"ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит беру шарттарын айқындау туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 24 қаңтардағы № 158 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қарыз алушы) 2012 жылы «2012 – 2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 24 қарашадағы Заңына сәйкес 023 «Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ кредит беру» бағдарламасы бойынша 80000000000 (сексен миллиард) теңге сомасында бюджеттік кредит (бұдан әрі - кредит) берілсін.
      2. Қарыз алушыға кредит берудің мынадай шарттары айқындалсын:
      1) кредит қарыз алушыға мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарымен 2012 жылғы 30 желтоқсанға дейінгі мерзімге жылдық 0,01 (нөл бүтін жүзден бір) пайызға тең сыйақы ставкасы бойынша беріледі;
      2) қарыз алушының кредитті игеру кезеңі әкімші қарыз алушының Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктегі шотына қаражатты аударған күнінен басталып, 2012 жылғы 1 қарашада аяқталады;
      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі және қарыз алушы кредит шартының тараптары болып табылады.
      4. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы қаулының 3-тармағында көрсетілген кредит шартын жасасуды;
      2) кредиттің мақсатты және тиімді пайдаланылуын бақылау мен мониторингін, өтелуі мен оған қызмет көрсетуді қамтамасыз етсін.
      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов