Қазақстанның Даму Банкі туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 2001 жылғы 25 сәуір N 178-II

Қолданыстағы

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Қазақстанның Даму Банкі және оның мәртебесi

      Қазақстанның Даму Банкi (бұдан әрі - Даму Банкі) мемлекеттің қатысуы 100 процент болатын жабық акционерлік қоғам болып табылады.

      2-бап. Даму Банкінің қызметін құқықтық реттеу

      1. Қазақстанның Даму Банкi туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына  негізделеді, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
      2. Банк қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңдары Даму Банкiне осы Заңда реттелмеген бөлiгінде қолданылады.
      3. Даму Банкiнің инвестициялық басымдықтары, заем қаражатын тартуға сандық шектеулер, Даму Банкiнің кредит беруiнiң, бiрлесіп қаржыландыруының және кепілдіктер беруінің лимиттері, бағыттары, ықтимал шарттары, тәртiбі және мерзімдері Қазақстан Республикасының Yкіметі үш жылдық кезеңге бекітетін Даму Банкiнiң Кредит саясаты туралы меморандумда (бұдан әрі - Меморандум) белгiленедi.

      3-бап. Даму Банкінің мақсаттары мен мiндеттері

      1. Даму Банкi қызметінiң мақсаттары мемлекеттік инвестициялық қызметті жетілдіру және оның тиімділігін арттыру, өндірістік инфрақұрылым мен өңдеушi өндiрiстердi дамыту, ел экономикасына сыртқы және iшкi инвестицияларды тартуға жәрдемдесу болып табылады.
      2. Даму Банкiнiң мiндеттерi мыналар:
      1) инвестициялық жобаларға орта мерзiмдi (бес жылға және одан артық мерзiмге) және ұзақ мерзiмдi (он жылға және одан артық мерзiмге - жиырма жылға дейiн) кредит беру;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын өнiмдердiң экспортын ынталандыру мақсатында Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң экспорттық операцияларына кредит беру;
      3) басқа да кредит институттары беретiн заемдар мен кредиттер бойынша кепiлдiк мiндеттемелер беру, сондай-ақ бiрлесiп қаржыландыру жолымен Қазақстан Республикасы экономикасының өндiрiстiк секторына кредит берудi ынталандыру;
      4) Қазақстан Республикасының Yкiметi iске асыратын инвестициялық жобаларды (Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) қаржыландырудың тетiктерiн жетiлдiру;
      5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де мiндеттер.

      4-бап. Даму Банкiнiң функциялары

      1. Даму Банкi мынадай функцияларды орындайды:
      1) бiрлесiп қаржыландыруды қоса алғанда, Бағдарламаның жобаларына кредит беру;
      2) бiрлесiп қаржыландыруды қоса алғанда, Меморандумға сәйкес Бағдарламаға енбейтiн инвестициялық жобаларға өз қаражаты есебiнен кредит беру;
      3) Бағдарламаға енгiзiлген, республикалық бюджеттiң қаражаты және мемлекеттiк кепiлдiктермен тартылған қаражат есебiнен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларға, сондай-ақ Бағдарламаға енгiзiлмеген, жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын инвестициялық жобалар бойынша қызмет көрсету жөнiндегi агенттiң функцияларын орындау;
      4) Бағдарламаға енгiзуге ұсынылатын инвестициялық жобалардың банк сараптамасын жүргiзу, Даму Банкi заемшыларының қаржылық жай-күйiнiң мониторингi және олардың Даму Банкi алдындағы мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдау;
      5) Бағдарламаға енгiзiлген инвестициялық жобаларды iске асыру мониторингi;
      6) мемлекеттiк емес, оның iшiнде мемлекет кепiлдiк берген заемдарды алу, оларға қызмет көрсету және оларды өтеу;
      7) мемлекет кепілдік берген мемлекеттік емес сыртқы заемдарға қызмет көрсету, мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндеттемелерді орындауға және Қазақстан Республикасы Үкіметінің басқа да борыштық талаптарын орындауға байланысты республикалық бюджеттен алынған қаражатты қайтару жөніндегі агенттің функцияларын орындау.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі арнайы құрған ұйымдар арқылы бюджеттік кредит беру жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, Даму Банкінің осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында белгіленген функциясы оның айрықша құзыретіне жатады.

      5-бап. Даму Банкінің өкілеттіктері

      Даму Банкі:
      1) Меморандумға сәйкес қаржы жылына арналған өзінің кредит саясатын анықтауға;
      2) банк сараптамасының және заемшының кредит қабілеттілігін талдаудың нәтижелері бойынша инвестициялық жобаны қайтарымдылық негізінде қаржыландырудың қисындылығын анықтауға;
      3) банк сараптамасын жүзеге асыру үшін сарапшылар мен консультанттар тартуға;
      4) Меморандумда белгіленген шекте заем қаражатын тартуға;
      5) Бағдарламаға енбейтін инвестициялық жобаларды іріктеп алуды және Меморандумда белгіленген шектеулерді ескере отырып, бірлесіп қаржыландыруды қоса алғанда, оларға кредит беруді жүзеге асыруға;
      6) жиынтық көлемі Меморандумда белгіленетін өз кепілдіктерін беруге;
      7) отандық және шетелдік банктердің және басқа да қаржы институттарының қатысуымен қарыз алудың ұйымдастырушысы және қатысушысы болуға құқылы.

      6-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының
             Даму Банкімен өзара қарым-қатынасы

      1. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі:
      1) Даму Банкінің заемшының міндеттерін және агенттің функцияларын орындауын бақылауды жүзеге асырады;
      2) Даму Банкінің есептілігінің құрамы мен нысандарын бекітеді.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
      1) пруденциялық реттеу мен резервтік талаптарды қоспағанда, ақшаны есепке алу, төлеу және аудару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiн Даму Банкiнiң орындауын бақылауды жүзеге асырады;
      2) осы Заңның 7-бабында көрсетiлген операцияларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Даму Банкiнің операцияларын лицензиялауды жүзеге асырады.
      3. Мемлекеттiк органдардың Даму Банкiмен қарым-қатынастардағы өзге де өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк органдардың және олардың лауазымды адамдарының Даму Банкiнiң қызметiне кез келген түрде араласуына тыйым салынады.

2-тарау. ДАМУ БАНКIНIҢ ҚЫЗМЕТI

      7-бап. Даму Банкiнiң операциялары

      Даму Банкi өз функцияларын орындау үшiн мынадай операцияларды жүзеге асырады:
      1) осы Заңның 15-бабының 1) тармақшасында көрсетiлген ұйымдарды қоспағанда, заңды тұлғаларға кредиттер мен кепiлдiктер беру;
      2) шартты салымдардың арнаулы шоттарын, сондай-ақ мемлекет кепiлдiк берген заемдар жөнiндегi шарттарға сәйкес резервтiк шоттарды ашу және жүргiзу;
      3) республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларға қызмет көрсету жөнiндегi банк шоттарын ашу және жүргiзу;
      4) Даму Банкi заемшыларының ақша аудару жөнiндегi тапсырмаларын орындау (аударым операциялары);
      5) Даму Банкi заемшыларының тапсырмалары бойынша, сондай-ақ корреспондент-банктердiң өз банк шоттары бойынша есеп айырысулары;
      6) заемшының пайдасына төлем құжаттарын (вексельдердi қоспағанда) инкассоға қабылдау;
      7) борыштық бағалы қағаздардың эмиссиясы;
      8) өз мүлкiн жалға беру;
      9) Қазақстан Республикасының банк заңдарымен және осы Заңмен белгiленген жағдайларда мемлекеттiк бағалы қағаздармен, сондай-ақ өзге де бағалы қағаздармен дилерлiк қызмет.

      8-бап. Даму Банкiнiң Бағдарламаны түзуге қатысуы

      1. Даму Банкi Бағдарламаға енгiзу үшiн ұсынылатын жобалардың банк сараптамасын жүзеге асырады.
      2. Даму Банкiнiң инвестициялық жобаны сараптаудың нәтижелерi жөнiндегi қорытындысы жобаның тиiмдiлiгi, заемшының кредит қабiлеттiлiгi мен төлем қабiлеттiлiгi, заемды қайтарудың қамтамасыз етiлуi туралы, қаржыландырудың нысаны мен шарттары туралы, сондай-ақ жобаны Бағдарламаға енгiзудiң қисындылығы туралы қорытындыларды қамтуға тиiс.
      3. Инвестициялық жобаны қайтарымды негiзде қаржыландырылатын жоба ретiнде Бағдарламаға енгiзу банк сараптамасының нәтижелерi бойынша Даму Банкiнiң оң қорытындысы болған жағдайда жүзеге асырылады.
      4. Даму Банкiнiң инвестициялық жобаларға сараптама жүргiзуi Меморандумда белгiленген шектеулердi ескере отырып, шарт негiзiнде жүзеге асырылады.

      9-бап. Даму Банкiнiң Бағдарламаға заемшы ретiнде
             қатысуы

      1. Даму Банкiнiң республикалық бюджеттiң қаражатынан кредиттер алуы оларды Бағдарламаға енгiзу жолымен тек қана ақылы, мерзiмдiлiк және қайтарымдылық негiзде жүзеге асырылады.
      2. Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен Даму Банкi алатын заемдарды беру, пайдалану және қайтару тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

      10-бап. Бағдарламаны республикалық және жергілiктi
              бюджеттердiң қаражаты есебiнен қаржыландыру
              кезiнде Даму Банкiнiң агент функцияларын
              орындауы

      1. Даму Банкi тиiстi қаржы жылына арналған Қазақстан Республикасының республикалық бюджет туралы Заңына немесе мәслихаттардың жергiлiктi бюджеттер туралы шешiмдерiне сәйкес республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын инвестициялық жобалар бойынша банк-агенттiң функцияларын орындайды.
      2. Бағдарламаға енгiзiлген инвестициялық жобаларды республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен қаржыландыруды Даму Банкiне қаражат аудару жолымен бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi жүзеге асырады.
      3. Инвестициялық жобаны iске асыру аяқталғаннан немесе мерзiмiнен бұрын тоқтатылғаннан кейiн Даму Банкi қаражаттың қалдықтарын тиiстi бюджеттерге қайтарады.
      4. Даму Банкi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Бағдарламаның жобаларын қаржыландыру үшiн тартылатын мемлекет кепiлдiк берген мемлекеттiк емес заемдар бойынша банк-агенттiң функцияларын орындайды.

      11-бап. Бағдарламаға енгiзiлген жобаларды iске асыру
              мониторингi

      1. Даму Банкi Бағдарламаға енгiзiлген инвестициялық жобаларды iске асырудың:
      1) жобаларды iске асыруды қаржыландыру графиктерiнiң;
      2) Даму Банкiнiң жобаларды iске асыруға берген заемдары бойынша заемшылардың қаржылық жай-күйiнiң;
      3) iске асырылатын жобалар бойынша жұмыстар, көрсетiлген қызметтер көлемiнiң нақты орындалуының мониторингін жүзеге асырады.
      2. Даму Банкi жыл сайын нәтижелердiң жобалық техникалық-экономикалық көрсеткiштерге сәйкестiгiн бағалай отырып, Бағдарламаға енгiзiлген инвестициялық жобалардың iске асырылуына және қаржыландырылуына талдау жасайды және Қазақстан Республикасының Yкiметiне тиiстi қорытындыны табыс етедi.

      12-бап. Даму Банкiнiң заемдар беруi

      1. Даму Банкiнiң инвестициялық жобаларға кредит беруi Меморандумға сәйкес белгiленген шарттарда, тәртiппен және мерзiмдерде жүргiзiледi. Берiлетiн кредиттер бойынша проценттiк ставканың шамасы қарыз алудың орташа құнын және Даму Банкiнiң операциялық шығыстарын ескере отырып шығарылады.
      2. Даму Банкi беретiн заемдар өтiмдiлiгi жоғары активтермен (мемлекеттiк бағалы қағаздар, эмитенттердiң бағалы қағаздары, екiншi деңгейдегi банктердiң кепiлдiктерi және мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудiң заңдарда көзделген басқа да әдiстерi) қамтамасыз етiлуге тиiс.

      13-бап. Даму Банкiнiң заемдарды тартуы

      1. Даму Банкi қарыз алуды заемның қайтарылуын өз активтерiмен қамтамасыз ете отырып, шарт жасасу жолымен немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерiмен жүзеге асырады.
      2. Даму Банкiнiң Қазақстан Республикасының Yкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдар алдындағы борыштары бойынша талап ету құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген негiздер бойынша тоқтатылады.
      3. Даму Банкi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаздарды және Даму Банкiнiң басқа да борыштық мiндеттемелерiн орналастыруға, өтеуге және олар бойынша сыйақылар төлеуге байланысты бүкiл қызметтi немесе оның бiр бөлiгiн агенттерге сенiп тапсыруға құқылы.

      14-бап. Даму Банкiнiң заңды тұлғалардың жарғылық
              капиталына қатысуы

      Даму Банкi заңдарға сәйкес заңды тұлғалардың бұрын өзi кепiлге ресiмдеген қатысу үлесiнен немесе акцияларынан, оларды бұдан әрi өткiзу мақсатында, өндiрiп алған кезде Даму Банкi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысады.

      15-бап. Даму Банкiнiң қызметiн шектеу

      Даму Банкiне:
      1) жеке тұлғалардың және қаржы институттарының - екiншi деңгейдегi банктердiң, кредиттiк серiктестiктердiң, мемлекеттiк емес зейнетақы қорларының, зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компаниялардың, инвестициялық қорлардың, сақтандыру ұйымдарының, лизинг берушi ұйымдардың пайдасына кредиттер мен кепiлдiктер беруге;
      2) осы Заңның 7-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, депозиттер тартуға, жеке және заңды тұлғаларға банк шоттарын ашуға;
      3) қайтарылуын қамтамасыз етпей заемдар беруге;
      4) осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда ұйымдарға қызмет көрсетуге, заңды тұлғалардың акцияларын сатып алуға;
      5) бұрын тартылған заемдар бойынша мерзiмi өткен мiндеттемелерi болған жағдайларда қосымша сыртқы және iшкi қарыз алуды жүзеге асыруға тыйым салынады.

3-тарау. ДАМУ БАНКIНIҢ КАПИТАЛЫ МЕН КIРIСI

      16-бап. Даму Банкінің жарғылық капиталы

      1. Даму Банкiнiң жарғылық капиталы отыз миллиард теңге болады және республикалық, жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен құралады.
      2. Даму Банкiнiң жарғылық капиталындағы Yкiметтiң үлесi жарияланған жарғылық капиталдың жетпiс бес процентi болады.
      3. Даму Банкiнiң жарғылық капиталындағы әрбiр облыстың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органдарының үлесi жарияланған жарғылық капиталдың кемiнде бiр бүтiн он мыңнан бес мың алты жүз жиырма бес процентi болады және құрылтай құжаттарда өзгеше белгiленбеген болса, Даму Банкi тiркелген күннен бастап бiр жыл iшiнде төленуге тиiс.

      17-бап. Даму Банкiнiң провизиялар (резервтер)
              қалыптастыруы

      Даму Банкiнiң сыныпталған активтер және шартты мiндеттемелер бойынша провизиялар (резервтер) қалыптастыруы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүргiзiледi.

      18-бап. Таза кiрiстi бөлу

      Даму Банкiнiң таза кiрiсi Даму Банкiнiң жылдық есебiн бекiту қорытындылары бойынша резервтiк капиталды қалыптастыруға ғана жұмсалады.

4-тарау. ДАМУ БАНКIНIҢ ЕСЕБI, ЕСЕПТIЛIГI
ЖӘНЕ ТӘУЕЛСIЗ АУДИТI

      19-бап. Даму Банкiнiң есеп саясаты

      1. Даму Банкiнiң есеп саясатын жыл сайын Даму Банкiнiң директорлар кеңесi бекiтедi.
      2. Даму Банкi есептi бухгалтерлiк есептiң ұлттық стандарттары бойынша жүзеге асырады.

      20-бап. Есептiлiк

      Даму Банкi:
      1) ай сайын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне - республикалық бюджет ақшасының шығыстары туралы;
      2) ай сайын жергiлiктi атқарушы органдарға - жергiлiктi бюджеттер ақшасының шығыстары туралы;
      3) ай сайын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне және Мемлекеттiк инвестициялардың бағдарламасын әзiрлеудi және оның атқарылуын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органға - Бағдарламаға енгiзiлген инвестициялық жобаларды қаржыландыруға арналып Даму Банкiне бөлiнген кредит ресурстарының игерiлуi туралы есептiлiктi;
      4) аудит жүргiзiлiп, оны акционерлердiң жалпы жиналысы бекiткеннен кейiн 1 сәуiрден кешiктiрмей Қазақстан Республикасының Парламентiне және Yкiметiне - жылдық қаржылық есептiлiктi табыс етедi.

      21-бап. Даму Банкiнiң аудитi

      1. Даму Банкi қызметiнiң аудитiн (сыртқы аудитiн) акционерлердiң жалпы жиналысы белгiлейтiн тәртiппен таңдап алынған аудиторлық ұйым (аудитор) жыл сайын жүзеге асырады.
      2. Аудиторлық ұйыммен келiсiм-шартты (шартты) Даму Банкiнiң атынан директорлар кеңесiнiң төрағасы жасайды және директорлар кеңесi бекiтедi.
      3. Даму Банкiнiң жылдық қаржылық есептiлiгi аудит аяқталғаннан кейiн акционерлердiң жалпы жиналысында қаралып, бекiтiледi.

5-тарау. ДАМУ БАНКIН БАСҚАРУ

      22-бап. Даму Банкiнiң акционерлерi

      Қазақстан Республикасының Yкiметi және Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары Даму Банкiнің акционерлерi болып табылады.

      23-бап. Даму Банкiнiң органдары

      1. Даму Банкiнiң органдары мыналар:
      1) жоғары органы - акционерлердiң жалпы жиналысы;
      2) басқару органы - директорлар кеңесi;
      3) атқарушы органы - Даму Банкiнiң президентi;
      4) бақылаушы органы - тексеру комиссиясы (тексерушi).
      2. Даму Банкi органдарының функциялары, өкiлеттiктерi мен қызмет тәртiбi осы Заңда және Даму Банкiнiң жарғысында белгiленедi.

      24-бап. Даму Банкiнiң директорлар кеңесi

      1. Даму Банкiнің директорлар кеңесi, директорлар кеңесiнiң төрағасын қоса алғанда, Даму Банкi акционерлерiнiң жалпы жиналысы сайлайтын жетi мүшеден тұрады.
      2. Қазақстан Республикасының Президентi Даму Банкi директорлар кеңесiнiң үш мүшесiнiң кандидатурасын белгiлейдi.
      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) Даму Банкi директорлар кеңесiнiң төрт мүшесiнiң кандидатурасын белгiлейдi;
      2) акционерлердiң жалпы жиналысына директорлар кеңесiнiң мүшелерi арасынан Даму Банкi президентiнiң кандидатурасын ұсынады.
      4. Даму Банкi директорлар кеңесiнiң төрағасын Даму Банкi акционерлерiнiң жалпы жиналысы екi жылдан аспайтын мерзiмге сайлайды.
      5. Жалпы жиналыста сайлау үшiн директорлар кеңесiнiң мүшелiгiне кандидатуралар осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген ережелер бойынша анықталады.
      Мемлекеттiк қызметшi болып саналмайтын адамдар да директорлар кеңесiнiң мүшесi бола алады.
      6. Даму Банкiнiң директорлар кеңесi Даму Банкiнiң әрбiр қаржы жылына арналған бюджетiн, Даму Банкiнiң қызметiн регламенттейтiн өзге де ережелердi бекiтедi, Даму Банкi президентiнiң ұсынуы бойынша Даму Банкiнiң вице-президенттерiн, iшкi аудит құрылымдық бөлiмшесiнiң басшысын тағайындайды және қызметтен босатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      25-бап. Даму Банкiнiң президентi

      1. Даму Банкiнiң президентi Даму Банкiнiң атқарушы органы және лауазымы бойынша директорлар кеңесiнiң мүшесi болып табылады.
      2. Даму Банкiнiң президентiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ұсынуы бойынша акционерлердiң жалпы жиналысы тағайындайды және қызметтен босатады.
      3. Даму Банкiнiң президентiне жарғыға сәйкес Даму Банкi қызметiнiң мәселелерi бойынша оралымды және атқарушылық-өкiмдiк шешiмдер қабылдау, Даму Банкi атынан шарттар (келiсiмдер) жасасу өкiлеттiгi берiлген.

6-тарау. ҚОСЫМША ЕРЕЖЕЛЕР

      26-бап. Даму Банкiн мемлекеттiк баж төлеуден босату

      Даму Банкi Қазақстан Республикасының соттарына:
      республикалық және жергiлiктi бюджеттер қаражаты есебiнен қайтарымды негiзде берiлген кредиттер бойынша берешектердi өндiрiп алу туралы;
      мүліктен өндіріп алу туралы;
      сыртқы мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген заемдар, сондай-ақ республикалық және жергiлiктi бюджеттер қаражаты есебiнен берiлген заемдар бойынша борышкерлер өз мiндеттемелерiн орындамауына байланысты олардың банкроттығы туралы талап берген кезде мемлекеттiк баж төлеуден босатылады.

      27-бап. Даму Банкiнiң жауапкершiлiгі және дауларды
              шешу тәртiбi

      1. Даму Банкi өзiнiң мiндеттемелерiн орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген негiздер бойынша және тәртiпте жауапты болады.
      2. Даму Банкiнің, жергiлiктi атқарушы органдардың, мемлекеттiк органдардың, заңды тұлғалардың арасында осы Заңды орындау жөнiнде туындаған барлық даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.
      3. Осы Заңның бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті