Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің мәселелері

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 шілдедегі N 1071 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 8 ақпандағы № 109 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 08.02.2013 № 109 қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 маусымдағы N 832 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті функцияларын, өкілеттіктері мен мүлкін Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне (бұдан әрі - Агенттік) бере отырып таратылсын.
      2. Қоса беріліп отырған:
      1) Агенттік туралы ереже;
      1-1) Мемлекеттік мекемелер - мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау аумақтық органдарының тізбесі;
      2) Агенттіктің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі;
      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.10.25 № 1204 Қаулысымен.
      3. Агенттік пен Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
      4. Осы қаулы Агенттік туралы ереженің Агенттіктің жауапты хатшысы тағайындалған күнінен бастап қолданысқа енгізілетін 19 және 20-тармақтарын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2009 жылғы 15 шілдедегі
N 1071 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылық істері агенттігі туралы ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) Үкімет құрамына кірмейтін, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, тұрғын үй қатынастары мен коммуналдық шаруашылық және коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу, сондай-ақ елді мекендердің шекарасы (шектері) шегінде сумен жабдықтау және су бұру, электрмен жабдықтау (0,4 кВ электр желісі объектілері), жылумен жабдықтау (ЖЭО мен белгіленген қуаты 100 Гкал/сағат және одан жоғары қазандықтардан басқа) және газбен жабдықтау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын, сондай-ақ заңнамада көзделген шектерде салааралық үйлестіруді және өзінің құзыретіне жатқызылған қызмет саласындағы (бұдан әрі - реттелетін сала) өзге де рұқсат ету мен бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылады.
      Агенттіктің мемлекеттік мекемелер - мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау аумақтық органдары (бұдан әрі – аумақтық органдар) болады.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.10.25 № 1204 Қаулысымен.
      2. Агенттік өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына Қазақстан Республикасының заңдарына , Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Агенттік мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінде шоттары болады.
      4. Агенттік азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      5. Егер Агенттікке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілсе, ол мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқылы.
      6. Агенттік өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Агенттік төрағасының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      7. Агенттіктің, аумақтық органдарын қоса алғанда, оның штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.10.25  № 1204Қаулысымен.
      8. Агенттіктің заңды мекен-жайы:
      Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Орынбор көшесі, 8-үй, 10-кіреберіс.
      9. Агенттіктің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі" мемлекеттік мекемесі.
      10. Осы Ереже Агенттіктің құрылтай құжаты болып табылады.
      11. Агенттік қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
      12. Агенттікке Агенттіктің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Агенттікке заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджет кірісіне жіберіледі.

2. Агенттіктің негізгі міндеттері мен функциялары

      13. Агенттіктің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
      1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, тұрғын үй қатынастары мен коммуналдық шаруашылық саласында мемлекеттік басқару саясатын әзірлеу;
      2) елді мекендердің шекаралары (шектері) шегінде сумен жабдықтау және су бұру, электрмен жабдықтау (0,4 кВ электр желісі объектілері), жылумен жабдықтау (ЖЭО-дан және белгіленген қуаты 100 Гкал/сағат және одан жоғары қазандықтардан басқа) мен газбен жабдықтау саласында мемлекеттік реттеу саясатын әзірлеу;
      3) коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу мәселелері бойынша мемлекеттік реттеу саясатын әзірлеу;
      4) Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысын және құрылыс қызметін, сондай-ақ тұрғын үй қатынастары мен коммуналдық шаруашылық салаларындағы салааралық үйлестіру;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Агенттікке жүктелген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
      14. Агенттік қолданыстағы заңнамаға және өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында, сондай-ақ тұрғын үй қатынастары, коммуналдық шаруашылық және коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу саласында, сондай-ақ елді мекендердің шекарасы (шектері) шегінде сумен жабдықтау және суды бұру, электрмен жабдықтау (0,4 кВ электр желісі объектілері), жылумен жабдықтау (ЖЭО мен белгіленген қуаты 100 Гкал/сағат және одан жоғары қазандықтардан басқа), газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясат пен салааралық үйлестіруді қалыптастырады және жүргізеді;
      2) өз құзыреті шегінде реттелетін салаларда нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
      3) реттелетін салада нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлейді, бекітеді және қолданысқа енгізеді;
      4) реттелетін салада бағдарламалық құжаттарды әзірлейді және келіседі;
      5) реттелетін салада халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      6) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасының жобасын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
      7) бағалы сәулет-қала құрылысы мұрасын сақтауды, сәулет пен қала құрылысында ұлттық және мәдени дәстүрлерді дамытуды ескере отырып, аумақтарды және елді мекендерді игеру мен дамытудың басым бағыттары жөніндегі бағдарламаларды әзірлейді және олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
      8) құрылыс объектілерін техникалық қадағалауды жүзеге асыру ережесін әзірлейді және бекітеді;
      8-1) тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастыру және функцияларын жүзеге асыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      9) белгіленген тәртіппен құрылыстағы мемлекетаралық (халықаралық) және мемлекеттік стандарттарды әзірлейді;
      9-1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында сараптамалық жұмыстар мен инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттау тәртібін әзірлейді;
      10) есептік саны жүз мың тұрғыннан асатын халқы бар республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарлары жобаларының, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін өзге де қала құрылысы құжаттамаларының кешенді қала құрылысы сараптамасын ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асырады;
      11) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетіндерді қоспағанда, мемлекеттік, өңіраралық немесе мемлекетаралық (халықаралық) маңызы бар объектілерді салуға (аумақтарда құрылыс салуға) қала құрылысы, сәулет-құрылыс және өзге де жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын қарайды және бекітеді;
      12) жобалау құжаттамасының сапасын қадағалауды ұйымдастыруды жүзеге асырады;
      13) жобалардың мемлекеттік сараптамасына басшылықты жүзеге асырады;
      14) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2012.06.26 № 845 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      15) объектілерге мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауды жүзеге асырады, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсаттарды ресімдейді және береді, осы объектілерде қала құрылысы және сәулет-құрылыс тәртібін бұзушыларға заңнамалық актілерде белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолданады;
      15-1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне, оның ішінде қала құрылысы тәртібі мен регламенттерінің, жобаларға сараптама жүргізу тәртібінің,  құрылысқа рұқсат беретін рәсімдерден өту қағидаларының, сондай-ақ салынған объектілерді пайдалануға қабылдау қағидаларының сақталуы бөлігінде бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
      15-2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін лицензиялауды жүзеге асырады;
      16) республикалық деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жасауды және жүргізуді ұйымдастыруды жүзеге асырады;
      17) жергілікті атқарушы органдардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, тұрғын үй қатынастары мен коммуналдық шаруашылық саласындағы қызметін, сондай-ақ облыстық және базалық деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастры қызметтерін нормативтік-техникалық және әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      18) мемлекеттік құрылыс инспекторларын аттестаттауды жүргізеді;
      18-1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптамалық жұмыстар мен инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыру құқығына сарапшыларды аттестаттауды жүзеге асырады;
      18-2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптамалық жұмыстар мен инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын жеке тұлғалар мен сарапшылардың шағымдарын қарайды;
      19) реттелетін салада техникалық регламенттерді әзірлейді және келіседі;
      20) елорда әкімдігімен келісілген елорда мен қала маңындағы аймақ аумағында қолданылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтердің (мемлекеттік нормативтік құжаттардың) жобаларын бекітеді;
      21) егер заңнамада өзгеше көзделмеген болса, осы мәселелер құзыретіне жататын басқа орталық атқарушы органдармен келісім бойынша мемлекеттік нормативтерді әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу және қолданысқа енгізу (қолданысын тоқтата тұру, жою) тәртібін белгілейді;
      22) құрылыс салудың аумақтық ережесін әзірлеу тәртібін айқындайды;
      23) анықталған ақауларды сипаттай отырып жұмысы тексерілген мердігерге (бас мердігерге), сондай-ақ тапсырыс берушіге (меншік иесіне) берілетін, объектілердің анықтамасы мен ведомосінің нысанын белгілейді;
      24) авторлық қадағалауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібін белгілейді ;
      25) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аумақтық дамудың өңіраралық схемаларын әзірлеуге тапсырысты жүзеге асырады;
      26) елді мекендердің шекаралары (шектері) жобаларының құрамын, мазмұнын және әзірлеу тәртібін айқындайды;
      27) республикалық маңызы бар қалалар, сондай-ақ жүз мың тұрғыннан астам халқы бар өзге қалалар шекараларының (шектерінің) жобаларын келіседі;
      28) шағын елді мекендерді дамыту мен салудың құрамын, мазмұнын және схемаларын әзірлеу мен келісу тәртібін айқындайды;
      29) құрылыс үшін жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеуге арналған тапсырмаларға қойылған нормативтік талаптарды бекітеді;
      30) алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу мен келісу тәртібін, міндетті құрамы мен мазмұнын белгілейді;
      31) ғимараттарды, құрылыстарды, көліктік және инженерлік коммуникацияларды, салу, абаттандыру жөніндегі жобаларды іске асыруды (құрылыс-монтаж жұмыстарының өндірісін) бастау үшін қажетті рұқсат алуға арналған құжаттар тізбесін белгілеу тәртібін айқындайды;
      32) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы біліктілік талаптарын және қызмет түрлерін лицензиялау ережесін әзірлейді;
      32-1) сейсмикалық қаупі жоғары аудандардағы жұмыс үшін мамандардың оқуын өткізу тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      33) республикалық деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастрының жүргізілуін бақылауды жүзеге асырады;
      34) реттелетін саладағы жобалау, іздестіру, ғылыми-зерттеу және конструкторлық жұмыстарды ұйымдастырады;
      35) тұрғын үй қорының жай-күйін мониторингілеуді жүзеге асырады;
      36) үй-жайлар (пәтерлер) иелерінің жиналысы хаттамасының және үй-жайлар (пәтерлер) иелеріне жазбаша сауал жүргізілген кезде дауыс беру парағының үлгілік нысанын әзірлейді және бекітеді;
      37) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасын қолдану мәселелері бойынша ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетеді;
      38) өз құзыреті шегінде басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;
      39) заңнамада белгіленген тәртіппен жұмыс, қабылдау және мемлекеттік қабылдау комиссияларының жұмысына қатысады;
      40) елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану ережесін әзірлейді ;
      41) елді мекендердің су бұру жүйелеріндегі ағынды суларды қабылдау ережесін әзірлейді ;
      42) елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін техникалық пайдалану ережесін бекітеді;
      43) тұрғын үй, құрылыс жинақ жүйесін мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етеді;
      43-1) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, Қазақстан Республикасының аумағында жылжымайтын мүлік объектілерін адрестеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      43-2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын іске асыруға қатысады;
      43-3) тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын есептеу және бекіту тәртібін әзірлейді;
      43-4) ғимараттарды, құрылыстарды, құрылғыларды қайта жаңарту, салу мақсатында әзірленетін және бекітілетін сәулет-құрылыс және өзге  де жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамада энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді;
      43-5) терможаңғыртуды ескере отырып, үлгілік көп пәтерді үйлердің жоба алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеуді және бекітуді қамтамасыз етеді;
      43-6) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.10.25 № 1204, 2012.06.26 № 845 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

3. Агенттіктің қызметін ұйымдастыру

      15. Агенттікті Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады.
      Төрағаның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төрағаның орынбасарлары болады.
      Төраға Агенттікке басшылықты жүзеге асырады және Агенттікке жүктелген міндеттерді орындауға және оның өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
      16. Агенттік Төрағасы:
      1) Агенттікті Қазақстан Республикасының Парламентінде, өзге де мемлекеттік органдарда және ұйымдарда білдіреді;
      2) нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келіседі және қол қояды;
      2-1) Агенттіктегі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдау үшін дербес жауапты болады;
      3) оның құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.09.02 N 876 Қаулысымен.
      17. Агенттік аппаратын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жауапты хатшы басқарады.
      18. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Агенттік төрағасы отставкаға шыққан жағдайда жауапты хатшының өкілеттігі тоқтатылмайды.
      19. Жауапты хатшы:
      1) Агенттік төрағасы қалыптастыратын саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді және оның актілері мен тапсырмаларын орындайды;
      2) Агенттік аппаратына басшылықты жүзеге асырады: оның бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
      3) Агенттік қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      4) Агенттік төрағасымен келісілгеннен кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен штат санының лимиті шегінде Агенттіктің және оның аумақтық органдарының құрылымын және штат санын бекітеді;
      5) Агенттік төрағасымен келісілгеннен кейін Агенттіктің құрылымдық бөлімшелері мен оның аумақтық органдары туралы ережелерді бекітеді;
      6) Агенттіктің тәртіптік, аттестаттау және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, атқарушылық және еңбек тәртібінің сақталуын, кадр қызметінің жұмысын және құжат айналымын ұйымдастыруды бақылайды;
      7) Агенттіктің қызметін қамтамасыз ету және оған жүктелген міндеттерді орындау мақсатында мемлекеттік сатып алуды өткізуді ұйымдастырады;
      8) Агенттік төрағасымен келісілгеннен кейін Агенттіктің департаменттері мен басқармалары басшыларын, аумақтық органдарының басшылары мен басшыларының орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      9) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Агенттік қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      10) Агенттік төрағасымен келісім бойынша Агенттік қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;
      11) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Агенттік төрағасымен келісім бойынша Агенттік қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;
      12) Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Агенттік төрағасы бекітетін Агенттіктің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
      13) Агенттіктің жыл сайынғы жұмыс жоспарын және оның қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті әзірлеуді қамтамасыз етеді және Төрағаға бекітуге ұсынады;
      14) Агенттіктің бюджеттік өтінімін дайындауды, бюджеттік өтінімді Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізетін Агенттік төрағасына ұсынуды, сондай-ақ бюджет үдерісінің өзге де рәсімдерін орындауды қамтамасыз етеді;
      15) Агенттік төрағасымен келісілгеннен кейін Агенттікті қаржыландыру жоспарларын және қаржылық есептілігін әзірлеуді қамтамасыз етеді және бекітеді;
      16) мемлекеттік қызметтер көрсету регламенттері мен стандарттарын әзірлеуді ұйымдастырады;
      17) Агенттіктің құзыреті шегінде нормативтік құқықты актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;
      18) Агенттікке келісуге келіп түскен нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша қорытындылар дайындауды ұйымдастырады;
      19) өз өкілеттігі шегінде мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қатынастарда Агенттік атынан өкілдік етеді;
      20) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жауапты хатшыға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 19-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.10.25 № 1204 Қаулысымен.
      20. Жауапты хатшы мыналарға:
      1) Агенттік аппаратының қызметкерлеріне орындауға міндетті тапсырмалар беруге;
      2) өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан жауапты хатшының құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешу үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұрауға және алуға;
      3) жеке қолданылатын құқықтық актілерді қабылдауға құқылы.
      21. Жауапты хатшы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін жауапты болады.
      22. Агенттіктің төрағасы жанынан консультативті-кеңесші орган болып табылатын алқа құрылады. Агенттіктің құрылымдық бөлімшелері басшыларының ішінен алқаның саны мен дербес құрамын Агенттік төрағасы бекітеді.
      23. Агенттік қызметін ұйымдастырудың өзге мәселелері, лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері, оның қызметін қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшелердің құзыреті мен өкілеттігі Агенттік жұмысының регламентімен және Агенттіктің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелермен белгіленеді.

4. Агенттіктің мүлкі

      24. Агенттік жедел басқару құқығында оқшауланған мүлікке ие болады. Агенттік мүлкі оған мемлекет берген мүлік есебінен, сондай-ақ құны Агенттіктің теңгерімінде көрсетілетін өзге мүлік есебінен қалыптасады.
      25. Агенттікке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
      26. Егер заңда өзгеше белгіленбесе, Агенттіктің өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату

      27. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылдың 15 шілдедегі
№ 1071 қаулысымен  
бекітілген    

Қазақстан Республикасы
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау аумақтық органдары-мемлекеттік мекемелерінің тізбесі

      Ескерту. Қаулы қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2011.10.25 № 1204 Қаулысымен.

      1. Астана қаласы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.
      2. Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.
      3. Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.
      4. Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.
      5. Алматы облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.
      6. Атырау облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.
      7. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.
      8. Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.
      9. Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.
      10. Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.
      11. Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.
      12. Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.
      13. Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.
      14. Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.
      15. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.
      16. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті.

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2009 жылғы 15 шілдедегі
N 1071 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылық істері агенттігінің қарамағындағы ұйымдардың
тізбесі

      Ескерту. Тізбеге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.10.30. N 1725, 2011.10.28 N 1224, 2012.07.30 N 992 Қаулыларымен.

Республикалық мемлекеттік кәсіпорындар

      Ескерту. Бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.07.30 N 992 Қаулысымен.

      1. "Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны" ("Мемсараптау РМК"), Астана қаласы.
      2. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2012.07.30 N 992 Қаулысымен.

Акционерлік қоғамдар

      Ескерту. Бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.10.30. N 1725, 2011.10.28 N 1224, 2012.07.30 N 992 Қаулыларымен.

      1. "Қазақ Суарнажоба" акционерлік қоғамы, Алматы қаласы.
      2. "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" акционерлік қоғамы
      3. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы, Алматы қаласы
      4. «Ипотекалық кредиттерге кепілдік берудің қазақстандық қоры» акционерлік қоғамы, Алматы қаласы
      5. «Қазақстандық ипотекалық компания» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы», Алматы қаласы.
      6. «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамы, Алматы қаласы.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2009 жылғы 15 шілдедегі
N 1071 қаулысымен  
бекітілген      

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне
енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 29, 256-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
      "Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеті" деген бөлімнің тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі".
      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы N 659 қаулысында:
      Иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:
      "Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті" деген бөлімнің тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне".
      3. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2010.05.20 № 454 Қаулысымен.
      4. "Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 28 қазандағы N 1116 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 41, 528-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі туралы ережеде:
      2-тармақтың 2) тармақшасы "басқару" деген сөзден кейін ", жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау, мемлекеттік басқару" деген сөздермен толықтырылсын;
      6-тармақтағы "35-көше, N 2 үй," деген сөздер "Орынбор көшесі, N 8 үй," деген сөздермен ауыстырылсын;
      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "10. Министрлік қолданыстағы заңнамаға және өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын әзірлеуді, түзетуді, мониторингілеу мен бағалауды жүзеге асырады;
      2) мемлекеттік бағдарламаларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын келісуді, іске асыруды мониторингілеу мен бағалауды жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бағдарлауды жүзеге асырады;
      4) мемлекеттік бағдарламалардың тізбесін қалыптастырады;
      5) мемлекеттік органдардың Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің деңгейін арттыру жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
      6) мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
      7) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жұмыс істеуін әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      8) Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын, оны жасау тәртібін, бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшеліктерінің құрылымын әзірлейді және бекітеді;
      9) мемлекеттік мекемелердің билігінде қалған тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түсетін түсімдер мен ақша шығыстарының болжамын жасау нысанын белгілейді;
      10) республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлейді;
      11) республиканың макроэкономикалық көрсеткіштерін мониторингілеу мен талдауды жүзеге асырады;
      12) салық және бюджет саясатын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді;
      13) Республикалық бюджет комиссиясының қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
      14) бюджет түсімдерін болжамдау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
      15) бюджет түсімдерін болжамдауды жүзеге асырады;
      16) шоғырландырылған, мемлекеттік және республикалық бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының болжамдарын жасайды;
      17) тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет, бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдардың жобаларын әзірлейді және оларды Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ұсынады;
      18) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің стратегиялық жоспарларының жобалары мен бюджеттік өтінімдерін қарайды және олар бойынша қорытындылар дайындайды;
      19) Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулыларының жобаларын әзірлейді;
      20) төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлейді;
      21) республикалық бюджетті нақтылау (түзету) жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      22) пайдалы қазбаларды барлауды, өндіруді, бірлесіп барлау мен өндіруді жүргізуге не барлауға және (немесе) өндіруге байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісім-шарттардың, сондай-ақ оларға толықтырулардың жобаларына экономикалық сараптама жүргізеді;
      23) бюджет түсімдерін бюджет деңгейлері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшаның бақылау шоты арасында бөлу кестесін әзірлейді және бекітеді;
      24) рентабельділігі төмен келісім-шарттар бойынша пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың жеке ставкасының нақты мөлшерлері бойынша ұсыныстар әзірлейді;
      25) пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың жеке ставкасын белгілей отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шартты рентабельділігі төмен санатқа жатқызылған жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттардың тізбесіне қосу туралы қаулыларының жобаларын әзірлейді;
      26) Министрліктің құзыреті шегінде аумақтық (өңірлік) даму саласындағы саясатты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
      27) елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлейді;
      28) жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесін әзірлейді;
      29) республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы ресми трансферттердің үш жылдық кезеңге арналған көлемі туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлейді;
      30) инвестициялық саясатты қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді;
      31) жоспарлауды мониторингілеу мен бюджеттік инвестициялық және концессиялық жобаларды бағалауды әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      32) бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесіне қорытынды дайындайды;
      33) концессионерді таңдау бойынша конкурс өткізген кезде конкурсқа қатысушылар ұсынатын ұсыныстарға сараптама, концессия шарттары жобаларының сараптамасын, техникалық-экономикалық негіздемеге экономикалық сараптама, конкурстық құжаттамаға сараптама, концессиялық өтінімдерге талдау мен сараптама, концессия шарттары жобаларға сараптама, республикалық бюджеттік инвестициялық жобалардың, сондай-ақ республикалық бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері мен кредит есебінен қаржыландыру жоспарланып отырған жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаларға экономикалық сараптама жүргізу үшін концессия мәселелері бойынша мамандандырылған ұйымды тартады;
      34) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің инвестициялық ұсыныстарын қарайды және олар бойынша қорытындыларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді;
      35) мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобаларды іріктеуді жүзеге асырады;
      36) мемлекет кепілгерлігін беру үшін концессиялық жобаларды іріктеуді жүзеге асырады;
      37) техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарлама қаражаты есебінен жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастырады;
      38) орта мерзімді кезеңге концессияға беруге ұсынылатын объектілердің тізбесін қалыптастырады;
      39) объектілер бөлінісінде республикалық бюджеттен қоса қаржыландыруды талап ететін жоспарлы кезеңге арналған концессиялық жобалардың тізбесін қалыптастырады;
      40) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын қалыптастыру, пайдалану және басқару тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
      41) үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін айқындайды;
      42) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен, бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыштың, мемлекет кепілгерліктері бойынша борыштың жай-күйі мен алдағы жоспарлы кезеңге арналған болжамын жыл сайын бағалауды жүргізеді;
      43) байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдердің тізбесін қалыптастырады және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге енгізеді;
      44) бюджеттік жобалардың іске асырылуы мен байланысты гранттардың пайдаланылуын мониторингілеуді және бағалауды жүргізеді;
      45) байланысты гранттарды пайдалану туралы оларды бағалау нәтижелеріне негізделген жиынтық есепті жыл сайын қалыптастырады және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады;
      46) мемлекеттің активтерін басқару саясатын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді;
      47) мемлекеттік меншікті басқаруды талдау мен бағалауды жүзеге асырады;
      48) ұлттық басқару холдингтерінің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың стратегиялары мен даму жоспарларын келіседі;
      49) ұлттық басқару холдингтері, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар стратегияларының іске асырылуын бағалауды жүзеге асырады;
      50) мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
      51) мемлекеттік басқару органдардың қызметін функционалдық талдауды жүзеге асырады;
      52) мемлекеттік қызметтер тізілімін әзірлейді және мемлекеттік қызметтер стандарттарын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді;
      53) автоматтандырылған мемлекеттік қызметтер саясатын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді;
      54) орталық және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарын әзірлейді, мемлекеттік органдардың, әкімшілік аумақтық бірлестіктердің жұмылдыру жоспарларын келіседі;
      55) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен сақтау көлемдері жөнінде ұсыныстар қалыптастыруға қатысады;
      56) мемлекеттік органдардың жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы қызметін үйлестіреді;
      57) мемлекеттік органдардың жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласындағы қызметін әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асырады және үйлестіреді, сондай-ақ жұмылдыру органдары мамандарының біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
      58) мемлекеттік органдардың ұсынымдары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне жұмылдыру тапсырысы бар ұйымдар банкрот болған, қайта ұйымдастырылған, таратылған, жұмыс бейінін өзгерткен кезде белгіленген жұмылдыру тапсырыстарын алу және беру туралы ұсыныстар енгізеді;
      59) мемлекеттік органдардың халықаралық экономикалық ынтымақтастық, халықаралық қаржы және экономикалық ұйымдармен, донор елдермен, рейтингтік агенттіктермен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі жұмысын үйлестіруді жүзеге асырады;
      60) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатын жүргізуді жүзеге асырады;
      61) жеке кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларын әзірлейді және іске асырады;
      62) шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік шараларын орындауды ұйымдастырады және үйлестіреді;
      63) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру және оларға кредит беру жөніндегі шараларды жетілдіру туралы ұсыныстар әзірлейді;
      64) кәсіпкерлік ортаға, инвестициялық ахуалға және жеке кәсіпкерлікті дамыту инфрақұрылымына талдау жүргізеді;
      65) жеке кәсіпкерлік қызметінің салаларында зерттеулер жүргізуді ұйымдастырады;
      66) республиканың өңірлерінде шағын кәсіпкерліктің қалыптасуына және инфрақұрылымының дамуына жәрдемдеседі;
      67) шағын кәсіпкерлік саласында кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді;
      68) жеке кәсіпкерлікті дамыту бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
      69) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылар кеңестерінің қызметін үйлестіреді;
      70) инновациялық, инвестициялық және индустриялық дамудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға шағын кәсіпкерліктің қатысуы үшін жағдайлар жасайды;
      71) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне әдістемелік көмек ұйымдастырады;
      72) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің халықаралық тауарлар (жұмыстар, қызметтер) нарықтарына шығуы үшін жағдайлар жасайды;
      73) шағын кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты насихаттайды;
      74) Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      75) лицензиялау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
      76) лицензиарлар ұсынатын ақпаратты жинауды, талдауды, өңдеуді жүзеге асырады;
      77) Министрліктің құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      78) экономика саласында қолданбалы талдамалық зерттеулер жүргізуді ұйымдастырады, сондай-ақ Министрліктің құзыреті шегінде консалтингтік қызметтерді жүзеге асыру үшін белгіленген тәртіппен қазақстандық және шетелдік заңды және жеке тұлғаларды, тәуелсіз сарапшыларды тартады;
      79) Министрліктің құзыреті шегінде ақпараттық жүйелерді жетілдіруді ұйымдастырады;
      80) Министрліктің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді;
      81) нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келіседі және олар бойынша қорытындылар береді.";
      16-тармақта:
      8) тармақшадағы "директорлары" деген сөз "басшылары" деген сөзбен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 18-1-тармақпен толықтырылсын:
      "18-1. Министр, жауапты хатшы, министрдің орынбасарлары (вице-министрлер), сондай-ақ Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауға міндетті және бұл үшін дербес жауапты болады.".
      5. "Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 26 қарашадағы N 1237 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 47, 586-құжат):
      6-тармақтың 10) тармақшасындағы ", Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері" деген сөздер алынып тасталсын;
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі туралы ережеде:
      1-тармақта:
      бірінші абзацтағы ", кәсіпкерлікті дамыту, құрылыс, сәулет, қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы" деген сөздер "дамыту" деген сөзбен ауыстырылсын;
      үшінші абзацтағы "Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті," деген сөздер алынып тасталсын;
      12-тармақта:
      1) тармақшаның төртінші және жетінші абзацтары алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 4-2) тармақшамен толықтырылсын:
      "4-2) экономиканы әртараптандыру және үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту үдерістерін үйлестіруді жүзеге асыру;";
      13-тармақта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "индустриялық даму, оның ішінде тау-кен-металлургия, химия, өңдеу, фармацевтика және медицина өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау мен қорғаныс өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, құрылыс материалдары өнеркәсібі салаларында, сондай-ақ сауданы дамыту, техникалық реттеу және өлшемдер бірлігі, ғылыми-техникалық, инновациялық және инвестициялық қызмет салаларында мемлекеттік саясатты қалыптастыруды қамтамасыз етеді, сондай-ақ оны реттеуді жүзеге асырады;";
      22) тармақшадағы "ірі" деген сөз алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 22-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "22-1) ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамыту жөніндегі іс-шараларды әзірлейді;";
      мынадай мазмұндағы 32-1), 32-2), 32-3), 32-4), 32-5), 32-6), 32-7), 32-8), 32-9), 32-10), 32-11), 32-12), 32-13), 32-14) тармақшалармен толықтырылсын:
      "32-1) Қазақстан Республикасының Үкіметіне инновациялық қызметтің басым бағыттары бойынша ұсыныстар енгізеді;
      32-2) инновациялық қызметті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды әзірлейді;
      32-3) инновациялық гранттар беру және зияткерлік меншік объектілерін енгізу бойынша қабылданған шаралар туралы есептер беру ережелерін әзірлейді;
      32-4) мемлекеттік органдардың инновациялық қызметті дамыту жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
      32-5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес инновациялық қызметті ынталандыру жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;
      32-6) инновациялық гранттарды бөледі;
      32-7) инновациялық грант туралы үлгілік шарт нысанын бекітеді;
      32-8) инновациялық гранттар есебінен жүзеге асырылатын инновациялық жобалардың іске асырылу мониторингін және олардың орындалу тиімділігін бағалауды жүргізеді;
      32-9) инновациялық дамыту шараларының кешенін әзірлейді;
      32-10) Қазақстан Республикасының инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңнамасының орындалуын, оның ішінде инновациялық дамыту шаралары кешенінің орындалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      32-11) инновациялық даму институттарының тізбесін әзірлейді;
      32-12) технопарктер жанынан құрылған сарапшылар кеңестерінің жұмыс тәртібін айқындайды;
      32-13) инновациялық қызмет саласындағы халықаралық байланыстарды дамыту үшін жағдайлар жасайды;
      32-14) өзге мемлекеттік органдардың құзыретіне жатқызылмаған жоғары технологиялы сервистік индустрияны дамыту саясатын әзірлейді;";
      33), 34), 35), 48), 49), 50), 51), 52), 53), 54), 55), 56), 119), 120), 121), 122), 123), 124), 125), 126), 127), 128), 129), 130), 131), 132), 133) тармақшалар алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 150) тармақшамен толықтырылсын:
      "150) жұмысының сапасы мен өнімділігін арттыру мақсатында министрлік қызметінің бағыттары бойынша ішкі бақылауды жүзеге асырады.";
      14-тармақта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) реттелетін салада, оның ішінде, тау-кен-металлургия, химия, өңдеу, фармацевтика және медицина өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау және қорғаныс өнеркәсібінде, құрылыс индустриясы, құрылыс материалдары өнеркәсібі салаларында, сондай-ақ сауданы дамыту, техникалық реттеу және өлшем бірліктері, ғылыми-технологиялық, инновациялық және инвестициялық қызмет, қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау, ұйымдар мен мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамту үлесін ұлғайту салаларында мемлекеттік саясатты іске асыру;";
      29), 60), 61), 62), 63), 64), 65), 66), 67), 68), 69), 70), 71), 72), 73), 74), 75), 76), 77), 78), 106) және 107) тармақшалар алынып тасталсын;
      91) тармақшадағы "мемлекеттік" деген сөздің алдынан "техникалық реттеу және өлшем бірліктері саласында" деген сөздермен толықтырылсын.
      6. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі N 310 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 14, 168-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ережеде:
      1-тармақта:
      "сумен жабдықтау және су бұру" деген сөздерден кейін "(елді мекендерде орналасқан су шаруашылығы және су бұру жүйелерінен басқа)," деген сөздермен толықтырылсын;
      "ауыл шаруашылығы машиналарын жасау (ірісінен басқа)," деген сөздер алынып тасталсын;
      13-тармақта:
      95) тармақшадағы "және ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды" деген сөздер алынып тасталсын;
      156), 157), 158) тармақшалар алынып тасталсын;
      14-тармақта:
      4), 95) тармақшалардағы "сумен жабдықтау және су бұру" деген сөздерден кейін "шаруашылығы (елді мекендерде орналасқан су шаруашылығы және су бұру жүйелерінен басқа)" деген сөздермен толықтырылсын;
      49) тармақшадағы "қорғау" деген сөзден кейін ", сумен жабдықтау және су бұру (елді мекендерде орналасқан су шаруашылығы және су бұру жүйелерінен басқа)" басқа сөздермен толықтырылсын;
      152) тармақшаның төртінші абзацындағы "шаруашылық" деген сөз "шаруашылығы (елді мекендерде орналасқандарынан басқа)" деген сөздермен ауыстырылсын.
      7. "Ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көзі болып табылатын сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 5 сәуірдегі N 248 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 12, 113-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көзі болып табылатын сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау ережесінде:
      7-тармақтың 1-тармақшасындағы ", сумен жабдықтау және су бұру" деген сөздер алынып тасталсын;
      8. "Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы N 483 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 19, 214-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері (қатысу үлестері) бәсекелі ортаға берілуі тиіс акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) тізбесінде:
      "Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі" деген бөлімдегі реттік нөмірлері 8 және 11-2-жолдар алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 41-бөліммен және жолмен толықтырылсын:
      "Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі
      41. "Қазақ Суарнажоба" акционерлік қоғамы 100%".
      9. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.03.19 № 340 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.