Агроөнеркәсiптiк кешендi мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдаудың кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 шілдедегі N 645 Қаулысы.

Жаңартылған

      "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 8) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.12.2023 № 1083 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 26.03.2019 № 137 қаулысымен.

      2. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2008.08.15 N 746 Қаулысымен.

      3. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2008.08.15 N 746 Қаулысымен.

      4. "Аграрлық секторға несие беру мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 25 қаңтардағы N 137 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 3, 39-құжат) 1, 5-тармақтарының күшi жойылды деп танылсын.

      5. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi



  Қазақстан Республикасы
Yкiметiнiң
2006 жылғы 7 шiлдедегi
N 645 қаулысымен
бекiтiлген

Агроөнеркәсіптік кешендi мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 26.03.2019 № 137 қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және агроөнеркәсіптік кешенді:

      1) "ҚазАгроҚаржы" акционерлік қоғамы;

      2) "Аграрлық несие корпорациясы" акционерлік қоғамы;

      3) "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы;

      4) "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Азық-түлік корпорациясы) сияқты мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.12.2023 № 1083 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2. Агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес мынадай тәртіппен жүзеге асырады:

      1) агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға республикалық бюджет қаражатынан бөлінетін ресурстарға қажеттілікті анықтайды;

      2) бюджеттік өтінім жасайды және республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты алады;

      3) республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Холдинг) және "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – "ҰАҒББО" КЕАҚ) жарғылық капиталын төлейді, оларға бюджеттік кредиттер берілуін ұйымдастырады, мамандандырылған ұйымдардан мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады;

      4) Азық-түлік корпорациясын және "ҰАҒББО" КеАҚ-ты корпоративтік басқаруды жүзеге асырады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Үкіметінің 27.05.2020 № 326; 31.12.2020 № 952 қаулыларымен.

      3. Агроөнеркәсіптік кешенді "ҰАҒББО" КеАҚ-ның қатысуымен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қолдау мыналар арқылы жүзеге асырылады:

      1) агроөнеркәсіптік кешенде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындау;

      2) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін енгізу, оның ішінде перспективалы агротехнологияларды коммерцияландыру және трансферттеу (шеттен алып пайдалану) жолымен енгізу, инновациялық инфрақұрылымды дамытуға, агроөнеркәсіптік кешендегі ғылым, инновациялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу;

      3) білімдерді тарату және беру, оның ішінде ғылыми-практикалық семинарлар өткізу, консультациялық қызметтер көрсету жолымен тарату және беру.

      4. Агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау жөніндегі іс-шаралар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 960 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына және Қазақстан Республикасының өзге де стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына сәйкес іске асырылады.

      Агроөнеркәсіптік кешенді "ҰАҒБО" КеАҚ-ның қатысуымен қолдау жөніндегі іс-шаралар Қазақстан экономикасының аграрлық салада жеделдетілген ғылыми-технологиялық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.12.2023 № 1083 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау жөніндегі іс-шараларға қатысуы осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын "ҰАҒББО" КеАҚ-ны қоспағанда, мамандандырылған ұйымдардың агроөнеркәсіптік кешенді қолдау жөніндегі іс-шараларға қатысуы олардың органдары мен лауазымды адамдарының шешімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Мамандандырылған ұйымдар бөлінген бюджеттік қаражаттың тиімді, нәтижелі және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етеді.