Фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге және папиростарға ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 4 сәуірдегі N 260 Қаулысы.

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 24.03.2017 № 128 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледi) қаулысымен.

      "Темекі өнімдерінің өндірілуі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 12 маусымдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Фильтрлі, фильтрсіз 20 (жиырма) сигаретке және папиростарға:

      1) 2020 жылғы 1 қазаннан бастап 2020 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін төрт жүз жетпіс теңге;

      2) 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021 жылғы 30 маусымды қоса алғанға дейін бес жүз теңге;

      3) 2021 жылғы 1 шілдеден бастап 2021 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін бес жүз жиырма теңге;

      4) 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 2022 жылғы 30 маусымды қоса алғанға дейін бес жүз елу теңге;

      5) 2022 жылғы 1 шілдеден бастап 2022 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін бес жүз жетпіс теңге;

      6) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алты жүз теңге мөлшерінде ең төменгі бөлшек сауда бағалары белгіленсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 30.09.2020 № 622 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап жиырма күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі