Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 316 қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауын, «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығын және «Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
      2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар мен өзге де ұйымдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
      3. Жергілікті атқарушы органдар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Бағдарлама іс-шараларының орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат, оның ішінде Бағдарламаны іске асыру шеңберінде бөлінетін қаражаттың пайдаланылуы туралы жиынтық ақпарат берсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелсін.
      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2011 жылғы 31 наурыздағы
№ 316 қаулысымен  
бекітілген     

Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы

1. Бағдарламаның паспорты

      Ескерту. 1-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.09.15 № 1065 Қаулысымен.

Бағдарламаның        Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы
атауы

Әзірлеу үшін         Қазақстан Республикасы Президентінің 2011
негіздеме            жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге
                     қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауы
                     Қазақстан Республикасы Президентінің 2010
                     жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген
                     Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі
                     Стратегиялық даму жоспары Қазақстан
                     Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19
                     наурыздағы № 958 Жарлығымен бекітілген
                     Қазақстан Республикасын үдемелі
                     индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі
                     2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік
                     бағдарлама

Әзірлеуге және іске  Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты
асыруға жауапты      әлеуметтік қорғау министрлігі
мемлекеттік орган      

Мақсаттарға,        Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы
нысаналы            министрлігі, Қазақстан Республикасы Білім және
индикаторларға,     ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы
міндеттерге,        Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі
нәтижелер           Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және
көрсеткіштеріне     сауда министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы
қол жеткізуге       министрлігі, Қазақстан Республикасы Құрылыс
жауапты             және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері
мемлекеттік және    агенттігі облыстардың, Астана және Алматы
өзге де органдар    қалаларының әкімдері

Бағдарламаның       Жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға
мақсаты             жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру

Бағдарламаның       Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды
міндеттері          жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды жұмыспен
                    нәтижелі қамтылуға тарту
                    Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық
                    инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014
                    жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске
                    асыру үшін кадр әлеуетін дамыту;
                    Әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру.

Бағдарламаны іске   1. кезең - 2011 (пилоттық)
асыру мерзімі және  2. кезең - 2012 - 2015 жылдар
кезеңдері           3. кезең - 2016 - 2020 жылдар

Нысаналы           Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасында көзделген
индикаторлар       міндеттерді іске асыру барысында 2016 жылға қарай
                   мынадай нәтижелерге қол жеткізілетін болады:
                   Бағдарламамен 1,5 млн. дейін адам қамтылатын
                   болады;
                   кедейлік деңгейі 8,2 %-дан 6 %-ға төмендейді;
                   жұмыссыздық деңгейі 5,5 % аспайтын болады;
                   жұмыспен қамтылған халық құрамындағы өз
                   бетінше жұмыспен айналысушылардың үлесі
                   33,3 %-дан 26 %-ға төмендейді;
                   Жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру
                   есебінен еңбек өнімділігінің қосымша өсімі
                   20 % құрайтын болады

Қаржыландыру       2011 жылы Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске
көздері мен көлемі асыруға жұмсалатын республикалық бюджет шығыны
                   40,2 млрд. теңгені құрайтын болады.
                   Келесі жылдары мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру
                   көлемі жоспарланатын кезеңге арналған тиісті
                   бюджеттерді қалыптастыру кезінде нақтыланатын
                   болады.

2. Кіріспе

      Мемлекет басшысы өзінің 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында еңбек нарығының тиімділігін арттыру, табысы аз адамдарды, жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен айналысушыларды жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесудің белсенді бағдарламаларына тарту міндеттерін жүктеді.
      Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметінің негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі болып табылады. Жұмыспен лайықты қамтуды қамтамасыз ету - халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, адам ресурстары әлеуетін дамыту және іске асырудың маңызды шарты, қоғамдық байлықтың артуы мен өмір сүру сапасын жақсартудың басты құралы.
      Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру барысында елде қарқынды дамушы еңбек нарығы құрылды, халықтың экономикалық белсенділігі мен жұмыспен қамту деңгейі тұрақты өсуде. Соңғы 10 жылда жұмыспен қамтылған халық саны 6698,8 мыңнан 8141,4 мың адамға артты, ал жұмыссыздық деңгейі 2001 жылғы 12,8 %-дан 2010 жылдың оңында 5,5 % төмендеді.
      Жол картасы шеңберінде жұмыс орындарын сақтау және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің арнайы шараларын әзірлеу және іске асыру әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың әсерімен байланысты уақытша экономикалық қиындықтар кезеңінде (2008 - 2010 жылдар) де жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін сақтауға мүмкіндік берді.
      Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға көшу, бір жағынан, жұмыспен қамтудың одан әрі өсу мүмкіндіктерін кеңейтеді, екінші жағынан - еңбек нарығына жұмыс күшінің ішкі резервін тартудың, еңбек ресурстарының сапасы мен экономикалық белсенділігін арттырудың жаңа тәсілдерін әзірлеуді және іске асыруды талап етеді.

3. Ағымдағы жағдайды талдау

      Қазақстан Республикасындағы еңбек нарығын және жұмыспен қамту саласын реттеу 1991 жылдан бері негізінен халықты жұмыспен қамтудың арнайы бағдарламалары форматында жүзеге асырылды: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 3 маусымдағы № 833 қаулысымен бекітілген Кедейлікпен және жұмыссыздықпен күрес жөніндегі 2000 - 2002 жылдарға арналған бағдарлама, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 26 наурыздағы № 296 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында кедейлікті азайту жөніндегі 2003 - 2005 жылдарға арналған бағдарлама және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 27 қаңтардағы № 68 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының халқын жұмыспен қамтудың 2005 - 2007 жылдарға арналған бағдарламасы.
      2008 - 2010 жылдарға жұмыссыздықтың өсуінің алдын алуға, жұмыспен нәтижелі қамтудың артуына жәрдемдесуге, жұмыс күшінің сапасын арттыруға және ұлттық еңбек нарығын қорғауға бағытталған Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту жүйесін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 қарашадағы № 1114 қаулысымен бекітілген болатын.
      Алайда әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың әсерімен 2008 жылғы күзден бастап Қазақстан Республикасында өндіріс қарқыны төмендей бастады, инфляцияның өсуі байқалды, жұмыспен қамтудың төмендеуі және тиісінше халық табысының азаюы белең алды. 264 кәсіпорын өндірісін толық немесе ішінара тоқтатты. Қырық мыңнан астам қызметкер ішінара жұмыспен қамту режиміне ауыстырылды не ақысы төленбейтін демалыстарға жіберілді. Жұмыссыз халық саны 559,3 мың адам болды (немесе экономикалық белсенді халықтың 6,6%)
      Жұмыссыздықтың өсуі, қызметкерлердің одан әрі босатылуы әсіресе өндірістің экспортқа бағытталған салаларында болжанды. Құрылыс, сауда, көлік және байланыс салаларында да жұмыс орындарының қысқару қаупі орын алды.
      Осындай жағдайда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жұмыспен қамтуға, жұмыссыздықтың айтарлықтай өсуіне жол бермеуге, жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған арнайы Жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын (Жол картасын) әзірледі.
      Жол картасы шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді нысандарын (әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қайта даярлау және біліктілікті арттыру) кеңінен қолдану нысаналы топтар құрамындағы адамдардың белсенділігін арттыруға ықпал етті, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі (4,7 %) алғаш рет елдегі жұмыссыздықтың жалпы деңгейінен төмен көрсеткіште белгіленді.
      Жол картасының негізгі нәтижелері: шамамен 9 мың жоба іске асырылды; 392 мың жұмыс орны құрылды; шамамен 150 мың адам даярлауға және қайта даярлауға жіберілді, олардың жартысына жуығы жұмысқа орналастырылды; 192 мыңнан астам адам әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар практикасы шеңберіндегі жұмыс орындарына орналастырылды.
      Дағдарыс жағдайында іске асырылған халықты жұмыспен қамтудың қысқа мерзімді стратегиясы - Жол картасы жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеуімен катар, оның деңгейінің 2009 жылғы екінші тоқсандағы 6,9 %-дан 2010 жылғы желтоқсанда 5,5 % көрсеткішке дейін төмендеуіне қол жеткізуге мүмкіндік берді.
      Жұмыспен қамтудың өсуі халық табысының артуы мен кедейлік деңгейінің төмендеуіне негіз болды. Табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз халық үлесі 2001 жылғы 46,7 %-дан 2006 жылы 18,2 %-ға және 2010 жылы 6,9 %-ға азайды.
      Алайда оң өзгерістерге қарамастан, ұлттық еңбек нарығында теңгерімсіздік сақталып отыр. Жұмыссыздар бар болғанымен, бос жұмыс орындары толықтырылмай отыр, экономика салаларының мамандарға деген қажеттілігінің объективті болжамы жоқ. Еңбек ресурстары сапасының төмендігіне және өндіріс пен оқудың арасында нақты байланыстың болмауына байланысты жұмыс күшінің, бірінші кезекте білікті кадрлардың, техникалық және қызмет көрсету еңбегі қызметкерлерінің тапшылығы байқалып отыр. Жұмыспен қамтылған халықтың шамамен үштен бірінің кәсіптік білімі жоқ.
      Жұмыспен қамтылған халық құрылымында өз бетінше жұмыспен айналысатын адамдардың үлесі - 33,3 % немесе 2,7 млн. астам адамды құрайды. Өз бетінше жұмыспен айналысушылардың негізгі бөлігі ауылдық жерлерде тұрады және жеке шаруашылығын жүргізумен айналысады, одан түсетін табыс тіршілік етуге жеткілікті деңгейде ғана болады. Өз бетінше жұмыспен айналысушылардың басым бөлігі әлеуметтік қорғау және қолдау жүйесімен қамтылмаған.
      Ауыл жастарының жағдайы ерекше алаңдаушылық тудырып отыр, кәсіптік білім алуға қолжетімділігі шектеулі болғандықтан, олар ресми еңбек нарығында іс жүзінде бәсекеге қабілетсіз болып табылады.
      Еңбек нарығында қалыптасқан мұндай ахуалдың тікелей салдары кедейліктің сақталуы болып табылады, 2010 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 1,1 млн. астам адамның табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз.
      Табысы аз адамдарды әлеуметтік қолдау мәселесінде жұмыспен қамтуға және табыс табуға жәрдемдесудің белсенді шаралары жеткілікті қолданылмайды.
      Өткен ғасырдың 90 жылдарының соңында жұмыспен қамту қызметтеріне жүргізілген институционалдық қайта құрулар еңбек нарығын реттеу тиімділігін төмендетті.
      Осы орайда қалыптасқан жағдай кедейлікті төмендету қарқынын баяулатып қана қоймайды, сонымен қатар экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басу қарсаңында жұмыс күшіне деген сұраныстың артқанына қарамастан, елде бар еңбек ресурстарының толық пайдаланылмайтынын аңғартады.
      Әлемдік тәжірибеде осы тектес проблемаларды шешу үшін еңбек нарығындағы белсенді бағдарламалар (бұдан әрі - ЕНББ) қолданылады. ЕНББ еңбек ресурстарын дамыту (кәсіптік даярлау және қайта даярлау), жұмыс күшіне деген сұранысты арттыру (жалақыны/жұмыспен қамтуды субсидиялау, қоғамдық жұмыстар), еңбек нарығын реттеуді жетілдіру (жұмыспен қамту қызметтерін құру, ақпараттық қолдау), еңбек күш-жігерін жандандыруды мемлекет жүзеге асыратын әлеуметтік қолдау жүйесімен үйлестіру («құқықтар мен міндеттер» немесе «өзара міндеттер» стратегиялары, бұл жағдайда мемлекет жұмыспен қамту және оқыту бойынша жоғары сапалы қызметтер көрсетуге міндеттенеді, ал ЕНББ-ға қатысушы жұмысты қарқынды іздеуді жүзеге асыруға міндеттенеді) арқылы жүзеге асырылады.
      ЕНББ экономикалық тұрғыдан - жұмыспен нәтижелі қамту ықтималдығының артуын, еңбек өнімділігі мен жалақының өсуін, әлеуметтік тұрғыдан - жұмыссыздықтың төмендеуін, еңбек белсенділігінің артуы мен адам әлеуетінің дамуын болжайды.
      Бастапқыда мұндай бағдарламалар экономикалық күйзеліс кезеңінде және жұмыссыздық деңгейі өте жоғары болған кезде қолданылған, ал қазіргі уақытта - экономикасы ауыспалы елдердегі өнеркәсіптік қайта құрылымдаудың кері әсерін азайту және еңбек нарығынан айтарлықтай алшақ халықтың әлжуаз топтарын кіріктіру үшін қолданылады.
      Осының негізінде қол жеткізілетін оң нәтижелер ЕНББ әзірлеудің және қазақстандық еңбек нарығында да қолданудың өзектілігін арттырып отыр.
      Жол картасын іске асыру барысында жинақталған еңбек нарығында туындайтын қатерлерді басқару тәжірибесі біздің бұл тұрғыдағы мүмкіндіктерімізді арттыра түседі.

4. Бағдарламаның мақсаты, міндеттері және нысаналы индикаторлары

4.1 Бағдарламаның мақсаты

      Жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру.

4.2 Бағдарламаның нысаналы индикаторлары

      2016 жылға қарай:
      Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасымен (бұдан әрі - Бағдарлама) 1,5 млн. дейін адам қамтылатын болады;
      Кедейлік деңгейі 8,2 %-дан 6 %-ға төмендейді;
      Жұмыссыздық деңгейі 5,5 % аспайтын болады;
      Жұмыспен қамтылған халық құрамындағы өз бетінше жұмыспен айналысушы адамдардың үлесі 33,3 %-дан 26 %-ға төмендейді;
      Бағдарламаны іске асыру есебінен еңбек өнімділігінің қосымша өсімі 20 % құрайтын болады.
      2020 жылға дейінгі сандық индикаторлар Бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін, оған тиісті өзгерістер енгізілу мүмкіндігімен айқындалатын болады.

4.3 Бағдарламаның міндеттері

      Ескерту. 4.3-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.09.15 № 1065 Қаулысымен.

      1. Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына тарту.
      2. Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны (бұдан әрі - ҮИИДМБ) іске асыру үшін кадр әлеуетін дамыту.
      3. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру.
      Бағдарламаны іске асыру бірінші кезекте оқытуға, тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналастыруға, өзінің жеке ісін ашуға және кеңейтуге жәрдемдесуге, ал мұндай мүмкіндіктер болмаған жағдайда, жұмыспен нәтижелі қамтудың қолжетімділігін кеңейту мақсатында экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендерге және экономикалық даму орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдесуге бағытталған.
      Осыған орай, Бағдарламаны іске асыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:
      1. Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.
      2. Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу.
      3. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру.
      Бағдарламаны іске асыру үшін:
      1) нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі шаралар қабылданатын болады;
      2) жекелеген мамандықтар бойынша ағымдағы бос жұмыс орындары және болжамды жұмыс орындарының жалпыұлттық дерекқоры (бұдан әрі - Дерекқор) қалыптастырылды. Дерекқор идустрияландыру картасының жобалары, «Бизнестің жол картасы 2020» және жеке сектордың басқа да бастамалары есебінен қалыптастырылатын болады.
      Индустрияландыру картасы, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде жобаларды іске асыруға, кәсіпкерлікті дамытуға жауапты орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметкерлерге деген бар және болжамды қажеттілік туралы өңірлер мен жекелеген мамандықтар бөлінісіндегі ақпаратты белгіленген нысан бойынша тұрақты негізде Бағдарлама операторына жіберетін болады.
      Бағдарламада көзделген іс-шараларды қаржылай қамтамасыз ету мақсатында мәлімделген қажеттілікке сәйкес және республикалық бюджеттің қаржылай мүмкіндіктерін ескере отырып, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әрқайсысы үшін қаржыландыру лимиті айқындалатын болады.
      Лимит бойынша берілген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету және бағдарламада көзделген нәтижелерге (нысаналы индикаторларға) қол жеткізу мақсатында республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен жергілікті атқарушы органдар арасында мынадай негізгі параметрлер бойынша нәтижелер туралы келісімдер жасалатын болады:
      Оқумен қамтылған Бағдарламаға қатысушылардың саны мен құрамы;
      тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған, оның ішінде оқу оқығандар арасынан Бағдарламаға қатысушылардың саны мен құрамы;
      «экономикалық өсу орталықтарына көшетін Бағдарламаға қатысушылардың саны мен құрамы;
      өз бетінше жұмыспен айналысатын қызметкерлер санының қысқаруы;
      жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі;
      ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен деңгейде өмір сүріп жатқан халық санының қысқаруы;
      басқа көрсеткіштер.
      Бағдарламаның іске асырылуын басқаруды:
      республика деңгейінде:
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - ВАК).
      Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік орган және Бағдарлама операторы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі - Бағдарлама операторы) болады;
      облыстық (астана, республикалық маңызы бар қала) деңгейде - Бағдарламаны іске асыру жөніндегі өңірлік комиссия (бұдан әрі - өңірлік комиссиялар) және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдар;
      аудандық (қалалық) деңгейде - Бағдарламаны іске асыру жөніндегі аудандық (қалалық) комиссия (бұдан әрі - аудандық (қалалық) комиссиялар) және халықты жұмыспен қамту орталықтары;
      селолар мен ауылдар деңгейінде – (селолар мен кенттердің және селолық округтердің әкімдері) осы әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің аппараттары жүзеге асыратын болады.
      Бағдарламаның орындалуын ұйымдастырудың аса маңызды құралдарының бірі халықты жұмыспен қамту орталықтары мен тікелей Бағдарламаға қатысушылар арасындағы әлеуметтік келісімшарттар болып табылады.
      Әлеуметтік келісімшарт – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының жұмыссыз, өз бетінше жұмыспен айналысатын және табысы аз азаматтары қатарындағы жеке тұлға мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы тараптардың құқықтары мен өзара міндеттемелерін айқындайтын келісім.
      Өңірлік, аудандық (қалалық) комиссиялардың үлгі ережелерін, әлеуметтік келісімшарттың нысанын Бағдарлама операторы әзірлейтін болады.

4.3.1. Бірінші бағыт:
өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу

      Ескерту. 4.3.1-кіші бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.09.15 № 1065 Қаулысымен.

      Бірінші бағыт азаматтардың еңбек әлеуетін дамыту, тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесу арқылы олардың жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
      Бұл бағытқа өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандар (бұдан әрі - адамдар) қатыса алады. Бағдарламаға қатысудың басым мүмкіндіктері ауылдық жердегі жастар мен әйелдерге беріледі.
      Осы бағыт шеңберінде Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері көрсетілуі мүмкін:
      оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультациялар;
      шәкіртақының төленуімен, тегін біліктілікті арттыру, кәсіптік даярлау және қайта даярлау курстарына (бұдан әрі - кәсіптік оқыту) жолдау;
      оқитын адамдарға (оқу орнына дейін және кері жол жүруіне және жатақханада тұруына немесе тұрғын үйді жалдаумен (жалға алумен) байланысты шығындарды өтеуге) субсидия беру;
      лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына орналасуға жәрдемдесу;
      жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын жеке тұлғалардың жалақысын ішінара субсидиялау;
      жастар практикасына жіберілген қатысушыларға еңбекақы төлеу;
      психологиялық бейімдеу.
      2012 жылдан бастап жастар практикасына қатысушылардың жалақысын субсидиялау көзделеді, оны 6 ай бойы жүзеге асыруға болады. Жастар практикасына жіберілген қатысушылардың еңбекақысын субсидиялау мөлшері айына 26 мың теңгені құрайтын болады. Азаматтардың жастар практикасына қатысу және мемлекеттік қолдау көрсету шарттары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасында көзделген.
      Жұмыс берушілердің Бағдарламаға қатысушыларды кейіннен жұмысқа орналастыра отырып, кәсіптік даярлауға тікелей қатысу мүмкіндігі болжанған. Бұл жағдайда 2012 жылдан бастап тиісті мамандықтар үшін мемлекеттік білім беру ұйымдарында белгіленген оқу құны бойынша Бағдарламаға қатысушыларды оқытумен байланысты жұмыс берушілердің шығыстарының 70 % дейін өтеуді енгізу көзделген.
      Мемлекеттің жалақыны ішінара субсидиялауы 12 ай бойы мынадай шарттармен:
      алғашқы 6 айда жалақының 50 % асырмай;
      келесі 3 айда жалақының 30 % асырмай;
      соңғы 3 айда жалақының 15 % асырмай жүзеге асырылуы мүмкін.
      2011 жылы әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған Бағдарламаға қатысушылардың бір айдағы жалақысына берілетін субсидия мөлшері, салықтар мен әлеуметтік аударымдарды ескергенде алғашқы 6 айда 26 мың теңгеден аспайтын болады.
      Азаматтардың Бағдарламаға қатысу және оларға мемлекеттік қолдау көрсету шарттары Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасында көзделген.
      Іске асыру тетігі:
      1) Бағдарламаның әлеуетті қатысушылары Бағдарламаға қатысуға және құжаттардың қажетті тізбесін ұсыну үшін өтінішпен халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді.
      2) Халықты жұмыспен қамту орталығы:
      үміткерлерді Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу туралы ұсыныстар дайындауды;
      Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу үшін үміткерлердің тізімін қалыптастыруды;
      қалыптастырылған тізімдерді және тізімдерге қосылған үміткерлердің құжаттарын аудандық/қалалық комиссияның немесе жұмыс тобының қарауына беруді жүзеге асырады.
      3) Аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының қалауы бойынша өңірде аудандық/қалалық комиссия немесе жұмыс тобы құрылады:
      аудандық/қалалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – жергілікті атқарушы органның жанындағы Бағдарламаны іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия;
      жұмыс тобы – Комиссия Бағдарламаның әлеуетті қатысушыларын кәсіптік оқуға жіберу мәселелерін жедел қарау үшін уәкілеттік берген, халықты жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің, білім беру органдары мен ұйымдары, жұмыс берушілер, қызметкерлер бірлестіктері мен басқа да мүдделі ұйымдар өкілдерінің қатарынан құрылған топ;
      4) Комиссия немесе жұмыс тобы ұсынылған құжаттарды қарайды және Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу (не одан бас тарту) туралы ұсыным береді.
      5) Халықты жұмыспен қамту орталығы ұсынылған құжаттардың қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру нәтижесінің және Комиссия немесе жұмыс тобы ұсынымының негізінде Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу (не одан бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
      6) Бағдарламаға қатысушы мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
      7) Кәсіптік білімі бар Бағдарламаға қатысушыларға Дерекқорда бар бос жұмыс орындарына, оның ішінде жалақысы ішінара субсидияланатын, сондай-ақ жастар практикасынан өтуге арналған жұмыс орындарына орналасу ұсынылады.
      Бағдарлама шеңберінде жұмысқа орналастырылған азаматтарға, қажет болған жағдайда, оқу ақысы Бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаражат есебінен төленетін қысқа мерзімді (6 айдан аспайтын) кәсіптік оқу курстарында оқуға қосымша мүмкіндік берілуі мүмкін.
      8) Бар бос жұмыс орындарына орналаса алмайтын Бағдарламаға қатысушылар жұмыс берушілер мәлімдеген және Дерекқорға енгізілген кәсіптер (мамандықтар) бойынша кәсіптік оқыту курстарына жіберіледі.
      9) Кәсіптік оқуды оқығаннан кейін Бағдарламаға қатысушыларға Дерекқорда бар бос жұмыс орындарына немесе құрылған әлеуметтік жұмыс орындарына орналасу ұсынылады.
      10) Егер Бағдарламаға қатысушы кәсіптік оқуды оқығаннан кейін жұмысқа орналаса алмайтын болса, оған Бағдарламаның екінші немесе үшінші бағыттарына қатысу ұсынылады.
      11) Әлеуметтік келісімшарт талаптарының орындалуын халықты жұмыспен қамту орталығы бақылайды.

4.3.2. Екінші бағыт:
ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу

      Ескерту. 4.3.2-кіші бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.09.15 № 1065 Қаулысымен.

      Кәсіпкерлікті ынталандыру жеке ісін ұйымдастыру арқылы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған.
      Бағдарламаның бұл бағытына ауыл кәсіпкерлері және өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар мен табысы аз адамдар қатарындағы жеке ісін ұйымдастыруды қалайтын және оған мүмкіндігі бар адамдар қатыса алады. Жеке ісін ауылда ұйымдастыруды қалайтын әйелдерге қатысудың басым құқығы беріледі.
      Осы бағыт шеңберінде мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері көрсетілетін болады:
      микрокредит беру;
      инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту;
      консультативтік қызмет көрсету;
      кәсіпкерлік негіздерін оқыту.
      Өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарындағы адамдардың Бағдарламаның осы бағытына қатысу және оларға мемлекеттік қолдау көрсету шарттары Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарға кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасында көзделетін болады.
      Микрокредит беруді ұйымдастыру үшін Бағдарлама операторы жергілікті атқарушы органдарға 5 жыл мерзімге бюджеттік кредит береді.
      Конкурсты ұйымдастыру және өткізу тәртібі, микрокредиттік ұйымдар мен кредиттік серіктестіктерді іріктеу және кредит ресурстарын беру, сондай-ақ олардың осы бағыт шеңберінде бөлінген кредит ресурстарын мақсатты пайдалануына мониторинг жүргізу шарттары Микрокредиттік ұйымдар мен кредиттік серіктестіктерге конкурстық негізде кредит беру қағидасында көзделген.
      Микрокредит беру шарттары:
      республикалық бюджеттен бюджеттік кредит жергілікті атқарушы органға 0,01% жылдық сыйақы ставкасымен қайтарымдылық, жеделділік және ақылылық қағидаттарында 5 жылға беріледі;
      бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты - жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту, айналым капиталын толықтыру;
      кредит тұтынушылық мақсаттарға, бұрынғы қарызды өтеуге және жылжымайтын тұрғын үй алуға берілмейді;
      кредит беру мерзімі - 5 жылдан аспайды;
      кредиттің ең жоғары сомасы 3 млн. теңгеден аспайды;
      соңғы қарыз алушыға, микрокредиттік ұйымдарға және/немесе кредиттік серіктестіктерге кредит бойынша негізгі қарызды өтеу бойынша кредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайтын мерзімге жеңілдікті кезең ұсынылуы мүмкін;
      уәкілетті өңірлік ұйымның микрокредиттік ұйымдар және/немесе кредиттік серіктестіктер үшін ұсынатын кредиті бойынша жылдық сыйақы ставкасы өңірлік комиссиямен келісім бойынша уәкілетті өңірлік ұйым үшін белгіленген кредиттік ресурстар бойынша сыйақы ставкасына және оның кредит беруді ұйымдастырумен байланысты жоспарланған шығыстарына қарай, бірақ уәкілетті өңірлік ұйым үшін белгіленген кредит бойынша сыйақы ставкасының үстінен 1 %-дан асырмай белгіленеді;
      микрокредиттік ұйымдар және/немесе кредиттік серіктестіктер үшін қаржы агенттігі мәртебесі бар уәкілетті өңірлік ұйым ұсынатын кредит бойынша жылдық сыйақы ставкасы өңірлік комиссиямен келісім бойынша белгіленеді;
      соңғы қарыз алушы үшін кредиттік ресурстар бойынша жылдық ең жоғары тиімді пайыздық ставканы өңірлік комиссиямен келісе отырып, уәкілетті өңірлік ұйым белгілейді.
      Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту Бағдарлама шеңберінде қатысушылар іске асыратын жобалар үшін қолданыстағы жүйелерге: жолдарға, кәрізге, жылумен және сумен жабдықтауға, телефон және электр желілеріне жетіспейтін инфрақұрылымды салуды меңзейді.
      Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның дамуын қаржыландыруды жергілікті атқарушы органдар белгілі бір техникалық талаптар немесе заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген жобалық-сметалық құжаттама және бизнес-ұсыныстар негізінде жүзеге асырады. Бұл ретте инфрақұрылымды салу немесе реконструкциялау құны жобаның (жобалардың) құнынан аспауға тиіс.
      Жетіспейтін инфрақұрылымды салу елді мекенді дамытудың бас жоспарына (ауылда - инженерлік-коммуникациялық желілердің жергілікті схемаларына) сәйкес келуге тиіс және бір немесе бірнеше жобаны қамтамасыз етуге бағытталуы мүмкін.
      Микрокредит беру тетігі:
      1) Бағдарлама операторы жергілікті атқарушы органға бюджеттік кредит береді.
      2) Жергілікті атқарушы орган микрокредит беруді ұйымдастыру жөніндегі уәкілетті өңірлік ұйымды өзі айқындайды.
      3) Уәкілетті өңірлік ұйым микрокредиттік ұйымдар мен кредиттік серіктестіктерге кредит берудің белгіленген қағидасына сәйкес Бағдарламаға қатысу үшін микрокредиттік ұйымдарды және/немесе кредиттік серіктестіктерді іріктеу бойынша конкурс өткізеді.
      4) Уәкілетті өңірлік ұйым мен микрокредиттік ұйымдардың және/немесе кредиттік серіктестіктердің арасында кредит беру туралы шарт жасалады.
      5) Бағдарламаның екінші бағытына қатысуға тілек білдірушілер халықты жұмыспен қамту орталықтарына өтініш береді.
      6) Халықты жұмыспен қамту орталықтары ұсынылған құжаттарды қарайды, әлеуетті қатысушылармен әңгімелесу жүргізеді және мемлекеттік қолдау алу түрлері бойынша үміткерлердің тізімі мен жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуды және жайластыруды талап ететін жобалардың тізбесін қалыптастырады.
      7) Кәсіпкерлік негіздерін оқыту:
      халықты жұмыспен қамту орталықтары үміткерлер келіскен жағдайда, оларды кәсіпкерлік негіздерін оқуға жібереді және бұл туралы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі уәкілетті органға хабарлайды;
      кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі уәкілетті орган халықты жұмыспен қамту орталықтарының ақпараты негізінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес Бағдарламаға қатысушыларға кәсіпкерлік негіздерін оқытуды қамтамасыз етеді, олардың оқу мерзімі бір айдан аспауға тиіс.
      Оқу бағдарламасы және оны жүргізу кестесі халықты жұмыспен қамту орталықтарымен келісіледі.
      8) Микрокредит беру:
      Бағдарламаның әлеуетті қатысушысы жобаның бизнес-жоспарын әзірлейді және халықты жұмыспен қамту орталығының жолдауы бойынша микрокредит алу туралы өтініммен микрокредиттік ұйымға немесе кредиттік серіктестікке өтініш береді;
      микрокредиттік ұйым немесе кредиттік серіктестік жобаға бағалау жүргізеді және микрокредит беру мүмкін екендігі (немесе мүмкін емес екендігі) туралы шешім қабылдайды.
      9) Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту:
      халықты жұмыспен қамту орталықтары микрокредиттік ұйымнан және/немесе кредиттік серіктестіктен оң қорытынды алған жағдайда, жобалары жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мен жайластыруды талап ететін Бағдарламаның әлеуетті қатысушыларының тізімін инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті органға жібереді;
      инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті орган жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мен жайластыруды қаржыландыру мүмкіндігі (немесе мүмкін емес екендігі) және қажетті қаржыландыру көлемі туралы қорытынды дайындайды және халықты жұмыспен қамту орталығын хабардар етеді.
      10) Халықты жұмыспен қамту орталығы микрокредиттік ұйымның немесе кредиттік серіктестіктің және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті органның қорытындыларын қоса тіркей отырып, Бағдарламаның әлеуетті қатысушыларының құжаттарын Комиссияның қарауына жібереді;
      11) Халықты жұмыспен қамту орталығы Комиссияның ұсынымын ескере отырып, өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы шешім қабылдайды және шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды бұл туралы хабардар етеді.
      12) Бағдарламаның екінші бағытына қатысушылардың құрамына енгізілген адамдармен әлеуметтік келісімшарт жасалады.
      13) Оң қорытынды алған жобалар бойынша Бағдарламаға қатысушы мен инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті органның арасында тиісті шарт жасалады.
      14) Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
      15) Шартта көзделген инфрақұрылымдық жобаның іске асырылуына мониторинг жүргізу инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті органға жүктеледі.

4.3.3. Үшінші бағыт:
еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру

      Ескерту. 4.3.3-кіші бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.09.15 № 1065; 2011.12.28 № 1621 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

      Бұл бағыт Қазақстан Республикасы азаматтарының әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендерге және экономикалық даму орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдесу арқылы еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шараларын көздейді.
      Бағдарламаны іске асырудың үшінші бағытына қатысудың басым құқығын ауыл жастары иеленетін болады. Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен және жоғары елді мекендерді айқындау өлшемдерін экономикалық даму және сауда мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
      Әзірленген өлшемдерге сәйкес жергілікті атқарушы органдар экономикалық даму және сауда мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісе отырып, әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен және жоғары елді мекендердің тізбесін айқындайды, оны Бағдарлама операторына жібереді.
      Жергілікті атқарушы органдар айқындаған және экономикалық даму және сауда мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісілген әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен және жоғары елді мекендердің тізбесі ВАК-та бекітілетін болады.
      Өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендерге және экономикалық даму орталықтарына көшуі:
      бір ауданның ішінде;
      бір облыс шегіндегі бір ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) басқа ауданға (облыстық маңызы бар қалаға) жүзеге асырылуы мүмкін.
      Бағдарламаның осы бағытына қатысушылар мынадай критерийлерге сәйкес келуге тиіс:
      өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар не еңбекке жарамды табысы аз адамдар санаттарына жатуға тиіс;
      соңғы үш жылда:
      1) бекітілген тізбеге сәйкес әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұруға;
      2) республикалық маңызы бар қаланың шегінде, астанада және Қарағанды қаласында тұруға және жеке тұрғын үйі болмағандықтан, тиісті әкімдікте есепте тұруға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған тұрғын үйде тұруға тиіс;
      айлық жиынтық табысы бірге тұратын отбасы мүшелерінің әрқайсысына шаққанда өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсандағы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс;
      кәсіптік даярлығы өңірлік немесе ҮИИДМБ шеңберінде іске асырылатын инвестициялық жобалардың бейініне, сондай-ақ өңірдің, республикалық маңызы бар қаланың және астана кәсіпорындарының еңбек ресурстарына қажеттілігіне сәйкес келуге тиіс.
      Еңбек нарығындағы нақты жағдайларды ескере отырып, жұмыстар вахталық әдіспен ұйымдастырылуы мүмкін.
      Бағдарламаға қатысушыларды мемлекеттік қолдау:
      көшуге субсидия беруді;
      жаңа тұрғылықты жерінде кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында оқуды, сондай-ақ жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді;
      жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасы азаматтарына қызметтік тұрғын үй беруді;
      психологиялық бейімдеуді қамтиды.
      Көшумен байланысты субсидиялар көшу шығыстарының өтемінен тұрады. Субсидияның мөлшерін былайша саралау жоспарланады:
      отбасылар бір ауданның шегінде көшкен жағдайда – отағасына – 10 АЕК және отбасы мүшелеріне - 5 АЕК,
      отбасылар бір облыс шегіндегі бір ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) басқа ауданға (облыстық маңызы бар қалаға) көшкен жағдайда отағасына – 25 АЕК және отбасы мүшелеріне – 15 АЕК.
      Бағдарламаның осы бағытына қатысу және мемлекеттік қолдау көрсету шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін болады.
      Келген жерінің жергілікті атқарушы органдары өңірді дамыту бағдарламасына, елді мекеннің бас жоспарына, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына немесе құрылыс салу жобасына сәйкес:
      қызметтік тұрғын үй салынатын учаскелерді айқындайды;
      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітілген үлгілік жобалар бойынша (аумақтардың сейсмикалық жағдайын ескере отырып) қызметтік тұрғын үйлерді салуды жүзеге асырады;
      тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуды және (немесе) оны жеке құрылыс салушылардан сатып алуды жүзеге асырады.
      Жергілікті атқарушы органдар Бағдарламаға қатысушыларды отбасылық үлгідегі жатақханадан орын беру, тұрғын үйлерді сатып алу, құрылысы бұрын басталған объектілерді салып бітіру есебінен де тұрғын үймен қамтамасыз ете алады.
      Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарын қоныстандыруға арналған қызметтік тұрғын үйді беру және оны пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және Қарағанды қаласында қызметтік тұрғын үй беру қаланың шегінде тұратын Бағдарламаға қатысушылар үшін ғана көзделген.
      Берілетін қызметтік тұрғын үйдің ауданы отбасының құрамына байланысты, бірге тұратын отбасы мүшесінің біреуіне 18 шаршы метрден не отбасына 100 шаршы метрден аспауға және бір бөлмелі пәтерден не отбасылық үлгідегі жатақхананың бір бөлмесінен кем болмауға тиіс.
      Тұрғын үйдің жалпы ауданының 1 шаршы метрінің құны жобалау-сметалық құжаттамада және Мемлекеттік сараптамада айқындалатын болады.
      Тұрғын үй құрылысын және (немесе) сатып алуды республикалық бюджеттен қаржыландыру тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 70 мың теңге есебімен (сейсмикалығы жоғары аудандар үшін түзету коэффициентін ескермегенде) жүргізілетін болады.
      Бұл ретте тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің көрсетілген құнынан асатын шығыстар жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылуы мүмкін.
      Еңбек қызметін вахталық әдіс бойынша жүзеге асыратын Бағдарламаға қатысушыларға отбасылық үлгідегі жатақханадан берілетін орынды қоспағанда, сондай-ақ жаңа тұрғылықты жері бойынша меншік құқығында тұрғын үйі не тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйі бар адамдарға қызметтік тұрғын үй берілмейді.
      Іске асыру тетігі:
      1. Егер адам әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекенде тұратын болса немесе Бағдарламаға қатысушыны Бағдарламаның бірінші және екінші бағыттары шеңберінде жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаған жағдайда, ол Қағидада белгіленген құжаттар тізбесін қоса отырып, халықты жұмыспен қамту орталығына көшуге өтініш бере алады.
      2. Халықты жұмыспен қамту орталығы құжаттардың Бағдарламаның үшінші бағытына қатысуға іріктеу өлшемдеріне сәйкестігін қарайды, өтініш берушілермен көшудің ықтимал жолдарын келіседі және көшетін жеріне қарай құжаттарды өңірлік немесе аудандық (қалалық) комиссияға жолдайды.
      3. Бағдарламаға қатысуға өтініш берушілердің құжаттарын қарау қорытындысы бойынша өңірлік комиссиялар бір ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) басқа ауданға (облыстық маңызы бар қалаға), республикалық маңызы бар қаланың, астананың және Қарағанды қаласының шегінде көшетін азаматтарға қатысты, ал аудандық/қалалық комиссиялар - бір ауданның шегінде көшетін азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына енгізу (енгізуден бас тарту) туралы ұсыным дайындайды.
      4. Өңірлік не аудандық/қалалық комиссия шешімінің негізінде Халықты жұмыспен қамту орталығы өтініш білдірушілерді Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
      5. Бағдарламаның үшінші бағытына қатысушылар тізіміне енгізілген адамдар мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасында (келген жерінің) әлеуметтік келісімшартқа қол қойылады. Әлеуметтік келісімшарт көшу бойынша әлеуметтік қолдаумен қатар, жаңа жерде жұмысқа орналастыру бойынша іс-шараларды қамтуға тиіс.
      6. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі уәкілетті орган сейсмологиялық аймақтарды және оның сипатын ескере отырып, тұрғын үйдің (жеке немесе көп пәтерлі) үлгілік жобасын әзірлейді.
      7. Бағдарламаға қатысушылар тиісті біліктілігі болған жағдайда, қызметтік тұрғын үйді салу және тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту барысында құрылатын жұмыс орындарына орналасуға басым құқыққа ие болады.
      8. Бағдарламаға қатысушылар көшкеннен және жайласқаннан кейін Бағдарламаның бірінші немесе екінші бағытына қатыса алады.
      9. Әлеуметтік келісімшарт талаптарының орындалуын халықты жұмыспен қамту орталығы бақылайды.

Әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру

      Әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру 2012 жылдан бастап жұмыспен қамту мен атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі - АӘК) көрсету арасында оңтайлы байланыс орнатуға бағытталған.
      Осы мақсатта әлеуметтік көмек көрсетудің мынадай тәртібі мен шарттары ұсынылады.
      АӘК күнкөрісі төмен отбасылардағы еңбекке жарамды жастағы адамдарға, олар осы Бағдарламада көзделген іс-шараларға қатысқан жағдайда ғана тағайындалатын болады. Олар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысудан бас тартқан немесе келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындамаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар АӘК төлеуді оларға тоқтата тұрады, бұл ретте отбасы  АӘК алу құқығын сақтайды.
      Халықты жұмыспен қамту орталықтары азаматтардың әлеуметтік келісімшарттың талаптарын орындауына бақылау жүргізеді және ұсынылған көмектің тиімділігін бағалайтын болады.
      Құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ (жалғызбасты, қарт адамдар) не отбасында мүмкіндігі шектеулі мүшелері (мүгедектер, әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын адамдар) бар күнкөрісі төмен отбасыларға АӘК Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес берілетін болады.

Бағдарламаны институционалдық ұйымдастыру

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.09.15 № 1065; 2011.12.28 № 1621 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

      Бағдарламаның іске асырылуы жоғарыдан төмен басқару құрылымымен басқарылады, оның құрамына ВАК, Бағдарламаның операторы, Бағдарламаның жергілікті деңгейде іске асырылуын жүргізу жөніндегі өңірлік және аудандық (қалалық) комиссиялар, облыстық, аудандық және ауылдық маңызы бар орталық және жергілікті атқарушы органдар кіреді.
      ВАК келесі негізгі міндеттерді жүзеге асырады:
      Бағдарламаның бағыттары бойынша өңірлер бөлінісінде қаржыландыру лимиттеріне келісім береді;
      Бағдарламаның орындалуының негізгі өлшемдерін қарауды жүзеге асырады және орталық және жергілікті атқарушы органдардың Бағдарламаны іске асыру бойынша есептерін тыңдайды;
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына Бағдарламаны іске асырумен байланысты мәселелер бойынша ұсыныстар енгізеді.
      Бағдарламаның операторы:
      Бағдарламаны нормативтік құқықтық, әдістемелік және ақпараттық қолдауды;
      облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері ұсынған Бағдарлама шеңберінде іске асырылатын жобаларға келісім беруді;
      Бағдарлама бағыттары бойынша қаржыландыру лимиттерін белгілеу жөніндегі ұсыныстар дайындауды;
      жергілікті атқарушы органдармен жасалған қол қойылған Келісімдердің негізінде Бағдарламаның іске асырылуына мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді.
      Өңірлік комиссиялар:
      Бағдарламаға қатысушылардың тізіміне келісім береді;
      жеке кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттарына келісім береді;
      Бағдарламаны бағыттары бойынша өңірлер мен қалалар бөлінісінде қаржыландыру лимиттеріне келісім береді;
      уәкілетті өңірлік ұйым ұсынған соңғы қарыз алушыға арналған микрокредиттер бойынша жылдық ең жоғары тиімді пайыздық ставканың мөлшеріне келісім береді;
      облыстық, қалалық және аудандық маңызы бар жергілікті атқарушы органдардың Бағдарламаның орындалуы туралы есептерін тыңдайды.
      Аудандық (қалалық) комиссиялар:
      халықты жұмыспен қамту орталықтары ұсынатын ақпараттар мен құжаттар негізінде Бағдарламаның әлеуетті қатысушыларына іріктеу жүргізеді және тиісті ұсыныстарды қарау үшін өңірлік комиссияларға жібереді;
      жеке кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттарына келісім береді;
      инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобаларды іске асыру туралы шешім қабылдайды.
      Облыстық маңызы бар жергілікті атқарушы органдар:
      аудандар мен қалалардың әкімдері ұсынған жобаларға және
Бағдарлама шеңберінде іске асырылатын іс-шаралар жоспарларына келісім береді;
      Бағдарламаның өңірлік құрамдас бөліктерін қаржыландыру  лимиттері жөніндегі ұсыныстарды өңірлік комиссияның және Бағдарлама  операторының қарауына енгізеді;
      экономикалық даму және сауда мәселелері жөніндегі уәкілетті орталық органмен келісім бойынша әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен және жоғары елді мекендердің тізбесін айқындайды, Бағдарламаға қатысушылардың көшу жоспарын әзірлейді.
      Өнімді еңбекке ынталылықты және экономикалық белсенділікті күшейту жөнінде халықпен жұмыс жүргізу тиімділігін арттыру үшін аудандық (қалалық) маңызы бар жергілікті атқарушы органдардың жұмыспен қамту қызметі жаңғыртылатын болады.
      2011 жылы (пилоттық кезең) аудандық (қалалық) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде мемлекеттік мекеме нысанында Халықты жұмыспен қамту орталықтарын құру жоспарланған, олардың қызметкерлері (азаматтық қызметшілер) Бағдарламаны іске асыруды қамтамасыз ететін болады.
      Халықты жұмыспен қамту орталықтарының негізгі міндеттері:
      1) жалпы рәсімдерді жүргізу: Бағдарламаға қатысу мәселесі бойынша азаматтарды ақпараттандыру және консультация беру қызметін ұсыну, құжаттарды дайындауда көмек көрсету, үміткерлердің қажеттіліктерін зерттеу мақсатында олармен консультация жүргізу, үміткерлердің әлеуметтік қолдауға мұқтаждығына бағалау жүргізу, Бағдарламаға қатысуға үміткерлердің құжаттарын қабылдау;
      2) Бағдарламаның әлеуетті қатысушыларын, олардың мәртебесіне, еңбек нарығындағы әлеуетті мүмкіндігіне және әлеуметтік қолдауға мұқтаждығын бағалауға байланысты санаттар бойынша іріктеу және бөлу;
      3) Бағдарламаға қатысушылармен әлеуметтік келісімшартқа қол қою, олардың орындауына мониторинг жүргізу және оның талаптарын орындамаған жағдайда заңнамаға сәйкес санкция қолдану.
      Халықты жұмыспен қамту орталықтарының ауылдық округтерде Бағдарламаны іске асыру мәселелерімен, жұмыс берушілермен, білім беру ұйымдарымен және жеке меншік жұмыспен қамту агенттіктерімен өзара іс-қимылды үйлестірумен айналысатын өкілдіктері, бөлімшелері (немесе мамандары) болуы мүмкін.
      Халықты жұмыспен қамту орталығының Үлгі жарғысын Бағдарлама операторы әзірлейді және бекітеді.

Бағдарламаны ақпараттық қамтамасыз ету

      Жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыруды ақпараттық қамтамасыз ету енгізілетін Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің (бұдан әрі - ӘЕСБАЖ) базасында жүзеге асырылатын болады.
      «Еңбек нарығы (Жалпыұлттық дерекқор), «Шетелдік жұмыс күші», «Еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі», «Әлеуметтік көмек (АӘК, МБЖ)», «Е-собес», «Байланыс орталығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйелерін қамтитын ӘЕСБАЖ:
      нақты уақыт режимінде Дерекқорды пайдалануға;
      Бағдарлама шеңберінде орындалатын бизнес-процестерді автоматтандыруға;
      жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік қолдау үшін өтініш берген адамдарды, оның ішінде Бағдарламаға қатысушыларды автоматты түрде есепке алуы жүргізуге;
      АӘК тағайындау кезінде Бағдарламаға қатысушылардың табысын анықтау үшін «ЗТМО» РМҚК тиісті дерекқорларын пайдалану, бұл бюджет қаражатының мақсатсыз пайдаланылуын болғызбайды.

5. Бағдарламаны іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері

      Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде бір жарым миллионға дейін адам, оның ішінде 800 000 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылатын болады. Жұмыспен тиімсіз қамтудың үлес салмағы төмендейді, жұмыссыздық азаятын болады, еңбек өнімділігі мен халықтық табысы артады.
      2011 жылы:
      Бағдарлама шеңберінде 63,3 мың адам кәсіптік оқумен қамтылатын болады.
      3 мың адам жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік алады.
      632 отбасы экономикалық даму орталықтарына қоныс аударатын болады, бұл бір жағынан дамушы өндірістердің жұмыс күшіне қажеттілігін ішкі резервтер есебінен қамтамасыз етеді, екінші жағынан, қазақстандықтардың еңбек әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасайды.
      2016 жылға дейінгі сандық индикаторлар Бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін, оған тиісті өзгерістер енгізу мүмкіндігімен анықталатын болады.

6. Бағдарламаны іске асыру кезеңдері

      Ескерту. 6-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.09.15 № 1065 Қаулысымен.

      Бағдарламаны іске асыру екі кезеңде жүзеге асырылады: бірінші кезең - 2011 жыл, пилоттық жыл болады, екінші кезең - 2012 - 2015 жылдар - Бағдарламаны енгізу кезеңі, 2016 - 2020 жылдар бағдарламаны толық ауқымда іске асыру кезеңі.
      Бірінші кезеңде (2011 жылдың 2-жартыжылдығы) Бағдарламаның бірінші және екінші бағыттары барлық өңірлерде пилоттық режимде енгізілетін болады. Үшінші бағыт (экономикалық даму орталықтарына және әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендерге көшу) жергілікті атқарушы органдардан келген ұсыныстарға сәйкес жүзеге асырылатын болады.
      Тиісті нормативтік құқықтық база жасалады, Бағдарламаға қатысушыларды экономикалық даму орталықтарына және әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендерге көшіру тетігі пысықталады, Бағдарламаға қатысушыларды ҮИИДМБ жобаларын іске асыруға тарту бойынша шаралар қабылданатын болады.
      Сонымен қатар Бағдарламаны іске асырудың екінші кезеңіне дайындалу үшін облыстық және аудандық маңызы бар жергілікті атқарушы органдар:
      Бағдарлама шеңберінде іске асырылатын жобалардың тізбесін, қатысушылардың санаттарын, олардың белсенділігін арттыру шаралары мен тәсілдерін (Бағдарлама операторымен келісім бойынша) айқындайды;
      қызметтік тұрғын үй құрылысына және (немесе) оны сатып алуға жергілікті бюджет қаражатынан қоса қаржыландыру үлесін ескере отырып, Бағдарламаны іске асыруға бюджеттік өтінім ұсынады.
      Жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік өтінімдері Республикалық бюджет комиссиясында қаралатын болады, онда мемлекеттің қаржы мүмкіндіктері ескеріле отырып, Бағдарламаны қаржыландырудың 2012 - 2015 жылдарға арналған лимиті айқындалатын болады.
      Екінші кезеңде: 2012-2015 жылдары - Бағдарламаның өңірлік құрамдас бөліктері әзірленіп, келісілетін болады және орындала бастайды, әлеуметтік қолдау көрсету шарттары мен тәртібіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.
      Үшінші кезеңде (2016 - 2020 жылдары) еңбек нарығында туындайтын қатерлерді басқару және жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесу Бағдарламада ұсынылған механизмдер мен құралдар негізінде жүзеге асырылатын болады.

7. Қажетті ресурстар және олардың қаржыландыру көздері

      Ескерту. 7-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.09.15 № 1065 Қаулысымен.

      Бағдарламаны іске асыруға 2011 жылы республикалық бюджеттен 40,2 млрд. теңге, оның ішінде:
      еңбек нарығында өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқытуға және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге - 14,6 млрд. теңге;
      ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге - 5,3 млрд. теңге;
      еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға – 18,2 млрд. теңге, оның ішінде қызметтік тұрғын үйді салуға және (немесе) сатып алуға – 11,5 млрд. теңге және тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға - 5 млрд. теңге;
      жұмыспен қамту қызметі органдарының қызметін жетілдіру және ақпараттық қолдауға - 2,1 млрд. теңге көзделген.
      Бағдарламаны одан әрі қаржыландыру тиісті қаржы жылдарына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

8. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспар

      Ескерту. 8-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.09.15 № 1065 Қаулысымен.

Р/с

Іс-шараның атауы

Шығыстар

Жауапты орындаушылар

Аяқталу нысаны

Орындау мерзімі

1

2

3

4

5

6

1. Ұйымдастыру іс-шаралары

1.1

«2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу

-

Қаржымині, ЭДСМ, Еңбекмині

Заң жобасының тұжырымдамасын Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ВАК-қа енгізу

2011 жылғы наурыз

1.2

«2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджетті іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13 желтоқсандағы № 1350 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын әзірлеу

-

Қаржымині, ЭДСМ, Еңбекмині

ҚР Үкіметінің қаулысы

2011 жылғы наурыз

1.3

«Қазақстан Респубикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының тұжырымдамасын әзірлеу

-

Еңбекмині, Қаржымині, ҚТҮКШІА, Әділетмині

Заң жобасының тұжырымдамасын Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ВАК-қа енгізу

2011 жылғы сәуір

1.4

«Еңбекнарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің бағдарламалық тұғырнамасында ағымдағы және перспективалық  жұмыс орындары дерекқорын ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету

2011 ж. РБ - 22 млн. теңге

Еңбекмині, ИЖТ, МГМ, ККМ, АШМ, ДСМ, БҒМ, БАМ, ММ, жұмыс берушілердің бірлестіктері (келісім бойынша), облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері

Дерекқор

2011 жылдың
2-тоқсаны

1.5

Ағымдағы және болжамды жұмыс орындары дерекқорына енгізу үшін қажетті мамандықтар мен бос жұмыс орындары туралы мәліметті ұсыну нысандарын әзірлеу және бекіту

-

Еңбекмині,ИЖТ , МГМ, ККМ, АШМ, ДСМ, БҒМ, БАМ, ММ, жұмыс берушілердің бірлестіктері (келісім бойынша)

Еңбекминінің бұйрығы

2011 жылғы 1 мамыр

1.6

Бағдарламаны іске асыру жөніндегі Ведомствоаралық комиссия құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын әзірлеу

-

Еңбекмині, Қаржымині, Әділетмині

ҚР Үкіметі қаулысының жобасын ПМК-ға енгізу

2011 жылғы сәуір

1.7

Бағдарламаны іске асыру мәселелері жөніндегі өңірлік, аудандық  (қалалық) Комиссиялардың үлгі ережелерінің жобаларын әзірлеу

-

Еңбекмині, Қаржымині, Әділетмині

Еңбекминінің
бұйрығы

2011 жылғы сәуір

1.8

Бағдарламаны іске асыру жөніндегі өңірлік, аудандық (қалалық) комиссияларды құру

-

Облыстар, Астана мен Алматы қалаларының, аудандардың (қалалардың) әкімдері

Облыстар, Астана мен Алматы қалалары, аудандар (қалалар) әкімдіктерінің қаулылары

2011 жылғы мамыр

1.9

Бағдарламаны (бағыттары бойынша) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бөлінісінде республикалық бюджеттен қаржыландырудың жалпы лимиттерін және республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін  белгілеу  

-

Еңбекмині, Қаржымині, БҒМ, ҚТҮКШІА,  Әділетмині, ЭДСМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері

ВАК шешімі

Жыл сайын

1.10

Облыстар, Астана және Алматы қалаларының әкімдері мен республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдер жасау

-

Еңбекмині, БҒМ, ҚТҮКШІА, АШМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері

Келісім

2011 жылғы мамыр

1.11

Аудандардың (қалалардың) Жұмыспен қамту орталықтарының  үлгі жарғысын әзірлеу

-

Еңбекмині, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері

Еңбекминінің бұйрығы

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаннан кейін

1.12

Аудандардың (қалалардың) Жұмыспен қамту орталықтарын құру

2011 ж. РБ - 2115 млн. теңге

Аудандардың, қалалардың әкімдері

Аудандардың,  қалалардың әкімдіктернің қаулылары 

2011 жылғы маусым

1.13

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының азаматтарын өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдарға жатқызу өлшемдерін айқындау жөніндегі қағиданы әзірлеу

-

Еңбекмині, СА

Еңбекминінің бұйрығы

2011 жылғы шілде

1.14

Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2011.09.15 № 1065 Қаулысымен.

1.15

«Мемлекеттік атаулы әлеуметті көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу

-

Еңбекмині

Еңбекминінің бұйрығы

2011 жылғы тамыз

2. Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқытуға және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу

2.1

Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды табысы аз адамдарды оқытуға, олардың  жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді ұйымдастыру және  қаржыландыру қағидасын әзірлеу

-

Еңбекмині, БҒМ, облыстар, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері

ҚР Үкіметі қаулысының жобасын ПМК-ға енгізу

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаннан кейін

2.2

Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2011.09.15 № 1065 Қаулысымен.

3. Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу

3.1

Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетуді ұйымдастыру және  қаржыландыру қағидасын әзірлеу

-

Еңбекмині, Қаржымині, ЭДСМ, АШМ, «Даму» КДҚ» АҚ

ҚР Үкіметі қаулысының жобасын ПМК-ға енгізу

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік  қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін

3.2

Микроқаржы ұйымдарына конкурстық негізде кредит беру қағидасын әзірлеу

-

Еңбекмині, Қаржымині, ЭДСМ, АШМ, «Даму» КҚД» АҚ

ҚР Үкіметі қаулысының жобасын ПМК-ға енгізу

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік  қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін 

4. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру

4.1

Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және Бағдарламаның үшінші бағытына қатысушыларға мемлекеттік қолдау көрсетудің басқа  а шараларын көрсетудің қағидасын әзірлеу

-

Еңбекмині, ҚТҮКШІА, Қаржымині, ЭДСМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері

ҚР Үкіметі қаулысының жобасын ПМК-ға енгізу

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік  қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін

4.2

Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы шеңберінде облыстардың бюджеттеріне, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне 2011 жылға тұрғын үй салуға  және (немесе) сатып алуға кредит беру қағидасын әзірлеу

РБ- 11538,2 млн. теңге

Еңбекмині, ҚТҮКШІА, Қаржымині, Әділетмині

ҚР Үкіметі қаулысының жобасын ПМК-ға енгізу

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық  актілеріне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік  қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін

4.3

Бағдарлама шеңберінде қызметтік тұрғын үй салуға үлгі жобаларды әзірлеу және бекіту

РБ-245,0 млн. теңге

ҚТҮКШІА, Еңбекмині, Қаржымині, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері

ҚТҮКШІА бұйрығы

2011 жылғы желтоқсан

4.4

Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен және жоғары ауылдық елді мекендерді айқындау өлшемдерін әзірлеу

-

ЭДСМ, АШМ

Бірлескен бұйрық

2011 жылғы тамыз

4.5

Өңірлер бөлінісінде әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен және жоғары ауылдық елді мекендердің тізбесін айқындау

-

Облыстардың,  Астана мен Алматы қалаларының әкімдері, ЭДСМ, АШМ

Тізбе, ВАК шешімі

Жыл
сайын

5. Ақпараттық жұмыс

5.1

Халықтың мемлекеттік жұмыспен қамту саясаты мәселелер  бойынша хабардар болуын арттыру: - ғылыми-практикалық семинарлар, дөңгелек үстел отырыстарын, халықпен кездесулер өткізу;
- БАҚ-та сөз сөйлеу;
- ақпараттық материалдарды Еңбекминінің веб-сайтына орналастыру

-

Еңбекмині, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері

Семинарлар, кездесулер, сөз сөйлеулер, жарияланымдар

Үнемі

Ескерту: аббревиатуралардың толық жазылуы:
ПМК - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі
ҚТҮКШІА - Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі
ЭДСМ - Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі
Қаржымині - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі
БҒМ - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
ИЖТМ - Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі
ММ - Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
МГМ - Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі
ККМ - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Еңбекмині - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
ДСМ - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі
БАМ - Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі
АШМ - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
Әділетмині - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі
«Даму» КДҚ» АҚ - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы
ВАК - Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия