Осы Заң кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу жөнiндегi мемлекеттiк органдар қызметiнiң құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әлеуметтік оңалту - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесінің органдары мен мекемелері жүзеге асыратын өмірде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағанды құқықтық, әлеуметтік, дене бітімі, психикалық, педагогикалық, моральдық және (немесе) материалдық жағынан қалпына келтіруге бағытталған шаралар кешені;
2) жеке профилактикалық жұмыс - жеке және заңды тұлғалардың өмірде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандар мен тұрмысы қолайсыз отбасыларын, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар немесе қоғамға жат іс-әрекеттер жасауға тартып жүрген өзге де адамдарды уақтылы анықтау, оларды әлеуметтік оңалту және (немесе) олардың құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі қызметі;
3) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу (бұдан әрі - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы) - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың және қоғамға жат іс-әрекеттердің алдын алуға, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған, кәмелетке толмағандармен, кәмелетке толмағандардың оларды тәрбиелеу, оқыту немесе бағып-күту жөніндегі міндеттерін орындамайтын не олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін ата-аналарымен немесе басқа да заңды өкілдерімен, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар немесе қоғамға жат іс-әрекеттер жасауға тартып жүрген өзге де адамдармен жеке профилактикалық жұмысты қоса жүзеге асыратын құқықтық, педагогикалық және өзге де шаралар жүйесі;
4) кәмелетке толмағанды бағып-күту - кәмелетке толмағанның ата-анасының немесе басқа да заңды өкілдерінің өздерінің қаржылық мүмкіндіктерінің және қабілеттерінің шегінде оның толыққанды дамуы, оның мүліктік және мүліктік емес құқықтары мен мүдделерін және мемлекеттік ең төмен әлеуметтік стандарттарды қорғау үшін жағдай жасауы;
5) кәмелетке толмағанды тәрбиелеу - балаға қоғамда қалыптасқан және оның рухани, дене бітімі, имандылық, психикалық, мәдени, зияткерлік жағынан дамуына және әлеуметтік ортаның теріс ықпалынан қорғауға бағытталған мінез-құлық ережелері мен нормаларын дарыту жөніндегі ата-анасының немесе басқа да заңды өкілдерінің, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметкерлерінің тарапынан оған әсер ететін үздіксіз процесс;
6) қадағалаусыз қалған бала - ата-анасының немесе олардың заңды өкілдерінің, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қадағалауды жүзеге асыруға міндетті оқыту, тәрбиелеу және өзге де мекеме педагогтарының, тәрбиешілерінің және басқа да қызметкерлерінің тарапынан оны тәрбиелеу, оқыту және (немесе) бағып-күту жөніндегі міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы салдарынан не оның үйден немесе баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардан өз бетімен кетуі салдарынан мінез-құлқына бақылау болмаған кәмелетке толмаған бала;
7) қадағалаусыз қалу - кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтар жасауына ықпал ететін, олардың мінез-құлқы мен тұрмыс жағдайына тиісінше бақылаудың жоқтығымен сипатталатын әлеуметтік құбылыс;
8) өмірде қиын жағдайға душар болған балалар - қалыптасқан жағдайлардың салдарынан тіршілік әрекеті бұзылған және осы жағдайларды өз бетінше немесе отбасының көмегімен жеңе алмайтын балалар;
9) панасыз қалған бала - тұрғылықты жері жоқ қадағалаусыз қалған бала;
10) тұрмысы қолайсыз отбасы - кәмелетке толмағандардың ата-анасы немесе заңды өкілдері оларды тәрбиелеу, оқыту, бағып-күту жөніндегі өз міндеттерін орындамайтын және (немесе) олардың
мінез-құлқына теріс әсер ететін отбасы.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2009.07.10. N 176-IV Заңымен.
2-бап. Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандар
арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз
және панасыз қалудың профилактикасы туралы
заңдары
1. Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық
бұзушылықтардың, қадағалаусыз және
панасыз қалудың профилактикасы саласындағы
мемлекеттiк саясат
1. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы саласындағы мемлекеттiк саясат құқықтық саясаттың бiр бөлiгi болып табылады және ол кәмелетке толмағандар үшiн құқықтық және әлеуметтiк кепiлдiктер жасау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалу профилактикасының жүйесiн құрайтын органдар мен мекемелердi материалдық-техникалық, қаржылық, ғылыми-әдiстемелiк және кадрлармен қамтамасыз етудi қамтиды.
2. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы саласындағы мемлекеттiк саясат:
2) кәмелетке толмағандарға iзгiлiкпен қарау;
4) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы шараларын қолданудағы кешендiлiк;
5) өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандармен жеке жұмыс жүргiзу;
8) жүйелiлiк принциптерi бойынша жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк саясаттың мақсаты:
1) балалардың дене бiтiмi, зияткерлiк, рухани және имандылық дамуына, оларды патриоттыққа, азаматтыққа және бейбiтшiлiк сүйгiштiкке тәрбиелеуге, сондай-ақ баланың қоғам мүдделерiмен, мемлекет халықтарының дәстүрлерiмен, ұлттық және әлемдiк мәдениеттiң жетiстiктерiмен ұштасқан жеке басын тәрбиелеуге ықпал ету;
2) кәмелетке толмағандардың құқықтық санасын және құқықтық мәдениетiн қалыптастыру жөнiндегi мақсатты жұмысты қамтамасыз ету;
3) кәмелетке толмағандармен жеке профилактикалық жұмыс жүргiзу үшiн құқықтық негiздердi қалыптастыру;
4) кәмелетке толмаған баланың ата-анасымен және басқа да заңды өкiлдерiмен өзара қарым-қатынас жасау;
5) балаларды оқыту, тәрбиелеу, емдеу, спорт және өзге де мекемелерінің тиісті дәрежеде жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
6) кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзғаны үшiн жауапкершiлiктi белгiлеу;
7) қызметi әлеуметтiк тапсырыстар беру және Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де шаралар арқылы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жөнiндегi шараларды жүзеге асырумен байланысты коммерциялық емес ұйымдарды мемлекеттiк қолдау арқылы жүзеге асырылатын кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы болып табылады.
4-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық
бұзушылықтардың, қадағалаусыз және
панасыз қалудың профилактикасы саласындағы
мемлекеттiк органдардың негiзгi мiндеттерi
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы саласындағы мемлекеттiк органдардың негiзгi мiндеттерi:
1) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың және қоғамға жат iс-әрекеттердiң алдын алып, олардың жасалуына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтау және жою;
2) кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету;
3) өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды әлеуметтiк оңалту;
4) кәмелетке толмағандардың заңға мойынсұнушылық мiнез-құлқын қалыптастыру;
5) кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар немесе қоғамға жат iс-әрекеттер жасауға тарту фактiлерiн анықтап, жолын кесу;
6) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу жөнiндегi заңды тұлғалардың қызметiн үйлестiру болып табылады.
Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.10. N 176-IV Заңымен.
5-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық
бұзушылықтардың, қадағалаусыз және
панасыз қалудың профилактикасы саласындағы
мемлекеттiк реттеу
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы саласындағы мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасының Үкiметi, орталық атқарушы органдар, сондай-ақ жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар жүзеге асырады.
6-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық
бұзушылықтардың, қадағалаусыз және
панасыз қалу профилактикасының жүйесi
1. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалу профилактикасының жүйесiне iшкi iстер, бiлiм беру, денсаулық сақтау, әдiлет органдары, халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын үйлестiретiн мемлекеттiк орган, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялар және өз құзыретi шегiнде өзге де мемлекеттiк органдар кiредi.
2. Iшкi iстер, бiлiм беру, денсаулық сақтау, әдiлет органдарында және жергiлiктi атқарушы органдарда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жөнiндегi жекелеген функцияларды жүзеге асыратын мекемелер құрылуы мүмкiн.
3. Өзге ұйымдар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар, қадағалаусыз және панасыз қалу жағдайының профилактикасына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қатысады.
2-тарау. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы саласындағы мемлекеттік органдар мен мекемелердің функциялары және өкілеттіктері
7-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттары мен оны жүзеге асыру жөнiндегi шараларды әзiрлейдi;
2) кәмелетке толмағандардың әлеуметтiк қорғалу жүйесiн айқындайды;
3) кәмелетке толмағандардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн сақтау және қорғау, бала құқықтарын қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыратын ұйымдардың желiсiн дамыту жөнiндегi шараларды әзiрлейдi және iске асырады;
4) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөніндегi ведомствоаралық комиссияны құрады;
5) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы, оларды әлеуметтiк оңалту жөнiндегi бағдарламаларды бекiтедi.
8-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың
құзыретi
1. Жергiлiктi өкiлдi органдар өз құзыретi шегiнде:
1) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасына арналған жергiлiктi бюджеттердiң шығыс бөлiгiнiң атқарылуын, экономикалық және әлеуметтiк өңiрлiк даму бағдарламаларын бекiтедi және олардың iске асырылуын бақылайды;
2) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялардың құрамын бекiтедi;
3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Жергiлiктi атқарушы органдар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы саласындағы өз жұмысын жергiлiктi мемлекеттiк басқару деңгейлерiне сәйкес және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген құзыретi шегiнде ұйымдастырады.
3. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
1) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялардың дербес құрамын бекiту үшiн тиiстi мәслихаттарға ұсынады және олардың жұмысын ұйымдастырады;
2) өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандардың және жайсыз отбасылардың өңiрлiк есебiн жүргiзедi;
3) өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жұмысқа орналастыру және тұрмыстық жағдайын жасау , өзге де көмектер көрсету жөнiндегi шараларды қолданады;
4) қызметтерi кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы, жасөспiрiмдердiң салауатты өмiр салтын насихаттау, құқықтық сауаттылығын арттыру жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға байланысты коммерциялық емес және өзге де ұйымдарға ұйымдастырушылық-әдiстемелiк көмек көрсетедi;
5) кәмелетке толмағандар үшiн, оның iшiнде бала құқығын қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыратын ұйымдардың әлеуметтiк инфрақұрылымының қалыптасуын қамтамасыз етедi және олардың қызметтерiнiң мониторингiн жүргiзедi.
4. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары:
1) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялардың дербес құрамын бекiту үшiн тиiстi мәслихаттарға ұсынады және олардың жұмысын ұйымдастырады;
2) өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандардың және тұрмысы қолайсыз отбасылардың дербес есебiн жүргiзедi;
3) кәмелетке толмағандарға арналған әлеуметтiк инфрақұрылымның қалыптасуына жәрдемдеседi;
4) өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жұмысқа орналастыру және оларға тұрмыстық жағдай жасау , өзге де көмек көрсету жөнiндегi шараларды қолданады;
5) қызметтерi кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы, жасөспiрiмдердiң салауатты өмiр салтын насихаттау, құқықтық сауаттылығын арттыру жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға байланысты коммерциялық емес және өзге де ұйымдарға ұйымдастырушылық-әдiстемелiк көмек көрсетедi.
9-бап. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың
құқықтарын қорғау жөнiндегі комиссиялар
1. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссия кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы, олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау саласындағы мемлекеттiк органдар мен мекемелердің қызметiн үйлестiрудi қамтамасыз ететiн тұрақты жұмыс iстейтiн алқалы орган болып табылады.
2. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi ведомствоаралық комиссия - Қазақстан Республикасының Үкiметi жанынан, ал облыстық, қалалық, аудандық - қалада, аудандық комиссиялар тиiстi жергiлiктi атқарушы орган (әкiмдiк) жанынан құрылады.
3. Қажет болған жағдайда кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссия аудан орталығынан едәуiр қашықтықта орналасқан кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмi жанынан құрылуы мүмкiн. Кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмi жанындағы кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның аудандық комиссияның құқықтары мен мiндеттерi болады. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi кенттiк, ауылдық (селолық), ауылдық (селолық) округтiк комиссияны құру туралы шешiмдi облыс әкiмдiгi қабылдайды, ал оның дербес құрамын тиiстi ауданның мәслихаты бекiтедi.
4. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның құрамына төраға, төрағаның орынбасары, комиссия мүшелерi және хатшы кiредi. Төраға мен хатшы тиiстi мемлекеттiк органдар аппараттарында штаттық лауазымды атқарады. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөнiндегi кенттiк, ауылдық (селолық), ауылдық (селолық) округтiк комиссия төрағасының функцияларын тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң әкiмi атқарады.
5. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның құрамына тиiстi мәслихаттардың депутаттары, iшкi iстер, бiлiм беру, мәдениет, денсаулық сақтау, әдiлет органдарының, жұмыспен қамту, қамқоршылық пен қорғаншылық мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның, кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасына мүдделi қоғамдық және өзге де ұйымдардың өкілдері кіреді.
6. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялар өз құзыретi шегiнде:
1) кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау және қалпына келтiру, кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз, панасыз қалуына, құқық бұзушылықтар мен қоғамға жат iс-әрекеттер жасауына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
2) мемлекеттiк органдардың кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың және қоғамға жат iс-әрекеттердiң профилактикасы жөнiндегi қызметiн жетілдiруге, оларды әлеуметтік оңалтуға бағытталған бағдарламалар мен әдiстемелердi әзiрлейдi;
3) бала құқығын қорғау жөнiндегі мiндеттердi жүзеге асыратын ұйымдардағы кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, әкету, бағып-күту жағдайларын бақылауды қамтамасыз етуге қатысады;
4) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың жай-күйiн зерделейдi және осы салада әлеуметтiк зерттеулер жүргiзудi ұйымдастырады;
5) бала құқығын қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыратын ұйымдар желiсiнiң дамуына жәрдемдеседi және олардың қызметiнiң мониторингiн қамтамасыз етедi;
6) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасымен айналысатын органдар мен ұйымдардың оң тәжiрибесiн жинақтап, таратады және оларға әдiстемелiк және практикалық көмек көрсетедi;
7) мүдделi мемлекеттiк органдар басшыларының кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы, олардың құқықтарын қорғау бойынша жүргiзген жұмыстары туралы есептерiн тыңдайды және олардың арасында жетекшiлiк ететiн мәселелер бойынша өзара ақпарат алмасуды ұйымдастырады;
8) кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына және ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына жiберу мәселелерi бойынша сотқа материалдар дайындауға қатысады;
9) қылмыстық-атқару жүйесiнiң мекемелерiнен босатылған не арнаулы бiлiм беру ұйымдары мен ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарынан оралған кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыруда және тұрмыстық жағдайын қалыптастыруда, сондай-ақ өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды әлеуметтiк оңалту жөнiндегi өзге де мiндеттердi жүзеге асыруда мүдделi органдардың қызметiн үйлестiреді;
10) құқық бұзған кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және бағып-күту жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамайтын не олардың мiнез-құлықтарына терiс әсер ететiн кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкiлдерiне қатысты материалдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қарайды;
11) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жөнiнде жүргiзiлген жұмыс туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды ұйымдастырады.
7. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияларды құру тәртiбi және олардың қызметiн ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады .
Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.10. N 176-IV Заңымен.
10-бап. Iшкi iстер органдарының құзыретi
Iшкi iстер органдары өз құзыретi шегiнде:
1) осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 1) - 12) тармақшаларында аталған кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту, бағып-күту жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамайтын және (немесе) олардың мiнез-құлқына терiс әсер ететiн олардың ата-аналарын немесе заңды өкiлдерiн анықтайды, есебiн жүргiзедi және оларға қатысты жеке профилактикалық жұмыс жүргiзедi;
2) кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар, қоғамға қарсы iс-әрекеттер жасауға тартатын не балаларға қатысты басқа да құқыққа қарсы ic-әрекеттер жасайтын адамдарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және (немесе) бағып-күту жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамайтын немесе тиiсiнше орындамайтын, не олардың мiнез-құлқына терiс әсер ететiн кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкiлдерiн, педагогтарды, тәрбиешiлердi, оқу, тәрбие және кәмелетке толмағандарды қадағалауды жүзеге асыруға мiндеттi өзге де мекеменiң басқа да қызметкерлерiн анықтайды және оларды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тарту жөнiнде шаралар қолданады;
3) кәмелетке толмағандар жасаған немесе олардың қатысуымен жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар мен қылмыстар туралы өтiнiштер мен хабарламаларды белгiленген тәртiппен қарайды және оларға итермелейтiн себептер мен жағдайларды жою жөнiнде шаралар қолдану туралы ұсыныстар енгiзедi, олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етедi;
4) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттiк мекемелерге жiберуге немесе кәмелетке толмағандарды қамқоршылыққа немесе қорғаншылыққа алуды ресiмдеуге жәрдемдеседi;
5) арнаулы бiлiм беру ұйымдарына және ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына жiберiлетiн кәмелетке толмағандарға қатысты материалдарды дайындауға қатысады;
6) қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларға және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларына сотталған кәмелетке толмағандардың өмiр салтын және мiнез-құлқын бақылауды қамтамасыз етуде әдiлет органдарының қылмыстық-атқару инспекцияларына жәрдемдеседi;
7) Әдiлет министрлiгiнiң қылмыстық-атқару инспекцияларымен бiрлесе отырып, балаларын тәрбиелеу, оқыту және бағып-күту жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамайтын және (немесе) олардың мiнез-құлқына керi әсер ететiн, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабының тәртiбiмен жазасын өтеу кейiнге қалдырылған сотталған әйелдерге қатысты материалдар дайындайды;
8) кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз, панасыз қалуы, құқық бұзушылықтары туралы және қоғамға жат iс-әрекеттерi, оған итермелейтiн себептер мен жағдайлар туралы мүдделi органдар мен мекемелердi хабардар етедi;
9) кәмелетке толмағандарды, олардың ата-аналарын және басқа заңды өкiлдерiн құқықтық тәрбиелеуде бiлiм беру органдарына жәрдемдеседi;
10) он сегiз жасқа толмаған және құқық бұзушылықтар жасаған кәмелетке толмаған адамдарды, егер оларды дереу оқшаулау қажет болса, сондай-ақ арнайы оқу-тәрбиелеу мекемелерiне жiберiлетiндердi заңда белгiленген тәртiппен Уақытша оқшаулау, бейiмдеу және оңалту орталықтарында ұстайды және бағып-күтедi;
11) үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi, сондай-ақ ата-аналарының немесе олардың орнындағы адамдардың қамқорлығынсыз қалған балалар мен жасөспiрiмдердi Уақытша оқшаулау, бейiмдеу және оңалту орталықтарына жеткiзедi және бағып-күтедi, оларды кейiннен қамқоршылық және қорғаншылық органдарына бередi.
11-бап. Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау,
бейiмдеу және оңалту орталықтары
1. Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейiмдеу және оңалту орталықтары (бұдан әрi - Орталық):
1) қылмыстық жауаптылыққа тартылатын жасқа жеткенге дейiн қоғамға қауiптi әрекет жасаған;
2) өмiр сүру және тәрбиелену жағдайлары бойынша бұрынғы тұрғылықты жерiнде бұдан әрi тұру мүмкiндiгi болмаған жағдайларда қылмыс жасағандығы айыпталған;
3) арнаулы бiлiм беру ұйымдарына және ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына жiберiлген;
4) ата-аналарын немесе басқа да заңды өкiлдерiн анықтау үшiн үш жастан он сегіз жасқа дейінгi қадағалаусыз және панасыз қалған;
5) уақтылы орналастыру мүмкiндiгi болмаған жағдайда ата-анасының немесе олардың орнындағы адамдардың қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ олардың өмiрiне немесе денсаулығына тiкелей қауiп төнген кезде қамқоршылық және қорғаншылық органы ата-анасынан (олардың бiреуiнен) немесе оларды қамқорлыққа алған басқа да адамдардан алып қойған кәмелетке толмағандарды қабылдауды және уақытша ұстауды қамтамасыз ететiн iшкi iстер органдарының қарауында болатын арнайы балалар мекемелерi болып табылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында аталған кәмелетке толмағандар Орталықта өзге де негiздер бойынша ұсталып отырған кәмелетке толмағандардан бөлек ұсталады.
2. Кәмелетке толмағандарды Орталыққа орналастыруға:
1) осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында аталған кәмелетке толмағандарға қатысты - прокурор санкция берген қылмыстық қудалау органының қаулысы немесе соттың қаулысы;
2) осы баптың 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларында аталған кәмелетке толмағандарға қатысты - қамқоршылық және қорғаншылық органының қаулысы негiз болып табылады.
3. Түнгi уақытта, демалыс немесе мереке күндерi, сондай-ақ өзге де ерекше жағдайларда осы баптың 1-тармағының 1), 4) және 5) тармақшаларында аталған кәмелетке толмағандар Орталыққа қалалық, аудандық, желiлiк iшкi iстер органы бастығының (бастықтың орынбасарының) қаулысы негiзiнде орналастырылуы мүмкiн, бұл туралы жиырма төрт сағат iшiнде Орталық әкiмшiлiгi прокурорды жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi. Осы тармақта аталған кәмелетке толмағандарға қатысты материалдар оларды одан әрi ұстау не орналастыру туралы мәселенi шешу үшiн Орталыққа орналастырылған кезден бастап үш тәулiктiң iшiнде сотқа, прокурорға немесе қорғаншы және қамқоршы органына ұсынылады.
4. Кәмелетке толмағандарды Орталыққа орналастыру үшiн қажеттi құжаттарды жинақтауды iшкi iстер органдары қамтамасыз етедi.
5. Осы баптың 1-тармағында аталған кәмелетке толмағандардың Орталықта болу мерзiмi отыз тәулiктен аспауға тиiс. Осы баптың 1-тармағының 2), 4) және 5) тармақшаларында аталған кәмелетке толмағандардың Орталықта болу мерзiмi оларды орналастыру мүмкiндiгiн қамтамасыз ету, ата-аналарын немесе өзге де заңды өкiлдерiн анықтау не қылмыстық iстi жан-жақты тергеу үшiн тек алты айдан аспайтын мерзiмге ұзартылуы мүмкiн. Осы санаттағы кәмелетке толмағандардың Орталықта болу мерзiмiн ұзартуға:
1) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында аталған кәмелетке толмағандарға қатысты - прокурор санкция берген қылмыстық қудалау органының қаулысы немесе соттың қаулысы;
2) осы баптың 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларында аталған кәмелетке толмағандарға қатысты - қамқоршылық және қорғаншылық органының қаулысы негiз болып табылады.
6. Кәмелетке толмағандардың Орталықта болу мерзiмiне денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жариялаған карантин кезеңi, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ауруына байланысты стационарлық медициналық мекемеде болу уақыты енбейдi.
7. Орталыққа алкогольдiк, есiрткiлiк немесе уытқұмарлық мас болу күйiндегi кәмелетке толмағандар, сондай-ақ айқын психикалық аурудың белгiлерi бар кәмелетке толмағандар орналастырылуға тиiс емес.
8. Кәмелетке толмағандарды Орталықта ұстаудың тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының уәкiлеттi мемлекеттiк органы бекiткен ережеде айқындалады.
12-бап. Бiлiм беру органдарының құзыретi
Бiлiм беру органдары өз құзыретi шегiнде:
1) девиантты мiнез-құлықты кәмелетке толмағандарға арналған арнаулы бiлiм беру ұйымдарының және ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарының, сондай-ақ бала құқығын қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыратын өзге де ұйымдар жүйесiн дамыту жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
2) кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыруға қатысады;
3) дәлелсiз себептермен жалпы бiлiм беретiн оқу орындарына бармайтын кәмелетке толмағандарды анықтайды және есепке алады, олармен және олардың ата-аналарымен немесе заңды өкiлдерiмен жеке профилактикалық жұмыс жүргiзедi;
4) кәмелетке толмағандардың заңға мойынсұнушылық мiнез-құлқын қалыптастыруға, олардың бойына имандылық пен салауатты өмiр салтының берiк негiздерiн дарытуға бағытталған бағдарламалар мен әдiстемелердi әзiрлеп, бiлiм беру ұйымдарының жұмыс тәжiрибесiне енгiзедi;
5) дамуында немесе мiнез-құлқында ауытқушылықтары бар кәмелетке толмағандарды анықтайтын психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияларды құрады, олардың кешендi түрде тексерiлуiн жүргiзедi және оларды одан әрi оқыту және тәрбиелеу нысандарын анықтау жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;
6) девиантты мiнез-құлықты кәмелетке толмағандарды, тұрмысы қолайсыз отбасыларын анықтауға, оларды iшкi iстер органдарында есепке алуға және олармен жеке профилактикалық жұмыс жүргiзуге қатысады;
7) жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында қол жетерлiк спорт секцияларын, техникалық және өзге де үйiрмелер, клубтар ұйымдастыруды қамтамасыз етедi және оларға кәмелетке толмағандарды тартады.
13-бап. Арнаулы бiлiм беру ұйымдары
1. Арнаулы бiлiм беру ұйымдары оқу-тәрбие немесе емдеу-тәрбие мекемелерi болып табылады және әкiмшiлiк жазалау шараларына әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды жүйелi түрде жасайтын, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта бiлiм алудан қасақана жалтаратын, отбасынан және балалардың оқу-тәрбие ұйымдарынан үнемi кетiп қалатын, өзге де қоғамға жат iс-әрекеттер жасайтын он бiр жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және әлеуметтiк оңалту мақсатында құрылады.
2. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның ұсынысы бойынша кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберудiң орындылығы туралы шешiмдi сот қабылдайды. Алкогольдік ішімдіктерді, есiрткi құралдары мен психотроптық заттарды құмарлықпен салынып пайдаланатын кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберу туралы мәселенi қарау кезiнде мiндеттi түрде оларға нашақорлық аурулардан емделу курсынан өтудi белгiлеудiң орындылығы зерттеледi.
3. Кәмелетке толмаған бала арнаулы бiлiм беру ұйымына бiр айдан бiр жылға дейiнгi мерзiмге жiберiлуi мүмкiн.
4. Кәмелетке толмағанның арнаулы бiлiм беру ұйымында болуы оның кәмелеттiк жасқа толуына байланысты, сондай-ақ мекеме әкiмшiлiгiнiң не кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi аумақтық комиссияның ұсыныстары негiзiнде сот кәмелетке толмаған бала өзiнiң түзелуi үшiн бұл шараны қолдануды бұдан әрi қажет етпейдi деген қорытындыға келген жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
5. Кәмелетке толмағандардың арнаулы бiлiм беру ұйымдарында болуының сот белгiлеген мерзiмi осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгiленген тәртіппен, тек қана мына жағдайларда:
1) кәмелетке толмаған баланың жалпы бiлiмiн немесе кәсiби даярлығын аяқтау қажет болған, бiрақ ол кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн;
2) әкiмшiлiк жазалау шараларына әкелiп соғатын құқық бұзушылықтарды жүйелi түрде жасаған, орта бiлiм алудан қасақана жалтарған, арнаулы бiлiм беру ұйымынан өз еркiмен кетiп қалған, өзге де қоғамға жат ic-әрекеттер жасаған жағдайда ұзартылуы мүмкiн.
6. Арнаулы бiлiм беру ұйымының тәрбиеленушiсi қылмыстық жауаптылыққа тартылатын жасқа дейiн қылмыс белгiлерi бар қоғамдық қауiптi әрекет жасаған жағдайда, ол осы Заңның 14-бабында белгiленген тәртiппен ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымына жiберiлуi мүмкiн.
7. Кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберу туралы мәселенi қарау кезiнде прокурордың қатысуы мiндеттi болады.
8. Осы баптың 1-тармағында аталған кәмелетке толмағандарды анықтауды және есепке алуды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына орналастыру үшiн қажеттi құжаттарды жинауды қамтамасыз етедi.
9. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарының әкiмшiлiгi:
1) кәмелетке толмағандарды бағып-күтудiң, аталған мекеменiң аумағын күзетудi, тәрбиеленушiлердiң жеке қауiпсiздiгiн және олардың терiс әсерден барынша қорғалуын, аталған мекеменiң аумағына бөгде адамдардың еркiн кiруiн және одан тәрбиеленушiлердiң өз еркiмен кетуiн шектеудi, кәмелетке толмағандарды тәулiк бойы, оның iшiнде ұйқыға бөлiнген уақытта қадағалау мен бақылауды, кәмелетке толмағандардың өздерiн, олардың заттары мен тынығатын бөлмелерiн тексерiп қарауды қамтитын арнайы жағдайларын қамтамасыз етедi;
2) аталған мекеменiң орналасқан жерi бойынша және кәмелетке толмағандардың тұрғылықты жерi бойынша iшкi iстер органдарына олардың өз еркiмен кетiп қалу фактiлерi туралы хабарлайды және оларды iздестiрiп, қайтаруға тiкелей қатысады;
3) кәмелетке толмаған баланы аталған мекемеден шығару туралы хабарламаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаға мiнездеменi және онымен алдағы уақытта жеке профилактикалық жұмыс жүргiзудiң, жұмысқа орналасуына және тұрмыстық жағдайын қалыптастыруға көмек көрсетудiң қажеттiлiгi туралы нұсқауларды кәмелетке толмаған баланың тұрғылықты жерiндегi кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияға олардың болу мерзiмi аяқталғанға дейiн бiр айдан кешiктiрмей жiбередi.
10. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарына өздерiн аталған мекемелерде бағып-күтуге және оқытуға кедергi болатын аурулары бар кәмелетке толмағандар орналастырылмайды. Мұндай аурулардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
11. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарын құру, қызметiн ұйымдастыру тәртiбi және оларда кәмелетке толмағандарды бағып-күтудiң шарттары Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiткен осы ұйымдар туралы ережемен айқындалады.
12. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiмдi жергiлiктi атқарушы органдар қабылдайды.
Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.10. N 176-IV Заңдарымен.
14-бап. Ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдары
1. Ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдары оқу-тәрбие немесе емдеу-тәрбие мекемелерi болып табылады және қылмыстық белгiлерi бар қоғамға қауiптi iс-әрекеттер жасаған, қылмыстық жауаптылықтан босатылған он бiр жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандарды тәрбиелеудi, оқытуды және әлеуметтiк оңалтуды қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
2. Кәмелетке толмағандарды ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына жiберудiң орындылығы туралы шешiмдi кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның не iшкi iстер органының ұсынысы бойынша сот қабылдайды.
3. Кәмелетке толмаған бала ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымына алты айдан екi жылға дейiнгi мерзiмге жiберiлуi мүмкiн.
4. Кәмелетке толмаған баланың ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымында болуы оның кәмелеттiк жасқа толуына байланысты, сондай-ақ мекеме әкiмшiлiгiнiң ұсынысы негiзiнде сот кәмелетке толмаған бала өзiнiң түзелуi үшiн бұл шараны қолдануды бұдан былай қажет етпейдi деген қорытындыға келген жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
5. Кәмелетке толмаған баланың ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымында болуының сот белгiлеген мерзiмi осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiппен, тек:
1) кәмелетке толмаған баланың жалпы бiлiм алуын немесе кәсiби даярлығын аяқтау қажет болған, бiрақ ол кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн;
2) қылмыстық жауапкершілік басталатын жасқа жеткенге дейiн қоғамға қауiптi қылмыстық белгiлерi бар iс-әрекеттер жасаған жағдайда ұзартылуы мүмкiн.
6. Кәмелетке толмағандарды ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына жiберу туралы мәселенi қарау кезiнде прокурордың қатысуы мiндеттi болады.
7. Кәмелетке толмағандарды ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына орналастыру үшiн қажеттi құжаттарды жинауды iшкi iстер органдары қамтамасыз етедi.
8. Ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарының әкiмшiлiгi:
1) кәмелетке толмағандарды бағып-күтудiң, аталған мекеменiң аумағын күзетудi, тәрбиеленушiлердiң жеке қауiпсiздiгiн және олардың терiс әсерден барынша қорғалуын, аталған мекеменiң аумағына бөгде адамдардың еркiн кiруiн және одан тәрбиеленушiлердiң өз еркiмен кетуiн шектеудi, кәмелетке толмағандарды тәулiк бойы, оның iшiнде ұйқыға бөлiнген уақытта қадағалау мен бақылауды, кәмелетке толмағандардың өздерiн, олардың заттары мен тынығатын бөлмелерiн тексерiп қарауды қамтитын арнайы жағдайларын қамтамасыз етедi;
2) аталған мекеменiң орналасқан жерi бойынша және кәмелетке толмағандардың тұрғылықты жерi бойынша iшкi iстер органдарына олардың өз еркiмен кетiп қалу фактiлерi туралы хабарлайды және оларды iздестiрiп, қайтаруға тiкелей қатысады;
3) кәмелетке толмаған баланы аталған мекемеден шығару туралы хабарламаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаға мiнездеменi және онымен алдағы уақытта жеке профилактикалық жұмыс жүргiзудiң, жұмысқа орналасуына және тұрмыстық жағдайын қалыптастыруға көмек көрсетудiң қажеттiлiгi туралы нұсқауларды кәмелетке толмаған баланың тұрғылықты жерiндегi кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияға олардың болу мерзiмi аяқталғанға дейiн бiр айдан кешiктiрмей жiбередi.
9. Ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына өздерiн аталған мекемелерде бағып-күтуге және оқытуға кедергi болатын аурулары бар кәмелетке толмағандарды орналастыруға болмайды. Мұндай аурулардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
10. Ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарын құру, қызметiн ұйымдастыру тәртiбi және оларда кәмелетке толмағандарды бағып-күтудiң шарттары Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiткен осы ұйымдар туралы ережемен айқындалады.
11. Ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымын құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiмдi жергiлiктi атқарушы органдар қабылдайды.
15-бап. Денсаулық сақтау органдары
Денсаулық сақтау органдары өз құзыретi шегiнде:
1) кәмелетке толмағандардың, олардың ата-аналарының немесе заңды өкiлдерiнiң арасында санитарлық-гигиеналық бiлiмдi таратуды, сондай-ақ салауатты өмiр салтын насихаттауды;
2) кәмелетке толмағандар арасындағы маскүнемдiк, нашақорлық пен уытқұмарлық және осыған байланысты олардың мiнез-құлқындағы ауытқушылықтардың профилактикасы жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеп, iске асыруды;
3) ата-аналарының немесе заңды өкiлдерiнiң қамқорлығынсыз қалған үш жасқа дейiнгi адасқан, тастанды және басқа да балалардың тәулiк бойы қабылдануын және бағып-күтiлуiн;
4) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесiнiң мемлекеттiк органдары мен мекемелерiне, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ата-аналарына немесе заңды өкiлдерiне консультациялық көмек көрсетудi;
5) алкогольдiк, есiрткiлiк және уытқұмарлық мас болу күйiндегi кәмелетке толмағандарды тәулiк бойы қабылдауды және оларға медициналық көмек көрсетудi;
6) мiнез-құлқында ауытқушылықтары бар кәмелетке толмағандарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мамандандырылған диагностикалық және емдеу-қалпына келтiру көмегiн көрсетудi;
7) белгiленген тәртiппен арнаулы бiлiм беру ұйымдарына және ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына жiберiлетiн кәмелетке толмағандардың денсаулық жағдайы туралы қорытындылар әзiрлеудi;
8) алкогольдік ішімдіктерді, есiрткi құралдарын, психотроптық және адамның психикасына және дене мүшесiнiң функциялары мен мiнез-құлқына терiс әсерiн тигiзетiн өзге де күштi әсер ететiн заттарды құмарлықпен салынып пайдаланатын кәмелетке толмағандарды анықтауды, есепке алуды, тексеруден өткiзудi және медициналық әлеуметтiк оңалтуды;
9) жыныстық жолмен берiлетiн аурулардың көздерiн анықтауды, осындай аурулармен ауыратын кәмелетке толмағандарды тексеруден өткiзудi және емдеудi;
10) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияларға кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың, уытқұмарлықтың және маскүнемдiктiң таралуы, сондай-ақ осы бапта аталған функцияларды жүзеге асыратын денсаулық сақтау мекемелерiнiң орналасқан жерi, олардың қызметтерiнiң мүмкiндiктерi мен нәтижелерi туралы хабарлауды ұйымдастырады.
Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.10. N 176-IV Заңымен.
16-бап. Халықты жұмыспен қамту саласында мемлекеттiк
саясатты iске асыруды үйлестiретiн
мемлекеттiк орган
Халықты жұмыспен қамту саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды үйлестiретiн мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес кәмелетке толмағандардың еңбек шарттарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.15. N 253 Заңымен.
1. Әдiлет министрлiгiнiң қылмыстық-атқару инспекциялары қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларға және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларына сотталған кәмелетке толмағандардың өмiр салты мен мiнез-құлқын бақылауды қамтамасыз етедi, сондай-ақ олармен жеке профилактикалық жұмысты жүзеге асырады.
2. Әдiлет министрлiгi қылмыстық-атқару жүйесiнiң мекемелерiндегi кәмелетке толмағандармен жеке профилактикалық жұмысты аталған мекемелердiң әкiмшiлiгi өз құзыретi шегiнде жүргiзедi.
18-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық
бұзушылықтардың, қадағалаусыз және
панасыз қалудың профилактикасына қатысушы
өзге де мемлекеттiк органдар
1. Мәдениет, ақпарат , дене шынықтыру, спорт және туризм органдары өз құзыретi шегiнде:
1) кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының, қадағалаусыз және панасыз қалуының профилактикасы жөнiндегi нысаналы бағдарламаларды әзiрлеп, iске асыруға қатысады;
2) қызметтерi кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары, қадағалаусыз және панасыз қалуы профилактикасының шараларын жүзеге асыруға байланысты балалар мен жастардың қоғамдық бiрлестiктерiне, әлеуметтiк мекемелерге, қорларға және өзге де мекемелер мен ұйымдарға жәрдемдеседi;
3) кәмелетке толмағандардың демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыруға қатысады;
4) кәмелетке толмағандардың заңға мойынсұнушылық мiнез-құлқын және салауатты өмiр салтын насихаттау мен қалыптастыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асырады.
2. Қамқоршылық және қорғаншылық органдары өз құзыретi шегiнде 19-баптың 1-тармағында аталған кәмелетке толмағандармен, егер олар жетiм болса немесе ата-аналарының және басқа заңды өкiлдерiнiң қамқорлығынсыз қалса, жеке профилактикалық жұмысты жүргiзуге қатысады.
3-тарау. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жөніндегі қызметті ұйымдастыру
19-бап. Жеке профилактикалық жұмыс
1. Жеке профилактикалық жұмыс:
1) қадағалаусыз және панасыз қалған;
2) арнаулы бiлім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарында және Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейiмдеу және оңалту орталықтарында ұсталатын;
3) адамның психикикасына дене мүшесi функциялары мен мiнез-құлқына керi әсерiн тигiзетiн алкогольдік ішімдіктерді, есiрткi құралдарын, психотроптық және өзге де күштi әсер ететiн заттарды шамадан тыс пайдаланатын;
4) дәлелсiз себептермен жалпы бiлiм беретiн оқу орындарына бармайтын;
5) әкімшілік құқық бұзушылық жасаған;
6) қылмыстық жауапкершіліктен немесе ақталмайтын негiздер, оның iшiнде рақымшылық немесе кешiрiм жасау актілерi бойынша жазадан босатылған;
7) қылмыстық жауапкершiлiкке тартылатын жасқа толмауына байланысты қылмыстық жауапкершілікке жатпайтын немесе психикасының бұзылуына байланысты емес психикалық дамуының кешеуiлдеуi салдарынан қылмыстық белгiлерi бар әрекет жасаған;
8) қамауға алуға байланысты емес бұлтартпау шаралары таңдап алынған қылмыс жасады деп айыпталған немесе күдiктi болған;
9) жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған;
10) жазасын өтеу кейiнге қалдырылған немесе үкiмнiң орындалуы кейiнге қалдырылған;
11) қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнен босатылған;
12) ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн сотталған және сот тәрбиелiк ықпал етудiң мәжбүрлеу шараларын қолдану арқылы жазадан босатқан;
13) шартты түрде , қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына, бас бостандығынан айыруға байланысты емес өзге де жазалау шараларына сотталған кәмелетке толмағандарға қатысты жүргiзiледi.
2. Егер кәмелетке толмағандардың ата-аналары, басқа да заңды өкiлдерi оларды тәрбиелеу, оқыту және (немесе) бағып-күту жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамаса, олардың мiнез-құлқына терiс әсер етсе, оларға қатысты, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар немесе қоғамға жат іс-әрекеттер жасауға тартып жүрген өзге де адамдарға қатысты да жеке профилактикалық жұмыс жүргiзiледi.
Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.10. N 176-IV Заңымен.
20-бап. Жеке профилактикалық жұмысты жүргiзудiң
негiздерi
Егер осы Заңның 19-бабында көзделген мән-жайлар мынадай құжаттарда:
1) соттың үкiмiнде, ұйғарымында немесе қаулысында;
2) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның, прокурордың, тергеушінің, анықтау органының қаулысында;
3) шағымдарды, өтiнiштердi немесе басқа да хабарларды тексерудiң нәтижелерi бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесi органының немесе мекемесiнiң басшысы бекiткен қорытындыда;
4) кәмелетке толмағанның не оның ата-анасының немесе заңды өкiлдерiнiң кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасын жүзеге асыратын органдардың, мекемелер мен өзге де ұйымдардың құзыретiне қатысты мәселелер бойынша оларға көмек көрсету туралы өтiнiштерiнде ресми көрсетiлген болса, олар кәмелетке толмағандарға, олардың ата-аналарына немесе заңды өкiлдерiне, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар немесе қоғамға жат іс-әрекеттер жасауға тартып жүрген өзге де адамдарға қатысты жеке профилактикалық жұмысты жүргiзудiң негiздерi болып табылады.
Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.10. N 176-IV Заңымен.
21-бап. Жеке профилактикалық жұмыс жүргiзу мерзiмдерi
Кәмелетке толмағандарға олардың ата-аналарына немесе заңды өкiлдерiне, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар немесе қоғамға жат іс-әрекеттер жасауға тартып жүрген өзге де адамдарға қатысты жеке профилактикалық жұмыс кәмелетке толмағандарға әлеуметтiк және өзге де көмек көрсету үшiн қажеттi мерзiмде немесе кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз, панасыз қалуына, құқық бұзушылықтар немесе қоғамға жат iс-әрекет жасауына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды жойғанға дейiн немесе олар он сегiз жасқа толғанға дейiн немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да мән-жайлар туындағанға дейiн жүргізiледi.
Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.10. N 176-IV Заңымен.
22-бап. Өздерiне қатысты жеке профилактикалық жұмыс
жүргізілетін адамдардың құқықтары
1. Өздерiне қатысты жеке профилактикалық жұмыс жүргiзiлетiн кәмелетке толмағандар, олардың ата-аналары немесе заңды өкiлдерi, сондай-ақ өзге де адамдар Қазақстан Республикасының Конституциясында , осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде кепiлдiк берiлген құқықтармен және бостандықтармен қамтамасыз етiледi.
2. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарында және Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейiмдеу және оңалту орталықтарында бағып-күтiлетiн кәмелетке толмағандардың осы баптың 1-тармағында аталған құқықтармен қатар, белгiленген тәртiппен:
1) осы мекемелерге орналастырылғандары туралы ата-аналарына немесе заңды өкiлдерiне хабарлауға;
2) кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесi органдары мен мекемелерiнiң қызметкерлерi қабылдаған шешiмдер бойынша аталған жүйенiң жоғары тұрған органдарына, сондай-ақ прокуратура органдары мен сотқа шағымдануға;
3) iзгiлiктi, адамның ар-намысын кемсiтпейтiн қарым-қатынас жасалуына;
4) телефонмен сөйлесу және саны шектелмеген кездесулер арқылы отбасымен байланыс жасап тұруға, посылкалар, бандероль алуға, саны шектелмеген хаттар мен жеделхаттар алуға және жiберуге;
5) тегiн тамақпен, киiммен, аяқ киiммен және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен нормалар бойынша басқа да заттай ризықпен қамтамасыз етiлуге құқығы бар.
Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.10. N 176-IV Заңымен.
23-бап. Осы Заңның орындалу кепiлдiктерi
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесiнiң органдары мен мекемелерi өз құзыретi шегiнде кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге, оларды кемсiтудiң барлық нысандарынан, күш көрсетуден немесе психикалық зорлықтан, қорлаудан, дөрекi қарым-қатынастан, сексуалдық және өзге де пайдаланудан қорғауды жүзеге асыруға, өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды және тұрмысы қолайсыз отбасыларды анықтауға, сондай-ақ мыналарға:
1) прокуратура органдарына - кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы;
2) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияларға - кәмелетке толмағандардың бiлiм алуға, еңбек бостандығына, демалуға, тұрғын үйге және басқа да құқықтарының бұзылу жағдайлары туралы, сондай-ақ органдар мен мекемелердiң қызметтерiндегi кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алуға кедергi жасайтын кемшiлiктер туралы;
3) қорғаншы және қамқоршы органдарына - ата-аналарының немесе заңды өкiлдерiнiң қамқорлығынсыз қалған не өмiрiне, денсаулығына қауiп төндiретiн немесе тәрбиесiне кедергi келтiретiн жағдайда қалған кәмелетке толмағандар туралы;
4) iшкi iстер органдарына - қадағалаусыз және панасыз қалған кәмелетке толмағандар, тұрмысы қолайсыз отбасылар, құқық бұзушылық немесе қоғамға жат iс-әрекеттер жасаған (жасап жүрген) кәмелетке толмағандар, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қылмыстық қызмет немесе қоғамға жат iс-әрекеттер жасауға тартып жүрген немесе оларға қатысты басқа да құқыққа қарсы iс-әрекеттер жасап жүрген ата-аналар мен өзге де ересек адамдар туралы;
5) денсаулық сақтау органдарына - алкогольдік ішімдіктерді, есiрткi құралдарын, психотроптық және адамның психикасына және дене мүшелерiнiң функциялары мен мiнез-құлқына терiс әсерiн тигiзетiн өзге де күштi әсер ететiн заттарды құмарлықпен салынып пайдалануына байланысты тексерiлудi, қаралуды немесе емделудi қажет ететiн кәмелетке толмағандар туралы;
6) бiлiм беру органдарына - балалар үйлерiнен, мектеп-интернаттардан және басқа да балалар мекемелерiнен өз ерiктерiмен кетуiне байланысты не дәлелсiз себептермен жалпы бiлiм беру орындарындағы оқуларының тоқтатылуына байланысты мемлекеттiң көмегiне мұқтаж кәмелетке толмағандар туралы дереу хабарлауға мiндеттi.
Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.10. N 176-IV Заңымен.
24-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық
бұзушылықтардың, қадағалаусыз және
панасыз қалудың профилактикасын жүзеге асыратын
органдардың, мекемелер мен өзге де ұйымдардың
қызметiн бақылау
Мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасын жүзеге асыратын ведомстволық бағыныстағы органдардың, мекемелер мен өзге де ұйымдардың қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бақылауды жүзеге асырады.
25-бап. Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандар
арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз
және панасыз қалудың профилактикасы
туралы заңдарын бұзғандық үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы туралы заңдарын бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады.
Қазақстан Республикасының
Президенті