Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "заңнамалық актілерінде" және "заңнамалық актілеріне" деген сөздер "заңдарында" және "заңдарына" деген сөздермен ауыстырылды – ҚР 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында төрелік қызмет процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасында төрелік шешімдерді танудың және орындаудың тәртібі мен шарттарын реттейді.
Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгіілді – ҚР 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Осы Заң, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, дау субъектілерінің мемлекет ішінде немесе оның шегінен тысқары жердегі тұрғылықты жеріне немесе орналасқан жеріне қарамастан, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қатысуымен болатын азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған, төрелік шешетін дауларға қатысты қолданылады.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Қазақстан Республикасының жария тәртібі – Қазақстан Республикасының заңдарында бекітілген құқық тәртібінің негіздері;
2) сот – Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес бірінші саты бойынша азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар туралы істерді қарауға уәкілетті Қазақстан Республикасы сот жүйесінің соты;
3) төрелік – нақты дауды қарау үшін арнайы құрылған төрелік немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік;
4) төрелік келісім – азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған немесе туындауы мүмкін дауды төрелікте қарауға беру туралы тараптардың жазбаша келісімі;
5) төрелік регламенті – тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қызметін ұйымдастыру тәртібі және төрелік талқылау қағидалары;
6) төрелік талқылау – дауды қарау процесі;
7) төрелік талқылаудың тараптары (бұдан әрі – тараптар) – араларында төрелік келісім жасалған талап қоюшы мен жауапкер;
8) төрелік шешім – төрелік шығарған шешім;
9) төреші – дауды шешу үшін тараптар сайлаған немесе осы Заңға және (немесе) тиісті төреліктің регламентіне сәйкес тағайындалған жеке тұлға;
10) іскерлік айналымның дағдылары – қандай да бір құжатта тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан қолданылатын құқыққа қайшы келмейтін, азаматтық-құқықтық қатынастар саласында қалыптасқан және кеңінен қолданылатын ұстаным қағидалары.
Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).3-бап. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарт қағидалары қолданылады.
1. Қазақстан Республикасында төреліктер тұрақты жұмыс істейтін төрелік немесе нақты дауды шешетін төрелік түрінде құрылуы мүмкін.
2. Тұрақты жұмыс істейтін төреліктерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және (немесе) заңды тұлғалар құруы мүмкін.
Тұрақты жұмыс істейтін төрелік төреліктің регламентін, қызметін осы төрелікте жүзеге асыратын төрешілердің тізілімін бекітеді.
3. Нақты дауды қарайтын төрелікті тараптар дауды шешу үшін құрады және ол сол дауды шешкенге дейін немесе тараптар дауды сотқа беру туралы шешім қабылдағанға дейін жұмыс істейді.
4. Қазақстан Республикасында төреліктерді мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілері және тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығында үстем жағдайға ие субъектілер, дауыс беретін акцияларының елу және одан да көп пайызы (жарғылық капиталға қатысу үлестері) тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар, олардың еншілес және тәуелді ұйымдары, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар құра алмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша берілген құқықтар (талаптар) бойынша коллекторлық агенттіктерге қолданылады.
Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 19.06.2024 № 97-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.5-бап. Төрелік талқылаудың қағидаттары
Төрелік талқылау:
1) туындаған немесе туындауы мүмкін дау бойынша төрелік талқылауды жүзеге асырудың тәртібі мен шарттары мәселелерін тараптар өздерінің арасында алдын ала келісім бойынша дербес шешу құқығына ие екендігін білдіретін тараптар еркінің дербестігі;
2) төрешілер мен төреліктер өздерінің шешімдерінде құқық тараптарының келісімі бойынша қолданылатын нормаларды басшылыққа алатынын білдіретін заңдылық;
3) өздеріне берілген дауларды шешу кезінде төрешілер мен төреліктердің тәуелсіздігін, оларға қандай да бір ықпал жасауды болдырмайтын жағдайларда шешім қабылдайтынын білдіретін тәуелсіздік;
4) тараптар төрелік талқылауда өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын дербес және кімнен болса да тәуелсіз таңдайтынын, сондай-ақ тең құқықтарды пайдаланатынын және тең міндеттерді көтеретінін білдіретін тараптардың жарыспалылығы және тең құқықтылығы;
5) өздеріне берілген дауларды шешу кезінде төрешілер мен төреліктердің және төрелік талқылау тараптарының белгіленген талаптарды, қоғамның имандылық қағидаттарын және іскерлік әдеп қағидаларын сақтай отырып, адал әрекет етуге тиіс екендігін білдіретін әділеттілік;
6) төрешілердің және төрелік талқылауға қатысушылардың төрелік талқылау барысында өздеріне белгілі болған мәліметтерді тараптардың немесе олардың құқық мирасқорларының келісімінсіз жария етуге құқылы еместігін және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, төрелік талқылау барысында өздеріне белгілі болған мәліметтер туралы куә ретінде олардан жауап алуға болмайтындығын білдіретін құпиялылық;
7) жарамсыз төрелік ескертпенің күшін жою, оны өзгерту немесе тану негізгі келісімді тоқтатуға, өзгертуге немесе жарамсыз деп тануға әкеп соқпайтынын білдіретін төрелік келісімнің дербестілігі қағидаттарын сақтау арқылы жүзеге асырылады. Тиісінше, негізгі келісімнің күшін жою, оны өзгерту немесе жарамсыз деп тану төрелік ескертпені жарамсыз деп тоқтатуға, өзгертуге немесе тануға әкеп соқпайды.
Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).6-бап. Қарсылық білдіру құқығынан бас тарту
Осы Заңның қандай да бір ережесінің немесе төрелік келісімнің қандай да бір талабының сақталмағанын және оның үстіне, осы мақсаттар үшін төрелік регламентінде айқындалған мерзім ішінде осындай сақталмауға қарсылықты мәлімдемей төрелік талқылауға одан әрі қатысып жатқанын білетін тарап өзінің қарсылық білдіру құқығынан бас тартқан болып есептеледі.
7-бап. Төрелік қызметіне араласуға жол бермеушілік
Төрешілер мен төреліктер өздеріне берілген дауларды шешу кезінде тәуелсіз болады, осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, өздерінің қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың қандай да бір араласуын болдырмайтын жағдайда шешімдер қабылдайды.
8-бап. Дауды төреліктің шешуіне беру
1. Тараптар арасында жасалған төрелік келісім болған кезде дауды төреліктің қарауына беруге болады.
2. Төрелік келісімді тараптар арасында қандай да бір нақты азаматтық-құқықтық қатынас бойынша туындаған немесе туындауы мүмкін дауларға қатысты тараптар жасауы мүмкін.
3. Соттың қарауында жатқан дауға қатысты төрелік келісім аталған сот дау бойынша шешім қабылдағанға дейін жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайда сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
4. Талаптарын тараптардың бірі формулярларда немесе өзге стандартты нысандарда айқындаған және басқа тарап ұсынылған шартқа тұтастай қосылуы (қосылу шарты) арқылы ғана қабылдауы мүмкін болған шарт бойынша, сондай-ақ коммерциялық ұйым мен дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлға арасындағы қарыз шарты бойынша дауды шешу туралы төрелік келісім, егер мұндай келісім талап қою үшін негіздер туындағаннан кейін жасалса, жарамды болады.
5. Төрелікке тараптардың келісімі бойынша жеке және (немесе) заңды тұлғалар арасында азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған даулар берілуі мүмкін.
6. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, дауды тұрақты әрекет ететін төрелікке беру кезінде тұрақты әрекет ететін төреліктің регламенті төрелік келісімнің ажырамас бір бөлігі ретінде қарастырылады.
7. Төрелік келісімнің қолданысы тараптар оны қандай тәртіппен жасасса, сондай тәртіппен тоқтатылуы мүмкін.
8. Кәмелетке толмаған адамдардың, заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың мүдделері қозғалатын даулар, екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар мен олардың қарыз алушы-жеке тұлғалары арасындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша, оңалту және банкроттық туралы, табиғи монополиялар субъектілері мен олардың тұтынушылары арасындағы, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы даулар төреліктің қарауына жатпайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары қарыз алушы-жеке тұлғалармен жасалған, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша берілген құқықтар (талаптар) бойынша коллекторлық агенттіктерге қолданылады.
9. Төрелік жеке мүліктік емес қатынастардан туындайтын, мүлікке байланысты емес дауларды қарауға құқылы емес.
10. Төрелік бір жағынан Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғалары және екінші жағынан мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар арасындағы дауларды тиісті саланың уәкілетті органының (республикалық мүлікке қатысты) немесе жергілікті атқарушы органның (коммуналдық мүлікке қатысты) келісімі болмаған жағдайда қарауға құқылы емес.
Төрелік келісім жасауға ниеттенген мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар тиісті саланың уәкілетті органына (республикалық мүлікке қатысты) немесе жергілікті атқарушы органға (коммуналдық мүлікке қатысты) төрелік талқылауға жұмсалатын шығыстардың болжамды сомаларын көрсетіп, осындай келісім жасауға келісім беру туралы сұрау салу жолдауға тиіс. Тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган күнтізбелік он бес күн ішінде сұрау салуды қарауға және кері қайтарып алынбайтын келісім беру немесе келісім беруден уәжді бас тарту туралы жазбаша хабарлама жолдауға міндетті. Тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган сұрау салуды қараған кезде мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі мен мүдделерін ескеруге тиіс.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.06.2024 № 97-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.9-бап. Төрелік келісімнің нысаны мен мазмұны
1. Төрелік келісім жазбаша нысанда жасалады. Төрелік келісім, егер ол тараптар қол қойған не хаттар, телеграммалар, телефонограммалар, факстер, электрондық құжаттар немесе субъектілерді және олардың ерік білдіруін айқындайтын өзге құжаттар алмасу арқылы жасалған құжатта төрелік ескерту түрінде жазылса, төрелік келісім жазбаша нысанда жасалған болып есептеледі.
2. Егер төрелік келісім талап арыз алмасу және талап қоюды қайтарып алу арқылы жасалса, онда тараптардың бірі келісімнің бар екенін растаса, ал екінші тарап бұған қарсы болмаса, ол сондай-ақ жазбаша нысанда жасалған болып есептеледі.
3. Шарттағы дауды төреліктің шешуіне беру туралы талапты қамтитын құжатқа сілтеме, шарт жазбаша нысанда жасалған және бұл сілтеме төрелік келісімді шарттың бір бөлігі ретінде қарастырған жағдайда, төрелік келісім болып табылады.
4. Осы Заңның 8-бабының 10-тармағында көзделген жағдайда төрелік келісім тиісті сала уәкілетті органының немесе жергілікті атқарушы органның келісімін қамтуға тиіс.
Төрелік келісімнің басқа шарттары тараптардың келісімімен айқындалуы мүмкін.
5. Алып тасталды - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
10-бап. Төрелік келісім және даудың мәні бойынша сотқа талап қоюды ұсыну
Төрелік талқылау нысанасы бойынша талап қою берілген сот, егер төрелік келісім жарамсыз, күшін жойған немесе орындалуы мүмкін болмайтын деп таппаса, егер тараптардың кез келгені бұл туралы өтінсе, даудың мәні бойынша өзінің алғашқы өтінішін ұсынудан кешіктірмей тараптарды төрелікке жіберуге тиіс.
Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген талап қоюдың берілгеніне қарамастан, сот төрелік талқылау нысанасы оның соттылығына жататыны туралы мәселені қарағанша, төрелік талқылау басталуы немесе жалғастырылуы және төрелік шешім шығарылуы мүмкін.
Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).2-тарау. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӨРЕЛІК ПАЛАТАСЫ
11-бап. Қазақстанның Төрелік палатасын құру, қайта ұйымдастыру және тарату
1. Қазақстанның Төрелік палатасы (бұдан әрі – Төрелік палата) – Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасында төреліктердің қызметін іске асыру, ынталандыру және қолдау үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсаттарында құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің, төрешілердің бірлестігін білдіретін коммерциялық емес ұйым.
2. Төрелік палатаны қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
12-бап. Төрелік палатаның өкілеттіктері
1. Төрелік палатының өкілеттіктеріне:
1) төрешілердің және тұрақты әрекет ететін төреліктердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, шетелдік және халықаралық ұйымдарда мүдделерін білдіру және қорғау;
2) Қазақстан Республикасындағы төрелік қызмет жағдайының мониторингі;
3) төрешілерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру;
4) тұрақты жұмыс істейтін төреліктер төрешілерінің, сондай-ақ Төрелік палатаның мүшелері болып табылатын төрешілердің тізілімін жүргізу;
5) тұрақты жұмыс істейтін төреліктерде істерді сақтау қағидаларын бекіту;
6) осы Заңның 14-бабы 6-тармағында көзделген жағдайларда Төрелік палатаның тізіліміндегі немесе тұрақты жұмыс істейтін төреліктің адамдары арасынан төрешілерді (төрешіні) тағайындау;
7) нақты дауды шешу үшін тағайындалған төрешінің өкілеттіктерін тоқтатуға қатысты шешім қабылдау;
7-1) Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасының жекелеген мәселелері және оны қолдану практикасы жөнінде ұсынымдық сипатқа ие сараптама қорытындыларын ұсыну;
8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келетін, Төрелік палатаның құрылтай құжаттарында көзделген өзге өкілеттіктер кіреді.
2. Төрелік палатаның тізілімі – тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің төрешілері, сондай-ақ Төрелік палатаның мүшелері болып табылатын төрешілер туралы дерекқор.
Төрешілер тізілімі Төрелік палатаның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылуға тиіс.
3. Алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).4. Төрелік палатаны басқару органдары мыналар болып табылады:
1) жоғары басқару органы – мүшелердің жалпы жиналысы;
2) тұрақты жұмыс істейтін атқарушы басқару органы – төраға басқаратын басқарма;
3) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);4) Төрелік палатаның қаржы-шаруашылық қызметін ішкі бақылау органы – тексеру комиссиясы (тексеруші).
Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).3-тарау. ТӨРЕЛІКТІҢ ҚҰРАМЫ
1. Iстің нәтижесіне тікелей немесе жанама түрде мүдделі емес, тараптардан тәуелсіз болып табылатын және төрешінің міндеттерін атқаруға келісім берген, жасы отызға толған, жоғары білімі мен мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар жеке тұлға төреші болып сайланады (тағайындалады).
Дауды жеке-дара шешетін төрешінің жоғары заң білімі болуға тиіс. Дауды алқалы шешетін жағдайда төрелік құрам төрағасының жоғары заң білімі болуға тиіс.
Тараптардың келісімі бойынша Қазақстан Республикасының азаматы, шетел азаматы не азаматтығы жоқ адам төреші болып сайлануы мүмкін.
2. Төрешілікке кандидаттарға қойылатын қосымша талаптарды тараптар тікелей келісуі немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік регламентінде айқындалуы мүмкін.
3. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен сайланған немесе тағайындалған судья;
2) Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған;
3) соттылығы алынбаған немесе өтелмеген;
4) мемлекеттік қызметші, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, өз қызметін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ақысы төленетін тұрақты немесе жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаты және әскери қызметші болып табылатын адам төреші бола алмайды.
Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.1. Төреліктің құрамы жеке-дара не алқалы болуы мүмкін.
Төреліктің құрамын қалыптастыру тараптардың келісімі бойынша төрешілерді (төрешіні) сайлау (тағайындау) арқылы не тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2. Тараптар төрешілердің санын айқындауға құқылы, ол тақ болуға тиіс.
Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелікте дауды шешу үшін үш төреші сайланады (тағайындалады).
3. Тұрақты жұмыс істейтін төрелікте төреліктің құрамын қалыптастыру тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде және төрелік келісімде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
4. Төрелікте нақты дауды шешу үшін төреліктің құрамын қалыптастыру тараптар келіскен тәртіппен жүргізіледі.
5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса немесе дауды тұрақты жұмыс істейтін төрелік қарамайтын болса, үш төрешіден тұратын төреліктің құрамын қалыптастыру кезінде әрбір тарап бір төрешіні тағайындайды және осылайша тағайындалған екі төреші үшінші – төрағалық ететін төрешіні сайлайды.
6. Тараптардың келісімі болмаған жағдайда және регламентте өзгеше белгіленбесе тұрақты жұмыс істейтін төреліктің басшысы, ал дауды нақты дауды шешу үшін құрылған төрелік қараған жағдайда – Төрелік палата:
1) егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, тарап басқа тараптан бұл туралы өтінішті алған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде төрешіні тағайындамаған;
2) егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, екі төреші өздерін тағайындаған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде үшінші төрешіні таңдау туралы уағдаласпаған;
3) егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, тараптар күнтізбелік отыз күн ішінде дауды жеке-дара қарайтын төрешіні таңдау туралы уағдаласпаған жағдайларда, дау тараптарының бірінің өтініші бойынша күнтізбелік отыз күн ішінде төрешілерді (төрешіні) Төрелік палатаның немесе тұрақты жұмыс істейтін төреліктің тізіліміндегі адамдардың арасынан тағайындауы мүмкін.
Тұрақты жұмыс істейтін төрелік басшысының төрешілерді тағайындау туралы шешімінің күші жойылуға жатпайды.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).1. Төрешілер тізілімі – тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің төрешілері, сондай-ақ Төрелік палатаның мүшелері болып табылатын төрешілер туралы мәліметтерді қамтитын дерекқор.
Төрешілер тізілімі төрешінің тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), жұмыс орнын, лауазымын және жұмыс кезеңін көрсетіп, жұмыс тәжірибесін, ғылыми дәрежесін және ғылыми атағын (болған жағдайда), қараған істерінің санын қамтуға тиіс.
2. Төрешілер туралы ақпарат мүдделі тұлғалардың сұрау салуы бойынша беріледі.
3. Төрешілер тізілімін жүргізу және оны пайдалану қағидаларын Төрелік палата бекітеді.
Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).16-бап. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік қызметінің шарттары
1. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік өзінің төрешілерінің тізілімін жүргізеді. Заңды мекенжайын және регламентін қоса алғанда, тұрақты жұмыс істейтін төрелік туралы ақпарат, сондай-ақ төрешілердің тізілімі жеке және заңды тұлғалардың еркін танысуы үшін бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернет-ресурстарда орналастырылады. Төреліктің шешімдері туралы ақпарат дау тараптарының келісімі болған кезде орналастырылады.
2. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік өзінің регламентінде айқындалған тәртіппен қаралған даулар бойынша істерді сақтауды жүзеге асырады.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).1. Төреші осы Заңның 13-бабының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, тараптар төрешіден бас тарту туралы мәлімдеуі мүмкін.
2. Төрешінің турашылдығына және (немесе) құзыреттілігіне күмән туғызатын мынадай мән-жайлар, егер:
1) төрешімен тығыз байланысты адам дау тарапы болып табылса немесе төреші дауды қараудың нәтижесіне қарай басқадай тұрғыда өзіне елеулі пайданы немесе залалды күтетін болса;
2) төреші немесе онымен тығыз байланысты адам дау тарапы болып табылатын заңды тұлғаның, оның филиалының немесе өкілдігінің жетекшісі болып табылса немесе басқадай тұрғыда тарапты немесе дауды қараудың нәтижесіне қарай елеулі пайданы немесе залалды күтетін адамды білдіретін болса;
3) төреші сарапшы ретінде болса немесе өзгеше тұрғыда даудағы өз ұстанымын алдын ала айқындап қойған болса немесе тараптың ұстанымын алдын ала дайындауда немесе жазып беруде тарап жағына жәрдем көрсеткен болса;
4) төреші осы істі қарауға байланысты осы Заңда көзделмеген сыйақы алса немесе оны талап етсе;
5) төреші төрелік талқылау мерзімдерін негізсіз сақтамайтын болса, төрешіден бас тартуға негіз болып табылады.
Осы Заңның мақсаттары үшін, егер адам төрешінің жұбайы (зайыбы) немесе оның жақын туысы, жекжаты не тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қызметкері болып табылатын, төрешімен еңбек немесе өзге шарттық қатынастарда тұратын немесе оның төрешіге тәуелділігін куәландыратын өзге де байланысы бар адам, етене байланыстағы адам болып табылады.
3. Қандай да бір жеке адамға оның төреші етіп сайлану (тағайындалу) мүмкіндігіне байланысты өтініш білдірілген жағдайда аталған адам осы Заңның 13-бабына сәйкес одан бас тарту үшін негіз болып табылатын мән-жайлардың бар екендігі туралы хабарлауға тиіс. Егер аталған мән-жайлар төрелік талқылау кезінде туындаған жағдайда төреші бұл туралы тараптарға кідіріссіз хабарлауға және өздігінен бас тартатыны туралы мәлімдеуге тиіс.
4. Егер бас тарту үшін негіз болып табылатын мән-жайлар тарапқа осы істі қарау үшін төрелік құрамын қалыптастырғаннан кейін ғана белгілі болған жағдайда, ол осы бапқа сәйкес өзі сайлаған төрешіден бас тарту туралы мәлімдеуі мүмкін.
5. Тұрақты жұмыс істейтін төрелікте төрешіден бас тарту рәсімі оның регламентінде айқындалуы мүмкін.
6. Төрелікте нақты дауды шешу үшін төрешіден бас тарту рәсімін тараптар келісуі мүмкін.
7. Егер төрешіден бас тарту рәсімі тараптармен келісілмесе немесе тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде айқындалмаса, онда тарап төрешіден бас тарту туралы жазбаша дәлелді өтінішті төрешіден бас тарту үшін негіз болып табылатын мән-жайлар өзіне белгілі болғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде төрелікке беруге тиіс.
Егер өзіне бас тарту мәлімделген төреші оны қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бірі төрешіден бас тартумен келіспесе, онда төреліктің құрамына кіретін төрешілер тараптың жазбаша дәлелді өтініші алынған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде бас тарту туралы мәселені шешеді.
Дауды жеке-дара қарайтын төрешіден бас тарту туралы мәселені сол төреші шешеді.
Егер дауды жеке-дара қарайтын төреші тараптардың бірінің немесе екеуінің де бас тарту туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бірі төрешіден бас тартумен келіспесе, онда тараптар бас тарту туралы мәселені төреліктің осы құрамының төрелік талқылауды тоқтатуы туралы келісім қабылдау арқылы шешеді.
18-бап. Төрешінің өкілеттіктерін тоқтату
1. Төрешінің өкілеттіктері тараптардың келісімі бойынша осы Заңның 17-бабында көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ өз өкілеттіктерін дауды қарау бойынша белгіленген мерзім ішінде орындамаған немесе ауруы бойынша, қайтыс болуына не дауды қарау бойынша өз өкілеттіктерінен бас тартуына байланысты өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіз болған жағдайда, тоқтатылуы мүмкін.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген негіздердің қайсыбіріне қатысты келіспеушілік болған жағдайда, кез келген тарап тұрақты жұмыс істейтін төрелік басшысына төрешінің өкілеттіктерін тоқтатуға қатысты шешім қабылдау туралы өтінішхатпен жүгінуі мүмкін.
Төрешінің өкілеттіктерін тоқтатуға қатысты шешімнің күші жойылуға жатпайды.
2. Төрелік құрамының өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда, қарауда жатқан дау бойынша іс жүргізу басқа төрелік құрамын сайлағанға (тағайындағанға) дейін тоқтатыла тұрады.
3. Төрешінің өкілеттіктері нақты іс бойынша шешім күшіне енгеннен кейін немесе егер тараптар мұндай тоқтатуға қатысты уағдаласқан жағдайда тоқтатылады. Осы Заңның 50 және 51-баптарында көзделген жағдайларда төрешінің өкілеттіктері қайта басталады, ал бұдан соң аталған баптарда көзделген процестік әрекеттер жасалғаннан кейін тоқтатылады.
Төрешінің өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда, ауыстырылатын төрешіні сайлау (тағайындау) кезінде қолданылған қағидаларға сәйкес басқа төреші сайланады (тағайындалады).
Ауыстыру тәртібімен сайланған (тағайындалған) төреші іс бойынша қайта тыңдауды тағайындауға құқылы.
4-тарау. ТӨРЕЛІК ТАЛҚЫЛАУДЫ ЖҮРГІЗУ
20-бап. Төреліктің өз құзыреті туралы қаулы шығаруға және талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы нұсқау беруге құқығы
1. Төрелік өзіне шешуге берілген дауды қарауға өкілеттіктepі (юрисдикциясы) бар немесе жоқ екендігі туралы мәселені, оның ішінде тараптардың бірі төрелік келісім жарамсыз деген себеппен төрелік талқылауға қарсылық білдірген жағдайда дербес шешеді. Бұл мақсат үшін шарттың бір бөлігі болып табылатын төрелік ескертпе, шарттың басқа талаптарына тәуелді емес келісім ретінде түсіндіріледі. Төреліктің шарттың жарамсыздығы туралы шешім шығаруы төрелік ескертпенің жарамсыздығына әкеп соқпайды.
2. Тарап даудың мәні бойынша алғашқы өтініш берілгенге дейін төреліктің өзіне шешуге берілген дауды қарауға төреліктің өкілеттіктері жоқ екені туралы мәлімдеуге құқылы.
3. Егер төрелік талқылау барысында қаралуы төрелік келісімде көзделмеген мәселе төрелік талқылаудың нысанасына айналса, не ол осы іс қарауда қолданылатын құқық нормаларына немесе төрелік талқылау қағидаларына сәйкес төрелік талқылаудың нысанасы бола алмаса, тарап төреліктің өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны туралы мәлімдеуге құқылы.
4. Егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше белгіленбесе, төрелік осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жасалған өтінішті күнтізбелік он күн ішінде қарауға міндетті. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша ұйғарым шығарылады.
5. Егер төрелік өзінің құзыреті туралы мәселені қарау кезінде төреліктің дауды қарауға өкілеттіктері жоқтығы туралы ұйғарым шығарса, онда төрелік дауды мәні бойынша қарай алмайды.
6. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік кез келген тараптың өтініші бойынша қандай да бір тараптың даудың нысанасына қатысты талап қоюды қамтамасыз етуі жөнінде өзі қажет деп есептеген осындай шаралар қабылдауы туралы нұсқау бере алады, бұл туралы ұйғарым шығарады.
Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).21-бап. Төрелік талқылау қағидаларын айқындау
1. Төрелік талқылауды тұрақты жұмыс істейтін төрелік өзінің регламентіне және төрелік келісімге сәйкес жүзеге асырады.
2. Төрелік нақты дауды шешу үшін төрелік талқылауды тараптармен келісілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.
2-1. Тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде, сондай-ақ осы Заңның ережелерінде айқындалмаған және тараптармен келісілмеген төрелік талқылау қағидаларын төрелік айқындайды.
3. Төрелік құрамына берілген өкілеттіктер кез келген дәлелдемеге жол берушілікті, оның қатыстылығын, мәнін және маңызын айқындауға арналған өкілеттіктерді қамтиды.
Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).22-бап. Төрелік талқылаудың орны
Тараптар төрелік талқылаудың орнын өз қалауы бойынша айқындай алады. Мұндай уағдаластық болмаған кезде төрелік талқылаудың орнын тараптар үшін қолайлылық факторын қоса алғанда, істің мән-жайларын ескере отырып төрелік құрамы айқындайды.
Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).1. Талап қоюшы өзінің талаптарын талап арызда баяндайды, ол төрелікке жазбаша нысанда беріледі. Талап арыздың көшірмесі жауапкерге беріледі.
2. Талап арызда:
1) талап арыздың берілген күні;
2) тараптардың атауы, олардың пошта мекенжайы және банк деректемелері;
3) төрелікке жүгіну негіздемесі;
4) талап қоюшының талаптары;
5) талап қоюшы өзінің талаптарын негіздеген мән-жайлар;
6) талап қою талаптарының негіздерін растайтын дәлелдемелер;
7) егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы;
8) талап арызға қоса берілетін құжаттар мен өзге де материалдардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
Талап арызға талап қоюшы немесе сенімхаттың немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын өзге құжаттың түпнұсқасы қоса беріле отырып, оның өкілі қол қоюға тиіс.
3. Төреліктің регламентінде талап арыздың мазмұнына қосымша талаптар көзделуі мүмкін.
4. Төрелік талқылау барысында тарап өзінің талап қою талаптарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).1. Жауапкер талап арызға пікірінде өзінің талап қоюға қарсылықтарын баяндай отырып, оны талап қоюшыға және төрелікке ұсынуға құқылы. Талап арызға пікір төреліктің регламентінде немесе тараптардың келісімінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде талап қоюшыға және төрелікке беріледі.
Егер төреліктің регламентінде талап арызға пікір беру мерзімі айқындалмаса, онда көрсетілген пікір төреліктің бірінші отырысына дейін кемінде күнтізбелік он күн қалғанда ұсынылады.
2. Төрелік талқылау барысында тарап талап қоюға қарсы өзінің қарсылықтарын өзгертуге және (немесе) толықтыруға құқылы.
3. Жауапкердің пікір ұсынбауы дауды қарауға кедергі бола алмайды.
Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).25-бап. Төрелік талқылауды қозғау
Ескерту. 25-бап алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
26-бап. Төрелік талқылаудың басталуы
1. Егер тараптардың келісімінде немесе регламентте өзгеше көзделмесе, төрелік талап қою арызын қабылдап, күнтізбелік он күн ішінде төрелік регламентіне немесе тараптар келіскен қағидаларға сәйкес төрелік талқылауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралатын орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап қою арызына жазбаша пікір беруді ұсынады.
2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, нақты дауға қатысты төрелік талқылау осы дауды төрелікке беру туралы өтінішті жауапкер алған күні басталады.
3. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төрелік тараптарға төрелік отырысының уақыты мен орны туралы алдын ала және тиісті түрде хабарлама тапсыруға міндетті.
4. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда тараптардың бірі төрелікке ұсынатын барлық құжаттардың, материалдардың көшірмелері мен ақпаратты төрелік олар төрелікке келіп түскен күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде екінші тарапқа беруге тиіс. Төрелік сараптамалық қорытындыларды тараптарға төрелік талқылау басталғанға дейін беруге тиіс.
5. Егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, төрелік дәлелдемелер ұсыну үшін немесе ауызша жарыссөздер үшін істі ауызша тыңдауды өткізу-өткізбеу не талқылауды құжаттар мен басқа да материалдар негізінде ғана жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды. Егер тараптар ауызша тыңдауды өткізуге уағдаласпаса, төрелік мұндай тыңдауды тараптардың кез келгенінің өтінуі бойынша талқылаудың тиісті сатысында өткізуге тиіс.
Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).1. Төрелік егер:
1) тараптар арасында төрелік келісім болмаса;
2) талап қою төрелік келісімде көзделмеген төрелікке берілсе;
3) талап қоюдың нысанасы төрелік келісімнің шеңберінен тыс болса;
4) төрелік келісімнің қатысушылары болып табылмайтын үшінші тұлғалардың мүдделерін қозғаса;
5) талап арызға қол қоюға өкілеттіктері жоқ адам қол қойса;
6) талап қоюшы талап арызды қайтарып алу туралы өтініш берсе;
7) осы немесе басқа төреліктің іс жүргізуінде сол тараптар арасындағы сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде іс бар болса, талап арызды қайтарады.
2. Талап арыз қайтарылған кезде төрелік дәлелді ұйғарым шығарады.
3. Арыздың қайтарылуы талап қоюшының сол жауапкерге сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қойып, Қазақстан Республикасының заңдарында, тиісті тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде немесе тараптардың келісімінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, төрелікке қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.
28-бап. Төрелік талқылаудың тілі
1. Тараптар төрелік талқылау барысында пайданылатын тіл немесе тілдер туралы өз қалаулары бойынша уағдаласуы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда төрелік талқылау тілі төрелікке талап арыз қай тілде берілуіне байланысты не төрелік келісімінің тілінде төреліктің ұйғарымымен белгіленеді.
Егер істі қарауға дайындау барысында төрелікте өкілі талап арыз берген тілді талап қоюшының меңгермегені анықталса, онда талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша төрелік талқылаудың тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
Төрелік талқылау жүргізіліп отырған тілді меңгермеген іске қатысушы адамдарға аудармашы арқылы іс материалдарымен танысу, төрелік талқылауға қатысу құқығы, төрелікте ана тілінде сөйлеу құқығы қамтамасыз етіледі. Бұл ретте тарап аудармашының төрелік талқылауға қатысуын дербес қамтамасыз етеді.
2. Құжаттар мен өзге де материалдарды төрелік талқылау тілінде (тілдерінде) ұсынбаған тарап олардың аудармасын қамтамасыз етеді, бұл ретте төреліктің регламентінде не тараптардың келісімінде қосымша талаптар айқындалуы мүмкін.
3. Төрелік тараптардан құжаттар мен өзге де материалдардың төрелік талқылау тіліндегі (тілдеріндегі) аудармасын талап ете алады.
4. Төреліктің құжаттары және өзге де материалдары іске қатысушы адамдарға төрелік талқылаудың тілінде табыс етіледі.
29-бап. Құжаттарды ұсынбау немесе тараптардың келмей қалуы
1. Құжаттар мен өзге де материалдарды ұсынбау, оның ішінде төрелік отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген тараптардың бірінің немесе олардың өкілдерінің төрелік отырысына келмей қалуы, егер құжаттар мен өзге де материалдардың ұсынылмау себептерін немесе тараптардың төрелік отырысына келмей қалуын ол дәлелсіз деп таныса, ұсынылып отырған материалдар мен дәлелдемелер негізінде төрелік талқылау және төреліктің шешім қабылдауы үшін кедергі болып табылмайды.
2. Жауапкердің талап қоюға қарсылықтар ұсынбауын талап қоюшының талаптарын тану ретінде қарауға болмайды.
30-бап. Тараптардың жазбаша хабарламаларды алуы
Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса:
1) егер кез келген жазбаша хабарлама адресатқа тұрақты тұрғылықты жері немесе пошта мекенжайы бойынша жеткізілсе, ол алынды деп есептеледі, мұндайларды ақылға қонымды анықтама жүргізу арқылы анықтау мүмкін болмаса, егер ол соңғы белгілі тұратын жеріне тапсырыс хатпен тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хат, телефонограмма немесе жеделхат, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе элекрондық мекенжайы бойынша, сондай-ақ хабарлауды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы жіберілсе, жазбаша хабарлама алынды деп есептеледі;
2) жазбаша хабарлама осындай жеткізілген күні алынды деп есептеледі.
Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).Төрелік талқылауға қатысушы тараптардың:
1) іс материалдарымен танысуға және осы материалдардан көшірмелер алуға;
2) дәлелдемелерді ұсынуға;
3) өтініш білдіруге, төрешілерден бас тартуға;
4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге;
5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін ұсынуға;
6) басқа тараптың өтініштеріне және дәлелдеріне қарсылық білдіруге;
7) төрелік отырыс хаттамасымен танысуға және ол бойынша жазбаша ескертулер беруге;
8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот алдында төреліктің шешімін мәжбүрлеп орындату туралы өтініш беруге;
9) осы Заңда белгіленген жағдайларда төреліктің шешімін бұзу туралы өтініш беруге;
10) істі бітімгершілік келісімімен немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтауға құқығы бар.
32-бап. Тараптардың төрелік отырысқа қатысуы
1. Әрбір тарапқа өз ұстанымын баяндау және өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тең мүмкіндіктер берілуге тиіс.
2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік талқылау тараптардың және (немесе) олардың өкілдерінің қатысуымен төреліктің жабық отырысында жүзеге асырылады.
Тараптар өкілдерінің өкілеттіктері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптар сақтала отырып ресімделуге тиіс.
3. Төреліктің отырысы (оның бөлігі) тараптардың өтінішімен не төреліктің бастамашылығымен бейнеконференция байланысы мен өзге де бағдарламалар, техникалық құралдар пайдаланыла отырып өткізілуі мүмкін.
Бұл ретте осы Заңның 22-бабына сәйкес айқындалған төрелік талқылаудың орны отырыс өткізу, шешім шығару орны болып табылады.
33-бап. Дәлелдемелерді ұсыну және зерттеу
1. Әрбір тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негіздемесі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс. Төреші, егер ұсынылған дәлелдемелерді жеткіліксіз деп тапса, тараптарға қосымша дәлелдемелер табыс етуді ұсынуға құқылы.
2. Төрешілер, егер тараптар ұсынған дәлелдемелердің дауға қатысы болмаса немесе мұндай дәлелдемелердің ұсынылған уақыты ескеріле отырып бас тарту орынды болып табылса, дәлелдемелерді қабылдаудан бас тартуға құқылы.
3. Төреші іс бойынша қолда бар барлық дәлелдемелерді тікелей зерттеуге міндетті.
34-бап. Төрелік тағайындаған сарапшы
1. Егер төрелік талқылауға қатысушы тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төрелік:
1) төрелік айқындайтын нақты мәселелер бойынша өзіне қорытындылар беруі үшін бір немесе бірнеше сарапшы тағайындауы;
2) тараптан іске қатысты кез келген ақпаратты сарапшыға ұсынуын не оған іске қатысты құжаттардың, тауарлардың немесе басқа да мүліктің тексеріп қарау үшін ұсынылуын немесе тексеріп қарауға мүмкіндік берілуін талап eтуі;
3) егер бұл мәселелерді тараптар арнайы ескертпесе, сараптама жүргізу және сарапшының қатысуына ақы төлеуге арналған шығыстарды бөлуді қоса алғанда, төрелік талқылауға сарапшының қатысуына қатысты өзге де мәселелерді шешуі мүмкін.
2. Сараптамалық қорытынды жазбаша нысанда беріледі.
3. Тараптардың өзге жөнінде уағдаластығы болмаған кезде, егер тарап бұл туралы өтінсе немесе төрелік оны қажет деп есептесе, сарапшы өзінің жазбаша қорытындысын ұсынғаннан кейін тыңдауға қатысуға тиіс, онда тараптарға оған сұрақтар қою және даулы мәселелер бойынша айғақтар беру үшін мамандар ұсыну мүмкіндігі беріледі.
35-бап. Істі төрелік талқылауға дайындау, дауларды қарау және шешу мерзімдері
1. Егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзге мерзім белгіленбесе, істерді төрелік талқылауға дайындау арыз қабылданған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Аса күрделі істер бойынша ерекше жағдайларда бұл мерзім төрешінің дәлелді ұйғарымы бойынша бір айға дейін ұзартылуы мүмкін.
2. Егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзге мерзім белгіленбесе, төрелік дауларды төрелік талқылауға істерді дайындау аяқталған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде қарайды және шешеді.
3. Қаралып жатқан даудың күрделілігіне қарай төрелік белгіленген мерзімдерді ұзартуы мүмкін.
4. Егер төреші төрелік талқылауды негізсіз кешіктірсе, тараптардың одан бас тарту туралы және жаңа төреші тағайындау туралы өтініш жасауға құқығы бар.
36-бап. Төрелік отырыстың хаттамасы
1. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік отырысында хаттама жүргізіледі.
2. Төрелік отырысының хаттамасы істі талқылаудың барлық елеулі кездерін көрсетуге тиіс.
Төрелік отырысының хаттамасында:
1) төрелік отырысының жылы, айы, күні және орны;
2) төрелік отырысының басталу және аяқталу уақыты;
3) істі қарайтын төреліктің атауы, төрешілердің, төрелік отырысы хатшысының тегі және аты-жөні;
4) істің атауы;
5) іске қатысушы адамдардың, өкілдердің, куәлардың, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келуі туралы мәліметтер;
6) төрағалық етушінің (жеке-дара төрешінің) өкімдері және төреліктің отырыс залында төрелік шығарған ұйғарымдар;
7) іске қатысушы адамдардың және олардың өкілдерінің арыздары, өтінішхаттары мен түсініктемелері;
8) куәлардың айғақтары, сарапшылардың өз қорытындыларын ауызша түсіндіруі, мамандардың түсініктемелері;
9) құжаттарды жария ету туралы мәліметтер, заттай дәлелдемелерді қарап тексеру деректері, дыбыс жазбаларын тыңдау, бейнежазбаларды, киноматериалдарды қарау;
10) шешімдер мен ұйғарымдарды жариялау және мазмұнын түсіндіру, оларға шағым жасау тәртібі мен мерзімін түсіндіру туралы мәліметтер;
11) іске қатысушы адамдарға хаттамамен танысу және ол бойынша ескертулер беру құқықтарын түсіндіру туралы мәліметтер;
12) хаттаманың жасалған күні көрсетіледі.
3. Төрелік отырысының хатшысы хаттама жасайды, оны төрелік талқылау тараптарының келісімі бойынша не тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентіне сәйкес төрелік тағайындайды.
4. Iске қатысушы адамдар және олардың өкілдері хаттаманың қандай да бір бөлігін жариялау, өздері іс үшін елеулі деп санайтын мән-жайлар жөніндегі мәліметтерді хаттамаға енгізу туралы өтініш жасауға құқылы.
5. Хаттама төрелік отырысы аяқталғаннан кейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей жасалуға және оған қол қойылуға тиіс.
Күрделі істер бойынша төрелік отырысының хаттамасын жасау және оған қол қою неғұрлым ұзақ мерзімде, бірақ төрелік отырысы аяқталғаннан кейін күнтізбелік бес күннен кешіктірілмей жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Хаттамаға төрағалық етуші мен хатшы қол қояды. Барлық өзгерістер, түзетулер, толықтырулар хаттамада ескертілуге және олардың қолдарымен куәландырылуға тиіс.
37-бап. Хаттамаға ескертулер жасау
Төрелік талқылауға қатысушы адамдар және (немесе) олардың өкілдері төрелік отырысының хаттамасымен, егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, оны жасаған және оған қол қойған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде танысуға және танысқан сәттен бастап күнтізбелік бес күн ішінде хаттамаға ондағы жол берілген қателіктерді және (немесе) жасалған әрекеттердің және олардың нәтижелерін тіркеудің (көрсетудің) толық еместігін көрсете отырып жазбаша түрде ескертулер беруге құқылы.
38-бап. Хаттамаға жасалған ескертулерді қарау
1. Хаттамаға жасалған ескертулерді оған қол қойған төрағалық етуші (жеке-дара төреші) қарайды, ол ескертулермен келіскен жағдайда олардың дұрыстығын куәландырады.
2. Берілген ескертулермен төрағалық етуші (жеке-дара төреші) келіспеген жағдайда, олар істі қарауға қатысатын адамдарды хабарландыра отырып, төрелік отырысында қаралады. Істі қарауға қатысатын адамдардың келмеуі хаттамаға жасалған ескертулерді қарауға кедергі болып табылмайды. Ескертулерді қараудың нәтижесінде төрағалық етуші (жеке-дара төреші) олардың дұрыстығын куәландыру не оларды толығымен немесе ішінара қабылдамау туралы ұйғарым шығарады. Барлық ескертулер іске тігіледі.
3. Хаттамаға жасалған ескертулер оларды берген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде қаралуға тиіс.
4. Төрағалық етуші (жеке-дара төреші) іс бойынша қандай да бір объективті себептер бойынша хаттамаға берілген ескертулерді қарай алмайтын жағдайда, олар іс материалдарына тігіледі.
39-бап. Қамтамасыз ету шараларын ұсынуда және дәлелдемелер алуда соттың жәрдемі
1. Тараптар төрелік талқылау кезінде, осы Заңның 20-бабының 6-тармағында көзделген жағдайда, талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы. Соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым қабылдауы төрелік келісіммен үйлеспеушілік болып табылмайды.
2. Төрелікте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішті тарап сотқа төрелік талқылау жүзеге асырылатын орны немесе оған қатысты қамтамасыз ету шаралары қолданылуы мүмкін мүліктің тұрған жері бойынша береді.
3. Соттың төрелікте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішті қарауы және оның талап қоюды қамтамасыз ету немесе оны қамтамасыз етуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Төрелікте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды тараптардың бірінің өтініші бойынша осы ұйғарымды шығарған сот жоюы мүмкін. Талап қою талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы төрелік шешім соттың қамтамасыз ету шараларынан бас тартуына негіз болып табылады.
5. Төрелік немесе төреліктің келісімімен тарап сотқа дәлелдемелер алуға жәрдемдесу туралы өтінішпен жүгіне алады. Сот осы өтінішті Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес қарайды.
40-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке алу
1. Қарсы талаптың талап қоюшының талаптарымен өзара байланысы болған жағдайларда, сондай-ақ төреліктің қарсы талап қоюды төрелік келісімге сәйкес қарауы мүмкін болатын жағдайларда жауапкер талап қоюшыға қарсы талап қоюға құқылы.
2. Егер тараптар қарсы талап қою үшін өзге мерзімге келіспесе, қарсы талап қою төрелік шешім қабылдағанға дейін төрелік талқылау барысында қойылуы мүмкін.
3. Қарсы талап қою осы Заңның 23-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
4. Талап қоюшы төрелік талқылау регламентінде немесе қағидаларында көзделген тәртіппен және мерзімдерде қарсы талап қоюға қарсылықтарын ұсынуға құқылы.
5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда жауапкер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарын сақтай отырып, қарсы талап қоюды есепке алуды талап етуге құқылы.
5-тарау. ТӨРЕЛІКТЕ ДАУДЫ ШЕШУГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ШЫҒЫСТАР
41-бап. Төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстар
1. Төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстарға:
1) төрешілердің гонорары;
2) төрешілердің төрелікте талқылауға қатысуына байланысты шеккен шығыстары, оның ішінде дау қаралатын жерге жол жүру, онда тұру және тамақтану ақысының шығыстары;
3) сарапшыларға және аудармашыларға төленуге тиісті сомалар;
4) төрешілердің жазбаша және заттай айғақтарды олардың тұрған жерінде тексеріп қарауға және зерттеуге байланысты шеккен шығыстары;
5) куәлар шеккен шығыстар;
6) төрелік шешім өз пайдасына шығарылған тараптың өкілі көрсеткен қызметтердің ақысын төлеуге жұмсалған шығыстар;
7) төрелік талқылауды ұйымдастыруға және материалдық қамтамасыз етуге жұмсалған шығыстар кіреді.
2. Тұрақты жұмыс істейтін төрелікте төрешілер гонорарының мөлшері тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде көзделген төрешілер гонорарларының шәкіліне сәйкес айқындалады.
Тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде төрешілер гонорарының тіркелген мөлшеріне нұсқау болмаған кезде төрелік құрамы төреші гонорарының мөлшерін дау бойынша талқылаудың әрбір нақты жағдайында, талап қоюдың бағасын, даудың күрделілігін, төрешілердің төрелік талқылауға жұмсаған уақытын және іске қатысты кез келген басқа да мән-жайларды ескере отырып, айқындауы мүмкін.
3. Төрелікте нақты дауды шешу үшін төрешілер гонорарының мөлшері тараптардың келісімі бойынша айқындалады, ал мұндай келісім болмаған кезде тұрақты жұмыс істейтін төрелік үшін көзделген тәртіппен нақты дауды шешуге арналған төрелік айқындайды.
Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).42-бап. Төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу
1. Төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстарды тараптар арасында бөлуді төрелік тараптардың келісіміне сәйкес, ал мұндай келісім болмаған кезде қанағаттандырылған және қабылданбаған талаптарға барабар жүргізеді.
2. Егер келтірілген шығыстарды өтеу туралы талап төрелікте талқылау барысында мәлімделсе және оны төрелік қанағаттандырған болса, төреліктің шешімі өз пайдасына шешілген тараптың өкілі көрсеткен қызметтердің төлеміне жұмсалған шығыстар, сондай-ақ төрелік талқылауға байланысты өзге де шығыстар төреліктің шешімі бойынша екінші тарапқа жатқызылуы мүмкін.
3. Төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу төреліктің шешімінде немесе ұйғарымында көрсетіледі.
4. Талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан кезде оған келтірілген шығыстарды жауапкер өтемейді.
43-бап. Төрелікте дауларды шешуге байланысты шығыстарды қамтамасыз ету
1. Төрешілер өздері төрелікте дауларды шешуге байланысты шеккен шығыстарының қамтамасыз етілуін тараптардан талап етуге құқылы. Төрешілер жекелеген талаптарға қатысты жекелеген қамтамасыз етуді айқындауға құқылы. Егер тараптардың бірі төрешілер белгіленген мерзімде талап етілетін қамтамасыз етудің өз бөлігін бермесе, басқа тарап қамтамасыз етуді толық енгізуі мүмкін. Егер талап етілетін қамтамасыз етуді тараптар бермесе, төрешілер талқылауды толық немесе ішінара тоқтатуға құқылы.
Төрешілер берілген қамтамасыз етуді шығыстарды жабу мақсатында төрелік талқылау процесінде пайдалануға құқылы. Төрешілер түпкілікті шешімде өз өтемақысы туралы мәселені шешкеннен кейін және осы бөліктің шешімі мәжбүрлі түрде орындалуы мүмкін болғанда, егер тараптар шешімге сәйкес төлем міндеттерін орындамаса, төрешілер қамтамасыз ету есебінен төлемді алуға құқылы.
2. Тараптар бірлесіп қатыспаған төрешілерге өтемақы төлеу туралы келісім жарамсыз болып табылады. Толық қамтамасыз етуді берген тарап атқарылған жұмыстың өтемақысын жабу мақсатында төрешілердің барлық қамтамасыз етуді пайдалануына келісуге құқылы.
3. Төрешілер шешім шығаруды өтемақының төлену-төленбеуіне тәуелді етуге құқылы емес.
6-тарау. ТӨРЕЛІК ШЕШІМДІ ШЫҒАРУ ЖӘНЕ ТАЛҚЫЛАУДЫ ТОҚТАТУ.
ТӨРЕЛІК ШЕШІМНІҢ КҮШІН ЖОЮ
44-бап. Даудың мәніне қолданылатын нормалар
1. Төрелік дауды тараптар дауды қарауда қолдану ретінде таңдаған құқық нормаларына сәйкес шешеді. Қандай да бір мемлекеттің құқығына немесе құқық жүйесіне кез келген сілтеме жасау оның коллизиялық нормаларына емес, осы мемлекеттің материалдық құқығына тікелей сілтеме ретінде түсіндірілуге тиіс.
Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғалары арасындағы дау қаралған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы қолданылады.
2. Тараптардың қолданылатын құқық туралы келісімі болмаған жағдайда, қолданылатын құқықты төрелік осы жағдайда қолдануға болады деп өзі есептеген коллизиялық нормаларға сәйкес айқындайды.
3. Нақты қатынасты реттейтін құқық нормалары болмаған кезде төрелік осы қатынастарға қолданылатын іскерлік айналымның дағдыларына сәйкес шешім қабылдайды.
4. Даулы қатынастар заңнамада немесе тараптардың келісімінде тікелей реттелмеген және оларға қолданылатын дағдылар болмаған жағдайларда, мұндай қатынастарға, бұл олардың мәніне қайшы келмейтіндіктен, ұқсас құқықтық қатынастарды реттейтін құқық нормалары қолданылады, ал мұндай нормалар болмаған кезде дау азаматтық заңнаманың жалпы бастаулары мен мағынасы негізге алына отырып шешіледі.
Ескерту. 44-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).45-бап. Төрелік шешімді қабылдау
1. Төрелік істің мән-жайы зерттелгеннен кейін төрелік құрамына кіретін төрешілердің көпшілік даусымен шешім қабылдайды.
Егер регламентте өзгеше көзделмесе, шешім төрелік отырысында жарияланады. Төрелік шешімнің тек қарарлық бөлігін жариялауға құқылы. Мұндай жағдайда, егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, шешімнің қарарлық бөлігі жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде тараптарға уәжді шешім жіберілуге тиіс.
Төрелік мүшелерінің көпшілігінің шешімімен келіспеген төреші өзінің айрықша пікірін жазып беруге құқылы, ол шешімге қоса тіркеледі. Тараптар төрешінің айрықша пікірімен танысуға құқылы.
2. Төрелік, егер оны қажет деп таныса, шешім қабылдауды кейінге қалдыруға және тараптарды қосымша отырысқа шақыруға құқылы.
3. Төрелік шешім төреліктің талқылау орнында қабылданған болып есептеледі және оған төреші (төрешілер) қол қойған күні күшіне енеді.
Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).46-бап. Бітімгершілік келісім және дауды медиация тәртібімен реттеу
1. Егер тараптар дауды төрелік талқылау барысында, оның ішінде Қазақстан Республикасының медиация туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, медиация тәртібімен реттесе, төрелік талқылауды тоқтатады және тараптардың өтініші бойынша бұл реттеуді келісілген шарттарда төрелік шешім ретінде тіркейді.
2. Келісілген шарттардағы төрелік шешім осы Заңның 45-бабының ережелеріне сәйкес шығарылуға тиіс. Мұндай шешім даудың мәні бойынша шығарылған төрелік шешім сияқты да орындалуға тиіс.
47-бап. Төрелік шешімнің нысаны мен мазмұны
1. Төрелік шешім жазбаша нысанда жазылады және оған төрешілер (жеке-дара төреші) қол қояды.
Егер төрелік талқылау алқалы түрде жүзеге асырылса, онда қандай да бір төрешінің қойылған қолы жоқ болған жағдайда, оның болмау себептері көрсетіледі. Төрелік шешімге ерекше пікірі бар төреші қол қоймауы мүмкін, оның пікірі жазбаша нысанда төрелік шешімге қоса берілуге тиіс.
2. Төрелік шешімде:
1) шешімнің қабылданған күні;
2) осы Заңның 22-бабына сәйкес айқындалған төрелік талқылаудың орны;
3) төрелік құрамы;
4) төрелік құзыретінің негіздемесі;
5) дау тараптарының атауы, олардың өкілдерінің өкілеттіктері көрсетіле отырып, тектері, аты-жөндері, лауазымдары;
6) талап қоюшының талаптары және жауапкердің қарсылықтары;
7) даудың мәні;
8) төрелік анықтаған істің мән-жайлары, осы мән-жайлар туралы төреліктің тұжырымдары негізделген дәлелдемелер, төрелік шешім қабылдау кезінде басшылыққа алған нормативтік құқықтық актілер;
9) әрбір мәлімделген талап арыз талабын қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы төреліктің тұжырымдары;
10) төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстардың сомасы, көрсетілген шығыстардың тараптар арасында бөлінуі және қажет болған жағдайда қабылданған шешімді орындаудың мерзімі мен тәртібі көрсетілуге тиіс.
Дау мәнін қозғамайтын мәселелер бойынша уәжді ұйғарымдар шығарылады.
49-бап. Төрелік талқылауды тоқтату
1. Төрелік талқылау осы баптың 2-тармағында көрсетілген негіздер бойынша төрелік талқылауды тоқтату туралы ұйғарым шығару арқылы тоқтатылады.
2. Төрелік, егер:
1) жауапкер даудың мәні бойынша шешілуіне өзінің заңды мүддесінің болуына байланысты төрелік талқылауды тоқтатуға қарсылығын мәлімдемесе ғана, талап қоюшы өзінің талабынан бас тартқан және төрелік бас тартуды қабылдаған;
2) төреліктің қарауына берілген дау оның құзыретіне жатпаған;
3) сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысанасы туралы және сол негіздер бойынша қабылданған заңды күшіне енген соттың шешімі немесе төрелік шешім болған;
4) тараптар төрелік талқылауды тоқтату туралы келісімге келген;
5) төрелік талқылау тарапы болып табылатын заңды тұлға таратылған;
6) төрелік талқылаудың тарапы болып табылатын жеке тұлға қаза тапқан не ол қайтыс болды деп жарияланған не хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда, төрелік талқылауды тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
50-бап. Төрелік шешімді түзету және түсіндіру. Қосымша төрелік шешім
1. Егер тараптар келісімімен немесе регламентте өзге мерзім белгіленбесе, төрелік шешімді алғаннан кейін күнтізбелік алпыс күн ішінде:
1) тараптардың кез келгені бұл туралы екінші тарапты хабардар ете отырып, төреліктен шешімдегі есептеулерде жол берілген кез келген қателерді, жаңылыс жазуларды немесе жаңсақ жазылымдарды не осындай сипаттағы өзге де қателерді түзетуді өтінуі мүмкін;
2) тараптардың кез келгені бұл туралы екінші тарапты хабардар ете отырып, төреліктен қабылданған шешімнің қандай да бір нақты тармағына немесе бөлігіне түсініктеме беруді өтінуі мүмкін.
Егер, төрелік өтінішті негізді деп санаса, оны алғаннан кейін, егер регламентте немесе тараптар келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, күнтізбелік отыз күн ішінде тиісті түзетулер енгізуге немесе түсініктеме беруге тиіс. Төрелік шешімге шығарылған түсініктеме төрелік шешімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
2. Егер регламентте немесе тараптар келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, төрелік шешім шығарылған күннен бастап есептегенде күнтізбелік алпыс күн ішінде төрелік өз бастамасы бойынша, тараптарға тиісінше хабарлағаннан кейін осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген кез келген қатені түзете алады.
3. Егер, тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда тараптардың кез келгені бұл туралы екінші тарапты хабардар ете отырып, төреліктің шешімін алғаннан кейін төрелік талқылау барысында мәлімделген, алайда шешімде көрініс таппаған талаптарға қатысты қосымша шешім шығаруды күнтізбелік алпыс күн ішінде төреліктен өтінуі мүмкін. Егер төрелік өтінішті негізді деп санаса, оны алғаннан кейін күнтізбелік алпыс күн ішінде қосымша төрелік шешім шығаруы тиіс.
4. Төрелік қажет болған жағдайда мерзімді ұзарта алады, бірақ бұл мерзім күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс, осы мерзім ішінде осы баптың 1 немесе 3-тармақтарына сәйкес қателердің түзетілуі, түсініктеме берілуі немесе қосымша төрелік шешім шығарылуы қажет.
51-бап. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша төрелік шешімді қайта қарау
1. Төрелік шешім төрелік келісім тараптарының бірінің немесе құқықтары жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғалған өзге де тұлғаның арызы бойынша қайта қаралуы мүмкін. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша төрелік шешімді қайта қарау негіздемелері:
1) заңсыз не негізсіз шешімнің қабылдануына әкеп соққан, күшіне енген сот үкімімен белгіленген куәнің көрінеу жалған жауаптары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу бұрыс аударма, құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығы;
2) күшіне енген сот үкімімен белгіленген тараптардың, іске қатысушы басқа адамдардың не олардың өкілдерінің қылмыстық іс-әрекеттері немесе төрешінің осы істі қарау кезінде жасаған қылмыстық әрекеттері;
3) төреліктің төрелік шешім шығарған кезде қолданған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні, оның жекелеген ережелерін Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Конституцияға сәйкес келмейді деп тануы.
2. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша төрелік шешімді қайта қарау туралы арыз осы Заңда айқындалған тәртіппен қайта қарау үшін негіз болған мән-жайлар белгіленген күннен бастап, егер регламентте немесе тараптар келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, үш ай ішінде беріледі және шешім шығарған төрелікте қаралады.
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді төрелік бір айға дейінгі мерзімде қарайды және шешеді.
Төреліктің, оның ішінде бұрынғы құрамда шешім шығарған тұрақты жұмыс істейтін төреліктің отырысын өткізу мүмкін болмаған кезде, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша шешімді қайта қарау туралы арызды осы Заңда белгіленген тәртіппен құрылған төреліктің жаңа құрамы қарайды.
Ескерту. 51-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.52-бап. Төрелік шешімнің күшін жою
Ескерту. 52-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2026 № 251-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Соттың төрелік шешімнің күшін жоюы үшін оның күшін жою туралы өтінішхатты мәлімдеген тарап:
1) төрелік шешімнің төрелік келісімде көзделмеген немесе оның шарттарына дөп келмейтін мәселе бойынша шешімді қамтитындығы не төрелік келісімнің шегінен шығатын мәселелер жөніндегі қаулыны қамтитындығы, сондай-ақ даудың төреліктің ведомстволық қарауына жатпайтыны туралы дәлелдемелерді ұсынуға тиіс.
Егер төрелік келісімде қамтылған мәселелер бойынша төрелік шешімдерді осындай келісімде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешімдерден бөліп алу мүмкін болса, онда төрелік шешімнің төрелік келісімде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешімді қамтитын бөлігінің ғана күші жойылуы мүмкін;
2) сот төрелік келісім тараптарының бірін әрекетке қабілетсіз деп танығандығы немесе тараптар төрелік келісімді жасауға негізге алған заң бойынша, ал мұндай заңға сілтеме болмаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелік келісімнің күшінің жоқтығы;
3) төрешінің тағайындалуы туралы немесе төрелік талқылау туралы тараптың тиісті түрде хабардар болмағандығы немесе сот дәлелді деп таныған басқа да себептер бойынша өзінің түсіндірулерін ұсына алмағандығы;
4) төрелік құрамы немесе талқылаудың төрелік рәсімі тараптардың келісіміне сәйкес келмегендігі, егер тек мұндай келісім тараптар бас тарта алмайтын осы Заңның кез келген ережесіне қайшы келмесе, немесе мұндай келісім болмаған кезде осы Заңға сәйкес келмегендігі;
5) сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша шығарылған заңды күшіне енген соттың шешімі немесе төрелік шешім не талап арыз берушінің талап арыздан бас тартуына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе төреліктің ұйғарымы болғаны туралы дәлелдемелерді ұсынуға тиіс.
6) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).2. Мыналар:
1) төрелік шешім Қазақстан Республикасының жариялы тәртібіне қайшы келетіндігі;
2) төрелік шешім шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелік талқылау нысанасы болып табылмайтыны айқындалған жағдайда сот төрелік шешімнің күшін жояды.
3. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты қараған кезде сот төреліктің шешімін мәні бойынша қайта қарауға құқылы емес.
ҚР Конституциялық Сотының 13.09.2024 № 51-НҚ нормативтік қаулысымен осы Заңның 52-бабының 3-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылды.Ескерту. 52-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.01.2026 № 251-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
53-бап. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат
1. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес сотқа беріледі.
2. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат, осы өтінішхатты мәлімдеген тараптың төрелік шешімді алған күнінен бастап, ал өтініш осы Заңның 51-бабына сәйкес берілген жағдайда, осы өтініш бойынша төрелік шешім шығарылған күннен бастап, бір ай өткен соң мәлімделе алмайды.
3. Сот тараптардың бірінің өтініші бойынша төрелік талқылауды жаңарту үшін не төрелік шешімнің күшін жоюдың негізін жоюға мүмкіндік беретін өзге де шараларды қолдану үшін төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат бойынша іс жүргізуді белгілі бір мерзімге тоқтата тұруға құқылы.
Егер төрешілер жаңа шешім шығарса, тарап сот белгілеген мерзім ішінде талап арыз ұсынбай шешімнің жаңартылған төрелік талқылауға немесе бастапқы шешімдегі өзгерістерге қатысты бөлігінде шешімнің күшін жою туралы өтініш беруге құқылы.
4. Сот төрелік шешімнің күшін жою туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық білдірілуі мүмкін.
Ескерту. 53-бапқа орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).7-тарау. ТӨРЕЛІК ШЕШІМДЕРДІ ТАНУ ЖӘНЕ ОРЫНДАУ
54-бап. Қазақстан Республикасында төрелік шешімді тану және орындау
1. Төрелік шешім міндетті деп танылады және сотқа жазбаша арыз берілген кезде Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес орындалады.
2. Егер төрелік шешімде мерзім белгіленбесе, онда ол дереу орындалуға жатады.
55-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату
1. Егер төрелік шешім ондағы белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалмаса, онда ол мәжбүрлеп орындатуға жатады.
2. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға сот берген атқару парағы негізінде төрелік шешімді орындау кезінде қолданылатын атқарушылық іс жүргізу қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
3. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арыз Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес сотқа беріледі.
56-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатумен байланысты шығыстарды өндіріп алу
Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға байланысты қосымша шығыстар шешімді ерікті түрде орындамаған тарапқа жүктеледі.
57-бап. Төрелік шешімді танудан және (немесе) орындаудан бас тарту
Ескерту. 57-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2026 № 251-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Сот мына негіздер бойынша:
1) өзіне қарсы төрелік шешім қабылданған тарап сотқа:
төрелік келісімнің – тараптар төрелік келісімді жасауға негізге алған қайсыбір мемлекеттің заңдары бойынша, ал мұндай заңға сілтеме болмаған кезде – шешім шығарылған елдің заңы бойынша жарамсыз болып табылатынына;
төрелік шешімнің төрелік келісімде көзделмеген немесе оның шарттарына дөп келмейтін дау бойынша шығарылғандығына не төрелік келісімнің шегінен шығатын мәселелер бойынша қаулыдан тұратынына, сондай-ақ даудың төреліктің ведомстволық қарауына жатпаса да шығарылғандығына дәлелдемелер ұсынса.
Егер төрелік келісімде қамтылатын мәселелер бойынша төрелік шешімді осындай келісімде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешімдерден бөліп алу мүмкін болса, онда төрелік шешімнің төрелік келісімде қамтылған бөлігін мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тартылмайды;
төрелік келісім тараптарының біреуін соттың әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі деп танығанына;
өзіне қарсы шешім шығарылған тарап төрешінің тағайындалуы туралы немесе төрелік талқылау туралы тиісті түрде хабардар етілмегеніне немесе төрелікке сот дәлелді деп таныған басқа да себептермен өз түсініктерін бере алмағанына;
сол бір тараптардың арасындағы дау бойынша, сол бір нысана туралы және сол бір негіздер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген соттың шешімі немесе төрелік шешім не талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе төреліктің ұйғарымы болғанына;
төрелік құрамы немесе төреліктің талқылау рәсімі тараптардың келісіміне сәйкес келмегеніне немесе мұндай болмаған кезде төрелік талқылау өткізілген елдің заңдарына сәйкес келмегеніне;
шешім тараптар үшін әлі де міндетті емес болғандығына немесе күші жойылғандығына немесе оның орындалуын өз заңына сәйкес шешім шығарған елдің соты тоқтатып қойғандығына дәлелдемелер ұсынса;
2) сот осы төрелік шешімді тану және (немесе) орындау Қазақстан Республикасының жария тәртібіне қайшы келеді деп немесе төрелік шешім шығарылған дау осы Заңға сәйкес төрелік талқылаудың нысанасы болып табыла алмайды деп белгілесе, төрелік шешімнің қай елде шығарылғанына қарамастан, оны танудан және (немесе) орындаудан бас тартады.
2. Сот төрелік шешімді тану және (немесе) орындау туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық білдірілуі мүмкін.
3. Атқару парағын беруден бас тарту туралы өтінішхатты қараған кезде сот төреліктің шешімін мәні бойынша қайта қарауға құқылы емес.
Ескерту. 57-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.01.2026 № 251-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
58-бап. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасында құрылған халықаралық төреліктер мен аралық соттар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде өздерінің ережелеріне, жарғыларына немесе регламенттеріне тиісті өзгерістер енгізуге міндетті.
2. Осы Заңның 11-бабында көрсетілген Қазақстанның төрелік палатасын құру үшін алғашқы құрылтай жиналысын өткізуге байланысты ұйымдастырушылық мәселелер Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жүктеледі.
60-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Мыналардың:
1) "Аралық соттар туралы" 2004 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 24, 151-құжат; 2009 ж., № 9-10, 47-құжат; 2010 ж., № 3-4, 12-құжат; 2012 ж., № 6, 43-құжат; № 14, 93-құжат; 2013 ж., № 15, 76-құжат; 2014 ж., № 16, 90-құжат);
2) "Халықаралық төрелік туралы" 2004 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 24, 152-құжат; 2010 ж., № 3-4, 12-құжат; 2013 ж., № 15, 76-құжат; 2014 ж., № 12, 82-құжат) күші жойылды деп танылсын.
| Қазақстан Республикасының | |
| Президенті | Н.Назарбаев |