Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 1 шілдедегі N 444-II Заңы

Жаңартылған

      Осы Заң тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы туындайтын қатынастарды реттейді және оны жүргізудің құқықтық, қаржылық және ұйымдық негіздерін белгілейді.

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) пайда алушы - осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемін алушы болып табылатын тұлға;
      2) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігі - тасымалдаушының жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгіленген өтеу міндеті;
      3) сақтандырылушы - өзіне қатысты сақтандыру жүзеге асырылатын тұлға;
      4) жолаушы - тасымалдаушымен ауызша немесе жазбаша нысанда тасымалдау шартын жасасқан жеке тұлға;
      5) тасымалдаушы - меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде темір жол, теңіз, ішкі су, әуе, автомобиль көлігі құралын, қалалық электр көлігін қоса алғанда, иеленуші және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жолаушыларды және олардың мүлкін ақы төлеу немесе жалға алу бойынша тасымалдауды жүзеге асыруға құқығы бар жеке немесе заңды тұлға;
      6) жәбірленуші - тасымалдауды жүзеге асырған кезде өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтірілген жолаушы;
      7) сақтанушы - сақтандырушымен сақтандыру шартын жасасқан тұлға. Егер сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтанушы, бір мезгілде сақтандырылушы болып табылады;
      8) сақтандыру сыйлықақысы - сақтанушы сақтандырушыға соңғысы сақтандыру шартында белгіленген мөлшерде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемін жасауға міндеттемелер қабылдағаны үшін төлеуге міндетті ақша сомасы;
      9) сақтандыру сомасы - сақтандыру объектісі сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін білдіретін ақша сомасы;
      10) сақтандыру төлемі - сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру сомасы шегінде төлейтін ақша сомасы;
      11) сақтандыру жағдайы - басталуына орай сақтандыру шарты сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін оқиға;
      12) сақтандырушы - Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия алған, сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) шартта айқындалған сома (сақтандыру сомасы) шегінде сақтандыру төлемін жасауға міндетті заңды тұлға;
      13) франшиза - сақтандырушыны белгілі бір мөлшерден аспайтын залалды өтеуден босату.

       2-бап. Қазақстан Республикасының тасымалдаушының
               жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық
               жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы
               заңдары

      1. Қазақстан Республикасының тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексінен,  осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

       3-бап. Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы
               азаматтық құқықтық жауапкершілігін міндетті
               сақтандырудың объектісі

      Тасымалдаушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгіленген жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүддесі тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (бұдан әрі - тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру) объектісі болып табылады.

       4-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті
               сақтандырудың мақсаты мен негізгі принциптері

      1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың мақсаты жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың мүліктік мүдделерін қорғауды сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру арқылы қамтамасыз ету болып табылады.
      2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың негізгі принциптері:
      жәбірленушілердің мүліктік мүдделерін осы Заңда белгіленген көлемде және тәртіппен қорғауды қамтамасыз ету;
      өзінде тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру полисі болған жағдайда тасымалдаушының жолаушыларды және олардың мүлкін тасымалдауды жүзеге асыруы;
      тараптардың тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша өз міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуі болып табылады.

       5-бап. Азаматтық-құқықтық жауапкершілігі тасымалдаушының
               жауапкершілігін міндетті сақтандыруға жататын
               тұлғалар

      1. Жолаушыларды және олардың мүлкін темір жол, теңіз, ішкі су, әуе, автомобиль көлігімен және қалалық электр көлігімен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылардың - Қазақстан Республикасы резиденттерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі міндетті сақтандырылуға жатады.
      2. Тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігі жолаушыларды және олардың мүлкін тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралының әр бірлігі бойынша сақтандырылуға жатады.
      Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің ерікті сақтандыру шартын жасасуы тасымалдаушыны тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндеттен босатпайды.

  2-тарау. Тасымалдаушының жауапкершілігін
міндетті сақтандыру жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету

       6-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті
               сақтандыру саласындағы мемлекеттік
               бақылау және қадағалау

      1. Сақтандыру ұйымдарының қызметін мемлекеттік қадағалауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сақтандыру қызметін реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
      2. Тасымалдаушының осы Заңды тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу бөлігінде орындалуына мемлекеттік бақылау жасау:
      1) автомобиль көлігін және қалалық электр көлігін пайдалануға қатысты ішкі істер органдарының жол полициясы бөлімшелеріне;
      2) темір жол, теңіз, ішкі су және әуе көлігін пайдалануға қатысты көлік және коммуникациялар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға;
      3) Мемлекеттiк шекарадан өткiзу пункттерiндегi көлiктiк бақылау органдарына жүктеледi.
       Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       7-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті
               сақтандыру шартынсыз жолаушыларды тасымалдауға
               жол бермеу

      1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспаған тасымалдаушының жолаушыларды тасымалдауына жол берілмейді.
      2. Халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушы Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес тасымалдаушының жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
      3. Жолаушылар мен олардың мүлкін тасымалдауды жүзеге асыратын көлік құралын жүргізуші адам тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру полисін өзімен бірге алып жүруге және Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес бұған уәкілеттігі бар адамдарға оны тексеру үшін көрсетуге міндетті.
      Ішкі істер органдарының жол полициясы бөлімшелері құжаттарды тексерген кезде жолаушылар мен олардың мүлкін тасымалдауды жүзеге асырушы автомобиль көлігі құралын жүргізуші адамнан тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру полисін көрсетуін талап етуге міндетті.
      4. Көлік және коммуникациялар саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган осы баптың 1-тармағын бұзғаны үшін тасымалдаушы лицензиясының күшін алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұруға құқылы.

       8-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті
              сақтандыруды жүзеге асырудың ерекшеліктері

      1. Сақтандыру ұйымы ретінде тіркелген заңды тұлға тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензия алғанға дейін, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорын құру және оның қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңында айқындалған тәртіппен аталған қордың қатысушысы болуға міндетті.
      2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандырушы өзінің қаржылық есебін Қазақстан Республикасының барлық аумағына таратылатын кемінде екі мерзімді баспасөз басылымында мемлекеттік тілде және орыс тілінде тоқсан сайын жариялауға міндетті.
      3. Бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, бір сақтандырушыларға басқалар алдында тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі негізсіз артықшылықтар беруге немесе оларды алуына, сақтанушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасауға бағытталған  қызметке жол берілмейді.
      4. Мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алулар туралы заңдарына сәйкес тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша көрсететін сақтандыру қызметін алуға міндетті.
      5. Сақтандырушылар тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру тәуекелдері, сақтандыру жағдайлары және сақтандыру төлемдері бойынша деректердің ақпараттық базасын қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асыратын ұйымды құруға қатысуға құқылы.

       9-бап. Ақпараттық өзара іс-қимыл

      1. Ішкі істер органдарының жол полициясы бөлімшелері жолаушылар автомобиль көлігіндегі көлік оқиғасына қатысушыларға сақтандыру жағдайының басталу фактісін растайтын құжаттардың бір-бір данасын, оның ішінде жол оқиғасының схемасымен қоса Жол жүрісі ережелерінің бұзылуы туралы хаттаманың көшірмесін тегін береді.
      2. Жолаушылар көлігіндегі оқиға және оның салдары туралы ақпаратқа ие Ішкі істер органдарының жол полициясы бөлімшелері, прокуратура органдары, соттар, денсаулық сақтау ұйымдары, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар сақтандырушы өтініш жасаған кезде бұл ақпаратты тегін беруге міндетті.
      3. Жолаушыларды автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушының, жәбірленушінің немесе олардың мұрагерлерінің сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарлауға мүмкіндігі болмаған кезде ішкі істер органдарының жол полициясы бөлімшелері тиісті сақтандырушыны осы көлік оқиғасы туралы хабардар етуді жүзеге асырады.
      Сақтандырушыға сақтандыру жағдайы туралы кез келген басқа тұлғаның да хабарлауға құқығы бар.

  3-тарау. Тасымалдаушының жауапкершілігін
міндетті сақтандыру шарты

       10-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті
                сақтандыру шарты және оны жасасу тәртібі

      1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру осы Заңға сәйкес сақтанушы мен сақтандырушының арасында жасалатын шарт негізінде жүзеге асырылады.
      2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында мүліктің тауарлық құнының жоғалуын, сондай-ақ жәбірленушінің тауарларды жеткізудің немесе жұмыстарды жүргізудің (қызметтер көрсетудің) мерзімдерін, оның келісім-шарттар (шарттар) бойынша өзге де міндеттемелерді бұзуына байланысты тұрақсыздық айыбын өтеуді қоса алғанда, жәбірленушінің моральдық зиянын және ала алмаған пайдасын өтеуді қоспағанда, жәбірленушінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтіру салдарынан туындаған міндеттемелер бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асыру көзделеді.
      3. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты міндетті сақтандырудың осы түрі (сыныбы) бойынша қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуы тиіс.
      Сақтанушы сақтандырушыны таңдауда ерікті.
      Сақтандырушының сақтанушыға тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасудан бас тартуына құқығы жоқ.
      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтанушы сыйлықақысын төлеуге міндеттенеді, ал сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде пайда алушыға осы Заңда белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндеттенеді.
      4. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты сақтандырушының сақтанушыға (сақтандырылушыға) сақтандыру полисін беру арқылы жазбаша нысанда жасалады.
      Сақтанушының өтініші тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу үшін негіз болып табылады.
      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында көрсетуге тиісті талаптардың толық болмағаны үшін сақтандырушы жауапты болады. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша оның жекелеген талаптарының толық болмауы салдарынан дау туындаған жағдайда, ол дау сақтанушының пайдасына шешіледі.
      5. Сақтандыру полисінде, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 826-бабында санамаланған талаптардан басқа, сақтандырушының бір сақтандыру жағдайы бойынша жауапкершілігінің шекті көлемінің мөлшері көрсетілуге тиіс.
      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру полисін ресімдеу жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңдарында белгіленеді.
      6. Сақтандыру полисі жоғалған жағдайда сақтандырушы сақтанушының (сақтандырылушының) жазбаша өтініші негізінде оған сақтандыру полисінің дубликатын беруге міндетті.
      Сақтандыру полисінің бланкісін жасауға және оның дубликатын ресімдеуге жұмсалған шығыстарды сақтанушы (сақтандырылушы) өтейді, бұл орайда өтілетін шығыстардың жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заң актісіне сәйкес өтініш берілген күнге белгіленген 0,1 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс.
      7. Егер сақтандырушы тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын сақтанушының (сақтандырылушының) немесе жәбірленушінің жағдайын осы Заңда көзделгенмен салыстырғанда нашарлататын талаптармен жасасса, онда сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы сақтанушының (сақтандырылушының) және жәбірленушінің алдында осы Заңда белгіленген талаптар бойынша міндетті болады.

       11-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін
                міндетті сақтандыру шартының қолданылуы

      1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты осы Заңға сәйкес жәбірленуші деп танылған барлық адамдарға қатысты қолданылады.
      2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты, егер тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының талаптарында өзгеше көзделмесе, сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеген, ал оны төлем мерзімін ұзартып төлеген кезде - бірінші сақтандыру жарнасын төлеген кезден бастап күшіне енеді және тараптар үшін міндетті болады.
      3. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты, осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, күшіне енгізілген күннен бастап он екі ай мерзімге жасалады.
      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты сақтандырудың барлық мерзімі ішінде қолданылады және бірінші сақтандыру жағдайының басталуы бойынша қолданылуын тоқтатпайды.
      4. Егер тасымалдаушының жолаушыларды және олардың мүлкін тасымалдауды жүзеге асыру құқығы он екі айдан кем мерзім ішінде аяқталатын болса, онда тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты тек осы мерзімге ғана жасалады.
      5. Егер Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағымен шектеледі.

       12-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті
                сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтату

      1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексінде  белгіленген жағдайларда мерзімінен бұрын тоқтатылады.
      2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтату үшін сақтанушы (сақтанушы қайтыс болған жағдайда - оның мұрагері (мұрагерлері) сақтандырушыға жазбаша өтініш береді.
      3. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде сақтанушының сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін мынадай мөлшерде қайтарып алуға құқығы бар:
__________________________________________________________________
Рет | Тасымалдаушының жауапкершілігін     | Сақтандырушы ұстап
N   | міндетті сақтандыру шарты күшіне    | қалатын сақтандыру
    | енген кезден бастап ол мерзімінен   | сыйлықақысының мөлшері
    | бұрын тоқтатылғанға дейін өткен     | (жылдық сақтандыру
    | мерзім                              | сыйлықақысынан процент
    |                                     | есебімен)
__________________________________________________________________
1                 2                                   3
__________________________________________________________________
1    1 айға дейін, қоса алғанда                    20
2    1 айдан 2 айға дейін, қоса алғанда            30
3    2 айдан 3 айға дейін, қоса алғанда            40
4    3 айдан 4 айға дейін, қоса алғанда            50
5    4 айдан 5 айға дейін, қоса алғанда            60
6    5 айдан 6 айға дейін, қоса алғанда            70
7    6 айдан 7 айға дейін, қоса алғанда            75
8    7 айдан 8 айға дейін, қоса алғанда            80
9    8 айдан 9 айға дейін, қоса алғанда            85
10   9 айдан 10 айға дейін, қоса алғанда           90
11   10 айдан 11 айға дейін, қоса алғанда          95
12   11 айдан жоғары                               100
__________________________________________________________________

       13-бап. Сақтанушының құқықтары мен міндеттері

      1. Сақтанушы:
      1) сақтанушыдан тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың талаптарын, тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша өзінің құқықтары мен міндеттерін түсіндіруді талап етуге;
      2) сақтандыру полисі жоғалған жағдайда оның дубликатын алуға;
      3) жәбірленушінің денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянның мөлшерін бағалау үшін тәуелсіз сарапшы көрсететін қызметтерді пайдалануға;
      4) сақтанушы немесе тәуелсіз сарапшы жасаған, келтірілген зиянның мөлшерін бағалаудың нәтижелерімен және сақтандыру төлемі мөлшерінің есеп-қисабымен танысуға;
      5) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтатуға;
      6) сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту немесе оның мөлшерін азайту туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен дау айтуға;
      7) осы Заңда көзделген жағдайларда сақтандыру төлемін алуға құқылы.
      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына қайшы келмейтін басқа да құқықтары көзделуі мүмкін.
      2. Сақтанушы:
      1) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде осы Заңға сәйкес тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартына енгізу үшін қажетті мәліметтерді сақтандырушыға ұсынуға;
      2) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге;
      3) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы өзіне белгілі болғаннан бастап шұғыл түрде, бірақ үш жұмыс күнінен кешіктірмей, қолдан келетін тәсілмен (ауызша, жазбаша) бұл туралы сақтандырушыға хабарлауға міндетті. Ауызша нысандағы хабарлама кейіннен (жетпіс екі сағат ішінде) жазбаша түрде расталуға тиіс. Сақтанушы мен сақтандырылушы бір тұлға болып табылмайтын жағдайларда, сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыға хабарлау жөніндегі міндет сақтандырылушыға жүктеледі. Егер сақтанушының (сақтандырылушының) дәлелді себептермен аталған іс-әрекеттерді орындау мүмкіндігі болмаса, ол мұны құжаттармен растауға тиіс;
      4) сақтандыру жағдайы басталған кезде ықтимал шығындарды болдырмау немесе азайту үшін қалыптасқан мән-жайларда дұрыс және қолдан келетін шаралар алуға, оның ішінде мүлікті құтқаруға және зардап шеккен адамдарға көмек көрсету шараларын қолдануға;
      5) сақтандыру жағдайы және зардап шеккен адамдар туралы құзыретіне орай тиісті органдарға (ішкі істер органдарының жол полициясы бөлімшелеріне, өртке қарсы қызмет органдарына, жедел медициналық жәрдем қызметіне, авариялық қызметке) хабарлауға;
      6) көліктегі сақтандыру жағдайы туралы акті жасауға;
      7) сақтандыру жағдайының басталуына жауапты адамға кері талап қою құқығының сақтандырушыға өтуін қамтамасыз етуге міндетті.
      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін басқа да міндеттері көзделуі мүмкін.
      3. Осы баптың 2-тармағының 4), 5) және 7) тармақшаларында аталған сақтанушының міндеттері сақтандыру жағдайы басталған сәтте көлік құралын тікелей жүргізген адамға жүктеледі.

       14-бап. Сақтандырушының құқықтары мен міндеттері

      1. Сақтандырушы:
      1) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтанушыдан, Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексінде  көзделген жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартына енгізу үшін қажетті мәліметтерді, оның ішінде тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың осының алдындағы шарттары, сақтандыру жағдайлары және сақтандыру төлемдері туралы ақпаратты беруін талап етуге;
      2) тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардан, олардың құзыретіне орай, сақтандыру жағдайының басталу фактісін және жәбірленушілерге келтірілген зиянның мөлшерін растайтын құжаттарды сұратуға;
      3) көлік оқиғасының себептерін және өзге де мән-жайларын анықтау үшін жәбірленушінің зақымдалған (жойылған) мүлкіне бағалау жүргізуге;
      4) жәбірленушінің денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянның мөлшерін бағалау және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау үшін тәуелсіз сарапшы көрсететін қызметтерді пайдалануға;
      5) осы Заңның 23-бабында көзделген жағдайларда келтірілген зиян үшін жауапты тұлғаға кері талап қоюға;
      6)осы Заңның 24-бабында көзделген негіздер бойынша сақтандыру төлемін толық немесе ішінара жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.
      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына қайшы келмейтін басқа да құқықтары көзделуі мүмкін.
      2. Сақтандырушы:
      1) сақтанушыны (сақтандырылушыны) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру талаптарымен таныстыруға, оның тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге;
      2) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқаннан кейін сақтанушыға (сақтандырылушыға) сақтандыру полисін беруге;
      3) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабар алынған кезде оны шұғыл түрде тіркеуге;
      4) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабар алынған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде сақтанушының немесе оның өкілінің өтініші бойынша келтірілген зиянның мөлшеріне бағалау жүргізуге, сақтандыру төлемі мөлшерінің есеп-қисабын көрсете отырып сақтандыру актісін жасауға және оны танысу үшін пайда алушыға ұсынуға;
      5) сақтандыру жағдайы басталған кезде осы Заңда белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру төлемін жасауға;
      6) сақтанушыға (сақтандырылушыға) олардың сақтандыру жағдайы кезінде шығындарды болдырмау немесе азайту мақсатымен жұмсаған шығыстарын өтеуге;
      7) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге міндетті.
      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін басқа да міндеттері көзделуі мүмкін.

       15-бап. Жәбірленушінің құқықтары

      1. Жәбірленуші:
      1) сақтандырушыға сақтанушының (сақтандырылушының) жолаушыларды және олардың мүлкін тасымалдауды жүзеге асыруы нәтижесінде болған сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарлауға;
      2) сақтанушының (сақтандырылушының) орнына сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды жинауға және оларды сақтанушымен (сақтандырылушымен) тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушыға беруге;
      3) денсаулыққа және (немесе) мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін бағалау үшін тәуелсіз сарапшы көрсететін қызметтерді пайдалануға;
      4) сақтандырушы немесе тәуелсіз сарапшы жасаған, келтірілген зиянның мөлшерін бағалаудың нәтижелерімен және сақтандыру төлемі мөлшерінің есеп-қисабымен танысуға;
      5) осы Заңда белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру төлемін алуға;
      6) сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуы немесе оның мөлшерін азайтуы туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен дау айтуға;
      7) келтірілген зиян сомасының алынған сақтандыру төлемі сомасынан асатын мөлшерінде келтірілген зиянды өтеу туралы тасымалдаушыға талап қоюға құқылы.
      2. Осы Заңда көзделген жайларда, жәбірленушінің осы баптың 1-тармағында белгіленген құқықтары пайда алушылар ретінде әрекет етуші өзге тұлғаларға өтеді.

  4-тарау. Сақтандыру сыйлықақылары

       16-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшері

      1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асырған кезде көлік құралының әр бірлігі үшін жылдық сақтандыру сыйлықақыларының мынадай мөлшерлері белгіленеді (айлық есептік көрсеткіштермен):
__________________________________________________________________
Рет |      Көлік құралының атауы           | Жылдық сақтандыру
N   |                                      | сыйлықақысының мөлшері
__________________________________________________________________
1.              Автомобиль көлігі
__________________________________________________________________
     1) жеңіл автомобильдер, автобустар,
     шағын автобустар
     жолаушылар орны 4-ке дейін,                    3
     қоса алғанда
     жолаушылар орны 4-тен 7-ге дейін,              5
     қоса алғанда
     жолаушылар орны 7-ден 16-ға дейін,             11,5
     қоса алғанда
     жолаушылар орны 16-дан 30-ға дейін,            16
     қоса алғанда
     жолаушылар орны 30-дан көп                     23
     2) трамвайлар, троллейбустар                   7
__________________________________________________________________
2.              Әуе көлігі
__________________________________________________________________
     1) ұшақтар
     жолаушылар орны 50-ге дейін,                   400
     қоса алғанда
     жолаушылар орны 50-ден 120-ға дейін            990
     жолаушылар орны 120-дан 200-ге дейін           2180
     жолаушылар орны 200-ден көп                    3820
     2) тікұшақтар                                  135
__________________________________________________________________
3.             Теңіз көлігі
__________________________________________________________________
     жолаушылар орны 50-ге дейін,                   50
     қоса алғанда
     жолаушылар орны 50-ден 100-ге дейін            100
     жолаушылар орны 100-ден 150-ге дейін           150
     жолаушылар орны 150-ден 300-ге дейін           300
     жолаушылар орны 300-ден көп                    530
__________________________________________________________________
4.             Ішкі су көлігі
__________________________________________________________________
     жолаушылар орны 50-ге дейін,                   17,5
     қоса алғанда
     жолаушылар орны 50-ден 100-ге дейін            35
     жолаушылар орны 100-ден 150-ге дейін           50
     жолаушылар орны 150-ден 300-ге дейін           90
     жолаушылар орны 300-ден көп                    160
__________________________________________________________________

      2. Темір жол тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысының мөлшері жолаушыларды және олардың мүлкін тасымалдау бойынша іске асырылатын қызмет көрсетуден түскен, тасымалдаушының жауапкершілігін сақтандыру шартының қолданылу күшінің кезеңі ішінде тасымалдаушының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша алған (алуға тиіс) кіріс сомасының 0,2 процентін құрайды, бір ай ішінде алынған (алынуға тиіс) кірістен ай сайынғы жарналар түрінде төленеді.
      3. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын он екі айдан кем мерзімге жасасқан кезде сақтандыру сыйлықақыларының мынадай мөлшерлері белгіленеді:
__________________________________________________________________
Рет |     Сақтандыру мерзімі               | Сақтандыру
N   |                                      | сыйлықақысының мөлшері
    |                                      | (жылдық сақтандыру
    |                                      | сыйлықақысынан процент
    |                                      | есебімен)
__________________________________________________________________
1                 2                                   3
__________________________________________________________________
1    1 айға дейін, қоса алғанда                    20
2    1 айдан 2 айға дейін, қоса алғанда            30
3    2 айдан 3 айға дейін, қоса алғанда            40
4    3 айдан 4 айға дейін, қоса алғанда            50
5    4 айдан 5 айға дейін, қоса алғанда            60
6    5 айдан 6 айға дейін, қоса алғанда            70
7    6 айдан 7 айға дейін, қоса алғанда            75
8    7 айдан 8 айға дейін, қоса алғанда            80
9    8 айдан 9 айға дейін, қоса алғанда            85
10   9 айдан 10 айға дейін, қоса алғанда           90
11   10 айдан 11 айға дейін, қоса алғанда          95
12   11 айдан жоғары                               100
__________________________________________________________________

      Осы тармақтың күші темір жол тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушымен жасасқан тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартына қолданылмайды.

       17-бап. Сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерін ұлғайту

      1. Темір жол тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтандырушы осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін өзі жүргізген сақтандыру тәуекелін бағалаудың нәтижелері бойынша, бірақ тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты қолданылатын кезеңнің ішінде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жолаушылар мен олардың мүлкін тасымалдаудан алынған (алынуға тиіс) кіріс сомасының 0,5 процентінен аспайтын мөлшерге дейін ұлғайтуы мүмкін.
      2. Темір жол тасымалынан басқа, жолаушылар тасымалының өзге де түрлерін жүзеге асыратын тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтандырушы осы Заңның 16-бабының 1-тармағында көзделген сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін өзі жүргізген сақтандыру тәуекелін бағалаудың нәтижелері бойынша көбейтуі мүмкін, бірақ ол елу проценттен аспауға тиіс.

       18-бап. Сақтандыру сыйлықақыларын төлеудің
                тәртібі мен мерзімдері

      1. Сақтандыру сыйлықақысын төлеудің тәртібі мен мерзімдері тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында белгіленеді.
      2. Егер тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында сақтандыру сыйлықақысын төлем мерзімін ұзартып төлеу көзделсе, онда сақтанушының кезекті сақтандыру жарнасын төлемеуі сақтандырушының осы шартты мерзімінен бұрын тоқтатуы үшін негіз бола алмайды.
      3. Кезекті сақтандыру жарнасы уақтылы төленбеген жағдайда сақтанушы сақтандырушыға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің  353-бабында  белгіленген тәртіппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті.

  5-тарау. Сақтандыру жағдайын, келтірілген
зиянның және сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау

       19-бап. Сақтандыру жағдайын және келтірілген
                зиянның мөлшерін айқындау

      1. Тасымалдау кезінде жолаушылардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды өтеу бойынша тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру жағдайы деп танылады.
      2. Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянға оның қайтыс болуына, еңбекке қабілеттілігін уақытша немесе тұрақты жоғалтуына байланысты зиянның материалдық көрінісі жатады.
      Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянның мөлшері тиісті ұйымдар берген құжаттар негізінде осы Заңға сәйкес айқындалады.
      3. Жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян жолаушының тасымалдаушы тасымалдауға қабылдап алған және (немесе) жолаушының жанындағы (қолындағы), тасымалдау кезінде жоғалған, жетіспеген немесе зақымдалған (бүлінген) мүлкінің (багаж) құнын қамтиды.
      Багаж және (немесе) жолаушының жанындағы (қолындағы) заттар тасымалдаушының кінәсінен жоғалған, жетіспеген және (немесе) зақымдалған (бүлінген) кезде келтірілген зиянның мөлшері мынадай түрде:
      1) багаж, сондай-ақ жолаушының жанындағы (қолындағы) заттар жоғалған немесе жетіспеген жағдайда - жоғалған немесе жетіспеген багаждың және (немесе) жолаушының жанындағы (қолындағы) заттардың құны мөлшерінде;
      2) багаж, сондай-ақ жолаушының жанындағы (қолындағы) заттар зақымдалған (бүлінген) жағдайда - олардың төмендеген құны сомасының мөлшерінде, ал зақымдалған багажын, сондай-ақ жолаушының жанындағы (қолындағы) заттарды қалпына келтіруге мүмкіндік болмаған кезде - олардың құны мөлшерінде;
      3) тасымалдауға құны жарияланып тапсырылған багаж жоғалған жағдайда - багаждың жарияланған құны мөлшерінде айқындалады.
      4. Сақтандыру жайының басталуын, сондай-ақ оларға келтірілген зиянның мөлшерін дәлелдеу сақтанушының (сақтандырылушының) мойнында болады.
      Сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесінде келтірілген зиянның мөлшерін сақтанушының немесе оның өкілінің жазбаша өтінішімен сақтандырушы айқындайды.
      5. Мүлікке келтірілген зиянның мөлшеріне сақтандырушы немесе тәуелсіз сарапшы жасаған бағалаудың нәтижелерімен келіспеген жағдайда, сақтанушы (сақтандырылушы) немесе жәбірленуші зиянның мөлшерін бағалау үшін басқа тәуелсіз сарапшыға жүгінуге құқылы. Бұл орайда, сақтанушы (сақтандырылушы) немесе жәбірленуші шеккен шығындар, егер жүргізілген бағалаудың негізділігі мен объективтілігін сақтандырушы мойындаса немесе сот белгілейтін болса, сақтандырушы сақтандыру төлемінің жүзеге асырылғанына қарамастан, өтеуге тиіс.
      6. Егер сақтанушы немесе тәуелсіз сарапшы өздері сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарды алғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде жоғалған, жетіспеген немесе зақымдалған (бүлінген) мүлікті тиісті қарауды және мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін бағалауды сақтандыру актісін жасай отырып жүргізбеген болса, онда сақтанушы (сақтандырылушы) не жәбірленуші тәуелсіз сарапшы көрсететін қызметтерді пайдалануға және мүлікті қалпына келтіруді (кәдеге жаратуды) бастауға құқылы. Бұл ретте сақтандырушы, егер зақымдалған (жойылған) мүлікті уақтылы бағалаудың мүмкін болмағандығы дәлелді себептерге (осы мүлік иесінің қайтыс болуы, сырқаттануы) байланысты екендігін не сақтанушының (сақтандырылушының) немесе жәбірленушінің мүлікті бағалауға ұсынудан жалтаруына байланысты кінәсі бар екендігін дәлелдей алмаса, мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін бағалаудың нәтижелеріне дау айтуға құқылы емес.

       20-бап. Сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау

      1. Бір сақтандыру жағдайы (сақтандыру сомасы) бойынша сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемі мынаны құрайды (айлық есептік көрсеткішпен):
      1) теңіз және әуе тасымалы бойынша:
      әрбір жәбірленушінің өміріне және денсаулығына келтірілген зиян үшін және ол мыналарға әкеп соқса:
      қайтыс болуға - 2000;
      мүгедектің:
      I тобы белгіленсе - 1600;
      II тобы белгіленсе - 1200;
      III тобы белгіленсе - 800;
      мертігуге, жарақаттануға немесе денсаулықтың мүгедектік белгіленбейтін өзге де зақымдалуына - амбулаториялық және (немесе) стационарлық емдеуге жұмсалған нақты шығыстар мөлшерінде, бірақ 200-ден көп емес. Бұл ретте сақтандыру төлемінің мөлшері стационарлық емделудің әрбір күні үшін кемінде 1,5 айлық есептік көрсеткішті құрауы тиіс;
      әрбір жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян үшін - келтірілген зиян мөлшерінде, бірақ 250-ден көп емес;
      2) темір жол, ішкі су және автомобиль тасымалы бойынша:
      әрбір жәбірленушінің өміріне және денсаулығына келтірілген зиян үшін және ол мыналарға әкеп соқса:
      қайтыс болуға - 1000;
      мүгедектің:
      I тобы белгіленсе - 800;
      II тобы белгіленсе - 600;
      III тобы белгіленсе - 400;
      мертігуге, жарақаттануға немесе денсаулықтың мүгедектік белгіленбейтін өзге де зақымдалуына - амбулаториялық және (немесе) стационарлық емделуге жұмсалған нақты шығыстар мөлшерінде, бірақ 200-ден көп емес. Бұл ретте сақтандыру төлемінің мөлшері стационарлық емделудің әрбір күні үшін кемінде 1,5 айлық есептік көрсеткішті құрауға тиіс;
      әрбір жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян үшін - келтірілген зиян мөлшерінде, бірақ 250-ден көп емес.
      2. Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына келтірілген, қайтыс болуға немесе мүгедектік белгіленуіне әкеп соққан зиян үшін сақтандыру төлемі осы баптың 1-тармағында белгіленген сақтандырушы жауапкершілігінің шекті мөлшерінде жүзеге асырылады.
      3. Сақтандыру төлемінің мөлшерін есептеу үшін Қазақстан Республикасының заң актісіне сәйкес белгіленген, сақтандыру төлемі күнгі айлық есептік көрсеткіш пайдаланылады.
      4. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты жөніндегі франшиза бір сақтандыру жағдайы бойынша және әрбір жәбірленуші бойынша айлық есептік көрсеткіштің бес еселенген мөлшерін құрайды. Келтірілген зиянның мөлшерінен асып кеткен жағдайларда сақтандыру төлемі толық мөлшерде жүзеге асырылады.
      Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін сақтандыру төлемі франшиза қолданылмай жүзеге асырылады.
      5. Сақтанушының (сақтандырылушының) шығындарды болдырмау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстары, егер мұндай шығыстар қажетті болса немесе сақтандырушының нұсқауларын орындау үшін жұмсалса, тиісті шаралар сәтсіз болғанның өзінде, сақтандырушының өтеуіне жатады.
      Мұндай шығыстар нақты мөлшерінде өтеледі, бұл ретте сақтандыру төлемінің және шығыстар өтемінің жалпы сомасы тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасынан аспауға тиіс. Егер шығыстар сақтанушының сақтандырушы нұсқауларын орындауы нәтижесінде туындаған болса, олар сақтандыру сомасына қатыссыз, толық мөлшерінде өтеледі.
      Аталған шығыстарды сақтандырушы шығынға ұшыраған адамға тікелей өтейді.
      6. Сақтандыру сомасы келтірілген зиянды толығымен өтеу үшін жетпеген кезде тасымалдаушы жәбірленушіге сақтандыру сомасы мен зиянның нақты мөлшері арасындағы айырмашылықты өтейді.
      7. Жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері болмаған кезде, сақтандырушы жәбірленушіні жерлеген тұлғаға жерлеуге қажетті шығыстарды нақты шығындар мөлшерінде, бірақ тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасының шегінде өтейді.

       21-бап. Сақтандыру төлемін жүзеге асырудың
                жалпы шарттары

      1. Сақтандырушыға сақтандыру төлемі туралы тарапты сақтанушы (сақтандырылушы) немесе пайда алушы болып табылатын өзге тұлға жазбаша нысанда сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттармен қоса ұсынады.
      2. Сақтандыру төлемі туралы өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) сақтандыру полисі (оның дубликаты);
      2) сақтандыру жағдайының басталу фактісін және жәбірленушілерге келтірілген зиянның мөлшерін растайтын құжат;
      3) көліктегі сақтандыру жағдайы туралы тасымалдаушы жасаған акті;
      4) жолаушыға билет берілген жағдайда - жол жүру билеті немесе оны алмастыратын құжат (билеттерді сату) ведомосының немесе билет түбіртегінің тасымалдаушы растаған көшірмесі) немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен ресімделген куә айғақтары;
      5) жәбірленушіге еңбекке уақытша қабілетсіздіктің мерзімі туралы денсаулық сақтау ұйымдары анықтамасының немесе мамандандырылған мекемелердің мүгедектік белгілеу туралы анықтамасының көшірмесі - ол белгіленген жағдайда;
      6) жәбірленушінің қайтыс болғаны туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесі және пайда алушының зиянды өтеттіру құқығын растайтын құжат (көшірмесі) - жәбірленуші қайтыс болған жағдайда;
      7) жәбірленушінің жоғалған, жетіспеген немесе зақымдалған (бүлінген) мүлкінің тізбесі - мүлікке зиян келтірілген жағдайда;
      8) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушының (сақтандырылушының) залалды болдырмау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстарын растайтын құжаттар - олар болған кезде.
      Сақтандырушының сақтанушыдан (сақтандырылушыдан) не жәбірленушіден басқа да қосымша құжаттарды талап етуіне жол берілмейді.
      3. Құжаттарды қабылдаған сақтандырушы өтініш берушіге ұсынылған құжаттардың толық тізбесін және олар қабылдаған күнді көрсете отырып анықтама беруге міндетті.
      4. Жәбірленуші (ол қайтыс болған жағдайда - жәбірленушінің қайтыс болуына байланысты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зиянды өтеттіруге құқылы тұлға), сондай-ақ сақтанушы (сақтандырылушы) немесе жәбірленушіге (зиянды өтеттіруге құқығы бар тұлға) келтірілген зиянды осы Заңда белгіленген сақтандырушы жауапкершілігінің көлемі шегінде өтеуші және сақтандыру төлеміне құқық алған өзге де тұлға пайда алушы болып табылады.
      5. Жәбірленушінің өміріне және денсаулығына келтірілген зиян үшін сақтандыру төлемі оған (зиянды өтеттіруге құқығы бар тұлғаларға) басқа сақтандыру шарттары бойынша тиесілі сомаға қатыссыз жүзеге асырылады.
      6. Жәбірленушінің жазбаша ресімделген өтініші немесе нотариат куәландырған сенімхаты бойынша сақтандыру төлемі оның денсаулығын және (немесе) мүлкін қалпына келтіру жөнінде қызмет көрсеткен (көрсетуші) тұлғаға тікелей жүзеге асырылуы мүмкін.
      7. Сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырған кезде пайда алушыдан оның сақтандырушыға талап қою құқығын шектейтін шарттарды қабылдауын талап етуге құқығы жоқ.

       22-бап. Сақтандыру төлемін жүзеге асырудың тәртібі

      1. Сақтандырушы сақтандыру төлемін осы Заңның 21-бабында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жеті жұмыс күн ішінде төлейді.
      2. Сақтандыру төлемінің мөлшеріне пайда алушы дау айтқан жағдайларда сақтандырушы сақтандыру төлемін осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім ішінде аталған тұлғалардың бірде-бірі қарсылық білдірмеген бөлігінде шұғыл түрде жүзеге асыруға міндетті.
      Сақтандыру төлемінің дау айтылған бөлігін сақтандырушы бітім келісімі жасалған және оны сот бекіткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде, не, егер сот шешімді шұғыл түрде орындауды ұйғармаса, осы дау бойынша соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап төлеуге тиіс.
      3. Егер сақтандыру жағдайының басталуына әкеп соққан оқиғаның нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығы нашарлап кетсе (мүгедектік не мүгедектіктің неғұрлым жоғары тобы белгіленсе) не қайтыс болса, онда сақтандырушы жәбірленушіден (пайда алушыдан) келіп түскен өтініштің және тиісті құжаттардың негізінде, сақтандыру төлемінің сомасына осы Заңда белгіленген тәртіппен және мөлшерде қайта есептеу жүргізуге міндетті. Бұл ретте сақтандыру төлемінің сомасын қайта есептеу кезінде бұрын төленген сомалар есепке алынады.
      4. Сақтандыру төлемі уақтылы жүзеге асырылмаған кезде сақтандырушы пайда алушыға Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің  353-бабында  белгіленген тәртіппен және мөлшерде тұрақсыз айыбын төлеуге міндетті.

       23-бап. Зиян келтірген тұлғаға кері талап қою құқығы

      1. Сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушы сақтанушыға (сақтандырылушыға) төленген сома шегінде мынадай жағдайларда:
      1) сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершілігі оның, қажетті қорғану және аса қажеттілік жағдайында жасалған іс-әрекетін қоспағанда, сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына ықпал ететін қасақана іс-әрекеттері салдарынан басталса;
      2) сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершілігі оның көлік құралын алкогольге, есірткіге немесе уытқұмарлыққа мастық күйі жүргізуі салдарынан басталса;
      3) көлік құралын жүргізуші адамның оны жүргізу құқығы болмаса;
      4) соттың істі қарау барысында сақтандыру жағдайы көлік құралының техникалық ақауы салдарынан болғаны, олар туралы сақтанушының (сақтандырылушының) білгені немесе білуге тиісті екені анықталса;
      5) көлік құралы оның техникалық сипатына сай емес мақсаттарға пайдаланылса;
      6) сақтанушы (сақтандырылушы) сақтандыру жағдайынан болатын шығындарды азайту жөніндегі шараларды қасақана қолданбаған кезде кері талап қоюға құқылы.
      2. Егер осы баптың 1-тармағында санамаланған жағдайларда келтірілген зиянға көлік құралын оның иесімен еңбек қатынасына орай немесе оның иесінің қатысуымен мәміленің жазбаша нысанын ресімдемей пайдаланған тұлға кінәлі болып табылса, онда сақтандырушының осы көлік құралының иесіне кері талап қоюға құқығы бар.
      3. Сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушыға ол төлеген сома шегінде сақтанушының (сақтандырылушының) сақтандырушы сақтандыру нәтижесінде өтеген шығындар үшін жауапты тұлғаға қатысты кері талап құқығы ауысады.

       24-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемін жүзеге
              асырудан босатудың негіздері

      1. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:
      1) қажетті қорғану және аса қажеттілік жағдайында жасалған іс-әрекеттерді қоспағанда, пайда алушының сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына ықпал ететін қасақана іс-әрекеттері;
      2) пайда алушының Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен сақтандыру жағдайымен себептік байланыстағы қасақана қылмыстар немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар деп танылған іс-әрекеттері салдарынан болса, сақтандыру төлемін толық немесе ішінара төлеуден бас тартуға құқылы.
      2. Сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуы үшін, сондай-ақ:
      1) сақтанушының залалдың тиісті өтемін залал келтіруге кінәлі тұлғадан алуы;
      2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарламау немесе уақтылы хабарламау;
      3) жәбірленушінің мүлкіне ақша, бағалы қағаздар, алтын, күмістен жасалған бұйымдар, құнды заттар, әсемдік бұйымдар, өнер туындылары немесе басқа да құндылықтар түрінде зиян келтіруі негіз болуы мүмкін.
      3. Сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыға уақтылы хабарламау немесе хабарламай қою, егер бұл дәлелді себептерге байланысты болса және сақтандыру жағдайының басталғаны, жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені туралы фактіні растайтын тиісті құжаттар ұсынылса және мүлік бағалау үшін сақтандыру жағдайы басталғаннан кейінгі күйінде ұсынылса, сақтандыру төлемінен бас тарту үшін негіз бола алмайды.
      4. Сақтандыру төлемінен бас тарту үшін негіздер бар болған кезде сақтандырушы талап қойылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде сақтандыру төлемі туралы талап қойған тұлғаға бас тарту себептерінің дәлелді негіздемесі келтірілген сақтандыру төлемінен толық немесе ішінара бас тарту туралы тиісті шешімді жазбаша нысанда жіберуге міндетті.
      5. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:
      1) ядролық жарылыстың, радиациялық немесе радиоактивті улану әсерінің;
      2) соғыс қимылдарының;
      3) азамат соғысының, түрлі сипаттағы халық толқуларының, жаппай тәртіпсіздіктердің немесе ереуілдердің салдарынан туған болса, сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатылады.
      6. Сақтандырушының осы бапта көзделмеген негіздер бойынша сақтандыру төлемінен бас тартуға құқығы жоқ.

  6-тарау. Қорытынды ережелер

       25-бап. Дауларды қарау тәртібі

      Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қаралады.

       26-бап. Қазақстан Республикасының тасымалдаушының
                жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы
              заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңдарын бұзуға, сондай-ақ сақтандыру жағдайын қасақана жасауға және сақтандыру төлемдерін заңсыз алуға бағытталған өзге де құқыққа қарсы іс-әрекеттер істеуге кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті