Туристі мiндеттi сақтандыру туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 31 желтоқсандағы N 513 Заңы.

     

     

      Ескерту. Тақырыптағы және бүкіл мәтін бойынша "Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершілiгiн", "туроператордың немесе турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн", "Туроператордың немесе турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн", "Туроператордың немесе турагенттiң жауапкершiлiгiн", "туроператордың немесе турагенттiң жауапкершiлiгiн" деген сөздер тиісінше "Туристі", "туристі" деген сөздермен ауыстырылды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. Мәтін бойынша "туроператордың және турагенттiң", "Туроператордың және турагенттiң", "Туроператор мен турагенттiң", "туроператор мен турагенттiң", "туроператор мен турагент" деген сөздер тиісінше "туроператордың немесе турагенттiң", "Туроператордың немесе турагенттiң", "Туроператордың немесе турагенттiң", "туроператордың немесе турагенттiң", "туроператор немесе турагент" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Осы Заң туристі мiндеттi сақтандыруға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi және оны жүргiзудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ассистанс – ассистанс компанияның сақтандырылушыға сақтандыру жағдайының басталуы салдарынан техникалық, медициналық және өзге де жәрдемдесу арқылы көмекті ұйымдастыруы;

      2) ассистанс компания – туристі міндетті сақтандыру шарты шеңберінде сақтандырушымен шетелге шығатын туриске (сақтандырылушыға) ассистанс беру туралы шарт жасасқан заңды тұлға;

      3) пайда алушы – осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемін алушы болып табылатын тұлға;

      4) сақтандыру жағдайы – басталғанынан кейін туристі міндетті сақтандыру шартында сақтандырылушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемін жүзеге асыру көзделетін оқиға;

      5) сақтандыру омбудсманы – "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру нарығына қатысушылар арасындағы келіспеушіліктерді реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға;

      6) сақтандыру сертификаты – жасалған сақтандыру шартын (сақтандыру полисін) растау үшін сақтандырушы ресімдеген, сақтандырылушыға қатысты қолданыстағы сақтандыру арқылы қорғаудың бар екені туралы куәландыратын және сақтандыруға қабылданатын сақтандыру тәуекелдері бойынша сақтандыруды жабу талаптары туралы ақпаратты қамтитын құжат;

      7) сақтандыру сомасы – сақтандыру объектісі сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін білдіретін ақша сомасы;

      8) сақтандыру сыйлықақысы – сақтандырушының туристі міндетті сақтандыру шартында айқындалған мөлшерде сақтандырылушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемін жүргізу міндеттемелерін қабылдағаны үшін сақтанушы оған төлеуге міндетті болатын ақша сомасы;

      9) сақтандыру төлемі – сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырылушыға (пайда алушыға) сақтандыру сомасы шегінде төлейтін ақша сомасы;

      10) сақтандырушы – "жалпы сақтандыру" саласында немесе "өмірді сақтандыру" саласында сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына арналған лицензияны алған, сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырылушыға (пайда алушыға) шартта айқындалған сома (сақтандыру сомасы) шегінде сақтандыру төлемін жүргізуге міндетті сақтандыру ұйымы;

      11) сақтандырылушы – шетелге шығатын турист;

      12) сақтанушы – сақтандырылушының пайдасына сақтандырушымен туристі міндетті сақтандыру шартын жасасқан шығу туризмі саласындағы туроператор;

      13) турагент – шығу туризмі саласындағы туроператор қалыптастырған туристік өнімді алға ілерілету мен өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      14) туристі міндетті сақтандыру – сақтандырылушының осы Заңда көрсетілген оқиғалар салдарынан күтпеген шығыстардың туындау тәуекеліне байланысты мүліктік мүдделерін қорғау жөніндегі қатынастар кешені.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бап. Туристі мiндеттiсақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңдары

      1. Туристі мiндеттi сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Туристі мiндеттiсақтандырудың мақсаты және негiзгi мiндеттерi

      1. Туристі мiндеттi сақтандырудың мақсаты осы Заңда көрсетілген, сақтандыру жағдайлары ретінде танылатын оқиғалар салдарынан күтпеген шығыстар туындаған жағдайда, сақтандырылушының мүліктік мүдделерін сақтандыру арқылы қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

      2. Туристі мiндеттi сақтандырудың негiзгi мiндеттерi:

      1) сақтандырылушының мүліктік мүдделерiн қорғауды осы Заңда белгiленген көлемде және тәртiппен қамтамасыз ету;

      2) шығу туризмі саласындағы туроператордың туристі міндетті сақтандыру шарты болған кезде әрбір туриске қатысты өз қызметін жүзеге асыруы;

      3) туроператордың және турагенттiң туристiк қызмет көрсету қауiпсiздiгiн арттырудағы экономикалық мүдделiлiгi болып табылады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-бап. Туристі міндетті сақтандыру объектісі

      Осы Заңда көрсетілген сақтандыру жағдайларының басталуы салдарынан өміріне, денсаулығына зиян келтірілген сақтандырылушының мүліктік мүддесі туристі міндетті сақтандыру объектісі болып табылады.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. Туристі мiндеттi сақтандыру жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету

5-бап. Туристі мiндеттi сақтандыру саласындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау

      1. Шығу туризмі саласындағы туроператордың осы Заңда белгіленген туристі мiндеттi сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндетті орындауын мемлекеттік бақылауды туристiк қызмет саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Сақтандыру ұйымдарының қызметiн мемлекеттiк қадағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.

      3. Шығу туризмі саласындағы туроператордың туристі мiндеттi сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндетті орындауын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.

      Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.15 N 461-IV (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Туристі міндетті сақтандыруды жүзеге асыратын тұлғалар

      Сақтандырылушының мүліктік мүдделерін міндетті сақтандыруды шығу туризмі саласындағы туроператор жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

7-бап. Шығу туризмі саласындағы туроператордың туристі мiндеттi сақтандыру шартын жасаспай қызметті жүзеге асыруына жол бермеу

      Шығу туризмі саласындағы туроператор туристі мiндеттi сақтандыру шартын жасаспай туристiк қызметтер көрсету жөніндегі қызметтi жүзеге асыруға құқылы емес.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

7-1-бап. Туристі міндетті сақтандыруды жүзеге асырудың ерекшеліктері

      1. Сақтандыру ұйымы ретiнде тiркелген заңды тұлға туристі мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыру құқығына арналған лицензияны алғанға дейiн:

      1) "Сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртiппен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорымен қатысу шартын;

      2) сақтандырылушы уақытша болатын елде (жерде) тәулік бойы жұмыс істейтін көптілді үйлестіру орталығы және өңірлік желісі бар ассистанс компаниямен шетелге шығатын туриске (сақтандырылушыға) осы Заңда көрсетілген сақтандыру жағдайлары ретінде танылатын оқиғалар басталған кезде ассистанс беру туралы шарт жасасуға немесе сақтандырылушыға ұсынылатын қызметтерді көрсетуге лицензиялары бар тасымалдаушылармен, медициналық және өзге де мекемелермен шарттар жасасуға міндетті.

      Әрбір сақтандырылушы және сақтандыру жағдайы бойынша ассистанс компания беретін ассистанс көлемі сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемімен айқындалады.

      Сақтандырушы сақтандырылушыға ассистанс беру туралы шарт жасасатын ассистанс компанияға қойылатын талаптар, сондай-ақ сақтандырушының ассистанс компаниямен өзара іс-қимыл жасау тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

      2. Алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Сақтандырушылар туристі міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру тәуекелдері, сақтандыру жағдайлары және сақтандыру төлемдері жөніндегі ақпараттық деректер базасын қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асыратын ұйымды құруға қатысуға құқылы.

      4. Туристі мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандыру ұйымдары уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен міндетті жарналарды төлеуге және шартты міндеттемелерді қалыптастыруға міндетті.

      Ескерту. 7-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-2-бап. Ақпараттық өзара іс-қимыл жасау

      Сақтандыру жағдайының басталу фактісін растау және сақтандырылушының мүліктік мүдделеріне келтірілген зиянды өтеудің мөлшерін айқындау үшін қажетті ақпаратқа ие мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар осы ақпаратты сақтандырушыға, сақтанушыға (сақтандырылушыға, пайда алушыға), сақтандыру омбудсманына олар өтініш жасаған кезде беруге міндетті.

      Ескерту. 2-тарау 7-2-баппен толықтырылды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-тарау. Туристі мiндеттi сақтандыру шарты

8-бап. Туристі мiндеттi сақтандыру шарты және оны жасасу тәртiбi

      Ескерту. 8-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Туристі мiндеттi сақтандыру осы Заңға және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) сәйкес сақтанушы мен сақтандырушының арасында сақтандырылушының пайдасына жасалатын шарт негізiнде жүзеге асырылады.

      Сақтандырылушының ерікті сақтандыру шартын жасасуы сақтанушыны туристі міндетті сақтандыру шартын жасау жөніндегі міндеттен босатпайды.

      2. Алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Сақтандырушы сақтанушыға туристі мiндеттi сақтандыру шартын жасасудан бас тартуға құқылы емес.

      4. Туристі мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеуге, ал сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде осы Заңның талаптарын ескере отырып жасалған сақтандыру шартының негiзiнде, моральдық зиянды және ала алмаған пайданы өтеуге байланысты талаптарды қоспағанда, сақтандырылушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн жүзеге асыруға, сондай-ақ тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттенедi.

      5. Туристі мiндеттi сақтандыру шарты сақтандырушының сақтанушыға электрондық нысанда сақтандыру полисiн және сақтандыру сертификатын ресімдеуі арқылы жасалады.

      Сақтанушы туристі міндетті сақтандыру шартын жасасқан кезде уақытша болатын елге (жерге) және туристік қызмет көрсету шартында көрсетілген саяхат күндерінің санына қарай осы Заңға қосымшада көзделген сақтандыру бағдарламаларының бірін таңдайды, ол бойынша сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемі (сақтандыру сомасы) және өтеуге жататын шығыстардың түрлері туристің өмірі мен денсаулығын сақтандыру бөлігінде халықаралық шарттардың және сақтандырылушы уақытша болатын ел (жер) заңнамасының талаптарына сәйкес келеді.

      Сақтандыру сыйлықақысын есептеу және сақтанушыны, сақтандырылушыны сәйкестендіру үшін қажетті деректер қамтылатын сақтанушының өтiнiшi туристі мiндеттi сақтандыру шартын жасасу үшiн негiз болып табылады.

      Туристі мiндеттi сақтандыру шартында көрсетiлуге жататын талаптардың толық болмағаны үшiн сақтандырушы жауапты болады. Сақтандыру шарты бойынша оның жекелеген талаптарының толық болмауы салдарынан дау туындаған жағдайда, дау сақтанушының пайдасына шешiледi.

      Сақтанушы тек қана турагент арқылы:

      әрбір сақтандырылушыға сақтандыру сертификатын беруге;

      сақтандырылушының талап етуі бойынша сақтандыру полисін ұсынуға міндетті.

      5-1. Туристі міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру полисі мен сақтандыру сертификатының мазмұнына қойылатын және оларды ресімдеу жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленеді.

      6. Туристі мiндеттi сақтандыруды мiндеттi сақтандырудың осы түрi бойынша сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына арналған лицензиясы бар сақтандыру ұйымдары жүзеге асырады.

      7. Егер туристі мiндеттi сақтандыру шарты сақтанушы мен сақтандырылушының жағдайын осы Заңда көзделгенмен салыстырғанда нашарлататын талаптармен жасалса, онда сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы сақтанушы мен сақтандырылушының алдында осы Заңда белгiленген талаптар бойынша мiндеттi болады.

      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-1-бап. Туристі міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу кезінде сақтандырушы мен интернет-ресурстарға қойылатын талаптар

      1. Туристі міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу кезінде сақтандырушының интернет-ресурсы сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу үшін пайдаланылады.

      Туристі міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу үшін өтініш беру кезінде сақтанушыдан мамандандырылған бағдарламалық қамтылымды пайдалану талап етілмейді.

      Сақтандыру ұйымдарының туристі міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу үшін пайдаланылатын интернет-ресурстарының тізбесі дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның интернет-ресурсында орналастырылады.

      2. Сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

      3. Туристі міндетті сақтандыру шартын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу кезінде сақтандырушы:

      1) туристі міндетті сақтандыру шартын жасасу не оны жасасудан бас тарту (бас тарту себептерін көрсете отырып) туралы электрондық хабар түріндегі хабарламаның сақтанушыға, сақтандырылушыға дереу жөнелтілуін;

      2) сақтанушының, сақтандырылушының дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның ақпараттық жүйесі арқылы туристі міндетті сақтандыру шарты жөніндегі ақпаратты тексеру мүмкіндігін;

      3) сақтанушы, сақтандырылушы үшін сақтандырушының интернет-ресурсына тәулік бойы қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, туристі міндетті сақтандыру шартының электрондық нысанда сақталуын;

      4) сақтанушыға, сақтандырылушыға:

      мәліметтерді өзгерту, туристі міндетті сақтандыру шартын қайта ресімдеу;

      туристі міндетті сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтату;

      сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабардар ету үшін қажетті ақпаратты (өтінішті, хабарламаны және (немесе) өзге де құжаттарды, мәліметтерді) электрондық нысанда жасау және сақтандырушыға жөнелту мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.

      Туристі міндетті сақтандыру шартын жасасу туралы хабарлама дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымнан жіберіледі.

      Туристі міндетті сақтандыру шартын жасасу туралы хабардар ету тәртібі мен хабарламаның мазмұнына қойылатын талаптарды уәкілетті орган айқындайды.

      4. Туристі міндетті сақтандыру шартын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу кезінде, егер туристі міндетті сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтанушы осы сақтандыру шартын сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеген кезден бастап сақтандырушы ұсынған талаптарда жасасты деп есептеледі.

      5. Туристі міндетті сақтандыру шартын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу кезінде сақтанушы осы Заңда көзделген сақтандыру талаптарымен танысқаннан кейін сақтандыру сыйлықақысын төлейді, сол арқылы ол өзіне ұсынылған талаптармен осы қосылу шартын жасасуға келісетінін растайды.

      6. Сақтандырушы туристі міндетті сақтандыру шартын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу мүмкіндігін тәулік бойы қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 3-тарау 8-1-баппен толықтырылды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-бап. Туристі міндетті сақтандыру шартының қолданысы

      1. Туристі міндетті сақтандыру шарты сақтандырылушы Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өткені туралы шекаралық бақылау-өткізу пунктінің белгісін алған кезден бастап, сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлегеннен кейін күшіне енеді және тараптар үшін міндетті болады.

      2. Туристі міндетті сақтандыру шартының қолданылу мерзімі туристік қызмет көрсетуге арналған шартта айқындалған сапар мерзімінен кем болмайды. Туристі міндетті сақтандыру шарты сақтандырылушы сақтандыру аумағынан шыққан кезде Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өткен кезге дейін, бірақ турист рейстің кідіру себебінен шетелде қосымша мерзімге болған жағдайды қоспағанда, туристі міндетті сақтандыру шартында көрсетілген сақтандыру мерзімі аяқталған күннен кешіктірілмей қолданылады.

      Туристі міндетті сақтандыру шарты бірінші басталған сақтандыру жағдайы бойынша өз қолданысын тоқтатпайды.

      Сақтандырылушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болған және туристік қызмет көрсетуге арналған шарт бойынша саяхат күндерінің саны көбейген кезде сақтанушы сақтандырылушының уақытша болатын елде (жерде) қосымша болу күндеріне туристі міндетті сақтандырудың жаңа шартын жасасады.

      3. Туристі міндетті сақтандыру шартының қолданылу аумағы (сақтандыру аумағы) туристік қызметтер көрсету аумағы болып табылады.

      Туристі сақтандырудың міндетті бағдарламалары бойынша сақтандыру аумағы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

      Егер туристі міндетті сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары баруға ұсынбайтын аумақтар;

      2) сақтандырылушының уақытша тұруға рұқсаты немесе сақтандыру аумағында 90 күннен астам үзіліссіз болуға рұқсат беретін өзге құжаты болатын мемлекеттер;

      3) сақтандырылушы азаматы болып табылатын мемлекеттер сақтандыру аумағынан алып тастауға жатады.

      Туристі міндетті сақтандыру шарты жасалғаннан кейін сақтандыру аумағы осы тармақтың үшінші бөлігінің 1) тармақшасында белгіленген алып тастауға жататын жағдайларда сақтандыру аумағын алып тастау туралы талап қолданылмайды.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

10-бап. Туристі мiндеттiсақтандыру шартының қолданылуын тоқтату

      Туристі мiндеттi сақтандыру шартының қолданылуы мына жағдайларда:

      1) шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанда;

      2) шарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылғанда;

      3) сақтандырушы сақтандыру төлемiн (сақтандыру төлемдерiн) туристі мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасы мөлшерiнде жүзеге асырғанда тоқтатылады.

11-бап. Туристі мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату

      1. Туристі мiндеттi сақтандыру шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген жағдайларда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.

      2. Егер туристі мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату оның талаптарын сақтандырушының орындамау кiнәсiнен туындаса, соңғысы сақтанушыға ол төлеген сақтандыру сыйлықақысын толық қайтарады. Туристі мiндеттi сақтандыру шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген мән-жайлар бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылған жағдайларда сақтандырушының сақтандыру сыйлықақысының сақтандыру қолданыста болған уақытқа бара-бар бiр бөлiгiн алуға құқығы бар.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

12-бап. Сақтанушының және сақтандырылушының құқықтары мен міндеттері

      Ескерту. 12-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Сақтанушының:

      1) сақтандырушыдан туристі мiндеттi сақтандырудың талаптары мен тәртiбiн, туристі мiндеттi сақтандыру шарты бойынша өзiнiң құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiрудi талап етуге;

      2) алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      3) алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      3-1) туристі міндетті сақтандыру шартынан туындайтын мәселелерді реттеу үшін осы Заңның 20-1-бабында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып сақтандырушыға не сақтандыру омбудсманына немесе сотқа жүгінуге;

      4) өтінішті және қоса берілетін құжаттарды сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, соның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы, соның ішінде оның филиалы, өкілдігі арқылы) жіберуге;

      5) туристі мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатуға құқығы бар.

      2. Сақтанушы:

      1) тиісті лицензиясы бар сақтандырушымен туристі міндетті сақтандыру шартын жасасуға;

      2) туристі міндетті сақтандыру шартында белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру сыйлықақысын төлеуге;

      3) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы өзіне белгілі болған кезден бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бұл туралы сақтандырушыны хабардар етуге (ауызша, жазбаша) міндетті. Ауызша нысандағы хабар кейіннен жазбаша расталуға тиіс;

      4) туристі міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде сақтандырушыға туристі міндетті сақтандыру шартына енгізу үшін қажетті мәліметтерді ұсынуға міндетті.

      2-1. Сақтандырылушының:

      1) туристі міндетті сақтандыру шартын жасасу үшін сақтандырушыны таңдауға;

      2) сақтандыру сертификатын және қажет болған кезде сақтандыру полисін алуға;

      3) сақтандырушыдан және (немесе) сақтанушыдан сақтандыру полисінде және сақтандыру сертификатында көрсетілген туристі міндетті сақтандыру талаптары мен тәртібін, өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіруді талап етуге;

      4) туристі міндетті сақтандыру шарты бойынша көрсетілетін қызметтер ұсынылмаған, толық немесе сапалы ұсынылмаған жағдайлар туралы сақтандырушыға хабар беруге;

      5) сақтандырушы жүргізген сақтандыру төлемінің мөлшерімен танысуға;

      6) туристі міндетті сақтандыру шартынан туындайтын мәселелерді реттеу үшін осы Заңның 20-1-бабында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып сақтандырушыға не сақтандыру омбудсманына немесе сотқа жүгінуге;

      7) өтінішті және қоса берілетін құжаттарды сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, соның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы, соның ішінде оның филиалы, өкілдігі арқылы) жіберуге;

      8) осы Заңда көзделген жағдайларда сақтандыру төлемін алуға;

      9) оларды жоғалтып алған жағдайда, сақтандыру сертификатының телнұсқасын және қажет болған кезде сақтандыру полисінің көшірмесін алуға құқығы бар.

      2-2. Сақтандырылушы:

      1) туристі міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде сақтанушыға туристі міндетті сақтандыру шартына енгізу үшін қажетті мәліметтерді ұсынуға;

      2) сақтандыру полисінде және сақтандыру сертификатында көрсетілген туристі міндетті сақтандыру шарты бойынша талаптармен танысуға және оларды бұлжытпай сақтауға;

      3) сақтандыру полисінің (ол болған кезде) және (немесе) сақтандыру сертификатының және сақтандыру жағдайына қатысты растайтын құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге;

      4) сақтандыру жағдайынан болатын залалдарды азайту үшін шаралар қабылдауға;

      5) сақтандыру жағдайы басталған кезде техникалық, медициналық және өзге де көмекті ұйымдастыру, іс-қимылдарды келісу және шығыстарды жүзеге асыру мақсатында болған жағдай туралы ассистанс компанияны сақтандыру сертификатында көрсетілген байланыстың кез келген қолжетімді тәсілімен жеке өзі немесе өкілі арқылы дереу хабардар етуге, ассистанс компанияға сақтандыру сертификаты және (немесе) сақтандыру полисі туралы деректерді хабарлауға;

      6) сақтандыру жағдайы басталған кезде ассистанс компанияның, сақтандырушының және өзге де құзыретті тұлғалардың, уақытша болатын елдің (жердің) билік органдарының ұсынымдарын, нұсқауларын орындауға;

      7) сақтандыру жағдайынан келтірілген зиянның сипаты мен мөлшерлері туралы мән-жайларды анықтау үшін қажетті қолда бар құжаттарды сақтандырушыға ұсынуға;

      8) шұғыл жағдайда медициналық көмек алған және дәлелді себептермен ассистанс компанияны басталған сақтандыру жағдайы туралы дереу хабардар ету мүмкіндігі болмаған кезде ассистанс компанияға болған жағдай туралы екі тәулік ішінде не алғашқы мүмкіндік болған кезде хабар беруге;

      9) сақтандырушының сұрау салуы бойынша шет тіліндегі құжаттарды қазақ немесе орыс тіліндегі нотариат куәландырған аудармасымен бірге ұсынуға;

      10) сақтандыру жағдайының басталуына жауапты тұлғаға керi талап қою құқығының сақтандырушыға өтуiн қамтамасыз етуге міндетті.

      3. Туристі мiндеттi сақтандыру шартында сақтанушының және сақтандырылушының Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келмейтiн басқа да құқықтары мен мiндеттерi көзделуі мүмкiн.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізілдеді); 10.01.2018 № 134-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

13-бап. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтандырушы:

      1) туристі міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде сақтанушыдан туристі міндетті сақтандыру шартына енгізу үшін қажетті сақтандырылушы туралы мәліметтерді ұсынуды талап етуге;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардан, олардың құзыретіне орай, сақтандыру жағдайының басталу фактiсiне және сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесiнде келтiрiлген зиянның мөлшерiн анықтауға байланысты құжаттар мен мәлiметтердi сұратуға;

      3) сақтандырылушылардың осы Заңда көрсетілген сақтандыру жағдайларының басталуы салдарынан келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарына байланысты мәселелерді реттеуге қатысуға;

      4) осы Заңның 19-бабында көзделген жағдайларда, зиян келтiргенi үшiн жауапты тұлғаға керi талап құқығын қоюға;

      5) осы Заңның 20-бабында көзделген негiздер бойынша сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.

      2. Сақтандырушы:

      1) сақтанушыны міндетті сақтандыру талаптарымен және тәртібімен, оның ішінде тараптардың туристі міндетті сақтандыру шартынан туындайтын құқықтарымен және міндеттерімен таныстыруға;

      2) туристі міндетті сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтандыру полисін және сақтандыру сертификатын ресімдеуге;

      3) сақтандыру жағдайы басталған кезде осы Заңда көзделген тәртіппен және шарттармен сақтандыру төлемін жүргізуге;

      4) сақтандыру жағдайының басталу фактісін және сақтандырушы өтеуге тиісті зиянның мөлшерін растайтын құжаттар жеткіліксіз болған кезде оларды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жетіспейтін және (немесе) дұрыс ресімделмеген құжаттардың толық тізбесін көрсете отырып, бұл туралы өтініш берушіге хабарлауға;

      4-1) сақтанушыдан, сақтандырылушыдан (пайда алушыдан) өтінішті алған кезде бес жұмыс күні ішінде сақтанушының, сақтандырылушының (пайда алушының) талаптарын қарауға және дауды одан әрі реттеу тәртібін көрсете отырып, жазбаша жауап беруге;

      4-2) сақтанушыдан, сақтандырылушыдан (пайда алушыдан) сақтандыру омбудсманына жіберілетін өтінішті алған кезде осы өтінішті, сондай-ақ оған қоса берілетін құжаттарды сақтандыру омбудсманына алынған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қайта жіберуге;

      4-3) сақтандырылушыдан осы Заңның 18-бабында көзделген құжаттарды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындауға және сақтандырылушыға танысуға ұсынуға;

      5) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге;

      6) сақтандырылушыға сақтандыру жағдайы кезiнде залалдарды болғызбау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстарын өтеуге;

      7) туристі міндетті сақтандыру шарты шеңберінде ассистансты қамтамасыз етуге міндеттенетін бір және (немесе) бірнеше ассистанс компаниямен шарттар жасасуға міндетті.

      3. Туристі мiндеттi сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының заң актiлерiне қайшы келмейтiн өзге де құқықтары мен мiндеттерi көзделуi мүмкiн.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. Сақтандыру сомасы және сақтандыру сыйлықақысы

14-бап. Сақтандырушы жауапкершілігінің шегі

      1. Сақтандыру бағдарламалары бойынша сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемі (сақтандыру сомасы), әрбір сақтандыру жағдайы бойынша өтеуге жататын шығыстардың түрлері осы Заңға қосымшада белгіленген.

      2. Сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемі (сақтандыру сомасы) Америка Құрама Штаттарының (бұдан әрі – АҚШ) долларымен белгіленеді. Сақтандыру төлемінің мөлшерін есептеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сақтандыру төлемін жүзеге асыру күніне белгілеген бағам бойынша АҚШ доллары пайдаланылады.

      Халықаралық шарттарда, уақытша болатын елдің (жердің) заңнамасында, туристі міндетті сақтандыру шартында көзделген жағдайларда сақтандырылушының өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемдері еуромен белгіленеді.

      3. Залалдарды болғызбау немесе азайту мақсатында сақтандырылушы шеккен шығыстарды сақтандырушы, тіпті, егер тиісті шаралар сәтті болмаса да, егер осындай шығыстар сақтандырушының нұсқауларын орындау үшін қажет болса немесе жүргізілген болса, өтеуге тиіс.

      Мұндай шығыстар нақты мөлшерде өтеледі, бұл ретте сақтандыру төлемі мен шығыстар өтемақысының жалпы сомасы туристі міндетті сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасынан аспауға тиіс. Егер шығыстар сақтандырушының нұсқауларын сақтандырылушының орындауы салдарынан туындаған болса, олар туристі міндетті сақтандыру шарты бойынша оған тиесілі болатын сақтандыру сомасына қарамастан, толық мөлшерде өтеледі.

      Көрсетілген шығыстарды сақтандырушы шығыс шеккен тұлғаға тікелей өтейді.

      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

15-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшері

      1. Туристі міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысының мөлшері әрбір сақтандырылушы бойынша әрбір күн үшін жеке есептеледі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі сақтандыру шарты жасалған күнге белгілеген бағам бойынша АҚШ долларымен бір сапар үшін төмендегідей мөлшерлерді құрайды:

Сапар күндерінің саны

1-бағдарлама

2-бағдарлама

3-бағдарлама

10 күнге дейін

1,12

1,51

1,83

11 күннен 20 күнге дейін

1,12

1,48

1,70

21 күннен 40 күнге дейін

1,12

1,43

1,59

41 күннен 60 күнге дейін

1,03

1,40

1,53

61 күннен 90 күнге дейін

1,03

1,35

1,48

91 күн және одан көп

0,95

1,30

1,40

      Сақтандыру сыйлықақысын есептеу мақсаттары үшін жолда болу уақытын қоса алғанда, сақтандырылушының уақытша болатын елдің (жердің) аумағында болатын күндердің саны (мерзім) пайдаланылады.

      Туристі міндетті сақтандыру шартында сақтандырылушының өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемдері еуромен белгіленген кезде халықаралық шарттарда, уақытша болатын елдің (жердің) заңнамасында көзделген жағдайларда, сақтандыру сыйлықақысының мөлшері әрбір сақтандырылушы бойынша жеке есептеледі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сақтандыру шарты жасалған күнге белгілеген бағам бойынша еуромен жоғарыда көрсетілген мөлшерлерді құрайды.

      2. Туристі міндетті сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтандырушы осы баптың 1-тармағында көзделген сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін сақтандыру тәуекеліне өзі жүргізген бағалау нәтижелері бойынша ұлғайта алады, бірақ ол екі еседен аспауға тиіс.

      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

16-бап. Сақтандыру сыйлықақысын төлеу тәртібі

      1. Сақтандыру сыйлықақысын сақтанушы біржолғы төлеммен төлейді.

      2. Сақтандырушы сақтандыру сыйлықақысын сақтандырушының интернет-ресурсы арқылы қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеу мүмкіндігін береді.

      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-тарау. Сақтандыру жағдайы және сақтандыру төлемі

17-бап. Сақтандыру жағдайы және сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау

      1. Туристі міндетті сақтандыру шарты күшіне енгеннен кейін басталған мынадай оқиғалар:

      1) сақтандыру аумағында болған, сақтандырылушының қайтыс болуына не оның денсаулығына зиян келтіруге алып келген жазатайым оқиға сақтандыру жағдайы деп танылады.

      Жазатайым оқиға деп сақтандырылушыға қатысты аяқ астынан, күтпеген жерден орын алған, қасақана болмаған сыртқы оқиға немесе әсер ету түсініледі;

      2) денсаулығына елеулі зиянды болғызбау немесе өміріне төнген қауіпті жою үшін сақтандырылушыға шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуді талап ететін, кенеттен қатты ауыру, денсаулық жағдайының күрт нашарлауы және (немесе) созылмалы ауруының асқынуы сақтандыру жағдайы деп танылады.

      2. Сақтандырушы сақтандыру төлемінің мөлшерін сақтандырылушының іс жүзіндегі шығыстарының сомасын негізге ала отырып, сақтандырылушы не ассистанс компания ұсынған, осы шығыстарды растайтын құжаттар негізінде айқындайды.

      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

18-бап. Сақтандыру төлемін жүзеге асыру шарттары мен тәртібі

      1. Сақтандырушыға сақтандыру төлемі туралы талапты сақтандырылушы не сақтандырылушыға ассистанс берілген кезде ассистанс компания сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша нысанда қояды.

      Өтініш берушінің қалауы бойынша сақтандыру төлемі туралы талап сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті электрондық көшірмелер немесе электрондық құжаттар түріндегі құжаттар қоса беріле отырып, электрондық нысанда жіберілуі мүмкін. Бұл ретте электрондық нысандағы сақтандыру төлемі туралы талап өтініш берушіні сақтандырушыға құжаттардың түпнұсқаларын сақтандырушының тұрған жері бойынша ұсынудан босатпайды.

      2. Сақтандыру төлемі туралы өтінішке мынадай құжаттар:

      1) сақтандырылушының жеке басын куәландыратын құжатының немесе шекаралық бақылау-өткізу пунктінің Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өткені туралы белгісі бар паспортының және (немесе) сақтандырылушының сақтандыру аумағында болуына негіз болып табылатын құжаттың көшірмесі;

      2) сақтандыру жағдайының басталу фактісін және сақтандырылушының өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянның мөлшерін растайтын құжаттың түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі, оның ішінде:

      медициналық көмекке өтініш жасаған күні, сақтандырылушының медициналық көмекке өтініш жасаған кездегі денсаулық жағдайы, диагнозы, дәрігердің тағайындауы (рецепті) туралы, жүргізілген медициналық манипуляциялар және саны, күні мен құны бойынша бөліне отырып, берілген дәрілік заттар туралы мәліметтерді қамтитын, медициналық мекеменің және дәрігердің мекенжайы мен байланыс деректері көрсетілген медициналық құжаттар;

      сомасы, валютасы, төлеу күні көрсетіле отырып, сақтандыру жағдайының басталуы салдарынан сақтандырылушыға көрсетілген медициналық және өзге де қызметтердің ақысын төлеу фактісін растайтын құжаттар;

      атауы, саны мен құны көрсетіле отырып, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу фактісін растайтын құжаттар (тауар чектері, шот-фактуралар, ақы төлеу туралы квитанциялар және өзге де құжаттар);

      жазатайым оқиға болған кезде – сақтандырылушының психикалық белсенді заттарды тұтыну фактісін және масаң күйін анықтау бойынша медициналық құжаттар;

      жазатайым оқиға болған кезде – жазатайым оқиға фактісін және оның орын алу мән-жайын растайтын құқық қорғау, сот органдарының және өзге де құзыретті органдардың құжаттары;

      сақтандырылушы қайтыс болған жағдайда – қайтыс болу себебі көрсетіле отырып, қайтыс болғаны туралы куәлік, сот-медициналық сараптаманың қорытындысы немесе патологиялық-анатомиялық ашып қарау хаттамасы;

      уақытша болатын елде (жерде) мәжбүрлі түрде анағұрлым ұзақ мерзім болған кезде не сақтандыру жағдайының басталуы салдарынан Қазақстан Республикасының аумағына мерзімінен бұрын оралған кезде – жол жүру құжаттарының (билеттер, отырғызу талондары) күшін жоюды немесе оларды ауыстыруды, қонақ үйде брондалған нөмірден, сондай-ақ шетелде болған мерзімнің пайдаланылмаған бөлігі үшін сақтандырылушыға ұсынылған басқа да туристік көрсетілетін қызметтерден бас тартуды растайтын құжаттар;

      сақтандырылушының кәмелетке толмаған балаларын және (немесе) жақын туыстарын тасыған кезде – жол жүру құжаттары (билет, отырғызу талондары);

      сақтандыру сертификатында немесе сақтандыру полисінде көрсетілген телефон нөмірлері бойынша сақтандырушыға және ассистанс компанияға телефон соғудың, хабарлардың жүзеге асырылғанын растайтын құжаттар;

      залалдарды болғызбау және азайту бойынша шаралар қабылдауға байланысты шығыстарды растайтын құжаттар;

      пайда алушының жеке басын және құқықтарын растайтын құжаттар, қажет болған кезде, ұсынылады.

      3. Құжаттарды қабылдаған сақтандырушы өтiнiш берушiге ұсынылған құжаттардың толық тiзбесiн және олар қабылданған күндi көpceтe отырып, анықтама беруге мiндеттi.

      Өтініш беруші сақтандыру төлемі туралы өтінішті электрондық тәсілмен жөнелткен жағдайда сақтандырушы оған осы анықтаманы электрондық нысанда ұсына алады.

      4. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырған кезде сақтандырушы сақтандырылушыдан (пайда алушыдан) оның сақтандырушыға талап қою құқығын шектейтiн шарттарды қабылдауын талап етуге құқылы емес.

      5. Сақтандырылушы айқындаған тұлға, ал сақтандырылушы қаза тапқан кезде оның мұрагерлері пайда алушы болып табылады.

      6. Сақтандырушы сақтандыру төлемін:

      осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттарды алған күнінен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей, сақтандыру жағдайының басталуы және ассистанс компанияны дәлелді себептермен бұл туралы хабардар етпей сақтандырылушының шұғыл жағдайда медициналық көмек алуы салдарынан сақтандырылушының шығыстарын өтеу;

      ассистанс компаниямен келісу бойынша сақтандырылушыға медициналық және өзге де мекеме көрсеткен қызметтер құнын уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен төлеу арқылы жүргізеді.

      7. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiне туристі мiндеттi сақтандыру шартының тараптары немесе пайда алушы дау айтқан жағдайларда, сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы баптың 6-тармағында белгiленген мерзiм iшiнде, аталған тұлғалардың бiрде-бiреуi дау айтпайтын бөлiгiнде жүзеге асыруға мiндеттi.

      Сақтандыру төлемiнiң дау айтылатын бөлiгiн сақтандырушы соттың татуласу келiсiмi туралы ұйғарымы немесе, егер сот шешiмдi дереу орындауға жібермесе, соттың осы дау бойынша шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде төлеуге тиiс.

      8. Туристі мiндеттi сақтандыру шарты қолданылатын кезеңде келтiрiлген зиян үшiн сақтандыру төлемi туралы талап сақтандырушыға сақтандыру жағдайы басталған кезден бастап үш жыл iшiнде қойылуы мүмкiн.

      9. Сақтандырушы сақтандыру төлемi уақтылы жүзеге асырылмаған кезде сақтандырылушыға (пайда алушыға) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде (Жалпы бөлім) белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.

      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

19-бап. Зиян келтiрген тұлғаға керi талап қою құқығы

      Сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушыға сақтандырылушының өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге кінәлі тұлғаға кері талап қою құқығы төленген сома шегінде өтеді.

      Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

20-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босату негiздерi

      1. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:

      1) сақтандырылушының сақтандыру жағдайын туындатуға бағытталған не оның басталуына ықпал ететiн қасақана әрекеттерiнiң;

      2) сақтандырылушының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сақтандыру жағдайымен себептi байланыстағы қасақана қылмыстық немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған әрекеттерiнiң салдарынан болса, сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.

      2. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы үшiн:

      1) сақтандырылушының залал келтiруге кiнәлi тұлғадан залалдың тиiстi өтемiн алуы;

      2) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізілдеді) Заңымен;

      3) еңсерiлмейтiн күш жағдайлары;

      4) әрбір жеке сақтандыру жағдайы бойынша іс жүзінде шеккен шығыстар негізге алына отырып ұсынылатын құжаттарды қоспағанда, сақтандырылушының осы Заңның 18-бабының 2-тармағына сәйкес сақтандыру төлемi туралы өтiнiшке қоса берiлетiн құжаттарды сақтандырушыға толық көлемде ұсынбауы;

      5) сақтандырушының сақтандыру сомасы мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асыруы;

      6) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 839-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер негіз бола алады.

      2-1. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген негіздерден басқа, сақтандырушы мынадай:

      1) сақтандырылушы кәсіби спортпен айналысқан;

      2) сақтандырылушының мынадай:

      емдеуші дәрігердің нұсқамасы бойынша дәрілік заттарды тұтыну;

      құқық қорғау органы және (немесе) сот анықтаған, есірткі, уытқұмарлық заттарды мәжбүрлі түрде тұтыну не олардың күштеп енгізілу жағдайларын қоспағанда, алкогольдік, сондай-ақ есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдің ауыр дәрежесінде болуы салдарынан басталған оқиға;

      3) сақтандырылушы уақытша болатын елден (жерден) Қазақстан Республикасына медициналық тасымалдаудан немесе сақтандырылушы сақтандыру жағдайы бойынша өтініш жасауға байланысты алған емдеуші дәрігердің нұсқамаларын орындаудан ерікті түрде бас тартқан жағдайларда, сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатылады.

      3. Алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізілдеді) Заңымен.

      4. Сақтандырушы сақтандыру төлемiнен бас тарту үшiн негiздер бар кезде, осы Заңның 18-бабында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде сақтандыру төлемi туралы өтiнiш берген тұлғаға бас тарту себептерiнiң уәждi негiздемесi келтiрiлген сақтандыру төлемiнен толық немесе iшiнара бас тарту туралы тиiстi шешiмдi жазбаша нысанда жiберуге мiндеттi.

      5. Сақтандырушының осы бапта көзделмеген негiздер бойынша сақтандыру төлемiнен бас тартуға құқығы жоқ.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізілдеді); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

20-1-бап. Туристі міндетті сақтандыру жөніндегі дауларды реттеу ерекшеліктері

      1. Туристі міндетті сақтандыру шартынан туындайтын дау болған кезде сақтанушы, сақтандырылушы (пайда алушы):

      талаптарды көрсете отырып және өзінің талабын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, сақтандырушыға (оның ішінде сақтандырушының филиалы, өкілдігі, интернет-ресурстары арқылы) жазбаша өтініш жіберуге не

      туристі міндетті сақтандыру шартынан туындайтын дауларды реттеу үшін сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, соның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы, соның ішінде оның филиалы, өкілдігі арқылы) немесе сотқа өтініш жіберуге құқылы.

      2. Сақтандырушы сақтанушыдан, сақтандырылушыдан (пайда алушыдан) өтінішті алған кезде оны бес жұмыс күні ішінде қарайды және дауды одан әрі реттеу тәртібін көрсете отырып, жазбаша жауап береді.

      3. Сақтанушы, сақтандырылушы (пайда алушы) сақтандыру омбудсманына өтініш жасаған жағдайда, сақтандырушы сақтанушының, сақтандырылушының (пайда алушының), сақтандыру омбудсманының сұрау салуы бойынша дауды қарауға және шешуге қатысы бар құжаттарды сұрау салу алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынуға міндетті.

      Ескерту. 5-тарау 20-1-баппен толықтырылды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-тарау. Қорытынды ережелер

21-бап. Дауларды қарау тәртiбi

      Туристі мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаралады.

22-бап. Туристі мiндеттi сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Туристі мiндеттi сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

      Қазақстан Республикасының
Президентi

  "Туристі міндетті сақтандыру
туралы" 2003 жылғы
31 желтоқсандағы Қазақстан
Республикасының Заңына
қосымша

ТУРИСТІ МІНДЕТТІ САҚТАНДЫРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ

      Ескерту. Заң қосымшамен толықтырылды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

р/с

Сақтандыру жағдайы ретінде танылатын оқиғалар және өтеуге жататын шығыс түрлері

Сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемі (сақтандыру сомасы) (АҚШ долларымен/еуромен)

1-бағдарлама

2-бағдарлама

3-бағдарлама

1.

Жазатайым оқиға:




1.1

медициналық көрсетілетін қызметтерге, емдеуші дәрігер тағайындаған диагностикалық зерттеулерге, дәрілік заттарға, таңу құралдарына және бекіту құралдарына (гипс, бандаж) жұмсалатын шығыстарды қоса алғанда, стационарлық және амбулаториялық емдеу бойынша шығыстар;
сақтандырылушыны шұғыл және кезек күттірмейтін мән-жайлар бойынша медициналық мекемеге тасу бойынша шығыстар;
медициналық персоналдың бірге ілесіп жүруіне жұмсалатын шығыстарды (сақтандырылушының медициналық көрсетілімдер бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы тұратын жеріне өз бетінше қайтуға мүмкіндігі болмаған жағдайда) қоса алғанда, уақытша болатын елден (жерден) Қазақстан Республикасына шұғыл медициналық тасу бойынша шығыстар;
мәйітті ашып қарауға, бальзамдауға және оның мәйітханада болуына, табытты сатып алуға, Қазақстан Республикасының аумағына тасымалдауға арналған құжаттарды ресімдеуге жұмсалатын шығыстарды қоса алғанда, мүрде салынған сауытты немесе мәйiттi (сүйекті) қайтаруды ұйымдастыруға жұмсалатын шығыстар;

10 000

30 000

50 000

1.2

жазатайым оқиға салдарынан болған жарақат алу нәтижесінде стоматологиялық қарап-тексеруге, рентгендік зерттеуге, тістерді жұлуға немесе пломбалауға жұмсалатын шығыстар;

100

300

300

1.3

егер сақтандырылушының денсаулық жағдайын емдеуші дәрігер мен ассистанс компанияның медициналық өкілі ауыр, өміріне қауіп төндіретін деп бағаласа және медициналық мекемеде болу мерзімі күнтізбелік он күннен асатын болса, жалғыз немесе кәмелетке толмаған балаларымен саяхаттап жүрген сақтандырылушының стационарлық емделу орнына кәмелетке толған бір жақын туысының жол жүру құжатына (билетіне) жұмсалатын шығыстар;

800

1000

1200

1.4

сақтандырылушымен болған сақтандыру жағдайының салдарынан сақтандыру аумағында қараусыз қалған сақтандырылушының кәмелетке толмаған балаларын, егде жастағы жақын туыстарын тасу үшін ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар;

800

1000

1200

1.5

сақтандырушының, ассистанс компанияның атына жүзеге асырылатын хабарламаларға, телефон қоңырауларына және өзге де көрсетілетін байланыс қызметтеріне ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар;
сақтандырылушыны стационардан шығарған күннен бастап Қазақстан Республикасының аумағына кеткен күніне дейін оның қонақүйде тұруына (бірақ күнтізбелік бес күннен аспайтын) ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар;
жол жүру құжаттарының күшін жоюға немесе оларды ауыстыруға байланысты шығыстар;
шетелде болу мерзімінің пайдаланылмаған бөлігі үшін қонақүйдегі брондалған нөмірден, сондай-ақ сақтандырылушыға ұсынылған басқа да туристік көрсетілетін қызметтерден бас тартуға байланысты шығыстар.

800

1 000

1 200

2.

Денсаулығына елеулі зиянды болғызбау немесе өміріне төнген қауіпті жою үшін сақтандырылушыға шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуді талап ететін кенеттен қатты ауыру, денсаулық жағдайының күрт нашарлауы және (немесе) созылмалы ауруының асқынуы:




2.1

медициналық көрсетілетін қызметтерге, емдеуші дәрігер тағайындаған диагностикалық зерттеулерге, дәрілік заттарға, таңу құралдарына және бекіту құралдарына (гипс, бандаж) жұмсалатын шығыстарды қоса алғанда, стационарлық және амбулаториялық емдеу бойынша шығыстар;
сақтандырылушыны шұғыл және кезек күттірмейтін мән-жайлар бойынша медициналық мекемеге тасу бойынша шығыстар;
медициналық персоналдың бірге ілесіп жүруіне жұмсалатын шығыстарды (сақтандырылушының медициналық көрсетілімдер бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы тұратын жеріне өз бетінше қайтуға мүмкіндігі болмаған жағдайда) қоса алғанда, шет мемлекеттен Қазақстан Республикасына шұғыл медициналық тасуға жұмсалатын шығыстар;
мәйітті ашып қарауға, бальзамдауға және оның мәйітханада болуына, табытты сатып алуға, Қазақстан Республикасының аумағына тасымалдауға арналған құжаттарды ресімдеуге жұмсалатын шығыстарды қоса алғанда, мүрде салынған сауытты немесе мәйiттi (сүйекті) қайтаруды ұйымдастыруға жұмсалатын шығыстар;

10 000

30 000

50 000

2.2

медициналық көрсетілетін қызметтерге, жүктілік кезінде асқыну болған жағдайда сақтандырылушыны шұғыл және кезек күттірмейтін мән-жайлар бойынша медициналық мекемеге тасуға жұмсалатын шығыстарды қоса алғанда, амбулаториялық емдеу бойынша шығыстар;

300

500

600

2.3

егер сақтандырылушының денсаулық жағдайын емдеуші дәрігер мен ассистанс компанияның медициналық өкілі ауыр, өміріне қауіп төндіретін деп бағаласа және медициналық мекемеде болу мерзімі күнтізбелік он күннен асатын болса, жалғыз немесе кәмелетке толмаған балаларымен саяхаттап жүрген сақтандырылушының стационарлық емделу орнына кәмелетке толған бір жақын туысының жол жүру құжатына (билетіне) жұмсалатын шығыстар;

800

1000

1200

2.4

сақтандырылушымен болған сақтандыру жағдайының салдарынан сақтандыру аумағында қараусыз қалған сақтандырылушының кәмелетке толмаған балаларын, егде жастағы жақын туыстарын тасу үшін ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар;

800

1000

1200

2.5

сақтандырушының, ассистанс компанияның атына жүзеге асырылатын хабарламаларға, телефон қоңырауларына және өзге де көрсетілетін байланыс қызметтеріне ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар;
сақтандырылушыны стационардан шығарған күннен бастап Қазақстан Республикасының аумағына кеткен күніне дейін қонақүйде тұруына, бірақ күнтізбелік бес күннен аспайтын күнге ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар;
жол жүру құжаттарының күшін жоюға немесе оларды ауыстыруға байланысты шығыстар;
шетелде болу мерзімінің пайдала-нылмаған бөлігі үшін қонақүйдегі брондалған нөмірден, сондай-ақ сақтандырылушыға ұсынылған басқа да туристік көрсетілетін қызметтерден бас тартуға байланысты шығыстар.

800

1 000

1 200