"Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі Заңының 8-бабының 7) тармақшасына және 58-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидалары;
2) Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 21 қаңтардағы
№ 148 қаулысымен
бекітілген
Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда
болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан
кетуінің қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі, "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" 1995 жылғы 19 маусымдағы заңдарына сәйкес әзірленді және көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалардың нормаларын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.
3. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болу мерзімдерін қысқарту және оларды Қазақстан Республикасынан шығару Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер бойынша жүргізіледі.
4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Қағидаларда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және
болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің
тәртібі
5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және/немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше тәртіп белгіленбесе, Қазақстан Республикасының визалары болған кезде көшіп келушілер халықаралық және жолаушы қатынастары үшін ашық Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттері арқылы паспорттары немесе оларды алмастыратын құжаттары (бұдан әрі - паспорт) бойынша, Қазақстан Республикасына келеді және Қазақстан Республикасынан кетеді.
Визаның қолданылу мерзімі көшіп келуші паспортының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 ай бұрын өтуі тиіс.
Визаларды беру, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімдерін ұзарту және қысқарту тәртібін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен (бұдан әрі – ҚР ҰҚК) келісім бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі – ҚР СІМ) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен (бұдан әрі – ҚР ІІМ) бірлесіп айқындайды.
Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.12.29 № 1787 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
5-1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында рұқсат етілген болу мерзімі көші-қон карточкасында көрсетілген тіркеу мерзімі өткен соң аяқталады.
Болу мерзімі көшіп келушінің немесе оның жақын туыстарының ауыр науқасына, форс-мажор жағдаяттарына байланысты көші-қон карточкасына белгі қоя отырып, растайтын құжаттардың негізінде ұзартылады.
Ескерту. Қағида 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2012.12.29 № 1787 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
6. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, уәкілетті орган берген тиісті рұқсаттарсыз Қазақстан Республикасында уақытша болатын көшіп келушілердің еңбек қызметін жүзеге асыруына жол берілмейді.
7. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуіне және Қазақстан Республикасынан кетуіне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген негіздер бойынша тыйым салынады.
8. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 24.02.2014 № 133 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
9. Қазақстан Республикасында уақытша болатын көшіп келушілер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткеннен кейін күнтізбелік бес күн ішінде өзінің тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша тіркеледі. Көшіп келушілерді тіркеу жеке басты куәландыратын құжаттар бойынша жүзеге асырылады.
Пана іздеген адамдарды және босқындарды тіркеу Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделеді.
Заңда белгіленген тәртіппен өздеріне қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыс деп танылатын іс-әрекеттер жасалғаны туралы хабарлаған көшіп келушілерді тіркеу Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес арызды қарау үшін қажетті мерзімге ресімделеді. Егер арыз бойынша қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылданса, тіркеу қылмыстық істі тергеу үшін қажетті мерзімге ұзартылады.
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 24.02.2014 № 133 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
10. Тіркеу көшіп келушінің ұлттық паспортының және визаның қолданылу мерзімінен аспайтын кезеңге ресімделеді.
Келу мен болудың визасыз тәртібі туралы ратификацияланған халықаралық шарттары бар елдерден Қазақстан Республикасына келген азаматтарды тіркеу визасыз болу рұқсат етілген мерзімге жасалады. Егер нақты мерзім белгіленбесе, тіркеу отыз тәуліктен, ал Кеден одағына мүше мемлекеттердің азаматтары үшін тоқсан тәуліктен аспайтын мерзімге ресімделеді және одан әрі осындай мерзімдерге ұзартылады.
Оларға қатысты шетелдік жұмыс күшін тартуға заңда белгіленген тәртіппен ресімделген рұқсаты бар көшіп келушілерді, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін тіркеу осы рұқсаттың қолданылу мерзіміне ресімделеді.
Паспорттарды тіркеуден дипломаттық немесе қызметтік паспорттары бар көшіп келушілер, сондай-ақ Қазақстан Республикасына Қазақстан Республикасының "дипломаттық", "қызметтік" және "инвесторлық" санаттағы визаларымен келген немесе уәкілетті органнан "инвестор" мәртебесін растаған кезде көшіп келушілер (визасыз болу режиміндегі елдер үшін) босатылады.
Шетелдік Қазақстан Республикасында уақытша тұратын жерін ауыстырған кезде қабылдаушы заңды немесе жеке тұлға бұл туралы ішкі істер органдарына үш күн мерзімде жазбаша хабарлайды.
Тұрақты немесе уақытша тұратын жері өзгерген жағдайда көшіп келушілер күнтізбелік бес күн ішінде жаңа тұратын жері бойынша ішкі істер органдарында қайта тіркеуден өтеді.
Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.12.29 № 1787 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
11. Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келетін көшіп келушілер мынадай санаттарға бөлінеді:
1) шетелдік қызметкерлер - Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген немесе жұмыс берушілер тартатын көшіп келушілер;
2) бизнес-көшіп келушілер - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер;
3) маусымдық шетелдік қызметкерлер - климат немесе өзге де табиғат жағдайларына байланысты белгілі бір, бірақ бір жылдан аспайтын кезеңнің (маусымның) ішінде атқарылатын маусымдық жұмыстарды орындау үшін жұмыс берушілер жұмысқа тартатын көшіп келушілер.
12. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдік жұмыс күшін тарту, сондай-ақ Қазақстан Республикасына уақытша келетін көшіп келушілердің еңбек қызметін жүзеге асыруы жергілікті уәкілетті органның рұқсаты негізінде жүзеге асырылады.
13. Елге бизнес-көшіп келуші визасы бойынша келген шетелдік визаның қолданылу мерзіміне ішкі істер органдарында тіркеледі.
14. Бизнес-көшіп келушілер Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген міндеттерді орындамаған жағдайда, ішкі істер органдары жергілікті атқарушы органдардың өтініш хаты негізінде бизнес-көшіп келушілердің болу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылдайды.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.02.2014 № 54 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
15. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, маусымдық шетелдік қызметкерлер, гуманитарлық себептер бойынша, білім алу және отбасымен қосылу мақсатында келетін көшіп келушілер жалпы негізде тіркеледі.
3. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағы арқылы
жүріп-тұруы және транзитпен жол жүруі және олардың
Қазақстан Республикасында тұрғылықты тұратын жер таңдауы
16. Көшіп келушілер Қазақстан Республикасының шетелдіктердің баруы үшін ашық аумағы бойынша еркін жүріп-тұра алады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес тұрғылықты жерді таңдай алады. Жүріп-тұру мен тұрғылықты тұратын жерді таңдаудағы шектеулерді Қазақстан Республикасының Үкіметі "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-тармағының 7) тармақшасына сәйкес белгілейді.
17. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасы бойынша жүріп-тұру, сондай-ақ олардың шетелдіктер үшін жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) бару тәртібін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп айқындайды.
Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.12.29 № 1787 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
18. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуі және Қазақстан Республикасынан кетуі үшін Қазақстан Республикасының транзиттік визалары рәсімделеді.
19. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жол жүруіне, оларда үшінші елге кіру үшін жарамды құжаттар (визалар) болған жағдайда, бес тәуліктен аспайтын мерзімге рұқсат етіледі.
20. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы визасыз келу туралы келісім бар өздерінің азаматтығы мемлекеттерінің елдеріне транзитпен өтетін шетелдіктер Қазақстан Республикасының транзиттік визасын ресімдейді.
21. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлік құралдарымен транзитпен өтетін, оның ішінде жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдіктер халықаралық автомобиль қатынасы үшін ашық жолдар бойынша ғана жүреді.
22. Заңнаманы бұзған не көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында одан әрі болу негіздері болмаған жағдайларда олардың Қазақстан Республикасында болу мерзімдері ҚР ІІМ мен ҚР ҰҚК белгілеген тәртіппен қысқартылады.
Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзған көшіп келушілер, яғни тұру құқығына құжаттарсыз тұрып жатқан немесе жарамсыз құжаттар бойынша тұрып жатқан, тіркеудің не жүріп-тұрудың және тұрғылықты тұратын жерді таңдаудың белгіленген тәртібін сақтамайтын, оларға белгіленген болу мерзімі өткеннен кейін шығудан жалтарған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жол жүру қағидаларын сақтамайтын көшіп келушілер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартуға жатады.
23. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болу мерзімін қысқарту туралы шешімді ішкі істер органдары қабылдайды.
24. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды шығару туралы сот шешімі болған кезде шығаруды ұйымдастыру үшін қажетті мерзімге оларды ішкі істер органдарының арнайы мекемелерінде ұстауға жол беріледі.
25. Көшіп келуші оны Қазақстан Республикасынан шығару туралы шешімге заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдана алады.
26. Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын көшіп келушілердің болу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілігі туралы, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімін қысқарту туралы мәселе дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 21 қаңтардағы
№ 143 қаулысымен
бекітілген
Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан
Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін,
Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын
шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ
Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған
адамдарды есепке алу қағидалары 1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі, "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" 1995 жылғы 19 маусымдағы заңдарына сәйкес әзірленді және мыналардың:
1) көші-қон бақылауын жүзеге асыру;
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу тәртібін айқындайды.
2. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының лауазымды адамдары мен азаматтарының осы Қағидалардың талаптарын сақтауын бақылауды Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары (бұдан әрі - ішкі істер органдары) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарымен (бұдан әрі - ұлттық қауіпсіздік органдары) өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.
2. Көші-қон бақылауын жүзеге асыру
3. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болу тәртібіне көші-қон бақылауын ішкі істер органдары жүзеге асырады.
4. Көшіп келушілердің паспорттарын тіркеу «Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – «Бүркіт» БАЖ) жүргізіледі және көші-қон карточкасына немесе визалық-көші-қон порталынан қағаз тасымалдағыштағы мәтіндік файлда белгі қою жолымен:
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде;
ішкі істер органдары – көшіп келушілердің уақытша немесе тұрақты тұратын жері бойынша, оның ішінде «Бүркіт» БАЖ бойынша заңды және жеке тұлғалардан олардағы көшіп келушілер туралы ақпарат алу арқылы ресімдейді;
жеке және заңды тұлғалар дербес сандық электрондық қол қою арқылы «Бүркіт» БАЖ визалық-көші-қон порталына ақпарат енгізеді.
Заңды және жеке тұлғалардың «Бүркіт» БАЖ визалық-көші-қон порталына олардағы көшіп келушілер туралы ақпарат енгізу тәртібін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен (бұдан әрі – ҚР ҰҚК) келісім бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (бұдан әрі – ҚР ІІМ) белгілейді.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.12.29 № 1787 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
5. Көші-қон бақылауын жүзеге асыру барысында ішкі істер органдарының қызметкерлері:
1) шетелдікте ұлттық паспортының, визасының және ішкі істер органдарында оның мекемелерінде тіркелуінің, ал Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктерде және азаматтық жоқ адамдарда - тұруға ықтиярхаттарының, азаматтығы жоқ адамның куәлігінің болуын;
2) шетелдіктердің шетелге уақтылы кетуін немесе Қазақстан Республикасында болу мерзімін ұзартуын;
3) шетелдіктер еркін жүруіне жабық жерлерде болуға рұқсаттың болуын тексереді.
6. Ішкі істер органдарының қызметкерлері:
1) шетелдіктердің тұрғылықты немесе уақытша болатын жері бойынша;
2) шетелдіктердің жұмыс немесе оқу орны бойынша;
3) әуе, темір жол және көліктің басқа түрлерінде;
4) көшелер мен қоғамдық жерлерде бақылауды жүзеге асырады.
7. Бақылау:
1) азаматтардың тұрғын үй-жайларын қарап шығу;
2) жатақханалар мен қонақ үйлерді және шетелдіктердің болуы ықтимал жерлерді тексеру;
3) пойыздарда жүру;
4) автокөлік құралдарын тексеру;
5) жедел-профилактикалық және арнайы іс-шаралар жүргізу;
6) қолданыстағы заңнамада көзделген басқа нысандар мен әдістерді пайдалану арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
8. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасынан шығару туралы сот қаулыларының орындалуын бақылау оларды көрсетілген адам аумағына шығарылатын шет мемлекеттің билік өкіліне ресми беру арқылы не "Бүркіт" БАЖ-ды пайдалана отырып, ішкі істер органдары жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасынан шығарылатын адамның бақыланатын дербес шығуы арқылы жүргізіледі.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз
өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз
болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды,
сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым
салынған адамдарды есепке алу
9. Заңнаманы бұзған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары электрондық форматта, сондай-ақ тиісті ақпараттық есепке алу құжаттарын толтыру арқылы жүргізеді.
10. Ішкі істер органдарының және ұлттық қауіпсіздік органдарының аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз өтуіне, Қазақстан Республикасында заңсыз болуына байланысты заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстықжауапкершілікке тартылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды дербес жүргізеді.
11. Ішкі істер органдары мен ұлттық қауіпсіздік органдары "Бүркіт" БАЖ-ды заңнаманы бұзған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты ақпаратпен дереу толтырады.
12. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған шетелдіктердің саны және дербес деректері туралы мәліметтерді ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелері ай сайын ҚР ІІМ-ге ұсынады.
13. Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарылған көшіп келушілерге шығарып жіберу туралы шешім шығарылған күннен бастап бес жыл бойы "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі Заңының 48-бабына сәйкес Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.
Соттың көрсетілген шешімдері негізінде ішкі істер органдары "Бүркіт" БАЖ-ға он күн ішінде Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынған адамдар туралы ақпарат енгізеді.
14. Қазақстан Республикасынан шығарылған адамдарға мәліметтер құқық бұзушылықты анықтаған аумақтық ішкі істер органдарында бес жыл сақталады.
Әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдарға мәліметтер құқық бұзушылықты анықтаған органда шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған сәттен бастап бір жыл сақталады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 21 қаңтардағы
№ 148 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған
кейбір шешімдерінің тізбесі
1. "Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуын құқықтық реттеудің жекелеген мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 қаңтардағы № 136 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 4, 55-құжат).
2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 қаңтардағы № 136 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 27 маусымдағы № 956 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 27, 320-құжат).
3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 қаңтардағы № 136 қаулысына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 29 мамырдағы № 595 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 16, 171-құжат).
4. "Көші-қонға бақылау жасауды күшейту жөніндегі кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 13 наурыздағы № 241 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 10, 119-құжат).
5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 қаңтардағы № 136 қаулысына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 шілдедегі № 702 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 29, 702-құжат).
6. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 қаңтардағы № 136 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 20 тамыздағы № 881 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 30, 412-құжат).
7. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 қаңтардағы № 136 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі № 756 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 31, 399-құжат).
8. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 қаңтардағы № 136 қаулысына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 1 тамыздағы № 725 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 28, 305-құжат).
9."Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 қаңтардағы № 136 қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2006 жылғы 7 қыркүйектегі № 854 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 34, 366-құжат).
10. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 қаңтардағы № 136 және 2003 жылғы 26 қарашадағы № 1185 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылы 10 тамыздағы № 688 қаулысының 1-тармағының 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 28, 323-құжат)
11. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 қаңтардағы № 136 және 2000 жылғы 12 шілдедегі № 1063 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 3 наурыздағы № 166 қаулысының 1-тармағының 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы. 2010 ж., № 22-23, 169 құжат).
12. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 қаңтардағы № 136 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі № 307 қаулысы(Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 30, 228-құжат).
13. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 қаңтардағы № 136 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2011 жылғы 29 сәуірдегі № 466 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ, 2011 ж., № 36, 432 құжат).