"Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген ережелердi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. 2001 жылғы 26 маусым N 643.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 29-бабының 4-тармағына, 38 және 38-1-баптарына, 43-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы етемін:

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен.

      1. Қоса берiлiп отырған:

      1) Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуi туралы ереже;

      1-1) Сот жюриi туралы ереже;

      2) алып тасталды - ҚР Президентінің 2012.05.18 N 329 Жарлығымен;

      3) алып тасталды - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен.

      4) алып тасталды – ҚР Президентінің 28.08.2017 № 535 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      5) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия туралы ереже.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2007.02.27 N 292, 2011.04.01 N 1177, 2012.05.18 N 329; 28.08.2017 № 535 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.04.2019 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.

      2. Мыналардың:

      1) "Қазақстан Республикасы соттарының судьяларын аттестациялау туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінiң 1996 жылғы 24 мамырдағы N 3004 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 22, 189-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасының соттары судьяларының бiлiктiлiк сыныптары туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 15 қазандағы N 3677 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1997 ж., N 45, 412-құжат);

      3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының тәртіптік алқасы, облыстық және оларға теңестірілген тәртіптік алқалар туралы Ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 12 қарашадағы N 3746 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 49, 453-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

  Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2001 жылғы 26 маусымдағы
№ 643 Жарлығымен
бекітілген

Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуi туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 05.04.2019 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң) сәйкес судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуінің шарттары мен тәртібін белгілейді.

      2. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуінің негізгі міндеттері жергілікті соттардағы жұмыстың ерекшеліктерін зерделеу, судья лауазымындағы жұмыс үшін қажетті практикалық және ұйымдастырушылық дағдыларды игеру болып табылады.

      Тағылымдамадан өту судьялыққа кандидаттың іскерлік, кәсіби және адамгершілік қасиеттерін зерделеу және оның судья өкілеттіктерін жүзеге асыру перспективасын айқындау мақсатында жүзеге асырылады.

      Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуі негізгі жұмыс орнынан қол үзе отырып, тұрақты негізде жүзеге асырылады.

      Тағылымдамадан өту кезеңінде судьялыққа кандидатқа еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі.

      Тағылымдамадан өту кезеңінде судьялыққа кандидатқа "Мемлекеттік бюджет есебiнен қамтылған барлық органдардың қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646қбп қаулысымен белгіленген бір жылға дейінгі еңбек өтілі бар аудандық және оған теңестірілген сот судьясы лауазымдық айлықақысының 70% мөлшерінде жалақының белгіленген сомасы төленеді.

      3. Бұрын кемінде бес жыл судья болып тұрақты жұмыс істеген және жұмыстан босатылған күнінен бастап төрт жылдың ішінде қайтадан судья лауазымына орналасуға ниет білдірген адамдардың тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясын (бұдан әрі – Сот төрелігі академиясы) аяқтаған адамдардың оқуды аяқтаған күнінен бастап төрт жыл ішінде тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.

      4. Тағылымдамадан өту мерзімі аудандық және оған теңестірілген сотта (бұдан әрі – аудандық сот) – он бір айды, облыстық және оған теңестірілген сотта (бұдан әрі – облыстық сот) - бір айды құрайды.

      Заң мамандығы бойынша кем дегенде он жыл жұмыс өтілі бар адамдар үшін тағылымдамадан өту мерзімі алты айды, оның ішінде аудандық сотта бес айды, облыстық сотта бір айды құрайды.

      Заң мамандығы бойынша он бес жылдан астам жұмыс өтілі бар адамдар үшін тағылымдамадан өту мерзімі үш айды, оның ішінде аудандық сотта екі айды, облыстық сотта бір айды құрайды.

      Судьялыққа кандидат ұзақтығы екі айдан артық еңбекке жарамсыз болған жағдайда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) басшысы тағылымдаманы тоқтатады.

      Осы Ереженің 26-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, судьялыққа кандидаттың өтініші бойынша уәкілетті органның басшысы белгілеген мерзім өткенге дейін тағылымдаманы тоқтатады.

      Кейіннен судьялыққа кандидат жалпы негіздерде тағылымдамадан өтуге жіберілуі мүмкін.

2. Судьялыққа кандидатқа қойылатын талаптар

      5. Тағылымдамадан өтуге:

      1) жиырма тоғыз жасқа толған;

      2) жоғары заң білімі бар, моральдық-адамгершілік қасиеттері жоғары, абыройы мінсіз, заң мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар;

      3) қолданылу мерзімі өтпеген (оның ішінде тағылымдаманың болжанып отырған мерзімі аяқталғанға дейінгі өтпеген) біліктілік емтиханын тапсырған;

      4) медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығы расталған Қазақстан Республикасының азаматы жіберіледі.

3. Тағылымдамадан өтудің шарттары мен тәртібі

      6. Жоғары Сот Кеңесінің аппараты уәкілетті органға судья лауазымына біліктілік емтиханын ойдағыдай тапсырған адамдардың тізімдерін жолдайды.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы уәкілетті орган басшысының ұсыныстары негізінде жергілікті соттарда тағылымдамадан өту үшін бос орындарды бөлуді жыл сайын жүзеге асырады.

      Тағылымдамадан өтуге арналған орындар облыста, астанада және республикалық маңызы бар қалаларда судьялардың болжанатын бос орындарының саны негізінде, бірақ әрбір облыс, астана және республикалық маңызы бар қалалары үшін кемінде үш орыннан бөлінеді.

      Судья лауазымына кандидаттар бос орындардың бөлінуіне сәйкес тағылымдамаға қабылданады.

      Тағылымдамадан өту судья лауазымына кандидаттың тұратын жері бойынша тіркелген облыс, астана және республикалық маңызы бар қалалар аумағындағы жергілікті соттарда жүзеге асырылады. Тұрғылықты жері бойынша тағылымдамадан өту үшін бос орындар болмаған жағдайда кандидат басқа облыс, астана және республикалық маңызы бар қалаларда бос орындар болған кезде тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтінішпен Тағылымдаманы өтуге адамдарды іріктеу жөніндегі комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) жүгінуге құқылы.

      7. Тағылымдамадан өту үшін құжаттарды қабылдау тоқсан сайын келесі тоқсандық айдың бірінші күнінен кейін жүргізіледі.

      Уәкілетті орган жергілікті соттарда тағылымдамадан өту үшін бос орындар туралы хабарламаны Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Жоғарғы Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің интернет-ресурстарында тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініштерді қабылдау басталғанға дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын мемлекеттік тілде және орыс тілінде жариялайды.

      8. Тағылымдамадан өтуге ниет білдірген адам Комиссияға тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтінішпен хабарлама жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде жүгінеді.

      Өтінішке мынадай құжаттар қоса тіркелуі тиіс:

      1) кадрларды есепке алу бойынша жеке парақ;

      2) өмірбаян;

      3) диплом мен оның қосымшасының көшірмелері;

      4) біліктілік емтиханын тапсырғанын растайтын құжаттың көшірмесі;

      5) соңғы жұмыс орнынан алынған қызметтік мінездеме;

      6) құжаттарды тапсырған күнге дейін берілгеніне бір жыл өтпеген, судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығын растайтын, медициналық куәландырудан өткені туралы құжат.

      Тағылымдамадан өтуге ниет білдірген адам құжаттарды толық ұсынбаған жағдайда кемшіліктерді жою үшін күнтізбелік он күн беріледі.

      9. Уәкілетті орган өтініштерді қабылдау аяқталған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш білдірген адамдар туралы мәліметті Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттен сұратады.

      Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш білдірген адамдарға қатысты ақпарат өтініштерді қабылдау аяқталған күнінен бастап Жоғарғы Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің интернет-ресурстарында жарияланады.

      Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берген адамның іскерлік және адамгершілік қасиеттерін сипаттайтын мәліметтер келіп түскен кезде оларға тексеру жүргізіледі, оның нәтижелері тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы мәселені шешу кезінде және жалпы отырыста тағылымдаманың қорытындысы қаралған кезде ескеріледі.

      10. Тағылымдамадан өтуге адамдарды іріктеуді уәкілетті органның және Жоғары Сот Кеңесі Аппаратының қызметкерлері қатарынан уәкілетті органның басшысы құратын Комиссия жүзеге асырады.

      Комиссияны құру және оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін Жоғары Сот Кеңесі Аппараты басшысының келісімімен уәкілетті органның басшысы айқындайды.

      11. Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтінішті қарау нәтижелері бойынша Комиссия мынадай шешімнің біреуін қабылдайды:

      1) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру;

      2) тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден бас тарту.

      Тағылымдамадан өтуге жіберілген адамдар туралы мәліметтер облыстық соттарға жолданады және Жоғарғы Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің интернет-ресурстарында жарияланады.

      12. Облыстық соттың төрағасы осы Ереженің 11-тармағы 1) тармақшасының негізінде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік мамандандыру бойынша тағылымдамадан міндетті түрде өту үшін өкіммен аудандық сотты не мамандандыру болған жағдайда – аудандық соттарды белгілейді.

      Облыстық сот төрағасының өкімімен тағылымдама үйлестірушісі – облыстық соттың судьясы (бұдан әрі – тағылымдама үйлестірушісі) тағайындалады, оған тағылымдамадан өту бойынша жалпы үйлестіру мен бақылау жүктеледі.

      13. Уәкілетті органның басшысы, судьялыққа кандидат және оның жұмыс берушісі арасында тағылымдамадан өту туралы келісім жасалады.

      Егер судьялыққа кандидат еңбек қатынастарында болмаса, тағылымдамадан өту туралы келісім уәкілетті органның басшысы мен судьялыққа кандидат арасында жасалады.

      Тағылымдамадан өту туралы келісімде:

      1) тараптардың атауы;

      2) тараптардың құқықтары мен міндеттері, оның ішінде судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтудің алдында орналасуға ниет білдірген соттардағы судьялардың бос лауазымдарына арналған конкурсқа жалпы отырыстың оң қорытындысының қолданысы кезеңінде қатысу және тиісті бос лауазымдарға конкурсқа қатысудан бас тартқан жағдайда, оған жұмсалған мемлекеттік қаражатты қайтару міндеті;

      3) тағылымдамадан өту орны;

      4) тағылымдамадан өту шарттары мен тәртібі қамтылуы тиіс.

      Тағылымдамадан өту туралы үлгі келісімді уәкілетті орган бекітеді.

      14. Судьялыққа кандидатқа тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден:

      1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;

      2) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берер алдындағы үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін қызметтен шығарылған;

      3) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берер алдындағы үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;

      4) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      5) соттылықтың болуы;

      6) қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      7) судья лауазымынан, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан және соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қызметтен шығарылған;

      8) адамның моральдық-әдептілік бейнесін теріс жағынан сипаттайтын нақты мәліметтер болған;

      9) медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын ауруы болған;

      10) Ереженің 8-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбаған немесе дұрыс емес деректер ұсынған;

      11) Конституциялық заңда белгіленген судьялыққа кандидаттарға қойылатын өзге де талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда бас тартылады.

      15. Тағылымдамадан өту судьялыққа кандидаттың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекіткен Судьялыққа кандидаттардың тағылымдамадан өтуінің үлгі бағдарламасына сәйкес жасалған тағылымдамадан өтудің жеке жоспарына енгізілген іс-шараларды орындауын қамтиды.

      16. Жеке жоспарды тиісті аудандық сот төрағасының және тағылымдама үйлестірушісінің келісімі бойынша облыстық соттың төрағасы бекітеді.

      Жеке жоспарға кейін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, ол туралы судьялыққа кандидат үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.

      17. Судьялыққа кандидат аудандық сотқа келген кезде сот төрағасы судьялардың арасынан тағылымдама жетекшісін – аудандық соттың судьясын (бұдан әрі – тағылымдама жетекшісі) не осы соттың ішінде мамандандыру бар болған кезде тағылымдама жетекшілерін тағайындайды. Тағылымдама жетекшісі болып кемінде 5 жыл судьялық жұмыс өтілі бар судья тағайындалады. Аталған сотта көрсетілген талапқа сәйкес келетін судья болмаған жағдайда, одан аз судьялық жұмыс өтілі бар судьяны тағылымдама жетекшісі етіп тағайындауға болады.

      Облыстық сотта тағылымдамадан өткен кезде облыстық сот төрағасы тағылымдама жетекшісін облыстық сот судьяларының арасынан тағайындайды.

      Тағылымдама жетекшісі:

      1) қажетті жұмыс көлемін белгілейді;

      2) судьялыққа кандидатқа кәсіби білім деңгейін арттыруға және тәжірибелік дағдыларды алуға көмек көрсетеді;

      3) тағылымдамадан өтудің жеке жоспарының орындалуын қамтамасыз етеді.

      18. Судьялыққа кандидат сотта тағылымдамадан өткен кезде судья консультантының (көмекшісінің) мынадай функцияларын орындайды:

      1) судьяның өкілеттігін орындауға қажетті құқықтық ақпарат іздеуді, нормативтік құқықтық актілерді, сот практикасының материалдарын іріктеуді жүзеге асырады;

      2) судьяның іс жүргізуіндегі істер туралы ақпаратты әзірлейді;

      3) істерді сот талқылауына әзірлеу бойынша іс-әрекеттерді жүзеге асырады;

      4) процестік құжаттардың жобаларын әзірлейді;

      5) судьяның қарауына келіп түскен азаматтық сот ісін жүргізу шеңберіндегі арыздарды (талап қою арыздарын) зерделеуге, қылмыстық іс жүргізу шеңберіндегі істерді (материалдарды), шағымдарды, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер мен олар бойынша шағымдарды зерделеуге қатысады;

      6) Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында көзделген іс-әрекеттер жасау туралы судьяға ұсыныстар береді;

      7) істерді қараудың процестік мерзімдерінің сақталуына мониторингті жүзеге асырады;

      8) судьяның іс жүргізуіндегі істер бойынша өтініштер мен сұрау салуларға жауап жобаларын әзірлейді;

      9) тағылымдамадан өту міндеттерінен туындайтын өзге де функцияларды орындайды.

      19. Тағылымдамадан өту туралы келісім сақталмаған жағдайда, сондай-ақ осы Ереженің 26-тармағында көзделген жағдайларда тағылымдама үйлестірушісі дербес не тағылымдама жетекшісінің ұсынымы негізінде тағылымдаманың қорытындысы жөнінде теріс қорытынды беру туралы ұсынымды жалпы отырыстың қарауына мерзімінен бұрын енгізеді.

      20. Аудандық соттарда тағылымдамадан өту аяқталғаннан кейін және тағылымдамадан өту қорытындылары бойынша судьялыққа кандидат жазбаша есеп жасайды, онда судьялыққа кандидаттың жеке жоспарды және тағылымдама жетекшісінің тапсырмаларын орындауы туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс. Жазбаша есепке тағылымдамадан өту кезеңінде судьялыққа кандидат жасаған процестік құжаттардың жобалары қоса тіркелуі тиіс.

      Судьялыққа кандидаттың жазбаша есебін тағылымдама үйлестірушісі қарайды.

      Тағылымдамадан өту қорытындысы бойынша тағылымдама жетекшілері судьялыққа кандидатқа пікір жазады. Тағылымдамадан өту жүзеге асырылған соттардың төрағалары пікірлерді бекітеді. Пікірде судьялыққа кандидаттың алған тәжірибелік дағдылары мен білімі, процестік құжаттардың жобаларын жасау сапасы, судья міндеттерін жүзеге асыруға дайындық дәрежесі, еңбек және орындаушылық тәртібін сақтауы, судьялыққа кандидаттың іскерлік және адамгершілік қасиеттері туралы мәліметтер қамтылуы тиіс.

      Тағылымдама жетекшілері судьялыққа кандидатқа арналған пікірді, тағылымдамадан өтудің жеке жоспарын, оның орындалғаны туралы нәтижелермен бірге және судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту қорытындылары туралы жазбаша есебін тағылымдама үйлестірушісінің қарауына ұсынады.

      Тағылымдама қорытындысы және оларды қарау нәтижелері бойынша тағылымдама үйлестірушісі тағылымдаманы өтудің барлық кезеңдерінің нәтижесіне негізделген ұсынуды күнтізбелік он бес күн ішінде енгізеді, ол тағылымдаманың басқа да материалдарымен бірге облыстық соттың жалпы отырысының қарауына енгізіледі.

4. Тағылымдаманың қорытындыларын қарау

      21. Тағылымдама үйлестірушісі ұсыным енгізгеннен кейін бір айдан кешіктірмей жалпы отырыс судьялыққа кандидаттың есебін тыңдай отырып, тағылымдама қорытындыларын қарайды.

      22. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамасының қорытындыларын қарау нәтижелері бойынша жалпы отырыс тағылымдама қорытындылары туралы оң немесе теріс қорытынды береді, ол көпшілік дауыспен қабылданады және төрағалық етуші оған қол қояды.

      23. Тағылымдама нәтижелері туралы жалпы отырыстың қорытындысында мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      1) қорытынды шығарылған күні мен орны;

      2) судьялыққа кандидатқа қатысты ұсыныс енгізген тағылымдама үйлестірушісінің тегі, аты және әкесінің аты;

      3) судьялыққа кандидаттың тегі, аты және әкесінің аты, туған жылы, күні, айы, тұрғылықты жері, тағылымдамадан өту кезеңіндегі жұмыс орны;

      4) тағылымдамадан өткен соттардың атауы мен тағылымдамадан өту кезеңі;

      5) тағылымдама жетекшілерінің тегі, аты және әкесінің аты;

      6) тағылымдамадан өту кезінде орындалған жұмыс көлемінің қысқаша сипаттамасы;

      7) судьялыққа кандидаттың дайындық деңгейінің, көрсеткен қасиеттерінің сипаттамасы және оны сипаттайтын басқа да деректер;

      8) судья лауазымында жұмыс істеуге кәсіби, жеке-психологиялық және адамгершілік қасиеттері бойынша жарамдылығы туралы қорытынды;

      9) жалпы отырыстың дауыс беру қорытындылары;

      10) облыстық сот төрағасының қолы.

      24. Судья лауазымына кандидат тағылымдамасының нәтижелері туралы жалпы отырыстың қорытындысын облыстық сот Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесіне жібереді.

      25. Тағылымдама қорытындылары туралы жалпы отырыстың оң қорытындысы төрт жыл бойы жарамды болады.

      26. Жалпы отырыс тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытындыны мынадай:

      1) судьялыққа кандидат Конституциялық заңда белгіленген, судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келмеген;

      2) теріс қылық жасаған;

      3) судьялыққа кандидаттың моральдық-әдептілік бейнесін теріс жағынан сипаттайтын мәліметтер болған;

      4) тағылымдамадан өту туралы келісімде белгіленген талаптарды сақтау бойынша міндеттерді орындамаған;

      5) медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулары болған;

      6) судья лауазымынан, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан және соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қызметтен шығарылған жағдайларда береді.

      27. Тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытынды алған жағдайда судьялыққа кандидат қайтадан тағылымдамадан өтуге оны алған күнінен бастап бір жыл өткеннен кейін жалпы негіздер бойынша жіберіледі.

      Осы Ереженің 26-тармағының 5) тармақшасында көзделген негіздер бойынша тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытынды алған жағдайда, медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын ауруларының жоқтығы жөнінде кейіннен расталған жағдайларды қоспағанда, судьялыққа кандидат қайтадан тағылымдамадан өтуге жіберілмейді.


  Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2001 жылғы 26 маусымдағы
N 643 Жарлығымен
БЕКIТIЛГЕН

Сот жюриі туралы ереже

      Ескерту. Жарлық ережемен толықтырылды - ҚР Президентінің 2007.02.27 N 292 Жарлығымен, жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 22.02.2016 № 201 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Сот жюриі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң) сәйкес әзірленді және Сот жюриін қалыптастыру мен оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Сот жюриі жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби қызметін бағалау, судьяның орнынан түсу құқығын және оны тоқтатуды растау, сондай-ақ судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуді, тәртіптік істерді қозғау туралы мәселені қарау үшін құрылады.

      3. Сот жюриінің мүшелері өз қызметінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасының Конституциясын, Конституциялық заңды және осы Ережені ғана басшылыққа алады.

      4. Сот жюриінің қызметіне араласуға және оның мүшелеріне ықпал етуге жол берілмейді. Сот жюриінің мүшесі өзінің іс жүргізуіндегі материалдар, қабылданған шешімдер бойынша қандай да бір ақпарат беруге құқылы емес.

2. Сот жюриін қалыптастыру тәртібі

      5. Сот жюриінің құрамын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы жасырын дауыс беру арқылы балама негізде үш жыл мерзімге сайлайды.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Сот жюриінің құрамына жергілікті соттардың жұмыс істеп жүрген судьяларының қатарынан кандидатураларды облыстық және оған теңестірілген соттардың (бұдан әрі – облыстық сот) жалпы отырыстары ұсынымдарының негізінде енгізеді.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жұмыс істеп жүрген судьялары мен орнынан түскен судьяларды Сот жюриінің құрамына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсынады.

      6. Сот жюриінің құрамына ұсынылатын судьялардың кәсіби деңгейі жоғары, жеке беделі мінсіз, қағидатшыл, судьялар қауымы арасында беделді және кемінде он жыл судьялық жұмыс өтілі болуға тиіс.

      7. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Судья әдебі жөніндегі комиссияның судья-мүшелері, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің судья және орнынан түскен судья-мүшелері Сот жюриінің құрамына сайлана алмайды.

      8. Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньге барлық ұсынылған кандидатуралар енгізіледі. Басқа кандидаттарға қарағанда ең көп дауыс алған кандидат сайланды деп есептеледі.

      9. Жиналған дауыстар саны бойынша сайланған адамнан кейін тұрған кандидат Сот жюриінің запастағы мүшесі болып есептеледі және кворумның болмауына әкеп соғатын Сот жюриінің мүшелеріне қарсылық білдірілген немесе олар өздігінен бас тартқан жағдайда Сот жюриі мүшесінің міндетін атқарады, сондай-ақ Сот жюриі мүшелерінің біреуі шығып қалған жағдайда өкілеттіктердің қалған мерзімінде Сот жюриі мүшесінің міндетін атқаруға кіріседі.

      Егер Сот жюриінің мүшесі шығып қалған кезде запастағы мүшелерінің резерві таусылса немесе тиісті сот сатысы бойынша Сот жюриінің запастағы мүшесі болып есептелетін судья басқа сот сатысының судьясы болып тағайындалса, осы Ережеде белгіленген тәртіппен қалған мерзімге қосымша сайлау өткізіледі.

      10. Сот жюриі біліктілік комиссиясынан және тәртіптік комиссиядан тұрады.

      Сот жюриінің біліктілік комиссиясы жеті мүшеден – облыстық соттардың екі судьясынан, Жоғарғы Соттың екі судьясынан және орнынан түскен үш судьядан тұрады.

      Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы тоғыз мүшеден – аудандық және оған теңестірілген соттардың (бұдан әрі – аудандық сот) үш судьясынан, облыстық соттардың үш судьясынан және Жоғарғы Соттың үш судьясынан тұрады.

      11. Сот жюриінің біліктілік комиссиясы судьяның кәсіби қызметін бағалауды жүзеге асырады.

      Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы судьяның орнынан түсу құқығын растау және оны тоқтату мәселелерін, сондай-ақ судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы мәселелерді және тәртіптік істерді қарайды.

      12. Ұйымдастыру отырысында Сот жюриі құрамы өзінің мүшелерінің қатарынан көпшілік дауыспен Сот жюриінің төрағасын және комиссияларының құрамын сайлайды.

      Сот жюриінің мүшесі бір уақытта екі комиссияның мүшесі бола алмайды.

      Әрбір комиссия құрамы көпшілік дауыспен өз мүшелерінің қатарынан хатшыны сайлайды.

      13. Сот жюриінің төрағасы:

      1) Сот жюриіне жалпы басшылықты қамтамасыз етеді;

      2) Сот жюриі комиссияларының отырыстарын шақырады және Сот жюриі комиссияларының отырыстарында төрағалық етеді;

      3) Сот жюриі комиссиялары отырысының күн тәртібін бекітеді;

      4) Сот жюриі комиссияларының шешімдері мен хаттамаларына қол қояды;

      5) Сот жюриі комиссияларының отырыстарында қарау үшін шығарылатын мәселелерді айқындайды;

      6) Сот жюриі комиссияларының жұмысын талдау жасауды және практикасын жинақтап-қорытуды ұйымдастырады;

      7) Сот жюриінің атқарған жұмысы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысында ұсынады;

      8) мемлекеттік, қоғамдық және өзге де органдармен, ұйымдармен және лауазымды адамдармен қатынастарда Сот жюриінің атынан өкілдік етеді;

      9) осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      14. Сот жюриінің төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның тапсыруы бойынша төрағаның міндеттерін Сот жюриінің тиісті комиссиясы мүшелерінің бірі атқарады.

      15. Сот жюриінің отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі.

      Сот жюриі біліктілік және тәртіптік комиссияларының отырыстары әрбір комиссия құрамының үштен екі бөлігі қатысқан жағдайда заңды болады.

      Сот жюриінің төрағасы оның мүшелерінің біріне комиссия отырысына төрағалық етуді тапсыра алады.

      Сот жюриі жұмыс істеген уақытта оның мүшелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес отырыс өткізілетін жерге іссапарға жіберіледі және басқа міндеттерді атқарудан босатылады.

      16. Сот жюриі комиссия отырыстары мен тексерулерді тиісті өңірлерге барып өткізуге құқылы.

      17. Сот жюриі өз құрамынан үш судьяны, оның ішінде орнынан түскен судьяларды да, ротациялау негізінде екі жыл мерзімге Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясына жібереді.

      Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясына жіберу үшін кандидаттарды Сот жюриінің төрағасы ұсынады.

      18. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясына жіберу туралы Сот жюриінің шешімі оның отырысында дауыс беру арқылы қабылданады және Сот жюриінің дауыс беруге қатысқан мүшелерінің көпшілігі оған дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Жіберу туралы шешім үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесіне жіберіледі.

      19. Сот жюриі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысын өзінің қызметі туралы жыл сайын хабардар етіп отырады.

      20. Сот жюриі мүшесінің міндеттерін атқарудан босату үшін мыналар негіз болып табылады:

      1) Сот жюриінің құрамына кіретін судьяның қызметтен босатылуы, судьялық өкілеттіктерінің тоқтатылуы не тоқтатыла тұруы;

      2) Сот жюриі құрамына кіретін, орнынан түскен судья өкілеттіктерінің тоқтатылуы не тоқтатыла тұруы;

      3) Сот жюриі мүшесінің судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасауы;

      4) Сот жюриі мүшесінің сайланған мерзімінің аяқталуы;

      5) өз тілегі бойынша.

      Сот жюриінің мүшесі міндеттерін орындаудан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысының шешімімен босатылады.

3. Жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби қызметін
бағалау жөніндегі материалдарды қарау тәртібі

      21. Сот жюриінің біліктілік комиссиясы судьялар корпусының сапалық құрамын жақсарту, кәсіби біліктілігінің өсуін бағалау және ынталандыру, істерді қарау кезінде заңдылықты нығайтуға жауапкершілігін арттыру, азаматтардың құқықтары мен қоғамның мүдделерін қорғау мақсатында жұмыс істеп жүрген судьялардың кәсіби қызметін бағалауды жүргізеді.

      Судьяның кәсіби қызметін бағалау судья лауазымындағы жұмысының бір жылдағы нәтижелері бойынша бірінші рет жүргізіледі. Кейіннен судьяның кәсіби қызметін бағалау әрбір бес жыл сайын, сондай-ақ жоғары тұрған сатыдағы судья лауазымына, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымдарына конкурсқа қатысу кезінде жүргізіледі.

      Жиырма және одан да көп жыл судьялық өтілі бар судьялар кәсіби қызметті мерзімді бағалаудан босатылады.

      22. Жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби қызметін бағалау оның судья лауазымында үздіксіз болған әрбір келесі бес жылы өткен сайын жүргізіледі. Бұл ретте кәсіби қызметті бағалау көрсетілген мерзім басталған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.

      23. Сот жюриінің біліктілік комиссиясына материалдарды:

      1) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты сот алқаларының төрағалары мен судьяларына, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағаларына қатысты – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының Төрағасы;

      2) облыстық соттардың судьяларына, аудандық соттардың төрағалары мен судьяларына қатысты – облыстық соттардың төрағалары ұсынады.

      Жоғары тұрған сатыдағы судья лауазымына, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымдарына конкурсқа қатысуға тілек білдірген судья өзі Сот жюриінің біліктілік комиссиясына материалдарды ұсынады.

      24. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, облыстық соттардың төрағалары – кәсіби қызметі бағалануға жататын судьяға, сондай-ақ жоғары тұрған сатыдағы судья лауазымына, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымдарына конкурсқа қатысуға тілек білдірген судья Сот жюриінің біліктілік комиссиясына:

      1) судьяның кәсіби, іскерлік және адамгершілік қасиеттеріне баға берілуге, оның судья әдебінің нормалары мен еңбек тәртібін сақтауы көрсетілуге тиіс қызметтік мінездемені;

      2) судья қараған істердің саны мен сапасы, істер санаттары, сот істерін қарау кезінде мерзімі мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі толық талдамалық анықтаманы;

      3) судьяның іс-әрекетіне түскен шағымдар мен олардың негізділігі туралы мәліметтерді ұсынады.

      Судья Сот жюриі біліктілік комиссиясының қарауына ұсынылған өзіне қатысты материалмен таныстырылуға тиіс.

      25. Сот жюриінің төрағасы нақты материалдар бойынша баяндамашыны және материалдарды қарау күнін белгілейді.

      Судьяның кәсіби қызметін бағалауды жүргізу басталғанға дейін Сот жюриінің біліктілік комиссиясы қажет болған кезде қосымша тексеру жүргізеді, оны Сот жюриінің төрағасы біліктілік комиссиясы мүшелерінің біріне тапсырады, қосымша құжаттар мен материалдар, оның ішінде қаралуы кезінде заң бұзуға жол берілген сот істері сұратылады.

      Жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби қызметін мерзімді бағалау кезінде біліктілік комиссиясы судьяның жұмысын сот отырысына қатысушылардың бағалауы бойынша талдау нәтижелерін қосымша сұратады.

      Судьяның жұмысына бағалау Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы белгілеген әдістеменің негізінде жүргізіледі.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 28.08.2017 № 535 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      26. Cот жюриі біліктілік комиссиясының қарауына келіп түскен материалдарды қабылдауды, кәсіби қызметі бағалануға жататын судьяға, сондай-ақ Сот жюриі біліктілік комиссиясының мүшелеріне отырыстың өткізілетін күні, уақыты және орны туралы хабарлауды Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырады.

      27. Біліктілік комиссиясының отырысында хаттама жүргізіледі, онда отырыстың уақыты мен орны, комиссия құрамы, бағаланатын судьяның тегі, аты-жөні мен лауазымы, комиссия қабылдаған шешім көрсетіледі.

      28. Біліктілік комиссиясының судьяның кәсіби қызметін бағалау жөніндегі отырысы қызметі бағаланатын судьяның міндетті түрде қатысуымен өткізіледі.

      29. Сот жюриінің біліктілік комиссиясы қызметі бағаланатын судьяның кәсіби білімін, жұмысының тәжірибесі мен сапасын ұсынылған құжаттардың және Сот жюриінің төрағасы бекітетін материалдық және процестік заңнама, cудья әдебі, соттар жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша білімін тексеру нәтижелерінің негізінде анықтайды.

      Қызметі бағаланатын судьяның адамгершілік қасиеттерін біліктілік комиссиясы оған қатысты ұсынылған материалдар мен оларды комиссия отырысына алдын ала дайындау нәтижесінде алынған деректер бойынша айқындайды.

      Судья жұмысының нәтижелері мынадай өлшемшарттардың негізінде қаралады:

      1) сот төрелігін іске асыру сапасының көрсеткіштері;

      2) судья әдебі нормалары мен еңбек тәртібін сақтауы.

      30. Сот жюриінің біліктілік комиссиясы жұмыс істеп жүрген судьялардың біліктілігін бағалау туралы материалдарды қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:

      1) атқаратын лауазымына сай деп тану;

      2) жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным жасау;

      3) жоғары тұрған лауазымға (жоғары тұрған сот сатысына) кадр резервіне қоюға ұсыным жасау;

      4) басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы;

      5) кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сай келмейді деп тану;

      6) жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным беруден бас тарту.

      Сот жюриі біліктілік комиссиясының осы тармақтың 2), 3) және 6) тармақшаларында көзделген шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

      Ескерту. 30-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 28.08.2017 № 535 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      31. Сот жюриінің біліктілік комиссиясының кәсіби қызметті мерзімді бағалаудың нәтижелері бойынша судьяны кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сай келмейді деп тану туралы шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының судьяны атқаратын қызметінен босату туралы ұсынуды Жоғары Сот Кеңесіне енгізуіне негіз болып табылады.

      Сот жюриінің біліктілік комиссиясының кәсіби қызметті мерзімді бағалаудың нәтижелері бойынша судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы ұсынуды, ал ауысудан бас тартқан жағдайда судьяны атқаратын қызметінен босату туралы ұсынуды Жоғары Сот Кеңесіне енгізуіне негіз болып табылады.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 28.08.2017 № 535 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      32. Сот жюриінің біліктілік комиссиясының шешімінде:

      1) Сот жюриі біліктілік комиссиясының құрамы;

      2) материалдарды қарау орны және уақыты;

      3) кәсіби қызметі бағаланатын судья;

      4) Сот жюриінің біліктілік комиссиясы отырысында материалды қарау негіздері;

      5) Сот жюриі біліктілік комиссиясының тұжырымдары туралы деректер қамтылуға тиіс.

      33. Сот жюриінің біліктілік комиссиясы шешімдерді қорытындылар мен хаттамалық шешім нысанында қабылдайды. Біліктілік комиссиясы мүшелерінің дауыс беруден қалыс қалуға құқығы жоқ. Шешім көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең түскен жағдайда өзіне қатысты материалдар қаралып отырған судьяның жағдайын жақсартатын шешім қабылданды деп есептеледі. Біліктілік комиссиясының мүшесі қабылданып отырған шешіммен келіспеген жағдайда ерекше пікірін жазбаша көрсетуге құқылы, ол біліктілік комиссиясы отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.

      Судьяны атқаратын лауазымына сай деп тану туралы шешім, жоғары тұрған сатыдағы судья, сот төрағасы, сот алқасының төрағасы лауазымына тағайындауға, жоғары тұрған лауазымға (жоғары тұрған сот сатысына) кадр резервіне қоюға ұсынымдар хаттамалық шешім нысанында ресімделеді.

      Хаттамаға отырыста төрағалық етуші мен біліктілік комиссиясының хатшысы қол қояды.

      Сот жюриі біліктілік комиссиясының жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына конкурсқа қатысуға ниет білдірген судьяның кәсіби қызметін бағалау туралы шешімі қабылданған күнінен бастап бір жыл ішінде жарамды болады.

      Судьяны кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын қызметіне сай келмейді деп тану туралы, басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы, жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным беруден бас тарту туралы шешім, қабылданған шешімнің негіздемесі көрсетіліп, қорытынды нысанында ресімделеді.

      Сот жюриі біліктілік комиссиясының судьяны кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын қызметіне сай келмейді деп тану туралы, басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы, жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным беруден бас тарту туралы қорытындысына материалды қарауға қатысқан Сот жюриі біліктілік комиссиясының барлық мүшелері қол қояды.

      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 28.08.2017 № 535 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      34. Сот жюриі біліктілік комиссиясының судья жұмысының бір жылдық мерзімі өткеннен кейінгі нәтижелері туралы шешімінің көшірмесі қарауға түскен материалмен бірге, сондай-ақ судьяны кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын қызметіне сай келмейді деп тану туралы, басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы шешімнің көшірмесі, кейіннен Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесіне ұсыну үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына жіберіледі.

      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 28.08.2017 № 535 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      35. Сот жюриінің біліктілік комиссиясы хаттамалық шешімінің көшірмесі тиісті облыстық сотқа жіберіледі. Сот жюриі біліктілік комиссиясының судьяны кәсіби жарамсыздығына байланысты атқаратын қызметіне сәйкес келмейді деп тану туралы, басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы, жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным беруден бас тарту туралы қорытындысының көшірмелері өзіне қатысты шешім қабылданған судьяға, сондай-ақ тиісті облыстық сотқа жіберіледі.

      Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 28.08.2017 № 535 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

4. Судьяның орнынан түсу құқығын растау және оны тоқтату
туралы, судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы
мәселелерді, тәртіптік істерді қарау тәртібі

      36. Судьяның орнынан түсу құқығын растау туралы мәселені қарауды Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы судьяның жазбаша арызының негізінде жүзеге асырады. Арызға судья беделінің мінсіз екенін растайтын құжаттар қоса берілуге тиіс.

      Судьяның арызы мен тиісті құжаттарды Сот жюриінің тәртіптік комиссиясына – аудандық соттың судьясына, төрағасына, облыстық соттың судьясына қатысты облыстық соттың төрағасы, облыстық соттың төрағасына, сот алқасының төрағасына, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясына, сот алқасының төрағасына қатысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсынады.

      37. Орнынан түсу құқығын растау туралы арыз материал түскен кезден бастап бір ай мерзім ішінде қаралып, тиісті шешім шығарылуға тиіс.

      38. Сот жюриі тәртіптік комиссиясының орнынан түсу құқығын растаудан бас тарту туралы шешімі судьяны қызметінен орнынан түсу нысанында босатудан бас тартуға негіз болады.

      39. Судьяның орнынан түсуі Конституциялық заңның 35-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылады.

      Сот жюриінің тәртіптік комиссиясына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, облыстық соттардың төрағалары судьяның орнынан түсуін тоқтату туралы ұсынумен, сондай-ақ судья орнынан түсуін тоқтату туралы арызымен жүгіне алады.

      40. Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы судьяның орнынан түсу құқығын растау туралы арызы бойынша материалды, сондай-ақ орнынан түсуді тоқтату туралы материалды қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:

      1) судьяның орнынан түсу құқығын растау туралы;

      2) судьяның орнынан түсу құқығын растаудан бас тарту туралы;

      3) судьяның орнынан түсуін тоқтату туралы;

      4) судьяның орнынан түсуін тоқтатудан бас тарту туралы.

      41. Судьялар Конституциялық заңда көзделген негіздер бойынша ғана тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

      42. Сот жюриінің тәртіптік комиссиясында судьяға қатысты материалдарды қарауға Жоғарғы Соттың немесе облыстық соттың жалпы отырысы төралқасының шешімі негіз болып табылады.

      Судьяның тәртіптік теріс қылық жасағанын дәлелдеу міндеті тиісті соттың жалпы отырысының төралқасына жүктеледі.

      Судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы мәселені, тәртіптік істі Сот жюриі тәртіптік комиссиясының отырысында қараған кезде оған тиісті соттың жалпы отырысы төралқасының өкілі қатыса алады.

      43. Аудандық соттың судьясына, төрағасына, облыстық соттың судьясына қатысты тәртіптік іс жүргізу облыстық соттың жалпы отырысы төралқасының тиісті шешімінің негізінде ұсынылған материал бойынша қозғалуы мүмкін.

      Аудандық соттың судьясына, төрағасына, облыстық соттың судьясына, сот алқасының төрағасына, төрағасына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясына, сот алқасының төрағасына қатысты тәртіптік іс жүргізу Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы төралқасының тиісті шешімінің негізінде ұсынылған материал бойынша қозғалуы мүмкін.

      44. Егер жеке және заңды тұлғалар судьяның іс-әрекеттеріне шағымданудың барлық қолда бар өзге тәсілдерін пайдаланған болса, олардың өтініштері судьяға қатысты материалдарды Сот жюриінің тәртіптік комиссиясында қарауға негіз болып табылады.

      Судьяның іс-әрекеттеріне шағымданудың қолда бар тәсілдері деп жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін соттардың жоғары тұрған лауазымды адамдарының, судьялар қауымдастығы органдарының заңда белгіленген тәртіппен қарауы түсініледі.

      Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша тексеруді Сот жюриінің мүшесі уәкілетті органмен бірлесіп жүргізеді.

      Ескерту. 44-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 28.08.2017 № 535 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      45. Судьяға қатысты тәртiптiк iс жүргізу жеке тұлғалардың өтініші бойынша тәртіптік іс жүргізуді қозғауды қоспағанда, қызметтiк тексеру мен судьяның дәлелдi себеппен жұмыста болмаған уақытын есепке алмағанда, терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей және терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктірiлмей қозғалуы мүмкiн.

      Жеке тұлғалардың өтініші бойынша судьяға қатысты тәртiптiк iс жүргізу, қызметтiк тексеру мен судьяның дәлелдi себеппен жұмыста болмаған уақытын есепке алмағанда, өтініш түскен күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қозғалуы мүмкiн.

      46. Сот жюриінің төрағасы нақты материалдар бойынша баяндамашыны және материалдарды қарау күнін белгілейді.

      Қосымша тексеру жүргізу қажет болған кезде түскен материалдарды қарау басталғанға дейін Сот жюриі Судья әдебі жөніндегі комиссиядан және соттардан құжаттар мен материалдарды, оның ішінде қаралуы кезінде заң бұзуға жол берілген сот істерін сұратып ала алады.

      47. Cот жюриі тәртіптік комиссиясының қарауына келіп түскен материалдарды қабылдауды, отырыстың өткізілетін күні, уақыты және орны туралы оған қатысты материалды қарау тағайындалған судьяға, сондай-ақ Сот жюриі тәртіптік комиссиясының мүшелеріне хабарлауды уәкілетті орган жүзеге асырады.

      48. Сот жюриі тәртіптік комиссиясының отырысында тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы мәселені және тәртіптік істі қарау өзіне қатысты материалдар қаралатын судьяның міндетті түрде қатысуымен өткізіледі.

      Өзіне қатысты материал қаралатын судья дәлелді себеппен келмеген жағдайда (науқастануы немесе Сот жюриі тәртіптік комиссиясының отырысына қатысуына объективті кедергі келтірген өзге де мән-жайлар) Сот жюриінің отырысы кейінге қалдырылады. Судья Сот жюриінің отырысына дәлелсіз себеппен келмеген кезде материалдарды қарау оның қатысуынсыз өткізіледі.

      49. Өзіне қатысты материалдар Сот жюриі тәртіптік комиссиясының қарауына берілген судья материалдарды қарау басталғанға дейін Сот жюриі тәртіптік комиссиясының мүшесіне (мүшелеріне) дәлелді қарсылық мәлімдей алады.

      Егер Сот жюриі тәртіптік комиссиясының мүшесі өзіне қатысты материалдар қаралған судьямен туыстық қатынаста болса не оның объективтілігі мен турашылдығына күмән келтіретін өзге де мән-жайлар болса, ол Сот жюриі тәртіптік комиссиясының отырысына қатыспайды.

      Сот жюриі тәртіптік комиссиясының кез келген мүшесі материалдарды қараудан дәлелді түрде өздігінен бас тартатындығы туралы мәлімдей алады.

      50. Қарсылық білдіру немесе өздігінен бас тарту туралы мәселені Сот жюриі тәртіптік комиссиясының мүшелері өзіне қатысты қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) мәлімделген адамның қатысуынсыз көпшілік дауыспен шешеді.

      Мәлімделген қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) бойынша дауыс берудің нәтижелері отырыс хаттамасында көрсетіледі.

      51. Кворумның болмауына әкелетін қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) қанағаттандырылған жағдайда Сот жюриі тәртіптік комиссиясының отырысы кейінге қалдырылады, бұл туралы өзіне қатысты материалдар қаралып жатқан судья хабардар етіледі.

      Бұл жағдайда Сот жюриі тәртіптік комиссиясының құрамы осы комиссияның басқа мүшесімен немесе Сот жюриінің запастағы мүшесімен алмастырылады.

      52. Өзіне қатысты мәселе қаралып жатқан судья материалдарды зерттеуге қатыса алады, мәні бойынша түсініктемелер беріп, қосымша материалдар ұсына алады, өтінішхат бере алады.

      53. Сот жюриі тәртіптік комиссиясының отырысына түсініктемелер беру үшін судья жұмыс істейтін соттың төрағасы не тиісті сот алқасының төрағасы, сондай-ақ басқа адамдар қажетті жағдайларда шақырылуы мүмкін.

      54. Сот жюриі тәртіптік комиссиясының шешімі кеңесу бөлмесінде, оның мүшелеріне қандай да бір ықпал ету мүмкіндігі болмайтындай жағдайда көпшілік дауыспен қабылданады. Шешім қабылдау кезінде кеңесу бөлмесінде Сот жюриі тәртіптік комиссиясының мүшелері ғана бола алады. Сот жюриі тәртіптік комиссиясының мүшесі дауыс беруден қалыс қалуға құқылы емес. Дауыстар тең түскен жағдайда, өзіне қатысты материалдар қаралып отырған судьяның жағдайын жақсартатын шешім қабылданды деп есептеледі.

      Кеңесу бөлмесінің құпиясы барлық жағдайларда қамтамасыз етілуге тиіс.

      55. Шешім жазбаша нысанда әзірленеді және оған істі немесе материалдарды қарауға қатысқан Сот жюриі тәртіптік комиссиясының барлық мүшелері қол қояды.

      56. Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы шешімдерді қаулы немесе шешім нысанында қабылдайды.

      Сот жюриі тәртіптік комиссиясының тәртіптік іс жүргізуді қозғау, тәртіптік іс жүргізуді қозғаудан бас тарту, тәртіптік істі қысқарту туралы шешімдері қаулы түрінде ресімделеді.

      Сот жюриі тәртіптік комиссиясының Конституциялық заңның 40-бабының 1-тармағында көзделген тәртіптік жазаны қолдану, судьяның орнынан түсу құқығын растау және оны тоқтату, сондай-ақ тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу мәселелері жөніндегі шешімдері шешім нысанында ресімделеді.

      57. Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы материалды қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:

      1) тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы;

      2) тәртіптік іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы.

      58. Судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы шешім мынадай жағдайларда:

      1) судьяның іс-әрекетінде тәртіптік теріс қылық болмағанда;

      2) Конституциялық заңның 42-бабының 1-тармағында белгіленген тәртiптiк іс жүргізуді қозғау мерзімдері өтіп кеткенде;

      3) оның жасаған тәртіптік теріс қылығы елеусіз болғанда, оның теріс салдары болмаса және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкелмесе, егер Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы судьяның іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) ауызша кінәлаумен шектелуге болады деген тұжырымға келсе, қабылданады.

      59. Тәртіптік істі қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірі шығарылады:

      1) Конституциялық заңның 40-бабының 1-тармағында көзделген тәртiптiк жазаны қолдану туралы;

      2) тәртiптiк iс жүргiзудi қысқарту туралы.

      60. Тәртіптік жазаны қолданған кезде жасалған тәртіптік теріс қылықтың сипаты, жасалуының мән-жайы мен салдары, тәртіптік теріс қылықты жасаған судья кінәсінің түрі, судьяның жеке басы және судьяның іс-әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) сот төрелігін жүзеге асыру қағидаттарының, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылу дәрежесі ескеріледі.

      61. Тәртіптік іс жүргізу:

      1) жоғары тұрған сот сатысы тәртіптік іс жүргізуді қозғау үшін негіз болған сот актісінің күшін жойғанда;

      2) судьяның өкілеттілігі Конституциялық заңның 34-бабы 1-тармағының 4), 6), 7) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тоқтатылған жағдайларда қысқартылады.

      62. Тәртіптік іс қозғалған күнінен бастап екі ай мерзім ішінде қаралуға тиіс.

      63. Тәртіптік жаза қолданылған күнінен бастап бір жыл бойы күшінде болады. Егер жаза қолданылған күннен бастап бір жыл бойына судья жаңа тәртіптік жазаға тартылмаса, онда ол тәртіптік жазаға тартылмаған деп есептеледі.

      Судьяға бірнеше жаза берілген жағдайда, ол уақыты бойынша соңғы жаза берілген күннен бастап бір жыл мерзім өткенге дейін жазаға тартылған болып есептеледі.

      64. Тәртіптік жаза берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін, Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы судьяның тәртібі мінсіз болып, өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарған кезде судьяның өтінішхаты бойынша жазаны мерзімінен бұрын алуы мүмкін.

      65. Сот жюриінің тәртіптік комиссиясына тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы өтінішхатты судьяның мінсіз тәртібі мен өзінің қызметтік міндеттерін адал атқаратыны туралы тиісті құжаттарды қоса тіркеп, аудандық соттың судьясына, төрағасына, облыстық соттың судьясына қатысты – облыстық соттың төрағасы, облыстық соттың төрағасына, сот алқасының төрағасына, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясына, сот алқасының төрағасына қатысты – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсынады.

      66. Тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы өтінішхат тиісті шешім шығарылып, материал қарауға түскен сәттен бастап бір ай мерзім ішінде қаралуға тиіс.

      67. Сот жюриі тәртіптік комиссиясының отырысында хаттама жүргізіледі. Хаттамаға отырыста төрағалық етуші мен тәртіптік комиссияның хатшысы қол қояды.

      68. Cот жюриінің тәртіптік комиссиясы шешімдерінің көшірмелері өзіне қатысты шешім қабылданған судьяға, сондай-ақ тиісті облыстық сотқа немесе Жоғарғы Сотқа жіберіледі.

      Судьяның тәртіптік теріс қылық жасағаны немесе Конституциялық заңның 28-бабында көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін судья қызметінен босатудың қажеттігі туралы, судьяның орнынан түсу құқығын растау және орнынан түсуді тоқтату туралы Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы шешімдерінің көшірмелері кейіннен Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесіне ұсынуы үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына жіберіледі.

5. Сот жюриі комиссиялары шешімдерінің күшін жою және қайта қарау

      69. Сот жюриі комиссиясының өзіне қатысты шешімі шығарылған судья шешімнің көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей Сот жюриінің тиісті комиссиясы арқылы Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесіне шағымдана алады.

      70. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны атқаратын лауазымынан босату туралы ұсыным беруден бас тартуы не Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің судьяға қандай да бір тәртіптік жаза қолданудың негізсіздігі туралы шешімі Сот жюриі тиісті комиссияларының шығарған шешімінің күшін жоюы және оны қайта қарауы үшін негіз болып табылады.

      71. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны қызметінен босатуға ұсыным беруден бас тартуы не Сот жюриі шешімінің негізсіздігі туралы шешімінің негізінде Сот жюриі осы Ережеде белгіленген тәртіп пен мерзімде материалдарды қайта қарауды тағайындай отырып, Сот жюриі шешімінің күшін жою туралы он жұмыс күні ішінде қаулы шығарады.

6. Сот жюриінің жұмысын ұйымдастыру

      72. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы Сот жюриінің қызметін ұйымдастырудың және оның отырыстарын өткізудің шарттары мен тәртібінің, сондай-ақ оның мүшелерінің өкілеттіктерін жүзеге асыруының өзге де мәселелері бойынша Сот жюриінің регламентін бекітеді.

      73. Сот жюриінің қызметін ұйымдық, ақпараттық-талдамалық және өзге де қамтамасыз етуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

  Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2001 жылғы 26 маусымдағы
N 643 Жарлығымен
БЕКIТIЛГЕН

Судьялардың республикалық және облыстық
тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже алып тасталды - ҚР Президентінің 2012.05.18 N 329 Жарлығымен.

  Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2001 жылғы 26 маусымдағы
N 643 Жарлығымен
БЕКIТIЛГЕН

Қазақстан Республикасы судьяларының бiлiктiлiк
сыныптары туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже алып тасталды - ҚР Президентінің 2011.04.01 N 1177 Жарлығымен.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2001 жылғы 26 маусымдағы
№ 643 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының судьяларына куәліктерді беру
ҚАҒИДАЛАРЫ

      Ескерту. Жарлық қағидалармен толықтырылды - ҚР Президентінің 2012.05.18 N 329; алып тасталды – ҚР Президентінің 28.08.2017 № 535 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2001 жылғы 26 маусымдағы
№ 643 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Жарлық Ережемен толықтырылды - ҚР Президентінің 05.04.2019 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң), "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) қалыптастыру мен оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Комиссия судьяның кәсіби қызметін бағалау, судьяның отставкаға құқығын және оны тоқтатуды растау үшін құрылады.

      3. Комиссия мүшелері өз қызметінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасының Конституциясын, Конституциялық заңды, осы Ережені және Комиссияның Регламентін ғана басшылыққа алады.

      4. Комиссияның қызметіне араласуға және оның мүшелеріне ықпал етуге жол берілмейді. Комиссия мүшесі өзіндегі материалдар мен қабылданған шешімдер бойынша қандай да бір ақпарат беруге құқылы емес.

2. Комиссияны құру тәртібі

      5. Комиссия жеті мүшеден – Қазақстан Республикасының облыстық және оған теңестірілген соттарының (бұдан әрі - облыстық сот) екі судьясынан, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының (бұдан әрі – Жоғарғы Сот) екі судьясынан және отставкадағы үш судьядан тұрады.

      6. Комиссия құрамындағы судьялардың кәсіби деңгейі жоғары, абыройы мінсіз және судьялар қауымы арасында беделді болуы тиіс.

      7. Комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің (бұдан әрі – Жоғары Сот Кеңесі), Қазақстан Республикасының Судьялар одағы филиалдарының судья әдебі жөніндегі комиссияларының және Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің мүшелері – судьялар сайлана алмайды.

      8. Комиссия құрамы Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысында екі жыл мерзімге сайланады.

      9. Облыстық соттардың судьялары ішінен кандидаттар облыстық соттардың кеңейтілген жалпы отырыстарында ұсынылған кандидаттардың қатарынан сайланады.

      Жоғарғы Сот судьяларының және отставкадағы судьялардың ішінен кандидаттарды Жоғарғы Сот Төрағасы балама негізде ұсынады.

      Ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы кеңейтілген жалпы отырыс мүшелерінің ең көп дауыс санын жинаған кандидат сайланды деп есептеледі.

      10. Комиссияның құрамына негізгі мүшелерінен басқа тиісті сот сатысынан Комиссияның бір запастағы мүшесі уақытша жоқ болған Комиссияның негізгі мүшесінің міндеттерін атқару үшін сайланады.

      Комиссияның запастағы мүшесі Комиссия шешімінің негізінде оның шығып қалған мүшесінің міндеттерін атқаруға кіріседі.

      Егер тиісті сот сатысынан Комиссияның негізгі немесе запастағы мүшесі болып табылатын судья басқа сот сатысының судьясы болып тағайындалса, осы Ережеде белгіленген тәртіппен қалған мерзімге олардың қосымша сайлауы өткізіледі.

      11. Алғашқы ұйымдастыру отырысында Комиссия құрамы өзінің мүшелерінің қатарынан көпшілік дауыспен Комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды.

      12. Комиссия төрағасы:

      1) Комиссияға жалпы басшылықты қамтамасыз етеді;

      2) Комиссия отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;

      3) Комиссия отырыстарында қарау үшін шығарылатын мәселелерді айқындайды және күн тәртібін бекітеді;

      4) Комиссияның шешімдері мен хаттамаларына қол қояды;

      5) Комиссия жұмысының практикасына талдау жасауды және қорытуды ұйымдастырады;

      6) Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысында Комиссияның атқарған жұмысы туралы ақпаратты ұсынады;

      7) мемлекеттік, қоғамдық және өзге де органдармен, ұйымдармен және лауазымды адамдармен қатынастарда Комиссияның атынан өкілдік етеді;

      8) осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      13. Комиссия төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның тапсырмасы бойынша төрағаның міндеттерін Комиссия мүшелерінің бірі атқарады.

      14. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және оның құрамының жартысынан көбі қатысқан кезде заңды болады.

      Комиссия жұмысы кезінде оның мүшелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес отырыс өткізілетін жерге іссапарға жіберіледі және басқа міндеттерді атқарудан босатылады. Комиссия мүшесі оның отырысына бейнебайланыс режимінде қатыса алады.

      15. Комиссия өз отырыстарын жергілікті соттарға барып өткізуге құқылы.

      16. Комиссия екі судьяны ротациялау негізінде екі жыл мерзімге Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясына жібереді.

      Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясының құрамына кандидаттарды Комиссия төрағасы ұсынады.

      17. Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясының құрамына судьяларды жіберу туралы шешім Комиссия отырысында дауыс беру арқылы қабылданады және Комиссияның дауыс беруге қатысқан мүшелерінің көпшілігі оған дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Жіберу туралы шешім Жоғары Сот Кеңесіне үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.

      18. Судьяны Комиссия мүшесінің міндеттерін атқарудан босату үшін:

      1) судьяның қызметтен босатылуы, судья өкілеттіктерінің тоқтатылуы не тоқтатыла тұруы;

      2) отставкадағы судьяның отставкасының тоқтатылуы;

      3) судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасауы;

      4) өкілеттік мерзімінің аяқталуы;

      5) өз қалауы негіз болып табылады.

3. Судьяның кәсіби қызметіне бағалау жүргізу тәртібі

      19. Судьяның кәсіби қызметін бағалау деп оның кәсіби білімі мен оларды сот төрелігін жүзеге асыруда қолдана білу деңгейін, сот қызметінің нәтижелерін, судьяның іскерлік және адамгершілік қасиеттерін бағалау және оның Конституциялық заң мен судья әдебі кодексінде қойылатын талаптарға сәйкестігі танылады.

      20. Судьяның кәсіби қызметін бағалау судьялар корпусының сапалық құрамын жақсарту, кәсіби біліктілігінің өсуін ынталандыру, сот істерін қарау кезінде заңдылықты нығайтуға жауапкершілігін арттыру, судьяның өзін-өзі кәсіби жетілдіру салаларын анықтау үшін оның әлсіз және күшті жақтарын анықтау мақсатында жүргізіледі.

      Судьяның кәсіби қызметін бағалауды жүргізген кезде судьялардың тәуелсіздігі қағидаттары бұзылмауы тиіс.

      21. Кәсіби қызметті бағалау:

      1) судья лауазымындағы жұмысының бір жылғы нәтижелері бойынша алғаш рет;

      2) судья лауазымындағы жұмысында әрбір бес жыл сайын мерзімді;

      3) жоғары тұрған сатыдағы судья лауазымына, сот төрағасының және сот алқасы төрағасының лауазымдарына конкурсқа қатысу кезінде жүргізіледі.

      Жиырма жыл және одан да көп судьялық өтілі бар судьялар кәсіби қызметті мерзімді бағалаудан босатылады.

      22. Судьяның кәсіби қызметін алғаш рет бағалау судья лауазымында үзіліссіз болған бір жыл өткен соң жүргізіледі.

      23. Судьяның кәсіби қызметін мерзімді бағалау оның судья лауазымында үзіліссіз болған әрбір келесі бес жыл өткен сайын жүргізіледі. Судьяның кәсіби қызметін мерзімді бағалау көрсетілген мерзім басталған күнінен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

      24. Судья жұмысының нәтижелері мынадай:

      1) сот төрелігін жүзеге асыру сапасының көрсеткіштері;

      2) судья әдебі нормалары мен еңбек тәртібін сақтауы өлшемшарттарының негізінде бағаланады.

      Бағалау рәсімінің шеңберінде судьяның біліктілігін тексеру, оның ішінде жазбаша эссе және (немесе) кейстік міндеттерді шешу арқылы тексеру жүргізілуі мүмкін.

      Сот төрелігін жүзеге асыру сапасының көрсеткіштері, деректерді жинау әдістері мен рәсімдері Комиссия бекітетін әдістемелік нұсқаулықта айқындалады және Жоғарғы Соттың интернет-ресурсында жарияланады.

      Судья әдебі нормаларын сақтау жөніндегі материалдарды Судьялар одағы филиалдарының судья әдебі жөніндегі тиісті комиссиялары ұсынады.

      25. Судьяның кәсіби қызметіне бағалау жүргізу үшін ақпарат жинауды Комиссияның қызметін қамтамасыз ететін Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ететін уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.

      26. Кәсіби қызметі бағаланатын судья Комиссия отырысынан күнтізбелік бес күн бұрын оған қатысты Комиссияның қарауына шығарылатын материалдармен танысуы тиіс.

      27. Судьяның кәсіби қызметіне бағалау жүргізу басталғанға дейін Комиссия қажет болған кезде қосымша құжаттар мен материалдарды, оның ішінде судья қараған кезде заңды бұзуға, оның ішінде өрескел бұзуға жол берген сот істерін талап етіп, тексеру жүргізеді.

      Комиссия төрағасы тексеру жүргізуді Комиссия мүшелерінің біріне тапсырады.

      28. Комиссияның қарауына келіп түскен материалдарды қабылдауды, кәсіби қызметі бағалануға жататын судьяларға хабарлауды, сондай-ақ комиссия мүшелеріне отырыстың күні, уақыты мен өткізілетін орны туралы хабардар етуді Комиссия қызметін қамтамасыз ететін уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.

      29. Кәсіби қызметті бағалау бойынша Комиссия отырысы кәсіби қызметі бағаланатын судьяның міндетті түрде қатысуымен өткізіледі. Судьяның Комиссия отырысына қатысуы бейнебайланыс режимінде қамтамасыз етілуі мүмкін.

      Комиссия отырысында хаттама жүргізіледі.

      30. Комиссия судьяның кәсіби қызметін бағалау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:

      1) атқаратын лауазымына сай деп тану;

      2) жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным жасау;

      3) жоғары тұрған лауазымға (жоғары тұрған сот сатысына) кадр резервіне қоюға ұсыным жасау;

      4) басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы;

      5) кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сай келмейді деп тану;

      6) жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным беруден бас тарту.

      Комиссияның осы тармақтағы 2), 3) және 6) тармақшаларында көзделген шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

      31. Комиссияның кәсіби қызметті бағалау нәтижелері бойынша судьяны кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сай келмейді деп тану туралы шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының судьяны атқаратын қызметінен босату туралы ұсынуды Жоғары Сот Кеңесіне енгізуіне негіз болып табылады.

      Комиссияның кәсіби қызметті мерзімді бағалаудың нәтижелері бойынша судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы ұсынуды, ал ауысудан бас тартқан жағдайда судьяны атқарып отырған қызметінен босату туралы ұсынуды Жоғары Сот Кеңесіне енгізуіне негіз болып табылады.

      32. Комиссияның шешімі көпшілік дауыспен қабылданады. Комиссия мүшелерінің дауыс беруден қалыс қалуға құқығы жоқ. Дауыстар тең түскен жағдайда, өзіне қатысты материалдар қаралып отырған судьяның жағдайын жақсартатын шешім қабылданды деп есептеледі.

      33. Комиссия мүшесі қабылданып отырған шешіммен келіспеген жағдайда ерекше пікірін жазбаша көрсетуге құқылы, ол шешімге қоса беріледі.

      34. Комиссияның хаттамалық шешімінде:

      1) Комиссияның құрамы;

      2) материалдарды қарау орны және уақыты;

      3) кәсіби қызметі бағаланған судья;

      4) Комиссия отырысында материалды қарау негіздері;

      5) Комиссия қабылдаған шешімнің тұжырымдары мен уәждері;

      6) шешімге шағымдану тәртібі туралы мәліметтер қамтылуы тиіс.

      35. Хаттамалық шешімге отырыста төрағалық етуші және Комиссияның хатшысы қол қояды.

      36. Комиссияның жоғары тұрған сатыдағы соттың судьясы, сот төрағасы және сот алқасының төрағасы лауазымына тағайындау үшін ұсыным беру туралы хаттамалық шешімі ол қабылданған күнінен бастап бір жыл ішінде жарамды болады.

      37. Комиссияның судья жұмысының бір жылдық мерзімі өткен соң нәтижелері бойынша хаттамалық шешімдерінің көшірмелері келіп түскен материалдармен бірге, сондай-ақ судьяны кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын қызметіне сай келмейді деп тану, басқа сотқа ауыстыру туралы хаттамалық шешімдерінің көшірмелері кейіннен Жоғары Сот Кеңесіне ұсыну үшін Жоғарғы Сот Төрағасына жолданады.

      38. Комиссияның хаттамалық шешімінің көшірмесі ол қабылданған күнінен бастап күнтізбелік бес күн ішінде тиісті облыстық сотқа және Жоғарғы Сотқа жіберіледі.

      39. Судьяны кәсіби жарамсыздығына байланысты атқарып отырған қызметіне сәйкес келмейді деп тану туралы, басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы, жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным беруден бас тарту туралы хаттамалық шешімнің көшірмесі тиісті облыстық сотқа, сондай-ақ өзіне қатысты шешім қабылданған судьяға жіберіледі.

4. Судьяның отставкаға құқығын және оны тоқтатуды растау туралы мәселелерді қарау тәртібі

      40. Судьяның отставкаға құқығын растау туралы мәселені қарауды Комиссия судьяның жазбаша арызының негізінде жүзеге асырады. Арызға судья беделінің мінсіз екенін растайтын құжаттар қоса берілуі тиіс.

      41. Аудандық соттың судьясына, төрағасына және облыстық соттың судьясына қатысты арыз бен тиісті құжаттарды Комиссияға облыстық соттың төрағасы, облыстық соттың төрағасына және сот алқасы төрағасына, Жоғарғы Соттың судьясы мен сот алқасының төрағасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті оларды лауазымға тағайындауына байланысты өз өкілеттіктерін бұрын тоқтатқан судьяларға қатысты Жоғарғы Сот Төрағасы ұсынады.

      42. Судьяның отставкаға құқығын растау туралы арыз материал түскен кезден бастап бір ай мерзім ішінде қаралып, тиісті шешім шығарылуы тиіс.

      43. Судьяның отставкаға құқығын растаудан бас тарту туралы Комиссияның шешімі судьяны қызметінен отставка нысанында босатудан бас тартуға негіз болады.

      44. Судьяның отставкасы Конституциялық заңның 35-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылады.

      Жоғарғы Сот Төрағасы, облыстық соттардың төрағалары, сондай-ақ судьяның өзі отставканы тоқтату туралы ұсынуды Комиссияға бере алады.

      45. Комиссия судьяның отставкаға құқығын растау және отставканы тоқтату туралы материалдарды қарау нәтижелері бойынша мынадай:

      1) отставкаға құқығын растау туралы;

      2) отставкаға құқығын растаудан бас тарту туралы;

      3) отставканы тоқтату туралы;

      4) отставканы тоқтатудан бас тарту туралы шешімдердің бірін шығарады.

      46. Судьяның отставкаға құқығын растау және отставканы тоқтату туралы материалдарды қарау нәтижелері жөніндегі хаттамалық шешімге отырысқа төрағалық етуші және Комиссияның хатшысы қол қояды.

5. Комиссияның шешімдеріне шағым жасау

      47. Комиссияның шешімдерімен танысқан күннен бастап Жоғары Сот Кеңесіне он жұмыс күнінен кешіктірмей Комиссия арқылы шағым жасауға болады.

      48. Жоғары Сот Кеңесінің "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" 24-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген шешімді қабылдауы Комиссияның "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Конституциялық заңның 44-бабында көзделген өзге шешімді шығаруына негіз болып табылады.

6. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру

      49. Комиссияның қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелері, оның отырыстарын өткізу шарттары мен тәртібі, сондай-ақ оның мүшелерінің өкілеттіктерді жүзеге асыруы Комиссияның Регламентімен реттеледі.

      50. Комиссияның қызметін ұйымдастырушылық, ақпараттық-талдамалық және өзге де қамтамасыз етуді уәкілетті орган жүзеге асырады.