Кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдары мен ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарында бағып-күтуге және оқытуға кедергi болатын аурулардың тiзбесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 маусымдағы N 592 Қаулысы

      "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi  Заңын  iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдары мен ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарында бағып-күтуге және оқытуға кедергi болатын аурулардың тiзбесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2005 жылғы 13 маусымдағы  
N 592 қаулысымен      
бекiтiлген         

  Кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру
ұйымдары мен ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру
ұйымдарында бағып-күтуге және оқытуға кедергi
болатын аурулардың тiзбесi

      Арнаулы бiлiм беру ұйымдары мен ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына мынадай аурулары бар (Аурулар мен денсаулыққа байланысты проблемалардың халықаралық статистикалық жiктемесiне сәйкес. 10-қайта қарау) кәмелетке толмағандар орналастырылмайды:
      1. I класс. Кейбiр жұқпалы және паразитарлық аурулар:
      1) A15 - А19 Туберкулез (белсендi туберкулездiң кез келген нысаны);
      2) А30 Алапес;
      3) A50 - A53 Мерез (белсендi нысаны);
      4) В20 - B24 Адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы (АҚТҚ) тудыратын ауру.
      2. II класс. Жаңа өспелер:
      C00 - С97 Кез келген орындағы қатерлi жаңа өспелер, оның iшiнде лимфалық, қан өндiру және оларға ұқсас тiндердiң қатерлi жаңа өспелер.
      3. III класс. Қан, қан өндiру органдарының аурулары және иммундық тетiктi қатыстыратын жекелеген бұзылулар:
      1) D55 - D58 Гемолитикалық анемиялар - тұқым қуалайтын және жүре пайда болатын (ауыр нысаны);
      2) D60 - D61 Апластикалық анемиялар;
      3) D65 - D69 Қан ұйығыштығының, пурпурдың бұзылуы және басқа да геморрагиялық жағдайлар (ауыр нысандары).
      4. IV класс. Эндокриндiк жүйе, тамақтанудың бұзылуы және зат алмасудың бұзылуы аурулары:
      1) E05 Тиреотоксикоз (ауыр нысаны);
      2) Е03, E06 Туа бiткен немесе жүре пайда болған гипотиреоз (ауыр нысаны);
      3) Е10 1 үлгiдегi қант диабетi (асқынған);
      4) E20 Гипопаратиреоз (ауыр нысаны);
      5) Е22 Гипофиздiң гиперфункциясы (ауыр нысаны);
      6) E23 Гипопитуитаризм, церебральды-гипофизарлық ергежейлілiк;
      7) E23.2 Қантсыз диабет (ауыр нысаны);
      8) E24 Иценко-Кушинг синдромы;
      9) Е27 Созылмалы гипокортицизм;
      10) E75.2 Лейкодистрофия;
      11) E84 Кистозды фиброз (муковисцидоз).
      5. V класс. 8 Психикалық және мінез-құлық бұзылулары:
      1) F01, F02.1-F02.8, F03-F05, F06.0-F06.05, F07.1-F07.9, F09 Симптоматикалық, психикалық бұзылуларды қоса алғанда, органикалық бұзылулар;
      2) F1x.0-F1x1, F1x.22-24, F1x.5-F1x.9 Психикалық белсендi заттарды пайдалану салдарынан болатын психикалық және мiнез-құлық бұзылулары;
      3) F20 - F29 Шизофрения, шизотиптiк және сандырақтау бұзылулары;
      4) F30 - F33, F38 - F39 Көңiл-күйдiң аффектiлi бұзылулары;
      5) F40 - F44 Күйзелуге байланысты невротикалық және соматикалық нысанды бұзылулар;
      6) F70.1 - F70.8, F71 - F79 Ақыл-ой кемiстiгi;
      7) F84 Психологиялық дамудың бұзылуы.
      6. VI класс. Жүйке жүйесiнiң аурулары:
      1) G10 - G13 Негiзiнен орталық жүйке жүйесiн зақымдайтын жүйелiк атрофиялар (ауыр нысандары);
      2) G25.3, G 25.5 Экстрапирамидалық бұзылулар;
      3) G20.6 Таралған тартылулар (Жиль де ля Туретта);
      4) G30-G32 Орталық жүйке жүйесiнiң басқа да керi дамыған аурулары;
      5) G35-G37 Орталық жүйке жүйесiнiң миелинсiздендiру аурулары;
      6) G40.3-G40.9 Эпилепсия;
      7) G41 Эпилепсиялық мәртебе;
      8) G60.0 - G60.3 Тұқым қуалайтын қимылдық және сезiмдiк невропатия;
      9) G63 Басқа айдарларда жiктелетiн аурулар кезiндегi полиневропатия;
      10) G70.0 - G70.2 Таралған нысандағы миастения;
      11) G70 - G71.9 Даму үстiндегi бұлшық ет дистрофиясы;
      12) G91.1 Окклюздiк, қалпына келмейтiн суми;
      13) G80.0-G80.9 Балалардың церебральды сал ауруы.
      7. VII класс. Көз және оның қосымша аппаратының аурулары:
      1) H40 - H42 Глаукома;
      2) H54.0, Н54.3, Н54,7 Соқырлық;
      3) H54.1 Бір көздiң соқырлығы, екiншi көздiң нашар көруi;
      4) H54.7 Нақтыланбаған көрмей қалу.
      8. VIII класс. Құлақтың және емiзiк тәрiздi өсіндінің аурулары:
      1) H81.0 Вестибулярлық функцияның бұзылуы;
      2) Н90.3 Естудi екі жақты нейросенсорлы жоғалту (ауыр дәрежедегi).
      9. IХ класс. Қан айналымы жүйесiнiң аурулары:
      1) I08.3 Митральды, қолқа және үш қақпақшалы клапандардың үйлескен (ревматизмдік) зақымдануы;
      2) I13.2 Жүрек және бүйрек функциясының жеткiлiксiздiгiмен негiзiнен жүрек пен бүйректiң зақымдануы бар гипертониялық ауру;
      3) І42.0-I42.1 Кеңiген гипертрофиялық және обструктивтiк кардиомиопатия;
      4) І44.2 Жүрекше-қарыншалық толық бөгеу;
      5) І47.1 Синкопальды жағдайдағы ұстамалы қарыншаүстi тахикардиясы;
      6) I48, I49.0, I49.5 Жүрекше, қарынша бұлшық еттерiнiң фибрилляциясы мен лүпiлдеуi, синустық түйiншектiң әлсiздiк синдромы (предсинкопальды немесе синкопальды жағдайлар болған жағдайда).
      10. X класс. Тыныс алу мүшелерiнiң аурулары:
      1) J45 Гормондық тәуелдi демiкпе;
      2) J47 Бронхоэктатикалық ауру.
      11. XI класс. Ас қорыту мүшелерiнiң аурулары:
      К74 Бауыр фиброзы мен циррозы.
      12. XIII класс. Сүйек-бұлшық ет жүйесi мен қосқыш тiндер аурулары:
      1) М08 Жасөспiрiмдер (жеткiншектер) артриті (ауыр ағым);
      2) М32 Жүйелiк қызыл жегi;
      3) М33 Дерматополимиозит (ауыр ағым);
      4) M34 Таралған жүйелiк берiш (терiнiң қатаюы), даму үстiндегi нысан;
      5) М30.0 Түйiншектi периартериит;
      6) М31.3 Вегенер гранулематозы.
      13. XIV класс. Несеп-жыныс жүйесiнiң аурулары:
      1) N03 Созылмалы нефриттiк синдром;
      2) N04 Нефротикалық синдром;
      3) N18 Созылмалы бүйрек функциясының жеткiлiксiздiгi.
      14. XV класс. Жүктілiк, босану және босанғаннан кейiнгi кезең: О00-О99.
      15. XVII класс. Туа бiткен ауытқулар (даму кемiстiктерi), қисаю және хромосомдық бұзылу:
      1) Q15.0 Туа бiткен глаукома;
      2) Q20.0, Q20.3, Q20.4, Q21.0-Q21.3, Q22.1, Q22.4-Q22.6, Q23.0-Q23.4, Q24.3-Q24.5, Q25.1-Q25.7, Q26.2, Q26.3, Q27.8 Қан айналымының II-А дәрежелi жеткiлiксiздігімен iлесе жүретiн, оның iшiнде кемiстiктi түзеткеннен кейiн, қан айналымы жүйесiнiң туа бiткен ауытқулары (даму кемiстiктерi);
      3) Q56 Жынысының белгiсiздігі және псендогермафродитизм;
      4) Q78.0 Аяқталмаған остеогенез.
      16. XVIII класс. Басқа айдарларда жiктелмеген, клиникалық және зертханалық зерттеулер кезiнде анықталған симптомдар, белгiлер мен нормадан ауытқулар:
      R15 Зәрдi ұстай алмауымен (энурез) бiрге нәжiстi ұстай алмау (энкопрез).
      17. ХІХ класс. Жарақаттар, уланулар мен сыртқы себептер әсерлерінің кейбір басқа да салдарлары:
      Т90 - Т98 Науқасқа жеке күтім жасауды талап ететін жарақаттардың, уланулардың және сыртқы себептердің басқа да әсерлерінің салдарлары.