Агроөнеркәсiптiк кешендi мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдаудың кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 шілдедегі N 645 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Агроөнеркәсiптiк кешендi мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау ережесi бекiтiлсiн.

      2. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2008.08.15 N 746 Қаулысымен.

      3. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2008.08.15 N 746 Қаулысымен.

      4. "Аграрлық секторға несие беру мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 25 қаңтардағы N 137 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 3, 39-құжат) 1, 5-тармақтарының күшi жойылды деп танылсын.

      5. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы
Yкiметiнiң    
2006 жылғы 7 шiлдедегi
N 645 қаулысымен
бекiтiлген    

Агроөнеркәсіптік кешендi мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау ережесi

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы" деген сөздер "Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы" ұлттық компаниясы" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 2008.08.27 N 776 Қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Агроөнеркәсiптiк кешендi мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрлендi және мынадай мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен (бұдан әрi - мамандандырылған ұйымдар) агроөнеркәсiптiк кешендi қолдау тәртiбiн айқындайды:
      1) "Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясы" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамы;
      2) "ҚазАгроҚаржы" акционерлiк қоғамы;
      3) "Аграрлық несие корпорациясы" акционерлiк қоғамы;
      4) "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" акционерлiк қоғамы;
      5) "Мал өнiмдерi корпорациясы" акционерлiк қоғамы;
      6) "Қазагромаркетинг" акционерлiк қоғамы;
      7) "ҚазАгроКепіл" акционерлік қоғамы;
      8) "ҚазАгроИнновация" акционерлік қоғамы.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.04.04 N 318, 2009.04.04 N 469 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.

      2. Агроөнеркәсiптiк кешендi қолдау жөнiндегi iс-шараларды Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде көзделген бағыттар бойынша, республикалық бюджеттен берiлетiн қаражат (бұдан әрі - қаражат) есебiнен, көрсетiлген қаражаттың тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделуi шартымен, сондай-ақ мамандандырылған ұйымдардың өз қаражаты және олар Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздерден тартқан қаражат есебiнен iске асырылады.

      3. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджетте мамандандырылған ұйымдардың жарғылық капиталдарын ұлғайту үшiн қаражат көздеген кезде көрсетiлген қаражат осы Ережеде және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің (бұдан әрі - министрлік) Стратегиялық жоспарында айқындалатын мақсаттарға пайдаланылады.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің  2009.04.04 N 469 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      4. Мамандандырылған ұйымдар бөлiнген қаражаттың тиiмдi, нәтижелi және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етедi.

      5. Мамандандырылған ұйымдар министрлікке министрлiк белгiлеген нысанда және мерзiмде қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп бередi.
       Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің  2009.04.04 N 469 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      6. Мамандандырылған ұйымдардың алдындағы өздерiнiң мiндеттемелерiн өтеу ретiнде агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiнен келiп түскен қаражатты мамандандырылған ұйымдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес министрлiкпен келiсiлген тәсiлдермен және шарттарда пайдаланады.

      7. Агроөнеркәсiптiк кешендi бюджеттен тыс көздерден тартылған қаражат есебiнен қолдау жөнiндегi iс-шараларды мамандандырылған ұйымдар олардың iшкi саясатына сәйкес олар министрлiкпен келiсiм бойынша айқындайтын мақсаттарға iске асырады.

      8. Мамандандырылған ұйымдарға қарыз беру қайтарымдылық, мерзiмдiлiк, ақылылық және қамтамасыз етiлу шарттарында жүзеге асырылады.

2. Агроөнеркәсiптiк кешендi "Азық-түлiк келiсiм-шарт
корпорациясы" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамының қатысуымен қолдау тәртiбi

      9. Осы бөлiмде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      қарыз алушы - ауыл шаруашылығы тауарын өндiрумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға, шаруа (фермер) қожалығы, сондай-ақ олардың бiрлестiктерi;
      кепiлдiк - Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерi не қарыз шартында кепiлгер ретiнде айқындалған басқа да ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз шарты бойынша қарыз алушы мiндеттемелерiнiң орындалуы үшiн "Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясы" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамының алдында толық жауап беруге мiндеттенетiн мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз ету.

      10. Агроөнеркәсiптiк кешендi "Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясы" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамының (бұдан әрi - корпорация) қатысуымен қолдау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерден (бұдан әрi - ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлер) астық және техникалық дақылдар сатып алу, астық пен техникалық дақылдарды сақтау, тасымалдау және қайта өңдеу жөнiндегi қызметтердi белгiленген тәртiппен сатып aлу;
      өсiмдiк шаруашылығының бәсекеге қабiлеттi қайта өңдеу өнiмiн өндiру жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру және белгiленген тәртiппен агроөнеркәсiптiк кешен инфрақұрылымын дамыту жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру;
      көктемгi дала және егiн жинау жұмыстарын жүргiзу үшiн отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлердi қарыз беру арқылы қаржыландыру.

      11. Корпорация қарыз беру үшiн Қазақстан Республикасында өндiру үшiн басым ауыл шаруашылығы дақылдарының ұсынылатын тiзбесiн ескере отырып, әрбiр облыс үшiн қаржыландыру сомасын айқындайды.

      12. Корпорация және оның облыстық (өңiрлiк) өкiлдiктерi (бұдан әрi - өкiлдiктер) мерзiмдi баспасөз басылымдарында хабарландырулар жариялауды қамтамасыз етедi, оларда корпорациялардың немесе өкiлдiктердiң атауы мен орналасқан жерi, қарыз алушылардың өтiнiмдердi беру мерзiмi және орны, сондай-ақ Корпорация айқындайтын басқа да қажеттi ақпарат көрсетiледi.

      13. Қарыз алушылар қарыз алу үшiн корпорацияға немесе өкiлдiктерге мыналарды қамтитын өтiнiм бередi:
      1) осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;
      2) қарыз алушыға кепiлдiк беру ниетi туралы кепiлгердiң хаты;
      3) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң, салық төлеушi куәлiгiнiң және статистикалық карточкасының не кәсiпкерлiк қызметпен айналысу құқығын растайтын құжаттың көшiрмесi (шарт жасасу үшiн азаматтық құқықтық қабiлетi болуын растау үшiн);
      4) қосылған құн салығы бойынша есепке тұрғаны туралы куәлiктiң не салықтық тiркеу нөмiрi көрсетiлген және қарыз алушы бiрыңғай жер салығын төлеушi болып табылатынын және қосылған құн салығын төлеушi болып табылмайтынын растайтын салық қызметi органдары анықтамасының көшiрмесi.
      Қарыз алушылар растайтын құжаттардың көшiрмелерiн қоса бере отырып, өздерi туралы өзге де қосымша ақпарат беруi мүмкiн.

      14. Өкiлдiктер талап етiлетiн қарыз сомасы мен өндiруге қарыз талап етiлетiн ауыл шаруашылығы дақылдарының атауларын көрсете отырып, қарыз алушылардың тiзбесiн жасайды.

      15. Қарыз алушылардың тiзбесi өкiлдiктерге өтiнiм келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде корпорацияға жiберiледi.

      16. Корпорация құжаттар түскен күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктірмей қарыз алушыны қабылданған шешiм туралы хабардар етедi және өкiлдiкке өтiнiмдерi бойынша шарттар жасасу үшiн қарыз беру туралы шешiм қабылданған қарыз алушылардың тiзiмдерiн жiбередi. Келiп түскен өтiнiмдер бойынша шешiмдердi корпорация iшкi кредит саясатына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қабылдайды.

      17. Өкiлдiктер ұсынылған тiзiмдерге сәйкес қарыз алушылармен тиiстi қарыз шарттарын жасасады.

      18. Қарыз беру қарыз алушылардың кепiлдiк беруi шартымен қарыз шартына сәйкес жүзеге асырылады.

      19. Қарыз шарты жасалғаннан және қарыз алушы кепiлдiк бергеннен кейiн корпорация ақшалай қаражатты қарыз алушының ағымдағы шотына аударады.

      20. Қарызды беру мерзiмi және қарызды қайтарудың өзге де шарттары қарыз шартында белгiленедi.

      21. Қарыз алушылар алынған қарызды мынадай ауыл шаруашылығы дақылдарын өндiруге пайдаланған кезде:
      1) бидай, арпа, күрiш, дәндiк жүгерi, қытай бұршағы, күнбағыс - корпорация айқындаған астық қабылдау кәсiпорындарына жеткiзу арқылы оларды көрсетiлген дақылдардың астығымен не қарыз шартына сәйкес қарызды ақшалай қаражатпен қайтаруға рұқсат етiледi;
      2) қоза - мақта өңдейтiн ұйымдарға оны белгiленген тәртiппен жеткiзу арқылы шиттi мақтамен не қарыз шартына сәйкес ақшалай қаражатпен қарызды қайтаруға рұқсат етiледi.

      22. Жеткiзiлетiн астықтың немесе шиттi мақтаның сандық және сапалық көрсеткiштерi, нарықтық құнды ескергендегi бағалары және қарызды ауыл шаруашылығы дақылдарымен қайтарудың өзге де шарттары корпорация мен қарыз алушы арасындағы қарыз шартына қосымша келiсiмде белгiленедi. Бұл ретте астықты немесе шиттi мақтаны қабылдауға, шартта көрсетiлген сапалы көрсеткiштерге дейiн өңдеуге, сондай-ақ сапаны растайтын құжаттарға ақы төлеуге байланысты шығыстар қарыз алушыға жүктеледi.

      23. Корпорацияның жарғылық капиталына орналастырылған қаражат есебiнен республикалық бюджеттен берiлген қарыздар бойынша сыйақының ең көп мөлшерi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландыруының ресми ставкасынан аспауға тиiс.

      24. Қарыз беруге өтiнiм болмаған кезде корпорация ақшалай қаражаттың қалдығын өсiмдiк шаруашылығы өнiмiн сатып алу үшiн пайдалана алады.

3. Агроөнеркәсіптiк кешендi "ҚазАгроҚаржы" акционерлiк
қоғамының қатысуымен қолдау тәртiбi

      25. Агроөнеркәсiптiк кешендi "ҚазАгроҚаржы" акционерлiк қоғамының қатысуымен (бұдан әрi - қоғам) Қазақстан Республикасының заңнамасына және қоғамның iшкi кредит саясатына сәйкес қолдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiн лизингiлiк негiзде технологиялық жабдықпен, ауыл шаруашылығы техникасымен және арнайы техникамен қамтамасыз ету;
      2) агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерi үшiн ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдеу жөнiндегi жабдықты сатып алуды қаржыландыру.

      26. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қоғамның агроөнеркәсiптiк кешендi қолдауы мыналар арқылы жүзеге асырылады:
      1) технологиялық жабдықты және арнайы техниканы, оның iшiнде ауыл шаруашылығы өнiмiн, балық және орман шаруашылығы өнiмiн қабылдауға, тасымалдауға, сақтауға және бастапқы өңдеуге, көкөнiс өсiруге, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы фермаларын механикаландыруға, азық дайындауға арналған жабдықтар мен машиналарды, су себетiн және суару машиналарын, жылыжайларды (бұдан әрi - арнайы техника), ауыл шаруашылығы техникасын, оның iшiнде тракторларды, тiркемелердi, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiруге, жинауға және қорғауға арналған техниканы (бұдан әрi - техника) кейiннен лизингке беру үшiн сатып алу, техниканы және арнайы техниканы сатып алуға және жеткiзуге байланысты қоғам шеккен шығыстарды өтеу. Техника мен арнайы техника лизингiсiнiң мерзiмi 7 жылға дейiнгi, лизинг бойынша сыйақы ставкасы жылдық 4%-ға дейiн құрауы тиiс;
      2) ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдейтiн жабдықты (бұдан әрi - жабдық) сатып алуды қаржыландыру, жабдықты сатып алуға және жеткiзуге байланысты қоғам шеккен шығыстарды өтеу. Жабдықты сатып алуды қаржыландыру лизинг және (немесе) жылдық 4%-ға дейiн сыйақы ставкасымен 8 жылға дейiнгi мерзiмге кредит беру арқылы жүзеге асырылуы мүмкiн.
      Ескерту. 26-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.10.28 N 997 (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      27. Агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiн лизингiлiк негiзде арнайы техникамен және техникамен қамтамасыз ету, сондай-ақ агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерi үшiн жабдық сатып алуды қаржыландыру жүргiзiлiп отырған мемлекеттiк аграрлық саясатқа сәйкес министрлiк ұсынған шарттарда жүзеге асырылады.

4. Агроөнеркәсiптiк кешендi "Аграрлық несие корпорациясы"
акционерлiк қоғамының қатысуымен қолдау тәртiбi

      28. Осы бөлiмде мынадай негiзгі ұғымдар пайдаланылады:
      кредиттiк серiктестiк - оның қатысушыларының кредиттерге және басқа қаржылық, оның iшiнде банктiк қызметтерге қажеттiлiгiн олардың ақшасын жинақтау жолымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен қанағаттандыру үшiн жеке және (немесе) заңды тұлғалар жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк ұйымдық-құқықтық нысанында құрған заңды тұлға;
      ауылдық тұтыну кооперативi - мүшелерiнiң мүлiктiк (үлестiк) жарналарын бiрiктiру жолымен жүзеге асырылатын, өз мүшелерiнiң материалдық және өзге де қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға арналған азаматтардың және (немесе) заңды тұлғалардың мүшелiк негiзiндегi ерiктi бiрлестiгi;

      29. Агроөнеркәсiптiк кешендi "Аграрлық несие корпорациясы" акционерлiк қоғамының (бұдан әрi - Аграрлық корпорация) қолдауы мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) кредиттiк серiктестiктерге кредит беру;
      2) ауылдық тұтыну кооперативтерiне шаруа серіктестіктері, акционерлік қоғамдар мен өндірістік кооперативтерге кредит беру;
      3) ауылдық жердегi кәсiпкерлiк қызметтiң ауыл шаруашылығына жатпайтын түрлерiне кредит беру.
      Ескерту. 29-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.10.28 N 997 (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      30. Аграрлық корпорацияның кредит беруi Қазақстан Республикасының заңнамасына және iшкi кредит саясатына сәйкес жүзеге асырылады.

      31. Аграрлық корпорация мынадай талаптарға жауап беретiн кредиттiк серiктестiктерге жылдық 4%-ға дейiн сыйақы ставкасымен 7 жылға дейiнгi мерзiмге кредит берудi жүзеге асырады:
      1) ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлердiң кредиттiк серiктестіктің жарғылық капиталындағы үлесi кемiнде 50 пайызды құрауға тиiс;
      2) кредиттiк серiктестiктiң жарғылық капиталының ең аз мөлшерi кемiнде 3000000 (үш миллион) теңгенi құрауға тиiс;
      3) ықтимал қатысушылардың кредиттік серiктестiктiң жарғылық капиталына жарналары кемiнде 100 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде ақшалай енгiзiлуге тиiс;
      4) кредиттік серiктестiктің ықтимал қатысушыларында қолда бар жылжымайтын және жылжымалы мүлiкке тиiстi үлгiде ресімделген құжаттар болуға тиiс.

      32. Аграрлық корпорация мынадай талаптарға жауап беретiн ауылдық тұтыну кооперативтерiне, шаруа серіктестіктеріне, акционерлік қоғамдар мен өндірістік кооперативтеріне жылдық 5%-ға дейiн сыйақы ставкасы бойынша 5-7 жылға дейiнгi мерзiмге кредит берудi жүзеге асырады:
      1) әлеуметтiк-экономикалық даму әлеуетi орташа және жоғары ауылдық елдi мекендерде ауылдық тұтыну кооперативтерiн, шаруа серіктестіктерін, акционерлік қоғамдар мен өндірістік кооперативтер құру;
      2) шикiзат базасының жеткiлiктiлiгi, сондай-ақ өнiмдердi өткiзу нарығының болуы;
      3) алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2007.10.28 N 997 Қаулысымен;
      4) кредиттiк ресурстарды беру шартымен жобаның өзiн-өзi ақтауы;
      5) кепілдік қамтамасыз ету;
      6) негізгі қызметі ауыл шаруашылығы өнімдерін бірлесіп өндіру, дайындау, өткізу, қайта өңдеу, сақтау, тасымалдау, тауарлық-материалдық құндылықтармен жабдықтау болып табылады.
      Ескерту. 32-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.10.28 N 997 (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      33. Кәсiпкерлiк қызметтiң ауыл шаруашылығына жатпайтын түрлерiне жылдық 10%-ға дейiн сыйақы ставкасы бойынша 7 жылға дейiнгi мерзiмге кредит берудi Аграрлық корпорация мынадай түрлер бойынша жүзеге асырады:
      1) ауыл шаруашылығы шикiзатын (ет, сүт, көкөнiс, жемiс, терi) қайта өңдеу;
      2) жеңiл және тамақ өнеркәсiбi өндiрiсi;
      3) балық өнiмдерiн көбейту, өсiру және қайта өңдеу;
      4) туризмдi, қонақ үй бизнесiн және жол бойындағы сервистi ұйымдастыру;
      5) ауылдық сауда нүктелерiн және қоғамдық тамақтандыру пункттерiн кеңейту.

5. Агроөнеркәсiптiк кешендi "Ауыл шаруашылығын қаржылай
қолдау қоры" акционерлiк қоғамының қатысуымен қолдау тәртiбi

      34. Агроөнеркәсiптік кешендi "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" акционерлiк қоғамының (бұдан әрi - қор) қатысуымен қолдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) ауыл халқына қордың филиалдары мен өкiлдiктерi арқылы шағын кредит беру;
      2) ауыл халқына одан әрi шағын кредит беру үшiн шағын кредиттiк ұйымдарға кредит беру;
      3) өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру туралы заңнамаға сәйкес қолайсыз табиғат құбылыстары нәтижесiнде туындаған сақтандыру жағдайлары бойынша сақтандыру төлемдерiнiң бөлiгiн өтеу;
      4) ауыл халқына кәсiпкерлiк негiздерiн оқытуды және кадрлар даярлауды ұйымдастыру.

      35. Осы Ереженiң 34-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген бағыттар бойынша iс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасына, кредит саясатына және қордың өзге де iшкi құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      36. Министрлiк жыл сайын республиканың әр облысы үшiн ауыл халқының әлеуметтiк-экономикалық даму деңгейiн ескере отырып, олардың тиiстi өңiрлердегi санына мөлшерлес қаражат көлемiн айқындайды, ауыл халқына берiлетін қарыздың сыйақы ставкасын, беру мерзiмi мен мөлшерiн, сондай-ақ шағын кредиттiк ұйымдарға кредит беру үшiн сыйақы ставкасын айқындайды. Қаражатты облыстардың iшiнде аудандар мен ауылдық елдi мекендер бөлiнiсiнде одан әрi бөлудi тиiстi жергілiктi атқарушы органдардың ұсынымы бойынша қор жүзеге асырады.

      37. Ауыл халқына шағын кредит беру қарыздың мынадай түрлерi бойынша жүзеге асырылады:
      1) жеке қарыз - бiр қарыз алушыға өтiмдi кепiлдiк қамтамасыз етумен берiлетiн шағын кредит;
      2) топтық (ынтымақтас) қарыз - ынтымақтас жауапкершiлiкпен (қарыз қайтарудың ынтымақтас кепiлдiгiмен) немесе өтiмдi кепiлдiк қамтамасыз етумен қарыз алушылар тобына (2 адамнан көп) берiлетiн шағын кредит;
      3) кепiлдiк берiлген қарыз - не қарыз алушының өнiмiн тұтынатын кәсiпкерлiк қызмет субъектiсiнiң кепiлдiгiмен (шаруашылық серiктестігі, банк, фермерлiк шаруашылық), не кемiнде екi жеке тұлғаның кепiлдiгiмен берiлетiн шағын кредит.

      38. Шағын кредит беру бағдарламасына қатысу үшiн шағын кредит ұйымдарын iрiктеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тендерлiк негiзде жүргiзiледi.

      39. Қор тендердi ұйымдастырушы болып әрекет етедi.

      40. Тендер қарыз алу құқығына шағын кредит ұйымын айқындау мақсатында өткiзiледi.
      Шағын кредит ұйымдарына бөлiнетiн қарыздардың нысаналы мақсаты болады және ол ауыл халқы мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге шағын кредит беру үшiн берiледi.

      41. Қор мынадай бағалау өлшемдерiнiң негiзiнде жеңiмпаз шағын кредит ұйымын айқындайды:
      1) түпкi қарыз алушыға шағын кредит беру кезiндегi сыйақы ставкасы;
      2) қамтамасыз ету өтiмдiлiгі;
      3) несие қоржынының құрылымы;
      4) меншiктi капиталдың мөлшерi;
      5) ауыл халқына шағын кредит беру саласындағы жұмыс тәжiрибесi және кредит беру нарығындағы кәсiби бiлiктiлiгi.

      42. Ауыл халқына кәсiпкерлiк негiздерiн оқытуды және кадрлар даярлауды ұйымдастыруды қор мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жүргiзедi.

6. Агроөнеркәсiптік кешендi "Мал өнiмдерi корпорациясы"
акционерлiк қоғамының қатысуымен қолдау тәртiбi

      43. Осы бөлiмде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) мал шаруашылығы өнiмi - жануарлардан алынатын шикiзат пен өнiмдер;
      2) жануарлардан алынатын шикiзат - ет, сүт, балық, жұмыртқа және адам тиiстi өңдеусiз тамаққа пайдаланбайтын жануарлардан алынатын басқа да өнімдер, бал ара шаруашылығының өнiмдерi, тiрi мал, сондай-ақ жануарлардан алынатын терi, жүн, түк, қыл, мамық жүн, түбiт, қауырсын, эндокриндiк бездер, ішек-қарын, қан, сүйек, мүйiз, тұяқ және басқа өнiмдер;
      3) жануарлардан алынатын өнiмдер - мал шаруашылығы шикiзатын қайта өңдеу өнiмдерi;
      4) бiрлескен қызмет - iшкi нарықты импорт алмастыратын сапалы өнiммен қанықтыру, отандық өнiмдi сыртқы нарыққа жылжыту және пайда табу мақсатында "Мал өнiмдерi корпорациясы" акционерлiк қоғамы мен мал шаруашылығы шикiзатын қайта өңдейтін кәсiпорындардың ресурстарын бiрiктiру және күш-жігерiн үйлестiру.

      44. Агроөнеркәсiптiк кешендi "Мал өнiмдерi корпорациясы" акционерлік қоғамының қатысуымен мемлекеттiк қолдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) мал шаруашылығы өнiмiнiң экспорттық нарықтарын кеңейту;
      2) мал шаруашылығы өнiмiнiң әлеуметтiк маңызы бар түрлерiнiң iшкi нарығын реттеу.

      45. Мал шаруашылығы өнiмiне арналған экспорт нарықтарын кеңейтудi "Мал өнімдерi корпорациясы" акционерлiк қоғамы мыналар арқылы жүзеге асырады:
      1) агроөнеркәсiптiк кешеннiң субъектiлерiнен сатып алу жолымен, сондай-ақ мамандандырылған автокөлiк, мал шаруашылығы өнiмiн қайта өңдеу жөнiндегi технологиялық жабдықты сатып алу (импорт) жолымен мал шаруашылығы өнiмiн дайындауды, оларды қайта өңдеу жөнiндегi жұмыстар мен қызметтердi жүзеге асыру;
      2) заңды тұлға құрмай-ақ, бiрлескен қызмет шарттарында үшiншi тұлғаларды - мал шаруашылығы өнiмiн қайта өңдейтiн кәсiпорындарды тарту арқылы мал шаруашылығы өнiмiн дайындауды және қайта өңдеудi ұйымдастыру;
      3) отандық мал шаруашылығы өнiмiн сыртқы нарыққа жылжыту жөнiндегi шараларды, оның iшiнде оны жылжыту жөнiнде ақпараттық-жарнамалық жұмыстарды жүргiзу жолымен жүзеге асыру;
      4) мал шаруашылығы өнiмiн дайындау жөнiндегi филиалдар, ауыл шаруашылығы жануарларын өсiруге және семiртуге арналған бордақылау алаңдарын және экспорттық карантиндiк алаңдарды құру жолымен мал шаруашылығы өнiмi экспортының инфрақұрылымын дамыту;
      5) көрмелерге, жәрмеңкелерге және аукциондарға қатысу;
      6) мал шаруашылығы өнiмiнiң қазақстандық брендiн қалыптастыру және жылжыту.

      46. Мал шаруашылығы өнiмiнiң iшкi нарығын реттеу мыналар арқылы жүзеге асырылады:
      1) сатып алынатын мал шаруашылығы өнімін орналастыруды, сақтауды және орнын ауыстыруды ұйымдастыру;
      2) оны одан әрi қайта өңдеу үшiн қайта өңдеушi кәсiпорындармен бiрлескен қызметтi жүзеге асыру;
      3) мал шаруашылығы өнiмiнiң iшкi нарығында бағаларды реттеу және халықтың мүддесiн қорғау үшiн баға интервенцияларын жүргiзу.

      47. Мал шаруашылығы өнiмiн қайта өңдейтiн кәсiпорындар арасында бiрлескен қызмет құру үшiн iрiктеудiң негiзгi өлшемдерi мыналар болып табылады:
      1) маусымаралық кезеңде тапшылықпен сипатталатын мал шаруашылығы өнiмiн өндiру;
      2) өндiрiстiк-шикiзаттық базаның болуы;
      3) бiлiктi мамандардың және еңбек ресурстарының болуы.

      48. Мемлекеттiк мал шаруашылығы өнiмi ресурстарына сатып алу операцияларының мәнi болып табылмайтын мал шаруашылығы өнiмiнiң номенклатурасын, мөлшерiн, бағасын, дайындаудың және қайта өңдеудiң тәртiбi мен мерзiмiн, сондай-ақ мемлекеттiк мал шаруашылығы өнiмi ресурстарынан баға интервенциясының мәнi болып табылмайтын мал шаруашылығы өнiмiн сатуды жүргiзiлiп отырған мемлекеттiк аграрлық саясат шеңберiнде iшкi және сыртқы нарықтардың конъюнктурасын маркетингтiк зерттеулердiң нәтижелерi бойынша "Мал өнiмдерi корпорациясы" акционерлiк қоғамы айқындайды.

7. Агроөнеркәсiптiк кешендi "Қазагромаркетинг" акционерлiк
қоғамының қатысуымен қолдау тәртiбi

      49. Агроөнеркәсiптiк кешендi "Қазагромаркетинг" акционерлiк қоғамының (бұдан әрi - "Қазагромаркетинг" АҚ) қатысуымен қолдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) ақпарат беру, консультациялық қызметтер көрсету, агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерi үшiн оқыту семинарларын ұйымдастыру;
      2) агроөнеркәсiптiк кешеннiң ақпараттық-маркетингтiк жүйесiн құруға және дамытуға қатысу;
      3) агроөнеркәсiптiк кешен нарығының мониторингi және оған талдамалық зерттеулер жүргiзу;
      4) қазiргi заманғы ақпараттық технологияларды құру мен дамытуға және ауыл шаруашылығы өнiмiнiң электрондық сауда-саттығына қатысу;
      5) арнайы жинақтарда, журналдарда және тақырыптық басылымдарда ақпараттық материалдар шығаруды ұйымдастыру;
      6) көрме-жәрмеңкелiк шараларды ұйымдастыру мен өткiзуге және отандық тауар өндiрушiлерге өндiрiлетiн ауыл шаруашылығы өнiмдерi мен оны қайта өңдеу өнiмдерiн жарнамалауға қолдау көрсетуге қатысу.

      50. Агроөнеркәсiптiк кешеннiң ақпараттық-маркетингтiк қамтамасыз етiлуiн "Қазагромаркетинг" АҚ-ның қатысуымен қолдау мыналар арқылы жүзеге асырылады:
      1) "Қазагромаркетинг" АҚ өңiрлiк желiсi арқылы агроөнеркәсiптiк кешенiнiң субъектілеріне:
      ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлердiң ақпаратқа қажеттiлiгiн анықтау;
      ауыл шаруашылығы өндiрiсi саласында консультациялар мен оқыту семинарларын өткiзу үшiн оқу құралдарын, әдiстемелiк ұсынымдарды, ақпараттық-анықтамалық материалдарды әзiрлеу;
      ақпараттық парақтар, арнайы басылымдар, электрондық тарату қызметi, "Қазагромаркетинг" АҚ интернет-ресурсы және/немесе басқа да ақпарат тарату құралдары арқылы ауыл шаруашылығы нарықтары туралы ақпарат тарату;
      консультациялық және оқыту қызметтерiнiң кең ауқымын ұсына отырып, әлеуеттi проблемаларды анықтау жолымен өтеусiз негiзде ақпарат ұсыну, консультациялық қызметтер көрсету;
      2) агроөнеркәсiптiк кешен ақпараттық-маркетингтiк жүйесiнiң жұмыс iстеуiн:
      агроөнеркәсiптiк кешеннiң салалары бойынша дерекқорды кеңейту және оның тұрақты түрде жаңаруын қамтамасыз ету;
      агроөнеркәсiптiк кешен ақпараттық-маркетингтiк жүйесiнiң жұмыс iстеуi мен дамуын әдiснамалық және техникалық қолдауды жүзеге асыру;
      ақпараттық технологиялар саласында даму стратегиясы мен жоспарларын құру жөнiндегi iс-шаралары жоспарлауға және жүзеге асыруға қатысу, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсiптiк кешенi субъектiлерiнiң қызметi аспектiлерiн автоматтандырудағы қажеттiлiктi анықтау;
      министрлiктiң, оның өңiрлiк бөлiмшелерiнiң және оған ведомстволық бағынысты ұйымдардың ақпараттық инфрақұрылымына кiретiн ақпараттық жүйелердi құру мен дамыту жөнiндегi, бағдарламалық-аппараттық кешендерге техникалық және жүйелiк қызмет көрсету жөнiндегi iс-шараларға қатысу жолымен қамтамасыз ету;
      3) азық-түлiк және ресурстық нарықтарды:
      "Қазагромаркетинг" АҚ-ның өңiрлiк желiсi арқылы ақпарат жинау, өңдеу және беру;
      саланы тиiмдi мемлекеттiк реттеу үшiн кейiннен талдау және ұсыныстар әзiрлеу жолымен мониторингiлеу және талдамалық зерттеулер жүргiзу:
      4) қазiргi заманғы ақпараттық технологиялар мен электрондық сауда-саттықты құруға және дамытуға:
      ақпараттық ағындарды басқаруға ықпал ететiн агроөнеркәсiптiк кешеннiң салалары бойынша деректердi жедел жинауды, өңдеудi және сақтауды жүзеге асыратын бiртұтас автоматтандырылған ақпараттық жүйенi құру;
      Қазақстан Республикасы экономикасының аграрлық секторында электрондық сауда-саттық жүйесiнiң жұмыс iстеуiн және дамуын ұйымдастыру жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау мен iске асыруға қатысу;
      ауыл халқының электрондық сауда-саттық жүйесiне қол жеткiзуiн қамтамасыз ету үшiн электрондық терминалдарды енгiзе отырып, Қазақстан Республикасының облыс және ауданы орталықтарында "Қазагромаркетинг" АҚ өңiрлiк бөлiмшелерiнiң желiсi базасында электрондық коммерция бөлiмшелерiнiң бiрыңғай (жалпы республикалық) жүйесiн құру жолымен жәрдемдесу;
      5) баспаханалық кешенi бар әдiстемелiк орталық құру және дамыту арқылы ақпараттық материалдарды жариялау және арнайы жинақтарды, журналдарды, тақырыптық басылымдарды шығаруды ұйымдастыру;
      6) "Қазагромаркетинг" АҚ-ның өңiрлiк желiсi арқылы көрме-жәрмеңкелiк жабдықты беру жолымен көрме-жәрмеңкелер ұйымдастыру және отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге жарнамалық қолдау көрсету.
      Ескерту. 50-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.12.30 № 2305 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      51. Агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiне өтеусiз негiзде ұсынылуға жататын ақпарат пен қызметтер тiзбесiн министрлiк айқындайды.

8. Агроөнеркәсiптiк кешендi "ҚазАгроКепіл" акционерлiк
қоғамының қатысуымен қолдау тәртiбi

      Ескерту. 8-тараудың атауына өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.04.04 N 318 Қаулысымен.

      52. Агроөнеркәсiптiк кешендi "ҚазАгроКепіл" акционерлiк қоғамының (бұдан әрі - "ҚазАгроКепіл" АҚ) қатысуымен қолдау тәртiбi мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) астық қолхаттарын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн тиiмдi қорғауды қамтамасыз ету;
      2) ауыл шаруашылығында жеке инвестициялар көлемiнiң өсуiн ынталандыру.
      Ескерту. 52-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.04.04 N 318 Қаулысымен.

      53. Осы бағыттар бойынша мiндеттердi орындауды астық қабылдау кәсiпорындары - "ҚазАгроКепіл" АҚ қатысушылары берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердiң орындалуына кепiлдiк беру жолымен "ҚазАгроКепіл" АҚ жүзеге асырады.
      Ескерту. 53-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.04.04 N 318 Қаулысымен.

      54. Жарғылық капиталды ұлғайтуға бөлiнген қаражатты пайдалану, сондай-ақ агроөнеркәсiптiк кешендi "ҚазАгроКепіл" АҚ қатысуымен қолдау тәртiбi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң "Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiнiң кейбiр мәселелерi туралы" 2004 жылғы 27 сәуiрдегi N 470 және "Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындардың және акцияларының (үлестерiнiң) бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi ұйымдардың қаржылық қызметтердi сатып алуының кейбiр мәселелерi туралы" 2004 жылғы 14 қыркүйектегi N 960 қаулыларына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 54-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.04.04 N 318 Қаулысымен.

9. Агроөнеркәсіптік кешенді "ҚазАгроИнновация" акционерлік қоғамының қатысуымен қолдау тәртібі

       Ескерту. 9-бөліммен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.04.04 N 469 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      55. Осы бөлімде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) агроөнеркәсіптік кешен саласындағы білімді тарату жүйесі - ауыл шаруашылығы саласындағы әдістер мен технологияларды жетілдіруге, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі мен кірістілігін арттыруға және агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне арналған оқыту және практикалық бағдаламаларды іске асыру жолымен ауылдық аумақтардың тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүйесі;
      56. Агроөнеркәсіптік кешенді "ҚазАгроИнновация" акционерлік қоғамының (бұдан әрі - "ҚазАгроИнновация" АҚ) қатысуымен қолдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті дамыту;
      2) агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инновациялық қызметті ынталандыру және дамыту;
      3) агроөнеркәсіптік кешен саласында адам ресурстарын дамыту.
      57. Агроөнеркәсіптік кешенді "ҚазАгроИнновация" АҚ қатысуымен қолдау заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) қолданбалы ғылыми-зерттеулер жүргізу, жоғары бағалы өсімдіктер сорттарының, ауыл шаруашылығы жануарларының, құстар мен балықтардың тұқымдары мен түрлерінің тектік қорларын сақтау және дамыту жолдары арқылы агроөнеркәсіптік кешен саласында ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтер көрсету;
      2) инновациялық жобаларды қаржыландыруға қатысу, агроөнеркәсіптік кешенде инновациялық инфрақұрылымды құруға және дамытуға көмек көрсету, инновация, зияткерлік меншікті қорғау саласында халықаралық ынтымақтастықтың дамуына көмек көрсету арқылы ауыл шаруашылығы өндірісіне перспективалы агротехнологияларды енгізу (коммерцияландыру және трансферт (қарыз алу);
      3) мамандандырылған инфрақұрылымды қалыптастыру мен дамыту және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді оқыту жолымен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы білімді тарату саласында қызмет көрсету арқылы жүзеге асырылады.

                                          Агроөнеркәсiптiк кешендi
                                         мамандандырылған ұйымдардың
                                         қатысуымен қолдау ережесiне
                                                    қосымша

                                       "Азық-түлiк келiсiм-шарт
                                   корпорациясы" ұлттық компаниясы"
                                         акционерлiк қоғамының
                                      ___________облысы бойынша
                                       өкiлдiгiнiң директорына

                          ӨТIНIШ

_____________________________________________негiзiнде әрекет ететiн
______________________________________________________________атынан
           (заңды, жеке тұлғаның атауы)
____________________________________________________________________
__________________________________________________жұмыстарын жүргiзу
мақсатында_______________________________________________өндіру үшiн
                    (дақыл, өнiмнiң түрi)
_______________________________теңге сомасында қарыз берудi сұрайды.

Қолы______________                             Заңды мекен-жайы:
                                               _________________
                                               _________________
                                               _________________

M.О.