Банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкімшілігін (уақытша басқарушысын) тағайындау және қызметінің ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қолданысқа енген күннен бастап Агенттік Басқармасының "Банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкімшілігін (уақытша басқарушысын) тағайындау және қызметінің ережесін бекіту туралы" 2004 жылғы 15 наурыздағы N 68 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2818 тіркелген, "Заң газеті" N 175-176 газетінде 2005 жылғы 23 қыркүйекте жарияланған) күші жойылсын.
3. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді.
4. Қаржы ұйымдарын тарату департаменті:
1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, жинақтаушы зейнетақы қорларына жіберсін.
5. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс бөлімі (Пернебаев Т.Ш.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Е.Л.Бахмутоваға жүктелсін.
Төраға
Қазақстан Республикасы Қаржы
нарығын және қаржы ұйымдарын
реттеу мен қадағалау агенттігі
Басқармасының
2006 жылғы 9 қаңтардағы
N 6 қаулысымен бекітілген
Банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкімшілігін (уақытша басқарушысын) тағайындау және қызметінің
Ережесі
Осы Ереже қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) банктік, сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін, сондай-ақ зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру бойынша қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияны (бұдан әрі - лицензия) айыруға байланысты тағайындалған банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, жинақтаушы зейнетақы қорының (бұдан әрі - ұйым) уақытша әкімшілігін (уақытша басқарушысын) тағайындау тәртібін, уақытша әкімшіліктің жұмысын ұйымдастыру тәртібін және өкілеттігін айқындайды.
Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді) Қаулысымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ережеде қолданылатын негізгі ұғымдар:
1) уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) - ұйым мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін және ұйымды басқаруды қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды жүзеге асыру үшін уәкілетті орган тағайындайтын орган;
2) уақытша әкімшіліктің басшысы - уәкілетті орган оның қызметкерлері арасынан не Қазақстан Республикасының заң талаптарына сәйкес келетін оның қызметкерлері болып табылмайтын тұлғалар арасынан тағайындайтын тұлға;
3) уақытша әкімшіліктің мүшесі - уәкілетті орган уақытша әкімшіліктің жұмысына қатысу үшін тағайындайтын тұлға.
Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді), 2008.11.28 N 192 Қаулыларымен.
2-тарау. Уақытша әкімшілікті тағайындау тәртібі
2. Уақытша әкімшілік уәкілетті органның шешімімен тағайындалады.
Банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкімшілігі уәкілетті орган лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап және уәкілетті орган тарату комиссиясын тағайындағанға дейінгі кезеңге тағайындалады.
Жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкімшілігі уәкілетті орган лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап және мәжбүрлеп таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін және зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары бойынша міндеттемелерін басқа жинақтаушы зейнетақы қорына өткізу аяқталғанға дейінгі кезеңге тағайындалады.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.11.28 N 192 Қаулысымен.
3. Уәкілетті органның уақытша әкімшілікті тағайындау туралы шешімінде:
1) ұйымның толық әрі қысқартылған атауы;
2) ұйымның лицензиясын айыру туралы уәкілетті орган шешімінің күні және нөмірі;
3) уақытша әкімшіліктің қызмет ету мерзімі;
4) уақытша әкімшілік басшысының және мүшелерінің, олардың лауазымдарын көрсете отырып, фамилиясы, аты, болса әкесінің аты көрсетіледі.
Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді) Қаулысымен.
4. Уақытша әкімшілік мүшелерінің санын уәкілетті орган айқындайды.
Уақытша әкімшілік мүшелері, уәкілетті орган қызметкерінің уақытша әкімшіліктің жұмысына қатысуы оның лауазымдық міндеттерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, олардың келісімімен тағайындалады.
Уақытша әкімшіліктің құрамына кіретін әрі уәкілетті органның қызметкерлері болып табылатын тұлғалар, мұндай қызметкердің уақытша әкімшіліктің жұмысына қатысуы оның лауазымдық міндеттерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, уақытша әкімшіліктегі қызметінің барлық кезеңіне негізгі жұмыс орны бойынша лауазымдық міндеттерді орындаудан босатылады.
Көрсетілген кезеңде оның жалақысы және негізгі жұмыс орны бойынша белгіленген өзге де төлемдер сақталады.
Уақытша әкімшілік басшысының міндетін атқаруды уәкілетті орган уақытша әкімшілік басшысына қойылатын талаптарға сәйкес басқа тұлғаға жүктей алады.
5. Уақытша әкімшіліктің құрамына:
1) ұйымның мүшелері, оның ішінде ұйымның, оның филиалдарының және еншілес ұйымдарының басшылары, басқару органы мен атқару органына кіретін тұлғалар, сондай-ақ бас бухгалтер, ревизиялық комиссия жетекшісі (ревизор) және ішкі аудит қызметінің басшысы;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұйыммен аффилиирленген тұлға;
3) осы Ереженің 6-тармағында көрсетілген тұлғаларды қоспағанда ұйымның кредиторы болып табылатын тұлға;
4) ұйым алдында берешегі бар тұлға;
5) соңғы жыл ішінде қаржы саласында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлға кіре алмайды;
6) уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензиядан айыру туралы шешім қабылдағанға дейін бір жылдан артық емес кезең ішінде қаржы ұйымында жұмыс істеген тұлға.
Ескерту. 5-тармақ толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын және Қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007.06.25 N 167 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2008.11.28 N 192 Қ аулыларымен.
6. Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып табылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкімшілігінің құрамына уәкілетті органға ұсынылған жазбаша өтініш бойынша сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беретін және екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымдардың өкілдері кіргізілуі мүмкін.
3-тарау. Уақытша әкімшіліктің жұмысын ұйымдастыру
тәртібі және өкілеттігі
7. Лицензиядан айырылған және уақытша әкімшілік тағайындалған сәттен бастап:
1) ұйым қаржы қызметін жүзеге асыруды тоқтатады, оның ішінде мыналармен байланысты жағдайларды қоспағанда, қолдағы шоттар бойынша барлық операцияларды:
уақытша әкімшіліктің қызметін қамтамасыз етуге байланысты ұйымды ұстауға және ұйымға келіп түсетін ақшаны есептеуге байланысты ағымдағы шығыстарға;
жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды қамтамасыз ету жөніндегі шығыстарын, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, жинақталған зейнетақы қаражаттарын басқа жинақтаушы зейнетақы қорына аударым жасауға;
қате төлем құжаттары бойынша келіп түскен ақшаны қайтару жөніндегі банк шығыстарына;
2) жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес зейнетақы төлемдеріне құқығы бар салымшылардың/алушылардың зейнетақы жинақтары есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады;
3) жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылардың/алушылардың өтініштері негізінде жинақталған зейнетақы қаражаттарын аударым жасау жөніндегі өтініштерін қабылдауды тоқтатады;
4) ұйымның органдары мен құрылтайшылары (қатысушылары) ұйымның мүлкіне иелік етпейді, оның істерін басқару функцияларын орындаудан босатылып, уақытша әкімшілікке бухгалтерлік және өзге де құжаттаманы, материалдық және өзге де құндылықтарды, ұйымның мөрлері мен мөртабандарын беруін қамтамасыз етеді.
Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және Қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007.06.25. N 167 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді), 2008.11.28 N 192 Қаулыларымен.
8. Уақытша әкімшілік оны уәкілетті орган тағайындаған күні өз міндеттерін орындауға кіріседі. Уәкілетті органның ұйымның лицензиясын айыру және уақытша әкімшілікті тағайындау туралы шешімдерінің көшірмелерін уақытша әкімшілік ұйымның басшылығына қол қойып ұсынады.
Шешімдерді қол қойып ұсынылуы мүмкін болмаған жағдайда уақытша әкімшілік бұл жөнінде акт жасайды және уәкілетті органды хабардар етеді.
Уақытша әкімшілік басшысы уақытша әкімшіліктің жұмысына басшылық жасайды және үйлестіреді, мүлікті сақтау және қаржы ұйымын басқаруды қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттікті жүзеге асырады, уақытша әкімшілік мүшелерінің арасында міндеттерді бөледі.
Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және Қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 25 маусымдағы N 167 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді) Қаулыларымен.
9. Уақытша әкімшілік ұйым басшылығына уәкілетті органның уақытша әкімшілікті тағайындау туралы шешімін ұсынған күні мынадай іс-әрекеттер жасайды:
1) ұйым басшысынан ұйымды тіркеуге байланысты барлық мөрлерді, мөртабандарды, клише мен пломбылау заттарын, ұйым берген лицензиялардың түпнұсқаларын, фирмалық бланкілерді, ақпараттың электрондық тасымалдаушыларын, бағдарламалық қамтамасыз етуді, меншік иесі ұйым болып табылатын құжаттамалық нысанда шығарылған басқа заңды тұлғалардың бағалы қағаздарын дереу беруін талап етеді және оларды қабылдау-тапсыру актісі бойынша қабылдайды;
2) ұйымның, оның филиалдары мен өкілдіктерінің кассасындағы барлық ақшалай және өзге де құндылықтарын тексереді, қолма-қол ақшаны банктің корреспонденттік шоттарына, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және тиісінше екінші деңгейдегі банктерде ашылған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен жинақтаушы зейнетақы қорының ағымдағы шоттарына одан әрі есептеу үшін оның инкассациялануын ұйымдастырады;
3) ұйымның қолданыстағы шоттарын анықтайды және жинақтаушы зейнет ақы қорының корреспонденттік, ағымдағы шоттарының (оның ішінде шетелдік банктердегі) және кастодиан банктегі шоттарының қалдықтарын салыстырып тексереді. Ұйымның бухгалтерлік есеп деректері бойынша шот қалдықтарын көрсетілген шоттар ашылған банктердегі деректермен салыстырып тексереді және салыстырып тексеру қорытындысы бойынша тиісті актіні жасайды;
4) ұйым атынан бұрын берілген сенімхаттардың күшін жояды;
5) уәкілетті органның ұйымның лицензиясын айыру және уақытша әкімшілікті тағайындау туралы шешімінің көшірмесін ұйымның клиенттері танысуы мүмкін орында орналастырады;
6) толық материалдық жауапкершілікті атқаратын тұлғалар тобын, оның ішінде бухгалтерлік есепті жүргізудің автоматтандырылған ақпарат жүйесіне және ұйымның қаржы әрі өзге де есебін жасауға рұқсаты бар тұлғалар тобын анықтайды;
7) Уақытша әкімшілікті тағайындау күніне электрондық түрдегі бухгалтерлік ақпаратты басып шығарады. Мұндай ақпарат электрондық түрде болмаған жағдайда көрсетілген күнге қағаз тасымалдаушысындағы ақпарат негізге алынады.
Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді) Қаулысымен.
10. Уақытша әкімшілік мынадай іс-әрекеттер орындайды:
1) қабылдау-тапсыру актісі бойынша ұйымның мүлкі мен құжаттарын қабылдайды және олардың сақталуын, оның ішінде осы Ереженің 7-тармағына сәйкес қабылданған мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді;
2) ұйымды басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асырады және ұйымның барлық құжаттарына қол қояды;
3) ұйымның атынан соттарға шағым-талаптарды, оның ішінде ұйым органдарының мүшелерін, бас бухгалтерді, егер олардың іс-әрекетімен (әрекетсіздігімен) ұйымға шығын келтірілген болса, жауапқа тарту туралы шағым-талаптарды береді;
4) ұйым акционерлерінің, кредиторлары мен дебиторларының назарына уәкілетті органның лицензияны айыру және уақытша әкімшілікті тағайындау туралы шешімді ұсынады;
5) уақытша әкімшіліктен тарату комиссиясына ұйымның мүлкін, құжаттарын және істерін қабылдау-өткізу аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға және сотқа жасалған жұмыс туралы есеп береді;
6) ұйым қызметкерлерімен еңбек шарттары Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасына сәйкес қажеттілігіне қарай бұзылады.
Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және Қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 25 маусымдағы N 167 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді), 2008.11.28 N 192 Қаулыларымен.
11. Уақытша әкімшілік өз қызметі кезеңінде Ереженің 7-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, шығыс операцияларын жүзеге асырмайды.
Уақытша әкімшілік шығыстарды уақытша әкімшілік басшысы бекіткен шығыстар сметасына сәйкес жүзеге асырады. Шығыстар сметасы уақытша әкімшілікті тағайындаған сәттен бастап жеті күннен кешіктірмей ай сайынғы жоспарланатын шығындарға қарай жасалады.
Уәкілетті орган уақытша әкімшіліктің қызметіне бақылау жасайды, оның ішінде уақытша әкімшіліктің шығыстар сметасында көзделген ақшаның пайдалануына.
12. Шығыстар сметасында мынадай шығын баптары көзделеді:
1) еңбекақы төлеу бойынша шығыстар;
2) бюджетке аударым;
3) әкімшілік шығыстары;
4) тауарлы-материалдық құндылықтарды сатып алу бойынша шығыстар;
5) іссапар шығыстары;
6) қате төлем құжаттары бойынша келіп түскен ақшаны қайтару жөніндегі шығыстар;
6-1) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды қамтамасыз ету, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, сондай-ақ жинақталған зейнетақы қаражатын басқа жинақтаушы зейнетақы қорына аударым жасау бойынша жинақтаушы зейнетақы қорының шығыстары;
7) көзделмеген шығыстар.
Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді), 2008.11.28 N 192 Қаулыларымен.
13. Еңбекақы төлеу бойынша шығыстар мынадай шығындарды көздейді: уақытша әкімшіліктің құрамына енген уәкілетті орган, екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге міндетті кепілдік беруді және сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеуді қоспағанда, уақытша әкімшілік басшысына және мүшелеріне еңбекақы төлеу, ұйымда бар филиалдар мен өкілдіктерді есепке ала отырып, ұйым қызметкерлеріне еңбекақы төлеу.
Еңбекақы төлеуге қатысты шығыстар сметасын қалыптастыру кезінде есеп айырысулар жасалған еңбек шарттарына, қызметті өтелмелі көрсету шарттарына және жұмысқа қабылдау бұйрықтарына негізделеді.
Уақытша әкімшілікке Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 48-бабына сәйкес қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу талаптарын өзгертуге жол беріледі.
Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді), 2008.11.28 N 192 Қаулыларымен.
14. Салықтар және бюджетке басқа міндетті төлемдер бойынша шығыстар Қазақстан Республикасы салық заңдарының талаптарына сәйкес жасалады.
15. Әкімшілік шығыстар мыналарға:
1) қызметтік және шаруашылық мұқтаждар үшін көлік жалдау бойынша қызметке;
2) байланыс қызметіне (телекоммуникациялық шығыстар, телефонды, телеграфты пайдаланғаны үшін абоненттік төлем, қалааралық және халықаралық сөйлесулер, почта және анықтама қызметі бойынша шығыстар);
3) үйлер мен ғимараттарды (меншіктік және кепілдік мүлік) қорғау және сигнализациялау бойынша қызметке;
4) көлікті қорғау бойынша қызметке;
5) көлік үшін тұрақ ұсыну бойынша қызметке;
6) көлікті тіркеу бойынша қызметке;
7) көлікті техникалық жағынан қарау бойынша қызметке;
8) көлікті сақтандыру бойынша қызметке;
9) коммуналды қызметке;
10) жеңіл-желпі жөндеу жұмысы, мердігерлік тәсілмен жүзеге асырылатын негізгі құрал-жабдықтарға техникалық, сервистік қызмет көрсету (қарау) бойынша жұмыстар;
11) бағдарламалық қамтамасыз етуге қызмет көрсетуге;
12) үй-жайды жалдауға;
13) жылжымайтын мүлікті тіркеу және тіркеу органдарындағы сәйкес құжаттама бойынша қызметке;
14) мүлікті бағалау бойынша қызметке;
15) бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланым бойынша қызметке;
16) сауда-саттықты ұйымдастыру мен жүргізу бойынша қызметке;
17) жылу жүйесін іске қосуға дайындық бойынша қызметке;
18) сантехникалық жұмыстарға;
19) мүлікті сақтау бойынша қызметке;
20) нотариалдық куәлік бойынша қызметке;
21) мүлікті тасымалдау, тиеу, түсіру бойынша қызметке;
22) терезелерге, есіктерге тор даярлау және құру бойынша жұмыстарға;
23) инкассация қызметіне;
24) сараптама жүргізу бойынша қызметке;
25) құжаттарды аудару бойынша қызметке;
26) телефон нөмірлерін құруға, ауыстыруға немесе көшіруге;
27) өзекті жағдайдағы акционерлер тізілімін қолдауға арналған тіркеуші қызметіне;
28) құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу мен оларды мұрағатқа өткізу бойынша қызметке көзделуі мүмкін.
Жұмыс пен қызметке ақы төлеудің тұрақты және бір жолғы сипаты бар.
16. Жеңіл-желпі мұқтаждарды қанағаттандыруға және ең аз жол берілетін қорды құруға бағытталған тауарлы-материалдық құндылықтарды сатып алу бойынша шығыстар:
1) жұмыс жағдайындағы офис жабдығын қамтамасыз етуге;
2) көлік құралдарын қамтамасыз етуге;
3) үй-жайларды қамтамасыз етуге;
4) қағаз және бланк өнімдерін сатып алуға;
4-1) жанар-жағар май материалдарын сатып алу;
5) кеңсе тауарларын сатып алуға арналған.
Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және Қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 25 маусымдағы N 167 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) қаулысымен.
17. Әр түрлі қызметтер мен тауарлы-материалдық құндылықтарды сатып алуға арналған шығыстар сметасына қосқан кезде уақытша әкімшілік тарифтік торлар мен осы өңірде белгіленген орташа алынған рыноктық бағаның негізінде есептеулер жасайды.
18. Уақытша әкімшілік басшысының және мүшелерінің, ұйым қызметкерлерінің іссапарларға шығуы бойынша шығыстар сметада көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді) Қаулысымен.
19. Қате төлем құжаттары бойынша келіп түскен ақшаны қайтару Қазақстан Республикасының заңнамаларымен белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
19-1. Көзделмеген шығыстар мөлшері банк үшін жүз айлық есептік көрсеткіштен және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, жинақтаушы зейнетақы қоры үшін елу айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс, осы Ереженің 12-тармағының 1)-6-1) тармақшаларында көзделмеген уақытша әкімшіліктің кезек күттірмейтін мұқтаждарға жоспарланбаған шығындарын білдіреді.
Ескерту. 19-1-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.11.28 N 192 Қаулысымен.
20. Уақытша әкімшілік өз қызметі кезеңінде қызметтік үй-жайларды, байланыс құралдарын, автомобиль көлігін және уақытша әкімшіліктің қызметін жүзеге асыру үшін ұйымға тиесілі өзге де техникалық құралдарды пайдаланады.
Қажет болған жағдайда уақытша әкімшілік және оның өкілдері уәкілетті орган берген техникалық құралдарды пайдаланады.
21. Уәкілетті орган бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру мақсатында уақытша әкімшілікке жазбаша нұсқамаларды жібереді, есеп берудің нысанын, мерзімін және кезеңділігін белгілеп, уақытша әкімшіліктің қызметін тексереді.
22. Уақытша әкімшіліктің қызметі уәкілетті орган ұйымның тарату комиссиясын тағайындаған сәттен бастап тоқтатылады.
23. Уақытша әкімшілік тарату комиссиясы тағайындалған сәттен бастап өз өкілеттігін қалдырып, он жұмыс күні ішінде ұйымның бухгалтерлік және өзге құжаттамасын, мөрлерін, мөртабандарын, материалдық және өзге құндылықтарды тарату комиссиясының төрағасына беруді қамтамасыз етеді.
Ескерту. 23-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.11.28 N 192 Қаулысымен.
24. Ұйымның құжаттары мен мүлкін уақытша әкімшіліктен оның тарату комиссиясына қабылдау-тапсыру актісімен ресімделеді, оны уәкілетті орган бекітеді. Бекітілген актінің бір данасы іс материалдарына тіркелу үшін сотқа жіберіледі.
25. Банктің уақытша әкімшілігі мынадай іс-әрекеттерді жасайды:
1) банктің активтері мен міндеттемелерін, баланстан тыс активтері мен міндеттемелерін, қолдағы шарттар мен басқа да негізгі құжаттарды түгендейді, оның нәтижелері бойынша тиісті акт жасалады;
2) банктің корреспонденттік шоттары бар екінші деңгейдегі банктерге және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне уәкілетті органның уақытша әкімшілікті тағайындау туралы шешімінің көшірмесін ұсынады;
3) тағайындау сәтінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей банктің корреспонденттік шоттары бар банктерге және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне банк атынан құжаттарға қол қою құқығына ие лауазымдық тұлғалардың қол үлгілері бар жаңа карточкаларды ұсынады;
4) банк құрылтайшыларының (қатысушыларының), кредиторларының, дебиторларының және екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның назарына уәкілетті органның лицензияны айыру және уақытша әкімшілікті тағайындау туралы шешімін жібереді;
5) оны тағайындаған сәттен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға кепілдік берілетін депозиттер туралы және екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым белгілеген нысан бойынша оларға есептелген сыйақы сомасы туралы ақпаратты ұсынады;
6) банкке келіп түсетін қолма-қол ақшасыз аударымдардың және қолма-қол ақшаның, оның ішінде заемшылар бұрын берілген кредиттер бойынша қайтарылғанын, кредиттер бойынша сыйақы мен өзге де кірістерді, сондай-ақ тұрақсыздық айыптарын, өсімпұлдар мен айыппұлдарды, банктің аванстық төлемдерінің қайтарылуын, сондай-ақ банкке меншік құқығында тиесілі бағалы қағаздарды өтеуден болған қаражатты қоса алғанда, бұрын жасалған мәмілелерден болған (қолма-қол ақшасыз және қолма-қол ақшалай) кірістердің есепке алынуын бақылайды;
7) төлеушілердің осы құжаттарды қайтарып алу туралы өкімдері негізінде "Мерзімінде төленбеген есеп айырысу құжаттары, "Банктің корреспонденттік шотында ақшаның болмауынан мерзімінде төленбеген клиенттердің есеп айырысу құжаттары" баланстан тыс шоттар бойынша картотекалардан төлем құжаттарын қайтарады.
Ескерту. 25-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді), 2008.11.28 N 192 Қаулыларымен.
26. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкімшілігі мынадай іс-әрекеттерді жасайды:
1) активтер мен міндеттемелерді, жеке шоттарды, сақтандыру шарттарын (полистерді) және басқа да негізгі құжаттарды түгендейді, оның нәтижесі бойынша акт жасайды;
2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының шарт (полис) бланкілерін және сақтандыру агенттерінің қолындағы қолма-қол ақша қалдығын алады. Қолма-қол ақша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының банк шотына тапсырылады;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының банк шоттары бар банктерге уәкілетті органның уақытша әкімшілікті тағайындау туралы шешімінің көшірмесін ұсынады;
4) тағайындау сәтінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей банк шоттарының ашылу орны бойынша банктерге сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атынан құжаттарға қол қою құқығына ие лауазымдық тұлғалардың қол үлгілері бар жаңа карточкаларды ұсынады;
5) активтерді, оның ішінде сақтандыру резервтерінің қаражатын анықтайды;
6) алынып тасталды
7) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы құрылтайшыларының (қатысушыларының), кредиторларының, дебиторларының және сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандыру төлемдеріне ұжымдық кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның назарына уәкілетті органның лицензияны айыру және уақытша әкімшілікті тағайындау туралы шешімін жібереді;
8) сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым белгілеген нысандар бойынша мәліметтер мен ақпаратты ұсынады;
9) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына келіп түсетін барлық қолма-қол ақшасыз аударымдардың және қолма-қол ақшаның, оның ішінде орналастырылған сақтандыру резервтері мен кірістерінің қайтарылуын, оның ішінде сақтандыру сыйлықақы мен өзге де кірістердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аванстық төлемдерінің, дебиторлық берешегінің, тұрақсыздық айыбы мен айыппұлдардың, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына меншік құқығында тиесілі бағалы қағаздарды өтеуден болған қаражаттың есепке алынуын бақылайды.
Ескерту. 26-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді), 2008.11.28 N 192 Қаулыларымен.
27. Жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкімшілігі мынадай іс-әрекеттерді жасайды:
1) салымшыларға Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің ресми баспасөз басылымдарында лицензияны айырып алу туралы мемлекеттік және орыс тілдеріндегі ақпаратты хабарландыру жариялау арқылы мәлімет үшін жібереді. Хабарландыруда уәкілетті органның лицензиядан айыру туралы шешімін қабылдаған күні, сондай-ақ салымшылардың жинақталған зейнетақы қаражатын басқа жинақтаушы зейнетақы қорына оның таңдауы бойынша уақытша әкімшіліктің аударым жасауы туралы ақпараты, таңдау туралы уақытша әкімшіліктің республикалық мерзімдік баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялайтын ақпараты болуы тиіс;
2) уәкілетті органның жинақтаушы зейнетақы қорынан лицензияны айырғандығы туралы шешімінің көшірмесін және зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымда және банктік шоттары бар банктерде, сондай-ақ кастодиан банкте уақытша әкімшілік тағайындау туралы шешімдерінің көшірмелерін береді;
3) тағайындалған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмеген мерзімде екінші деңгейдегі банктерге және кастодиан банктерге жинақтаушы зейнетақы қорының атынан құжаттарға қол қою құқығы бар лауазымды тұлғалар қойылған қолдарының үлгілері бар жаңа карточкаларды береді;
4) жинақтаушы зейнетақы қорына келіп түскен қолма-қол жасалмайтын және қолма-қол ақшаның, оның ішінде зейнетақы жарналарының, дебиторлық берешектің, сондай-ақ тұрақсыздық айыбының, өсімпұл мен айыппұлдардың есепке алынуын, қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтерін, басқа кірістерді, жинақтаушы зейнетақы қорының аванстық төлемдерін, меншік құқығындағы жинақтаушы зейнетақы қорына тиесілі бағалы қағаздарды өтеуден түскен қаражатты қайтаруды бақылайды;
5) өзінің активтері мен міндеттемелерін, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерін түгендейді, оның нәтижесі бойынша акті жасайды, оның ішінде мыналарды көрсете отырып зейнетақы активтерінің жай-күйі туралы актіні жасайды:
зейнетақымен қамсыздандыру туралы жасалған шарттардың жалпы тізімін және осы жинақтаушы зейнетақы қорында дербес жинақтаушы шоты бар, осы жинақтаушы зейнетақы қорымен зейнетақымен қамсыздандыру туралы жасалған шарт туралы мәліметтер жоқ салымшылардың тізімін;
мынадай:
дербес зейнетақы шотының нөмірі,
салымшының (алушының) фамилиясы, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), туған күні,
салымшының (алушының) жынысы,
РҚАО-ның ескертпесі!
5) тармақшаның жетінші абзацына өзгерту енгізу көзделген - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007.05.28 N 155 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
әлеуметтік жеке коды,
РҚАО-ның ескертпесі!
5) тармақшаның сегізінші абзацын алып тастау көзделген - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007.05.28 N 155 (2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
салық төлеушінің тіркеу нөмірі,
салымшының (алушының) жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі, оны берген мемлекеттік орган туралы мәліметтер, берілген күні,
салымшының (алушының) мекен-жайы, тұрғылықты орны,
салымшының (алушының) адресі, мекен-жайы, сондай-ақ оның жеке зейнетақы шотына келіп түскен барлық түсімдер сомасы туралы мәліметтер;
басқа жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе сақтандыру ұйымдарына жинақталған зейнетақы қаражаттарын аударым жасауға өтініш берген салымшылардың (алушылардың) тізімін;
инвестициялық портфельдің құрылымын, уақытша әкімшілікті тағайындау күніне шоттағы инвестицияланбай қалған ақша қалдығын, ұлттық бірегейлендіру нөмірін, айналыс мерзімін, санын (данасын), сатып алу бағасын, бір бағалы қағаздың ағымдағы құнын, проценттер мен дивидендтер бойынша есептелген кірісті, жинақтаушы зейнетақы қорының "ДЕПО" шотындағы бағалы қағаздардың жалпы санын көрсете отырып, берілетін бағалы қағаздардың тізбесін;
зейнетақы активтері орналасқан басқа қаржы құралдарының сомасын, санын және тізбесін;
міндеттемелер сомасын, оның ішінде қате есептелген соманы, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың, кастодиан банктің, жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақы сомасын, өзге міндеттемелерді көрсете отырып;
6) зейнетақы активтерін бұдан әрі қарай инвестициялық басқаруды қамтамасыз етеді, оның ішінде осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық шешімдерді қабылдауды жүзеге асыратын инвестициялық комитеттің құрамына кіретін жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкімшілігі мүшелерінің санынан қызметкерді айқындайды;
6-1) осы жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің шартты бірлігінің есебін жүзеге асыруды жалғастырады;
6-2) пруденциалдық нормативтерді және басқа міндетті нормалар мен лимиттерді есептеуді жалғастырады;
6-3) уәкілетті органға қаржылық және өзге есептілікті
қалыптастыруды және ұсынуды жалғастырады;
7) алынып тасталды
8) кастодиан банкке басқа қордың жинақталған зейнетақы қаражатын өткізу рәсімі аяқталғаннан кейін жинақтаушы зейнетақы қорының кастодиан банкінде шотты жабады (уақытша әкімшілік белгілеген мерзімде);
9) төлеушілердің осы құжаттарды қайтарып алу туралы өкімдері негізінде "Мерзімінде төленбеген есеп айырысу құжаттары" шоттары бойынша жинақтаушы зейнетақы қорының картотекасынан төлем құжаттарын қайтарады;
10) салымшыларға мемлекеттің қатысуы бар жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін және міндеттемелерін беру туралы ақпаратты республикалық мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде хабарландыруды жариялау арқылы жеткізеді.
Ескерту. 27-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасы төрағасының 2007.04.30. N 115 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2007.06.25. N 167 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді), 2008.11.28 N 192 Қаулыларымен.
28. Алынып тасталды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасы төрағасының 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді) Қаулысымен.
28-1. Уақытша әкімшілік мемлекеттің қатысуы бар жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін және міндеттемелерін беруді уақытша әкімшілікпен, қабылдаушы қормен, бұрынғы және жаңа кастодиан банктермен және зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдар арасында жасалатын зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтерін және міндеттемелерін беру туралы келісім және қабылдау-өткізу актісі негізінде жүзеге асырады.
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері және міндеттемелері берілген мемлекеттің қатысуы бар жинақтаушы зейнетақы қоры бір ай мерзімінде салымшылармен (алушылармен) шарттарды жасау бойынша шараларды қабылдайды.
Ескерту. 28-1-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.11.28 N 192 Қаулысымен.
29. Зейнетақы активтерін қабылдау-өткізу актісін ресімдеу кезінде онда мынадай мәліметтер:
өткізген күнгі зейнетақы активтерінің жалпы сомасы, оның ішінде:
шоттардағы инвестицияланбаған ақша қалдығы;
зейнетақы активтерінің есебінен сатылуға рұқсат берілген бағалы қағаздардың (ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді) жиынтық құны және ұлттық бірегейлендіру нөмірін, айналыс мерзімін, санын (дана), сату бағасын, бір бағалы қағаздың ағымдағы құнын, процент және дивиденд бойынша есептелген кірісті, жинақтаушы зейнетақы қорының "ДЕПО" шотындағы бағалы қағаздардың жалпы санын көрсете отырып, берілетін бағалы қағаздардың тізбесі;
"Кері репо" операциялары бойынша сатып алынған бағалы қағаздардың (ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді) жиынтық құны және ұлттық бірегейлендіру нөмірін, өтініш мерзімін, санын (дана), сатып алу бағасын, бір бағалы қағаздың ағымдағы құнын, проценттер бойынша жабу және септелген кіріс бағасын көрсете отырып, берілген бағалы қағаздар тізбесі;
банктің атауын, салым сомасын, банктік салым туралы шарттың жасалу күнін, шарттың қолданылу мерзімін, салым бойынша жылдық сыйақы ставкасын, салым бойынша есептелген және алынған сыйақы сомасын көрсете отырып, екінші деңгейдегі банктердегі салымдар (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде) және салымдар тізбесі;
зейнетақы активтері орналасқан басқа қаржы құралдарының сомасын, саны және тізбесін, міндеттемелер сомасын, оның ішінде қате есептелген соманы, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың, кастодиан банктің, зейнетақы активтерін қабылдайтын жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақы сомасын, өзге міндеттемелерді;
мынадай ақпараты бар міндетті, ерікті, ерікті кәсіби жарналар салымшыларының тізімі:
дербес зейнетақы шотының нөмірін,
салымшының (алушының) фамилиясын, атын, әкесінің атын (болған жағдайда), туған күнін,
салымшының (алушының) жынысын,
РҚАО-ның ескертпесі!
29-тармақтың он екінші абзацын жаңа редакцияда енгізу көзделген - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007.05.28 N 155 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
әлеуметтік жеке кодын,
РҚАО-ның ескертпесі!
29-тармақтың он үшінші абзацын алып тастау көзделген - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007.05.28 N 155 (2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
салық төлеушінің тіркеу нөмірін,
салымшының (алушының) жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірін, оны берген мемлекеттік орган туралы мәліметтерді, берілген күнін,
салымшының (алушының) мекен-жайын, тұрғылықты орнын,
дербес зейнетақы шотына түскен барлық түсімдердің сомасы туралы көрсете отырып, зейнетақы шарттарының тізімі көрсетіледі.
Ескерту. 29-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және Қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 25 маусымдағы N 167 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2008.01.25. N 9 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді) Қаулыларымен.
4-тарау. Ұйымның ақшалай және басқа да құндылықтарын
тексеру (ревизия жасау), құжаттар мен мүлікті
қабылдау, тапсыру, мүлікті түгендеу
30. Уақытша әкімшілік тағайындалған сәттен бастап үш күн ішінде ұйымның, оның филиалдарының, өкілдіктерінің кассалық торабынан тыс орналасқан кассалардағы, банкоматтардағы және операциялық кассалардағы барлық ақшалай және материалдық құндылықтарды, сондай-ақ қатаң есептегі бланкілерді тексереді (ревизия жасайды).
Ревизия кенет жасалады, барлық қолма-қол ақша, құндылықтар, қатаң есептегі бланкілер тексеріледі және ұйымның барлық құрылымдық бөлімшелерінде бір мезгілде бір күнде басталады. Ревизия қорытындысы актімен ресімделеді. Ревизия қорытындысы бойынша қолма-қол ақшаның, құндылықтардың жеткіліксіз болуы анықталған жағдайда, осы факті бойынша құжаттар құқық қорғау органдарына беріледі.
31. Уақытша әкімшілік ұйымның барлық мөрлерін (мөртабандарын) қабылдағаннан кейін ұйымның құжаттарын қабылдайды, ал ұйымның басшысы мен бас бухгалтері оларды тапсырады.
Құжаттарды қабылдау-тапсыру уақытша әкімшілік белгілеген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырылады және актімен ресімделеді.
32. Уақытша әкімшілік ұйымның басшысымен және бас бухгалтерімен бірлесіп мүлікті түгендеуді ол басталған күннен бастап бір ай ішінде жүргізеді.
Түгендеуді жүргізу үшін түгендеу комиссиясы құрылады, оның құрамын уақытша әкімшіліктің басшысы бекітеді.
Түгендеу ұйымның басшысына уәкілетті органның уақытша әкімшілікті тағайындау туралы шешімін ұсынған күні басталады. Түгендеуді жүргізу мерзімін уәкілетті органның келісімімен уақытша әкімшілік айқындайды және жұмыстың сипаты мен көлемін ескере отырып ұзартылуы мүмкін.
33. Түгендеуді жүргізбес бұрын түгендеу комиссиясы:
1) қосымша үй-жайларды, жертөле және жеке кіретін әрі шығатын есіктері бар мүлікті сақтаудың басқа орындарын пломбылайды;
2) түгендеу сәтіне соңғы келіп түсетін және жіберілетін құжаттарды немесе түгендеуге жататын мүліктің қозғалысы туралы есептерді алады.
34. Түгендеу нәтижелері актімен ресімделеді, оған түгендеу комиссиясының мүшелері және материалдық жауапты адам қол қояды.
Уақытша әкімшілік түгендеу (салыстырып тексеру) нәтижелерін ескере отырып, ұйымның материалдық құндылықтарын, мүлкін қабылдайды, ал ұйымның басшысы мен бас бухгалтері оларды тапсырады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
35. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шешіледі.