Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 15 қазандағы № 674 Жарлығы

      Қазақстан Республикасының Конституциясы 40-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттің құқықтық саясатының негізгі бағыттарын одан әрі айқындау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) бекітілсін.

      2. Осы Тұжырымдама Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің мемлекеттің құқықтық саясаты саласындағы тиісті құжаттарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының перспективалық және жыл сайынғы жоспарларын, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу үшін негіз болып табылады деп белгіленсін.

      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары Мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі өздеріне тиесілі құжаттарын әзірлеу мен іске асыру кезінде Тұжырымдаманың ережелерін басшылыққа алсын.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын үш ай мерзімде әзірлесін және бекітсін.

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2021 жылғы 15 қазандағы
№ 674 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясатының ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Мазмұны

      1-бөлім. Ағымдағы ахуалды талдау

      2-бөлім. Құқықтық саясатты дамыту саласындағы халықаралық тәжірибеге шолу

      3-бөлім. Құқықтық саясаттың негізгі қағидаттары

      4-бөлім. Ұлттық құқықты дамытудың негізгі бағыттары

      5-бөлім. Құқық қорғау мен сот жүйелерін және құқық қорғау институттарын дамытудың негізгі бағыттары

      6-бөлім. Сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызметті құқықтық қамтамасыз ету

      7-бөлім. Құқықтық білім беру, құқықтық насихат

      8-бөлім. Осы Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер

      Осы Тұжырымдаманы іске асыруда қолданылуы көзделген құқықтық актілердің тізбесі

      1. Ағымдағы ахуалды талдау

      Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясатының тұжырымдамасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің ұлттық құқықты, құқық қорғау және сот жүйелерін, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызметті дамытудың, сондай-ақ құқықтық білім беру мен құқықтық насихаттың басым бағыттарын айқындайтын құжаты болып табылады.

      2010 жылдан бастап 2020 жылды қоса алғандағы кезеңге арналған Құқықтық-саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға, экономикалық өсуді ұлғайтуға және білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мен жұмысқа орналастыру саласындағы бірқатар мәселелерді шешуге бағытталған мемлекеттік басқару моделін жетілдіруге мүмкіндік берген қазақстандық құқықтық жүйені жаңғырту бойынша шаралар қабылданды.

      Онда қойылған мақсаттар мен оларды іске асыру шаралары "Қазақстан - 2050" стратегиясымен және одан әрі мемлекеттік дамудың басты бағдары болып табылатын Ұлт жоспарымен толық сәйкес келеді

      2017 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына Парламент пен Үкіметтің өкілеттіктерін кеңейткен өзгерістер, сондай-ақ республика президенттігіне кандидатқа қойылатын талаптарға қатысты толықтырулар енгізілді.

      Тұңғыш рет "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заң деңгейінде парламенттік оппозиция институтының негізі қаланды және оның Парламенттегі рөлі айқындалды.

      Қаржылық қызметтер көрсету субъектілері үшін тартымды құқықтық орта құру арқылы инвестициялар тартуға жәрдемдесу мақсатында "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Конституциялық заң қабылданып, осы орталық аумағында ерекше құқықтық режим белгіленді.

      Бірқатар кодификацияланған актілер: 2011 жылы - Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекс, 2014 жылы - Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстері және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, 2015 жылы - Азаматтық процестік және Еңбек кодекстері, 2017 жылы - Салық және Кеден кодекстері, 2020 жылы - Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс жаңа редакцияда қабылданды.

      Мұнымен қатар жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманың, әкімшілік рәсімдер және әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнаманың, сондай-ақ кәсіпкерлік саласындағы заңнаманың нормаларын жүйелендіру туралы шешім қабылданды, соның нәтижесінде Кәсіпкерлік кодекс, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс және Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс әзірленіп, қабылданды.

      Саяси партиялар құру үшін тіркеу кедергісі екі есе қысқартылды, партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 % квота енгізілді.

      Жаңа "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, онымен митингтерді ұйымдастыру мен өткізуді хабардар ету қағидаты енгізілді, бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат бермеу негіздерінің толық тізбесі айқындалды.

      Әкімшілік құқық елеулі жаңғыртудан өтті. Қабылданған шаралар азаматтардың өзін-өзі реттеуді дамыту арқылы шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге, мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беруге бағытталған. Мемлекеттік органдардың рұқсат беру және хабардар ету рәсімдерін жүзеге асыруы кезінде азаматтардың құқықтық кепілдіктері көзделген. Электрондық нысанда алынатын мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің үлесі жыл сайын артып келеді.

      Білім беру саласында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау алып тасталды, білім беру сапасын бағалаудың мемлекеттік жүйесіне айналған ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілді, жоғары білім беру жүйесі кредиттік жүйеге көшті. Білім беру ұйымдарында қызметтің тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін алқалы басқару органдары құрылды, сайлау қағидаты бойынша ректорларды тағайындаудың жаңа қағидалары енгізілді, жоғары оқу орындары академиялық және басқарушылық мәселелерде дербестікке көшті, "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

      Денсаулық сақтау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшу жүзеге асырылды, денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыс істеуі жаңғыртылды - корпоративтік басқару элементтері және ұлттық аккредиттеу жүйесі енгізілді. Дәрілік заттардың бағаларын мемлекеттік реттеу заңнамалық деңгейде бекітілді, референттік баға белгілеуге көшу жүзеге асырылды. Медициналық ақпараттық жүйелер енгізілді, медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу жалғасуда.

      Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қатынастарды жетілдіруге бағытталған бірқатар заңдар - "Халықтың көші-қоны туралы" (2011 жыл), "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" (2013 жыл), "Кәсіптік одақтар туралы" (2014 жыл), "Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы" (2015 жыл), "Халықты жұмыспен қамту туралы" (2016 жыл), "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" (2019 жыл), "Ардагерлер туралы" (2020 жыл), сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек беру бөлігінде түзетулер кешені қабылданды.

      Сот жүйесі де жаңғыртылды, соның нәтижесінде сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейтуге, сот жүйесінің ашықтығын арттыруға және тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған шаралар қабылданды.

      Қазақстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін мемлекеттік және қоғамдық институттарды сабақтас дамыту мақсатында қоғамдық өмірдің өзге салалары да нормативтік құқықтық реттеумен қамтылды.

      Сонымен бір мезгілде Қазақстанның алдында тұрған қазіргі заманғы сын-қатерлер мен өр мақсаттар алдыңғы құжаттың негізгі бағыттары мен түйінді жобаларының сабақтастығын қамтамасыз етуді ескере отырып, қолданыстағы құқық жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігін негіздейді.

      Мысалы, нормашығармашылық процесін шолу нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және қарау тәртібіне байланысты жекелеген проблемаларды атап өтуге мүмкіндік береді.

      Бүгінгі таңда қандай да бір салада жүргізіліп жатқан саясаттың мақсаттарына қол жеткізудің негізгі құралы ретінде нормашығармашылыққа жоғары дәрежелі мән беріледі. Қоғамдық сипаттағы мәселелерді нормативтік құқықтық актілерді қабылдау арқылы шешудің нәтижесінде негізсіз реттеушілік ауыртпалық туғызатын реттеушілік шаралардың көп саны қалыптасатынын ескере отырып, заңнаманы ретроспективті бағалауға және реттеушілік араласуға байланысты емес баламалы тәсілдерге жаңа серпін беру маңызды. Балама әдістер практикалық қызмет қажеттіліктеріне негізделген және құқықтық қатынастар субъектілерінің жүріс-тұрысы үшін тиімді ынталандыруды көздейтін анағұрлым икемді әрі барынша дәстүрлі емес қағидаларды қамтуы мүмкін.

      "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануымен заң жобаларының тұжырымдамалары, нормативтік құқықтық актілердің жобалары "Ашық НҚА" интернет-порталында жариялануда. Алайда азаматтардың талқылауға белсенді қатысуы байқалмайды. Мемлекеттік органдар тарапынан жұртшылықпен қайтымды байланыстың жеткіліксіз болуына, ал жекелеген жағдайларда өзара іс-қимыл тетіктерінің сапасыз құрамдас бөлігіне байланысты төмен деңгейі мүдделі топтардың көңілін қалдыруға себеп болады, сондай-ақ осы процеске қатысуға ынталандыруды төмендетеді.

      Мемлекеттік органдар әртүрлі іс-шаралар жүргізеді, онда нормашығармашылық қызмет кезінде пайдалануға болатын статистикалық талдаулар, ғылыми идеялар мен зерттеулер талқыланады және қаралады. Құқықтық саясаттың сапасы сенімді және объективті деректердің болуына мейлінше тәуелді екенін назарға ала отырып, деректерді жинаумен, сақтаумен, өңдеумен, талдаумен және басқарумен байланысты мәселелерге назар аудару маңызды.

      Аса маңызды құқықтық құжат - Конституцияның ережелерінде көзделген әлеуетті дамытуды жалғастырған жөн, өйткені конституциялық құқықтар мен кепілдіктерді мүлтіксіз сақтау мемлекеттің алдына қойылған биік міндеттерге қол жеткізудің кепілі болып табылады.

      "Мықты Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет" саяси жүйесі формуласы конституциялық заңнамамен және барлық мемлекеттік билік органдарының қызметін реттеумен қамтамасыз етілуге тиіс.

      Әкімшілік құқық бөлігінде мынадай мәселелер өз шешімін табуды талап етеді.

      Мемлекет қана жүзеге асыруы мүмкін функцияларды айқындау және мемлекеттік функцияларды қайта зерделеу мен бәсекелес ортаға беру арқылы оларды оңтайландыруға бағытталған жұмысты жүргізу маңызды.

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте әкімшілік құқық бұзушылықтар мен жазалардың мейлінше орнықты жүйесі қалыптастырылған. Сонымен бір мезгілде айыппұлдардың мөлшерлес болмауына, жекелеген құрамдар бойынша, өз кезегінде, жазалардың әділ жазаны толық көлемде қолдануға мүмкіндік бермейтін баламасыз болуына байланысты мәселелер бойынша шешім қабылдау қажет.

      Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануы Конституцияның ең жоғары құндылықтарына сәйкес әкімшілік органдар мен азаматтар арасында туындайтын қатынастарды дамытудың жаңа межесіне айналды. Сонымен бірге, қарау тәртібі Азаматтық-процестік кодексте сақталған жария-құқықтық дауларға жаңа қағидаттар мен кепілдіктерді қолдануға болмайды, мұны қайта қарау қажет.

      Экономиканың түрлі басым салалары мен шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтардың төмендетілген мөлшерлемелерін және салық салудың жеңілдетілген тәртібін ұсынатын белгілі бір жеңілдіктер сақталып, қолданылып келеді. Аукциондардан алым және кеме жүзетін су жолдарын пайдаланғаны үшін төлем, көппәтерлі тұрғын үйлер үшін жер салығы алып тасталды. Дегенмен, бүгінде 40-қа жуық түрлі салық пен алым өндіріліп алынады, оларды әкімшілендіру күрделендірілген, бұл оңтайландыру мен оңайлату бойынша одан әрі жұмысты талап етеді.

      Капиталды елден қайтарымсыз шығаруға байланысты проблемалар ерекше маңызға ие. Қолданыстағы бақылау жүйесі қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қатерлерге сай келмейді және жаһандану мен барлық процестерді цифрландыру жағдайында айтарлықтай дамытуды талап етеді. Қаражатты шетелге заңсыз шығарудың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша сапалы мониторинг қажет.

      Кедендік рәсімдерді автоматтандырудың жеткіліксіздігі жекеше субъектілер мен кеден қызметкерлері арасындағы бейресми байланыстардың сақталуына, кедендік құжаттаманы өңдеудің ұзақтығына алып келеді.

      Азаматтық заңнамада жекеше субъектілердің қызметіне мемлекеттік араласудың шектерін айқындау мәселесі толық шешілмеген.

      Мемлекеттік-жекеше әріптестік (бұдан әрі - МЖӘ) институты әлемде өзін бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылының тиімді институты ретінде көрсетті. МЖӘ институтын енгізудің қазақстандық тәжірибесі мемлекеттік органдардың МЖӘ жобаларын іске асыруға тым көп араласуымен, сондай-ақ МЖӘ шарттарын жасасудың дайындық рәсімдері кезінде халық пікірін ескерудің жеткіліксіздігімен сипатталады.

      Коммерциялық емес ұйымдардың қоғамдағы рөлінің дәл бағасын беру қиын. Мұндай үйымдар өз қызметі процесінде әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысады. Баяндалғанға орай тіркеу тәртібін және есептілікке қойылатын талаптарды қайта қарауға назар аудару керек.

      Бүгінгі таңда Қазақстанда корпоративтік басқару практикасының жалпы деңгейі жоғары емес және халықаралық стандарттарға толық сәйкес келмейді. Мұндай факторлар акционерлердің мүдделерін қорғауға, компаниялардың жұмыс тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етеді.

      Азаматтық заңнамада шарттық қатынастарды реттеу бөлігінде көптеген императивтік нормалар бар, бұл шарт бостандығы қағидатына қайшы келеді.

      Бұдан басқа, моральдық зиян мөлшерін айқындаудың заңнамада бекітілген өлшемшарттары жоқ.

      Соңғы жылдар сотта қаралатын азаматтық-құқықтық даулардың саны артқанын көрсетеді. Мұндай үрдіс сот жүйесіне оң ықпалын тйгізбейді, өйткені ол жүктеменің артуын тудырады, демек, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын төмендетеді.

      Сот төрелігінің қолжетімділігі мен соттар жүктемесінің, оның ішінде негізсіз талап-арыздар санының көптігінен шамадан тыс болуының арасында ақылға қонымды тепе-теңдікті табу қажет.

      Банктік емес сектордың қызметін жүзеге асырудың жүйелі тәсілдері мен практикалық құралдары үнемі жаңартуды және туындайтын сын-қатерлер мен проблемаларга уақтылы ден қоюды талап етеді.

      Халықтың қор нарығына қатысу дәрежесінің әлсіздігі оны цифрландыруды жеделдету қажеттігін туындатады.

      Әлеуметтік қамсыздандыру саласы көптеген заңнамалық құжаттармен: 17 заңмен, 100-ден астам заңға тәуелді нормативтік құқықтық актімен реттеледі. Әлеуметтік заңнаманың ауқымды көлемі мен бытыраңқылығы көптеген қарама-қайшылықтар мен олқылықтардың пайда болуына әкеледі, сондай-ақ құқық қолдануда қиындық туғызады, мұны өзгерту қажет.

      Жаңа технологиялар, сондай-ақ әлемде қалыптасқан ахуал еңбек қатынастарына да өз әсерін тигізді. Практика нақты процестер саласы мен оларды еңбек саласында реттеудің арасында алшақтықтар бар екенін көрсетті, бұлар жаңа неғұрлым икемді құралдар енгізіле отырып реформалануға жатады.

      Экологиялық заңнама табиғат пайдаланушыларды қоршаған ортаға ластаушы заттардың шығарындыларын азайтуға ынталандыруға бағытталған шаралар қолдануды талап етеді.

      Қазақстанның минералдық-шикізат базасын жеке инвестициялар ағыны есебінен тиімді молайту қазіргі уақытта мемлекеттің басым міндеті болып табылады. Жер қойнауын пайдалану саласында қолайлы нормативтік құқықтық база жасауға бағытталған жұмысты жалғастыру осы міндетті ойдағыдай шешудің құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады.

      Талдау нәтижелері қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар жиі енгізілетінін, бұл олардың тұрақтылығын бұзатынын көрсетеді. Жоғарыда аталған заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің ағымдағы жиілігі құқық қолдану қызметінде қателердің туындауына, сондай-ақ енгізілген өзгерістер туралы білмеген тұлғалардың көрсетілген заңдардың нормаларын бұзуына ықпал етеді.

      Қазақстандық қоғамның конституциялық құндылықтарын тиімді және алдын ала қылмыстық-құқықтық қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық заңнаманы өзектендіруге байланысты жұмысты жалғастыру маңызды.

      Инновациялық цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында құқық бұзушылар қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаудың жаңа тәсілдерін қолданады, сондай-ақ қоғамдық өмірдің көптеген салалары үшін, оның ішінде кәсіпкерлік қызметтің еркіндігі үшін қосымша қылмыстық қауіптер туындайды, мұны қылмыстық заңнаманы жаңғырту кезінде ескеру қажет.

      Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қылмыстық қудалауды жүзеге асырудың және соттың сот төрелігін іске асыруының сапасы мәселелері өзекті күйінде қалып отыр.

      Адам құқықтарын сақтаудың ведомстволық көрсеткіштері (ашылуы, сотқа жіберілуі) бұрынғысынша асып түсуде.

      Қылмыстық процесс саласындағы жағымсыз факторлар, ең алдымен, сотқа дейінгі тергеп-тексеру, прокуратура және сот органдары арасында өкілеттіктер мен жауапкершілік аймақтарының аражігін ажыратудың нақты өлшемшарттарының болмауына байланысты.

      Қорғаушы тарап қызметінің сапасы, бірінші кезекте, оның дәлелдемелер жинауға өкілеттіктерінің спектріне байланысты. Қорғаушы тараптың дәлелдемелер жинау бойынша өкілеттіктерін регламенттейтін қылмыстық-процестік заңнамасының саласы қоғам тарапынан сынға неғұрлым көп ұшырайтын сала болып табылады, өйткені қорғаушы және айыптаушы тараптар арасында мүмкіндіктердің теңгерімсіздігі байқалады, бұл тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы қағидатына қайшы келеді.

      Мемлекетте қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесінде қылмыстық-атқару жүйесіндегі (бұдан әрі - ҚАЖ) қайта әлеуметтендірудің маңызы зор. Бүгінгі таңда бұл институт жекелеген жағдайларда заңда белгіленген көмек: медициналық, білім беру, кәсіпті меңгеру, жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдер алу түрлерінің көрсетілмеуіне байланысты проблемалардың болуымен сипатталады.

      Қоғамның қазіргі заманғы дамуы барабар нормативтік реттеуді талап ететін инновациялық цифрлық технологиялардың күнделікті өмірге жаппай енуімен сипатталады.

      Жасанды интеллект пен робототехниканы құқықтық реттеу қажеттігі, бірінші кезекте, олардың әрекеттерінен келтірілген зиян үшін жауапкершілікті бөлу мәселесін шешумен, сондай-ақ жасанды интеллектінің көмегімен жасалған туындыларға зияткерлік меншік құқығының тиесілігін анықтау мәселесін шешумен айқындалады.

      Қоғамның жеке адамды, қоғамды және мемлекетті қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғауға кепілдік беруге қабілетті құқықтық тәртіптің қамтамасыз етілуін объективті қажет етуі және мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді саясаты құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік-құқықтық қорғалуын қамтамасыз етудің маңыздылығын айқындайды.

      Сот практикасының біркелкілігі мәселесі сот жүйесіне деген сенімді қамтамасыз етудегі түйінді мәселе болып табылады. Соттардың заңдарды біркелкі қолдануы елде бірыңғай әрі тұрақты құқықтық режимді сақтауға, құқықтарды және заңмен қорғалатын мүдделерді тиімді қорғауды қамтамасыз етуге, қабылданатын сот актілерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

      Сонымен қатар сот практикасының негізсіздігі мен тұрақсыздығы бойынша субъектілердің сот шешімдеріне негізделген сын айтылған өтініштерінің саны бүгінгі таңда азаймай тұр.

      Сот арқылы қорғалу құқығы конституциялық құқыққа жатады және оны ешкім, оның ішінде кассациялық іс жүргізуде де шектей алмайды.

      Қазақстанның интеграциялық процестерге белсенді қатысуы тұрғысынан халықаралық шарттар жасасу кезінде ұлттық мүдделерді сапалы қорғау сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызметті құқықтық қамтамасыз етудің бірінші кезектегі міндеті болып табылады.

      Заңгерлік білім берудің сапасын қалпына келтіру Қазақстанның құқықтық жүйесін орнықты дамытудың қағидатты шарты болып табылады.

      Заңгер кәсібі - мамандарды даярлауды отандық жоғары оқу орындары ғана жүзеге асыра алатын санаулы кәсіптердің бірі. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында мемлекеттік бақылау әлсіреп, білім берудегі еңбекақы деңгейі салыстырмалы түрде төмен болған кезде талапкерлер тарапынан заң факультеттерінің білім беру қызметтеріне деген үлкен сұраныс жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлықтың көбеюіне және жоғары заңгерлік білім беру сапасының едәуір төмендеуіне әкелді.

      Дербес өзінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен оқу-әдістемелік базасы болуының қажеттігі заңгерлік кәсіптің ұлттық заңнамамен тығыз байланысының сөзсіз салдары болып табылады.

      Бұл мәселеде жоғары білім беру бағдарламасын жетілдіру маңызды рөл атқарады.

      2-бөлім. Құқықтық саясатты дамыту саласындағы халықаралық тәжірибеге шолу

      Озық шетелдік практикалардың халықаралық тәжірибесі сапалы пысықталған құқықтық саясаттың артық нормативтік жүктемені жоятынын және жалпы, тиімді мемлекеттік басқаруды негіздейтінін көрсетеді.

      ЭЫДҰ құқықтық саясатты монетарлық және бюджеттік саясатпен қатар нарық өнімділігін, жұмыспен қамту деңгейін, сондай-ақ ЖІӨ өсімін арттыруға мүмкіндік беретін экономикалық өсудің басты драйверлерінің бірі ретінде қарастырады.

      Осыған орай құқықтық реттеудің тиімділігі кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігінің және оның шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығының маңызды элементі болып табылады.

      Дамыған шетелдік юрисдикциялар мен ұлттықтан жоғары ұйымдарда құқықтық шешімдер қабылдау процесінің барлық кезеңі: реттеуді талап ететін проблеманы айқындау, актілер жобаларын дайындау, мүдделі тараптарды тарту, сондай-ақ тиісті актілерді қабылдау және олардың әсерін мониторингтеу бойынша оң тәжірибе қалыптасқан.

      Эмпирикалық деректер құқықтық саясатты әзірлеу мен іске асыру сапасының салыстырмалы түрде төмен болуы, ең алдымен, реттеуші органдардың тиімсіз үйлестірілуімен байланысты болуы мүмкін екенін айғақтайды, бұл жұмсалатын күш-жігердің шашыраңқы болуына экеп соғады және көптеген ведомствоаралық келісулер мен консультацияларды туғызады.

      Өз кезегінде, құқықтық саясат саласындағы үйлестірудің пәрменді рәсімдері қайталанатын өкілеттіктерді азайту және бөлінетін ресурстардың нәтижелілігін арттыру түрінде елеулі пайда әкелуі мүмкін.

      ЭЫДҰ елдерінің басым көпшілігі және Еуропалық Одақ, әдетте, реттеу саясатында жалпыүкіметтік тәсілді ұстанады және оны мемлекеттік секторды реформалаудың негізі етіп алды, реттеудің айқын саясатын қабылдады, реттеушілік саясат саласында бүкіл үкімет ауқымында прогреске қол жеткізуге жәрдемдесуге жауапты жоғары лауазымды адамды тағайындады, сондай-ақ реттеушілік қадағалау функциялары берілген тұрақты және тәуелсіз органды Құрды.

      Мысалы, Германиядағы Реттеуді бақылау жөніндегі ұлттық кеңес әртүрлі мемлекеттік органдар ұсынатын нормативтік құқықтық актілерді қабылдау нәтижесінде туындайтын болжамды салдарды бағалауды қарайтын қадағалау жөніндегі тәуелсіз орган ретінде әрекет етеді.

      Сингапурда "ақылмен реттеу" жөніндегі комитет құрылды, ол Үкімет құрамына кіретін ведомстволар қабылдайтын барлық актіні үнемі қайта қарауды қамтамасыз етеді және қажет болған жағдайда, оларды өзгертуге бастама жасайды.

      Грузиядағы Парламент хатшысы Президент Әкімшілігіндегі, Үкіметтегі және нормашығармашылық саясатқа жауапты министрліктердің әрқайсысындағы арнайы уәкілетті лауазым болып табылады.

      Оң шетелдік тәжірибе де жүргізілетін құқықтық саясат бірмәнді тұжырымдалған қағидаттарға, оның ішінде дәйектілік, болжамдылық және ашықтық қағидаттарына негізделуге, сондай-ақ нақты мақсаттарды көздеуге тиіс екенін көрсетеді.

      Мұндай қағидаттарды іс жүзінде енгізу мүдделі тұлғалармен проактивті консультацияларға, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерде қағидалардың түсінікті жазылуына баса назар аудара отырып, заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің реттелген рәсімдерінен көрініс табады, бұл енгізілетін реттеу қолданылатын азаматтардың өз ұстанымын білдіруіне мүмкіндік береді.

      Өз кезегінде, реттеудің жалпы мақсаттарын айқындау ведомстволардың күш-жігерін белгілі бір бағытта шоғырландыруға ықпал етеді. Мысалы, Сингапурдың "ақылмен реттеу" жөніндегі нұсқауы мен "ақылмен реттеу" саласындағы бақылау көрсеткіштерінің тізбесі уәкілетті органдардың өз нормативтік актілеріне жүргізетін сараптамасының дәлдігі мен тиімділігін қамтамасыз етеді.

      Құқықтық саясатта салдарды заң шығару алдында және заң шығарудан кейін жүйелі талдау маңызды рөл атқарады. Есептерге сәйкес 2015 жылы ЭЫДҰ елдерінің үштен біріне жуығы қабылданған нормативтік құқықтық актілердің реттелетін қатынастар салаларына нақты әсерін бағалауды жүргізбеген және олардың ережелерінің сақталуын қамтамасыз етпеген. ЭЫДҰ мұндай талдауды қажеттілік, өзектілік және белгіленген мақсаттарға сәйкестік тұрғысынан жүйелі түрде жүргізуді ұсынады, себебі нормативтік құқықтық актілер қоғамдағы қажеттіліктердің немесе ғылыми-техникалық прогрестің өзгеруі нәтижесінде ескіруі мүмкін.

      Шетелдік тәжірибеге шолу бүкіл әлемдегі үкіметтер экономикалық қызметті негізсіз шектейтін бюрократияның және әкімшілік жүктеменің деңгейін қысқартуға назар аударатынын көрсетіп отыр.

      Әдетте, бюрократиялық сөзбұйда оны қысқарту жөніндегі саналы саясат болмаған кезде күшейе түседі, бұл азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілеріне ауыртпалық түсіреді. Осыған орай, әкімшілік қысымды төмендету реттеушілік саясаттың маңызды бөлігі болуға тиіс.

      Осыған байланысты реттеушілік әсерді бағалау (РӘБ) институтын үнемі жетілдіру көптеген дамыған мемлекеттердің құқықтық саясатына тән белгі болып табылады. Тиімді РӘБ оқыту бағдарламаларын, сондай-ақ нормашығармашылық процесінің алғашқы кезеңдерінде интеграцияланған деректерді жинау және пайдалану үшін сапаны бақылау тетіктерін қоса алғанда, нақты саясат пен басшылыққа алынатын нұсқауларды ұстанады. Ретроспективті бағалау жүргізу үшін тиімділіктің нақты өлшемшарттарын айқындау құқықтық саясаттың тиімділігін өлшеуге және ресурстарды бөлуге көмектеседі.

      "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы қандай да бір салада реттеушілік саясатты жүргізу кезінде мүдделі тараптармен консультациялар бөлігінде халықаралық стандарттарға толық сай келеді. Мүдделі тұлғалар топтарын, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарды қамти отырып, жұртшылықпен байланыс үшін көптеген тиімді алаңдар құру жалпы қабылданған үрдіс болып табылады. Осындай консультациялар өткізудің қорытындысы бойынша ұсынылатын шаралар бойынша айтылған пікірлер қысқаша жинақталады, сондай-ақ егжей-тегжейлі түсіндірмелер беріледі.

      Енгізілетін шараларды кеңінен және қолжетімді жария ету шет елдердегі сапалы құқықтық саясаттың ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады, себебі жаңа реттеулердің сақталуы олардың азаматтар мен ұйымдар үшін қаншалықты түсінікті болуына байланысты болады.

      Мысалы, ЭЫДҰ-ның Реттеу саясаты жөніндегі комитеті қосалқы талдау, реттеушілік шешімдер қабылдаудың себептері, сондай-ақ тиісті деректер сияқты реттеушілік дерекнамалардан алынған барлық тиісті материалдарды жұртшылыққа беруді ұсынады.

      Өз кезегінде, Еуропалық Одақтың заңнаманы әзірлеу жөніндегі практикалық нұсқауы заңнама жобаларын әзірлеу бойынша заңнамалық терминдердің қарапайым тұжырымдамалары, күрделі ұғымдарды барынша қарапайым ұғымдарға бөлу және ауызекі тілді қолдану сияқты бірқатар стилистикалық ұсынымдар береді.

      Үлкен деректер, жасанды интеллект, кванттық технологиялар және басқаларының қарқынды дамуы аясында реттеушілер осындай технологияларға жаппай белсенді қызығушылық танытуда.

      Сарапшылар үкіметтерге автоматтандырылған процестер мен оларды шешудің болжамды алгоритмдерін жүргізу саясатын қолдау үшін адами капитал мен технологиялық инфрақұрылымды дамытуды ұсынады.

      Осы себептен реттеушілер жасанды интеллектіні, статистикалық машинамен оқуды және үлкен деректерді зияткерлік талдауды пайдалануды жетілдіру үшін жеке мердігерлерді көбірек тартады.

      Осындай технологиялар арқылы болжамдық талдау жүргізу қоғамда туындайтын проблемалар бойынша неғұрлым дәл және пәрменді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

      Осылайша, халықаралық тәжірибені талдау құқықтық саясатты дамытудың мынадай:

      1) құқықтық саясат саласында уәкілетті органдар арасындағы үйлестіру рәсімдерінің тиімділігін, оның ішінде реттеушілік саясатты жүргізуді орталықтандырылған қадағалауды белгілеу арқылы арттыру;

      2) құқықтық саясаттың қағидаттарын және реттеудің жалпы мақсаттарын айқындау;

      3) салдарды заң шығару алдында және заң шығарудан кейін жүйелі талдауды жүргізу;

      4) мүдделі тараптарды жұртшылықпен байланыс үшін көптеген алаңдар құру арқылы құқықтық саясатты әзірлеу мен іске асыру процесіне белсенді түрде тарту;

      5) жүргізіліп жатқан құқықтық саясатты тиісінше түсіндіруге бағытталған шаралар қабылдау;

      6) құқықтық саясатты әзірлеу және іске асыру кезінде қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды пайдалану үрдістері мен перспективаларын айқындауға мүмкіндік береді.

      3-бөлім. Құқықтық саясаттың негізгі қағидаттары

      3.1. Ақылға қонымды реттеу

      Қоғамдық қызметті реттеу қоғамдық өмірде туындайтын мәселелерді шешу кезінде ең соңғы шара болуға тиіс, себебі реттеушілік шаралардың ақылға қонымды шектен асып кететін саны оның адресаттары үшін реттеушілік ауыртпалық туғызады.

      Осыған орай, мемлекет алдында тұрған міндеттерді шешу кезінде, ең алдымен, реттеушілік араласумен байланысты емес балама тәсілдерді іздеу маңызды.

      Реттеушілік шараларды енгізу қажет болса, олар болжанатын мақсаттарға қол жеткізу үшін қолайлылығы және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін барынша төмен дәрежеде шектеу тұрғысынан зерделенуге тиіс.

      Бұдан басқа, мұндай шараларда оң әсердің басым деңгейі көрсетілуге, сондай-ақ теріс жанама салдар ескерілуге тиіс.

      3.2. Ашық реттеу

      Құқықтық саясаттың ашықтығы реттеудің адресаттары болып табылатын барлық тараптардың мүдделерін ескеруді қамтамасыз ететін жаңа институттарды дамыту және қалыптастыруды қоса алғанда "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сәйкес мүдделі тараптардың көптеген қол жеткізу нүктелерін қалыптастыру нәтижесінде жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.

      Осы қағидатты қолдану неғұрлым оңтайлы шешім қабылдауға ықпал етеді, құқықтық реттеуді жүзеге асыру процесінде кездейсоқ шешімдердің әсер ету дәрежесін төмендетуге көмектеседі, сондай-ақ оның табысты болуының негізгі факторына айналады.

      3.3. Дәлелдемелік реттеу

      Дәлелдемелік тәсіл Қазақстанның құқықтық саясатын дамытудың негізгі векторларының біріне айналуға тиіс.

      Құқықтық саясаттың сапасын арттыру мақсатында реттеушілік шешімдер сенімді әрі объективті деректерге, оның ішінде ғылыми және сараптамалық зерттеулерге, қоғамдық пікірді, статистикалық және өзге де деректерді зерделеу нәтижелеріне негізделуге тиіс.

      Реттеудің қандай да бір тәсілінің басымдығын көрсететін мәліметтер тексеру үшін қолжетімді болуға тиіс.

      Осыған байланысты сандық деректерді жинау, сақтау, өңдеу, талдау және оларды басқару арқылы ауқымды дәлелдемелік базаны қалыптастыру дәлелдемелік саясаттың ажырамас элементі болып табылады.

      3.4. Нәтижелі реттеу

      Құқықтық реттеу шараларын ретроспективті бағалау деген көзқарас қайта зерделеуді талап етеді, ол эпизодтық сипатта болмауға тиіс.

      Енгізілген реттеуден туындаған әсерлердің пәрменділігі мен мәлімделген мақсаттарға сәйкестігі тұрғысынан жан-жақты мониторингін жүйелі түрде жүзеге асыру қажет.

      Болжанған нәтижеге қол жеткізілмеген жағдайда, бастапқы реттеушілік тәсілдерді жетілдіруге бағытталған шараларды қабылдау маңызды.

      3.5. Тұлғаның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау

      Жеке тұлғалар мен ұйымдардың негізгі құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау қоғамдық және мемлекеттік өмірдің барлық салаларында бірінші кезекте және тиімді қорғауға жататын негізгі болып табылады.

      Сот және құқық қорғау жүйесі органдарының осы саладағы қызметі өте маңызды, өйткені олар бұзылған құқықтар мен бостандықтарды қалпына келтірудің кепілі болып табылады.

      Осыған байланысты жоғарыда көрсетілген органдарды тиісті заңнамалық базаны жетілдіру арқылы ғана емес, тиісті институционалдық шаралар қабылдау арқылы да түрақты дамыту маңызды міндет болып табылады.

      4-бөлім. Ұлттық құқықты дамытудың негізгі бағыттары

      4.1. Ұлттық құқықтық жүйенің іргелі негізі конституциялық құқық, оның басты көзі Қазақстан Республикасының Конституциясы болып табылады.

      Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ететін орган болып табылады, осыған байланысты конституциялық бақылау тетіктерін одан әрі жетілдіру және оның шешімдерін орындау жөніндегі жұмысты жалғастыру маңызды.

      Азаматтық қоғамның қалыптасуы мен халық билігінің дамуы өзара тығыз байланысты екені жалпыға мәлім. Азаматтарды басқаруға кеңінен тарту мемлекет пен қоғам арасындағы түсіністік пен келісім көпірін нығайтуға ықпал ететін болады. Осыған байланысты азаматтық қоғам институттарын жан-жақты дамыту үшін, оның ішінде мемлекеттік басқару органдарының қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту арқылы заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру ерекше өзекті болып қала береді.

      Адам құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты күшейту маңызды. Адам құқықтарын іске асыру сапасын арттыру үшін адам құқықтарының сақталуын бағалаудың ұлттық индикаторларын әзірлеу және кезең-кезеңімен енгізу қажет.

      Конституциялық меншік құқығы негізгі құқықтардың бірі болып табылады, оның конституциялық құқықтарды қамтамасыз ететіні және бірқатар басқа конституциялық құқықтардың іске асырылуын негіздейтіні сөзсіз. Осыған байланысты меншік құқығын қорғуды күшейтуге елеулі назар аудару қажет.

      Өткен жылдар ішінде Парламенттің рөлін арттыруға, Үкіметтің Парламентке барынша есеп беруі мен бақылауында болуын қамтамасыз ете отырып, сонымен бір мезгілде оның дербестігін күшейтуге бағытталған саяси жүйені жаңғырту жоспарлы түрде жүргізіліп келеді.

      Конституциялық заңнамамен және барлық билік тармақтарының қызметін реттеу арқылы саяси жүйенің "Мықты Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет" формуласы қамтамасыз етілуге тиіс.

      Қазіргі заманғы мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жетекші рөл атқарады. Осыған байланысты жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту тәсілдерін жаңа Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде әзірлеген маңызды.

      4.2. Нормашығармашылықты жетілдіру қажеттігі объективті қажеттілік болып табылатыны жалпыға мәлім, оны іске асырмайынша, қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік, мәдени және өзге де процестерге оң ықпал ету мүмкін емес.

      Реттеушілік әсерді талдау (бұдан әрі - РӘТ) өзін қабылданған нормативтік актілерден туындайтын құқықтық, экономикалық және әлеуметтік салдарды сапалы бағалауға мүмкіндік беретін құрал ретінде көрсетті. Осыған байланысты аталған институтты дамыту қажет болып табылады.

      Мысалы, қазіргі уақытта кәсіпкерлік субъектілеріне міндеттер жүктейтін актілер ғана талдауға жатады. Оның әлеуетін кеңейту мәселесін қарастырған жөн.

      Бұл ретте нормативтік құқықтық актілер жобаларының маңыздылығын айқындау өлшемшарттарын әзірлеу керек, оларға қол жеткізілген кезде олардың экономикалық қызмет саласына әсер ету ауқымына қарай (туындайтын шығасының шекті мәні, реттеу мақсаттары және т.б.) РӘТ жүргізілуі тиіс. Мұндай өлшемшарттар қоса берілген есептеулердегі сандық деректерді арттыруға ықпал етеді.

      РӘТ әлеуетінің кеңеюін ескере отырып, реттеушілік саясат рәсімдерін жетілдіру мәселесін қарау қажет. Мұндай шара, біріншіден, РӘТ рәсімін жүргізудің тиімділігін қамтамасыз етеді, екіншіден, әртүрлі салалардан мамандарды тартуға мүмкіндік береді, бұл, сөзсіз, талдау сапасын арттырады.

      Мұнымен қатар қоғамдық талқылаулар жүргізудің әртүрлі мерзімдерінде, адресаттар санында, реттеуді сақтау шығасыларының көлемінде және т.б. көрініс табатын актінің реттеушілік әсер ету дәрежесіне қарай талдамалық нысанның көлемінде жасалатын реттеушілік әсерге талдау жүргізуге сараланған тәсілді тұжырымдау мәселесін қарау қажет.

      Құқық қолдану практикасын талдау Кәсіпкерлік кодекстің талаптарына қарамастан, реттеуші мемлекеттік органдар көп жағдайда қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді қайта қарау тәртібімен реттеушілік құралдарға қатысты РӘТ жүргізбейтінін көрсетіп отыр. РӘТ жүйесінің тиімділігі бағалаудың бірнеше кезеңіне байланысты екенін назарға ала отырып, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді қайта қарау тәртібімен, оның ішінде осындай қызметті мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау өлшемшарттарының бірі ретінде айқындау жолымен РӘТ жүргізуді қамтамасыз ететін тетіктерді енгізу, сондай-ақ басқа мемлекеттік органға РӘТ жүргізуге өкілеттік беру мүмкіндігін қарау қажет.

      Бұдан басқа, РӘТ институтын жетілдіруге және дамытуға бағытталған өзге де шараларды қабылдау керек.

      "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және талқылау процесіне азаматтар мен ұйымдарды тарту үшін диалог алаңдарының көбірек санын құру қажеттігін айқындайды. Осыған орай нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және қарау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ететін, сондай-ақ азаматтарға жүргізіліп жатқан саясатты қалыптастыруға нақты қатысуға мүмкіндік беретін қосымша тетіктерді әзірлеу маңызды.

      Коронавирустық пандемиядан туындаған мән-жайлар дағдарыстық жағдайларға, оның ішінде мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз ету арқылы жедел ден қою қажеттігін көрсетті. Құқықтық регламенттеу деңгейлері мен басқарушылық шешімдер қабылдаудың икемділігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету мақсатында заңдарға қайта қарауды қажет ететін егжей-тегжейлі нормаларды анықтау тұрғысынан ревизия жүргізу керек, жекелеген мемлекеттік органдарға заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдау үшін осындай актілерді қабылдаудың мақсаттарын, заңдылығын бақылау қағидаттары мен тетіктерін бірмезгілде белгілей отырып, дискрециялық өкілеттіктерді беру, сондай-ақ нормативтік құқықтық актіні қабылдаудың оңайлатылған тәртібін көздеу қажет.

      Жалпы, нормативтік құқықтық актілерді келісу рәсімі оңтайландыруды және автоматтандыруды қажет етеді.

      Ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталының әлеуетін дамыту қажеттігі пісіп-жетілді. Оның жұмыс істеуін талдау нормативтік құқықтық актілердің және басқа да құжаттардың жобаларын талқылау кезінде азаматтардың белсенділігінің төмендігін көрсетеді. Осыған байланысты азаматтардың интернет-порталды түсінбеу себептерін анықтау қажет, олар өзгеден басқа, ұсыныстарды есепке алудың нақты тетігінің болмауымен, жобаның тек жекелеген құрылымдық элементтеріне түсіндірме беру мүмкіндігімен, сайттың ыңғайсыз интерфейсімен байланысты, осыған назар аудару қажет.

      Жекелеген жағдайларда азаматтар құжаттар жобаларының интернет-порталда орналастырылғаны туралы білмеуі де мүмкін екенін назарға ала отырып, мүдделі тұлғаларды, оның ішінде ыңғайлы мобильді қосымшаны әзірлеу арқылы хабардар ету тетіктерін пысықтау қажет.

      Түсіндірме жазба интернет-порталда орналастырылатын және нормативтік құқықтық актінің жобасы туралы жалпы мәлімет беретін негізгі құжат болып табылады. Практиканы зерделеу көрсеткендей, қалыптастырылатын түсіндірме жазбалар құжаттың негізгі ережелеріне қатысты айқындық енгізбейді, ал жоба мәтінінен кейде әзірлеушінің не ұсынатынын және оның күнделікті өмірге қалай әсер ететінін түсіну қиын. Осыған байланысты түсіндірме жазбалардың мазмұнына қойылатын талаптарды белгілеген жөн.

      Мұнымен қатар заңнаманың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету мақсатында құқықтық нормаларды қалыптастырудың бланкеттік тәсілдерін пайдалануды барынша азайту мәселесін пысықтау маңызды.

      Қолданыстағы заңнамаға сәйкес нормативтік құқықтық актілер қазақ және орыс тілдерінде әзірленеді. Іс жүзінде, орыс тілінде әзірленген жобалар қазақ тіліне аударылып, екі тілдегі мәтіндердің мазмұнын бірыңғай түсінуге қатысты сұрақтар туғызатыны сирек емес.

      Осыған орай, норма шығару қызметінде қазақ тілін одан әрі дамыту мақсатында нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орыс тіліне аударуды қамтамасыз ете отырып, оларды қазақ тілінде әзірлеу міндетін кезең-кезеңімен заңнамалық бекіту мүмкіндігін пысықтау маңызды.

      Нормашығармашылық процестің тағы бір маңызды құрамдас бөлігі талдамалық жұмыс және болжамдау болып табылады. Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу анық мәліметтер, ғылыми идеялар негізінде, сондай-ақ қоғамның нақты қажеттіліктері мен қалыптасқан құқық қолдану практикасын негізге ала отырып жүзеге асырылуға тиіс. Деректерді тиімді жинау, сақтау, өңдеу, талдау және оларды басқару болмайынша, сапалы құқықтық реттеудің мүмкін емес екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Осы тұрғыда нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу кезінде Қазақстан аумағында қоргалған диссертацияларды пайдалану мүмкіндігін пысықтау қажет. Алайда мұндай ақпараттық жүйелер құру деректерді біріктірусіз мүмкін емес екенін түсіну керек. Осы мәселені шешу кезінде "Smart Data Ukimet" ақпараттық-талдау жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалану керек.

      Әзірлеуші органдарға нормативтік құқықтық актінің жобасына азаматтарға жобалардың ережелерін түсінуін жеңілдететін енгізілгелі отырған реттеудің бизнес-процесс моделінің сипаттамасын қоса беруді міндеттеуді белгілеу мәселесін пысықтау қажет.

      Сонымен қатар әрбір мемлекеттік орган шегінде нақты деректерді сапалы жинауға бағытталған шараларды қабылдау қажет. Мемлекеттік органдар тұрақты негізде құрылымданбаған ақпараттың орасан зор массивтерін қалыптастыратыны жалпыға мәлім, бұл әрбір органда оларды жинау мен өңдеуге жауапты маманды бекіту қажеттігін негіздейді.

      Ескірген, сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін және қайталанатын нормаларды анықтаумен шектелмей, заңдардың тиімділігін ретроспективті бағалауға елеулі назар аудару маңызды. Сондықтан Үкімет мүшелері құқық қолданушылар тобының қатысуымен уақыты келгенде қабылданған заңды қолдану практикасының жай-күйі туралы Парламентке хабарлайтын мерзімді белгілеу мүмкіндігін қараған жөн.

      Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының мазмұнын жетілдіруге бағытталған шаралар қабылдау да маңызды.

      Нормативтік қаулылар соттардың заңдар мен заңға тәуелді нормативтік актілерді біркелкі және дұрыс қолдануын қамтамасыз етуге арналған. Олар әртүрлі түсінулер мен проблемалық мәселелерді жояды және сонымен бірге заңды қолданудың дұрыс бағытын береді.

      Осыған байланысты Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының мазмұнын жетілдіруге бағытталған шаралар қабылдау маңызды.

      4.3. Басты құндылықтары азаматтар мен олардың әл-ауқаты болып табылатын мемлекеттік басқарудың сервистік және "адамға бағдарланған" моделін қалыптастыру мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі трансформациялық өзгерістер жүргізуді талап етеді. Қоғамның қанағаттану деңгейін арттыруға бағытталған саясат әкімшілік құқықты дамытудың аса маңызды бағдарына айналуға тиіс, бұл азаматтардың құқықтарын неғұрлым тиімді қамтамасыз ету үшін мемлекеттік функцияларды қайта қарауды негіздейді.

      Мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін одан әрі қалыптастыру жөніндегі негізгі шаралар Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына енгізілген.

      Мемлекеттік реттеу шектерін қайта ойластырып қарау маңызды. Қоғамдық қызметті реттеу қоғамдық өмірде туындайтын мәселелерді шешу кезінде ең соңғы шара болуға тиіс.

      Артық реттеуден бас тарту жалпы әлемдік үрдіс болып табылады.

      Мүмкін болатын салаларда реттеуді алып тастауға - "жұмсақ" құқықты - қағидалар мен нұсқаулар жиынтығын қолдануға жаңа серпін беру керек.

      Нарық субъектілерінің мінез-құлқын реттеудің, оның ішінде өзін-өзі реттеу және тең реттеу тетіктерін пайдалану арқылы мемлекеттік реттеудің баламалы тәсілдерін үдемелі дамытуға бағытталған жұмысты жалғастырудың маңызы зор.

      Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуді қайта қарау (өзектендіру) бизнес үшін негізсіз кедергілер жасамай, тұрақты сипатта болуға тиіс.

      Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу ұлттық қауіпсіздікті, адам өмірі мен денсаулығын, экологияны, құқықтық тәртіпті, имандылықты қозғайтын тәуекелдерді жою қажеттілігімен шектелуге тиіс.

      Мемлекеттік аппараттың қызметін одан әрі жетілдіру мемлекеттің рөлі мен функцияларын қайта ойластыру арқылы жүзеге асырылатын болады.

      Заңнамада белгіленген "мемлекеттік функция" деген құқықтық санатты дұрыс түсіну мемлекеттік функцияларды оңтайландыру үшін негізгі шарт болып табылады. Осыған байланысты мемлекеттік органдар қызметінің биліктік сипаты жоқ бағытын айқындайтын жекелеген мемлекеттік функцияларды қайта қарау қажет.

      Бұдан басқа, жария функцияны, оны жүзеге асыру тәртібін, функциялардың әртүрлілігін, субъектілерді және оларды орындау қағидаттарын, сондай-ақ квазимемлекеттік құрылымдардың рөлі мен орнын айқындауға қатысты мәселелер ашық күйінде қалып отыр.

      Осыған байланысты жария құқық заңды тұлғалары институтын ұлттық құқықтық жүйеге енгізу жөніндегі халықаралық-құқықтық тәжірибені имплементациялау мәселесін пысықтауды жалғастыру қажет.

      Мемлекеттік бақылау және қадағалау институтын жетілдіру жөніндегі шаралар бақылау мен қадағалаудың барлық нысаны бойынша тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізуге, бақылау-қадағалау органдарының тиімділігін бағалау әдістерін қайта қарауға, бақылау-қадағалау қызметін автоматтандыруға, профилактика және консультация беру құралдарын дамытуға, сондай-ақ тиімсіз және артық нормаларды алып тастау үшін орындалуы міндетті талаптарды түгендеуге бағдарлануы мүмкін.

      "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етудегі прогрессивті қадам болғаны сөзсіз. Ақпарат тасымалдаушылардың ақпаратты ашу туралы талаптарды орындамауының жүйелі сипатқа ие екенін практика көрсетіп отыр, бұл мониторинг пен бақылау тетіктерін заңнамалық тұрғыдан бекіту, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізу құқықтарын бұзғаны немесе шектегені үшін жауаптылықты күшейту қажеттігін айқындайды.

      Төтенше жағдай кезінде қазіргі заманғы қоғамның даму серпінін, жаңа қатерлердің туындауын, арнайы бөлімшелер мен төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтерді қоса алғанда, мемлекеттік органдардың бірлескен қызметінің ерекшеліктері ескеріле отырып, мемлекеттік басқарудың қолданыстағы тетіктері одан әрі пысықтауды, оның ішінде жобалық басқару арқылы пысықтауды қажет етеді.

      Елдердің қарқынды технологиялық дамуы және цифрлық экономикаға көшу жағдайында басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде инновациялық цифрлық технологияларды қолдану үшін заңнамалық жағдайлар жасау мүмкіндігін қарастыру маңызды.

      Мемлекеттік қызметтер көрсетуді жүйелі түрде оңайлатуды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбелеріне сол немесе өзге де құжаттардың қажеттігі тұрғысынан 2 жылда бір рет тексеру жүргізуге болады.

      Жекелеген мемлекеттік қызметтерді неғұрлым жедел көрсету үшін оларды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КеАҚ-қа беруге байланысты жұмысты жалғастырудың маңызы зор. Бұл ретте халықпен тікелей өзара іс-қимыл жасайтын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КеАҚ қызметкерлеріне мемлекеттік қызметтер көрсету өкілеттігін мемлекеттік қызметтерді реинжинирингтеу қорытындысы бойынша беру мүмкіндігін пысықтаған жөн.

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс белгілі бір бейімдеуді қажет етеді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қабылдау аясында әкімшілік жазалардың жекелеген түрлерін (арнайы құқықтан айыру, рұқсаттан айыру не оның қолданысын тоқтата тұру, сондай-ақ тізілімнен алып тастау, қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу) қайта қарау қажет, өйткені оларды қолдану әкімшілік рәсімді жүзеге асырудың нәтижесі болып табылады.

      Әкімшілік жауапкершілікті заңды жауапкершіліктің басқа түрлерінен ажыратуға мүмкіндік беретін айқын өлшемшарттар қамтылуға тиіс әкімшілік құқық бұзушылықтың жаңа ұғымын әзірлеу қажеттігі де туындап отыр.

      Айыппұлдың әкімшілік жаза түрі ретіндегі мөлшерлік сәйкессіздігі, сондай-ақ іс-әрекетті жасау жағдайларын және құқық бұзушының жеке басын ескерместен жаза түрлерінің баламасыздығы сияқты проблемалар сақталуда. Осыған байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтарды елеусіз, елеулі және өрескел құқық бұзушылықтар санатына градациялауды енгізу мүмкін болып көрінеді, олардың әрқайсысында құқық бұзушылықтың сипаты мен қауіптілік дәрежесіне қарай айыппұлдың шекті мөлшерін қамти алатын еді.

      Мұнымен қатар, профилактика және түсіндіру құралдарын, заңды тұлғаның жауапкершілік шегін күшейту, нормативтік құқықтық актілердің нақтыланбаған талаптары үшін санкцияларды қамтитын әкімшілік құқық бұзушылық құрамын алып тастау, кәсіпкерлік субъектілерінің санатына қарай айыппұл мөлшерін айқындау кезінде бірыңғай тәсілді қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін белгілеу мәселелерін пысықтау маңызды.

      Әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру тәртібін де, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін де реттейтін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануы әкімшілік құқықтың жаңа даму кезеңінің басталуына негіз болды.

      Бұдан әрі сыбайлас жемқорлықтың туындауына негіз болатын себеп ретінде әкімшілік қалау (дискреция) тәсілін жан-жақты зерделеу керек. Егжей-тегжейлі құқықтық реттеу арқылы әкімшілік қалаумен (дискрециямен) күресу идеясы біркелкі емес болып көрінеді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте әкімшілік қалауға негізделген шешімді заңдылық және орындылық тұрғысынан тексеруге мүмкіндік беретін қағидаттар белгіленгенін ескере отырып, әкімшілік қалау (дискреция) тиімді мемлекеттік басқаруға ықпал ететін пәрменді тетікке айналады деп күтіледі.

      Сот ісін жүргізудің жаңа - әкімшілік түріне қатысты қазіргі уақытта жария-құқықтық даулардың барлық санаты сот ісін жүргізудің осы түрінің тәртібімен қарала бермейтінін атап өту керек. Осыған байланысты жария-құқықтық даулардың қалған түрлерін кейіннен мамандандырылған әкімшілік соттардың ведомстволық бағыныстылығына бере отырып, оларды жалпы юрисдикциядағы соттардың ведомстволық бағыныстылығынан алып тастау мүмкіндігін пысықтау қажет.

      4.4. Салық жүйесі бүкіл мемлекеттің жұмыс істеуіне әсер ететін маңызды тетік болып табылады. Әділ және түсінуге оңай салық заңнамасы елдің экономикалық өсуі үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге және дамытуға ықпал ететін болады.

      Салық міндеттемелерін орындауды түбегейлі оңайлату мақсатында Салық кодексіне және тиісті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге салықтар мен төлемдердің санын барынша азайту тұрғысынан ревизия жүргізу қажет.

      Экономиканы әртараптандыру, бюджетті толықтыру және салық ауыртпалығын қайта бөлу үшін салық мөлшерлемелерін саралау мәселесін қарау арқылы салық саясаты мен салық заңнамасын жетілдіру қажеттігі туындап отыр.

      Агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту ауыл шаруашылығына салық салудың ұзақ мерзімді моделін әзірлеуді қажет етеді.

      Салық жеңілдіктерінің тиімділігін айқындау бойынша жұмысты одан әрі жүргізу мақсатында мониторинг енгізуді қамтамасыз ету қажет.

      Әлемдік сын-тегеуріндердің жаһандануының күшеюіне байланысты салықтарды қолдану әкімшілендірудің қазіргі заманғы әдістері ескеріле отырып жүзеге асырылуға тиіс. Осыған байланысты салық міндеттемелерін орындауды, оның ішінде цифрландыру арқылы орындауды түбегейлі оңайлату жөніндегі шаралар қабылдау қажет.

      Сонымен қатар капиталдың елден шығарылуына бақылау жасауды күшейтуге және пайданы қайта инвестициялауды ынталандыруға бағытталған салық заңнамасын жетілдіру жөніндегі шаралар одан әрі дамытуды қажет етеді.

      Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруін ескере отырып, халықаралық сауданы одан әрі дамыту, сондай-ақ Қазақстан экономикасының әлемдік қатынастар мен сыртқы экономикалық қызмет жүйесіндегі байланыстарын жандандыру мақсатында лауазымды адамдарды барынша аз қатыстыра отырып, кедендік операцияларды автоматты түрде жасауды қамтамасыз ететін цифрлық технологияларды қолдану салаларын кеңейту арқылы кедендік реттеуді жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыру қажет.

      Сонымен қатар кедендік операцияларды жасаудың және кедендік бақылау жүргізудің бірыңғай стандартын қамтамасыз ету, кеден органдары мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар арасындағы электрондық құжат айналымын біріздендіру қажет.

      4.5. Нарықтық қатынастардың құқықтық негізін азаматтық құқық құрайды, оны одан әрі дамыту қазіргі нарықтың қажеттіліктері, іскерлік практиканың мұқтажы ескеріле отырып жүзеге асырылуға тиіс.

      Ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктері ескеріле отырып, алдыңғы кезеңде басталған шетелдік және халықаралық жеке құқықтың үздік үлгілерін ұлттық заңнамада қабылдау бойынша жұмысты жалғастырған жөн.

      Сонымен бір мезгілде азаматтық заңнаманың тұрақтылығы құқықтың осы саласын дамытудың басым бағыты болып қалуға тиіс.

      Азаматтық заңнаманың негізгі бастауларын іске асыруға, бәсекелестік пен нарықтық қатынастарды тиімді дамытуға кедергі келтіретін жеке қатынастарды реттеудің жария-құқықтық әдістерінің негізсіз басымдығын жою жөніндегі тетіктерді әзірлеу қажет.

      Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік беретін мемлекеттік-жекеше әріптестік туралы және мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігі де туындап отыр.

      Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде (бұдан әрі - Азаматтық кодекс) азаматтық құқықтар мен міндеттердің туындауының, өзгеруінің және тоқтатылуының дербес негіздері ретінде заңды тұлғалардың жиналыстарының және алқалы басқару органдарының шешімдері туралы ережелерді тікелей қарастырған орынды болып табылады.

      Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнаманы, оның ішінде тіркеу және есептілікке қойылатын талаптар бөлігінде жаңғырту, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдардың қызметі тоқтатыла тұруы мүмкін жағдайларды қайта қарау қажет.

      Заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыруды және құқықтық мирасқорлық мәселелерін регламенттейтін азаматтық заңнаманы реформалауға баса назар аударған жөн. Коммерциялық заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру нысандары туралы, сондай-ақ қайта ұйымдастырудың кешенді нысандарын жүзеге асырудың шарттары мен тәртібін реттеу туралы ережелерді жаңғырту маңызды.

      Корпоративтік заңнаманы корпоративтік басқарудың озық практикасының ұсынымдары мен стандарттары, инвесторлар мен акционерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі құқықтық кепілдіктердің деңгейін арттыру және тетіктерді реттеу, холдингтік компаниялардың мәртебесін регламенттеу және ішкі нарықты қорғауға да, халықаралық (трансшекаралық) экономикалық байланыстарды ілгерілетуге де бағытталған тиімді реттеу шараларын қолдануды ескере отырып, корпоративтік топтарды, оның ішінде трансұлттық топтарды қалыптастыру мәселелері негізінде жаңғырту қажет.

      Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі тетікте корпоративтік лауазымды адамдардың жауапкершілігі туралы нормаларды және туынды, сондай-ақ ұжымдық (топтық) талап қою институтын дамыту мәселесін қарау қажет.

      Азаматтық құқықтар объектілерінің құқықтық табиғаты мен сыныптамасын айқындау және олардың құқықтық режимін нақтылау, сондай-ақ талап ету құқығы мен зияткерлік меншік құқығы сияқты объектілердің осы сыныптамадағы орнын айқындау маңызды.

      Қазақстандық азаматтық заңнама экономика мен қоғамның өзекті және перспективалық қажеттіліктеріне жауап беретін зияткерлік меншік жүйесінің жұмыс істеуінің институттық негіздерін қалыптастыруға, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық жағдайларын жетілдіруді қажет етеді.

      Ақпараттық жүйелердің қарқынды дамуы жағдайында Интернет желісіндегі зияткерлік құқықтарды қорғау саласындағы құқықтық қатынастарға қатысушылардың субъектілік құрамы мәселелеріне назар аудару керек.

      Заңнама жеке құқық субъектілеріне тиесілі азаматтық құқықтардың алуан түрлілігі ескеріле отырып жетілдірілуі қажет. Заңды тұлғалар мен мемлекетке тиесілі құқықтардың тізбесін басқа да заттық және міндеттемелік құқықтармен, сондай-ақ мүліктік емес, айрықша құқықтармен, мұрагерлік құқығымен және өзге де мүліктік құқықтармен толықтырған жөн.

      Заттық құқықтарды сыныптауды одан әрі жетілдіру талап етіледі. Осы мақсатта меншік құқығы және басқа да заттық құқықтар туралы нормаларды жүйелеуге аса назар аудару қажет.

      Қазіргі қатынастарда жедел басқару құқығы мен шаруашылық жүргізу құқығы конструкцияларының тиімділігі туралы мәселені тұжырымдамалық тұрғыдан қарастырған және осы институттардың жұмысын жақсарту жолдарын тапқан жөн.

      Меншік құқығын қорғауды күшейту мақсатында иелену, иелену мерзімі және негаторлық талап қою туралы нормаларды жетілдіру қажет.

      Талап қою мерзімі институты одан әрі жетілдірілуге тиіс.

      Өткен жылдарда кәсіпкерлік ортада коммерциялық байланыстардың шарттық типтерінің кеңеюіне, корпоративтік қатынастардың күрделенуіне, сыртқы экономикалық мәмілелер санының өсуіне және елге шетелдік инвестициялардың ағымына байланысты түбегейлі өзгерістер болды.

      Жалпы құқық жүйесіне тән кейбір институттарды ойланып, абайлап енгізе отырып, қазақстандық құқықтың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру міндеті тұр.

      Тауар айналымы мен электрондық коммерцияның қарқынды дамуы шарттық қатынастарды ресімдеудің жаңа тәсілдерін құқықтық реттеудегі олқылықтардың анықталуымен қатар жүріп отырады.

      Смарт-келісімшарттар және электрондық коммерция (e-commerce) туралы заңнаманы жетілдіру тұтынушылардың қатысуымен болатын құқықтық қатынастарды қоса алғанда, шарттық құқықтық қатынастарға қатысушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған болуға тиіс.

      Тұтынушылар шарттары, тұтынушылар құқықтары және тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы үшін бизнестің жауапкершілігі туралы заңнаманы дамытқан жөн. Шартта экономикалық тұрғыдан әлсіз тараптың құқықтарын қорғау мәселесіне назар аудару қажет және осы мақсатта шарттың өзге құқықтық конструкцияларды да, қосу туралы әлеуетін пайдалану қерек.

      Интегралды микросхемалар топологияларын және ЭЕМ бағдарламаларын құқықтық реттеуді жетілдіру қажет.

      Материалдық емес (моральдық) зиянды өтеу институтын тұтастай қолдану саласы, оны өтеу шарттары, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау мәселелері Азаматтық кодекс деңгейінде заңнамалық тұрғыдан шешуді қажет етеді.

      Сондай-ақ тасымалдаушылардың тасымалдау жөніндегі міндеттемелердің бұзылуы салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалдарды міндетті түрде өтеу мүмкіндігін қарастырған жөн.

      4.6. Азаматтық процестік құқық жаңғыртуды және жетілдіруді қажет етеді.

      Азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу практикасы сот процесінің ашықтығы, реттілігі, үздіксіздігі мәселелерін реттеу бөлігінде сот төрелігінің қосымша осал жақтарын айқындады.

      Құқықты асыра пайдалану институтын заңнамалық тұрғыдан бекіту мүмкіндігін қараған жөн.

      Мүліктік және мүліктік емес даулар бойынша мемлекеттік баждардың мөлшерін қайта қарауға, оның ішінде мүліктік даулар бойынша мемлекеттік баждың жоғары шегін белгілеуге, сондай-ақ жаппай талап қоюлар тұжырымдамасын және оларды сыныптауды енгізуге байланысты мәселелер шешуді қажет етеді.

      4.7. Жаһандық қаржы ландшафтының жылдам өзгеруі, интеграциялық процестердің күшеюі көп жағдайда барлық азамат пен ұйым үшін өз қызметтеріне оңай қол жеткізуді қамтамасыз ететін және сонымен бір мезгілде сыртқы мән-жайларға неғұрлым жоғары орнықтылыққа ие халықаралық қаржы жүйесіне жақсы интеграцияланған мемлекеттің неғұрлым прогрессивті, ашық, бәсекеге қабілетті және серпінді қаржы жүйесін құру мақсатында қаржы заңнамасын одан әрі дамытудың басымдықтарын айқындайды.

      Әлемдік экономиканың да, отандық экономиканың қалыптасып келе жатқан даму үрдістері қаржы заңнамасын дамытудың мынадай бағыттарын басымдықтар ретінде айқындайды:

      тұтас қаржы жүйесі деңгейінде де, жекелеген қаржы институттары деңгейінде де тұрақтылықты қолдайтын қаржылық қадағалау секторын да реттеудің тиімді режимін енгізу үшін қолайлы құқықтық алаң құру, бұл қаржы жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз етуге ықпал ететін болады;

      көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін елеулі тәуекелдерге ие банктік емес сектор салаларында реттеуді күшейту есебінен банктік емес секторды және микроқаржыландыруды дамыту мақсатында қаржылық ұйымдардың да, қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдаланушылардың да мүдделерін ескеретін реттеуші орта құру, бұл банктік емес сектор мен микроқаржыландырудың жоспарлы дамуына, сондай-ақ банктік және банктік емес қаржылық көрсетілетін қызметтердің синергиясына ықпал ететін болады;

      қаржы нарығында қаржылық технологияларды дамыту және инновацияларды енгізу, бұл ойыншылар арасындағы бәсекелестікті дамытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ұсынылатын қаржылық қызметтер мен сервистердің сапасын жақсартуға, экономикалық жағынан дамыған қоғамды қалыптастыруға себепші болады.

      4.8. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін ұдайы жетілдіру міндеті сақталып отыр.

      Қазіргі уақытта әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу көптеген заңнамалық актілерде жүзеге асырылады, бұл халықтың әлеуметтік заңнаманы түсінуінде қиындық туғызады.

      Нормативтік құқықтық актілерді кодификациялау азаматтардың тиісті саладағы өз құқықтары мен міндеттері туралы бірыңғай білім көзін құру есебінен оларды қабылдау процесін жеңілдетеді және сапалы жақсартады.

      Еңбек қатынастарының түбегейлі жаңа моделін қалыптастыру мақсатында еңбек және жұмыспен қамту саласындағы саясат өнімді жұмыспен қамтуға, жоғары еңбек өнімділігіне және инклюзивті экономикалық өсуге негізделген жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға бағытталатын болады.

      Еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіру мынадай:

      еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету, еңбек қатынастарында жұмыскерлерді қорғау;

      Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінің индикаторларына сәйкес еңбек нарығының тиімділігін арттыру бағытында жүзеге асырылуға тиіс.

      Еңбек заңнамасын жаңғырту жөніндегі шаралар мыналарға: еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды реформалауға; жұмыспен қамтудың барлық икемді нысандарын ресімдеу арқылы еңбек қатынастарының прогрессивті нысандарын енгізуге бағытталуға тиіс.

      Ғылымды одан әрі дамыту мынадай бағыттар бойынша: жекелеген ғылыми қызметкерлер мен ғылыми институттарды гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды арналған конкурстарға тәуелді болмайтын тікелей қаржыландыруға, ғылымды базалық қаржыландыруды ұлғайтуды және кеңейтуді;

      ірі ғылыми зерттеулер жүргізу, жаңа ғылыми мектептер қалыптастыру үшін және докторантурадан кейінгі бағдарламалар бойынша мега-гранттар бөлуді;

      мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыру үшін ғылым саласындағы уәкілетті органның құзыретін кеңейтуді жаңғыртуды негіздейді.

      4.9. Қолданыстағы экологиялық реттеу проблемалары табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін бюджетке төленетін төлемдердің жүйелілігі, мемлекеттік мониторинг жүйесінің жұмыс істеуі және табиғат пайдалану субъектілерінің есеп беруі мәселелерін қамтиды.

      Қоршаған ортаға ұқыпты қарауды ғана емес, сонымен бірге елдің табиғи байлығын дамытуды және оны еселеуді ынталандыруға бағытталған шаралар қабылдау керек.

      Кезең-кезеңімен енгізуді көздейтін және табиғат пайдаланушыларға жаңа технологияларды енгізу және жаңа жабдық сатып алу үшін қаражат жинақтауға мүмкіндік беретін кешенді экологиялық рұқсаттар бойынша прогрессивті және халықаралық практикаға сәйкес келетін талаптарды енгізу қажет.

      Қазақстан аумағында шығарындыларды мониторингтеу және бақылау процестеріне автоматтандыру және цифрландыру жүйелерін енгізу жөніндегі шараларды көздеу маңызды.

      Есептердің әртүрлі салаларда қайталануынан бас тарту ескеріле отырып, оларды ұсыну процесін оңтайландыру қажет.

      Жеке тұрғын үй құрылысы туралы және жеке қосалқы шаруашылық туралы ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік жер учаскелеріне, су объектілеріне және жер қойнауы учаскелеріне құқық беру тәртібінің ашықтығын қамтамасыз етуге, оның ішінде тиісті ақпараттық жүйелерге жалпыға ортақ қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдау маңызды.

      Қазіргі жағдайларда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асырудың тиімді және тұрақты режимін қамтамасыз ету, атап айтқанда:

      тау-кен металлургия кешенінің инвестициялық рейтингінің көшбасшы елдерінің ұқсас дерекқорларына сәйкес келетін минералдық ресурстардың көп функционалды ұлттық дерекқорында іске асырылатын жер қойнауын пайдалану саласына байланысты рәсімдерді оңтайландыру жөніндегі жұмысты жалғастыру;

      жер қойнауын пайдалану саласын әкімшілендіру процесінде кемшіліктерді уақтылы анықтау және оларды жою үшін шаралар қабылдау;

      салық жеңілдіктерін қоспағанда, жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестициялық тартымдылықты одан әрі жақсартуды жүзеге асыру үшін заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру қажет.

      4.10. Мемлекеттің қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы саясаты құқықтық саясаттың маңызды бағыты болып табылады.

      Қазіргі заманғы қылмыстық-құқықтық саясат адамның, оның құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің қылмыстық қатерден қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

      Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған тетіктерді тұжырымдау маңызды.

      Қылмыстық заңнаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін мынадай мәселелерді шешу:

      адам құқықтары саласындағы халықаралық-құқықтық стандарттардың талаптарын, қылмысқа қарсы іс-қимылды және ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктерін ескере отырып, қылмыстық заңнаманы және оны қолдану практикасын жетілдіру, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтың жаңа ұғымын тұжырымдау;

      қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша жаза тағайындау тетіктерін жетілдіру;

      қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару заңнамасын бір мезгілде түзете отырып, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру;

      елдегі криминогендік жағдайды сапалы жақсартуға қол жеткізу қажет.

      Қылмыстық-құқықтық саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру әлеуметтік және криминологиялық негізділік талаптарын ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс.

      Қылмыстық-кұқықтық реттеудің жазалау, қалпына келтіру және алдын алу құралдарының теңгерімділігі маңызды болып табылады.

      Осы тұрғыда қылмыстық заңнаманың бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге, сотталғандар тарапынан да, өзге адамдар тарапынан да жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алуға барынша бағытталуы артатын болады. Қылмыстық-құқықтық нормалардың санкциясын қалыптастыру кезінде олардың қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен құқық бұзушылық сипатына мөлшерлес болу қағидаты мүлтіксіз сақталуға тиіс.

      Алда қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатылатын адамдарға қатысты оларды қолдану мүмкіндігін белгілеп, қосымша жазаларды қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларына трансформацнялауды жүзеге асыру тұр.

      Бұдан басқа, қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қатерлер, оның ішінде ІТ-технологияларды пайдалана отырып жасалатын заманғы сын-тегеуріндер мен қатерлер аясында, қылмыстық мақсаттарда жасанды интеллектіні қолданғаны үшін жауаптылықты көздейтін құқық бұзушылықтың жекелеген кұрамын енгізу жолын қоса алғанда, қылмыстық заңнаманы тұрақты негізде жетілдіріп отыру керек.

      4.11. Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу қызметі саласындағы ЭЫДҰ елдерінде адам құқықтары мен оның заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету деңгейіне жақындауға ұмтылысы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажыратып, қылмыстық процестің үш буынды моделін кезең-кезеңімен енгізе отырып, құқық қорғау және сот жүйелерін одан әрі реформалау, сондай-ақ қылмыстық сот ісін жүргізу нысандарын оңайлату және қысқарту бойынша алынған стратегиялық бағытты жалғастыруды талап етеді.

      Оның табысты болуы үшін мына міндеттерді шешу талап етіледі:

      азаматтардың әділ сот төрелігіне қол жеткізуін барынша қамтамасыз ету жолымен тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидатын дамытуды жалғастыру, сондай-ақ айыптауға бейімділікті болдырмау;

      қылмыстық іс үшін маңызы бар нақты деректерді жинауда қорғаушы тараптың өкілеттіктерін кеңейту және күшейту;

      кінәсіздік презумпциясының конституциялық қағидаттарын қамтамасыз етуге және мүлтіксіз сақтауға және жеке өмірге қол сұғылмаушылықты қамтамасыз етуге бағытталған тетіктерді күшейту;

      тәуелсіз сүзгілер есебінен тежемелік және тепе-тендіктің тиімді жүйесін айқындай отырып, қылмыстық процестің негізгі кезеңдерін және ондағы әрбір органның жауапкершілік аймағын ажырату жөнінде тәсілдер тұжырымдау;

      процестік шешімдер қабылдаудың формалданған тәртіптерін қысқарту мақсатында сотқа дейінгі іс жүргізудегі рәсімдерді оңтайландыру және оңайлату;

      қылмыстық процесте мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын және бұлтартпау шараларын қолдану тәртібін жетілдіру;

      қылмыстық жолмен алынған ақша, құндылықтар мен мүлік шетелде болған және оларды толық анықтау, қадағалау, тоқтатып қою мен алып қоюға бастама жасау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің ақылға қонымды мерзімдерінен едәуір асатын ұзақ уақыт қажет болған кезде оларды соттың бөлек іс жүргізіп тәркілеу мүмкіндігін - тәркілеу үшін негіз болып табылатын қылмысқа қатысты жүргізілген қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген үкім негізінде (қаржылық тергеп-тексеру институты) көздеу қажет (Эстония ҚІЖК-нің 16-тарауына ұқсас);

      қылмыстық процеске ақпараттық және цифрлық технологияларды енгізу процесін, оның ішінде алқабилер тізімдерін қалыптастыруды цифрландыру процесін жалғастыру,

      4.12. Жазаларды орындау мен өтеудің тәртібі мен шарттарын реттеуді және қылмыстық-құқықтық реттеудің өзге де шараларын жақсарту, сондай-ақ сотталғандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту мақсатында қылмыстық-атқару заңнамасын, оның ішінде оны жалпыға бірдей танылған халықаралық стандарттарға жақындату жолымен одан әрі жетілдіру талап етіледі.

      Сотталғандардың мінез-құлқын тиімді бақылауды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы технологиялар мен бейнетіркеу құралдарын бір мезгілде енгізе отырып, сотталғандарды ұстаудың камералық түріне одан әрі көшу жөніндегі жұмысты жалғастыру маңызды.

      Әртүрлі өлшемшарттар бойынша талдау жасау мүмкіндігімен ҚАЖ мекемелері мен пробация қызметтерінде жазаларды орындау және сотталғандар санын автоматтандырылған есепке алу процестерін цифрландыруды жалғастыру қажет.

      Мұнымен қатар қоғамдық жұмыстарға байланысты жазаны орындауға жариялылық элементтерін беру, оның ішінде сотталғандар үшін арнайы тану киімін киіп жүру міндетін енгізу арқылы беру мәселесін пысықтау талап етіледі. Шетелдік тәжірибе мұндай шараның терең профилактикалық әсері бар екенін дәлелдейді.

      ҚАЖ мекемелерінің түрлерін кезең-кезеңімен оңтайландыру мүмкіндігін қарастыру маңызды, өйткені ізгілендіру жағдайында қамаудағылардың құрылымы айтарлықтай өзгерді (бас бостандығынан айыруға сотталғандардың 90%-дан астамы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатыр). Түрлерді оңтайландыру сотталғандарды этаппен алып жүру үшін бюджеттен бөлінетін едәуір қаржы қаражатын үнемдеуге, сондай-ақ туыстарының жазасын өтеу орындарына қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы сотталғандардың әлеуметтік пайдалы байланыстарын сақтауға мүмкіндік беретін сияқты.

      Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды сапалы орындау өзекті болып қала береді. Осыған байланысты пробация қызметінің және оның қызметкерлерінің ұйымдастырушылық-құқықтық мәртебесін арттыру мүмкіндігін түрме қызметінен пробацияның дербестігін қамтамасыз ету және қаржыландырудың жеке нысаналы кіші бағдарламасын бөлу арқылы қарастыру қажет.

      Азаматтық қоғам өкілдерін тарта отырып, жеке және икемді дағдыларды дамытуға бағытталған халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, пенитенциарлық пробацияны іске асыру, яғни ҚАЖ (пенитенциарлық) мекемелерінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан адамдарды қайта әлеуметтендіру тәсілдерін қайта қарау талап етіледі, өйткені қазіргі нысандағы пробацияның осы түрі өзінің тиімсіздігін көрсетті.

      Пенитенциарлықтан кейінгі пробацияны іске асыру жөніндегі жұмысты сандық көрсеткіштерден сапалық көрсеткіштерге қайта бағдарлау маңызды.

      Сотталғандардың жазасын өтеуіне байланысты мәселелерді шешу үшін пробация қызметтері мен ҚАЖ мекемелерінің жергілікті атқарушы органдармен тиімді өзара іс-қимылы заңнамалық реттеу қажеттігін негіздейді.

      4.13. Цифрлық кеңістікті дамыту цифрландыру және ақпараттандыру саласындағы реттеушілік саясатты жетілдіруді талап етеді.

      Қоғамның қазіргі заманғы дамуы барабар нормативтік реттеуді талап ететін инновациялық цифрлық технологиялардың күнделікті өмірге кеңінен енгізілуімен сипатталады.

      Жасанды интеллект пен робототехниканы құқықтық реттеу қажеттілігі, ең алдымен, олардың іс-әрекеттерінен келтірілген зиян үшін жауапкершілікті бөлу мәселесін шешумен, сондай-ақ жасанды интеллектінің қатысуымен жасалған туындыларға зияткерлік меншік құқығының тиесілігін нақтылау мәселесін шешумен айқындалады.

      Шетелдік юрисдикцияларда пилотсыз автомобильдерді қолданумен болған бірқатар қайғылы оқиғалардан кейін роботтарға құқықтық мәртебе беру мүмкіндігі және соның салдарынан жасанды интеллектіні заңды жауапкершілікке тарту мүмкіндігі кеңінен талқылана бастады.

      Осыған орай инновациялық цифрлық технологияларды пайдалану нәтижесінде, оның ішінде оларды жасаушылар мен иеленушілер жауапкершілігінің аражігін неғұрлым нақты ажырату жолымен азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғайтын тетіктердің жеткіліктілігі тұрғысынан ұлттық заңнамаға талдау жүргізу маңызды.

      Сонымен бір мезгілде, мұндай технологиялық құбылыстарды шамадан тыс реттеу осы саланың дамуына кедергі келтіруі мүмкін.

      Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, инновациялық цифрлық технологияларды енгізу және дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және осындай технологияларды қолдану арқылы азаматтардың құқықтарын әлеуметтік қауіпті әрекеттер жасаудан қорғау арасындағы реттеуші ымыраға келу қажет.

      Цифрлық кеңістікті қолдануға байланысты қатынастарды құқықтық реттеуді трансформациялаудың негізгі аспектілері транзиттік-коммуникациялық әлеуетті арттыру және цифрлық ортаға деген сенімді арттыру, ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау саласындағы заңнамада белгіленген талаптардың жаппай сақталуын қамтамасыз ету болуға тиіс.

      Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар Интернеттің, электрондық коммерцияның, іздеу қызметтерінің, әлеуметтік желілердің пайда болуы мен дамуына, сондай-ақ смартфондар мен планшеттердің кең таралуына байланысты бұрын-соңды болмаған мөлшерге дейін құрылымдалған және құрылымданбаған ақпараттың, оның ішінде азаматтардың жеке өміріне қатысты ақпараттың бұрын болмаған үлкен көлемін жинауға және жүйелеуге жағдай жасады.

      Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнама үлкен деректер технологияларын қолданумен байланысты құқықтық қатынастарды ішінара реттейді.

      Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнама ережелерінің деректер ауқымын өңдеудің белгіленген әдістеріне қатысты салыстырмалы тиімділігіне қарамастан, үлкен деректер технологиялары дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманың негізінде жатқан бірқатар базалық қағидаттармен үйлеспейді, бұл заңнаманың осы саласын қайта қарауды талап етеді.

      Мұндай жұмысты орындау кезінде Дербес деректерді қорғаудың жалпыеуропалық регламенті бағдар бола алады, өйткені ол жоғары құқықтық деңгейге ие және өзін, тек еуропалық юрисдикцияларда ғана, стандарт ретінде көрсеткен жоқ.

      Сонымен қатар, заңнамада үлкен деректер технологиясын пайдалану кезінде кемсітушілікке жол бермеу және азаматтарды қадағалау мақсатында гаджеттерді бақылаусыз қолдану үшін шектеу мәселелері реттелуге тиіс.

      Бұл ретте халықаралық тәжірибені ескере отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, байланыс, деректерді өндеу, цифрлық активтер, өнеркәсіпті автоматтандыру, ақпараттық қауіпсіздік, машиналық оқыту және жасанды интеллект, дербес деректер субъектілерінің құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы кодификациялау қажеттілігі пысықталатын болады.

      5-бөлім. Құқық қорғау мен сот жүйелерін және құқық қорғау институттарын дамытудың негізгі бағыттары

      Қоғамның, азаматтар мен бизнестің қажеттіліктеріне жауап беретін құқық қорғау жүйесінің сервистік моделін қалыптастыруға бағытталған құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру қажет.

      Құқық қорғау органдары мен олардың қызметкерлері қызметінің тиімділігінің өзгермейтін түйінді өлшемшарты халықтың сенім дәрежесі болып табылады. Көрсетілген өлшемшартты тұрақты, үздіксіз арттыру үшін олардың қызметін оның салдарымен күресуден және ведомстволық көрсеткіштерге қол жеткізуден құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оның ішінде халықтың сенімі мен құрметіне ие қызметкерлерді мансаптық ілгерілету арқылы ауыстыра отырып, трансформациялауды жалғастыру қажет.

      Халықпен пәрменді кері байланысты қамтамасыз ететін құқық қорғау қызметі сапасының аудиті жүйесін олардың жұмысының тиімділігін бағалау тұрғысынан қайта қарау (полиция қызметкерлерінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдарды төмендету, олардың жұмысы туралы оң пікірлерді ұлғайту, жұмыс сапасын бағалау, халық тарапынан сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету және т.б.) талап етіледі. Мұндай аудиттің нәтижелері қызметкерлерді көтермелеу және оларды жоғары лауазымдарға ұсыну мәселелеріне нақты әсер етуі керек.

      Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін тұрақты оқыту тиімді жұмысты жүзеге асырудың негізгі шарты болып табылады. Осыған байланысты құқық қорғау органдарының қызметкерлерін тұрақты негізде озық практикаларға оқытуды жүргізу, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуды ұйымдастыру, сондай-ақ құқық қорғау бейініндегі халықаралық ұйымдарда өкілдікті белсенді пайдалану маңызды болып көрінеді.

      Бұдан басқа, құқық қорғау органдары үшін кадрлар даярлайтын оқу орындарының жүйесін, оның ішінде дамыған шет елдердің озық тәжірибесін ескере отырып, жетілдіруге бағытталған шаралар қабылдау қажет.

      Қызметкерлерді тиісті әлеуметтік қорғау құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін негіздейді. Осыған байланысты құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен олардың отбасыларына әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын көрсету құқық қорғау жүйесін дамытудың, оның ішінде үш жылда бір рет инфляцияға немесе өзге де макроэкономикалық көрсеткіштерге байланысты қызметкерлердің жалақысын индекстеу түріндегі басым бағыты болуға тиіс.

      Құқық қорғау жүйесін реформалаудың негізгі бағыттарының бірі ішкі істер органдары көшуді жүзеге асырып жатқан полицияның сервистік моделін дамыту болуға тиіс. Сервистік тәсілге бағдарланған ұлттық полиция моделінің базалық компоненттерін қоғаммен әріптестік өзара қарым-қатынастарды орнатуға, оның ішінде нақты аумақта тұратын тұрғындардың пікірін ескере отырып, мәселелерді шешуге басымдық беру, сондай-ақ азаматтардың полицияға қолжетімділігін жеңілдетуге бағытталған қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету жолымен бағытталған проактивті жұмыс болады.

      Прокуратураның қадағалауы азаматтар мен бизнес жүгінетін проблемаларды тиімді шешуге, прокурордың өкілеттіктерін және шектелмеген адамдар тобының, қоғам мен мемлекеттің құқықтарын тиімді қорғау жөніндегі құралдарды нақты құқықтық регламенттеуге қайта бағдарланатын болады.

      Прокурордың қылмыстық істер бойынша негізгі процестік шешімдер қабылдау тетігін кезең-кезеңімен енгізу қылмыстық шеңберге тартылған адамдар құқықтарының кепілдіктерін күшейтеді.

      Мемлекеттік органдар мен ұйымдарды, жеке және заңды тұлғаларды елдегі заңдылық пен құқық тәртібінің жай-күйі туралы тиімді және жеткілікті ақпараттық қамтамасыз ету бұрынғыдай құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы заңнамада белгіленген бірыңғай статистикалық қағидаттар мен стандарттардың негізінде, сақталуын заңмен белгіленген шектерде және нысандарда прокуратураның жоғары қадағалауды жүзеге асыруы арқылы кепілдендіру жалғастырылатын болады.

      Азаматтардың мүдделері мен құқықтарының қорғалуына уәкілетті мемлекеттік органдар қызметі ғана емес, прокуратура да кепілдік беретін болады.

      Уәкілетті мемлекеттік органдар "көлеңкелі" экономикаға қарсы күресті күшейтуге шоғырланатын болады.

      Кез келген құқық бұзушылық нысандарына қарсы күрес және олардың профилактикасы инновациялық және цифрлық технологияларды пайдалана отырып, тәсілдер мен әдістерді көбейтуді, заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, кез келген құқық бұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуді, құқық бұзушылықтарға "мүлдем төзбеушілік (толеранттылық)" қағидатын мүлтіксіз орындауды одан әрі жалғастыруды талап етеді.

      Бұл ретте мемлекеттің осы саладағы құқықтық саясаты прокуратураның елдің құқық қорғау жүйесінің өзегі ретінде оның барлық конституциялық функцияларын пайдалана отырып, тікелей үйлестіруі арқылы іске асырылатын болады.

      Құқық қорғау органдарының сапалы кадрлық құрамы маңызды құрамдас бөлік болып табылады, онда құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әлеуметтік, қаржылық және материалдық қамтамасыз етуді біріздендіру және теңестіру талап етіледі.

      Сот жүйесін жаңғырту жөніндегі жұмыс мынадай бағыттар бойынша жалғастыруды талап етеді:

      соттарды одан әрі мамандандыру;

      кассациялық сатыға істерді шығару рәсімін өзгерту;

      қалаларда бірінші сатыдағы соттарды біріктіру.

      Дауларды реттеудің баламалы тәсілдерін дамыту Қазақстанның құқықтық жүйесін дамытудың маңызды векторы болып табылады, өйткені бұл институт қоғамдағы жанжалдар деңгейін төмендетуге ықпал етеді және соттарға жүктемені азайту арқылы сот төрелігін іске асыру сапасын арттырады.

      Осыған байланысты дауларды шешудің баламалы тәсілдерін реттеу саласындағы саясатты жүргізетін уәкілетті мемлекеттік органды айқындау, сондай-ақ олардың тұрақты негізде кеңінен қолданылуын ынталандыратын шаралар қабылдау маңызды.

      Құқық қолдану практикасы төрелік пен медиацияны құқықтық реттеудегі бірқатар кемшіліктерді анықтады, осыған байланысты халықаралық тәжірибені ескере отырып, осы институттарды одан әрі дамыту қажет.

      Кадрларды іріктеу және ілгерілету жүйесі:

      судьялыққа кандидаттар үшін біліктілік емтиханының рәсімдерін;

      судьяларды конкурстық іріктеу тетіктерін;

      судья лауазымдарына кадр резервін қалыптастыру тәртібін;

      сот жүйесіне қоғамдық сенім деңгейін арттыру мақсатында судья лауазымына кандидаттарды тестілеу процесіне жұртшылықтың қатысуын кеңейтуді цифрландыру ескеріле отырып, одан әрі жетілдіруге бағдарланатын болады.

      Перспективада судьяларды іріктеу мен ілгерілету жүйесін жаңғыртудың негізгі векторы тек судья кадрларының рекрутингінен жоспарлы түрде Жоғары Сот Кеңесінің қызметінде HR-менеджмент жүйесінің барлық компоненттерін неғұрлым толық пайдалануды қамтамасыз ету жағына ауысу болуға тиіс.

      Судьяларға қатысты тәртіптік жаза шараларын объективті емес қолдануды болғызбау үшін сот істерін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзу негіздерін нақтылау қажет.

      Сот сараптамасын жаңғыртуға бағытталған шараларды қабылдауды жалғастыру маңызды.

      6-бөлім. Сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызметті құқықтық қамтамасыз ету

      Мемлекеттің құқықтық саясатының халықаралық-құқықтық аспектілері қазіргі жағдайларда халықаралық қатынастарды тұрақтандыруға және жаңа жаһандық қатерлер мен сын-тегеуріндерді еңсеруге бағытталған. Осыған байланысты саясаттың негізгі бағыттарының бірі мемлекеттің ұлттық мүдделерін қорғауды ескере отырып, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызметін құқықтық қамтамасыз ету болып табылады.

      Сыртқы экономикалық саясат экономикалық дипломатия құралдарын пайдалану, халықаралық ұйымдарда, көпжақты экономикалық интеграциялық бірлестіктерде мемлекеттік мүдделерді ілгерілету және қорғау арқылы әлемдік экономикаға одан әрі интеграциялауға бағдарланатын болады.

      Осыған орай ұлттық заңнаманың елеулі құрамдас бөлігі Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық міндеттемелерінің ықпалымен одан әрі де қалыптастырылатын болады.

      Осыған байланысты интеграциялық бірлестіктер шеңберінде халықаралық-құқықтық құжаттар мен шешімдер дайындау процестерінде ұлттық мүдделерді қорғау сапасын, сондай-ақ мұндай міндеттемелерді ұлттық заңнама деңгейінде имплементациялаудың сапалы құрамдасын арттыруға бағытталған шаралар қабылдау маңызды.

      Алдағы уақытта құқық қолдану практикасының сапасын арттыруға ден қою қажет. Бірінші кезекте, халықаралық шарттар саласындағы заңнаманы мүлтіксіз сақтау қажет.

      Халықаралық шарттарды жоспарлау барысында және жасасудың кейінгі кезеңдерінде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін негізге алу, олардың салалық орындылығын мұқият бағалау, ықтимал әлеуметтік-экономикалық және саяси салдарды болжамдау маңызды. Халықаралық шарттарды жасасудың сапалы пысықталуы халықаралық аренада мемлекеттің мүдделерін қорғау деңгейіне тікелей әсер етеді.

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы халықаралық шарттарының міндетті және адал орындалуын қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты халықаралық шарттардың жүйелі мониторингінің сапасын арттыру қажет. Сапалы мониторинг халықаралық әріптестер тарапынан өз міндеттемелерін сақтамау фактілері анықталған жағдайда барабар жауап шараларын уақтылы әзірлеуге мүмкіндік береді.

      7-бөлім. Құқықтық білім беру, құқықтық насихат

      Азаматтық белсенділік құқықтық мемлекет болуының қажетті шарты болып табылады, бұл өз кезегінде жеке тұлға мен қоғамның құқықтық мәдениетінің деңгейіне тығыз байланысты.

      Құқықтық сауаттылықты арттыру, Конституцияда белгіленген негіз қалаушы құндылықтарға сәйкес азаматтардың заңды әлеуметтік-белсенді мінез-құлқын қалыптастыру мақсатында құқықтық насихат пен құқықтық білім беруге байланысты жоспарлы жұмысты жалғастыру қажет.

      Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына өз құзыреті шегінде жүргізілетін құқықтық саясатты құқықтық жария етумен жүйелі негізде айналысу, сондай-ақ құқықтық насихаттың әртүрлі нысандарын: тиісті ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында тарату, құқықтық тәрбие мен құқықтық проблематика бойынша тегін әдебиет шығару, жария іс-шаралар өткізу арқылы қабылданатын нормативтік құқықтық актілердің негізгі ережелері туралы хабардар ету қажет.

      Заң қызметтерінің жұмысы ұлттық заңнаманың тұтастығын қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызға ие, бұл осындай қызметтердің кадрлық әлеуетін күшейтуді қажет етеді.

      Сонымен қатар, азаматтар үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін пайдаланудың ыңғайлылығын жақсарту қажет.

      Құқықтық ағартуды, сондай-ақ мемлекеттік бастамаларды танымал етуді және олардың тиімді іске асырылуын жергілікті жерлерде азаматтық секторды кеңінен тарта және уәкілетті орган тарапынан тиісті жағдайлар жасай отырып жүзеге асыру қажет.

      Бұдан басқа, заңгерлік білім беру жүйесін жаңғырту қажеттігі пісіп-жетілді.

      Қоғамдық өмірдің үдеп келе жатқан серпінін және таяудағы болашақта кейбір кәсіптегі жұмыскерлердің бір бөлігінің жасанды интеллектімен алмастырылатынын ескере отырып, орта және жоғары кәсіптік білім беру жүйесінде қайта даярлау мен біліктілікті арттыру нысандарын заңнамалық тұрғыдан регламенттеуге көбірек көңіл бөлу қажет.

      Білімді бағалаудың объективті жүйесін енгізу үшін заңгерлік жоғары оқу орындары мен заң факультеттерінде академиялық адалдық жүйесін жаппай енгізуге арналған шараларды заңнамалық тұрғыдан бекіту керек.

      Заң пәндерін оқытумен айналысатын жоғары оқу орындарының лицензияларын беруге және ұзартуға қойылатын талаптарды қайта қарау оқыту сапасы төмен оқу орындарының азаюына ықпал ететін болады.

      Мұнымен қатар білім беру даярлығы курсын аяқтағаннан кейін тандаған жұмыс бейіні бойынша түлектердің міндетті практикалық тағылымдамадан өту тетіктерін, сондай-ақ мамандық бойынша заң практикасына жіберу туралы мәселені шешу шеңберінде дағдылар мен білімді тексеру тетіктерін енгізу мәселелерін қарау қажет.

      Заң ғылымын дамытуда ғылыми-зерттеу институттары шешуші рөл атқарады. Осыған байланысты мұндай институттар жүзеге асыратын қызметті ынталандыру және қолдау шараларын қабылдау қажет.

      8-бөлім. Осы Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер. Осы Тұжырымдаманы іске асыруда қолданылуы көзделген құқықтық актілердің тізбесі

      8.1. Осы Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер

      Осы Тұжырымдаманы іске асыру қазақстандық қоғамның орнықты экономикалық және әлеуметтік дамуына, биліктің нәтижелілігі, ашықтығы және жауапкершілігі, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы қағидаттарында мемлекеттік басқару моделін құруға ықпал ететін болады, бұл "Қазақстан-2050" Стратегиясында белгіленген бағыттың жалғасы болып табылады.

      2030 жылға қарай негізгі күтілетін нәтижелер - ЭЫДҰ елдерінің:

      Дүниежүзілік Банктің мемлекеттік басқару тиімділігінің индексі бойынша - 80 процентильден төмен емес;

      World Justice Project құқық үстемдігінің индексі бойынша - 0.60 баллдан төмен емес;

      Transparency International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша - 55 баллдан төмен емес;

      Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің "Сот жүйесінің тәуелсіздігі" индикаторы бойынша - 50-орыннан төмен емес;

      Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің "Полиция қызметтерінің сенімділігі" индикаторы - 60-орыннан төмен емес орташа деңгейіне қол жеткізу.

      8.2. Осы Тұжырымдаманы іске асыруда қолданылуы көзделген құқықтық актілердің тізбесі

      Өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделетін құқықтық актілердің тізбесі:

      "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;

      "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;

      "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі;

      Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі;

      Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі;

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының кодексі;

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі;

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі;

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі;

      Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі;

      Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі;

      Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі;

      Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі;

      Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі;

      Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі;

      "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Интегралды микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Төрелік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Медиация туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Ең төменгі әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Алқабилер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтері туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы;

      "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы.

      Әзірленуі көзделетін құқықтық актілердің тізбесі:

      Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі.