Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі N 456 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      ҚОЛДАНУШЫЛАР НАЗАРЫНА!

      Қазақстан Республикасының 2005.11.22. N 90 Заңымен енгізілген өзгерістер әртүрлі уақытта қолданысқа енгізілген ( 2-бапты қараңыз). Қажет болған жағдайда "Заң" Деректер базасының 5 версиясының алдыңғы редакцияларын қараңыз.

      Осы Заң Қазақстан Республикасында тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын және тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) айрықша құқық – тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жердiң атауын өз қалауы бойынша кез келген тәсiлмен пайдалануға оның иесінің мүліктік құқығы;
      1-1) айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілер – жекелеген элементтерінің айырмашылығы бар және тұтынушы ұқсастық тұрғысында бірдей деп қабылдайтын ұқсас белгілер немесе белгілемелер;
      1-2) бірдей тауар белгілері – барлық элементтері сәйкес келетін белгілер немесе белгілемелер;
      1-3) бiртектес тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер – бір функцияны орындайтын, бір тектеске (түрге) жататын, тауарларда бiрдей немесе ұқсас белгілерді қолданған кезде тұтынушыда олардың бір өндірушіге тиесілі екені туралы пікір тудыруы мүмкін тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер;
      2) бюллетень – тауар таңбалары мен тауар шығарылған жерлердің атауларын қорғау мәселелері жөніндегі ресми мерзімдік басылым;
      3) географиялық көрсеткіш – белгілі бір аумақтан, аймақтан немесе жерден шығарылатын тауарды бірыңғайландыру көрсеткіші;
      4) жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбасы – тауар таңбасы ретiнде пайдаланылып жүрген белгi немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық келiсiмдерге орай, мүдделi тұлғалардың дәлелдемелеріне негiзделген құзыретті органның немесе соттың шешiмiмен жалпыға бірдей белгілі деп танылған тауар таңбасы;
      4-1) Мадрид келісімі – 1891 жылғы 14 сәуірдегі Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісімі;
      5) өтініш беруші – тауар таңбасын тіркеуге немесе тауар шығарылған жердің атауын тіркеуге және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын беруге өтініш берген заңды немесе жеке тұлға;
      6) патенттiк сенiм білдірілген өкiлдер – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкiлеттi орган мен сараптама жасау ұйымы алдында жеке және заңды тұлғалардың өкiлi болу құқығы берiлген Қазақстан Республикасының азаматтары;
      6-1) Сингапур шарты – 2006 жылғы 27 наурыздағы Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шарты;
      7) Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің халықаралық сыныптамасы – 1957 жылғы 15 маусымда Ницце келiсiмiмен қабылданған, кейiннен өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген сыныптама;
      8) тауар таңбасы, қызмет көрсету таңбасы (бұдан әрi – тауар таңбасы) – осы Заңға сәйкес тiркелген немесе Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттарға орай тiркеусiз қорғалатын, бiр заңды немесе жеке тұлғаның тауарларын (көрсететін қызметтерiн) басқа заңды немесе жеке тұлғаның бiртектес тауарларынан (көрсететін қызметтерiнен) ажырату үшiн қызмет ететiн белгi;
      9) тауар белгісін немесе тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану - тауар белгісін немесе тауар шығарылған жердiң атауын қорғалатын тауарларда және қызметтер көрсету кезінде және (немесе) олардың бумасында қолдану, тауар белгісінің немесе тауар шығарылған жердiң атауының белгiлемесi бар тауарды жасау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, сату, маңдайшажазуларда, жарнамада, баспа өнiмiнде немесе өзге де iскерлiк құжаттамада қолдану, сондай-ақ оларды азаматтық айналымға өзгеше енгiзу;
      10) тауар белгісінің немесе тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығының иесі - осы Заңға сәйкес тауар белгісіне айрықша құқыққа немесе тауар шығарылған жердің атауын пайдалануға айрықша құқыққа ие жеке немесе заңды тұлға;
      11) тауар шығарылған жердiң атауы – елдің, өңірдің, елді мекеннің, жердің, не басқа географиялық көрсеткіштің атауын білдіретін  не құрамында атауы бар белгілеме, сондай-ақ ерекше қасиеттері, сапасы, репутациясы немесе басқа сипаттары негізінен географиялық шыққан жерімен, оның ішінде өзіне тән табиғи жағдайлармен және (немесе) адам факторларымен байланысты тауарға қатысты пайдалану нәтижесінде белгілі болған және туындының осындай атаудан шығарылған сілтемесі;
      12) ұжымдық тауар таңбасы – бұл заңды тұлғалардың және (немесе) дара кәсiпкерлердiң (бұдан әрi – бiрлестiк) қауымдастығының (одағының) немесе өзге де бiрлестiгiнiң немесе бiрыңғай сапалық немесе басқа да сипаттамалары бар олар шығаратын немесе сататын тауарларды (көрсетілетін қызметтердi) белгiлеу үшiн қызмет ететiн тауар таңбасы.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының тауар белгілері, қызмет
             көрсету белгілері және тауар шығарылған жерлердiң
             атаулары туралы заңдары

      Ескерту. 2-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 07.04.2015 № 300-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Қазақстан Республикасының тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актерлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзге ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.04.2015 № 300-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3-бап. Тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын,
             тауар шығарылған жерлердiң атауларын қорғау
             саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган

      1. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын және тауар таңбаларын, қызмет таңбаларын, тауар шығарылған жерлердiң атауларын қорғау саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.
      2. Уәкiлеттi органның құзыретiне:
      1) тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын, тауар шығарылған жерлердiң атауларын құқықтық қорғау саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруға қатысу;
      2) тауар белгілерін және тауар шығарылған жерлердiң атауларын тіркеу;
      2-1) тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп танудың тәртiбiн анықтау;
      2-2) тауар шығарылған жерлердiң атауын тiркеудiң және (немесе) тауар шығарылған жерлердiң атауын пайдалануға құқық берудiң тәртiбiн анықтау;
      2-3) тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты тіркеу жөніндегі өтініштің нысанын бекіту;
      2-4) тауар белгісін пайдалануға лицензиялық шартты, қосалқы лицензиялық шартты, кешенді кәсіпкерлік лицензия шартын және кепіл шартын тіркеу туралы өтініштің нысанын бекіту;
      3) тауар таңбаларын, тауар шығарылған жерлердiң атауларын, қызмет көрсету таңбаларын пайдаланушы жеке және заңды тұлғалардың қызметiне бақылау;
      4) хаттамаларды жазу және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарау, әкiмшiлiк жазалар қолдану;
      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2007.03.02 N 237, 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       3-1-бап. Тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын,
                тауар шығарылған жерлердiң атауларын қорғау
                саласындағы мемлекеттiк монополия

      1. Ұжымдық тауар белгісін тіркеуге өтінім қабылдауды; әдеттегі сараптама жүргізуді; өтінім материалдарына өзгерістер мен түзетулер енгізуді; өтінім берушінің бастамасы бойынша тауар белгісіне өтінімдерді сыныптар бойынша бөлуді; тауар белгісіне өтінімді ұжымдық тауар белгісіне қайта өзгертуді және керісінше өзгертуді; Мадрид келісіміне сәйкес халықаралық өтінімді қабылдауды; тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің халықаралық жіктемесіне сәйкес тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін дайындауды; халықаралық өтінімге өзгерістер енгізу туралы өтінішті салып жіберуді, ресімдеуді; үшеуден асатын әрбір сынып үшін қосымша өтінімге сараптама жүргізуді; өтінім берілген күннен бастап алты айдан кейін толық сараптаманы жедел әрі жылдамдатып жүргізуді; тіркеуден алдын ала бас тарту туралы шешімге қарсылықтарды қарауды; сараптама шешіміне қарсылық беру мерзімін әрбір айға ұзартып отыруды; сұрау салуға жауап қайтару мерзімін әрбір айға ұзартып отыруды; сұрау салуға жауап қайтарудың, төлемнің, қарсылық берудің өтінім беруші өткізіп алған мерзімін қалпына келтіруді; тіркеу туралы мәліметтерді жариялауды; қорғалатын тауар белгілерінің, қызмет көрсету белгілерінің және тауар шығарылған жерлер атауларының мемлекеттік тізілімдеріне өзгерістер енгізуді; тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығына арналған тіркеудің, тауар белгісіне арналған және үшеуден асатын әрбір сынып үшін қосымша тіркеудің қолданылу мерзімін ұзартуды; ұзарту туралы мәліметтерді жариялауды; кепіл шартына, бір немесе бір топ өнеркәсіптік меншік объектілеріне қатысты кешенді кәсіпкерлік лицензия беру туралы шартқа сараптама жүргізуді; қосымша келісімдерге сараптаманы және шарттарды тіркеу туралы мәліметтерді жариялауды; мемлекеттік тізілімнен үзінді көшірмелер, анықтамалар беруді; тауар белгілерінің дерекқорындағы белгілемелерді және іздестіру туралы есепті ұсына отырып, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің көрсетілген сыныптарына қатысты тіркеуге мәлімделген белгілемелерді алдын ала іздестіруді жүргізуді; баспа және электрондық басылымдарды өткізуді және жариялауды қоса алғанда, тауар белгілерін, қызмет көрсету белгілері мен тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге өтінімдер қабылдау және өтінімдерге сараптама, тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне құқықтарды беру туралы шарттарға, лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарға сараптама жүргізу, қорғалатын тауар белгілерінің, қызмет көрсету белгілерінің және тауар шығарылған жерлер атауларының мемлекеттік тізілімдерін жүргізу жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған сараптама ұйымы жүзеге асырады.
      2. Сараптама ұйымының негiзгi қызметiмен технологиялық байланысты қызметке:
      1) өтінімнің (басым құжаттың) көшірмелерін куәландыру;
      2) төлемдерді қайта есепке алу және растау жатады.
      3. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.
      Ескерту. 1-тарау 3-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.07.09 N 586, өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен; жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-тарау. Тауар таңбасын құқықтық қорғау және оны тіркеу
шарттары

      4-бап. Тауар белгілерін құқықтық қорғау

      Ескерту. 4-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 07.04.2015 № 300-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Қазақстан Республикасында тауар белгілерін құқықтық қорғау осы Заңда белгiленген тәртiпте оларды тiркеу негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына орай тiркеусiз берiледi.

      2. Тауар белгілерін құқықтық қорғау жеке немесе заңды тұлғаларға берiледі.

      3. Тауар белгісіне құқық Қазақстан Республикасының Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінде тіркеу туралы жазбамен куәландырылады және Қазақстан Республикасының Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінен үзінді көшірмемен расталады.

      4. Тауар белгісінің иесi куәлiкте көрсетiлген тауарлар мен қызметтерге қатысты өзiне тиесiлi тауар белгісін пайдалану мен оған иелiк етудің айрықша құқығына ие болады. Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгісін оның иесiнiң келiсiмiнсiз ешкiм де пайдалана алмайды.
      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.04.2015 № 300-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5-бап. Тауар таңбасы ретiнде тiркелетiн белгiлер

      1. Тауар таңбасы ретiнде бейнелеу, сөз, әрiп, цифр, көлем белгiлерi және өзге де белгiлер немесе бiр тұлғалардың тауарлары мен қызметтерiн басқа тұлғалардың бiртектес тауарларынан немесе қызметтерiнен ажыратуға мүмкiндiк беретiн олардың аралас үлгiлерi тiркелуi мүмкiн.

      2. Тауар таңбасы кез келген бояулы түсте немесе бояулы түстер үйлесiмiнде тiркелуi мүмкiн.

      6-бап. Тауар таңбасын тiркеуге жол бермейтiн абсолюттiк
              негiздер

      1. Ажыратылатын реңкi жоқ белгiлерден ғана тұратын:

      1) тауарлардың(көрсетілетін қызметтердің) белгiлi бiр түрiн белгiлеу үшiн жалпыға ортақ қолданысқа енген;

      2) жалпыға ортақ қабылданған рәмiздер мен терминдер болып табылатын;

      3) тауарлардың түрiн, сапасын, санын, қасиетiн, мақсатын, құндылығын, сондай-ақ олардың шығарылған немесе өткiзілген жерi мен уақытын көрсететiн;

      3-1) дәрілік заттардың патенттелмейтін халықаралық атауларын білдіретін;

      4) алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;

      5) алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;

      6) тауарларды немесе көрсетiлген қызметтердi белгiлеу үшiн пайдаланылатын олармен тiкелей сипаттық байланысы бар тауар таңбаларын тіркеуге жол берілмейді.

      7) - 13) алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      2. Мемлекеттiк елтаңбаларды, тулар мен эмблемаларды, халықаралық ұйымдардың қысқартылған немесе толық атауларын және олардың елтаңбаларын, тулары мен эмблемаларын, ресми бақылаулық, кепiлдiк және сынамалық таңбаларды, мөрлердi, олимпиадалық рәмiздердi, наградаларды және басқа да айырым белгiлерiн, сондай-ақ араласып кеткен дәрежеге дейiн оларға ұқсас белгiлердi бейнелейтiн белгiлер тауар таңбалары ретiнде тiркелмейдi.
      Егер белгi солардан ғана тұратын болмаса және егер оларды пайдалануға тиiстi құзыреттi органның немесе олардың иесiнiң келiсiмi бар болса, мұндай белгiлер қорғалмайтын элементтер ретiнде пайдаланылуы мүмкін.

      3. Тауар таңбалары немесе олардың элементтерi ретiнде:

      1) тауарға немесе оның жасаушысына қатысты жалған болып табылатын немесе жаңылыстыруы мүмкiн белгiлердi, оның iшiнде тауар шығарылған жерге қатысты жаңылыстыруы мүмкiн географиялық объектiнiң атауларын;

      2) тауар шығарылған нақты жердi үстiрт түрде көрсететiн, бiрақ тауар басқа аумақтан шығарылғаны туралы қате түсiнiк беретiн;

      3) минералды суларды, шараптарды немесе күштi спирт ішімдiктерiн бiрыңғайландыратын географиялық объектiнiң атаулары болып табылатын немесе оларды қамтитын белгiлердi, осы жерден шығарылмаған сондай тауарларды белгiлеу үшiн, сондай-ақ егер аударма пайдаланылса немесе белгiде "түрiнде", "үлгiсiнде", "стилiнде" деген немесе басқа да осындай сөздер қоса жазылса, сол белгiлердi;

      4) өзiнiң мазмұны жөнiнен қоғамдық мүдделерге, адамгершiлiк пен iзгiлiк принциптерiне қайшы келетiн белгiлердi тiркеуге жол берiлмейдi.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      7-бап. Тауар таңбасын тiркеуден бас тартудың өзге де
              негiздерi

      1. Тауар таңбалары ретiнде:

      1) бiртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты басқа тұлғаның атына неғұрлым ертерек басымдықпен Қазақстан Республикасында тiркелген және халықаралық шарттарға орай қорғалатын тауар белгілерімен немесе сол тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты сол тұлғаның бірдей тауар белгілерімен;

      2) тауарлар мен қызметтердiң кез келген түрiне қатысты Қазақстан Республикасында белгiленген тәртiппен жалпыға бiрдей белгiлi деп танылған тауар таңбаларымен;

      3) бiртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге (қайтарып алынғандарынан басқа) қатысты басқа тұлғаның атына неғұрлым ертерек басымдықпен тiркеуге мәлімделген белгiлемелермен немесе сол тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты сол тұлғаның ұқсас белгілерімен;

      4) алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;

      5) егер тауар таңбасын тіркеу дараландыру үшін тауар шығарылған жердің атауы тіркелген тауарларға қатысты жүзеге асырылса, тауар шығарылған жердiң осы атауын пайдалану құқығы иесiнiң атына тiркелетiн тауар таңбасының қорғалмайтын элементi ретiнде олар енгiзiлуi мүмкiн жағдайларды қоспағанда, кез келген тауарларға қатысты Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар шығарылған жер атауларымен олар араласып кеткен дәрежеге дейiн бiрдей немесе ұқсас белгiлер тiркелуге жатпайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тауар белгілерінің қандай да біреуімен айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемені бiртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты тауар белгісі ретінде тіркеуге тауар белгісі иесінің келісімі берілген кезде жол беріледі.

      2. Тауар таңбалары ретiнде:
      1) олардың неғұрлым ертерек басымдығы болған жағдайда басқа тұлғалардың атындағы Қазақстан Республикасында қорғалатын өнеркәсiптi үлгiлер;
      2) алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен .

      3) өтiнiм берiлген күнi авторлық құқықтарды бұзушылықпен Қазақстан Республикасында белгiлi әдебиет, ғылым және өнер туындыларының атаулары, белгiлi өнер туындылары мен олардың фрагменттерi;

      4) осы адамдардың, олардың мұрагерлерiнiң немесе құқық мирасқорларының жеке мүлiктiк емес құқықтарын бұза отырып, олардың тектерiн, есiмдерiн, бүркеншiк аттарын және солардан таралатын есiмдердi, портреттерi мен факсимилелерiн қайталайтын, сондай-ақ егер бұл белгiлер Қазақстан Республикасы тарихы мен мәдениетiнiң игiлiгi болып табылса, олар тиiстi құзыреттi органның рұқсатынсыз тiркелмейдi.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      8-бап. Өтiнiм беру

      1. Тауар белгісіне өтiнiмдi сараптама ұйымына бiр өтiнiм берушi бередi.

      2. Ұжымдық тауар таңбасына өтiнiм ұжымдық тауар таңбасын пайдалану туралы оған қатысушылардың келiсiмiне сәйкес бiрлестiк атынан берiледi.
      3. Өтiнiм электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат түрiнде берiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

     9-бап. Тауар белгісін тіркеуге арналған өтінімге
            қойылатын талаптар

      Ескерту. 9-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 07.04.2015 № 300-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Өтiнiм бiр тауар таңбасына қатысты болуға тиiс.

      2. Өтiнiм бiр үлгi бланкiде берiлуге және:
      1) өтiнiм берушiнi, сондай-ақ оның орналасқан жерiн немесе тұрғылықты жерiн көрсете отырып, белгілемеге сараптама жүргiзу туралы өтiнiштi;

      2) мәлiмделген белгiнi;

      3) Тауарлар мен қызметтердiң халықаралық сыныптамасына сәйкес  тауарлардың және (немесе) қызметтердiң тiзбесiн қамтуға тиiс.

      3. Өтінiмге:
      1) сараптама жүргiзу жөнiндегi сараптама жасау ұйымы қызметтерiнiң ақысы төленгенiн растайтын құжат қоса тiркелуге тиiс. Төлем мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi;

      2) iс жүргiзу өкiл арқылы жүзеге асырылған жағдайда сенiмхат;

      3) ұжымдық тауар таңбасын өз атына тiркеуге уәкiлеттi ұйымның атауын, бұл таңбаны тiркеу мақсатын, осы таңбаны пайдалануға құқылы субъектiлер тiзбесiн, ұжымдық тауар таңбасымен белгiленетiн тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесi мен бiрыңғай сапасын немесе өзге де сипаттамаларын, оны пайдалану шарттарын, оны пайдалануды бақылау тәртiбiн, ұжымдық тауар таңбасы жарғысының ережелерiн бұзғаны үшiн жауаптылықты қамтитын ұжымдық тауар таңбасы жарғысы (ұжымдық тауар таңбасына өтiнiм берiлген жағдайда) қоса тiркелуге тиiс.

      4. Өтiнiм және оған қоса тiркелетiн құжаттар қазақ немесе орыс тiлiнде табыс етiледi. Егер құжаттар басқа тiлде табыс етiлген болса, өтiнiм берушi бір ай мерзiмде олардың қазақ немесе орыс тiлiндегi аудармасын тапсырады.

      5. Өтiнiм берiлген күн осы баптың 2-тармағының талаптарына сай өтiнiмнің сараптама жасау ұйымына түскен күнi бойынша, егер аталған құжаттар бiр мезгiлде табыс етiлмеген жағдайда - табыс етiлген құжаттардың соңғысы келiп түскен күн бойынша белгiленедi.

      6. Тауар таңбасына өтiнiмдi жасау, ресiмдеу және қарау тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      10-бап. Тауар таңбасының басымдығы

      1. Тауар таңбасының басымдығы сараптама жасау ұйымына өтiнiмнiң түскен күнi бойынша белгіленедi.

      2. Егер сараптама жасау ұйымына өтiнiм беру аталған күннен бастап алты ай iшiнде жүзеге асырылса, тауар таңбасының басымдығы (конвенциялық басымдық) Өнеркәсіптiк меншiктi қорғау жөнiндегi Париж конвенциясына қатысушы елде, сондай-ақ онда көзделген халықаралық немесе аймақтық ұйымда тауар таңбасына бiрiншi өтiнiм (өтiнiмдер) берiлген күн бойынша белгiленуi мүмкiн. Конвенциялық басымдыққа өтiнiш жасалған кезде өтiнiм берушi алғашқы өтiнiм нөмiрiн, берiлген күнiн және ол берiлген елдi көрсетіп, алғашқы өтiнiмнiң куәландырылған көшiрмесiн қоса тiркеуi қажет.

      3. Ресми танылған халықаралық көрмелердiң экспонаттарына орналастырылған тауар таңбасының басымдығы (көрмелiк басымдық), егер сараптама жасау ұйымына тауар таңбасына өтiнiм беру көрсетiлген уақыттан бастап алты ай iшiнде жүзеге асырылса, көрмеде экспонатты ашық көрсете бастаған күн бойынша белгiленуi мүмкiн.

      4. Конвенциялық немесе көрмелiк басымдық құқығын пайдаланғысы келетiн өтiнiм берушi мұны тауар таңбасына өтiнiм берген кезде немесе өтiнiм сараптама жасау ұйымына түскен күннен бастап екi ай iшiнде көрсетуге және осындай талаптың заңдылығын растайтын тиiстi құжаттарды тапсыруға мiндеттi.

      5. Өтiнiм бөлiнген жағдайда өтiнiмдердiң әрқайсысы бойынша басымдық алғашқы өтiнiмнiң басымдық күнi бойынша белгiленедi.
      Бөлiнген өтiнiмдер бойынша басымдық - сол өтiнiм берушiнiң алғашқы өтiнiмiнiң басымдық күнi бойынша, ал алғашқы өтiнiм бойынша неғұрлым ертерек басымдық белгiлеу құқығы бар болған кезде, егер бөлiнген өтiнiм берiлген күнге алғашқы өтiнiм қайтарылып алынбаса және қайтарылып алынған болып саналмаса және бөлiнген өтiнiмдi беру алғашқы өтiнiм бойынша шешiм шығарылғанға дейiн жүзеге асырылса осы басымдық күнi бойынша айқындалады.

      6. Тауар белгісінің алуан түрлi тауарларға қатысты көптеген басымдығы алуан түрлi тауарларға қатысты өтiнiм берушiнiң бiр белгiлемеге берiлген бiрнеше өтiнiмi болған кезде оның өтiнiшхаты бойынша белгiленеді.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09. N 586; 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. Тауар таңбасының сараптамасы

      11-бап. Сараптаманы жүргiзу тәртiбi

      1. Сараптама жасау ұйымы өтiнiмдер сараптамасын кезең-кезеңмен жүргiзедi:

      1) алдын ала сараптама – өтiнiм келіп түскен күннен бастап бір ай iшiнде жүргiзiледi, оның барысында өтiнiмнiң мазмұны, осы Заңның 5 және 9-баптарында белгiленген талаптарға сәйкес қажеттi құжаттардың бар-жоғы тексерiледi. Сараптама нәтижелері бойынша өтінім берушіге он жұмыс күні ішінде өтінімнің қарауға қабылданғаны немесе іс жүргізудің тоқтатылғаны туралы хабарлама жіберіледі;

      2) толық сараптама - өтiнiм берiлген күннен бастап тоғыз ай iшiнде жүргiзiледi, оның барысында мәлiмделген белгiнiң осы Заңның 6 және 7-баптарында белгiленген талаптарға сәйкестiгi тексерiледi;

      3) тауар белгісіне арналған өтінімге сараптама қосымша төлем төленген кезде өтінім берушінің жазбаша өтінішхаты бойынша осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген мерзімдерден бұрын, бірақ өтінім берілген күннен бастап алты айдан кейін жүргізіледі.

      2. Сараптама жасау ұйымы сараптаманың кез келген кезеңiнде қосымша материалдар сұратуға құқылы, олар өтiнiм иесiне сұрау салу жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде табыс етiлуге тиiс.
      Өтiнiм берушi қосымша материалдарды не көрсетiлген мерзiмдi ұзарту туралы өтiніштi белгiленген мерзiмде табыс етпеген жағдайда iс жүргiзу тоқтатылып, өтiнiм керi қайтарылып алынған болып есептеледi.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      12-бап. Сараптама нәтижелерi бойынша шешiмдер

      1. Алдын ала жасалған сараптама нәтижелерi бойынша өтiнiм берушiге он жұмыс күні ішінде өтiнiмнiң қарауға қабылданғаны, оған тиiстi нөмiр берiлгенi, берiлген күнi және басымдық күнi белгiленгенi туралы не өтiнiмдi қарауға қабылдаудан бас тартылғаны туралы дәлелдi қорытынды түрiнде хабарланады.
      Сараптама ұйымы он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға толық сараптама нәтижелері бойынша шығарылған, тіркеу туралы, ішінара тіркеу не тіркеуден бас тарту туралы сараптама қорытындысын жібереді. Тіркеуден алдын ала бас тарту туралы сараптама қорытындысы өтінім берушіге он жұмыс күні ішінде жіберіледі.
      2. Өтiнiш берушi өзiне толық жасалған сараптаманың алдын ала қорытындысы жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде дәлелдi қарсылық беруге құқылы, оны қарау нәтижелерi бойынша сараптама жасау ұйымы қарсылық келiп түскен күннен бастап үш ай iшiнде түпкiлiктi қорытынды шығарады.
      3. Толық жасалған сараптаманың нәтижелерi бойынша уәкiлеттi орган он бес жұмыс күнi iшiнде тауар таңбасын тiркеу туралы немесе тiркеуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды. Тiркеу туралы шешiм тауарлар мен көрсетілетін қызметтердiң бүкiл тiзбесiне не олардың бiр бөлiгiне қатысты болуы мүмкiн.
      4. Тауар таңбасын тiркеу туралы шешiм оны тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзгенге дейiн неғұрлым ертерек басымдығы бар өтiнiмнiң анықталуына байланысты қайта қаралуы мүмкiн.
      5. Уәкiлеттi органның тауар белгісін тiркеу туралы шешiмiнiң негiзiнде өтiнiм берушi сараптама ұйымының оң қорытындысы туралы хабарлама алған күннен бастап үш ай iшiнде тауар белгісін тіркеу үшiн мемлекеттiк баж төлемін, сондай-ақ тіркеу туралы мәліметтерді жариялағаны үшiн сараптама ұйымының әрекеттерiне төлем жүргiзедi.
      Өтiнiш берушi белгiленген тәртiппен тауар белгісін тіркеу үшін мемлекеттiк баж төлемі және мәліметтерді жариялағаны үшін сараптама ұйымының әрекеттерiне төлем туралы құжаттарды ұсынбаған жағдайда, тауар белгісін тiркеу жүзеге асырылмайды, ал тауар белгісіне тиiстi өтiнiм кері қайтарып алынды деп танылады және ол бойынша iс жүргiзу тоқтатылады.
      6. Осы баптың 2-тармағына сәйкес шығарылған сараптама қорытындысымен келiспеген жағдайда өтiнiш берушi сараптаманың қорытындысы жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде уәкiлеттi органға оған қарсылық бере алады. Апелляциялық кеңес қарсылық келiп түскен күннен бастап төрт ай iшiнде оны қарауға тиiс.
      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      13-бап. Өтiнiм берушiнiң құқықтары

      Өтiнiм берушiнiң:

      1) өтiнiмдi сараптаманың кез келген кезеңiнде керi қайтарып алуға;

      2) өтiнiмге сараптама жасау барысында туындайтын мәселелердi қарауға қатысуға;

      3) толық сараптама аяқталғанша өтiнiм материалдарын мәнi бойынша өзгертпей, оларды толықтыруға, анықтауға немесе түзетуге;

      3-1) алғашқы өтiнiмде көрсетiлген тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердi бөлектелген өтiнiмдер арасында бөле отырып өтiнiмдi бөлектеу туралы оны қараудың кез келген кезеңiнде сараптама аяқталғанға дейiн өтiнiш бiлдiруге;

      4) сұрау салуға жауап беру немесе қарсылық бiлдiру үшiн белгiленген мерзiмдi ұзарту, бiрақ алты айдан аспайтын мерзiмге ұзарту туралы өтiнiш беруге;

      5) өткiзiп алынған мерзiмдi қалпына келтiру туралы, бiрақ өткiзiп алынған мерзiм аяқталған күннен екi айдан кешiктiрмей қалпына келтiру туралы өтiнiш беруге;

      6) қарсы қойылған материалдармен танысуға;

      7) апелляциялық кеңеске қарсылық беруге байланысты іс жүргізуді тоқтата тұру туралы өтініш білдіруге;

      8) тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін алу құқығын шарт жасамастан басқа тұлғаға беру туралы өтініш білдіруге құқығы бар.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09. N 586; 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-тарау. Тауар таңбасын тіркеу

      14-бап. Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімі

      1. Тауар белгісін тіркеу туралы мәліметтер сараптама ұйымы көрсететін қызметтерге төлем және тауар белгісін тіркеу үшін мемлекеттік баж төленген кезде Мемлекеттік тізілімге енгізіледі.
      Тауар белгілерінің мемлекеттік тізіліміне:
      1) тауар белгісінің бейнесi;
      2) оның иелерi туралы мәлiметтер;
      3) тауар белгісін тiркеу нөмiрi мен күнi;
      4) ұжымдық тауар белгісіне нұсқау;
      5) соларға қатысты тауар белгісі тiркелген тауарлардың (көрсетілетін қызметтердiң) тiзбесi;
      6) сараптама ұйымына өтiнiмнiң нөмiрi мен берiлген күнi;
      7) егер конвенциялық басымдық белгiленген болса, ел, алғашқы өтiнiмнің нөмiрi және берiлген күнi;
      8) қорғалатын тауар белгісіне құқық беру туралы мәлiметтердi қоса алғанда, тауар белгісін тiркеуге қатысты басқа да мәлiметтер енгiзiледi.
      2. Тауар белгілерінің мемлекеттiк тiзiлімi жалпы жұртқа қолжетімді болып табылады. Мүдделi тұлғалардың өтiнішхаты бойынша сараптама ұйымы Тауар белгілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiнен үзінді көшiрме бередi.
      3. Тауар белгісінің иесi өзiнiң тегiнiң, атының және әкесiнiң атының (ол болған кезде), тұрғылықты жерiнiң не атауы мен орналасқан жерiнiң өзгеруі туралы мәлiметтердi қоса алғанда, тiркеуге қатысты өзгерiстер туралы, сондай-ақ тіркеуді мәні бойынша өзгертпейтін, оларға қатысты тауар белгісі тіркелген тауарлардың (көрсетілетін қызметтердің) тізбесін қысқарту туралы сараптама ұйымын хабардар етуге мiндеттi.
      4. Сараптама ұйымы өзгерістер енгізу туралы өтінішхат берілген және тиісті төлем төленген күннен бастап бір ай ішінде Тауар белгілерінің мемлекеттiк тiзiлiміне осы баптың 3-тармағында көрсетiлген өзгерiстердi, сондай-ақ техникалық сипаттағы қателердi түзету үшiн өзгерiстердi енгiзедi.
      Тауар белгілерінің мемлекеттік тізіліміне өзгерістер енгізілген күннен бастап екі ай ішінде өтінім берушіге тиісті өзгерістердің енгізілгені туралы хабарлама жіберіледі.
      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 07.04.2015 № 300-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      15-бап. Тiркеудiң қолданылу мерзiмi

      1. Тауар таңбасының тiркелуi өтiнiм берiлген күннен бастап он жыл бойы қолданылады.

      2. Тауар белгісін тiркеудiң қолданылу мерзiмi оның қолданылуының соңғы жылы iшiнде иесi берген өтiнiшхат бойынша әр жолы он жылға ұзартылады. Тiркеудiң қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы мәлiметтер өтінішхат берілген күннен бастап бір ай ішінде Тауар белгілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi.

      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген өтiнiш беру мерзiмi тiркеудiң қолданылу мерзiмi аяқталған соң алты ай iшiнде берiлген иесiнiң арызы бойынша қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.04.2015 № 300-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      16-бап. Тiркеу туралы мәлiметтердi жариялау

      Тауар белгісін тiркеуге қатысты, Тауар белгілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзілген мәлiметтердi, сондай-ақ тiркеуге қатысты кейінгі өзгерiстердi сараптама ұйымы Тауар белгілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiне тiкелей жазылғаннан кейін екі ай ішінде бюллетеньде және өзінің интернет-ресурсында жариялайды.
      Тауар белгілерінің мемлекеттiк тiзiлiміне ұжымдық тауар белгісінің иелерi туралы мәлiметтер қосымша енгiзiледi.
      Ескерту. 16-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09. N 586; 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      17-бап. Тауар таңбасын қайта тiркеу шарттары

      Тіркеудің қолданылу мерзімі өтіп кеткен, тауар белгісімен айырғысыз дәрежеге дейін бірдей немесе ұқсас тауар белгісі тауар белгісін тiркеудiң қолданылуы тоқтатылған күннен бастап бір жыл бойы басқа тұлғаның атына тiркелмейді.
      Осы шарт тауар таңбасының иесi тiркеудiң қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн бас тартқан жағдайда да қолданылады.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.03.02. N 237; 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      18-бап. Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінен
               үзінді көшірме

      1. Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінен үзінді көшірме тауар белгісінің тіркелу фактiсiн, оның басымдығын, Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінде көрсетілген тауарларға (көрсетілетін қызметтерге) қатысты тауар белгісіне иесiнiң айрықша құқығын растайды.
      2. Үзінді көшірменің нысанын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 07.04.2015 № 300-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      18-1-бап. Тауар белгісін жалпыға бірдей белгiлi деп тану

      Ескерту. 18-1-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 07.04.2015 № 300-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген немесе халықаралық шарттарға орай қорғалатын тауар белгісі, сондай-ақ Қазақстан Республикасында құқықтық қорғалмайтын тауар белгісі ретінде пайдаланылатын, бірақ белсендi пайдалану нәтижесiнде Қазақстан Республикасында кеңiнен мәлiм болған белгiлеме Қазақстан Республикасында жалпы жұртқа белгiлi тауар белгісі деп танылуы мүмкiн.
      Тауар белгісін Қазақстан Республикасында жалпы жұртқа белгiлi деп тану жөнiндегi жеке немесе заңды тұлғалардың өтiнiшiн уәкiлеттi органның тауар белгісін жалпы жұртқа белгiлi деп тану жөнiндегi комиссиясы қарайды.
      Өтінім берілген күннен бастап екі ай ішінде уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қажетті құжаттардың бар-жоғын тексереді, өтінім берушіні өтінімнің қарауға қабылдағаны туралы хабардар етеді және бұл туралы мәліметтерді танысу және үшінші тұлғалар тарапынан келіспеушіліктерді уәкілетті органға жіберу мүмкіндігі үшін интернет-ресурста жариялайды.
      Жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң өтінім мен оған қоса берілетін, белгінің жалпы жұртқа белгілі екенін растайтын материалдарды уәкілетті орган қарайды. Көрсетілген мерзім өткен соң уәкілетті орган үш ай ішінде өтінімді қарауды жүргізеді.
      Өтінім беруші өтінім материалдарына оны қарау аяқталғанға дейін түзетулер, толықтырулар және нақтылаулар енгізуге құқылы.
      Үшінші тұлғалар тарапынан келіспеушіліктер болған кезде өтінім берушіге тиісті хабарлама жіберіледі, өтінім беруші оған пікірін өтінімді қарау нәтижелері бойынша қорытынды шығарылғанға дейін ұсынады.
      Тауар белгісін (қызмет көрсету белгісін) Қазақстан Республикасында жалпы жұртқа белгiлi деп тану жөнiндегi комиссия туралы ереженi уәкiлеттi орган бекiтедi.
      Өтiнiмдi қарау нәтижелерi бойынша уәкiлеттi органның комиссиясы тауар белгісін жалпы жұртқа белгiлi деп тану туралы шешім не ондай деп танудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды, бұл мұндай шешiм қабылданған кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде тауар белгісінің иесiне жiберiледi.
      Егер өтiнiм берушi ұсынған нақты мәлiметтер белгінің жалпы жұртқа белгiлi болуы өтiнiште көрсетiлгеннен өзге күн екенін растаса, тауар белгісі нақты күннен бастап жалпы жұртқа белгілі деп танылуы мүмкiн.
      Тауар белгісін жалпы жұртқа белгілі деп іс жүзінде тану туралы мәліметтер тұтынушыларға жүргізілген сауалнама нәтижелерімен расталады, оны Қазақстан Республикасының аумағында мамандандырылған тәуелсіз ұйым жүргізеді. Сауалнама республикалық маңызы бар қаланы, астананы және облыстық маңызы бар кемінде бес қаланы қамтуға тиіс. Бір елді мекендегі респонденттердің жалпы саны кемінде бір жүз адам болуға тиіс.
      Егер:
      1) тауар белгісін жалпы жұртқа белгiлi деп тану үшiн мәліметтер жеткiлiксiз болса;
      2) өтінім беруші өзiнiң тауар белгісін жалпы жұртқа белгiлi деп тануға өтiнiш білдірген күннен неғұрлым ертерек басымдығы бар, қорғалатын немесе бiртектес тауарларға қатысты өзге тұлғаның атына мәлiмделген, өтiнiм берушiнiң тауар белгісімен айырғысыз дәрежеге дейін бiрдей немесе ұқсас тауар белгісі бар екенi анықталса, тауар белгісін жалпы жұртқа белгiлi деп танудан бас тарту туралы шешiм шығарылады.
      Уәкiлеттi орган комиссиясының осы тармақтың төртiншi бөлiгiнде көрсетiлген шешiмiне сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
      2. Жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбасына осы Заңда тауар таңбасы үшiн көзделген құқықтық қорғау берiледi.
      3. Жалпыға бiрдей белгiлi тауар таңбаларын құқықтық қорғау:
      1) тiркеудiң қолданылу мерзiмi аяқталуына байланысты;
      2) уәкiлеттi орган комиссиясының тауар таңбасын жалпыға бiрдей белгiлi деп тану туралы шешiмiнiң күшiн жою туралы сот шешiмiнiң күшiне енуiне байланысты тоқтатылады
      4. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген, белгiлеменi немесе тауар белгісін жалпы жұртқа белгiлi деп тану негiзiнде Қазақстан Республикасының Тауар белгілерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті мәліметтер енгізіледі.
      Тауар белгісін жалпы жұртқа белгiлi деп танудың қолданылу мерзімі оның иесiнiң өтінішхаты бойынша және тауар белгісінің жалпы жұртқа белгiлi екенiн растайтын мәлiметтер ұсынылған кезде келесi он жыл мерзiмге ұзартылады.
      Жалпы жұртқа белгiлi тауар белгісін тiркеу, оның иесi туралы мәлiметтер және осындай тiркеуге қатысты кейiнгi өзгерiстер Жалпы жұртқа белгiлi тауар белгілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi және бюллетеньде жарияланады.
      Ескерту. 18-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-тарау. Тауар таңбасын пайдалану

      19-бап. Тауар белгісін пайдалану шарттары

      Ескерту. 19-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 07.04.2015 № 300-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Тауар белгісінің иесi тауар белгісін пайдалануға мiндеттi.

      2. Делдалдық қызметтi жүзеге асыратын кәсiпкерлер тауар жасаушы келiсiм берген жағдайда өз белгісін олар өткiзетiн тауарларда тауар жасаушының тауар белгісімен қатар пайдалануға, сондай-ақ оны жасаушының тауар белгісінің орнына қоюға құқылы.

      3. Ұжымдық тауар белгісінің иелерi ұжымдық тауар белгісімен қатар өздерi шығаратын тауарларда өз тауар белгілерін пайдалана алады.

      4. Кез келген мүдделi тұлға тiркелген күннен бастап үш жыл немесе қарсылық бiлдiрудiң алдындағы үш жыл бойы мүлдем пайдаланылмауына байланысты тауар белгісін тiркеудiң қолданылуына қарсы уәкiлеттi органға қарсылық бiлдiре алады. Қарсылық куәлiкте көрсетiлген барлық тауарларға немесе олардың бiр бөлiгiне қатысты болуы мүмкiн және оны апелляциялық кеңес, түскен күннен бастап алты ай iшiнде қарауға тиiс.
      Тауар белгісін пайдаланудың дәлелi болып оның тiркелуiне себеп болған тауарларда және (немесе) олардың бумасында тауар белгісі иесiнiң немесе осы Заңның 21-бабының 2-тармағына сәйкес тауар белгісіне құқық беру туралы шарттың негiзiнде осындай құқық берiлген тұлғаның қолдануы есептеледi. Тауар белгісімен белгiленген тауарды жасау, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, сату, оны жарнамада, маңдайшажазуларда, баспа басылымдарында, ресми бланкiлерде, өзге де iскерлiк құжаттамада қолдану, тауар белгісіне құқықты беру немесе Қазақстан Республикасында өткiзiлетiн көрмелерде тауарлардың көрсетiлуi кезiнде қолдану, сондай-ақ оларды азаматтық айналымға өзгеше енгiзу тауар белгісін пайдалану болып танылуы мүмкiн.
      Тауар белгісінің иесi беретiн оны пайдалану дәлелдемесi қарсылықта көрсетiлген уақыт кезеңiне қатысты болуға тиiс.
      Тауар белгісінің пайдаланылмауына байланысты оның қолданылуын тоқтату туралы мәселенi шешу кезiнде тауар белгісі өзiне қатысты емес жағдайларға байланысты пайдаланылмағаны жөнiнде иесi ұсынған дәлелдемелер назарға алынады.

      5. Алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      6. Жалпы жұртқа белгiлi тауар белгісінен аумайтындай дәрежеде онымен бiрдей немесе ұқсас және тауар белгісі жалпы жұртқа белгiлi деп танылғанға дейiн тiркелген тауар белгілерінің иелерi уәкiлеттi орган белгiлеген, бiрақ жетi жылдан аспайтын мерзiм iшiнде оларды әрi қарай пайдалану құқығын сақтайды.
      7. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына азаматтық айналымға тiкелей тауар белгісінің құқық иеленушісі заңды енгiзген немесе оның келiсiмiмен енгiзiлген тауарларға қатысты тауар белгісін басқа тұлғалардың пайдалануы осы тауар белгісіне айрықша құқықты бұзу болып табылмайды.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586 , 2007.03.02. N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      20-бап. Ескертпе таңбалау

      Тауар таңбасына куәлік иесі тауар таңбасына қатар тұстан пайдаланылып отырған белгі Қазақстан Республикасында тіркелген тауар таңбасы екенiн көрсететiн латынның (R) әрпi түрiндегi ескертпе таңбалауын не "тауар таңбасы", "товарный знак" немесе "тiркелген тауар таңбасы" деген сөз белгiлерiн соға алады.

      21-бап. Тауар таңбасына құқықты беру

      1. Куәлiкте көрсетілген барлық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге не олардың бiр бөлiгiне қатысты тауар таңбасына айрықша құқықты оның иесi басқа тұлғаға шарт бойынша беруi мүмкiн.
      Егер ол тауарға немесе оның дайындаушысына қатысты жаңылыстыруға себепшi болатын болса, тауар таңбасына құқықты беруге жол берілмейдi.
      Тауар таңбасына құқықтың ауысуы, оның iшiнде оны шарт бойынша немесе құқық мирасқорлығы тәртiбiмен беру уәкiлеттi органда тiркелуге тиiс.
      2. Тауар таңбасын пайдалану құқығын тауар таңбасының иесi (лицензиар) басқа тұлғаға (лицензиатқа) куәлiкте көрсетiлген барлық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге не олардың бiр бөлiгiне қатысты лицензиялық шарт бойынша беруі мүмкін.
      Лицензиатқа тауар таңбасын пайдалануға рұқсат беретiн лицензиялық шарт тауарлардың немесе көрсетілетін қызметтердiң сапасы лицензиар тауарлары мен көрсетілетін қызметтерiнiң сапасынан төмен болмайтыны және лицензиардың осы талаптың орындалуына бақылау жасауға құқығы бар екенi туралы талапты қамтуға тиiс.
      Тауар таңбасына құқықтың күшi тоқтатылғанда, лицензиялық шарттың қолданылуы тоқтатылады.
      Тауар таңбасына құқықтың басқа тұлғаға ауысуы лицензиялық шартты тоқтатуға әкеп соқпайды.
      3. Тауар белгісіне құқықты беру туралы шарт , лицензиялық шарт, кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты, тауар белгісінің кепіл шарты жазбаша нысанда жасалып, уәкiлеттi органда тiркелуге тиiс. Тiркеу туралы жазбаша нысан мен талаптарды сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
      Тауар белгісіне құқықты беру туралы шартты , лицензиялық шартты, кешенді кәсіпкерлік лицензия шартын, кепіл шартын тіркеу сараптама ұйымы жүргiзетін материалдар сараптамасының нәтижелерi бойынша жүзеге асырылады.
      Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, , тіркелген шарттарға қосымша келісімдерді тiркеудiң тәртiбiне лицензиялық шарттарды тiркеу туралы ережелер қолданылады.
      Тауар белгісіне құқықты беру туралы шартты, лицензиялық шартты, кешенді кәсіпкерлік лицензия шартын, кепіл шартын тіркеу үшін сараптама ұйымына белгіленген нысандағы өтініш ұсынылады.
      Өтінішке:
      1) нысанасы біртектес өнеркәсіптік меншік объектілері болып табылатын шарттың титулдық парақпен жабдықталған төрт данада төлнұсқасы қоса беріледі. Шарттың әрбір данасы тігіледі, қағаз пломбамен бекемделіп тігілген және нөмірленген парақтардың саны туралы жазба жасалады, мөр бедері және екі тараптың не соған уәкілеттік берілген екі тарап адамдарының қолтаңбалары қойылады.
      Лицензиялық шарттар үшін материалдарды тіркеуге беру шартқа қол қойылған күннен бастап алты ай мерзімнен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
      Шарт түпнұсқаларының орнына шарттың нотариат куәландырған көшірмелері ұсынылуы мүмкін;
      2) өтініш патенттік сенім білдірілген тұлға немесе өзге де өкіл арқылы берілген жағдайда, сенімхат;
      3) мемлекеттік бажды төлегенін растайтын құжат;
      4) сараптама ұйымы көрсететін қызметтерге төлем төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.
      Төлем өтініш берілген кезде немесе өтініш келіп түскен күннен бастап бір ай ішінде жүргізіледі. Бір ай мерзімде төлем туралы құжат ұсынылмаған кезде өтініш берілмеді деп танылады.
      Лицензиялық шарттар бойынша ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, лицензиардың (қосалқы лицензиардың) басқару органдарының шарт жасасу және заңды тұлғаның атынан өтініш берген жағдайда шартқа кәсіпорын басшысының қол қою өкілеттігін беру мәселесі жөніндегі шешімін ұсынады.
      Өзгеге беру шарттары бойынша ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, қорғау құжаты немесе айрықша құқық иесінің басқару органдарының, құрылтайшылардың немесе акционерлердің жалпы жиналысының шарт жасасу және шартқа кәсіпорын басшысының қол қою өкілеттігін беру мәселесі жөніндегі шешімін ұсынады.
      Өтiнiш пен басқа да қажетті құжаттар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Шетелдiк есiмдер мен заңды тұлғалардың атаулары қазақ және орыс транслитерациясымен көрсетiлуге тиiс. Егер құжаттар басқа тілде ұсынылса, өтінішке олардың нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі.
      Өтiнiш бiр тауар таңбасына құқықты беру туралы шартқа лицензиялық шартқа, кешенді кәсіпкерлік лицензия шартына, кепіл шартына, қосымша келісімге қатысты болуға тиiс.
      Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе уәкілетті органға шарт құжаттарын өз атынан беретін шетелдiк заңды тұлғалар шарттарды тiркеуге байланысты құқықтарды Қазақстан Республикасының патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілдері арқылы жүзеге асырады.
      Уақытша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүрген оның азаматтары Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде хат-хабар алмасуға арналған мекенжайларын көрсеткен жағдайда, шарттарды тiркеуге байланысты құқықтарды патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілдерсіз жүзеге асырады.
      Тараптарының бірі Сингапур шартына қатысушы шет мемлекеттің жеке немесе заңды тұлғасы болып табылатын құқықтар беру туралы шарттарға сараптама және оларды тіркеу Сингапур шартының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Өтініш беруші құжаттар тізбесін тіркеу үшін ұсынғаннан кейін  сараптама жасау ұйымы өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде келіп түскен құжаттарға алдын ала сараптама жүргізеді, оның барысында қажетті құжаттардың болуы және оларға қойылған талаптардың сақталуы тексеріледі, өтінішке қоса берілетін шарт материалдарында сараптама жүргізуге ақы төленгенін растайтын құжат болмаған жағдайда, өтініш берушіге төлем шоты беріледі. Бұл жағдайда көрсетілген мерзімдер сараптама жасау ұйымына төлемнің түскен күнінен бастап есептеледі.
      Тауар таңбасына құқықты беру туралы шарттың және лицензиялық шарттың қарауға қабылданған материалдары бойынша жиырма күн мерзімде мәні бойынша сараптама жүргізіледі, оның барысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тауар таңбасына құқықты беру туралы шарттың және лицензиялық шарттың материалдарына зерделеу жүргізіледі.
      5. Жоюға болатын, тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты және лицензиялық шартты тіркеуге кедергі жасайтын негіздер:
      1) соған қатысты шарт жасалатын, бірақ оны қалпына келтіру мүмкіндігі бар тауар белгісін тіркеу қолданысының тоқтатылуы;
      2) өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға лицензия беруге кедергi келтiретiн, бұрын жасалған шарттар бойынша қабылданған мiндеттемелердiң болуы;
      3) шартта Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және ратификацияланған халықаралық шарттарға қайшы келетiн ережелердiң болуы;
      4) құжаттардың толық топтамасының ұсынылмауы, не ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сай келмеуі.
      6. Құжаттарды ресімдеуге қойылатын талаптар бұзылған немесе осы баптың 5-тармағында көрсетілген, шартты тіркеуге кедергі жасайтын, бірақ жоюға болатын негіздер болған жағдайда, сараптама жасау ұйымы өтініш берушіге ол жіберілген күннен бастап үш ай мерзімде жетіспейтін немесе түзетілген құжаттарды ұсыну немесе қажетті өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы ұсынысы бар сауалды жібереді. Бұл жағдайда осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәні бойынша сараптама жүргізу мерзімдері жетіспейтін немесе түзетілген құжаттарды өткізген күннен бастап есептеледі.
      7. Мынадай негіздер болған:
      1) соған қатысты шарт жасалатын және оны қалпына келтіруге мүмкіндік жоқ тауар белгісінің тіркеу қолданысы тоқтатылған;
      2) осы баптың 6-тармағында көзделген барлық қажетті материалдар мен мәліметтер үш ай мерзімде ұсынылмаған;
      3) тараптарда шарт жасасуға қажетті құқықтар болмаған;
      4) лицензиялық шартта лицензиаттың қосалқы лицензиялық шартты тіркеу туралы өкілеттігі болмаған және уәкілетті органда тіркелген лицензиялық шарт болмаған жағдайда, сараптама жасау ұйымы тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты немесе лицензиялық шартты тіркеуден бас тарту туралы қорытынды шығарады.
      Сараптама жасау ұйымы қорытынды шығарғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде бас тарту себептерін көрсете отырып, осы қорытындыны уәкілетті органға жібереді.
      8. Сараптама нәтижесi оң болған жағдайда сараптама жасау ұйымы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты немесе лицензиялық шартты тiркеуге кедергi келтiретiн негiздердiң жоқтығы туралы қорытындыны жiбередi.
      Тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты немесе лицензиялық шартты тiркеу туралы немесе тiркеуден бас тарту туралы шешiмдi уәкілетті орган сараптама жасау ұйымының қорытындысы келіп түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдайды.
      9. Шартты тіркеу туралы шешім шығарылғаннан кейін уәкілетті орган:
      1) шарттың титулдық парағында тіркеу күні мен тіркеу нөмірін көрсете отырып, оның тіркелгені туралы мөртабан басады;
      2) тіркелген шарттардың тізіліміне шарт туралы мәліметтерді енгізеді;
      3) шартты тіркеу туралы мәліметтерді жариялау үшін тіркелген шарттың үш данасын қорытындымен бірге сараптама ұйымына жібереді.
      Сараптама ұйымы тіркелген лицензиялық шарттар, тауар белгілеріне айрықша құқықтар беру туралы шарттар, кешенді кәсіпкерлік лицензия шарттары, кепіл шарттары бойынша тіркелген шарттың екі данасын өтініште хат-хабар алысу үшін көрсетілген мекенжай бойынша жібереді және тіркелген шарттар туралы мәліметтерді, атап айтқанда, шарттың тіркеу нөмірі мен күнін, шарт тараптарының атауын немесе толық деректерін, шарт нысанасын, шарттың қолданылу мерзімін, шарттың қолданылу аумағын бюллетеньде жариялайды.
      Шарттың екі данасы тиісінше уәкілетті орган мен сараптама ұйымында сақталады және бақылау даналары болып табылады.
      Кез келген тұлға тiркелген шарттар тiзiлiмiнен тiркелген шарттар туралы мәлiметке қатысты үзінді көшiрменi ашық жариялау үшін алуы мүмкін.
      Үшiншi тұлғаны шарт мәтiнiмен таныстыруға, сондай-ақ одан үзінді көшiрме алуға шарт тараптарының жазбаша келiсiмiмен ғана жол берiледi.
      Уәкілетті орган сараптама жасау ұйымының қорытындысы негізінде тауар таңбасына құқықты беру туралы шартты және лицензиялық шартты тiркеуден бас тарту туралы шешiм шығарған жағдайда, қаралып отырған шарт бойынша құжаттар тiркеуден бас тарту туралы шешiммен бiрге өтiнiште көрсетiлген мекенжай бойынша қайтарылады.
      10. Тауар белгісіне құқықты беру туралы шарт лицензиялық шарт, кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты. кепіл шарты уәкілетті органда тiркелген күнінен бастап күшiне енедi.
      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      22-бап. Заңды тұлғаны бөлу түрiнде қайта ұйымдастыру
              кезiнде тауар таңбасына құқықты беру

      Заңды тұлға бөлiнген кезде тауар таңбасына құқық тауарлар өндiру немесе қызметтер көрсету қолына көшкен жаңадан пайда болған заңды тұлғаға ауысады.
      Тауар таңбасының тiркелуiне себеп болған тауарлар өндiрудiң немесе қызметтер көрсетудiң бiр бөлiгi жаңадан пайда болған заңды тұлғалардың әрқайсысында сақталып қалған жағдайда, жаңа заңды тұлғалар, олардың келiсiмi болған жағдайда, тауар таңбасының тең иеленушісi болып табылады.
      Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

6-тарау. Тауар таңбасын тіркеудің қолданылуын тоқтату

      23-бап. Тауар таңбасын тiркеуге дау айту

      1. Тауар таңбасын тiркеуге, егер ол осы Заңның 7-бабының 1-тармағының 1)-3) тармақшаларын қоспағанда, 6 және 7-баптарда белгiленген талаптарды бұза отырып жүзеге асырылса, бүкiл қолданылу мерзiмi бойы немесе егер ол осы Заңның 7-бабының 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында белгiленген талаптарды бұза отырып жүзеге асырылса, тауар таңбасы тiркелген күннен бастап бес жыл iшiнде дау айтылып, ол толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылуы мүмкiн.

      2. Кез келген мүдделi тұлға осы баптың 1-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша тауар таңбасының тiркелуiне қарсы уәкiлеттi органға қарсылық бере алады.
      Тауар таңбасының тiркелуiне қарсы қарсылықты ол түскен күннен бастап алты ай iшiнде апелляциялық кеңес қарауға тиiс. Қарсылық берушi тұлғаның, сондай-ақ тауар таңбасы иесiнiң даудың қаралуына қатысуға құқығы бар.
      Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      24-бап. Тауар белгісінің тiркелуiн қолдануды тоқтату
              және оны жарамсыз деп тану

      Ескерту. 24-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 07.04.2015 № 300-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Тауар белгісінің тiркелуiн қолдану:

      1) осы Заңның 15-бабында көзделген оның қолданылу мерзiмiнiң аяқталуына байланысты;

      2) тауар белгісі иесінің — жеке тұлғаның кәсiпкерлiк қызметiнiң тоқтатылуына немесе оның қайтыс болуына, заңды тұлғаның таратылуына байланысты;

      3) тауар белгісі иесiнiң одан бас тартуы туралы берген жазбаша арызы негiзiнде;

      4) осы Заңның 19-бабының 4-тармағына сәйкес тауар белгісі пайдаланылмаған жағдайда;

      5) алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      2. Осы Заңның 23-бабының 1-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша апелляциялық кеңестiң немесе соттың шешiмiмен, тауар белгісінің тiркелуi толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылады.

      3. Сараптама жасау ұйымы Тауар белгілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiне тауар белгісін тiркеудiң қолданылуы тоқтатылуына немесе оның, жарамсыз деп танылуына байланысты оның күшiн жою туралы жазба енгiзедi.
      Ескерту. 24-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-тарау. Тауарлар шығарылған жер атауларын құқықтық
қорғау және оларды тіркеу шарттары

      25-бап. Тауарлар шығарылған жерлердiң атауларын
              құқықтық қорғау

      1. Қазақстан Республикасында тауар шығарылған жерлердiң атауларын құқықтық қорғау осы Заңда көзделген тәртiппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына орай оларды тiркеу негiзiнде берiледi.

      2. Тауар шығарылған жер атауын пайдаланудың айрықша құқығы ерекше қасиеттерi табиғи жағдайларды және (немесе) адами факторларды қоса алғанда, тек қана немесе негiзiнен географиялық ортаға байланысты тауарларды осы географиялық объектiде өндiретiн бiр немесе бiрнеше кәсіпкерлік субъектісіне берiлуi мүмкiн.
      3. Шет мемлекеттегi географиялық көрсеткішті, егер осы көрсеткіштің атауы осындай атау ретiнде тауар шығарылған елде қорғалса, тауар шығарылған жердiң атауы ретiнде мемлекеттiк тiркеуге жол беріледі. Көрсетiлген тауар шығарылған жердiң атауын пайдаланудың айрықша құқығының иесi тауар шығарылған елде осындай атауды пайдалану құқығы қорғалатын тұлға ғана болуы мүмкiн.
      Ескерту. 25-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      26-бап. Тауарлар шығарылған жердiң атауы ретiнде
               тiркелетiн белгiлер

      1. Тауар шығарылған жердiң атауы ретiнде елдiң, өңiрдiң, елдi мекеннiң, жердiң немесе басқа да географиялық объектiнiң қазiргi немесе тарихи, ресми немесе бейресми, толық немесе қысқартылған атауы, сондай-ақ осындай атаудан шыққан белгi және олардың тауардың көрiнiстік атауымен тiркесi тiркелуi мүмкiн.
      2. Географиялық объектiнiң атауын бiлдiргенiмен немесе қамтығанымен, бiрақ Қазақстан Республикасында тауардың өндiрiлген жерiмен байланысты емес оның белгiлi бiр түрiнiң белгiлерi ретiнде жалпы қолданысқа енгiзiлген белгiлер тауар шығарылған жердiң атауы болып танылмайды.
      Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      27-бап. Тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары ретiнде
              тiркелмейтiн белгiлер

      Тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары ретiнде:

      1) тауар шығарылған жерге қатысты жаңылысуға әкеп
соқтыратындай географиялық объектiлердiң атаулары болып табылатын;

      2) тауар өндiрiлген нақты жердi үстiрт түрде көрсететiн, бiрақ тауардың басқа аумақтан шығарылғаны жөнiнде қате түсiнiк беретiн белгiлер;

      3) тауарлардың шығарылған жерiмен байланысты емес, географиялық объектiлердiң атауын қамтитын белгiлер тiркелмейдi.
      Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      28-бап. Тауар шығарылған жердiң атауына және тауар
              шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын
              беруге өтiнiм жасау

      Тауар шығарылған жердiң атауына және тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын беруге өтiнiм (бұдан әрi - өтiнiм) сараптама жасау ұйымына берiледi.
      Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      29-бап. Өтiнімге қойылатын талаптар

      1. Өтiнiм тауар шығарылған жердiң бiр атауына қатысты болуға тиіс.

      2. Өтiнiм бiр үлгi бланкiде берiлуге және:
      1) өтiнiм берушiнi (өтiнiм берушiлердi), сондай-ақ оның (олардың) орналасқан жерiн немесе тұрғылықты жерiн көрсете отырып, атауға сараптама жүргiзу және (немесе) атауға құқық беру туралы өтiнiштi;

      2) мәлiмделген белгiнi;

      3) тауардың түрiн;

      4) тауардың айрықша қасиеттерінің сипаттамасын;

      5) тауар өндiрiлген жердің нұсқамасын (географиялық объектiнiң шекарасы) қамтуға тиiс.

      3. Егер атауы тауар шығарылған жердің атауы ретінде мәлімделетін географиялық объект Қазақстан Республикасының аумағында орналасса, аталған географиялық объектінің шекарасында өтінім беруші ерекше қасиеттері, сапасы, репутациясы және басқа да сипаттамалары негізінен осы географиялық объектіге тән табиғи жағдайлармен және (немесе) адам факторларымен айқындалатын тауар өндіретіні туралы жергілікті атқарушы органның қорытындысы өтінімге қоса беріледі.
      Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан бұрын тiркелген тауар шығарылған жердiң атауына айрықша құқық беруге арналған өтiнiмге уәкiлеттi органның осы географиялық объектiнiң шекарасында өтiнiм берушi Қазақстан Республикасының тауар шығарылған жерлер атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiнде көрсетiлген ерекше қасиеттерге ие тауарды өндiретiнi туралы қорытындысы қоса берiледi.
      Егер атауы тауар шығарылған жердiң атауы ретiнде мәлiмделетiн географиялық объект Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасса, өтiнiм берушiнiң мәлiмделген тауар шығарылған жердiң атауына құқығын растайтын құжат өтiнiмге қоса берiледi.
      Өтiнiмге сараптама жасау ұйымының сараптама жүргiзу бойынша көрсететін қызметтерiне ақы төленгенiн растайтын құжат та қоса берiледi. Төлем мөлшерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленедi.
      Iс жүргiзу өкiл арқылы жүргiзiлген жағдайда, өтiнiмге сенiмхат қоса берiледi.

      4. Өтiнiм мен оған қоса тiркелетiн құжаттар қазақ немесе орыс тiлінде тапсырылады. Етер құжаттар басқа тiлде тапсырылса, онда өтiнiм берушi өтінім берілген күннен бастап бір ай мерзімде олардың қазақ немесе орыс тiлiндегi аудармасын тапсыруға тиiс.

      5. Өтiнiмдердi жасауға, ресiмдеуге және қарауға қойылатын талаптарды уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      Ескерту. 29-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2007.03.02 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

  8-тарау. Тауар шығарылған жер атауына сараптама

      30-бап. Сараптама жүргiзу тәртiбi

      1. Өтiнiм берiлген күннен бастап алты ай iшiнде сараптама жасау ұйымы сараптама жүргiзедi, оның барысында оның осы Заңның 26, 27 және 29-баптарында белгiленген талаптарға сәйкестiгi тексерiледi.

      2. Сараптама барысында сараптама жасау ұйымы қосымша материалда сұратуға құқылы, олар өтiніш берушiге сұрау жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде тапсырылуға тиiс.
      Қосымша материалдарды не осы мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiштi өтiнiм берушi белгiленген мерзiмде тапсырмаған жағдайда іс жүргiзу тоқтатылып, өтiнiм керi қайтарып алынған болып есептеледi.
      Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      31-бап. Сараптама нәтижелерi бойынша шешiмдер

      1. Сараптама нәтижелерi бойынша уәкiлеттi орган:
      1) Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

       2) тауар шығарылған жер атауын тiркеу және (немесе) тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын беру туралы;

      3) тауар шығарылған жер атауын тiркеуден және (немесе) тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын беруден бас тарту туралы тиістi шешiм қабылдайды.

      2. Өтiнiм берушi өзiне тiркеуден бас тарту туралы шешiм жiберілген күннен бастап үш ай мерзiмде сараптама шешiмiн қайта қарау туралы өтiнiш бiлдiрiп, дәлелдi қарсылық тапсыруға құқылы.
      Қайта шығарылған сараптама шешiмiмен келiспеген жағдайда өтiнiм берушi осы Заңның 12-бабының 6-тармағында көзделген тәртiппен қарсылық бере алады.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09. N 586; 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      32-бап. Өтiнiм берушiнiң құқықтары

      Тауар шығарылған жер атауына сараптама жүргiзiлген кезде өтiнiм берушiге осы Заңның 13-бабында көрсетiлген құқықтар берiледi.

9-тарау. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын тіркеу
және беру

      33-бап. Тауарлар шығарылған жер атауларының
              мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу тәртiбi

      1. Сараптама ұйымы Тауарлар шығарылған жер атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiне тауар шығарылған жердiң атауын, тiркелу нөмiрi мен күнiн, тауардың ерекше қасиеттерiнiң сипаттамасын, тұрғылықты жерлерiн (орналасқан жерлерiн), өтiнiмнiң нөмiрi мен берiлген күнiн көрсете отырып тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының барлық иелерi туралы мәлiметтердi және көрсетiлген мәлiметтердегi одан кейiнгi барлық өзгерiстердi, сондай-ақ тiркеуге қатысты басқа да мәлiметтердi енгiзедi.

      2. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының иесi тiркеу туралы мәлiметтерге қатысты өзгерiстер жайында сараптама жасау ұйымына хабарлап отыруға мiндеттi. Өзгерiстер туралы жазбаны сараптама ұйымы Тауарлар шығарылған жер атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгізедi.

      3. Тауарлар шығарылған жер атауларының мемлекеттiк тiзiлiмi жалпыға бiрдей қолжетiмдi болып табылады. Мүдделi тұлғалардың өтiнiшi бойынша сараптама жасау ұйымы Тауарлар шығарылған жер атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiнен көшiрме бередi.
      Ескерту. 33-бап жаңа редакцияда - ҚР 2004.07.09. N 586; өзгеріс енгізілді - ҚР 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      34-бап. Тауар шығарылған жер атауын тiркеудiң және
              тауар шығарылған жер атауын пайдалану
              құқығының қолданылу мерзімдері

      1. Аталған географиялық объект аумағында өндiрiлетiн тауардың ерекше қасиеттерi сақталған жағдайда тауар шығарылған жер атауларын тiркеу мерзiмсiз қолданылады.

      2. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы сараптама жасау ұйымына өтінім берiлген күннен бастап он жыл бойы қолданылады.

      3. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының қолданылу мерзiмi тауар шығарылған жер атауының тiркелуiне қатысты тауардың ерекше қасиеттерi сақталған жағдайда оның қолданылуының соңғы жылында берiлген иесiнiң өтiнiшi бойынша әр жолы он жыл ұзартылып отырады.

      4. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiш осы Заңның 29-бабына сәйкес құзыреттi органның қорытындысымен бiр мезгiлде тапсырылады. Тiркеудiң қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы мәлiметтер Тауарлар шығарылған жерлердiң атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiне және куәлiкке енгiзiледi.

      5. Осы баптың 3-тармағында белгiленген өтiнiм беру мерзiмi тiркеудiң қолданылу мерзiмi аяқталған соң алты айдың iшiнде берiлген иесiнiң арызы бойынша қалпына келтiрiледi.
      Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      35-бап. Тiркеу туралы мәлiметтердi жариялау

      Тауар шығарылған жер атауын тiркеуге және тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын беруге қатысты мәлiметтердi, сондай-ақ бұдан былайғы өзгерiстердi Тауарлар шығарылған жерлердiң атауларының мемлекеттiк тiзiлiміне тiкелей жазылған соң сараптама жасау ұйымы бюллетеньде жариялайды.
      Ескерту. 35-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      36-бап. Тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығы

      1. Тауар шығарылған жерлер атауларының мемлекеттік тізілімінен үзінді көшірме тауар шығарылған жердің атауын тiркеу фактiсiн және Тауар шығарылған жерлер атауларының мемлекеттік тізілімінде көрсетiлген тауарға қатысты оны пайдалануға иесiнiң айрықша құқығын растайды.
      2. Үзінді көшірменің нысанын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      Ескерту. 36-бап жаңа редакцияда - ҚР 07.04.2015 № 300-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

10-тарау. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану

      37-бап. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану шарттары

      1. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының иесiне оны пайдаланудың айрықша құқығы берiледi.

      2. Тiркелген тауар шығарылған жер атауымен бiрдей немесе араласып кету дәрежесiне дейiн ұқсас географиялық объектiнiң атауын тiркемей, оны бiртектес тауарларға қатысты пайдалануға жол берiлмейдi.

      3. Минералды суларды, шараптарды немесе күштi спирт ішімдiктерiн бiрыңғайландыратын географиялық объектiлердiң атаулары болып табылатын немесе соларды қамтитын тауарлар шығарылған жерлердiң атауларын, егер бұл орайда тауар шығарылған нақты жер көрсетiлсе не аударма пайдаланылса немесе белгiде "түрiнде", "үлгiсiнде", "стилiнде" деген немесе басқа да осындай сөздер қоса жазылса, осы жерден шығарылмаған осындай тауарларды белгiлеу үшін пайдалануға жол берiлмейдi.

      4. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын иелiктен айыру, оны бiреуге беру туралы өзге де мәмiлелер және лицензиялық шарт негiзiнде тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын беруге жол берiлмейдi.
      Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      38-бап. Ескертпе таңбалау

      Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының иесi тауар шығарылған жер атауымен қатар тұстан латынның (R) әрпi түрiндегi ескертпе таңбалауды, "тiркелген тауар шығарылған жердiң атауы", "зарегистрированное наименование места происхождения товара" немесе "ТШЖА тiрк." деген сөз белгiлерiн соға алады.

11-тарау. Тауар шығарылған жер атауын құқықтық қорғаудың
қолданылуын тоқтату

      39-бап. Тауар шығарылған жер атауының тiркелуiне және
              (немесе) тауар шығарылған жердің атауын пайдалану
               құқығының берiлуiне дау айту

      1. Егер тауар шығарылған жердің атауын тiркеу және (немесе) тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын беру осы Заңның 26, 27 және 29-баптарында белгiленген талаптарды бұза отырып жүзеге асырылған болса, оған дау айтылып, ол жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
      2. Егер тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану неғұрлым ертерек басымдыққа ие, сондай-ақ Қазақстан Республикасында белсендi пайдалану нәтижесiнде кеңiнен танымал болған тауар таңбасының болуына байланысты тауарға немесе оны шығарушыға қатысты тұтынушыны жаңылыстыруы мүмкiн болса, тауар шығарылған жердiң атауын тiркеуге және (немесе) тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын беруге, тауар шығарылған жердiң атауын мемлекеттiк тiркеу туралы мәлiметтер ресми бюллетеньде жарияланған күнiнен бастап бес жылдың iшiнде дау айтылып, ол жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
      3. Кез келген мүдделi тұлға уәкiлеттi органға осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетiлген негiз бойынша тауар шығарылған жер атауының тiркелуiне және (немесе) тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығының берiлуiне қарсылық бере алады.
      Қарсылық осы Заңның 23-бабының 2-тармағында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде қаралуға тиiс.
      Ескерту. 39-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      40-бап. Тауар шығарылған жер атауының тiркелуiн
              және тауар шығарылған жер атауын пайдалану
              құқығының қолданылуын тоқтату және оларды
              жарамсыз деп тану

      1. Тауар шығарылған жер атауын тiркеу:

      1) осы географиялық объектiге тән жағдайлардың жойылуына және Тауарлар шығарылған жерлердiң атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiнде осы тауар шығарылған жер атауы жөнiнде көрсетiлген қасиеттерi бар тауар өндiрудiң мүмкiн болмауына байланысты;

      2) тауар шығарылған жер атауын құқықтық қорғаудың шығарылатын елде тоқтатылуына байланысты доғарылады.

      2. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының қолданылуы:
      1) осы Заңның 34-бабында белгiленген оның қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты;

      2) осы тауар шығарылған жер атауына қатысты Тауарлар шығарылған жерлердiң атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiнде көрсетiлген айырықша қасиеттердi тауардың жоғалтуына байланысты;

      3) тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы иесiнің уәкiлеттi органға берген өтiнiшi негізiнде;

      4) заңды тұлға таратылған немесе жеке тұлға - тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы иесiнiң кәсіпкерлiк қызметi тоқтатылған кезде доғарылады.

      3. Тауар шығарылған жер атауын тiркеу және (немесе) тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын беру осы Заңның 39-бабының 1-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша апелляциялық кеңестiң немесе соттың шешiмi бойынша жарамсыз деп танылады.

      4. Тауар шығарылған жер атауын тiркеу және (немесе) тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы қолданылуын тоқтатқан немесе олар жарамсыз деп танылған кезде сараптама жасау ұйымы Тауарлар шығарылған жерлердiң атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiне оларды жою туралы жазба енгiзедi.
      Ескерту. 40-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

12-тарау. Тауар таңбаларын иелерінің құқықтарын және
тауарлар шығарылатын жерлердің атауларын пайдалану
құқықтарын қорғау

      41-бап. Апелляциялық кеңес

      1. Апелляциялық кеңес уәкiлеттi органның осы Заңның 12-бабының 6-тармағына, 19-бабының 4-тармағына, 23-бабының 2-тармағына, 39-бабының 2-тармағына сәйкес берiлетiн қарсылықтар бойынша дауларды сотқа дейiн қарау жөнiндегi бөлiмшесi болып табылады. Апелляциялық кеңес туралы ереженi уәкiлеттi орган бекітеді.
      1-1. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қарсылықтар бойынша дауларды сотқа дейінгі қарау міндетті болып табылады.
      2. Апелляциялық кеңеске мынадай:
      1) уәкілетті органның тауар таңбасын тіркеуден бас тарту туралы шешімдеріне (сараптама жасау ұйымының қорытындысына), оның ішінде Мадрид келісімінің 5-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес мәлімделген белгілерге сараптама жасау нәтижелері бойынша қабылданған тауар таңбасын тіркеуден бас тартуларға;
      2) уәкілетті органның тауар шығарылған жердің атауын тіркеуден және (немесе) оған пайдалану құқығын беруден бас тарту туралы шешімдеріне;
      3) Мадрид келісімінің 5-бабының 6-тармағын қоса алғандағы тауар таңбасының тіркелуіне қарсы;
      4) тауар шығарылған жердің атауын тіркеуге және (немесе) оған пайдалану құқығын беруге қарсы;
      5) пайдаланбауына байланысты тауар таңбасының тіркелуіне қарсы қарсылықтар берілуі мүмкін.
      Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген қарсылықтарды өтiнiш берушi немесе оның құқықтық мұрагерi тiкелей өзі не өкiл арқылы береді.
      Осы тармақтың 3) - 5) тармақшаларында көзделген қарсылықтарды кез келген мүдделi тұлға тiкелей өзі не өкiл арқылы береді.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақтың төртінші бөлігі жаңа редакцияда көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Қарсылық қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органға тiкелей берiледi немесе пошта арқылы жiберiледi. Қарсылыққа қоса берілетін материалдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады. Егер қоса берілетін материалдар басқа тілде берілсе, онда қарсылыққа олардың қазақ және орыс тілдеріндегі нотариат куәландырған аудармасы қоса беріледі.
      Егер қарсылық факсимильдiк байланыс немесе электрондық пошта арқылы берiлсе, ол осындай қарсылықты алған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қағаз жеткізгіштегі түпнұсқасымен расталуға тиiс.
      Қарсылық осы Заңда көрсетілген мерзiмдер iшiнде берiледi.
      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген қарсылықтарды берудің өтінім беруші өткізіп алған мерзімі өтінім берушінің өтінішхаты бойынша осы Заңда белгіленген мерзімдер ішінде қалпына келтіріледі. Мұндай өтінішхат апелляциялық кеңеске қарсылықпен бір мезгілде ұсынылады.
      3. Қарсылықты патенттiк сенiм бiлдiрілген өкіл немесе өзге де өкiл арқылы берген жағдайда, сенімхат қазақ және орыс тілдерінде беріледі, егер сенімхат басқа тілде (шетел тілінде) берілсе, онда ол қазақ және орыс тілдеріне аударылуға тиіс, сенімхаттың аудармасын нотариат куәландырады. Қарсылықтың материалдарына нотариат куәландырған сенімхаттың түпнұсқасы қоса беріледі немесе ол нотариат куәландырғанын растау үшін апелляциялық кеңестің хатшысына көшірмесімен бірге ұсынылады.
      4. Берілген қарсылық апелляциялық кеңес алқасының отырысында осы Заңда белгіленген мерзім ішінде қаралуға тиіс. Қарсылықты қарау мерзiмi қарсылықты берген тұлғаның, сондай-ақ қорғау құжаты иесiнiң өтiнiшi бойынша, бiрақ қарсылықты қарау үшiн белгiленген мерзiм аяқталатын күннен бастап алты айдан асырмай ұзартылуы мүмкін.
      5. Қарсылық берген тұлға, тауар таңбасының немесе тауар шығарылатын жердің атауын пайдалану құқығының иесi апелляциялық кеңеске оның шешімін алған күннен бастап алты ай ішінде сотқа шағым жасауы мүмкін.
      Ескерту. 41-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      41-1-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңесте қараудан бас
                 тарту негіздері

      1. Егер:
      1) қарсылық апелляциялық кеңесте қаралуға жатпаса;
      2) қарсылыққа қол қойылмаса не оған қол қоюға өкiлеттiгi жоқ тұлға қол қойса;
      3) қарсылық белгiленген мерзiмдi бұза отырып берiлсе және көрсетілген мерзiмдi ұзарту мен қалпына келтiру мүмкiндiгi жоқ болса;
      4) өтiнiш берушi қарсылық берудi ресiмдеуге, мазмұндауға және рәсiмдеуге қойылатын талаптарға қатысты кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоймаса, қарсылықты қарауға қабылдаудан бас тартылады.
      Көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда, қарсылық берген тұлғаға алынған қарсылықты қарауға қабылдауға болмайтыны және ол берiлген жоқ деп есептелетiнi туралы хабарлама жiберiледi.
      Қарсылық берген тұлға немесе оның өкiлi берiлген қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының шешiмі жария етілгенге дейiн қайтарып алуы мүмкін.
      Ескерту. Заң 41-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      41-2-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының
                 отырысында қарау

      1. Қарсылықты қарау құрамында кемінде бес мүшесi бар апелляциялық кеңес алқасында жүзеге асырылады. Дауды қарау басталғанға дейiн апелляциялық кеңес алқасының дербес құрамының құпиялылығы қамтамасыз етiлуге тиiс.
      Апелляциялық кеңес алқасының отырысына қорытынды ұсыну үшін ғылыми ұйымдардың өкілдері мен тиісті бейіндегі мамандар шақырылуы мүмкін.
      2. Апелляциялық кеңес алқасы отырысты өткізу мерзімдерін мынадай жағдайларда:
      1) қарсылықты қарауға қатысу құқығы бар тұлғалардың біреуі келмегендіктен, қарсылықты бұл отырыста қарау мүмкін болмаса;
      2) мәні бойынша шешім қабылдау үшін жетіспейтін қосымша құжаттарды (дәлелдемелерді) тараптардың ұсынуы қажет болғанда;
      3) тараптардың өтініші бойынша кейінге қалдыруға құқылы.
      3. Қарсылықты қарауға қатысушы тұлғалардың:
      1) iс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшiрме жасауға, олардың көшiрмесiне тапсырыс беруге және оны алуға;
      2) дәлелдемелер ұсынуға;
      3) дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
      4) апелляциялық процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға;
      5) өтiнiштер мәлімдеуге;
      6) апелляциялық кеңес алқасының мүшелеріне ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге;
      7) қарсылықты қарау барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өзiнiң дәлелдерi мен пайымдауларын ұсынуға;
      8) iске қатысушы басқа тұлғалардың өтiнiштерiне, дәлелдерi мен пайымдауларына қарсылық бiлдiруге құқығы бар.
      4. Дау мәнi бойынша шешiлген жағдайда апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарады.
      Шешiм апелляциялық кеңес алқасы мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда апелляциялық кеңес алқасының отырысында төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.
      Қарсылықты қарау нәтижелерi бойынша мынадай:
      1) қарсылықты қанағаттандыру туралы;
      2) қарсылықты iшiнара қанағаттандыру туралы;
      3) қарсылықты қарау мерзімін кейінге қалдыру туралы;
      4) қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм шығарылады.
      5. Апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарылған күннен бастап он жұмыс күні iшiнде апелляциялық кеңестiң шешiмiн әзiрлейдi және тараптарға жiбередi. Апелляциялық кеңестiң шешiмi жазбаша нысанда баяндалады және ол кiрiспелiк, сипаттамалық, дәлелдемелiк және қарарлық бөлiктерден тұруға тиiс.
      Апелляциялық кеңестiң шешiмiне апелляциялық кеңес алқасының барлық мүшелерi қол қояды.
      Ескерту. Заң 41-2-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      42-бап. Дауларды қарау

      1. Сот тәртiбiмен қарауға:

      1) тауар белгісін немесе тауар шығарылған жердің атауын тіркеудің заңдылығы туралы;

      2) тауар таңбасы немесе тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы иесiнiң айрықша құқығын бұзу туралы;

      3) тауар таңбасын пайдалануға лицензиялық шарттар жасасу және оларды орындау туралы;

      3-1) тауар таңбасын жалпы жұртқа белгiлi деп танудың заңдылығы туралы;

      4) тіркеуден туындайтын құқықтарды қорғауға байланысты басқа да даулар жатады.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      42-бапты 1-1-тармақпен толықтыру көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Сараптама жасау ұйымы сот шешiмi негiзiнде тiркеуге қатысты өзгерiстер туралы мәлiметтердi жариялайды.
      Ескерту. 42-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09. N 586; 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      43-бап. Заңды және жеке тұлғалардың тауар таңбалары және
              тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары туралы
              заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi

      1. Тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жер атауын немесе араласып кеткен дәрежеге дейiн олармен ұқсас белгiлердi бiртектес тауарлар мен қызметтерге қатысты, ал жалпы жұртқа белгiлi тауар таңбасы болғанда - кез келген тауарлар мен қызметтерге қатысты азаматтық айналымға рұқсатсыз енгiзу тауар таңбасының немесе тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы иесiнiң айрықша құқығын бұзу болып танылады.
      Тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жер атауын жалпыға бiрдей қолжетiмдi телекоммуникациялық желiлерде (Интернетте және басқаларда) рұқсатсыз пайдалану да тауар таңбасы иесiнiң айрықша құқығын немесе тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын бұзу болып табылады.

      2. Қорғалатын тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жер атауын, сондай-ақ араласып кеткен дәрежеге дейiн олармен ұқсас белгiлердi осы Заңның талаптарын бұза отырып бiртектес тауарларға пайдаланғаны үшiн кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Ескерту. 43-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      44-бап. Тауар таңбасы иелерiнiң құқығын немесе тауар
              шығарылған жер атауын пайдалану құқығын бұзған
              тұлғалардың мiндеттерi

      Тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жер атауын не араласып кеткен дәрежеге дейiн онымен ұқсас белгiнi заңсыз пайдаланған тұлға:

      1) жолсыздықты тоқтатуға және тауар таңбасының немесе тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы иесiне ол шеккен залалдың орнын толтыруға;

      2) құқық иеленушінің өзі салған тауар белгісі бар түпнұсқа тауарларды қоспағанда, заңсыз пайдаланылатын тауар белгісі, тауар шығарылған жердің атауы немесе олармен айырғысыз дәрежеге дейiн ұқсас белгiлеме орналастырылған тауарды, тауар қаптамасын жоюға мiндеттi. Осындай тауарларды айналымға енгізу қоғамдық мүдделер үшін қажет болған жағдайларда тауардан және оның қаптамасынан заңсыз пайдаланылатын тауар белгісінің бейнесін, тауар шығарылған жердің атауын немесе олармен айырғысыз дәрежеге дейiн ұқсас белгiлемені жоюға;
      3) жұмыстар орындаумен немесе қызметтер көрсетумен бірге жүретін материалдардан, оның ішінде құжаттамадан, жарнамадан, маңдайша жазулардан тауар белгісін немесе онымен айырғысыз дәрежеге дейiн ұқсас белгiлемені алып тастауға міндетті.
      Ескерту. 44-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.10.2015 № 365-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

13-тарау. Қорытынды ережелер

      45-бап. Мемлекеттiк баж

      Уәкiлеттi орган тауар белгілерін және тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеу, жалпы жұртқа белгілі тауар белгісін тіркеу, шарттарды тiркеу, патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдердi aттecтaттay және патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдi тiркеу туралы куәлiк беру жөнiндегі әрекеттер жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттiк баж алынады.
      Ескерту. 45-бап жаңа редакцияда - ҚР 07.04.2015 № 300-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

       46-бап. Патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдер

      1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жоғары бiлiмi және зияткерлiк меншiк саласында кемінде төрт жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен және зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті органда тiркелген Қазақстан Республикасының әрекетке қабiлеттi азаматы патенттiк сенiм білдірілген өкiл болуға құқылы.
      Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу үшін уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымының қызметкерлері арасынан аттестаттау комиссиясын құрады. Бұл ретте, аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ең аз саны кемінде бес қызметкерден тұрады.
      Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттауды сенім білдірілген өкілдерге кандидаттардан өтініштердің келіп түсуіне қарай жылына кемінде бір рет өткізеді.
      Аттестаттау комиссиясы аттестаттау нәтижелері бойынша кандидатты аттестаттау не аттестаттаудан бас тарту туралы шешім шығарады. Аттестаттау комиссиясы шешімінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
      Аттестаттау комиссиясы шешім шығарған кезден бастап үш ай ішінде мұндай шешімге сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
      Патенттік сенім білдірілген өкілге аттестаттау емтиханын ойдағыдай тапсырған кандидатқа патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігі беріледі, оның нысанын уәкілетті орган белгілейді.
      Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу және оларға куәлік беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленетін мемлекеттік баж алынады.
      2. Патенттік сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттар аттестаттауына:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға тыйым салынған адамдар;
      2) уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлерi, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) болып табылатын адамдар;
      3) қылмыс жасағаны үшін заң тәртібінде белгіленген өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар;
      4) осы Заңға сәйкес патенттiк сенiм білдірілген өкiлдердің тiзiлiмінен шығарылған адамдар жiберiлмейдi.
      3. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен:
      1) патенттік сенім білдірілген өкілдің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынатын адамдарға, оның ішінде уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлеріне жатқызу кезеңіне;
      3) осы Заңның 46-2-бабы 1-тармағының 2) және 6) тармақшаларында және 5-тармағында көзделген мән-жайларды анықтау мақсатында тоқтатыла тұрады.
      Осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясы үш ай ішінде тиісті шешім қабылдағанға дейін тоқтатыла тұрады.
      Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін тоқтата тұруға негіз болған себептер жойылған жағдайда, оның қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен қайта жалғастырылады.
      4. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтiнiш берушiнің өкілі ретінде зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау мәселелері бойынша уәкiлеттi органмен және сараптама жасау ұйымымен iс жүргiзуге байланысты қызметті жүзеге асырады. Уәкiлеттi органмен және сараптама жасау ұйымымен iс жүргiзудi сондай-ақ өтініш беруші және (немесе) тауар таңбасының иесі дербес жүзеге асыра алады.
      Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдiк заңды тұлғалар уәкiлеттi органда және оның ұйымдарында патенттiк сенiм білдірілген өкiлдер арқылы өздерінің өтiнiш берушi, тауар таңбасының, қызмет көрсету таңбасының және тауар шығарылатын жер атауының иесі ретіндегі құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бiрақ уақытша одан тыс жерде жүрген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының шегiнде хат-хабар алмасу үшiн мекенжайларын көрсеткен кезде патенттiк сенiм білдірілген өкiлсiз-ақ өздерінің өтiнiш берушi, тауар таңбасының, қызмет көрсету таңбасының және тауар шығарылатын жер атауының иесі ретіндегі құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын жүзеге асыра алады.
      5. Патенттiк сенiм білдірілген өкiл сенiм бiлдiрушiден оның тапсырмасын орындауға байланысты алатын ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде құпиялы ақпаратқа немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияға қойылатын талаптарды сақтаған кезде құпиялы болып танылады.
      Ескерту. 46-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      46-1-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің құқықтары
                 мен міндеттері

      1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтініш берушінің (жеке немесе заңды тұлғаның), өзімен еңбек шартын жасасқан жұмыс берушінің немесе өзімен немесе өзінің жұмыс берушісімен азаматтық-құқықтық шарт жасасқан тұлғаның мүддесінде мынадай қызмет түрлерін:
      1) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, зияткерлік меншік құқықтарын иелену немесе беру мәселелері бойынша консультация беру;
      2) тапсырыс берушінің, сенім білдірушінің, жұмыс берушінің атынан және тапсырмасы бойынша тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын және тауар шығарылатын жердің атауларын тіркеуге өтінімдерді ресімдеу және жасау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
      3) тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына және тауарлар шығарылатын жердің атауларына құқықтарды қорғау мәселелері бойынша уәкілетті органмен және (немесе) сараптама жасау ұйымымен өзара іс-қимыл жасау, оның ішінде хат-хабар алмасуды жүргізу, сараптама шешімдеріне қарсылықтарды дайындау және жолдау, сараптама жасау ұйымы жанындағы сараптама кеңесінің отырыстарына қатысу;
      4) лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарды және (немесе) өзгеге беру шарттарын жасауға, қарауға және кейіннен оларды сараптамаға жіберуге жәрдемдесу қызметін жүзеге асыруға құқылы.
      2. Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдiң өкiлеттiгi сенiмхатпен куәландырылады.
      3. Патенттік сенiм білдірілген өкіл тауар таңбаларына (қызмет көрсету таңбаларына) және тауар шығарылған жерлердің атауларына өтінімдер беруге және (немесе) қорғау құжаттарын алуға, сондай-ақ апелляциялық кеңеске қарсылықтарды беруге байланысты істерді жүргізуге арналған сенімхаттың көшірмесін ұсынған жағдайда, көрсетілген өтінім немесе қарсылық берілген кезден бастап үш ай ішінде патенттік сенім білдірілген өкіл тиісінше сараптама жасау ұйымына және уәкілетті органға сенімхаттың түпнұсқасын ұсынуға міндетті. Түпнұсқалылығы расталғаннан кейін сенімхаттың түпнұсқасы қайтарылуға жатады.
      Егер сенімхат шет ел тілінде жасалса, онда міндетті түрде оның нотариус растаған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы ұсынылуға тиіс.
      4. Егер патенттiк сенiм білдірілген өкiл осы iс бойынша мүдделерi іс жүргізу туралы өтiнiш жасаған тұлғаның мүдделерiне қайшы келетiн тұлғалардың атынан өкiлдiк етсе немесе оларға консультация берсе немесе оны қарауға өзгеше қатысса, сондай-ақ, егер iстi қарауға патенттiк сенiм білдірілген өкiлдің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) және оның жақын туысы болып табылатын лауазымды адам қатысса, ол тапсырманы қабылдамауға міндетті.
      Ескерту. Заң 46-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      46-2-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкіл куәлігін
                 қайтарып алу және оның күшін жою

      1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл аттестаттау комиссиясының шешімімен:
      1) өзінің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен кезде;
      3) патенттік сенiм білдірілген өкілдің кәсіптік қызметінде бес жылдан астам үзіліс болған жағдайда;
      4) патенттік сенiм білдірілген өкіл қылмыс жасағаны үшін сотталып, соттың айыптау үкімі күшіне енген кезде;
      5) патенттік сенiм білдірілген өкіл қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен деп танылған не ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда;
      6) патенттік сенiм білдірілген өкіл әрекетке қабілетсіз немесе оның әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған жағдайда патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылады.
      2. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы баптың 4), 5), және 6) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тізілімнен шығарылған жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімімен куәліктің күші жойылады. Куәліктің күшін жою туралы мәліметтер патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізіліміне енгізіледі.
      3. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, патенттік сенiм білдірілген өкілдің куәлігі патенттік сенiм білдірілген өкілдің өзінің немесе соған негізі бар үшінші тұлғалардың өтініші негізінде аттестаттау комиссиясының шешімімен қайтарып алынады.
      Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларындағы негіздер бойынша тізілімнен шығарылған патенттік сенiм білдірілген өкіл өзін тізілімнен шығаруға себеп болған негіздер тоқтатылып, тізілімнен шығару туралы шешім жарияланған күннен бастап үш жыл ішінде аттестаттау комиссиясына өтініш берген жағдайда, біліктілік емтиханын қайта тапсырмай-ақ, патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде қайта тіркелуі мүмкін. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған құжаттар бойынша осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздердің жойылу фактісін анықтайды.
      4. Патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылған патенттік сенім білдірілген өкіл бұл туралы мәліметтер енгізілген күннен бастап патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылады, ал оны патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде тіркеу туралы куәлік қайтарып алынады не оның күші жойылады.
      5. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы Заңда белгіленген өз міндеттерін адал орындамаған жағдайда, уәкілетті орган құрамы уәкілетті орган қызметкерлерінің тақ санынан тұратын апелляциялық комиссия құрады.
      Апелляциялық комиссия алқалы орган болып табылады және жеке және (немесе) заңды тұлғалардың пікірінше, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін білдіретін патенттік сенім білдірілген өкілдердің қолданыстағы заңнаманы бұза отырып жасаған іс-әрекеттеріне олардың шағымдарын қарайды.
      Патенттік сенiм білдірілген өкілдің іс-әрекеттеріне шағым берген тұлғалар және өздеріне қатысты осындай шағымдар берілген патенттік сенім білдірілген өкілдер апелляциялық комиссияның отырысына қатысуға құқылы.
      Шағымды қарау нәтижелері бойынша апелляциялық комиссия уәкілетті органға патенттік сенім білдірілген өкілдің куәлігінің күшін жою туралы сотқа талап арыз жолдауға ұсыным жасайды не мынадай:
      1) дәлелдемелердің жеткіліксіздігіне байланысты немесе объективті шешім қабылдауға ықпал ететін мән-жайлар анықталғанға дейін шағымның қаралуын кейінге қалдыру туралы;
      2) шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
      Апелляциялық комиссияның шешімі жай көпшілік дауыспен қабылданады және хаттамамен ресімделеді. Апелляциялық комиссияның шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
      Апелляциялық комиссия туралы ережені уәкілетті орган белгілейді.
      Ескерту. Заң 46-2-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      47-бап. Шет елдерде тіркеу

      1. Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары тауар таңбасын шет елдерде тіркеуге немесе оны халықаралық тіркеуден өткізуге құқылы.
      Тауар таңбасын халықаралық тіркеуден өткізуге өтінім сараптама жасау ұйымы арқылы беріледі.
      2. Тауар шығарылған жер атауын шет елдерде тіркеу ол Қазақстан Республикасында тіркеліп, осы тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы алынғаннан кейін жүргізіледі.
      Ескерту. 47-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      48-бап. Шетелдіктердің, шетелдік заңды тұлғалардың және
              азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары

      Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, шетелдіктер, шетелдік заңды тұлғалар, азаматтығы жоқ адамдар осы Заңда көзделген құқықтар мен міндеттерді Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғаларымен бірдей пайдаланады және атқарады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті