Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңы

Жаңартылған

  МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың арасында туындайтын қатынастарды реттейді және адамның мекендейтін және тіршілік ететін толымды ортасын қалыптастыруға, елді мекендер мен қонысаралық аумақтарды тұрақты дамытуға бағытталған. 

  1-бөлім. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін
мемлекеттік реттеу

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) авторлық қадағалау - бұл автордың:
      сәулет және қала құрылысы туындысының авторы (авторлары) жүзеге асыратын құрылыс жобасының (құрылыс құжаттамасының) әзiрленуiне;
      сәулет немесе қала құрылысы туындысының авторын (авторларын) қоса алғанда, әзiрлеушiлер жүзеге асыратын құрылыс жобасының iске асырылуына бақылау жүргiзудi жүзеге асыру жөнiндегi құқықтылығы.
      Авторлық бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады;
      2) адам мекендейтiн орта - адам тұратын орта. Мекендеу ортасы мыналарды қамтиды:
      қоршаған орта - атмосфералық ауаны, Жердiң озон қабатын, жер бетi мен жер асты суларын, жердi, жер қойнауын, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн, сондай-ақ олардың өзара әрекетiндегi климатты қоса алғанда, табиғи және жасанды объектiлер жиынтығы;
      сәулеттiк-ландшафтық орта - адам шаруашылық қызметтi және басқа да функцияларды жүзеге асыратын, табиғи жағдайлар мен сәулеттiк нысандар ұштастырылған кеңiстiк. Әдетте, бұл елдi мекендер ортасы, ол адамның өмiр сүру жағдайлары мен психикалық-физикалық жай-күйiн айқындайды;
      iшкi орта - тұрғын үй-жайлардағы өмiр сүру жағдайларының және жұмыс (өндiрiс) үй-жайларындағы еңбек жағдайларының кешенi, ол әлеуметтiк, эстетикалық, биологиялық, психологиялық және физикалық-химиялық факторларды, соның iшiнде табиғи радиацияны, сыртқы шуды, биотикалық төңiректi, ауаның ластануын, ылғалдылығын, құрамы мен ауысуын, иiстердi, жанған өнiмдердi, табиғи және жасанды жарықты, судың тазалығын және басқаларды қамтиды;
      3) айрықша реттеу және қала құрылысын регламенттеу объектiлерi - аумақтарды, елдi мекеннiң, жылжымайтын мүлiктiң жекелеген объектiсiнiң аумағын пайдаланудың арнаулы ережелерi (тәртiбi) енгiзiлмей, жалпыға бiрдей қабылданған ережелерге (тәртiпке) ерекшелiктер белгiленбей не оларға толықтырулар енгiзiлмей жүзеге асырылуы қиындаған немесе мүмкiн болмайтын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң объектiлерi;
      4) антропогендiк әсер ету - табиғатқа, қоршаған ортаға, елдi мекенге адам қызметiнiң түрлi ықпал ету нәтижесiнде туындаған оң және терiс әсер етулер. Терiс әсер тигiзiлген жағдайда табиғат қорғау шараларын қолдану қажеттiгi туындайды;
      5) аумақтарды аймақтарға бөлу - қала құрылысын жоспарлау кезiнде жекелеген аймақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерi мен оларды пайдалану жөнiндегi мүмкiн болатын шектеулердi белгiлей отырып аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлу;
      6) аяқталмаған құрылыс - пайдалануға беру үшiн тапсырысшы белгiленген тәртiппен қабылдамаған және мақсатына қарай (тұру, қызмет көрсету, өнiм шығару, пайда алу және пайдаланудың басқа да түрлерi) пайдаланылмайтын құрылыс объeктici;
      7) ғимарат - табиғи немесе жасанды кеңiстiк шекаралары бар және өндiрiстiк процестердi орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға немесе адамдарды, жүктердi уақытша орналастыруға (орын ауыстыруға), сондай-ақ жабдықтарды немесе коммуникацияларды орналастыруға (төсеуге, жүргiзуге) арналған жасанды жасалған ауқымды, тегiстiктi немесе желiлiк объект (жер үстi, су бетi және (немесе) жер асты, су асты). Ғимарат көркемдiк-эстетикалық, әшекей-қолданбалы не мемориалдық мақсатта да болуы мүмкiн;
      8) елдi мекеннiң аумағы - қалалық немесе селолық елдi мекеннiң белгiленген шекара (iшкi аумағы) шегiндегi кеңiстiк;
      9) елдi мекеннiң бас жоспары - аймақтарға бөлудi, оның аумағының жоспарлы құрылымы мен функционалдық ұйымдастыруды, көлiк және инженерлiк коммуникацияларды, көгалдандыру мен абаттандыру жүйелерiн белгiлейтiн, қаланы, кенттi, ауылды (селоны) не басқа да қонысты дамыту мен салуды кешендi жоспарлаудың қала құрылысы жобасы;
      10) жергiлiктi маңызы бар объект - қаржыландыру көздерiне қарамастан, жоспарлануы, жобалануы және құрылысы аталған облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мiндеттерiн орындаумен байланысты және стратегиялық немесе өзге де маңызды жалпымемлекеттiк мiндеттердi шешу мақсаты жоқ объект;
      11) жоба - жеке және заңды тұлғалардың немесе мемлекеттiң сәулет, қала құрылысы және құрылыс құжаттамасы (сызбалар, графикалық және мәтiндiк материалдар, инженерлiк және сметалық есептеулер) нысанында ұсынған, адамның мекендеуi мен тiршiлiк етуiнiң қажеттi жағдайларын қамтамасыз ету жөнiндегi түпкi ойы;
      12) жобалау алдындағы құжаттама - қала құрылысы, сәулет жобаларын, құрылыс жобасын әзiрлеу алдында жасалатын және бағдарламаларды, есеп берулердi, құрылыстың техникалық-экономикалық негiздемелерiн, техникалық-экономикалық есептердi, ғылыми зерттеулер мен инженерлiк iзденiстер нәтижелерiн, технологиялық және конструкциялық есептердi, нобайларды, макеттердi, өлшемдер мен объектiлердi зерттеу нәтижелерiн, сондай-ақ жобалау құжаттамасын әзiрлеу және жобаларды кейiннен iске асыру туралы шешiмдер қабылдауға қажеттi өзге де бастапқы деректер мен материалдарды қамтитын құжаттама;
      13) жобалау құжаттамасы:
      аумақты көгалдандыру жобаларын, оны сыртқы безендiрудi, монументтiк немесе әшекей өнер туындыларын орналастыруды және орнатуды (тұрғызуды);
      қала құрылысының жобаларын - аумақтар мен елдi мекендердi немесе олардың бөлiктерiн ұйымдастыруды, дамыту мен салуды кешендi қала құрылысын жоспарлау жөнiндегi түпкi ойдан (Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақты дамытудың аймақаралық схемалары, аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешендi схемалары, елдi мекендердiң бас жоспарлары, нақты жоспарлау жобалары, өнеркәсiп аймақтарын жоспарлау жобалары, құрылыс салу жобалары, объектiлер мен кешендердiң бас жоспарлары, абаттандыру және көгалдандыру жобалары, өзге де жоспарлау жобалары) тұратын жобаларды;
      құрылыс жобасын (құрылыстық жобаны) - көлемдiк-жоспарлық, конструкциялық, технологиялық, инженерлiк, табиғат қорғау, экономикалық және өзге де шешiмдердi қамтитын жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын, сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру мен жүргiзуге, аумақты инженерлiк жағынан дайындауға, абаттандыруға арналған сметалық есептеулердi қамтиды. Құрылыс жобаларына аяқталмаған объектiлер құрылысын консервациялау және өз ресурсын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жобалары да жатады;
      сәулеттiк түпкi ойы бар сәулет жобасын - жобалауға сәулетшiнiң қатысуы қажет болатын ғимарат (монумент) тұрғызудың жеке жобасын немесе объектiнiң сәулет-көркемдiк, композициялық және көлемдiк-жоспарлау шешiмдерiн қамтитын, әлеуметтiк, экономикалық, функционалдық, технологиялық, инженерлiк-техникалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, санитарлық-гигиеналық, экологиялық және өзге де талаптарды ескеретiн және құрылыс жобасын немесе құрылыс объектiсiне арналған өзге де құжаттаманы әзiрлеу үшiн қажеттi көлемде орындалған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының бiр бөлiгiн қамтиды;
       14) жобалардың мемлекетаралық сараптамасы - объектiнiң құрылысы туралы халықаралық шартқа қатысушы екi және одан да көп мемлекеттiң мүддесiн бiлдiретiн жобаларды сараптаудың мiндеттi нысаны;
      15) жобалардың мемлекеттiк сараптамасы - жобаларды (жобалау алдындағы немесе жобалау-смета құжаттамасын) кешендi бағалаудың мiндеттi нысаны, ол функцияларын қайталауға жол бермейтiн бiрыңғай мемлекеттiк жүйе болып табылады. Жобалардың мемлекеттiк сараптамасын Қазақстан Республикасының Yкiметi қандай да бiр өзге қызметтi жүзеге асыру құқығынсыз уәкiлеттiк берген заңды тұлға жүзеге асырады;
      16) жобалар сараптамасы - тапсырысшының (инвестордың) жобаны инвестициялаудың орындылығы және оны iске асыру туралы шешiм қабылдауының алдындағы жобалаудан бұрынғы немесе жобалау құжаттамасын әзiрлеу кезеңi. Сараптама инвестициялар құжаттамасына талдау жүргiзуге және оның тиiмдiлiгiн белгiлеуге, сондай-ақ жобалардың сапасын олардың мемлекеттiк, қоғамдық және жеке мүдделерді, адамның тiршiлiк етуiне қолайлы және қауiпсiз жағдайлар жасауды, жобаланып отырған объектiлердiң тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттiк нормативтердiң шарттары мен талаптарына сәйкестiгiн не сәйкес еместiгiн белгiлеу жолымен бағалауға келiп саяды;
      17) жұмыс комиссиясы - нәтижелерiн мемлекеттiк қабылдау комиссиясына ұсыну үшiн объектiнiң дайындығына кешендi тексеру жүргiзетiн уақытша алқалы орган;
      18) инженерлiк инфрақұрылым - адамдардың тiршiлiк етуi, сондай-ақ өндiрiстiң немесе тауарлар мен көрсетiлетiн қызмет айналымының тұрақты жұмыс істеуі үшiн қалыпты жағдай туғызатын кәсiпорындардың (ұйымдардың), объектiлердiң (ғимараттар мен құрылыстардың), инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету коммуникацияларының және желiлерiнiң жиынтығы;
      19) көлiк инфрақұрылымы - көпiр, тоннель және өзге де көлiк құрылыстарының, жол тарамдары мен жол өткiзгiштерiнiң, реттеушi белгi беру құрылғыларының, байланыстың, көлiк жұмысының инженерлiк қамтамасыз ету, жүктердi, жолаушыларды тасымалдайтын көлiк құралдарына қызмет көрсету, өндiрiстiк және қызмет көрсетушi адамдардың функционалдық қызметiн қамтамасыз ететiн объектiлердiң, қойма үй-жайлары мен аумақтардың, санитарлық-қорғаныш және күзет алаңдарының, сондай-ақ көрсетiлген бағыттағы жолдарға және жылжымайтын мүлiк объектiлерiн қамтитын объектiлерге заңдарда бекiтiлген жерлердiң кешенi бар жерүстi (автомобиль және (немесе) темiр) жолдарының, су (теңiз және (немесе) өзен) жолдарының жиынтығы;
      20) қабылдау комиссиясы - объектiнiң (кешеннiң) дайындығына кешендi тексеру, технологиялық жабдықтар мен инженерлiк жүйелерге бақылаушылық сынақ жүргiзетiн және салынған объектiнi пайдалануға қабылдайтын уақытша алқалы орган;
      21) қалалық аймақтарға бөлу - елдi мекеннiң аумағын олардың функционалдық мақсатына сәйкес бөлу (тұрғын, қоғамдық, өнеркәсiптiк, рекреациялық және басқа да функционалдық аймақтар);
      22) қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасы - аумақтарды ұйымдастыру, аумақтар мен елдi мекендердi дамыту мен салудың қала құрылысын жоспарлау, объектiлердi салу (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтiру, күрделi жөндеу, консервациялау және кейiннен кәдеге жарату), сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру, аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру, көгалдандыру, сыртқы безендiру үшiн қажеттi (жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын, мемлекеттiк және мемлекетаралық нормативтiк құжаттарды қоса алғанда) өзара байланысты құжаттардың жүйесi;
      23) қала құрылысы кадастрының есептеу бiрлiктерi - тұтастай Қазақстан Республикасы, облыстар, аудандар, елдi мекендер аумағының, ауқымды, жайпақ және желiлiк құрылыстардың барлық түрлерiн қоса алғанда, жылжымайтын мүлiк объектiлерiнiң ұйымдастырылған және пайдаланылған элементтерi;
      24) қала құрылысының кеңiстiгi - адамның (ел, аймақ, елдi мекен, елдi мекен бөлiгi халқының) мекендейтiн және тiршiлiк ететiн материалдық ортасы қалыптасатын қала құрылысын реттеу аумағы;
      25) қала құрылысы қызметi (бұдан әрi - қала құрылысы) - қала құрылысын жоспарлаудағы қала құрылысы кеңiстiгiн қалыптастырудың, қала құрылысы жобасын жасаудың, қала құрылысы құжаттамасының барлық сабақтас бөлiмдерiн үйлестiрудiң шығармашылық процесiн қамтитын, аумақтар мен елдi мекендердi ұйымдастыру мен дамыту, аумақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерiн анықтау, қалалар мен селолық елдi мекендердi кешендi жоспарлау жөнiндегi қызмет;
      26) қала құрылысының регламенттерi - аумақтарды (жер учаскелерiн) және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдаланудың, сондай-ақ олардың жай-күйiнiң заңнамада белгiленген тәртiппен жол берiлетiн кез келген өзгерiстерiнiң режимдерi, рұқсаттары, шектеулерi (ауыртпалық салуды, тыйым салу мен сервитуттарды қоса алғанда).
      Қала құрылысының регламенттерi мемлекеттiк нормативтерге сәйкес орындалған қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасымен белгiленедi. Қала құрылысы регламенттерiнiң қолданылуы олар үшiн белгiленген мерзiм шегiнде шектеледi;
      27) қала құрылысын реттеу аумағы - шегiнде қандай да болсын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi жүзеге асырылатын аумақ;
      28) қаупi ықтимал құрылыс объектiлерi - функционалдық мақсаты, технологиялық өндiрiстiк процестерi, пайдалану сипаттамалары бойынша адам өмiрi мен денсаулығына зиян, орны толмас нұқсан келтiретiн, басқа да объектiлердiң тұрақты жұмыс iстеуiн бұзатын техногендiк және (немесе) экологиялық зiлзалалар (авариялар) қатерi бар объектiлер;
      29) қонысаралық аумақтар - елдi мекендердiң шекарасынан (шегiнен) тыс жатқан аумақтар;
      30) қоныстану аумағы - тұрғын үй, қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) және рекреациялық аймақтарды, сондай-ақ инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарының жекелеген бөлiктерiн, басқа да объектiлердi орналастыруға арналған, орналастырылуы мен қызметi арнаулы санитарлық-қорғаныш аймақтарын талап ететiндей әсер етпейтiн елдi мекен аумағының бiр бөлiгi;
      31) құрылыс қызметi (бұдан әрi - құрылыс) - жаңа объектiлер салу және (немесе) бар объектiлердi (үйлердi, ғимараттар мен олардың кешендерiн, коммуникацияларды) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтiру, күрделi жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларын дайындау (өндiру), сондай-ақ аяқталмаған объектiлер құрылысын консервациялау мен өз ресурстарын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жұмыстарын жүзеге асыру жолымен өндiрiстiк және өндiрiстiк емес негiзгi қорларды құру жөнiндегi қызмет;
      32) құрылыс-монтаж жұмыстары - құрылыс қызметi, ол:
      жер жұмыстарын және топырақтағы арнаулы жұмыстарды;
      үйлер мен ғимараттардың (оның iшiнде көпiрлер, көлiк эстакадалары, тоннельдер мен метрополитендер, жол құбырлары, құбыр өткiзгiштер, өзге де жасанды құрылыстар) тiреу және (немесе) қоршау конструкцияларын салуды;
      желiлiк құрылыстарды төсеу жөнiндегi арнаулы құрылыс және монтаж жұмыстарын;
      сыртқы инженерлiк желiлер мен құрылыстар, сондай-ақ iшкi инженерлiк жүйелер орнатуды;
      конструкциялар мен жабдықтарды қорғау және өңдеу жөнiндегi жұмыстарды;
      автомобиль және темiр жол құрылысын;
      технологиялық жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), iске қосу-жөндеу жөнiндегi жұмыстарды қамтиды;
      33) құрылыс өнiмi - сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiнiң аралық және (немесе) түпкiлiктi нәтижесi;
      34) құрылыс өнiмiнiң сапасы (объектiнiң сапасы) - қызметтiң (пайдалануға берудiң, пайдаланудың, қолданудың) бүкiл мерзiмi бойында меншiк иелерiнiң (пайдаланушылардың) және тұтас алғанда қоғамның мүдделерi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған талаптарды бiлдiретiн, тұтынушыларға жеткiзiлген түпкiлiктi құрылыс өнiмi сипаттамаларының (эстетикалық сипаттаманы қоса алғанда) жиынтығы;
      35) құрылыс салуды реттейтiн сызық (құрылыс салу сызығы) - қызыл және сары сызықтардан немесе жер учаскесi шекарасынан шегiндiре отырып, үйлердi (ғимараттарды, құрылғыларды) орналастыру кезiнде белгiленетiн құрылыс салу шекарасы;
      36) қызыл сызық - елдi мекендердi жоспарлау құрылымындағы кварталдардың, шағын аудандардың, өзге элементтердiң аумағын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөлiп тұратын шекара. Әдетте қызыл сызық құрылыс салу шекарасын реттеу үшiн қолданылады;
      37) макет - жоспарланып отырған аумақтардың, жобаланып отырған объектiлердiң, олардың жекелеген элементтерiнiң, сондай-ақ үй-жайлар интерьерлерiнiң кеңiстiктегi өлшемдестiгiн немесе құрылыстардың iшкi кеңiстiгiн белгiлеу мақсатында көлемдi нысандағы (түгелдей көрсете отырып немесе шартты түрде) масштабқа қатаң сәйкес келетiн етiп орындалған иллюстрациялық (көрнекi) материал. Макет ретiнде компьютерлiк кеңiстiктiк модельдеудiң бейнематериалдары пайдаланылуы мүмкін;
      38) мемлекеттiк қала құрылысы кадастры - қала құрылысы регламенттерiн, қала құрылысы, сәулет және құрылыс қызметi аумағын оның пайдаланылу режимiнiң әлеуметтiк-құқықтық белгiлерi, инженерлiк-техникалық қамтамасыз етiлу деңгейi, онда орналасқан объектiлердiң параметрлерi мен жай-күйi, сондай-ақ табиғи-климаттық жағдайлары мен экологиялық жай-күйi бойынша сипаттайтын картографиялық, статистикалық және мәтiндiк ақпаратты қамтитын сан және сапа көрсеткiштерiнiң мемлекеттiк жүйесi;
      39) мемлекеттiк нормативтер (мемлекеттiк нормативтiк құжаттар) - адамның мекендеуi мен тiршiлiк етуiне қолайлы, қауiпсiз және басқа да қажеттi жағдайларды қамтамасыз ететiн нормативтiк құқықтық актiлер, нормативтiк-техникалық құжаттар, өзге де мiндеттi талаптар, шарттар мен шектеулер жүйесi;
      40) нобай (нобайлық жоба) - жобалық (жоспарлық, кеңiстiктiк, сәулеттiк, технологиялық, конструкциялық, инженерлiк, әшекейлiк немесе басқа) шешiмнiң оңайлатылған, схема, сызба, бастапқы сұлба (сурет) нысанында орындалған және осы шешiмнiң түпкi ойын түсiндiретiн түрi;
      41) объектiнiң бас жоспары - құрылыс объектiсi (үй, ғимарат, кешен) жобасының оны аумаққа (учаскеге) орналастыру, көлiк коммуникацияларын, инженерлiк желiлердi төсеу (жүргiзу), учаскенi инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру мен көгалдандыру, шаруашылық қызметiн көрсетудi ұйымдастыру мәселелерiн және жобаланып отырған объектiнiң орналасатын жерiне байланысты өзге де iс-шараларды кешендi шешу қамтылатын бөлiгi;
      42) объектiнi кейiннен кәдеге жарату - күрделi құрылыстың (үйдiң, ғимараттың, кешеннiң) пайдаланылуы (пайдалану, қолдану) тоқтатылғаннан кейiн кәдеге асатын элементтерiн (конструкцияларды, материалдарды, жабдықтарды) бiр мезгiлде қалпына келтiрiп және қайталап пайдаланып, сондай-ақ кәдеге аспайтын элементтер мен қалдықтарды өңдей отырып, бөлшектеп алу және бұзу жөнiндегi жұмыстар кешенi;
      43) объектiлер мониторингi - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi объектiлерiнiң жай-күйi мен өзгерiстерiн байқау жүйесi;
      44) объектiнiң техникалық күрделiлiгi - объектiнiң функционалдық қызметiне, оның тiрек және қоршау конструкцияларының ерекшелiктерiне, қабаттар (конструкциялық қатарлар) санына, сейсмикалық қауiптiлiгiне немесе салынатын жерiнiң (ауданының) өзге де айрықша геологиялық, гидрогеологиялық, геотехникалық жағдайларына қарай мемлекеттiк және (немесе) мемлекетаралық (халықаралық) нормативтермен белгiленетiн, табандары мен конструкцияларының сенiмдiлiгi мен берiктiгiне қойылатын техникалық талаптардың дәрежесi бойынша құрылыс объектiсiнiң жауапкершiлiк деңгейi, олар:
      жауапкершiлiктiң бiрiншi деңгейi - күшейтiлген;
      жауапкершiлiктiң екiншi деңгейi - қалыпты;
      жауапкершiлiктiң үшiншi деңгейi - төмендетiлген болып бөлiнедi;
      45) республикалық маңызы бар объект - жоспарлануы, жобалануы және салынуы қаржыландыру көздерiне қарамастан, облысаралық, жалпы республикалық, мемлекетаралық (халықаралық) маңызы бар және екi және одан көп облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мүдделерiн немесе Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердiң мүдделерiн қозғайтын, стратегиялық немесе өзге де маңызды жалпымемлекеттiк мiндеттердi шешумен байланысты объект;
      46) салынып жатқан объектiлердi консервациялау - құрылысы аяқталмаған объект конструкцияларының, материалдары мен жабдықтарының оны салудың уақытша тоқтатылуы кезеңiнде сақталуы мен сапалық сипаттамаларын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар кешенi;
      47) санитарлық-қорғаныш аймағы - арнаулы мақсаттағы аймақтарды, сондай-ақ өнеркәсiп орындары мен елдi мекендегi басқа да өндiрiстiк, коммуналдық және қоймалық объектiлердi жақын маңдағы қоныстану аумақтарынан, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттардан оларға қолайсыз факторлардың әсер етуiн әлсiрету мақсатында бөлiп тұратын аумақ;
      48) сары сызық - жойқын жер сiлкiнiстерi, өзге де табиғи немесе техногендiк сипаттағы зiлзалалардың салдарынан үйлердiң (ғимараттардың, құрылыстардың) үйiндiлерге (қиратындыларға) айналуы барынша мүмкiн болатын аймақтар шекарасы. Әдетте сары сызық үйлер мен ғимараттар арасындағы қашықтықты реттеу үшiн қолданылады;
      49) сәулет-жоспарлау тапсырмасы - объектiнiң мақсатына, негiзгi өлшемдерiне және оны нақты жер учаскесiне (алаңға, трассаға) орналастыруға қойылатын талаптар кешенi, сондай-ақ осы елдi мекен үшiн қала құрылысының регламенттерiне сәйкес белгiленетiн, жобалау мен құрылысқа қойылатын мiндеттi талаптар, шарттар мен шектеулер. Бұл ретте, түсi жөнiндегi шешiм мен үйлердiң (ғимараттардың) қасбеттерiн әрлеу материалдарын пайдалану, көлемдiк-кеңiстiктегi шешiм бойынша талаптар белгiлеуге жол берiлмейдi;
      50) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы инжинирингтiк қызметтер көрсету - оңтайлы жобалық көрсеткiштерге қол жеткiзу мақсатымен құрылыстың дайындығын және жүзеге асырылуын қамтамасыз ететiн қызметтер кешенiн көрсету;
      51) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекетаралық нормативтер (мемлекетаралық нормативтiк құжаттар) - Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттiң (басқа мемлекеттердiң) аумақтарында Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар негiзiнде қолданылатын, мемлекетаралық қала құрылысы нормативтерiн, мемлекетаралық құрылыс нормалары мен ережелерiн, құрылыстағы мемлекетаралық стандарттарды қамтитын нормативтiк-техникалық құжаттардың, ережелердiң және басқа да мiндеттi талаптардың, шарттар мен шектеулердiң жүйесi;
      52) сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн мемлекеттiк басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық мемлекеттiк орган;
      53) сәулет қызметi (бұдан әрi - сәулет) - объектiнiң сыртқы және iшкi келбетiн жасаудың, құрылысқа арналған (реконструкциялау, қалпына келтiру) жобалау құжаттамасының сәулет бөлiгiнде кеңiстiктi, композициялық, көлемдiк-жоспарлау және функционалдық ұйымдастырудың шығармашылық процесiн, жобаны iске асыру кезiнде авторлық қадағалау жүргiзудi қамтитын сәулет объектiлерiн жасау жөнiндегi қызмет;
      54) сәулет объектiлерi - әзiрленуiне сәулетшiнiң қатысуы қажет болатын, сәулет немесе қала құрылысы жобаларының негiзiнде салынған үй, ғимарат, монумент, үйлер мен ғимараттар кешенi, олардың экстерьерлерi және (немесе) интерьерлерi, абаттандыру, ландшафт немесе бақ-саябақ өнерiнiң элементтерi;
      55) сәулет (қала құрылысы) туындысы - қандай да бiр сәулет объектiсiн жасауға немесе қала құрылысы кеңiстiгiн қалыптастыруға бағытталған, жобалау құжаттамасы, жекелеген сызба, макет немесе нобай нысанында белгiленген авторлық ойды қоса алғанда, жеке тұлғалардың кәсiби қызметiндегi шығармашылық процестiң нәтижесi болып табылатын авторлық құқық және автордың (авторлардың) зияткерлiк меншiк объектiсi, сондай-ақ нақты iске асырылған жоба (жобаның бөлiгi);
      56) сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары аймақтар (аудандар) - сейсмикалық әсерiнiң жиiлiгi жетi және одан да көп балл болуы мүмкiн (күтiлетiн) аудандар;
      57) техногендiк әсер ету - халыққа, елдi мекендерге не қонысаралық аумақтарға, әдетте, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың пайда болу қатерiн төндiрмей немесе қатер төндiре отырып, адамның шаруашылық қызметi нәтижесiнде туындаған жағымсыз немесе зиянды (қауiптi) әсер ету;
      58) техногендiк зiлзалалар - шаруашылық қызметпен байланысты және:
      өнеркәсiп, көлiк аварияларын және басқа да аварияларды;
      өрт, жарылыстар немесе жарылыс қатерiн;
      биологиялық, химиялық қауiптi немесе радиоактивтi заттардың шығарылуын немесе шығарылу қатерiн;
      үйлердiң немесе ғимараттардың, коммуникациялардың кенеттен құлап түсуiн;
      гидротехникалық немесе тазарту құрылыстарының опырылуын;
      электр энергетикасы және коммуникация жүйелеріндегі аварияларды туғызатын тұтқиыл факторлар;
      59) техникалық қадағалау - орындалған жұмыстың сапасын, мерзiмiн, құнын, қабылдап алынуын және объектiнiң пайдалануға берiлуiн қоса алғанда, жобаны iске асырудың барлық сатысында құрылысты қадағалау;
      60) үй - адамдардың тұруына немесе iшiнде болуына, өндiрiстiк процестердi орындауға, сондай-ақ материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға пайдаланылатын функционалдық мақсатына қарай, мiндеттi түрде жер бетiне салынып, тұйық көлемдi құрайтын, тiреу және қоршау конструкцияларынан тұратын жасанды құрылғы. Yйдiң жер асты бөлiгi болуы мүмкiн;
      61) үйлердiң (ғимараттардың) инженерлiк жабдықтары - материалдық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ететiн, сондай-ақ технологиялық жабдықтар мен өндiрiс процестерiн инженерлiк жағынан қамтамасыз ететiн, адамдардың тұруына (тұрмысына), еңбек етуiне (болуына) қалыпты не жайлы жағдайлар жасайтын инженерлiк жүйелер мен техникалық құрылғылар кешенi;
      62) экологиялық зiлзалалар - табиғи тепе-теңдiк бұзылуының экологиялық тұтқиыл факторлары, олар:
      құрлықтың жай-күйiнiң (пайдалы қазбаларды өндiру салдарынан болатын апатты опырылыстар, тектоникалық жарықтар, грифондар, көшкiндер, ойылыстар, топырақта ауыр металдардың немесе басқа да зиянды заттардың жол берiлетiн шектен тыс шоғырлануы, топырақтың тез тозуы, топырақтың эрозиясы, сортаңдануы немесе батпақтануы салдарынан көлемдi аумақтардың шөлге айналуы);
      атмосфераның құрамы мен қасиеттерiнiң (антропогендiк әсер ету салдарынан климаттың күрт өзгеруi, зиянды қоспалар жиынтығының жол беруге болатын шектен үнемi артып кетуi және ауа тазалығының нашарлауы, елдi мекендерде оттегiнiң тұрақты жетiспеуi, қышқылды жауындар жауатын көлемдi аймақтың пайда болуы);
      гидросфера жай-күйiнiң (су көздерiнiң сарқылуы немесе олардың апатты түрде немесе бiржола ластануы, ауыз судың, сондай-ақ өндiрiс қажеттiлiктерi мен шаруашылық-тұрмыстық қажеттiлiктерiне арналған судың тұрақты жетiспеуi);
      биосфера жай-күйiнiң (көлемдi аумақтардағы өсiмдiктердiң құрып бiтуi, хайуанаттар, өсiмдiктер түрлерiнiң жойылуы, биосфераның молықтыру қабiлетiнiң күрт өзгеруi) өзгеруiмен байланысты.
      Дүлей зiлзалалар (табиғи апатты құбылыстар) да экологиялық зiлзалаларға жатады.
       Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.11.  N 204  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), өзгерту енгізілді - 2007.01.09. N  213  Заңдарымен.

       2-бап. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы
             және құрылыс қызметi туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және осы Заңның, Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексiнiң  және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң нормаларынан тұрады. 
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдарында көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 

       3-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы
             қызметтiң негiзгi бағыттары

      1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызметтiң негiзгi бағыттары осы саладағы мемлекеттiк, қоғамдық және жеке мүдделердi: 
      1) мемлекеттiк мүдделердi - тұтастай алғанда, аймақтарды, қалаларды, кенттердi, ауылдарды (селоларды) және басқа да қоныстарды тұрақты дамыту жағдайларын, тiршiлiктi қамтамасыз ету жүйелерiнiң, көлік және инженерлiк коммуникациялардың, байланыс пен энергетиканың жұмыс iстеуiн, қоршаған ортаны қорғауды, тарихи-мәдени мұра объектiлерiн сақтауды қамтамасыз етудегi қоғам мүдделерiн; 
      2) қоғамдық мүдделердi - жекелеген аймақтар, қалалар, кенттер, ауылдар (селолар) мен басқа да қоныстар халқының осы аумақта тұруының (болуының) қолайлы жағдайларын, экологиялық ахуалдың жақсаруын, шаруашылық және өзге де қызмет салдарынан болған қауіпті (зиянды) әсерлердiң алдын алуды, елдi мекендер мен оған iргелес жатқан аумақтардың инфрақұрылымдарын дамытуды, тарихи-мәдени мұра объектiлерiн, табиғат құндылықтарын сақтауды қамтамасыз етудегі мүдделерiн; 
      3) жеке мүдделердi - жеке және заңды тұлғаларға тиесiлi жер учаскелерiнде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыруға байланысты олардың мүдделерiн қамтамасыз етуге тиiс.
      Азаматтар мен заңды тұлғалардың қала құрылысы, сәулет-құрылыс қызметi, егер бұл оларға тиесiлi (олар пайдаланатын) объектiлердi (жер учаскелерi немесе өзге де жылжымайтын мүлiктi) пайдалануға, оған иелiк не билiк етуге қолайсыз немесе мүмкiн болмайтын жағдай туғызса, шектелуi мүмкiн. 
      2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi: 
      1) құрылыс үшiн инженерлiк iзденiстер жүргiзу, сәулет-қала құрылысы және құрылыс мақсаттарына картографиялық-геодезиялық қорды пайдалану; 
      2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы негiздемелердi, болжамдарды, бағдарламаларды жасау; 
      3) қала құрылысы, сәулет-құрылыс және өзге де жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын белгiленген тәртiппен әзiрлеу, сараптау, келiсу және бекiту; 
      4) жаңа құрылыстар салу, сондай-ақ бар құрылыстарды, үйлердi, ғимараттарды, инженерлiк және көлiк коммуникацияларын кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау, қалпына келтiру және күрделi жөндеу; 
      5) аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру мен көгалдандыру объектiлерiн салу; 
      6) аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қою; 
      7) объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жөнiнде жұмыс кешенiн жүргiзу; 
      8) ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-эксперимент жұмыстарын жүргiзу және олардың нәтижелерiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында пайдалану; 
      9) құрылыс процесiн технологиялық жағынан сүйемелдеудi қоса алғанда, қала құрылысы және сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыру;
      10) инжинирингтік қызметтерді тарту және көрсету;
      11) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн талаптарды белгiлеу болып табылады.
       Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.04.12.  N 38 , 2005.04.13.  N 40  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.11.  N 204  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2006.12.29. N  209  Заңдарымен.  

       4-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң
             субъектiлерi

      Қазақстан Республикасының аумағында адамның мекендейтiн және тiршiлiк ететiн ортасын қалыптастыруға және дамытуға қатысатын мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi болып табылады. 
      Азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдiктер мен шетелдiк заңды тұлғаларға, егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiне қатысты жұмыстар (қызмет көрсету) Қазақстан Республикасының аумағында орындау құқығы заңдарда белгiленген тәртiппен берiлуi мүмкiн.

       5-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң
             объектiлерi

      1. Мыналар сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң объектiлерi болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасының аумағы;
      2) облыстардың, аудандардың аумақтары;
      3) елдi мекендердiң және олардың бөлiктерiнiң аумақтары;
      4) функционалдық аймақтар;
      5) тиесiлi технологиялық және инженерлiк жабдықтарымен ғимараттардың барлық түрлерiн қоса алғанда, жылжымайтын объектiлер;
      6) арнайы экономикалық аймақтар;
      7) мәртебесi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тарих және мәдениет, табиғи және қалалық ландшафт жылжымайтын ескерткiштерi.
      2. Қалалар сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілері ретінде:
      1) ірі қала (халық саны 500 мыңнан көп);
      2) үлкен қала (халық саны 100 мыңнан 500 мыңға дейін);
      3) орташа қала (халық саны 50 мыңнан 100 мыңға дейін);
      4) шағын қала (халық саны 50 мыңға дейін) болып бөлінеді.
       Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

       6-бап. Ерекше реттелетiн сәулет, қала құрылысы және
             құрылыс қызметi мен қала құрылысы
             регламентациясының объектiлерi

      1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң ерекше реттелетiн және қала құрылысы регламентациясы объектiлерi:
      1) ерекше реттелетiн және қала құрылысы регламентациясының аумақтық объектiлерiне;
      2) ерекше реттелетiн және қала құрылысы регламентациясының елдi мекендерiне; 
      3) ерекше реттеудi және (немесе) қала құрылысы регламентациясын талап ететiн жекелеген жылжымайтын мүлiк объектiлерiне бөлiнедi. 
      2. Ерекше реттелетiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi мен қала құрылысы регламентациясының аумақтық объектiлерiне: 
      1) экологиялық апат және (немесе) төтенше жағдайлар аумақтары; 
      2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар; 
      3) тарихи-мәдени мұра объектiлерi және (немесе) қорғалатын ландшафтық объектiлер бар аумақтар; 
      4) сауықтыру, курорттық, рекреациялық және резервтiк мақсаттағы аумақтар; 
      5) қала маңы аймақтары шекарасы шегiндегi аумақтар; 
      6) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде ерекше реттелетiн аймақтарға жатқызылған өзге де аумақтар жатады. 
      3. Ерекше реттелетiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi мен қала құрылысы регламентациясының елдi мекендерiне: 
      1) Қазақстан Республикасының астанасы және республикалық маңызы бар қалалар; 
      2) халқының саны жүз мың тұрғыннан асатын қалалар; 
      3) курорттық қалалар мен кенттер; 
      4) тарихи, мәдени құндылықтар не қорғалатын ландшафтық объектiлер бар елдi мекендер, олардың бөлiктерi немесе оған iргелес жатқан аумақ, сондай-ақ қорықтар мен ұлттық парктердегі қоныстар; 
      5) әскери қалашықтар, шекара заставалары және өзге де жабық объектiлердегi қоныстар; 
      6) ерекше (төтенше) табиғи-климаттық, геотехникалық немесе гидрогеологиялық жағдайлары бар аудандарда, сондай-ақ экологиялық және техногендік зілзалалардан не өзге де қолайсыз құбылыстар мен процестердің әсер етуінен зақымданған аймақтарда орналасқан елді мекендер жатады. 
      4. Ерекше реттелетiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi мен қала құрылысы регламентациясының жылжымайтын мүлiк объектiлерiне: 
      1) тарих және мәдениет ескерткiштерi мен олардың ансамбльдерi; 
      2) мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi; 
      3) адамның өмiрi мен денсаулығына немесе қоршаған ортаға көрiнеу қауiп төндiретiн объектiлердi қоса алғанда, арнаулы мемлекеттiк немесе шаруашылық мiндеттердi орындау үшiн қажеттi ғимараттар;
      4) мүгедектердің тұруына, келіп-кетуіне және жұмыс істеуіне арналған үй-жайлар мен ғимараттар жатады. 
      5. Ерекше реттеу режимi осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен белгiленедi.
       Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2005.04.12.  N 38 , 2006.12.11.  N 204  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.  

  2-тарау. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ҚЫЗМЕТIН ЖҮЗЕГЕ
АСЫРҒАН КЕЗДЕ МЕКЕНДЕЙТIН ЖӘНЕ ТIРШIЛIК ЕТЕТIН ҚОЛАЙЛЫ ОРТАНЫ
ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

       7-бап. Азаматтардың елдi мекендердегi қолайлы ортаға
             құқықтары

      Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi нәтижелерiнiң тұтынушылары ретiнде азаматтардың: 
      1) мемлекеттiк қала құрылысы саясатының өндiргiш күштердi қоныстандыру мен орналастыру бөлiгiне, аумақтарды аймақтарға бөлуге қойылатын қала құрылысы талаптарына, экологиялық және санитариялық-гигиеналық қауiпсiздiк нормаларына және аталған жергiлiктi жердiң инфрақұрылыммен қамтамасыз етiлу деңгейiне сәйкес елдi мекеннiң (қоныстың) аумағы шегiнде осы мекенге қатысты мекендеу мен тiршiлiк етуге қолайлы ортаға; 
      2) демалу мақсаттарына арналған және тиiстi емдiк және санитариялық-гигиеналық жағдайлары, оқу-ағарту, мәдени-бұқаралық, спорт-сауықтыру және ойын-сауық iс-шараларын қоса алғанда, бос уақытты өткiзу жағдайлары, саяжайлық, бағбандық және бақшалық учаскелердi орналастыру мүмкiндiгi бар, табиғи-климаттық жағдайлары мен ландшафты мейлiнше қолайлы рекреациялық аумақтарды бөлу (бөлiп беру) арқылы демалуға құқығы бар. 
      Халықтың демалуына арналған аумақты таңдау кезiнде қорғалатын ландшафтық объектiлер мен (немесе) тарихи және мәдени құндылықтарға жатқызылған объектiлердiң болуы да ескерiлуге тиiс. 

       8-бап. Табиғи және техногендiк, антропогендiк
             әсерлерден қауіпсіздікті қамтамасыз ету

      1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру халықтың, аумақтар мен елдi мекендердiң қауiптi (зиянды) табиғи және техногендiк, антропогендiк құбылыстар мен процестердiң әсер етуiнен қауiпсiздiгi жөнінде заңдарда белгiленген талаптарды қамтамасыз ету ережелерiне негiзделуге тиiс. 
      Осы талаптарды орындау жөніндегi шаралар мемлекеттiк нормативтермен реттелетiн жобалау құжаттамасында көрiнiс табуға тиiс. 
      2. Мемлекеттiк нормативтер (мемлекеттiк нормативтiк құжаттар) қала құрылысы мен сәулет-құрылыс құжаттамаларына халықты, елдi мекендердi және қонысаралық аумақтарды табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан болатын қауiптi (зиянды) әсерлерден қорғау жөніндегi шаралар туралы бөлiмдердi қамту мiндеттiлiгiн көздеуге тиiс. 
      3. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар, сондай-ақ техногендiк сипаттағы болжамды төтенше жағдайлар салдарынан болатын қауiптi (зиянды) әсерлерге ұшырайтын елдi мекендер мен аумақтар халықты және аумақтарды аталған әсерлерден қорғау жөніндегi кешендi жобалық құжаттамалармен қамтамасыз етiлуге тиiс. 
      4. Табиғи, техногендiк, антропогендiк сипаттағы әсерлерге ұшыраған елдi мекендерде болып өткен қауiптi (зиянды) құбылыстар мен процестер мониторингiнiң нәтижелері мемлекеттік қала құрылысы кадастрында базалық деңгейде көрсетiледi. 

       9-бап. Экологиялық қауiпсiздiк және қоршаған ортаны
             қорғау жөнiндегi талаптар

      1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi оның қоршаған ортаға әсерiн бағалауды ескере отырып Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексiнде белгiленген объектiлердiң жiктелуiне сәйкес жүзеге асырылуға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық қауiпсiздiк пен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды көздеуге тиiс. 
      Аталған iс-шаралар әсер етудiң осы түрi үшiн заңдарда белгiленген нормативтерге және (немесе) мүмкiн болатын шектi деңгейге (жүктемеге) сәйкес қарастырылады және орындалады. 
      2. Қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасының құрамына қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөнiндегi жобалардың бөлiмдерi (бөлiктерi) енгiзiледi. 
      Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау жөніндегi жобалау құжаттамасының белгiленген тәртiппен бекiтiлген талаптарын (шарттарды, шектеулердi) орындау жобаларды iске асыруды жүзеге асыратын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң барлық субъектiлерi үшiн мiндеттi. 
      Экологиялық апат аймақтары деп жарияланған өнеркәсiптiк орталықтар немесе жекелеген өндірістiк кешендер бар аумақтар халықты және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кешенді жобалық құжаттамалармен қамтамасыз етiлуге тиiс. 
      3. Аумақтарда қала құрылысын дамытудың кешендi схемаларында, сондай-ақ аумақты дамытудың аймақаралық схемаларында, сондай-ақ аумақты дамытудың аймақаралық схемаларында қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдалану, сондай-ақ экологиялық зілзала және төтенше жағдайлар аймағын оңалту шаралары ескерілуге тиіс. 
      4. Аумақтың және (немесе) объектiнiң жол берiлетiн концентрациялар шегiнен тыс зиянды химиялық, биологиялық заттармен, жол берiлетiн шектi деңгейден тыс радиоактивтi заттармен ластану салдарынан аумақта бұрын туындаған не күтiлiп отырған (болжанып отырған), адам өмiрi мен денсаулығына төнетiн қауiп болған жағдайда, қала құрылысы құжаттамасында жобаның мұндай көздердi құрту (жою) жөніндегi шараларды, ластанған аумақтарды (объектiлердi) оңалтудың кешендi шараларын жүргiзе отырып, оларды тоқтатып қоюды, сондай-ақ азаматтардың (халықтың) қолайсыз аймақта уақытша болуын қоса алғанда, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң аумақты және объектiнi (объектiлердi) пайдаланудың ерекше режимiн енгiзу мүмкiндiгiн көздейтiн жобаның арнаулы бөлiмдерi (бөлiктерi) болуға тиiс. 
       Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.09. N  213  Заңымен.  

       10-бап. Тарихи-мәдени мұра объектiлерi мен
              ландшафтарды сақтау жөнiндегi талаптар

      1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру заңдарда белгiленген тәртiппен тарих және мәдениет ескерткiштерi мен қорғалатын ландшафтық объектiлер деп танылған аумақтар мен объектiлердiң сақталу  талаптарына  негiзделуге тиiс.  
      2. Тарих және мәдениет ескерткiштерi, қорғалатын табиғат объектiлерi бар аумақтарда ерекше реттелетiн шекара белгiленедi, оның шегiнде сәулет, Қала құрылысы және Құрылыс қызметін жүргiзуге тыйым салынады немесе шек қойылады. 
      3. Аталған аймақтар шегiндегi жердi пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
       Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11.  N 204  Заңымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

       11-бап. Елдi мекендердi инфрақұрылым объектілерiмен
              қамтамасыз ету және оларға қол жеткiзуге
              жағдай жасау

      1. Елдi мекендер не оның бiр бөлігiн жоспарлау және салу жөнiндегi қала құрылысы құжаттамасында (қала құрылысы жобаларында) әлеуметтiк, өндiрiстiк, рекреациялық, инженерлiк және көлік инфрақұрылымдарының құрамы мен құрылымы анықталуға, сондай-ақ: 
      1) қоныстандыру түрiн (рөлiн) ескере отырып, аумақты абаттандыру, көгалдандыру, инженерлiк жағынан дайындау қажеттi сервитуттар; 
      2) аумақта кешендi құрылыс салу; 
      3) халықтың әлеуметтiк, демографиялық және кәсiптiк түрлi топтарының мүдделерiн ескеру; 
      4) нормативтiк талаптарды (шектеулердi, шарттарды) сақтау; 
      5) қызмет көрсету саласында бәсекелестiк ортаны дамыту көзделуге тиiс. 
      2. Елдi мекендер қоныстану үлгiсiне және сол жердiң жағдайына сәйкес халықтың барлық санаттары үшiн (мүгедектер мен iс-қимылы шектеулi басқа да топтарды қоса алғанда) жұмыс орындарына, әлеуметтiк, рекреациялық, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымы объектiлерiне (ғимараттарына, коммуникацияларына) қол жеткiзуiн оңтайлы жағдайлармен және құралдармен қамтамасыз етiлуге тиiс. 
      3. Елдi мекендерге арналған қала құрылысы құжаттамаларында мүгедектердiң және халықтың iс-қимылы шектеулi басқа топтарының әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылым объектiлерiне қажеттерiн қамтамасыз етуге жағдай жасау жөнiндегi бөлiмдер мазмұндалуға тиiс. 
      4. Мемлекеттiк нормативтермен белгiленген қызмет көрсету деңгейiн төмендетуге әкеп соғатын халыққа қызмет көрсету объектiлерi мәнiнiң өзгертiлуiне жол берiлмейдi. 
      5. Қала құрылысы құжаттамасын әзiрлеу, елдi мекендердi жобалау мен салу кезiнде елдi мекеннiң жоспарлық құрылымымен өзара байланыстырылған және оның барлық қызмет ету аймақтарымен (қала маңындағы аймақтарды қоса алғанда), сондай-ақ сыртқы көлік объектiлерiмен байланысты қамтамасыз ететiн көлiк коммуникацияларының және көше-жол торабының бiрыңғай жүйесi көзделуге тиiс. 
      6. Қонысаралық аумақтарды игеруге (абаттандыруға, құрылыс салуға) арналған жобалау құжаттамасында адамдардың келуiмен байланысты кейiннен шаруашылық және (немесе) өзге де қызметтi жүзеге асыру мақсатында осы аумақта, инфрақұрылым объектiлерiнiң құрылысын қоса алғанда, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн тұрақты және қол жеткiзiлетiн жүйе көзделуге тиiс. 
      7. Инженерлiк инфрақұрылымның магистральды коммуникацияларының, басты ғимараттарының жобалау құжаттамасын әзiрлеу, салу, пайдалану және кейiннен кәдеге жарату кезiнде, сондай-ақ аумақтарды инженерлiк жағынан дайындау жұмыстарын жүргiзу кезiнде шектес аумақтардың мүдделерiн ескеретiн және аумақ пен халыққа қауiптi (зиянды) құбылыстар мен процестердiң әсер ету мүмкiндiгiн болғызбайтын шешiмдер қабылдануға тиiс. 
      8. Республикалық, аймақаралық және аймақтық инженерлiк және көлiк жүйелерiнiң бекiтiлген схемалары жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеуге, сондай-ақ тiршiлiктi қамтамасыз ету мен елдi мекендердi жайғастыру жүйесiн дамытуға бағытталған қызметке негiз болып табылады. 

       12-бап. Жер учаскелерiн пайдалану кезiнде қала құрылысы
              талаптарын қамтамасыз ету

      Меншiк иелерi не жер пайдаланушылар жер учаскелерiн құрылыс салу үшін (коммуникацияларды жүргізу, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру, көгалдандыру және учаскенi жайғастырудың басқа да түрлерiн қоса алғанда) пайдалануды заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген жобалау құжаттамасына сәйкес және нысаналы мақсатын немесе сервитутты, аумақты аймақтарға бөлуді, қызыл сызықтарды және құрылыс салуды реттеу сызықтарын, құрылыс салу мен оны пайдалану ережелерiн сақтай отырып қана жүзеге асыра алады. 

       13-бап. Жеке және заңды тұлғалардың сәулет, қала
              құрылысы және құрылыс қызметі жөніндегi
              шешімдердi талқылауға қатысуы

      1. Қол жеткiзiлуi заң тәртiбiмен шектелген немесе мемлекеттiк құпияларға жатқызылған ақпаратты қоспағанда, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары өздерi мекендейтiн және тiршiлiк ететiн ортаның жай-күйi, оның сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнде белгiленiп отырған болжамды өзгерiстерi туралы толық, уақтылы және сенiмдi ақпарат алуға құқығы бар. 
      2. Жеке және заңды тұлғаларды өздерiнiң мекендейтiн және тiршiлiк ететiн ортасының жай-күйi туралы, сондай-ақ аумаққа құрылыс салу (қайта жоспарлау) жөніндегi ниеттерi туралы хабардар етудi бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе қоғамдық талқылау жүргізу, экспозициялар мен көрмелер арқылы жергілікті ayдандардың (қалалардың) атқарушы органдары жүзеге асырады. 
      3. Қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасы бекiтiлгенге дейiн жеке және заңды тұлғалардың талқылауға қатысуға, қоғамдық немесе жеке мүдделердi қозғайтын, қабылданатын шешiмдердi өзгерту жөнiнде ұсыныстар енгiзуге құқығы бар. 
      4. Жобаланатын объектілер, мекендеу және тiршiлiк ету ортасының жай-күйi мен онда жасалмақшы болып отырған, мемлекеттiк нормативтерге немесе бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасына сәйкес келмейтiн, сондай-ақ тiкелей қоғамдық және жеке мүдделердi қозғайтын өзгерiстер туралы мемлекеттiк органдар жалған ақпараттар берген (қол жеткiзiлуi шектеулi санатқа жатқызылмаған сұратылған ақпаратты беруден бас тартқан) жағдайда, жеке және заңды тұлғалар сот органдарына жүгінуге құқылы. 
      5. Қала құрылысы, сәулет немесе құрылыс шешiмдерiн қабылдау кезiнде жеке және заңды тұлғалардың талқылауға қатысуы: 
      1) тiкелей қатысу; 
      2) өкілдiгi нысанында; 
      3) заңда тыйым салынбаған өзге де нысанда көрiнiс табады. 
      6. Егер сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметi осы аумақта азаматтардың, қоғамдық бiрлестiктердiң және заңды тұлғалардың мүдделерiн қозғаса, онда олардың: 
      1) заңдарды немесе мемлекеттiк нормативтердi бұза отырып жүзеге асырылатын объектiлердi орналастыру, жобалау, салу (реконструкциялау) немесе пайдалануға беру туралы шешiмнiң әкiмшiлiк немесе сот тәртiбiмен күшiн жоюға; 
      2) заңдарды немесе мемлекеттiк нормативтердi бұза отырып жүзеге асырылатын қызметке әкiмшiлiк немесе сот тәртiбiмен шектеу енгiзуге, тоқтата тұруға немесе тоқтатуға; 
      3) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (аудандық маңызы бар қалалардың) атқарушы органдарының iс-әрекеттерiне, сондай-ақ жобаларды сараптау қорытындысына сот тәртiбiмен шағым жасауға;
      4) субъектiлердiң немесе лауазымды адамдардың заңдарды немесе мемлекеттiк нормативтердi бұзуға жол беруiне байланысты азаматтардың денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеу туралы сотқа талап қоюға;
      5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы заңдарды және мемлекеттiк нормативтердi бұзудың өзге де фактiлерi бойынша заңдарда белгiленген тәртiппен жүгiнуге құқығы бар.
       Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

  3-тарау. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ҚЫЗМЕТI
СУБЪЕКТIЛЕРIНIҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ, МIНДЕТТЕРI МЕН ЖАУАПКЕРШIЛIГI

       14-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi
              субъектiлерiнiң құқықтары

      Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң заңдарда белгiленген тәртiппен: 
      1) тиiстi сәулет және қала құрылысы органдарынан, сондай-ақ мемлекеттiк қала құрылысы кадастры қызметтерiнен (қол жеткiзiлуге шек қойылған ақпараттарды немесе құжаттарды қоспағанда) жобалау алдындағы зерттеулерге, техникалық-экономикалық негiздеменi дайындауға, құрылыстағы инвестициялар негiздемесiне, аумақты игерудi жоспарлауға және (немесе) онда құрылыс салуға, объектiлердi жобалау мен салуға, сондай-ақ оларды кейiннен пайдалануға қажеттi ақпаратты (мәлiметтердi, деректердi, бастапқы материалдарды немесе құжаттарды) сұрауға және алуға; 
      2) қала құрылысы регламенттерi, сервитуттар немесе өзге де нормативтiк талаптар (шарттар, шектеулер) шегiнде меншiкке сатып алынған не иеленуге, пайдалануға берiлген жер учаскелерiн нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға құқығы бар. 

       15-бап. Сәулет және қала құрылысы туындысына авторлық
                құқық

      1. Сәулет және қала құрылысы туындысына авторлық құқық пен соған байланысты туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексiмен , "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының  Заңымен  және осы Заңмен реттеледi. 
      2. Шығармашылық еңбегiнiң нәтижесiнде сәулет және (немесе) қала құрылысы туындысын жасаған азаматтар оның авторлары деп танылады және оларға тиiсiнше авторлық құқық беріледi. 
      3. Сәулет немесе қала құрылысы туындысы авторларының мүлiктiк құқықтары (Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда) оның: 
      1) жобаны пайдалану немесе іске асыру үшін пайдалануға рұқсат етуге; 
      2) сәулет немесе қала құрылысы жобасын жаңадан жасауды, таратуды және қайта өңдеудi жүзеге асыруға немесе оған рұқсат етуге; 
      3) аталған ерекше құқықтарын заңдарда көзделген тәртiппен басқа тұлғаларға беруге ерекше құқығы болып табылады. 
      4. Қызметтiк мiндеттердi немесе қызметтiк тапсырманы орындау ретiмен жасалған сәулет немесе қала құрылысы туындысының авторларына, егер шартта өзгеше көзделмесе, мүлiктiк құқықтар берiлмейдi. 
      Жобаның тапсырысшысы (жұмыс берушi) мен авторлар (тапсырысты орындаушылар) арасындағы шартта қызметтiк мiндеттердi немесе қызметтiк тапсырманы орындау ретiмен жасалған сәулет немесе қала құрылысы туындысын пайдалану жөнiндегi мүлiктiк құқықтарды реттеу туралы ереже болуға тиiс. 
      5. Сәулет немесе қала құрылысы туындыларының авторы: 
      1) егер құрылыс жобасын әзiрлеуге берiлген тапсырмада өзгеше көзделмесе, авторлық жобаны iске асыру жөніндегi құрылыс құжаттамасын әзiрлеуге авторлық қадағалауды жүзеге асыруға; 
      2) егер сәулет (қала құрылысы) жобасын әзiрлеуге берiлген тапсырмада өзгеше көзделмесе, объектiлер құрылысының (реконструкциялаудың, қалпына келтiрудiң, жаңғыртудың) барысына белгiлеген тәртiппен авторлық қадағалауды жүзеге асыруға; 
      3) егер жобаны әзiрлеуге арналған шартта немесе жобалауға берiлген тапсырмада өзгеше көзделмесе, сондай-ақ объектiде мемлекеттiк құпияларға жатқызылған ақпарат болмаса, суретке түсiрудi (кино-, бейне түсiрiлiм) жүргiзуге құқылы. 
      6. Автордың (авторлардың) сәулет және қала құрылысы туындыларына жеке мүлiктiк емес құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. 

       16-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi
              субъектiлерiнiң негiзгi мiндеттерi

      Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi: 
      1) қызметiн заңдарға және мемлекеттiк нормативтерге (мемлекеттiк нормативтiк құжаттарға) сәйкес жүзеге асыруға; 
      2) өздерiнiң меншiгiндегi (иелiгiндегi, қолдануындағы) пайдаланылушы объектiлердi олардың азаматтар үшiн қауiпсiздiгiн, эстетикалық талаптарды қоса алғанда, нормативтiк және басқа да мiндеттi талаптарға сәйкес тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн лайықты жағдайда ұстауға мiндеттi. 

       17-бап. Субъектiлердiң сәулет, қала құрылысы және
              құрылыс қызметi туралы заңдарды бұзғандық
              үшiн жауапкершiлiгi

      1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдарда белгіленген нормалар мен талаптарды (шарттарды, ережелерді, шектеулердi) бұзуға жол берген оның субъектiлерiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. 
      Аталған бұзушылықтарға мыналар жатады: 
      1) сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiне жататын жобалау-iздену, сараптама, құрылыс-монтаж жұмыстарының, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiру жөнiндегi жұмыстардың (көрсетiлетiн қызметтердiң) лицензияланатын түрлерiн лицензиясыз жүзеге асыру; 
      2) аумақтардың, қала құрылысы регламенттерiнiң бекiтiлген жұмыс iстеу мақсатынан, қала құрылысын ерекше реттеу аймақтарында белгiленген режимнен ауытқу; 
      3) қала құрылысы мақсаттарына арналған жер учаскелерiн таңдау мен берудiң (пайдалануға рұқсат етудiң), сондай-ақ алып қоюдың заңдарда белгiленген тәртiбiнен ауытқу; 
      4) қала құрылысы, сәулет-құрылыс және өзге де жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеудiң, келiсудiң, сараптамадан өткiзудiң және бекiтудiң белгiленген тәртiбiнен ауытқу, нақ сол сияқты заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген құжаттамадан ауытқу не бекiткен инстанцияның рұқсатынсыз оған өзгерiстер енгiзу; 
      5) заңдарда белгiленген тәртiппен рұқсат алмай құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзу; 
      6) осы заңда мiндеттiлiгi көзделген жағдайда, құрылысты сәулет-құрылыс бақылауын, техникалық және авторлық қадағалауларды қатар жүргiзбей жүзеге асыру; 
      7) өз бетiнше құрылыс салу, нақ сол сияқты үйлердiң, жекелеген үй-жайлардың және (немесе) үй бөліктерiнiң сәулеттiк келбетiн өзгерту, қайта жоспарлау (қайта жабдықтау, қайта бейiмдеу); 
      8) елдi мекендердi жоспарлау мен салу кезiнде сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары аймақтарда белгiленген сызықтар мен құрылыс салу сызықтарынан, сондай-ақ сары сызықтардан ауытқу; 
      9) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы, сондай-ақ объектiнi салу және кейiннен пайдалану процесiнде еңбек қорғау, өрт және жарылыс қауiпсiздiгi, санитариялық және экологиялық қауiпсiздiк, мүгедектер мен халықтың қауқары аз топтары үшiн әлеуметтiк, көлiктiк және рекреациялық инфрақұрылым объектiлерiне қол жеткiзудi қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк нормативтердi сақтамау; 
      10) құрылысы аяқталған объектiлердi қабылдау мен пайдалануға берудiң, сондай-ақ пайдалану процесiнде оларды күтiп-ұстаудың заңдарда белгiленген тәртiбiн бұзу; 
      11) лауазымды адамдардың елдi мекендердi (елдi мекеннiң бөлiктерiн) жоспарлауға және салуға (реконструкциялауға) байланысты шешiмдердiң әзiрленуi мен қабылдануы, жобаланып отырған объектiлер туралы, сондай-ақ мекендейтiн және тiршiлiк ететiн ортаның жай-күйi мен оған қоғамдық және жеке мүдделердi тiкелей қозғайтын, көзделiп отырған өзгерiстер туралы ақпарат беруден негiзсiз бас тартуы не жалған ақпарат беруi; 
      12) мекендеу және тiршiлiк ету ортасының жай-күйiнiң нашарлауына, азаматтар, соның iшiнде мүгедектер мен тұтас алғанда қоғамның құқықтарына және заңды мүдделерiне нұқсан келтiруге, Қазақстан Республикасының  заң актілерінде  көзделген жауаптылыққа әкеп соғатын мемлекеттік мүдделерге зиян келтiруге себеп болатын өзге де әрекеттер.  
      2. Жiберiлген жолсыздықты және оның зардаптарын жою, сондай-ақ келтiрiлген залалдың (зиянның) орнын толтыру жөніндегi мiндеттер аталған жолсыздыққа жол берген субъектiге жүктеледi. 
      3. Сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметi субъектiлерiнiң жол берген бұзушылықтары салдарынан салынған объектiнi пайдаланудың кепiлдi мерзiмiн сақтамау фактiлерi Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексiнiң   нормаларына, сондай-ақ осы Заңның 69-бабына сәйкес белгiленедi.
       Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.04.13.  N 40  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

  4-тарау. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТIК БАСҚАРУ

       18-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi
              саласындағы мемлекеттiк басқару органдары

      Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы реттеудi жүзеге асыратын, сондай-ақ бақылау-қадағалау мiндеттерiн атқаратын мемлекеттiк басқару органдары:
      1) Қазақстан Республикасының Үкiметi;
      2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
      3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiмен сабақтас болып табылатын мәселелер бойынша өздерiнiң арнаулы өкiлеттiктерi шегiнде өзге де орталық атқарушы органдар;
      4) өздерiнiң арнаулы өкiлеттiктерi шегiнде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары болып табылады.
      5) алып тасталды
       Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.  

       19-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң сәулет, қала
              құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы
              құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында:
      1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында мемлекеттiк саясатты жүргiзедi; 
      2) аумақтарды, елдi мекендердi игеру мен дамытудың басым бағыттары жөнiндегi бағдарламаларды iске асыруды қамтамасыз етедi; 
      3) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын кешенді әзірлеуді орталық атқарушы органдарға тапсырады, өндіргіш күштерді қоныстандыру және орналастыру жүйесін, республикалық маңызы бар қала құрылысы регламенттерін, өндірістік, әлеуметтік, рекреациялық, инженерлік және көлік инфрақұрылымдарын дамытудың, сондай-ақ республикалық және аймақаралық маңызы бар ерекше реттелетін қала құрылысының аумақтары мен объектілерінің схемалары мен жобаларын қоса, оның негізгі ережелерін бекітеді және іске асырады;
      4) республикалық және аймақаралық маңызы бар ерекше реттелетiн қала құрылысының аумақтары мен объектiлерiнiң шекарасын белгiлейдi; 
      5) республикалық маңызы бар қаланың, астананың және халқының есептік саны жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларын (негізгі ережелерін қоса алғанда), облыстардың аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемаларын, жалпымемлекеттік, мемлекетаралық немесе өңіраралық маңызы бар өзге де қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасын, сондай-ақ оларға енгізілген өзгерістерді бекітеді; 
      6) мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргiзудiң, жаңа объектiлер салуға және жұмыс iстеп тұрғандарын өзгертуге рұқсат ететiн рәсiмдердiң бiрыңғай тәртiбiн белгілейдi; 
      7) мемлекеттiк және аймақаралық маңызы бар аумақтарды қала құрылысына игеру кезiнде аумақтар мен табиғи ресурстардың ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады; 
      8) жалпы мемлекеттiк және мемлекетаралық маңызы бар объектiлердi жобалау мен салу туралы шешiм қабылдайды, мемлекеттiк қабылдау комиссияларын құрады; 
      9) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында мемлекеттiк саясатты жүргiзу мен бағдарламаларды iске асыру кезiнде министрлiктердiң, басқа да орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылық етедi және олардың iс-қимылын үйлестiрудi жүзеге асырады; 
      10) құрылыс-монтаж жұмыстары құрамындағы жұмыстар (көрсетiлетiн қызметтер) түрлерiнiң тiзбесiн бекiтедi; 
      11) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы әлеуетiн басымдықпен пайдалану туралы заң актiлерi талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады; 
      12)  алып тасталды
      13) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актілер шығарады; 
      14) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы ынтымақтастық туралы үкiметаралық келiсiмдердiң орындалуын қамтамасыз етедi; 
      15) қаржыландыру көздеріне қарамастан, құрылыстың жобалау алдындағы құжаттамасына (техникалық-экономикалық негіздемелеріне) және жобалық (жобалау-сметалық) құжаттамасына сараптама жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан жобаларды бекіту ережелерін белгілейді;
      15-1) лицензияланатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру үшін қойылатын бірыңғай саралану талаптарын бекітеді;
      16) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы инжинирингтік қызметтер көрсету ережесін бекітеді;
      17) бюджет қаражатынан қаржыландырылатын жобалар бойынша инжинирингтік қызметтер көрсету жөніндегі ұйымдарды тарту тәртібін белгілейді;
      18) сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын мемлекеттік құрылыс инспекторларын аттестаттау тәртібін белгілейді;
      19) ғимараттар мен құрылыстарды техникалық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін белгілейді;
      20) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін жүргізу тәртібін айқындайды;
      21) Қазақстан Республикасының шетелдегі объектілері мен кешендерін салу (реконструкциялау, күрделі жөндеу) жобаларын іске асыру тәртібін айқындайды;
      22) техникалық регламенттердi бекiтедi.
       Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2005.04.12.  N 38 , 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз), 2006.12.29. N  209  Заңдарымен.  

       20-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi
              жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның
              құзыретi

      1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның құзыретiне: 
      1) сәулет, қала құрылысы, құрылыс, құрылыс индустриясының өндiрiстiк базасын дамыту саласындағы мемлекеттiк саясатты жүргiзу;
      1-1) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасының жобасын әзірлеуді қамтамасыз ету; 
      2) құнды сәулет-қала құрылысы мұрасының сақталуын, сәулет пен қала құрылысында ұлттық және мәдени дәстүрлердiң дамуын ескере отырып, аумақтарды және елдi мекендердi игеру мен дамытудың басым бағыттары бойынша бағдарламаларды әзiрлеу және iске асыру; 
      3) заңдарда көзделген шекте салааралық үйлестiрудi жүргiзу мен сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында мемлекеттiк саясатты жүзеге асыруға басшылық жасау; 
      4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн мемлекеттiк реттеу әдiстерiн әзiрлеу; 
      5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеу және оларды келiсу; 
      6) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында нормативтiк құқықтық актiлердi, нормативтiк-техникалық құжаттарды заңдарда белгiленген тәртiппен әзiрлеу, бекiту және қолданысқа енгiзу;
      6-1) объектілер құрылысына техникалық қадағалауды жүзеге асыру ережелерін әзірлеу және бекіту; 
      7) құрылыстағы мемлекетаралық (халықаралық) және мемлекеттiк стандарттарды белгiленген тәртiппен әзiрлеу; 
      8) республикалық маңызы бар қаланың, астананың, халқының есептік саны жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының жобаларына, Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн өзге де қала құрылысы құжаттамасына кешендi қала құрылысы сараптамасын ұйымдастыру мен жүргiзу; 
      9) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiндерiн қоспағанда, мемлекеттiк, аймақаралық немесе мемлекетаралық (халықаралық) маңызы бар объектiлердiң құрылысына (аумақтарда құрылыс салуға) арналған қала құрылысы, сәулет-құрылыс және өзге де жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын қарау және бекiту; 
      10)  алып тасталды
      11) жобалау құжаттамасының сапасын қадағалауды, жобаларға мемлекеттiк сараптама жүргiзуге басшылық жасауды, сондай-ақ мемлекеттiк емес сараптама орталықтарын тiркеудi және сарапшыларды аттестациялауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру; 
      12) республикалық маңызы бар объектілер құрылысының сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыру, олар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары өндірісіне рұқсаттар ресімдеу және беру, осы құрылыстарда қала құрылысы және сәулет-құрылыс тәртіптерін бұзушыларға заңнамалық актілерде белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;
      13) республикалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының жүргiзiлуiн бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру; 
      14) жергілікті атқарушы органдардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қызметін, сондай-ақ облыстық және базалық деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастры қызметтерін нормативтік-техникалық және әдістемелік қамтамасыз ету;
      15) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында белгіленген заң нормаларын, мемлекеттiк нормативтiк талаптарды, шарттар мен шектеулердi бұзушыларға жол берiлген бұзушылықтар мен ауытқуларға байланысты заңдарда көзделген шараларды қолдану туралы шешімдер қабылдау; 
      16)  алып тасталды
      17)  алып тасталды - 2006.01.10. N  116  Заңымен.
       18) мемлекеттік құрылыс инспекторларын аттестаттау;
      19) техникалық регламенттердi әзiрлеу жатады.
       Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2005.04.12.  N 38 , 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29. N  209 , 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.  

       21-бап. Облыстық мәслихаттардың сәулет, қала құрылысы
              және құрылыс қызметi саласындағы құзыретi

      Облыстық мәслихаттардың тиiстi аумақта жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне: 
      1) аумақты дамытудың өңіраралық схемаларын, халқының есептік саны жүз мың тұрғыннан асатын, облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының (негізгі ережелерді қоса алғанда) жобасын мақұлдау;
      2) облыс әкiмдiгi ұсынатын аумақты әлеуметтiк-экономикалық дамытудың аймақтық бағдарламалары құрамында орындалған әкiмшiлiк-аумақтық бөлінiс қарамағындағы аумақтық қала құрылысын жоспарлаудың (аудандық жоспарлау жобаларының) кешендi схемаларын бекiту; 
      3) халқының есептік саны жүз мың тұрғыннан асатын, облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының (негізгі ережелерді қоса алғанда) жобасын бекіту;
      4) қарамағындағы аумақта қолданылып жүрген құрылыс салудың, аумақты абаттандыру мен инженерлiк жағынан қамтамасыз етудiң, сондай-ақ тұрғын үй қорын, өзге де тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттарды, инженерлiк коммуникацияларды күтiп ұстаудың ережелерiн бекiту; 
      5) тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөнiндегi облыстық комиссияларды құру және бекiту кiредi. 
      6)  алып тасталды
       Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.  

       22-бап. Қалалық мәслихаттардың сәулет, қала құрылысы
              және құрылыс қызметi саласындағы құзыретi

      1. Республикалық маңызы бар қала, астана мәслихаттарының қала аумағында және қала маңы аймағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне: 
      1) қаланы дамытудың бас жоспарының жобасын (негізгі ережелерді қоса алғанда) мақұлдау;
      1-1) заңнамалық тәртіппен қала ықпал ететін аймаққа жатқызылған іргелес жатқан аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың (аудандық жоспарлау жобасының) кешенді схемасын бекіту;
      2) қала әкiмдiгi ұсынатын құрылыс салу, қаланы абаттандыру және инженерлiк жағынан қамтамасыз ету ережелерiн бекiту; 
      3) қала әкiмдiгi ұсынатын тұрғын үй қорын, өзге де үйлер мен тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттарды, инженерлiк коммуникацияларды күтiп ұстау ережелерiн бекiту; 
      4) тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөніндегi қалалық комиссияларды құру мен бекiту; 
      5) қалалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн қорғау мен күтiп ұстаудың аумақтық ережелерiн белгiлеу кiредi.
      1-1. Халқының саны жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының қала аумағы мен қала маңы аймағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы құзыретіне:
      1) қаланың бас жоспарының жобасын мақұлдау;
      2) заңнамалық тәртіппен қала ықпал ететін аймаққа жатқызылған, қалаға іргелес жатқан аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың (аудандық жоспарлау жобасының) кешенді схемасының жобасын мақұлдау;
      3) ведомстволық бағынысты аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламаларын бекіту;
      4) құрылыс салудың, қаланы және қала маңы аймағын абаттандыру мен инженерлік жағынан қамтамасыз етудің, сондай-ақ тұрғын үй қорын, өзге де ғимараттар мен тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы құрылыстарды, инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстаудың аумақтық ережелерін бекіту кіреді. 
      2. Халқының саны жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының қала аумағы мен қала маңы аймағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы құзыретіне:
      1) қаланың бас жоспарының жобасын (негізгі ережелерді қоса алғанда), заңнамалық тәртіппен қала ықпал ететін аймаққа жатқызылған, қалаға іргелес жатқан аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың (аудандық жоспарлау жобасының) кешенді схемасының жобасын мақұлдау;
      2) ведомстволық бағынысты аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламаларын бекіту;
      3) құрылыс салудың, қаланы және қала маңы аймағын абаттандыру мен инженерлік жағынан қамтамасыз етудің, сондай-ақ тұрғын үй қорын, өзге де ғимараттар мен тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы құрылыстарды, инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстаудың аумақтық ережелерін бекіту кіреді.
       Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.   

       23-бап. <*>

       Ескерту. 23-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

         23-1-бап. Аудандық мәслихаттардың сәулет, қала құрылысы
                және құрылыс қызметі саласындағы құзыреті

      Аудандық мәслихаттардың тиісті аумақта жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы құзыретіне:
      1) аудандық маңызы бар қалалардың және кенттердің бас жоспарларын, сондай-ақ халқының есептік саны бес мың тұрғынға дейінгі ауылдық елді мекендерді дамыту және салу схемаларын (оңайлатылған бас жоспарларын) бекіту;
      2) қала құрылысы жобаларын, сондай-ақ ведомстволық бағынысты аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламалары құрамындағы инженерлік жағынан қамтамасыз ету және коммуникациялар схемаларын бекіту кіреді.
      Ескерту. 23-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.      

       24-бап. Облыс әкiмдiктерiнiң сәулет, қала құрылысы және
              құрылыс қызметi саласындағы құзыретi

      1. Облыс әкiмдiктерiнiң облыс қарамағындағы аумақта жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне: 
      1) аумақтарда қала құрылысын жобалаудың (облысты немесе оның бiр бөлігiн аудандық жоспарлау жобасының) кешендi схемасын, облыс аумағындағы елдi мекендердiң белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарларын iске асыру жөніндегi қызметтi үйлестiру; 
      2) халқының есептік саны жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қаланың бас жоспарының жобасын кейіннен Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуіне ұсыну үшін облыстық мәслихаттың қарауына енгізу;
      2-1) облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламаларының құрамындағы облыс аумағының қала құрылысын дамытудың кешенді схемаларының жобаларын (облыстың аудандық жоспарлау жобаларын), сондай-ақ облыстық мәслихат мақұлдаған, халқының есептік саны жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларын әзірлеуді ұйымдастыру және оларды Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуіне ұсыну;
      2-2) ведомстволық бағынысты, халқының есептік саны жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалалардың және аудандардың аумақтарында қала құрылысын дамытудың кешенді схемаларын, сондай-ақ қалалық мәслихат мақұлдаған, халқының есептік саны жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалаларды дамытудың бас жоспарларын облыстық мәслихаттың бекітуіне ұсыну;
      3) аумақтарда құрылыс салудың, абаттандыру мен инженерлiк жағынан қамтамасыз етудің аумақтық ережелерiн, сондай-ақ тұрғын үй қорын, өзге де үйлердi және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттарды, инженерлiк коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн сақтау мен күтiп ұстау ережелерiн облыстық мәслихаттың бекiтуiне ұсыну; 
      4) облыстық мәслихатқа Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қарамағындағы әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң шекараларын белгiлеу немесе өзгерту жөнiнде қала құрылысынан туындайтын факторларға байланысты ұсыныстар енгiзу; 
      5) республикалық маңызы бар қалалардың оларды облыс аумақтары, резервтiк аумақтар, қала маңындағы аймақ, сондай-ақ заң арқылы қала ықпал ететiн аймаққа жатқызылған өзге де аумақтар есебiнен дамыту бөлiгiндегi бас жоспарларының жобаларына келiсiм беру; 
      6) облыстық маңызы бар қалалар бас жоспарының жобаларына келiсiм беру; 
      7) облыстық мәслихатқа тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөнiндегi комиссиялар құруға ұсыныстар енгiзу; 
      8)  алып тасталды -   2006.01.10. N  116  Заңымен.
      9) аумақта жоспарланып отырған құрылыс салу не өзге де қала құрылысының өзгерiстерi туралы халыққа хабарлап отыру;
      10) елді мекендердің бекітілген бас жоспарларын (қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемаларын, жоспарлау жобаларын) дамыту үшін әзірленетін қала құрылысы жоспарларын (егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын, құрылыс жобаларын) бекіту және іске асыру;
      11) құрылыстарды, үйлерді, ғимараттарды, инженерлік және көлік коммуникацияларын салу, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау, қалпына келтіру және күрделі жөндеу туралы, сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру мен көгалдандыру, аяқталмаған құрылыс объектілерін консервациялау, облыстық маңызы бар объектілерді кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешімдер қабылдау;
      12) пайдалануға берілетін объектілерді (кешендерді) заңнамада белгіленген тәртіппен қабылдау және тіркеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
      13) тиісті аумақта мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын қамтамасыз ету;
      14) облыстық деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу;
      15) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында лицензиялауды жүзеге асыру;
      16) халқының есептік саны жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарлары жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу;
      17) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізу;
      18) берілетін лицензиялардың есебін жүргізу және тіркеу;
      19) Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен жасасқан, лицензияларды өзара тану туралы халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасы аумағында құрылыс қызметін жүзеге асыруға шет мемлекеттер берген лицензиялардың есебін жүргізу және тіркеу кіреді.
      2. Облыстардың жергілікті атқарушы органдарының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің басшылары лауазымдары жөнінен облыстардың бас сәулетшілері болып табылады.
       Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

       25-бап. Республикалық маңызы бар қала, астана және
              облыстық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің
              сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі
              саласындағы құзыреті

      1. Республикалық маңызы бар қала, астана әкімдіктерінің ведомстволық бағынысты аумақта белгіленген шекара шегінде жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы құзыретіне:
      1) ведомстволық бағынысты аумақта мемлекеттік сәулет, қала құрылысы және құрылыс саясатын жүргізу;
      2) қаланың заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарын, заңнамада белгіленген тәртіппен қала ықпал ететін аймаққа жатқызылған іргелес жатқан аумақтарда қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын (аудандық жоспарлау жобасын) іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіру;
      3) қаланың бас жоспарының жобасын, қала шегі мен қала маңы аймағының шекараларын, сондай-ақ қаланың әкімшілік бағыныстылығына берілген аудандардың және елді мекендердің шекараларын белгілеу және өзгерту жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру және қала мәслихатының мақұлдауына ұсыну;
      4) қаланың бас жоспарының жобасын Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуіне енгізу;
      5) қаланы әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламалары құрамындағы қала құрылысы құжаттамасын қалалық мәслихаттың бекітуіне ұсыну;
      6) ведомстволық бағынысты аумақта құрылыс салудың, абаттандыру мен инженерлік жағынан қамтамасыз етудің қалалық ережелерін қалалық мәслихаттың бекітуіне ұсыну;
      7) қалалық мәслихатқа тұрғын үй қорын, өзге де ғимараттар мен тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы құрылыстарды, инженерлік коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекеттік табиғи-қорық қорының қалалық маңызы бар объектілерін сақтау мен күтіп-ұстау ережелерін белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізу;
      8) қалалық мәслихатқа тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиялар құру жөнінде ұсыныстар енгізу;
      9) аумақта жоспарланып отырған құрылыс салу не өзге де қала құрылысы өзгерістері туралы халыққа хабарлап отыру;
      10) қаланың және қала маңы аймағының бекітілген бас жоспарын (қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемаларын, жоспарлау жобаларын) дамыту үшін әзірленетін қала құрылысы жоспарларын бекіту және іске асыру;
      11) ведомстволық бағынысты аумақта құрылыс салу немесе өзге де қала құрылысын игеруге арналған жер учаскелерін таңдау, беру, ал заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда, мемлекеттік қажеттер үшін алып қою жөнінде шешімдер қабылдау;
      12) құрылыстарды, үйлерді, ғимараттарды, инженерлік және көлік коммуникацияларын салу, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау, қалпына келтіру және күрделі жөндеу туралы, сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру мен көгалдандыру, құрылысты (объектіні) консервациялау, қалалық маңызы бар объектілерді кейіннен кәдеге жарату жөнінде жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешімдер қабылдау;
      13) пайдалануға берілетін объектілерді (кешендерді) заңнамада белгіленген тәртіппен, қабылдау және тіркеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
      14) тұрғын үй қорын, коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін сақтауды және олардың нормативтік күтіп-ұсталуына (қолданылуына, пайдаланылуына) бақылау жүргізуді ұйымдастыру;
      15) тиісті аумақта мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын қамтамасыз ету;
      16) республикалық маңызы бар қала, астана деңгейіндегі мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу;
      17) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында лицензиялауды жүзеге асыру;
      18) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізу;
      19) берілетін лицензиялардың есебін жүргізу және тіркеу;
      20) Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен жасасқан, лицензияларды өзара тану туралы халықаралық шарттар негізінде Қазақстан Республикасы аумағында құрылыс қызметін жүзеге асыруға шет мемлекеттер берген лицензиялардың есебін жүргізу және тіркеу жатады.
      2. Халқының есептік саны жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің ведомстволық бағынысты аумақта белгіленген шекара шегінде жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы құзыретіне:
      1) қаланың заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарын, заңнамада белгіленген тәртіппен қала ықпал ететін аймаққа жатқызылған іргелес жатқан аумақтарда қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын (аудандық жоспарлау жобасын) іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіру;
      2) қаланың бас жоспарының жобасын, қала шегі мен қала маңы аймағының шекараларын, сондай-ақ ведомстволық бағынысты әкімшілік аудандардың және серіктес елді мекендердің шекараларын белгілеу және өзгерту жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру және қала мәслихатының мақұлдауына ұсыну;
      3) қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламалары құрамындағы қала құрылысы құжаттамасын, сондай-ақ қала аумағында құрылыс салудың, оны абаттандыру мен инженерлік жағынан қамтамасыз етудің ережелерін осы Заңның 21 және 22-баптарына сәйкес тиісті қалалық мәслихаттың бекітуіне ұсыну;
      4) қалалық мәслихатқа тұрғын үй қорын, өзге де ғимараттар мен тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы құрылыстарды, инженерлік коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекеттік табиғи-қорық қорының жергілікті маңызы бар объектілерін сақтау және күтіп-ұстау ережелерін белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізу;
      5) құрылыс салу не өзге де қала құрылысы өзгерістері туралы халыққа хабарлап отыру;
      6) қала және қала маңы аймағының қала құрылысы жобаларын, егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобаларын бекіту және іске асыру;
      7) ведомстволық бағынысты аумақта құрылыс салуға немесе өзге де қала құрылысын игеруге арналған жер учаскелерін таңдау, беру, ал заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда, мемлекеттік қажеттер үшін алып қою жөнінде шешімдер қабылдау;
      8) құрылыстарды, үйлерді, ғимараттарды, инженерлік және көлік коммуникацияларын салу (кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау, қалпына келтіру және күрделі жөндеу) туралы, сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру мен көгалдандыру, құрылысты (объектіні) консервациялау, жергілікті маңызы бар объектілерді кейіннен кәдеге жарату жөнінде жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешімдер қабылдау;
      9) пайдалануға берілетін объектілерді (кешендерді) заңнамада белгіленген тәртіппен қабылдау және тіркеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
      10) тұрғын үй қорын, коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін сақтауды және олардың нормативтік күтіп-ұсталуына (қолданылуына, пайдаланылуына) бақылау жүргізуді ұйымдастыру;
      11) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізу жатады.
      3. Халқының есептік саны жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің ведомстволық бағынысты аумақта белгіленген шекара шегінде жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы құзыретіне:
      1) қаланың заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарын, заңнамада белгіленген тәртіппен қала ықпал ететін аймаққа жатқызылған іргелес жатқан аумақтарда қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын (аудандық жоспарлау жобасын) іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіру;
      2) қаланың бас жоспарының жобасын, қала шегі мен қала маңы аймағының шекараларын, сондай-ақ ведомстволық бағынысты әкімшілік аудандардың және серіктес елді мекендердің шекараларын белгілеу және өзгерту жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру және қала мәслихатының мақұлдауына ұсыну;
      3) қаланы әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламалары құрамындағы қала құрылысы құжаттамасын, сондай-ақ қала аумағында құрылыс салудың, оны абаттандыру мен инженерлік жағынан қамтамасыз етудің ережелерін осы Заңның 21 және 22-баптарына сәйкес тиісті қалалық мәслихаттың бекітуіне ұсыну;
      4) қалалық мәслихатқа тұрғын үй қорын, өзге де ғимараттар мен тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы құрылыстарды, инженерлік коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекеттік табиғи-қорық қорының жергілікті маңызы бар объектілерін сақтау және күтіп-ұстау ережелерін белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізу;
      5) құрылыс салу не өзге де қала құрылысы өзгерістері туралы халыққа хабарлап отыру;
      6) қала және қала маңы аймағының қала құрылысы жобаларын, егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобаларын бекіту және іске асыру;
      7) ведомстволық бағынысты аумақта құрылыс салуға немесе өзге де қала құрылысын игеруге арналған жер учаскелерін таңдау, беру, ал заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда, мемлекеттік қажеттер үшін алып қою жөнінде шешімдер қабылдау;
      8) құрылыстарды, үйлерді, ғимараттарды, инженерлік және көлік коммуникацияларын салу (кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау, қалпына келтіру және күрделі жөндеу) туралы, сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру мен көгалдандыру, құрылысты (объектіні) консервациялау, жергілікті маңызы бар объектілерді кейіннен кәдеге жарату жөнінде жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешімдер қабылдау;
      9) пайдалануға берілетін объектілерді (кешендерді) заңнамада белгіленген тәртіппен қабылдау және тіркеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
      10) тұрғын үй қорын, коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін сақтауды және олардың нормативтік күтіп-ұсталуына (қолданылуына, пайдаланылуына) бақылау ұйымдастыру;
      11) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізу жатады.
       Ескерту. 25-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

       26-бап. Аудан әкiмдiктерiнiң сәулет, қала құрылысы және
              құрылыс қызметi саласындағы құзыретi

      1. Аудан әкiмдiктерiнiң қарамағындағы аумақта жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне: 
      1) заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген аудан аумағының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасын (аудандық жоспарлау жобасын), селолық елдi мекендердiң бас жоспарларын iске асыру жөніндегi қызметтi үйлестiру; 
      2)  алып тасталды
      3)  алып тасталды
      4)  алып тасталды
      5) аумақта жоспарланып отырған құрылыс салу не өзге де қала құрылысының өзгерiстерi туралы халыққа хабарлап отыру; 
      6) <*>
      7) аудандық маңызы бар құрылыс, аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру, аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қою, объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жөнiнде жұмыстар кешенiн жүргiзу туралы шешiмдер қабылдау; 
      8)   алып тасталды
      9) пайдалануға берiлетiн объектiлердi (кешендердi) заңдарда белгiленген тәртiппен қабылдау және тiркеу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру; 
      10) аудандық маңызы бар тұрғын үй қорын, коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткiштерiн сақтауды және олардың күтiп ұсталуына (қолданылуына, пайдаланылуына) бақылау жүргiзудi ұйымдастыру;
      11)  алып тасталды
      12) аудан аумағында қала құрылысын дамыту схемаларын, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің және өзге де ауылдық елді мекендердің бас жоспарларының жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру және аудандық мәслихаттың бекітуіне ұсыну;
      13) елді мекендердің бекітілген бас жоспарларын (аумақтық даму схемаларын) дамыту үшін әзірленетін қала құрылысы жобаларын бекіту және іске асыру;
      14) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізу;
      15) ведомстволық бағынысты аумақта құрылыс салуға немесе өзге де қала құрылысын игеруге арналған жер учаскелерін таңдау, беру, заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда, мемлекеттік қажеттер үшін алып қою жөнінде шешімдер қабылдау жатады.
       Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.   

       27-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс, мемлекеттік
              сәулет-құрылыс бақылау істері жөніндегі
              жергілікті атқарушы органдар

      1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдар тиісті әкімдіктердің құрылымдық бөлімшелері болып табылады және:
      1) облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана):
      тиісті деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастры қызметін қоса алғанда, сәулет және қала құрылысы;
      құрылыс (бірыңғай тапсырыс беруші қызметі);
      мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына;
      2) аудандық (облыстық маңызы бар қалалар):
      базалық деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастры қызметін қоса алғанда, сәулет және қала құрылысы;
      құрылыс (бірыңғай тапсырыс беруші қызметі) органдарына бөлінеді.
      2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың құзыреті осы Заңның 24, 25 және 26-баптарына сәйкес белгіленеді.
       Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

         4-1-тарау. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi  саласындағы қауiпсiздiктiң жалпы талаптары 

       Ескерту. 4-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209  Заңымен.

        27-1-бап. Техникалық реттеу объектiлерi

       Үйлер, ғимараттар, оларды жобалау, салу, реконструкциялау, техникалық қайта жарақтандыру, кеңейту, күрделi жөндеу және пайдалану процестерi, сондай-ақ құрылыс материалдары мен конструкциялары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы техникалық реттеу объектiлерi болып табылады. 

       27-2-бап. Ғимараттарға қойылатын қауiпсiздiк талаптары

       1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi объектiлерiн жобалау адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн құрылыстардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге тиiс. 
      2. Ғимараттарды жобалау кезiнде өмiрлiк циклдiң барлық сатыларындағы, оның iшiнде қалыпты пайдалану, төтенше жағдайлар, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу кезiнде көзделетiн бұзушылықтар және рұқсат етiлмейтiн құрылыс кезiндегi адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға төнетiн барлық ықтимал тәуекелдер сәйкестендiрiлуге және ескерiлуге тиiс.
      3. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу кезiнде құрылыс салушы жобалық құжаттамада белгiленген қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралардың бүкiл кешенiн орындауға және ғимарат құрылысын жүргiзудiң түрлi сатыларында олардың орындалуына бақылау жасау мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi. 
      4. Салынып жатқан ғимараттар өзге объектiлерден белгiленген нормаларға сәйкес қажеттi арақашықтықта аулақ орналастырылуға тиiс. 
      5. Тапсырыс берушiлер құрылысты салуға, реконструкциялауға және жөндеуге құрылыс мердiгерлiгiнiң шартын жасасу кезiнде онда техникалық реттеу саласындағы қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн техникалық регламенттердiң және басқа да нормативтiк-техникалық құжаттардың талаптарын көрсетуге тиiс. 
      6. Қауiптiлiгi жоғары аймақтар болып табылатын құрылыс объектiлерiнде тапсырыс берушi және мердiгер құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге және адам өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтiру мүмкiндiгiн болғызбауға мiндеттi. 
      7. Ғимараттарды жобалау және салу кезiнде мынадай құбылыстарға: 
      1) ғимараттың тұтастай немесе оның бiр бөлiгiнiң опырылып құлауына; 
      2) жол берiлмейтiн шамада бүлiнуiне; 
      3) көтергiш элементтердiң айтарлықтай бүлiнуi салдарынан құрылыстың басқа бөлiктерiнiң немесе оларда орнатылған қондырғылар мен жабдықтардың бұзылуына; 
      4) бастапқы себептермен салыстыруға болмайтын, кездейсоқ жағдайлардан туындаған залалға әкеп соқтыратын жүктемелердi есепке алу қажет. 
      8. Өрт болған жағдайда ғимараттар: 
      1) белгiлi бiр мерзiм iшiнде көтергiш элементтердiң берiктiгi қамтамасыз етiлетiндей; 
      2) ғимарат iшiнде өрт пен түтiннiң пайда болуын және таралуын шектейтiндей; 
      3) авариялық шығу жолдары арқылы адамдарды дереу эвакуациялауды қамтамасыз ететiндей; 
      4) құтқарушы топтар жану ошақтарына қауiпсiз кiре алатындай етiп жобалануға және салынуға тиiс. 
      9. Ғимараттар адам денсаулығы мен гигиенасы үшiн, атап айтқанда: 
      1) уытты газдардың және өзге де зиянды химиялық заттардың бөлiнуi; 
      2) ауада қауiптi бөлшектердiң немесе газдардың болуы; 
      3) қауiптi радиацияның сәуле шығаруы;
      4) судың немесе топырақтың ластануы немесе залалдануы;
      5) судың, түтiннiң немесе қатты немесе сұйық қалдықтардың бөлiнуi арқылы бұзылуы;
      6) ғимарат бөлiктерiнде немесе ғимараттың iшкi беттерiнде ылғалдың болуы салдарынан қауiп төндiрмейтiндей болып жобалануға және салынуға тиiс. 
      10. Ғимараттар оларды пайдалану тайып кету, құлау, соққы алу, күю, электр тогымен зақымдану, жарылыс салдарынан жарақаттану сияқты жазатайым оқиғалардың жол беруге болмайтын тәуекелiн тудырмайтын болып жобалануға және салынуға тиiс. 
      11. Ғимаратты шудан оқшаулау адам өмiрi мен денсаулығы үшiн жол беруге болмайтын тәуекелдi болғызбауды есепке ала отырып жобалануға және салынуға тиiс. 
      12. Ғимарат, сондай-ақ оның жылыту, салқындату және желдету қондырғылары ғимаратты пайдалануға қажеттi энергияны тұтыну жергiлiктi климаттық жағдайларды есепке алғанда қалыпты болатындай, бiрақ адам денсаулығына зиян келтiрiлмейтiндей етiп жобалануға және салынуға тиiс. 

       27-3-бап. Құрылыс материалдарының қауiпсiздiк талаптары

       Құрылыс материалдары мiндеттi қауiпсiздiк талаптарының кешенiн, оның iшiнде экономикалық аспектiлер тұрғысынан пайдалануға жарамды етiп ғимараттар салуға мүмкiндiк беретiн радиациялық және химиялық қауiпсiздiк нормаларын белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына сәйкес келуге тиiс және оларды пайдалану осы Заңның 27-2-бабында белгiленген талаптардың орындалуын қамтамасыз етуi керек. 

  5-тарау. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТIК НОРМАТИВТЕР

       28-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы
              нормативтiк құжаттардың мемлекеттiк жүйесi

      1. Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн мемлекеттiк реттеу сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдардың, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтiк құжаттар жүйесiнiң қолданылуымен қамтамасыз етiледi. 
      Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтер (мемлекеттiк нормативтiк құжаттар) Қазақстан Республикасы заңдарының құрамдас бөлiгi болып табылады. 
      2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтiк құжаттар жүйесi: 
      1) мемлекеттiк қала құрылысы нормативтерi мен регламенттерiн; 
      2) мемлекеттiк құрылыс нормалары мен ережелерiн, құрылыс нормаларын, жобалау және құрылыс жөнiндегi ережелер жинағын, технологиялық жобалау нормаларын; 
      3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарды;
      4) құрылыста басшылыққа алынатын республикалық құжаттарды; 
      5) мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау нормативтерiн; 
      6) құрылыстағы өзге де мемлекеттiк қадағалау органдарының нормативтерiн қамтиды. 
      3. Халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қолданысқа енгiзiлген мемлекеттiк нормативтiк құжаттар жүйесi, сондай-ақ: 
      1) мемлекетаралық құрылыс нормалары мен ережелерін; 
      2) құрылыстағы мемлекетаралық стандарттарды; 
      3) жобалау және құрылыс жөнiндегi мемлекетаралық ережелер жинағын қамтиды. 
      4. Мыналар мемлекеттiк нормалау объектiлерi болып табылады: 
      1) қоныстандыру жүйелерi, елдi мекендер мен олардың бөлiктерi; 
      2) үйлердiң, ғимараттардың және өзге де құрылыстардың, сондай-ақ жекелеген үй-жайлардың сәулеттiк, технологиялық, инженерлiк және құрылыстық бөлiгi; 
      3) үйлердiң, ғимараттардың және өзге де құрылыстардың инженерлiк және (немесе) технологиялық жабдықтары; 
      4) құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкциялары; 
      5) қала құрылысы, сәулет-құрылыс және өзге де жобалау-сметалық, құжаттамасы. 
      5. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтердi сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң барлық субъектiлерiнiң, сондай-ақ жылжымайтын мүлiк объектiлерiнiң оларды пайдалану және күтiп ұстау бөлігiнде меншiк иелерi мен пайдаланушыларының (жалдаушылардың, жалға алушылардың) сақтауы мiндеттi болып табылады. 
      6. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтер сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi мәселелерi жөнiнде орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, өзге де мемлекеттiк басқару және бақылау органдарының заңдарда белгiленген тәртiппен шешiмдер шығаруына негiз болып табылады. 
      7. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтiк құжаттарды бекiткен мемлекеттiк басқару органдары нормативтiк талаптардың техникалық, экономикалық және әлеуметтiк жағынан негiздiлiгi мен олардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестiгi үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен жауапты болады. 
      8. Мемлекеттiк нормативтердi әзiрлеу, келiсу, бекiту, тiркеу және қолданысқа енгiзу (қолданылуын тоқтата тұру, күшiн жою) тәртiбiн аталған мәселелер құзыретiне кiретiн басқа орталық атқарушы органдармен келiсiм бойынша, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
       Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209  Заңымен.

       29-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы
                мемлекеттiк нормативтiк құжаттардың түрлерi

      Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтер: 
      1) құрылыс өнімдерiн стандарттау және сертификаттау, геодезиялық жұмыс, жобалау мен құрылыс салуға арналған инженерлiк iздену, құрылыс жүргiзудi ұйымдастыру, пайдалануға қабылдау, құрылыстағы қауiпсiздiк техникасы нормативтерiн қамтитын ұйымдастыру-әдiстемелiк нормативтiк құжаттарға; 
      2) ғимараттар берiктiгiнiң, өрт және жарылыс қауiпсiздiгiнiң негiзгi ережелерiн, табиғи, антропогендiк және техногендiк сипаттағы қауiптi (зиянды) әсерлерден қорғауды, құрылыс материалдарының, бұйымдары мен конструкцияларының технологиялық рұқсат шегiн және өзара ауыстыруға біркелкілігі мен сәйкестігін қамтитын жалпы нормативтік-техникалық құжаттарға; 
      3) елдi мекендердiң аумағын және азаматтардың бағбандық бiрлестiктер аумақтарын ұйымдастыру, жоспарлау, құрылыс салу және абаттандыру, өнеркәсiптiк және ауыл шаруашылық кәсiпорындарының бас жоспарларын әзiрлеу жөнiндегi талаптарды, ережелер мен шектеулерді қамтитын қала құрылысы нормативтерiне; 
      4) тұрғын үй-азаматтық және өндiрiстiк мақсаттағы үйлер мен ғимараттарды, көлiктiк, гидротехникалық, мелиорациялық құрылыстарды, сондай-ақ магистральдық және кәсiпшiлiк труба құбырлары мен коммуникацияларды қоса алғанда, жобалау және салу жөніндегі нормативтiк-техникалық құжаттарға; 
      5) елдi мекендердi немесе олардың бөліктерiн, жеке үйлердi, ғимараттарды және олардың кешендерiн инженерлiк жағынан қамтамасыз етуге арналған нормативтiк құжаттарға; 
      6) құрылыс материалдарына, бұйымдары мен конструкцияларына арналған нормативтiк-техникалық құжаттарға; 
      7) құрылыс және құрылыс-монтаж ұйымдарын жарақтандыруға, уақытша және оңтайлы құрылыстар салу мен оларды жабдықтауға арналған нормативтiк-техникалық құжаттарға; 
      8) баға белгiлеу және смета жөнiндегi нормативтiк құжаттарға; 
      9) мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргiзу жөнiндегi нормативтiк құжаттарға; 
      10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi (мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау, мемлекеттiк өртке қарсы қызмет, мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, мемлекеттiк экологиялық сараптама, өнеркәсiп және кен қадағалау жұмыстарын жүргiзу қауiпсiздiгi жөнiндегi мемлекеттiк қызмет) саласындағы мемлекеттiк қадағалау органдарының нормативтiк құжаттарына; 
      11) құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстарға конкурстар (тендерлер) ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы нормативтiк құжаттарға бөлінедi. 

       30-бап. Құрылыс салу ережелерi

      1. Елдi мекендердiң аумақтарында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жергiлiктi жерде реттейтiн аумақтық (облыстық, аудандық, қалалық) құрылыс салу ережелерi қолданылады. 
      2. Құрылыс салу ережелерi аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары және елдi мекендердiң бас жоспарлары негiзiнде әзiрленедi. 
      3. Құрылыс салу ережелерi сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң жер учаскелерiн пайдалану, елдi мекендер аумағы мен қала маңындағы аймақтарды жобалау мен оларға құрылыс салу жағдайлары мен талаптарын анықтайды, сондай-ақ жылжымайтын мүлiктiң жаңа объектiлерiн орналастыруға және салуға немесе қолда барын өзгертуге (қайта бейiндеуге, қайта жабдықтауға, қайта жоспарлауға, реконструкциялауға, кеңейтуге, күрделi жөндеуге) рұқсат етiлетiн рәсiмдердi өткізу тәртiбiн белгiлейдi. 
      Ерекше қала құрылысын реттейтiн аумақтарда жылжымайтын мүлiк объектiлерiн орналастырудың, салудың немесе өзгертудiң қосымша талаптары белгiленуi мүмкiн. 
      4. Құрылыс салудың аумақтық ережелерiн әзiрлеу тәртiбiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi. 
      5. Аумақтарда құрылыс салу ережелерiн бекiту және оларды қолданысқа енгiзу немесе оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. 
      Аумақтық құрылыс салу ережелерi экологиялық сараптамадан өткізiлуге тиiс. 
      6. Жобаларды келiсу және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге (құрылысты бастауға) құрылыс салу ережелерi немесе оларға енгiзiлген өзгерiстер қолданысқа енгенге дейiн заңдарда белгiленген тәртiппен берiлген рұқсат бұрын берiлген рұқсат құжаттарында көрсетiлген мерзiм iшiнде қолданылады.
      Бұл ереже жаңа талаптарды енгiзуге байланысты осының алдындағы ережелердiң қолданылуы адамдардың денсаулығы мен өмiрiне қауiп төндiрудi жоймайтын жағдайларда қолданылмайды.
      7. Құрылыс салу ережелерiне осы ережелердiң қолданылуы салдарынан заңды мүдделерi бұзылған жеке және заңды тұлғалар сот тәртiбiмен шағымдануы мүмкiн.

   6-тарау. СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУЫ

       31-бап. Сәулет-құрылыс бақылауын ұйымдастыру

      1. Сәулет-құрылыс бақылауын:
      1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган республикалық маңызы бар объектілер құрылысына инспекция жүргізу жолымен;
      2) жергілікті маңызы бар объектілер құрылысына инспекция жүргізу жолымен атқарылатын бақылау функциялары шегінде жергілікті атқарушы органдар;
      3) құрылысты техникалық қадағалауды және объектiнi пайдалануға қабылдауды ұйымдастыру жолымен тапсырысшы;
      4) құрылысқа авторлық қадағалау енгiзу жолымен жобалық құжаттаманы әзiрлеушiлер;
      5) жұмысшылар, қабылдау және мемлекеттiк қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
      2. Сәулет-құрылыс бақылауымен қоса: 
      1) құрылыс өнімдерiн стандарттау және сертификаттау бөлігiнде - стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган; 
      2) өнеркәсiп және кен қадағалау жұмыстарын қауiпсiз жүргiзу, объектiлердiң пайдаланылуы мен нормативтiк күтiп ұсталуына бақылау жүргiзу бөлігiнде - табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган; 
      3) аумақтар мен объектiлердiң санитариялық-эпидемиологиялық жай-күйіне бақылау жүргізу бөлігінде - халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттығы саласындағы уәкiлеттi орган; 
      4) объектiлердi немесе олардың бөліктерiн салу және (немесе) пайдалану салдарынан аумақтың экологиялық жай-күйіне олардың әсер етуіне бақылау жүргізу бөлігінде - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
      5) мүгедектер мен халықтың қауқары аз топтары үшiн әлеуметтiк, көлiктiк және рекреациялық инфрақұрылым объектiлерiне қол жеткiзудi қамтамасыз ету бөлiгiнде - халықты әлеуметтiк қорғау уәкiлеттi органы қадағалау қызметiн жүргiзедi. 
      3. Мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау органдарының, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында аталған мемлекеттiк органдардың заңдарда белгiленген тәртiппен берiлген ұйғарымдары, нұсқаулары мен өзге де шешiмдерi Қазақстан Республикасы аумағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң барлық субъектiлерi үшiн мiндеттi. 
      4.  алып тасталды - 2006.01.31. N  125  Заңымен.
      5. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi мен сәулет-құрылыс бақылауы органдарының (қызметтерiнiң, лауазымды адамдарының) арасындағы өзара талаптар мен даулы мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.
       Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.04.13.  N 40  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз), 2007.01.09. N  213  Заңдарымен.  

         31-1-бап. Сәулет-құрылыс бақылауы

      1. Белгiленген тексеру мерзiмi туралы хабарлама тапсырысшыға (меншiк иесiне), авторлық қадағалау тобына және осы құрылыс объектiсi бойынша мердiгерге (бас мердiгерге) тексеру басталғанға дейiн бес күннен кешiктiрiлмей жiберiледi.
      2. Тапсырысшы (меншiк иесi) және мердiгер (бас мердiгер) мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау органы немесе мемлекеттiк құрылыс инспекторы сұратқан осы объект жөнiндегi жобалау және атқару техникалық құжаттамасын, сондай-ақ тиiстi жобалар бойынша сараптама қорытындысын ұсынады.
      3. Мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау органы (мемлекеттiк құрылыс инспекторы) объектiлердi тексеру барысында:
      1) бекiтiлген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаларының, жобалар сараптамасының оң қорытындысының, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге тиiстi рұқсаттың болуын;
      2) лицензияланатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң тиiстi түрлерiн жүзеге асыру құқығына лицензияның болуын;
      3) орындалған (орындалатын) құрылыс-монтаж жұмыстарының, қолданылатын құрылыс материалдары (бұйымдары, конструкциялары) мен жабдықтардың бекiтiлген жобалау шешiмдерiне және мемлекеттiк (мемлекетаралық), оның iшiнде тiреу және қоршау конструкцияларының берiктiгін, орнықтылығын, сенiмдiлiгiн және ғимараттарды (құрылыстарды) пайдалану сапасын қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтерге сәйкестiгiн;
      4) мердiгердiң (бас мердiгердiң) құрылыс сапасын өзiндiк өндiрiстiк бақылаудың барлық түрлерi мен нысандарын (кiру, операциялық, қабылдау, зертханалық, геодезиялық және тағы басқа) ұйымдастыруын және жүзеге асыруын;
      5) атқару құжаттамаларының уақтылы және дұрыс ресiмделуiн;
      6) мемлекеттiк қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдайтын объектiлер құрылысы кезiнде тапсырыс берушiлердiң (меншiк иелерiнiң) техникалық қадағалауды ұйымдастыруы мен жүзеге асыруын анықтайды.
      4. Құрылыс сапасына жүргiзiлген тексерудiң нәтижелерi бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген нысандағы анықталған ақаулар жазылған анықтама және объектiлер ведомосы жасалып, олар жұмысы тексерiлген мердiгерге (бас мердiгерге), сондай-ақ тапсырысшыға (меншiк иесiне) берiледi.
      5. Сәулет-құрылыс бақылауының мемлекеттiк органдарының немесе мемлекеттiк құрылыс инспекторларының нұсқамаларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы.
      6. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн тексеру объектiнi пайдалануға берудi, төтенше жағдайлардың туындауын, қылмыстық iс қозғалуын, шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң өзi өтiнiш беруiн, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өтiнiштерiнде жазылған, анонимдi өтiнiштерден басқа, расталған фактiлердi қоспағанда, үш жылда бiр реттен жиi болмайтындай етiп жүзеге асырылады.
      Ескерту. 31-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       32-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi
              саласындағы лицензиялау

      1. Жеке және заңды тұлғалардың жобалау-iздену, сараптама, құрылыс-монтаж жұмыстарын, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын (сертификатталатын өнімдерді қоспағанда) өндiру жөнiндегi жұмыстарды орындауға оларда сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің аталған түрлерін жүзеге асыруға құқық беретiн лицензия болғанда ғана жол берiледi. 
      2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы жобалау-iздену, сараптама, құрылыс-монтаж жұмыстарын, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiру жөнiндегi жұмыстарды лицензиялауды облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, облыстың) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
      2-1. Жергілікті атқарушы органдар берген лицензиялардың күші Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына қолданылады. 
      3. алып тасталды
      4. Бас лицензияны иеленушiге қойылатын бiлiктілiк талаптарына лицензиаттардың сәйкестiгiн растайтын құжаттарды (материалдарды, ақпаратты) лицензиарға есеп беру нысанында: 
      1) құрылыс-монтаж жұмыстарын және құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндіру жөніндегi жұмыстарды жүзеге асыратын заңды тұлғалар - жыл сайын; 
      2) осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетiлгендердi қоспағанда, жобалау-іздену және сараптама жұмыстарын жүзеге асыратын заңды тұлғалар - үш жылда кемiнде бiр рет; 
      3) жеке тұлғалар, сондай-ақ шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне жататын заңды тұлғалар - бес жылда кемiнде бiр рет табыс етiп отырады. 
       Ескерту. 32-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз), 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       33-бап. Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы

      1. Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы:
      1) тапсырысшыда (құрылыс салушыда) оның осы жер учаскесіне тиісті құқығын растайтын құжаттары және оның мердігермен (бас мердігермен) шартының болуына;
      2) мердігерлік ұйымда құрылыс-монтаж жұмыстарының тиісті түрлеріне лицензиялардың болуына;
      3) белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттаманың болуына, жобалау шешімдерінің қатаң сақталуына;
      4) құрылысқа қатысушылардың атқарушылық техникалық құжаттаманы, соның ішінде оны бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізу кезінде уақтылы рәсімдеуіне және жүргізуіне;
      5) қолданылатын құрылыс материалдарының, бұйымдары мен конструкцияларының, орнатылатын жабдықтың сапасына, тиісті сертификаттардың болуына;
      6) жүргізілетін құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына;
      7) орындалған жұмыстардың толық көлеміне және аяқталған құрылыс объектісінің қабылдау және пайдалануға беру рәсімдеріне дайындығына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы:
      1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның республикалық маңызы бар объектілер құрылысының сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесінен;
      2) жергілікті маңызы бар объектілер құрылысының сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органынан тұрады.
      3. Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясына:
      1) құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге (құрылыстың басталуына) рұқсат беру (рұқсат беруден негізді бас тарту) және өтпелі құрылыстар бойынша жыл сайын олардың мерзімін ұзартып отыру;
      2) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілердің мониторингі және салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендердің сапасын бақылау;
      3) заңнамада белгіленген тәртіппен қабылдау комиссиясының және мемлекеттік қабылдау комиссиясының жұмысына қатысу;
      4) жойылмайтын бұзушылықтарға жол берген, не жол берілген бұзушылықтарды белгіленген нормативтік мерзімде жоймаған заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты заңнамада белгіленген шараларды қолдану жүктеледі.
      4. Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясына (мемлекеттік құрылыс инспекторына):
      1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінен Қазақстан Республикасының аумағында салынуы белгіленген және салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендер туралы ақпарат сұрау және алу;
      2) тапсырысшылардан танысу үшін осы құрылыс жөніндегі қажетті жобалау және атқару құжаттамасын, сондай-ақ тиісті жобалардың сараптама қорытындысын сұрату және алу;
      3) салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендерге кедергісіз бару және оларда жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына жедел инспекциялық тексеру жүргізу құқығы беріледі.
      5. Мемлекеттік нормативтерді бұзуға және (немесе) бекітілген жобалардан (жобалық шешімдерден) ауытқуға жол берілгендігі анықталған жағдайда мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы:
      1) мемлекеттік стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтін құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкциялары мен жабдықтарын қолдануға тыйым салу туралы;
      2) жол берілген бұзушылықтарды тапсырысшының (құрылыс салушының) және (немесе) мердігерлік құрылыс-монтаж ұйымының (кәсіпорнының) белгіленген мерзімде жоюы туралы;
      3) құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата түру туралы шешім қабылдай (нұсқама бере) алады.
      6. Мыналар:
      1) сейсмикалық қауіптілігі жоғары аймақтарда немесе іске асыру кезінде арнайы жобалық шешімдер мен іс-шараларды қажет ететін өзге де айрықша геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлардағы құрылысты қоспағанда, жеке тұрғын үйлер құрылысы;
      2) жеке үй жанындағы учаскелерде немесе бау-бақша серіктестіктері учаскелерінде орналасқан уақытша құрылыстар, сондай-ақ маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығы үшін тұрғын және (немесе) шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар тұрғызу;
      3) азаматтардың жеке пайдалануына арналған басқа да техникалық күрделі емес құрылыстардың өзгеруі мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы тарапынан бақылауға жатпайды.
      7. Республикалық маңызы бар объектілер құрылысының барысына және сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын уәкілетті органның лауазымдық міндеттеріне аталған құрылыстарды жедел инспекциялау кіретін басшысы, оның орынбасарлары мен штат қызметкерлері, тиісінше, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік құрылыс инспекторы, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік құрылыс инспекторының орынбасарлары және мемлекеттік құрылыс инспекторлары болып табылады.
      Ведомстволық бағынысты аумақтағы құрылыс барысына және сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын жергілікті органдардың (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың) басшылары, тиісінше, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттік құрылыс инспекторлары болып табылады. Жергілікті органдардың лауазымдық міндеттеріне жергілікті маңызы бар құрылыстарды жедел инспекциялау кіретін штат қызметкерлері ведомстволық бағынысты аумақтағы мемлекеттік құрылыс инспекторлары болып табылады.
      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау және әкімшілік жазалар қолдану құқығы:
      1) республикалық маңызы бар құрылыс объектілері бойынша - Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік құрылыс инспекторы мен оның орынбасарларына;
      2) жергілікті маңызы бар құрылыс объектілері бойынша - тиісті әкімдіктерінен өкілдік ететін облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) бас мемлекеттік құрылыс инспекторларына беріледі.
       Ескерту. 33-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

       34-бап. Авторлық қадағалау

      1. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеушiлердiң авторлық қадағалауы: 
      1) осы Заңның 68-бабына сәйкес мемлекеттiк қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдайтын объектiлер құрылысы кезiнде; 
      2) объектiнi жобалауды, инвестициялауды және оның құрылысын жүргiзушi ұйымның өкiмдiк құжатына (бұйрығына) сәйкес; 
      3) осы Заңның 15-бабы мен "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының  Заңында  көзделген жағдайларда жүзеге асырылады. 
      2. Мемлекеттiк қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдауға жататын объектiлердiң құрылысы барысында жүргiзiлетiн авторлық қадағалау шарт негiзiнде жүзеге асырылады. 
      Мұндай жағдайларда авторлық қадағалау объект құрылысының (реконструкциялау, қалпына келтiру, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделi жөндеу) не аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қоюдың бүкiл кезеңi iшiнде жүзеге асырылуға тиiс. 
      3. Авторлық қадағалауды ұйымдастыру мен жүргiзу тәртiбi сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн мемлекеттiк нормативтiк құжаттармен белгiленедi.
       Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

         34-1-бап. Техникалық қадағалау

      1. Мемлекеттік қабылдау комиссияларының пайдалануға қабылдануына жататын объектілердің құрылысы кезінде міндетті түрде техникалық қадағалау жүзеге асырылуға тиіс.
      2. Техникалық қадағалауды тапсырысшы объектілер құрылысына жобалық-сметалық құжаттамада көзделген қаражат есебінен шарт негізінде инжинирингтік қызметтер көрсету жөніндегі ұйымдарды тарта отырып, қолданыстағы нормативтерге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері (тапсырысшылар) бюджет қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды іске асыруға техникалық қадағалауды жүзеге асыру үшін нарықта әрекет ететін инжинирингтік қызметтер көрсету жөніндегі ұйымдарды тартуға құқылы.
       Ескерту. 34-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының  2005.04.12.  N 38  Заңымен.

       35-бап. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын
              лауазымды адамдар

      1. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдарға: 
      1)  алып тасталды
      1-1) республикалық маңызы бар объектілер бойынша - сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік құрылыс инспекторлары;
      2) жергілікті маңызы бар объектілер бойынша - облыстар мен республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттiк құрылыс инспекторлары; 
      3) қабылдау, мемлекеттік қабылдау және жұмыс комиссиялары жұмыс істеген кезде сол комиссиялардың құрамына енгізілген сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның және жергілікті атқарушы органдардың штат қызметкерлері;
      4) комиссиялардың (топтардың) жұмысы кезiнде мемлекеттiк қабылдау (жұмыс) комиссияларына не сараптама топтарына енгiзiлген өзге де заңды тұлғалардың уәкiлеттi өкiлдерi жатады. 
      2. Мемлекеттік сәулет-құрылысы бақылауын жүзеге асыратын мемлекеттiк құрылыс инспекторлары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен аттестатталуға тиiс. 
      3. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдардың мiндеттерiне: 
      1) Қазақстан Республикасының аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi жол берген мемлекеттiк нормативтер мен талаптардың (ережелердiң, шектеулердiң) бұзылу себептерiн анықтау және оларға талдау жасау; 
      2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi жол берген мемлекеттiк нормативтер мен талаптардың (ережелердiң, шектеулердiң) бұзылуын, сондай-ақ олардың зардаптарын жоюға бағытталған әсер ету шараларын өз өкiлеттiктерiне сәйкес қолдану; 
      3) мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асырудың нысандары мен әдiстерiн жетiлдiру жөніндегi iс-шараларды әзiрлеу кiредi. 
      4. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, тиiстi сәулет-құрылыс бақылауы органдарының өкілеттiктерi шегiнде белгiленедi.
       Ескерту. 35-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.    

       36-бап. Сәулет-құрылыс бақылауы органдарының
              нұсқамалары

      1. Анықталған жолсыздықтарға не мемлекеттiк нормативтерде көзделген талаптардан (ережелерден, шектеулерден), өзге де мiндеттi талаптардан ауытқушылықтарға (сәйкес келмеушiлiкке) байланысты сәулет-құрылыс бақылауы органдары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерiне (субъектiлердiң атынан өкiлдiк ететiн жауапты адамдарға) нұсқама бере алады. 
      2. Нұсқамаларға қол қою құқығы, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдарға ғана берiледi.
      3. Сәулет-құрылыс бақылауы органдары заңдарға сәйкес берген нұсқамалар Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi.
       Ескерту. 36-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

  2-БӨЛIМ. СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ

   7-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ КАДАСТРЫ

       37-бап. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының нысанасы
                мен мақсаты

      1. Мемлекеттiк қала құрылысының кадастры Қазақстан Республикасы кадастрларының мемлекеттiк ақпараттық-құқықтық жүйесiне кiредi және аумақтардың, ғимараттардың және құрылыстардың, шағын сәулет нысандарының және абаттандыру бөліктерінің жай-күйi туралы, сондай-ақ аумақтар мен елдi мекендердi дамыту мен құрылысын салудың қала құрылысын жоспарлау туралы мәлiметтердi, аумақтар мен объектiлердiң тиiстi функционалдық аймақтарға тиесiлiлiгi, олардың қазiргi және болашақтағы мақсаттары, экологиялық, инженерлiк- геологиялық, гидрогеологиялық, геотехникалық және сейсмикалық жағдайлары, инженерлiк қамтамасыз етiлуi туралы деректердi қамтиды. 
      2. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының деректерi: 
      1) қала құрылысы мен сәулет-құрылыс құжаттамасын әзiрлеу және iске асыру; 
      2) жылжымайтын мүлiк объектiлерiн дамыту және өзгерту; 
      3) жылжымайтын мүлiкпен мәмiлелер жасауды, оны тiркеудi жүзеге асыру; 
      4) инвестициялық қызметтi бағалау; 
      5) қала құрылысы және сәулет-жоспарлау тапсырмаларын, құрылысқа (жұмыс жүргiзудi бастауға) және объектiлердi кейiннен кәдеге жаратуға рұқсат беру;
      6) сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыру, қоршаған ортаны қорғау кезiнде пайдаланылуға тиiс.
      3. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастры жерге және басқа да жылжымайтын мүлiкке салынатын салық мөлшерiн белгiлеу, жылжымайтын мүлiк айналымын пайдалануды құқықтық реттеу, елдi мекендердiң аумақтарын ұтымды пайдалануға бақылау жасау, қала құрылысы регламенттерiн сақтау және жобаларды iске асыруды талдау үшiн пайдаланылады.
      4. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастры мынадай аумақтық деңгейлер бойынша:
      1) республикалық;
      2) облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық;
      3) базалық (аудандық, облыстық бағыныстағы қалалық) болып бөлінедi.
       Ескерту. 37-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

       38-бап. Республикалық деңгейдегi мемлекеттiк қала
                құрылысы кадастры

      1. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қала құрылысы кадастрының мемлекеттiк тапсырысшысы Қазақстан Республикасының Үкiметi болып табылады. 
      2. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң республикалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргiзу жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органы сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган болып табылады. 
      3. Республикалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының ақпараттық негiзi облыстық және базалық деңгейлердегi қала құрылысы кадастрлары болып табылады. 

       39-бап. Облыстық (республикалық маңызы бар қала,
             астана) және базалық деңгейдегi мемлекеттiк
             қала құрылысы кадастры

      1. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) және базалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының тапсырысшылары облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкiмдiктерi болып табылады.
      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) және базалық деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.
      2. Облыстық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының ақпараттық негiзi базалық деңгейдегi қала құрылысы кадастрлары болып табылады. 
      3.  алып тасталды
       Ескерту. 39-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.  

       40-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi
              объектiлерi мен мемлекеттiк қала құрылысы
              кадастрының мониторингi

      1. Мемлекеттiк қала құрылысының кадастры Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi объектiлерi жөніндегi ақпаратты жинаудың, өңдеудiң, есепке алудың, тiркеудiң, сақтау мен табыс етудiң Қазақстан Республикасы үшiн бiрыңғай жүйесi бойынша жүргiзiледi. 
      2. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастры үшiн: 
      1) орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, мемлекеттiк мүлiк пен жекешелендiрудi, статистиканы, жер ресурстарын, геодезия және картографияны аумақтық басқару органдары;
      2) жылжымайтын мүлiктi тiркеу техникалық түгендеу және бағалау қызметтерi;
      3) санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, қоршаған орта мен табиғи ресурстарды қорғау қызметтерi;
      4) тарихи-мәдени мұра объектiлерiнiң қорғалуына және пайдаланылуына бақылау жасау қызметтерi;
      5) жердiң, судың және басқа да салалық кадастрлардың, тiркелiмдердiң деректерi, өзге де деректер банктерi бастапқы ақпарат (мәлiмет) көздерi болып табылады.
       Ескерту. 40-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N  116 , (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.11.  N 204  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен. 

  8-тарау. АУМАҚТАРДЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ҚҰРЫЛЫС САЛУДЫҢ
ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫН ЖОСПАРЛАУ

       41-бап. Қала құрылысы регламенттерi

      1. Ғимараттарды және құрылыстарды пайдаланудың қала құрылысы регламенттерi, сондай-ақ мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргiзген кезде олардың жай-күйiне енгiзiлген кез келген өзгерiстер белгiленген мерзiм шегiнде қолданылып жүрген артықшылықтар берудiң, тыйым салулардың, шектеулер мен өзге де режимдердiң үлгiлерiмен, түрлерiмен және параметрлерiмен сипатталады. 
      Регламенттердiң көздерi заңдарда белгіленген тәртiппен бекiтiлген қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасы болып табылады. 
      2. Мемлекеттiк қала құрылысы регламенттерiнiң сыныптағышы мен олардың көрсеткiштерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес республикалық және жергiлiктi деңгейлерде белгiленедi. 
      3. Мемлекеттiк қала құрылысының кадастрын жүргiзуге арналған қала құрылысы регламенттерiнiң жүйесi олардың мынадай үлгiлерiн: 
      1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру кезiнде аумақ пен соған байланысты жылжымайтын мүлiктi функционалдық пайдалануды белгілеуді және (немесе) өзгертуді; 
      2) аумақ пен елдi мекендердi дамытудың және жайғастырудың (құрылыс салудың) интенсивтiлiгiн; 
      3) аумақ пен елдi мекендердi дамытудың және жайғастырудың (құрылыс салудың) балансын қамтамасыз етудi; 
      4) аумақ пен елдi мекендердi жайғастырудың (құрылыс салудың) қоршаған ортаға әсер етуiн қамтуға тиiс. 
      4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру кезiнде аумақ пен соған байланысты жылжымайтын мүлiктердi функционалдық пайдалануды белгiлеу және (немесе) өзгерту мемлекеттiк регламенттердiң мынадай түрлерi: 
      1) аумақты функционалдық белгiлеу және (немесе) өзгерту; 
      2) жаңадан салынып жатқан және реконструкцияланатын үйлер мен ғимараттарды функционалдық белгiлеу; 
      3) бар үйлер мен ғимараттарды функционалдық пайдалануды өзгерту арқылы iске асырылады. 
      5. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру нәтижесiнде аумақтар мен елдi мекендердi дамыту және жайғастыру (құрылыс салу) қала құрылысы регламенттерiнiң мынадай түрлерi: 
      1) игерiлетiн аумақтардың ауқымдары; 
      2) осы аумақ үшiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң жекелеген түрлерiне тыйым салу, рұқсат беру мен шектеулер; 
      3) жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi нәтижесiнде аумаққа түсетiн ауыртпалықтар; 
      4) жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi нәтижесiнде аумақты немесе жылжымайтын мүлiк объектiлерiн дамыту мен өзгерту режимдерi; 
      5) елдi мекеннiң немесе оның бөлiгiнiң жоспарлы құрылымы мен сәулет келбетiн қалыптастыру; 
      6) елдi мекеннiң немесе оның бөлiгiнiң әлеуметтiк, рекреациялық, көлiк және инженерлiк инфрақұрылымдарын қалыптастыру (жетiлдiру) арқылы көрiнiс табуға тиiс.
      6. Аумақты және елдi мекендi дамыту балансы қала құрылысы регламенттерiнiң мынадай түрлерi:
      1) аумақтар мен объектiлердi дамытудың ресурстық жағдайлары;
      2) аумақтар мен елдi мекендердiң ортаға байланысты жағдайлары;
      3) халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз етудiң инженерлiк жағдайлары арқылы қамтамасыз етiлуге тиiс.
      7. Аумақтар мен елдi мекендердi жайғастырудың (құрылыс салудың) қоршаған ортаға тигiзетiн әсерi қала құрылысы регламенттерiнiң мынадай түрлерi:
      1) экологиялық және санитариялық осал объектiлердi орналастыру;
      2) техногендiк қауiп төндіретiн объектiлердi орналастыру;
      3) қауiптi табиғи құбылыстар көздерiне қатысты адам мекендейтiн ортаны орналастыру;
      4) санитариялық, өртке қарсы және өзге де мiндеттi талаптар;
      5) инженерлiк және көлiк жағдайлары арқылы реттеледі.
      8. Қала құрылысы регламенттерiнiң мәлiметтерi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрына енгiзiлуге тиiс.
       Ескерту. 41-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

       42-бап. Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың
              бас схемасы

      1. Аумақты ұйымдастыру және оның кеңiстiгiне өндiргiш күштердi орналастыру Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың бас схемасында қабылданған шешiмдерге сәйкес жүзеге асырылады. 
      2. Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың бас схемасы: 
      1) стратегиялық және экономикалық жоспарлаудың ережелерiне сәйкес өндіргiш күштердi жайғастыру мен орналастырудың негiзгi принциптерiн; 
      2) табиғатты ұтымды пайдаланудың және республикалық маңызы бар шаруашылық қызметтiң, өндiрiстiк, көлік, инженерлiк, әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылымдарды дамытудың негiзгi ережелерiн; 
      3) аймақтардағы экологиялық жағдайды жақсарту, тарихи-мәдени мұра объектiлерi және (немесе) қорғалатын ландшафтық объектiлерi бар аумақтарды сақтау жөнiндегi негiзгi шараларды; 
      4) ерекше қорғалатын аумақтарды, табиғи және техногендiк сипаттағы құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен зақымданған пайдалы қазбалар жатқан аумақтарды немесе сәулет-қала құрылысы қызметiн жүзеге асыру үшiн қысыл-таяң табиғи-климаттық жағдайларды пайдалану жөнiндегi пайдалану немесе шектеу түрлерiн қамтиды. 
      3. Бас схема: 
      1) өндiргiш күштердi жайғастыру және орналастыру жүйесiн мемлекеттiк реттеудi қамтамасыз етедi; 
      2) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысын ескере отырып, аумақтарды пайдаланудың мәртебесiн, мақсаты мен сипатын белгiлейдi; 
      3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру арқылы әлеуметтiк-экономикалық және шаруашылық даму бағдарламалары жөніндегi аймақаралық және салааралық мемлекеттiк мүдделердi үйлестiредi. 
      4. Бас схеманың негiзгi ережелерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi. 
      5. Бас схеманы әзiрлеу және келiсу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
       Ескерту. 42-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11.  N 204  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 

       43-бап. Аумақты дамытудың аймақаралық схемалары

      1. Аумақты дамытудың аймақаралық схемалары Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасына сәйкес әзiрленедi, екi және одан көп облыстардың (не олардың бөліктерiнiң) аумақтарындағы өзара келісілген (топтастырылған) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi, сондай-ақ әкiмшiлiк-аумақтық бөліністердің шекараларын есепке алмай, әлеуметтiк-экономикалық немесе экологиялық аудандар үшiн қызмет етедi және: 
      1) жоспарланатын аумақты аймақтарға бөлудi; 
      2) аумақты қала құрылысына игеру мен дамытуды; 
      3) аймақтық және аймақаралық маңызы бар өндiргiш күштердi, өндірiстiк, көлiк, инженерлiк, әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылымдарды жайғастыру мен орналастыру жүйесiн кешендi дамыту жөніндегi шараларды; 
      4) табиғатты ұтымды пайдалану, ресурстармен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi шараларды анықтайды. 
      2. Аумақты дамытудың аймақаралық схемалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлескен тапсырысы бойынша әзiрленедi. 
      3. Аумақты дамытудың аймақаралық схемасын әзiрлеу және келiсу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 
      Аймақаралық схеманы және оны iске асыру жөнiндегi шараларды Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi. 
      4. Тараптар бекiткен халықаралық шарттар негiзiнде әзiрленген және мүдделi тараптар бекiткен аумақтық дамудың мемлекетаралық схемалары Қазақстан Республикасы мен шектес шет мемлекеттер аймақтарының аумақтарында өзара келiсiлген (үйлестiрiлген) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi үшiн негiз болып табылады. 
      Аймақты дамытудың мемлекетаралық схемаларын әзiрлеудi, келiсудi және бекiтудi, сондай-ақ оларды iске асыруды қатысушы мемлекеттер тарапынан қолдау жөнiнде шаралар қолдану тәртiбi халықаралық шарттарға сәйкес белгiленедi. 

       44-бап. Аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi
              схемалары

      1. Жекелеген аймақтардың (облыстың немесе оның қандай да бiр бөлiгiнiң) аумақтарын ұйымдастыру (игеру, жайғастыру, құрылыс салу) аумақтың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасы негiзiнде жүзеге асырылады. 
      Кешендi схемалар Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасына және тиiстi аумақтық дамудың аймақаралық схемасына сәйкес әзiрленедi. 
      2. Аумақтың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары мемлекеттiк қала құрылысы саясатының мақсаттарын сол аймақтың аумағындағы әлеуметтiк-экономикалық, өндірiстiк-шаруашылық және табиғи-климаттық жағдайларды, оны аймақтарға бөлуді ескере отырып айқындайды, сондай-ақ: 
      1) жайластыру жүйелерiн жетiлдiрудiң; 
      2) елдi мекендердi, өндірiстiк, көлік, инженерлiк, әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылымдарды дамытудың; 
      3) аумақтарды табиғи және антропогендiк, техногендiк құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғаудың; 
      4) қала құрылысы құралдарымен және әдiстерiмен экологиялық жағдайды жақсартудың; 
      5) тарихи-мәдени мұра объектiлерiн және (немесе) қорғалатын ландшафтық объектiлердi сақтаудың негiзгi бағыттарын белгiлейдi. 
      Аумақтарды пайдалануға қойылатын шектеулердi ескере отырып, аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлу және оларды пайдаланудың интенсивтiлiгi анықталады. 
      3. Кешендi схемаларда осы аймақтағы елдi мекендердiң, қала маңы аймақтарының шекараларын белгiлеу, резервтiк аумақтарды қоса алғанда, аумақты кешендi дамыту үшiн ресурстармен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар болуға тиiс. 
      4. Аймақтар аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу мен келiсу тәртiбiн және оларды iске асыру жөнiндегi шараларды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 
      5. Аймақтар аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын бекiту осы заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
       Ескерту. 44-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11.  N 204  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 

       45-бап. Елдi мекендердiң аумақтары

      1. Қалалық және селолық елдi мекендердiң кеңiстiк негiзiн жер бетiндегi және (немесе) су бетiндегi белгiленген шекаралар (елдi мекендер шегi) шегiндегi аумақ құрайды. 
      2. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, елдi мекеннiң шекаралары (шегi) шегiндегi жер асты және әуе кеңiстiгi жергiлiктi атқарушы органдардың қарамағында болады. 
      3. Елдi мекендердiң аумақтарын пайдаланудың режимi мен тәртiбi бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасында белгiленген аймақтарға бөлуге сәйкес белгiленедi. 

       46-бап. Елдi мекендердiң шекарасы (шегi)

      1. Елдi мекеннiң шекарасы (шегi) оның аумағын (қала құрылысы кеңiстiгiн) айқындайды және Қазақстан Республикасының  заң  актiлерiнде белгiленген тәртiппен бекiтiлген осы елдi мекеннiң бас жоспары негiзiнде белгiленедi (өзгертiледi).  
      2. Елдi мекендер шекаралары (шектерi) жобаларының құрамы, мазмұны мен әзiрлену тәртiбi нормативтiк құқықтық актiлерге, мемлекеттiк нормативтерге, сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның өзге де құжаттарына сәйкес белгiленедi. 
      3. Аса iрi, iрi және үлкен қалалар шекараларының (шектерiнiң) жобалары аймақтың қала құрылысын жобалаудың кешендi схемалары құрамында әзiрленуi мүмкiн. 
      Республикалық маңызы бар қалалар, сондай-ақ халқының саны жүз мың тұрғыннан асатын өзге де қалалар шекараларының (шектерiнiң) жобалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiледi. 
      4. Орта және шағын қалалар, қала үлгiсiндегi кенттер, сондай-ақ селолық елдi мекендер шекараларының (шектерiнiң) жобалары аталған елдi мекендердiң бас жоспарлары құрамында әзiрленуi және келiсiлуi мүмкiн. 

       47-бап. Елдi мекендердiң бас жоспарлары

      1. Елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады. 
      2. Елдi мекендердiң бас жоспарлары қаланы, кенттi, ауылды (селоны) не басқа да қонысты дамытуды кешендi жоспарлауды айқындайтын және аумақты ұйымдастырудың бекiтiлген бас схемасы мен аймақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасына сәйкес әзiрленетiн негiзгi қала құрылысы құжаты болып табылады. 
      Тұрғындарының саны бес мың адамнан асатын елдi мекендер белгiленген тәртiппен бекiтiлген, қолданыстағы бас жоспарлармен қамтамасыз етiлуге тиiс. 
      Тұрғындарының саны бес мың адамға дейiнгi елдi мекендерде негiзгi қала құрылысы құжаты ретiнде осы қонысты дамыту мен оған құрылыс салудың белгiленген тәртiппен бекiтiлген схемасы (бас жоспардың оңайландырылған нұсқасы) болуы мүмкiн. Шағын елдi мекендердiң құрамын, күтiп ұсталуын, дамытудың және оған құрылыс салудың схемаларын әзiрлеу мен келiсу тәртiбiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган анықтайды. 
      3. Бас жоспарда: 
      1) әлеуметтiк, рекреациялық, өндірiстiк, көлiк және инженерлiк инфрақұрылымдарды қоса алғанда, табиғи-климаттық, қалыптасқан және болжанып отырған демографиялық және әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар ескерiле отырып, елдi мекеннiң аумағын дамытудың негiзгi бағыттары; 
      2) осы аймақтардың аумақтарын функционалдық аймақтарға бөлу және пайдалануды шектеу; 
      3) елдi мекеннiң құрылыс салынған және салынбаған аумақтарының арақатынасы; 
      4) жердi басымдықпен иелiктен айыру және сатып алу аймақтары, резервтiк аумақтар; 
      5) аумақты табиғи және техногендiк құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту жөнiндегi шаралар; 
      6) елдi мекендi тұрақты дамытуды қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де шаралар белгіленедi. 
      4. Тарихи қала құрылысы жағынан құнды елдi мекендi дамытудың бас жоспары тарихи-сәулеттiң тiрек жоспары ескерiле отырып әзiрленуге және оған тарихи құрылыс аймақтары мен ескерткiштердi қорғау жобалары қоса тiркелуге тиiс. 
      5. Елдi мекеннiң бас жоспары жаңа бас жоспар бекiтiлгенге дейiн не қолданылып жүрген бас жоспарға заңдарға және құрылыс салу ережелерiне қайшы келмейтiн бөлігiнде енгiзiлген өзгерiстер бекiтiлгенге дейiн қолданылады.
       Ескерту. 47-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11.  N 204  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 

       48-бап. Елдi мекендердiң аумақтарын аймақтарға бөлу

      1. Елдi мекендердiң бас жоспарлары (дамыту және құрылыс салу схемалары) олардың аумақтарын аймақтарға бөлуді көздеуге, жекелеген функционалдық аймақтардың нақты аумағын пайдалану түрлерiн айқындауға, олардың пайдаланылуына шектеу белгiлеуге және: 
      1) адам мекендейтiн және тiршiлiк ететiн қолайлы ортаны; 
      2) халықтың және өндiрiстiң шектен тыс шоғырлануын болғызбауды; 
      3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қоса алғанда, қоршаған ортаны ластанудан қорғауды;
      4) тарихи-мәдени мұра объектiлерi мәртебесi бар аумақтарды қорғауды;
      5) аумақтарды антропогендiк, техногендiк процестердiң және төтенше жағдайлардың қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғауды;
      6) қолайсыз табиғи құбылыстардың әсерiн азайтуды қамтамасыз етуге тиiс.
      2. Белгiленген функционалдық аймақтардың аумақтарын пайдалануды шектеу және оларды пайдаланудың түрлерi туралы деректер аумақтарға құрылыс салу ережесiне енгiзiледi.
      3. Әкiмшiлiк-аумақтық құрылыстағы ролiне, әлеуметтiк-экономикалық жағдайлары мен өндiрiстiк-шаруашылық мамандандырылуына қарай қалалар мен селолық елдi мекендердiң аумақтарында функционалдық аймақтардың мынадай түрлерi:
      1) тұрғын аймақтар;
      2) қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақтар;
      3) рекреациялық аймақтар;
      4) инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдары аймақтары;
      5) өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары;
      6) ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтар;
      7) арнаулы мақсаттағы аймақтар;
      8) режимдiк аумақтар аймақтары;
      9) қала маңындағы аймақтар;
      10) санитариялық-қорғаныш аймақтары;
      11) резервтегi аймақтар (қала құрылысы ресурстары) белгiленуi мүмкін.
       Ескерту. 48-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11.  N 204  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 

       49-бап. Тұрғын аймақ

      1. Елдi мекеннiң тұрғын аймағы үй жанында жайғастырылған аумақтары бар көп пәтерлi тұрғын үй-жайлар (үйлер) және үй жанындағы учаскелерi бар жеке тұрғын үйлер салуға арналады. 
      2. Тұрғын аймақ жеке тұрған және (немесе) тұрғын үйлерге жапсарластыра салынған (оларға жанастыра салынған) медициналық қызмет көрсететiн, әлеуметтiк-тұрмыстық және мәдени-ағарту мақсаттарына арналған объектiлермен, инженерлiк және көлік инфрақұрылымы объектілерiмен қамтамасыз етiлуге тиiс. 
      3. Тұрғын аймақта қонақ үйлердi, жер бетiндегi және жер астындағы көлікжайларды, автомобиль көлiгiнiң ашық тұрақтарын, сондай-ақ орналастырылуы мен қызметi санитариялық-қорғаныш аймақтарын жасауды талап ететiн, қоршаған ортаға әсер етпейтiн өндірiстiк объектiлердi орналастыруға жол берiледi. 
      4. Жекелеген жағдайларда тұрғын аймақтарға елдi мекеннiң шекаралары (шектері) шегінде орналасқан бағбандық және саяжай серiктестiктерi де жатқызылуы мүмкiн. 

       50-бап. Қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақ

      1. Елдi мекеннiң қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймағы әкiмшiлiк, ғылыми-зерттеу, қоғамдық мекемелердi және олардың кешендерiн, қонақ үйлер мен қонақ үй кешендерiн, iскерлiк және қаржылық белсенділiк орталықтарын, мәдениет, бiлiм беру, денсаулық сақтау, спорт, коммерциялық қызмет, сауда және қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету объектiлерiн, аталған объектiлердiң жанынан ашық көлік тұрақтарын, жер бетiндегi және жер астындағы көлiкжайларды, санитариялық және экологиялық қорғаныш жөніндегi арнаулы iс-шараларды талап етпейтiн басқа да үйлер мен ғимараттарды орналастыруға арналады. 
      2. Қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақта орналастыруға рұқсат етiлген объектiлер тiзбесiне тұрғын үй-жайлар (үйлер) енгiзiлуi мүмкiн. 

       51-бап. Рекреациялық аймақ

      1. Елдi мекендердегi рекреациялық аймақтар халықтың демалыс орындарын ұйымдастыру мен жайғастыруға арналған және бақтарды, орманды парктердi, парктер мен саябақтарды, хайуанаттар парктерiн, су тоғандарын, жағажайларды, аквапарктердi, ландшафтық сәулет объектiлерiн, өзге де демалыс және туризм орындарын, сондай-ақ бос уақытты өткізу және (немесе) сауықтыру мақсатындағы үйлер мен ғимараттарды қамтиды. 
      2. Рекреациялық аймаққа елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегiнде орналасқан, қорғалатын табиғат объектiлерi енгiзiлуi мүмкiн. 
      3. Рекреациялық аймақтың аумағына жаңа өнеркәсiптiк, коммуналдық және қойма объектілерiн, рекреациялық аймақтың жұмыс iстеуiне тiкелей байланысы жоқ тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттарды орналастыруға (салуға) және олардың жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге жол берiлмейдi. 

       52-бап. Инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдары
              аймақтары

      1. Елдi мекеннiң инженерлiк және көлік инфрақұрылымдары аймақтары көлік пен байланыс, магистральдық труба құбырлары, инженерлiк қамтамасыз ету желiлерi, инженерлiк жабдықтар коммуникациялары мен құрылыстарын орналастыруға және олардың жұмыс iстеуiне арналады. 
      Олардың зиянды (қауiптi) әсерiн болғызбау қоныстану аумақтарын (учаскелерiн) және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілерге дейiнгi қажеттi қашықтықты, сондай-ақ басқа да міндетті талаптар мен шектеулерді мемлекеттік нормалар мен ережелерге сәйкес сақтау арқылы қамтамасыз етіледі. Пайдалану кезінде адамдардың денсаулығына және олардың мекендейтін ортасына тікелей зиянды әсер ететін коммуникациялар мен құрылыстар елді мекендер шегінен тыс жерлерге орналастырылуға тиіс. 
      2. Бөлiп берiлген шекаралардағы инженерлiк және көлік инфрақұрылымдары объектiлерiнiң аумағы аталған объектiлердiң техникалық және пайдаланылу сипаттамасы ескерiле отырып абаттандырылуға тиiс. Аумақтарды абаттандыру мен күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi. 

       53-бап. Елдi мекеннiң өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары

      1. Елдi мекеннiң өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары (аудандары) өнеркәсiп орындары мен олардың кешендерiн, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн басқа да өндірiстiк, коммуналдық және қойма объектiлерiн орналастыруға арналады. Ерекше жағдайларда өнеркәсiптiк аймақта осы кәсiпорынның авариялық бригадаларының тұруы үшiн тұрғын үй-жайлар орналастыруға жол берiледi. 
      2. Өндірiстiк (коммуналдық, қойма) объектiлердi, сондай-ақ инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарын қоныстану аумағына орналастыруға олардың орналасуы мен жұмыс iстеуi халыққа қатер төндірмейтiн, қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтiн және санитариялық-қорғаныш аймақтарын салуды талап етпейтiн жағдайларда ғана жол берiледi. Олай болмаған жағдайда өнеркәсiп аймағын басқаларынан бөліп тұратын санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиiс. 
      3. Өнеркәсiп аймағын, сондай-ақ қоныстану аумағына орналасқан өндiрiс объектiлерiнiң аумақтарын абаттандыру мен күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi. 

       54-бап. Елдi мекеннiң ауыл шаруашылығына пайдаланылатын
              аймақтары

      1. Елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегiндегi ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтар ауыл шаруашылығын жүргiзуге арналады және елдi мекеннiң бекiтiлген бас жоспары мен құрылыс салу ережелерiне сәйкес олардың пайдалану түрлерiн өзгерткен кезге дейiн пайдаланылуы мүмкiн. 
      2. Егер ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтардың орналасуы және оның жұмыс iстеуi халыққа не қоршаған ортаға қолайсыз әсер етуi мүмкiн болса, санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиiс. 
      3. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтарды күтiп ұстау (ал қажет болған жағдайда жердi қайта өңдеу) жөніндегi мiндеттер, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жер пайдаланушыға жүктеледi. 

       55-бап. Арнаулы мақсаттағы аймақтар

      1. Елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегiне зираттар, крематорийлер, өлген малды көметін ұралар, тұрмыстық қалдықтарды тастайтын жер, қоқыстарды (қалдықтарды) бастапқы өңдеу кәсiпорындары, тазалау құрылыстары, жұмыс iстеуi елдi мекеннiң басқа да аймақтарының жұмыс iстеуiмен сыйыспайтын өзге де объектiлер үшiн бөлiнетiн арнаулы мақсаттағы аймақтарды орналастыруға жол берiледi. 
      2. Аталған объектiлердi қоныстану аумағы мен рекреациялық аумақтан, елдi мекеннiң инфрақұрылым объектiлерiнен бөлiп тұратын санитариялық-қорғаныш аймақтарын салудың қажеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. 
      3. Арнаулы мақсаттағы аймақты күтiп ұстау жөнiндегi мiндеттер, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кәсiпорынның меншiк иесiне (жер пайдаланушыға) жүктеледi. 

       56-бап. Режимдiк аумақтар аймақтары

      1. Ерекше режим белгiленетiн әскери және басқа объектiлердi орналастыру үшiн режимдiк аумақтардың арнаулы аймақтары, сондай-ақ елдi мекендерде немесе олардан тыс жерлерде ерекше реттелетiн өзге де аумақтар көзделуге тиiс. 
      2. Режимдiк аумақтардың аймақтарын пайдалану тәртiбiн, егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, мемлекеттiк нормативтерге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 

       57-бап. Қала маңындағы аймақтар

      1. Қала маңындағы аймақтар қала шекарасына (шегiне) жанасып жатқан, осы қаланың аумағын, қала маңындағы аймаққа кiретiн басқа да елдi мекендердi дамытуға, сондай-ақ санитариялық-қорғаныш мiндеттерiн орындауға, халық демалатын орындарды, бағбандық және саяжай серiктестiктерiн орналастыруға арналған жерлердi қамтиды. 
      2. Қала маңындағы аймақтардың шекарасын белгiлеу осы Заңға және Қазақстан Республикасының жер  заңдарына  сәйкес бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасы негiзiнде жүзеге асырылады.  

       58-бап. Санитариялық-қорғаныш аймағы

      1. Өндірiстiк, коммуналдық және қойма объектiлерiн, сондай-ақ арнаулы мақсаттағы объектiлердi орналастыру және олардың жұмыс iстеуi халыққа қатер төндiруi және (немесе) қоршаған ортаға зиянды әсер етуi мүмкiн болған жағдайда, тиiстi санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиiс. Санитариялық-қорғаныш аймағының параметрлерi мен оған қойылатын талаптар оның нақты мақсаттарына қарай техникалық регламенттермен белгiленедi. 
      2. Санитариялық-қорғаныш аймағында оның параметрлерi мен кiмге тиесiлi екендiгiне қарамастан, тұрғын үйлердi, бiлiм беру ұйымдарын, денсаулық сақтау және демалыс мекемелерiн, спорт-сауықтыру құрылыстарын орналастыруға бау-бақшаға арналған жер учаскелерiн орналастыруды қоса алғанда, ауыл шаруашылық өнімдерiн өндіруге жол берiлмейдi. 
      3. Санитариялық-қорғаныш аймағын күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер ол арналған объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi. 
       Ескерту. 58-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209  Заңымен.

       59-бап. Резервтегi аумақтар

      1. Резервтегi аумақтар елдi мекендердi дамытуға немесе қонысаралық аумақтарды игеруге (жайғастыруға) арналған қала құрылысының ресурстары болып табылады. 
      2. Резервтiк аумақтар (қала құрылысы ресурстары) аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары мен елдi мекендердiң және олардың функционалдық аймақтарының бас жоспарлары құрамында белгiленедi және бекiтiледi. 
      3. Елдi мекеннiң қала құрылысы ресурстарында белгiленген аумақтары олардың мақсатына сәйкес елдi мекендер мен олардың бөліктерiнiң дамуына қарай ғана резервке алынуға және пайдаланылуға тиiс. 
      4. Резервтегi аумақтар, егер мұндай пайдаланудың әдiсi мен режимi елдi мекендi немесе оның бөлiгiн жоспарланған перспективалы дамытуға кедергi жасамайтын болса, бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасында көзделмеген мақсаттарға пайдаланылуы мүмкiн. 
      5. Қала құрылысының ерекше реттелетiн аймақтары шекараларындағы резервтегi аумақтарды пайдалану аталған аймақтар үшiн белгiленген режимге сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Резервтегi аумақтарды уақытша пайдалану Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

  9-тарау. ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС ҚҰЖАТТАМАСЫ

       60-бап. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы

      1. Объектiлердiң және олардың кешендерiнiң құрылысы (реконструкциялау, қалпына келтiру, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделi жөндеу), сондай-ақ коммуникацияларды төсеу, аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру жобалау (жобалау-смета) құжаттамалары бойынша жүзеге асырылады. 
      Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда жобалау (жобалау-смета) құжаттамаларынсыз не оңайландырылған нобайлық жобалар бойынша құрылыс салуға жол берiледi. 
      2. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарымен келiсiм бойынша тапсырысшы (меншiк иесi) жобалау (жобалау-смета) құжаттамаларынсыз не нобайлар (нобайлық жобалар) бойынша: 
      1) сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары немесе iске асыру кезiнде арнаулы жобалық шешімдер мен іс-шараларды талап ететін өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар аймақтарда құрылыс салуды қоспағанда, жеке тұрғын үйлер салуды; 
      2) өз билiгiндегi үй жанындағы учаскелерде немесе бау-бақша серiктестiктерiнiң учаскелерiнде уақытша құрылыстар, сондай-ақ маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығы үшiн тұрғын және (немесе) шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар тұрғызуды; 
      3) қосымша жер учаскесiн (аумақ телiмдерiн) бөліп берудi талап етпейтiн, тiреу конструкцияларын, инженерлiк жүйелер мен коммуникацияларды қандай да болсын өзгертуге байланысы жоқ, сәулеттiк-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және санитариялық сапаларды нашарлатпайтын, пайдалану кезiнде қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтiн тұрғын ғимараттардағы (үйлердегi) тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды реконструкциялауды (қайта жоспарлауды, қайта жабдықтауды); 
      4) азаматтардың жеке пайдалануына арналған, техникалық жағынан күрделi емес басқа да құрылыстарды өзгертудi жүзеге асыра алады. 
      Осы баптың 3) және 4) тармақшаларында аталған үй-жайларды немесе құрылыстарды техникалық жағынан күрделi емес өзгерiстер тобына жатқызу туралы шешiмдi республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары қабылдайды. 
      Өз үйiнiң жанындағы учаскелерде, бау-бақша серiктестiктерiнiң (қоғамдарының) учаскелерiнде бар құрылыстарға шаруашылық-тұрмыстық қосымша құрылыстар тұрғызу, оларды абаттандыру, сондай-ақ сол учаскелерде контейнермен және блокпен орындалатын ықшам кешендердi монтаждау, егер аталған объектiлер басқа тұлғалардың немесе мемлекеттiң мүдделерiне қатысы болмаса, жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарымен келiспей-ақ жүзеге асырылуы мүмкiн. 
      3. Жобалаудың сатылылығы сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн нормативтiк талаптарға сәйкес құрылысқа арналған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеу тапсырмасымен белгiленедi. 
      4. Алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеу мен келiсу тәртiбi, оның мiндеттi құрамы мен мазмұны сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен мемлекеттiк нормативтермен белгiленедi. 
      5. Бекiту тәртiбi, сондай-ақ бекiтiлген алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасына өзгерiстер енгiзу осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi. 
      6. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын iске асыру кезiнде мердiгерлiк жұмыстарды жүргiзудiң ережесi мен тәртiбi Қазақстан Республикасы Азаматтық  кодексiне  сәйкес белгiленедi. 
      7. Әзiрлеу аяқталғаннан кейiнгi үш және одан да көп жыл iшiнде құрылыс басталмаған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы ескiрген деп саналады және жаңа сараптама өткізiлiп, заңдарда белгiленген тәртiппен қайта бекiтiлгеннен кейiн ғана iске асыру үшiн пайдаланылуы мүмкiн. 
      8. Алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын ұлттық мұрағат қорының құрамына енгiзу, аталған құжаттарға меншік иесі құқығына, сондай-ақ пайдалану және оларды пайдалануды шектеу құқығына кепілдік Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді. 
      9. Қазақстан Республикасының аумағындағы жерлердi және (немесе) құрылысты игеру үшін шетелдік заңды тұлғалар немесе жекелеген мамандар орындаған алдын ала жобалау және (немесе) жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы, егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, осы заңда, мемлекеттiк нормативтерде және жобалау тапсырмасында белгiленген алдын ала жобалау және жобалау жұмыстарының талаптарымен және сатылары бойынша, жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының құрамы мен көлемiнде әзiрленуге тиiс. 
      Тапсырысшының (инвестордың) шешiмi бойынша тапсырысшы (инвестор) мынадай мiндеттi жағдайлардың жиынтығын орындау: 
      1) мемлекеттiк жобалар сараптамасымен расталуға тиiс, Қазақстан Республикасының заңдарында және мемлекеттiк нормативтiк құжаттарында белгiленген өрт және жарылыс қауiпсiздiгiнiң, конструкциялар берiктiгiнiң, объектiнiң жұмыс iстеу тұрақтылығының және еңбек қорғаудың нормаларын сақтау; 
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына және мемлекеттiк нормативтiк құжаттарға сәйкес тауар жеткiзiп берушiлердi (жұмыстарды орындаушылар мен қызмет көрсетушiлердi) оларға қажеттi ақпаратпен қамтамасыз ету кезiнде осы ережеден ауытқуға жол берiледi.
       Ескерту. 60-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

       61-бап. Қала құрылысы жобалары

      1. Қазақстан Республикасының аумағына және жекелеген аймақтарға өндiргiш күштердi жайластыру мен орналастыруды кеңiстiкте ұйымдастыру, қонысаралық аумақтарды игеру мен жайғастыру, елдi мекендердiң, аумақтарын немесе елдi мекеннiң жекелеген бөлiктерiн дамыту мен оған құрылыс салуды, олар әсер ететiн аймақтарды қоса алғанда, жоспарлау қала құрылысы жобаларының негiзiнде кешендi түрде жүзеге асырылады. 
      2. Жобалау мен құрылысқа конкурстар (тендерлер, мердiгерлiк сауда-саттық) өткiзудiң ережелерiн, сәулет жобалары мен құрылыс жобаларын жобалауға (сәулеттiк-жоспарлау тапсырмасын қоса алғанда) және әзiрлеуге тапсырмаларды жасау кезiнде бекiтiлген қала құрылысы жобаларында белгiленген қала құрылысы шешiмдерiнiң сақталуы мiндеттi. 

       62-бап. Сәулет жобасы

      1. Ғимаратты (монументтi) жасаудың дербес жобасы ретiнде, сондай-ақ құрылысқа арналған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының бiр бөлігi ретiнде сәулет жобасында құрылыс жобасын немесе құрылысқа арналған өзге де құжаттаманы әзiрлеу үшiн қажеттi көлемде объектiге қойылатын әлеуметтiк, экономикалық, функционалдық, инженерлiк, техникалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, санитариялық-гигиеналық, экологиялық және өзге де талаптар кешендi түрде ескерiлетiн сәулетті-көркемдiк, композициялық және көлемдiк-жоспарлау шешiмдерi болуға тиiс. 
      2. Сәулет жобасы: 
      1) тапсырысшы (инвестор) бекiткен, жобалауға арналған тапсырмалар және алаңдарды (трассаларды) таңдау жөніндегi материалдар, инженерлiк iзденулер нәтижелерi, объектiнi инженерлiк қамтамасыз етудiң техникалық талаптары негiзiнде; 
      2) бекiтiлген қала құрылысы жобалары мен алдын ала жобалау құжаттамаларына сәйкес; 
      3) республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес әзiрленедi. 
      3. Құрылыстың жобасын әзiрлеу кезiнде сәулет жобасының шешiмдерiнiң сақталуы мiндеттi. 
      Сәулет жобаларын өзгерту автордың (авторлардың) келiсiмiмен не оның (олардың) қатысуымен жүргiзiлуi мүмкiн. Егер бұл орайда сәулет-жоспарлау тапсырмасының талаптарынан ауытқушылық пайда болса, тапсырма берген органмен келiсу талап етiледi. 
      4. Техникалық жағынан күрделi емес объектiлердiң құрылысына (реконструкциялауға, қайта жобалауға, қайта жабдықтауға) арналған жобалық құжаттаманы әзiрлеудi оңайландыру қажет болған жағдайда, сәулет жобасы сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес нобай (нобайлық жоба) түрiнде орындалуы мүмкiн. 
      Жобаланған объектiнi техникалық жағынан күрделi емес объектiлердiң қатарына жатқызу туралы шешiмдi республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары қабылдайды. 
       Ескерту. 62-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

       63-бап. Құрылыс жобасы

      1. Құрылыс үшiн жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының негiзгi бөлігi ретiнде құрылыс жобасында (құрылыстық жобада) объектiнiң орналасқан жерiнiң қала құрылысы жағынан негiзделуi, құрылыс жүргiзу және объектiнi пайдалануға беру үшiн қажеттi көлемде экономикалық, сәулет, көлемдiк-жоспарлау, функционалдық, технологиялық, конструкциялық, инженерлiк, табиғат қорғау және өзге де шешiмдер болуға тиiс. 
      2. Заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген құрылыс жобасының жобалық шешiмдерi мен көрсеткiштерi оны iске асыру кезiнде мiндеттi болып табылады. 
      3. Құрылыс жобасы: 
      1) тапсырысшы бекiткен, жобалауға берілген тапсырмалар, жер учаскесiн (алаңдарды, трассаларды) таңдау мен бөлу (пайдалануға берiлген рұқсат) жөніндегi материалдар, объектiнi инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз етудiң техникалық талаптары, инженерлiк iзденулердiң, тапсырысшының жобалау алдындағы қызметiнiң нәтижелерін қоса алғанда, өзге де бастапқы деректердiң нәтижелері негiзiнде; 
      2) құрылыстағы инвестициялардың заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген негiздемелерiне (техникалық-экономикалық негiздемелерге, техникалық-экономикалық есептерге), ал қажет болған жағдайда жобада қолданылатын құрылыс материалдарының, бұйымдардың, конструкциялардың, инженерлiк жабдықтар мен құрылғылардың мердiгермен келiсiлген тiзбесiне сәйкес; 
      3) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес әзірленеді. 
      Бекiтiлген қала құрылысы және (немесе) сәулет жобалары болған жағдайда құрылыс жобасын әзірлеуге арналған бастапқы құжаттама оларда қабылданған шешімдерге сәйкес келуге тиіс. 
      4. Осы Заңның 62-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда нобай (нобайлық жоба) құрылыс жобасы болып табылады. 
      5. Бекiтiлген құрылыс жобасына құрылыс-монтаж жұмыстары барысында өзгерiстер енгiзу тәртiбi сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган заңдарда белгiлеген тәртiппен бекiтетiн мемлекеттiк, авторлық және техникалық қадағалау жүргiзу жөнiндегi мемлекеттiк құрылыс нормаларымен және ережелерiмен белгiленедi. 
       Ескерту. 63-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

       64-бап. Жобалар сараптамасы

      1. Жобалардың техникалық регламенттерге сәйкестiгiне сараптама жасауды тиісті лицензиясы бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар жүзеге асырады.
      Бұл ретте, құрылысқа арналған жобалардың (жобалау алды және жобалау-сметалық құжаттаманың) мемлекеттік сараптамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген заңды тұлға жүзеге асырады.
      Мемлекеттік сараптаманың айрықша құзыретіне жатпайтын жобалар сараптамасын сараптамалық жұмыстар нарығының субъектілері жүзеге асырады.
      1-1. Сараптама, жобалау алды құжаттамасының, сондай-ақ жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының жекелеген түрлері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жүргізіледі.
      1-2. Қала құрылысы жобалары осы Заңда көзделген тәртіппен мемлекеттік сараптамадан өтеді.
      1-3. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда жобалардың сараптамасы міндетті емес.
      2. Тапсырысшы (меншiк иесi) қабылдайтын шешiммен мыналардың жобалары бойынша сараптама жүргiзiлмеуi мүмкiн: 
      1) республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес лицензиясы бар адамдар орындаған жеке тұрғын үйлер. Бұл ереже сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары немесе iске асыру кезiнде арнаулы жобалау шешiмдерi мен iс-шараларды талап ететiн өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар аудандардағы (аймақтардағы) жеке тұрғын үй құрылысына қолданылмайды; 
      2) маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған уақытша құрылыстар, тұрғын және тұрмыстық үй-жайлар; 
      3) жеке үй жанындағы учаскелердiң аумағындағы, сондай-ақ бау-бақша серiктестiктерiнiң (қоғамдарының) учаскелерiндегi шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар; 
      4) жұмыс iстеп тұрған инженерлiк тораптарды өзгертудi қажет етпейтiн үй жанындағы және саяжай учаскелерiн абаттандыру; 
      5) контейнердi және блоктарды пайдаланып жасалатын ықшам кешендер, сондай-ақ құрастырмалы-бұзылмалы конструкциялардан тұрғызылған және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтермен келiсудi керек етпейтiн сауда, қоғамдық тамақтандыру және тұрмыстық қызмет көрсету кәсiпорындарына арналған бiр қабатты үйлер (ғимараттар); 
      6) саны елуден аспайтын автомашинасы бар ашық үлгiдегi автотұрақтар, сондай-ақ екеуден аспайтын автомашинаға арналған бокстерi бар көлікжайлар; 
      7) бар үйлерде жүзеге асырылатын және тiреу конструкцияларын өзгертудi қажет етпейтiн өндірiстiк емес мақсаттағы үй-жайларды қайта жоспарлау (қайта жабдықтау); 
      8) инженерлiк тораптарды электр коррозиясынан қорғау; 
      9) желiлi инженерлiк тораптар мен оларға арналған құрылыстарға олардың жағдайын, салыну белгiлерiн, трубалардың диаметрiн өзгертудi қажет етпейтiн күрделi жөндеу жүргiзу; 
      10) шағын сәулеттiк нысандар және аумақтардың қоршаулары; 
      11) үйлердiң (ғимараттардың) маңындағы ашық спорт алаңдары, тротуарлар, төселген тастар; 
      12) технологиялық ресурстары таусылған және кәсiпорынды (цехты) реконструкциялауды немесе қайта бейiндеудi қажет етпейтiн бiрлi-жарым технологиялық немесе инженерлiк жабдықтарды жөндеу және ауыстыру. 
      3. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының (қызметтерiнiң) келiсiмiмен тапсырысшы: 
      1) лицензиясы бар адамдар орындаған және қосымша жер учаскесiн (аумақ телiмiн) бөлiп берудi талап етпейтiн, конструкциялардың есептiк берiктiгiн төмендетпейтiн, сәулет-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және санитариялық сапаны нашарлатпайтын, пайдалану кезiнде қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтiн, тұрғын ғимараттардағы (үйлердегi) тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды реконструкциялау (қайта жобалау, қайта жабдықтау); 
      2) азаматтардың жеке пайдалануына арналған техникалық жағынан күрделi емес басқа да құрылыстар жобаларын сараптамаға ұсынбауға да құқылы. 
      4. Мемлекеттiк сараптаманың ерекше құзыретiне инвестициялардың негiздемелерiне, техникалық-экономикалық негiздемелер мен есептерге және: 
      1) мемлекеттiк инвестициялар есебiнен немесе олардың қатысуымен тұрғызылған, сондай-ақ мемлекеттiк инвестициялардың қатысуынсыз тұрғызылған, бiрақ заңда белгiленген тәртiппен өнiм шығару немесе көрсетiлетiн қызметтер көлемiндегi мемлекеттiк меншiк үлесi көзделетiн; 
      2) санитариялық, экологиялық, өрт және жарылыс қауiпсiздiгi, еңбектi қорғау конструкциялардың сенiмдiлiгi, ықтимал қауiптi және техникалық жағынан күрделi объектiлердiң жұмыс iстеуiнiң тұрақтылығы, мүгедектер мен халықтың қауқары аз топтары үшiн әлеуметтiк, көлiктiк және рекреациялық инфрақұрылым объектiлерiне қол жеткiзуiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк нормативтiк талаптарға сәйкестiгi бөлігiнде, құрылысты қаржыландыру көздерiне қарамастан, объектiлердiң (кешендердiң) құрылысына арналған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасына сараптама жасау жатады.
      Техникалық жағынан күрделі құрылыс объектілерінің тізбесі ғимараттар мен құрылыстарды техникалық күрделі санатқа жатқызудың Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін жалпы тәртібіне сәйкес айқындалады. 
      Мемлекеттiк сараптамаға құрылыстың iрi және күрделi объектiлерi немесе салыну ұзақтығы алты айдан асатын объектiлер бойынша мердiгерлiк жұмыстарды (қызмет көрсетулердi) мемлекеттiк сатып алу ісiн жүргiзуге арналған конкурстық (тендерлiк) құжаттама да жатады. 
      Құрылысы тапсырысшының өз қаражаты (тартылған қаражаттарды, шетелдiк инвесторлардың қаражаттарын қоса алғанда) есебiнен жүзеге асырылатын объектiлер бойынша, ықтимал қауiптi және техникалық жағынан күрделi объектiлердi қоспағанда, жобалау алдындағы құжаттамаға мемлекеттiк сараптама жүргiзу туралы шешiмдi тапсырысшы (инвестор) қабылдайды. 
     5.  алып тасталды - 2006.01.10. N  116  Заңымен.
     6. Жобалардың сараптамасын (мемлекеттік сараптаманы қоса алғанда) орындайтын жеке және заңды тұлғаларға:
     1) жүргiзілген сараптама нәтижелерi бойынша жобаларды бекiтуге ұсыну, қабылдамай тастау немесе пысықтауға қайтару; 
     2) тапсырысшы тұжырымдарда айтылған жағдайларды (талаптарды) орындамаған жағдайда бұрын берiлген оң қорытындыны керi қайтарып алу; 
     3) қаралып отырған жобаның тапсырысшыларынан мемлекеттiк органдар мен заңды тұлғалар, сондай-ақ жобаны әзiрлеушi - жекелеген мамандар арқылы сараптаманы сапалы жүргiзуге қажеттi материалдар мен ақпараттарды заңдарда белгiленген тәртiппен сұрату және алу; 
     4) белгiленген тәртiппен сараптама комиссияларын құру не сараптамаға қатыстыру үшiн мамандар тарту құқығы берiледi. 
     7. Мемлекеттiк сараптаманың оң қорытындылары: 
     1) құрылыстың жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын бекiту; 
     2) осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларда конкурстық (тендерлiк) құжаттаманы бекiту; 
     3) құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге (құрылыстың басталуына) рұқсат беру үшiн негiз болып табылады. 
      Мемлекеттiк инвестициялардың есебiнен немесе олардың қатысуымен салынып жатқан объектiлер жөнiндегi мемлекеттiк сараптаманың оң қорытындысы болмайынша, жобалау құжаттамасын бекiтуге және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге (құрылыстың басталуына) рұқсат етуге жол берiлмейдi, бұған осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайлар қосылмайды. 
      8. Мiндеттi түрде сараптамаға жататын, бiрақ белгiленген тәртiппен одан өтпеген жобалар аяқталмаған деп саналады және iске асырылмауға тиiс. 
      9. Мемлекеттік сараптаманы қоса алғанда, жобалардың сараптамасын орындайтын жеке және заңды тұлғалар, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, қаралатын жобалар бойынша құпиялылықты сақтауға және коммерциялық құпияны қамтамасыз етуге міндетті.
      10. Жобалардың сараптамасын (мемлекеттік сараптаманы қоса алғанда) орындайтын жеке және заңды тұлғалар инвестициялардың тиімділігін талдау, бағалау және жобалардың сапасы бойынша өз қызметінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілеріне тәуелді емес. Өкілді және атқарушы органдар мен сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган сараптаманың кәсіби қызметіне араласуға құқылы емес.
     11. Жеке және заңды тұлғалар орындайтын жобалар сараптамасы шығыны қаралып отырған жобаның құнына жатқызыла отырып, шарттар негiзiнде жүзеге асырылады. 
     Жобаларға мемлекеттiк сараптама жүргiзудiң тарифтерi Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалатын тәртiппен белгiленедi.
     12. Мемлекетаралық сараптама жүргiзу тәртiбi халықаралық шартқа сәйкес белгiленедi.
      Ескерту. 64-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.04.13.  N 40  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29. N  209  Заңдарымен.  

  3-бөлiм. ҚҰРЫЛЫС

  10-тарау. ҚҰРЫЛЫС ПРОЦЕСIН МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

       65-бап. Тапсырысшылар мен мердiгерлер

      1. Құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстарға байланысты мемлекеттiк сатып алуға жатпайтын (құрылысқа арналған жобалау, iздену, сараптау, зерттеу жұмыстарын, тапсырыс бойынша құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiрудi қоса алғанда) қатынастардың негiзгi қатысушылары жобаның (бағдарламаның) тапсырысшы-инвесторы не оның уәкiлдiк берген адамы мен мердiгер (бас мердiгер) болып табылады. 
      2. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, отандық және шетелдiк заңды тұлғалар құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстардың тапсырысшылары бола алады. 
      3. Қазақстан Республикасының аумағында сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiнiң тиiстi түрлерiн жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар (бiрлескен кәсiпорындарды қоса алғанда) құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстарды орындайтын мердiгерлер бола алады.
       Ескерту. 65-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11.  N 204  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 

       66-бап. Мердiгер таңдау

      1. Тапсырысшының (инвестордың не оның уәкiлдiк берген адамының) мемлекеттiк сатып алуға жатпайтын мердiгерлiк жұмыстарды орындау үшiн мердiгер таңдауы: 
      1) егер бұл жоба (бағдарлама) үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, конкурс өткiзiлмей; 
      2) жабық немесе ашық конкурстың (тендердiң) нәтижелерi бойынша; 
      3) конкурсқа (тендерге) қатысуға үмiткерлердiң алдын ала бiлiктiлiгi арқылы немесе онсыз жүзеге асырылуы мүмкiн. 
      2. Мердiгерлiк жұмыстарға конкурстардың (тендерлердiң) негiзгi қатысушылары: 
      1) тапсырысшы не оның тапсырысшы өкiлеттiктерi негiзiнде жұмыс iстейтiн уәкiлдiк берген адамы арқылы конкурстарды (тендерлердi) ұйымдастырушы (өткiзушi); 
      2) конкурстың қазылар алқасы (тендер комиссиясы) - конкурсты (тендердi) ұйымдастырушының (өткiзушiнiң) тұрақты немесе уақытша алқалық жұмыс органы; 
      3) үмiткерлер - ұйымдастырушыға (өткiзушiге) ашық конкурсқа қатысу ниетi туралы өтiнiм берiп, ресми түрде өтiнiш жасаған, конкурсқа (тендерге) қатысуға жiберiлген тұлғалар, сондай-ақ жабық конкурсқа (тендерге) қатысуға шақыру алған тұлғалар. 
      3. Мердiгер таңдау жөнінде конкурс (тендер) өткiзу туралы шешiм қабылдаған кезде, сондай-ақ жобаны (бағдарламаны) iске асырудың басында тапсырысшының: 
      1) құрылыс үшiн қажеттi қаржыландыру көздерi немесе жобаны (бағдарламаны) iске асыру үшiн керек етiлетiн уақыт кезеңiнде қажеттi сомаға билiк ету құқығы болуға тиiс. Бұл ереже құрылысты мердiгердiң қаржыландыруы жөнiндегi талап конкурс (тендер) ережелерiне енгiзiлген жағдайда қолданылмайды; 
      2) жер учаскесiне (құрылысқа арналған алаңға немесе трассаға) тиiстi құқықтары немесе атқарушы органның оны беру туралы шешiмi болуға тиiс. 
      4. Егер мердiгер таңдау жөніндегi конкурстың (тендердiң) талаптарында инвестицияларға негiздеме жасау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеу тапсырысшының мiндетiне кiрсе, мердiгерлiк жұмыстарға конкурс (тендер) өткiзу кезiнде тапсырысшының қажеттi мемлекеттiк сараптамадан өтiп, белгiленген тәртiппен бекiтiлген инвестициялардың негiздемесi мен жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының болуы мiндеттi. 
      5. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағы мердiгер таңдау жөніндегi ашық конкурс (тендер) ұйымдастырылатын және өткiзiлетiн жер болып табылады. 
      6. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, конкурстың (тендердiң) тәртiбi мен талаптарын тапсырысшы немесе оның тапсыруымен конкурсты ұйымдастырушы (өткiзушi) белгiлейдi. 
      7. Конкурстарға (тендерлерге) қатысуға: 
      1) Қазақстан Республикасының аумағында шаруашылық қызметтi жүргiзуге заңдарда белгiленген тәртiппен рұқсат етiлмеген жеке және заңды тұлғалар; 
      2) банкрот деп жарияланған заңды тұлғалар; 
      3) конкурсты (тендердi) ұйымдастырушылар (өткiзушiлер) не оның қазылар алқасының (тендер комиссиясының) мүшелерi болып табылатын тұлғалар; 
      4) заңдарда белгiленген тәртiппен тiркелмеген ұйымдар жiберiлмейдi. 
      8. Тапсырысшының не конкурсты (тендердi) ұйымдастырушының (өткiзушiнiң) және қазылар алқасының (тендер комиссиясының) үмiткерден оның коммерциялық құпиясы болып табылатын ақпаратты мiндеттi түрде берудi талап етуге құқығы жоқ. 
      9. Мердiгерлiк жұмыстарға өткiзiлген конкурсты (тендердi) өттi деп хабарлау және тапсырысшының қатысушылардың бiрiн жеңiмпаз (жеңiмпаздар) деп бекiтуi (тануы) олардың арасында конкурс талаптарында көзделген мердiгерлiк жұмыстарды орындауға шарт жасасуға негiз болып табылады. 
      10. Тапсырысшы, мердiгерлiк жұмыстарға конкурс (тендер) ұйымдастырушы (өткiзушi) және конкурстың қазылар алқасы (тендер комиссиясы) өз мiндеттемелерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасы  заң актiлерiне  сәйкес жауапты болады.  
      11. Мемлекеттiк сатып алуға жатпайтын мердiгерлiк жұмыстар тапсырысшы (жобаның немесе бағдарламаның инвесторы) мен ол таңдаған мердiгер (бас мердiгер) арасында жасалатын шарт негiзiнде орындалады. 
      Мердiгерлiк шартта мердiгер (бас мердiгер) iшкi мердiгерлердiң орындауына бермекшi болып отырған жұмыстардың (көрсетiлетiн қызметтердiң) түрлерi мен көлемi мiндеттi түрде көрсетiледi. Бұл орайда бүкiл мердiгерлiк жұмыстардың шартта көзделген құнының (мердiгерлiк бағаның) жинақтап алғанда үштен екi бөлiгiнен астамын iшкi мердiгерлiкке беруге рұқсат етiлмейдi. 
      12. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, тапсырысшының мердiгер алдындағы және мердiгердiң тапсырысшы алдындағы мiндеттерi мен жауапкершiлiгi мердiгерлiк шартпен белгiленедi. 
      13. Мердiгерлiк шартта мердiгердiң қаржылық жауаптылығын анықтайтын, құрылыс объектiсiнiң пайдалануға берiлгеннен кейiнгi тұрақты жұмыс iстеуiнiң кепiлдi мерзiмдерi белгiленедi. 
      Мердiгерлiк шартта кепiлдi мерзiмдер белгiленбеген жағдайда осы Заңның 69-бабы 1-тармағының екiншi бөлiгiнде көзделген норма қолданылады. 

      67-бап. Мердiгерлiк жұмыстарға конкурс (тендер)
             нәтижелерiн жарамсыз деп тану

      1. Мердiгерлiк жұмыстарға осы конкурс (тендер) үшiн белгiленген тәртiп пен талаптарды бұза отырып өткiзiлген немесе заңдарға сәйкес өткiзiлмеген конкурстың (тендердiң) нәтижелерiне (жеңiмпазды таңдауға және өзге қорытындыларға) қатысушы (қатысушылар) сот тәртiбiмен наразылық бiлдiре алады. 
      2. Конкурстың (тендердiң) нәтижелерiн жарамсыз деп тану тапсырысшы мен жеңiмпаз (жеңiмпаздар) арасында жасалған шарт күшiнiң жойылуына әкеп соғады, ал конкурс (тендер) өткiзiлмедi деп жарияланады. 
      3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өткiзiлмедi деп жарияланған конкурс (тендер) өзге мерзiмде қайта өткiзілуi мүмкiн. 

       68-бап. Құрылыс процесiне қойылатын негiзгi талаптар

      1. Құрылыс процесiнiң тиiстi кезеңдерiнде осы бапта белгiленген рәсiмдер орындалып, талаптар сақталуға тиiс. 
      2. Объект салуды жүзеге асыруға ниетi бар тапсырысшы жер заңдарына сәйкес ayдандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарынан осы объектiнi салуға жер учаскесiн беру туралы шешiм не тапсырысшыға меншiк немесе жер пайдалану құқығымен тиесілі учаскені құрылыс салуға пайдалануға рұқсат алуға міндетті. Бұл ережеге тапсырысшыға меншік құқығымен тиесілі жеке үй жанындағы, саяжай, бау-бақша учаскелерiне уақытша құрылыстар, шаруашылық-тұрмыстық қора-қопсы және абаттандыру элементтерiн, сондай-ақ тапсырысшы жер пайдалану құқығымен пайдаланатын учаскелерде (аумақтарда) маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған тұрғын және тұрмыстық үй-жайлар салу қосылмайды. 
      3. Аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының құрылысқа жер учаскесiн беру туралы шешiмiнiң (құрылыс салушының меншiк немесе жер пайдалану құқығындағы учаскеде құрылысқа рұқсатының) шешiм қабылданған күннен құрылыс басталғанға дейiнгi қолданылу мерзiмi жобалаудың нормативтiк ұзақтығын және белгiленген тәртiппен жобаның бекiтiлуiн ескере отырып, жер заңдарына сәйкес белгiленедi және рұқсат құжатында көрсетiледi. 
      Жер учаскесiн беру туралы бұрын қабылданған шешiм не тапсырысшыда бар учаскенi құрылысқа пайдалануға бұрын берілген рұқсат, егер осы учаскеде рұқсат етiлмеген басқа құрылыс жүргiзiлсе, қайтарып алынуы мүмкiн. 
      4. Құрылыс салуға жер учаскесiн беру не тапсырысшыға меншiк немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi учаскенi пайдалануға рұқсат беру туралы оң шешiм мүмкiн болмаған жағдайларда, аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары өтiнiш берiлген кезден бастап он күн iшiнде өтiнiш берушiге (тапсырысшыға) оның сол құрылысты жүзеге асыру ниетi қайшы келетiн заң нормаларын (ережелердi, талаптарды, шектеулердi, сервитуттарды) көрсете отырып, бас тартуды дәлелдеп жауап қайтаруға мiндеттi. 
      5. Aудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының құрылысқа жер учаскесiн беру (учаскенi пайдалануға рұқсат ету) туралы шешiмi тапсырысшының белгiленген объектiнi жобалауға тапсырмасын жасау үшiн негiз болып табылады. 
      Тапсырысшы не оның уәкiлеттi адамы (құрылыс салушы) жобалауға тапсырманы жасайды және тапсырысшы бекiтедi. 
      Жобалауға тапсырма жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеу жөнiндегi тапсырысты орындауға арналған шарттың ажырағысыз бөлiгi болып табылады. 
      Жобалауға тапсырма объектiнiң талап етiлетiн параметрлерiн, өзге де бастапқы деректердi қамтуға тиiс. 
      6. Құрылыс салынбақшы болып отырған ауданда инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету жөнінде қызмет көрсетушiлер тапсырысшының өтiнiмi бойынша құрылыс және кейiн пайдалануға енгiзiлген объектiнiң тұрақты жұмыс iстеуi үшiн талап етiлетiн, сұратылып отырған (есеп айырысу) параметрлерде инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету көздерiне қосуға техникалық жағдай жасайды не дәлелдi түрде бас тартып жауап қайтарады. 
      Қызмет көрсетудiң сұратылып отырған параметрлерiне (есептеулерiне) техникалық жағдай жасаудан бас тарту Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi. 
      7. Құрылыс объектiсiн инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету жөнінде қызмет көрсетушiлердiң техникалық жағдай жасаған кезде тапсырысшының инженерлiк (коммуналдық) инфрақұрылым объектiлерiн кеңейтуге (реконструкциялауға, жаңғыртуға, техникамен қайта жарақтандыруға) қатысуы (үлестiк қатысуы) туралы негiзсiз талаптар белгiлеуiне жол берiлмейдi. 
      Белгiлi бiр елдi мекен немесе құрылыс ауданының инженерлiк (коммуналдық) инфрақұрылымын қамтамасыз етудiң сол кездегi деңгейi тапсырысшы сұратқан параметрлерде қызметтер көрсетуге мүмкiндiк бермеген жағдайда, қосылатын абоненттердiң қосымша жүктемелерiн жабуға арналған инфрақұрылым объектілерiн кеңейтуге (реконструкциялауға, жаңғыртуға, техникамен қайта жарақтандыруға) байланысты шығындар туралы мәселелер жеткiзiп берушiлер (өндiрушiлер) мен тапсырысшы (тұтынушы) арасында шарт және қайтарымдылық негiзiнде шешiлуге тиiс. 
      8. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары құрылысқа жер учаскесiн беру (учаскенi пайдалануға рұқсат ету) туралы шешiм, жобалауға бекiтiлген тапсырма, инженерлiк қамтамасыз ету мен коммуналдық қызмет көрсету көздерiне қосуға техникалық жағдайлар жасау және басқа да бастапқы материалдар (деректер) негiзiнде тапсырысшыға сәулет-жоспарлау тапсырмасын бередi. 
      9. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру үшiн қажеттi бастапқы материалдардың құрамы мен көлемi мемлекеттiк нормативтiк құжаттармен белгiленедi. 
      Жаңа объект салу немесе бар объектiнi реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, жаңғырту, қалпына келтiру) үшiн жер учаскесiн бөлiп беру (телiм беру) талап етiлмейтiн жағдайларда, сондай-ақ бұл мақсаттар үшiн инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету көздерiне қосу қажет болмаса, сәулет-жоспарлау тапсырмасына тиiстi жазба жасалады. 
      10. Жобалауға берiлген тапсырмаға, сәулет-жоспарлау тапсырмасына және өзге де бастапқы материалдарға сәйкес әзiрленген жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы мемлекеттiк нормативтiк құжаттамаларда белгіленген талаптарға сәйкес келiсiледi және бекiтiледi. 
      Құжаттамаға сараптама осы Заңның 64-бабында белгіленген талаптарға сәйкес жүргiзiледi. 
      11. Жобаның (құрылыс-монтаж жұмыстарының жүргізілуін) іске асырылуын бастау үшін:
      1) республикалық маңызы бар объектілер бойынша - сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның;
      2) жергілікті маңызы бар объектілер бойынша - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдарының рұқсаты қажет.
      Рұқсат алу үшін қажетті құжаттар тізбесі сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен белгіленеді.
      12. Құрылыс процесi осы Заңның 6-тарауының нормаларына сәйкес сәулет-құрылыс бақылауында болады. 
      13. Құрылысы аяқталған объект осы Заңның 11-тарауының нормаларына сәйкес пайдалануға қабылдануға тиiс. 
      Салынған объектiнi пайдалануға қабылдаудың белгiленген тәртiппен бекiтiлген актiсi жылжымайтын мүлiкке және онымен жасалатын мәмiлелерге құқықтарды тiркейтiн мемлекеттiк органда объектiнi тiркеу үшiн негiз болып табылады. 
      14. Рұқсат ету құжаттары мен өзге де бастапқы материалдарды ресiмдеу және беру (оларды беруден дәлелдi бас тарту) мерзiмдерiн, сондай-ақ оларды ресiмдеу және беру үшiн ақы төлеу (алымдар алу) тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгілейдi. 
       Ескерту. 68-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.07. N  174  (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.  

       69-бап. Объектiлердi пайдаланудың кепiлдi мерзiмi

      1. Құрылыс объектілерiн пайдаланудың кепiлдi мерзiмi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес белгiленедi. 
      Өзге де барлық жағдайларда кепiлдi мерзiм салынған объектiнi (тұтастай алғанда құрылыстың күрделi сыныбына немесе жүргiзiлген құрылыс-монтаж жұмыстарының жекелеген түрлерiне сәйкес) пайдаланудың нормативтiк мерзiмiне қарай тапсырысшы мен мердiгер (бас мердiгер) арасында құрылысқа шарт жасасқан кезде белгiленедi, бiрақ объект пайдалануға қабылданған күнiнен бастап екi жылдан кем болмауға тиiс. Кепiлдi мерзiмнiң бұл шегi қосалқы-көмекшi мақсаттағы, азаматтардың жеке пайдалануына арналған уақытша құрылыстар мен ғимараттарға қолданылмайды. 
      2. Белгiленген кепiлдi мерзiм iшiнде анықталған сәйкессiздiктер мен жолсыздықтар бойынша жауапкершiлiк оларды жою жөнiндегi мiндеттемелермен бiрге мердiгерге (бас мердiгерге) жүктеледi. 
      3. Егер кепілдi мерзiм iшiнде анықталған сәйкессiздiктер мен жолсыздықтар басқа орындаушылардың (iзденушiлердiң, жобалаушылардың, iшкi мердiгерлердiң, өндiрушiлердiң немесе құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкцияларын, жабдықтарды берушiлердiң) сапасыз жұмыстарының салдарынан туындаған болса, мердiгер (бас мердiгер) жауапкершiлiктi кiнәлi тұлғаға толығымен немесе ішінара аударуға құқылы. 
      4. Егер кепiлдi мерзiм iшiнде анықталған сәйкессiздiктер мен жолсыздықтар объектiнi пайдалану және күтiп ұстау ережелерiн сақтамаудан не құрылыс-монтаж жұмыстарын орындаушыларға байланысты емес мән-жайлардан туындаған болса, орындаушылар жауапкершiлiктен босатылады. 
      5. Объектiлердi пайдаланудың кепiлдi мерзiмдерiне байланысты жауапкершiлiк шаралары мен дәрежесi жөнiнде даулар мен өзара талаптар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi. 

       70-бап. Құрылыстағы сапа

      1. Құрылыстың және құрылыс өнiмдерiнiң тиiстi сапасын қамтамасыз етуде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiне қойылатын талаптарды белгiлейтiн нормалар мен ережелер Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен реттеледi және көлемдiк, жазықтық және желiлiк күрделi ғимараттардың (құрылыстардың, үйлер мен олардың кешендерiнiң, коммуникациялардың) барлық түрлерiне, соның iшiнде оларға қатысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарға, сондай-ақ құрылыс өнімдерiнiң (объектiлерiнiң) мақсатына қарамастан, оларды жобалау, салу, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын дайындау (өндiру) жөнiндегi жұмыстардың (қызмет көрсетулердiң) барлық түрлерiне қолданылады. 
      2. Құрылыс өнімдерiнiң (объектiлерiнiң) қауiпсiздiгi мен сапасы: 
      1) техникалық регламенттерде және құрылыс өнiмдерiне арналған стандарттау жөнiндегi қолданыстағы нормативтiк құжаттарда белгiленген қауiпсiздiк талаптарын сақтау;
      2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiн лицензиялау және мамандарды аттестаттау; 
      3) құрылыстағы инвестициялардың негiздемесiне сараптама жүргiзу және жобалау (жобалау-смета) құжаттамалары; 
      4) сәулет-құрылыс бақылауы, техникалық және авторлық қадағалау; 
      5) жобалау мен құрылыста пайдаланылатын өнімдердi стандарттау; 
      6) сынақ-талдау зертханаларын аттестаттау мен тiркеу, құрылыста пайдаланылатын өнiмдердi сертификаттау, сондай-ақ жаңа өнімдi, өндiрiс әдiстерiн, құрылыстағы жарақтарды техникалық бағалау; 
      7) жобалау мен құрылыстағы метрологиялық қызмет; 
      8) құрылысы аяқталған объектiлердi пайдалануға беру мен қабылдап алуды ұйымдастыру; 
      9) құрылыс техникасы мен технологиясын жетiлдiру; 
      10) жер сiлкiну қаупi бар аймақтар объектiлерiне паспорттар беру; 
      11) пайдаланылып отырған не құрылысы тоқтатылған және өзге де құрылысы аяқталмаған объектiлердiң жай-күйiн тексеру мен байқау, нормативтiк сипаттамаларды қамтамасыз ету мақсатында араласу арқылы қамтамасыз етiледi. 
      3. Құрылысты салудың (тоқтатып қоюдың) бүкiл кезеңi мен объектiлердiң қызмет (пайдалану) мерзiмi iшiнде меншiк иелерi (тапсырысшылар, иеленушiлер, жалдаушылар, жалға алушылар) олардың сапасының мынадай негiзгi сипаттамаларын: 
      1) жұмыс жүргiзу мен күтiп ұстауды қоса алғанда, тұрғызу және пайдалану кезiндегi қауiпсiздiгiн; 
      2) еңбектi қорғау талаптарына сәйкестiгiн; 
      3) жұмыс iстеуiнiң тұрақтылығы мен сенiмдiлiгiн; 
      4) экологиялық талаптарға сәйкестiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
      Сапаның негiзгi сипаттамаларын қамтамасыз ету күрделi құрылыс үшiн инженерлiк iзденiстерге, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын жобалауға, дайындауға (өндiруге) және жеткiзiп беруге, аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қоюға, объектiлердi пайдалануға, қабылдауға, күтiп ұстау мен пайдалануға, сондай-ақ оларды кейiннен кәдеге жаратуға қатысушы барлық субъектiлердiң мiндетi болып табылады. 
      4. Сәулет-құрылыс бақылау, жобаларды сараптамадан өткiзу, құрылыс өнiмiн стандарттау және сертификаттау органдары (қызметтерi, лауазымды адамдары), тапсырысшылар, құрылыс салушылар, iзденушiлер, жобалаушылар, құрылыста пайдаланылатын өнімдi дайындаушылар (өндiрушiлер) мен жеткiзiп берушiлер, жұмыс жүргiзушiлер, аталған өнімнiң (объектілердiң) меншiк иелерi (пайдаланушылары, жалдаушылары, жалға алушылары) өз мiндеттерiне сәйкес құрылыс өнiмiнiң (объектiлерiнiң) сапасын қамтамасыз етушi субъектiлер болып табылады.
       Ескерту. 70-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209 , 2007.01.09. N  213  Заңдарымен.  

       71-бап. Объектілердiң қауiпсiздiгiн және сапалық
             сипаттамаларын қамтамасыз етудегi меншiк
             иелерiнiң мiндеттерi

      Меншiк иелерiне объектiлердi пайдалану кезiнде олардың қауiпсiздiгiн және тиісінше сапасын қамтамасыз ететін негізгі сипаттамаларын сақтауға бағытталған мынадай міндеттер: 
      1) объектiнi қалпына келтiру, күшейту, қайта салу, қайта жобалау, қайта жабдықтау, реконструкциялау, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, түрлендіру және кейін кәдеге жарату, сондай-ақ объектінің сәулеттік келбетiн және (немесе) қала құрылысы қырларын өзгерту жөніндегi жұмыстарды тек рұқсат ету рәсiмдерiнен өтудiң заңдарда белгiленген тәртiбiне, құрылыс, санитариялық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, экологиялық және басқа да мiндеттi нормалар мен ережелерге сәйкес жүзеге асыру; 
      2) пайдаланушылардың (жалдаушылардың, жалға алушылардың) объектiнi қиратуына және (немесе) бүлдiруiне жол бермеу жөнiнде шаралар қолдану; 
      3) объектiнi кейiн кәдеге жарату жөнiнде жұмыстар кешенiн жүргiзудi ұйымдастыру жүктеледi.
       Ескерту. 71-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209  Заңымен.  

       72-бап. Объектiлердiң сапалық сипаттамаларын қамтамасыз
              етуде пайдаланушылардың мiндеттерi

      Пайдаланушыларға (жалдаушыларға, жалға алушыларға) объектiлердi пайдалану кезiнде олардың тиiсiнше сапасын қамтамасыз ететiн негiзгi сипаттамаларын сақтауға бағытталған мынадай мiндеттер: 
      1) тұтас алғанда объектiнi не оның жалға алынған бөлiгiн пайдалану жөнiнде оларды заңдарда белгiленген ережелерге (тәртiпке, нұсқаулықтарға) не жалдау (жалға алу) шартының талаптарына сәйкес пайдалану; 
      2) жалдау (жалға алу) шартының талаптары бойынша пайдаланушыға (жалдаушыға, жалға алушыға) жүктелген күтiп ұстау мен жөндеу жөнiндегi жұмыстарды уақтылы және тиiсiнше жүзеге асыру; 
      3) объектiнi қалпына келтiру, күшейту, қайта салу, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, реконструкциялау, кеңейту, техникамен қайта жарақтау, түрлендiру, жаңғырту, сондай-ақ объектiнiң сәулеттiк келбетiн және (немесе) қала құрылысы қырларын өзгерту жөнiндегi жұмыстарды тек меншік иесінің келісімімен және құрылыс, санитариялық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және басқа да мiндеттi нормалар мен ережелерге сәйкес жүзеге асыру; 
      4) меншiк иесiн объектiнi пайдалану кезiнде болған оның сипаттамасындағы өзгерiстер немесе техникалық авариялар туралы хабардар ету жүктеледi. 

  11-тарау. ҚҰРЫЛЫС ОБЪЕКТIЛЕРIН ПАЙДАЛАНУҒА ҚАБЫЛДАУ

       73-бап. Объектiлердi пайдалануға қабылдаудың жалпы
                тәртiбi

      1. Салынған объектiлердi пайдалануға қабылдау Қазақстан Республикасы Азаматтық  кодексiмен , осы Заңмен реттеледi. 
      2. Салынған объектiнi пайдалануға қабылдауды мемлекеттiк қабылдау комиссиясы немесе қабылдау комиссиясы оның бекiтiлген жобаға сәйкес толық әзiрлiгi және жұмыс комиссиясының оң қорытындысы болған жағдайда жүргiзедi. 
      Осы Заңның 74-бабында көзделген жекелеген жағдайларда салынған объектiнi пайдалануға қабылдауды меншiк иесi (тапсырысшы, инвестор, құрылысты салушы) дербес жүргiзедi. 
      3. Осы Заңның 74-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк қабылдау комиссиясының немесе қабылдау комиссиясының оң шешiмi болмайынша, салынған объектiнi пайдалануға жол берiлмейдi. 
      4. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының салынған объектiлердi пайдалануға қабылдау туралы актiсi (ал мемлекеттiк нормативтерде белгiленген жағдайларда - қабылдау комиссиясының актiсi) дайын құрылыс өнімiне мүлiктiк құқықты тiркеу кезiнде бастапқы ерекше құжат болып табылады. 
      5. Салынған объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiн мемлекеттiк комиссия бекiтуге тиiс. Қабылдау актiсiн бекiтудi мемлекеттiк қабылдау комиссиясын тағайындаған инстанция жүргiзедi. 
      Қабылдау актiсiн бекiту: 
      1) өндiрiстiк мақсаттағы объектiлер бойынша - актiге қол қойылған күннен бастап бiр айдан аспайтын мерзiмде; 
      2) тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектiлер бойынша - актiге қол қойылған күннен бастап жетi күннен аспайтын мерзiмде жүргiзiледi. 
      6. Комиссияны тағайындаған инстанцияның объектiнi пайдалануға қосу туралы актiнi бекiткен күнi мемлекеттiк қабылдау комиссиясы қабылдаған объектiнiң пайдалануға қосылған күнi деп есептеледi. 
      Объектiнiң пайдалануға қосылғандығы туралы актiге қол қойылған күн қабылдау комиссиясы қабылдаған объектiнiң пайдалануға қосылған күнi деп есептеледi. 
      7. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының немесе қабылдау комиссиясының нақты объект бойынша өкiлеттiктерi олардың тағайындалған кезiнен басталады және объектiлердi пайдалануға қабылдау туралы акт бекiтiлген кезден бастап тоқтатылады. 
      8. Жұмыс комиссиясының нақты объект бойынша өкiлеттiктерi оның тағайындалған кезiнен басталады және пайдалануға қосылған объектiнi кешендi тексеру жөнiнде заңдарда белгiленген тәртiппен ресiмделген қорытынды тапсырысшыға берiлген кезден бастап тоқтатылады. 

       74-бап. Меншiк иесi пайдалануға дербес қабылдайтын
                объектiлер

      1. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге заңдарда белгіленген рұқсаты болған жағдайда меншiк иесi (тапсырысшы, инвестор, құрылыс салушы) құрылысы аяқталған, техникалық жағынан күрделi емес объектiлердi, атап айтқанда: 
      1) тiреу және қоршау конструкцияларын, инженерлiк жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге, сондай-ақ үй-жайларды қайта бейiмдеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) байланысы жоқ бiр қабатты тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайларды (үйдiң жекелеген бөлiктерiн) реконструкциялауды (қайта жоспарлауды, қайта жабдықтауды); 
      2) уақытша құрылыстарды, соның iшiнде маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған тұрмыстық үй-жайларды; 
      3) жеке үй маңындағы учаскелер аумақтарындағы шаруашылық-тұрмыстық құрылыстарды, бау-бақша серiктестiктерi (қоғамдары) учаскелерiндегi құрылыстарды, үй жанындағы немесе үй iргесiндегi (саяжай) учаскелердегi абаттандыру элементтерiн; 
      4) контейнердi және блоктарды пайдаланып жасалатын шағын кешендердi, сондай-ақ құрастырмалы-бұзылмалы конструкциялардан тұрғызылған және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтермен келiсудi қажет етпейтiн сауда, қоғамдық тамақтандыру мен тұрмыстық қызмет көрсету кәсiпорындарына арналған бiр қабатты үйлердi (ғимараттарды); 
      5) автомашиналар саны елуден аспайтын ашық үлгiдегi автотұрақтарды, сондай-ақ саны екеуден аспайтын автомашинаға арналған жайы бар көлiкжайларды; 
      6) бар ғимараттарда жүзеге асырылатын және тiреу конструкцияларының өзгертiлуiн қажет етпейтiн өндiрiстiк емес мақсаттағы үй-жайларды қайта жоспарлауды (қайта жабдықтауды); 
      7) шағын сәулеттiк нысандарды және аумақтардың қоршауын; 
      8) үйлер (ғимараттар) маңындағы ашық спорт алаңдарын, тротуарларды, тас төсенiштерiн пайдалануға қабылдауды дербес жүзеге асыруға құқылы. 
      2. Егер осы баптың 1-тармағында аталған үй-жайларды (үйдiң жекелеген бөлiктерiн) өзгерту, сондай-ақ техникалық жағынан күрделi емес объектiлердi салу мен пайдалану басқа азаматтардың құқықтарына нұқсан келтiрсе не мемлекеттiк және (немесе) қоғамдық мүдделерге қайшы келсе, бұл баптың нормаларын қолдануға болмайды. 
      3. Осы баптың нормалары: 
      1) құрылысы мемлекеттiк инвестициялар есебiнен не олардың қатысуымен қаржыландырылатын; 
      2) сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары не өзге де геологиялық (гидрогеологиялық) немесе геотехникалық жағдайлары ерекше аудандарда, сондай-ақ ерекше реттелетiн аймақтарда орналастырылатын (орналастырылған) объектiлерге қолданылмайды. 

       75-бап. Мемлекеттiк қабылдау комиссиялары пайдалануға
              қабылдайтын объектiлер

      1. Мемлекеттiк инвестициялар есебiнен не олардың қатысуымен салынып жатқан (салынған) барлық объектiлер мемлекеттiк қабылдау комиссиясының пайдалануға қабылдауына жатады.
      2. Қаржыландыру көздерiне қарамастан, мемлекеттiк қабылдау комиссияларының пайдалануға қабылдауына:
      1) азаматтық (қоғамдық) және коммуналдық мақсаттағы жеке тұрған объектiлер;
      2) шағын бизнес (жеке кәсiпкерлiк) кәсiпорындарын қоспағанда, өндiрiстiк мақсаттағы объектiлер;
      3) көп пәтерлi тұрғын үйлер (ғимараттар);
      4) автомобиль жолдары мен темiр жолдар;
      5) көпiрлер, жол желiлерi, тоннельдер, азық-түлiк желiлерi мен инженерлiк құрылыстары бар электр беру желiлерi;
      6) ғарыштық байланыс объектілерi;
      7) атом энергетикасын қоса алғанда, энергетика объектiлерi;
      8) су шаруашылығы, ирригациялық және (немесе) гидротехникалық мақсаттағы объектiлер; 
      9) темiр жол және автомобиль разъездерiнде, қорықтарда, заказниктерде, балық питомниктерiнде, орман, аңшылық және басқа алқаптарда тұруға арналған объектiлер (тұрғын және қосалқы үй-жайлар) жатады. 
      3. Мемлекеттiк инвестициялардың қатысуынсыз салынып жатқан (салынған), бiрақ мемлекеттiк және қоғамдық мүдделерге қатысы бар объектiлердi мемлекеттiк қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдауға тиiс. 
      Аталған талапты тапсырысшыға (құрылыс салушыға) сәулет-жоспарлау тапсырмасын берген кезде аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi және ол сол тапсырмада, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге берiлген рұқсатта көрсетiлуге тиiс. 
       Ескерту. 75-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

       76-бап. Қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдайтын
              объектiлер

      1. Осы Заңның 74 және 75-баптарында көзделген нормалар қолданылатын объектiлердi қоспағанда, мемлекеттiк инвестициялардың қатысуынсыз салынып жатқан (салынған) объектiлер қабылдау комиссияларының пайдалануға қабылдауына жатады. 
      Осы Заңның 75-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған объектiлер санатын шығарылатын өнiмнiң және көрсетiлетiн қызметтiң жылдық көлемiне қарай Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 
      2. Мемлекеттiк инвестициялардың қатысуынсыз қаржыландырылатын объектiлер де, егер олар: 
      1) тұрғын және тұрғындық емес үй-жайларды тұрғын үйлер етiп қайта бейiндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) байланысты болса; 
      2) үй-жайлардың (үйдiң бiр бөлiгiн) тiреу және (немесе) қоршау конструкцияларын, инженерлiк жүйелер мен жабдықтарды өзгертудi талап ететiн реконструкциялауға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) байланысты болса; 
      3) салу және (немесе) пайдалану кезiнде басқа меншiк иелерiнiң мүдделерiн қозғаса; 
      4) әлеуметтiк (әлеуметтiк-экономикалық) сипаты бар мемлекеттiк немесе қоғамдық мүдделердi бiлдiретiн объектiлер болса; 
      5) сейсмикалық қауiптілiгi жоғары не өзге де геологиялық (гидрогеологиялық) немесе геотехникалық жағдайлары ерекше аудандарда, сондай-ақ өзге де ерекше реттелетiн аймақтарда салынып жатса (салынса); 
      6) адамдар мен қоршаған ортаға ықтимал қаупi бар өндiрiстiк процестерге байланысты болса, қабылдау комиссияларының пайдалануға қабылдауына жатады. 
      Аталған шектеулердi тапсырысшыға (құрылыс салушыға) сәулет-жоспарлау тапсырмасын берген кезде жергiлiктi атқарушы органдар белгiлейдi және олар сол тапсырмада, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге берiлген рұқсатта көрсетiлуге тиiс. 

       77-бап. Қабылдау және жұмыс комиссиялары

      1. Қабылдау комиссиясы мен жұмыс комиссиясы тапсырысшының шешiмiмен тағайындалады және объектiнiң пайдалануға қабылдау рәсiмiне дайын екендiгi туралы бас мердiгерден жазбаша хабар алынғаннан кейiн он бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей құрылады. 
      2. Қабылдау және жұмыс комиссияларының өкiлеттiктерi мен мiндеттерi, сондай-ақ мiндеттi құрамы Қазақстан Республикасының Yкiметi анықтайтын тәртiппен белгiленедi. 
      3. Қайта қабылдауды қоса алғанда, қабылдау және жұмыс комиссияларының жұмыс процесiнде жасалған шығындарын тапсырысшы өтейдi.

       78-бап. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясы

      1. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясы - салынған объектiнi пайдалануға қабылдайтын уақытша немесе тұрақты алқалы орган. 
      Тұрақты мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамын, қажет болуына қарай, комиссияны тағайындаған мемлекеттiк басқару органы өзгертедi.
      2. Пайдалануға қабылданатын объектiнiң маңыздылығына немесе құрылыс құнына қарай мемлекеттiк қабылдау комиссиясын:
      1) орталық атқарушы органдардың немесе облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) әкiмдерiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi;
      2) Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары;
      3) облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) әкiмдерi;
      4) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) әкiмдерi тағайындайды.
      3. Мемлекеттiк қабылдау комиссиялары: 
      1) өндiрiстiк мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау кезiнде - комиссия жұмысы басталуының белгiленген мерзiмiне дейiн үш айдан кешiктiрмей; 
      2) тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау кезiнде - комиссия жұмысы басталуының белгiленген мерзiмiне дейiн күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрмей алдын ала тағайындалады. 
      Бұл орайда осы объект бойынша комиссия жұмысының басталу және аяқталу мерзiмдерi белгiленедi. 
      4. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының мiндетiне: 
      1) жұмыс комиссиясы анықтаған шалағайлықтардың, жобадан, құрылыс нормалары мен ережелерiнен ауытқушылықтардың жойылуын тексеру; 
      2) сәулет-құрылыс, инженерлiк және технологиялық шешiмдердiң, сондай-ақ тұтас алғанда объектiнiң iлгерiшiлдiгiн бағалау; 
      3) қолданысқа енгiзiлетiн объектiнiң (кешеннiң) жобалық қуатының (сыйымдылығының) сәйкестiгiн тексеру; 
      4) қажет болған жағдайда, технологиялық жабдықтар мен инженерлiк жүйелерге бақылаушылық байқау және сынақ жүргiзу; 
      5) комиссияны тағайындаған инстанция объектiнiң пайдалануға жарамсыздығы туралы дәлелдi қорытынды берiп, жобалау-iздену және (немесе) құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасыз орындалуына жол берген лауазымды адамдарды заңдарда белгiленген тәртiппен жауапқа тарту жөнiнде ұсыныс жасау кiредi. Бұл орайда қорытындының көшiрмелерi тапсырысшыға (құрылыс салушыға) және бас мердiгерге жiберiлуге тиiс. 
      5. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының салынған объектiнi пайдалануға қабылдау фактiсi Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген бiрыңғай нысандағы актiмен ресiмделедi. 
      6. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының барлық мүшелерi қол қойған, объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiн комиссияны тағайындаған инстанция бекiтедi. 
      Мемлекеттiк қабылдау комиссиясы мүшесiнiң (мүшелерiнiң) айрықша пiкiрi болған жағдайда, комиссия қабылдау актiсi бекiтiлгенге дейiн туындаған қарсылықтарды өзiн тағайындаған мемлекеттiк басқару органының қатысуымен қарауға тиiс. 
      7. Өндiрiстiк мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау кезiнде мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамына: 
      1) комиссияны тағайындаған мемлекеттiк басқару органының комиссия төрағасы тағайындайтын жауапты өкiлi; 
      2) комиссия төрағасының орынбасары тағайындайтын бас жобалау ұйымының өкiлi; 
      3) тапсырысшының (инвестордың, құрылыс салушының), пайдаланушы ұйымдардың (кәсiпорындардың, мекемелердің), бас мердiгердiң, жергiлiктi атқарушы органдардың, iшкi жобалаушылардың (жоба бөлiмдерiн әзiрлеушiлердiң), мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясының, мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, мемлекеттiк өртке қарсы қадағалау орындарының, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның өкілдерi кiредi. 
      8. Өндiрiстiк мақсаттағы объектілердi қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамына: 
      1) өнеркәсiп және кен қадағалау жұмыстарын қауiпсiз жүргiзу жөнiндегi мемлекеттiк қызмет өкiлдерi - осы органдардың бақылауындағы магистральдық мұнай өнiмдерi құбырларын, газ құбырлары мен басқа объектiлердi қабылдаған кезде; 
      2) күрделi немесе бiрегей технологиялық жабдықтарды дайындаушы кәсiпорынның және монтаждау ұйымдарының өкiлдерi - осындай жабдықтар бар объектiлердi қабылдаған кезде; 
      3) темiр жолдарды басқаратын мемлекеттiк органдардың өкiлдерi - кiрме темiр жолдары бар объектiлердi қабылдаған кезде; 
      4) жер ресурстарын басқару жөніндегi уәкiлеттi органның, сондай-ақ жер пайдаланушы қожалықтардың өкiлдерi - суландыру және құрғату жүйелерiн, қайтадан қалпына келтiрiлген жерлердi, қорғаныш ағаш екпелерiн, эрозияға қарсы гидротехникалық құрылыстарды және басқа жер құнарлығын арттыру мен оны қорғау мақсатында салынған объектiлердi қабылдаған кезде; 
      5) мемлекеттiк мал дәрiгерлiк қызметiнiң өкiлдерi - осы органдардың немесе мал дәрiгерлiк ұйымдардың (кәсiпорындардың, мекемелердiң) бақылауындағы объектiлердi қабылдаған кезде; 
      6) автомобиль жолдарын басқаратын мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк жол инспекциясының (полициясының) өкiлдерi - автомобиль жолдарын қабылдаған кезде; 
      7) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк қадағалау және мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау қызметтерiнiң өкiлдерi - газдан тазартатын және шаң соратын құрылғыларды қабылдаған кезде; 
      8) төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк басқару органдарының өкiлдерi - азаматтық қорғаныс ғимараттарына (үй-жайларына) немесе азаматтық қорғаныстың жеке тұрған ғимараттарына жапсарлас салынған объектiлердi қабылдаған кезде енгiзiледi. 
      9. Тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi қабылдаған кезде мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамына: 
      1) жергiлiктi атқарушы органның комиссия төрағасы тағайындайтын жауапты өкiлi; 
      2) комиссия төрағасының орынбасары тағайындайтын мемлекеттiк құрылыс инспекторы; 
      3) тапсырысшының (инвестордың, құрылыс салушының), жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органының, халықты әлеуметтiк қорғау мемлекеттiк органының, пайдаланушы ұйымдардың (кәсiпорындардың, мекемелердiң), бас мердiгердiң, бас жобалау ұйымының (жоба авторларын қоса алғанда), мемлекеттiк өртке қарсы қадағалау және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау қызметтерiнiң өкiлдерi енгiзiледi. 
      Жобаны әзiрлеушiнiң тұрған жерi (орналасқан жерi) объект салынып жатқан елдi мекеннен тыс жерде болған жағдайда, осы жобалау ұйымының жергiлiктi атқарушы органдарға жазбаша өтiнiшi бойынша оның өкiлiнiң орнына мемлекеттiк қабылдау комиссиясына жергiлiктi жобалау ұйымының өкiлi енгiзiлуi мүмкiн. 
      10. Сондай-ақ тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамына: 
      1) су ресурстарын мемлекеттiк басқару органдарының және қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк қадағалау қызметiнiң өкiлдерi - су жинауға және су ағызуға байланысты объектiлердi қабылдаған кезде; 
      2) тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлер құрылысының жобаларын әзiрлеудi жүзеге асыратын денсаулық сақтау, бiлiм беру, ғылым, мәдениет, туризм және спорт мемлекеттiк басқару органдарының өкiлдерi - тиiстi мақсаттағы объектiлердi қабылдаған кезде енгiзiледi. 
      11. Қайта қабылдауды қоса алғанда, мемлекеттiк қабылдау комиссиясының жұмыс процесiнде жасалған шығындарын тапсырысшы өтейдi.
       Ескерту. 78-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.04.13.  N 40  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.01.09. N  213  Заңдарымен.  

       79-бап. Салынған объектілердi пайдалануға өткiзуге және
              қабылдауға қатысушылардың жауапкершiлiгi

      Салынған объектiлердi пайдалануға, өткiзуге және қабылдауға қатысушылар, соның iшiнде тапсырысшылар (инвесторлар, құрылыс салушылар), iздену, жобалау, құрылыс-монтаж жұмыстарына мердiгерлiктiң жауапты орындаушылары, құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкцияларын және жабдықтарын дайындаушылар мен берушiлер, сондай-ақ құрылыстың және жабдықтарды монтаждаудың барысын оралымды қадағалау қызметтері, мемлекеттік қабылдау немесе қабылдау комиссиясының және жұмыс комиссиясының мүшелері, басқа да қатысушылар азаматтардың өміріне немесе денсаулығына төнген қауіп, сондай-ақ жіберілген жолсыздықтар не міндетті нормативтік талаптардан (ережелерден, шектеулерден) ауытқушылық салдарынан мемлекеттік, қоғамдық немесе жеке мүдделерге келтірілген залал (зиян) үшін Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленгендей жауапты болады.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті