Алқабилер туралы

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 16 қаңтардағы N 121 Заңы.

     

     

      Осы Заң қылмыстық сот iсiн жүргiзуге алқабилердiң қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, алқабилердiң құқықтық мәртебесiн, тәуелсiздiгінің кепiлдiктерiн, олардың қызметiн қамтамасыз етудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негiздерiн айқындайды.

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) алқаби - соттың қылмыстық iстi заңда белгiленген тәртiппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы;

      2) алқабиге кандидат - Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiне сәйкес кейiннен алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн алқабиге кандидаттардың бірыңғай тiзiмiне енгiзiлген Қазақстан Республикасының азаматы;

      3) алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      4) алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      5) алқабиге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмi - азаматтардың тиiстi облыстық және оған теңестiрiлген сот төрағасы айқындайтын санын қамтитын, облыстан (республикалық маңызы бар қаладан, астанадан) алқабиге кандидаттардың тiзiмi;

      6) алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      7) алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      8) кездейсоқ таңдау - iрiктеудiң кездейсоқтығын қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн технологияларды пайдалана отырып, алқабиге кандидаттардың бірыңғай тiзiмiнен азаматтарды iрiктеу;

      9) облыстық және оған теңестiрiлген соттың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшiн қажеттi азаматтар саны - соттардың алқабилердiң қатысуымен қарауына жататын iстердің жылдық орташа саны негiзiнде белгіленетiн азаматтардың болжамды саны.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңынан, Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Алқабидiң мәртебесi

      1. Алқабилердiң құқықтық жағдайы осы Заңда айқындалады.

      2. Алқабиге Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде белгіленген тәртіппен қылмыстық іс бойынша сот төрелігін жүзеге асыруға қатысу жөніндегі өкілеттіктер берілген.

      3. Қазақстан Республикасының алқабилері тең мәртебеге ие.

4-бап. Алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімі

      1. Алқабилерді іріктеу процесіне Қазақстан Республикасы азаматтарының қатысуын қамтамасыз ету мақсатында алқабилерге кандидаттардың бірыңғай тізімі соттың сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық-талдау жүйесі және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері арқылы электрондық нысанда қалыптастырылады.

      2. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімін қалыптастыру үшін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық-талдау жүйесіне мәліметтер ұсынуға міндетті.

      3. Алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімі әліпби тәртібімен қалыптастырылады. Тізімде алқабиге кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), туған жылы (жасы жиырма бесте болса – қосымша күні мен айы) және тұрғылықты жері бойынша тіркелуі көрсетіледі.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап. Алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізіміне енгізілетін азаматтардың саны

      Алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізіміне тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тұрғылықты жері бойынша тіркелген және осы Заңның 10-бабының талаптарына сай келетін Қазақстан Республикасының азаматтары тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасы айқындайтын шамада енгізіледі.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-бап. Алқабиге кандидаттардың бастапқы тiзiмдерiн жасау рәсiмi

      Ескерту. 6-бап алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

7-бап. Алқабиге кандидаттардың қосалқы тiзiмiн жасау рәсiмi

      Ескерту. 7-бап алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

8-бап. Алқабиге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмiн жасау рәсiмi

      Ескерту. 8-бап алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-бап. Алқабиге кандидаттардың қосымша тiзiмi

      Ескерту. 9-бап алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

10-бап. Алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптар

      1. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiне:

      1) алқабилердiң тiзiмдерiн жасау кезiнде жиырма бес жасқа толмаған;

      2) өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар;

      3) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар;

      4) судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi;

      5) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар енгізілмейді.

      2. Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне азаматтарды енгiзуге шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейдi.

      3. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiнен:

      1) қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар;

      2) өздерінің дене кемiстігі немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар;

      3) алпыс бес жастан асқан адамдар;

      4) дiни қызметшiлер өздерiнiң жазбаша өтiніші бойынша алып тасталады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 07.07.2020 № 361-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

11-бап. Азаматтардың құқықтары мен мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексi мен осы Заңда белгiленген тәртiппен алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптарға сай келетiн Қазақстан Республикасы азаматтарының қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуы қамтамасыз етiлуге тиiс.

      2. Алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      3. Алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      4. Алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      5. Сот отырысының орны мен басталу уақыты туралы хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге міндетті. Азаматтың дәлелсiз себептермен келмей қалуы Қазақстан Республикасының заңында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

12-бап. Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне енгiзбеу, заңсыз енгiзу немесе тiзiмнен шығарып тастау бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешiмдеріне шағым жасау

      Ескерту. 12-бап алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Алқабидiң құқықтары, мiндеттерi және iстi қарауға байланысты iс-әрекеттерiндегi шектеулер

      1. Алқаби:

      1) өзінің iшкi нанымы бойынша iстiң мән-жайын өз бетiнше бағалауға және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беруге мүмкiндiк алу үшiн сотта қаралатын дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;

      2) процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоюға;

      3) заттай дәлелдемелердi, құжаттарды тексерiп қарауға, жердi және үй-жайларды тексеріп қарау ісіне, сот тергеуiндегi барлық басқа да iс-әрекеттерге қатысуға;

      4) төрағалық етушiге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етiлген құжаттардың мазмұнын және iске қатысты, өзiне түсiнiксiз басқа да мәселелердi түсiндiрудi сұрап өтiнiш жасауға;

      5) сот отырысы кезiнде жазбалар жасауға құқылы.

      2. Алқаби:

      1) сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға;

      2) алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн, сондай-ақ, егер сот отырысында үзiлiс жарияланған немесе істі тыңдау кейiнге қалдырылған жағдайда, сот талқылауын жалғастыру үшін сот көрсеткен уақытта келуге;

      3) сотқа келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, төрағалық етушiге келмеудiң себептерi туралы алдын ала хабарлауға мiндеттi.

      3. Алқаби:

      1) iстi тыңдау кезiнде сот отырысының залынан кетуге;

      2) iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнің рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге;

      3) iстi қарау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға;

      4) жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес.

      4. Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулердi сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушінің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндігіне әкеп соғады.

14-бап. Алқабидің анты

      1. Алқаби ретiнде қылмыстық сот iсін жүргiзуге қатысу үшiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен іріктелген адам мынадай мазмұнда ант қабылдайды:

      "Алқабидің міндеттерін атқаруға кірісе отырып, өз міндеттерімді адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелерді, дәлелдерді, істің мән-жайын назарыма алуға, ерікті азамат және әділ адам ретінде істі өзімнің ішкі нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемін".

      2. Алқаби "Ант етемiн" деген сөздердi айтумен антты қабылдауын растайды.

15-бап. Азаматтың алқаби мiндеттерiн атқару тәртiбi мен мерзiмдерi

      1. Iстi қарауға қатысу үшiн сотқа алқабиге кандидаттардың қажеттi санын шақыртуды алқабилердің қатысуымен қылмыстық iстi қарайтын соттың төрағалық етуші судьясының өкiмiне сәйкес сот отырысының хатшысы жүзеге асырады.

      2. Азаматтар сотта алқабидiң мiндеттерiн атқаруға күнтiзбелiк жыл iшiнде көп дегенде бiр рет, қылмыстық iс қаралатын барлық уақытқа шақырылады.

      3. Сотқа шақырылған, бiрақ алқабилер алқасының құрамына iрiктеп алынбаған адамдар басқа сот отырысына алқаби ретiнде қатысу үшiн тартылуы мүмкiн.

16-бап. Алқабидiң еңбегiне ақы төлеу. Алқабиге кандидаттар мен алқабилердiң шығыстарын төлеу. Алқабилердiң еңбек қатынастарындағы кепiлдiктерi

      1. Алқабиге облыстық және оған теңестiрілген соттың қызметiн материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк орган нақты iс қаралып болғаннан кейiн, ал егер iстi қарау созылатын болса, ай сайын бюджет қаражаты есебiнен аудандық сот және оған теңестiрілген сот судьясының (1 жылға дейін өтілі бар) лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерiнде, бiрақ алқабидiң сотқа қатысу уақытына (жұмыс күнiнiң санына) барабар, оның негiзгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төлейдi.

      2. Алқабиге кандидатқа (алқабиге) iссапар шығыстары республикалық бюджет қаражаты есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мөлшерде өтеледi.

      3. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқару уақыты еңбек стажын есептеген кезде есепке алынады.

      4. Алқабидің мiндеттерiн атқару кезiнде оның негiзгi жұмыс орны сақталады. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін, қылмыстық құқық бұзушылықтар құрамдарын алқабилер қатысатын соттың қарауына жатқызу туралы ережелерді қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

17-бап. Алқабидің тәуелсiздiгiне кепiлдiктер

      1. Алқаби сотта өз мiндеттерiн атқарған кезеңде оған судьялардың тәуелсiздiгiне заңдарда белгіленген кепiлдiктер қолданылады.

      2. Сотта мiндеттерiн атқару кезiнде алқабидiң тәуелсiздiгi:

      1) сот төрелiгiн жүзеге асырудың заңда көзделген рәсiмiмен;

      2) сот төрелiгiн жүзеге асыруға қатысу бойынша алқабидiң қызметiне кiмнiң болса да араласуына жауаптылық қаупi арқылы тыйым салумен қамтамасыз етiледi.

      3. Алқаби, оның отбасы мүшелерi және олардың мүлiктерi мемлекеттiң қорғауында болады. Қылмыстық iстi жүргiзетiн орган, егер сотта мiндеттерiн атқарушы алқабиден тиiсті өтiнiш келіп түссе, сондай-ақ аталған адамдардың қауiпсiздiгiне немесе олардың мүлiктерiнiң сақталуына қауiп төнудiң басқа да айғақтары анықталған жағдайларда, алқабидiң, оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктердiң сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.

18-бап. Алқабиге өз мiндеттерiн атқаруына кедергі келтiретiн тұлғалардың жауаптылығы

      Алқабиге мiндеттерiн атқаруына кедергі келтiретiн тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.

19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртiбi

      Осы Заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының
Президенті