Оформи подписку на Портал Учёт и участвуй в розыгрыше трёх iPhone 11

Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 5 шілдедегі N 61-IV Заңы

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      Қолданушылар назарына! Қолданысқа енгізілу тәртібін 31-баптан қараңыз.

      Осы Заң сәйкестікті растау жөніндегі органдарды, сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу зертханаларын (орталықтарын), өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттауды жүзеге асыратын заңды тұлғаларды аккредиттеу саласындағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ сәйкестікті бағалау саласындағы олармен байланысты өзге де қатынастарды реттейді.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аккредиттеу - аккредиттеу жөніндегі орган өтініш берушінің белгілі бір салада сәйкестікті бағалау жұмыстарын орындау құзыретін ресми танитын рәсім;
      2) аккредиттеу аттестаты - аккредиттеу жөніндегі орган беретін, аккредиттеу субъектілерінің белгілі бір салада сәйкестікті бағалау жұмыстарын орындау құзыретін куәландыратын құжат;
      2-1) аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу – аккредиттеу субъектісі өзі сәйкестігіне аккредиттелген аккредиттеу критерийлеріне сәйкес келмеген жағдайда, аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алуға негіз болған себептер жойылғанға дейін аккредиттеу аттестатын немесе аккредиттеу субъектісінің аккредиттеу саласының бір бөлігін уақытша жарамсыз деп тану туралы аккредиттеу жөніндегі органның шешімі;
      3) аккредиттеу белгісі - аккредиттеу жөніндегі органның аккредиттеу субъектісіне оның аккредиттеу рәсімінен өткені туралы үшінші тұлғаларға ақпарат беру үшін берілетін белгі;
      4) аккредиттеу жөніндегі орган – конкурстық негізде айқындалатын, аккредиттеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және аккредиттеу жөніндегі халықаралық ұйымның мүшесі болып табылатын заңды тұлға;
      5) аккредиттеу жүйесі - өз құзыреті шегінде сәйкестікті бағалау саласында аккредиттеу аясындағы жұмысты жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың жиынтығы;
      6) аккредиттеу критерийлері - өтініш беруші өзінің аккредиттелуі үшін және аккредиттеу субъектісі қанағаттандыруы тиіс талаптар жиынтығы;
      7) аккредиттеу материалдарын жаңарту - аккредиттеу субъектісінің құжаттарына аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеуге әкеп соқпайтын өзгерістер енгізу;
      8) аккредиттеу саласы - аккредиттеу қолданылатын, сәйкестікті бағалаудың ресми танылған объектілері;
      9) аккредиттеу саласын кеңейту - аккредиттеу субъектісінің сәйкестікті бағалау объектілері тізбесін ұлғайту процесі;
      10) аккредиттеу саласын қысқарту - аккредиттеу субъектісінің сәйкестікті бағалау объектілері тізбесін азайту процесі;
      11) аккредиттеу, сәйкестiктi растау жөнiндегi сарапшы-аудиторлар - уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен аттестатталған жеке тұлғалар;
      12) аккредиттеу субъектілерінің тізілімі - аккредиттеу субъектілерін есепке алудың бірыңғай жүйесі;
      13) аккредиттеу субъектісі - осы Заңда белгіленген тәртіппен аккредиттеуден өткен заңды тұлға немесе заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі;
      14) инспекциялық тексеру - аккредиттеу субъектілерінің аккредиттеу критерийлерін сақтауын аккредиттеу жөніндегі орган жүзеге асыратын тексеру;
      15) калибрлеу зертханасы (орталығы) - өлшем құралдарын калибрлеуді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі;
      15-1) қайта аккредиттеу - аккредиттеу жөніндегі органның өтініш берушінің сәйкестікті бағалаудың белгілі бір саласындағы жұмыстарды орындау құзыреттілігін ресми тануының кезекті рәсімі;
      15-2) өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы техникалық сарапшы - уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған жеке тұлға;
      16) өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар - өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге аккредиттелген заңды тұлғалар;
      17) өлшем құралдарын салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін салғастыру - өлшем құралдарының зерттеу нәтижелерін, метрологиялық сипаттамаларын салыстыру;
      18) өтініш беруші - аккредиттеуге өтінім берген заңды тұлға;
      19) салыстырма сынақтары - бірдей немесе ұқсас сынақ объектілерінде екі немесе одан көп зертхананың (орталықтың) сынақтар жүргізуі және олардың нәтижелерін бағалауы;
      20) салыстырып тексеру зертханасы (орталығы) - өлшем құралдарын салыстырып тексеруді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі;
      21) сәйкестікті бағалау - өнімге, процеске, көрсетілетін қызметке, менеджмент жүйесіне, персоналға, өлшем құралына, сынақ жабдығына, өлшемдерді орындау әдістемелеріне қойылатын талаптардың орындалуын сәйкестікті растау, сынақтар, зерттеулер, өлшемдер, салыстырып тексеру, калибрлеу және аттестаттау жүргізу арқылы дәлелдеу;
      22) сәйкестікті бағалау объектілері - сәйкестікті растауға, зерттеуге, сынауға, өлшемге, салыстырып тексеруге, калибрлеуге, аттестаттауға жататын өнім, процестер, көрсетілетін қызметтер, менеджмент жүйелері, персонал, өлшем құралдары, сынақ жабдығы, өлшемдерді орындау әдістемелері;
      23) сәйкестікті растау жөніндегі органдар - өнімдердің, процестердің, көрсетілетін қызметтердің, менеджмент жүйелерінің не персоналдың сәйкестігін растау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
      24) сынақ зертханасы (орталығы) - зерттеулерді, сынақтарды жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі;
      25) техникалық сарапшы - сәйкестігі бағаланатын объектіге қатысты арнаулы білімі немесе тәжірибесі бар жеке тұлға;
      26) уәкілетті орган - техникалық реттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау
              саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      3-бап. Аккредиттеудің негізгі мақсаттары мен принциптері

      1. Аккредиттеудің негізгі мақсаттары:
      1) өнімнің, процестердің, көрсетілетін қызметтің қауіпсіздігі мен сапасы мәселелерінде тұтынушылардың мүдделерін қорғау;
      2) отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
      3) сәйкестікті бағалаудың сапасы мен дәйектілігін арттыру;
      4) саудадағы техникалық кедергілерді жою;
      5) отандық өнімнің сыртқы нарыққа шығуына және Қазақстан Республикасының аккредиттеу субъектілерінің жұмыс нәтижелерін халықаралық ұйымдардың және шет елдердің тануына жағдайлар туғызу болып табылады.
      2. Аккредиттеу принциптері:
      1) еріктілік;
      2) аккредиттеу рәсімдері, критерийлері туралы ақпаратқа қолжетімділік;
      3) сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі қызметтің ашықтығы;
      4) кемсітушілікке жол бермеу;
      5) құзыреттілік;
      6) аккредиттеу жүйесінің бірлігі мен тұтастығы;
      7) тәуелсіздік;
      8) аккредиттеу жөніндегі қызметті сәйкестікті бағалау жөніндегі қызметпен қоса атқаруға жол бермеу;
      9) аккредиттеуді жүзеге асыру кезінде халықаралық (өңірлік) ұйымдардың стандарттарын пайдалану басымдығы болып табылады.

      4-бап. Аккредиттеу жүйесі

      Аккредиттеу жүйесіне:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
      2) уәкілетті орган;
      3) аккредиттеу жөніндегі орган;
      4) аккредиттеу субъектілері;
      5) аккредиттеу, сәйкестiктi растау жөнiндегi сарапшы-аудиторлар, өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы техникалық сарапшылар, техникалық сарапшылар кiредi.
      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің сәйкестікті
              бағалау саласында аккредиттеу аясындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің сәйкестікті бағалау саласында аккредиттеу аясындағы құзыретіне:
      1) аккредиттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
      2) аккредиттеу жөнiндегi органды таңдау бойынша конкурсты өткiзу қағидаларын және аккредиттеу жөнiндегi органға қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiту;
      2-1) аккредиттеу жөнiндегi органды осы баптың 2) тармақшасында көрсетілген қағидаларға сәйкес айқындау;
      3) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      6-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
      1) аккредиттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      1-1) аккредиттеу жөніндегі органды таңдау бойынша конкурсты өткізу қағидаларын және аккредиттеу жөніндегі органға қойылатын біліктілік талаптарын әзірлейді;
      1-2) аккредиттеу жөніндегі органды таңдау бойынша конкурстарды ұйымдастырады және өткізеді;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне аккредиттеу жөніндегі органды мәртебесінен айыру жөнінде ұсыныс енгізеді;
      3) Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
      4) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      7-бап. Аккредиттеу жөніндегі орган

      1. Алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен. 

      2. Аккредиттеу жөніндегі орган:
      1) мыналарға:
      аккредиттеу, сәйкестiктi растау жөнiндегi сарапшы-аудиторларды, өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы техникалық сарапшыларды, техникалық сарапшыларды және басқа да мамандарды аккредиттеу жөнiндегi жұмыстарды жүргізуге қатысу үшін тартуға;
      аккредиттеу жөніндегі халықаралық (өңірлік) мемлекеттік емес және үкіметтік емес ұйымдар жұмысына қатысуға;
      өлшем құралдарының салыстырма сынақтарын және оларды салыстырып тексеру мен калибрлеу нәтижелерін салғастыруды ұйымдастыруға;
      инспекциялық тексеру жүргізуге;
      аккредиттеу субъектілерінің қызметіне оның аккредиттеу критерийлеріне сәйкестігі нысанасына мониторинг жүргізуге құқылы;
      2) мыналарға:
      аккредиттеу аттестатының, аккредиттеу аттестатына қосымшалардың, аккредиттеу белгісінің нысандарын белгілеуге;
      аккредиттеу кезеңдерін және оларды орындау мерзімдерін,  сондай-ақ инспекциялық тексеру, оның ішінде кезектен тыс инспекциялық тексеру жүргізу мерзімдерін қоса алғанда, белгіленген тәртіпті сақтай отырып, аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге;
      аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде белгілі болған коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтердің жария болуына жол бермеуге;
      аккредиттеу субъектілерінің тізілімін жүргізуге;
      интернет-ресурсты жүргізуге, онда аккредиттеу субъектілерінің тізілімін ресми жариялауға және сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді орналастыруға;
      аккредиттеу субъектiлерiнiң шағымдарын қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға, қабылданған шешімдер туралы ақпаратты интернет-ресурста орналастыруға;
      аккредиттеу аттестаты кері қайтарып алынған немесе аккредиттеуден кейінгі шарт тоқтатылған жағдайда бұл туралы уәкілетті органға үш жұмыс күні ішінде жазбаша түрде хабарлауға;
      аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу, аккредиттеу материалдарын жаңарту туралы өтінімдерді қарауға;
      аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алуға, қайтаруға және осы Заңда көзделген негіздер бойынша және тәртіппен аккредиттеу аттестатын жою туралы өтінішпен сотқа жүгінуге міндетті.
      3. Аккредиттеу материалдарын қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау үшін аккредиттеу жөніндегі орган басшысы аккредиттеу материалдарын қарау жөнінде тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрады. Комиссия шешімдері ұсынымдық сипатта болады.
      Комиссияның сандық құрамы тақ болуға, үш адамнан кем болмауға және кемінде аккредиттеу жөніндегі бір сарапшы-аудиторды қамтуға тиіс.
       Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР-ның 2009.07.10. N 178-IV, 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      8-бап. Аккредиттеу субъектілері

      1. Аккредиттеу субъектілеріне:
      сәйкестікті растау жөніндегі органдар;
      сынақ, салыстырып тексеру және калибрлеу зертханалары (орталықтары);
      өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар жатады.
      2. Аккредиттеу субъектілерінің сәйкестікті бағалау нәтижелері Қазақстан Республикасының барлық аумағында танылады.
      3. Қазақстан Республикасының аумағында сәйкестікті бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын шетелдік ұйымдар, олардың филиалдары мен өкілдіктері олардың қызмет нәтижелерін тану үшін осы Заңға сәйкес аккредиттеуге жатады.
      4. Аккредиттеу субъектілері:
      1) аккредиттеу белгісін пайдалануға;
      2) аккредиттеу жөніндегі органға аккредиттеу саласын кеңейту немесе қысқарту туралы, аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу, қайтару және аккредиттеу аттестатының қолданысын тоқтату туралы өтінішпен жүгінуге;
      3) аккредиттеу жөніндегі органға оның қызметкерлерінің іс-қимылына шағымдануға;
      4) аккредиттеу мәселелері бойынша даулар туындаған кезде сотқа жүгінуге құқылы.
      5. Аккредиттеу субъектілері:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын және оларға өздерінің сәйкестігі аккредиттелген нормативтік құжаттардың талаптарын сақтауға;
      2) аккредиттеу саласы шегінде жұмыстарды жүзеге асыруға;
      3) аккредиттеу саласы шегінде аккредиттеу аттестатына сілтеме жасауға;
      4) бекітілген аккредиттеу саласындағы қызметінің тоқтатылғаны немесе алдағы уақытта таратылатыны туралы аккредиттеу жөніндегі органға хабарлауға;
      5) анықталған аккредиттеу критерийлеріне сәйкессіздіктерді аккредиттеу жөніндегі органның шешімімен белгіленген мерзім ішінде жоюға;
      6) инспекциялық тексеруді жүзеге асыратын адамдардың үй-жайға, жабдыққа, ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге және оларға өзге де қажетті көмек көрсетуге;
      7) өлшем құралдарының салыстырмалы сынақтарына және оларды салыстырып тексеру мен калибрлеу нәтижелерін салғастыруға қатысуға;
      8) аккредиттеу аттестатының қолданысы тоқтатылған жағдайда аккредиттеу аттестатының қолданысы тоқтатылғаны туралы шешімді алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аккредиттеу аттестатын қайтаруға;
      9) аккредиттеу аттестатының қолданысы тоқтатылған, ол жойылған, тоқтатыла тұрған не одан айырылған жағдайда аккредиттеуге сілтеме жасауды тоқтатуға;
      10) аккредиттеу аттестаты кері қайтарып алынған жағдайда, уақытша жарамсыз деп танылған аккредиттеу аттестатына немесе аккредиттеу саласына сілтеме жасауды тоқтатуға міндетті.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      9-бап. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар

      1. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар өнім (көрсетілетін қызмет) өндірушілерден (орындаушылардан), өнімді (көрсетілетін қызметті) берушілерден және тұтынушылардан тәуелсіз болуға тиіс.
      2. Сәйкестікті растау жөніндегі органдардың филиалдары заңды тұлғаның өтінімі бойынша осы Заңға сәйкес аккредиттеледі.
      Сәйкестікті растау жөніндегі органдар филиалдарының аккредиттеу саласы бөлек бекітіледі.
      3. Сәйкестікті растау жөніндегі органдардың сәйкестікті бағалау процесінің әділдігіне және объективтілігіне әсер ететін консультациялық қызмет көрсетуге құқығы жоқ.
      4. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар сәйкестікті растау жөніндегі қызмет нәтижесінде туындайтын тәуекелдерді бағалай отырып, сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды орындау кезінде әділдікті қамтамасыз етуге және қызмет саласындағы міндеттемелерді қамтамасыз ету үшін олардың қаржылық тұрақтылығы және тиісті ресурстары болуға тиіс.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      10-бап. Сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу
               зертханалары (орталықтары) және өлшемдерді
               орындау әдістемелерін метрологиялық
               аттестаттауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар

      1. Сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу зертханалары (орталықтары) және өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар өз қызметін осы Заңға, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы және өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      2. Салыстырып тексеру зертханалары (орталықтары) өнім (көрсетілетін қызмет) өндірушілерден (орындаушылардан), өнімді (көрсетілетін қызметті) берушілерден және тұтынушылардан тәуелсіз болуға тиіс.
      3. Сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу зертханалары (орталықтары) Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес - шама бірліктерінің мемлекеттік эталондарынан, олар жоқ болған жағдайда басқа елдердің шама бірліктері ұлттық эталондарынан шама бірліктерінің өлшемдерін алу арқылы өлшемдердің қадағалануын қамтамасыз етуге тиіс.
      4. Сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу зертханалары (орталықтары) сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды және «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабында көзделген салалардағы жұмыстарды орындау кезінде әділдікті қамтамасыз етуге, қызмет нәтижесінде туындайтын тәуекелдерді бағалауға және қызмет саласындағы міндеттемелерді қамтамасыз ету үшін олардың қаржылық тұрақтылығы және тиісті ресурстары болуға тиіс.
      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      11-бап. Аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі
              сарапшы-аудиторлар, өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету
              саласындағы техникалық сарапшылар және техникалық
              сарапшылар

      1. Аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлар, өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы техникалық сарапшылар және техникалық сарапшылар осы Заңға сәйкес аккредиттеу жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге қатысады.
      2. Аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлар, өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы техникалық сарапшылар және техникалық сарапшылар өз қызметiн еңбек шартының не азаматтық-құқықтық шарттың негiзiнде жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      12-бап. Аккредиттеу белгісі

      1. Аккредиттеу белгісі аккредиттеу субъектісінің аккредиттеу рәсімінен өткені туралы үшінші тұлғаларға ақпарат беру үшін пайдаланылады.
      2. Аккредиттеу субъектісіне берілетін аккредиттеу белгісінде берілген аккредиттеу аттестатының нөмірі болуға тиіс.
      3. Аккредиттеу белгісін пайдалану тәртібі аккредиттеуден кейінгі шартпен айқындалады.

      13-бап. Аккредиттеу кезеңдері

      1. Аккредиттеу мынадай негізгі:
      1) өтінімді және ұсынылған құжаттарды қабылдау, қарау;
      2) аккредиттеу алдындағы шартты жасасу;
      3) ұсынылған құжаттарды сараптау;
      4) өтініш берушіні орналасқан жері бойынша тексеру;
      5) аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдау;
      6) аккредиттеуден кейінгі шартты жасасу, аккредиттеу саласын бекіту және аккредиттеу аттестатын беру не аккредиттеу алдындағы шартты тоқтату кезеңдерін қамтиды.
      2. Қайта аккредиттеу осы баптың 1-тармағында көзделген барлық кезеңдер сақтала отырып жүргізіледі. Қайта аккредиттеуге өтінімді өтініш беруші аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей береді.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      14-бап. Аккредиттеу критерийлері

      Өтініш берушілер және аккредиттеу субъектілері мынадай критерийлерге сай келуге тиіс:
      1) заңды тұлға не заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі мәртебесінің болуы;
      2) мәлімделген аккредиттеу саласындағы сәйкестікті бағалау жөнінде жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін білікті персоналдың болуы;
      3) сәйкестікті бағалау жөнінде жұмыстарды орындауға қажетті меншік, шаруашылық жүргізу, оралымды басқару құқығында немесе уақытша иелігінде және пайдалануында үй-жайдың, жабдықтың және материалдық ресурстардың болуы;
      4) оларға өздерінің сәйкестігі аккредиттелетін (аккредиттелген) нормативтік құжаттардың талаптарына сай келуі.
      Осы Заңда нормативтік құжаттар деп стандарттау жөніндегі және  өлшем бірлігін қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік құжаттар түсініледі.

      15-бап. Өтінімді ұсыну және оны қарау

      1. Өтініш беруші аккредиттеу жөніндегі органға мынадай құжаттар ұсынады:
      1) аккредиттеуге өтінім;
      2) өтініш берушінің заңды мәртебесін анықтайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері;

      3) мәлімделетін аккредиттеу саласының қағаздағы және электрондық жеткізгіштері;
      3-1) сапа жөніндегі нұсқаулық;
      4) сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу зертханаларына (орталықтарына), өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттауды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға арналған паспорт;
      5) сәйкестікті бағалау жөніндегі жұмыстарды орындайтын персонал туралы мәліметтер (сәйкестікті растау жөніндегі органдар үшін).
      Өтініш беруші өзі таңдап алған нормативтік құжатқа байланысты тиісті ақпарат ұсынады.
      Өтінімді қоспағанда, құжаттардың барлығы екі данада ұсынылады.
      2. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың нысандарын уәкілетті орган белгілейді.
      3. Егер өтінім және (немесе) оған қоса берілген құжаттар белгіленген нысанға сәйкес келмеген не толық көлемде ұсынылмаған жағдайда аккредиттеу жөніндегі орган құжаттарды қайтарудың себептерін көрсете отырып, олардың түскен күнінен бастап есептелетін бес жұмыс күні ішінде почта арқылы өтiнiш берушiге қайтарады не оның өкіліне қолын қойғызып, қолма-қол табыс етеді.
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      16-бап. Аккредиттеу алдындағы шарт

      1. Аккредиттеу алдындағы шарт аккредиттеу жөніндегі орган мен өтініш беруші арасында жасалады.
      2. Аккредиттеу алдындағы шарттың елеулі талаптары:
      1) шарттың мәні;
      2) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
      3) жұмыстардың құны;
      4) тараптардың жауаптылығы болып табылады.
      3. Аккредиттеу алдындағы үлгі шартты уәкілетті орган бекітеді.
      4. Аккредиттеу алдындағы шартты тоқтатуға мынадай жағдайлар:
      1) заңды тұлғаның таратылуы;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шартты бұзу;
      3) құжаттарға сараптама жасау кезінде немесе өтініш берушіні орналасқан жері бойынша тексерген кезде анықталған сәйкессіздіктерді аккредиттеу жөніндегі орган белгілеген мерзімде жоймауы;
      4) аккредиттеу жөніндегі органның құжаттарға қайта сараптама жасаған кезде немесе өтініш берушіні орналасқан жері бойынша қайта тексерген кезде тиісінше сарапшы-аудитордың алғашқы қорытындысындағы немесе тексеру жөніндегі топтың есебінде көрсетілген сәйкессіздіктерді анықтауы;
      5) аккредиттеу жөніндегі органның аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдауы негіз болып табылады.

      17-бап. Ұсынылған құжаттардың сараптамасы

      1. Ұсынылған құжаттардың сараптамасы шарт жасалған кезден бастап есептелетін отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.
      Қайта аккредиттеу кезінде ұсынылған құжаттардың сараптамасы аккредиттеу субъектісінің құжаттарына және Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасына енгізілген өзгерістер бөлігінде жүргізіледі.
      2. Сараптама жүргiзу үшiн аккредиттеу жөнiндегi орган аккредиттеу жөнiндегi сарапшы-аудиторды тағайындайды.
      3. Аккредиттеу жөнiндегi сарапшы-аудитордың қорытындысында:
      1) ұсынылған құжаттардың аккредиттеу критерийлерiне сәйкестiгін бағалау;
      2) құжаттардың нақты критерийлер бойынша сәйкессiздiгiн (сәйкессiздiк болған кезде) көрсету;
      3) ұсынылған құжаттарды түзету жөнiндегi ұсынымдар (қажет болған жағдайда) және өтiнiш берушiнiң осы ұсынымдардың орындалуын растау тәртiбi;
      4) ұсынылған құжаттардың аккредиттеу критерийлерiне сәйкестiгi немесе сәйкессiздiгi туралы тұжырымдар қамтылуға тиiс.
      4. Аккредиттеу жөнiндегi сарапшы-аудитордың қорытындысы негiзiнде аккредиттеу жөнiндегi орган мынадай:
      1) өтiнiш берушiнi тұрған жерi бойынша тексеру;
      2) өтiнiш берушiнiң анықталған сәйкессiздiктердi жоюы туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
      Қабылданған шешім туралы хабарлама өтініш берушіге шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жазбаша түрде почта арқылы немесе факсимильді байланыс арқылы жіберіледі және тиісінше өтініш беруші почта жөнелтілімін алғаны туралы хабарламаға белгі соққан күннен бастап немесе факсимильді хабар жіберілген күні алынған деп есептеледі.
      5. Өтiнiш берушi осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген хабарламаны алған кезден бастап отыз жұмыс күні ішінде анықталған сәйкессiздiктердi жояды және сәйкессіздіктердің жойылғанын растайтын құжаттарды ұсына отырып, аккредиттеу жөнiндегi органға бұл туралы жазбаша түрде почта арқылы хабарлайды. Аккредиттеу жөнiндегi орган хабарламаны алған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде қажет болған жағдайда құжаттарға қайта сараптама жүргiзедi.
      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      18-бап. Өтініш берушіні орналасқан жері бойынша тексеру

      1. Өтініш берушіні орналасқан жері бойынша тексеру өтініш берушінің біліктілігін, құжаттарда ұсынылған ақпараттардың нақты жағдайға сәйкестігін бағалау мақсатында жүргізіледі.
      2. Тексеруді аккредиттеу жөніндегі орган жасақтайтын тексеру жөніндегі топ жүзеге асырады.
      3. Тексеру жөніндегі топ кемінде үш адамнан құралуы керек, топ жетекшісі болып құжаттарға сараптама жүргізген аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудитор тағайындалады.
      4. Тексеру жөніндегі топтың құрамына келісім бойынша:
      өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы техникалық сарапшылар;
      сәйкестікті растау жөніндегі сарапшылар-аудиторлар, техникалық сарапшылар, мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың мәлімдеген аккредиттеу саласы бойынша мамандары енгізілуі мүмкін.
      5. Тексеру мерзiмi өтініш берушінің тұрған жеріне немесе өтініш берушінің өзі тұрған жерден тыс жердегі құрылымдық бөлімшесі орналасқан жерге тексеру жөніндегі топ келген кезден бастап есептелетiн он жұмыс күнiнен аспауға тиiс. Құрылымдық бөлімшелері бар өтініш берушіні тексерудің жалпы мерзімі отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс.
      6. Тексеру жөніндегі топ өз жұмысының қорытындысы бойынша есеп дайындайды, онда өтініш берушінің аккредиттеу критерийлеріне сәйкестік бағасы қамтылуы керек.
      7. Топ мүшелерінің барлық ескертпелерін есепке ала отырып топ жетекшісі екі данада есеп жасайды және оған топтың барлық мүшелері қол қояды. Есептің бір данасы өтініш берушіге ұсынылады.
      8. Өтініш беруші тексеру жөніндегі топтың есебімен келіспеген жағдайда өзінің ескертпелерін аккредиттеу жөніндегі органға үш жұмыс күні ішінде жазбаша түрде почта арқылы немесе факсимильді байланыс арқылы ұсына алады және тиісінше акредиттеу жөніндегі орган почта жөнелтілімін алғаны туралы хабарламаға белгі соққан күннен бастап немесе факсимильді хабар жіберілген күні алынған деп есептеледі.
      9. Тексеру жөніндегі топ есебінің негізінде және өтініш берушінің ескертпелерін ескере отырып (олар бар болған жағдайда), аккредиттеу жөніндегі орган бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мынадай:
      1) аккредиттеу жөніндегі жиналған материалдарды қарау туралы;
      2) өтініш берушінің анықталған сәйкессіздіктерді жоюы туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
      Қабылданған шешім туралы хабарлама шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жазбаша түрде почта арқылы немесе факсимильді байланыс арқылы өтініш берушіге жіберіледі және тиісінше өтініш беруші почта жөнелтілімін алғаны туралы хабарламаға белгі соққан күннен бастап немесе факсимильді хабар жіберілген күні алынған деп есептеледі.
      10. Өтiнiш берушi осы баптың 9-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген хабарламаны алған кезден бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде тексеру кезiнде анықталған сәйкессiздiктердi жояды және сәйкессiздiктердiң жойылғанын растайтын құжаттарды ұсына отырып, аккредиттеу жөнiндегi органға олардың жойылғаны туралы жазбаша түрде почта арқылы хабарлайды, содан кейiн аккредиттеу жөнiндегi орган қажет болған жағдайда оған қайта тексеру жүргiзедi. Өтiнiш берушiні немесе оның құрылымдық бөлімшесін қайта тексеру мерзiмi тексеру жөнiндегi топ өтiнiш берушiнiң тұрған жерiне келген күннен бастап есептелетiн бес жұмыс күнiнен аспауға тиiс.
      11. Аккредиттеу жөніндегі орган өтініш берушінің себептерін көрсеткен жазбаша өтініші бойынша сәйкессіздіктерді жою мерзімін екі айдан аспайтын мерзімге ұзартады.
      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      19-бап. Аккредиттеу туралы не аккредиттеуден
               бас тарту туралы шешім қабылдау

      1. Аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді аккредиттеу материалдарын қарау жөніндегі комиссияға жиналған материалдар түскен кезден бастап есептелетін отыз жұмыс күні ішінде аккредиттеу жөніндегі орган қабылдайды.
      Аккредиттеу материалдарын қарау жөніндегі комиссия аккредиттеу критерийлеріне сәйкессіздіктерді анықтаған жағдайда, өтініш берушіге сәйкессіздіктерді жою үшін қажетті, бірақ екі айдан аспайтын мерзім беріледі. Аталған жағдайда осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім тоқтатыла тұрады.
      2. Оң шешім қабылданған жағдайда аккредиттеуден кейінгі шарт жасалады және жеті жұмыс күні ішінде аккредиттеу саласын айқындайтын құжат бекітіледі, аккредиттеу аттестаты және құжаттардың бір жиынтығы беріледі.
      3. Терiс шешiм қабылданған кезде өтiнiш берушiге шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жазбаша түрде почта арқылы немесе факсимильді байланыс арқылы дәлелдi бас тарту жіберіледі, ол тиісінше өтініш беруші почта жөнелтілімін алғаны туралы хабарламаға белгі соққан күннен бастап немесе факсимильді хабар жіберілген күні алынған деп есептеледі.
      Құжаттар жиынтығы өтінім берушіге почта арқылы жіберіледі не оның өкіліне қолы қойғызылып, қолма-қол табыс етіледі.
      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      20-бап. Аккредиттеуден кейінгі шарт

      1. Аккредиттеуден кейінгі шарт аккредиттеу жөніндегі орган мен аккредиттеу субъектісі арасында жасалады.
      2. Аккредиттеуден кейінгі шарттың елеулі талаптары:
      1) шарттың мәні;
      2) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
      3) жұмыстардың құны;
      4) инспекциялық тексерулерді жүргізу, аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу, аккредиттеу материалдарын жаңарту тәртібі мен мерзімдері;
      5) салыстырма сынақтарды жүргізу және (немесе) өлшем құралдарын салыстырып тексеру мен калибрлеу нәтижелерін салғастыру тәртібі;
      6) тараптардың жауаптылығы болып табылады.
      3. Аккредиттеуден кейінгі үлгі шартты уәкілетті орган бекітеді.
      4. Аккредиттеуден кейінгі шартты тоқтатуға мынадай жағдайлар:
      1) заңды тұлғаның таратылуы;
      2) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімінің аяқталуы;
      3) аккредиттеу аттестатынан айыруы;
      4) аккредиттеу аттестатының жойылуы;
      5) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      6) аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алуға негіз болған сәйкессіздіктерді жоймауы;
      7) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шартты бұзу негіз болып табылады.
      5. Осы баптың 4-тармағының 6) тармақшасында көзделген негiз бойынша аккредиттеуден кейiнгi шартты тоқтату күні болып сәйкессiздiктердi жою мерзiмi өткен күннен кейiнгi күн есептеледi.
      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      21-бап. Аккредиттеу аттестаты

      1. Аккредиттеу жөніндегі орган берген аккредиттеу аттестаттары Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды және олардың қолданылу мерзімі бес жыл.
      2. Аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі аккредиттеу туралы шешімді қабылдаған кезден бастап есептеледі және оған аккредиттеу аттестаты кері қайтарып алынған уақыт кезеңі енгізіледі.
      2-1. Аккредиттеу субъектісі осы Заңның 13-бабының 2-тармағында белгіленген мерзімді сақтаған жағдайда, аккредиттеу жөніндегі орган қайта аккредиттеу кезіндегі жұмыстарды аяқтау қажет болған кезде бұрын берілген аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімін аккредиттеу туралы шешім қабылданған күнге дейін үш айдан аспайтындай етіп ұзарта алады.
      3. Аккредиттеу жөніндегі орган бекіткен және аккредиттеу саласын белгілейтін құжат аккредиттеу аттестатына міндетті қосымша болып табылады.
      4. Аккредиттеу аттестаты аккредиттеу субъектілерінің тізілімінде тіркелуге тиіс.
      5. Аккредиттеу аттестатында:
      1) аккредиттеу субъектісінің атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері;
      2) аккредиттеу субъектісінің оған сәйкестігі аккредиттелген нормативтік құжат;
      3) аккредиттеу аттестатының тіркеу нөмірі;
      4) аккредиттеу аттестатының аккредиттеу субъектілерінің тізілімінде тіркелген күні;
      5) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі;
      6) аккредиттеу аттестаты қосымшасының парақ саны көрсетіледі.
      6. Аккредиттеу аттестатының бланкілері қатаң есептілік құжат болып табылады, олардың қорғанышы мен нөмірі болады.
      7. Аккредиттеу аттестаты жалғыз дана етіп беріледі, аккредиттеу аттестатын басқа заңды тұлғаларға беруге тыйым салынады.
      8. Жоғалған, бүлінген аккредиттеу аттестаттары, аккредиттеу аттестаттарына қосымшалар аккредиттеу субъектісі аккредиттеу жөніндегі органға жазбаша өтініш (аккредиттеу аттестатының, аккредиттеу аттестатына қосымшалардың жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп саналады.
      Аккредиттеу жөніндегі орган өтініш берілген күннен бастап бес  жұмыс күні ішінде аккредиттеу аттестатының телнұсқасын, аккредиттеу аттестатының қосымшаларын беруді жүргізеді.
      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      22-бап. Аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу

      1. Аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеуге:
      1) аккредиттеу субъектісін қайта ұйымдастыру;
      2) аккредиттеу субъектісінің орналасқан жерінің өзгеруі;
      3) аккредиттеу субъектісі атауының өзгеруі;
      4) аккредиттеу саласының кеңеюі немесе қысқаруы туралы аккредиттеу субъектісінің өтініші негіз болады.
      2. Аккредиттеу субъектісі осы баптың 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеуге негіздердің бірі пайда болған кезден бастап есептелетін, сондай-ақ аккредиттеу саласы қысқарған жағдайда күнтізбелік он күн ішінде аккредиттеу жөніндегі органға осы Заңның 15-бабының 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген жаңа мәліметтер мен құжаттарды көрсете отырып, аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу туралы өтініш береді.
      3. Аккредиттеу саласын кеңейту кезінде аккредиттеу субъектісі өтінішпен бір мезгілде аккредиттеу жөніндегі органға кеңейтілетін салада тиісті мамандардың, жабдықтардың, үй-жайлардың бар екендігі туралы ақпарат береді.
      4. Аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеген кезде аккредиттеу жөніндегі орган осы Заңның 18-бабында көзделген тәртіппен аккредиттеу субъектісінің орналасқан жері бойынша:
      1) сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу зертханасының (орталығының) орналасқан жері өзгерген;
      2) аккредиттеу саласын кеңейткен жағдайда тексеру жүргізеді.
      5. Аккредиттеу жөніндегі орган аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу туралы құжаттарды олардың түскен күнінен бастап есептелетін он бес жұмыс күні ішінде қарайды.
      Осы тармақта көзделген мерзімге субъектінің орналасқан жері бойынша тексеру жүргізу және аккредиттеу критерийлеріне сәйкессіздіктерді, егер оларды аккредиттеу жөніндегі орган анықтаған болса, жою мерзімі кірмейді.
      6. Оң шешім қабылданған жағдайда аккредиттеу жөніндегі орган аккредиттеу аттестатын жеті жұмыс күні ішінде қайта ресімдейді және аккредиттеу саласын айқындайтын құжатты қайта бекітеді.
      7. Аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеуден бас тарту туралы шешім ұсынылған құжаттар мен мәліметтерден дәйексіз ақпараттар анықталған кезде, аккредиттеу субъектісі тексеру барысында анықталған сәйкессіздіктерді белгіленген мерзімде жоймаған кезде, сондай-ақ алғашқы тексерген кездегі сәйкессіздіктер қайта тексергенде анықталған кезде қабылданады.
      Қабылданған шешім туралы хабарлама шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде аккредиттеу субъектiсiне жазбаша түрде почта арқылы немесе факсимильді байланыс арқылы жіберіледі және тиісінше өтініш беруші почта жөнелтілімін алғаны туралы хабарламаға белгі соққан күннен бастап немесе факсимильді хабар жіберілген күні алынған деп есептеледі.
      8. Аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі оны қайта ресімдеген кезде үзілмейді.
      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      23-бап. Аккредиттеу материалдарын жаңарту

      1. Аккредиттеу материалдарын жаңарту:
      1) аккредиттеу субъектiсiнiң құжаттарында көрсетiлген нормативтiк құжатқа өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзген және (немесе) жаңа нормативтiк құжатты қолданысқа енгiзген;
      2) сәйкестікті бағалау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын мамандар құрамы өзгерген;
      3) өлшем құралдары мен сынақ жабдығын ауыстырған жағдайда осы Заңның 22-бабының 1-тармағында көзделген негіздер болмаған кезде жүзеге асырылады.
      2. Жаңарту кезінде аккредиттеу субъектісі аккредиттеу жөніндегі органға жаңартудың себептерін негіздей отырып өтінімін және өзгерістер енгізілген құжаттардың екі данасын ұсынады.
      3. Аккредиттеу жөніндегі орган құжаттар түскен кезден бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оларды қарайды.
      Оң шешім шығарылған жағдайда және аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу үшін негіздер болмаған кезде аккредиттеу жөніндегі орган енгізілген өзгерістерді назарға алады, қажет болған жағдайда аккредиттеу саласын айқындайтын құжатты қайта бекітеді, бұл туралы аккредиттеу субъектісіне жазбаша почта арқылы немесе факсимильді байланыс арқылы хабарлайды және ол тиісінше өтініш беруші почта жөнелтілімін алғаны туралы хабарламаға белгі соққан күннен бастап немесе факсимильді хабар жіберілген күні алынған деп есептеледі.
      4. Ұсынылған құжаттарда және мәліметтерде анық емес ақпарат және (немесе) аккредиттеу саласын кеңейтуге қатысты ақпарат анықталған кезде аккредиттеу жөніндегі орган аккредиттеу материалдарын өзекті етуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Қабылданған шешім туралы хабарлама шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жазбаша түрде почта арқылы немесе факсимильді байланыс арқылы аккредиттеу субъектiсiне жіберіледі және тиісінше өтініш беруші почта жөнелтілімін алғаны туралы хабарламаға белгі соққан күннен бастап немесе факсимильді хабар жіберілген күні алынған деп есептеледі.
      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      24-бап. Аккредиттеу субъектілерінің тізілімі

      1. Аккредиттеу жөніндегі орган аккредиттеу субъектілерінің тізілімін қалыптастырады және жүргізеді.
      2. Аккредиттеу субъектілерінің тізілімі:
      1) осы Заңның 21-бабының 5-тармағында көрсетілген мәліметтерді;
      2) аккредиттеу саласына кіретін сәйкестікті бағалау объектілерін;
      3) аккредиттеу субъектісі басшысының тегін, атын, әкесінің атын (ол бар болған жағдайда);
      4) аккредиттеу аттестатының қайта ресімделген күні мен оның негізі;
      5) аккредиттеу материалдарын жаңарту күнін, негізін және жаңартылған аккредиттеу материалдары туралы ақпаратты;
      6) инспекциялық тексерулер жүргізілген күнді және нәтижелерін;
      7) аккредиттеу аттестатын аккредиттеу жөніндегі органның кері қайтарып алған және қайтарған күні мен негіздемесін;
      8) аккредиттеу аттестатының қолданысы тоқтатылған күні мен негіздемесін;
      9) аккредиттеу аттестатының жойылған күнін;
      10) аккредиттеу аттестатынан айыру күні мен негіздемесін;
     11) аккредиттеу аттестатының телнұсқасын беру туралы белгіні қамтуға тиіс.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген ақпарат негіздемелер туындаған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде аккредиттеу субъектілерінің тізіліміне енгізіледі.
      4. Аккредиттеу субъектілерінің тізілімінде қамтылған ақпарат онымен жеке және заңды тұлғалар танысу үшін ашық болып табылады.

      25-бап. Аккредиттеу субъектілерін инспекциялық тексеру

      1. Инспекциялық тексеру аккредиттеуден кейiнгi шарт негiзiнде жүзеге асырылады. Бірінші инспекциялық тексеру бастапқы аккредиттелген күннен кейін он екі айдан кешіктірілмей жүргізіледі. Келесі инспекциялық тексерулер екi жылда бiр реттен жиi болмайтын кезеңдiлiкпен, бiрақ осының алдындағы инспекциялық тексеру жүргізілген кезден бастап жиырма төрт айдан кешiктiрiлмей жүргізіледі.
      Аккредиттеу субьектісінің аккредиттеу критерийлерінің бұзылуына жол бергені туралы жеке немесе заңды тұлғадан өтініш не мемлекеттік органнан хабарлама түскен жағдайда, аккредиттеу жөніндегі орган кезектен тыс инспекциялық тексеру жүргізуге құқылы.
      2. Аккредиттеу субъектісіне немесе аккредиттеу субъектісінің өзі тұрған жерден тыс жерде орналасқан құрылымдық бөлімшесіне инспекциялық тексеру жүргізу мерзiмi бес жұмыс күнінен аспауға тиіс. Кезектен тыс инспекциялық тексеру жүргізу мерзімі үш жұмыс күнінен аспауға тиіс.
      Құрылымдық бөлімшелері бар аккредиттеу субъектісін инспекциялық тексерудің жалпы ұзақтығы жиырма жұмыс күнінен аспауға тиіс.
      3. Аккредиттеу жөніндегі орган инспекциялық тексеру жүргізу кезінде аккредиттеу субъектісінен қажетті түсіндірмелер, құжаттар мен мәліметтер сұратуға құқылы.
      4. Инспекциялық тексеру нәтижелері екі дана етіп жасалған есеппен ресімделеді, онда мыналар:
      1) есептің жасалған күні, уақыты мен орны;
      2) аккредиттеу жөніндегі орган басшысының инспекциялық тексеру жүргізуге негіз болған шешімінің күні мен нөмірі;
      3) инспекциялық тексеру жүргізген аккредиттеу жөніндегі сарапшылардың-аудиторлардың тегі, аты, әкесінің аты (олар болған жағдайда);
      4) аккредиттеу субъектісінің атауы, инспекциялық тексеру жүргізген кезде қатысқан аккредиттеу субъектісі өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), лауазымы;
      5) инспекциялық тексеру жүргізілген күні, уақыты мен орны;
      6) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған сәйкессіздіктер туралы және олардың сипаты туралы мәліметтер;
      7) сәйкессіздіктерді жою туралы және оларды жою мерзімдері туралы нұсқаулар;
      8) аккредиттеу субъектісі өкілінің есебімен танысу туралы немесе танысудан бас тарту туралы мәліметтер, олардың қойған қолы немесе қол қоюдан бас тартуы туралы мәліметтер көрсетіледі.
      Есептің бір данасы аккредиттеу субъектісінің өкіліне тапсырылады.
      Аккредиттеу жөніндегі орган есеп келіп түскен кезден бастап он жұмыс күні ішінде оны қарайды және аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алуға не осы Заңның 26-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен уәкілетті органға жиналған материалдарды жолдауға негіз болмаған кезде ақпарат назарға алынады не аккредиттеу субъектісінің анықталған аккредиттеу критерийлеріне сәйкессіздіктерді жоюы туралы шешім қабылдайды.
      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      26-бап. Аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу,
               қолданысын тоқтату, жою, тоқтата тұру,
               аккредиттеу аттестатынан айыру

      1. Аккредиттеу аттестатын аккредиттеу жөніндегі орган мынадай жағдайларда:
      1) аккредиттеу субъектісінің жазбаша өтініші бойынша;
      2) сәйкестікті бағалау нәтижелерінің дұрыстығына әсер ететін аккредиттеу критерийлеріне сәйкессіздіктер анықталғанда;
      3) анықталған аккредиттеу критерийлеріне сәйкессіздіктер аккредиттеу жөніндегі органның белгілеген мерзімі ішінде жойылмағанда;
      3-1) аккредиттеу субъектісінің аккредиттеу критерийлерінің бұзылуына жол бергені туралы жеке немесе заңды тұлғаның өтінішінде не мемлекеттік органның хабарламасында көрсетілген фактілер кезектен тыс инспекциялық тексеру нәтижелері бойынша расталғанда;
      4) салыстырмалы сынақтардың және (немесе) өлшем құралдарын салыстырып тексеру, калибрлеу нәтижелерін салғастырудың анықталған теріс нәтижелері жойылмағанда;
      5) аккредиттеу критерийлерінің және аккредиттеуден кейінгі шарт талаптарының бұзылғаны аккредиттеу субъектілерінің қызметіне мониторинг жүргізу нәтижелері бойынша анықталған кезде қайтарып алады.
      Аккредиттеу аттестаты аккредиттеу субъектісінің құрылымдық бөлімшесінің қызметі бөлігінде қайтарып алынуы мүмкін.
      Аккредиттеу аттестатының барлық саласына қатысы жоқ, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 3-1) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайлар басталған кезде, аккредиттеу жөніндегі орган аккредиттеу субъектісінің аккредиттеу саласының бір бөлігін уақытша жарамсыз деп тану туралы шешім қабылдайды.
      2. Егер аккредиттеу критерийлерінің анықталған сәйкессіздіктерінде әкімшілік құқық бұзу құрамының белгілері болған жағдайда, аккредиттеу жөніндегі орган осындай сәйкессіздіктер анықталған күннен бастап есептелетін, үш жұмыс күні ішінде тиісті шараларды қабылдау үшін жиналған материалдарды уәкілетті органға жібереді.
      3. Аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешiмнiң көшiрмесi шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарламасы бар тапсырысты хатпен почта арқылы аккредиттеу субъектiсiне жіберіледі және өтініш беруші почта немесе өзге байланыс ұйымының хабарламасына белгі соққан күннен бастап алынған деп есептеледі.
      4. Аккредиттеу субъектісі аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешімді алған күннен бастап, анықталған сәйкессіздіктерді жою жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
      Аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алуға негіз болған сәйкессіздіктер жойылғаннан кейін аккредиттеу субъектісі аккредиттеу аттестатын немесе аккредиттеу саласының бір бөлігін қайта жаңғырту туралы шешім қабылдау үшін аккредиттеу жөніндегі органға сәйкессіздіктердің жойылғаны туралы мәліметтерді жазбаша түрде ұсынады.
      Анықталған сәйкессіздіктердің жойылғаны туралы мәліметтерді растау қажет болған жағдайда, аккредиттеу жөніндегі орган осы Заңның 25-бабында көзделген тәртіппен инспекциялық тексеру жүргізеді.
      Аккредиттеу жөнiндегi орган сәйкессiздiктердiң жойылғаны туралы мәлiметтердi аккредиттеу субъектiсi ұсынған күннен бастап есептелетiн он жұмыс күнi iшiнде, ал инспекциялық тексеру жүргiзілген жағдайларда - ол аяқталған күннен бастап аккредиттеу аттестатын немесе аккредиттеу саласының бір бөлігін қайта жаңғырту туралы не қайта жаңғыртудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды.
      Егер аккредиттеу жөніндегі орган көрсетілген мерзімде өзінің шешімі туралы аккредиттеу субъектісін жазбаша хабардар етпесе, онда көрсетілген мерзім өткеннен кейін аккредиттеу аттестаты қайта жаңғыртылады.
      5. Аккредиттеу аттестатының қолданысы мына негіздер бойынша тоқтатылады:
      1) аккредиттеу субъектісінің жазбаша өтінішінің болуы;
      2) аккредиттеуден кейінгі шарттың тоқтатылуы.
      6. Өтініш берушінің аккредиттеу аттестатын алу кезінде жалған ақпаратты ұсынғаны анықталған жағдайда аккредиттеу жөніндегі органның өтініші бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіпте сот аккредиттеу аттестатын жоюды жүргізеді.
      7. Аккредиттеу аттестатын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 

      27-бап. Дауларды шешу

      1. Өтініш берушілер мен аккредиттеу субъектілері аккредиттеу жөніндегі органның теріс шешіміне аккредиттеу материалдары бойынша апелляция жөніндегі комиссияға шағымдануға құқылы.
      2. Апелляция жөніндегі комиссияны аккредиттеу жөніндегі органның басшысы құрады.
      Апелляция жөніндегі комиссия құрамы оған уәкілетті орган жанында аккредиттелген қауымдастық (одақтар) нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігінің үш өкілін, уәкілетті органның үш өкілін және аккредиттеу жөніндегі органның бір өкілін жіберу арқылы жасақталады.
      3. Апелляция жөніндегі комиссияның төрағасы және хатшысы оның мүшелерінің көпшілік даусымен сайланады.
      Апелляция жөніндегі комиссияның төрағасы комиссия туралы ережені бекітеді, оның қызметіне басшылық жасайды, комиссияның отырысын өткізеді, оның жұмысын жоспарлайды.
      4. Апелляция жөніндегі комиссия шағым түскен күннен бастап он  жұмыс күні ішінде қабылданған шешімнің негізділігі туралы қорытындыны аккредиттеу жөніндегі органның басшысына ұсынады.
      5. Аккредиттеу жөніндегі орган басшысы апелляция жөніндегі комиссия қорытындысын қарау нәтижелері туралы шағым берген өтініш берушіге немесе аккредиттеу субъектісіне қорытынды ұсынылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлайды.
      6. Өтініш берушілер мен аккредиттеу субъектілері аккредиттеу мәселелері бойынша даулар туындаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы.

      28-бап. Аккредиттеу жөніндегі шетелдік органдар
              жүргізген аккредиттеу нәтижелерін тану

      1. Қазақстан Республикасында аккредиттеу жөніндегі шетелдік органдар жүргізген аккредиттеу нәтижелерін тану аккредиттеу жүйелерінің, аккредиттеу кезінде қолданылатын рәсімдер мен талаптардың бірдейлігін тану негізінде жүзеге асырылады.
      2. Аккредиттеу нәтижелерін өзара тану екіжақты және көпжақты келісімдер жасасу арқылы жүзеге асырылады.
      3. Аккредиттеу жөніндегі шетелдік органдар берген аккредиттеу аттестаттары немесе оларға тепе-тең құжаттар Қазақстан Республикасында аккредиттеу жөніндегі халықаралық (өңірлік) мемлекеттік емес, үкіметтік емес ұйымдармен жасалған келісімдерге сәйкес танылады.

      29-бап. Қазақстан Республикасының сәйкестікті
               бағалау саласындағы аккредиттеу туралы
               заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      30-бап. Қазақстан Республикасының сәйкестікті
               бағалау саласындағы аккредиттеу туралы
               заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау

      1. Аккредиттеу жөніндегі органның Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасын сақтауына мемлекеттік бақылау тексеру нысанында жүзеге асырылады.
      Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасын аккредиттеу субъектілерінің сақтауына мемлекеттік бақылау "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жоспардан тыс тексеру нысанында жүзеге асырылады.
      3. Аккредиттеу жөніндегі органды тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметіне аккредиттеу жөніндегі органды мәртебесінен айыру туралы ұсыныспен жүгінуге құқылы.
       Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      31-бап. Қорытынды және өтпелі ережелер

      1. Осы Заң, 2009 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 10-бабының 2-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген аккредиттеу аттестаттары жарамды деп есептеледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                       Н. НАЗАРБАЕВ