ҚОЛДАНУШЫЛАР НАЗАРЫНА!
Қазақстан Республикасының 2005.11.22. N 90 Заңымен енгізілген өзгерістер әртүрлі уақытта қолданысқа енгізілген ( 2-бапты қараңыз). Қажет болған жағдайда "Заң" Деректер базасының 5 версиясының алдыңғы редакцияларын қараңыз.
Осы Заң Қазақстан Республикасында тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын және тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) айрықша құқық – тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жердiң атауын өз қалауы бойынша кез келген тәсiлмен пайдалануға оның иесінің мүліктік құқығы;
2) бюллетень – тауар таңбалары мен тауар шығарылған жерлердің атауларын қорғау мәселелері жөніндегі ресми мерзімдік басылым;
3) географиялық объектінің атауы – бұл белгілі бір аумақтан, аймақтан немесе жерден шығарылатын тауарды бірыңғайландыру көрсеткіші;
4) жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбасы – тауар таңбасы ретiнде пайдаланылып жүрген белгi немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық келiсiмдерге орай, мүдделi тұлғалардың дәлелдемелеріне негiзделген құзыретті органның немесе соттың шешiмiмен жалпыға бірдей белгілі деп танылған тауар таңбасы;
5) өтініш беруші – тауар таңбасын тіркеуге немесе тауар шығарылған жердің атауын тіркеуге және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын беруге өтініш берген заңды немесе жеке тұлға;
6) патенттiк сенiм білдірілген өкiлдер – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкiлеттi орган мен сараптама жасау ұйымы алдында жеке және заңды тұлғалардың өкiлi болу құқығы берiлген Қазақстан Республикасының азаматтары;
7) Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің халықаралық сыныптамасы – 1957 жылғы 15 маусымда Ницце келiсiмiмен қабылданған, кейiннен өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген сыныптама;
8) тауар таңбасы, қызмет көрсету таңбасы (бұдан әрi – тауар таңбасы) – осы Заңға сәйкес тiркелген немесе Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттарға орай тiркеусiз қорғалатын, бiр заңды немесе жеке тұлғаның тауарларын (көрсететін қызметтерiн) басқа заңды немесе жеке тұлғаның бiртектес тауарларынан (көрсететін қызметтерiнен) ажырату үшiн қызмет ететiн белгi;
9) тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану - тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жердiң атауын қорғалатын тауарларда және қызметтер көрсету кезінде және (немесе) олардың бумасында қолдану, тауар таңбасының немесе тауар шығарылған жердiң атауының белгiсi бар тауарды жасау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, сату, маңдайшажазуларда, жарнамада, баспа өнiмiнде немесе өзге де iскерлiк құжаттамада қолдану, тауар таңбасына құқықты беру, сондай-ақ оларды азаматтық айналымға өзгеше енгiзу;
10) тауар таңбасының немесе тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығының иесі - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, осы Заңға сәйкес тауар таңбасына айрықша құқыққа немесе тауар шығарылған жердің атауын пайдалануға айрықша құқыққа ие заңды тұлға немесе жеке тұлға;
11) тауар шығарылған жердiң атауы – елдің, өңірдің, елді мекеннің, жердің, не басқа географиялық объектінің атауын білдіретін не құрамында атауы бар белгі, сондай-ақ ерекше қасиеттері, сапасы, репутациясы немесе басқа сипаттары негізінен географиялық шығу тегімен, оның ішінде өзіне тән табиғи жағдайлармен және (немесе) адам факторларымен байланысты тауарға қатысты пайдалану нәтижесінде белгілі болған және туындының осындай атаудан шығарылған сілтемесі;
12) ұжымдық тауар таңбасы – бұл заңды тұлғалардың және (немесе) дара кәсiпкерлердiң (бұдан әрi – бiрлестiк) қауымдастығының (одағының) немесе өзге де бiрлестiгiнiң немесе бiрыңғай сапалық немесе басқа да сипаттамалары бар олар шығаратын немесе сататын тауарларды (көрсетілетін қызметтердi) белгiлеу үшiн қызмет ететiн тауар таңбасы.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
2-бап. Қазақстан Республикасының тауар таңбалары, қызмет
көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердiң
атаулары туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы заңдары осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актерлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзге ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын,
тауар шығарылған жерлердiң атауларын қорғау
саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган
1. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын және тауар таңбаларын, қызмет таңбаларын, тауар шығарылған жерлердiң атауларын қорғау саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.
2. Уәкiлеттi органның құзыретiне:
1) тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын, тауар шығарылған жерлердiң атауларын құқықтық қорғау саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруға қатысу;
2) тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына, тауар шығарылған жерлердiң атауларына қорғау құжаттарын беру;
2-1) тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп танудың тәртiбiн анықтау;
2-2) тауар шығарылған жерлердiң атауын тiркеудiң және (немесе) тауар шығарылған жерлердiң атауын пайдалануға құқық берудiң тәртiбiн анықтау;
2-3) тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты тіркеу жөніндегі өтініштің нысанын бекіту;
2-4) тауар таңбасын пайдалануға лицензиялық шартты немесе қосалқы лицензиялық шартты тіркеу туралы өтініштің нысанын бекіту;
3) тауар таңбаларын, тауар шығарылған жерлердiң атауларын, қызмет көрсету таңбаларын пайдаланушы жеке және заңды тұлғалардың қызметiне бақылау;
4) хаттамаларды жазу және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарау, әкiмшiлiк жазалар қолдану;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2007.03.02 N 237, 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
3-1-бап. Сараптама жасау ұйымы
1. Сараптама жасау ұйымы - мемлекеттiк монополияға жатқызылған салаларда (тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын, тауар шығарылған жерлердiң атауларын, қорғау саласында қызмет көрсету) қызметiн жүзеге асыратын, уәкiлеттi органға ведомстволық бағынысты ұйым.
2. Сараптама жасау ұйымының құзыретiне:
1) тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына, тауар шығарылған жерлердiң атауларына өтiнiмдер қабылдау;
2) тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына, тауар шығарылған жерлердiң атауларына сараптама жүргiзу;
2-1) тауар таңбаларына және қызмет көрсету таңбаларына құқықтарды беру туралы шарттарға сараптама жүргiзу;
3) қорғалатын тауар таңбаларының, қызмет көрсету таңбаларының, тауар шығарылған жерлердiң атауларының мемлекеттiк тiзiлiмдерiн жүргiзу;
4) тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары, тауар шығарылған жерлердiң атаулары туралы мәлiметтер жариялау;
5) Қазақстан Республикасының заңдарымен өзiне жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.
Ескерту. 3-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.07.09 N 586, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
2-тарау. Тауар таңбасын құқықтық қорғау және оны тіркеу
шарттары
4-бап. Тауар таңбаларын құқықтық қорғау
1. Қазақстан Республикасында тауар таңбаларын құқықтық қорғау осы Заңда белгiленген тәртiпте оларды тiркеу негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына орай тiркеусiз берiледi.
2. Тауар таңбаларын құқықтық қорғау кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын кез келген заңды тұлғаларға немесе жеке тұлғаларға берiлуi мүмкiн.
3. Тауар таңбасына құқық куәлiкпен куәландырылады .
4. Тауар таңбасының иесi куәлiкте көрсетiлген тауарлар мен қызметтерге қатысты өзiне тиесiлi тауар таңбасын пайдалану мен оған иелiк етудің айрықша құқығына ие болады. Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар таңбасын оның иесiнiң келiсiмiнсiз ешкiм де пайдалана алмайды.
5-бап. Тауар таңбасы ретiнде тiркелетiн белгiлер
1. Тауар таңбасы ретiнде бейнелеу, сөз, әрiп, цифр, көлем белгiлерi және өзге де белгiлер немесе бiр тұлғалардың тауарлары мен қызметтерiн басқа тұлғалардың бiртектес тауарларынан немесе қызметтерiнен ажыратуға мүмкiндiк беретiн олардың аралас үлгiлерi тiркелуi мүмкiн.
2. Тауар таңбасы кез келген бояулы түсте немесе бояулы түстер үйлесiмiнде тiркелуi мүмкiн.
6-бап. Тауар таңбасын тiркеуге жол бермейтiн абсолюттiк
негiздер
1. Ажыратылатын реңкi жоқ белгiлерден ғана тұратын:
1) тауарлардың белгiлi бiр түрiн белгiлеу үшiн жалпыға ортақ қолданысқа енген;
2) жалпыға ортақ қабылданған рәмiздер мен терминдер болып табылатын;
3) тауарлардың түрiн, сапасын, санын, қасиетiн, мақсатын, құндылығын, сондай-ақ олардың шығарылған немесе өткiзілген жерi мен уақытын көрсететiн;
4) алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;
5) алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;
6) тауарларды немесе көрсетiлген қызметтердi белгiлеу үшiн пайдаланылатын олармен тiкелей сипаттық және (немесе) ұқсастық байланысы бар тауар таңбаларын тіркеуге жол берілмейді.
7) - 13) алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
2. Мемлекеттiк елтаңбаларды, тулар мен эмблемаларды, халықаралық ұйымдардың қысқартылған немесе толық атауларын және олардың елтаңбаларын, тулары мен эмблемаларын, ресми бақылаулық, кепiлдiк және сынамалық таңбаларды, мөрлердi, олимпиадалық рәмiздердi, наградаларды және басқа да айырым белгiлерiн, сондай-ақ араласып кеткен дәрежеге дейiн оларға ұқсас белгiлердi бейнелейтiн белгiлер тауар таңбалары ретiнде тiркелмейдi.
Егер белгi солардан ғана тұратын болмаса және егер оларды пайдалануға тиiстi құзыреттi органның немесе олардың иесiнiң келiсiмi бар болса, мұндай белгiлер қорғалмайтын элементтер ретiнде пайдаланылуы мүмкін.
3. Тауар таңбалары немесе олардың элементтерi ретiнде:
1) тауарға немесе оның жасаушысына қатысты жалған болып табылатын немесе жаңылыстыруы мүмкiн белгiлердi, оның iшiнде тауар шығарылған жерге қатысты жаңылыстыруы мүмкiн географиялық объектiнiң атауларын;
2) тауар шығарылған нақты жердi үстiрт түрде көрсететiн, бiрақ тауар басқа аумақтан шығарылғаны туралы қате түсiнiк беретiн;
3) минералды суларды, шараптарды немесе күштi спирт ішімдiктерiн бiрыңғайландыратын географиялық объектiнiң атаулары болып табылатын немесе оларды қамтитын белгiлердi, осы жерден шығарылмаған сондай тауарларды белгiлеу үшiн, сондай-ақ егер аударма пайдаланылса немесе белгiде "түрiнде", "үлгiсiнде", "стилiнде" деген немесе басқа да осындай сөздер қоса жазылса, сол белгiлердi;
4) өзiнiң мазмұны жөнiнен қоғамдық мүдделерге, адамгершiлiк пен iзгiлiк принциптерiне қайшы келетiн белгiлердi тiркеуге жол берiлмейдi.
Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
7-бап. Тауар таңбасын тiркеуден бас тартудың өзге де
негiздерi
1. Тауар таңбалары ретiнде:
1) бiртектес тауарлар мен қызметтер жөнiнде басқа тұлғаның атына неғұрлым ертерек басымдықпен Қазақстан Республикасында тiркелген тауар таңбаларымен;
2) тауарлар мен қызметтердiң кез келген түрiне қатысты Қазақстан Республикасында белгiленген тәртiппен жалпыға бiрдей белгiлi деп танылған тауар таңбаларымен;
3) бiртектес тауарлар мен қызметтерге (керi қайтарып алынғандарынан басқа) қатысты басқа тұлғаның атына неғұрлым ертерек басымдықпен тiркеуге берiлген белгiлермен;
4) алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;
5) егер тауар таңбасын тіркеу дараландыру үшін тауар шығарылған жердің атауы тіркелген тауарларға қатысты жүзеге асырылса, тауар шығарылған жердiң осы атауын пайдалану құқығы иесiнiң атына тiркелетiн тауар таңбасының қорғалмайтын элементi ретiнде олар енгiзiлуi мүмкiн жағдайларды қоспағанда, кез келген тауарларға қатысты Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар шығарылған жер атауларымен олар араласып кеткен дәрежеге дейiн бiрдей немесе ұқсас белгiлер тiркелуге жатпайды.
2. Тауар таңбалары ретiнде:
1) олардың неғұрлым ертерек басымдығы болған жағдайда басқа тұлғалардың атындағы Қазақстан Республикасында қорғалатын өнеркәсiптi үлгiлер;
2) алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
3) өтiнiм берiлген күнi авторлық құқықтарды бұзушылықпен Қазақстан Республикасында белгiлi әдебиет, ғылым және өнер туындыларының атаулары, белгiлi өнер туындылары мен олардың фрагменттерi;
4) осы адамдардың, олардың мұрагерлерiнiң немесе құқық мирасқорларының жеке мүлiктiк емес құқықтарын бұза отырып, олардың тектерiн, есiмдерiн, бүркеншiк аттарын және солардан таралатын есiмдердi, портреттерi мен факсимилелерiн қайталайтын, сондай-ақ егер бұл белгiлер Қазақстан Республикасы тарихы мен мәдениетiнiң игiлiгi болып табылса, олар тиiстi құзыреттi органның рұқсатынсыз тiркелмейдi.
Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
8-бап. Өтiнiм беру
1. Тауар таңбасына өтiнiмдi сараптама жасау ұйымына бiр немесе бiрнеше өтiнiм иелерi бередi.
2. Ұжымдық тауар таңбасына өтiнiм ұжымдық тауар таңбасын пайдалану туралы оған қатысушылардың келiсiмiне сәйкес бiрлестiк атынан берiледi.
3. Өтiнiм электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат түрiнде берiлуi мүмкiн.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
9-бап. Тауар таңбасына берiлетiн өтiнiмге қойылатын
талаптар
1. Өтiнiм бiр тауар таңбасына қатысты болуға тиiс.
2. Өтiнiм бiр үлгi бланкiде берiлуге және:
1) өтiнiм берушiнi (өтiнiм берушiлердi), сондай-ақ оның (олардың) орналасқан жерiн немесе тұрғылықты жерiн көрсете отырып, белгiге сараптама жүргiзу туралы өтiнiштi;
2) мәлiмделген белгiнi;
3) Тауарлар мен қызметтердiң халықаралық сыныптамасына сәйкес тауарлардың және (немесе) қызметтердiң тiзбесiн қамтуға тиiс.
3. Өтінiмге:
1) сараптама жүргiзу жөнiндегi сараптама жасау ұйымы қызметтерiнiң ақысы төленгенiн растайтын құжат қоса тiркелуге тиiс. Төлем мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi;
2) iс жүргiзу өкiл арқылы жүзеге асырылған жағдайда сенiмхат;
3) ұжымдық тауар таңбасын өз атына тiркеуге уәкiлеттi ұйымның атауын, бұл таңбаны тiркеу мақсатын, осы таңбаны пайдалануға құқылы субъектiлер тiзбесiн, ұжымдық тауар таңбасымен белгiленетiн тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесi мен бiрыңғай сапасын немесе өзге де сипаттамаларын, оны пайдалану шарттарын, оны пайдалануды бақылау тәртiбiн, ұжымдық тауар таңбасы жарғысының ережелерiн бұзғаны үшiн жауаптылықты қамтитын ұжымдық тауар таңбасы жарғысы (ұжымдық тауар таңбасына өтiнiм берiлген жағдайда) қоса тiркелуге тиiс.
4. Өтiнiм және оған қоса тiркелетiн құжаттар мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде табыс етiледi. Егер құжаттар басқа тiлде табыс етiлген болса, өтiнiм берушi екi ай мерзiмде олардың мемлекеттiк тiлдегi немесе орыс тiлiндегi аудармасын тапсырады.
5. Өтiнiм берiлген күн осы баптың 2-тармағының талаптарына сай өтiнiмнің сараптама жасау ұйымына түскен күнi бойынша, егер аталған құжаттар бiр мезгiлде табыс етiлмеген жағдайда - табыс етiлген құжаттардың соңғысы келiп түскен күн бойынша белгiленедi.
6. Тауар таңбасына өтiнiмдi жасау, ресiмдеу және қарау тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
10-бап. Тауар таңбасының басымдығы
1. Тауар таңбасының басымдығы сараптама жасау ұйымына өтiнiмнiң түскен күнi бойынша белгіленедi.
2. Егер сараптама жасау ұйымына өтiнiм беру аталған күннен бастап алты ай iшiнде жүзеге асырылса, тауар таңбасының басымдығы (конвенциялық басымдық) Өнеркәсіптiк меншiктi қорғау жөнiндегi Париж конвенциясына қатысушы елде, сондай-ақ онда көзделген халықаралық немесе аймақтық ұйымда тауар таңбасына бiрiншi өтiнiм (өтiнiмдер) берiлген күн бойынша белгiленуi мүмкiн. Конвенциялық басымдыққа өтiнiш жасалған кезде өтiнiм берушi алғашқы өтiнiм нөмiрiн, берiлген күнiн және ол берiлген елдi көрсетіп, алғашқы өтiнiмнiң куәландырылған көшiрмесiн қоса тiркеуi қажет.
3. Ресми танылған халықаралық көрмелердiң экспонаттарына орналастырылған тауар таңбасының басымдығы (көрмелiк басымдық), егер сараптама жасау ұйымына тауар таңбасына өтiнiм беру көрсетiлген уақыттан бастап алты ай iшiнде жүзеге асырылса, көрмеде экспонатты ашық көрсете бастаған күн бойынша белгiленуi мүмкiн.
4. Конвенциялық немесе көрмелiк басымдық құқығын пайдаланғысы келетiн өтiнiм берушi мұны тауар таңбасына өтiнiм берген кезде немесе өтiнiм сараптама жасау ұйымына түскен күннен бастап екi ай iшiнде көрсетуге және осындай талаптың заңдылығын растайтын тиiстi құжаттарды тапсыруға мiндеттi.
5. Өтiнiм бөлiнген жағдайда өтiнiмдердiң әрқайсысы бойынша басымдық алғашқы өтiнiмнiң басымдық күнi бойынша белгiленедi.
Бөлiнген өтiнiмдер бойынша басымдық - сол өтiнiм берушiнiң алғашқы өтiнiмiнiң басымдық күнi бойынша, ал алғашқы өтiнiм бойынша неғұрлым ертерек басымдық белгiлеу құқығы бар болған кезде, егер бөлiнген өтiнiм берiлген күнге алғашқы өтiнiм қайтарылып алынбаса және қайтарылып алынған болып саналмаса және бөлiнген өтiнiмдi беру алғашқы өтiнiм бойынша шешiм шығарылғанға дейiн жүзеге асырылса осы басымдық күнi бойынша айқындалады.
6. Тауар таңбасының түрлi тауарларға қатысты көптеген басымдығы өтiнiм берушiнiң өтiнiшi бойынша әртүрлi тауарларға қатысты бiр белгiге берiлген оның бiрнеше өтiнiмi болған кезде белгiленуi мүмкiн.
Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
3-тарау. Тауар таңбасының сараптамасы
11-бап. Сараптаманы жүргiзу тәртiбi
1. Сараптама жасау ұйымы өтiнiмдер сараптамасын кезең-кезеңмен жүргiзедi:
1) алдын-ала сараптама - өтiнiм келіп түскен күннен бастап бір ай iшiнде жүргiзiледi, оның барысында өтiнiмнiң мазмұны, осы Заңның 5 және 9-баптарында белгiленген талаптарға сәйкес қажеттi құжаттардың бар-жоғы тексерiледi;
2) толық сараптама - өтiнiм берiлген күннен бастап тоғыз ай iшiнде жүргiзiледi, оның барысында мәлiмделген белгiнiң осы Заңның 6 және 7-баптарында белгiленген талаптарға сәйкестiгi тексерiледi.
2. Сараптама жасау ұйымы сараптаманың кез келген кезеңiнде қосымша материалдар сұратуға құқылы, олар өтiнiм иесiне сұрау салу жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде табыс етiлуге тиiс.
Өтiнiм берушi қосымша материалдарды не көрсетiлген мерзiмдi ұзарту туралы өтiніштi белгiленген мерзiмде табыс етпеген жағдайда iс жүргiзу тоқтатылып, өтiнiм керi қайтарылып алынған болып есептеледi.
Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
12-бап. Сараптама нәтижелерi бойынша шешiмдер
1. Алдын ала жасалған сараптама нәтижелерi бойынша өтiнiш берушiге өтiнiмнiң қарауға қабылданғаны, оған тиiстi нөмiр берiлгенi, берiлген күнi және басымдық күнi белгiленгенi туралы не өтiнiмдi қарауға қабылдаудан бас тартылғаны туралы дәлелдi қорытынды түрiнде хабарланады.
2. Өтiнiш берушi өзiне толық жасалған сараптаманың алдын ала қорытындысы жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде дәлелдi қарсылық беруге құқылы, оны қарау нәтижелерi бойынша сараптама жасау ұйымы қарсылық келiп түскен күннен бастап үш ай iшiнде түпкiлiктi қорытынды шығарады.
3. Толық жасалған сараптаманың нәтижелерi бойынша уәкiлеттi орган он бес жұмыс күнi iшiнде тауар таңбасын тiркеу туралы немесе тiркеуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды. Тiркеу туралы шешiм тауарлар мен көрсетілетін қызметтердiң бүкiл тiзбесiне не олардың бiр бөлiгiне қатысты болуы мүмкiн.
4. Тауар таңбасын тiркеу туралы шешiм оны тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзгенге дейiн неғұрлым ертерек басымдығы бар өтiнiмнiң анықталуына байланысты қайта қаралуы мүмкiн.
5. Уәкiлеттi органның тауар таңбасын тiркеу туралы шешiмiнiң негiзiнде өтiнiш берушi сараптама жасау ұйымының оң қорытындысы туралы хабарлама алған күннен бастап үш ай iшiнде тауар таңбасына куәлiк бергенi үшiн мемлекеттiк баж төлеудi, сондай-ақ тауар таңбасына куәлiк беруге құжаттарды дайындағаны үшiн сараптама ұйымының iс-әрекеттерiне ақы төлеудi жүргiзедi.
Өтiнiш берушi белгiленген тәртiппен тауар таңбасына куәлiктi беруге мемлекеттiк баж және тауар таңбасына куәлiктi беруге құжаттарды дайындағаны үшiн сараптама ұйымының iс-әрекеттерiне ақы төлегенi туралы құжаттарды ұсынбаған жағдайда, тауар таңбасын тiркеу жүргiзiлмейдi, ал тауар таңбасына тиiстi өтiнiм қайтарып алынған болып саналады және ол бойынша iс жүргiзу тоқтатылады.
6. Осы баптың 2-тармағына сәйкес шығарылған сараптама қорытындысымен келiспеген жағдайда өтiнiш берушi сараптаманың қорытындысы жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде уәкiлеттi органға оған қарсылық бере алады. Апелляциялық кеңес қарсылық келiп түскен күннен бастап төрт ай iшiнде оны қарауға тиiс.
Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
13-бап. Өтiнiм берушiнiң құқықтары
Өтiнiм берушiнiң:
1) өтiнiмдi сараптаманың кез келген кезеңiнде керi қайтарып алуға;
2) өтiнiмге сараптама жасау барысында туындайтын мәселелердi қарауға қатысуға;
3) толық сараптама аяқталғанша өтiнiм материалдарын мәнi бойынша өзгертпей, оларды толықтыруға, анықтауға немесе түзетуге;
3-1) алғашқы өтiнiмде көрсетiлген тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердi бөлектелген өтiнiмдер арасында бөле отырып өтiнiмдi бөлектеу туралы оны қараудың кез келген кезеңiнде сараптама аяқталғанға дейiн өтiнiш бiлдiруге;
4) сұрау салуға жауап беру немесе қарсылық бiлдiру үшiн белгiленген мерзiмдi ұзарту, бiрақ алты айдан аспайтын мерзiмге ұзарту туралы өтiнiш беруге;
5) өткiзiп алынған мерзiмдi қалпына келтiру туралы, бiрақ өткiзiп алынған мерзiм аяқталған күннен екi айдан кешiктiрмей қалпына келтiру туралы өтiнiш беруге;
6) қарсы қойылған материалдармен танысуға құқығы бар.
Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
4-тарау. Тауар таңбасын тіркеу
14-бап. Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмi
1. Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
2. Tayap таңбасына куәлiк бере отырып сараптама жасау ұйымы тауар таңбаларының мемлекеттік тізіліміне:
1) тауар таңбасының бейнесi;
2) оның иелерi туралы мәлiметтер;
3) тауар таңбасын тiркеудiң нөмiрi мен күнi;
4) тауар таңбасы тiркелген тауарлар мен қызметтердiң тiзбесi;
5) сараптама жасау ұйымына берiлген өтiнiмнiң нөмiрi мен күнi;
6) егер конвенциялық басымдық белгiленген болса, алғашқы
өтiнiм берiлген ел, оның нөмiрi және берiлген күнi;
7) қорғалатын тауар таңбасына құқық беру туралы мәлiметтердi қоса алғанда, тауар таңбасын тiркеуге қатысты басқа да мәлiметтер енгiзiледi.
3. Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлімi жалпыға ортақ болып табылады. Мүдделi тұлғалардың өтiніші бойынша сараптама жасау ұйымы Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiнен көшiрме бередi.
4. Тауар таңбасының иесi өзiнiң тегiнiң, атының және қалауы бойынша әкесiнiң атының, сондай-ақ тұратын жерiнiң, не атауы мен орналасқан жерiнiң өзгерiстерi туралы мәлiметтердi қоса алғанда, тiркеуге қатысты өзгерiстер туралы сараптама жасау ұйымына хабардар етiп отыруға мiндеттi.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетiлген өзгерiстердi, сондай-ақ техникалық сипаттағы қателердi түзету үшiн өзгерiстердi сараптама жасау ұйымы Мемлекеттiк тiзiлiмге, ал уәкiлеттi орган тауар таңбасына берiлген куәлiкке енгiзедi.
Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
15-бап. Тiркеудiң қолданылу мерзiмi
1. Тауар таңбасының тiркелуi өтiнiм берiлген күннен бастап он жыл бойы қолданылады.
2. Тауар таңбасын тiркеудiң қолданылу мерзiмi оның қолданылуының соңғы жылы iшiнде берiлген иесiнiң өтiнiшi бойынша әр жолы он жылға ұзартылып отырылуы мүмкiн. Тiркеудiң қолданылу мерзiмiнiң ұзартылуы туралы мәлiметтер Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiне және куәлiкке енгiзiледi.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген өтiнiш беру мерзiмi тiркеудiң қолданылу мерзiмi аяқталған соң алты ай iшiнде берiлген иесiнiң арызы бойынша қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
16-бап. Тiркеу туралы мәлiметтердi жариялау
Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзілген тауар таңбасын тiркеуге қатысты мәлiметтердi, сондай-ақ тiркеуге қатысты бұдан былайғы өзгерiстердi Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiне тiкелей жазылған соң сараптама жасау ұйымы бюллетеньде жариялайды.
Мемлекеттiк тiзiлiмге және ұжымдық тауар таңбасына берiлген куәлiкке ұжымдық тауар таңбасының иелерi туралы мәлiметтер қосымша енгiзiледi.
Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
17-бап. Тауар таңбасын қайта тiркеу шарттары
Тiркелуінiң қолданылу мерзiмi өтiп кеткен тауар таңбасы тiркеудiң қолданылуы тоқтатылған күннен бастап бір жыл бойы бұрынғы иесiнен басқа тұлғаның атына қайта тiркелмейдi.
Осы шарт тауар таңбасының иесi тiркеудiң қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн бас тартқан жағдайда да қолданылады.
Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.02. N 237 Заңымен.
18-бап. Тауар таңбасына берiлетiн куәлiк
1. Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.
2. Тауар таңбасына берілген куәлік тауар таңбасының тіркелу фактiсiн, оның басымдығын, куәлiкте көрсетiлген тауарлар мен қызметтерге қатысты тауар таңбасына иесiнiң айырықша құқығын куәландырады.
3. Куәлiктiң нысанын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
18-1-бап. Тауар таңбасын жалпыға бірдей белгiлi деп тану
1. Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген немесе халықаралық шарттарға орай қорғалатын тауар таңбасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасында құқықтық қорғалмайтын тауар таңбасы ретінде пайдаланылатын, бірақ белсендi пайдалану нәтижесiнде Қазақстан Республикасында кеңiнен мәлiм болған белгi Қазақстан Республикасында жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбасы деп танылуы мүмкiн.
Тауар таңбасын Қазақстан Республикасында жалпыға бiрдей белгiлi деп тану жөнiндегi жеке және заңды тұлғалардың өтiнiшiн уәкiлеттi органның тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп тану жөнiндегi комиссиясы қарастырады.
Қазақстан Республикасында тауар таңбасын (қызмет көрсету таңбасын) жалпыға бiрдей белгiлi деп тану жөнiндегi комиссия туралы ереженi уәкiлеттi орган бекiтедi.
Өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша уәкiлеттi органның комиссиясы тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп тану туралы не ондай деп танудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды, мұндай шешiм ол қабылданған кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде тауар таңбасының иесiне жiберiледi.
Егер өтiнiш берушi ұсынған нақты мәлiметтерде таңбаның жалпыға бiрдей белгiлi болуы өтiнiште көрсетiлгеннен өзге күн екендiгi расталса, тауар таңбасы нақты күннен бастап жалпыға бірдей белгілі деп танылуы мүмкiн.
Егер:
өтiнiш берушi ұсынған мәлiметтерде тауар таңбасының жалпыға бiрдей белгiлi екенi расталмаса немесе олар тауар таңбасының жалпыға бiрдей белгiлi екенiн тану үшiн жеткiлiксiз болса;
өзiнiң тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп тануға өтiнiш берген күннен неғұрлым ертерек басымдығы бар, қорғалатын немесе бiр тектес тауарларға қатысты өзге тұлғаның атына мәлiмделген, өтiнiш берушiнiң тауар таңбаларымен араласып кеткен дәрежеге дейiн бiрдей немесе ұқсас тауар таңбасы бар екенi анықталса, тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп танудан бас тарту туралы шешiм шығарылады.
Уәкiлеттi орган комиссиясының осы тармақтың төртiншi бөлiгiнде көрсетiлген шешiмiне сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
2. Жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбасына осы Заңда тауар таңбасы үшiн көзделген құқықтық қорғау берiледi.
3. Жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбаларын құқықтық қорғау:
1) тiркеудiң қолданылу мерзiмi аяқталуына байланысты;
2) уәкiлеттi орган комиссиясының тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп тану туралы шешiмiнiң күшiн жою туралы сот шешiмiнiң күшiне енуiне байланысты тоқтатылады
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген белгiнi немесе тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп тану негiзiнде оның иесiне тауар таңбасы жалпыға бiрдей белгiлi деп танылған күннен бастап он жыл бойы қолданылатын сертификат берiледi.
Сертификат иесiнiң өтініші бойынша және тауар таңбасының алпыға бiрдей белгiлi екенiн растайтын мәлiметтер табыс етiлген жағдайда оның қолданылу мерзiмi келесi он жыл мерзiмге ұзартылуы мүмкiн.
Жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбасын тiркеу, оның иесi туралы мәлiметтер және осындай тiркеуге қатысты кейiнгi өзгерiстер жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi және бюллетеньде жарияланады.
Ескерту. 18-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
5-тарау. Тауар таңбасын пайдалану
19-бап. Тауар таңбасын пайдалану шарттары
1. Тауар таңбасының иесi тауар таңбасын пайдалануға мiндеттi.
2. Делдалдық қызметтi жүзеге асыратын кәсiпкерлер тауар жасаушы келiсiм берген жағдайда өз таңбасын олар өткiзетiн тауарларда тауар жасаушының тауар таңбасымен қатар пайдалануға, сондай-ақ оны жасаушының тауар таңбасының орнына қоюға құқылы.
3. Ұжымдық тауар таңбасының иелерi ұжымдық тауар таңбасымен қатар өздерi шығаратын тауарларда өз тауар таңбаларын пайдалана алады.
4. Кез келген мүдделi тұлға тiркелген күннен бастап үш жыл немесе қарсылық бiлдiрудiң алдындағы үш жыл бойы мүлдем пайдаланылмауына байланысты тауар таңбасын тiркеудiң қолданылуына қарсы уәкiлеттi органға қарсылық бiлдiре алады. Қарсылық куәлiкте көрсетiлген барлық тауарларға немесе олардың бiр бөлiгiне қатысты болуы мүмкiн және оны апелляциялық кеңес, түскен күннен бастап алты ай iшiнде қарауға тиiс.
Тауар таңбасын пайдаланудың дәлелi болып оның тiркелуiне себеп болған тауарларда және (немесе) олардың бумасында тауар таңбасы иесiнiң немесе осы Заңның 21-бабының 2-тармағына сәйкес тауар таңбасына құқық беру туралы шарттың негiзiнде осындай құқық берiлген тұлғаның қолдануы есептеледi. Тауар таңбасымен белгiленген тауарды жасау, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, сату, оны жарнамада, маңдайшажазуларда, баспа басылымдарында, ресми бланкiлерде, өзге де iскерлiк құжаттамада қолдану, тауар таңбасына құқықты беру немесе Қазақстан Республикасында өткiзiлетiн көрмелерде тауарлардың көрсетiлуi кезiнде қолдану, сондай-ақ оларды азаматтық айналымға өзгеше енгiзу тауар таңбасын пайдалану болып танылуы мүмкiн.
Тауар таңбасының иесi беретiн оны пайдалану дәлелдемесi қарсылықта көрсетiлген уақыт кезеңiне қатысты болуға тиiс.
Тауар таңбасының пайдаланылмауына байланысты оның қолданылуын тоқтату туралы мәселенi шешу кезiнде тауар таңбасы өзiне қатысты емес жағдайларға байланысты пайдаланылмағаны жөнiнде иесi ұсынған дәлелдемелер назарға алынады.
5. Алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
6. Жалпы жұртқа белгiлi тауар таңбасынан аумайтындай дәрежеде онымен бiрдей немесе ұқсас және тауар таңбасы жалпы жұртқа белгiлi деп танылғанға дейiн тiркелген тауар таңбаларының иелерi уәкiлеттi орган белгiлеген, бiрақ жетi жылдан аспайтын мерзiм iшiнде оларды әрi қарай пайдалану құқығын сақтайды.
7. Қазақстан Республикасының аумағына азаматтық айналымға тiкелей құқық иесi енгiзген немесе оның келiсiмiмен енгiзiлген тауарларға қатысты тауар таңбасын басқа тұлғалардың пайдалануы осы тауар таңбасына айрықша құқықты бұзу болып табылмайды.
Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586 , 2007.03.02. N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
20-бап. Ескертпе таңбалау
Тауар таңбасына куәлік иесі тауар таңбасына қатар тұстан пайдаланылып отырған белгі Қазақстан Республикасында тіркелген тауар таңбасы екенiн көрсететiн латынның (R) әрпi түрiндегi ескертпе таңбалауын не "тауар таңбасы", "товарный знак" немесе "тiркелген тауар таңбасы" деген сөз белгiлерiн соға алады.
21-бап. Тауар таңбасына құқықты беру
1. Куәлiкте көрсетілген барлық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге не олардың бiр бөлiгiне қатысты тауар таңбасына айрықша құқықты оның иесi басқа тұлғаға шарт бойынша беруi мүмкiн.
Егер ол тауарға немесе оның дайындаушысына қатысты жаңылыстыруға себепшi болатын болса, тауар таңбасына құқықты беруге жол берілмейдi.
Тауар таңбасына құқықтың ауысуы, оның iшiнде оны шарт бойынша немесе құқық мирасқорлығы тәртiбiмен беру уәкiлеттi органда тiркелуге тиiс.
2. Тауар таңбасын пайдалану құқығын тауар таңбасының иесi (лицензиар) басқа тұлғаға (лицензиатқа) куәлiкте көрсетiлген барлық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге не олардың бiр бөлiгiне қатысты лицензиялық шарт бойынша беруі мүмкін.
Лицензиатқа тауар таңбасын пайдалануға рұқсат беретiн лицензиялық шарт тауарлардың немесе көрсетілетін қызметтердiң сапасы лицензиар тауарлары мен көрсетілетін қызметтерiнiң сапасынан төмен болмайтыны және лицензиардың осы талаптың орындалуына бақылау жасауға құқығы бар екенi туралы талапты қамтуға тиiс.
Тауар таңбасына құқықтың күшi тоқтатылғанда, лицензиялық шарттың қолданылуы тоқтатылады.
Тауар таңбасына құқықтың басқа тұлғаға ауысуы лицензиялық шартты тоқтатуға әкеп соқпайды.
3. Тауар таңбасына құқықты беру туралы шарт немесе лицензиялық шарт жазбаша нысанда жасалып, уәкiлеттi органда тiркелуге тиiс. Тiркеу туралы жазбаша нысан мен талаптарды сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
Тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты немесе лицензиялық шартты тіркеу сараптама жасау ұйымы жүргiзетін материалдар сараптамасының нәтижелерi бойынша жүзеге асырылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиялық шарттарды тiркеудiң тәртiбiне лицензиялық шарттарды тiркеу туралы ережелер қолданылады.
Тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты және лицензиялық шартты тіркеу үшін сараптама жасау ұйымына белгіленген нысандағы өтініш ұсынылады.
Өтінішке:
1) титулдық парақпен жабдықталған шарттың төрт дана түпнұсқасы қоса беріледі. Шарттың әрбір данасы тігіледі, тігілген және нөмірленген парақтардың саны туралы жазба жасалған қағаз пломбамен бекітіледі, мөр бедерлемесі мен екі тараптың немесе соған уәкілеттік берген екі тарап тұлғаларының қолдары қойылады.
Лицензиялық шарттар үшін материалдарды тіркеуге беру шартқа қол қойылған күннен бастап алты ай мерзімнен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
Шарт түпнұсқаларының орнына шарттың нотариат куәландырған көшірмелері ұсынылуы мүмкін;
2) өтініш патенттік сенім білдірілген тұлға немесе өзге де өкіл арқылы берілген жағдайда, сенімхат;
3) мемлекеттік бажды төлегенін растайтын құжат қоса беріледі.
Лицензиялық шарттар бойынша ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, лицензиардың (қосалқы лицензиардың) басқару органдарының шарт жасасу және заңды тұлғаның атынан өтініш берген жағдайда шартқа кәсіпорын басшысының қол қою өкілеттігін беру мәселесі жөніндегі шешімін ұсынады.
Өзгеге беру шарттары бойынша ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, қорғау құжаты немесе айрықша құқық иесінің басқару органдарының, құрылтайшылардың немесе акционерлердің жалпы жиналысының шарт жасасу және шартқа кәсіпорын басшысының қол қою өкілеттігін беру мәселесі жөніндегі шешімін ұсынады.
Өтiнiш пен басқа да қажетті құжаттар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Шетелдiк есiмдер мен заңды тұлғалардың атаулары қазақ және орыс транслитерациясымен көрсетiлуге тиiс. Егер құжаттар басқа тілде ұсынылса, өтінішке олардың нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі.
Өтiнiш бiр тауар таңбасына құқықты беру туралы шартқа және лицензиялық шартқа қатысты болуға тиiс.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе уәкілетті органға шарт құжаттарын өз атынан беретін шетелдiк заңды тұлғалар шарттарды тiркеуге байланысты құқықтарды Қазақстан Республикасының тiркелген патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілдері арқылы жүзеге асырады.
Уақытша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүрген оның азаматтары Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде хат-хабар алмасуға арналған мекенжайларын көрсеткен жағдайда, шарттарды тiркеуге байланысты құқықтарды патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілдерсіз жүзеге асырады.
4. Өтініш беруші құжаттар тізбесін тіркеу үшін ұсынғаннан кейін сараптама жасау ұйымы өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде келіп түскен құжаттарға алдын ала сараптама жүргізеді, оның барысында қажетті құжаттардың болуы және оларға қойылған талаптардың сақталуы тексеріледі, өтінішке қоса берілетін шарт материалдарында сараптама жүргізуге ақы төленгенін растайтын құжат болмаған жағдайда, өтініш берушіге төлем шоты беріледі. Бұл жағдайда көрсетілген мерзімдер сараптама жасау ұйымына төлемнің түскен күнінен бастап есептеледі.
Тауар таңбасына құқықты беру туралы шарттың және лицензиялық шарттың қарауға қабылданған материалдары бойынша жиырма күн мерзімде мәні бойынша сараптама жүргізіледі, оның барысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тауар таңбасына құқықты беру туралы шарттың және лицензиялық шарттың материалдарына зерделеу жүргізіледі.
5. Жоюға болатын, тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты және лицензиялық шартты тіркеуге кедергі жасайтын негіздер:
1) соған қатысты шарт жасалатын, бірақ қалпына келтіру мүмкіндігі бар куәлік қолданысының тоқтатылуы;
2) өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға лицензия беруге кедергi келтiретiн, бұрын жасалған шарттар бойынша қабылданған мiндеттемелердiң болуы;
3) шартта Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және ратификацияланған халықаралық шарттарға қайшы келетiн ережелердiң болуы;
4) құжаттардың толық топтамасының ұсынылмауы, не ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сай келмеуі.
6. Құжаттарды ресімдеуге қойылатын талаптар бұзылған немесе осы баптың 5-тармағында көрсетілген, шартты тіркеуге кедергі жасайтын, бірақ жоюға болатын негіздер болған жағдайда, сараптама жасау ұйымы өтініш берушіге ол жіберілген күннен бастап үш ай мерзімде жетіспейтін немесе түзетілген құжаттарды ұсыну немесе қажетті өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы ұсынысы бар сауалды жібереді. Бұл жағдайда осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәні бойынша сараптама жүргізу мерзімдері жетіспейтін немесе түзетілген құжаттарды өткізген күннен бастап есептеледі.
7. Мынадай негіздер болған:
1) соған қатысты шарт жасалатын қорғау құжаттарының қолданылуы тоқтатылған және оларды қалпына келтіру мүмкіндігі болмаған;
2) осы баптың 6-тармағында көзделген барлық қажетті материалдар мен мәліметтер үш ай мерзімде ұсынылмаған;
3) тараптарда шарт жасасуға қажетті құқықтар болмаған;
4) лицензиялық шартта лицензиаттың қосалқы лицензиялық шартты тіркеу туралы өкілеттігі болмаған және уәкілетті органда тіркелген лицензиялық шарт болмаған жағдайда, сараптама жасау ұйымы тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты немесе лицензиялық шартты тіркеуден бас тарту туралы қорытынды шығарады.
Сараптама жасау ұйымы қорытынды шығарғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде бас тарту себептерін көрсете отырып, осы қорытындыны уәкілетті органға жібереді.
8. Сараптама нәтижесi оң болған жағдайда сараптама жасау ұйымы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты немесе лицензиялық шартты тiркеуге кедергi келтiретiн негiздердiң жоқтығы туралы қорытындыны жiбередi.
Тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты немесе лицензиялық шартты тiркеу туралы немесе тiркеуден бас тарту туралы шешiмдi уәкілетті орган сараптама жасау ұйымының қорытындысы келіп түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдайды.
9. Шартты тіркеу туралы шешім шығарылғаннан кейін уәкілетті орган:
1) соған қатысты шарт жасалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң қорғау құжатына қосымшаны ресiмдейдi;
2) шарттың титулдық парағына тiркеу күнiн, тiркеу нөмiрiн көрсете отырып, оның тiркелгенi туралы мөртабан соғады;
3) тiркелген шарттардың тiзiлiмiне шарт туралы мәлiметтердi енгізедi;
4) өтiнiште хат-хабар алмасу үшiн көрсетiлген мекенжай бойынша шарттың тiркелген екi данасын және қорғау құжатына қосымшаны жiбередi;
5) шартты тіркеу туралы мәліметтерді жариялау үшін шарттың бақылау данасын қорытындымен бірге сараптама жасау ұйымына жібереді.
Шарттың үшiншi және төртiншi даналары тиісті уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымында сақталады және бақылау даналары болып табылады.
Тіркелген шарттар бойынша сараптама жасау ұйымы тіркелген шарттар туралы мәліметтерді, атап айтқанда, шарттың тіркелген нөмірі мен күнін, шарт тараптарының атауын немесе толық мәліметтерін, шарттың мәнін, шарттың қолданылу мерзімін, шарттың қолданылу аумағын бюллетеньде жариялайды.
Кез келген тұлға тiркелген шарттар тiзiлiмiнен тiркелген шарттар туралы мәлiметке қатысты үзінді көшiрменi ашық жариялау үшін алуы мүмкін.
Үшiншi тұлғаны шарт мәтiнiмен таныстыруға, сондай-ақ одан үзінді көшiрме алуға шарт тараптарының жазбаша келiсiмiмен ғана жол берiледi.
Уәкілетті орган сараптама жасау ұйымының қорытындысы негізінде тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты және лицензиялық шартты тiркеуден бас тарту туралы шешiм шығарған жағдайда, қаралып отырған шарт бойынша құжаттар тiркеуден бас тарту туралы шешiммен бiрге өтiнiште көрсетiлген мекенжай бойынша қайтарылады.
10. Тауар таңбасына құқықты беру туралы шарт және лицензиялық шарт уәкілетті органда тiркелген күнінен бастап күшiне енедi.
Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
22-бап. Заңды тұлғаны бөлу түрiнде қайта ұйымдастыру
кезiнде тауар таңбасына құқықты беру
Заңды тұлға бөлiнген кезде тауар таңбасына құқық тауарлар өндiру немесе қызметтер көрсету қолына көшкен жаңадан пайда болған заңды тұлғаға ауысады.
Тауар таңбасының тiркелуiне себеп болған тауарлар өндiрудiң немесе қызметтер көрсетудiң бiр бөлiгi жаңадан пайда болған заңды тұлғалардың әрқайсысында сақталып қалған жағдайда, жаңа заңды тұлғалар, олардың келiсiмi болған жағдайда, тауар таңбасының тең иеленушісi болып табылады.
Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
6-тарау. Тауар таңбасын тіркеудің қолданылуын тоқтату
23-бап. Тауар таңбасын тiркеуге дау айту
1. Тауар таңбасын тiркеуге, егер ол осы Заңның 7-бабының 1-тармағының 1)-3) тармақшаларын қоспағанда, 6 және 7-баптарда белгiленген талаптарды бұза отырып жүзеге асырылса, бүкiл қолданылу мерзiмi бойы немесе егер ол осы Заңның 7-бабының 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында белгiленген талаптарды бұза отырып жүзеге асырылса, тауар таңбасы тiркелген күннен бастап бес жыл iшiнде дау айтылып, ол толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
2. Кез келген мүдделi тұлға осы баптың 1-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша тауар таңбасының тiркелуiне қарсы уәкiлеттi органға қарсылық бере алады.
Тауар таңбасының тiркелуiне қарсы қарсылықты ол түскен күннен бастап алты ай iшiнде апелляциялық кеңес қарауға тиiс. Қарсылық берушi тұлғаның, сондай-ақ тауар таңбасы иесiнiң даудың қаралуына қатысуға құқығы бар.
Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
24-бап. Тауар таңбасының тiркелуiн қолдануды тоқтату
және оны жарамсыз деп тану
1. Тауар таңбасының тiркелуiн қолдану:
1) осы Заңның 15-бабында көзделген оның қолданылу мерзiмiнiң аяқталуына байланысты;
2) заңды тұлғаның таратылуына немесе жеке тұлғаның - тауар таңбасы иесiнiң кәсiпкерлiк қызметiнiң тоқтатылуына байланысты;
3) тауар таңбасы иесiнiң одан бас тартуы туралы берген жазбаша арызы негiзiнде;
4) осы Заңның 19-бабының 4-тармағына сәйкес тауар таңбасы пайдаланылмаған жағдайда;
5) алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
2. Осы Заңның 23-бабының 1-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша апелляциялық кеңестiң немесе соттың шешiмiмен, тауар таңбасының тiркелуi толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылады.
3. Сараптама жасау ұйымы Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiне тауар таңбасын тiркеудiң қолданылуы тоқтатылуына немесе оның, жарамсыз деп танылуына байланысты оның күшiн жою туралы жазба енгiзедi.
Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
7-тарау. Тауарлар шығарылған жер атауларын құқықтық
қорғау және оларды тіркеу шарттары
25-бап. Тауарлар шығарылған жерлердiң атауларын
құқықтық қорғау
1. Қазақстан Республикасында тауар шығарылған жерлердiң атауларын құқықтық қорғау осы Заңда көзделген тәртiппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына орай оларды тiркеу негiзiнде берiледi.
2. Тауар шығарылған жер атауын пайдаланудың ерекше құқығы айрықша қасиеттерi тек қана немесе негiзiнен табиғи жағдайларды және (немесе) адам факторларын қоса алғанда, географиялық ортаға байланысты осы географиялық объектiде кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын, тауарлар өндiретiн бiр немесе бiрнеше заңды немесе жеке тұлғаларға берiлуi мүмкiн.
3. Шет мемлекеттегi географиялық объектiнiң атауын, егер осы объектiнiң атауы осындай атау ретiнде тауар шығарылған елде қорғалса, тауар шығарылған жердiң атауы ретiнде мемлекеттiк тiркеуге жол беріледі. Көрсетiлген тауар шығарылған жердiң атауын пайдаланудың айрықша құқығының иесi тауар шығарылған елде осындай атауды пайдалану құқығы қорғалатын тұлға ғана болуы мүмкiн.
Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
26-бап. Тауарлар шығарылған жердiң атауы ретiнде
тiркелетiн белгiлер
1. Тауар шығарылған жердiң атауы ретiнде елдiң, өңiрдiң, елдi мекеннiң, жердiң немесе басқа да географиялық объектiнiң қазiргi немесе тарихи, ресми немесе бейресми, толық немесе қысқартылған атауы, сондай-ақ осындай атаудан шыққан белгi және олардың тауардың көрiнiстік атауымен тiркесi тiркелуi мүмкiн.
2. Географиялық объектiнiң атауын бiлдiргенiмен немесе қамтығанымен, бiрақ Қазақстан Республикасында тауардың өндiрiлген жерiмен байланысты емес оның белгiлi бiр түрiнiң белгiлерi ретiнде жалпы қолданысқа енгiзiлген белгiлер тауар шығарылған жердiң атауы болып танылмайды.
Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
27-бап. Тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары ретiнде
тiркелмейтiн белгiлер
Тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары ретiнде:
1) тауар шығарылған жерге қатысты жаңылысуға әкеп
соқтыратындай географиялық объектiлердiң атаулары болып табылатын;
2) тауар өндiрiлген нақты жердi үстiрт түрде көрсететiн, бiрақ тауардың басқа аумақтан шығарылғаны жөнiнде қате түсiнiк беретiн белгiлер;
3) тауарлардың шығарылған жерiмен байланысты емес, географиялық объектiлердiң атауын қамтитын белгiлер тiркелмейдi.
Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
28-бап. Тауар шығарылған жердiң атауына және тауар
шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын
беруге өтiнiм жасау
Тауар шығарылған жердiң атауына және тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын беруге өтiнiм (бұдан әрi - өтiнiм) сараптама жасау ұйымына берiледi.
Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
29-бап. Өтiнімге қойылатын талаптар
1. Өтiнiм тауар шығарылған жердiң бiр атауына қатысты болуға тиіс.
2. Өтiнiм бiр үлгi бланкiде берiлуге және:
1) өтiнiм берушiнi (өтiнiм берушiлердi), сондай-ақ оның (олардың) орналасқан жерiн немесе тұрғылықты жерiн көрсете отырып, атауға сараптама жүргiзу және (немесе) атауға құқық беру туралы өтiнiштi;
2) мәлiмделген белгiнi;
3) тауардың түрiн;
4) тауардың айрықша қасиеттерінің сипаттамасын;
5) тауар өндiрiлген жердің нұсқамасын (географиялық объектiнiң шекарасы) қамтуға тиiс.
3. Егер атауы тауар шығарылған жердің атауы ретінде мәлімделетін географиялық объект Қазақстан Республикасының аумағында орналасса, аталған географиялық объектінің шекарасында өтінім беруші ерекше қасиеттері, сапасы, репутациясы және басқа да сипаттамалары негізінен осы географиялық объектіге тән табиғи жағдайлармен және (немесе) адам факторларымен айқындалатын тауар өндіретіні туралы жергілікті атқарушы органның қорытындысы өтінімге қоса беріледі.
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан бұрын тiркелген тауар шығарылған жердiң атауына айрықша құқық беруге арналған өтiнiмге уәкiлеттi органның осы географиялық объектiнiң шекарасында өтiнiм берушi Қазақстан Республикасының тауар шығарылған жерлер атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiнде көрсетiлген ерекше қасиеттерге ие тауарды өндiретiнi туралы қорытындысы қоса берiледi.
Егер атауы тауар шығарылған жердiң атауы ретiнде мәлiмделетiн географиялық объект Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасса, өтiнiм берушiнiң мәлiмделген тауар шығарылған жердiң атауына құқығын растайтын құжат өтiнiмге қоса берiледi.
Өтiнiмге сараптама жасау ұйымының сараптама жүргiзу бойынша көрсететін қызметтерiне ақы төленгенiн растайтын құжат та қоса берiледi. Төлем мөлшерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленедi.
Iс жүргiзу өкiл арқылы жүргiзiлген жағдайда, өтiнiмге сенiмхат қоса берiледi.
4. Өтiнiм мен оған қоса тiркелетiн құжаттар мемлекеттік тiлде немесе орыс тiлінде тапсырылады. Етер құжаттар басқа тiлде тапсырылса, онда өтiнiм берушi екi ай iшiнде олардың мемлекеттік тiлдегi немесе орыс тiлiндегi аудармасын тапсыруға тиiс.
5. Өтiнiмдердi жасауға, ресiмдеуге және қарауға қойылатын талаптарды уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586 , 2007.03.02 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
8-тарау. Тауар шығарылған жер атауына сараптама
30-бап. Сараптама жүргiзу тәртiбi
1. Өтiнiм берiлген күннен бастап алты ай iшiнде сараптама жасау ұйымы сараптама жүргiзедi, оның барысында оның осы Заңның 26, 27 және 29-баптарында белгiленген талаптарға сәйкестiгi тексерiледi.
2. Сараптама барысында сараптама жасау ұйымы қосымша материалда сұратуға құқылы, олар өтiніш берушiге сұрау жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде тапсырылуға тиiс.
Қосымша материалдарды не осы мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiштi өтiнiм берушi белгiленген мерзiмде тапсырмаған жағдайда іс жүргiзу тоқтатылып, өтiнiм керi қайтарып алынған болып есептеледi.
Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
31-бап. Сараптама нәтижелерi бойынша шешiмдер
1. Сараптама нәтижелерi бойынша уәкiлеттi орган:
1) Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
2) тауар шығарылған жер атауын тiркеу және (немесе) тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын беру туралы;
3) тауар шығарылған жер атауын тiркеуден және (немесе) тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын беруден бас тарту туралы тиістi шешiм қабылдайды.
2. Өтiнiм берушi өзiне тiркеуден бас тарту туралы шешiм жiберілген күннен бастап үш ай мерзiмде сараптама шешiмiн қайта қарау туралы өтiнiш бiлдiрiп, дәлелдi қарсылық тапсыруға құқылы.
Қайта шығарылған сараптама шешiмiмен келiспеген жағдайда өтiнiм берушi осы Заңның 12-бабының 5-тармағында көзделген тәртiппен қарсылық бере алады.
Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
32-бап. Өтiнiм берушiнiң құқықтары
Тауар шығарылған жер атауына сараптама жүргiзiлген кезде өтiнiм берушiге осы Заңның 13-бабында көрсетiлген құқықтар берiледi.
9-тарау. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын тіркеу
және беру
33-бап. Тауарлар шығарылған жер атауларының
мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу тәртiбi
1. Сараптама жасау ұйымы тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығына куәлiк берумен бiрге Тауарлар шығарылған жер атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiне тауар шығарылған жердiң атауын, тiркелу нөмiрi мен күнiн, тауардың айрықша қасиеттерiнiң сипаттамасын, тұрғылықты жерлерiн (орналасқан жерлерiн), өтiнiмнiң нөмiрi мен берiлген күнiн көрсете отырып тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының барлық иелерi туралы мәлiметтердi және көрсетiлген мәлiметтердегi одан кейiнгi барлық өзгерiстердi, сондай-ақ тiркеуге қатысты басқа да мәлiметтердi енгiзедi.
2. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының иесi тiркеу туралы мәлiметтерге қатысты өзгерiстер жайында сараптама жасау ұйымына хабарлап отыруға мiндеттi. Өзгерiстер туралы жазбаны сараптама жасау ұйымы Тауарлар шығарылған жер атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiне және куәлiкке түсiредi.
3. Тауарлар шығарылған жер атауларының мемлекеттiк тiзiлiмi жалпыға бiрдей қолжетiмдi болып табылады. Мүдделi тұлғалардың өтiнiшi бойынша сараптама жасау ұйымы Тауарлар шығарылған жер атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiнен көшiрме бередi.
Ескерту. 33-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
34-бап. Тауар шығарылған жер атауын тiркеудiң және
тауар шығарылған жер атауын пайдалану
құқығының қолданылу мерзімдері
1. Аталған географиялық объект аумағында өндiрiлетiн тауардың ерекше қасиеттерi сақталған жағдайда тауар шығарылған жер атауларын тiркеу мерзiмсiз қолданылады.
2. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы сараптама жасау ұйымына өтінім берiлген күннен бастап он жыл бойы қолданылады.
3. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының қолданылу мерзiмi тауар шығарылған жер атауының тiркелуiне қатысты тауардың ерекше қасиеттерi сақталған жағдайда оның қолданылуының соңғы жылында берiлген иесiнiң өтiнiшi бойынша әр жолы он жыл ұзартылып отырады.
4. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiш осы Заңның 29-бабына сәйкес құзыреттi органның қорытындысымен бiр мезгiлде тапсырылады. Тiркеудiң қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы мәлiметтер Тауарлар шығарылған жерлердiң атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiне және куәлiкке енгiзiледi.
5. Осы баптың 3-тармағында белгiленген өтiнiм беру мерзiмi тiркеудiң қолданылу мерзiмi аяқталған соң алты айдың iшiнде берiлген иесiнiң арызы бойынша қалпына келтiрiледi.
Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
35-бап. Тiркеу туралы мәлiметтердi жариялау
Тауар шығарылған жер атауын тiркеуге және тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын беруге қатысты мәлiметтердi, сондай-ақ бұдан былайғы өзгерiстердi Тауарлар шығарылған жерлердiң атауларының мемлекеттiк тiзiлiміне тiкелей жазылған соң сараптама жасау ұйымы бюллетеньде жариялайды.
Ескерту. 35-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
36-бап. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығына
берiлетiн куәлiк
1. Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
2. Куәлiк тауар шығарылған жер атауының тiркелу фактiсiн және куәлiкте көрсетiлген тауар иесiнiң осы тауарды пайдалану жөнiндегi айрықша құқығын куәландырады.
3. Куәлiктiң нысанын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Ескерту. 36-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
10-тарау. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану
37-бап. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану шарттары
1. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының иесiне оны пайдаланудың айрықша құқығы берiледi.
2. Тiркелген тауар шығарылған жер атауымен бiрдей немесе араласып кету дәрежесiне дейiн ұқсас географиялық объектiнiң атауын тiркемей, оны бiртектес тауарларға қатысты пайдалануға жол берiлмейдi.
3. Минералды суларды, шараптарды немесе күштi спирт ішімдiктерiн бiрыңғайландыратын географиялық объектiлердiң атаулары болып табылатын немесе соларды қамтитын тауарлар шығарылған жерлердiң атауларын, егер бұл орайда тауар шығарылған нақты жер көрсетiлсе не аударма пайдаланылса немесе белгiде "түрiнде", "үлгiсiнде", "стилiнде" деген немесе басқа да осындай сөздер қоса жазылса, осы жерден шығарылмаған осындай тауарларды белгiлеу үшін пайдалануға жол берiлмейдi.
4. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын иелiктен айыру, оны бiреуге беру туралы өзге де мәмiлелер және лицензиялық шарт негiзiнде тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын беруге жол берiлмейдi.
Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
38-бап. Ескертпе таңбалау
Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының иесi тауар шығарылған жер атауымен қатар тұстан латынның (R) әрпi түрiндегi ескертпе таңбалауды, "тiркелген тауар шығарылған жердiң атауы", "зарегистрированное наименование места происхождения товара" немесе "ТШЖА тiрк." деген сөз белгiлерiн соға алады.
11-тарау. Тауар шығарылған жер атауын құқықтық қорғаудың
қолданылуын тоқтату
39-бап. Тауар шығарылған жер атауының тiркелуiне және
(немесе) тауар шығарылған жердің атауын пайдалану
құқығының берiлуiне дау айту
1. Егер тауар шығарылған жердің атауын тiркеу және (немесе) тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын беру осы Заңның 26, 27 және 29-баптарында белгiленген талаптарды бұза отырып жүзеге асырылған болса, оған дау айтылып, ол жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
2. Егер тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану неғұрлым ертерек басымдыққа ие, сондай-ақ Қазақстан Республикасында белсендi пайдалану нәтижесiнде кеңiнен танымал болған тауар таңбасының болуына байланысты тауарға немесе оны шығарушыға қатысты тұтынушыны жаңылыстыруы мүмкiн болса, тауар шығарылған жердiң атауын тiркеуге және (немесе) тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын беруге, тауар шығарылған жердiң атауын мемлекеттiк тiркеу туралы мәлiметтер ресми бюллетеньде жарияланған күнiнен бастап бес жылдың iшiнде дау айтылып, ол жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
3. Кез келген мүдделi тұлға уәкiлеттi органға осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетiлген негiз бойынша тауар шығарылған жер атауының тiркелуiне және (немесе) тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығының берiлуiне қарсылық бере алады.
Қарсылық осы Заңның 23-бабының 2-тармағында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде қаралуға тиiс.
Ескерту. 39-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
40-бап. Тауар шығарылған жер атауының тiркелуiн
және тауар шығарылған жер атауын пайдалану
құқығының қолданылуын тоқтату және оларды
жарамсыз деп тану
1. Тауар шығарылған жер атауын тiркеу:
1) осы географиялық объектiге тән жағдайлардың жойылуына және Тауарлар шығарылған жерлердiң атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiнде осы тауар шығарылған жер атауы жөнiнде көрсетiлген қасиеттерi бар тауар өндiрудiң мүмкiн болмауына байланысты;
2) тауар шығарылған жер атауын құқықтық қорғаудың шығарылатын елде тоқтатылуына байланысты доғарылады.
2. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының қолданылуы:
1) осы Заңның 34-бабында белгiленген оның қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты;
2) осы тауар шығарылған жер атауына қатысты Тауарлар шығарылған жерлердiң атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiнде көрсетiлген айырықша қасиеттердi тауардың жоғалтуына байланысты;
3) тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы иесiнің уәкiлеттi органға берген өтiнiшi негізiнде;
4) заңды тұлға таратылған немесе жеке тұлға - тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы иесiнiң кәсіпкерлiк қызметi тоқтатылған кезде доғарылады.
3. Тауар шығарылған жер атауын тiркеу және (немесе) тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын беру осы Заңның 39-бабының 1-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша апелляциялық кеңестiң немесе соттың шешiмi бойынша жарамсыз деп танылады.
4. Тауар шығарылған жер атауын тiркеу және (немесе) тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы қолданылуын тоқтатқан немесе олар жарамсыз деп танылған кезде сараптама жасау ұйымы Тауарлар шығарылған жерлердiң атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiне оларды жою туралы жазба енгiзедi.
Ескерту. 40-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
12-тарау. Тауар таңбаларын иелерінің құқықтарын және
тауарлар шығарылатын жерлердің атауларын пайдалану
құқықтарын қорғау
41-бап. Апелляциялық кеңес
1. Апелляциялық кеңес осы Заңның 12-бабының 5-тармағына, 19-бабының 4-тармағына, 23-бабының 2-тармағына, 39-бабының 2-тармағына сәйкес берiлетiн қарсылықтар бойынша дауларды сотқа дейiн қарау жөнiндегi уәкiлеттi органның бөлiмшесi болып табылады. Апелляциялық кеңес туралы ереженi уәкiлеттi орган бекітеді.
2. Апелляциялық кеңеске мынадай:
1) уәкілетті органның тауар таңбасын тіркеуден бас тарту туралы шешімдеріне (сараптама жасау ұйымының қорытындысына), оның ішінде Мадрид келісімінің 5-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес мәлімделген белгілерге сараптама жасау нәтижелері бойынша қабылданған тауар таңбасын тіркеуден бас тартуларға;
2) уәкілетті органның тауар шығарылған жердің атауын тіркеуден және (немесе) оған пайдалану құқығын беруден бас тарту туралы шешімдеріне;
3) Мадрид келісімінің 5-бабының 6-тармағын қоса алғандағы тауар таңбасының тіркелуіне қарсы;
4) тауар шығарылған жердің атауын тіркеуге және (немесе) оған пайдалану құқығын беруге қарсы;
5) пайдаланбауына байланысты тауар таңбасының тіркелуіне қарсы қарсылықтар берілуі мүмкін.
Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген қарсылықтарды өтiнiш берушi немесе оның құқықтық мұрагерi тiкелей өзі не өкiл арқылы береді.
Осы тармақтың 3) - 5) тармақшаларында көзделген қарсылықтарды кез келген мүдделi тұлға тiкелей өзі не өкiл арқылы береді.
Қарсылық қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органға тiкелей берiледi немесе пошта арқылы жiберiледi. Қарсылыққа қоса берілетін материалдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады. Егер қоса берілетін материалдар басқа тілде берілсе, онда қарсылыққа олардың қазақ және орыс тілдеріндегі нотариат куәландырған аудармасы қоса беріледі.
Егер қарсылық факсимильдiк байланыс немесе электрондық пошта арқылы берiлсе, ол осындай қарсылықты алған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қағаз жеткізгіштегі түпнұсқасымен расталуға тиiс.
Қарсылық осы Заңда көрсетілген мерзiмдер iшiнде берiледi.
Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген қарсылықтарды берудiң өтiнiш берушi өткiзiп алған мерзiмi, дәлелдi себептер болған жағдайда және өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру төлемі туралы құжаты болған жағдайда қалпына келтiрiлуi мүмкiн. Өтiнiш берушi өткізіп алған мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтінішті осы Заңда белгіленген мерзімдер ішінде бере алады. Мұндай өтiнiш апелляциялық кеңеске қарсылықпен бiр мезгілде ұсынылады.
3. Қарсылықты патенттiк сенiм бiлдiрілген өкіл немесе өзге де өкiл арқылы берген жағдайда, сенімхат қазақ және орыс тілдерінде беріледі, егер сенімхат басқа тілде (шетел тілінде) берілсе, онда ол қазақ және орыс тілдеріне аударылуға тиіс, сенімхаттың аудармасын нотариат куәландырады. Қарсылықтың материалдарына нотариат куәландырған сенімхаттың түпнұсқасы қоса беріледі немесе ол нотариат куәландырғанын растау үшін апелляциялық кеңестің хатшысына көшірмесімен бірге ұсынылады.
4. Берілген қарсылық апелляциялық кеңес алқасының отырысында осы Заңда белгіленген мерзім ішінде қаралуға тиіс. Қарсылықты қарау мерзiмi қарсылықты берген тұлғаның, сондай-ақ қорғау құжаты иесiнiң өтiнiшi бойынша, бiрақ қарсылықты қарау үшiн белгiленген мерзiм аяқталатын күннен бастап алты айдан асырмай ұзартылуы мүмкін.
5. Қарсылық берген тұлға, тауар таңбасының немесе тауар шығарылатын жердің атауын пайдалану құқығының иесi апелляциялық кеңеске оның шешімін алған күннен бастап алты ай ішінде сотқа шағым жасауы мүмкін.
Ескерту. 41-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
41-1-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңесте қараудан бас
тарту негіздері
1. Егер:
1) қарсылық апелляциялық кеңесте қаралуға жатпаса;
2) қарсылыққа қол қойылмаса не оған қол қоюға өкiлеттiгi жоқ тұлға қол қойса;
3) қарсылық белгiленген мерзiмдi бұза отырып берiлсе және көрсетілген мерзiмдi ұзарту мен қалпына келтiру мүмкiндiгi жоқ болса;
4) өтiнiш берушi қарсылық берудi ресiмдеуге, мазмұндауға және рәсiмдеуге қойылатын талаптарға қатысты кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоймаса, қарсылықты қарауға қабылдаудан бас тартылады.
Көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда, қарсылық берген тұлғаға алынған қарсылықты қарауға қабылдауға болмайтыны және ол берiлген жоқ деп есептелетiнi туралы хабарлама жiберiледi.
Қарсылық берген тұлға немесе оның өкiлi берiлген қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының шешiмі жария етілгенге дейiн қайтарып алуы мүмкін.
Ескерту. Заң 41-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
41-2-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының
отырысында қарау
1. Қарсылықты қарау құрамында кемінде бес мүшесi бар апелляциялық кеңес алқасында жүзеге асырылады. Дауды қарау басталғанға дейiн апелляциялық кеңес алқасының дербес құрамының құпиялылығы қамтамасыз етiлуге тиiс.
Апелляциялық кеңес алқасының отырысына қорытынды ұсыну үшін ғылыми ұйымдардың өкілдері мен тиісті бейіндегі мамандар шақырылуы мүмкін.
2. Апелляциялық кеңес алқасы отырысты өткізу мерзімдерін мынадай жағдайларда:
1) қарсылықты қарауға қатысу құқығы бар тұлғалардың біреуі келмегендіктен, қарсылықты бұл отырыста қарау мүмкін болмаса;
2) мәні бойынша шешім қабылдау үшін жетіспейтін қосымша құжаттарды (дәлелдемелерді) тараптардың ұсынуы қажет болғанда;
3) тараптардың өтініші бойынша кейінге қалдыруға құқылы.
3. Қарсылықты қарауға қатысушы тұлғалардың:
1) iс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшiрме жасауға, олардың көшiрмесiне тапсырыс беруге және оны алуға;
2) дәлелдемелер ұсынуға;
3) дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
4) апелляциялық процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға;
5) өтiнiштер мәлімдеуге;
6) апелляциялық кеңес алқасының мүшелеріне ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге;
7) қарсылықты қарау барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өзiнiң дәлелдерi мен пайымдауларын ұсынуға;
8) iске қатысушы басқа тұлғалардың өтiнiштерiне, дәлелдерi мен пайымдауларына қарсылық бiлдiруге құқығы бар.
4. Дау мәнi бойынша шешiлген жағдайда апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарады.
Шешiм апелляциялық кеңес алқасы мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда апелляциялық кеңес алқасының отырысында төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.
Қарсылықты қарау нәтижелерi бойынша мынадай:
1) қарсылықты қанағаттандыру туралы;
2) қарсылықты iшiнара қанағаттандыру туралы;
3) қарсылықты қарау мерзімін кейінге қалдыру туралы;
4) қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм шығарылады.
5. Апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарылған күннен бастап он жұмыс күні iшiнде апелляциялық кеңестiң шешiмiн әзiрлейдi және тараптарға жiбередi. Апелляциялық кеңестiң шешiмi жазбаша нысанда баяндалады және ол кiрiспелiк, сипаттамалық, дәлелдемелiк және қарарлық бөлiктерден тұруға тиiс.
Апелляциялық кеңестiң шешiмiне апелляциялық кеңес алқасының барлық мүшелерi қол қояды.
Ескерту. Заң 41-2-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
42-бап. Дауларды қарау
1. Сот тәртiбiмен қарауға:
1) куәлiк берудiң заңдылығы туралы;
2) тауар таңбасы немесе тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы иесiнiң айрықша құқығын бұзу туралы;
3) тауар таңбасын пайдалануға лицензиялық шарттар жасасу және оларды орындау туралы;
3-1) тауар таңбасын жалпы жұртқа белгiлi деп танудың заңдылығы туралы;
4) куәлiктен туындайтын құқықтарды қорғауға байланысты басқа да даулар жатады.
2. Сараптама жасау ұйымы сот шешiмi негiзiнде тiркеуге қатысты өзгерiстер туралы мәлiметтердi жариялайды.
Ескерту. 42-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
43-бап. Заңды және жеке тұлғалардың тауар таңбалары және
тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары туралы
заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi
1. Тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жер атауын немесе араласып кеткен дәрежеге дейiн олармен ұқсас белгiлердi бiртектес тауарлар мен қызметтерге қатысты, ал жалпы жұртқа белгiлi тауар таңбасы болғанда - кез келген тауарлар мен қызметтерге қатысты азаматтық айналымға рұқсатсыз енгiзу тауар таңбасының немесе тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы иесiнiң айрықша құқығын бұзу болып танылады.
Тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жер атауын жалпыға бiрдей қолжетiмдi телекоммуникациялық желiлерде (Интернетте және басқаларда) рұқсатсыз пайдалану да тауар таңбасы иесiнiң айрықша құқығын немесе тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын бұзу болып табылады.
2. Қорғалатын тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жер атауын, сондай-ақ араласып кеткен дәрежеге дейiн олармен ұқсас белгiлердi осы Заңның талаптарын бұза отырып бiртектес тауарларға пайдаланғаны үшiн кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Ескерту. 43-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
44-бап. Тауар таңбасы иелерiнiң құқығын немесе тауар
шығарылған жер атауын пайдалану құқығын бұзған
тұлғалардың мiндеттерi
Тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жер атауын не араласып кеткен дәрежеге дейiн онымен ұқсас белгiнi заңсыз пайдаланған тұлға:
1) жолсыздықты тоқтатуға және тауар таңбасының немесе тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы иесiне ол шеккен залалдың орнын толтыруға;
2) дайындалған тауар таңбасының немесе тауар шығарылған жер атауының кескiнiн жоюға, тауардан, оның бумасынан, бланкілерден немесе басқа құжаттамадан заңсыз пайдаланылатын тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жер атауын, сондай-ақ араласып кеткен дәрежеге дейiн олармен ұқсас белгiнi алып тастауға мiндеттi. Осы талапты орындау мүмкiн болмаған кезде тиiстi тауар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жойып жiберiлуге тиiс.
13-тарау. Қорытынды ережелер
45-бап. Мемлекеттiк баж және сараптама ұйымының
iс-әрекеттерiне ақы төлеу
Уәкiлеттi органның куәлiктердi, сертификаттарды беру, шарттарды тiркеу, патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдердi aттecтaттay және патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдi тiркеу туралы куәлiк беру жөнiндегi iс-әрекеттер жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттiк баж алынады.
Сараптама ұйымының осы Заңда көзделген, тауар таңбасын тiркеуге өтiнiмдер, тауар шығарылған жерлердiң атауларын пайдалану құқығын тiркеуге және беруге өтiнiмдер қабылдауды, тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына, тауар шығарылған жерлердiң атауларына сараптама жүргiзудi, тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына құқықтарды беру туралы шарттарға немесе лицензиялық шарттарға (қосалқы лицензиялық шарттарға) сараптама жүргiзудi және оларға қатысушылар үшiн құқықтар мен мiндеттер туындататын өзге де іс-әрекеттерді қамтитын іс-әрекеттерді жүзеге асырғаны үшін сараптама ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақы алады.
Ескерту. 45-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.11.22 N 90 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
46-бап. Патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдер
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жоғары бiлiмi және зияткерлiк меншiк саласында кемінде төрт жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен және зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті органда тiркелген Қазақстан Республикасының әрекетке қабiлеттi азаматы патенттiк сенiм білдірілген өкiл болуға құқылы.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу үшін уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымының қызметкерлері арасынан аттестаттау комиссиясын құрады. Бұл ретте, аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ең аз саны кемінде бес қызметкерден тұрады.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттауды сенім білдірілген өкілдерге кандидаттардан өтініштердің келіп түсуіне қарай жылына кемінде бір рет өткізеді.
Аттестаттау комиссиясы аттестаттау нәтижелері бойынша кандидатты аттестаттау не аттестаттаудан бас тарту туралы шешім шығарады. Аттестаттау комиссиясы шешімінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Аттестаттау комиссиясы шешім шығарған кезден бастап үш ай ішінде мұндай шешімге сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
Патенттік сенім білдірілген өкілге аттестаттау емтиханын ойдағыдай тапсырған кандидатқа патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігі беріледі, оның нысанын уәкілетті орган белгілейді.
Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу және оларға куәлік беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленетін мемлекеттік баж алынады.
2. Патенттік сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттар аттестаттауына:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға тыйым салынған адамдар;
2) уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлерi, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) болып табылатын адамдар;
3) қылмыс жасағаны үшін заң тәртібінде белгіленген өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар;
4) осы Заңға сәйкес патенттiк сенiм білдірілген өкiлдердің тiзiлiмінен шығарылған адамдар жiберiлмейдi.
3. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен:
1) патенттік сенім білдірілген өкілдің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынатын адамдарға, оның ішінде уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлеріне жатқызу кезеңіне;
3) осы Заңның 46-2-бабы 1-тармағының 2) және 6) тармақшаларында және 5-тармағында көзделген мән-жайларды анықтау мақсатында тоқтатыла тұрады.
Осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясы үш ай ішінде тиісті шешім қабылдағанға дейін тоқтатыла тұрады.
Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін тоқтата тұруға негіз болған себептер жойылған жағдайда, оның қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен қайта жалғастырылады.
4. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтiнiш берушiнің өкілі ретінде зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау мәселелері бойынша уәкiлеттi органмен және сараптама жасау ұйымымен iс жүргiзуге байланысты қызметті жүзеге асырады. Уәкiлеттi органмен және сараптама жасау ұйымымен iс жүргiзудi сондай-ақ өтініш беруші және (немесе) тауар таңбасының иесі дербес жүзеге асыра алады.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдiк заңды тұлғалар уәкiлеттi органда және оның ұйымдарында патенттiк сенiм білдірілген өкiлдер арқылы өздерінің өтiнiш берушi, тауар таңбасының, қызмет көрсету таңбасының және тауар шығарылатын жер атауының иесі ретіндегі құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бiрақ уақытша одан тыс жерде жүрген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының шегiнде хат-хабар алмасу үшiн мекенжайларын көрсеткен кезде патенттiк сенiм білдірілген өкiлсiз-ақ өздерінің өтiнiш берушi, тауар таңбасының, қызмет көрсету таңбасының және тауар шығарылатын жер атауының иесі ретіндегі құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын жүзеге асыра алады.
5. Патенттiк сенiм білдірілген өкiл сенiм бiлдiрушiден оның тапсырмасын орындауға байланысты алатын ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде құпиялы ақпаратқа немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияға қойылатын талаптарды сақтаған кезде құпиялы болып танылады.
Ескерту. 46-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
46-1-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің құқықтары
мен міндеттері
1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтініш берушінің (жеке немесе заңды тұлғаның), өзімен еңбек шартын жасасқан жұмыс берушінің немесе өзімен немесе өзінің жұмыс берушісімен азаматтық-құқықтық шарт жасасқан тұлғаның мүддесінде мынадай қызмет түрлерін:
1) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, зияткерлік меншік құқықтарын иелену немесе беру мәселелері бойынша консультация беру;
2) тапсырыс берушінің, сенім білдірушінің, жұмыс берушінің атынан және тапсырмасы бойынша тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын және тауар шығарылатын жердің атауларын тіркеуге өтінімдерді ресімдеу және жасау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
3) тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына және тауарлар шығарылатын жердің атауларына құқықтарды қорғау мәселелері бойынша уәкілетті органмен және (немесе) сараптама жасау ұйымымен өзара іс-қимыл жасау, оның ішінде хат-хабар алмасуды жүргізу, сараптама шешімдеріне қарсылықтарды дайындау және жолдау, сараптама жасау ұйымы жанындағы сараптама кеңесінің отырыстарына қатысу;
4) лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарды және (немесе) өзгеге беру шарттарын жасауға, қарауға және кейіннен оларды сараптамаға жіберуге жәрдемдесу қызметін жүзеге асыруға құқылы.
2. Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдiң өкiлеттiгi сенiмхатпен куәландырылады.
3. Патенттік сенiм білдірілген өкіл тауар таңбаларына (қызмет көрсету таңбаларына) және тауар шығарылған жерлердің атауларына өтінімдер беруге және (немесе) қорғау құжаттарын алуға, сондай-ақ апелляциялық кеңеске қарсылықтарды беруге байланысты істерді жүргізуге арналған сенімхаттың көшірмесін ұсынған жағдайда, көрсетілген өтінім немесе қарсылық берілген кезден бастап үш ай ішінде патенттік сенім білдірілген өкіл тиісінше сараптама жасау ұйымына және уәкілетті органға сенімхаттың түпнұсқасын ұсынуға міндетті. Түпнұсқалылығы расталғаннан кейін сенімхаттың түпнұсқасы қайтарылуға жатады.
Егер сенімхат шет ел тілінде жасалса, онда міндетті түрде оның нотариус растаған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы ұсынылуға тиіс.
4. Егер патенттiк сенiм білдірілген өкiл осы iс бойынша мүдделерi іс жүргізу туралы өтiнiш жасаған тұлғаның мүдделерiне қайшы келетiн тұлғалардың атынан өкiлдiк етсе немесе оларға консультация берсе немесе оны қарауға өзгеше қатысса, сондай-ақ, егер iстi қарауға патенттiк сенiм білдірілген өкiлдің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) және оның жақын туысы болып табылатын лауазымды адам қатысса, ол тапсырманы қабылдамауға міндетті.
Ескерту. Заң 46-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
46-2-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкіл куәлігін
қайтарып алу және оның күшін жою
1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл аттестаттау комиссиясының шешімімен:
1) өзінің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
2) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен кезде;
3) патенттік сенiм білдірілген өкілдің кәсіптік қызметінде бес жылдан астам үзіліс болған жағдайда;
4) патенттік сенiм білдірілген өкіл қылмыс жасағаны үшін сотталып, соттың айыптау үкімі күшіне енген кезде;
5) патенттік сенiм білдірілген өкіл қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен деп танылған не ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда;
6) патенттік сенiм білдірілген өкіл әрекетке қабілетсіз немесе оның әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған жағдайда патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылады.
2. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы баптың 4), 5), және 6) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тізілімнен шығарылған жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімімен куәліктің күші жойылады. Куәліктің күшін жою туралы мәліметтер патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізіліміне енгізіледі.
3. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, патенттік сенiм білдірілген өкілдің куәлігі патенттік сенiм білдірілген өкілдің өзінің немесе соған негізі бар үшінші тұлғалардың өтініші негізінде аттестаттау комиссиясының шешімімен қайтарып алынады.
Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларындағы негіздер бойынша тізілімнен шығарылған патенттік сенiм білдірілген өкіл өзін тізілімнен шығаруға себеп болған негіздер тоқтатылып, тізілімнен шығару туралы шешім жарияланған күннен бастап үш жыл ішінде аттестаттау комиссиясына өтініш берген жағдайда, біліктілік емтиханын қайта тапсырмай-ақ, патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде қайта тіркелуі мүмкін. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған құжаттар бойынша осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздердің жойылу фактісін анықтайды.
4. Патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылған патенттік сенім білдірілген өкіл бұл туралы мәліметтер енгізілген күннен бастап патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылады, ал оны патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде тіркеу туралы куәлік қайтарып алынады не оның күші жойылады.
5. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы Заңда белгіленген өз міндеттерін адал орындамаған жағдайда, уәкілетті орган құрамы уәкілетті орган қызметкерлерінің тақ санынан тұратын апелляциялық комиссия құрады.
Апелляциялық комиссия алқалы орган болып табылады және жеке және (немесе) заңды тұлғалардың пікірінше, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін білдіретін патенттік сенім білдірілген өкілдердің қолданыстағы заңнаманы бұза отырып жасаған іс-әрекеттеріне олардың шағымдарын қарайды.
Патенттік сенiм білдірілген өкілдің іс-әрекеттеріне шағым берген тұлғалар және өздеріне қатысты осындай шағымдар берілген патенттік сенім білдірілген өкілдер апелляциялық комиссияның отырысына қатысуға құқылы.
Шағымды қарау нәтижелері бойынша апелляциялық комиссия уәкілетті органға патенттік сенім білдірілген өкілдің куәлігінің күшін жою туралы сотқа талап арыз жолдауға ұсыным жасайды не мынадай:
1) дәлелдемелердің жеткіліксіздігіне байланысты немесе объективті шешім қабылдауға ықпал ететін мән-жайлар анықталғанға дейін шағымның қаралуын кейінге қалдыру туралы;
2) шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Апелляциялық комиссияның шешімі жай көпшілік дауыспен қабылданады және хаттамамен ресімделеді. Апелляциялық комиссияның шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Апелляциялық комиссия туралы ережені уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. Заң 46-2-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
47-бап. Шет елдерде тіркеу
1. Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары тауар таңбасын шет елдерде тіркеуге немесе оны халықаралық тіркеуден өткізуге құқылы.
Тауар таңбасын халықаралық тіркеуден өткізуге өтінім сараптама жасау ұйымы арқылы беріледі.
2. Тауар шығарылған жер атауын шет елдерде тіркеу ол Қазақстан Республикасында тіркеліп, осы тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы алынғаннан кейін жүргізіледі.
Ескерту. 47-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .
48-бап. Шетелдіктердің, шетелдік заңды тұлғалардың және
азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары
Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, шетелдіктер, шетелдік заңды тұлғалар, азаматтығы жоқ адамдар осы Заңда көзделген құқықтар мен міндеттерді Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғаларымен бірдей пайдаланады және атқарады.
Қазақстан Республикасының
Президенті