Фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге және папиростарға ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 4 сәуірдегі N 260 Қаулысы.

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 24.03.2017 № 128 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледi) қаулысымен.

      "Темекі өнімдерінің өндірілуі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 12 маусымдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Фильтрлі, фильтрсіз 20 (жиырма) сигаретке және папиростарға:

      1) 2017 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін үш жүз жиырма теңге;

      2) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы 30 маусымды қоса алғанға дейін үш жүз қырық теңге;

      3) 2018 жылғы 1 шілдеден бастап 2018 жылғы 31 қаңтарды қоса алғанға дейін үш жүз алпыс теңге;

      4) 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап үш жүз сексен теңге мөлшерінде ең төменгі бөлшек сауда бағалары белгіленсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 25.09.2017 № 587 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап жиырма күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі