Ескерту. Күші жойылды - ҚР Әділет министрiнiң 24.02.2012 N 85 бұйрығымен.
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Заңын, Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасының Патент заңы» Заңын және Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңын іске асыру мақсатында, сонымен бірге «Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 2-тармағының 3) тармақшасын басшылыққа ала отырып, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Апелляциялық кеңес туралы ережесі;
2) Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Апелляциялық кеңеске қарсылықтарды беру және оны қарау ережесі бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті төрағасының кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет Вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде қолданысқа енгізіледі.
Министр Р. Түсіпбеков
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2010 жылғы 12 наурыздағы
№ 81 бұйрығына 1-қосымша
Апелляциялық кеңес туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Апелляциялық кеңес туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Заңына (бұдан әрі – Селекциялық жетістіктер туралы заң), Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасының Патент заңы» Заңына (бұдан әрі – Патент заңы) және Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңына (бұдан әрі – Тауар таңбалары туралы заң) сәйкес әзірленді.
2. Апелляциялық кеңес Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің (бұдан әрі - Комитет) құрылымдық бөлiмшесi болып табылады.
3. Апелляциялық кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарын, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
4. Ережеде келесі ұғымдар қолданылады:
1) апелляциялық кеңес - Селекциялық жетістіктер туралы заңға, Патент заңына және Тауар таңбалары туралы заңға сәйкес берілетін қарсылықтар бойынша дауларды сотқа дейiн қарау жөнiндегi уәкiлеттi органның мамандандырылған құрылымдық бөлiмшесi;
2) сараптама жасау ұйымы - мемлекеттiк монополияға жатқызылған салаларда (тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын, тауар шығарылған жерлердің атауларын, өнертабыстарды, пайдалы модельдердi, өнеркәсiптiк үлгiлердi, селекциялық жетістіктерді қорғау саласында қызметтер көрсету) қызметтi жүзеге асыратын Комитетке ведомстволық бағынысты ұйым;
3) тараптар – Апелляциялық кеңесте қарсылықтарды қарауға қатысушы жеке және/немесе заңды тұлғалар;
4) апелляциялық кеңестің алқасы – апелляциялық кеңесте қарсылықты қарау бойынша апелляциялық кеңестің алқалы органы.
2. Апелляциялық кеңестің негізгі мақсаттары мен функциялары
5. Апелляциялық кеңестің негізгі мақсаты Селекциялық жетістіктер туралы заңға, Патент заңына және Тауар таңбалары туралы заңға сәйкес берілетін қарсылықтар бойынша дауларды сотқа дейiн қарау болып табылады.
6. Апелляциялық кеңестің негізгі функциялары:
1) Комитетке келіп түсетін қарсылықтарды қабылдау, Апелляциялық кеңесте қарауға қарсылық материалдарын тіркеу және қалыптастыру;
2) Апелляциялық кеңес отырыстарын дайындау және өткізу, Апелляциялық кеңестің шешімдерін жасау.
3. Апелляциялық кеңестің негізгі құқықтары
7. Апелляциялық кеңес өз құзыретінің шегінде:
1) Апелляциялық кеңеске жүктелген мәселелер бойынша тараптардан қажетті ақпаратты сұрауға және алуға;
2) дауларды қарау үшін мемлекеттік органдардың және сараптама жасау ұйымының тиісті салалардағы мамандарын тартуға, сондай-ақ қажет болға жағдайда жұмыстық кездесулер ұйымдастыру;
3) өз алқа отырыстарында тараптардың өкілдерін тыңдап, оларға сұрақтар қоюға құқылы.
4. Апелляциялық кеңестің қызметін ұйымдастыру
8. Апелляциялық кеңестің және оның алқасының құрамын Қазақстан Республикасының Әділет министрі бекітеді.
9. Апелляциялық кеңесті төраға басқарады. Төраға болмаған кезде оның функцияларын төрағаның орынбасары атқарады.
10. Апелляциялық кеңестің төрағасы:
1) оның қызметін басқарады;
2) Апелляциялық кеңестің алқа отырысының кестесін, сондай-ақ Апелляциялық кеңестің алқа отырыстары өткізілетін орны мен уақытын белгілейді;
3) Апелляциялық кеңестің алқа отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді.
11. Апелляциялық кеңестің алқа отырыстарының материалдары төрағамен келісілгеннен кейін отырысқа дейін он күннен кешіктірілмей Апелляциялық кеңес алқасының әрбір мүшесіне хабарланады.
12. Апелляциялық кеңестің жұмыс органының функциялары Комитеттің өнеркәсіптік меншік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру басқармасына жүктеледі.
13. Апелляциялық кеңестің жұмыс органы:
1) Апелляциялық кеңес мүшелерінің және оның қызметіне тартылған мамандардың жұмысын үйлестіреді;
2) қарсылық материалдарын жинау мен талдауды қамтамасыз етеді және бақылайды;
3) Апелляциялық кеңестің шешімдерінің орындалуын бақылайды.
14. Апелляциялық кеңестің хатшысы Апелляциялық кеңестің мүшесі болып табылмайды және Апелляциялық кеңестің алқа отырыстарының кестесі бойынша ұсыныстар, қажетті құжаттар, материалдар дайындауды және отырыс өткізілгеннен кейін шешім жобаларын ресімдеуді жүзеге асырады.
15. Апелляциялық кеңес өзінің отырыстарын қажеттілігіне қарай жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет Вице-министрімен келісіліп, Комитет төрағасымен бекітілген отырыстардың кестелеріне сәйкес өткізеді.
16. Апелляциялық кеңестің алқа отырыстары оның кемінде 2/3 мүшелері қатысса, заңды болып саналады.
17. Апелляциялық кеңестің шешімдері ашық дауыс беру арқылы отырысқа қатысушы Апелляциялық кеңестің алқа мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Егер дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2010 жылғы 12 наурыздағы
№ 81 бұйрығына 2-қосымша
Апелляциялық кеңеске қарсылықтарды беру және оны қарау
Ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Апелляциялық кеңеске қарсылықтарды беру және оны қарау Ережесі (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Заңына (бұдан әрі – Селекциялық жетістіктер туралы заң), Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасының Патент заңы» Заңына (бұдан әрі – Патент заңы) және Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңына (бұдан әрі – Тауар таңбалары туралы заң) сәйкес әзірленді және қарсылықтарды апелляциялық кеңеске берудiң және оны қараудың тәртiбiн белгiлейдi.
2. Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) өнеркәсiптiк меншiк объектiлерi - өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсiптiк үлгілер, тауар таңбалары мен қызмет көрсету таңбалары, тауар шығарылған жердiң атаулары, селекциялық жетістіктер;
2) қорғау құжаттары – Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы заңдарына сәйкес берілетін құжаттар (өнертабыстарға инновациялық патент және патенттер, өнеркәсiптiк үлгiлерге, пайдалы модельдерге патенттер, тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына, тауар шығарылған жердің атауына куәліктер, селекциялық жетістіктерге патенттер);
3) Мадрид келiсiмi - кейiннен өзгертулер мен толықтырулар енгізілген Таңбаларды халықаралық тiркеу туралы 1891 жылғы 14 сәуiрдегi Мадрид келiсiмi;
4) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын және өнеркәсіптік меншік саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттiк орган;
5) сараптама жасау ұйымы - мемлекеттік монополияға жататын салаларда қызметтерді (тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын, тауар шығарылған жерлердің атауларын, өнертабыстарды, пайдалы модельдерді, өнеркәсіптік үлгілерді, селекциялық жетістіктерді қорғау саласында қызмет көрсету) жүзеге асыратын уәкілетті органға ведомстволық бағыныстағы ұйым;
6) патенттік сенім білдірілген өкілдер - жеке және заңды тұлғалардың уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымы алдындағы өкілдігіне заңнамаға сәйкес құқық берілген Қазақстан Республикасының азаматтары.
2. Қарсылықтарды беру
3. Апелляциялық кеңеске:
1) өнертабысқа инновациялық патентті беруден бас тарту туралы сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысына;
2) өнертабысқа патентті беруден бас тарту туралы сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысына;
3) пайдалы модельге патентті беруден бас тарту туралы сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысына;
4) өнеркәсіптік үлгіге патентті беруден бас тарту туралы сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысына;
5) өнертабысқа инновациялық патентті беруге қарсы;
6) өнертабысқа патентті беруге қарсы;
7) пайдалы модельге патентті беруге қарсы;
8) өнеркәсіптік үлгіге патентті беруге қарсы;
9) тауар таңбасын тіркеуден бас тарту, соның ішінде Мадрид келісімінің 5-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес мәлімделген белгілеуді сараптау нәтижесі бойынша қабылданған тауар таңбасын тіркеуден бас тарту туралы сараптама жасау ұйымының қорытындысына;
10) тауар шығарылған жердің атауын тіркеуден және (немесе) тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын беруден бас тарту туралы сараптама қорытындысына;
11) тауар таңбасын тіркеуге, соның ішінде Мадрид келісімінің 5-бабының 6-тармағына сәйкес тіркеуге қарсы;
12) тауар шығарылған жердің атауын тіркеуге және (немесе) тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын беруге қарсы;
13) пайдаланылмауына байланысты тауар таңбасын тіркеу әрекетіне қарсы;
14) селекциялық жетістікке патент беруге өтінімді одан әрі қараудан бас тарту туралы;
15) селекциялық жетістікке патент беруден бас тарту туралы уәкілетті органның шешіміне;
16) селекциялық жетістікке патент беруге қарсы қарсылықтар беріледі.
Осы тармақтың 1)-8) тармақшаларында көрсетілген қарсылықтар Патент заңында қарастырылған негіздер мен мезгілдерде беріледі.
Осы тармақтың 9)-13) тармақшаларында көрсетілген қарсылықтар Тауар таңбалары туралы заңда қарастырылған негіздер мен мезгілдерде беріледі.
Осы тармақтың 14)-16) тармақшаларында көрсетілген қарсылықтар Селекциялық жетістіктер туралы заңда қарастырылған негіздер мен мезгілдерде беріледі.
4. Қарсылық уәкілетті органға тiкелей берiледi немесе почтамен жiберiледi.
Егер қарсылық, электрондық цифрлық қолтаңба жүйесін қолдану арқылы берілген қарсылықтарды есептемегенде, факсимильдiк байланыспен берiлсе, ол осындай қарсылықты алған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қағазға түсiрiлген түпнұсқамен расталуға тиiс.
5. Осы Ереженiң 3-тармағының 1)-4), 9), 10), 14) және 15) тармақшаларында көзделген қарсылықты, өтiнiм берушi немесе оның құқықтық мұрагерi тiкелей не өкiл арқылы бередi.
Осы Ереженiң 3-тармағының 5)-8), 11)-13) және 16) тармақшаларында көзделген қарсылықты, кез келген мүдделi тұлға тiкелей не өкiл арқылы бередi.
6. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар, немесе шетелдiк заңды тұлғалар Қазақстан Республикасында тiркелген патенттiк сенiм бiлдiрушi арқылы қарсылық бередi және оны қарауға қатысады.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бiрақ уақытша одан тыс жерлерде жүрген жеке тұлғалар, Қазақстан Республикасының шегiнде хат жазысу үшiн мекен-жайын көрсеткен жағдайда патенттiк сенiм бiлдiрушiсiз қарсылық бередi және оны қарауға қатысады.
7. Қарсылық мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Қарсылыққа қоса тiркелген материалдар мемлекеттiк және орыс немесе басқа тiлдерде ұсынылады. Егер қоса тiркелген материалдар басқа тiлде ұсынылса, өтiнiшке нотариалды расталған олардың мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегі аудармасы қоса тiркеледi.
8. Қарсылықта қарсылық берген жеке тұлғаның аты немесе заңды тұлғаның атауы, олардың тұратын немесе орналасқан жерi, сондай-ақ хат жазысу үшiн мекен-жайы көрсетiледi.
9. Осы Ереженiң 3-тармағының 1)-4), 9), 10), 14) және 15) тармақшаларында көзделген қарсылық, бiр өтiнiмге қатысты болуға және онда өтiнiмнiң нөмiрiне, дау тудырған қорытындыға немесе шешiмге, сондай-ақ шығарылған қорытындыға немесе шешiмге келiспеудiң дәлелiне сiлтеме мазмұндалуға тиiс.
10. Осы Ереженің 3-тармағының 5)-8), 11)-13) және 16) тармақшаларында көзделген қарсылықтар бір қорғау құжатына (тауар таңбасының бір тіркеуіне) қатысты болуға, қорғау құжатының нөмірі (тауар таңбасының тіркеу нөмірі) көрсетілуге, қорғау құжатын жарамсыз деп тану үшін Патент заңымен, Тауар таңбалары туралы заңымен немесе Селекциялық жетістіктер туралы заңымен көзделген қарсылықтарды берудің бір негіздемесі болуға тиіс.
11. Берiлетiн қарсылыққа:
1) қарсылықтың мәтiнiнде сiлтеме жасалатын материалдар қоса беріледі;
2) қарсылықты патенттiк сенiм бiлдiрушi немесе өзге өкiл арқылы берген жағдайда сенімхат беріледі. Сенімхат мемлекеттік және орыс тілдерінде беріледі, егер сенімхат басқа (шетел) тілде берілсе, онда ол мемлекеттік және орыс тілдеріне аударылуы керек, сенімхаттың аудармасы нотариалдық куәландырылады. Қарсылық материалдарына нотариалдық куәландырылған сенімхаттың түпнұсқасы қоса беріледі немесе уәкілетті органға көшірмесімен бірге сенімхаттың түпнұсқасын растау үшін беріледі;
3) Осы Ереженiң 3-тармағының 5)-8), 11)-13) және 16) тармақшаларында көзделген қарсылықты берген кезде, қорғау құжатының иесіне қарсылықтың көшiрмесi жiберiлгенiн растайтын құжат қоса тiркелуге тиiс.
12. Қарсылық және қоса тiркелген материалдар (сенiмхатты, қорғау құжатының иесіне қарсылықтың көшiрмесi жiберiлгенiн растайтын құжатты қоспағанда) екi данада берiледi.
13. Қарсылыққа қарсылық берушi тұлға қол қояды. Заңды тұлға атынан өтiнiшке ұйым басшысы немесе лауазымын көрсете отырып уәкiлеттi тұлға қол қояды.
Қарсылық патенттiк сенiм бiлдiрушi немесе өзге өкiл арқылы берiлген жағдайда қарсылыққа тиiсiнше патенттiк сенiм бiлдiрушi немесе өкiл қол қояды.
3. Қарсылықты тiркеу және қабылдау
14. Келiп түскен қарсылық тiркеледi және оған кiрiс нөмiрi берiледi. Қарсылық түскен күннен бастап он бес жұмыс күні iшiнде Патент заңымен, Тауар таңбалары туралы заңымен, Селекциялық жетістіктер туралы заңымен және осы Ережемен қойылатын қарсылықты берудi ресiмдеу, мазмұндау және рәсiмдеу талаптарының сақталуын тексеру жүзеге асырылады, оның нәтижесінде қарсылық қойылатын талаптарға сәйкес келсе, қарсылық берген тұлғаға қарсылықтың қарауға қабылданғаны туралы хабарлама жiберiледi.
Егер қажетті материалдар жоқ болған жағдайда, қарсылық берген тұлғаның мекен-жайына сауал жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде жоқ мәлiметтердi және (немесе) материалдарды жiберу қажеттiгi туралы сауал жолданады.
15. Егер:
1) қарсылық апелляциялық кеңесте қаралуға жатпаса;
2) қарсылық заңнамалық актілерде белгiленген мерзiмдi бұза отырып берiлсе, сондай-ақ аталған мерзiмдi ұзарту мен қалпына келтiру мүмкiндiгi жоқ болса;
3) өтiнiш берушi қарсылық берудi ресiмдеудiң, мазмұндаудың және рәсiмдеудiң талаптарына қатысты кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоймаса, қарсылықты қарауға қабылдаудан бас тартылады.
Аталған мән-жайлар орын алған жағдайда, қарсылық берген тұлғаға алынған қарсылықтың қарауға қабылдана алмайтыны және оны қараудан бас тартылатындығы туралы хабарлама жiберiледi.
16. Осы Ереженiң 3-тармағының 5)-8), 11)-13) және 16) тармақшаларында көзделген қарсылықты қарауға қабылдағаннан кейiн қорғау құжатының иесiне апелляциялық кеңестің алқа (бұдан әрі - алқа) отырысы жоспарланған күнге дейiн ұсынылуы мүмкiн қорғау құжаттарының дау тудырған себептерi бойынша өздерiнiң өтініштерін ұсыну үшiн қарсылықтың көшiрмесiмен қоса (қарсылықтың көшiрмесi қорғау құжатының иесiне жiберiлiп қойылған жағдайлардан басқа) қарсылықтың түскенi туралы хабарлама жiберiледi.
Мадрид келiсiмiне сәйкес тiркелген тауар таңбасының иесiне, аталған хабарлама, егер осыған дейiн иеленушi осы тауар таңбасын тiркеуге байланысты iс жүргiзудi Қазақстан Республикасының патенттiк сенiм бiлдiрушiсiне тапсырмаған болса, тауар таңбасы иесiнiң мекен-жайына тiкелей жiберiледi. Бұл орайда хабарламада қарсылыққа пiкiр бiлдiру, сондай-ақ апелляциялық кеңесте қарсылықты қарауға қатысу Қазақстан Республикасының патенттiк сенiм бiлдiрушiсi арқылы жүзеге асырылуы мүмкiн екендiгi хабарланады.
17. Қарсылық берген тұлға немесе оның өкiлi берiлген қарсылықты, апелляциялық кеңес шешiмiнiң қарарлық бөлiгi жарияланғанға дейiн керi қайтарып ала алады.
4. Қарсылықты қарау мерзiмдерi
18. Қарсылықты қарауды алқа Патент заңымен, Тауар таңбалары туралы заңымен, Селекциялық жетістіктер туралы заңымен белгiленген мерзiмдер iшiнде аяқтауы тиiс.
19. Қарсылықты қарау мерзiмi қарсылық берген тұлғаның, сондай-ақ қорғау құжаты (тауар таңбасын тiркеу) иесiнiң өтiнiшi, Апелляциялық кеңестің шешімі бойынша, бiрақ қарсылықты қарау үшiн белгiленген мерзiм аяқталатын күннен бастап алты айдан асырмай ұзартылуы мүмкін.
5. Қарсылықты апелляциялық кеңес алқасында қарау
20. Қарсылық берген тұлға, даулы қорғау құжатының (тауар таңбасын тiркеудің) иесi және өнеркәсiптiк меншiктiң тиiстi объектiсiне сараптама жүргiзген сараптама жасау ұйымының өкiлi қарсылықты қарауға қатыса алады.
Қарсылық берген тұлға, қорғау құжатының (тауар таңбасын тiркеудiң) иесi осы Ереженiң 6-тармағының ережелерiн ескере отырып, қарсылықты қарауға тiкелей, сондай-ақ өз өкiлi арқылы қатыса алады. Өкiлдiң өкiлеттiгi сенiмхатпен расталуы тиiс.
Уәкілетті органның және сараптама жасау ұйымының қызметкерлерi аталған тұлғалардың өкiлдерi бола алмайды.
21. Қарсылықты қарауға қатысуға құқығы бар және алқа отырысының күнi мен орны туралы алдында хабардар етiлген тұлғаның қайта келмеуi, қарсылықты қарауға кедергi бола алмайды.
22. Алқа отырысын өткізу мерзімдері мынадай жағдайларда:
1) қарсылықты қарауға қатысу құқығы бар тұлғалардың біреуі келмегендіктен қарсылықты бұл отырыста қарау мүмкін болмаған жағдайда;
2) мәні бойынша шешім қабылдау үшін жетіспейтін қосымша құжаттарды (дәлелдемелерді) тараптар ұсынуы қажет болғанда;
3) тараптардың өтініші бойынша;
4) апелляциялық кеңес отырысының кворумы қамтамасыз етілмеген жағдайда кейінге қалдырылады.
23. Қарсылықты мәнi бойынша қарау iстi төрағалық етушiнiң немесе алқа мүшелерiнiң бiрiнiң баяндауымен басталады.
Iстi одан әрi қарау мынадай тiзбекпен жүргiзiледi:
1) қарсылық берген тұлғаның және (немесе) оның өкiлiнiң сөз сөйлеуi;
2) қорғау құжаты (тауар таңбасын тiркеу) иесiнiң және (немесе) оның өкiлiнiң сөз сөйлеуi;
3) сараптама жасау ұйымы өкiлiнiң сөз сөйлеуi;
4) тараптардың апелляциялық кеңес мүшелерiнiң сұрақтарына жауап беруi.
24. Қарсылықты қарауға қатысушы тұлғалар:
1) iс материалдарымен танысуға, олардан көшiрме жасауға, олардың көшiрмесiне тапсырыс береді және алады;
2) дәлелдемелерді береді;
3) дәлелдемелердi зерттеуге қатысады;
4) апелляциялық кеңеске қатысушыларға сұрақтар қояды;
5) өтiнiш айтады;
6) алқа мүшелеріне ауызша және жазбаша түсiнiк береді;
7) қарсылықты қарау барысында туындаған барлық мәселелер бойынша өзiнiң дәлелдерi мен пайымдауларын ұсынады;
8) iске қатысушы басқа тұлғалардың өтiнiштерiне, дәлелдерi мен пайымдауларына қарсылық бiлдiреді.
25. Iске қатысушы тұлғалар өздерiне тиесiлi құқықтардың барлығын адал пайдалануы тиіс.
Өздерiнiң құқықтарын пайдаланған кездегi кез-келген терiс пиғыл немесе дауды қарау үшiн маңызы бар мән-жайлар мен фактiлердi жасыру қарсы жақтағы тараптың пайдасына есептеледi.
26. Жазатын аппаратура алқа отырысында алқа мүшелерiнiң және қарсылықты қарауға қатысушы барлық тұлғалардың келiсiмiмен ғана пайдаланылуы мүмкiн.
6. Қарсылықтарды қараудың нәтижелерi бойынша апелляциялық кеңес шығаратын шешiмдер
27. Қарсылықты қарау нәтижелерi бойынша мынадай шешiм шығарылады:
1) қарсылықты қанағаттандыру туралы;
2) қарсылықты iшiнара қанағаттандыру туралы;
3) қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы.
28. Апелляциялық кеңестің шешімдері ашық дауыс беру арқылы отырысқа қатысушы Апелляциялық кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Егер дауыстар тең болған жағдайда төрағаның даусы шешуші болып табылады.
29. Шешiммен келiспеген алқа мүшесi өзiнiң ерекше пiкiрiн жазбаша нысанда баяндайды, ол жария етiлмейдi және iске қосылады.
30. Қабылдаған шешiмнiң қарарлық бөлiгiн төрағалық етушi қарсылықты қарауға қатысушы тұлғаларға жария етедi.
31. Алқа отырысы өткізілген күннен бастап он жұмыс күн iшiнде апелляциялық кеңес шешiм әзiрлеп, тараптарға жiбередi. Апелляциялық кеңестiң шешiмi жазбаша нысанда баяндалады және ол кiрiспелiк, сипаттамалық, дәлелдемелiк және қарарлық бөлiктерден тұрады.
Апелляциялық кеңестiң шешiмiне барлық алқа мүшелерi қол қояды.
32. Апелляциялық кеңес шешiмiнiң негiзiнде сараптама жасау ұйымы толық және iшiнара жарамсыз деп танылған қорғау құжаттары туралы, қорғау құжаттарына қатысты өзгерiстер туралы жарияланым жасайды, сондай-ақ аталған мәлiметтердi өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiнiң тиiстi Мемлекеттiк тiзiлiмдерiне енгiзедi.
33. Апелляциялық кеңестiң шешiмiне қарсылық берген тұлға немесе қорғау құжатының (тауар таңбасын тiркеудiң) иесi оны алған күннен бастап алты ай iшiнде сотқа шағымдануы мүмкiн.
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2010 жылғы 12 наурыздағы
№ 81 бұйрығына 3-қосымша
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті төрағасының күшін жоюға жататын бұйрықтарының тізбесі
1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитеті төрайымының 2001 жылғы 1 қарашадағы № 69 «Өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiн патенттеу мен тiркеуге байланысты қарсылықтарды апелляциялық кеңеске берудiң және оны қараудың тәртiбi туралы Ережені бекіту туралы» бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1712 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілер Бюллетенінде, 2002 ж., № 15, 568-құжат);
2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитеттің 2004 жылғы 22 қыркүйектегі № 55-п «Өнеркәсіптік меншік объектілерін патенттеу мен тіркеуге байланысты қарсылықтарды апелляциялық кеңеске берудің және оны қараудың тәртібі туралы ережені бекіту туралы» № 1712 тіркелген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитеті төрайымының 2001 жылғы 1 қарашадағы № 69 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3100 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілер Бюллетенінде жарияланған, 2004 ж., № 41-44, 1032-құжат);
3) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті төрайымының 2005 жылғы 26 желтоқсандағы № 66-н.қ. «Өнеркәсіптік меншік объектілерін патенттеу мен тіркеуге байланысты қарсылықтарды апелляциялық кеңеске берудің және оны қараудың тәртібі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Санаткерлік меншік құқығы комитеті төрайымының 2001 жылғы 1 қарашадағы № 69 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4012 болып тіркелген, 2006 жылғы 10 ақпандағы № 23-24(830) «Заң газетінде» жарияланған);
4) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті төрағасының 2007 жылғы 24 сәуірдегі № 60-нқ. «Өнеркәсіптік меншік объектілерін патенттеу мен тіркеуге байланысты қарсылықтарды апелляциялық кеңеске берудің және оны қараудың тәртібі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті төрағасының 2001 жылғы 1 қарашадағы № 69 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4650 болып тіркелген, 2007 жылғы 9 тамыздағы № 121 (1150) «Заң газетінде» жарияланған).