Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 1 шілдедегі N 444 Заңы.

Жаңартылған

     

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы туындайтын қатынастарды реттейді және оны жүргізудің құқықтық, қаржылық және ұйымдық негіздерін белгілейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жәбірленуші – тасымалдауды жүзеге асыру кезінде өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтірілген жолаушы;

      2) жолаушы – тасымалдаушымен ауызша немесе жазбаша нысанда тасымалдау шартын жасасқан жеке тұлға;

      3) жолаушының мүлкі – тасымалдау кезінде зиян келтірілгені үшін тасымалдаушы жауап беретін жолаушының багажы және жолаушының өзімен алып жүретін қол жүгі;

      4) пайда алушы – осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемін алушы болып табылатын тұлға;

      5) сақтандыру жағдайы – басталуына орай сақтандыру шарты сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін оқиға;

      6) сақтандыру омбудсманы – "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру нарығына қатысушылар арасындағы келіспеушіліктерді реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға;

      7) сақтандыру сомасы – сақтандыру объектісі сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін білдіретін ақша сомасы;

      8) сақтандыру сыйлықақысы – сақтанушы сақтандырушыға соңғысы сақтандыру шартында айқындалған мөлшерде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемін жүргізу міндеттемесін қабылдағаны үшін төлеуге міндетті ақша сомасы;

      9) сақтандыру төлемі – сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру сомасы шегінде төлейтін ақша сомасы;

      10) сақтандырушы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия алған, сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) шартта айқындалған сома (сақтандыру сомасы) шегінде сақтандыру төлемін жүргізуге міндетті заңды тұлға;

      11) сақтандырылушы – өзіне қатысты сақтандыру жүзеге асырылатын тұлға;

      12) сақтанушы – сақтандырушымен сақтандыру шартын жасасқан тұлға. Егер сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтанушы бір мезгілде сақтандырылушы болып табылады;

      13) тасымалдаушы – меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде, қалалық рельстік көлікті қоса алғанда, теміржол, теңіз, ішкі су, әуе, автомобиль көлігі құралын иеленетін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жолаушыларды және олардың мүлкін ақы төлеу немесе жалдау бойынша тасымалдауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      14) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігі – тасымалдаушының жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды өтеуінің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген өтеу міндеті;

      15) франшиза – сақтандырушыны белгілі бір мөлшерден аспайтын залалды өтеуден босату.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

3-бап. Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудың объектісі

      Тасымалдаушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгіленген жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүддесі тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (бұдан әрі - тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру) объектісі болып табылады.

4-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың мақсаты мен негізгі принциптері

      1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың мақсаты жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың мүліктік мүдделерін қорғауды сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру арқылы қамтамасыз ету болып табылады.

      2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың негізгі қағидаттары:

      жәбірленушілердің мүліктік мүдделерін осы Заңда белгіленген көлемде және тәртіппен қорғауды қамтамасыз ету;

      тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша жауапкершілігі сақтандырылған тасымалдаушының жолаушыларды және олардың мүлкін тасымалдауды жүзеге асыруы;

      тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша тараптардың өз міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету болып табылады.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап. Азаматтық-құқықтық жауапкершілігі тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруға жататын тұлғалар

      1. Жолаушыларды және олардың мүлкін темір жол, теңіз, ішкі су, әуе, автомобиль көлігімен және қалалық рельстік көлікпен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылардың - Қазақстан Республикасы резиденттерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі міндетті сақтандырылуға жатады.

      2. Тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігі жолаушыларды және олардың мүлкін тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралының әр бірлігі бойынша сақтандырылуға жатады.

      Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің ерікті сақтандыру шартын жасасуы тасымалдаушыны тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндеттен босатпайды.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-тарау. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету

6-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау

      1. Сақтандыру ұйымдарының қызметін мемлекеттік бақылауды және қадағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүзеге асырады.

      2. Тасымалдаушының осы Заңды тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу бөлігінде орындалуына мемлекеттік бақылау жасау:

      1) автомобиль көлігін және қалалық рельстік көлікті пайдалануға қатысты жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшелеріне;

      2) әуе көлігін пайдалануға қатысты көлік және коммуникациялар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға;

      3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдарына жүктеледі.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.11 N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.01.06 № 238-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2010.06.30 № 297-IV (2011.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.04.2014 № 195-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 26.12.2017 № 124-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспай жолаушыларды тасымалдауға жол бермеу

      1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспаған тасымалдаушының жолаушыларды тасымалдауына жол берілмейді.

      2. Халықаралық тасымалды жүзеге асыратын тасымалдаушы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес тасымалдаушының жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасуға міндетті.

      3. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшелері және көліктік бақылау органдары құжаттарды тексеру кезінде тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндетті тасымалдаушының орындауын тексеруге мiндеттi.

      4. Көлік және коммуникациялар саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган осы баптың 1-тармағын бұзғаны үшін тасымалдаушы лицензиясының қолданысын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұрады.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

8-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асырудың ерекшеліктері

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (02.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Сақтандыру ұйымы ретiнде тiркелген заңды тұлға тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензия алғанға дейiн "Сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртiппен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорымен қатысу шартын жасасуға міндетті.

      2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандырушы өзінің шоғырландырылған қаржылық есептілігін, ал еншілес ұйымы (ұйымдары) болмаған жағдайда - шоғырландырылмаған қаржылық есептілігін және аудиторлық есебін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын кемінде екі мерзімді баспа басылымында қазақ және орыс тілдерінде жыл сайын жариялауға міндетті.

      3. Бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, бір сақтандырушыларға басқалар алдында тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі негізсіз артықшылықтар беруге немесе оларды алуына, сақтанушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасауға бағытталған қызметке жол берілмейді.

      4. Мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алулар туралы заңдарына сәйкес тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша көрсететін сақтандыру қызметін алуға міндетті.

      5. Алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.02.20 N 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.11 N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Ақпараттық өзара іс-қимыл

      1. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшелері жолаушылар автомобиль көлігіндегі көлік оқиғасына қатысушыларға сақтандыру жағдайының басталу фактісін растайтын құжаттардың бір-бір данасын, оның ішінде жол оқиғасының схемасымен қоса, жол жүрісі қағидаларының бұзылуы туралы хаттаманың көшірмесін тегін береді.

      2. Жолаушылар көлігіндегі оқиға және оның салдары туралы ақпарат қолында бар жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшелері, прокуратура органдары, соттар, денсаулық сақтау ұйымдары, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар осы ақпаратты сақтандырушыға, сақтандырылушыға, пайда алушыға және сақтандыру омбудсманына олар өтініш жасаған кезде беруге міндетті.

      3. Жолаушыларды автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушының жәбірленушілерге немесе олардың мұрагерлеріне сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарлауға мүмкіндігі болмаған кезде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшелері тиісті сақтандырушыға осы көлік оқиғасы туралы хабар беруді жүзеге асырады.

      Сақтандырушыға сақтандыру жағдайы туралы кез келген басқа адамның да хабарлауға құқығы бар.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.04.2014 № 195-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты

10-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты және оны жасасу тәртібі

      1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру осы Заңға сәйкес сақтанушы мен сақтандырушының арасында жасалатын шарт негізінде жүзеге асырылады.

      2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында мүліктің тауарлық құнының жоғалуын, сондай-ақ жәбірленушінің тауарларды жеткізудің немесе жұмыстарды жүргізудің (қызметтер көрсетудің) мерзімдерін, оның келісім-шарттар (шарттар) бойынша өзге де міндеттемелерді бұзуына байланысты тұрақсыздық айыбын өтеуді қоса алғанда, жәбірленушінің моральдық зиянын және ала алмаған пайдасын өтеуді қоспағанда, жәбірленушінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтіру салдарынан туындаған міндеттемелер бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асыру көзделеді.

      3. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты міндетті сақтандырудың осы түрі (сыныбы) бойынша қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуы тиіс.

      Сақтанушы сақтандырушыны таңдауда ерікті.

      Сақтандырушының сақтанушыға тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасудан бас тартуына құқығы жоқ.

      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтанушы сыйлықақысын төлеуге міндеттенеді, ал сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде пайда алушыға осы Заңда белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндеттенеді.

      4. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты сақтандырушының сақтандыру полисін электрондық нысанда ресімдеуі арқылы жасалады.

      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу үшін сақтанушының өтініші негіз болып табылады.

      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында көрсетілуге жататын талаптардың толық болмағаны үшін сақтандырушы жауапты болады. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша оның жекелеген талаптарының толық болмауы салдарынан дау туындаған жағдайда, дау сақтанушының пайдасына шешіледі.

      4-1. Тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарты сақтанушының қалауы бойынша сақтандырушыға жазбаша өтініш жасау не сақтанушы мен сақтандырушы арасында сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып электрондық нысанда ақпарат алмасу арқылы жасалуы мүмкін.

      5. Сақтандыру полисінде, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 826-бабында санамаланған талаптардан басқа, сақтандырушының бір сақтандыру жағдайы бойынша жауапкершілігінің шекті көлемінің мөлшері көрсетілуге тиіс.

      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру полисінің мазмұны мен ресімделуі жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленеді.

      6. Алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      7. Егер сақтандырушы тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын сақтанушының (сақтандырылушының) немесе жәбірленушінің жағдайын осы Заңда көзделгенмен салыстырғанда нашарлататын талаптармен жасасса, онда сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы сақтанушының (сақтандырылушының) және жәбірленушінің алдында осы Заңда белгіленген талаптар бойынша міндетті болады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

10-1-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу кезінде сақтандырушыға және интернет-ресурстарға қойылатын талаптар

      1. Тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу кезінде сақтандырушының интернет-ресурсы сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу үшін пайдаланылады.

      Тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу үшін өтініш беру кезінде сақтанушыдан мамандандырылған бағдарламалық қамтылымды пайдалану талап етілмейді.

      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын электрондық нысанда жасасу үшін пайдаланылатын сақтандыру ұйымдарының интернет-ресурстарының тізбесі дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның интернет-ресурсында орналастырылады.

      2. Сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасындағы электрондық ақпараттық ресурстармен алмасу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

      3. Тасымалдаушының жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру шартын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу кезінде сақтандырушы:

      1) сақтанушыға тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу не оны жасасудан бас тарту (бас тарту себептерін көрсете отырып) туралы хабарламаны электрондық хабар түрінде дереу жөнелтуді;

      2) сақтанушының тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарты жөніндегі ақпаратты дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның ақпараттық жүйесі арқылы тексеру мүмкіндігін;

      3) сақтанушы үшін сақтандырушының интернет-ресурсына тәулік бойы қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын электрондық нысанда сақтауды;

      4) сақтанушыға (сақтандырылушыға, пайда алушыға):

      мәліметтерді өзгерту, тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын қайта ресімдеу;

      тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтату;

      сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабардар ету;

      келтірілген зиян мөлшерін бағалауды жүргізу;

      сақтандыру төлемін алу үшін қажетті ақпаратты (өтініштерді, хабарламаларды және (немесе) өзге де құжаттарды, мәліметтерді) электрондық нысанда жасау және сақтандырушыға жөнелту мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.

      Тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу туралы хабарлама дерекқорды қалыптастыру және жүргiзу жөніндегі ұйымнан жіберіледі.

      Тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу туралы хабарламаның тәртібі мен мазмұнына қойылатын талаптарды уәкілетті орган айқындайды.

      4. Егер тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу кезінде, осы сақтандыру шарты сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру сыйлықақысын бөліп төлеген жағдайда бірінші сақтандыру жарнасын) төлеген күннен бастап сақтанушымен сақтандырушы ұсынған талаптарда жасалды деп есептеледі.

      5. Тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу кезінде сақтанушы осы Заңда көзделген сақтандыру талаптарымен танысқаннан кейін сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру сыйлықақысын бөліп төлеген жағдайда бірінші сақтандыру жарнасын) төлейді, сол арқылы өзіне ұсынылған талаптарда осы қосылу шартын жасасуға өзінің келісетінін растайды.

      6. Сақтандырушы тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарттарын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу мүмкіндігін тәулік бойы қамтамасыз етеді.

      7. Сақтандыру агенттерінің сақтанушы мен сақтандырушы арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы электрондық нысанда сақтандыру шарттарын жасасуға арналған сақтандыру ұйымдарының ақпараттық жүйелерін пайдаланып тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі қызметіне жол берілмейді.

      Ескерту. 3-тарау 10-1-баппен толықтырылды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

11-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының қолданылуы

      1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты осы Заңға сәйкес жәбірленуші деп танылған барлық адамдарға қатысты қолданылады.

      2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты, егер тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының талаптарында өзгеше көзделмесе, сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеген, ал оны төлем мерзімін ұзартып төлеген кезде - бірінші сақтандыру жарнасын төлеген кезден бастап күшіне енеді және тараптар үшін міндетті болады.

      3. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты, осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, күшіне енгізілген күннен бастап он екі ай мерзімге жасалады.

      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты сақтандырудың барлық мерзімі ішінде қолданылады және бірінші сақтандыру жағдайының басталуы бойынша қолданылуын тоқтатпайды.

      4. Егер тасымалдаушының жолаушыларды және олардың мүлкін тасымалдауды жүзеге асыру құқығы он екі айдан кем мерзім ішінде аяқталатын болса, онда тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты тек осы мерзімге ғана жасалады.

      4-1. Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің қатысушысы - мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының кредиторларымен (сақтанушыларымен) он екі айдан кем мерзімге жасасуға жол беріледі.

      5. Егер Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағымен шектеледі.

      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.02.20 N 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

12-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтату

      1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген жағдайларда мерзімінен бұрын тоқтатылады.

      2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтату үшін сақтанушы (сақтанушы қайтыс болған жағдайда - оның мұрагері (мұрагерлері) сақтандырушыға жазбаша өтініш береді.

      3. Тасымалдаушының жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатқан және осы сақтандырушымен тасымалдаушының жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың жаңа шартын жасасқан кезде сақтандырушының сақтандыру сыйлықақысының бір бөлiгiн мынадай мөлшерлерде ұстап қалуға құқығы бар:

      ССБ = СС * n/N, мұнда:

      ССБ – сақтандырушы ұстап қалатын сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi (теңгемен);

      СС – тасымалдаушыны мiндеттi сақтандыру шарты бойынша төленген сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi (теңгемен);

      n – тасымалдаушыны мiндеттi сақтандыру шарты күшiне енген күннен бастап, өтiнiш жасалған күндi қоса алғанда, оны мерзiмiнен бұрын тоқтатқан күнге дейiн өткен мерзiм (күнмен);

      N – тасымалдаушының жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты жасалған мерзiм (күнмен).

      4. Осы баптың 3-тармағында көзделген шарттар сақталмаған кезде сақтандырушының сақтандыру сыйлықақысының бiр бөлiгiн тасымалдаушының жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатқан кезде мынадай мөлшерлерде ұстап қалуға құқығы бар:

р/с

Тасымалдаушының жауапкершілігін мiндеттi сақтандыру шарты күшіне енген кезден бастап ол мерзімінен бұрын тоқтатылған кезге дейін өткен мерзім

Сақтандыру сыйлықақысының мөлшері (жылдық сақтандыру сыйлықақысынан пайызбен)

1

2

3

1

1 айды қоса алғанға дейін

20

2

1 айдан 2 айды қоса алғанға дейін

30

3

2 айдан 3 айды қоса алғанға дейін

40

4

3 айдан 4 айды қоса алғанға дейін

50

5

4 айдан 5 айды қоса алғанға дейін

60

6

5 айдан 6 айды қоса алғанға дейін

70

7

6 айдан 7 айды қоса алғанға дейін

75

8

7 айдан 8 айды қоса алғанға дейін

80

9

8 айдан 9 айды қоса алғанға дейін

85

10

9 айдан 10 айды қоса алғанға дейін

90

11

10 айдан 11 айды қоса алғанға дейін

95

12

11 айдан жоғары

100

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Сақтанушының құқықтары мен міндеттері

      1. Сақтанушы:

      1) сақтанушыдан тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың талаптарын, тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша өзінің құқықтары мен міндеттерін түсіндіруді талап етуге;

      2) алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      3) жәбірленушінің денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянның мөлшерін бағалау үшін тәуелсіз сарапшы көрсететін қызметтерді пайдалануға;

      4) сақтанушы немесе тәуелсіз сарапшы жасаған, келтірілген зиянның мөлшерін бағалаудың нәтижелерімен және сақтандыру төлемі мөлшерінің есеп-қисабымен танысуға;

      5) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтатуға;

      5-1) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын мәселелерді реттеу үшін осы Заңның 24-1-бабында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып сақтандырушыға не сақтандыру омбудсманына немесе сотқа жүгінуге;

      6) өтінішті және қоса берілетін құжаттарды сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, оның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы, соның ішінде оның филиалы, өкілдігі арқылы) жіберуге;

      7) осы Заңда көзделген жағдайларда сақтандыру төлемін алуға құқылы.

      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына қайшы келмейтін басқа да құқықтары көзделуі мүмкін.

      2. Сақтанушы:

      1) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде осы Заңға сәйкес тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартына енгізу үшін қажетті мәліметтерді сақтандырушыға ұсынуға;

      2) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге;

      3) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы өзіне белгілі болғаннан бастап шұғыл түрде, бірақ үш жұмыс күнінен кешіктірмей, қолдан келетін тәсілмен (ауызша, жазбаша) бұл туралы сақтандырушыға хабарлауға міндетті. Ауызша нысандағы хабарлама кейіннен (жетпіс екі сағат ішінде) жазбаша түрде расталуға тиіс. Сақтанушы мен сақтандырылушы бір тұлға болып табылмайтын жағдайларда, сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыға хабарлау жөніндегі міндет сақтандырылушыға жүктеледі. Егер сақтанушының (сақтандырылушының) дәлелді себептермен аталған іс-әрекеттерді орындау мүмкіндігі болмаса, ол мұны құжаттармен растауға тиіс;

      4) сақтандыру жағдайы басталған кезде ықтимал шығындарды болдырмау немесе азайту үшін қалыптасқан мән-жайларда дұрыс және қолдан келетін шаралар алуға, оның ішінде мүлікті құтқаруға және зардап шеккен адамдарға көмек көрсету шараларын қолдануға;

      5) сақтандыру жағдайы және зардап шеккен адамдар туралы тиісті органдарға олардың құзыретiне қарай (жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшелеріне, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына, жедел медициналық жәрдем қызметіне, авариялық қызметтерге) хабарлауға;

      6) көліктегі сақтандыру жағдайы туралы акті жасауға;

      7) сақтандыру жағдайының басталуына жауапты адамға кері талап қою құқығының сақтандырушыға өтуін қамтамасыз етуге міндетті.

      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін басқа да міндеттері көзделуі мүмкін.

      3. Осы баптың 2-тармағының 4), 5) және 7) тармақшаларында аталған сақтанушының міндеттері сақтандыру жағдайы басталған сәтте көлік құралын тікелей жүргізген адамға жүктеледі.

      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.05.26 N 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 17.04.2014 № 195-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

14-бап. Сақтандырушының құқықтары мен міндеттері

      1. Сақтандырушы:

      1) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтанушыдан, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартына енгізу үшін қажетті мәліметтерді, оның ішінде тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың осының алдындағы шарттары, сақтандыру жағдайлары және сақтандыру төлемдері туралы ақпаратты беруін талап етуге;

      2) тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардан, олардың құзыретіне орай, сақтандыру жағдайының басталу фактісін және жәбірленушілерге келтірілген зиянның мөлшерін растайтын құжаттарды сұратуға;

      3) көлік оқиғасының себептерін және өзге де мән-жайларын анықтау үшін жәбірленушінің зақымдалған (жойылған) мүлкіне бағалау жүргізуге;

      4) жәбірленушінің денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянның мөлшерін бағалау және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау үшін тәуелсіз сарапшы көрсететін қызметтерді пайдалануға;

      5) осы Заңның 23-бабында көзделген жағдайларда келтірілген зиян үшін жауапты тұлғаға кері талап қоюға;

      6) осы Заңның 24-бабында көзделген негіздер бойынша сақтандыру төлемін толық немесе ішінара жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.

      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына қайшы келмейтін басқа да құқықтары көзделуі мүмкін.

      2. Сақтандырушы:

      1) сақтанушыны (сақтандырылушыны) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру талаптарымен, оның ішінде тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын тараптардың құқықтарымен және міндеттерімен таныстыруға;

      2) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде сақтанушыға (сақтандырылушыға) сақтандыру полисін ресімдеуге;

      3) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабар алынған кезде оны шұғыл түрде тіркеуге;

      4) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабар алынған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде сақтанушының немесе оның өкілінің өтініші бойынша келтірілген зиянның мөлшеріне бағалау жүргізуге, сақтандыру төлемі мөлшерінің есеп-қисабын көрсете отырып сақтандыру актісін жасауға және оны танысу үшін пайда алушыға ұсынуға;

      4-1) сақтандыру жағдайының басталу фактісін және сақтандырушы өтеуге тиісті зиянның мөлшерін растайтын құжаттар жеткіліксіз болған кезде, оларды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жетіспейтін және (немесе) дұрыс ресімделмеген құжаттардың толық тізбесін көрсете отырып, бұл туралы өтініш берушіге хабарлауға;

      5) сақтандыру жағдайы басталған кезде осы Заңда белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру төлемін жасауға;

      5-1) сақтанушыдан (жәбірленушіден, пайда алушыдан) өтінішті алған кезде бес жұмыс күні ішінде сақтанушының (жәбірленушінің, пайда алушының) талабын қарауға және дауды одан әрі реттеу тәртібін көрсете отырып, жазбаша жауап беруге;

      5-2) сақтанушыдан (жәбірленушіден, пайда алушыдан) сақтандыру омбудсманына жіберілетін өтінішті алған кезде осы өтінішті, сондай-ақ оған қоса берілетін құжаттарды алынған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде сақтандыру омбудсманына қайта жіберуге;

      6) сақтанушыға (сақтандырылушыға) олардың сақтандыру жағдайы кезінде шығындарды болдырмау немесе азайту мақсатымен жұмсаған шығыстарын өтеуге;

      7) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге міндетті.

      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін басқа да міндеттері көзделуі мүмкін.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

15-бап. Жәбірленушінің құқықтары

      1. Жәбірленуші:

      1) сақтандырушыға сақтанушының (сақтандырылушының) жолаушыларды және олардың мүлкін тасымалдауды жүзеге асыруы нәтижесінде болған сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарлауға;

      2) сақтанушының (сақтандырылушының) орнына сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды жинауға және оларды сақтанушымен (сақтандырылушымен) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушыға беруге;

      3) денсаулыққа және (немесе) мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін бағалау үшін тәуелсіз сарапшы көрсететін қызметтерді пайдалануға;

      4) сақтандырушы немесе тәуелсіз сарапшы жасаған, келтірілген зиянның мөлшерін бағалаудың нәтижелерімен және сақтандыру төлемі мөлшерінің есеп-қисабымен танысуға;

      5) осы Заңда белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру төлемін алуға;

      5-1) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын мәселелерді реттеу үшін осы Заңның 24-1-бабында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып сақтандырушыға не сақтандыру омбудсманына немесе сотқа жүгінуге;

      6) өтінішті және қоса берілетін құжаттарды сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, оның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы арқылы, соның ішінде оның филиалы, өкілдігі арқылы) жіберуге;

      7) келтірілген зиян сомасының алынған сақтандыру төлемі сомасынан асатын мөлшерінде келтірілген зиянды өтеу туралы тасымалдаушыға талап қоюға құқылы.

      2. Осы Заңда көзделген жайларда, жәбірленушінің осы баптың 1-тармағында белгіленген құқықтары пайда алушылар ретінде әрекет етуші өзге тұлғаларға өтеді.

      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. Сақтандыру сыйлықақылары

16-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшері

      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асырған кезде көлік құралының әр бірлігі үшін жылдық сақтандыру сыйлықақыларының мынадай мөлшерлері белгіленеді (айлық есептік көрсеткіштермен):

      __________________________________________________________________

      Рет | Көлік құралының атауы | Жылдық сақтандыру

      N | | сыйлықақысының мөлшері

      __________________________________________________________________

      1. Автомобиль көлігі

      __________________________________________________________________

      1) жеңіл автомобильдер, автобустар,

      шағын автобустар

      жолаушылар орны 4-ке дейін, 3

      қоса алғанда

      жолаушылар орны 4-тен 7-ге дейін, 5

      қоса алғанда

      жолаушылар орны 7-ден 16-ға дейін, 11,5

      қоса алғанда

      жолаушылар орны 16-дан 30-ға дейін, 16

      қоса алғанда

      жолаушылар орны 30-дан көп 23

      2) трамвайлар, троллейбустар 7

      __________________________________________________________________

      2. Әуе көлігі

      __________________________________________________________________

      1) ұшақтар

      жолаушылар орны 50-ге дейін, 400

      қоса алғанда

      жолаушылар орны 50-ден 120-ға дейін 990

      жолаушылар орны 120-дан 200-ге дейін 2180

      жолаушылар орны 200-ден көп 3820

      2) тікұшақтар 135

      __________________________________________________________________

      3. Теңіз көлігі

      __________________________________________________________________

      жолаушылар орны 50-ге дейін, 50

      қоса алғанда

      жолаушылар орны 50-ден 100-ге дейін 100

      жолаушылар орны 100-ден 150-ге дейін 150

      жолаушылар орны 150-ден 300-ге дейін 300

      жолаушылар орны 300-ден көп 530

      __________________________________________________________________

      4. Ішкі су көлігі

      __________________________________________________________________

      жолаушылар орны 50-ге дейін, 17,5

      қоса алғанда

      жолаушылар орны 50-ден 100-ге дейін 35

      жолаушылар орны 100-ден 150-ге дейін 50

      жолаушылар орны 150-ден 300-ге дейін 90

      жолаушылар орны 300-ден көп 160

      __________________________________________________________________

      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2. Темір жол тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысының мөлшері жолаушыларды және олардың мүлкін тасымалдау бойынша іске асырылатын қызмет көрсетуден түскен, тасымалдаушының жауапкершілігін сақтандыру шартының қолданылу күшінің кезеңі ішінде тасымалдаушының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша алған (алуға тиіс) кіріс сомасының 0,2 процентін құрайды, бір ай ішінде алынған (алынуға тиіс) кірістен ай сайынғы жарналар түрінде төленеді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-1-тармақпен толықтыру көзделген – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын он екі айдан кем мерзімге жасасқан кезде сақтандыру сыйлықақыларының мынадай мөлшерлері белгіленеді:

      __________________________________________________________________

      Рет | Сақтандыру мерзімі | Сақтандыру

      N | | сыйлықақысының мөлшері

      | | (жылдық сақтандыру

      | | сыйлықақысынан процент

      | | есебімен)

      __________________________________________________________________

      1 2 3

      __________________________________________________________________

      1 1 айға дейін, қоса алғанда 20

      2 1 айдан 2 айға дейін, қоса алғанда 30

      3 2 айдан 3 айға дейін, қоса алғанда 40

      4 3 айдан 4 айға дейін, қоса алғанда 50

      5 4 айдан 5 айға дейін, қоса алғанда 60

      6 5 айдан 6 айға дейін, қоса алғанда 70

      7 6 айдан 7 айға дейін, қоса алғанда 75

      8 7 айдан 8 айға дейін, қоса алғанда 80

      9 8 айдан 9 айға дейін, қоса алғанда 85

      10 9 айдан 10 айға дейін, қоса алғанда 90

      11 10 айдан 11 айға дейін, қоса алғанда 95

      12 11 айдан жоғары 100

      __________________________________________________________________

      Осы тармақтың күші темір жол тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушымен жасасқан тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартына қолданылмайды.

      4. Тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарты сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасалған жағдайда, сақтандырушының ұйғаруы бойынша сақтанушыға осы бапқа және осы Заңның 17-бабына сәйкес есептелген, төленуге жататын сақтандыру сыйлықақысының он пайызынан аспайтын мөлшерде шегеріс берілуі мүмкін.

      Бұл ретте тасымалдаушының жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартында бір мезгілде сақтандыру сыйлықақысының жалпы сомасы мен шегеріс (болған кезде) ескерілген сақтандыру сыйлықақысының сомасы көрсетілуге тиіс.

      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдаланбай өзге тәсілдермен, оның ішінде сақтандыру агенттері арқылы жасасу кезінде шегерістер беруге жол берілмейді.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

17-бап. Сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерін ұлғайту

      1. Темір жол тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтандырушы осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін өзі жүргізген сақтандыру тәуекелін бағалаудың нәтижелері бойынша, бірақ тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты қолданылатын кезеңнің ішінде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жолаушылар мен олардың мүлкін тасымалдаудан алынған (алынуға тиіс) кіріс сомасының 0,5 процентінен аспайтын мөлшерге дейін ұлғайтуы мүмкін.

      2. Теміржол тасымалынан басқа, жолаушылар тасымалының өзге де түрлерін жүзеге асыратын тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде сақтандырушы осы Заңның 16-бабының 1-тармағында көзделген сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін өзі жүргізген сақтандыру тәуекелін бағалаудың нәтижелері бойынша ұлғайтуы мүмкін, бірақ ол 2 еседен аспауға тиіс.

      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

18-бап. Сақтандыру сыйлықақыларын төлеудің тәртібі мен мерзімдері

      1. Сақтандыру сыйлықақысын төлеудің тәртібі мен мерзімдері тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында белгіленеді.

      2. Егер тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында сақтандыру сыйлықақысын төлем мерзімін ұзартып төлеу көзделсе, онда сақтанушының кезекті сақтандыру жарнасын төлемеуі сақтандырушының осы шартты мерзімінен бұрын тоқтатуы үшін негіз бола алмайды.

      3. Кезекті сақтандыру жарнасы уақтылы төленбеген жағдайда сақтанушы сақтандырушыға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 353-бабында белгіленген тәртіппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті.

      4. Сақтандырушы сақтандыру сыйлықақысын қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеу мүмкіндігін сақтандырушының интернет-ресурсы арқылы береді.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-тарау. Сақтандыру жағдайын, келтірілген зиянның және сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау

19-бап. Сақтандыру жағдайын және келтірілген зиянның мөлшерін айқындау

      1. Тасымалдау кезінде жолаушылардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды өтеу бойынша тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру жағдайы деп танылады.

      2. Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянға оның қайтыс болуына, еңбекке қабілеттілігін уақытша немесе тұрақты жоғалтуына байланысты зиянның материалдық көрінісі жатады.

      Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянның мөлшері тиісті ұйымдар берген құжаттар негізінде осы Заңға сәйкес айқындалады.

      3. Жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян жолаушының тасымалдаушы тасымалдауға қабылдап алған және (немесе) жолаушының жанындағы (қолындағы), тасымалдау кезінде жоғалған, жетіспеген немесе зақымдалған (бүлінген) мүлкінің (багаж) құнын қамтиды.

      Багаж және (немесе) жолаушының жанындағы (қолындағы) заттар тасымалдаушының кінәсінен жоғалған, жетіспеген және (немесе) зақымдалған (бүлінген) кезде келтірілген зиянның мөлшері мынадай түрде:

      1) багаж, сондай-ақ жолаушының жанындағы (қолындағы) заттар жоғалған немесе жетіспеген жағдайда - жоғалған немесе жетіспеген багаждың және (немесе) жолаушының жанындағы (қолындағы) заттардың құны мөлшерінде;

      2) багаж, сондай-ақ жолаушының жанындағы (қолындағы) заттар зақымдалған (бүлінген) жағдайда - олардың төмендеген құны сомасының мөлшерінде, ал зақымдалған багажын, сондай-ақ жолаушының жанындағы (қолындағы) заттарды қалпына келтіруге мүмкіндік болмаған кезде - олардың құны мөлшерінде;

      3) тасымалдауға құны жарияланып тапсырылған багаж жоғалған жағдайда - багаждың жарияланған құны мөлшерінде айқындалады.

      4. Сақтандыру жағдайының басталуын, сондай-ақ тасымалдау кезінде жолаушылардың мүлкіне келтірілген зиянның мөлшерін дәлелдеу сақтанушыға (сақтандырылушыға) жүктеледі.

      Сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесінде келтірілген зиянның мөлшерін сақтанушының немесе оның өкілінің жазбаша өтінішімен сақтандырушы айқындайды.

      5. Мүлікке келтірілген зиянның мөлшеріне сақтандырушы немесе тәуелсіз сарапшы жасаған бағалаудың нәтижелерімен келіспеген жағдайда, сақтанушы (сақтандырылушы) немесе жәбірленуші зиянның мөлшерін бағалау үшін басқа тәуелсіз сарапшыға жүгінуге құқылы. Бұл орайда, сақтанушы (сақтандырылушы) немесе жәбірленуші шеккен шығындар, егер жүргізілген бағалаудың негізділігі мен объективтілігін сақтандырушы мойындаса немесе сот белгілейтін болса, сақтандырушы сақтандыру төлемінің жүзеге асырылғанына қарамастан, өтеуге тиіс.

      6. Егер сақтанушы немесе тәуелсіз сарапшы өздері сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарды алғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде жоғалған, жетіспеген немесе зақымдалған (бүлінген) мүлікті тиісті қарауды және мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін бағалауды сақтандыру актісін жасай отырып жүргізбеген болса, онда сақтанушы (сақтандырылушы) не жәбірленуші тәуелсіз сарапшы көрсететін қызметтерді пайдалануға және мүлікті қалпына келтіруді (кәдеге жаратуды) бастауға құқылы. Бұл ретте сақтандырушы, егер зақымдалған (жойылған) мүлікті уақтылы бағалаудың мүмкін болмағандығы дәлелді себептерге (осы мүлік иесінің қайтыс болуы, сырқаттануы) байланысты екендігін не сақтанушының (сақтандырылушының) немесе жәбірленушінің мүлікті бағалауға ұсынудан жалтаруына байланысты кінәсі бар екендігін дәлелдей алмаса, мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін бағалаудың нәтижелеріне дау айтуға құқылы емес.

      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

20-бап. Сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау

      1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында бір сақтандыру жағдайы (сақтандыру сомасы) бойынша сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемі бөлек көрсетілуге және кемінде мынадай мөлшерлерді құрауға (айлық есептік көрсеткіштермен):

      әрбір жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін және ол мыналарға алып келсе:

      қаза табуға – 5 000;

      мүгедектіктің:

      I тобы белгіленсе – 5 000;

      II тобы белгіленсе – 3 500;

      III тобы белгіленсе – 2 500;

      мүгедек балаға – 5 000.

      мертігуге, жарақаттануға немесе денсаулықтың мүгедектік белгіленбеген өзге де зақымдануына – амбулаториялық және (немесе) стационарлық емделуге іс жүзіндегі шығыстар мөлшерінде, бірақ 200-ден аспауға;

      әрбір жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян үшін – келтірілген зиян мөлшерінде, бірақ 250-ден аспауға тиіс.

      2. Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына келтірілген, қайтыс болуға немесе мүгедектік белгіленуіне әкеп соққан зиян үшін сақтандыру төлемі осы баптың 1-тармағында белгіленген сақтандырушы жауапкершілігінің шекті мөлшерінде жүзеге асырылады.

      Жолаушының өмірі мен денсаулығына тасымалдау кезеңінде келтірілген зиян үшін сақтандыру төлемі тасымалдаушының кінәсіна қарамастан өтеуге жатады.

      3. Сақтандыру төлемінің мөлшерін есептеу үшін Қазақстан Республикасының заң актісіне сәйкес белгіленген, сақтандыру төлемі күнгі айлық есептік көрсеткіш пайдаланылады.

      4. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты жөніндегі франшиза бір сақтандыру жағдайы бойынша және әрбір жәбірленуші бойынша айлық есептік көрсеткіштің бес еселенген мөлшерін құрайды. Келтірілген зиянның мөлшерінен асып кеткен жағдайларда сақтандыру төлемі толық мөлшерде жүзеге асырылады.

      Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін сақтандыру төлемі франшиза қолданылмай жүзеге асырылады.

      5. Сақтанушының (сақтандырылушының) шығындарды болдырмау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстары, егер мұндай шығыстар қажетті болса немесе сақтандырушының нұсқауларын орындау үшін жұмсалса, тиісті шаралар сәтсіз болғанның өзінде, сақтандырушының өтеуіне жатады.

      Мұндай шығыстар нақты мөлшерінде өтеледі, бұл ретте сақтандыру төлемінің және шығыстар өтемінің жалпы сомасы тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасынан аспауға тиіс. Егер шығыстар сақтанушының сақтандырушы нұсқауларын орындауы нәтижесінде туындаған болса, олар сақтандыру сомасына қатыссыз, толық мөлшерінде өтеледі.

      Аталған шығыстарды сақтандырушы шығынға ұшыраған адамға тікелей өтейді.

      6. Сақтандыру сомасы келтірілген зиянды толығымен өтеу үшін жетпеген кезде тасымалдаушы жәбірленушіге сақтандыру сомасы мен зиянның нақты мөлшері арасындағы айырмашылықты өтейді.

      7. Жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, жәбірленушіні жерлеуді жүзеге асырған тұлғаға сақтандырушы бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жерлеуге арналған шығыстарды өтейді.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

21-бап. Сақтандыру төлемін жүзеге асырудың жалпы шарттары

      1. Сақтандырушыға сақтандыру төлемі туралы тарапты сақтанушы (сақтандырылушы) немесе пайда алушы болып табылатын өзге тұлға жазбаша нысанда сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттармен қоса ұсынады.

      Өтініш берушінің қалауы бойынша сақтандыру төлемі туралы талап сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттар электрондық көшірмелер немесе электрондық құжаттар түрінде қоса беріле отырып, электрондық нысанда жіберілуі мүмкін. Бұл ретте электрондық нысандағы сақтандыру төлемі туралы талап өтініш берушіні сақтандырушының орналасқан жері бойынша сақтандырушыға құжаттардың түпнұсқаларын ұсынудан босатпайды.

      2. Сақтандыру төлемі туралы өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2) сақтандыру жағдайының басталу фактісін және жәбірленушілерге келтірілген зиянның мөлшерін растайтын құжат;

      3) көліктегі сақтандыру жағдайы туралы тасымалдаушы жасаған акті;

      4) жолаушыға билет берілген жағдайда - жол жүру билеті немесе оны алмастыратын құжат (билеттерді сату) ведомосының немесе билет түбіртегінің тасымалдаушы растаған көшірмесі) немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен ресімделген куә айғақтары;

      5) жәбірленушіге еңбекке уақытша қабілетсіздіктің мерзімі туралы денсаулық сақтау ұйымдары анықтамасының немесе мамандандырылған мекемелердің мүгедектік белгілеу туралы анықтамасының көшірмесі - ол белгіленген жағдайда;

      6) жәбірленушінің қайтыс болғаны туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесі және пайда алушының зиянды өтеттіру құқығын растайтын құжат (көшірмесі) - жәбірленуші қайтыс болған жағдайда;

      7) жәбірленушінің жоғалған, жетіспеген немесе зақымдалған (бүлінген) мүлкінің тізбесі - мүлікке зиян келтірілген жағдайда;

      8) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушының (сақтандырылушының) залалды болдырмау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстарын растайтын құжаттар - олар болған кезде.

      Сақтандырушының сақтанушыдан (сақтандырылушыдан) не жәбірленушіден басқа да қосымша құжаттарды талап етуіне жол берілмейді.

      2-1. Тасымалдаушы жасаған көліктегі сақтандыру жағдайы туралы актіде мынадай мәліметтер болуға тиіс:

      1) жәбірленушінің тегі, аты, әкесінің аты;

      2) көлік түрі;

      3) рейс нөмірі, поезд нөмірі, кеменің атауы және т.с.с;

      4) жол жүру бағыты;

      5) жәбірленушіде болған жол жүру билетінің сериясы және нөмірі;

      6) сақтандыру жағдайының басталу орны, күні және уақыты;

      7) жәбірленушінің өміріне және денсаулығына келтірілген зақымдардың сипаты;

      8) жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зақымдардың сипаты;

      9) сақтандыру жағдайының мән-жайына қысқаша сипаттама;

      10) тексеру жүргізуді жүзеге асыратын құзыретті органның атауы;

      11) жәбірленуші жіберілген медициналық мекеменің атауы және орналасқан жері;

      12) көлік ұйымы не көлік құралы басшысының тегі, аты, әкесінің аты және қолы;

      13) тексеру жүргізуді жүзеге асыратын құзыретті орган өкілінің тегі, аты, әкесінің аты және қолы;

      14) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда, тасымалдаушының мөрі.

      3. Құжаттарды қабылдаған сақтандырушы өтініш берушіге ұсынылған құжаттардың толық тізбесін және олар қабылдаған күнді көрсете отырып анықтама беруге міндетті.

      Сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) сақтандыру төлемі туралы талабын электрондық нысанда жөнелткен жағдайда, сақтандырушы оған осы анықтаманы электрондық нысанда ұсынуы мүмкін.

      4. Жәбірленуші (ол қайтыс болған жағдайда - жәбірленушінің қайтыс болуына байланысты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зиянды өтеттіруге құқылы тұлға), сондай-ақ сақтанушы (сақтандырылушы) немесе жәбірленушіге (зиянды өтеттіруге құқығы бар тұлға) келтірілген зиянды осы Заңда белгіленген сақтандырушы жауапкершілігінің көлемі шегінде өтеуші және сақтандыру төлеміне құқық алған өзге де тұлға пайда алушы болып табылады.

      5. Жәбірленушінің өміріне және денсаулығына келтірілген зиян үшін сақтандыру төлемі оған (зиянды өтеттіруге құқығы бар тұлғаларға) басқа сақтандыру шарттары бойынша тиесілі сомаға қатыссыз жүзеге асырылады.

      6. Жәбірленушінің жазбаша ресімделген өтініші немесе нотариат куәландырған сенімхаты бойынша сақтандыру төлемі оның денсаулығын және (немесе) мүлкін қалпына келтіру жөнінде қызмет көрсеткен (көрсетуші) тұлғаға тікелей жүзеге асырылуы мүмкін.

      7. Сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырған кезде пайда алушыдан оның сақтандырушыға талап қою құқығын шектейтін шарттарды қабылдауын талап етуге құқығы жоқ.

      Ескерту. 21-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.05.07 № 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

22-бап. Сақтандыру төлемін жүзеге асырудың тәртібі

      1. Сақтандырушы сақтандыру төлемін осы Заңның 21-бабында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жеті жұмыс күн ішінде төлейді.

      2. Сақтандыру төлемінің мөлшеріне пайда алушы дау айтқан жағдайларда сақтандырушы сақтандыру төлемін осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім ішінде аталған тұлғалардың бірде-бірі қарсылық білдірмеген бөлігінде шұғыл түрде жүзеге асыруға міндетті.

      Сақтандыру төлемінің дау айтылған бөлігін сақтандырушы бітім келісімі жасалған және оны сот бекіткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде, не, егер сот шешімді шұғыл түрде орындауды ұйғармаса, осы дау бойынша соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап төлеуге тиіс.

      3. Егер сақтандыру жағдайының басталуына әкеп соққан оқиғаның нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығы нашарлап кетсе (мүгедектік не мүгедектіктің неғұрлым жоғары тобы белгіленсе) не қайтыс болса, онда сақтандырушы жәбірленушіден (пайда алушыдан) келіп түскен өтініштің және тиісті құжаттардың негізінде, сақтандыру төлемінің сомасына осы Заңда белгіленген тәртіппен және мөлшерде қайта есептеу жүргізуге міндетті. Бұл ретте сақтандыру төлемінің сомасын қайта есептеу кезінде бұрын төленген сомалар есепке алынады.

      4. Сақтандыру төлемі уақтылы жүзеге асырылмаған кезде сақтандырушы пайда алушыға Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 353-бабында белгіленген тәртіппен және мөлшерде тұрақсыз айыбын төлеуге міндетті.

23-бап. Зиян келтірген тұлғаға кері талап қою құқығы

      1. Сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушы сақтанушыға (сақтандырылушыға) төленген сома шегінде мынадай жағдайларда:

      1) сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершілігі оның, қажетті қорғану және аса қажеттілік жағдайында жасалған іс-әрекетін қоспағанда, сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына ықпал ететін қасақана іс-әрекеттері салдарынан басталса;

      2) сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершілігі оның көлік құралын алкогольге, есірткіге немесе уытқұмарлыққа мастық күйі жүргізуі салдарынан басталса;

      3) көлік құралын жүргізуші адамның оны жүргізу құқығы болмаса;

      4) соттың істі қарау барысында сақтандыру жағдайы көлік құралының техникалық ақауы салдарынан болғаны, олар туралы сақтанушының (сақтандырылушының) білгені немесе білуге тиісті екені анықталса;

      5) көлік құралы оның техникалық сипатына сай емес мақсаттарға пайдаланылса;

      6) сақтанушы (сақтандырылушы) сақтандыру жағдайынан болатын шығындарды азайту жөніндегі шараларды қасақана қолданбаған кезде кері талап қоюға құқылы.

      2. Егер осы баптың 1-тармағында санамаланған жағдайларда келтірілген зиянға көлік құралын оның иесімен еңбек қатынасына орай немесе оның иесінің қатысуымен мәміленің жазбаша нысанын ресімдемей пайдаланған тұлға кінәлі болып табылса, онда сақтандырушының осы көлік құралының иесіне кері талап қоюға құқығы бар.

      3. Сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушыға ол төлеген сома шегінде сақтанушының (сақтандырылушының) сақтандырушы сақтандыру нәтижесінде өтеген шығындар үшін жауапты тұлғаға қатысты кері талап құқығы ауысады.

24-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатудың негіздері

      1. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:

      1) қажетті қорғану және аса қажеттілік жағдайында жасалған іс-әрекеттерді қоспағанда, пайда алушының сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына ықпал ететін қасақана іс-әрекеттері;

      2) пайда алушының Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен сақтандыру жағдайымен себептік байланыстағы қасақана қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар деп танылған әрекеттері салдарынан болса, сақтандыру төлемін толық немесе ішінара төлеуден бас тартуға құқылы.

      2. Сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуы үшін, сондай-ақ:

      1) сақтанушының, сақтандырылушының, пайда алушының залалдың тиісті өтемін залал келтіруге кінәлі тұлғадан алуы;

      2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарламау немесе уақтылы хабарламау;

      3) жәбірленушінің мүлкіне ақша, бағалы қағаздар, алтын, күмістен жасалған бұйымдар, құнды заттар, әсемдік бұйымдар, өнер туындылары немесе басқа да құндылықтар түрінде зиян келтіруі негіз болуы мүмкін.

      3. Сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыға уақтылы хабарламау немесе хабарламай қою, егер бұл дәлелді себептерге байланысты болса және сақтандыру жағдайының басталғаны, жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені туралы фактіні растайтын тиісті құжаттар ұсынылса және мүлік бағалау үшін сақтандыру жағдайы басталғаннан кейінгі күйінде ұсынылса, сақтандыру төлемінен бас тарту үшін негіз бола алмайды.

      4. Сақтандырушы сақтандыру төлемінен бас тарту үшін негіздер болған кезде өтінішті және барлық құжатты алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде сақтандыру төлемі туралы талапты мәлімдеген тұлғаға сақтандыру төлемінен толық немесе ішінара бас тарту туралы тиісті шешімді бас тарту себептерін уәжді түрде негіздей отырып, жазбаша нысанда жіберуге міндетті.

      5. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:

      1) ядролық жарылыстың, радиациялық немесе радиоактивті улану әсерінің;

      2) соғыс қимылдарының;

      3) азамат соғысының, түрлі сипаттағы халық толқуларының, жаппай тәртіпсіздіктердің немесе ереуілдердің салдарынан туған болса, сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатылады.

      6. Сақтандырушының осы бапта көзделмеген негіздер бойынша сақтандыру төлемінен бас тартуға құқығы жоқ.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

24-1-бап. Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі дауларды реттеу ерекшеліктері

      1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын дау болған кезде сақтанушы (жәбірленуші, пайда алушы):

      талаптарын көрсете отырып және оның талаптарын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша өтінішін сақтандырушыға (оның ішінде сақтандырушының филиалы, өкілдігі, интернет-ресурсы арқылы) жіберуге не тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын дауларды реттеу үшін өтінішін сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, соның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы, оның ішінде оның филиалы, өкілдігі арқылы) немесе сотқа жіберуге құқылы.

      2. Сақтандырушы сақтанушыдан (жәбірленушіден, пайда алушыдан) өтінішті алған кезде бес жұмыс күні ішінде қарайды және дауды одан әрі реттеу тәртібін көрсете отырып жазбаша жауап береді.

      3. Сақтанушы (жәбірленуші, пайда алушы) сақтандыру омбудсманына өтініш жасаған жағдайда, сақтандырушы сақтанушының, жәбірленушінің (пайда алушының), сақтандыру омбудсманының сұрау салуы бойынша дауды қарауға және шешуге қатысты құжаттарды сұрау салу алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынуға міндетті.

      Ескерту. 5-тарау 24-1-баппен толықтырылды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-тарау. Қорытынды ережелер

25-бап. Дауларды қарау тәртібі

      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қаралады.

26-бап. Қазақстан Республикасының тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңдарын бұзуға, сондай-ақ сақтандыру жағдайын қасақана жасауға және сақтандыру төлемдерін заңсыз алуға бағытталған өзге де құқыққа қарсы іс-әрекеттер істеуге кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.

      Қазақстан Республикасының
Президенті