтандыру төлемі туралы талапты сақтанушы немесе пайда алушы болып табылатын өзге тұлға пайда алушының тұрғылықты жерін, байланыс телефондарын, банктік деректемелерін (қажет болғанда), сақтандыру төлемін - қолма-қол ақшамен не банктік шотқа аударым жасау арқылы алу тәртібін көрсетіп, сақтандыру төлемін жүзеге асыруға қажетті құжаттарды қоса тіркей отырып, жазбаша нысанда қояды.
      2. Сақтандыру төлемі туралы өтінішке мынадай құжаттар қоса тiркеледi:
      1) кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айрылу дәрежесін белгілеген жағдайда:
      сақтандыру шартының көшірмесі;
      жазатайым оқиға туралы акт;
      салық төлеушінің тіркеу нөмірін немесе жәбірленуші қызметкердің жеке сәйкестендіру нөмірін растайтын құжаттың көшірмесі;
      уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң еңбекке қабiлеттiлiктен айрылуды белгiлеу туралы анықтамасының көшiрмесi;
      кәсіптік аурудың болуын растайтын құжаттың көшірмесі;
      жұмыс беруші куәландырған, жәбірленуші қызметкер жұмыс істеген, бірақ он екі айдан аспайтын кезеңдегі жалақысының мөлшерін растайтын құжаттың көшірмесі;
      2) қызметкер қайтыс болған жағдайда:
      сақтандыру шартының көшірмесі;
      жазатайым оқиға туралы акт;
      қызметкердің қайтыс болғаны туралы куәліктің нотариаттық куәландырылған көшірмесі;
      қызметкер қайтыс болған жағдайда пайда алушының зиянды өтетуге құқығын растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесі;
      пайда алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;
      салық төлеушінің тіркеу нөмірін немесе пайда алушының жеке сәйкестендіру нөмірін растайтын құжаттың көшірмесі;
      жұмыс беруші куәландырған, қайтыс болған қызметкер жұмыс істеген, бірақ он екі айдан аспайтын кезеңдегі жалақысының мөлшерін растайтын құжаттың көшірмесі;
      3) сақтанушының сақтандыру жағдайы басталған кезде залалды болғызбау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстарын, олар болған жағдайда, растайтын құжаттар.
      Сақтандырушының сақтанушыдан не пайда алушыдан қосымша басқа құжаттарды талап етуiне жол берiлмейдi.
      3. Құжаттарды қабылдаған сақтандырушы өтініш беруші табыс еткен құжаттардың толық тiзбесiн және олар қабылданған күндi көрсете отырып, екі данада анықтама жасауға міндетті.
      Анықтаманың бір данасы өтініш берушіге беріледі, өтініш берушінің оны алғаны туралы белгісі бар екінші данасы сақтандырушыда қалады.
      Сақтанушы немесе пайда алушы болып табылатын өзге тұлға осы баптың 2-тармағында көзделген барлық құжаттарды табыс етпеген жағдайда, сақтандырушы оларды үш жұмыс күні ішінде жетіспейтін құжаттар туралы жазбаша хабардар етуге міндетті.
      4. Зардап шеккен қызметкер (ал ол қайтыс болған жағдайда қызметкердiң қайтыс болуына байланысты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зиянды өтетуге құқығы бар тұлға), сондай-aқ келтiрiлген зиянды сақтандырушының осы Заңда белгiленген жауапкершiлiгi көлемiнiң шегiнде пайда алушыға өтеген және сақтандыру төлемiне құқық алған сақтанушы немесе өзге тұлға пайда алушы болып табылады.
      5. Сақтандыру төлемi пайда алушының жазбаша ресiмделген өтiнiшi немесе нотариаттық куәландырылған сенiмхаты бойынша денсаулығын қалпына келтiру жөнiнде оған қызмет көрсеткен (көрсететiн) тұлғаға тiкелей төленуi мүмкiн.
      6. Сақтандырушы сақтандыру төлемiн жүзеге асыру кезiнде пайда алушыдан оның сақтандырушыға талап қою құқығын шектейтiн шарттарды қабылдауын талап етуге құқылы емес.
       Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      21-бап. Зиян келтiрген тұлғаға керi талап қою құқығы

      Ескерту. 21-бап алынып тасталды - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      22-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемiн жүзеге
               асырудан босатудың негiздемесi

      Сақтандырушы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек кодексiнің 322-бабының 3-тармағында көзделген жағдайлар басталған кезде сақтандыру төлемдерiнен толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.
      Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.30  № 234-IV(2010.08.09 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      23-бап. Аннуитет шартын жасасу

      1. Жұмыс беруші осы Заңның 19-бабы 1-тармағының талаптарын ескере отырып, қызметкердің кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесі белгіленген не ұзартылған (қайта куәландырылған) не ол қайтыс болған жағдайда қызметкердің не қызметкердің қайтыс болуына байланысты Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес зиянды өтету құқығы бар тұлғаның пайдасына аннуитет шартын жасасуға міндетті.
      2. Аннуитет шарты осы Заңның 20-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарды табыс еткен күннен бастап, бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жасалады.
      3. Аннуитет шарты зардап шеккен қызметкердiң не қызметкердiң қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқық алған тұлғалардың Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiлеген мөлшерде және мерзiмдерде кiрiс алуын қамтамасыз ететiн шарттармен жасалады.
      4. Аннуитет шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы пайда алушыға төленуге жатпайды.
      5. Аннуитет шартына қойылатын талаптар және сақтандырушының жасалатын аннуитет шарттары бойынша істі жүргізуге арналған шығыстарының жол берілетін деңгейі қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
      Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      24-бап. Қызметкердi еңбекке қабiлеттiлiгiнен айрылу
               дәрежесiн анықтауға куәландырудың тәртiбi

      1. Қызметкердiң (қызметкерлердiң) еңбекке қабiлеттiлiгiнен бiр күннен артық айрылуына әкеп соқтыратын әрбiр жазатайым оқиға медициналық қорытындыға сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жазатайым оқиға туралы актiмен ресiмделедi.
      2. Қызметкердi еңбекке қабiлеттiлiгiнен айрылу дәрежесiн анықтауға куәландыруды уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi сақтанушының, сақтандырушының не қызметкердiң өтiнiшi бойынша немесе сот шешiмi бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзедi. Денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы мен жазатайым оқиға туралы акт куәландырудың негiздемесi болып табылады.
      Қызметкердi жазатайым оқиға немесе кәсiптiк ауру салдарынан еңбекке қабiлеттiлiгiнен айрылу дәрежесiн анықтауға куәландырудың, сондай-ақ қосымша көмек пен күтiм түрлерiне мұқтаждықты белгiлеудiң тәртiбiн уәкiлеттi орган денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша бекiтедi.
      Кәсiптiк аурулар тiзбесiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.

      25-бап. Дауларды шешу

      Осы Заңды орындау бойынша қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру субъектiлерi арасында туындаған даулардың бәрi Қазақстан Республикасының  заңнамасына сәйкес шешiледi.

      26-бап. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi
               сақтандыру субъектiлерiнiң мемлекеттiк
               статистикалық есептiлiгi

      Ескерту. 26-бап алынып тасталды - ҚР 2010.03.19 № 258-IV Заңымен.

      27-бап. Қазақстан Республикасының қызметкерді жазатайым
               оқиғалардан мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын
               бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.

      28-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң 2005 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi