Осы Заң Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың арасында туындайтын қатынастарды реттейді және адамның мекендейтін және тіршілік ететін толымды ортасын қалыптастыруға, елді мекендер мен қонысаралық аумақтарды тұрақты дамытуға бағытталған.
1-бөлім. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс
қызметін мемлекеттік реттеу
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1. Сәулет қызметі (бұдан әрі - сәулет) - объектінің ішкі және сыртқы келбетін жасаудың, құрылысқа арналған (реконструкциялау, қалпына келтіру) жобалау құжаттамасының сәулет бөлігінде кеңістікті, композициялық, көлемдік-жоспарлық және қызметтік ұйымдастырудың шығармашылық процесін, жобаны іске асыру кезінде авторлық қадағалау жүргізуді қамтитын сәулет объектілерін жасау жөніндегі қызмет.
2. Қала құрылысы қызметі (бұдан әрі - қала құрылысы) - ұйымдардың қала құрылысын жоспарлау және аумақтар мен елді мекендерді дамыту, аумақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерін анықтау, қала құрылысы кеңістігін қалыптастырудың, қала құрылысы жобасын жасаудың шығармашылық процесін, қала құрылысы құжаттамасының барлық шектес бөлімдерін үйлестіруді қамтитын қалалар мен селолық елді мекендерді кешенді жоспарлау жөніндегі қызмет.
3. Құрылыс қызметi (бұдан әрi - құрылыс) - жаңа объектiлер салу және (немесе) бар объектiлердi (үйлердi, ғимараттар мен олардың кешендерiн, коммуникацияларды) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтiру, күрделi жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларын дайындау (өндiру), сондай-ақ аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қою мен өз ресурстарын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жұмыстарын жүзеге асыру жолымен өндiрiстiк және өндiрiстiк емес негiзгi қорларды құру жөнiндегi қызмет.
4. Жоба - жеке және заңды тұлғалардың немесе мемлекеттiң сәулет, қала құрылысы және құрылыс құжаттамасы (сызбалар, графикалық және мәтiндiк материалдар, инженерлiк және сметалық есептеулер) нысанында ұсынған, адамның мекендеуi мен тiршiлiк етуiнiң қажеттi жағдайларын қамтамасыз ету жөнiндегi түпкi ойы.
5. Қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасы - аумақтарды ұйымдастыру, аумақтар мен елдi мекендердi дамыту мен қала құрылысын салуды жоспарлау, объектiлердi салу (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтiру, күрделi жөндеу, уақытша тоқтатып қою және кейiннен кәдеге жарату), сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру, аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру, көгалдандыру, сыртқы безендiру үшiн қажеттi (жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын, мемлекеттiк және мемлекетаралық нормативтiк құжаттарды қоса алғанда) өзара байланысты құжаттардың жүйесi.
6. Жобалау алдындағы құжаттама - қала құрылысы, сәулет жобаларын, құрылыс жобасын әзiрлеу алдындағы жасалатын және бағдарламаларды, есеп берулердi, құрылыстың техникалық-экономикалық негiздемелерiн, техникалық-экономикалық есептердi, ғылыми зерттеулер мен инженерлiк iзденiстер нәтижелерiн, технологиялық және конструкциялық есептердi, нобайларды, макеттердi, өлшемдер мен объектiлердi зерттеу нәтижелерiн, сондай-ақ жобалау құжаттамасын әзiрлеу және жобаларды кейiннен iске асыру туралы шешiмдер қабылдауға қажеттi өзге де бастапқы деректер мен материалдарды қамтитын құжаттама.
7. Жобалау құжаттамасы мыналарды қамтиды:
1) қала құрылысының жобалары - аумақтар мен елдi мекендердi немесе олардың бөлiктерiн ұйымдастыруды, дамыту мен салуды кешендi қала құрылысына жоспарлау жөнiндегi түпкi ойдан (Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақты дамытудың аймақаралық схемалары, аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешендi схемалары, елдi мекендердiң бас жоспарлары, нақты жоспарлау жобалары, өнеркәсіп аймақтарын жоспарлау жобалары, құрылыс салу жобалары, объектiлер мен кешендердiң бас жоспарлары, абаттандыру және көгалдандыру жобалары, өзге де жоспарлау жобалары) тұратын жобалар;
2) сәулет жобасы - жобалауға сәулетшінің қатысуы қажет болатын ғимарат (монумент) тұрғызудың сәулеттiк түпкi ойы бар жеке жоба немесе объектiнiң сәулет-көркемдiк, композициялық және көлемдiк-жоспарлау шешiмдерiн қамтитын, әлеуметтiк, экономикалық, функционалдық, технологиялық, инженерлiк-техникалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, санитариялық-гигиеналық, экологиялық және өзге де талаптарды ескеретiн және құрылыс жобасын немесе құрылыс объектiсiне арналған өзге де құжаттаманы әзiрлеу үшiн қажеттi көлемде орындалған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының бiр бөлiгi;
3) құрылыс жобасы (құрылыстық жоба) - көлемдiк-жоспарлық, конструкциялық, технологиялық, инженерлiк, табиғат қорғау, экономикалық және өзге де шешiмдердi қамтитын жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы, сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру мен жүргiзуге, аумақты инженерлiк жағынан дайындауға, абаттандыруға арналған сметалық есептеулер. Құрылыс жобаларына аяқталмаған объектiлер құрылысын уақытша тоқтатып қою және өз ресурсын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жобалары да жатады;
4) аумақты көгалдандыру, сыртқы безендiру, монументтiк немесе әшекей өнер туындыларын орналастыру және орнату (тұрғызу) жобалары.
8. Нобай (нобайлық жоба) - жобалық (жоспарлық, кеңiстiктiк, сәулеттiк, технологиялық, конструкциялық, инженерлiк, әшекейлiк немесе басқа) шешiмнiң оңайлатылған, схема, сызба, бастапқы сұлба (сурет) нысанында орындалған және осы шешiмнiң түпкi ойын түсiндiретiн түрi.
9. Макет - жоспарланып отырған аумақтардың, жобаланып отырған объектiлердiң, олардың жекелеген элементтерiнiң, сондай-ақ үй-жайлар интерьерлерiнiң кеңiстiктегi өлшемдестiгiн немесе құрылыстардың iшкi кеңiстiгiн анықтау мақсатында көлемдi нысандағы (түгелдей көрсете отырып немесе шартты түрде) масштабқа қатаң сәйкес келетiн етiп орындалған иллюстрациялық (көрнекi) материал.
10. Жобалар сараптамасы - тапсырысшының (инвестордың) жобаны инвестициялаудың орындылығы және оны iске асыру туралы шешiм қабылдауының алдындағы жобалаудан бұрынғы немесе жобалау құжаттамасын әзiрлеу кезеңi. Сараптаманың өзi инвестициялар құжаттамасына талдау жүргiзуге және оның тиiмдiлiгiн анықтауға, сондай-ақ жобалардың сапасын олардың мемлекеттiк, қоғамдық және жеке мүдделердi, адамның тiршiлiк етуiне қолайлы және қауiпсiз жағдайлар жасауды, жобаланып отырған объектiлердiң тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттiк нормативтердiң шарттары мен талаптарына сәйкестiгiн не сәйкес еместiгiн анықтау жолымен бағалауға келiп саяды.
11. Жобалардың мемлекеттiк сараптамасы - жобаларды (жобалау алдындағы немесе жобалау-смета құжаттамасын) кешендi бағалаудың мiндеттi нысаны, ол функцияларын қайталауға жол берiлмейтiн бiрыңғай мемлекеттiк жүйе болып табылады. Жобалардың мемлекеттiк сараптамасын Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлдiк берген заңды тұлға жүзеге асырады.
12. Жобалардың мемлекетаралық сараптамасы - объектiлердiң құрылысы туралы халықаралық шартқа қатысушы екі және одан да көп мемлекеттiң мүддесiн бiлдiретiн жобаларды сараптаудың мiндеттi нысаны.
13. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн мемлекеттiк басқару саласында басшылықты, сондай-ақ заңдарда көзделген салааралық үйлестiрудi және өзге де арнаулы атқарушы органы қызметтерiн жүзеге асыратын республикалық мемлекеттiк орган.
14. Мемлекеттiк нормативтер (мемлекеттiк нормативтiк құжаттар) - адамның мекендеуi мен тiршiлiк етуiне қолайлы, қауiпсiз және басқа да қажеттi жағдайларды қамтамасыз ететiн нормативтiк құқықтық актiлердiң, нормативтiк-техникалық құжаттардың, өзге де мiндеттi талаптардың, шарттар мен шектеулердiң жүйесi.
15. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекетаралық нормативтер (мемлекетаралық нормативтiк құжаттар) - нормативтiк-техникалық құжаттардың, ережелердiң және мемлекетаралық қала құрылысы нормативтерiн, мемлекетаралық құрылыс нормалары мен ережелерiн және Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттiң (басқа мемлекеттердiң) аумақтарында Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар негiзiнде қолданылатын құрылыстағы мемлекетаралық стандарттарды қамтитын басқа да мiндеттi талаптардың, жағдайлар мен шектеулердiң жүйесi.
16. Қала құрылысын реттеу аумағы - шегiнде қандай да болсын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі жүзеге асырылатын аумақ.
17. Қала құрылысының регламенттерi - аумақтарды (жер учаскелерiн) және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдаланудың режимдерi, рұқсаттары, шектеулерi (уақытын созуды, тыйым салу мен сервитуттарды қоса алғанда), сондай-ақ олардың жай-күйлерiнiң заңдарда белгiленген тәртiппен жол берiлетiн кез келген өзгерiстерi.
Қала құрылысының регламенттерi мемлекеттiк нормативтерге сәйкес орындалған қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасымен белгiленедi. Қала құрылысы регламенттерiнiң қолданылуы олар үшiн белгiленген мерзiм шегiнде шектеледi.
18. Сәулет-жоспарлау тапсырмасы - объектiнiң мақсатына, негiзгi параметрлерiне және оны нақты жер учаскесiне (алаңға, трассаға) орналастыруға қойылатын талаптар кешенi, сондай-ақ жобалау мен құрылысқа қойылатын, осы елдi мекен үшiн қала құрылысының регламенттерiмен белгiленетiн мiндеттi талаптар, шарттар мен шектеулер. Бұл орайда түсi жөнiндегi шешiм мен үйлердiң (ғимараттардың) қасбеттерiн әрлеу материалдарын пайдалану, көлемдiк-кеңiстiктегi шешiм бойынша талаптар белгiлеуге жол берiлмейдi.
19. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастры - қала құрылысы регламенттерiн, пайдалану режимiнiң әлеуметтiк-құқықтық белгiлерi, инженерлiк-техникалық жағынан қамтамасыз етiлу деңгейi, онда орналасқан объектiлердiң параметрлерi мен жай-күйi, сондай-ақ табиғи-климаттық жағдайлары мен экологиялық жай-күйi бойынша қала құрылысы, сәулет және құрылыс қызметi аумағын сипаттайтын картографиялық, статистикалық және мәтiндiк ақпаратты қамтитын сан және сапа көрсеткiштерiнiң мемлекеттiк жүйесi.
20. Объектiлер мониторингi - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi объектiлерiнiң жай-күйi мен өзгерiстерiн байқау жүйесi.
21. Қала құрылысы кадастрының есептеу бiрлiгi - ауқымды, жайпақ және линиялық құрылыстардың барлық түрлерін қоса алғанда, жалпы Қазақстан Республикасының аумағында, облыстарда, аудандарда, елдi мекендерде, жылжымайтын мүлiк объектiлерiнде ұйымдастырылатын және пайдаланылатын элементтер.
22. Сәулет объектiлерi - әзiрленуiне сәулетшiнiң қатысуы қажет болатын, сәулет немесе қала құрылысы жобаларының негiзiнде салынған үй, ғимарат, монумент, үйлер мен ғимараттар кешенi, олардың экстерьерлерi және (немесе) интерьерлерi, абаттандыру, ландшафт немесе бақ-саябақ өнерiнiң элементтерi.
23. Қала құрылысының кеңiстiгi - адамның (ел, аймақ, елдi мекен, елдi мекен бөлiгi халқының) мекендейтiн және тiршiлiк ететiн материалдық ортасы қалыптасатын қала құрылысын реттеу аумағы.
24. Сәулет (қала құрылысы) туындысы - белгiлi бiр сәулет объектiсiн жасауға немесе қала құрылысы кеңiстiгiн қалыптастыруға бағытталған, жобалау құжаттамасы, жекелеген сызба, макет немесе нобайлар нысанында белгiленген авторлық ойды қоса алғанда, жеке тұлғалардың кәсіптік қызметiндегi шығармашылық процестерiнiң нәтижесi болып табылатын авторлық құқық объектiсi және автордың (авторлардың) санаткерлiк меншiгi, сондай-ақ нақты iске асырылған жоба (жобаның бөлiгi).
25. Авторлық қадағалау - бұл автордың:
1) сәулет және қала құрылысы туындысының авторы (авторлары) жүзеге асыратын құрылыс жобасының (құрылыс құжаттамасының) әзiрленуiне;
2) сәулет немесе қала құрылысы туындысының авторын (авторларын) қоса алғанда, оны әзiрлеушiлер жүзеге асыратын құрылыс жобасының iске асырылуына бақылау жүргiзу жөнiндегi құқықтары.
Авторлық бақылау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
26. Аумақтарды аймақтарға бөлу - қала құрылысын жоспарлау кезiнде аумақтарды жекелеген аймақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерi мен оларды пайдалану жөнiндегi мүмкiн болатын шектеулердi белгiлей отырып жұмыс iстелетiн аймақтарға бөлу.
27. Қонысаралық аумақтар - елдi мекендердiң шекарасынан (шегiнен) тыс жатқан аумақтар.
28. Елдi мекеннiң аумағы - қалалық немесе селолық елдi мекеннiң белгiленген шекара (iшкi) шегiндегi кеңiстiк.
29. Елдi мекеннiң бас жоспары - қаланы, кенттi, ауылды (селоны) не басқа да қонысты дамыту мен салуды кешендi жоспарлаудың қала құрылысы жобасы, онда аймақтарға бөлудi, оның аумағының жоспарлы құрылымы мен жұмыс iстеуiн ұйымдастыру, көлiк және инженерлiк коммуникациялар, көгалдандыру мен абаттандыру жүйелерi белгiленедi.
30. Объектiнiң бас жоспары - құрылыс объектiсi (үй, ғимарат, кешен) жобасының оны аумаққа (учаскеге) орналастыру, көлiк коммуникацияларын, инженерлiк желiлердi төсеу (жүргiзу), учаскенi инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру мен көгалдандыру, шаруашылық қызметiн көрсетудi ұйымдастыру мәселелерiн және жобаланып отырған объектiнiң орналасатын жерiне байланысты өзге де iс-шараларды кешендi шешу қамтылатын бөлiгi.
31. Қалалық аймақтарға бөлу - елді мекеннің аумағын олардың жұмыс істейтін мақсатына сәйкес бөлу (тұрғын, қоғамдық, өнеркәсiптiк, рекреациялық және өзге де функционалдық аймақтар).
32. Қоныстану аумағы - тұрғын үй, қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) және рекреациялық аймақтарды, сондай-ақ инженерлiк және көлік инфрақұрылымдарының жекелеген бөлiктерiн, басқа да объектiлердi орналастыруға арналған, орналастырылуы мен қызметi арнаулы санитариялық-қорғаныш аймақтарын талап ететiндей әсер етпейтiн елдi мекен аумағының бiр бөлiгi.
33. Санитариялық-қорғаныш аймағы - арнаулы мақсаттағы аймақтарды, сондай-ақ өнеркәсiп орындары мен елдi мекендегi басқа да өндірістiк, коммуналдық және қоймалық объектiлердi жақын маңдағы қоныстану аумақтарынан, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттардан оларға қолайсыз факторлардың әсер етуiн әлсiрету мақсатында бөлiп тұратын аумақ.
34. Сейсмикалық қаупi жоғары аймақтар (аудандар) - сейсмикалық әсерiнiң жиiлiгi 7 және одан да көп балл болуы мүмкiн (күтiлетiн) аудандар.
35. Құрылыс салуды реттейтiн сызық (құрылыс салу сызығы) - қызыл және сары сызықтардан немесе жер учаскелерi шекарасынан шегiндiре отырып, үйлердi (ғимараттарды, құрылыстарды) орналастыру кезiнде белгiленген құрылыс салу шекарасы.
36. Қызыл сызық - кварталдардың, шағын аудандардың, елдi мекендердi жоспарлау құрылымындағы өзге элементтердiң аумақтарын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөлiп тұратын шекара. Әдетте қызыл сызық құрылыс салу шекарасын реттеу үшiн қолданылады.
37. Сары сызық - жойқын жер сiлкiнiстерi, өзге де табиғи немесе техногендiк сипаттағы зiлзалалардың салдарынан үйлердiң (ғимараттардың, құрылыстардың) үйiндiлерге (қиратындыларға) айналуы барынша мүмкiн болатын аймақтар шекарасы. Әдетте сары сызық үйлер мен ғимараттар арасындағы қашықтықты реттеу үшін қолданылады.
38. Құрылыс өнiмi - сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiнiң аралық және (немесе) түпкiлiктi нәтижесi.
39. Құрылыс өнiмiнiң сапасы (объектiнiң сапасы) - қызметтiң (пайдалануға беру, пайдалану, қолдану) бүкiл мерзiмi бойында меншiк иелерiнiң (пайдаланушылардың) тұтас алғанда қоғамның мүдделерi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған талаптарды бiлдiретiн, тұтынушыларға жеткiзiлген түпкiлiктi құрылыс өнiмi сипаттамасының (эстетикалық сипаттаманы қоса алғанда) жиынтығы.
40. Құрылыс-монтаж жұмыстары - құрылыс қызметi, ол:
1) жер жұмыстарын және топырақтағы арнаулы жұмыстарды;
2) үйлер мен ғимараттардың (оның iшiнде көпiрлер, көлік эстакадалары, тоннельдер мен метрополитендер, жол құбыры, труба құбыры, өзге де жасанды құрылыстар) тiреу және (немесе) қоршау конструкцияларын салуды;
3) желiлiк құрылыстарды төсеу жөніндегi арнаулы құрылыс және монтаж жұмыстарын;
4) сыртқы инженерлiк желiлер мен құрылыстар, сондай-ақ iшкi инженерлiк жүйелер құруды;
5) конструкциялар мен жабдықтарды қорғау және өңдеу жөніндегi жұмыстарды;
6) автомобиль жолы және темiр жол құрылысын;
7) технологиялық жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), iске қосу-жөндеу жөніндегi жұмыстарды қамтиды.
41. Қабылдау комиссиясы - объектiнiң (кешеннiң) дайындығына кешендi тексеру технологиялық жабдықтар мен инженерлiк жүйелерге бақылаушылық сынақ жүргiзетiн және салынған объектiнi пайдалануға қабылдайтын уақытша алқалы орган.
42. Жұмыс комиссиясы - нәтижелерiн мемлекеттiк қабылдау комиссиясына ұсыну үшiн объектiнiң дайындығына кешендi тексеру жүргiзетiн уақытша алқалы орган.
43. Үй - адамдардың тұруына немесе iшiнде болуына, өндiрiстiк процестердi орындауға, сондай-ақ материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға пайдаланылатын функционалдық мақсатына қарай, мiндеттi түрде жер бетiне салынып, тұйық көлемдi құрайтын, тiреу және қоршау конструкцияларынан тұратын жасанды құрылыс. Yйдiң жер астындағы бөлігi болуы мүмкiн.
44. Ғимарат - табиғи немесе жасанды кеңiстiк шекаралары бар және өндірістiк процестердi орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға немесе адамдарды, жүктердi уақытша орналастыруға (орын ауыстыруға), сондай-ақ жабдықтарды немесе коммуникацияларды орналастыруға (төсеуге, жүргiзуге) арналған жасанды жасалған ауқымды, тегiстiктi немесе линиялы (жер үстi, су бетi және (немесе) жер асты, су асты) объект. Ғимарат көркемдiк-эстетикалық, безендiру-қолданбалы не мемориалдық мақсатта да болуы мүмкiн.
45. Yйлердiң (ғимараттардың) инженерлiк жабдықтары - материалдық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ететiн, сондай-ақ технологиялық жабдықтар мен өндiрiс процестерiн инженерлiк жағынан қамтамасыз ететiн, адамдардың тұруына (тұрмысына), еңбек етуiне (болуына) қалыпты не жайлы жағдайлар жасайтын инженерлiк жүйелер мен техникалық құрылғылар кешенi.
46. Аяқталмаған құрылыс - пайдалануға беру үшiн тапсырысшы белгiленген тәртiппен қабылдамаған және мақсатына қарай пайдаланылмайтын құрылыс объектiсi (тұру, қызмет көрсету, өнiм шығару, пайда алу және пайдаланудың басқа да түрлерi).
47. Салынып жатқан объектiлердi уақытша тоқтатып қою - құрылысы аяқталмаған объект конструкцияларының, материалдары мен жабдықтарының оны салудың уақытша тоқтатылуы кезеңiнде сақталуын және олардың сапалық сипаттамаларын қамтамасыз ету жөніндегi шаралар кешенi.
48. Объектiнi кейiннен кәдеге жарату - пайдаланылуы (пайдаланылуы, қолданылуы) тоқтатылғаннан кейiн кәдеге асатын элементтердi (конструкцияларды, материалдарды, жабдықтарды) бiр мезгiлде қалпына келтiрiп және екiншi рет пайдаланып, сондай-ақ кәдеге аспайтын элементтер мен қалдықтарды ұқсата отырып, күрделi құрылысты (үйдi, ғимаратты, кешендi) бөлшектеп алу және бұзу жөніндегi жұмыстар кешенi.
49. Адам мекендейтiн орта - адам тұратын орта. Мекендеу ортасы мыналарды қамтиды:
1) қоршаған орта - жаратылыстық және жасанды табиғи жағдайлар мен объектiлердiң, өзге де сыртқы факторлардың кешенi, онымен жеке адам немесе қоғамдастық байланысты және биохимиялық айналым процесiнде өзара әрекет етедi;
2) сәулеттiк-ландшафтық орта - адам шаруашылық қызметтi және басқа да мiндеттердi жүзеге асыратын, табиғи жағдайлар мен сәулеттiк нысандар ұштастырылған кеңiстiк. Әдетте, бұл - адамның өмiр сүру жағдайлары мен психикалық-физикалық жай-күйiн айқындайтын елдi мекендер ортасы;
3) iшкi орта - тұрғын үй-жайлардағы өмiр сүру жағдайларының және жұмыс (өндiрiс) үй-жайларындағы еңбек жағдайларының кешенi, ол әлеуметтiк, эстетикалық, биологиялық, психологиялық және физикалық-химиялық факторларды, соның iшiнде табиғи радиацияны, сыртқы шуды, биотикалық төңiректi, ауаның ластануын, ылғалдылығын, құрамы мен ауысуын, иiстердi, жанған өнiмдердi, табиғи және жасанды жарықты, судың тазалығын және басқаларды қамтиды.
50. Антропогендiк әсер ету - табиғатқа, қоршаған ортаға, елдi мекенге адам әрекетiнiң салдарынан туындаған оң және терiс әсер етулер. Терiс әсер етiлген жағдайда табиғат қорғау шараларын қолдану қажеттiгi туындайды.
51. Техногендiк әсер ету - халыққа, елдi мекендерге не қонысаралық аумақтарға, әдетте, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың пайда болуы қатерiн төндiрмей немесе қатер төндiре отырып, адамның шаруашылық қызметi нәтижесiнде туындаған жағымсыз немесе зиянды (қауiптi) әсер ету.
52. Техногендiк зiлзалалар - шаруашылық қызметпен байланысты және:
1) өнеркәсiп, көлiк аварияларын және басқа да аварияларды;
2) өрт, жарылыстар немесе жарылыс қатерiн;
3) биологиялық, химиялық қауiптi немесе радиоактивтi заттардың шығарылуын немесе шығарылу қатерiн;
4) үйлердiң немесе ғимараттардың, коммуникациялардың кенеттен құлап түсуiн;
5) гидротехникалық немесе тазарту құрылыстарының опырылуын;
6) электроэнергетикалық немесе коммуникациялық жүйелердегi аварияларды туғызатын тұтқиыл факторлар.
53. Экологиялық зiлзалалар - табиғи тепе-теңдiк бұзылуының экологиялық тұтқиыл факторлары, олар:
1) құрлықтың жай-күйiнiң (пайдалы қазбаларды өндiру салдарынан болатын апатты опырылыстар, тектоникалық жарықтар, грифондар, көшкiндер, ойылыстар, топырақта ауыр металдардың немесе басқа да зиянды заттардың жол беруге болатын шектен тыс шоғырлануы, топырақтың тез азып-тозуы, топырақтың эрозиясы, сортаңдануы немесе батпақтануы салдарынан көлемдi аумақтардың шөлге айналуы);
2) атмосфераның құрамы мен қасиеттерiнiң (антропогендiк әсер ету салдарынан климаттың күрт өзгеруі, зиянды қоспалар жиынтығының жол беруге болатын шектен үнемi артып кетуi және ауа тазалығының нашарлауы, елдi мекендерде оттегiнiң тұрақты жетiспеуi, қышқылды жауындар жауатын көлемдi аймақтың пайда болуы);
3) гидросфера жай-күйiнiң (су көздерiнiң сарқылуы немесе олардың апатты түрде немесе бiржола ластануы, ауыз судың, сондай-ақ өндіріс қажеттерi мен шаруашылық-тұрмыстық қажеттерiне арналған судың тұрақты жетiспеуi);
4) биосфера жай-күйiнiң (көлемдi аумақтардағы өсiмдiктердiң құрып бiтуi, хайуанаттар, өсiмдiктер түрлерiнiң жойылуы, биосфераның өсіп-өндіру қабiлетiнiң күрт өзгеруi) өзгеруiмен байланысты.
Табиғи зiлзалалар (табиғи апатты құбылыстар) да экологиялық зiлзалаларға жатады.
54. Айрықша реттеу мен қала құрылысын регламентациялау объектiлерi - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң арнаулы ережелерi (тәртiбi) енгiзiлмей, аумақтарды, елдi мекеннiң, жылжымайтын дүние-мүлiктiң жеке объектiсiнiң аумағын пайдаланудағы жалпыға бiрдей қабылданған ережелерге (тәртiпке) ерекше ереже (тәртiп) белгiленбей не оларға толықтырулар енгiзiлмей жүзеге асырылуы қиындаған немесе мүмкiн болмайтын объектiлер.
2-бап. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы
және құрылыс қызметi туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдары Қазақстан Республикасының
Конституциясына
негiзделедi және осы Заңның, Қазақстан Республикасының Азаматтық
кодексiнiң
және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң нормаларынан тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдарында көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы
қызметтiң негiзгi бағыттары
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызметтiң негiзгi бағыттары осы саладағы мемлекеттiк, қоғамдық және жеке мүдделердi:
1) мемлекеттiк мүдделердi - тұтастай алғанда, аймақтарды, қалаларды, кенттердi, ауылдарды (селоларды) және басқа да қоныстарды тұрақты дамыту жағдайларын, тiршiлiктi қамтамасыз ету жүйелерiнiң, көлік және инженерлiк коммуникациялардың, байланыс пен энергетиканың жұмыс iстеуiн, қоршаған ортаны қорғауды, тарихи және мәдени мұра объектiлерiн сақтауды қамтамасыз етудегi қоғам мүдделерiн;
2) қоғамдық мүдделердi - жекелеген аймақтар, қалалар, кенттер, ауылдар (селолар) мен басқа да қоныстар халқының осы аумақта тұруының (болуының) қолайлы жағдайларын, экологиялық ахуалдың жақсаруын, шаруашылық және өзге де қызмет салдарынан болған қауіпті (зиянды) әсерлердiң алдын алуды, елдi мекендер мен оған iргелес жатқан аумақтардың инфрақұрылымдарын дамытуды, тарихи және мәдени мұраны, табиғат құндылықтарын сақтауды қамтамасыз етудегі мүдделерiн;
3) жеке мүдделердi - жекелеген азаматтар мен заңды тұлғалардың оларға тиесiлi жер учаскелерiнде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асырумен байланысты мүдделерiн қамтамасыз етуге тиiс.
Азаматтар мен заңды тұлғалардың қала құрылысы, сәулет-құрылыс қызметi, егер бұл оларға тиесiлi (олар пайдаланатын) объектiлердi (жер учаскелерi немесе өзге де жылжымайтын мүлiктi) пайдалануға, оған иелiк не билiк етуге қолайсыз немесе мүмкiн болмайтын жағдай туғызса, шектелуi мүмкiн.
2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi:
1) құрылыс үшiн инженерлiк iзденiстер жүргiзу, сәулет-қала құрылысы және құрылыс мақсаттарына картографиялық-геодезиялық қорды пайдалану;
2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы негiздемелердi, болжамдарды, бағдарламаларды жасау;
3) қала құрылысы, сәулет-құрылыс және өзге де жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын белгiленген тәртiппен әзiрлеу, сараптау, келiсу және бекiту;
4) жаңа құрылыстар салу, сондай-ақ бар құрылыстарды, үйлердi, ғимараттарды, инженерлiк және көлiк коммуникацияларын кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау, қалпына келтiру және күрделi жөндеу;
5) аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру мен көгалдандыру объектiлерiн салу;
6) аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қою;
7) объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жөнiнде жұмыс кешенiн жүргiзу;
8) ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-эксперимент жұмыстарын жүргiзу және олардың нәтижелерiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында пайдалану;
9) құрылыс процесiн технологиялық жағынан сүйемелдеудi қоса алғанда, қала құрылысы және сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыру болып табылады.
4-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң
субъектiлерi
Қазақстан Республикасының аумағында адамның мекендейтiн және тiршiлiк ететiн ортасын қалыптастыруға және дамытуға қатысатын мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi болып табылады.
Азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдiктер мен шетелдiк заңды тұлғаларға, егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiне қатысты жұмыстар (қызмет көрсету) Қазақстан Республикасының аумағында орындау құқығы заңдарда белгiленген тәртiппен берiлуi мүмкiн.
5-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң
объектiлерi
Мыналар сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң объектiлерi болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының аумағы;
2) облыстардың, аудандардың аумақтары;
3) елдi мекендердiң және олардың бөлiктерiнiң аумақтары;
4) функционалдық аймақтар;
5) тиесiлi технологиялық және инженерлiк жабдықтарымен ғимараттардың барлық түрлерiн қоса алғанда, жылжымайтын объектiлер;
6) арнайы экономикалық аймақтар;
7) мәртебесi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тарих және мәдениет, табиғи және қалалық ландшафт жылжымайтын ескерткiштерi.
6-бап. Ерекше реттелетiн сәулет, қала құрылысы және
құрылыс қызметi мен қала құрылысы
регламентациясының объектiлерi
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң ерекше реттелетiн және қала құрылысы регламентациясы объектiлерi:
1) ерекше реттелетiн және қала құрылысы регламентациясының аумақтық объектiлерiне;
2) ерекше реттелетiн және қала құрылысы регламентациясының елдi мекендерiне;
3) ерекше реттеудi және (немесе) қала құрылысы регламентациясын талап ететiн жекелеген жылжымайтын мүлiк объектiлерiне бөлiнедi.
2. Ерекше реттелетiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi мен қала құрылысы регламентациясының аумақтық объектiлерiне:
1) экологиялық апат және (немесе) төтенше жағдайлар аумақтары;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
3) тарихи және мәдени мұра объектiлерi және (немесе) қорғалатын ландшафтық объектiлер бар аумақтар;
4) сауықтыру, курорттық, рекреациялық және резервтiк мақсаттағы аумақтар;
5) қала маңы аймақтары шекарасы шегiндегi аумақтар;
6) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде ерекше реттелетiн аймақтарға жатқызылған өзге де аумақтар жатады.
3. Ерекше реттелетiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi мен қала құрылысы регламентациясының елдi мекендерiне:
1) Қазақстан Республикасының астанасы және республикалық маңызы бар басқа да қалалар;
2) халқының саны жүз мың тұрғыннан асатын қалалар;
3) курорттық қалалар мен кенттер;
4) тарихи, мәдени құндылықтар не қорғалатын ландшафтық объектiлер бар елдi мекендер, олардың бөлiктерi немесе оған iргелес жатқан аумақ, сондай-ақ қорықтар мен ұлттық парктердегі қоныстар;
5) әскери қалашықтар, шекара заставалары және өзге де жабық объектiлердегi қоныстар;
6) ерекше (төтенше) табиғи-климаттық, геотехникалық немесе гидрогеологиялық жағдайлары бар аудандарда, сондай-ақ экологиялық және техногендік зілзалалардан не өзге де қолайсыз құбылыстар мен процестердің әсер етуінен зақымданған аймақтарда орналасқан елді мекендер жатады.
4. Ерекше реттелетiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi мен қала құрылысы регламентациясының жылжымайтын мүлiк объектiлерiне:
1) тарих және мәдениет ескерткiштерi мен олардың ансамбльдерi;
2) мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi;
3) адамның өмiрi мен денсаулығына немесе қоршаған ортаға көрiнеу қауiп төндiретiн объектiлердi қоса алғанда, арнаулы мемлекеттiк немесе шаруашылық мiндеттердi орындау үшiн қажеттi ғимараттар жатады.
5. Ерекше реттеу режимi осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен белгiленедi.
2-тарау. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС
ҚЫЗМЕТIН ЖҮЗЕГЕ АСЫРҒАН КЕЗДЕ МЕКЕНДЕЙТIН ЖӘНЕ
ТIРШIЛIК ЕТЕТIН ҚОЛАЙЛЫ ОРТАНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
7-бап. Азаматтардың елдi мекендердегi қолайлы ортаға
құқықтары
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi нәтижелерiнiң тұтынушылары ретiнде азаматтардың:
1) мемлекеттiк қала құрылысы саясатының өндiргiш күштердi қоныстандыру мен орналастыру бөлiгiне, аумақтарды аймақтарға бөлуге қойылатын қала құрылысы талаптарына, экологиялық және санитариялық-гигиеналық қауiпсiздiк нормаларына және аталған жергiлiктi жердiң инфрақұрылыммен қамтамасыз етiлу деңгейiне сәйкес елдi мекеннiң (қоныстың) аумағы шегiнде осы мекенге қатысты мекендеу мен тiршiлiк етуге қолайлы ортаға;
2) демалу мақсаттарына арналған және тиiстi емдiк және санитариялық-гигиеналық жағдайлары, оқу-ағарту, мәдени-бұқаралық, спорт-сауықтыру және ойын-сауық iс-шараларын қоса алғанда, бос уақытты өткiзу жағдайлары, саяжайлық, бағбандық және бақшалық учаскелердi орналастыру мүмкiндiгi бар, табиғи-климаттық жағдайлары мен ландшафты мейлiнше қолайлы рекреациялық аумақтарды бөлу (бөлiп беру) арқылы демалуға құқығы бар.
Халықтың демалуына арналған аумақты таңдау кезiнде қорғалатын ландшафтық объектiлер мен (немесе) тарихи және мәдени құндылықтарға жатқызылған объектiлердiң болуы да ескерiлуге тиiс.
8-бап. Табиғи және техногендiк, антропогендiк
әсерлерден қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру халықтың, аумақтар мен елдi мекендердiң қауiптi (зиянды) табиғи және техногендiк, антропогендiк құбылыстар мен процестердiң әсер етуiнен қауiпсiздiгi жөнінде заңдарда белгiленген талаптарды қамтамасыз ету ережелерiне негiзделуге тиiс.
Осы талаптарды орындау жөніндегi шаралар мемлекеттiк нормативтермен реттелетiн жобалау құжаттамасында көрiнiс табуға тиiс.
2. Мемлекеттiк нормативтер (мемлекеттiк нормативтiк құжаттар) қала құрылысы мен сәулет-құрылыс құжаттамаларына халықты, елдi мекендердi және қонысаралық аумақтарды табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан болатын қауiптi (зиянды) әсерлерден қорғау жөніндегi шаралар туралы бөлiмдердi қамту мiндеттiлiгiн көздеуге тиiс.
3. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар, сондай-ақ техногендiк сипаттағы болжамды төтенше жағдайлар салдарынан болатын қауiптi (зиянды) әсерлерге ұшырайтын елдi мекендер мен аумақтар халықты және аумақтарды аталған әсерлерден қорғау жөніндегi кешендi жобалық құжаттамалармен қамтамасыз етiлуге тиiс.
4. Табиғи, техногендiк, антропогендiк сипаттағы әсерлерге ұшыраған елдi мекендерде болып өткен қауiптi (зиянды) құбылыстар мен процестер мониторингiнiң нәтижелері мемлекеттік қала құрылысы кадастрында базалық деңгейде көрсетiледi.
9-бап. Экологиялық қауiпсiздiк және қоршаған ортаны
қорғау жөнiндегi талаптар
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi оның қоршаған ортаға әсерiн бағалауды ескере отырып жүзеге асырылуға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық қауiпсiздiк пен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды көздеуге тиiс.
Аталған iс-шаралар әсер етудiң осы түрi үшiн заңдарда белгiленген нормативтерге және (немесе) мүмкiн болатын шектi деңгейге (жүктемеге) сәйкес қарастырылады және орындалады.
2. Қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасының құрамына қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөнiндегi жобалардың бөлiмдерi (бөлiктерi) енгiзiледi.
Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау жөніндегi жобалау құжаттамасының белгiленген тәртiппен бекiтiлген талаптарын (шарттарды, шектеулердi) орындау жобаларды iске асыруды жүзеге асыратын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң барлық субъектiлерi үшiн мiндеттi.
Экологиялық апат аймақтары деп жарияланған өнеркәсiптiк орталықтар немесе жекелеген өндірістiк кешендер бар аумақтар халықты және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кешенді жобалық құжаттамалармен қамтамасыз етiлуге тиiс.
3. Аумақтарда қала құрылысын дамытудың кешендi схемаларында, сондай-ақ аумақты дамытудың аймақаралық схемаларында, сондай-ақ аумақты дамытудың аймақаралық схемаларында қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдалану, сондай-ақ экологиялық зілзала және төтенше жағдайлар аймағын оңалту шаралары ескерілуге тиіс.
4. Аумақтың және (немесе) объектiнiң жол берiлетiн концентрациялар шегiнен тыс зиянды химиялық, биологиялық заттармен, жол берiлетiн шектi деңгейден тыс радиоактивтi заттармен ластану салдарынан аумақта бұрын туындаған не күтiлiп отырған (болжанып отырған), адам өмiрi мен денсаулығына төнетiн қауiп болған жағдайда, қала құрылысы құжаттамасында жобаның мұндай көздердi құрту (жою) жөніндегi шараларды, ластанған аумақтарды (объектiлердi) оңалтудың кешендi шараларын жүргiзе отырып, оларды тоқтатып қоюды, сондай-ақ азаматтардың (халықтың) қолайсыз аймақта уақытша болуын қоса алғанда, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң аумақты және объектiнi (объектiлердi) пайдаланудың ерекше режимiн енгiзу мүмкiндiгiн көздейтiн жобаның арнаулы бөлiмдерi (бөлiктерi) болуға тиiс.
10-бап. Тарихи, мәдени мұра объектiлерi мен
ландшафтарды сақтау жөнiндегi талаптар
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру заңдарда белгiленген тәртiппен тарихи, мәдени құндылықтар және қорғалатын ландшафтық объектiлер деп танылған аумақтар мен объектiлердiң сақталу
талаптарына
негiзделуге тиiс.
2. Тарих және мәдениет ескерткiштерi, қорғалатын табиғат объектiлерi бар аумақтарда ерекше реттелетiн шекара белгiленедi, оның шегiнде сәулет, Қала құрылысы және Құрылыс қызметін жүргiзуге тыйым салынады немесе шек қойылады.
3. Аталған аймақтар шегiндегi жердi пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
11-бап. Елдi мекендердi инфрақұрылым объектілерiмен
қамтамасыз ету және оларға қол жеткiзуге
жағдай жасау
1. Елдi мекендер не оның бiр бөлігiн жоспарлау және салу жөнiндегi қала құрылысы құжаттамасында (қала құрылысы жобаларында) әлеуметтiк, өндiрiстiк, рекреациялық, инженерлiк және көлік инфрақұрылымдарының құрамы мен құрылымы анықталуға, сондай-ақ:
1) қоныстандыру түрiн (рөлiн) ескере отырып, аумақты абаттандыру, көгалдандыру, инженерлiк жағынан дайындау қажеттi сервитуттар;
2) аумақта кешендi құрылыс салу;
3) халықтың әлеуметтiк, демографиялық және кәсiптiк түрлi топтарының мүдделерiн ескеру;
4) нормативтiк талаптарды (шектеулердi, шарттарды) сақтау;
5) қызмет көрсету саласында бәсекелестiк ортаны дамыту көзделуге тиiс.
2. Елдi мекендер қоныстану үлгiсiне және сол жердiң жағдайына сәйкес халықтың барлық санаттары үшiн (мүгедектер мен iс-қимылы шектеулi басқа да топтарды қоса алғанда) жұмыс орындарына, әлеуметтiк, рекреациялық, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымы объектiлерiне (ғимараттарына, коммуникацияларына) қол жеткiзуiн оңтайлы жағдайлармен және құралдармен қамтамасыз етiлуге тиiс.
3. Елдi мекендерге арналған қала құрылысы құжаттамаларында мүгедектердiң және халықтың iс-қимылы шектеулi басқа топтарының әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылым объектiлерiне қажеттерiн қамтамасыз етуге жағдай жасау жөнiндегi бөлiмдер мазмұндалуға тиiс.
4. Мемлекеттiк нормативтермен белгiленген қызмет көрсету деңгейiн төмендетуге әкеп соғатын халыққа қызмет көрсету объектiлерi мәнiнiң өзгертiлуiне жол берiлмейдi.
5. Қала құрылысы құжаттамасын әзiрлеу, елдi мекендердi жобалау мен салу кезiнде елдi мекеннiң жоспарлық құрылымымен өзара байланыстырылған және оның барлық қызмет ету аймақтарымен (қала маңындағы аймақтарды қоса алғанда), сондай-ақ сыртқы көлік объектiлерiмен байланысты қамтамасыз ететiн көлiк коммуникацияларының және көше-жол торабының бiрыңғай жүйесi көзделуге тиiс.
6. Қонысаралық аумақтарды игеруге (абаттандыруға, құрылыс салуға) арналған жобалау құжаттамасында адамдардың келуiмен байланысты кейiннен шаруашылық және (немесе) өзге де қызметтi жүзеге асыру мақсатында осы аумақта, инфрақұрылым объектiлерiнiң құрылысын қоса алғанда, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн тұрақты және қол жеткiзiлетiн жүйе көзделуге тиiс.
7. Инженерлiк инфрақұрылымның магистральды коммуникацияларының, басты ғимараттарының жобалау құжаттамасын әзiрлеу, салу, пайдалану және кейiннен кәдеге жарату кезiнде, сондай-ақ аумақтарды инженерлiк жағынан дайындау жұмыстарын жүргiзу кезiнде шектес аумақтардың мүдделерiн ескеретiн және аумақ пен халыққа қауiптi (зиянды) құбылыстар мен процестердiң әсер ету мүмкiндiгiн болғызбайтын шешiмдер қабылдануға тиiс.
8. Республикалық, аймақаралық және аймақтық инженерлiк және көлiк жүйелерiнiң бекiтiлген схемалары жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеуге, сондай-ақ тiршiлiктi қамтамасыз ету мен елдi мекендердi жайғастыру жүйесiн дамытуға бағытталған қызметке негiз болып табылады.
12-бап. Жер учаскелерiн пайдалану кезiнде қала құрылысы
талаптарын қамтамасыз ету
Меншiк иелерi не жер пайдаланушылар жер учаскелерiн құрылыс салу үшін (коммуникацияларды жүргізу, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру, көгалдандыру және учаскенi жайғастырудың басқа да түрлерiн қоса алғанда) пайдалануды заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген жобалау құжаттамасына сәйкес және нысаналы мақсатын немесе сервитутты, аумақты аймақтарға бөлуді, қызыл сызықтарды және құрылыс салуды реттеу сызықтарын, құрылыс салу мен оны пайдалану ережелерiн сақтай отырып қана жүзеге асыра алады.
13-бап. Жеке және заңды тұлғалардың сәулет, қала
құрылысы және құрылыс қызметі жөніндегi
шешімдердi талқылауға қатысуы
1. Қол жеткiзiлуi заң тәртiбiмен шектелген немесе мемлекеттiк құпияларға жатқызылған ақпаратты қоспағанда, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары өздерi мекендейтiн және тiршiлiк ететiн ортаның жай-күйi, оның сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнде белгiленiп отырған болжамды өзгерiстерi туралы толық, уақтылы және сенiмдi ақпарат алуға құқығы бар.
2. Жеке және заңды тұлғаларды өздерiнiң мекендейтiн және тiршiлiк ететiн ортасының жай-күйi туралы, сондай-ақ аумаққа құрылыс салу (қайта жоспарлау) жөніндегi ниеттерi туралы хабардар етудi бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе қоғамдық талқылау жүргізу, экспозициялар мен көрмелер арқылы жергілікті немесе орталық атқарушы органдар жүзеге асырады.
3. Қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасы бекiтiлгенге дейiн жеке және заңды тұлғалардың талқылауға қатысуға, қоғамдық немесе жеке мүдделердi қозғайтын, қабылданатын шешiмдердi өзгерту жөнiнде ұсыныстар енгiзуге құқығы бар.
4. Жобаланатын объектілер, мекендеу және тiршiлiк ету ортасының жай-күйi мен онда жасалмақшы болып отырған, мемлекеттiк нормативтерге немесе бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасына сәйкес келмейтiн, сондай-ақ тiкелей қоғамдық және жеке мүдделердi қозғайтын өзгерiстер туралы уәкiлеттi мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар жалған ақпараттар берген (қол жеткiзiлуi шектеулi санатқа жатқызылмаған сұратылған ақпаратты беруден бас тартқан) жағдайда, жеке және заңды тұлғалар сот органдарына жүгінуге құқылы.
5. Қала құрылысы, сәулет немесе құрылыс шешiмдерiн қабылдау кезiнде жеке және заңды тұлғалардың талқылауға қатысуы:
1) тiкелей қатысу;
2) өкілдiгi нысанында;
3) заңда тыйым салынбаған өзге де нысанда көрiнiс табады.
6. Егер сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметi осы аумақта азаматтардың, қоғамдық бiрлестiктердiң және заңды тұлғалардың мүдделерiн қозғаса, онда олардың:
1) заңдарды немесе мемлекеттiк нормативтердi бұза отырып жүзеге асырылатын объектiлердi орналастыру, жобалау, салу (реконструкциялау) немесе пайдалануға беру туралы шешiмнiң әкiмшiлiк немесе сот тәртiбiмен күшiн жоюға;
2) заңдарды немесе мемлекеттiк нормативтердi бұза отырып жүзеге асырылатын қызметке әкiмшiлiк немесе сот тәртiбiмен шектеу енгiзуге, тоқтата тұруға немесе тоқтатуға;
3) жергiлiктi сәулет және қала құрылысы, мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясы органдарының iс-әрекеттерiне, сондай-ақ жобаларды сараптау қорытындысына сот тәртiбiмен шағым жасауға;
4) субъектiлердiң немесе лауазымды адамдардың заңдарды немесе мемлекеттiк нормативтердi бұзуға жол беруiне байланысты азаматтардың денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеу туралы сотқа талап қоюға;
5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы заңдарды және мемлекеттiк нормативтердi бұзудың өзге де фактiлерi бойынша заңдарда белгiленген тәртiппен жүгiнуге құқығы бар.
3-тарау. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС
ҚЫЗМЕТI СУБЪЕКТIЛЕРIНIҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ,
МIНДЕТТЕРI МЕН ЖАУАПКЕРШIЛIГI
14-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi
субъектiлерiнiң құқықтары
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң заңдарда белгiленген тәртiппен:
1) тиiстi сәулет және қала құрылысы органдарынан, сондай-ақ мемлекеттiк қала құрылысы кадастры қызметтерiнен (қол жеткiзiлуге шек қойылған ақпараттарды немесе құжаттарды қоспағанда) жобалау алдындағы зерттеулерге, техникалық-экономикалық негiздеменi дайындауға, құрылыстағы инвестициялар негiздемесiне, аумақты игерудi жоспарлауға және (немесе) онда құрылыс салуға, объектiлердi жобалау мен салуға, сондай-ақ оларды кейiннен пайдалануға қажеттi ақпаратты (мәлiметтердi, деректердi, бастапқы материалдарды немесе құжаттарды) сұрауға және алуға;
2) қала құрылысы регламенттерi, сервитуттар немесе өзге де нормативтiк талаптар (шарттар, шектеулер) шегiнде меншiкке сатып алынған не иеленуге, пайдалануға берiлген жер учаскелерiн нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға құқығы бар.
15-бап. Сәулет және қала құрылысы туындысына
авторлық құқық
1. Сәулет және қала құрылысы туындысына авторлық құқық пен соған байланысты туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық
кодексiмен
, "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының
Заңымен
және осы Заңмен реттеледi.
2. Шығармашылық еңбегiнiң нәтижесiнде сәулет және (немесе) қала құрылысы туындысын жасаған азаматтар оның авторлары деп танылады және оларға тиiсiнше авторлық құқық беріледi.
3. Сәулет немесе қала құрылысы туындысы авторларының мүлiктiк құқықтары (Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда) оның:
1) жобаны пайдалану немесе іске асыру үшін пайдалануға рұқсат етуге;
2) сәулет немесе қала құрылысы жобасын жаңадан жасауды, таратуды және қайта өңдеудi жүзеге асыруға немесе оған рұқсат етуге;
3) аталған ерекше құқықтарын заңдарда көзделген тәртiппен басқа тұлғаларға беруге ерекше құқығы болып табылады.
4. Қызметтiк мiндеттердi немесе қызметтiк тапсырманы орындау ретiмен жасалған сәулет немесе қала құрылысы туындысының авторларына, егер шартта өзгеше көзделмесе, мүлiктiк құқықтар берiлмейдi.
Жобаның тапсырысшысы (жұмыс берушi) мен авторлар (тапсырысты орындаушылар) арасындағы шартта қызметтiк мiндеттердi немесе қызметтiк тапсырманы орындау ретiмен жасалған сәулет немесе қала құрылысы туындысын пайдалану жөнiндегi мүлiктiк құқықтарды реттеу туралы ереже болуға тиiс.
5. Сәулет немесе қала құрылысы туындыларының авторы:
1) егер құрылыс жобасын әзiрлеуге берiлген тапсырмада өзгеше көзделмесе, авторлық жобаны iске асыру жөніндегi құрылыс құжаттамасын әзiрлеуге авторлық қадағалауды жүзеге асыруға;
2) егер сәулет (қала құрылысы) жобасын әзiрлеуге берiлген тапсырмада өзгеше көзделмесе, объектiлер құрылысының (реконструкциялаудың, қалпына келтiрудiң, жаңғыртудың) барысына белгiлеген тәртiппен авторлық қадағалауды жүзеге асыруға;
3) егер жобаны әзiрлеуге арналған шартта немесе жобалауға берiлген тапсырмада өзгеше көзделмесе, сондай-ақ объектiде мемлекеттiк құпияларға жатқызылған ақпарат болмаса, суретке түсiрудi (кино-, бейне түсiрiлiм) жүргiзуге құқылы.
6. Автордың (авторлардың) сәулет және қала құрылысы туындыларына жеке мүлiктiк емес құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
16-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi
субъектiлерiнiң негiзгi мiндеттерi
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi:
1) қызметiн заңдарға және мемлекеттiк нормативтерге (мемлекеттiк нормативтiк құжаттарға) сәйкес жүзеге асыруға;
2) өздерiнiң меншiгiндегi (иелiгiндегi, қолдануындағы) пайдаланылушы объектiлердi олардың азаматтар үшiн қауiпсiздiгiн, эстетикалық талаптарды қоса алғанда, нормативтiк және басқа да мiндеттi талаптарға сәйкес тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн лайықты жағдайда ұстауға мiндеттi.
17-бап. Субъектiлердiң сәулет, қала құрылысы және
құрылыс қызметi туралы заңдарды бұзғандық
үшiн жауапкершiлiгi
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдарда белгіленген нормалар мен талаптарды (шарттарды, ережелерді, шектеулердi) бұзуға жол берген оның субъектiлерiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Аталған бұзушылықтарға мыналар жатады:
1) сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiне жататын жобалау-iздену, сараптама, құрылыс-монтаж жұмыстарының, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiру жөнiндегi жұмыстардың (көрсетiлетiн қызметтердiң) лицензияланатын түрлерiн лицензиясыз жүзеге асыру;
2) аумақтардың, қала құрылысы регламенттерiнiң бекiтiлген жұмыс iстеу мақсатынан, қала құрылысын ерекше реттеу аймақтарында белгiленген режимнен ауытқу;
3) қала құрылысы мақсаттарына арналған жер учаскелерiн таңдау мен берудiң (пайдалануға рұқсат етудiң), сондай-ақ алып қоюдың заңдарда белгiленген тәртiбiнен ауытқу;
4) қала құрылысы, сәулет-құрылыс және өзге де жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеудiң, келiсудiң, сараптамадан өткiзудiң және бекiтудiң белгiленген тәртiбiнен ауытқу, нақ сол сияқты заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген құжаттамадан ауытқу не бекiткен инстанцияның рұқсатынсыз оған өзгерiстер енгiзу;
5) заңдарда белгiленген тәртiппен рұқсат алмай құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзу;
6) осы заңда мiндеттiлiгi көзделген жағдайда, құрылысты сәулет-құрылыс бақылауын, техникалық және авторлық қадағалауларды қатар жүргiзбей жүзеге асыру;
7) өз бетiнше құрылыс салу, нақ сол сияқты үйлердiң, жекелеген үй-жайлардың және (немесе) үй бөліктерiнiң сәулеттiк келбетiн өзгерту, қайта жоспарлау (қайта жабдықтау, қайта бейiмдеу);
8) елдi мекендердi жоспарлау мен салу кезiнде сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары аймақтарда белгiленген сызықтар мен құрылыс салу сызықтарынан, сондай-ақ сары сызықтардан ауытқу;
9) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы, сондай-ақ объектiнi салу және кейiннен пайдалану процесiнде еңбек қорғау, өрт және жарылыс қауiпсiздiгi, санитариялық және экологиялық қауiпсiздiк жөнiндегi мемлекеттiк нормативтердi сақтамау;
10) құрылысы аяқталған объектiлердi қабылдау мен пайдалануға берудiң, сондай-ақ пайдалану процесiнде оларды күтiп-ұстаудың заңдарда белгiленген тәртiбiн бұзу;
11) лауазымды адамдардың елдi мекендердi (елдi мекеннiң бөлiктерiн) жоспарлауға және салуға (реконструкциялауға) байланысты шешiмдердiң әзiрленуi мен қабылдануы, жобаланып отырған объектiлер туралы, сондай-ақ мекендейтiн және тiршiлiк ететiн ортаның жай-күйi мен оған қоғамдық және жеке мүдделердi тiкелей қозғайтын, көзделiп отырған өзгерiстер туралы ақпарат беруден негiзсiз бас тартуы не жалған ақпарат беруi;
12) мекендеу және тiршiлiк ету ортасының жай-күйiнiң нашарлауына, азаматтар мен тұтас алғанда қоғамның құқықтарына және заңды мүдделерiне нұқсан келтiруге, Қазақстан Республикасының
заң актілерінде
көзделген жауаптылыққа әкеп соғатын мемлекеттік мүдделерге зиян келтiруге себеп болатын өзге де әрекеттер.
2. Жiберiлген жолсыздықты және оның зардаптарын жою, сондай-ақ келтiрiлген залалдың (зиянның) орнын толтыру жөніндегi мiндеттер аталған жолсыздыққа жол берген субъектiге жүктеледi.
3. Сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметi субъектiлерiнiң жол берген бұзушылықтары салдарынан салынған объектiнi пайдаланудың кепiлдi мерзiмiн сақтамау фактiлерi Қазақстан Республикасының Азаматтық
кодексiнiң
нормаларына, сондай-ақ осы Заңның 69-бабына сәйкес белгiленедi.
4-тарау. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС
САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК БАСҚАРУ
18-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi
саласындағы мемлекеттiк басқару органдары
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы реттеудi жүзеге асыратын, сондай-ақ бақылау-қадағалау мiндеттерiн атқаратын мемлекеттiк басқару органдары:
1) Қазақстан Республикасының Үкiметi;
2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган және оның аумақтық бөлiмшелерi;
3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы қатынастарды мемлекеттiк реттеуге сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiмен сабақтас болып табылатын мәселелер бойынша өздерiнiң арнаулы өкiлеттiктерi шегiнде ғана қатысатын өзге де орталық атқарушы органдар;
4) өздерiнiң арнаулы өкiлеттiктерi шегiнде жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар;
5) жергiлiктi сәулет, қала құрылысы және құрылыс органдары болып табылады.
19-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң сәулет, қала
құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы
құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкiметi сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында мемлекеттiк саясатты жүргiзедi;
2) аумақтарды, елдi мекендердi игеру мен дамытудың басым бағыттары жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды Қазақстан Республикасының Президентiне бекiтуге ұсынады;
3) өндiргiш күштердi қоныстандыру және орналастыру жүйесiн қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасының негiзгi ережелерiн, республикалық маңызы бар қала құрылысы регламенттерiн, өндірістiк, әлеуметтiк, рекреациялық, инженерлiк және көлік инфрақұрылымдарын дамытудың, сондай-ақ республикалық және аймақаралық маңызы бар ерекше реттелетiн қала құрылысының аумақтары мен объектiлерiнiң схемалары мен жобаларын бекiтедi және iске асырады;
4) республикалық және аймақаралық маңызы бар ерекше реттелетiн қала құрылысының аумақтары мен объектiлерiнiң шекарасын белгiлейдi;
5) Қазақстан Республикасы астанасының, республикалық маңызы бар басқа да қалалардың, халық саны жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларын, облыстар аумақтарында қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасын, өзге де жалпы мемлекеттiк, мемлекетаралық немесе аймақаралық маңызы бар қала құрылысы мен сәулет-құрылыс құжаттамасын, сондай-ақ оларға өзгерiстер енгiзудi бекiтедi;
6) сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асырудың, мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргiзудiң, жаңа объектiлер салуға және жұмыс iстеп тұрғандарын өзгертуге рұқсат ететiн рәсiмдердiң бiрыңғай тәртiбiн белгілейдi;
7) мемлекеттiк және аймақаралық маңызы бар аумақтарды қала құрылысына игеру кезiнде аумақтар мен табиғи ресурстардың ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады;
8) жалпы мемлекеттiк және мемлекетаралық маңызы бар объектiлердi жобалау мен салу туралы шешiм қабылдайды, мемлекеттiк қабылдау комиссияларын құрады;
9) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында мемлекеттiк саясатты жүргiзу мен мемлекеттiк бағдарламаларды iске асыру кезiнде министрлiктердiң, басқа да орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылық етедi және олардың iс-қимылын үйлестiрудi жүзеге асырады;
10) құрылыс-монтаж жұмыстары құрамындағы жұмыстар (көрсетiлетiн қызметтер) түрлерiнiң тiзбесiн бекiтедi;
11) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы әлеуетiн басымдықпен пайдалану туралы заң актiлерi талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
12) заңдарда белгiленген тәртiппен дүниежүзiлiк және республикалық маңызы бар объектiлерге жатқызылған тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiн қорғау мен күтiп ұстау ережелерiн белгiлейдi;
13) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актілер шығарады;
14) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы ынтымақтастық туралы үкiметаралық келiсiмдердiң орындалуын қамтамасыз етедi;
15) мемлекеттiк сараптама жүргiзу және мемлекеттiк инвестициялар есебiнен салынып жатқан жобаларды бекiту тәртiбiн белгiлейдi.
20-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi
жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның
құзыретi
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның құзыретiне:
1) сәулет, қала құрылысы, құрылыс, құрылыс индустриясының өндiрiстiк базасын дамыту саласындағы мемлекеттiк саясатты жүргiзу;
2) құнды сәулет-қала құрылысы мұрасының сақталуын, сәулет пен қала құрылысында ұлттық және мәдени дәстүрлердiң дамуын ескере отырып, аумақтарды және елдi мекендердi игеру мен дамытудың басым бағыттары бойынша мемлекеттiк бағдарламалар әзiрлеу;
3) заңдарда көзделген шекте салааралық үйлестiрудi жүргiзу мен сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында мемлекеттiк саясатты жүзеге асыруға басшылық жасау;
4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн мемлекеттiк реттеу әдiстерiн әзiрлеу;
5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеу және оларды келiсу;
6) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында нормативтiк құқықтық актiлердi, нормативтiк-техникалық құжаттарды заңдарда белгiленген тәртiппен әзiрлеу, бекiту және қолданысқа енгiзу;
7) құрылыстағы мемлекетаралық (халықаралық) және мемлекеттiк стандарттарды белгiленген тәртiппен әзiрлеу, бекiту және қолданысқа енгiзу;
8) республикалық маңызы бар қалалардың, халқы жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының жобаларына, Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн өзге де қала құрылысы құжаттамасына кешендi қала құрылысы сараптамасын ұйымдастыру мен жүргiзу;
9) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiндерiн қоспағанда, мемлекеттiк, аймақаралық немесе мемлекетаралық (халықаралық) маңызы бар объектiлердiң құрылысына (аумақтарда құрылыс салуға) арналған қала құрылысы, сәулет-құрылыс және өзге де жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын қарау және бекiту;
10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн лицензиялауды, өтiнiш берушiлердiң (лицензияға талапкерлердiң) және (немесе) лицензиаттардың бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуiне сарапшылық бағалау жүргiзу үшiн жеке және заңды тұлғалардың тiркелуiн жүзеге асыру;
11) жобалау құжаттамасының сапасын қадағалауды, жобаларға мемлекеттiк сараптама жүргiзуге басшылық жасауды, сондай-ақ мемлекеттiк емес сараптама орталықтарын тiркеудi және сарапшыларды аттестациялауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру;
12) қала құрылысы және сәулет-құрылыс тәртiбiнiң сақталуын, Қазақстан Республикасының аумағында құрылыс сапасын қадағалауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру және сәулет-құрылыс бақылау жүйесiне басшылық жасау;
13) республикалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының жүргiзiлуiн бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру;
14) сәулет және қала құрылысының облыстық және республикалық маңызы бар қалалық органдарының, облыстық және базалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастры қызметтерiнiң қызметiне ұйымдық және әдiстемелiк басшылық жасау;
15) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында белгіленген заң нормаларын, мемлекеттiк нормативтiк талаптарды, шарттар мен шектеулердi бұзушыларға жол берiлген бұзушылықтар мен ауытқуларға байланысты заңдарда көзделген шараларды қолдану туралы шешімдер қабылдау;
16) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру жатады.
21-бап. Облыстық мәслихаттардың сәулет, қала құрылысы
және құрылыс қызметi саласындағы құзыретi
Облыстық мәслихаттардың тиiстi аумақта жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне:
1) облыс аумағының қала құрылысын жоспарлаудың (облыстың аудандық жоспарлау жобасының), облыстық маңызы бар қалалардың (республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда) бас жоспары жобасының кешендi схемасын мақұлдау;
2) облыс әкiмi ұсынатын аумақты әлеуметтiк-экономикалық дамытудың аймақтық бағдарламалары құрамында орындалған әкiмшiлiк бөлінiс қарамағындағы аумақтық қала құрылысын жоспарлаудың (аудандық жоспарлау жобаларының) кешендi схемаларын бекiту;
3) облыстық маңызы бар қалалардың, қала үлгiсiндегi кенттердiң және селолық елдi мекендердiң бас жоспарларын бекiту;
4) қарамағындағы аумақта қолданылып жүрген құрылыс салудың, аумақты абаттандыру мен инженерлiк жағынан қамтамасыз етудiң, сондай-ақ тұрғын үй қорын, өзге де тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттарды, инженерлiк коммуникацияларды күтiп ұстаудың ережелерiн бекiту;
5) тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөнiндегi облыстық комиссияларды құру және бекiту;
6) тарих және мәдениет ескерткiштерiн, облыстық маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн қорғау мен күтiп ұстаудың аумақтық ережелерiн белгiлеу кiредi.
22-бап. Қалалық мәслихаттардың сәулет, қала құрылысы
және құрылыс қызметi саласындағы құзыретi
1. Республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының қала аумағында және қала маңы аймағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне:
1) Қазақстан Республикасының Yкiметiне әкiм ұсынған қаланың бас жоспарының жобасын, заң тәртiбiмен қала ықпал ететiн аймаққа жатқызылған жапсарлас аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың (аудандық жоспарлау жобасының) кешендi схемасын мақұлдау;
2) қала әкiмi ұсынатын құрылыс салу, қаланы абаттандыру және инженерлiк жағынан қамтамасыз ету ережелерiн бекiту;
3) қала әкiмi ұсынатын тұрғын үй қорын, өзге де үйлер мен тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттарды, инженерлiк коммуникацияларды күтiп ұстау ережелерiн бекiту;
4) тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөніндегi қалалық комиссияларды құру мен бекiту;
5) қалалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн қорғау мен күтiп ұстаудың аумақтық ережелерiн белгiлеу кiредi.
2. Халқы жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының қала аумағы мен қала маңы аймағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне:
1) қаланың (облыс орталығын қоспағанда) бас жоспарының жобасын, заң тәртiбiмен қала ықпал ететiн аймаққа жатқызылған жапсарлас аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың (аудандық жоспарлау жобасының) кешендi схемасын облыстық мәслихаттың бекiтуiне енгiзу;
2) қала әкiмi ұсынатын қарамағындағы аумақты әлеуметтiк-экономикалық дамыту бағдарламаларын бекiту;
3) құрылыс салудың, қаланы және қала маңы аймағын абаттандыру мен инженерлiк жағынан қамтамасыз етудiң, сондай-ақ тұрғын үй қорын, өзге де үйлер мен тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттарды, инженерлiк коммуникацияларды күтiп ұстаудың аумақтық ережелерiн бекiту;
4) тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөнiндегi қалалық комиссияларды құру мен бекiту;
5) қарамағындағы аумақтағы тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн қорғау мен күтiп ұстаудың аумақтық ережелерiн белгiлеу кiредi.
23-бап. Аудандық мәслихаттардың сәулет, қала құрылысы
және құрылыс қызметi саласындағы құзыретi
Аудандық мәслихаттардың тиiстi аумақта жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне:
1) қарамағындағы аумақты әлеуметтiк-экономикалық дамыту бағдарламаларының құрамындағы аудан әкiмi ұсынатын қала құрылысы жобаларын, сондай-ақ инженерлiк жағынан қамтамасыз ету мен коммуникациялардың схемаларын бекiту;
2) қарамағындағы аумақтағы елдi мекендерде құрылыс салу және оларды абаттандыру ережелерiн бекiту;
3) тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөнiндегi аудандық комиссияларды құру мен бекiту;
4) қарамағындағы аумақтағы тарих және мәдениет ескерткiштерiн, жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектілерiн қорғау мен күтiп ұстау ережелерiн белгiлеу кiредi.
24-бап. Облыс әкiмдерiнiң сәулет, қала құрылысы және
құрылыс қызметi саласындағы құзыретi
1. Облыс әкiмдерiнiң облыс қарамағындағы (республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда) аумақта жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне:
1) аумақтарда қала құрылысын жобалаудың (облысты немесе оның бiр бөлігiн аудандық жоспарлау жобасының) кешендi схемасын, облыс аумағындағы (республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда) елдi мекендердiң белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарларын iске асыру жөніндегi қызметтi үйлестiру;
2) облысты әлеуметтiк-экономикалық дамыту бағдарламаларының құрамындағы аумақтардың қала құрылысын дамытудың кешендi схемаларын (қарамағындағы әкiмшiлiк бөлiнiстердi аудандық жоспарлау жобаларын), сондай-ақ халық саны жүз мың тұрғынға дейiнгi облыстық маңызы бар қалалардың, қала үлгiсiндегi кенттер мен селолық елдi мекендердiң бас жоспарларының жобаларын әзiрлеудi ұйымдастыру және оларды облыстық мәслихаттың бекiтуiне ұсыну, олардың шекараларын белгiлеу мен өзгерту;
3) аумақтарда құрылыс салудың, абаттандыру мен инженерлiк жағынан қамтамасыз етудің аумақтық ережелерiн, сондай-ақ тұрғын үй қорын, өзге де үйлердi және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттарды, инженерлiк коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн сақтау мен күтiп ұстау ережелерiн облыстық мәслихаттың бекiтуiне ұсыну;
4) облыстық мәслихатқа Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қарамағындағы әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң шекараларын белгiлеу немесе өзгерту жөнiнде қала құрылысынан туындайтын факторларға байланысты ұсыныстар енгiзу;
5) республикалық маңызы бар қалалардың оларды облыс аумақтары, резервтiк аумақтар, қала маңындағы аймақ, сондай-ақ заң арқылы қала ықпал ететiн аймаққа жатқызылған өзге де аумақтар есебiнен дамыту бөлiгiндегi бас жоспарларының жобаларына келiсiм беру;
6) облыстық маңызы бар қалалар бас жоспарының жобаларына келiсiм беру;
7) облыстық мәслихатқа тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөнiндегi комиссиялар құруға ұсыныстар енгiзу;
8) облыс аумағында мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау органдарының жұмысына, мемлекеттiк сараптама жобаларына жәрдем көрсету;
9) аумақта жоспарланып отырған құрылыс салу не өзге де қала құрылысының өзгерiстерi туралы халыққа хабарлап отыру кiредi.
2. Облыс әкiмдерiнiң облыс қарамағындағы аумақта (республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда) жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне:
1) елдi мекендердiң бекiтiлген бас жоспарларын (қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасын, жоспарлау жобаларын) дамыту үшiн әзiрленiп жатқан қала құрылысы жобаларын iске асыру;
2) облыстық бюджет қаражаты есебiнен не оның қатысуымен объектiлер салу үшiн әзiрленген жобаларды iске асыру;
3) қарамағындағы аумақта құрылыс салу немесе өзге де қала құрылысын игеруге арналған жер учаскелерiн таңдау, беру (бөліп беру), ал заңда белгіленген жағдайларда мемлекеттiк қажеттiлiктер үшiн алып қою жөнінде шешiмдер қабылдау;
4) құрылыстарды, үйлердi, ғимараттарды, инженерлiк және көлік коммуникацияларын салу, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау, қалпына келтiру және күрделi жөндеу туралы, сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру, аяқталмаған объектілер құрылысын тоқтатып қою, облыстық бюджеттен қаржыландыру көзделген объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жөнiндегi жұмыстар кешенiн жүргiзу туралы шешiмдер қабылдау;
5) облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс органдарына, мемлекеттiк қала құрылысы кадастры қызметiне басшылық жасау;
6) пайдалануға берiлетiн объектiлердi (кешендердi) заңдарда белгiленген тәртiппен қабылдау және тiркеу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру;
7) қарамағындағы аумақта тұрғын үй қорын, коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектілерiн сақтауды ұйымдастыру және олардың нормативпен күтiп ұсталуына (қолданылуына, пайдалануына) бақылау жүргiзу;
8) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген өкiлеттiктерi шегiнде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы басқа да мәселелердi шешу кiредi.
25-бап. Қала (астана, республикалық, облыстық және
аудандық маңызы бар қалалар) әкiмдерiнiң
сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi
саласындағы құзыретi
Қала (астана, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар) әкiмдерiнiң қарамағындағы аумақта белгiленген шекара шегiнде жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне:
1) қаланың заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарын, заңдарда белгiленген тәртiппен қала ықпал ететiн аймаққа жатқызылған жапсарлас аумақтардағы қала құрылысының кешендi схемасын (аудандық жоспарлау жобасын) iске асыру жөнiндегi қызметтi үйлестіру;
2) қаланың бас жоспары жобасын, қала шегi мен қала маңындағы аймақ шекарасының, сондай-ақ қарамағындағы әкiмшiлiк аудандар мен серiктес елдi мекендердiң шекарасын белгiлеу мен өзгерту жобаларын әзiрлеудi ұйымдастыру;
3) қалалық мәслихаттың бекiтуiне қаланы әлеуметтiк-экономикалық дамыту бағдарламаларының құрамындағы қала құрылысы құжаттамасын ұсыну;
4) қалалық мәслихаттың бекiтуiне қарамағындағы аумақта құрылыс салудың, оны абаттандыру мен инженерлiк жағынан қамтамасыз етудiң қалалық ережелерiн ұсыну;
5) қалалық мәслихатқа тұрғын үй қорын, өзге де үйлер мен тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттарды, инженерлiк коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн сақтау мен күтiп ұстау ережелерiн белгiлеу жөнінде ұсыныстар енгiзу;
6) қалалық мәслихатқа тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөніндегi комиссиялар құруға ұсыныстар енгiзу;
7) қарамағындағы аумақтағы мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау органдарының жұмысына, мемлекеттік сараптама жобаларына жәрдем көрсету;
8) аумақта жоспарланып отырған құрылыс салу не өзге де қала құрылысының өзгерістері туралы халыққа хабарлап отыру;
9) қаланың және қала маңындағы аймақтың бекiтiлген бас жоспарын (қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасын, жоспарлау жобаларын) дамыту үшiн әзiрленiп жатқан қала құрылысы жобаларын бекiту және iске асыру;
10) қалалық бюджет қаражаты есебiнен не оның қатысуымен объектiлердiң құрылысы үшiн әзiрленген жобаларды бекiту және iске асыру;
11) қарамағындағы аумақта құрылыс салуға немесе өзге де қала құрылысын игеруге арналған жер учаскелерiн таңдау, беру, ал заң актiлерiнде көзделген жағдайларда мемлекеттiк қажеттерге алып қою жөнінде шешiмдер қабылдау;
12) қалалық бюджеттен қаржыландыру көзделген құрылыстарды, үйлердi, ғимараттарды, инженерлiк және көлiк коммуникацияларын салу, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау, қалпына келтiру және күрделi жөндеу туралы, сондай-ақ аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру, құрылысты (объектiнi) тоқтатып қою, объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жөнiнде жұмыстар кешенiн жүргiзу туралы шешiмдер қабылдау;
13) қалалық сәулет, қала құрылысы және құрылыс органдарына басшылық жасау;
14) пайдалануға берiлетiн объектiлердi (кешендердi) заңдарда белгiленген тәртiппен қабылдау және тiркеу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру;
15) тұрғын үй қорын, коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн сақтауды және олардың нормативпен күтiп ұсталуына (қолданылуына, пайдаланылуына) бақылау жүргiзудi ұйымдастыру;
16) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген өкiлеттiктерi шегiнде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы басқа да мәселелердi шешу жатады.
26-бап. Аудан (қала аудандарын қоспағанда) әкiмдерiнiң
сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi
саласындағы құзыретi
1. Аудан (қала аудандарын қоспағанда) әкiмдерiнiң қарамағындағы аумақта жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы құзыретiне:
1) заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген аудан аумағының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасын (аудандық жоспарлау жобасын), селолық елдi мекендердiң бас жоспарларын iске асыру жөніндегi қызметтi үйлестiру;
2) ауданның әлеуметтiк-экономикалық даму бағдарламаларының құрамындағы қала құрылысы құжаттамасын, қарамағындағы аумақта құрылыс салудың, оны абаттандыру мен инженерлiк жағынан қамтамасыз етудiң ережелерiн аудандық мәслихаттың бекiтуiне ұсыну;
3) аудандық мәслихатқа қарамағындағы аумақта орналасқан тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау комиссияларын құру, тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн қорғау мен күтiп ұстау ережелерiн белгiлеу жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
4) аудан аумағындағы мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау органдарының жұмысына, мемлекеттiк сараптама жобаларына жәрдемдесу;
5) аумақта жоспарланып отырған құрылыс салу не өзге де қала құрылысының өзгерiстерi туралы халыққа хабарлап отыру;
6) аудан бюджетiнiң қаражаты есебiнен не оның қатысуымен заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген қала құрылысы және өзге де объектiлердiң құрылыс жобаларын iске асыру;
7) аудан бюджетiнен қаржыландыру көзделген құрылыс, аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру, аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қою, объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жөнiнде жұмыстар кешенiн жүргiзу туралы шешiмдер қабылдау;
8) жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органына, мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының аудандық қызметiне басшылық жасау;
9) пайдалануға берiлетiн объектiлердi (кешендердi) заңдарда белгiленген тәртiппен қабылдау және тiркеу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру;
10) тұрғын үй қорын, коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн сақтауды және олардың күтiп ұсталуына (қолданылуына, пайдаланылуына) бақылау жүргiзудi ұйымдастыру;
11) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген өкiлеттiктерi шегiнде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы басқа да мәселелердi шешу жатады.
27-бап. Жергiлiктi сәулет және қала құрылысы
органдарының құзыретi
1. Жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдары (қызметтерi) қарамағындағы аумақта сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн мемлекеттiк реттеудi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын тиiстi жергілiктi атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерi болып табылады.
2. Облыстық сәулет және қала құрылысы органдарының құзыретiне:
1) қарамағындағы аумақта мемлекеттiк сәулет, қала құрылысы және құрылыс саясатын жүргiзу;
2) төмен тұрған сәулет және қала құрылысы органдарының қызметiн үйлестiру;
3) облыс аумағында қала құрылысын игеру кезiнде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдар нормаларының, мемлекеттiк нормативтердiң және белгiленген тәртiппен бекiтiлген сәулет, қала құрылысы, құрылыс құжаттамасы мен өзге де жобалау құжаттамасының сақталуына мемлекеттiк бақылауды қамтамасыз ету;
4) бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасына сәйкес құрылыс жобаларын, қала құрылысы тәртiбiн, құрылыс салудың аумақтық ережелерiн сақтай отырып iске асыруды қадағалауды жүзеге асыру;
5) жергiлiктi атқарушы органдарға объектiлер мен кешендердi орналастыру жөнінде ұсыныстар дайындау;
6) қарамағындағы аумақта сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк, қоғамдық және жеке мүдделердi қорғау мәселелерi бойынша жобаларға мемлекеттiк сараптама жүргiзудiң, мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясының республикалық және аумақтық бөлiмшелерiмен және лицензиялау органдарымен өзара iс-қимыл жасау;
7) облыстық деңгейде мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргізу;
8) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдарға қайшы келмейтiн, осы органдар туралы ережелерде белгiленген өзге де мiндеттердi атқару жатады.
3. Республикалық маңызы бар қалалардың, облыстық маңызы бар қалалардың сәулет және қала құрылысы органдарының, сондай-ақ аудандық және өзге де жергілiктi сәулет және қала құрылысы органдарының (қызметтерiнiң) құзыретiне:
1) тиiстi аумақта мемлекеттiк сәулет, қала құрылысы және құрылыс саясатын жүргiзу;
2) қала аумағы мен қала маңы аймағында қала құрылысын игеру кезiнде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдар нормаларының, мемлекеттiк нормативтердiң және заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген сәулет, қала құрылысы, құрылыс құжаттамасы мен өзге де жобалау құжаттамасының сақталуына мемлекеттiк бақылауды қамтамасыз ету;
3) бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасына сәйкес құрылыс жобаларын, қала құрылысы тәртiбiн, құрылыс салудың қалалық ережелерiн iске асыруды қадағалауды жүзеге асыру;
4) қала әкiмiне объектiлер мен кешендердi орналастыру, қала құрылысы мақсатына арналған жер учаскелерiн беру және оларды Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда мемлекет қажеттерi үшiн алып қою жөнінде ұсыныстар дайындау;
5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы мемлекеттiк, қоғамдық және жеке мүдделердi қорғау мәселелерi бойынша жобаларға мемлекеттiк сараптау жүргiзудiң, мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясының республикалық және аумақтық бөлiмшелерiмен және лицензиялау органдарымен өзара iс-қимыл жасау;
6) тиiстi деңгейде мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргiзу;
7) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдарға қайшы келмейтiн, осы органдар туралы ережелерде белгiленген мiндеттердi атқару жатады.
4. Облыстық және республикалық маңызы бар қалалық сәулет және қала құрылысы органдары, облыстық (республикалық маңызы бар қалалық) деңгейдегі мемлекеттiк қала құрылысы кадастры қызметiн қоса алғанда, өздерiнiң құзыретiне жатқызылған мемлекеттiк реттеу мәселелерi жөніндегi қызметiнде сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның алдында есеп бередi және оған әдiстемелiк тұрғыдан бағыныста болады.
5. Аудандық және қалалық (республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда) сәулет және қала құрылысы органдары, базалық деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастры қызметін қоса алғанда, өздерiнiң құзыретiне жатқызылған мемлекеттiк басқару мәселелерi жөнiндегi қызметiнде жоғары тұрған сәулет және қала құрылысы органдарының алдында есеп бередi.
6. Селолық елдi мекендердiң сәулет және қала құрылысы қызметтерi облыстық сәулет және қала құрылысы органының келiсiмi бойынша аталған қоныстар орналасқан аумақтағы аудан әкiмiнiң шешiмiмен құрылады.
7. Облыстық және республикалық маңызы бар қалалық сәулет және қала құрылысы органының басшылары лауазымы бойынша тиiсiнше облыстың және республикалық маңызы бар қаланың бас сәулетшiсi болып табылады.
8. Аудандық, қалалық немесе өзге де жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарын (қызметтерiн) тиiсiнше аудандардың, қалалардың немесе өзге де елдi мекендердiң бас сәулетшiлерi (сәулетшiлер) басқарады.
5-тарау. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС
САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК НОРМАТИВТЕР
28-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы
нормативтiк құжаттардың мемлекеттiк жүйесi
1. Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн мемлекеттiк реттеу сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдардың, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтiк құжаттар жүйесiнiң қолданылуымен қамтамасыз етiледi.
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтер (мемлекеттiк нормативтiк құжаттар) Қазақстан Республикасы заңдарының құрамдас бөлiгi болып табылады.
2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтiк құжаттар жүйесi:
1) мемлекеттiк қала құрылысы нормативтерi мен регламенттерiн;
2) мемлекеттiк құрылыс нормалары мен ережелерiн, құрылыс нормаларын, жобалау және құрылыс жөнiндегi ережелер жинағын, технологиялық жобалау нормаларын;
3) құрылыстағы мемлекеттiк стандарттарды және техникалық талаптарды;
4) құрылыста басшылыққа алынатын республикалық құжаттарды;
5) мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау нормативтерiн;
6) құрылыстағы өзге де мемлекеттiк қадағалау органдарының нормативтерiн қамтиды.
3. Халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қолданысқа енгiзiлген мемлекеттiк нормативтiк құжаттар жүйесi, сондай-ақ:
1) мемлекетаралық құрылыс нормалары мен ережелерін;
2) құрылыстағы мемлекетаралық стандарттарды;
3) жобалау және құрылыс жөнiндегi мемлекетаралық ережелер жинағын қамтиды.
4. Мыналар мемлекеттiк нормалау объектiлерi болып табылады:
1) қоныстандыру жүйелерi, елдi мекендер мен олардың бөлiктерi;
2) үйлердiң, ғимараттардың және өзге де құрылыстардың, сондай-ақ жекелеген үй-жайлардың сәулеттiк, технологиялық, инженерлiк және құрылыстық бөлiгi;
3) үйлердiң, ғимараттардың және өзге де құрылыстардың инженерлiк және (немесе) технологиялық жабдықтары;
4) құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкциялары;
5) қала құрылысы, сәулет-құрылыс және өзге де жобалау-сметалық, құжаттамасы.
5. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтердi сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң барлық субъектiлерiнiң, сондай-ақ жылжымайтын мүлiк объектiлерiнiң оларды пайдалану және күтiп ұстау бөлігiнде меншiк иелерi мен пайдаланушыларының (жалдаушылардың, жалға алушылардың) сақтауы мiндеттi болып табылады.
6. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтер сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi мәселелерi жөнiнде орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, өзге де мемлекеттiк басқару және бақылау органдарының заңдарда белгiленген тәртiппен шешiмдер шығаруына негiз болып табылады.
7. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтiк құжаттарды бекiткен мемлекеттiк басқару органдары нормативтiк талаптардың техникалық, экономикалық және әлеуметтiк жағынан негiздiлiгi мен олардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестiгi үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен жауапты болады.
8. Мемлекеттiк нормативтердi әзiрлеу, келiсу, бекiту, тiркеу және қолданысқа енгiзу (қолданылуын тоқтата тұру, күшiн жою) тәртiбiн аталған мәселелер құзыретiне кiретiн басқа орталық атқарушы органдармен келiсiм бойынша, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
29-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы
мемлекеттiк нормативтiк құжаттардың түрлерi
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтер:
1) құрылыс өнімдерiн стандарттау және сертификаттау, геодезиялық жұмыс, жобалау мен құрылыс салуға арналған инженерлiк iздену, құрылыс жүргiзудi ұйымдастыру, пайдалануға қабылдау, құрылыстағы қауiпсiздiк техникасы нормативтерiн қамтитын ұйымдастыру-әдiстемелiк нормативтiк құжаттарға;
2) ғимараттар берiктiгiнiң, өрт және жарылыс қауiпсiздiгiнiң негiзгi ережелерiн, табиғи, антропогендiк және техногендiк сипаттағы қауiптi (зиянды) әсерлерден қорғауды, құрылыс материалдарының, бұйымдары мен конструкцияларының технологиялық рұқсат шегiн және өзара ауыстыруға біркелкілігі мен сәйкестігін қамтитын жалпы нормативтік-техникалық құжаттарға;
3) елдi мекендердiң аумағын және азаматтардың бағбандық бiрлестiктер аумақтарын ұйымдастыру, жоспарлау, құрылыс салу және абаттандыру, өнеркәсiптiк және ауыл шаруашылық кәсiпорындарының бас жоспарларын әзiрлеу жөнiндегi талаптарды, ережелер мен шектеулерді қамтитын қала құрылысы нормативтерiне;
4) тұрғын үй-азаматтық және өндiрiстiк мақсаттағы үйлер мен ғимараттарды, көлiктiк, гидротехникалық, мелиорациялық құрылыстарды, сондай-ақ магистральдық және кәсiпшiлiк труба құбырлары мен коммуникацияларды қоса алғанда, жобалау және салу жөніндегі нормативтiк-техникалық құжаттарға;
5) елдi мекендердi немесе олардың бөліктерiн, жеке үйлердi, ғимараттарды және олардың кешендерiн инженерлiк жағынан қамтамасыз етуге арналған нормативтiк құжаттарға;
6) құрылыс материалдарына, бұйымдары мен конструкцияларына арналған нормативтiк-техникалық құжаттарға;
7) құрылыс және құрылыс-монтаж ұйымдарын жарақтандыруға, уақытша және оңтайлы құрылыстар салу мен оларды жабдықтауға арналған нормативтiк-техникалық құжаттарға;
8) баға белгiлеу және смета жөнiндегi нормативтiк құжаттарға;
9) мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргiзу жөнiндегi нормативтiк құжаттарға;
10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi (мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау, мемлекеттiк өртке қарсы қызмет, мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, мемлекеттiк экологиялық сараптама, өнеркәсiп және кен қадағалау жұмыстарын жүргiзу қауiпсiздiгi жөнiндегi мемлекеттiк қызмет) саласындағы мемлекеттiк қадағалау органдарының нормативтiк құжаттарына;
11) құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстарға конкурстар (тендерлер) ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы нормативтiк құжаттарға бөлінедi.
30-бап. Құрылыс салу ережелерi
1. Елдi мекендердiң аумақтарында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жергiлiктi жерде реттейтiн аумақтық (облыстық, аудандық, қалалық) құрылыс салу ережелерi қолданылады.
2. Құрылыс салу ережелерi аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары және елдi мекендердiң бас жоспарлары негiзiнде әзiрленедi.
3. Құрылыс салу ережелерi сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң жер учаскелерiн пайдалану, елдi мекендер аумағы мен қала маңындағы аймақтарды жобалау мен оларға құрылыс салу жағдайлары мен талаптарын анықтайды, сондай-ақ жылжымайтын мүлiктiң жаңа объектiлерiн орналастыруға және салуға немесе қолда барын өзгертуге (қайта бейiндеуге, қайта жабдықтауға, қайта жоспарлауға, реконструкциялауға, кеңейтуге, күрделi жөндеуге) рұқсат етiлетiн рәсiмдердi өткізу тәртiбiн белгiлейдi.
Ерекше қала құрылысын реттейтiн аумақтарда жылжымайтын мүлiк объектiлерiн орналастырудың, салудың немесе өзгертудiң қосымша талаптары белгiленуi мүмкiн.
4. Құрылыс салудың аумақтық ережелерiн әзiрлеу тәртiбiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
5. Аумақтарда құрылыс салу ережелерiн бекiту және оларды қолданысқа енгiзу немесе оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
Аумақтық құрылыс салу ережелерi экологиялық сараптамадан өткізiлуге тиiс.
6. Жобаларды келiсу және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге (құрылысты бастауға) құрылыс салу ережелерi немесе оларға енгiзiлген өзгерiстер қолданысқа енгенге дейiн заңдарда белгiленген тәртiппен берiлген рұқсат бұрын берiлген рұқсат құжаттарында көрсетiлген мерзiм iшiнде қолданылады.
Бұл ереже жаңа талаптарды енгiзуге байланысты осының алдындағы ережелердiң қолданылуы адамдардың денсаулығы мен өмiрiне қауiп төндiрудi жоймайтын жағдайларда қолданылмайды.
7. Құрылыс салу ережелерiне осы ережелердiң қолданылуы салдарынан заңды мүдделерi бұзылған жеке және заңды тұлғалар сот тәртiбiмен шағымдануы мүмкiн.
6-тарау. СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУЫ
31-бап. Сәулет-құрылыс бақылауын ұйымдастыру
1. Сәулет-құрылыс бақылауын:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi;
2) өздерiнiң бақылау-қадағалау өкiлеттiктерi шегiнде жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдары;
3) құрылысты техникалық қадағалауды және объектiнi пайдалануға қабылдауды ұйымдастыру жолымен тапсырысшы;
4) құрылысқа авторлық қадағалау енгiзу жолымен жобалық құжаттаманы әзiрлеушiлер;
5) жұмысшылар, қабылдау және мемлекеттiк қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
2. Сәулет-құрылыс бақылауымен қоса:
1) құрылыс өнімдерiн стандарттау және сертификаттау бөлігiнде - стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
2) өнеркәсiп және кен қадағалау жұмыстарын қауiпсiз жүргiзу, объектiлердiң пайдаланылуы мен нормативтiк күтiп ұсталуына бақылау жүргiзу бөлігiнде - табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
3) аумақтар мен объектiлердiң санитариялық-эпидемиологиялық жай-күйіне бақылау жүргізу бөлігінде - азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкілетті орталық атқарушы орган;
4) объектiлердi немесе олардың бөліктерiн салу және (немесе) пайдалану салдарынан аумақтың экологиялық жай-күйіне олардың әсер етуіне бақылау жүргізу бөлігінде - қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган қадағалау қызметін жүргізеді.
3. Мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау органдарының, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында аталған мемлекеттiк органдардың заңдарда белгiленген тәртiппен берiлген ұйғарымдары, нұсқаулары мен өзге де шешiмдерi Қазақстан Республикасы аумағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң барлық субъектiлерi үшiн мiндеттi.
4. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
5. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi мен сәулет-құрылыс бақылауы органдарының (қызметтерiнiң, лауазымды адамдарының) арасындағы өзара талаптар мен даулы мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.
32-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi
саласындағы лицензиялау
1. Жеке және заңды тұлғалардың жобалау-iздену, сараптама, құрылыс-монтаж жұмыстарын, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiру жөнiндегi жұмыстарды орындауға оларда сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің аталған түрлерін жүзеге асыруға құқық беретiн лицензия болғанда ғана жол берiледi.
Лицензиялауға жататын жобалау-iздену, сараптама, құрылыс-монтаж жұмыстарын, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiру жөнiндегi жұмыстар түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы жобалау-iздену, сараптама, құрылыс-монтаж жұмыстарын, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiру жөнiндегi жұмыстарды лицензиялауды сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
3. Техникалық аудит жүргiзу, өтiнiш берушiлердiң (лицензияға талапкерлердiң) мамандандырылған және ерекше күрделi жұмыстар (қызмет көрсетулер) түрлерiн жүзеге асыру кезiнде заңдарда белгiленген тәртiппен талаптар мен ережелерге сәйкестiгiн растайтын құжаттарды (материалдарды) қарау және оларға сараптама жүргiзу, сондай-ақ лицензиаттардың оларды сақтау жөніндегi қызметiн бағалау үшiн лицензиар заңдарда белгiленген тәртiппен сараптаманы жүзеге асыруға құқық беретiн лицензиясы бар тiркелген жеке немесе заңды тұлғалар тартуы мүмкін.
4. Бас лицензияны иеленушiге қойылатын бiлiктілiк талаптарына лицензиаттардың сәйкестiгiн растайтын құжаттарды (материалдарды, ақпаратты) лицензиарға:
1) құрылыс-монтаж жұмыстарын және құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндіру жөніндегi жұмыстарды жүзеге асыратын заңды тұлғалар - жыл сайын;
2) жобалау-іздену және сараптама жұмыстарын жүзеге асыратын заңды тұлғалар - үш жылда кемiнде бiр рет;
3) жеке тұлғалар - бес жылда кемiнде бiр рет табыс етiп отырады.
33-бап. Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясы
1. Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясы Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiстiк және өндірiстiк емес мақсаттағы объектiлер құрылысының сапасын бақылауды жүзеге асырады.
Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясы тарапынан мыналар бақылау жасауға жатпайды:
1) сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары аймақта немесе iске асыру кезiнде арнаулы жобалық шешiмдер мен iс-шараларды талап ететiн өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайларда салынған құрылысты қоспағанда, жеке тұрғын үйлер құрылысы;
2) жеке үй жанындағы учаскелерде немесе бау-бақша серiктестiктерiнiң учаскелерiнде орналастырылатын уақытша құрылыстар, сондай-ақ маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығы үшiн тұрғын және (немесе) шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар тұрғызу;
3) қосымша жер учаскесiн (аумақтың телiмiн) бөлiп берудi талап етпейтiн, тiреу конструкциялары, инженерлiк жүйелер мен коммуникациялар келтiретiн өзгерiстерге байланысы жоқ, сәулеттiк-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және санитариялық сапаны нашарлатпайтын, пайдаланылған кезде қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтiн тұрғын және тұрғындық емес үй-жайларды тұрғын ғимараттар (үйлер) етiп реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау);
4) азаматтардың жеке пайдалануына арналған техникалық жағынан күрделi емес басқа да құрылыстардың өзгерiстерi.
2. Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясы сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілеттi мемлекеттік органның құрылымдық бөлiмшесi болып табылады және республикалық органнан және оның облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық құрылымдық бөлімшелерiнен тұрады.
Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясы өз қызметiн, осы баптың 1-тармағында аталған объектілердi қоспағанда, құрылыстардың сметасына енгiзiлетiн қаражат есебiнен жүзеге асырады. Бұл қаражаттың пайдаланылуын сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi.
3. Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясына:
1) құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге (құрылыстың басталуына) рұқсат беру (рұқсат беруден негiздi бас тарту) және өтпелi құрылыстар бойынша жыл сайын олардың мерзiмiн ұзартып отыру;
2) салынып жатқан (салынбақшы болып белгiленген) объектiлердiң мониторингi және Қазақстан Республикасының аумағында салынып (реконструкцияланып, кеңейтiлiп, жаңғыртылып, күрделi жөндеуден өткізiлiп) жатқан объектiлер мен кешендердiң барысына және сапасына мемлекеттiк бақылау жасау;
3) заңдарда белгiленген тәртiппен құрылыс объектiлерiн пайдалануға қабылдау жөніндегi комиссияның жұмысына қатысу;
4) жойылмайтын жолсыздықтарға жол берген не жол берiлген жолсыздықтарды белгiленген нормативтiк мерзiмде жоймаған заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты заңдарда белгiленген шараларды қолдану жүктеледi.
4. Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясына:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнен Қазақстан Республикасының аумағында салынуы белгiленген және салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделi жөндеуден өткiзiлiп) жатқан объектiлер мен кешендер туралы ақпарат сұрау және алу;
2) тапсырысшылардан танысу үшiн осы құрылыс жөнiндегi қажеттi жобалау және атқару құжаттамасын, сондай-ақ тиiстi жобалардың сараптама қорытындысын сұрау және алу;
3) салынып (реконструкцияланып, кеңейтiлiп, жаңғыртылып, күрделi жөндеуден өткізiлiп) жатқан объектiлер мен кешендерге кедергiсiз бару және оларда жүргiзiлiп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына оралымды инспекциялық тексеріс жүргізу құқығы берiледi.
5. Мемлекеттiк нормативтердi бұзуға және (немесе) бекiтiлген жобалардан (жобалық шешiмдерден) ауытқуға жол берiлгендiгi анықталған жағдайда мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясы:
1) мемлекеттiк стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтiн құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкциялары мен жабдықтарын қолдануға тыйым салу туралы;
2) жол берiлген бұзушылықтарды тапсырысшының (құрылыс салушының) және (немесе) мердiгерлiк құрылыс-монтаж ұйымының (кәсiпорнының) белгiленген мерзiмде жоюы туралы;
3) құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру туралы шешiм қабылдай (нұсқама бере) алады.
6. Салынып жатқан (салынбақшы болып белгiленген) объектiлерге мониторинг енгiзу және құрылыстың барысы мен сапасына мемлекеттiк бақылау жасау тәртiбiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
7. Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясының басшысы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк құрылыс инспекторы болып табылады.
Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясының аумақтық бөлімшелерiнiң басшылары тиiстi облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың бас мемлекеттiк құрылыс инспекторы болып табылады.
1. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеушiлердiң авторлық қадағалауы:
1) осы Заңның 68-бабына сәйкес мемлекеттiк қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдайтын объектiлер құрылысы кезiнде;
2) объектiнi жобалауды, инвестициялауды және оның құрылысын жүргiзушi ұйымның өкiмдiк құжатына (бұйрығына) сәйкес;
3) осы Заңның 15-бабы мен "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының
Заңында
көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
Авторлық қадағалаудың мiндеттiлiгi сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдарда көзделгеннен өзге жағдайларда да белгiленуi мүмкiн.
2. Мемлекеттiк қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдауға жататын объектiлердiң құрылысы барысында жүргiзiлетiн авторлық қадағалау шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
Мұндай жағдайларда авторлық қадағалау объект құрылысының (реконструкциялау, қалпына келтiру, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделi жөндеу) не аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қоюдың бүкiл кезеңi iшiнде жүзеге асырылуға тиiс.
3. Авторлық қадағалауды ұйымдастыру мен жүргiзу тәртiбi сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн мемлекеттiк нормативтiк құжаттармен белгiленедi.
35-бап. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын
лауазымды адамдар
1. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құрылыс инспекторлары;
2) облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мемлекеттiк құрылыс инспекторлары;
3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен жергiлiктi басқару органдарының мемлекеттiк қабылдау және жұмыс комиссиялары жұмыс iстеген кезде сол комиссиялардың құрамына енгізілген штаттағы қызметкерлері;
4) комиссиялардың (топтардың) жұмысы кезiнде мемлекеттiк қабылдау (жұмыс) комиссияларына не сараптама топтарына енгiзiлген өзге де заңды тұлғалардың уәкiлеттi өкiлдерi жатады.
2. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын мемлекеттiк құрылыс инспекторлары сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен аттестатталуға тиiс.
3. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдардың мiндеттерiне:
1) Қазақстан Республикасының аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi жол берген мемлекеттiк нормативтер мен талаптардың (ережелердiң, шектеулердiң) бұзылу себептерiн анықтау және оларға талдау жасау;
2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерi жол берген мемлекеттiк нормативтер мен талаптардың (ережелердiң, шектеулердiң) бұзылуын, сондай-ақ олардың зардаптарын жоюға бағытталған әсер ету шараларын өз өкiлеттiктерiне сәйкес қолдану;
3) мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асырудың нысандары мен әдiстерiн жетiлдiру жөніндегi iс-шараларды әзiрлеу кiредi.
4. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, тиiстi сәулет-құрылыс бақылауы органдарының өкілеттiктерi шегiнде белгiленедi.
36-бап. Сәулет-құрылыс бақылауы органдарының
нұсқамалары
1. Анықталған жолсыздықтарға не мемлекеттiк нормативтерде көзделген талаптардан (ережелерден, шектеулерден), өзге де мiндеттi талаптардан ауытқушылықтарға (сәйкес келмеушiлiкке) байланысты сәулет-құрылыс бақылауы органдары (не мемлекеттiк инспекторлар) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерiне (субъектiлердiң атынан өкiлдiк ететiн жауапты адамдарға) нұсқама бере алады.
2. Нұсқамаларға қол қою құқығы, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын лауазымды адамдарға ғана берiледi.
3. Сәулет-құрылыс бақылауы органдары (не мемлекеттiк инспекторлар) заңдарға сәйкес берген нұсқамалар Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi.
2-БӨЛIМ. СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ
7-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ КАДАСТРЫ
37-бап. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының
нысанасы мен мақсаты
1. Мемлекеттiк қала құрылысының кадастры Қазақстан Республикасы кадастрларының мемлекеттiк ақпараттық-құқықтық жүйесiне кiредi және жылжымайтын мүлiк объектiлерiнiң бұрынғы және осы кездегi нақты, заңдық және құндық жай-күйi туралы, сондай-ақ аумақтар мен елдi мекендердi дамыту мен құрылысын салудың қала құрылысын жоспарлау туралы мәлiметтердi, аумақтар мен объектiлердiң тиiстi функционалдық аймақтарға тиесiлiлiгi, олардың қазiргi және болашақтағы мақсаттары, экологиялық, инженерлiк- геологиялық, гидрогеологиялық, геотехникалық және сейсмикалық жағдайлары, инженерлiк қамтамасыз етiлуi туралы деректердi қамтиды.
2. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының деректерi:
1) қала құрылысы мен сәулет-құрылыс құжаттамасын әзiрлеу және iске асыру;
2) жылжымайтын мүлiк объектiлерiн дамыту және өзгерту;
3) жылжымайтын мүлiкпен мәмiлелер жасауды, оны тiркеудi жүзеге асыру;
4) инвестициялық қызметтi бағалау;
5) қала құрылысы және сәулет-жоспарлау тапсырмаларын, құрылысқа (жұмыс жүргiзудi бастауға) және объектiлердi кейiннен кәдеге жаратуға рұқсат беру;
6) сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыру, қоршаған ортаны қорғау кезiнде пайдаланылуға тиiс.
3. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастры жерге және басқа да жылжымайтын мүлiкке салынатын салық мөлшерiн белгiлеу, жылжымайтын мүлiк айналымын пайдалануды құқықтық реттеу, елдi мекендердiң аумақтарын ұтымды пайдалануға бақылау жасау, қала құрылысы регламенттерiн сақтау және жобаларды iске асыруды талдау үшiн пайдаланылады.
4. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастры мынадай аумақтық деңгейлер бойынша:
1) республикалық;
2) облыстық, республикалық маңызы бар қалалық;
3) базалық (аудандық, облыстық бағыныстағы қалалық) болып бөлінедi.
38-бап. Республикалық деңгейдегi мемлекеттiк
қала құрылысы кадастры
1. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қала құрылысы кадастрының мемлекеттiк тапсырысшысы Қазақстан Республикасының Үкiметi болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң республикалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргiзу жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органы сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган болып табылады.
3. Республикалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының ақпараттық негiзi облыстық және базалық деңгейлердегi қала құрылысы кадастрлары болып табылады.
39-бап. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар,
астана) және базалық деңгейдегi мемлекеттiк
қала құрылысы кадастры
1. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының тапсырысшылары облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) әкiмдерi болып табылады.
Облыстық (астаналық, республикалық маңызы бар қалалық) деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргiзу жөніндегi облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) әкiмдерiнiң уәкiлеттi мемлекеттiк органы облыстық (астаналық, республикалық маңызы бар қалалық) сәулет және қала құрылысы органы болып табылады.
2. Облыстық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының ақпараттық негiзi базалық деңгейдегi қала құрылысы кадастрлары болып табылады.
3. Базалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының тапсырысшылары жергілікті атқарушы органдар болып табылады.
Базалық деңгейдегi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргiзу жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың уәкілетті органы тиісті жергілікті сәулет және қала құрылысы органы (қызметi) болып табылады.
40-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi
объектiлерi мен мемлекеттiк қала құрылысы
кадастрының мониторингi
1. Мемлекеттiк қала құрылысының кадастры Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi объектiлерi жөніндегi ақпаратты жинаудың, өңдеудiң, есепке алудың, тiркеудiң, сақтау мен табыс етудiң Қазақстан Республикасы үшiн бiрыңғай жүйесi бойынша жүргiзiледi.
2. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастры үшiн:
1) орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, жергiлiктi сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық органдары, мемлекеттiк мүлiк пен жекешелендiрудi, статистиканы, жер ресурстарын, геодезия және картографияны, сәулет-құрылыс бақылауын аумақтық басқару органдары;
2) жылжымайтын мүлiктi тiркеу техникалық түгендеу және бағалау қызметтерi;
3) санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, қоршаған орта мен табиғи ресурстарды қорғау қызметтерi;
4) тарихи және мәдени мұраның пайдаланылуына бақылау жасау қызметтерi;
5) жердiң, судың және басқа да салалық кадастрлардың, тiркелiмдердiң деректерi, өзге де деректер банктерi бастапқы ақпарат (мәлiмет) көздерi болып табылады.
8-тарау. АУМАҚТАРДЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖӘНЕ
ОЛАРҒА ҚҰРЫЛЫС САЛУДЫҢ ҚАЛА
ҚҰРЫЛЫСЫН ЖОСПАРЛАУ
41-бап. Қала құрылысы регламенттерi
1. Аумақтар мен жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдаланудың қала құрылысы регламенттерi, сондай-ақ мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргiзген кезде олардың жай-күйiне енгiзiлген кез келген өзгерiстер белгiленген мерзiм шегiнде қолданылып жүрген артықшылықтар берудiң, тыйым салулардың, шектеулер мен өзге де режимдердiң үлгiлерiмен, түрлерiмен және параметрлерiмен сипатталады.
Регламенттердiң көздерi заңдарда белгіленген тәртiппен бекiтiлген қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасы болып табылады.
2. Мемлекеттiк қала құрылысы регламенттерiнiң сыныптағышы мен олардың көрсеткiштерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес республикалық және жергiлiктi деңгейлерде белгiленедi.
3. Мемлекеттiк қала құрылысының кадастрын жүргiзуге арналған қала құрылысы регламенттерiнiң жүйесi олардың мынадай үлгiлерiн:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру кезiнде аумақ пен соған байланысты жылжымайтын мүлiктi функционалдық пайдалануды белгілеуді және (немесе) өзгертуді;
2) аумақ пен елдi мекендердi дамытудың және жайғастырудың (құрылыс салудың) интенсивтiлiгiн;
3) аумақ пен елдi мекендердi дамытудың және жайғастырудың (құрылыс салудың) балансын қамтамасыз етудi;
4) аумақ пен елдi мекендердi жайғастырудың (құрылыс салудың) қоршаған ортаға әсер етуiн қамтуға тиiс.
4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру кезiнде аумақ пен соған байланысты жылжымайтын мүлiктердi функционалдық пайдалануды белгiлеу және (немесе) өзгерту мемлекеттiк регламенттердiң мынадай түрлерi:
1) аумақты функционалдық белгiлеу және (немесе) өзгерту;
2) жаңадан салынып жатқан және реконструкцияланатын үйлер мен ғимараттарды функционалдық белгiлеу;
3) бар үйлер мен ғимараттарды функционалдық пайдалануды өзгерту арқылы iске асырылады.
5. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру нәтижесiнде аумақтар мен елдi мекендердi дамыту және жайғастыру (құрылыс салу) қала құрылысы регламенттерiнiң мынадай түрлерi:
1) игерiлетiн аумақтардың ауқымдары;
2) осы аумақ үшiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң жекелеген түрлерiне тыйым салу, рұқсат беру мен шектеулер;
3) жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi нәтижесiнде аумаққа түсетiн ауыртпалықтар;
4) жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi нәтижесiнде аумақты немесе жылжымайтын мүлiк объектiлерiн дамыту мен өзгерту режимдерi;
5) елдi мекеннiң немесе оның бөлiгiнiң жоспарлы құрылымы мен сәулет келбетiн қалыптастыру;
6) елдi мекеннiң немесе оның бөлiгiнiң әлеуметтiк, рекреациялық, көлiк және инженерлiк инфрақұрылымдарын қалыптастыру (жетiлдiру) арқылы көрiнiс табуға тиiс.
6. Аумақты және елдi мекендi дамыту балансы қала құрылысы регламенттерiнiң мынадай түрлерi:
1) аумақтар мен объектiлердi дамытудың ресурстық жағдайлары;
2) аумақтар мен елдi мекендердiң ортаға байланысты жағдайлары;
3) халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз етудiң инженерлiк жағдайлары арқылы қамтамасыз етiлуге тиiс.
7. Аумақтар мен елдi мекендердi жайғастырудың (құрылыс салудың) қоршаған ортаға тигiзетiн әсерi қала құрылысы регламенттерiнiң мынадай түрлерi:
1) экологиялық және санитариялық осал объектiлердi орналастыру;
2) техногендiк қауiп төндіретiн объектiлердi орналастыру;
3) қауiптi табиғи құбылыстар көздерiне қатысты адам мекендейтiн ортаны орналастыру;
4) санитариялық, өртке қарсы және өзге де мiндеттi талаптар;
5) инженерлiк және көлiк жағдайлары арқылы бақыланады.
8. Қала құрылысы регламенттерiнiң мәлiметтерi мемлекеттiк қала құрылысы кадастрына енгiзiлуге тиiс.
42-бап. Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың
бас схемасы
1. Аумақты ұйымдастыру және оның кеңiстiгiне өндiргiш күштердi орналастыру Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың бас схемасында қабылданған шешiмдерге сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың бас схемасы:
1) стратегиялық және экономикалық жоспарлаудың ережелерiне сәйкес өндіргiш күштердi жайғастыру мен орналастырудың негiзгi принциптерiн;
2) табиғатты ұтымды пайдаланудың және республикалық маңызы бар шаруашылық қызметтiң, өндiрiстiк, көлік, инженерлiк, әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылымдарды дамытудың негiзгi ережелерiн;
3) аймақтардағы экологиялық жағдайды жақсарту, тарихи және мәдени мұра объектiлерi және (немесе) қорғалатын ландшафтық объектiлерi бар аумақтарды сақтау жөнiндегi негiзгi шараларды;
4) ерекше қорғалатын аумақтарды, табиғи және техногендiк сипаттағы құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен зақымданған пайдалы қазбалар жатқан аумақтарды немесе сәулет-қала құрылысы қызметiн жүзеге асыру үшiн қысыл-таяң табиғи-климаттық жағдайларды пайдалану жөнiндегi пайдалану немесе шектеу түрлерiн қамтиды.
3. Бас схема:
1) өндiргiш күштердi жайғастыру және орналастыру жүйесiн мемлекеттiк реттеудi қамтамасыз етедi;
2) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысын ескере отырып, аумақтарды пайдаланудың мәртебесiн, мақсаты мен сипатын белгiлейдi;
3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асыру арқылы әлеуметтiк-экономикалық және шаруашылық даму бағдарламалары жөніндегi аймақаралық және салааралық мемлекеттiк мүдделердi үйлестiредi.
4. Бас схеманың негiзгi ережелерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
5. Бас схеманы әзiрлеу және келiсу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
43-бап. Аумақты дамытудың аймақаралық схемалары
1. Аумақты дамытудың аймақаралық схемалары Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасына сәйкес әзiрленедi, екi және одан көп облыстардың (не олардың бөліктерiнiң) аумақтарындағы өзара келісілген (топтастырылған) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi, сондай-ақ әкiмшiлiк-аумақтық бөліністердің шекараларын есепке алмай, әлеуметтiк-экономикалық немесе экологиялық аудандар үшiн қызмет етедi және:
1) жоспарланатын аумақты аймақтарға бөлудi;
2) аумақты қала құрылысына игеру мен дамытуды;
3) аймақтық және аймақаралық маңызы бар өндiргiш күштердi, өндірiстiк, көлiк, инженерлiк, әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылымдарды жайғастыру мен орналастыру жүйесiн кешендi дамыту жөніндегi шараларды;
4) табиғатты ұтымды пайдалану, ресурстармен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi шараларды анықтайды.
2. Аумақты дамытудың аймақаралық схемалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлескен тапсырысы бойынша әзiрленедi.
3. Аумақты дамытудың аймақаралық схемасын әзiрлеу және келiсу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Аймақаралық схеманы және оны iске асыру жөнiндегi шараларды Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
4. Тараптар бекiткен халықаралық шарттар негiзiнде әзiрленген және мүдделi тараптар бекiткен аумақтық дамудың мемлекетаралық схемалары Қазақстан Республикасы мен шектес шет мемлекеттер аймақтарының аумақтарында өзара келiсiлген (үйлестiрiлген) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi үшiн негiз болып табылады.
Аймақты дамытудың мемлекетаралық схемаларын әзiрлеудi, келiсудi және бекiтудi, сондай-ақ оларды iске асыруды қатысушы мемлекеттер тарапынан қолдау жөнiнде шаралар қолдану тәртiбi халықаралық шарттарға сәйкес белгiленедi.
44-бап. Аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi
схемалары
1. Жекелеген аймақтардың (облыстың немесе оның қандай да бiр бөлiгiнiң) аумақтарын ұйымдастыру (игеру, жайғастыру, құрылыс салу) аумақтың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасы негiзiнде жүзеге асырылады.
Кешендi схемалар Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасына және тиiстi аумақтық дамудың аймақаралық схемасына сәйкес әзiрленедi.
2. Аумақтың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары мемлекеттiк қала құрылысы саясатының мақсаттарын сол аймақтың аумағындағы әлеуметтiк-экономикалық, өндірiстiк-шаруашылық және табиғи-климаттық жағдайларды, оны аймақтарға бөлуді ескере отырып айқындайды, сондай-ақ:
1) жайластыру жүйелерiн жетiлдiрудiң;
2) елдi мекендердi, өндірiстiк, көлік, инженерлiк, әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылымдарды дамытудың;
3) аумақтарды табиғи және антропогендiк, техногендiк құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғаудың;
4) қала құрылысы құралдарымен және әдiстерiмен экологиялық жағдайды жақсартудың;
5) тарихи және мәдени мұраны және (немесе) қорғалатын ландшафтық объектiлердi сақтаудың негiзгi бағыттарын белгiлейдi.
Аумақтарды пайдалануға қойылатын шектеулердi ескере отырып, аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлу және оларды пайдаланудың интенсивтiлiгi анықталады.
3. Кешендi схемаларда осы аймақтағы елдi мекендердiң, қала маңы аймақтарының шекараларын белгiлеу, резервтiк аумақтарды қоса алғанда, аумақты кешендi дамыту үшiн ресурстармен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар болуға тиiс.
4. Аймақтар аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу мен келiсу тәртiбiн және оларды iске асыру жөнiндегi шараларды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
5. Аймақтар аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын бекiту осы заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
45-бап. Елдi мекендердiң аумақтары
1. Қалалық және селолық елдi мекендердiң кеңiстiк негiзiн жер бетiндегi және (немесе) су бетiндегi белгiленген шекаралар (елдi мекендер шегi) шегiндегi аумақ құрайды.
2. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, елдi мекеннiң шекаралары (шегi) шегiндегi жер асты және әуе кеңiстiгi жергiлiктi атқарушы органдардың қарамағында болады.
3. Елдi мекендердiң аумақтарын пайдаланудың режимi мен тәртiбi бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасында белгiленген аймақтарға бөлуге сәйкес белгiленедi.
46-бап. Елдi мекендердiң шекарасы (шегi)
1. Елдi мекеннiң шекарасы (шегi) оның аумағын (қала құрылысы кеңiстiгiн) айқындайды және Қазақстан Республикасының
заң
актiлерiнде белгiленген тәртiппен бекiтiлген осы елдi мекеннiң бас жоспары негiзiнде белгiленедi (өзгертiледi).
2. Елдi мекендер шекаралары (шектерi) жобаларының құрамы, мазмұны мен әзiрлену тәртiбi нормативтiк құқықтық актiлерге, мемлекеттiк нормативтерге, сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның өзге де құжаттарына сәйкес белгiленедi.
3. Аса iрi, iрi және үлкен қалалар шекараларының (шектерiнiң) жобалары аймақтың қала құрылысын жобалаудың кешендi схемалары құрамында әзiрленуi мүмкiн.
Республикалық маңызы бар қалалар, сондай-ақ халқының саны жүз мың тұрғыннан асатын өзге де қалалар шекараларының (шектерiнiң) жобалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiледi.
4. Орта және шағын қалалар, қала үлгiсiндегi кенттер, сондай-ақ селолық елдi мекендер шекараларының (шектерiнiң) жобалары аталған елдi мекендердiң бас жоспарлары құрамында әзiрленуi және келiсiлуi мүмкiн.
47-бап. Елдi мекендердiң бас жоспарлары
1. Елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Елдi мекендердiң бас жоспарлары қаланы, кенттi, ауылды (селоны) не басқа да қонысты дамытуды кешендi жоспарлауды айқындайтын және аумақты ұйымдастырудың бекiтiлген бас схемасы мен аймақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасына сәйкес әзiрленетiн негiзгi қала құрылысы құжаты болып табылады.
Тұрғындарының саны бес мың адамнан асатын елдi мекендер белгiленген тәртiппен бекiтiлген, қолданыстағы бас жоспарлармен қамтамасыз етiлуге тиiс.
Тұрғындарының саны бес мың адамға дейiнгi елдi мекендерде негiзгi қала құрылысы құжаты ретiнде осы қонысты дамыту мен оған құрылыс салудың белгiленген тәртiппен бекiтiлген схемасы (бас жоспардың оңайландырылған нұсқасы) болуы мүмкiн. Шағын елдi мекендердiң құрамын, күтiп ұсталуын, дамытудың және оған құрылыс салудың схемаларын әзiрлеу мен келiсу тәртiбiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган анықтайды.
3. Бас жоспарда:
1) әлеуметтiк, рекреациялық, өндірiстiк, көлiк және инженерлiк инфрақұрылымдарды қоса алғанда, табиғи-климаттық, қалыптасқан және болжанып отырған демографиялық және әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар ескерiле отырып, елдi мекеннiң аумағын дамытудың негiзгi бағыттары;
2) осы аймақтардың аумақтарын функционалдық аймақтарға бөлу және пайдалануды шектеу;
3) елдi мекеннiң құрылыс салынған және салынбаған аумақтарының арақатынасы;
4) жердi басымдықпен иелiктен айыру және сатып алу аймақтары, резервтiк аумақтар;
5) аумақты табиғи және техногендiк құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту жөнiндегi шаралар;
6) елдi мекендi тұрақты дамытуды қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де шаралар белгіленедi.
4. Тарихи қала құрылысы жағынан құнды елдi мекендi дамытудың бас жоспары тарихи-қала құрылысының тiрек жоспары ескерiле отырып әзiрленуге және оған тарихи құрылыс аймақтары мен ескерткiштердi қорғау жобалары қоса тiркелуге тиiс.
5. Елдi мекеннiң бас жоспары жаңа бас жоспар бекiтiлгенге дейiн не қолданылып жүрген бас жоспарға заңдарға және құрылыс салу ережелерiне қайшы келмейтiн бөлігiнде енгiзiлген өзгерiстер бекiтiлгенге дейiн қолданылады.
48-бап. Елдi мекендердiң аумақтарын аймақтарға бөлу
1. Елдi мекендердiң бас жоспарлары (дамыту және құрылыс салу схемалары) олардың аумақтарын аймақтарға бөлуді көздеуге, жекелеген функционалдық аймақтардың нақты аумағын пайдалану түрлерiн айқындауға, олардың пайдаланылуына шектеу белгiлеуге және:
1) адам мекендейтiн және тiршiлiк ететiн қолайлы ортаны;
2) халықтың және өндiрiстiң шектен тыс шоғырлануын болғызбауды;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қоса алғанда, қоршаған ортаны ластанудан қорғауды;
4) тарихи және мәдени мұра объектiлерi мәртебесi бар аумақтарды қорғауды;
5) аумақтарды антропогендiк, техногендiк процестердiң және төтенше жағдайлардың қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғауды;
6) қолайсыз табиғи құбылыстардың әсерiн азайтуды қамтамасыз етуге тиiс.
2. Белгiленген функционалдық аймақтардың аумақтарын пайдалануды шектеу және оларды пайдаланудың түрлерi туралы деректер аумақтарға құрылыс салу ережесiне енгiзiледi.
3. Әкiмшiлiк-аумақтық құрылыстағы ролiне, әлеуметтiк-экономикалық жағдайлары мен өндiрiстiк-шаруашылық мамандандырылуына қарай қалалар мен селолық елдi мекендердiң аумақтарында функционалдық аймақтардың мынадай түрлерi:
1) тұрғын аймақтар;
2) қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақтар;
3) рекреациялық аймақтар;
4) инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдары аймақтары;
5) өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары;
6) ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтар;
7) арнаулы мақсаттағы аймақтар;
8) режимдiк аумақтар аймақтары;
9) қала маңындағы аймақтар;
10) санитариялық-қорғаныш аймақтары;
11) резервтегi аймақтар (қала құрылысы ресурстары) белгiленуi мүмкін.
1. Елдi мекеннiң тұрғын аймағы үй жанында жайғастырылған аумақтары бар көп пәтерлi тұрғын үй-жайлар (үйлер) және үй жанындағы учаскелерi бар жеке тұрғын үйлер салуға арналады.
2. Тұрғын аймақ жеке тұрған және (немесе) тұрғын үйлерге жапсарластыра салынған (оларға жанастыра салынған) медициналық қызмет көрсететiн, әлеуметтiк-тұрмыстық және мәдени-ағарту мақсаттарына арналған объектiлермен, инженерлiк және көлік инфрақұрылымы объектілерiмен қамтамасыз етiлуге тиiс.
3. Тұрғын аймақта қонақ үйлердi, жер бетiндегi және жер астындағы көлікжайларды, автомобиль көлiгiнiң ашық тұрақтарын, сондай-ақ орналастырылуы мен қызметi санитариялық-қорғаныш аймақтарын жасауды талап ететiн, қоршаған ортаға әсер етпейтiн өндірiстiк объектiлердi орналастыруға жол берiледi.
4. Жекелеген жағдайларда тұрғын аймақтарға елдi мекеннiң шекаралары (шектері) шегінде орналасқан бағбандық және саяжай серiктестiктерi де жатқызылуы мүмкiн.
50-бап. Қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақ
1. Елдi мекеннiң қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймағы әкiмшiлiк, ғылыми-зерттеу, қоғамдық мекемелердi және олардың кешендерiн, қонақ үйлер мен қонақ үй кешендерiн, iскерлiк және қаржылық белсенділiк орталықтарын, мәдениет, бiлiм беру, денсаулық сақтау, спорт, коммерциялық қызмет, сауда және қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету объектiлерiн, аталған объектiлердiң жанынан ашық көлік тұрақтарын, жер бетiндегi және жер астындағы көлiкжайларды, санитариялық және экологиялық қорғаныш жөніндегi арнаулы iс-шараларды талап етпейтiн басқа да үйлер мен ғимараттарды орналастыруға арналады.
2. Қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақта орналастыруға рұқсат етiлген объектiлер тiзбесiне тұрғын үй-жайлар (үйлер) енгiзiлуi мүмкiн.
1. Елдi мекендердегi рекреациялық аймақтар халықтың демалыс орындарын ұйымдастыру мен жайғастыруға арналған және бақтарды, орманды парктердi, парктер мен саябақтарды, хайуанаттар парктерiн, су тоғандарын, жағажайларды, аквапарктердi, ландшафтық сәулет объектiлерiн, өзге де демалыс және туризм орындарын, сондай-ақ бос уақытты өткізу және (немесе) сауықтыру мақсатындағы үйлер мен ғимараттарды қамтиды.
2. Рекреациялық аймаққа елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегiнде орналасқан, қорғалатын табиғат объектiлерi енгiзiлуi мүмкiн.
3. Рекреациялық аймақтың аумағына жаңа өнеркәсiптiк, коммуналдық және қойма объектілерiн, рекреациялық аймақтың жұмыс iстеуiне тiкелей байланысы жоқ тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттарды орналастыруға (салуға) және олардың жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге жол берiлмейдi.
52-бап. Инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдары
аймақтары
1. Елдi мекеннiң инженерлiк және көлік инфрақұрылымдары аймақтары көлік пен байланыс, магистральдық труба құбырлары, инженерлiк қамтамасыз ету желiлерi, инженерлiк жабдықтар коммуникациялары мен құрылыстарын орналастыруға және олардың жұмыс iстеуiне арналады.
Олардың зиянды (қауiптi) әсерiн болғызбау қоныстану аумақтарын (учаскелерiн) және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілерге дейiнгi қажеттi қашықтықты, сондай-ақ басқа да міндетті талаптар мен шектеулерді мемлекеттік нормалар мен ережелерге сәйкес сақтау арқылы қамтамасыз етіледі. Пайдалану кезінде адамдардың денсаулығына және олардың мекендейтін ортасына тікелей зиянды әсер ететін коммуникациялар мен құрылыстар елді мекендер шегінен тыс жерлерге орналастырылуға тиіс.
2. Бөлiп берiлген шекаралардағы инженерлiк және көлік инфрақұрылымдары объектiлерiнiң аумағы аталған объектiлердiң техникалық және пайдаланылу сипаттамасы ескерiле отырып абаттандырылуға тиiс. Аумақтарды абаттандыру мен күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi.
53-бап. Елдi мекеннiң өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары
1. Елдi мекеннiң өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары (аудандары) өнеркәсiп орындары мен олардың кешендерiн, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн басқа да өндірiстiк, коммуналдық және қойма объектiлерiн орналастыруға арналады. Ерекше жағдайларда өнеркәсiптiк аймақта осы кәсiпорынның авариялық бригадаларының тұруы үшiн тұрғын үй-жайлар орналастыруға жол берiледi.
2. Өндірiстiк (коммуналдық, қойма) объектiлердi, сондай-ақ инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарын қоныстану аумағына орналастыруға олардың орналасуы мен жұмыс iстеуi халыққа қатер төндірмейтiн, қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтiн және санитариялық-қорғаныш аймақтарын салуды талап етпейтiн жағдайларда ғана жол берiледi. Олай болмаған жағдайда өнеркәсiп аймағын басқаларынан бөліп тұратын санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиiс.
3. Өнеркәсiп аймағын, сондай-ақ қоныстану аумағына орналасқан өндiрiс объектiлерiнiң аумақтарын абаттандыру мен күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi.
54-бап. Елдi мекеннiң ауыл шаруашылығына пайдаланылатын
аймақтары
1. Елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегiндегi ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтар ауыл шаруашылығын жүргiзуге арналады және елдi мекеннiң бекiтiлген бас жоспары мен құрылыс салу ережелерiне сәйкес олардың пайдалану түрлерiн өзгерткен кезге дейiн пайдаланылуы мүмкiн.
2. Егер ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтардың орналасуы және оның жұмыс iстеуi халыққа не қоршаған ортаға қолайсыз әсер етуi мүмкiн болса, санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиiс.
3. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтарды күтiп ұстау (ал қажет болған жағдайда жердi қайта өңдеу) жөніндегi мiндеттер, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жер пайдаланушыға жүктеледi.
55-бап. Арнаулы мақсаттағы аймақтар
1. Елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегiне зираттар, крематорийлер, өлген малды көметін ұралар, тұрмыстық қалдықтарды тастайтын жер, қоқыстарды (қалдықтарды) бастапқы өңдеу кәсiпорындары, тазалау құрылыстары, жұмыс iстеуi елдi мекеннiң басқа да аймақтарының жұмыс iстеуiмен сыйыспайтын өзге де объектiлер үшiн бөлiнетiн арнаулы мақсаттағы аймақтарды орналастыруға жол берiледi.
2. Аталған объектiлердi қоныстану аумағы мен рекреациялық аумақтан, елдi мекеннiң инфрақұрылым объектiлерiнен бөлiп тұратын санитариялық-қорғаныш аймақтарын салудың қажеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Арнаулы мақсаттағы аймақты күтiп ұстау жөнiндегi мiндеттер, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кәсiпорынның меншiк иесiне (жер пайдаланушыға) жүктеледi.
56-бап. Режимдiк аумақтар аймақтары
1. Ерекше режим белгiленетiн әскери және басқа объектiлердi орналастыру үшiн режимдiк аумақтардың арнаулы аймақтары, сондай-ақ елдi мекендерде немесе олардан тыс жерлерде ерекше реттелетiн өзге де аумақтар көзделуге тиiс.
2. Режимдiк аумақтардың аймақтарын пайдалану тәртiбiн, егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, мемлекеттiк нормативтерге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
57-бап. Қала маңындағы аймақтар
1. Қала маңындағы аймақтар қала шекарасына (шегiне) жанасып жатқан, осы қаланың аумағын, қала маңындағы аймаққа кiретiн басқа да елдi мекендердi дамытуға, сондай-ақ санитариялық-қорғаныш мiндеттерiн орындауға, халық демалатын орындарды, бағбандық және саяжай серiктестiктерiн орналастыруға арналған жерлердi қамтиды.
2. Қала маңындағы аймақтардың шекарасын белгiлеу осы Заңға және Қазақстан Республикасының жер
заңдарына
сәйкес бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасы негiзiнде жүзеге асырылады.
58-бап. Санитариялық-қорғаныш аймағы
1. Өндірiстiк, коммуналдық және қойма объектiлерiн, сондай-ақ арнаулы мақсаттағы объектiлердi орналастыру және олардың жұмыс iстеуi халыққа қатер төндiруi және (немесе) қоршаған ортаға зиянды әсер етуi мүмкiн болған жағдайда, тиiстi санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиiс. Санитариялық-қорғаныш аймағының параметрлерi мен оған қойылатын талаптар оның нақты мақсаттарына қарай мемлекеттiк нормативтермен белгiленедi.
2. Санитариялық-қорғаныш аймағында оның параметрлерi мен кiмге тиесiлi екендiгiне қарамастан, тұрғын үйлердi, бiлiм беру ұйымдарын, денсаулық сақтау және демалыс мекемелерiн, спорт-сауықтыру құрылыстарын орналастыруға бау-бақшаға арналған жер учаскелерiн орналастыруды қоса алғанда, ауыл шаруашылық өнімдерiн өндіруге жол берiлмейдi.
3. Санитариялық-қорғаныш аймағын күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер ол арналған объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi.
1. Резервтегi аумақтар елдi мекендердi дамытуға немесе қонысаралық аумақтарды игеруге (жайғастыруға) арналған қала құрылысының ресурстары болып табылады.
2. Резервтiк аумақтар (қала құрылысы ресурстары) аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары мен елдi мекендердiң және олардың функционалдық аймақтарының бас жоспарлары құрамында белгiленедi және бекiтiледi.
3. Елдi мекеннiң қала құрылысы ресурстарында белгiленген аумақтары олардың мақсатына сәйкес елдi мекендер мен олардың бөліктерiнiң дамуына қарай ғана резервке алынуға және пайдаланылуға тиiс.
4. Резервтегi аумақтар, егер мұндай пайдаланудың әдiсi мен режимi елдi мекендi немесе оның бөлiгiн жоспарланған перспективалы дамытуға кедергi жасамайтын болса, бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасында көзделмеген мақсаттарға пайдаланылуы мүмкiн.
5. Қала құрылысының ерекше реттелетiн аймақтары шекараларындағы резервтегi аумақтарды пайдалану аталған аймақтар үшiн белгiленген режимге сәйкес жүзеге асырылады.
6. Резервтегi аумақтарды уақытша пайдалану Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
9-тарау. ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС
ҚҰЖАТТАМАСЫ
60-бап. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы
1. Объектiлердiң және олардың кешендерiнiң құрылысы (реконструкциялау, қалпына келтiру, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделi жөндеу), сондай-ақ коммуникацияларды төсеу, аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру жобалау (жобалау-смета) құжаттамалары бойынша жүзеге асырылады.
Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда жобалау (жобалау-смета) құжаттамаларынсыз не оңайландырылған нобайлық жобалар бойынша құрылыс салуға жол берiледi.
2. Жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарымен келiсiм бойынша тапсырысшы (меншiк иесi) жобалау (жобалау-смета) құжаттамаларынсыз не нобайлар (нобайлық жобалар) бойынша:
1) сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары немесе iске асыру кезiнде арнаулы жобалық шешімдер мен іс-шараларды талап ететін өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар аймақтарда құрылыс салуды қоспағанда, жеке тұрғын үйлер салуды;
2) өз билiгiндегi үй жанындағы учаскелерде немесе бау-бақша серiктестiктерiнiң учаскелерiнде уақытша құрылыстар, сондай-ақ маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығы үшiн тұрғын және (немесе) шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар тұрғызуды;
3) қосымша жер учаскесiн (аумақ телiмдерiн) бөліп берудi талап етпейтiн, тiреу конструкцияларын, инженерлiк жүйелер мен коммуникацияларды қандай да болсын өзгертуге байланысы жоқ, сәулеттiк-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және санитариялық сапаларды нашарлатпайтын, пайдалану кезiнде қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтiн тұрғын ғимараттардағы (үйлердегi) тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды реконструкциялауды (қайта жоспарлауды, қайта жабдықтауды);
4) азаматтардың жеке пайдалануына арналған, техникалық жағынан күрделi емес басқа да құрылыстарды өзгертудi жүзеге асыра алады.
Осы баптың 3) және 4) тармақшаларында аталған үй-жайларды немесе құрылыстарды техникалық жағынан күрделi емес өзгерiстер тобына жатқызу туралы шешiмдi жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдары (қызметтерi) қабылдайды.
Өз үйiнiң жанындағы учаскелерде, бау-бақша серiктестiктерiнiң (қоғамдарының) учаскелерiнде бар құрылыстарға шаруашылық-тұрмыстық қосымша құрылыстар тұрғызу, оларды абаттандыру, сондай-ақ сол учаскелерде контейнермен және блокпен орындалатын ықшам кешендердi монтаждау, егер аталған объектiлер басқа тұлғалардың немесе мемлекеттiң мүдделерiне қатысы болмаса, жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарымен келiспей-ақ жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Жобалаудың сатылылығы сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн нормативтiк талаптарға сәйкес құрылысқа арналған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеу тапсырмасымен белгiленедi.
4. Алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеу мен келiсу тәртiбi, оның мiндеттi құрамы мен мазмұны сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен мемлекеттiк нормативтермен белгiленедi.
5. Бекiту тәртiбi, сондай-ақ бекiтiлген алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасына өзгерiстер енгiзу осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
6. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын iске асыру кезiнде мердiгерлiк жұмыстарды жүргiзудiң ережесi мен тәртiбi Қазақстан Республикасы Азаматтық
кодексiне
сәйкес белгiленедi.
7. Әзiрлеу аяқталғаннан кейiнгi үш және одан да көп жыл iшiнде құрылыс басталмаған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы ескiрген деп саналады және жаңа сараптама өткізiлiп, заңдарда белгiленген тәртiппен қайта бекiтiлгеннен кейiн ғана iске асыру үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
8. Алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын ұлттық мұрағат қорының құрамына енгiзу, аталған құжаттарға меншік иесі құқығына, сондай-ақ пайдалану және оларды пайдалануды шектеу құқығына кепілдік Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
9. Қазақстан Республикасының аумағындағы жерлердi және (немесе) құрылысты игеру үшін шетелдік заңды тұлғалар немесе жекелеген мамандар орындаған алдын ала жобалау және (немесе) жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы, егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, осы заңда, мемлекеттiк нормативтерде және жобалау тапсырмасында белгiленген алдын ала жобалау және жобалау жұмыстарының талаптарымен және сатылары бойынша, жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының құрамы мен көлемiнде әзiрленуге тиiс.
Тапсырысшының (инвестордың) шешiмi бойынша тапсырысшы (инвестор) мынадай мiндеттi жағдайлардың жиынтығын орындау:
1) мемлекеттiк жобалар сараптамасымен расталуға тиiс, Қазақстан Республикасының заңдарында және мемлекеттiк нормативтiк құжаттарында белгiленген өрт және жарылыс қауiпсiздiгiнiң, конструкциялар берiктiгiнiң, объектiнiң жұмыс iстеу тұрақтылығының және еңбек қорғаудың нормаларын сақтау;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына және мемлекеттiк нормативтiк құжаттарға сәйкес тауар жеткiзiп берушiлердi (жұмыстарды орындаушылар мен қызмет көрсетушiлердi) оларға қажеттi ақпаратпен қамтамасыз ету кезiнде осы ережеден ауытқуға жол берiледi.
61-бап. Қала құрылысы жобалары
1. Қазақстан Республикасының аумағына және жекелеген аймақтарға өндiргiш күштердi жайластыру мен орналастыруды кеңiстiкте ұйымдастыру, қонысаралық аумақтарды игеру мен жайғастыру, елдi мекендердiң, аумақтарын немесе елдi мекеннiң жекелеген бөлiктерiн дамыту мен оған құрылыс салуды, олар әсер ететiн аймақтарды қоса алғанда, жоспарлау қала құрылысы жобаларының негiзiнде кешендi түрде жүзеге асырылады.
2. Жобалау мен құрылысқа конкурстар (тендерлер, мердiгерлiк сауда-саттық) өткiзудiң ережелерiн, сәулет жобалары мен құрылыс жобаларын жобалауға (сәулеттiк-жоспарлау тапсырмасын қоса алғанда) және әзiрлеуге тапсырмаларды жасау кезiнде бекiтiлген қала құрылысы жобаларында белгiленген қала құрылысы шешiмдерiнiң сақталуы мiндеттi.
1. Ғимаратты (монументтi) жасаудың дербес жобасы ретiнде, сондай-ақ құрылысқа арналған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының бiр бөлігi ретiнде сәулет жобасында құрылыс жобасын немесе құрылысқа арналған өзге де құжаттаманы әзiрлеу үшiн қажеттi көлемде объектiге қойылатын әлеуметтiк, экономикалық, функционалдық, инженерлiк, техникалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, санитариялық-гигиеналық, экологиялық және өзге де талаптар кешендi түрде ескерiлетiн сәулетті-көркемдiк, композициялық және көлемдiк-жоспарлау шешiмдерi болуға тиiс.
2. Сәулет жобасы:
1) тапсырысшы (инвестор) бекiткен, жобалауға арналған тапсырмалар және алаңдарды (трассаларды) таңдау жөніндегi материалдар, инженерлiк iзденулер нәтижелерi, объектiнi инженерлiк қамтамасыз етудiң техникалық талаптары негiзiнде;
2) бекiтiлген қала құрылысы жобалары мен алдын ала жобалау құжаттамаларына сәйкес;
3) жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарының сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес әзiрленедi.
3. Құрылыстың жобасын әзiрлеу кезiнде сәулет жобасының шешiмдерiнiң сақталуы мiндеттi.
Сәулет жобаларын өзгерту автордың (авторлардың) келiсiмiмен не оның (олардың) қатысуымен жүргiзiлуi мүмкiн. Егер бұл орайда сәулет-жоспарлау тапсырмасының талаптарынан ауытқушылық пайда болса, оны берген сәулет және қала құрылысы органымен (қызметiмен) келiсу талап етiледi.
4. Техникалық жағынан күрделi емес объектiлердiң құрылысына (реконструкциялауға, қайта жобалауға, қайта жабдықтауға) арналған жобалық құжаттаманы әзiрлеудi оңайландыру қажет болған жағдайда, сәулет жобасы сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес нобай (нобайлық жоба) түрiнде орындалуы мүмкiн.
Жобаланған объектiнi техникалық жағынан күрделi емес объектiлердiң қатарына жатқызу туралы шешiмдi жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдары (қызметтерi) қабылдайды.
1. Құрылыс үшiн жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының негiзгi бөлігi ретiнде құрылыс жобасында (құрылыстық жобада) объектiнiң орналасқан жерiнiң қала құрылысы жағынан негiзделуi, құрылыс жүргiзу және объектiнi пайдалануға беру үшiн қажеттi көлемде экономикалық, сәулет, көлемдiк-жоспарлау, функционалдық, технологиялық, конструкциялық, инженерлiк, табиғат қорғау және өзге де шешiмдер болуға тиiс.
2. Заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген құрылыс жобасының жобалық шешiмдерi мен көрсеткiштерi оны iске асыру кезiнде мiндеттi болып табылады.
3. Құрылыс жобасы:
1) тапсырысшы бекiткен, жобалауға берілген тапсырмалар, жер учаскесiн (алаңдарды, трассаларды) таңдау мен бөлу (пайдалануға берiлген рұқсат) жөніндегi материалдар, объектiнi инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз етудiң техникалық талаптары, инженерлiк iзденулердiң, тапсырысшының жобалау алдындағы қызметiнiң нәтижелерін қоса алғанда, өзге де бастапқы деректердiң нәтижелері негiзiнде;
2) құрылыстағы инвестициялардың заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген негiздемелерiне (техникалық-экономикалық негiздемелерге, техникалық-экономикалық есептерге), ал қажет болған жағдайда жобада қолданылатын құрылыс материалдарының, бұйымдардың, конструкциялардың, инженерлiк жабдықтар мен құрылғылардың мердiгермен келiсiлген тiзбесiне сәйкес;
3) жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарының сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес әзірленеді.
Бекiтiлген қала құрылысы және (немесе) сәулет жобалары болған жағдайда құрылыс жобасын әзірлеуге арналған бастапқы құжаттама оларда қабылданған шешімдерге сәйкес келуге тиіс.
4. Осы Заңның 62-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда нобай (нобайлық жоба) құрылыс жобасы болып табылады.
5. Бекiтiлген құрылыс жобасына құрылыс-монтаж жұмыстары барысында өзгерiстер енгiзу тәртiбi сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган заңдарда белгiлеген тәртiппен бекiтетiн мемлекеттiк, авторлық және техникалық қадағалау жүргiзу жөнiндегi мемлекеттiк құрылыс нормаларымен және ережелерiмен белгiленедi.
1. Жобалар сараптамасын мемлекеттiк сараптама, сондай-ақ тиiстi лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар (сарапшылар) жүзеге асырады.
Сараптама алдын ала жобалау құжаттамасының жекелеген түрлерi, сондай-ақ жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен жүргiзiледi. Қала құрылысы жобалары осы заңда көзделген тәртiппен мемлекеттiк сараптамадан өтедi.
Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда жобаларға сараптама жүргiзу мiндеттi емес.
2. Тапсырысшы (меншiк иесi) қабылдайтын шешiммен мыналардың жобалары бойынша сараптама жүргiзiлмеуi мүмкiн:
1) жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарының сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес лицензиясы бар адамдар орындаған жеке тұрғын үйлер. Бұл ереже сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары немесе iске асыру кезiнде арнаулы жобалау шешiмдерi мен iс-шараларды талап ететiн өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар аудандардағы (аймақтардағы) жеке тұрғын үй құрылысына қолданылмайды;
2) маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған уақытша құрылыстар, тұрғын және тұрмыстық үй-жайлар;
3) жеке үй жанындағы учаскелердiң аумағындағы, сондай-ақ бау-бақша серiктестiктерiнiң (қоғамдарының) учаскелерiндегi шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар;
4) жұмыс iстеп тұрған инженерлiк тораптарды өзгертудi қажет етпейтiн үй жанындағы және саяжай учаскелерiн абаттандыру;
5) контейнердi және блоктарды пайдаланып жасалатын ықшам кешендер, сондай-ақ құрастырмалы-бұзылмалы конструкциялардан тұрғызылған және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтермен келiсудi керек етпейтiн сауда, қоғамдық тамақтандыру және тұрмыстық қызмет көрсету кәсiпорындарына арналған бiр қабатты үйлер (ғимараттар);
6) саны елуден аспайтын автомашинасы бар ашық үлгiдегi автотұрақтар, сондай-ақ екеуден аспайтын автомашинаға арналған бокстерi бар көлікжайлар;
7) бар үйлерде жүзеге асырылатын және тiреу конструкцияларын өзгертудi қажет етпейтiн өндірiстiк емес мақсаттағы үй-жайларды қайта жоспарлау (қайта жабдықтау);
8) инженерлiк тораптарды электр коррозиясынан қорғау;
9) желiлi инженерлiк тораптар мен оларға арналған құрылыстарға олардың жағдайын, салыну белгiлерiн, трубалардың диаметрiн өзгертудi қажет етпейтiн күрделi жөндеу жүргiзу;
10) шағын сәулеттiк нысандар және аумақтардың қоршаулары;
11) үйлердiң (ғимараттардың) маңындағы ашық спорт алаңдары, тротуарлар, төселген тастар;
12) технологиялық ресурстары таусылған және кәсiпорынды (цехты) реконструкциялауды немесе қайта бейiндеудi қажет етпейтiн бiрлi-жарым технологиялық немесе инженерлiк жабдықтарды жөндеу және ауыстыру.
3. Жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарының (қызметтерiнiң) келiсiмiмен тапсырысшы:
1) лицензиясы бар адамдар орындаған және қосымша жер учаскесiн (аумақ телiмiн) бөлiп берудi талап етпейтiн, конструкциялардың есептiк берiктiгiн төмендетпейтiн, сәулет-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және санитариялық сапаны нашарлатпайтын, пайдалану кезiнде қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтiн, тұрғын ғимараттардағы (үйлердегi) тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды реконструкциялау (қайта жобалау, қайта жабдықтау);
2) азаматтардың жеке пайдалануына арналған техникалық жағынан күрделi емес басқа да құрылыстар жобаларын сараптамаға ұсынбауға да құқылы.
4. Мемлекеттiк сараптаманың ерекше құзыретiне инвестициялардың негiздемелерiне, техникалық-экономикалық негiздемелер мен есептерге және:
1) мемлекеттiк инвестициялар есебiнен немесе олардың қатысуымен тұрғызылған, сондай-ақ мемлекеттiк инвестициялардың қатысуынсыз тұрғызылған, бiрақ заңда белгiленген тәртiппен өнiм шығару немесе көрсетiлетiн қызметтер көлемiндегi мемлекеттiк меншiк үлесi көзделетiн;
2) санитариялық, экологиялық, өрт және жарылыс қауiпсiздiгi, еңбектi қорғау конструкциялардың сенiмдiлiгi, ықтимал қауiптi және техникалық жағынан күрделi объектiлердiң жұмыс iстеуiнiң тұрақтылығы жөнiндегi мемлекеттiк нормативтiк талаптарға сәйкестiгi бөлігiнде, құрылысты қаржыландыру көздерiне қарамастан, объектiлердiң (кешендердiң) құрылысына арналған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасына сараптама жасау жатады.
Мемлекеттiк сараптамаға құрылыстың iрi және күрделi объектiлерi немесе салыну ұзақтығы алты айдан асатын объектiлер бойынша мердiгерлiк жұмыстарды (қызмет көрсетулердi) мемлекеттiк сатып алу ісiн жүргiзуге арналған конкурстық (тендерлiк) құжаттама да жатады.
Құрылысы тапсырысшының өз қаражаты (тартылған қаражаттарды, шетелдiк инвесторлардың қаражаттарын қоса алғанда) есебiнен жүзеге асырылатын объектiлер бойынша, ықтимал қауiптi және техникалық жағынан күрделi объектiлердi қоспағанда, жобалау алдындағы құжаттамаға мемлекеттiк сараптама жүргiзу туралы шешiмдi тапсырысшы (инвестор) қабылдайды.
5. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың аумақтарындағы жобаларға мемлекеттiк сараптаманы Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлейтiн лимиттiлiкке сәйкес тиiстi аумақтық мемлекеттiк сараптама бөлiмшелерi жүргiзедi.
6. Мемлекеттiк сараптамаға:
1) жүргiзілген сараптама нәтижелерi бойынша жобаларды бекiтуге ұсыну, қабылдамай тастау немесе пысықтауға қайтару;
2) тапсырысшы тұжырымдарда айтылған жағдайларды (талаптарды) орындамаған жағдайда бұрын берiлген оң қорытындыны керi қайтарып алу;
3) қаралып отырған жобаның тапсырысшыларынан мемлекеттiк органдар мен заңды тұлғалар, сондай-ақ жобаны әзiрлеушi - жекелеген мамандар арқылы сараптаманы сапалы жүргiзуге қажеттi материалдар мен ақпараттарды заңдарда белгiленген тәртiппен сұрату және алу;
4) белгiленген тәртiппен сараптама комиссияларын құру не сараптамаға қатыстыру үшiн мамандар тарту құқығы берiледi.
7. Мемлекеттiк сараптаманың оң қорытындылары:
1) құрылыстың жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын бекiту;
2) осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларда конкурстық (тендерлiк) құжаттаманы бекiту;
3) құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге (құрылыстың басталуына) рұқсат беру үшiн негiз болып табылады.
Мемлекеттiк инвестициялардың есебiнен немесе олардың қатысуымен салынып жатқан объектiлер жөнiндегi мемлекеттiк сараптаманың оң қорытындысы болмайынша, жобалау құжаттамасын бекiтуге және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге (құрылыстың басталуына) рұқсат етуге жол берiлмейдi, бұған осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайлар қосылмайды.
8. Мiндеттi түрде сараптамаға жататын, бiрақ белгiленген тәртiппен одан өтпеген жобалар аяқталмаған деп саналады және iске асырылмауға тиiс.
9. Мемлекеттiк сараптама, сондай-ақ сарапшылар (тиiстi лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар), егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, қаралатын жобалар жөнiндегi құпиялылықты сақтауға және коммерциялық құпияны қамтамасыз етуге мiндеттi.
10. Мемлекеттiк сараптама және сарапшылар инвестициялардың тиiмдiлiгiн талдау, бағалау және жобалардың сапасы жөнiндегi өз қызметінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектiлерiне тәуелсiз. Билiктiң өкiлдi және атқарушы органдары мен мемлекеттiк уәкiлеттi органның сараптаманың кәсiби қызметiне араласуға құқығы жоқ.
11. Жеке және заңды тұлғалар орындайтын жобалар сараптамасы шығыны қаралып отырған жобаның құнына жатқызыла отырып, шарттар негiзiнде жүзеге асырылады.
Жобаларға мемлекеттiк сараптама жүргiзудiң тарифтерi Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалатын тәртiппен белгiленедi.
12. Мемлекетаралық сараптама жүргiзу тәртiбi халықаралық шартқа сәйкес белгiленедi.
10-тарау. ҚҰРЫЛЫС ПРОЦЕСIН МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ
65-бап. Тапсырысшылар мен мердiгерлер
1. Құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстарға байланысты мемлекеттiк сатып алуға жатпайтын (құрылысқа арналған жобалау, iздену, сараптау, зерттеу жұмыстарын, тапсырыс бойынша құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiрудi қоса алғанда) қатынастардың негiзгi қатысушылары жобаның (бағдарламаның) тапсырысшы-инвесторы не оның уәкiлдiк берген адамы мен мердiгер (бас мердiгер) болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, отандық және шетелдiк заңды тұлғалар құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстардың тапсырысшылары бола алады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiнiң тиiстi түрлерiн жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар (бiрлескен кәсiпорындарды қоса алғанда) құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстарды орындайтын мердiгерлер бола алады. Бұл орайда бiрлескен кәсiпорындардың жарғылық капиталындағы шетелдiктердiң қатысу үлесi қырық тоғыз проценттен аспауға тиiс.
1. Тапсырысшының (инвестордың не оның уәкiлдiк берген адамының) мемлекеттiк сатып алуға жатпайтын мердiгерлiк жұмыстарды орындау үшiн мердiгер таңдауы:
1) егер бұл жоба (бағдарлама) үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, конкурс өткiзiлмей;
2) жабық немесе ашық конкурстың (тендердiң) нәтижелерi бойынша;
3) конкурсқа (тендерге) қатысуға үмiткерлердiң алдын ала бiлiктiлiгi арқылы немесе онсыз жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Мердiгерлiк жұмыстарға конкурстардың (тендерлердiң) негiзгi қатысушылары:
1) тапсырысшы не оның тапсырысшы өкiлеттiктерi негiзiнде жұмыс iстейтiн уәкiлдiк берген адамы арқылы конкурстарды (тендерлердi) ұйымдастырушы (өткiзушi);
2) конкурстың қазылар алқасы (тендер комиссиясы) - конкурсты (тендердi) ұйымдастырушының (өткiзушiнiң) тұрақты немесе уақытша алқалық жұмыс органы;
3) үмiткерлер - ұйымдастырушыға (өткiзушiге) ашық конкурсқа қатысу ниетi туралы өтiнiм берiп, ресми түрде өтiнiш жасаған, конкурсқа (тендерге) қатысуға жiберiлген тұлғалар, сондай-ақ жабық конкурсқа (тендерге) қатысуға шақыру алған тұлғалар.
3. Мердiгер таңдау жөнінде конкурс (тендер) өткiзу туралы шешiм қабылдаған кезде, сондай-ақ жобаны (бағдарламаны) iске асырудың басында тапсырысшының:
1) құрылыс үшiн қажеттi қаржыландыру көздерi немесе жобаны (бағдарламаны) iске асыру үшiн керек етiлетiн уақыт кезеңiнде қажеттi сомаға билiк ету құқығы болуға тиiс. Бұл ереже құрылысты мердiгердiң қаржыландыруы жөнiндегi талап конкурс (тендер) ережелерiне енгiзiлген жағдайда қолданылмайды;
2) жер учаскесiне (құрылысқа арналған алаңға немесе трассаға) тиiстi құқықтары немесе атқарушы органның оны беру туралы шешiмi болуға тиiс.
4. Егер мердiгер таңдау жөніндегi конкурстың (тендердiң) талаптарында инвестицияларға негiздеме жасау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеу тапсырысшының мiндетiне кiрсе, мердiгерлiк жұмыстарға конкурс (тендер) өткiзу кезiнде тапсырысшының қажеттi мемлекеттiк сараптамадан өтiп, белгiленген тәртiппен бекiтiлген инвестициялардың негiздемесi мен жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының болуы мiндеттi.
5. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағы мердiгер таңдау жөніндегi ашық конкурс (тендер) ұйымдастырылатын және өткiзiлетiн жер болып табылады.
6. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, конкурстың (тендердiң) тәртiбi мен талаптарын тапсырысшы немесе оның тапсыруымен конкурсты ұйымдастырушы (өткiзушi) белгiлейдi.
7. Конкурстарға (тендерлерге) қатысуға:
1) Қазақстан Республикасының аумағында шаруашылық қызметтi жүргiзуге заңдарда белгiленген тәртiппен рұқсат етiлмеген жеке және заңды тұлғалар;
2) банкрот деп жарияланған заңды тұлғалар;
3) конкурсты (тендердi) ұйымдастырушылар (өткiзушiлер) не оның қазылар алқасының (тендер комиссиясының) мүшелерi болып табылатын тұлғалар;
4) заңдарда белгiленген тәртiппен тiркелмеген ұйымдар жiберiлмейдi.
8. Тапсырысшының не конкурсты (тендердi) ұйымдастырушының (өткiзушiнiң) және қазылар алқасының (тендер комиссиясының) үмiткерден оның коммерциялық құпиясы болып табылатын ақпаратты мiндеттi түрде берудi талап етуге құқығы жоқ.
9. Мердiгерлiк жұмыстарға өткiзiлген конкурсты (тендердi) өттi деп хабарлау және тапсырысшының қатысушылардың бiрiн жеңiмпаз (жеңiмпаздар) деп бекiтуi (тануы) олардың арасында конкурс талаптарында көзделген мердiгерлiк жұмыстарды орындауға шарт жасасуға негiз болып табылады.
10. Тапсырысшы, мердiгерлiк жұмыстарға конкурс (тендер) ұйымдастырушы (өткiзушi) және конкурстың қазылар алқасы (тендер комиссиясы) өз мiндеттемелерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасы
заң актiлерiне
сәйкес жауапты болады.
11. Мемлекеттiк сатып алуға жатпайтын мердiгерлiк жұмыстар тапсырысшы (жобаның немесе бағдарламаның инвесторы) мен ол таңдаған мердiгер (бас мердiгер) арасында жасалатын шарт негiзiнде орындалады.
Мердiгерлiк шартта мердiгер (бас мердiгер) iшкi мердiгерлердiң орындауына бермекшi болып отырған жұмыстардың (көрсетiлетiн қызметтердiң) түрлерi мен көлемi мiндеттi түрде көрсетiледi. Бұл орайда бүкiл мердiгерлiк жұмыстардың шартта көзделген құнының (мердiгерлiк бағаның) жинақтап алғанда үштен екi бөлiгiнен астамын iшкi мердiгерлiкке беруге рұқсат етiлмейдi.
12. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, тапсырысшының мердiгер алдындағы және мердiгердiң тапсырысшы алдындағы мiндеттерi мен жауапкершiлiгi мердiгерлiк шартпен белгiленедi.
13. Мердiгерлiк шартта мердiгердiң қаржылық жауаптылығын анықтайтын, құрылыс объектiсiнiң пайдалануға берiлгеннен кейiнгi тұрақты жұмыс iстеуiнiң кепiлдi мерзiмдерi белгiленедi.
Мердiгерлiк шартта кепiлдi мерзiмдер белгiленбеген жағдайда осы Заңның 69-бабы 1-тармағының екiншi бөлiгiнде көзделген норма қолданылады.
67-бап. Мердiгерлiк жұмыстарға конкурс (тендер)
нәтижелерiн жарамсыз деп тану
1. Мердiгерлiк жұмыстарға осы конкурс (тендер) үшiн белгiленген тәртiп пен талаптарды бұза отырып өткiзiлген немесе заңдарға сәйкес өткiзiлмеген конкурстың (тендердiң) нәтижелерiне (жеңiмпазды таңдауға және өзге қорытындыларға) қатысушы (қатысушылар) сот тәртiбiмен наразылық бiлдiре алады.
2. Конкурстың (тендердiң) нәтижелерiн жарамсыз деп тану тапсырысшы мен жеңiмпаз (жеңiмпаздар) арасында жасалған шарт күшiнiң жойылуына әкеп соғады, ал конкурс (тендер) өткiзiлмедi деп жарияланады.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өткiзiлмедi деп жарияланған конкурс (тендер) өзге мерзiмде қайта өткiзілуi мүмкiн.
68-бап. Құрылыс процесiне қойылатын негiзгi талаптар
1. Құрылыс процесiнiң тиiстi кезеңдерiнде осы бапта белгiленген рәсiмдер орындалып, талаптар сақталуға тиiс.
2. Объект салуды жүзеге асыруға ниетi бар тапсырысшы жер заңдарына сәйкес жергiлiктi атқарушы органдардан осы объектiнi салуға жер учаскесiн беру туралы шешiм не тапсырысшыға меншiк немесе жер пайдалану құқығымен тиесілі учаскені құрылыс салуға пайдалануға рұқсат алуға міндетті. Бұл ережеге тапсырысшыға меншік құқығымен тиесілі жеке үй жанындағы, саяжай, бау-бақша учаскелерiне уақытша құрылыстар, шаруашылық-тұрмыстық қора-қопсы және абаттандыру элементтерiн, сондай-ақ тапсырысшы жер пайдалану құқығымен пайдаланатын учаскелерде (аумақтарда) маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған тұрғын және тұрмыстық үй-жайлар салу қосылмайды.
3. Жергiлiктi атқарушы органдардың құрылысқа жер учаскесiн беру туралы шешiмiнiң (құрылыс салушының меншiк немесе жер пайдалану құқығындағы учаскеде құрылысқа рұқсатының) шешiм қабылданған күннен құрылыс басталғанға дейiнгi қолданылу мерзiмi жобалаудың нормативтiк ұзақтығын және белгiленген тәртiппен жобаның бекiтiлуiн ескере отырып, жер заңдарына сәйкес белгiленедi және рұқсат құжатында көрсетiледi.
Жер учаскесiн беру туралы бұрын қабылданған шешiм не тапсырысшыда бар учаскенi құрылысқа пайдалануға бұрын берілген рұқсат, егер осы учаскеде рұқсат етiлмеген басқа құрылыс жүргiзiлсе, қайтарып алынуы мүмкiн.
4. Құрылыс салуға жер учаскесiн беру не тапсырысшыға меншiк немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi учаскенi пайдалануға рұқсат беру туралы оң шешiм мүмкiн болмаған жағдайларда, жергiлiктi атқарушы органдар өтiнiш берiлген кезден бастап он күн iшiнде өтiнiш берушiге (тапсырысшыға) оның сол құрылысты жүзеге асыру ниетi қайшы келетiн заң нормаларын (ережелердi, талаптарды, шектеулердi, сервитуттарды) көрсете отырып, бас тартуды дәлелдеп жауап қайтаруға мiндеттi.
5. Жергiлiктi атқарушы органдардың құрылысқа жер учаскесiн беру (учаскенi пайдалануға рұқсат ету) туралы шешiмi тапсырысшының белгiленген объектiнi жобалауға тапсырмасын жасау үшiн негiз болып табылады.
Тапсырысшы не оның уәкiлеттi адамы (құрылыс салушы) жобалауға тапсырманы жасайды және тапсырысшы бекiтедi.
Жобалауға тапсырма жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеу жөнiндегi тапсырысты орындауға арналған шарттың ажырағысыз бөлiгi болып табылады.
Жобалауға тапсырма объектiнiң талап етiлетiн параметрлерiн, өзге де бастапқы деректердi қамтуға тиiс.
6. Құрылыс салынбақшы болып отырған ауданда инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету жөнінде қызмет көрсетушiлер тапсырысшының өтiнiмi бойынша құрылыс және кейiн пайдалануға енгiзiлген объектiнiң тұрақты жұмыс iстеуi үшiн талап етiлетiн, сұратылып отырған (есеп айырысу) параметрлерде инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету көздерiне қосуға техникалық жағдай жасайды не дәлелдi түрде бас тартып жауап қайтарады.
Қызмет көрсетудiң сұратылып отырған параметрлерiне (есептеулерiне) техникалық жағдай жасаудан бас тарту монополияға қарсы заңдардың нормалары мен ережелерiне сәйкес жүргiзiледi.
7. Құрылыс объектiсiн инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету жөнінде қызмет көрсетушiлердiң техникалық жағдай жасаған кезде тапсырысшының инженерлiк (коммуналдық) инфрақұрылым объектiлерiн кеңейтуге (реконструкциялауға, жаңғыртуға, техникамен қайта жарақтандыруға) қатысуы (үлестiк қатысуы) туралы негiзсiз талаптар белгiлеуiне жол берiлмейдi.
Белгiлi бiр елдi мекен немесе құрылыс ауданының инженерлiк (коммуналдық) инфрақұрылымын қамтамасыз етудiң сол кездегi деңгейi тапсырысшы сұратқан параметрлерде қызметтер көрсетуге мүмкiндiк бермеген жағдайда, қосылатын абоненттердiң қосымша жүктемелерiн жабуға арналған инфрақұрылым объектілерiн кеңейтуге (реконструкциялауға, жаңғыртуға, техникамен қайта жарақтандыруға) байланысты шығындар туралы мәселелер жеткiзiп берушiлер (өндiрушiлер) мен тапсырысшы (тұтынушы) арасында шарт және қайтарымдылық негiзiнде шешiлуге тиiс.
8. Жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдары құрылысқа жер учаскесiн беру (учаскенi пайдалануға рұқсат ету) туралы шешiм, жобалауға бекiтiлген тапсырма, инженерлiк қамтамасыз ету мен коммуналдық қызмет көрсету көздерiне қосуға техникалық жағдайлар жасау және басқа да бастапқы материалдар (деректер) негiзiнде тапсырысшыға сәулет-жоспарлау тапсырмасын бередi.
9. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру үшiн қажеттi бастапқы материалдардың құрамы мен көлемi мемлекеттiк нормативтiк құжаттармен белгiленедi.
Жаңа объект салу немесе бар объектiнi реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, жаңғырту, қалпына келтiру) үшiн жер учаскесiн бөлiп беру (телiм беру) талап етiлмейтiн жағдайларда, сондай-ақ бұл мақсаттар үшiн инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету көздерiне қосу қажет болмаса, сәулет-жоспарлау тапсырмасына тиiстi жазба жасалады.
10. Жобалауға берiлген тапсырмаға, сәулет-жоспарлау тапсырмасына және өзге де бастапқы материалдарға сәйкес әзiрленген жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы мемлекеттiк нормативтiк құжаттамаларда белгіленген талаптарға сәйкес келiсiледi және бекiтiледi.
Құжаттамаға сараптама осы Заңның 64-бабында белгіленген талаптарға сәйкес жүргiзiледi.
11. Жобаны (құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзудi) iске асыра бастау үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк органның рұқсаты талап етiледi. Рұқсат алуға қажеттi құжаттардың тiзбесi сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган анықтайтын тәртiппен белгiленедi.
12. Құрылыс процесi осы Заңның 6-тарауының нормаларына сәйкес сәулет-құрылыс бақылауында болады.
13. Құрылысы аяқталған объект осы Заңның 11-тарауының нормаларына сәйкес пайдалануға қабылдануға тиiс.
Салынған объектiнi пайдалануға қабылдаудың белгiленген тәртiппен бекiтiлген актiсi жылжымайтын мүлiкке және онымен жасалатын мәмiлелерге құқықтарды тiркейтiн мемлекеттiк органда объектiнi тiркеу үшiн негiз болып табылады.
14. Рұқсат ету құжаттары мен өзге де бастапқы материалдарды ресiмдеу және беру (оларды беруден дәлелдi бас тарту) мерзiмдерiн, сондай-ақ оларды ресiмдеу және беру үшiн ақы төлеу (алымдар алу) тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгілейдi.
69-бап. Объектiлердi пайдаланудың кепiлдi мерзiмi
1. Құрылыс объектілерiн пайдаланудың кепiлдi мерзiмi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес белгiленедi.
Өзге де барлық жағдайларда кепiлдi мерзiм салынған объектiнi (тұтастай алғанда құрылыстың күрделi сыныбына немесе жүргiзiлген құрылыс-монтаж жұмыстарының жекелеген түрлерiне сәйкес) пайдаланудың нормативтiк мерзiмiне қарай тапсырысшы мен мердiгер (бас мердiгер) арасында құрылысқа шарт жасасқан кезде белгiленедi, бiрақ объект пайдалануға қабылданған күнiнен бастап екi жылдан кем болмауға тиiс. Кепiлдi мерзiмнiң бұл шегi қосалқы-көмекшi мақсаттағы, азаматтардың жеке пайдалануына арналған уақытша құрылыстар мен ғимараттарға қолданылмайды.
2. Белгiленген кепiлдi мерзiм iшiнде анықталған сәйкессiздiктер мен жолсыздықтар бойынша жауапкершiлiк оларды жою жөнiндегi мiндеттемелермен бiрге мердiгерге (бас мердiгерге) жүктеледi.
3. Егер кепілдi мерзiм iшiнде анықталған сәйкессiздiктер мен жолсыздықтар басқа орындаушылардың (iзденушiлердiң, жобалаушылардың, iшкi мердiгерлердiң, өндiрушiлердiң немесе құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкцияларын, жабдықтарды берушiлердiң) сапасыз жұмыстарының салдарынан туындаған болса, мердiгер (бас мердiгер) жауапкершiлiктi кiнәлi тұлғаға толығымен немесе ішінара аударуға құқылы.
4. Егер кепiлдi мерзiм iшiнде анықталған сәйкессiздiктер мен жолсыздықтар объектiнi пайдалану және күтiп ұстау ережелерiн сақтамаудан не құрылыс-монтаж жұмыстарын орындаушыларға байланысты емес мән-жайлардан туындаған болса, орындаушылар жауапкершiлiктен босатылады.
5. Объектiлердi пайдаланудың кепiлдi мерзiмдерiне байланысты жауапкершiлiк шаралары мен дәрежесi жөнiнде даулар мен өзара талаптар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.
1. Құрылыстың және құрылыс өнiмдерiнiң тиiстi сапасын қамтамасыз етуде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiне қойылатын талаптарды белгiлейтiн нормалар мен ережелер Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен реттеледi және көлемдiк, жазықтық және желiлiк күрделi ғимараттардың (құрылыстардың, үйлер мен олардың кешендерiнiң, коммуникациялардың) барлық түрлерiне, соның iшiнде оларға қатысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарға, сондай-ақ құрылыс өнімдерiнiң (объектiлерiнiң) мақсатына қарамастан, оларды жобалау, салу, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын дайындау (өндiру) жөнiндегi жұмыстардың (қызмет көрсетулердiң) барлық түрлерiне қолданылады.
2. Құрылыс өнімдерiнiң (объектiлерiнiң) сапасы:
1) мемлекеттiк (мемлекетаралық) нормативтiк құжаттардың нормалары мен талаптарын сақтау;
2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiн лицензиялау және мамандарды аттестаттау;
3) құрылыстағы инвестициялардың негiздемесiне сараптама жүргiзу және жобалау (жобалау-смета) құжаттамалары;
4) сәулет-құрылыс бақылауы, техникалық және авторлық қадағалау;
5) жобалау мен құрылыста пайдаланылатын өнімдердi стандарттау;
6) сынақ-талдау зертханаларын аттестаттау мен тiркеу, құрылыста пайдаланылатын өнiмдердi сертификаттау, сондай-ақ жаңа өнімдi, өндiрiс әдiстерiн, құрылыстағы жарақтарды техникалық бағалау;
7) жобалау мен құрылыстағы метрологиялық қызмет;
8) құрылысы аяқталған объектiлердi пайдалануға беру мен қабылдап алуды ұйымдастыру;
9) құрылыс техникасы мен технологиясын жетiлдiру;
10) жер сiлкiну қаупi бар аймақтар объектiлерiне паспорттар беру;
11) пайдаланылып отырған не құрылысы тоқтатылған және өзге де құрылысы аяқталмаған объектiлердiң жай-күйiн тексеру мен байқау, нормативтiк сипаттамаларды қамтамасыз ету мақсатында араласу арқылы қамтамасыз етiледi.
3. Құрылысты салудың (тоқтатып қоюдың) бүкiл кезеңi мен объектiлердiң қызмет (пайдалану) мерзiмi iшiнде меншiк иелерi (тапсырысшылар, иеленушiлер, жалдаушылар, жалға алушылар) олардың сапасының мынадай негiзгi сипаттамаларын:
1) жұмыс жүргiзу мен күтiп ұстауды қоса алғанда, тұрғызу және пайдалану кезiндегi қауiпсiздiгiн;
2) еңбектi қорғау талаптарына сәйкестiгiн;
3) жұмыс iстеуiнiң тұрақтылығы мен сенiмдiлiгiн;
4) қоршаған ортаны қорғау жөніндегi талаптарға сәйкестiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Сапаның негiзгi сипаттамаларын қамтамасыз ету күрделi құрылыс үшiн инженерлiк iзденiстерге, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын жобалауға, дайындауға (өндiруге) және жеткiзiп беруге, аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қоюға, объектiлердi пайдалануға, қабылдауға, күтiп ұстау мен пайдалануға, сондай-ақ оларды кейiннен кәдеге жаратуға қатысушы барлық субъектiлердiң мiндетi болып табылады.
4. Сәулет-құрылыс бақылау, жобаларды сараптамадан өткiзу, құрылыс өнiмiн стандарттау және сертификаттау органдары (қызметтерi, лауазымды адамдары), тапсырысшылар, құрылыс салушылар, iзденушiлер, жобалаушылар, құрылыста пайдаланылатын өнімдi дайындаушылар (өндiрушiлер) мен жеткiзiп берушiлер, жұмыс жүргiзушiлер, аталған өнімнiң (объектілердiң) меншiк иелерi (пайдаланушылары, жалдаушылары, жалға алушылары) өз мiндеттерiне сәйкес құрылыс өнiмiнiң (объектiлерiнiң) сапасын қамтамасыз етушi субъектiлер болып табылады.
71-бап. Объектілердiң сапалық сипаттамаларын
қамтамасыз етудегi меншiк иелерiнiң
мiндеттерi
Меншiк иелерiне объектiлердi пайдалану кезiнде олардың тиісінше сапасын қамтамасыз ететін негізгі сипаттамаларын сақтауға бағытталған мынадай міндеттер:
1) объектiнi қалпына келтiру, күшейту, қайта салу, қайта жобалау, қайта жабдықтау, реконструкциялау, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, түрлендіру және кейін кәдеге жарату, сондай-ақ объектінің сәулеттік келбетiн және (немесе) қала құрылысы қырларын өзгерту жөніндегi жұмыстарды тек рұқсат ету рәсiмдерiнен өтудiң заңдарда белгiленген тәртiбiне, құрылыс, санитариялық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, экологиялық және басқа да мiндеттi нормалар мен ережелерге сәйкес жүзеге асыру;
2) пайдаланушылардың (жалдаушылардың, жалға алушылардың) объектiнi қиратуына және (немесе) бүлдiруiне жол бермеу жөнiнде шаралар қолдану;
3) объектiнi кейiн кәдеге жарату жөнiнде жұмыстар кешенiн жүргiзудi ұйымдастыру жүктеледi.
72-бап. Объектiлердiң сапалық сипаттамаларын қамтамасыз
етуде пайдаланушылардың мiндеттерi
Пайдаланушыларға (жалдаушыларға, жалға алушыларға) объектiлердi пайдалану кезiнде олардың тиiсiнше сапасын қамтамасыз ететiн негiзгi сипаттамаларын сақтауға бағытталған мынадай мiндеттер:
1) тұтас алғанда объектiнi не оның жалға алынған бөлiгiн пайдалану жөнiнде оларды заңдарда белгiленген ережелерге (тәртiпке, нұсқаулықтарға) не жалдау (жалға алу) шартының талаптарына сәйкес пайдалану;
2) жалдау (жалға алу) шартының талаптары бойынша пайдаланушыға (жалдаушыға, жалға алушыға) жүктелген күтiп ұстау мен жөндеу жөнiндегi жұмыстарды уақтылы және тиiсiнше жүзеге асыру;
3) объектiнi қалпына келтiру, күшейту, қайта салу, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, реконструкциялау, кеңейту, техникамен қайта жарақтау, түрлендiру, жаңғырту, сондай-ақ объектiнiң сәулеттiк келбетiн және (немесе) қала құрылысы қырларын өзгерту жөнiндегi жұмыстарды тек меншік иесінің келісімімен және құрылыс, санитариялық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және басқа да мiндеттi нормалар мен ережелерге сәйкес жүзеге асыру;
4) меншiк иесiн объектiнi пайдалану кезiнде болған оның сипаттамасындағы өзгерiстер немесе техникалық авариялар туралы хабардар ету жүктеледi.
11-тарау. ҚҰРЫЛЫС ОБЪЕКТIЛЕРIН ПАЙДАЛАНУҒА
ҚАБЫЛДАУ
73-бап. Объектiлердi пайдалануға қабылдаудың
жалпы тәртiбi
1. Салынған объектiлердi пайдалануға қабылдау Қазақстан Республикасы Азаматтық
кодексiмен
, осы Заңмен реттеледi.
2. Салынған объектiнi пайдалануға қабылдауды мемлекеттiк қабылдау комиссиясы немесе қабылдау комиссиясы оның бекiтiлген жобаға сәйкес толық әзiрлiгi және жұмыс комиссиясының оң қорытындысы болған жағдайда жүргiзедi.
Осы Заңның 74-бабында көзделген жекелеген жағдайларда салынған объектiнi пайдалануға қабылдауды меншiк иесi (тапсырысшы, инвестор, құрылысты салушы) дербес жүргiзедi.
3. Осы Заңның 74-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк қабылдау комиссиясының немесе қабылдау комиссиясының оң шешiмi болмайынша, салынған объектiнi пайдалануға жол берiлмейдi.
4. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының салынған объектiлердi пайдалануға қабылдау туралы актiсi (ал мемлекеттiк нормативтерде белгiленген жағдайларда - қабылдау комиссиясының актiсi) дайын құрылыс өнімiне мүлiктiк құқықты тiркеу кезiнде бастапқы ерекше құжат болып табылады.
5. Салынған объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiн мемлекеттiк комиссия бекiтуге тиiс. Қабылдау актiсiн бекiтудi мемлекеттiк қабылдау комиссиясын тағайындаған инстанция жүргiзедi.
Қабылдау актiсiн бекiту:
1) өндiрiстiк мақсаттағы объектiлер бойынша - актiге қол қойылған күннен бастап бiр айдан аспайтын мерзiмде;
2) тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектiлер бойынша - актiге қол қойылған күннен бастап жетi күннен аспайтын мерзiмде жүргiзiледi.
6. Комиссияны тағайындаған инстанцияның объектiнi пайдалануға қосу туралы актiнi бекiткен күнi мемлекеттiк қабылдау комиссиясы қабылдаған объектiнiң пайдалануға қосылған күнi деп есептеледi.
Объектiнiң пайдалануға қосылғандығы туралы актiге қол қойылған күн қабылдау комиссиясы қабылдаған объектiнiң пайдалануға қосылған күнi деп есептеледi.
7. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының немесе қабылдау комиссиясының нақты объект бойынша өкiлеттiктерi олардың тағайындалған кезiнен басталады және объектiлердi пайдалануға қабылдау туралы акт бекiтiлген кезден бастап тоқтатылады.
8. Жұмыс комиссиясының нақты объект бойынша өкiлеттiктерi оның тағайындалған кезiнен басталады және пайдалануға қосылған объектiнi кешендi тексеру жөнiнде заңдарда белгiленген тәртiппен ресiмделген қорытынды тапсырысшыға берiлген кезден бастап тоқтатылады.
74-бап. Меншiк иесi пайдалануға дербес
қабылдайтын объектiлер
1. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге заңдарда белгіленген рұқсаты болған жағдайда меншiк иесi (тапсырысшы, инвестор, құрылыс салушы) құрылысы аяқталған, техникалық жағынан күрделi емес объектiлердi, атап айтқанда:
1) тiреу және қоршау конструкцияларын, инженерлiк жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге, сондай-ақ үй-жайларды қайта бейiмдеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) байланысы жоқ бiр қабатты тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайларды (үйдiң жекелеген бөлiктерiн) реконструкциялауды (қайта жоспарлауды, қайта жабдықтауды);
2) уақытша құрылыстарды, соның iшiнде маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған тұрмыстық үй-жайларды;
3) жеке үй маңындағы учаскелер аумақтарындағы шаруашылық-тұрмыстық құрылыстарды, бау-бақша серiктестiктерi (қоғамдары) учаскелерiндегi құрылыстарды, үй жанындағы немесе үй iргесiндегi (саяжай) учаскелердегi абаттандыру элементтерiн;
4) контейнердi және блоктарды пайдаланып жасалатын шағын кешендердi, сондай-ақ құрастырмалы-бұзылмалы конструкциялардан тұрғызылған және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтермен келiсудi қажет етпейтiн сауда, қоғамдық тамақтандыру мен тұрмыстық қызмет көрсету кәсiпорындарына арналған бiр қабатты үйлердi (ғимараттарды);
5) автомашиналар саны елуден аспайтын ашық үлгiдегi автотұрақтарды, сондай-ақ саны екеуден аспайтын автомашинаға арналған жайы бар көлiкжайларды;
6) бар ғимараттарда жүзеге асырылатын және тiреу конструкцияларының өзгертiлуiн қажет етпейтiн өндiрiстiк емес мақсаттағы үй-жайларды қайта жоспарлауды (қайта жабдықтауды);
7) шағын сәулеттiк нысандарды және аумақтардың қоршауын;
8) үйлер (ғимараттар) маңындағы ашық спорт алаңдарын, тротуарларды, тас төсенiштерiн пайдалануға қабылдауды дербес жүзеге асыруға құқылы.
2. Егер осы баптың 1-тармағында аталған үй-жайларды (үйдiң жекелеген бөлiктерiн) өзгерту, сондай-ақ техникалық жағынан күрделi емес объектiлердi салу мен пайдалану басқа азаматтардың құқықтарына нұқсан келтiрсе не мемлекеттiк және (немесе) қоғамдық мүдделерге қайшы келсе, бұл баптың нормаларын қолдануға болмайды.
3. Осы баптың нормалары:
1) құрылысы мемлекеттiк инвестициялар есебiнен не олардың қатысуымен қаржыландырылатын;
2) сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары не өзге де геологиялық (гидрогеологиялық) немесе геотехникалық жағдайлары ерекше аудандарда, сондай-ақ ерекше реттелетiн аймақтарда орналастырылатын (орналастырылған) объектiлерге қолданылмайды.
75-бап. Мемлекеттiк қабылдау комиссиялары пайдалануға
қабылдайтын объектiлер
1. Мемлекеттiк инвестициялар есебiнен не олардың қатысуымен салынып жатқан (салынған) барлық объектiлер мемлекеттiк қабылдау комиссиясының пайдалануға қабылдауына жатады.
2. Қаржыландыру көздерiне қарамастан, мемлекеттiк қабылдау комиссияларының пайдалануға қабылдауына:
1) азаматтық (қоғамдық) және коммуналдық мақсаттағы жеке тұрған объектiлер;
2) шағын бизнес (жеке кәсiпкерлiк) кәсiпорындарын қоспағанда, өндiрiстiк мақсаттағы объектiлер;
3) көп пәтерлi тұрғын үйлер (ғимараттар);
4) автомобиль жолдары мен темiр жолдар;
5) көпiрлер, жол желiлерi, тоннельдер, азық-түлiк желiлерi мен инженерлiк құрылыстары бар электр беру желiлерi;
6) ғарыштық байланыс объектілерi;
7) атом энергетикасын қоса алғанда, энергетика объектiлерi;
8) су шаруашылығы, ирригациялық және (немесе) гидротехникалық мақсаттағы объектiлер;
9) темiр жол және автомобиль разъездерiнде, қорықтарда, заказниктерде, балық питомниктерiнде, орман, аңшылық және басқа алқаптарда тұруға арналған объектiлер (тұрғын және қосалқы үй-жайлар) жатады.
3. Мемлекеттiк инвестициялардың қатысуынсыз салынып жатқан (салынған), бiрақ мемлекеттiк және қоғамдық мүдделерге қатысы бар объектiлердi мемлекеттiк қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдауға тиiс.
Аталған талапты тапсырысшыға (құрылыс салушыға) сәулет-жоспарлау тапсырмасын берген кезде жергiлiктi атқарушы органдар белгiлейдi және ол сол тапсырмада, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге берiлген рұқсатта көрсетiлуге тиiс.
76-бап. Қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдайтын
объектiлер
1. Осы Заңның 74 және 75-баптарында көзделген нормалар қолданылатын объектiлердi қоспағанда, мемлекеттiк инвестициялардың қатысуынсыз салынып жатқан (салынған) объектiлер қабылдау комиссияларының пайдалануға қабылдауына жатады.
Осы Заңның 75-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған объектiлер санатын шығарылатын өнiмнiң және көрсетiлетiн қызметтiң жылдық көлемiне қарай Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
2. Мемлекеттiк инвестициялардың қатысуынсыз қаржыландырылатын объектiлер де, егер олар:
1) тұрғын және тұрғындық емес үй-жайларды тұрғын үйлер етiп қайта бейiндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) байланысты болса;
2) үй-жайлардың (үйдiң бiр бөлiгiн) тiреу және (немесе) қоршау конструкцияларын, инженерлiк жүйелер мен жабдықтарды өзгертудi талап ететiн реконструкциялауға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) байланысты болса;
3) салу және (немесе) пайдалану кезiнде басқа меншiк иелерiнiң мүдделерiн қозғаса;
4) әлеуметтiк (әлеуметтiк-экономикалық) сипаты бар мемлекеттiк немесе қоғамдық мүдделердi бiлдiретiн объектiлер болса;
5) сейсмикалық қауiптілiгi жоғары не өзге де геологиялық (гидрогеологиялық) немесе геотехникалық жағдайлары ерекше аудандарда, сондай-ақ өзге де ерекше реттелетiн аймақтарда салынып жатса (салынса);
6) адамдар мен қоршаған ортаға ықтимал қаупi бар өндiрiстiк процестерге байланысты болса, қабылдау комиссияларының пайдалануға қабылдауына жатады.
Аталған шектеулердi тапсырысшыға (құрылыс салушыға) сәулет-жоспарлау тапсырмасын берген кезде жергiлiктi атқарушы органдар белгiлейдi және олар сол тапсырмада, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге берiлген рұқсатта көрсетiлуге тиiс.
77-бап. Қабылдау және жұмыс комиссиялары
1. Қабылдау комиссиясы мен жұмыс комиссиясы тапсырысшының шешiмiмен тағайындалады және объектiнiң пайдалануға қабылдау рәсiмiне дайын екендiгi туралы бас мердiгерден жазбаша хабар алынғаннан кейiн он бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей құрылады.
2. Қабылдау және жұмыс комиссияларының өкiлеттiктерi мен мiндеттерi, сондай-ақ мiндеттi құрамы Қазақстан Республикасының Yкiметi анықтайтын тәртiппен белгiленедi.
3. Қайта қабылдауды қоса алғанда, қабылдау және жұмыс комиссияларының жұмыс процесiнде жасалған шығындарын тапсырысшы өтейдi.
78-бап. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясы
1. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясы - салынған объектiнi пайдалануға қабылдайтын уақытша немесе тұрақты алқалы орган.
Тұрақты мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамын, қажет болуына қарай, комиссияны тағайындаған мемлекеттiк басқару органы өзгертедi.
2. Пайдалануға қабылданатын объектiнiң маңыздылығына немесе құрылыс құнына қарай мемлекеттiк қабылдау комиссиясын:
1) орталық атқарушы органдардың немесе облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) әкiмдерiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi;
2) Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары;
3) облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) әкiмдерi;
4) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) әкiмдерi тағайындайды.
3. Мемлекеттiк қабылдау комиссиялары:
1) өндiрiстiк мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау кезiнде - комиссия жұмысы басталуының белгiленген мерзiмiне дейiн үш айдан кешiктiрмей;
2) тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау кезiнде - комиссия жұмысы басталуының белгiленген мерзiмiне дейiн күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрмей алдын ала тағайындалады.
Бұл орайда осы объект бойынша комиссия жұмысының басталу және аяқталу мерзiмдерi белгiленедi.
4. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының мiндетiне:
1) жұмыс комиссиясы анықтаған шалағайлықтардың, жобадан, құрылыс нормалары мен ережелерiнен ауытқушылықтардың жойылуын тексеру;
2) сәулет-құрылыс, инженерлiк және технологиялық шешiмдердiң, сондай-ақ тұтас алғанда объектiнiң iлгерiшiлдiгiн бағалау;
3) қолданысқа енгiзiлетiн объектiнiң (кешеннiң) жобалық қуатының (сыйымдылығының) сәйкестiгiн тексеру;
4) қажет болған жағдайда, технологиялық жабдықтар мен инженерлiк жүйелерге бақылаушылық байқау және сынақ жүргiзу;
5) комиссияны тағайындаған инстанция объектiнiң пайдалануға жарамсыздығы туралы дәлелдi қорытынды берiп, жобалау-iздену және (немесе) құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасыз орындалуына жол берген лауазымды адамдарды заңдарда белгiленген тәртiппен жауапқа тарту жөнiнде ұсыныс жасау кiредi. Бұл орайда қорытындының көшiрмелерi тапсырысшыға (құрылыс салушыға) және бас мердiгерге жiберiлуге тиiс.
5. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының салынған объектiнi пайдалануға қабылдау фактiсi Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген бiрыңғай нысандағы актiмен ресiмделедi.
6. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының барлық мүшелерi қол қойған, объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiн комиссияны тағайындаған инстанция бекiтедi.
Мемлекеттiк қабылдау комиссиясы мүшесiнiң (мүшелерiнiң) айрықша пiкiрi болған жағдайда, комиссия қабылдау актiсi бекiтiлгенге дейiн туындаған қарсылықтарды өзiн тағайындаған мемлекеттiк басқару органының қатысуымен қарауға тиiс.
7. Өндiрiстiк мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау кезiнде мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамына:
1) комиссияны тағайындаған мемлекеттiк басқару органының комиссия төрағасы тағайындайтын жауапты өкiлi;
2) комиссия төрағасының орынбасары тағайындайтын бас жобалау ұйымының өкiлi;
3) тапсырысшының (инвестордың, құрылыс салушының), пайдаланушы ұйымдардың (кәсiпорындардың, мекемелердің), бас мердiгердiң, жергiлiктi атқарушы органдардың, iшкi жобалаушылардың (жоба бөлiмдерiн әзiрлеушiлердiң), мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясының, мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, мемлекеттiк өртке қарсы қадағалау, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк қадағалау орындарының өкілдерi кiредi.
8. Өндiрiстiк мақсаттағы объектілердi қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамына:
1) өнеркәсiп және кен қадағалау жұмыстарын қауiпсiз жүргiзу жөнiндегi мемлекеттiк қызмет өкiлдерi - осы органдардың бақылауындағы магистральдық мұнай өнiмдерi құбырларын, газ құбырлары мен басқа объектiлердi қабылдаған кезде;
2) күрделi немесе бiрегей технологиялық жабдықтарды дайындаушы кәсiпорынның және монтаждау ұйымдарының өкiлдерi - осындай жабдықтар бар объектiлердi қабылдаған кезде;
3) темiр жолдарды басқаратын мемлекеттiк органдардың өкiлдерi - кiрме темiр жолдары бар объектiлердi қабылдаған кезде;
4) жер ресурстарын басқару жөніндегi уәкiлеттi органның, сондай-ақ жер пайдаланушы қожалықтардың өкiлдерi - суландыру және құрғату жүйелерiн, қайтадан қалпына келтiрiлген жерлердi, қорғаныш ағаш екпелерiн, эрозияға қарсы гидротехникалық құрылыстарды және басқа жер құнарлығын арттыру мен оны қорғау мақсатында салынған объектiлердi қабылдаған кезде;
5) мемлекеттiк мал дәрiгерлiк қызметiнiң өкiлдерi - осы органдардың немесе мал дәрiгерлiк ұйымдардың (кәсiпорындардың, мекемелердiң) бақылауындағы объектiлердi қабылдаған кезде;
6) автомобиль жолдарын басқаратын мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк жол инспекциясының (полициясының) өкiлдерi - автомобиль жолдарын қабылдаған кезде;
7) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк қадағалау және мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау қызметтерiнiң өкiлдерi - газдан тазартатын және шаң соратын құрылғыларды қабылдаған кезде;
8) төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк басқару органдарының өкiлдерi - азаматтық қорғаныс ғимараттарына (үй-жайларына) немесе азаматтық қорғаныстың жеке тұрған ғимараттарына жапсарлас салынған объектiлердi қабылдаған кезде енгiзiледi.
9. Тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi қабылдаған кезде мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамына:
1) жергiлiктi атқарушы органның комиссия төрағасы тағайындайтын жауапты өкiлi;
2) комиссия төрағасының орынбасары тағайындайтын мемлекеттiк құрылыс инспекторы;
3) тапсырысшының (инвестордың, құрылыс салушының), жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органының, пайдаланушы ұйымдардың (кәсiпорындардың, мекемелердiң), бас мердiгердiң, бас жобалау ұйымының (жоба авторларын қоса алғанда), мемлекеттiк өртке қарсы қадағалау және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау қызметтерiнiң өкiлдерi енгiзiледi.
Жобаны әзiрлеушiнiң тұрған жерi (орналасқан жерi) объект салынып жатқан елдi мекеннен тыс жерде болған жағдайда, осы жобалау ұйымының жергiлiктi атқарушы органдарға жазбаша өтiнiшi бойынша оның өкiлiнiң орнына мемлекеттiк қабылдау комиссиясына жергiлiктi жобалау ұйымының өкiлi енгiзiлуi мүмкiн.
10. Сондай-ақ тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамына:
1) су ресурстарын мемлекеттiк басқару органдарының және қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк қадағалау қызметiнiң өкiлдерi - су жинауға және су ағызуға байланысты объектiлердi қабылдаған кезде;
2) тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлер құрылысының жобаларын әзiрлеудi жүзеге асыратын денсаулық сақтау, бiлiм беру, ғылым, мәдениет, туризм және спорт мемлекеттiк басқару органдарының өкiлдерi - тиiстi мақсаттағы объектiлердi қабылдаған кезде енгiзiледi.
11. Қайта қабылдауды қоса алғанда, мемлекеттiк қабылдау комиссиясының жұмыс процесiнде жасалған шығындарын тапсырысшы өтейдi.
79-бап. Салынған объектілердi пайдалануға өткiзуге және
қабылдауға қатысушылардың жауапкершiлiгi
Салынған объектiлердi пайдалануға, өткiзуге және қабылдауға қатысушылар, соның iшiнде тапсырысшылар (инвесторлар, құрылыс салушылар), iздену, жобалау, құрылыс-монтаж жұмыстарына мердiгерлiктiң жауапты орындаушылары, құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкцияларын және жабдықтарын дайындаушылар мен берушiлер, сондай-ақ құрылыстың және жабдықтарды монтаждаудың барысын оралымды қадағалау қызметтері, мемлекеттік қабылдау немесе қабылдау комиссиясының және жұмыс комиссиясының мүшелері, басқа да қатысушылар азаматтардың өміріне немесе денсаулығына төнген қауіп, сондай-ақ жіберілген жолсыздықтар не міндетті нормативтік талаптардан (ережелерден, шектеулерден) ауытқушылық салдарынан мемлекеттік, қоғамдық немесе жеке мүдделерге келтірілген залал (зиян) үшін Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленгендей жауапты болады.
Қазақстан Республикасының Президенті