"Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген ережелердi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. 2001 жылғы 26 маусым N 643

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 29-бабының 4-тармағына, 38 және 38-1-баптарына, 43-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы етемін:
      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен.

      1. Қоса берiлiп отырған:
      1) Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуi туралы ереже;
      1-1) Сот жюриi туралы ереже;
      2) алып тасталды - ҚР Президентінің 2012.05.18 N 329 Жарлығымен;
      3) алып тасталды - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен.
      4) Қазақстан Республикасының судьяларына куәліктерді беру қағидалары.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2007.02.27 N 292, 2011.04.01 N 1177, 2012.05.18 N 329 Жарлықтарымен.

      2. Мыналардың:
      1) "Қазақстан Республикасы соттарының судьяларын аттестациялау туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінiң 1996 жылғы 24 мамырдағы N 3004 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 22, 189-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасының соттары судьяларының бiлiктiлiк сыныптары туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 15 қазандағы N 3677 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1997 ж., N 45, 412-құжат);
      3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының тәртіптік алқасы, облыстық және оларға теңестірілген тәртіптік алқалар туралы Ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 12 қарашадағы N 3746 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 49, 453-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы  
Президентiнiң      
2001 жылғы 26 маусымдағы 
N 643 Жарлығымен     
бекітілген        

Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуi туралы
ЕРЕЖЕ 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі - Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы) сәйкес судьялыққа каидидаттың тағылымдамадан өту талаптары мен тәртібін айқындайды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.05.18 N 329 Жарлығымен.

      2. Судьялыққа кандидаттың (бұдан әрi - машықтанушы-кандидат) тағылымдамадан өтуiнiң негiзгi мiндетi аудандық және оған теңестiрiлген сотта (бұдан әрi - аудандық сот) жұмыстың ерекшелiгiн зерделеу, судья лауазымындағы жұмысы үшiн қажеттi практикалық және ұйымдастырушылық дағдыларды игеру болып табылады.
      Тағылымдамадан өту машықтанушы-кандидаттың іскерлік, кәсіптік және моральдық қасиеттерін зерделеу және оның судья өкілеттіктерін жүзеге асыру перспективаларын айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен.

      2-1. Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген теріс себептер бойынша судья лауазымынан босатылған тұлғаларды қоспағанда, бұрын кемінде үш жыл тұрақты судья болып жұмыс істеген және жұмыстан босатылған күннен бастап бес жылдың ішінде қайтадан судья лауазымына орналасуға ниет білдірген тұлғалардың тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.
      Мамандандырылған магистратурада оқуды аяқтаған тұлғалардың оқуды аяқтаған күннен бастап бес жыл ішінде тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.
      Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, «Құқық қорғау қызметі туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген теріс себептер бойынша судья лауазымынан, құқық қорғау органдарынан немесе өзге мемлекеттік қызметтен босатылған тұлғалар тағылымдамадан өтуге жіберілмейді.
      Ескерту. 2-1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.05.18 N 329 Жарлығымен.

      3. Тағылымдама аудандық сотта ұйымдастырылады.

      4. Тағылымдамадан өту мерзімін облыстық соттың және оған теңестірілген соттың (бұдан әрі - облыстық сот) төрағасы тоғыз айдан бір жылға дейінгі шекте белгілейді.
      Заңгерлік мамандығы бойынша бес жылдан артық жұмыс тәжірибесі бар, сондай-ақ құқықтың белгілі бір саласында ғылыми дәрежелері мен атақтары бар адамдар үшін тағылымдамадан өту мерзімі оның еңбек өтіліне, заң мамандығы бойынша атқарып отырған қызметіне және судья қызметіне орналасу үшін оның кәсіби даярлығының деңгейін айқындайтын негіздердің басқа да деректеріне байланысты алты айдан тоғыз айға дейін шекте белгіленеді.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен.

      5. Алып тасталды - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен.

2. Машықтанушы-кандидатқа қойылатын талаптар

      6. Тағылымдамадан өтуге:
      1) жиырма бес жасқа толған;
      2) жоғары заң білімі бар, еңбек жолы мінсіз және заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар;
      3) бiлiктiлiк емтиханын тапсырған Қазақстан Республикасының азаматтары жiберiледi.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2007.02.27 N 292, 2011.04.01 N 1177 Жарлықтарымен.

3. Тағылымдамадан өтудiң шарттары мен тәртiбi

      7. Судья қызметіне орналасуға конкурсқа қатысу үшін тағылымдамадан өтуге тілек білдірген адам облыстық соттың төрағасына тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш береді.
      Тағылымдамадан өту судьялық лауазымға кандидат тұратын жерi бойынша тiркелген облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аудандық соттарында жүзеге асырылады.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2007.02.27 N 292, 2011.04.01 N 1177 Жарлықтарымен.

      8. Өтiнiшке мынадай құжаттар: кадр есебi жөнiндегi жеке iс парағы, өмiрбаян, диплом мен оның қосымшасының көшiрмесi, бiлiктiлiк емтиханын тапсырғанын растайтын құжаттың көшiрмесi, соңғы жұмыс орнынан алынған қызметтiк мiнездеме қоса тапсырылуға тиiс.
      Өтiнiшке сонымен қатар оның кәсiби бiлiмiнiң деңгейiн сипаттайтын басқа да құжаттар (ғылыми дәрежелер мен атақтардың берiлгенi, арнаулы курстарды бiтiргенi және т.б. туралы тиiстi құжаттардың көшiрмелерi) қоса тапсырылуы мүмкiн.

      9. Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтiнiштi қараудың нәтижелерi бойынша тиiстi облыстық соттың төрағасы:
      1) мерзiмiн көрсете отырып, тұлғаға тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы;
      2) тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден бас тарту туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен.

      9-1. Егер адам тағылымдамадан өтуге жіберілсе, тағылымдамадан өту жүзеге асырылатын аудандық сотты не аудандық соттарды, сондай-ақ тағылымдамадан өту үшін жалпы үйлестіру мен бақылау жүктелетін облыстық сот судьясын - тағылымдама үйлестірушісін облыстық соттың төрағасы өкіммен белгілейді.
      Облыстық соттар төрағаларының өкімдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің (бұдан әрі - уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшелері) басшылары мен машықтанушы-кандидаттардың арасында тағылымдамадан өту туралы келісім жасау үшін негіз болып табылады.
      Тағылымдамадан өту туралы келісімде:
      1) тараптардың атауы;
      2) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
      3) тағылымдамадан өту орны;
      4) тағылымдамадан өту талаптары, тәртібі мен мерзімдері қамтылуға тиіс.
      Тағылымдамадан өту туралы үлгі келісімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
      Уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшесі машықтанушы-кандидат туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
      Ескерту. Ереже 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен, өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2012.05.18 N 329 Жарлығымен.

      10. Тұлғаға тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден бас тарту дәлелді болуға тиіс.
      Тағылымдамадан өтуге мынадай жағдайларда:
      1) тұлға жиырма бес жасқа толмағанда;
      2) жоғары заң білімі, еңбек жолы мінсіз және заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі болмағанда;
      3) судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырғанын растайтын құжаттар болмағанда;
      4) оның моральдық-этикалық бейнесін теріс жағынан сипаттайтын дәйекті мәліметтер болғанда;
      5) осы Ереженің 2-1-тармағының үшінші бөлігінде көзделген мән-жайлар болғанда рұқсат берілмейді.
      Өтініш иесіне сол уақытта машықтанушы-кандидаттар санының көбейіп кету себебіне байланысты тағылымдамадан өтуіне бас тартуға болмайды.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.05.18 N 329 Жарлығымен.

      11. Тағылымдамадан өту машықтанушы-кандидаттың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекiткен судьялыққа кандидаттың тағылымдамасының типтiк бағдарламаларына енгiзiлген арнайы іс-шараларды орындауын, сондай-ақ iс жүргiзудi ұйымдастыруға, статистикалық есептердi, анықтамаларды, талдауларды жасауға және сот практикасын қорытуға байланысты мәселелердi шешудi қамтиды.

      12. Тағылымдама облыстық соттың судьясы - тағылымдама үйлестірушісімен келісім бойынша аудандық соттың төрағасы бекiткен жеке жоспар бойынша ұйымдастырылады. Жоспарға кейiннен өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, ол жөнiнде машықтанушы-кандидатты дереу хабардар етедi.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен.

      13. Машықтанушы-кандидат аудандық сотқа келгеннен кейін соттың төрағасы судьялардың арасынан аудандық сот судьясын - тағылымдама жетекшісін тағайындайды.
      Тағылымдама жетекшісі:
      1) жұмыстың қажетті көлемін айқындайды;
      2) машықтанушы-кандидатқа кәсіби білім деңгейін арттыруда және практикалық дағды алуда көмек көрсетеді;
      3) тағылымдамадан өту жоспарының орындалуын қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен.

      14. Тағылымдамадан өту қорытындылары бойынша машықтанушы-кандидат тағылымдамадан өтуі туралы жазбаша есеп жасайды,  онда оның жеке жоспарды орындағаны, сондай-ақ тағылымдама жетекшісі айқындаған тапсырмаларды орындағаны туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.
      Бір мезгілде аудандық соттың судьясы - тағылымдама жетекшісі машықтанушы-кандидатка пікір жазады, оны аудандық соттың төрағасы бекітеді. Пікірде оның тағылымдама барысында алған практикалық дағдылары мен білімі, машықтанушы-кандидаттың дайындық дәрежесі, іскерлік және моральдық қасиеттері туралы мәлімет қамтылуға тиіс.
      Аудандық соттың судьясы - тағылымдама жетекшісі машықтанушы-кандидатқа пікірді, тағылымдамадан етудің жеке жоспарын, оны орындағаны туралы белгілермен бірге және машықтанушының тағылымдамадан өту қорытындылары туралы жазбаша есебін облыстық сот судьясы - тағылымдама үйлестірушісінің қарауына ұсынады. Оларды қарау  нәтижелері бойынша облыстық сот судьясы - тағылымдама үйлестірушісі материалдарды облыстық соттың жалпы отырысының қарауына енгізеді.
      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен.

      15. Тағылымдаманың қорытындыларын қарау үш айдан кешiктiрiлмей, жалпы отырыста машықтанушы-кандидаттың есебi тыңдала отырып жүргiзiледi. Машықтанушы-кандидаттың есебi жөнiнде жалпы отырыстың пікірі көпшілік дауыспен қабылданатын қорытынды түрiнде ресiмделеді және оған төрағалық етуші қол қояды.

4. Қорытынды ережелер

      16. Облыстық соттың жалпы отырысы судья қызметіне кандидаттардың тағылымдамадан өтуінің қорытындыларын қарайды және Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесіне тиісті қорытынды ұсынады. Облыстық соттың жалпы отырысының оң қорытындысы бес жыл бойы жарамды болады.
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен. см. Z080079  

      16-1. Облыстық соттың жалпы отырысы тағылымдама қорытындыларын қарау нәтижелері бойынша мынадай жағдайларда:
      машықтанушы-кандидат теріс қылық жасағанда;
      тағылымдамадан өту жоспары орындалмағанда;
      машықтанушы-кандидаттың моральдық-этикалық бейнесін теріс жағынан сипаттайтын мәліметтер болғанда теріс қорытынды береді.
      Машықтанушы-кандидаттың дәлелді себептер бойынша уақытша болмауы тағылымдамадан өту жоспарының орындалмауына әкеп соққан жағдайда, облыстық соттың жалпы отырысы тағылымдама мерзімін ол болмаған тиісті кезеңге ұзарту туралы шешім қабылдайды. Машықтанушы-кандидат теріс қорытынды алған жағдайда жалпы негіздерде тағылымдамадан қайта өтуге, теріс қорытындыны алған күнінен кемінде бір жыл өткеннен кейін жіберіледі.
      Тағылымдама қорытындыларын қараудың теріс қорытындысы судья қызметіне теріс қорытынды алған кандидаттардың есебін жүргізу үшін облыстық соттарға жіберілуге жатады.
      Ескерту. Ереже 16-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен.

      17. Тағылымдамадан өту машықтанушы-кандидаттың негiзгi жұмыс орнын қалдыруына әкеп соқпайды.

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң     
2001 жылғы 26 маусымдағы
N 643 Жарлығымен    
БЕКIТIЛГЕН       

Сот жюриi туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Жарлық ережемен толықтырылды - ҚР Президентінің 2007.02.27 N 292 Жарлығымен, жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.05.18 N 329 Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Сот жюриі туралы осы ереже (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі - Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы) сәйкес әзірленді және Сот жюриін қалыптастыру және оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін, сондай-ақ материалдар мен тәртіптік істерді қарау тәртібін айқындайды.
      2. Әркімнің сот арқылы қорғалуға конституциялық құқығын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби жарамдылығын айқындау, судьяның орнынан түсу және орнынан түсуді тоқтату құқығын растау, сондай-ақ судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы мәселесін қарау мен тәртіптік істерді қарау үшін Сот жюриі құрылады.
      3. Сот жюриінің мүшелері өз қызметінде тәуелсіз және тек Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын және осы Ережені басшылыққа алады.
      4. Сот жюриінің қызметіне араласуға және оның мүшелеріне ықпал етуге жол берілмейді. Сот жюриінің мүшесі өзінің іс жүргізуіндегі материалдар, қабылданған шешімдер бойынша қандай да бір ақпарат беруге құқылы емес.

2. Сот жюриін қалыптастыру тәртібі

      5. Сот жюриінің құрамын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы жасырын дауыс беру арқылы балама негізде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен жұмыс істеп жүрген судьялардың ішінен үш жыл мерзімге сайлайды.
      Сот жюриі он бір мүшеден - аудандық және оған теңестірілген соттардың (бұдан әрі - аудандық соттар) үш судьясынан, облыстық және оған теңестірілген соттардың (бұдан әрі - облыстық соттар) үш судьясынан және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бес судьясынан тұрады.
      6. Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньге барлық ұсынылған кандидатуралар енгізіледі. Басқа кандидаттарға қарағанда ең көп дауыс алған кандидат сайланды деп есептеледі.
      7. Жиналған дауыстар саны бойынша сайланған адамнан кейін тұрған кандидат Сот жюриінің қосалқы мүшесі болып есептеледі және кворумның болмауына әкеп соғатын Сот жюриінің мүшелеріне қарсылық білдірілген немесе олар өздігінен бас тартқан жағдайда Сот жюриі мүшесінің міндетін атқарады.
      Сот жюриі мүшелерінің бірі шығып қалған жағдайда осы Ережеде белгіленген тәртіппен қалған мерзімге қосымша сайлау өткізіледі.
      8. Сот жюриінің құрамы өз мүшелерінің қатарынан көпшілік дауыспен Сот жюриінің төрағасын және хатшысын сайлайды.
      9. Сот жюриінің төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның тапсыруы бойынша төрағаның міндеттерін Сот жюриі мүшелерінің бірі атқарады.
      10. Сот жюриінің құрамына ұсынылған судьялардың кәсіби деңгейі жоғары, жеке беделі мінсіз, қағидатшыл, судьялар қауымы арасында беделді және кемінде он жыл судьялық жұмыс өтілі болуға тиіс.
      11. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Судья әдебі жөніндегі комиссияның судья-мүшелері, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің судья-мүшелері Сот жюриінің құрамына сайлана алмайды.
      12. Сот жюриінің отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және оның құрамының кемінде жеті мүшесі қатысқан жағдайда заңды болады.
      Сот жюриі жұмыс істеген уақытта оның мүшелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес, отырыс өткізілетін жерге іссапарға жіберіледі және басқа міндеттерді атқарудан босатылады.
      13. Сот жюриі өзінің қызметі туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысына жыл сайын ақпарат беріп отырады.
      14. Сот жюриінің мүшесі міндеттерін атқарудан босату үшін мыналар негіз болып табылады:
      1) Сот жюриінің құрамына енетін судьяның қызметтен босатылуы, судьялық өкілеттіктерінің тоқтатылуы не тоқтатыла тұруы;
      2) Сот жюриі мүшесінің судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасауы;
      3) Сот жюриінің мүшесі сайланған мерзімнің аяқталуы;
      4) өз тілегі бойынша.
      Сот жюриінің мүшесін босату Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысының шешімімен жүргізіледі.

3. Материалдарды қараудың негіздері, Сот жюриінің
отырыстарын өткізу және шешімін шығару тәртібі

      15. Судьяға қатысты материалдарды Сот жюриінде қарау үшін облыстық соттың немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысының шешімі немесе облыстық сот төрағасының немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы негіз болып табылады.
      16. Нақты материалдар бойынша баяндамашыны және материалдарды қарау күшін Сот жюриінің төрағасы белгілейді.
      17. Қосымша тексеру жүргізу қажет болған кезде Сот жюриі түскен материалдарды қарау басталғанға дейін Судья әдебі жөніндегі комиссиядан және соттардан құжаттар мен материалдарды, соның ішінде қарау кезінде заңның бұзылуына жол берілген сот істерін сұратып алуға құқылы.
      18. Сот жюриінің жұмыс органы қажетті құжаттарды жинауды қамтамасыз етеді және Сот жюриі отырысының өткізілетін күні, уақыты және орны туралы Сот жюриінің мүшелерін хабардар етеді.
      19. Сот жюриінің отырысы төрағалық етушінің жюри құрамын және отырысқа шақырылған адамдарды, сондай-ақ материалдарды қарауға негіз болған себептерді жария етуінен басталады.
      20. Сот жюриі отырысында материалдарды қарау өзіне қатысты материалдар қаралатын судьяның міндетті түрде қатысуымен өткізіледі.
      Өзіне қатысты материалдар қаралатын судья дәлелді себеппен келмеген жағдайда (науқастануы немесе Сот жюриінің отырысына қатысуына объективті кедергі келтірген өзге де мән-жайлар) Сот жюриінің отырысы кейінге қалдырылады. Судья Сот жюриінің отырысына дәлелсіз себептермен келмеген кезде материалдарды қарау оның қатысуынсыз өткізіледі.
      21. Өзіне қатысты материалдар Сот жюрнінің қарауына берілген судья материалдарды қарау басталғанға дейін жюри мүшесіне (мүшелеріне) дәлелді қарсылық мәлімдеуге құқылы.
      Егер Сот жюриінің мүшесі өзіне қатысты материалдар қаралған судьямен туыстық қатынаста болса не оның объективтігі мен турашылдығына күмән келтіретін өзге де мән-жайлар болса оның Сот жюриінің отырысына қатысуға құқығы жоқ.
      Сот жюриінің кез келген мүшесі материалдарды қараудан дәлелді түрде өздігінен бас тартатындығы туралы мәлімдей алады.
      22. Қарсылық білдіру немесе өздігінен бас тарту туралы мәселені Сот жюриінің мүшелері өзіне қатысты қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) мәлімделген адамның қатысуынсыз көпшілік дауыспен шешеді.
      Мәлімделген қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) бойынша дауыс берудің нәтижелері отырыс хаттамасында көрсетіледі.
      23. Кворумның болмауына әкеп соғатын қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) қанағаттандырылған жағдайда Сот жюриінің отырысы кейінге қалдырылады, бұл туралы өзіне қатысты материалдар қаралып жатқан судья хабардар етіледі.
      Бұл жағдайда Сот жюриінің құрамы Сот жюриінің басқа немесе қосалқы мүшесімен алмастырылады.
      24. Өзіне қатысты материалдар қаралып жатқан судьяның материалдарды зерттеуге қатысуға, мәнісі бойынша түсініктемелер беруге, қосымша материалдарды ұсынуға, өтініш мәлімдеуге құқығы бар.
      25. Қажетті жағдайларда Сот жюриінің отырысына түсініктемелер беру үшін судья жұмыс істейтін соттың төрағасы не сот алқасының төрағасы, сондай-ақ басқа адамдар шақырылуы мүмкін.
      26. Сот жюриінің шешімі кеңесу бөлмесінде, оған қандай да бір ықпал ету мүмкіндігі болмайтындай жағдайда көпшілік дауыспен қабылданады. Шешім қабылдау кезінде кеңесу бөлмесінде Сот жюриінің мүшелері ғана бола алады. Сот жюриі мүшесі дауыс беруден қалыс қалуға құқылы емес. Дауыстар тең түскен жағдайда өзіне қатысты материалдар қаралып отырған судьяның жағдайын жақсартатын шешім қабылданды деп есептеледі.
      Кеңесу бөлмесінің құпиясы барлық жағдайларда қамтамасыз етілуге тиіс.
      27. Шешім жазбаша нысанда әзірленеді және оған істі немесе материалдарды қарауға қатысқан Сот жюриі мүшелерінің барлығы қол қояды.
      28. Сот жюриінің отырысында хаттама жүргізіледі. Хаттамаға отырысқа төрағалық етуші және Сот жюриінің хатшысы қол қояды.
      29. Судьяның атқарып отырған қызметіне кәсіби жарамсыздығына байланысты сәйкес еместігі туралы, оны тәртіптік теріс қылық жасағаны немесе «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 28-бабында көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін судья қызметінен босатудың қажеттілігі туралы, судьяның орнынан түсу құқығын растау және орнынан түсуді тоқтату туралы Сот жюриінің шешімі кейін Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесіне ұсынуы үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына жіберіледі.

4. Судьяның кәсіби жарамдылығын айқындау туралы материалдарды
қарау негіздері мен тәртібі

      30. Судьяның кәсіби жарамдылығын айқындау туралы материалдарды Сот жюриінде қарау үшін облыстық соттың немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысының сот төрелігін жүзеге асыру сапасы төмен немесе сот істерін қарау кезінде заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген судьяға қатысты материалдары негіз болып табылады.
      31. Кәсіби біліктілігі күмән туғызатын судьяға қатысты материалдарды қараудың нәтижелері бойынша Сот жюриі мынадай шешімдердің бірін шығарады:
      1) судьяның атқарып отырған қызметіне сәйкестігі туралы;
      2) судьяның кәсіби біліктілігін арттыру жөнінде қажетті шаралар қабылдау туралы (судьяны оқуға жіберу, судьяға тәлімгерлік белгілеу, жоғары тұрған сотта тағылымдама ұйымдастыру және басқалар);
      3) судьяның атқарып отырған қызметіне кәсіби жарамсыздығына байланысты сәйкес келмейтіндігі туралы.
      32. Сот жюриінің шешімі:
      1) Сот жюриінің құрамы;
      2) материалдарды қарау орны және уақыты;
      3) өзіне қатысты материалдар қаралған судья;
      4) материалдарды Сот жюриіне жіберген сот;
      5) материалдарды Сот жюриіне жіберуге негіз болған мән-жайлар;
      6) өзіне қатысты материалдар қаралған судьяның түсініктемелері;
      7) Сот жюриінің отырысына шақырылған басқа адамдардың түсініктемелері;
      8) қабылданған шешімнің негіздемелері көрсетілген Сот жюриінің тұжырымдары туралы деректерді қамтуға тиіс.
      33. Шешімнің көшірмесі шығарылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде өзіне қатысты материалдар қаралған судьяға, сондай-ақ материалдарды берген сотқа жіберіледі.
      34. Жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби жарамдылығын айқындау туралы материалдар олар Сот жюриіне түскен күннен бастап екі ай мерзімде қаралуға тиіс. Қажет болған жағдайда бұл мерзімді Сот жюриінің төрағасы ұзартуы мүмкін, бірақ бір айдан аспауы керек.

5. Тәртіптік іс жүргізуді қозғаудың және тәртіптік істі
қараудың негіздері және тәртібі

      35. Судьялар Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 39-бабында көзделген негіздер бойынша ғана тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
      36. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқаларының төрағаларына, судьяларына, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағаларына қатысты тәртіптік іс жүргізу Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы бойынша қозғалуы мүмкін.
      Облыстық соттардың судьяларына, аудандық соттардың төрағалары мен судьяларына қатысты тәртіптік іс жүргізу облыстық соттың немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасының ұсынуы бойынша қозғалуы мүмкін.
      37. Судьяның тәртіптік теріс қылығын дәлелдеу бойынша міндет өтініш берген адамға жүктеледі. Бұл ретте судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы мәселені шешу, тәртіптік істі қарау кезінде оған осы адамның немесе оның өкілінің қатысуы жоққа шығарылмайды.
      38. Судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізу, қызметтік тексеру мен судьяның дәлелді себептермен жұмыста болмаған уақытын есепке алмағанда, теріс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей және теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей қозғалуы мүмкін.
      39. Тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы немесе тәртіптік іс жүргізуді қозғау үшін негіздердің жоқтығы туралы шешім қаулы нысанында жазылады, оған Сот жюриінің барлық мүшелері қол қояды.
      40. Сот жюриі тәртіптік істі қараудың нәтижесінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 40-бабының 1-тармағында көзделген тәртіптік жазаны қолдану;
      2) тәртіптік іс жүргізуді тоқтату туралы.
      41. Тәртіптік іс:
      1) тәртіптік жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткен;
      2) тәртіптік іс негізсіз қозғалған;
      3) судьяның әрекетінде тәртіптік теріс қылық болмаған;
      4) тәртіптік істі қозғау үшін шығарылуы негіз болған сот актісінің күшін қадағалаушы инстанция жойған;
      5) судьяның өкілеттігі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңның 34-бабы 1-тармағының 4)-7) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тоқтатылған жағдайларда тоқтатылады.
      42. Тәртіптік іс ол қозғалған күннен бастап екі ай мерзім ішінде қаралуға тиіс.

6. Тәртіптік жазаның күшінде болу мерзімі және оны алудың
тәртібі

      43. Тәртіптік жаза ол қолданылған күннен бастап бір жыл бойы күшінде болады. Егер жаза қолданылған күннен бастап бір жыл бойына судья жаңа тәртіптік жазаға ұшырамаса, онда ол тәртіптік жазаға ұшырамаған болып есептеледі.
      Судьяға бірнеше жаза берілген жағдайда, ол уақыты бойынша соңғы жаза берілген күннен бастап бір жыл мерзім өткенге дейін жазаға тартылған болып есептеледі.
      44. Тәртіптік жаза берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін Сот жюриі судьяның тәртібі мінсіз болып, өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарған жағдайда судьяның қолдаухаты бойынша жазаны мерзімінен бұрын алуы мүмкін.

7. Сот жюриі шешімдерінің күшін жою және оларды қайта қарау

      45. Сот жюриінің шешімі шағымдануға жатпайды.
      46. Сот жюриінің шешімі Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы қабылдағанға дейін оны шығару кезінде белгілі болмаған жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.
      47. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны қызметінен босатуға ұсыным беруден бас тартуы Сот жюриінің өз шешімінің күшін жоюына және оны қайта қарауына негіз болып табылады.
      48. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны қызметінен босатуға ұсыныс беруден бас тарту туралы хаттамалық шешімнің негізінде Сот жюриі осы Ережеде белгіленген тәртіп пен мерзімде материалдарды қайта қарауды тағайындай отырып, он жұмыс күні ішінде Сот жюриі шешімінің күшін жою туралы қаулы шығарады.

8. Судьяның орнынан түсу құқығын растау және орнынан түсуді
тоқтату туралы мәселені қараудың негіздері мен тәртібі

      49. Судьяның орнынан түсу құқығын растау туралы мәселені қарауды Сот жюриі судьяның жазбаша арызының негізінде жүзеге асырады. Арызға судья беделінің мінсіз екенін растайтын құжаттар қоса тіркелуге тиіс.
      50. Орнынан түсу құқығын растау туралы арыз материалдар қарауға түскен кезден бастап екі апталық мерзім ішінде қаралып, тиісті қорытынды шығарылуға тиіс.
      51. Орнынан түсу құқығын іске асыру шарттарының жоқтығы туралы Сот жюриінің шешімі судьяны қызметінен орнынан түсу нысанында босатудан бас тартуға негіз болады.
      52. Судьяның орнынан түсуі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңның 35-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылады.
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, облыстық соттардың төрағалары, сондай-ақ өз арызы бойынша судья Сот жюриіне орнынан түсуді тоқтату туралы ұсыныс жасай алады.
      Сот жюриінің орнынан түсу құқығын іске асыру шарттарының жоқтығы туралы шешімі шағымдануға жатпайды.

9. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы
Біліктілік комиссиясына судьяларды жіберу тәртібі

      53. Сот жюриі өз құрамынан үш судьяны алмастырушылық негізде екі жыл мерзімге Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясына жібереді.
      Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясына жіберу үшін кандидаттарды Сот жюриінің төрағасы ұсынады.
      54. Сот жюриінің жіберу туралы шешімі Сот жюриінің отырысында дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған Сот жюриінің дауыс беруге қатысқан мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе қабылданды деп есептеледі, сондай-ақ шешімге Сот жюриінің төрағасы қол қояды.
      Шешімнің көшірмесі үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесіне жіберіледі.
      55. Сот жюриінің шешімінде:
      1) Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясына судьяларды жіберу туралы мәселені қарау кезінде Сот жюриінің құрамы;
      2) судьяларды жіберу туралы мәселенің қаралған орны мен уақыты;
      3) жіберілетін судьялардың аты, әкесінің аты, тегі, лауазымдары туралы деректер қамтылуға тиіс.

10. Сот жюриінің жұмысын ұйымдастыру

      56. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы Сот жюриінің қызметін ұйымдастырудың және оның отырыстарын өткізу шарттары мен тәртібінің, сондай-ақ оның мүшелерінің өкілеттіктерін жүзеге асыруының өзге де мәселелері бойынша Сот жюриінің регламентін бекітеді.
      57. Сот жюриінің қызметін қамтамасыз етуді Сот жюриінің жұмыс органы болып табылатын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң     
2001 жылғы 26 маусымдағы
N 643 Жарлығымен    
БЕКIТIЛГЕН       

Судьялардың республикалық және облыстық
тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже алып тасталды - ҚР Президентінің 2012.05.18 N 329 Жарлығымен.

Қазақстан Республикасы  
Президентiнiң      
2001 жылғы 26 маусымдағы 
N 643 Жарлығымен     
БЕКIТIЛГЕН        

Қазақстан Республикасы судьяларының бiлiктiлiк
сыныптары туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже алып тасталды - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен.

Қазақстан Республикасы
Президентінің     
2001 жылғы 26 маусымдағы
№ 643 Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН     

Қазақстан Республикасының судьяларына куәліктерді беру
ҚАҒИДАЛАРЫ

      Ескерту. Жарлық қағидалармен толықтырылды - ҚР Президентінің 2012.05.18 N 329 Жарлығымен.

      1. Осы Қағидалар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Қазақстан Республикасының судьяларына куәліктерді берудің шарттары мен тәртібін айқындайды.
      2. Қазақстан Республикасы судьясының куәлігі (бұдан әрі - куәлік) оның атқаратын лауазымын растайтын ресми құжат болып табылады.
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына, сот алқаларының төрағаларына және судьяларына куәлік екі жыл мерзімге беріледі және мерзімі өткеннен кейін атқаратын лауазымы сақталған кезде ұзартылуға жатады.
      Жергілікті және басқа да соттардың төрағаларына, сот алқаларының төрағаларына, судьяларына куәлік бес жыл мерзімге беріледі, оның мерзімі өткеннен кейін ауыстыруға жатады.
      3. Куәліктер:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің қолы қойылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына, сот алқаларының төрағаларына және судьяларына;
      2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының қолы қойылған - облыстық және оған теңестірілген соттар (бұдан әрі - облыстық соттар) төрағаларына, сот алқаларының төрағаларына және судьяларына, аудандық және оларға теңестірілген соттар (бұдан әрі - аудандық соттар) төрағаларына және судьяларына беріледі.
      4. Куәлік қызметтік емес мақсаттарға қолданылмауға тиіс.
      Судьялар куәліктің сақталуына дербес жауапты болады. Куәлікті өзге адамдарға беруге тыйым салынады.
      5. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасына, сот алқаларының төрағаларына және судьяларына куәлікті Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі береді.
      Облыстық соттардың төрағаларына куәлікті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы не сот алқасының төрағасы тапсырады.
      Облыстық соттардың сот алқаларының төрағаларына, аудандық соттардың төрағаларына және жергілікті және басқа соттардың судьяларына, лауазымына алғаш тағайындалған судьяларға куәлікті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының атынан облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары тапсырады.
      6. Куәлікті:
      1) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, сот алқаларының төрағалары және судьялары жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда оның иесі болған жағдай туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысына дереу жазбаша нысанда баяндайды;
      2) жергілікті және басқа да соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары, судьялары жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда оның иесі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа соттардың қызметін ұйымдастыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) дереу жазбаша нысанда хабарланады.
      Куәлікті жоғалтудың, бүлдірудің, басқа адамдарға берудің, оны қызметтік емес мақсатта қолданудың әрбір фактісі бойынша бір апта мерзімде қызметтік тексеріс жүргізіледі, оның нәтижесі бойынша кінәлілер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
      Жоғалған куәліктер жарамсыз деп жарияланады.
      7. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, сот алқаларының төрағалары мен судьялары атқаратын қызметінен босатылған кезде өз куәлігін уәкілетті органға тапсырады, кейіннен ол Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне беріледі.
      8. Жергілікті және басқа да соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары, судьялары атқаратын қызметінен босатылған кезде өз куәліктерін облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне тапсырады, кейіннен ол уәкілетті органға беріледі.