Соттардың Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын азаматтық істер бойынша қолдануының кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 25 қарашадағы № 8 Нормативтік қаулысы.

      ХАБАРЛАНДЫРУ
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкерлердің", "заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкерлер", "заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкердің", "заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкер", "заңды тұлға құрмастан дара кәсіпкерлер" деген сөздер алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Соттардың Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын азаматтық істер бойынша біркелкі қолдануын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Экологиялық заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінен (бұдан әрі – ЭК), "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы", "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы", Жер, Орман және Су Кодекстерінен, "Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы" 1998 жылғы 23 сәуірдегі № 219-I (бұдан әрі – Радиациялық қауіпсіздік туралы заң), "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі № 242-ІІ, "Жануарлар дүниесін қорғау, олардың өсімін молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі № 593-II (бұдан әрі – Жануарлар дүниесін қорғау туралы заң), "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі № 175-ІІІ (бұдан әрі – Ерекше қорғалатын аумақтар туралы заң), Қазақстан Республикасының Заңдарынан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      2. ЭК-нің нормалары қоршаған ортаны қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін халықаралық шарттардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының нормаларына қайшы келген жағдайда, ЭК-нің қолдану қағидалары 2-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген. Экологиялық заңнама табиғат объектілерін күзету, молайту, пайдалану, қорғау және адамның өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі қатынастарды реттейді. Қоршаған ортаны қорғау ұғымы ЭК-нің 1-бабының 46) тармақшасында берілген.

      ЭК-де реттелмеген бөлігінде шаруашылық қызметте пайдаланылмайтын ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жер қойнауын, суын, ормандарын және өзге де табиғи ресурстарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 2 маусымдағы № 734 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қызыл кітабын жүргізу қағидаларына енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді қорғау және пайдалану мәселелері жануарлар дүниесін қорғау туралы, ерекше қорғалатын аумақтар туралы, жер қойнауы туралы заңдармен, басқа да арнайы заңдарымен, нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.

      3. Қазақстан Республикасында табиғи ресурстар жалпы не арнайы табиғат пайдалануында болуы мүмкін (ЭК-нің 10-бабы). Табиғат пайдалану құқығы объектісі деп табиғи түрде оқшауланған (жергілікті жерде оның шекараларын белгілеу арқылы, "заттай") табиғи ресурстардың жеке белгілі бір бөліктерін (жер учаскесі, су объектісі, орман қорының учаскесі және тағы басқа) түсінген жөн.

      Жалпы табиғатты пайдалану кезінде халық өмірлік қажетті сұраныстарды қанағаттандыру үшін, экологиялық заңнамада көзделген шектеулерді қоспағанда, табиғи ресурстарды оқшауланған пайдалануға берместен қоршаған орта объектілерін тұрақты және өтеусіз негізде пайдалануды жүзеге асыруға құқылы.

      Арнайы табиғат пайдаланудың анықтамасы ЭК-нің 10-бабының 4-тармағында қамтылған. Шаруашылық және өзге де қызмет түрлерін жүргізу процесінде қоршаған ортаға эмиссияларды табиғат пайдаланушылар ЭК-да және өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен арнайы рұқсаттар негізінде және ақылы шарттармен жүзеге асырады. Сонымен, қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы табиғи ресурстардың жекелеген түрлерін пайдаланғаны үшін міндетті төлемдер сияқты Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленеді (ЭК-нің 101-бабының 1-тармағы, 102-бабы).

      4. Табиғат пайдаланушылардың, олардың түрлерінің анықтамалары ЭК-нің 1-бабының 71) тармақшасында және 11-бабында, қоршаған ортаға эмиссиялар ЭК-нің 1-бабының 43) тармақшасында қамтылған.

      Қоршаған ортаға эмиссияларға белгіленген лимиттер, яғни белгілі бір мерзімге және объектінің санатына қарай қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган не облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары белгілейтін қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтік көлемі шегінде жол беріледі.

      Нәтижесінде қоршаған ортаға эмиссияларға жол берілетін шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар ЭК-нің 69-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, эмиссиялардың нақты түрлерін жүзеге асыруға арнайы табиғат пайдалануға арналған лицензияны және (немесе) экологиялық рұқсатты не кешенді экологиялық рұқсатты алуға міндетті, оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган не облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынған өтініш негізінде береді (ЭК-нің 12-бабының 3-тармағы, 20, 68, 69 және 79-баптары). Шаруашылық және өзге де қызметті қоршаған ортаға эмиссияларға экологиялық рұқсатсыз (кешенді экологиялық рұқсатсыз) жүзеге асыру не мұндай рұқсатты уақтылы ресімдемеу экологиялық заңнамада көзделген жауаптылыққа әкеледі және шаруашылық және өзге қызметті тоқтата тұру не қоршаған ортаны ластау көзі болып табылатын объектіні пайдалануды тоқтата тұру үшін негіз болып табылады.

      5. Рұқсат табиғат пайдаланушының қоршаған ортаға эмиссияларға құқығын куәландыратын, өзі және ол жүргiзiп отырған шаруашылық және өзге де қызмет туралы мәлiметтердi, рұқсаттың қолданылу мерзiмiн, табиғат пайдалану шарттарын, сондай-ақ рұқсаттың қолданылуы кезеңiне арналған қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi іс-шаралар жоспарын қамтитын құжаттар жиынтығын білдіреді (ЭК-нің 1-бабының 98) тармақшасы, 70-бабы).

      Кешенді экологиялық рұқсат табиғат пайдаланушының экологиялық заңнамада белгіленген ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу және эмиссиялардың техникалық үлестік нормативтерін сақтау шартымен қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыруына құқығын куәландыратын бірыңғай құжат болып табылады.

      Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар (кешенді рұқсаттар) өндіріс объектілерінің санаттарына және қызмет түрлеріне қарай белгілі бір мерзімге не мерзімсіз және қолданыстағы рұқсатта көрсетiлген табиғат пайдаланудың қолданылатын технологиялары мен шарттары өзгергенге дейiн беріледі (ЭК-нің 76, 79-баптары).

      ЭК-нің 78-бабы 1-тармағына сәйкес қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатты қайта ресімдеу табиғат пайдаланушының атауы өзгерген, ол қайта ұйымдастырылған жағдайларда, сондай-ақ осындай эмиссияға рұқсат берілген объектіге (объектілерге) қатысты оның (олардың) меншік иесі ауысқан жағдайда, қайта ресімдеу қоршаған ортаға жүктемені ұлғайтуға алып келмесе, күнтізбелік он бес күн ішінде жүзеге асырылады.

      Табиғат пайдаланушының эмиссияларға рұқсатты қайта ресімдеу жөніндегі міндеттерді орындамауы қоршаған ортаға эмиссияларды заңсыз жүзеге асыру деп санаған жөн.

      Табиғат пайдаланушыны қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттан айыру сот тәртібімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      6. ЭК-нің 12-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес табиғи ресурстарды пайдалану (алып қою) және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жекелеген қызмет түрлерін қоршаған ортаға эмиссияларсыз жүзеге асыру экологиялық рұқсатты талап етпейді және лицензиялар немесе рұқсаттар, Үкіметтің немесе жергілікті атқарушы органдардың табиғи ресурстарды заңдарда белгіленген тәртіппен беру туралы шешімдері не заңнамалық актілерде белгіленген тәртіппен жасалатын табиғат пайдалануға арналған шарттар (келісімшарттар) негізінде, арнайы табиғат пайдалану құқығы шеңберінде жүзеге асырылады.

      7. Қоршаған ортаны ластау ұғымы ЭК-нің 1-бабы 48) тармақшасында берілген.

      Қоршаған ортаны ластаудың түрлері мыналар болып табылады: химиялық, механикалық (бітеліп қалу), биологиялық және радиоактивті (жұқтыру), табиғи (радиациялық, акустикалық немесе электромагниттік сәулелену, діріл және өзге де зиянды физикалық әсер ету).

      Экологиялық заңнаманы қолданған кезде қоршаған орта сапасының рұқсат етілген нормативтерінен асатын не тіпті олардан аспаса да, бірақ кейіннен оған елеулі зиян келтірген ластау заңды маңызы бар болып табылатындығын ескерген жөн. Қоршаған ортаның жекелеген объектілерін ластаудың нақтыланған ұғымдары заңнамада қамтылған.

      Қоршаған орта сапасының нормативтері деп қоршаған орта жағдайының және табиғи ресурстардың адамның өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы жағдайын сипаттайтын көрсеткіштері түсіндіріледі.

      Қоршаған ортаны ластаудың негізгі түрлері мыналар болып табылады:

      қоршаған ортаны қорғау саласында белгіленген нормалар мен қағидаларды бұза отырып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге қызмет;

      авариялар, апаттар мен дүлей зілзалалар;

      қалдықтарды елдің аумағына орналастыру.

      Қоршаған ортаға зиянды заттардың эмиссиялары жүретін объектілер ластау көздері болады.

      Істердің осы санатын қараған кезде сол немесе өзге жабдық (аппарат, қондырғы, агрегат) өзінің арналуын, технологиялық сипаттамаларын және орындайтын жұмысын, табиғи габариттерін және басқа да көрсеткіштерді негізге ала отырып, ластаушы заттар эмиссиялары көздерінің қай түріне (жылжымалы немесе стационарлық) жататындығын анықтау қажет. Сонымен, ЭК-нің 1-бабының 65-3) тармақшасына ұқсас осы қондырғыны алып жүретін көлік құралына құрылымдық тұрғыдан бекітілген бұрғылау қондырғысы жылжымалы көздерге жатпайды, себебі қондырғының тікелей жұмыс процесі (бұрғылау) көлік құралы тоқтаған кезде, яғни стационарлық жағдайда жүреді.

      8. Экологиялық құқық бұзушылыққа экологиялық заңнаманы бұзатын және қоршаған ортаға, адамның денсаулығы мен өміріне, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, мүлкіне, мемлекетке зиян келтіретін не мұндай келтірудің нақты қатерін тудыратын әрекет (әрекетсіздік) жататындығы түсіндірілсін.

      Қоғам мен табиғаттың өзара іс-қимылы саласындағы қоғамдық қатынастар, табиғат пайдалану саласындағы басқарушылық қатынастар, қоршаған ортаны жойылудан, жұтаңданудан, бүлінуден, ластанудан және өзге де зиянды әсерден қорғау объектілері ретіндегі табиғи ресурстарға меншік құқығының және өзге де құқықтардың қатынасы, соған орай туындайтын және осы құқықтық қатынастар субъектілерінің қызметі жүзеге асырылатын қоршаған орта және онымен табиғи өзара байланыста болатын оның жекелеген компонеттері, сондай-ақ адамның өмірі мен денсаулығы, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, мүлкі, мемлекеттік мүдделер экологиялық құқық бұзушылық объектілері болып табылады.

      9. Кез келген жеке және заңды тұлғалар: мемлекеттік және мемлекеттік емес, резиденттер мен резидент еместер ластау субъектілері (зиян келтірушілер) деп танылуы мүмкін.

      Қоршаған ортаға, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың, немесе мемлекеттің мүлкіне экологиялық заңнаманы бұзу салдарынан зиян келтірген жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі (бұдан әрі – АК) 917-бабының 2-тармағына сәйкес зиян өздерінің кінәсінен келтірілмеген жағдайларды қоспағанда, келтірілген зиянды өтеуге міндетті.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      10. Экологиялық заңнаманы бұзу мүліктік (азаматтық-құқықтық), әкімшілік, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

      ЭК-нің 321-бабының 2-тармағына сәйкес қоршаған ортаға, азаматтардың денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің мүлкіне:

      табиғи ресурстарды жою және бүлдіру;

      табиғи ресурстарды заңсыз және ұтымсыз пайдалану;

      өз бетінше эмиссиялар;

      қоршаған ортаға нормативтен тыс эмиссиялар салдарынан келтірілген залал өтелуге тиіс.

      ЭК-нің 1-бабының 42) тармақшасына сәйкес қоршаған ортаға келтiрiлетiн залал деп табиғи ресурстардың жұтаңдануы мен сарқылуын немесе тiрi организмдердiң қырылуын туындатқан немесе туындататындай етiп қоршаған ортаны ластау немесе табиғи ресурстарды белгiленген нормативтерден артық алу түсініледі.

      Қалдықтарды нормативтен тыс орналастыру, ластаушы заттарды, қалдықтарды және ағын сулардың төгінділерін орналастыру үшін жабдықталған және арналған объектілерге нормативтен тыс төгу жағдайлары, сондай-ақ химиялық заттардың түсуі немесе ағын сулардың жерүстін, жер қойнауын және жерасты суларын ластауды болдырмайтын қорғаныс құрылыстарымен шектелген өндірістік алаңдарға ағу жағдайлары қоршаған ортаға залал ретінде қарастырылмайды. Ілеспе газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламаларынан, сондай-ақ жобалық құжаттамадан және қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтері жобаларынан, оның ішінде табиғат пайдаланушы мемлекеттік экологиялық сараптамаға (бұдан әрі – МЭС) берген және шекті рұқсат етілген эмиссиялардың нормативтерінен асып түсуге әкелмейтін газ жағу сценарийлерінің және (немесе) кестелерінің өзгеру жағдайлары өз бетінше және нормативтен тыс эмиссияларға жатпайды (ЭК-нің 321-бабының 7, 8 және 9-тармақтары).

      "Міндетті экологиялық сақтандыру туралы" 2005 жылғы 13 желтоқсандағы № 93-III Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Экологиялық сақтандыру туралы заң) 7-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар, өз қызметін міндетті экологиялық сақтандыру шартын жасаспай жүзеге асыруға құқылы емес. Шаруашылық және өзге қызметтің экологиялық қауіпті түрін жүзеге асыратын объекті біреуден көп болған кезде, көрсетілген шарт объектінің барлық иелерін сақтандырылушылар ретінде сақтандыру полисінде міндетті түрде көрсете отырып, олардың кез келген біреуімен жасалады.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      11. Соттардың табиғи ресурстарды жою және бүлдіру және табиғи ресурстарды заңсыз және ұтымсыз пайдалану ұғымдарын былайша түсінгені жөн:

      табиғи ресурстарды жою және бүлдіру – қоғамдық-қатерлі салдардың қауіптілік дәрежесін ескере отырып, бұл олардың өздерінің ерекше шаруашылық, тауар, ландшафты-рекреациялық және экожүйелік (суды реттейтін, топырақты қорғайтын, климат құрайтын және басқалары) құндылықтарын толық жоғалтуы, оларды қалпына келтіру мүмкін емес немесе жерді рекультивациялау, ағаш егу, түбін тазарту және басқа да жұмыстар жүргізуді талап етеді не оның топырақты үстіңгі ластанудан жоспарлау және шалғындандыру жөніндегі жұмыстарды жүргізу арқылы қалпына келтіруге не табиғи ресурстың өзін өзі қалпына келуіне жол берілетін олардың өздерінің ерекше құндылығын ішінара жоғалтуы;

      табиғи ресурстарды заңсыз және ұтымсыз пайдалану – ЭК-нің 12-бабында белгіленген тәртіппен алынатын арнайы табиғат пайдалануға арналған рұқсатсыз, шартсыз (келісімшартсыз), жер учаскесін (келісімшарт аумағын) пайдалану немесе иелену құқығына арналған актісіз, ағаш кесу билетінсіз немесе қосалқы орман пайдалану ордерінсіз жасалған; не рұқсат етілген арнайы табиғат пайдалану, бірақ салақтық және технологиялық деңгейінің төмендігі салдарынан табиғи ресурстардың ерекше құндылығын азайтуға әкелген әрекет.

      Нормативтен тыс эмиссиялар және өз бетінше эмиссиялар анықтамалары тиісінше ЭК-нің 1-бабының 56-1) және 61-1) тармақшаларында бар. Бұл ретте инструментальдық, талдамалық немесе есеп айырысу әдістерімен мемлекеттік бақылау барысында анықталған және ведомстволық және өндірістік бақылауда тіркелмеген ластаушы заттардың шығарындыларының, төгулерінің және оларды орналастырудың белгіленген лимиттерінен асып кетуінен болған қоршаған ортаға эмиссиялар да қоршаған ортаға өз бетінше эмиссия болып табылады.

      Қоршаған ортаны авариялық ластау ұғымы ЭК-нің 1-бабының 49) тармақшасында, Экологиялық сақтандыру туралы заңның 1-бабының 2) тармақшасында берілген.

      12. Қоршаған ортаға келтірілген зиянның өтелуі туралы сотқа қойылған талап уәжді болуы керек, материалдық және процестік құқық нормаларына сілтемелерді, шынайы залалдың дәлелдемелері мен кінәлі адам мен келтірілген залал арасындағы құқыққа қарсы әрекеттер (әрекетсіздік) арасындағы себептік-тергеу байланыстарын қамтуға тиіс.

      Соттар зиянды салдарлар басталғандығы туралы куәландыратын мән-жайларды нақтылауға тиіс. Атап айтқанда, қоршаған ортаны ластау немесе табиғи ресурстардың жұтаңдануына және сарқылуына немесе тірі организмдердің жойылуына әкелген белгіленген нормативтерден артық табиғи ресурстарды алып қою орын алған-алмағандығын. Сол сияқты жасалған экологиялық құқық бұзушылықтың өзге де мән-жайларын белгілеуге шаралар қолдану қажет.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      13. Жалпы қағида бойынша кінә қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін мүліктік жауаптылыққа тартуға негіз болып табылады (АК-нің 917-бабының 1-тармағы).

      Жекелеген жағдайларда қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін жауаптылықты зиян келтірушінің кінәсінің бар-жоғына қарамастан жүктеуге жол беріледі. Сонымен теңізде көмірсутектерге барлауды және (немесе) өңдіруді жүргізетін жер қойнауын пайдаланушы теңізді ластаған жағдайда, егер зиян еңсерілмейтін күш әсерінің немесе жәбірленушінің пиғылы салдарынан болғандығын дәлелдей алмаса, кінәсінің бар-жоқтығына қарамастан жауапты болады (Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекстің 154-бабының 8-тармағы).

      Сол сияқты АК-нің 931-бабының 1-тармағына, ЭК-нің 321-бабының 5-тармағына сәйкес қызметі қоршаған ортаға жоғары қауіптілікпен байланысты жеке және заңды тұлғалар, егер зиянның еңсерілмейтін күш немесе жәбірленушінің теріс пиғылы салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, келтірілген залалды олардың кінәсінің бар-жоқтығына қарамастан өтейді.

      Егер жауаптылығы міндетті экологиялық сақтандыруға жататын сақтанушы қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қауіптілігіне байланысты объект иесі ретінде сақтандырылса, онда міндетті экологиялық сақтандыру шарты қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру бөлігінде жасалады (Экологиялық сақтандыру туралы заңның 8-бабының 2-тармағы).

      Жеке немесе заңды тұлғаның, қызметінің қоршаған орта үшін қауіптілігінің жоғары болатындығын-болмайтындығын сот экологиялық заңнаманың ережелерін, оның ішінде "Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 27 бұйрығының ережелерін ескере отырып шешеді.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      14. Бірнеше адам бірлесіп қоршаған ортаға зиян келтірген кезде АК-нің 932-бабына сәйкес оларға ортақ жауаптылық жүктеледі. Талап қоюшының өтініші бойынша кінәлі адамдарға, егер өндіріп алудың мұндай тәртібі қоршаған ортаны қорғау мүдделеріне сәйкес келсе, келтірілген зиянды тиімді және толық өтеуді қамтамасыз етсе, үлестік жауаптылық жүктеуге болады.

      Сот кінәлі адамдарға үлестік жауаптылықты жүктей отырып, олардың әрқайсысының кінәлілік дәрежесін ескеруге тиіс. Әрбір зиян келтірушінің кінәсінің дәрежесін анықтау мүмкін болмаған жағдайда жауаптылық мөлшері үлестердің теңдігін ескере отырып белгіленеді. Бірнеше адам экологиялық құқықты бұзған кезде келтірілген зиян үшін ортақ, не үлестік жауаптылықты жүктеуге көрсетілген адамдардың бірлесіп қатысқаны анықталған эпизодтар бойынша ғана рұқсат етіледі.

      Сот АК-нің 935-бабының 5-тармағына сәйкес зиян келтірушінің мүліктік жағдайын және зиянды заңды тұлға, келтірген не жеке тұлғаның қасақана әрекеттерімен келген жағдайларды қоспағанда, зиянды өтеу мөлшерін азайтуды назарға алуға құқылы.

      15. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, олардың өсімін молайту және пайдалану саласындағы арнайы уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар, олардың аумақтық бөлімшелері, өзінің құзыреті шегінде мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар, прокурорлар өздерінің өкілеттіктері шегінде қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардың қоршаған ортаға, адамның өмірі мен денсаулығына теріс әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметін шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы істер бойынша талап қоюшы болуы мүмкін.

      Жеке тұлғалар сотқа экологиялық заңнаманың бұзылуы салдарынан өздерінің өмірі мен денсаулығына, мүлкіне келтірілген зиянды өтеу туралы талаптар, кәсіпорындарды, құрылыстар мен өзге де экологиялық қауіпті объектілерді орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру туралы шешімдердің күшін жою туралы, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардың, қоршаған ортаға, адамның өмірі мен денсаулығына теріс әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметін шектеу және тоқтату туралы талаптар қоюға құқылы (ЭК-нің 13-бабы).

      Қоғамдық бірлестіктердің ЭК-нің 14-бабына сәйкес жеке немесе заңды тұлғалардың, қоршаған ортаға, адамның өмірі мен денсаулығына теріс әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметін шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы шешімдерді сот тәртібімен күшін жоюды талап етуге, экологиялық заңнаманы бұзу салдарынан сотқа азаматтардың өміріне, денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың, мүлкіне келтірілген зиянды өтеу туралы, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, оның ішінде белгісіз адамдар тобының қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелері бойынша құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар.

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің 616-бабының 28) тармақшасына сәйкес талапкерлер (арыз берушілер) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың, құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау туралы, оның ішінде белгіленбеген тұлғалар тобының мүдделеріндегі талап қоюлар (арыздар) бойынша арыз берген кезде мемлекеттiк баж төлеуден босатылады.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      16. Жеке және заңды тұлғалар МЭС-нің қорытындысын (ЭК-нің 57-бабы) сот тәртібімен даулауға құқылы. МЭС-нің оң қорытындысынан айыруды (кері қайтарып алуды) оны берген орган табиғат пайдаланушының жазбаша өтінішінің немесе келісімінің негізінде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын бұзу анықталған жағдайда МЭС-нің оң қорытындысынан айыру (кері қайтарып алу) сот тәртібімен жүзеге асырылады (ЭК-нің 51-бабының 7-тармағы).

      Міндетті МЭС-ке жататын объектілердің тізбесі ЭК-нің 47-бабында белгіленген. ЭК-нің 51-бабына орай МЭС-нің оң қорытындысынсыз қызметті жүзеге асыру экологиялық заңнаманы бұзу болып табылады.

      Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 16 ақпандағы № 100 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларының 9 және 13-тармақтарына сәйкес электрондық түрде сараптамаға ұсынылатын материалдар басқа құжаттармен қатар қоғамдық пікірді ескеру нәтижелерін де қамтуға тиіс. Өзге де мемлекеттік органдар жүзеге асыратын салалық сараптамалардың қорытындылары, сондай-ақ сырттай сарапшылардың ұсынымдық сипаттағы қорытындылары ескеріледі.

      МЭС жүзеге асырған кездегі келіспеушіліктер келіссөздер арқылы не сот тәртібімен қаралады (ЭК-нің 58-бабы). Мұндай дауларды шешкен кезде соттар экологиялық заңнаманы, Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдауға жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияның (Орхус қаласы, 1998 жылғы 25 маусым, "Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдауға жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияны ратификациялау туралы" 2000 жылғы 23 қазандағы № 92-II Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланды, бұдан әрі – Орхус конвенциясы) ережелерін басшылыққа алғаны жөн.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      17. Соттарға қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына тiкелей немесе жанама әсер етуі мүмкін болатын кез келген шаруашылық және өзге де қызмет түрлерi үшiн қоршаған ортаға әсер етуді бағалаудың (бұдан әрі – ҚОӘБ) міндеттілігі белгіленгендігі, жүргізу сатысы мен тәртібі ЭК-нің 6-тарауында айқындалғаны түсіндірілсін. ЭК-нің 35 және 38-баптарына сәйкес ҚОӘБ шеңберінде қоршаған орта, адамның денсаулығы үшін көзделген шаруашылық және өзге де қызметтің ықтимал салдары бағаланады, қолайсыз салдарларды (табиғи экологиялық жүйелер мен табиғи ресурстардың жойылуы, жұтаңдануы, бүлінуі және сарқылуы) алдын алу, экологиялық заңнаманың талаптарын ескере отырып, қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі шаралар әзірленеді.

      ҚОӘБ-ны қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге лицензия алған жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады. ҚОӘБ бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды және қаржыландыруды жоспарланып отырған қызметтің тапсырыс берушісі (бастамашысы) қамтамасыз етеді.

      Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы № 135-ө бұйрығымен бекітілген Қоғамдық тыңдаулар жүргізу қағидаларына сәйкес ҚОӘБ материалдарын талқылау жөніндегі қоғамдық тыңдаулар ашық жиналыс не сауалнама түрінде жүргізіледі. Басқарушылық, шаруашылық және өзге де қызметпен белгіленген тапсырыс беруші (бастамашы) қоғамдық тыңдаулар өткізілетін уақыт пен жерді жергілікті атқарушы органдармен келіседі және қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландыруды олар өткізілетін жер мен уақытты көрсете отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

      Хабарландыруды жариялау қоғамдық тыңдаулар өткізілетін мерзімге дейін 20 күн бұрын мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырылуға тиіс.

      ЭК-нің 57-2-бабына сәйкес іске асырылуы қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін жобалар бойынша және МЭС жүргізген кезде қоғамдық тыңдаулар өткізу міндеті, оларды ұйымдастыру, өткізу тәртібі және нәтижелерін тіркеу жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатқызылған (ЭК-нің 20-бабы).

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      18. ЭК-нің 14-бабына орай қоғамдық бірлестіктер қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметті жүзеге асырған кезде ЭК-нің 163, 164 және 165-баптарына сәйкес мемлекеттік органдар мен ұйымдардан уақтылы, толық және дұрыс экологиялық ақпарат алуға құқылы. Экологиялық ақпаратты беру "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221-ІІІ Заңына және Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 2 маусымдағы № 130 бұйрығымен бекітілген "Экологиялық ақпарат беру" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      "Мемлекеттік құпиялар туралы" 1999 жылғы 15 наурыздағы № 349-І Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес экологияның жай-күйі туралы мәліметтер құпияландыруға жатпайды.

      Мемлекеттік органдар жұртшылықтың экологиялық ақпарат беру туралы өтініші бойынша оны ЭК 21-тарауының, "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V Қазақстан Республикасы Заңының және Орхусс конвенциясының 4-бабының талаптарын ескере отырып ұсынуға тиіс. Мүдделі адамдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 13 қазандағы № 589 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорын жүргізу қағидаларына сәйкес Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорынан тиісті экологиялық ақпарат алуға да құқылы.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      19. Соттар осы санаттағы дауларды қараған кезде Орхусс конвенциясының 9-бабының ережелері жұртшылық өкілдерінің (жеке және (немесе) заңды тұлғалардың):

      жұртшылықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткізуге құқығын бұзулар;

      жұртшылықтың жоспарланып отырған шаруашылық қызмет бойынша (ҚОӘБ және МЭС рәсімдері шеңберінде) шешімдерін қабылдау процесіне қатысу құқығын бұзулар;

      мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың, ұйымдардың, жеке тұлғалардың экологиялық заңнаманы бұзуға байланысты шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау бойынша қол жеткізу туралы дауларға қолданылатындығын ескеру қажет.

      20. АК-нің 126, 1017-баптарының талаптарына орай (қызметтік және коммерциялық құпия, ашылмаған ақпарат туралы) өтініш берушіге қондырғының қуаты, шикізат базасы, жұмыс ауысымдарының саны, табиғатты қорғау іс-шараларын қаржыландыру және басқа да деректер туралы мәліметтер беруден бас тартылуы мүмкін. Мәліметтер мен қол жеткізу шектеулі деректерге қатысты экологиялық ақпарат алудан бас тарту мынадай заңнамалық актілерге де: Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне (жедел іздестіру қызметінің құпиясы, тергеу жүргізу және алдын алу тергеу), "Мемлекеттік статистика туралы" 2010 жылғы 19 наурыздағы № 257-ІV (жеке және заңды тұлғаларға бастапқы статистикалық ақпараттың құпиялылығына кепілдіктер), "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы № 418-V (жеке өмірге қолсұқпаушылықты бұзу) Қазақстан Республикасының Заңдарына негізделуі мүмкін.

      21. ЭК-нің 288-бабына сәйкес қызмет процесінде өндіріс және тұтыну қалдықтары түзілетін жеке және заңды тұлғалар, егер қалдықтармен жұмыс істеу шартын айқындайтын заңнамада немесе шартта өзгеше көзделмесе, олар түзілетін кезден бастап қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу үшін меншік иелері ретінде жауапты болады. Олар экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға және қалдықтарды сақтау, кәдеге жарату, залалсыздандыру, сақтау орындарына орналастыру немесе қауіпсіз жою жөніндегі іс-шараларды орындауға міндетті. Қалдықтарды қалпына келтіргенге немесе өңдегенге не көмгенге дейін оларды қауіпсіз сақтау мерзімдері ЭК-нің 288-бабының 3-тармағында айқындалған.

      Қалдықтарды уақытша орналастыру ұғымы ЭК-нің 1-бабының 30-1) тармақшасында берілген. Соттар ЭК-нің 288-бабының 3-1-тармағына сәйкес қалдықтарды уақытша орналастыру қалдықтарды орналастыру болып табылмайтындығын ескеруге тиіс. Мұндай қалдықтарды сақтау мерзімдерін бұзу оларды түзілген кезден бастап орналастырылған деп тануға әкеледі.

      Экологиялық заңнамамен қалдықтардың меншік иелеріне қалдықтарды жинаудың орталықтандырылған жүйесін немесе қалдықтарды жинау, кәдеге жарату, қайта өңдеу, сақтау, орналастыру немесе жою жөніндегі операцияларды орындайтын, біліктілік талаптарына жауап беретін субъектілердің қызметтерін пайдалану міндеті не қалдықтарды орналастыру немесе жою жөніндегі операцияларды өз бетімен жүзеге асыру міндеті жүктеледі. Меншік иесінің қалдықтарды мұндай субъектілерге беруі бір мезгілде, егер тараптар өзге шарттармен келісім жасамаса, оларға қалдықтарға меншік құқығының көшуін білдіреді.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      22. Қалдықтарды жинау, кәдеге жарату, қайта өңдеу, сақтау, орналастыру немесе жою жөніндегі операцияларды орындайтын және бөгде тараптардан қабылданатын қалдықтарды тасымалдауды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар, егер заңнамада немесе келісімде өзгеше көзделмесе, қалдықтардың меншік иесінің қалдықтарды оларға тиесілі көлік құралына тиеген және оларды жеке немесе заңды тұлға, қабылдап алған сәттен бастап және қалдықтарды белгіленген жерде көлік құралынан түсіргенге дейін олармен қауіпсіз жұмыс істеуге жауапты болады.

      Өндіріс және тұтыну қалдықтарын қалдықтарды жинау, кәдеге жарату, қайта өңдеу, сақтау, орналастыру немесе жою жөніндегі операцияларды орындауға жиынтығында құқықтары жоқ ұйымдарға берген жағдайда қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы төлеу жөніндегі міндет қызметінің нәтижесінде осындай қалдықтар түзілетін адамдарға жүктеледі.

      Өндіріс және тұтыну қалдықтарының меншік иелерінің, сол сияқты қалдықтарды жинау, тасымалдау, кәдеге жарату, қайта өңдеу, сақтау, орналастыру немесе жою жөніндегі операцияларды орындайтын субъектілердің жауаптылығы әрбір нақты жағдайда ЭК-нің тиісті тарауларында белгіленген тәртіппен қалдықтардың түріне және қауіптілік дәрежесіне қарай айқындалады.

      Соттар ЭК-нің 297-бабының мағынасы бойынша жауаптылықтың көлемі мен мөлшеріне шаруашылық қызмет субъектілерінің қалдықтарды кәдеге жаратуға және олардың түзілу көлемін азайтуға бағытталған экологиялық іс-шараларды, оның ішінде қаржы іс-шараларын орындауы әсер ететіндігін ескеруі қажет.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      23. ЭК-нің 101-бабына сәйкес қоршаған ортаға эмиссиялар үшін, оның ішінде өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастырғаны үшін төлемақы Салық кодексінің 69-тарауында белгіленген қағидалар бойынша қоршаған ортаға эмиссиялар үшін арнайы табиғат пайдалану тәртібімен белгіленеді және алынады.

      Қоршаған ортаға эмиссиялар белгіленген тәртіппен ресімделмеген экологиялық рұқсатсыз ластаушы заттарды жылжымалы көздерден шығаруларды қоспағанда, белгіленген нормативтерден артық қоршаған ортаға эмиссиялар ретінде қаралады.

      Қоршаған ортаға эмиссияларды төлеу жөніндегі салықтық міндеттемелерді орындау табиғат пайдаланушыны қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеуден босатпайды (ЭК-нің 101-бабының 5-тармағы).

      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      24. Қоршаған ортаға келтірілген залалды экономикалық бағалауды анықтаған кезде соттар ЭК-нің 108-бабының 1-тармағына сәйкес қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі шығындардың құндық мәнін және табиғи ресурстардың тұтыну қасиеттерін негізге алуы тиіс.

      Атмосфералық ауаны және су, жер ресурстарын ластаудан, сондай-ақ өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастырудан келген залалды экономикалық бағалау келтірілген залалды толық жою қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар арқылы мүмкін-мүмкін емес екендігіне қарай ЭК-нің 108, 109 және 110-баптарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 маусымдағы № 535 қаулысымен бекітілген Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау ережесіне (бұдан — әрі Залалды бағалау ережесі) және басқа да құқықтық актілерге сәйкес тура немесе жанама әдістермен айқындалады (ЭК-нің 108-бабының 3-тармағы).

      Қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың, мүлкіне, мемлекетке келтірілген залалды құндық бағалауды айқындаған кезде, сондай-ақ тараптар берген есептемелерді тексеру үшін соттар Залалды бағалау ережесіндегі әрбір қоршаған ортаның объектісіне қатысты белгіленген нормативтер мен таксаларды қолдануға тиіс. Егер залалды есептеу тәртібі арнайы нормативтік құқықтық актімен реттелмесе, оның мөлшері келтірілген залалды, оның ішінде жіберілген пайданы ескере отырып, қоршаған ортаның бүлінген жай-күйін қалпына келтіруге арналған іс жүзіндегі шығындар бойынша айқындалады.

      Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбаларды (құм, қиыршық тас, саз және басқалары, бұдан әрі – КТҚ) өз еркімен өңдеуден келген залалды экономикалық бағалау өңделген пайдалы қазбалар және (немесе) олардан алынып өндірілген тауар өнімі құнының он еселенген мөлшерінде айқындалады.

      Берілген есептемелердің дұрыстығына күмән туындаған жағдайда не тараптардың бірі қарсылық білдірген кезде сот қайшылықтарды тексеру және жою мақсатында Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 77 және 82-баптарына сәйкес маманды тартуға немесе тиісті сот сараптамасын тағайындауға құқылы.

      Табиғат пайдаланушы тиісті рұқсатсыз келтірген залалды бағалау есептемесі Залалды бағалау ережесінің тиісті коэффициентін қолданып, әрбір ластану көзі бойынша жеке-жеке жүргізілуге тиіс.

      Залалды бағалау ережесіне сәйкес ластаушы заттардың шығарындыларының (төгінділерінің) белгіленген нормативтерінен асуы туралы куәландыратын құралмен өлшеу мен талдаулардың нәтижелері мемлекеттік экологиялық қадағалау барысында жүргізілген соңғы тексеруден бастап ескіру мерзімі аяқталғанға дейінгі кезеңге қолданылады.

      Залалды бағалау есептемесі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жеке шағым жасалуға жатпайтындығын ескерген жөн, себебі есептеме АПК-нің 7-тарауында көзделген тәртіппен іс бойынша басқа да дәлелдемелердің жиынтығымен бағалануға жататын дәлелдеме болып табылады.

      Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      25. Залалды экономикалық бағалаудың тура әдісі іс жүзіндегі шығындарды және қоршаған ортаны қалпына келтіру, жұтаңданған табиғи ресурстардың орнын толтыру және тірі организмдерді сауықтыру үшін қажетті неғұрлым тиімді инженерлік, ұйымдық-техникалық және технологиялық іс-шаралар ескеріле отырып айқындалады.

      Қажетті материалдарды жинауды және талдауды, келтірілген залалды экономикалық бағалауды белгілеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдары залал келтіру фактісі анықталған күннен бастап бір ай мерзімде өткізеді. Қоршаған ортаға залал келтірген адам қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі нақты іс-шараларды және оларды өткізу мерзімдерін көрсетіп, кепілдеме хат ұсынуға міндетті. Залалдың салдарларын жою жөніндегі шараларды бағалау олардың нарықтық құны бойынша немесе қоршаған ортаны қорғау саласында тәуелсіз сараптама жүргізуге уәкілетті тәуелсіз сараптама қорытындысын ескере отырып айқындалады.

      ЭК-нің 110-бабының және Залалды бағалау ережесінің 4-тармағының мағынасы бойынша келтірілген залалды қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар арқылы толық жоюды жүзеге асыру мүмкіндігін анықтаған кезде соттар қоршаған ортаны ластау салдарларын жою жөнінде және қоршаған ортаны ластаудың және оған кез келген өзге нысандарда залал келтірудің алдын алу жөніндегі міндетті превентивті шараларды дереу қабылдау мақсатында залалды экономикалық бағалаудың тек тура әдісін ғана назарға алуға тиіс.

      Соттарға қоршаған ортаға келтірілген залалды экономикалық бағалау тура әдіспен айқындалатын дау бойынша істі сот талқылауына дайындау сатысында тараптарға ЭК-нің 322-бабының ережелерін түсіндіру қажет, оған сәйкес тараптардың келісімімен соттың шешімі бойынша зиян ерікті түрде, заттай нысанда жауапкерге қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі міндетті жүктеу арқылы өтелуі мүмкін.

      Залалды экономикалық бағалаудың жанама әдісі залалды экономикалық бағалаудың тура әдісі қолданылуы мүмкін емес жағдайларда: атмосфералық ауаны, су ресурстарын ластау, сондай-ақ өндіріс және тұтыну қалдықтарын, оның ішінде радиоактивті қалдықтарды белгіленген нормативтерден артық орналастыру және табиғи ресурстарды нормативтен артық алып қою кезінде қолданылады. Сонымен, зиянды заттар бар ағынды сулардың өзенге құйылуы қоршаған ортаға келтірілген залалды бағалаудың жанама әдісін қолдануды, ал мұндай сулардың су қоймасына іргелес жергілікті жерге түсуі тура әдісті болжайды.

      Залалды жанама әдіспен экономикалық бағалау ЭК-нің 110-бабының 2-тармағында белгіленген тәртіппен айқындалады және қоршаған ортаға іс жүзіндегі әсер мен белгіленген норматив арасындағы айырмаға, сондай-ақ қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы мөлшерлемелеріне, экологиялық қауіпсіздік және экологиялық қатер деңгейлеріне негізделеді.

      26. Табиғат пайдаланушының міндетті экологиялық төлемдерді төлеуден, қоршаған ортаға келтірілген залал үшін жауаптылықтан жалтарғаны үшін жауаптылығының аражігін қатаң ажырату қажеттілігіне соттар назар аударсын.

      Жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына зиян, жеке және заңды тұлғалардың, мүлкіне, мемлекетке не қоршаған ортаға залал келтірген адам келтірілген зиянды немесе залалды ерікті түрде немесе сот шешімі бойынша жоюға не оларды құндық нысанда зиян немесе залал келтіру кезінде орын алған жай-күйге дейін жеке меншік немесе сақтандыру қаражатының есебінен толтыруға, табиғи ресурстардың өсімін молайту жөніндегі, талапкерге жіберіп алған пайданы қоса алғанда, залалды өтеу жөніндегі іс-шараларды орындауға не ақша қаражаттарын мемлекеттік бюджетке немесе жәбірленген адамға тікелей аудару арқылы өтеуге құқылы. Жеке адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян толық көлемде, жәбірленушінің еңбекке қабілетін жоғалту дәрежесін, оны емдеуге және денсаулығын қалпына келтіруге жұмсалатын шығындарды, науқасты күту жөніндегі шығындарды, өзге де шығыстар мен ысыраптарды ескере отырып өтеледі. Сонымен, Радиациялық қауіпсіздік туралы заңның 21-бабының 1-тармағында заңнамаға сәйкес азаматтардың иондаушы сәулелендiрудiң белгiленген шегiнен тыс немесе радиациялық авария салдарынан сәуле алуға байланысты өз өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянның орны толтырылуына және мүлiктiк залалдардың орны толтырылуына құқығы көзделген.

      Егер қоршаған ортаға залал келтірген кінәлі адам табиғи ортаны залал келтірілген кезде орын алған жағдайға дейін заттай нысанда қалпына келтіру жөніндегі сот актісін орындай алмаса, жойылғанның не бүлінгеннің орнына бағасы тең табиғи ресурсты ұсына алмаса не ақшалай нысанда оның орнын толтыра алмаса, онда шешім шығарған сот немесе шешімді орындау жері бойынша сот АПК-нің 246-бабының тәртібімен сот орындаушысының өтінішхаты бойынша және (немесе) атқарушылық iс жүргiзудегі тараптардың арызы бойынша оны орындау тәсілі мен тәртібін өзгерте алады.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      27. Соттарға қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, олардың өсімін молайту және пайдалану саласындағы арнайы уәкілетті органдардың, сондай-ақ жергілікті өкілді және (немесе) атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды адамдарының экологиялық заңнамаға, оның ішінде белгісіз адамдар тобының мүдделерін қорғауға байланысты мәселелер бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде, заңды тұлғалардың, сондай-ақ, прокурордың шағым жасауы туралы істер, АПК-нің 27-бабының төртінші бөлігінде және 28-бабының 2) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, АПК-нің 292-бабының бірінші бөлігінің екінші абзацында көзделген жағдайларда мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың соттылығына жататындығы түсіндірілсін.

      Егер жүргізілген бақылау нәтижелері бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалмаса, экологиялық заңнаманы бұзушылықтарды жою туралы нұсқама АПК-нің 29-тарауының тәртібімен шағым жасалуға жатады.

      ЭК-нің 126-бабына сәйкес лауазымды адамдардың шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға байланысты мәселелерді сотқа дейін реттеу тәртібін міндетті түрде сақтау туралы талап мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) ғана қолданылады.

      Егер талапкер (АПК-нің 29-тарау тәртібімен өтініш беруші) осы санат үшін заңда белгіленген дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтамаса және осы тәртіпті қолдану мүмкіндігі жоғалмаса, онда АПК-нің 152-бабының бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес судья талап қою өтінішін қайтарады.

      Талап қою өтініші қате қабылданған жағдайда, ол АПК-нің 279-бабы 1) тармақшасының негізінде қараусыз қалдыруға жатады.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      28. Соттарға экологиялық дау деп шаруашылық, басқарушылық және өзге қызмет, оның ішінде объектілерді орналастыру процесінде қоршаған ортаны қорғауға байланысты қабылданған және жүзеге асырылатын шешімдер мен іс-шараларды бағалау, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындылары, кәсіпорындардың қызметін тоқтата тұруға (шектеуге) немесе тоқтату, қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы мөлшері, экологиялық заңнаманы бұзу салдарынан адамның денсаулығы жөніндегі, қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеу туралы даулар болып табылатыны түсіндірілсін.

      ЭК-нің 46-тарауының нормаларына сәйкес экологиялық құқықтық қатынастар субъектілерінің арасындағы экологиялық даулар келіссөздер арқылы, оның ішінде сарапшыларды тарта отырып не тараптар бұрын келіскен дауларды шешу рәсіміне сәйкес шешілуі мүмкін. Сонымен, жер қойнауын пайдалану саласындағы келісімшартты орындауға, өзгертуге немесе тоқтатуға байланысты даулар келіссөздер арқылы шешілуі мүмкін (Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодекстің 78-бабы). Тараптар келіскен дауларды шешу рәсімі дауды шарттың талаптарына, заңнамалық актілеріне не халықаралық шарттың талаптарына сәйкес шешу мүмкіндігін білдіреді.

      Дауларды заңды тұлғалардың және жеке тұлғалардың қатысуымен шешкен кезде соттар талапкерден дауды реттеудің сотқа дейінгі тәртібін сақтау дәлелдемесін талап етуі тиіс.

      Шешімнің уәждеу бөлігінде соттар міндетті түрде табиғат пайдаланушыға ЭК-ні орындамауды құқық бұзушылық деп тану үшін негіз болған тиісті нормаларында жүктелген нақты міндетті көрсете отырып, қолданыстағы заңнаманың нормаларына сілтемелер жасаған жөн.

      Соттарға залалды өтеу туралы талап қоюларды қанағаттандырған кезде шешімнің қарар бөлігінде табиғат пайдаланушылардан мұнай секторы ұйымдарының зиянды өтеу туралы талап қоюлары бойынша алынған, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке алынуға жататын қаражатты қоспағанда, залал сомасын мемлекет кірісіне өндіріп алуға не залал сомасын республикалық бюджетке өндіріп алуға эмиссия көзінің орналасқан жері бойынша салық органдарының деректемелерін көрсету қажеттігі түсіндірілсін.

      Ескерту. 28-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      29. Жеке тұлғалардың және қоғамдық бірлестіктердің жеке және заңды тұлғалардың, қоршаған ортаға, адамның өмірі мен денсаулығына теріс әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметін шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы талап қоюларын қараған кезде, ең алдымен, мұндай теріс әсер ету фактісін белгілеу осындай талаптарды қанағаттандыру үшін негіз болып табылады.

      Экологиялық зиянды қызметті шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы талап қоюларды қанағаттандыру туралы шешім қабылдай отырып, соттар теріс әсер етуді тоқтату объектіні жабудың нәтижесінде ғана емес, сол сияқты жауапкер экологиялық заңнама талаптарының бұзылуын жоюға мерзімді міндетті түрде көрсете отырып, жауапкерге зиянды әсер көзін жоюға: жөндеу жүргізуге, қайта құруға, жаңа тазарту құрылыстарын орнатуға, жаңа өндіріс технологияларын енгізуге, табиғат пайдалану шарттарын өзгертуге және тағы сол сияқтыға бағытталған іс-қимыл жасау міндетін жүктеу арқылы мүмкін екендігін назарға алуға тиіс.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      30. Егер істе бар дәлелдемелер жауапкерді экологиялық құқық бұзушылық жасағаны үшін мүліктік жауаптылыққа тарту үшін негіздер мен шарттардың бар екендігі туралы куәландырса, тәртіп бұзушы зиянды ерікті түрде толық көлемде өтеген жағдайларды қоспағанда, сот талапкердің талап қоюдан және қоршаған орта объектілерін пайдаланғаны үшін төлемдерді мәжбүрлі түрде алуға байланысты істер бойынша бас тартуын қабылдамайды.

      Соттардың назары қолданыстағы экологиялық заңнама қоршаған орта объектісіне пайдаланғаны үшін төленуге тиісті төлемдердің мөлшерін азайту мүмкіндігін көздемейтіндігіне аударылсын.

      АПК-нің 29-тарауының қағидалары бойынша ерекше талап қою өндірісі тәртібімен қаралатын даулар тараптардың татуласу келісімін немесе тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасуына байланысты тоқтатылуға жатпайды.

      Ескерту. 30-тармақта қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      31. Соттар экологиялық заңнаманың бұзылуына ықпал ететін мән-жайларды егжей-тегжейлі зерттеуге және АПК-нің 270-бабында көзделген тәртіппен тиісті жеке ұйғарымдарды қабылдауға тиіс.

      32. Осы нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты "Соттардың қоршаған ортаны қорғау туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 22 желтоқсандағы № 16 нормативтік қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      33. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының
Төрағасы
Қ. МАМИ
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының cудьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Қ. ШАУХАРОВ