Қазақстанның Даму Банкі туралы

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 25 сәуірдегі N 178 Заңы.

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Қазақстанның Даму Банкі және оның мәртебесi

      Қазақстанның Даму Банкi (бұдан әрi - Даму Банкi) акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі акционерлік қоғам болып табылады. Даму Банкі ұлттық даму институты және мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруға және индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды іске асыруға уәкілеттік берілген банк болып табылады.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.07.07 № 178 Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.02.13 № 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

1-1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) банкаралық кредит беру – Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріне және бейрезидент банктеріне кредиттер беру;

      2) жоба – инвестициялық жоба, экспорттық операция, лизингтік операция;

      3) инвестициялық жоба – жаңа өндірістер құруға, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту мен жаңартуға, оның ішінде активтерді, акциялар пакеттерін (жарғылық капиталға қатысу үлестерін), мүліктік кешендерді сатып алуға бағытталатын инвестицияларды көздейтін жоба;

      4) кредиттік құрал – Меморандумда айқындалған, Даму Банкінің қарыз алушыны қаржыландыру тәсілдері;

      5) қайта құрылымдау – Даму Банкі алдындағы міндеттемелерді бұзған қарыз алушы және (немесе) үшінші тұлғалар іске асыратын инвестициялық жобаның экономикалық көрсеткіштерін қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар кешені, бұл сыйақыларды, айыппұлдар мен өсімпұлдарды алып тастауды және (немесе) қарыз алушының айналым капиталын қаржыландыруды немесе қайта қаржыландыруды және (немесе) Даму Банкінің талап ету құқықтарын қарыз алушыға беруді және (немесе) қарыз алушының жарғылық капиталына Даму Банкінің кіруін және (немесе) қарыз алушыға субсидияланған қарыз беруді және (немесе) инвестициялық жобаның экономикалық көрсеткіштерін қалпына келтіруге ықпал ететін өзге де іс-шараларды қамтуы мүмкін;

      6) қарыз алушы – Даму Банкінен қарыз алған заңды тұлға;

      7) мезониндік қаржыландыру – қарыз алушының акцияларына немесе капиталға қатысу үлестеріне айырбастау құқығымен реттелген қарыз беру;

      8) Меморандум – осы Заңның 1-бабында көрсетілген ұлттық басқарушы холдинг бекітетін Даму Банкінің кредит саясаты туралы меморандумы;

      9) синдикатталған қарыз – Даму Банкі синдикаттың басқа қатысушыларымен бірлесе отырып, бір банктік қарыз шарты негізінде жүзеге асыратын қарыз операциясы, бұл ретте банктік қарыз шарты бойынша синдикат қатысушыларының мүдделерін білдіру, сондай-ақ қарыз бойынша кредиттік әкімшілендіру синдикат қатысушыларының біреуіне тапсырылуы мүмкін;

      10) субсидияланған қарыз – қаржыландырылу құны кредиттік құралдар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін есептеу үшін Даму Банкі белгілейтін қарыз алу құнынан төмен белгіленетін қарыз. Субсидияланған қарыздар бойынша өлшемдер Меморандумда белгіленеді;

      11) экспорттық операциялар – Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін және шығарылатын өнімдердің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің экспорты.

      Ескерту. 1-тарау 1-1-баппен толықтырылды - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

2-бап. Даму Банкінің қызметін құқықтық реттеу

      1. Қазақстанның Даму Банкi туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

      2. Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар қызметін, банк қызметін және өзге де лицензияланатын қызмет түрлерін реттейтін заңнамасы Даму Банкіне осы Заңмен және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттелмейтін бөлігінде қолданылады.

      3. Даму Банкiнiң инвестициялық басымдықтары, заем қаражатын тартуға сандық шектеулерi, кредит беруiнiң, меншiктi капиталды орналастыруының, бiрлесiп қаржыландыруының, кепiлдiктер беруiнiң, сенім білдірілген өкілдің (агенттің) функциясын орындауының, экспорттық операцияларды жүзеге асыруының, субсидияланған қарыз ұсынуының және қайта құрылымдауды жүзеге асыруының лимиттері, бағыттары, ықтимал шарттары, тәртібі мен мерзімдері Меморандумда белгiленедi.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.06.11 N 434, 2004.07.06 N 571, 2005.12.23 N 108, 2006.07.07 N 178, 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-бап. Даму Банкінің мақсаттары мен мiндеттері

      1. Даму Банкі қызметінің мақсаттары мемлекеттік инвестициялық қызметті жетілдіру және оның тиімділігін арттыру, өндірістік инфрақұрылым мен өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, ел экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға жәрдемдесу болып табылады.

      2. Даму Банкінің міндеттері:

      1) осы Заңның 7-бабында көзделген операцияларды (банктерге нысаналы кредит беруді, кредит желілерін қоса алғанда) жүзеге асыру арқылы орта мерзімді (бес жыл және одан көп мерзімге) және ұзақ мерзімді (он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге) негізде, орналастырудан түсетін қаражатты эмитент Меморандумда айқындалған тәртіппен инвестициялық жобаларды іске асыруға жіберетін облигацияларды Даму Банкінің сатып алуы арқылы инвестициялық жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ инвестициялық жобаларды дайындауды және іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында аралық қаржыландыру;

      2) осы Заңның 7-бабында көзделген операцияларды (банктерге нысаналы кредит беруді, кредит желілерін қоса алғанда) жүзеге асыру арқылы экспорттық операцияларды қаржыландыру;

      3) мезониндік қаржыландыруды ұсыну, жобалық қаржыландыру, синдикатталған қарыз ұсыну, Даму Банкі қаржыландыратын жобаларды іске асыру шеңберінде қарыз алушылардың ағымдағы қызметін қаржыландыру;

      4) басқа да кредит институттары ұсынатын қарыздар бойынша кепілдік міндеттемелер беру, сондай-ақ қоса қаржыландыру және банкаралық кредит беру, лизинг беруші ұйымдарға, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға кредиттер беру арқылы Қазақстан Республикасының экономикасына кредит беруді ынталандыру;

      5) жобаларды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру;

      6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де міндеттер болып табылады.

      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Даму Банкiнiң функциялары

      Даму Банкiнiң функциялары:

      1) Меморандумға сәйкес жобаларды іздестіру, iрiктеу және, қоса қаржыландыруды бірге алғанда, қаржыландыру;

      2) қаржыландыруға ұсынылатын жобаларға шарт негізінде банк сараптамасын жүргізу;

      3) Даму Банкінің қызметі шеңберінде қарыз алуды жүзеге асыру;

      4) мемлекеттік бағдарламаларды, жобаларды іске асыру шеңберінде халықаралық және ұлттық даму институттарымен, ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

      5) Даму Банкi қарыз алушыларының қаржылық жай-күйінің және Даму Банкі қаржыландыратын жобалардың іске асырылуының мониторингі, оның ішінде қамтамасыз ету мониторингі;

      6) Даму Банкі қарыз алушылары міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдану;

      7) мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды қоса алғанда, мемлекеттiк емес қарыздарды алу, оларға қызмет көрсету және оларды өтеу;

      8) бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын, екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істеп тұрған өндірістерді сауықтыруы және қолдауы мақсатында оларға кредит беруге бағытталған бағдарламаларды іске асыру кезінде сенім білдірілген өкілдің (агенттің) функцияларын орындау;

      9) Даму Банкіне нысаналы қорландыру қаражатын берген жағдайда инвестициялық жобаларды қаржыландыруды және сауықтыруды екінші деңгейдегі банктердің кейіннен жүзеге асыруы мақсатында екінші деңгейдегі банктерге қарыздар ұсыну болып табылады.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

5-бап. Даму Банкінің өкілеттіктері

      Даму Банкі:

      1) Меморандумға сәйкес өзінің кредит саясатын анықтауға;

      2) банк сараптамасының және қарыз алушының кредит қабілеттілігін талдаудың нәтижелері бойынша жобаны қайтарымдылық негізде қаржыландырудың орындылығын айқындауға;

      3) банк сараптамасын жүзеге асыру үшін сарапшылар мен консультанттар тартуға;

      4) Меморандумда белгіленген шекте заем қаражатын, оның iшiнде республикалық және жергiлiктi бюджеттерден заем қаражатын тартуға;

      4-1) заем қаражатын қоса алғанда, қаржы құралдарының iшкi және сыртқы рыноктарында Меморандумда белгiленген шектерде және тәртiппен бос қаражатты орналастыруға;

      5) жобаларды іріктеуді және Меморандумда белгіленген шектеулерді ескере отырып, қоса қаржыландыруды бірге алғанда, оларға кредит беруді жүзеге асыруға;

      6) жиынтық көлемі Меморандумда белгіленетін өз кепілдіктерін беруге;

      7) отандық және шетелдік банктердің және басқа да қаржы институттарының қатысуымен қарыз алудың ұйымдастырушысы және қатысушысы болуға;

      8) ұлттық басқарушы холдингтің тобына кіретін заңды тұлғалардың оларды қаржыландыру жөніндегі агенті болуға;

      9) қайта құрылымдауды жүзеге асыруға құқылы.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.06.11 N 434, 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының Даму Банкімен өзара қарым-қатынасы

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктер шегінде банктерді, банк конгломераттарын және резервтік талаптарды пруденциялық реттеу, басшы қызметкерлердің келісуі, активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Даму Банкінің Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін заңнамасын, тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру, қарыз алуды және қаржыландыруды ұйымдастыру мақсатында еншілес ұйымды құруға немесе оны иемденуге, сондай-ақ заңды тұлғалардың, оның ішінде бейрезиденттердің капиталына қомақты қатысуға рұқсат беру (кері қайтарып алу) тәртібіне қойылатын талаптарды орындауын бақылауды жүзеге асырады.

      2. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк органдардың және олардың лауазымды адамдарының Даму Банкiнiң қызметiне кез келген нысанда араласуына тыйым салынады.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-тарау. ДАМУ БАНКIНIҢ ҚЫЗМЕТI

7-бап. Даму Банкiнiң операциялары

      Даму Банкі өз функцияларын орындау үшін лицензиясыз ұлттық және шетелдік валютамен мынадай банктік және өзге де операцияларды:

      1) қарыз операцияларын: резидент немесе бейрезидент заңды тұлғаларға төлем жасалу, мерзімдік және қайтарымдылық шарттарымен (Меморандумға сәйкес ел экономикасын дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру шартымен) ақшалай нысанда кредиттер беруді;

      2) резидент және резидент емес заңды тұлғаларға және секьюритилендіру мәмілелері шеңберінде шығарылатын облигациялар бойынша ақшалай нысанда орындалуы көзделетін банктік кепілдіктер беруді;

      3) резидент және резидент емес заңды тұлғалар үшін ақшалай нысанда орындалуы көзделетін банктік кепілгерліктер мен өзге де міндеттемелер беруді;

      4) аккредитивті ашу (қою) мен растауды және ол бойынша міндеттемелерді орындауды;

      5) банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттік шоттарын ашуды және жүргізуді;

      6) Даму Банкі қызмет көрсетілетін жобалар шеңберінде жасаған шарттарда көзделген төлемдерді және ақша аударымдарын жүзеге асыру, Даму Банкі алдындағы міндеттемелерді орындау үшін ақшаны резервке алу мақсатында Даму Банкі қарыз алушыларының банк шоттарын ашуды және жүргізуді, оның ішінде Даму Банкінің қарыздарын, басқа да қарыздар мен қаражаттарды, оған қоса республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражатын есепке жатқызу үшін банк шоттарын ашуды және жүргізуді;

      7) ұлттық басқарушы холдинг тобына кіретін заңды тұлғалардың оларды қаржыландыру бойынша агенті болуы кезінде, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын, екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істеп тұрған өндірістерді сауықтыруы және қолдауы мақсатында оларға кредит беруге бағытталған бағдарламаларды іске асыру кезінде сенім білдірілген өкілдің (агенттің) функцияларын орындау кезінде банк шоттарын ашуды және жүргізуді;

      8) резидент және (немесе) резидент емес заңды тұлғалардың Даму Банкі алдындағы міндеттемелерін қамтамасыз ету мақсатында депозиттер қабылдауды, қаражатты есепке жатқызу үшін банк шоттарын ашуды және жүргізуді;

      9) Даму Банкінің өтімділігін тарту мақсатында депозиттер қабылдауды, заңды тұлғалардың, оның ішінде банктердің банк шоттарын ашуды және жүргізуді;

      10) Даму Банкінің қарыз алушыларын, корреспондент-банктерді, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарды қоса алғанда, резидент және (немесе) резидент емес заңды тұлғалардың тапсырмасы бойынша олардың осы баптың 5)-9) тармақшаларында көзделген банк шоттары бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыруды;

      11) аударым операцияларын: резидент және (немесе) резидент емес заңды тұлғалардың төлемдер және ақша аудару жөніндегі тапсырмаларын орындауды;

      12) төлем құжаттарын (вексельдерді қоспағанда) инкассоға қабылдауды;

      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дилерлік қызметті;

      14) лизингтік қызметті;

      15) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды;

      16) өз мүлкін жалға беруді;

      17) қолма-қол шетел валютасымен операцияларды қоспағанда, шетел валютасын айырбастау операцияларын;

      18) Меморандумға сәйкес келетін мақсаттарда бағалы қағаздар нарығындағы қаржы консультанты мен андеррайтер қызметін;

      19) мезониндік қаржыландыру беруді жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Даму Банкiнiң банк сараптамасын жүргiзуi

      Ескерту. Алып тасталды - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

9-бап. Даму Банкiнiң республикалық және жергiлiктi бюджеттерден заемдар тартуы және пайдалануы

      1. Даму Банкiнiң республикалық және жергiлiктi бюджеттерден заемдар алуы тек қана ақылы, мерзiмдiлiк және қайтарымдылық негiзде жүзеге асырылады.

      2. Даму Банкiнiң республикалық және жергiлiктi бюджеттерден алатын заемдарды беру, пайдалану және қайтару тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.

      3. Бюджеттерден тартылатын заемдарды Даму Банкi Меморандумға сәйкес, сондай-ақ осы Заңның 4-бабының 9) тармақшасында көзделген жағдайда өзi дербес iрiктеу жүргiзетiн жобаларға кредит беру үшiн пайдаланады.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 2003.06.11 N 434; өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Даму Банкінің кәсіпорындарды сауықтыруды жүзеге асыруы

      Даму Банкіне нысаналы қорландыру қаражаты берілген жағдайда, инвестициялық жобаларды қаржыландыруды және сауықтыруды екінші деңгейдегі банктердің кейіннен жүзеге асыруы мақсатында Даму Банкі контрагент-банктерге арналып белгіленген лимиттер шеңберінде екінші деңгейдегі банктерге қарыздар береді.

      Кәсіпорындарды сауықтыру мақсатында Даму Банкінің контрагент-банктерге арналған лимиттерінен асып кеткен жағдайда, сондай-ақ өзге де жағдайларда Даму Банкі бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын, екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істеп тұрған өндірістерді сауықтыруы және қолдауы мақсатында оларға кредит беруге бағытталған бағдарламаларды іске асыру кезінде сенім білдірілген өкіл (агент) болуға құқылы.

      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

11-бап. Даму Банкi қызмет көрсететiн инвестициялық жобаларды iске асыру мониторингi

      Ескерту. 11-бап алып тасталды - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

12-бап. Даму Банкiнiң қарыздар беруi

      1. Даму Банкі қаржыландыруды Меморандумда айқындалған шарттарда, тәртіппен және мерзімдерде жүргізеді.

      Берілетін кредиттер бойынша сыйақы ставкасының шамасы қарыз берудің құнын және Даму Банкінің операциялық шығыстарын ескере отырып есептеледі.

      Даму Банкі органдарының қаржыландыру туралы шешімдерді қабылдау жөніндегі құзыреті Меморандумда және Даму Банкінің жарғысында айқындалады.

      2. Даму Банкі беретін қарыздар, болашақта келіп түсетін мүлік кепілін, оның ішінде күтілетін жүйелі ақшалай түсімдерді, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі мүлікті, тиісті мүлікке талап ету құқықтарын (мүліктік құқықтарды) қоса алғанда, кепілмен, кепілдікпен, сақтандырумен және Меморандумға сәйкес міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмеуге тиіс басқа да тәсілдерімен қамтамасыз етіледі.

      Даму Банкі жалғыз акционері (қатысушысы) Даму Банкі болып табылатын заңды тұлғаларға қарыздар беруге, сондай-ақ мезониндік қаржыландыруды және қамтамасыз етпей банкаралық кредит беруді жүзеге асыруға құқылы.

      3. Ұлттық басқарушы холдингтің тобына кіретін және тізбесін акционерлердің жалпы жиналысы бекітетін инвестициялық жобаларды іске асыратын заңды тұлғаларға кредит берудің және олардың міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынуының шарттары мен тәртібі Меморандумға сәйкес айқындалады.

      Ұлттық басқарушы холдингтің тобына кіретін заңды тұлғаларға, сондай-ақ жалғыз акционері (қатысушысы) Даму Банкі болып табылатын заңды тұлғаларға кредит берудің және олардың міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынуының шарттарын айқындау кезінде Қазақстан Республикасының банк заңнамасында белгіленген, Даму Банкімен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға жеңілдік шарттарын беруге тыйым салу және көрсетілген тұлғалармен мәмілелерді жүзеге асыру тәртібі қолданылмайды.

      4. Даму Банкінің лизингтік қызметті жүзеге асыруы туралы, жарғылық капиталдарына Даму Банкі қатысатын заңды тұлғаларға кредит беру, олардың міндеттемелері бойынша кепілдіктер мен кепілгерліктерді беруі туралы шешімдерді Даму Банкінің директорлар кеңесі Меморандумға сәйкес бекітеді.

      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-1-бап. Даму Банкінің жобалық қаржыландыруды жүзеге асыруы

      Даму Банкі жобалық қаржыландыруды Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға құқылы.

      Даму Банкінің жобалық қаржыландыруы арқылы жүзеге асырылатын жобаларға қойылатын талаптар, жобалық қаржыландыру кезінде қарыз алушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері Меморандумда белгіленеді.

      Ескерту. 2-тарау 12-1-баппен толықтырылды - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

13-бап. Даму Банкiнiң заемдарды тартуы

      1. Даму Банкi қарыз алуды заемның қайтарылуын өз активтерiмен қамтамасыз ете отырып немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерiмен жүзеге асырады.

      1-1. Даму Банкi шығарған борыштық бағалы қағаздар ол Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарына сәйкес қаржы агентi мәртебесiн алған кезден бастап агенттiк облигациялар болып табылады.

      2. Алынып тасталды - ҚР 2006.07.07 N 178 Заңымен.

      3. Даму Банкi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаздарды және Даму Банкiнiң басқа да борыштық мiндеттемелерiн орналастыруға, өтеуге және олар бойынша сыйақылар төлеуге байланысты бүкiл қызметтi немесе оның бiр бөлiгiн агенттерге сенiп тапсыруға құқылы.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.06.11 N 434, 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.07 N 178 Заңдарымен.

14-бап. Даму Банкiнiң заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы

      1. Даму Банкi Меморандумға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес:

      1) Даму Банкi бұрын кепiлге ресiмдеген заңды тұлғалардың қатысу үлесiнен немесе акцияларынан оларды одан әрi өткiзу мақсатында өндiрiп алған;

      2) бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары (қор биржасы, орталық депозитарий) құрған заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысқан;

      3) акционерлердің жалпы жиналысының шешімі бойынша лизинг ұстаушы ұйымдардың және өзге де заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысқан;

      4) инвестициялық жобаларды қаржыландыру шеңберінде заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қайта құрылымдауға, сондай-ақ мезониндік қаржыландыру кезінде қарыз алушылардың жарғылық капиталдарына қайта құрылымдауға, қатысқан жағдайларда заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қайта құрылымдауға, қатысады.

      2. Жарғылық капиталына Даму Банкі жүз процент қатысатын ұйымдардың басқару органдарында тәуелсіз директорлардың болу қажеттігін Даму Банкі дербес айқындауға құқылы.

      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 2003.06.11 N 434, өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.12.23 N 108, 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

15-бап. Даму Банкiнiң қызметiн шектеу

      Даму Банкiнiң:

      1) жеке тұлғаларға, кредиттік серіктестіктерге, ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқарушыларға, инвестициялық қорларға, сақтандыру ұйымдарына кредиттер, сондай-ақ олардың міндеттемелері бойынша банктік кепілдіктер, кепілгерліктер және ақшалай нысанда орындалуы көзделетін өзге де міндеттемелер беруіне; нысанда орындалуы көзделетін өзге де міндеттемелер беруіне;

      2) жеке тұлғалардың депозиттерін тартуына және жеке тұлғаларға банк шоттарын ашуына;

      3) мерзімдік, төлем жасау, қайтарымдылық қағидаттарын сақтамастан қарыздар беруіне;

      4) жеке тұлғаларға есептік-кассалық қызмет көрсетуді жүзеге асыруына;

      5) бұрын тартылған қарыздар бойынша мерзімі өткен (бір жылдан артық) міндеттемелері болған кезде қосымша сыртқы қарыз алуды жүзеге асыруына тыйым салынады.

      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. ДАМУ БАНКIНIҢ КАПИТАЛЫ

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз) Заңымен.

16-бап. Даму Банкiнiң жарғылық капиталы

      1. Даму Банкінің жарғылық капиталы кемінде екі жүз елу миллиард теңгені құрайды.

      2. Даму Банкінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі Даму Банкінің қаржылық тұрақтылығының параметрлерін (коэффициенттерін), олардың шекті мәндерін және есептеу әдістемесін айқындайды.

      Қаржылық тұрақтылық параметрлерінің (коэффициенттердің) нашарлау жағына қарай күтілетін өзгеруі кезінде және параметрлердің (коэффициенттердің) аз дегенде біреуі бойынша шекті мәндерге қол жеткізген кезде Даму Банкінің жарғылық капиталы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес ұлғайтылуы мүмкін.

      Жарғылық капитал Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге жағдайларда да ұлғайтылуы мүмкін.

      Несие портфелінің активтерге ең жоғары арақатынасы Меморандумда белгіленеді.

      3. Алып тасталды - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 19.03.2014 N 179-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

17-бап. Даму Банкiнiң провизиялар (резервтер) қалыптастыруы

      Ескерту. 17-бап алып тасталды - ҚР 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

18-бап. Дивидендтік саясат

      Даму Банкінің дивидендтік саясатын акционерлердің жалпы жиналысы айқындайды.

      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз) Заңымен.

4-тарау. ДАМУ БАНКIНIҢ ЕСЕБI, ЕСЕПТIЛIГI ЖӘНЕ ТӘУЕЛСIЗ АУДИТI

19-бап. Даму Банкiнiң есеп саясаты

      1. Даму Банкiнiң есеп саясатын Даму Банкiнiң директорлар кеңесi бекiтедi.

      2. Даму Банкі бухгалтерлік есеп жүргізу мен қаржылық есептілікті жасауды Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына және қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына сәйкес жүзеге асырады.

      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.06 N 571, 2005.12.23 N 108, 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

20-бап. Есептiлiк

      Даму Банкi:

      1) ай сайын бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органға - республикалық бюджет ақшасының шығыстары туралы;

      2) ай сайын облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына - жергiлiктi бюджеттер ақшасының шығыстары туралы;

      3) ай сайын мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органға - Даму Банкiне республикалық бюджеттен, тиiстi облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына - жергiлiктi бюджеттерден бөлiнген заем қаражаттарының игерiлуi туралы есептілікті табыс етеді.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.06.11 N 434, 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

21-бап. Даму Банкiнiң аудитi

      1. Даму Банкi қызметiнiң аудитiн (сыртқы аудитiн) акционерлердiң жалпы жиналысы белгiлейтiн тәртiппен таңдап алынған аудиторлық ұйым жыл сайын жүзеге асырады.

      2. Алынып тасталды - ҚР 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз) Заңымен.

      3. Даму Банкiнiң жылдық қаржылық есептiлiгi аудит аяқталғаннан кейiн акционерлердiң жалпы жиналысында қаралып, бекiтiледi.

      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.06.11 N 434, 2006.05.05 N 139, 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз) Заңдарымен.

5-тарау. ДАМУ БАНКIН БАСҚАРУ

22-бап. Даму Банкiнiң акционерлерi

      Ескерту. 22-бап алып тасталды - ҚР 2006.07.07 N 178 Заңымен.

23-бап. Даму Банкiнiң органдары

      1. Даму Банкiнiң органдары мыналар:

      1) жоғары органы - акционерлердiң жалпы жиналысы;

      2) басқару органы - директорлар кеңесi;

      3) атқарушы органы - басқарма;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына және Даму Банкінің жарғысына сәйкес өзге де органдар.

      2. Даму Банкi органдарының функциялары, өкiлеттiктерi мен қызмет тәртiбi осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде және Даму Банкiнiң жарғысында белгiленедi.

      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.06 N 571, 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз) Заңдарымен.

24-бап. Директорлар кеңесi

      1. Директорлар кеңесінің төрағасын қоса алғанда, директорлар кеңесінің мүшелері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің келісімінсіз сайланады.

      2. Директорлар кеңесін сайлау тәртібі мен оның өкілеттігі Қазақстан Республикасының заңнамасына және Даму Банкінің жарғысына сәйкес айқындалады.

      Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

25-бап. Басқарма

      1. Басқарма алқалы орган болып табылады және Даму Банкінің ағымдағы қызметіне басшылықты жүзеге асырады.

      Басқарма төрағасы мен мүшелері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің келісімінсіз сайланады.

      Басқармаға басқарма төрағасы басшылық етеді.

      Басқарма Қазақстан Республикасының Заңдарында және Даму Банкінің жарғысында Даму Банкінің басқа органдар мен лауазымды адамдарының құзыретіне жатқызылмаған қызметтің кез келген мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға құқылы.

      2. Басқарманы сайлау тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына және Даму Банкінің жарғысына сәйкес айқындалады.

      Ескерту. 25-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-тарау. ҚОСЫМША ЕРЕЖЕЛЕР

26-бап. Даму Банкiн мемлекеттiк баж төлеуден босату

      Ескерту. 26-бап алынып тасталды - ҚР 2004.12.13 N 11 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

27-бап. Даму Банкiнiң жауапкершiлiгі және дауларды шешу тәртiбi

      1. Даму Банкi өзiнiң мiндеттемелерiн орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген негiздер бойынша және тәртiпте жауапты болады.

      2. Даму Банкiнің, облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының, мемлекеттiк органдардың, заңды тұлғалардың арасында осы Заңды орындау жөнiнде туындаған барлық даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.

      3. Осы Заңның бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.

      Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi); 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      28-бап жаңа редакцияда көзделген – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

28-бап. Шектеулі ықпал ету шаралары

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі реттелуі өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының бұзылғанын анықтаған жағдайларда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Даму Банкіне мынадай шектеулi ықпал ету шараларының бiрiн қолданады:

      1) анықталған кемшiлiктердi белгiленген мерзiмдерде жою туралы орындалуға мiндеттi жазбаша нұсқама береді;

      2) мiндеттеме-хат талап етеді;

      3) Даму Банкімен жазбаша келiсiм жасайды.

      Даму Банкі жазбаша нұсқаманың, мiндеттеме-хаттың немесе жазбаша келiсiмнiң оларда белгіленген мерзiмдерде орындалғаны туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін хабардар етуге мiндеттi.

      Ескерту. 6-тарау 28-баппен толықтырылды - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
Президенті