Агроөнеркәсiптiк кешендi мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдаудың кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 шілдедегі N 645 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Агроөнеркәсiптiк кешендi мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау ережесi бекiтiлсiн.

      2. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2008.08.15 N 746 Қаулысымен.

      3. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2008.08.15 N 746 Қаулысымен.

      4. "Аграрлық секторға несие беру мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 25 қаңтардағы N 137 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 3, 39-құжат) 1, 5-тармақтарының күшi жойылды деп танылсын.

      5. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы
Yкiметiнiң     
2006 жылғы 7 шiлдедегi
N 645 қаулысымен   
бекiтiлген      

Агроөнеркәсіптік кешендi мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау ережесi

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.05.27 N 589 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және агроөнеркәсіптік кешенді:
      1) «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы;
      2) «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы;
      3) «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы;
      4) «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы;
      5) «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамы;
      6) «Қазагромаркетинг» акционерлік қоғамы;
      7) «ҚазАгроКепіл» акционерлік қоғамы;
      8) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 22.08.2015 № 659 қаулысымен.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.08.2015 № 659 қаулысымен.

 2. Агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың
қатысуымен қолдау

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес мынадай тәртіппен жүзеге асырады:
      1) агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға республикалық бюджет қаражатынан бөлінетін ресурстарға қажеттілікті анықтайды;
      2) бюджеттік өтінімді жасайды және республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты алады;
      3) республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Холдинг) және «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - «ҚазАгроИнновация» АҚ) жарғылық капиталын төлейді, оларға бюджеттік кредиттер ұсынуды ұйымдастырады, мамандандырылған ұйымдардан мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады;
      4) Холдингті және «ҚазАгроИнновация» АҚ-ны корпоративтік басқаруды жүзеге асырады.
      2-1. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 22.08.2015 № 659 қаулысымен.
      3. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау жөніндегі іс-шараларды Холдингтің құрамына кіретін мамандандырылған ұйымдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 ақпандағы № 151 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 қаңтардағы № 52 қаулысымен бекітілген «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының 2011 – 2020 жылдарға арналған даму стратегиясына және Қазақстан Республикасының өзге де стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына сәйкес іске асырады.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 № 425 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      4. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 22.08.2015 № 659 қаулысымен.
      5. Мамандандырылған ұйымдардың агроөнеркәсіптік кешенді қолдау жөніндегі іс-шараларға қатысуы олардың органдары мен лауазымды адамдарының шешімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.08.2015 № 659 қаулысымен.
      6. Мамандандырылған ұйымдар бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді, нәтижелі және мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді.