Ертіс су қоймалары құламасының су ресурстарын пайдалану жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін ведомствоаралық комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 23 сәуір N 540

Жаңартылған

      Қалыптасқан климаттық жағдайларды ескере отырып, оңтайлы мерзімдерде Ертіс өзенінің арнасына табиғат қорғайтын су ағызуды жүргізуде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Қосымшаға сәйкес құрамда Ертіс су қоймалары құламасының су ресурстарын пайдалану жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.
      Ескерту. Атауы және 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2002.05.23 N 561 қаулысымен.
      2. Қоса беріліп отырған Комиссия туралы ереже бекітілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2001 жылғы 23 сәуірдегі
N 540 қаулысына   
қосымша       

Ертіс су қоймалары құламасының су ресурстарын пайдалану
жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін ведомствоаралық комиссияның
құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төраға
      Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі, төрағаның орынбасары
      Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, төрағаның орынбасары
      Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Су және биологиялық ресурстар департаменті директорының орынбасары, хатшы
      Қазақстан Республикасы Өңірлік даму вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі
      Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы
      Павлодар облысы әкімінің орынбасары
      Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары
Алпыспаев               - «KEGOC» акционерлік қоғамының «Шығыс
Талғат Тұрсынұлы          өңіраралық электр желілері» филиалының
                          директоры (келісім бойынша)

Курий                   - «AES Өскемен гидроэлектрстанциясы»
Юлия Анатольевна          жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және
                          «AES Шүлбі гидроэлектрстанциясы»
                          жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің
                          атқарушы директоры (келісім бойынша)

Свамбаев                - Болат Нұржанов атындағы «Екібастұз МАЭС-1»
Рысқан Тиышпекұлы         жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас
                          директоры (келісім бойынша)

Әженов                  - «Ұлы Ертіс – Великий Иртыш» су
Әлімуәлет Абзалұлы        пайдаланушылары қауымдастығының төрағасы
                          (келісім бойынша)

Белов                   - «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» акционерлік
Владимир Александрович    қоғамының басқарма төрағасы (келісім
                          бойынша)

Коблов                  - «Қазмырыш» жауапкершілігі шектеулі
Сергей Михайлович         серіктестігінің Бұқтырма гидроэнергетикалық
                          кешенінің директоры (келісім бойынша)

Сыздықов                - «Ертіс» су пайдаланушылар және су
Қанат Тұрлыбекұлы         тұтынушылар қауымдастығының президенті
                          (келісім бойынша)

Лавриненко              - «KAZLOGISTIKS» көліктік-логистикалық
Юрий Иванович             қауымдастығы басқармасының төрағасы
                          (келісім бойынша)


Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2001 жылғы 23 сәуірдегі
N 540 қаулысына    
қосымша        

Ертіс су қоймалары құламасының су ресурстарын пайдалану жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін ведомствоаралық комиссия туралы ереже

      Ескерту. Атауына өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2002.05.23 N 561 қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Ертіс су қоймалары құламасының су ресурстарын пайдалану жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) қалыптасқан климаттық жағдайларды ескере отырып, оңтайлы мерзімдерде Ертіс өзенінің арнасына табиғат қорғайтын су ағызуды жүргізу кезінде орталық және атқарушы органдардың іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу мақсатында құрылды.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2002.05.23 N 561 қаулысымен.
      2. Комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы кеңесші-консультативтік орган болып табылады.
      Комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің кесімдерін, өзге де нормативті құқықтық кесімдерді, сондай-ақ Ережені басшылыққа алады. 

2. Комиссияның міндеттері

      3. Комиссияның негізгі міндеттері:
      1) бассейндегі су шаруашылығы ахуалын және тиісті жылдың 15 наурызына дейін табиғат қорғайтын көктемгі өтемдік су ағынын жүргізу кестелерін әзірлеу жөніндегі ұсыныстарды уақытылы сарапшылық бағалау;
      2) Ертіс су қоймалары құламасының табиғатты қорғайтын су ағызу кезеңінде қосымша өндірілетін электр энергиясын тарату жөнінде ұсыныстар дайындау;
      3) табиғат қорғайтын су ағынын жүргізудің бекітілген кестелеріне сәйкес тұрақты мониторингті жүзеге асыру;
      4) су ағынын жүргізу аяқталысымен Үкіметке қорытынды ақпарат ұсыну болып табылады.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.11.02 N 1029 Қаулысымен.

3. Комиссияның құқықтары мен өкілеттіктері

      4. Оған жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті материалдар мен ақпаратты орталық және жергілікті атқарушы органдардан, өзге де ұйымдардан сұратуға және алуға.
      5. Сараптамалар мен консультациялар өткізу үшін Комиссияның  құзыретіне қатысты мәселелермен қызметі байланысты орталық және жергілікті атқарушы органдардан, өзге де ұйымдардан мамандарды тартуға.

4. Комиссияның ұйымдастырушылық қызметі

      6. Комиссияны Төраға басқарады.
      6-1. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      Комиссияның жұмыс органы комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар Комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса Комиссия мүшелеріне жіберілуі тиіс.
      Ескерту. 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2005.06.25 N 629 қаулысымен; жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      7. Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін Комиссия хатшысы хаттама ресімдейді.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      7-1. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру Комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Комиссия мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, оны білдірген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген Комиссияның есеп-хатына қоса берілуі тиіс.
      Комиссия отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.
      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Комиссия хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Комиссия мүшелеріне келісу үшін жібереді.
      Комиссия мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.
      Ескерту. Ереже 7-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      8. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде екі рет өткізіледі.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.04.2013 N 355 қаулысымен.
      9. Дауыс беру парақтарымен қоса, комиссия материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.