Банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкімшілігін (уақытша басқарушысын) тағайындау және қызметінің ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қолданысқа енген күннен бастап Агенттік Басқармасының "Банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкімшілігін (уақытша басқарушысын) тағайындау және қызметінің ережесін бекіту туралы" 2004 жылғы 15 наурыздағы N 68 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2818 тіркелген, "Заң газеті" N 175-176 газетінде 2005 жылғы 23 қыркүйекте жарияланған) күші жойылсын.
3. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді.
4. Қаржы ұйымдарын тарату департаменті:
1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, жинақтаушы зейнетақы қорларына жіберсін.
5. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс бөлімі (Пернебаев Т.Ш.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Е.Л.Бахмутоваға жүктелсін.
Төраға
Қазақстан Республикасы Қаржы
нарығын және қаржы ұйымдарын
реттеу мен қадағалау агенттігі
Басқармасының
2006 жылғы 9 қаңтардағы
N 6 қаулысымен бекітілген
Банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкімшілігін (уақытша басқарушысын) тағайындау және қызметінің
Ережесі
Осы Банктiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкiмшiлiгiн (уақытша басқарушысын) тағайындау және қызметiнiң ережесінде (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетінің (бұдан әрі – уәкiлеттi орган) банктiк, сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметiн, сондай-ақ зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөніндегі қызметтi жүзеге асыру құқығына берілген лицензиядан (бұдан әрi – лицензия) айыруға байланысты тағайындалған банктiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкiмшiлiгiн (уақытша басқарушысын) тағайындау тәртiбi, уақытша әкiмшiлiктiң жұмысын ұйымдастыру тәртiбi және өкiлеттiктерi айқындалады.
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ережеде пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:
1) Орталық – Қазақстан Республикасының Үкiметi «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 1997 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрi – Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң) сәйкес функцияларды жүзеге асыруға өкiлеттiк берген заңды тұлға;
2) уақытша әкiмшiлiк (уақытша басқарушы) – мүліктiң сақталуын қамтамасыз ету және ұйымды басқаруды қамтамасыз ету жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыру үшiн уәкiлеттi орган тағайындайтын орган (бұдан әрі – уақытша әкiмшiлiк);
3) уақытша әкiмшiлiктiң басшысы – уәкiлеттi орган өз қызметкерлерінің қатарынан, не өзінің қызметкерлері болып табылмайтын тұлғалардың қатарынан тағайындайтын және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келетiн тұлға;
4) уақытша әкiмшiлiктiң мүшесi – уәкiлеттi орган өз қызметкерлерінің қатарынан, не өзінің қызметкерлері болып табылмайтын тұлғалардың қатарынан уақытша әкiмшiлiктiң жұмысына қатысу үшiн тағайындайтын тұлға.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
2-тарау. Уақытша әкімшілікті тағайындау тәртібі
2. Уақытша әкiмшiлiк уәкiлеттi органның шешiмiмен тағайындалады.
Банктiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, жинақтаушы зейнетақы қорының (бұдан әрi – ұйым) уақытша әкiмшiлiгi қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi орган лицензиядан айыру туралы шешiм қабылдаған күннен бастап және уәкiлеттi орган тарату комиссиясын тағайындағанға дейiнгi кезеңге тағайындалады.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
3. Уәкілетті органның уақытша әкімшілікті тағайындау туралы шешімінде:
1) ұйымның толық әрі қысқартылған атауы;
2) ұйымның лицензиясын айыру туралы уәкілетті орган шешімінің күні және нөмірі;
3) уақытша әкімшіліктің қызмет ету мерзімі;
4) уақытша әкімшілік басшысының және мүшелерінің, олардың лауазымдарын көрсете отырып, фамилиясы, аты, болса әкесінің аты көрсетіледі.
Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді) Қаулысымен.
4. Уақытша әкімшілік мүшелерінің санын уәкілетті орган айқындайды.
Уақытша әкімшілік мүшелері, уәкілетті орган қызметкерінің уақытша әкімшіліктің жұмысына қатысуы оның лауазымдық міндеттерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, олардың келісімімен тағайындалады.
Уақытша әкімшіліктің құрамына кіретін әрі уәкілетті органның қызметкерлері болып табылатын тұлғалар, мұндай қызметкердің уақытша әкімшіліктің жұмысына қатысуы оның лауазымдық міндеттерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, уақытша әкімшіліктегі қызметінің барлық кезеңіне негізгі жұмыс орны бойынша лауазымдық міндеттерді орындаудан босатылады.
Көрсетілген кезеңде оның жалақысы және негізгі жұмыс орны бойынша белгіленген өзге де төлемдер сақталады.
Уақытша әкімшілік басшысының міндетін атқаруды уәкілетті орган уақытша әкімшілік басшысына қойылатын талаптарға сәйкес басқа тұлғаға жүктей алады.
5. Уақытша әкiмшiлiктiң құрамына:
1) ұйымның қызметкерлері, оның iшiнде ұйымның, оның филиалдарының және еншiлес ұйымдарының басшылары, басқару органы мен атқару органына кiретiн тұлғалар, сондай-ақ бас бухгалтер, ревизиялық комиссия басшысы (ревизор) және iшкi аудит қызметiнiң басшысы;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұйыммен аффилиирленген тұлға;
3) осы Ереженiң 6-тармағында көрсетiлген тұлғаларды қоспағанда, ұйымның кредиторы болып табылатын тұлға;
4) ұйым алдында берешегi бар тұлға;
5) соңғы жыл iшiнде қаржы саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлға;
6) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен лицензиядан айыру туралы шешiм қабылдағанға дейiн бiр жылдан артық емес кезең iшiнде қаржы ұйымында жұмыс iстеген тұлға кірмейді.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
6. Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылатын банктің уақытша әкімшілігінің құрамына екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның өкілдері кіргізіледі.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.09.03 N 124 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
3-тарау. Уақытша әкімшіліктің жұмысын ұйымдастыру
тәртібі және өкілеттігі
7. Лицензиядан айырылған және уақытша әкiмшiлiк тағайындалған күннен бастап:
1) ұйым мынадай шығыстарға:
уақытша әкiмшiлiктiң қызметiн қамтамасыз етуге және ұйымға түсетiн ақшаны есепке жазуға байланысты ұйымды ұстау;
жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды қамтамасыз ету, зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру, жинақталған зейнетақы қаражатын басқа жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрі – алушы Қор) немесе сақтандыру ұйымына аударым жасау;
банктiң банк активтерi мен жеке және (немесе) заңды тұлғалардың алдындағы мiндеттемелерiн бiр мезгілде ішінара не толық көлемде басқа банкке (банктерге) беру операциясын жүргiзу;
банктiң қате төлем құжаттары бойынша келiп түскен ақшаны қайтару шығыстарына;
жинақтаушы зейнетақы қорының жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерi мен мiндеттемелерiн алушы Қорға беруге байланысты, сондай-ақ аудит жүргiзгенде – аудиторлық ұйымның қызметтерiн төлеуге байланысты шығыстарына байланысты жағдайларды қоспағанда, қаржы қызметiн жүзеге асыруды, оның ішінде қолданыстағы шоттар бойынша барлық операцияларды тоқтатады;
2) жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнетақы төлемдерiне құқығы бар салымшылардың (алушылардың) жинақталған зейнетақы қаражаты есебiнен зейнетақы төлемдерiн жүзеге асырады;
3) жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылардың (алушылардың) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша жинақталған зейнетақы қаражатын аударым жасау өтiнiштерiн қабылдауды тоқтатады;
4) ұйымның органдары мен құрылтайшылары (қатысушылары) ұйымның мүлкiне иелiк етпейдi, оның iстерiн басқару функцияларын орындаудан шеттетіледі және уақытша әкiмшiлiкке бухгалтерлiк және өзге де құжаттаманы, материалдық және өзге де құндылықтарды, ұйымның мөрлерi мен мөртабандарын берудi қамтамасыз етедi;
5) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Банктер туралы заң), Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда, «Сақтандыру қызметi туралы» 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрi – Сақтандыру туралы заң) көзделген салдар басталады.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
8. Уақытша әкiмшiлiк уәкiлеттi орган оны тағайындаған күнi өз мiндеттерiн орындауға кiрiседi. Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның ұйымды лицензиясынан айыру және уақытша әкiмшiлiктi тағайындау туралы шешiмдерiнiң көшiрмелерiн уақытша әкiмшiлiк ұйымның басшылығына қол қойдырып тапсырады.
Шешiмдердi қол қойдырып тапсыру мүмкiн болмаған жағдайда уақытша әкiмшiлiк бұл туралы акті жасайды және уәкiлеттi органды хабардар етедi.
Уақытша әкiмшiлiк басшысы уақытша әкiмшiлiктiң жұмысына басшылық жасайды және үйлестiредi, мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету және қаржы ұйымын басқару өкiлеттiктерiн жүзеге асырады, уақытша әкiмшiлiк мүшелерiнiң арасында мiндеттердi бөледi.
Міндеттерді бөлуді уақытша әкімшілік басшысы уақытша әкімшілік тағайындалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уақытша әкiмшiлiк мүшелерiнiң арасында мiндеттердi бөлу туралы бұйрық шығару және олардың өкілеттіктерін бекіту арқылы жүзеге асырады.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.12.2012. № 379 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
9. Уақытша әкiмшiлiк ұйым басшысына уәкiлеттi органның уақытша әкiмшiлiктi тағайындау туралы шешiмiн тапсырған күнi мынадай iс-әрекеттерді орындайды:
1) ұйым басшысынан өзіне барлық мөрлердi, мөртабандарды, клише мен пломбирлерді, ұйымды тiркеуге байланысты құжаттарды, ұйымға берілген лицензиялардың түпнұсқаларын, фирмалық бланкiлердi, ақпаратты электрондық тасымалдағыштарды, бағдарламалық қамтамасыз етудi, ұйым меншiк иесi болып табылатын құжаттамалық нысанда шығарылған басқа заңды тұлғалардың бағалы қағаздарын дереу тапсыруын талап етедi және оларды қабылдау-тапсыру актiсi бойынша қабылдайды;
2) Банктер туралы заңның 48-1-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында, Сақтандыру туралы заңның 69-бабы 2-тармағының 6) тармақшасында, Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 45-2-бабы 4-тармағының 6) тармақшасында көзделген іс-шараларды жүзеге асырады;
3) ұйымның, оның филиалдары мен өкiлдiктерiнiң кассасындағы барлық ақшалай және өзге де құндылықтарын тексере отырып, кассаға тексеру (ревизия) жүргізеді, қолма-қол ақшаны одан кейін банктiң корреспонденттiк шоттарына, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнде және тиiсiнше банктерде ашылған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен жинақтаушы зейнетақы қорының ағымдағы шоттарына аудару үшiн оның инкассациясын ұйымдастырады;
4) ұйымның атынан бұрын берiлген сенiмхаттардың күшiн жояды;
5) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның ұйымды лицензиясынан айыру туралы шешімінің көшiрмесiн және уәкiлеттi органның уақытша әкiмшiлiктi тағайындау туралы шешiмiнiң көшiрмесiн ұйымның клиенттерi танысу үшін қол жетімді орында орналастырады;
6) уақытша әкiмшiлiктi тағайындау күнiне қолда бар электрондық түрдегi бухгалтерлiк ақпаратты (банктер үшін – баланстық және баланстан тыс шоттардағы қалдық туралы есеп (700-Н нысаны), сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары және жинақтаушы зейнетақы қорлары үшін – бас бухгалтерлік кітап) есептік автоматтандырылған жүйенің деректерін бөлек электрондық тасымалдағышқа көшіре отырып (резервтік көшірмелер) басып шығарады. Мұндай ақпарат электрондық түрде болмаған кезде қағаз тасымалдағыштағы көрсетілген күнге ақпарат негізге алынады.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.12.2012. № 379 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
10. Уақытша әкiмшiлiк мынадай iс-әрекеттерді орындайды:
1) ұйымның активтерін, міндеттемелерін (баланстық және баланстан тыс), құжаттарын түгендеуді жүргізеді, қабылдау-тапсыру актiсi бойынша ұйымның мүлкiн және құжаттарын қабылдайды, олардың сақталуын қамтамасыз етедi;
2) ұйымды басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асырады және ұйымның барлық құжаттарына қол қояды;
3) ұйымның атынан соттарға талап-арыздар, оның iшiнде егер ұйым органдары мүшелерiнің, бас бухгалтерiнің iс-әрекетiмен (әрекетсiздiгiмен) ұйымға шығын келтiрiлген болса, оларды жауапкершілікке тарту туралы талап-арыздар бередi;
4) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын екі мерзімді баспа басылымында қазақ тілінде және орыс тілінде хабарландыру жариялау жолымен қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның лицензиядан айыру туралы шешiмiн және уәкілетті органның уақытша әкiмшiлiктi тағайындау туралы шешiмiнің көшірмесін ұйым акционерлерiне, кредиторларына және дебиторларына жеткізеді;
5) тағайындалған күнiнен бастап үш жұмыс күнi iшiнде ұйым шоттарының бар екендігін анықтайды және корреспонденттiк, ағымдағы шоттардың (оның iшiнде шетелдiк банктердегi) және жинақтаушы зейнетақы қорының кастодиан-банкiндегi шоттардың қалдықтарын салыстырып тексередi. Ұйымның бухгалтерлiк есебiнiң деректерi бойынша шоттардың қалдықтарын көрсетiлген шоттар ашылған банктердiң деректерiмен салыстырып тексередi және салыстырып тексеру қорытындылары бойынша тиiстi акті жасайды;
6) толық материалдық жауапкершiлiк атқаратын адамдар, оның iшiнде бухгалтерлiк есептi жүргiзудiң автоматтандырылған ақпарат жүйесiне және ұйымның қаржылық және өзге де есептiлiгiн жасауға қолы жетімді адамдар тобын айқындайды;
7) уақытша әкiмшiлiктен тарату комиссиясына ұйымның мүлкiн, құжаттарын және iс қағаздарын қабылдау-тапсыру аяқталғаннан кейiн уақытша әкiмшiлiктің орындаған жұмысы туралы есебін уәкiлеттi органға бекіту үшін ұсынады;
8) уақытша әкiмшiлiктің қызметі кезеңінде қызметкерлермен еңбек қатынастарын жалғастыру қажеттілігі болмаған жағдайда олармен Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарттарын бұзады;
9) тағайындалған күнiнен бастап үш жұмыс күнi iшiнде мүлiктi және онымен жасалатын мәмiлелердi тiркеудi жүзеге асыратын органдарға, сондай-ақ «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийi», «Бағалы қағаздардың бірыңғай тіркеушісі», «Қазақстан қор биржасы» акционерлiк қоғамдарына ұйымның лицензиясынан айырылғаны және уақытша әкiмшiлiктiң тағайындалғаны туралы хабарлайды және ұйымның мүлкiн иелiгiнен шығару жөніндегі уақытша әкiмшiлiк жасамайтын мәмiлелердi тiркеуге, сондай-ақ ұйым кепiл ұстаушысы болып табылатын мүлiктен ауыртпалықты алуға тыйым салуды белгiлейдi;
10) ұйымның активтерін анықтайды;
11) өзінің функциялары мен міндеттерін орындауды қамтамасыз ету үшін ақысы төленетін қызмет көрсету шарттары бойынша адамдарды тартады;
12) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес ақысы төленетін қызмет көрсету шарттарын өзгертеді және бұзады.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.12.2012. № 379 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
11. Уақытша әкімшілік өз қызметі кезеңінде Ереженің 7-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, шығыс операцияларын жүзеге асырмайды.
Уақытша әкімшілік шығыстарды уақытша әкімшілік басшысы бекіткен шығыстар сметасына сәйкес жүзеге асырады. Шығыстар сметасы ай сайынғы жоспарланатын шығындарға қарай жасалады және уақытша әкімшілік тағайындалған күннен бастап жеті күнтізбелік күннен кешіктірмей түсіндірме жазбасымен уәкілетті органға ұсынылады.
Уәкілетті орган уақытша әкімшіліктің қызметіне, оның ішінде уақытша әкімшіліктің шығыстар сметасында көзделген ақшаның пайдаланылуына бақылау жасайды.
Шығындардың бір бабы бойынша басқа бап бойынша үнемдеу есебінен артық шығысты жүзеге асыруға жол берілмейді.
Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.12.2012. № 379 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
12. Шығыстар сметасында мынадай шығын баптары көзделеді:
1) еңбекақы төлеу бойынша шығыстар;
2) бюджетке аударым;
3) әкімшілік шығыстары;
4) тауарлы-материалдық құндылықтарды сатып алу бойынша шығыстар;
5) іссапар шығыстары;
6) қате төлем құжаттары бойынша келіп түскен ақшаны қайтару жөніндегі шығыстар;
6-1) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды қамтамасыз ету, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, сондай-ақ жинақталған зейнетақы қаражатын басқа жинақтаушы зейнетақы қорына немесе сақтандыру ұйымына аударым жасау бойынша жинақтаушы зейнетақы қорының шығыстары;
6-2) жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін және міндеттемелерін Алушы қорға берумен байланысты шығыстары, сондай-ақ аудитті жүргізгенде – аудиторлық ұйымның қызметін төлеумен байланысты шығыстары;
6-3) банктің активтері мен міндеттемелерін бір уақытта басқа банкке (банктерге) өткізу бойынша операцияны жүргізуге банк шығыстары;
6-4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру портфелін бөлігімен не толық көлемде басқа сақтандыру ұйымына табыстау бойынша шығыстар;
7) көзделмеген шығыстар.
Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді), 2008.11.28 N 192; 2009.07.07. N 137; 2010.03.01 N 20; 2010.09.03 N 124 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.
13. Еңбекақы төлеу бойынша шығыстар мынадай шығындарды көздейді: уақытша әкімшіліктің құрамына енген уәкілетті орган, екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның және сақтанушыларға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның қызметкерлеріне еңбекақы төлеуді қоспағанда, уақытша әкімшілік басшысына және мүшелеріне еңбекақы төлеу, ұйымда бар филиалдар мен өкілдіктерді есепке ала отырып, ұйым қызметкерлеріне еңбекақы төлеу.
Еңбекақы төлеуге қатысты шығыстар сметасын қалыптастыру кезінде есеп айырысулар жасалған еңбек шарттарына, қызметті өтелмелі көрсету шарттарына және жұмысқа қабылдау бұйрықтарына негізделеді.
Уақытша әкімшілікке Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 48-бабына сәйкес қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу талаптарын өзгертуге жол беріледі.
Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді), 2008.11.28 N 192; 2010.09.03 N 124 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.
14. Салықтар және бюджетке басқа міндетті төлемдер бойынша шығыстар Қазақстан Республикасы салық заңдарының талаптарына сәйкес жасалады.
15. Әкімшілік шығыстар мыналарға:
1) қызметтік және шаруашылық мұқтаждар үшін көлік жалдау бойынша қызметке;
2) байланыс қызметіне (телекоммуникациялық шығыстар, телефонды, телеграфты пайдаланғаны үшін абоненттік төлем, қалааралық және халықаралық сөйлесулер, почта және анықтама қызметі бойынша шығыстар);
3) үйлер мен ғимараттарды (меншіктік және кепілдік мүлік) қорғау және сигнализациялау бойынша қызметке;
4) көлікті қорғау бойынша қызметке;
5) көлік үшін тұрақ ұсыну бойынша қызметке;
6) көлікті тіркеу бойынша қызметке;
7) көлікті техникалық жағынан қарау бойынша қызметке;
8) көлікті сақтандыру бойынша қызметке;
9) коммуналды қызметке;
10) жеңіл-желпі жөндеу жұмысы, мердігерлік тәсілмен жүзеге асырылатын негізгі құрал-жабдықтарға техникалық, сервистік қызмет көрсету (қарау) бойынша жұмыстар;
11) бағдарламалық қамтамасыз етуге қызмет көрсетуге;
12) үй-жайды жалдауға;
13) жылжымайтын мүлікті тіркеу және тіркеу органдарындағы сәйкес құжаттама бойынша қызметке;
14) мүлікті бағалау бойынша қызметке;
15) бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланым бойынша қызметке;
16) сауда-саттықты ұйымдастыру мен жүргізу бойынша қызметке;
17) жылу жүйесін іске қосуға дайындық бойынша қызметке;
18) сантехникалық жұмыстарға;
19) мүлікті сақтау бойынша қызметке;
20) нотариалдық куәлік бойынша қызметке;
21) мүлікті тасымалдау, тиеу, түсіру бойынша қызметке;
22) терезелерге, есіктерге тор даярлау және құру бойынша жұмыстарға;
23) инкассация қызметіне;
24) сараптама жүргізу бойынша қызметке;
25) құжаттарды аудару бойынша қызметке;
26) телефон нөмірлерін құруға, ауыстыруға немесе көшіруге;
27) бағалы қағаздар ұстаушылар тізілімі жүйесін жүргізу жөніндегі тіркеушінің қызмет көрсетулері;
28) құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу мен оларды мұрағатқа өткізу бойынша қызметке;
29) банк шотына қызмет көрсету, банк шотын ашусыз жүзеге асырылған ақшаны аударым жасау мен төлем жасау жөніндегі қызметтерге өзделуі мүмкін.
Жұмыс пен қызметке ақы төлеудің тұрақты және бір жолғы сипаты бар.
Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.07.07. N 137; 2010.09.03 N 124 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.
16. Жеңіл-желпі мұқтаждарды қанағаттандыруға және ең аз жол берілетін қорды құруға бағытталған тауарлы-материалдық құндылықтарды сатып алу бойынша шығыстар:
1) жұмыс жағдайындағы офис жабдығын қамтамасыз етуге;
2) көлік құралдарын қамтамасыз етуге;
3) үй-жайларды қамтамасыз етуге;
4) қағаз және бланк өнімдерін сатып алуға;
4-1) жанар-жағар май материалдарын сатып алу;
5) кеңсе тауарларын сатып алуға арналған.
Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және Қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 25 маусымдағы N 167 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) қаулысымен.
17. Әр түрлі қызметтер мен тауарлы-материалдық құндылықтарды сатып алуға арналған шығыстар сметасына қосқан кезде уақытша әкімшілік тарифтік торлар мен осы өңірде белгіленген орташа алынған рыноктық бағаның негізінде есептеулер жасайды.
18. Уақытша әкімшілік басшысының және мүшелерінің, ұйым қызметкерлерінің іссапарларға шығуы бойынша шығыстар сметада көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді) Қаулысымен.
19. Қате төлем құжаттары бойынша келіп түскен ақшаны қайтару Қазақстан Республикасының ақша төлемі мен аударымы туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 19-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.09.03 N 124 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
19-1. Болжанбаған шығыстар мөлшерi банк үшiн екi жүз айлық есептiк көрсеткiштен және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, жинақтаушы зейнетақы қоры үшiн жүз айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын, осы Ереженiң 12-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 6-1), 6-2), 6-3), 6-4) тармақшаларында көзделмеген уақытша әкiмшiлiктiң кезек күттiрмейтiн мұқтаждарға жоспарланбаған шығындарын бiлдiредi.
Ескерту. 19-1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
20. Уақытша әкімшілік өз қызметі кезеңінде қызметтік үй-жайларды, байланыс құралдарын, автомобиль көлігін және уақытша әкімшіліктің қызметін жүзеге асыру үшін ұйымға тиесілі өзге де техникалық құралдарды пайдаланады.
Уақытша әкімшілік ұйымда оның қызмет атқаруын қамтамасыз ету үшін қажет техникалық құрал-жабдықтар болмаған жағдайда уәкілетті орган берген техникалық құрал-жабдықтарды пайдаланады.
Ескерту. 20-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.09.03 N 124 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
21. Уәкiлеттi орган бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру мақсатында уақытша әкiмшiлiкке жазбаша ұйғарымдар жiбередi және уақытша әкiмшiлiктiң қызметiн тексередi. Уақытша әкiмшiлiктің есептілікті ұсынуының нысаны, мерзімдері және кезеңділігі Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3581 тіркелген Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 26 наурыздағы № 98 қаулысымен бекітілген Банктiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкiмшiлiгiнiң (уақытша басқарушының) есеп пен өзге ақпаратты беруiне қойылатын талаптар туралы нұсқаулықта белгіленеді.
Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
22. Уақытша әкімшіліктің қызметі уәкілетті орган ұйымның тарату комиссиясын тағайындаған сәттен бастап тоқтатылады.
23. Уақытша әкiмшiлiк тарату комиссиясы тағайындалған күннен бастап өз өкiлеттiгiнен босайды және Банктер туралы заңда, Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда, Сақтандыру туралы заңда белгiленген мерзiмдерде және тәртiпте құжаттар мен мүлiктi (ұйымның бухгалтерлiк және өзге де құжаттамасын, мөрлерiн, мөртабандарын, материалдық құндылықтарын және өзге де мүлкiн) тарату комиссиясының төрағасына табыстауды қамтамасыз етедi.
Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
24. 24-тармақ алынып тасталды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.09.03 N 124 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
25. Банктiң уақытша әкiмшiлiгi мынадай iс-әрекеттер орындайды:
1) банктiң активтерi мен мiндеттемелерiн, баланстан тыс активтерi мен мiндеттемелерiн, қолдағы шарттар мен басқа да негiзгi құжаттарды түгендейдi, оның нәтижелерi бойынша түгендеу тізімдемелерін жасайды;
2) банктiң корреспонденттiк шоттары бар банктерге және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне уәкiлеттi органның уақытша әкiмшiлiктi тағайындау туралы шешiмiнiң көшiрмесiн ұсынады;
3) тағайындалған күнiнен бастап үш жұмыс күнiнен кеш емес мерзімде банктiң корреспонденттiк шоттары бар банктерге және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 2 маусымдағы № 266 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1199 тіркелген) (бұдан әрi – № 266 қаулы) бекітілген Қазақстан Республикасының банктерінде клиенттердің банктік есепшоттарын ашу, жүргізу және жабу ережесінің талаптарына сәйкес ресімделген қол қою және мөр бедерінің үлгiлерi бар жаңа құжаттарды ұсынады;
4) тағайындалған күнiнен бастап бес жұмыс күнiнен кеш емес мерзімде екiншi деңгейдегi банктердегi депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымға қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның лицензиядан айыру туралы шешiмiн және уәкілетті органның уақытша әкiмшiлiктi тағайындау туралы шешiмiн жібереді;
5) тағайындалған күнiнен бастап отыз жұмыс күнiнен кеш емес мерзімде екiншi деңгейдегi банктердегi депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымға кепiлдiк берiлуі тиіс депозиттер туралы және екiншi деңгейдегi банктердегi депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйыммен келiсiлген нысандар бойынша оларға есептелген сыйақы сомасы туралы ақпаратты береді;
6) банкке келiп түсетiн қолма-қол емес және қолма-қол ақшаның, оның iшiнде заемшылар бұрын берiлген кредиттер бойынша қайтарғанын, кредиттер бойынша сыйақы мен өзге де кiрiстердi, сондай-ақ тұрақсыздық айыптарын, өсiмпұлдар мен айыппұлдарды, банктiң аванстық төлемдерiнiң қайтарылуын, сондай-ақ банкке меншiк құқығында тиесiлi бағалы қағаздарды өтеуден болған қаражатты қоса алғанда, бұрын жасалған мәмiлелерден болған (қолма-қол ақшасыз және қолма-қол ақшалай нысанда) кiрiстердiң есепке жазылуын бақылайды;
7) «Мерзiмiнде төленбеген есеп айырысу құжаттары», «Банктiң корреспонденттiк шотында ақшаның болмауынан мерзiмiнде төленбеген клиенттердiң есеп айырысу құжаттары» баланстан тыс шоттары бойынша картотекадан төлем құжаттарын қайтарады;
8) банк лицензиясынан айырылған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде банктiң активтерiн және жеке және (немесе) заңды тұлғалардың алдындағы мiндеттемелерiн Агенттiк Басқармасының 2009 жылғы 5 тамыздағы № 176 қаулысымен (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 5770 тiркелген) бекiтiлген Банктiк операцияларды жүргiзуге берiлген лицензиядан айырылған банктiң активтерiн және мiндеттемелерiн бiр мезгiлде басқа банкке (банктерге) беру операциясын жүргiзу ережесiнде белгiленген тәртiпте бөлiгiмен не толық көлемде бiр мезгiлде басқа банкке (банктерге) беру операциясын жүргiзу туралы шешiм қабылдайды.
Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
25-1. Уақытша әкімшілік шығыстарды барынша азайту мақсатында ұйымның мүлкін жалға береді.
Мүлікті жалға бергеннен алынған ақша ұйымның банк шотына жіберіледі.
Уақытша әкімшіліктің жалдау шартын жасауы уақытша әкімшіліктің бірінші талабы бойынша мүлікті босатуға (қайтаруға) және жалданған мүлікті қосалқы жалға (қосалқы жалдауға) беруге болмайтындығы жөніндегі шектеулерді қабылдауға жалға алушының келісімі болған кезде жүзеге асырылады.
Жалдаушыны уақытша әкімшілік тендер өткізу жолымен таңдайды, оның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 25 ақпандағы № 40 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4181 тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасында банктерді мәжбүрлеп тарату ережесі 84-2, 84-3, 84-4, 84-5 және 84-6-тармақтарының талаптарына сәйкес шарт жасалады.
Ескерту. Ереже 25-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.12.2012. № 379 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
26. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгi мынадай iс-әрекеттер орындайды:
1) активтер мен мiндеттемелердi, жеке шоттарды, сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын, сақтандыру полистерiн және басқа да негiзгi құжаттарды түгендейдi, оның нәтижелерi бойынша түгендеу тізімдемелерін жасайды;
2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарының, полистерiнiң бланкiлерiн және сақтандыру агенттерiндегi қолма-қол ақша қалдығын алады. Қолма-қол ақша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының банк шотына тапсырылады;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының банк шоттары бар банктерге уәкiлеттi органның уақытша әкiмшiлiктi тағайындау туралы шешiмiнiң көшiрмесiн ұсынады;
4) тағайындалған күнiнен бастап үш жұмыс күнiнен кеш емес мерзімде банк шоттарының ашылу орны бойынша банктерге № 266 қаулының талаптарына сәйкес ресімделген қол қою және мөр бедерінің үлгiлерi бар жаңа құжаттарды ұсынады;
5) активтердi, оның iшiнде сақтандыру резервтерiнiң қаражатын анықтайды;
6) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның лицензиядан айыру туралы шешiмiн және уәкілетті органның уақытша әкiмшiлiктi тағайындау туралы шешiмiн сақтанушыларға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға кепiлдiк беретiн ұйымның назарына жеткізеді;
7) тағайындалған күнiнен бастап отыз күнтiзбелiк күннен аспайтын мерзімде сақтанушыларға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға кепiлдiк беретiн ұйымға мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру шарттарының тiзiлiмiн ұсынады;
8) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына келiп түсетiн барлық қолма-қол емес және қолма-қол ақшаның, оның iшiнде орналастырылған сақтандыру резервтерi мен кiрiстерiнiң қайтарылуын, оның iшiнде сақтандыру сыйлықақылары мен өзге де кiрiстердiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аванстық төлемдерiнiң, дебиторлық берешегiнiң, тұрақсыздық айыптарының, өсiмпұлдар мен айыппұлдардың, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына меншiк құқығында тиесiлi бағалы қағаздарды өтеуден болған қаражаттың есепке жазылуын бақылайды;
9) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы лицензиясынан айырылған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде Сақтандыру туралы заңның 54-1-бабында көзделген тәртiппен уәкiлеттi органмен келiсiлуге тиiс сақтандыру портфелiн табыстау туралы шешiм қабылдайды.
Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
27. Жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкiмшiлiгi мынадай iс-әрекеттер орындайды:
1) Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын екі мерзімді баспа басылымында мемлекеттік тілде және орыс тілінде хабарландыру жариялау жолымен зейнетақы жарналарын тарту және жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру лицензиясынан айырылғаны туралы ақпаратты салымшылардың (алушылардың) назарына жеткізеді. Хабарландыруда қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның лицензиядан айыру туралы шешiмдi қабылдау күнi, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары бойынша зейнетақы активтерiн және мiндеттемелерді Алушы қорға беруді уақытша әкiмшiлiк өзінің таңдауы бойынша жүзеге асыратыны туралы ақпарат қамтылады, таңдауы туралы ақпаратты уақытша әкiмшiлiк Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын екi мерзiмдi баспасөз басылымында мемлекеттік тілде және орыс тiлiнде жариялайды;
2) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның жинақтаушы зейнетақы қорын лицензиядан айыру туралы шешiмiнің көшірмесін және уәкілетті органның уақытша әкiмшiлiктi тағайындау туралы шешiмiнің көшірмесін зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымға және банк шоттары бар банктерге, сондай-ақ кастодиан банкке ұсынады;
3) тағайындалған күнiнен бастап бес жұмыс күнiнен кеш емес мерзімде банктерге және кастодиан банкке № 266 қаулының талаптарына сәйкес ресімделген қол қою және мөр бедерінің үлгiлерi бар жаңа құжаттарды ұсынады;
4) жинақтаушы зейнетақы қорына келiп түскен қолма-қол емес және қолма-қол ақшаның, оның iшiнде зейнетақы жарналарының, дебиторлық берешектiң, сондай-ақ тұрақсыздық айыптарының, өсiмпұлдар мен айыппұлдардың есепке жазылуын, қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтерiнiң, басқа кiрiстердiң, жинақтаушы зейнетақы қорының аванстық төлемдерiн, меншiк құқығындағы жинақтаушы зейнетақы қорына тиесiлi бағалы қағаздарды өтеуден түскен қаражаттың қайтарылуын бақылайды;
5) жинақтаушы зейнетақы қорының меншiктi активтерi мен мiндеттемелерiн түгендейдi, сондай-ақ мыналарды көрсете отырып, зейнетақы активтерiнiң жай-күйi туралы мәліметтер қамтылатын уақытша әкiмшiлiктің, жинақтаушы зейнетақы қорының және Орталықтың арасында жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары бойынша зейнетақы активтерi мен мiндеттемелердi қабылдау-тапсырудың үш жақты актісін жасайды:
жасалған және қолданылуы тоқтатылған зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттардың жалпы тiзiмi, сондай-ақ осы жинақтаушы зейнетақы қорында ашық жеке зейнетақы шоты бар, осы жинақтаушы зейнетақы қорымен жасалған зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт туралы мәлiметтерi жоқ салымшылар тiзiмi;
мiндеттi зейнетақы жарналары салымшыларының тiзiмi, ерiктi зейнетақы жарналары салымшыларының тiзiмi, ерiктi кәсiби зейнетақы жарналары салымшыларының тiзiмi, оларда мынадай ақпарат:
жеке зейнетақы шотының нөмiрi;
салымшының (алушының) тегi, аты, бар болса – әкесiнiң аты;
салымшының (алушының) жынысы;
әлеуметтік жеке коды және салық төлеушінің тіркеу нөмірі немесе бар болса – жеке сәйкестендiру нөмiрi;
зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың нөмiрi мен жасалған күнi;
салымшының (алушының) жеке басын куәландыратын құжаттың нөмiрi, оны берген мемлекеттiк орган туралы мәлiметтер, берiлген күнi;
салымшының (алушының) мекенжайы, тұрғылықты жерi, сондай-ақ оның жеке зейнетақы шотына келiп түскен барлық түсiмдердiң сомасы туралы мәлiметтер қамтылады;
жинақталған зейнетақы қаражаты осы тармақтың 15) тармақшасына сәйкес басқа жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе сақтандыру ұйымдарына аударылуға тиіс жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының (алушыларының) тiзiмi;
инвестициялық портфельдiң құрылымы, уақытша әкiмшiлiктi тағайындау күнiне шоттардағы инвестицияланбаған ақша қалдығы, ұлттық сәйкестендiру нөмiрiн, айналыста болу мерзiмiн, санын (данасын), сатып алу бағасын, бiр бағалы қағаздың ағымдағы құнын, пайыздар мен дивиденттер бойынша есептелген кiрiстi, «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийi» акционерлiк қоғамының есепке алу жүйесiндегi кастодиан банктiң жеке шоты шеңберінде ашылған жинақтаушы зейнетақы қорының қосалқы шотындағы бағалы қағаздардың жалпы санын көрсете отырып, тапсырылатын бағалы қағаздар тiзбесi;
зейнетақы активтерi орналастырылған басқа қаржы құралдарының сомасы, саны және тiзбесi;
мiндеттемелер сомасы, оның iшiнде қате есепке жазылған сомалар, зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымға, кастодиан банкке, жинақтаушы зейнетақы қорына комиссиялық сыйақылар сомалары, өзге мiндеттемелер;
6) одан әрi зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды қамтамасыз етедi, сондай-ақ, қажет болған жағдайда зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару қызметiн жүзеге асыратын ұйымды таңдайды және жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкiмшiлiгi мүшелерiнiң қатарынан осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiне қатысты инвестициялық шешiмдердi қабылдауды жүзеге асыратын инвестициялық комитеттiң құрамына кiретiн қызметкердi айқындайды;
7) Алушы қорға жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiн және мiндеттемелерiн қабылдау-тапсыру актiсiне қол қойылған күнге дейiн осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiнiң шартты бiрлiгiн есептеуді жалғастырады;
8) Алушы қорға жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiн және мiндеттемелерiн қабылдау-тапсыру актiсiне қол қойылған күнге дейiн пруденциалдық нормативтердi және басқа да мiндеттi нормалар мен лимиттердi есептеудi жалғастырады;
9) қаржылық және өзге де есептiлiктi қалыптастырып, уәкiлеттi органға тапсырып отыруды жалғастырады;
10) қажет болған жағдайда жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi;
11) жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша мiндеттемелер болса, оның зейнетақы активтерi алдындағы мiндеттемелерiн төлеу үшін жинақтаушы зейнетақы қорының меншiгi болып табылатын ақша есебiнен берешек сомасын өтеу операцияларын жүзеге асырады;
12) зейнетақы активтерiн Алушы қордың кастодиан банкiне (уақытша әкiмшiлiк белгiлеген мерзiмде) беру рәсiмi аяқталғаннан кейiн жинақтаушы зейнетақы қорының кастодиан банкiндегi шотын жабады;
13) жинақтаушы зейнетақы қорының картотекасынан «Мерзiмiнде төленбеген есеп айырысу құжаттары» шоттары бойынша төлем құжаттарын төлеушiлердiң осы құжаттарды қайтарып алу туралы өкiмдерiнiң негiзiнде қайтарады;
14) Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын екі мерзімді баспа басылымында мемлекеттік тілде және орыс тілінде хабарландыру жариялау жолымен зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтерiн және мiндеттемелерiн Алушы қорға беру туралы ақпаратты салымшылардың (алушылардың) назарына жеткізеді;
15) мыналар бойынша жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының (алушыларының) жинақталған зейнетақы қаражатын аударым жасайды:
жинақтаушы зейнетақы қорын зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру лицензиясынан айырған күнге дейiн Орталықтың жинақталған зейнетақы қаражатын басқа жинақтаушы зейнетақы қорларына аударым жасау туралы электронды хабарламалары алынған басқа жинақтаушы зейнетақы қорларымен жасалған зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша;
салымшылардың (алушылардың) жинақтаушы зейнетақы қорын зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру лицензиясынан айырған күнге дейiн қабылданған жинақталған зейнетақы қаражатын сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитетi шартын жасасуына байланысты сақтандыру ұйымына аударым жасау туралы өтiнiштерi бойынша;
салымшылардың (алушылардың) жинақтаушы зейнетақы қорын зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру лицензиясынан айырған күнге дейiн қабылданған ерiктi және ерiктi кәсiби зейнетақы жарналарын басқа жинақтаушы зейнетақы қорына аударым жасау туралы өтiнiштерi бойынша;
16) осы тармақтың 15) тармақшасында көрсетiлген зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар мен салымшылардың (алушылардың) өтiнiштерi бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттiгі Басқармасының 2008 жылғы 29 желтоқсандағы № 240 қаулысымен (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 5517 тiркелген) бекiтiлген Жинақтаушы зейнетақы қорларындағы жинақталған зейнетақы қаражаттарын аударым жасау ережесiнде (бұдан әрi – Жинақталған зейнетақы қаражатын аударым жасау ережесi) белгiленген жинақталған зейнетақы қаражатын аударым жасау мерзiмдерiн бұзғаны үшiн, сондай-ақ Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 31-бабының 5-тармағында белгiленген тәртiпте және мөлшерде зейнетақы төлемдерiн уақтылы жүзеге асырмағаны үшiн өсiмпұл төлейдi. Лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорында меншiктi қаражат болмаған жағдайда өсiмпұлды Алушы қор төлейдi;
17) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес зейнетақы төлемдерiне құқығы бар салымшылардың (алушылардың) жинақталған зейнетақы қаражаты есебiнен зейнетақы төлемдерiн жүзеге асырады.
Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
27-1. Жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық есептілікке және қаржылық есептілікпен байланысты өзге ақпаратқа, оның нәтижесі бойынша лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтеріне кіретін қаржы құралдарын бағалауға аудит жүргізген жағдайда аудиторлық ұйымды таңдауды жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкімшілігі жүзеге асырады.
Ескерту. 27-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.03.01 N 20 Қаулысымен.
28. Алынып тасталды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасы төрағасының 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді) Қаулысымен.
28-1. Алынып тасталды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.07.07. N 137 Қаулысымен.
29. Алынып тасталды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.07.07. N 137 Қаулысымен.
3-1-тарау. Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін және міндеттемелерін Алушы қорға беру
Ескерту. 3-1-тараумен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.07.07. N 137 Қаулысымен.
29-1. Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiн және мiндеттемелерiн Алушы қорға беруді уақытша әкiмшiлiктiң, Алушы қордың, бұрынғы және жаңа кастодиан банктер мен зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың арасында жасалатын зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтерiн және мiндеттемелердi беру туралы келiсiмнiң (бұдан әрi – Келiсiм) және зейнетақы активтерi мен мiндеттемелердi қабылдау-тапсыру актiсінiң негiзiнде қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша уақытша әкiмшiлiк жүзеге асырады.
Ескерту. 29-1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
29-2. Уақытша әкімшілік, оны тағайындаған күннен бастап үш күнтізбелік күннен кешіктірмей осы Ереженің 29-3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін жинақтаушы зейнетақы қорларына зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақымен қамсыздандыру шарттары бойынша зейнетақы активтерін және міндеттемелерін қабылдау туралы ұсыныстарын жібереді.
Зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиядан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерін қабылдау туралы ұсынысы осы тармағының 2) тармақшасында көзделген меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициентіне стресс-тестингті жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтерді қамтиды.
Лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтерін және міндеттемелерін қабылдауға ниеттенген жинақтаушы зейнетақы қорлары зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерін қабылдау туралы ұсыныс жіберілген күнінен бастап бес күнтізбелік күн ішінде уақытша әкімшілікке ерікті нысанда жасалған зейнетақы активтері мен міндеттемелерді қабылдауға ниеттенгені туралы өтінішті (бұдан әрі - Өтініш) береді, оған қоса мыналарды береді:
1) лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының өтімділігін жақсартуға қажетті шараларды көздейтін іс-шаралар жоспарын, онда осы жоспарды орындау мерзімдері мен жауапты адамдары көрсетіледі;
2) лицензиядан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін қабылдауға байланысты жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициентінің және салымшылардың (алушылардың) азаюы салдарынан зейнетақы активтері мөлшерінің он бес, он және бес пайызға ықтимал азаюына өткізілген стресс-тестингтің қорытындылары.
Ескерту. 29-2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.03.01 N 20 Қаулысымен.
29-3. Уақытша әкiмшiлiк ұсыныс жіберілген күннен бастап он күнтiзбелiк күннен кешiктiрмей осы Ереженiң 29-2-тармағында көзделген құжаттарды қоса бере отырып, өтiнiш берген жинақтаушы зейнетақы қорларының қатарынан және мынадай талаптарға сәйкес келетiн Алушы қорды таңдайды:
1) өтiнiш беру күнiне дейiн соңғы бес жыл ішінде зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруы;
2) өтiнiш беру күнiнде астанада, республикалық маңызы бар қалада және лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының филиалдары орналасқан облыстарда филиалдардың болуы. Филиалдары болмағанда – уақытша әкiмшiлiк Алушы қорды таңдау туралы шешiм қабылдаған күннен бастап алпыс күнтiзбелiк күн iшiнде филиалдар ашу туралы жазбаша мiндеттеменi ұсыну;
3) өтiнiш беру күнінiң алдындағы соңғы ай iшiнде қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген меншiктi капиталдың жеткiлiктiлiгi және зейнетақы активтерiнiң кiрiстiлiгi бойынша пруденциалдық нормативтердi бұзу фактiлерiнiң болмауы;
4) жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерi оның өтiнiш беру күнiнде лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерi мөлшерiнен кем емес шамада болуы;
5) iрi қатысушы мәртебесiн иеленуге қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның келiсiмi талап етiлмейтiн жағдайларды қоспағанда, жинақтаушы зейнетақы қорының iрi қатысушысы белгiлерiне сәйкес келетiн барлық тұлғалардың өтiнiш беру күнiне дейiн кем дегенде бiр жыл бұрын берiлген қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның iрi қатысушы мәртебесiн иеленуге келiсiмiнiң болуы;
6) жинақтаушы зейнетақы қорының iрi қатысушысы (заңды тұлға) өтiнiш беру күнiне дейiн соңғы бес жыл ішінде дефолтқа және (немесе) өзiнiң мiндеттемелерiн қайта құрылымдауға жол бермеген.
Осы тармақтың 3) тармақшасында белгiленген талап лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары бойынша зейнетақы активтерi мен мiндеттемелерiн қабылдау салдарынан меншiктi капиталдың жеткiлiктiлiгi және зейнетақы активтерiнiң кiрiстiлiгi бойынша пруденциалдық нормативтердi бұзуға жол берген жинақтаушы зейнетақы қорына қолданылмайды.
Өтiнiш берген бiрнеше жинақтаушы зейнетақы қоры осы Ереженiң 29-3-тармағының талаптарына сәйкес келген жағдайда, уақытша әкiмшiлiк осы Ереженiң 29-2-тармағы үшiншi бөлiгiнiң 2) тармақшасында көрсетiлген стресс-тестингтiң ең жақсы нәтижелерi бар жинақтаушы зейнетақы қорын таңдайды.
Ұсыныс жіберілген күннен бастап жетi күнтiзбелiк күн өткен соң өтiнiштер болмаған немесе өтiнiш берген жинақтаушы зейнетақы қоры осы Ереженiң талаптарына сәйкес келмеген жағдайда уақытша әкiмшiлiк лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары бойынша зейнетақы активтерiн және мiндеттемелерiн мемлекеттің, ұлттық әл-ауқат қорының және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қатысуы бар жинақтаушы зейнетақы қорына беруді жүзеге асырады.
Ескерту. 29-3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
29-4. Уақытша әкiмшiлiктiң лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары бойынша зейнетақы активтерi мен мiндеттемелерiн беру жүзеге асырылатын Алушы қорды таңдау туралы шешiмi қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органға келiсуге жiберiледi.
Ескерту. 29-4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
29-5. Уақытша әкiмшiлiктiң Алушы қорды таңдау туралы шешiмi қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiскеннен кейiн уақытша әкiмшiлiктiң, Алушы қордың, бұрынғы және жаңа кастодиан банктер мен зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың арасындағы зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерi мен мiндеттемелерiн Алушы қорға беру рәсiмi айқындалатын Келiсiмге қол қойылады.
Ескерту. 29-5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
29-6. Келісімге қол қойылғаннан кейін жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкімшілігі Алушы қорға қабылдау-өткізу актісі бойынша ерікті, ерікті кәсіби зейнетақы жарналары салымшыларының тізімін және ашық жеке зейнетақы шоты бар, Алушы қор оларға сәйкес автоматтандырылған ақпараттық деректер базасында салымшыларға (алушыларға) жеке зейнетақы шоттарын ашатын осы жинақтаушы зейнетақы қорымен жасалған зейнетақымен қамсыздандыру шарты туралы мәліметтері жоқ, салымшылардың тізімін береді.
Жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкімшілігі Орталыққа Алушы қорға берілетін, мәліметтері міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне енгізілген жинақтаушы зейнетақы қорымен міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан міндетті зейнетақы жарналар салымшыларының тізімін береді. Осы тізім мәліметтерді Орталыққа берген күнінің алдындағы күннің аяғындағы жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының осыған ұқсас тізіміне сәйкес келуі тиіс.
Орталық жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкімшілігінен жинақтаушы зейнетақы қорымен міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру шарттарын жасасқан, Алушы қорға берілетін міндетті зейнетақы жарналар салымшыларының тізімін алған күнінен кейін келетін бір жұмыс күнінен кешіктірмей оларды міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру шартын жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне енгізеді және ол туралы Алушы қорды және жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша әкімшілігін хабардар етеді.
Алушы қор Орталықтың мәліметтерді міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне енгізгені туралы электронды хабарлама алған күні салымшыға (алушыға) автоматтандырылған ақпараттық деректер базасында жеке зейнетақы шотын ашады.
Жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкімшілігі Орталықтың мәліметтерді міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне енгізгені туралы электронды хабарламаны алған күні салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарын жабады.
Алушы қордың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректер базасында салымшыларға (алушыларға) жеке зейнетақы шоттарын ашқан күнінен кейін келетін бір жұмыс күнінен кешіктірмей уақытша әкімшіліктің, Алушы қордың, жаңа және бұрынғы кастодиан банктерінің және зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың арасында зейнетақы активтері мен міндеттемелерін қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылады.
Ескерту. 29-6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.09.03 N 124 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
29-7. Зейнетақы активтері мен міндеттемелерді қабылдау-тапсыру актісі ресміделген кезде онда мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) тапсыру күніне зейнетақы активтерінің жалпы сомасы, оның ішінде:
шоттардағы инвестицияланбаған ақша қалдықтары;
зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген бағалы (ұзақ мерзімді және/қысқа мерзімді) қағаздардың жиынтық құны және тапсырылатын ұлттық бірегейлендіру нөмірі, айналыста болу мерзімі, саны (дана) сатып алу бағасы, бір бағалы қағаз бірлігінің ағымдағы құны, пайыздар мен дивидендтер бойынша есептелген кірісі, "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" акционерлік қоғамының есепке алу жүйесінде кастодиан банктің жеке шотының аясында ашылған жинақтаушы зейнетақы қорының қосалқы шотындағы бағалы қағаздардың жалпы саны көрсетілген бағалы қағаздардың тізбесі;
"кері репо" операциялар бойынша сатып алынған бағалы қағаздардың (ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді) жиынтық сомасы және ұлттық бірегейлендіру нөмірі, айналыста болу мерзімі, саны (данасы), сатып алу бағасы, бір бағалы қағаз бірлігінің ағымдағы құны, жабылу бағасы және пайыздар бойынша есептелген кірісі көрсетілген тапсырылатын бағалы қағаздардың тізбесі;
екінші деңгейдегі банктердегі салымдар (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде) және банктің атауы, салым сомасы, банктік салым туралы шарт жасалған күні, шарттың қолданыста болу мерзімі, салым бойынша жылдық сыйақы ставкасы, салым бойынша есептелген және алынған сыйақы сомалары көрсетілген салымдардың тізбесі;
зейнетақы активтері орналастырылған басқа қаржы құралдарының сомасы, саны және тізбесі, міндеттемелер сомасы, оның ішінде қателесіп есепке алынған сомалар, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымына, кастодиан банкке, зейнетақы активтерін қабылдайтын жинақтаушы зейнетақы қорына комиссиялық сыйақы сомалары, өзге міндеттемелер;
2) лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті қаражаты есебінен өтеуге және оның салымшыларының (алушыларының) жеке зейнетақы шоттарына аударым жасауға жатқан комиссиялық сыйақының есепке алынған теріс сомасы, сондай-ақ өтелген теріс комиссиялық сыйақыдан лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті қаражаты есебінен салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына нақты аударым жасалған сомалар;
3) мәліметтері міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру шартын жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне енгізілген, жинақтаушы зейнетақы қорымен міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру шартын жасасқан міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының тізімі;
4) ерікті, ерікті кәсіби зейнетақы жарналары салымшыларының тізімі;
5) осы жинақтаушы зейнетақы қорымен жасасқан зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жөніндегі мәліметтері жоқ ашық жеке зейнетақы шоты бар салымшылардың тізімі;
6) осы Ереженің 27-тармағының 15) тармақшасында көрсетілген зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі шарттар мен өтініштер бойынша жинақталған зейнетақы қаражаты аударылмаған салымшылардың (алушылардың) тізімі;
7) жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиядан айырылған күннен бастап және зейнетақы активтері мен міндеттемелерін қабылдау-өткізу актісіне қол қойған күнге дейінгі кезеңде алынған Орталықтың жинақталған зейнетақы қаражатты басқа жинақтаушы зейнетақы қорларына аударым жасау туралы электронды хабарламасы орындалмаған салымшылардың (алушылардың) тізімі;
8) жинақталған зейнетақы қаражатын аудару ережесінде белгіленген жинақталған зейнетақы қаражатын аударым жасау мерзімдерін бұзғаны үшін, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін уақтылы емес жүзеге асырғаны үшін төлеуге жататын өсімпұлдың сомасы;
9) лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті қаражаты есебінен өтеуге жатқан номиналды кірістің көрсеткіштері мен кірістіліктің барынша төмен мәні арасындағы айырмасын өтеу және салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына аударым жасау бойынша міндеттемелер сомасы, сондай-ақ лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті қаражаты есебінен (ол бар болғанда) номиналды кірістің көрсеткіштері мен кірістіліктің барынша төмен мәні арасындағы айырмасын өтеуден салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына нақты аударым жасалған сома.
Ескерту. 29-7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.03.01 N 20 Қаулысымен.
29-8. Салымшылармен жасалған міндетті, ерікті және ерікті кәсіби зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттарының және жинақталған зейнетақы қаражатын сақтандыру ұйымдарына аудару туралы өтініштердің түпнұсқалары барлық оларға қоса берілетін құжаттарымен Алушы қорға құжаттарды қабылдау-тапсыру актінің негізінде тапсырылады.
29-9. Осы Ереженің 29-7-тармағының 3), 4), 6) тармақшаларында көрсетілген салымшылардың тізімінде мынадай ақпарат қамтылады:
жеке зейнетақы шотының нөмірі;
салымшының (алушының) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні;
салымшының (алушының) жынысы;
жеке сәйкестендіру нөмірі;
зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың нөмірі және жасалған күні;
салымшының (алушының) жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі, оны берген мемлекеттік орган туралы мәліметтер, берілген күні;
салымшының (алушының) мекен-жайы, тұрғылықты жері;
жеке зейнетақы шотына келіп түскен барлық түсімдердің сомалары туралы.
Осы Ереженің 29-7-тармағының 6), 7) тармақшаларында көрсетілген салымшылар тізіміне қосымша Орталықтың жинақталған зейнетақы қаражатын басқа жинақтаушы зейнетақы қорларына аудару туралы электрондық хабарламаның деректемелері туралы ақпарат кіреді.
Ескерту. 29-9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.03.01 N 20, 2010.03.29 № 50 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.
29-10. Зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін Алушы қордың шоттарына аударым жасау Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан активтерге қатысты - зейнетақы активтерін және міндеттемелерін қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде, ал шетелдік кастодиан банктердің шоттарындағы активтерге қатысты - зейнетақы активтерін және міндеттемелерін қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады.
29-11. Осы Ереженің 27-тармағының 15) тармақшасында көрсетілген салымшылардың (алушылардың) жинақталған зейнетақы қаражатының аударымдарын қоспағанда, жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясынан айырылған күнінен бастап және зейнетақы активтері мен міндеттемелерін қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылған күннен он күнтізбелік күн өткенге дейінгі кезеңде жинақтаушы зейнетақы қоры алымшыларының (алушыларының) жинақталған зейнетақы қаражатын басқа жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе сақтандыру ұйымдарына аударым жасау тоқтатыла тұрады.
Ескерту. 29-11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.03.01 N 20 Қаулысымен.
29-12. Алушы қор зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясынан айырылған жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін және міндеттемелерін қабылдағаны туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын екі мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялайды.
29-13. Жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері мен міндеттемелерін Алушы қорға берумен байланысты шығыстар жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
4-тарау. Ұйымның ақшалай және басқа да құндылықтарын
тексеру (ревизия жасау), құжаттар мен мүлікті
қабылдау, тапсыру, мүлікті түгендеу
30. Уақытша әкімшілік тағайындалған сәттен бастап күнтізбелік күн ішінде ұйымның, оның филиалдарының, өкілдіктерінің кассалық торабынан тыс орналасқан кассалардағы, банкоматтардағы және операциялық кассалардағы барлық ақшалай және материалдық құндылықтарды, сондай-ақ қатаң есептегі бланкілерді тексереді (ревизия жасайды).
Ревизия кенет жасалады, барлық қолма-қол ақша, құндылықтар, қатаң есептегі бланкілер тексеріледі және ұйымның барлық құрылымдық бөлімшелерінде бір мезгілде бір күнде басталады. Ревизия қорытындысы актімен ресімделеді. Ревизия қорытындысы бойынша қолма-қол ақшаның, құндылықтардың жеткіліксіз болуы анықталған жағдайда, осы факті бойынша құжаттар құқық қорғау органдарына беріледі.
Ескерту. 30-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.09.03 N 124 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
31. Уақытша әкімшілік ұйымның барлық мөрлерін (мөртабандарын) қабылдағаннан кейін ұйымның құжаттарын қабылдайды, ал ұйымның басшысы мен бас бухгалтері оларды тапсырады.
Құжаттарды қабылдау-тапсыру уақытша әкімшілік белгілеген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырылады және актімен ресімделеді.
32. Уақытша әкімшілік ұйымның басшысымен және бас бухгалтерімен бірлесіп мүлікті түгендеуді ол басталған күннен бастап бір ай ішінде жүргізеді.
Түгендеуді жүргізу үшін түгендеу комиссиясы құрылады, оның құрамын уақытша әкімшіліктің басшысы бекітеді.
Түгендеу ұйымның басшысына уәкілетті органның уақытша әкімшілікті тағайындау туралы шешімін табыс еткен күні басталады. Түгендеуді жүргізу мерзімі уәкілетті органның келісімімен жұмыстың сипаты және көлемі ескеріле отырып ұзартылуы мүмкін.
Ескерту. 32-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.09.03 N 124 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
33. Түгендеуді жүргізбес бұрын түгендеу комиссиясы:
1) қосымша үй-жайларды, жертөле және жеке кіретін әрі шығатын есіктері бар мүлікті сақтаудың басқа орындарын пломбылайды;
2) түгендеу сәтіне соңғы келіп түсетін және жіберілетін құжаттарды немесе түгендеуге жататын мүліктің қозғалысы туралы есептерді алады.
34. Түгендеу нәтижелері актімен ресімделеді, оған түгендеу комиссиясының мүшелері және материалдық жауапты адам қол қояды.
Уақытша әкімшілік түгендеу (салыстырып тексеру) нәтижелерін ескере отырып, ұйымның материалдық құндылықтарын, мүлкін қабылдайды, ал ұйымның басшысы мен бас бухгалтері оларды тапсырады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
35. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шешіледі.