РҚАО-ның ескертпесі!
Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 39-баптан қараңыз.
Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.
Осы Заң халықты жұмыспен қамту саласындағы құқықтық, экономикалық және ұйымдық қатынастарды реттейдi.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) әлеуметтiк жұмыс орны – жұмыс беруші жұмыссыздардың жалақысын субсидиялау арқылы оларды жұмысқа орналастыру үшiн халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт негізінде құратын жұмыс орны;
2) әлеуметтік келісімшарт – жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматы не оралман, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда өзге адамдар мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы, ал осы Заңда көзделген жағдайларда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастыруға тартылған жеке және заңды тұлғалармен тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы келісім;
3) бос орын – жұмыс берушiдегi бос жұмыс орны (лауазым);
4) еңбек нарығы – жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты қалыптастыратын сала;
5) әлеуметтік еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесі – халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның, халықты жұмыспен қамтудың жергілікті органдарының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының, еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметін автоматтандыруға және әлеуметтік-еңбек саласында халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетуді ұсыну мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
6) еркiн таңдап алынған жұмыспен қамту – Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың, Қазақстан Республикасында тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың еңбекке, кәсiп пен қызмет түрін таңдауға қабiлетiн еркiн пайдалану арқылы өздерi таңдап алған қызметi;
7) жалақыны субсидиялау – халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамалары бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыскерлердің еңбегіне жұмыс берушінің ақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу;
8) жаңа жұмыс орны – жаңа мекемені (ұйымды), кәсіпкерлік субъектісін (тоқтату арқылы құрылғаннан басқа) құруға байланысты құрылған немесе жұмыскерлердің санын арттыру, сондай-ақ жұмыскердің жаңа білімін, дағдылары мен ептілігін талап ететін өндіріс технологияларын жаңғырту немесе өзгерту арқылы құрылған жұмыс орны;
9) жастар практикасы – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі;
10) жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгi – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелген, жұмысқа орналастыруда делдалдық көрсететiн жеке немесе заңды тұлға;
11) жұмыс күшi – жұмыспен қамтылған және жұмыссыз халық;
12) жұмыс күші құрамына кірмейтін адамдар – жұмыспен қамтылмаған немесе жұмыссыз болып табылмаған адамдар;
13) лайықты жұмыс – кәсіптік даярлығына, еңбек өтіліне және бұрынғы мамандығы бойынша еңбек тәжірибесіне, денсаулық жағдайына, жұмыс уақытының режиміне, жұмыс орнына көлiктiң қолайлығына сәйкес келетін, соның ішінде уақытша сипаттағы жұмыс;
14) жұмыс орны – еңбек қызметі процесінде жұмыскердің еңбек міндеттерін орындауы кезінде оның тұрақты немесе уақытша болатын орны;
15) жұмысқа орналастыру – халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге септігін тигізуге бағытталған ұйымдық, экономикалық және құқықтық iс-шаралар кешенi;
16) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары – жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарын және оралмандарды, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда өзге адамдарды халықты жұмыспен қамту туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылатын жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту, мемлекеттік қолдау шаралары;
17) халықты жұмыспен қамту – Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, жалақы немесе кіріс әкелетін жеке және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруына байланысты еңбек қызметі;
18) жұмысқа орналастырудың жеке картасы – жеке бас деректері, жұмыспен қамтылу тарихы, ұсынылатын және іске асырылатын іс-шаралар, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсаты және олардың орындалуы көрсетілетін құжат;
19) жұмыссыздар – жұмыспен қамтылған халыққа жатпайтын, жұмыс iздеп жүрген және еңбек етуге дайын адамдар;
20) жұмыссыздық – жұмыс күшінің бiр бөлiгiнiң еңбек нарығында қажет болмауынан туындайтын әлеуметтiк-экономикалық құбылыс;
21) жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғау – Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекет жүзеге асыратын шаралар кешенi;
22) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер – өздеріне әлеуметтік аударымдар жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылатын, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдардың пайдасына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүзеге асыратын төлемдер;
23) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау – адамның кәсіптік білімін, дағдыларын, қызығушылықтарын және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіп таңдауда, кәсіп түрін ауыстыруда және біліктілігін арттыруда практикалық көмек көрсетуге бағытталған өзара байланысқан іс-шаралар кешені;
24) кәсіптік оқыту – осы Заңда көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары шеңберінде жаңа мамандықтар (кәсіптер) алу мақсатында білім беру ұйымдарында не жұмыс берушілер ұйымдарының жанындағы білім беру қызметіне құқығы бар оқу орталықтарында кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды қамтитын оқыту;
25) корпоративішілік ауыстыру – Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан және әрекет ететін, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдің аумағында құрылған заңды тұлғада басшы, менеджер немесе маман лауазымында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды осы заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған филиалдарына, еншілес ұйымдарына, өкілдіктеріне еңбек шартында айқындалған, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге, бір жылға ұзарту құқығымен уақытша ауыстыру;
26) қоғамдық жұмыстар – халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын, жұмыскердiң алдын ала кәсiптік даярлаудан өтуiн талап етпейтiн, олардың уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшiн әлеуметтiк пайдалы бағыттағы еңбек қызметiнiң түрлерi;
27) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы – асыраушысынан айырылған жағдайда оның асырауындағы отбасы мүшелерін қоса алғанда, әлеуметтік қатер жағдайы туындаған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды және төлемдерді жүргізетін заңды тұлға;
28) мүгедектерді жұмысқа орналастыруға арналған арнайы жұмыс орындары – мүгедектің жеке мүмкіндіктері ескеріле отырып жабдықталған жұмыс орындары;
29) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – табыс алу үшін тауарлар өндірумен (өткізумен), жұмыстар мен қызметтер көрсетумен дара айналысатындар, өндірістік кооперативтер мүшелері, отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) және жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланушы жұмыс берушілердің еңбекақы төленбейтін жұмыскерлері қатарындағы жеке тұлғалар;
РҚАО-ның ескертпесі!30) тармақша 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
30) өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама – халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасында жұмысқа өз бетінше орналасу үшін экономиканың басым салаларындағы (экономикалық қызмет түрлеріндегі) сұранысқа ие кәсіптер бойынша біліктілік талаптары және білім деңгейі сәйкес келетін шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға берілетін белгіленген нысандағы құжат;
31) ұзаққа созылған жұмыссыздық – ұзақтығы он екі және одан да көп айға созылған жұмыссыздық;
32) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган – өңірлік еңбек нарығындағы ахуалға негіздей отырып, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бағыттарын айқындайтын ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының құрылымдық бөлiмшесi;
33) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
34) халықты жұмыспен қамту орталығы – ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және осы Заңға сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында құратын мемлекеттік мекеме;
35) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
36) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушінің тартуына рұқсат етілген шетелдік жұмыс күшінің шекті саны;
37) шетелдiк жұмыс күшін тартуға рұқсат – Қазақстан Республикасына шетелдiк жұмыс күшiн тарту үшін жұмыс берушiге жергілікті атқарушы орган беретiн белгiленген нысандағы құжат.
2-бап. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға, Қазақстан Республикасында тұратын шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады және халықаралық шартта оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, тiкелей қолданылады.
3-бап. Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттары
Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясат толық, өнімді және еркін таңдап алынған жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған және:
1) жұмыс күшін дамыту, оның ұтқырлығын арттыру;
2) ұлтына, жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, саяси ұстанымына, дінге деген көзқарасына және кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, еңбек ету бостандығына және қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығын іске асыруда тең мүмкiндiктердi қамтамасыз ету;
3) азаматтардың еңбек және кәсiпкерлiк бастамашылығын қолдау, олардың өндірістік, шығармашылық еңбекке қабiлетiн дамытуға жәрдемдесу;
4) еңбек нарығының қажеттіліктеріне және оның даму перспективаларына сәйкес кадрлар даярлауға бiлiм беру жүйесiн бағдарлау;
5) жұмыс іздеуде қиындық көріп жүрген адамдарды жұмыспен қамтуға ықпал ететін іс-шараларды жүзеге асыру;
6) жаппай жұмыссыздықтың алдын алу және ұзаққа созылған жұмыссыздықты қысқарту;
7) жұмысынан айырылған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау;
8) еңбек нарығына қатысушылардың күш-жігерін біріктіру және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі іс-шараларды іске асыру кезінде олардың әрекеттерінің келiсілуі;
9) халықты жұмыспен қамту орталықтары және жұмыспен қамтудың жекеше агенттiктерi арқылы еңбек делдалдығын ұйымдастыру;
10) iшкi еңбек нарығын шетелдiк жұмыс күшiн тартуға квота белгiлеу арқылы қорғау;
11) жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық iс-шараларды жергiлiктi атқарушы органдар қабылдайтын шаралармен үйлестіру;
12) мемлекеттiк органдардың халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететiн шараларды әзiрлеу мен iске асыру жөнiндегi қызметiн үйлестiру мен реттеу және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру;
13) Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдегi және шетелдiктердiң Қазақстан Республикасының аумағындағы еңбек қызметiне байланысты мәселелердi шешудi қоса алғанда, халықты жұмыспен қамту проблемаларын шешуде халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру;
14) халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатпен келісілген, жұмыс орындарын және мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруды ынталандыратын қаржы, салық және инвестиция саясатын жүргізу жолымен іске асырылады.
4-бап. Жұмыспен қамтылған халық
Жұмыспен қамтылған халыққа:
1) еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн, оның ішінде жұмысты ақы үшiн толық не толық емес жұмыс уақыты жағдайларында орындайтын немесе ақы төленетiн өзге жұмысы (еңбек функциясы) бар;
2) өзін-өзі жұмыспен қамтыған;
3) ақы төленетiн қызметке сайланған, тағайындалған немесе бекiтiлген;
4) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында, құқық қорғау органдарында және арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткерiп жүрген адамдар жатады.
5-бап. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шаралары
Мемлекет:
1) жұмыс түрін және жұмысты таңдау еркіндігіне;
2) кемсітушіліктің кез келген нысандарынан қорғауға және кәсіп пен жұмыс алуда, жұмыспен қамтылу мен еңбек жағдайларын таңдауда мүмкіндіктер теңдігіне;
3) жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауға негізделген халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қамтамасыз етеді.
2-тарау. ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің халықты жұмыспен қамтуды реттеу саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
РҚАО-ның ескертпесі!2) тармақша 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
2) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота белгілеу және оны Қазақстан Республикасының өңірлері арасында бөлу тәртібін бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
7-бап. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган өз құзыретi шегiнде:
1) халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдарды, еңбек ресурстарын дамыту орталығын үйлестіруді жүзеге асырады;
2) халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
3) жұмыс күшіне болжамды қажеттіліктерді айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
4) жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдайды, болжайды, еңбек нарығының жай-күйі туралы Қазақстан Республикасының Үкіметін хабардар етеді;
5) экономиканың кадрларға қажеттігінің болжамын әзірлейді және оны мүдделі орталық атқарушы органдармен келіседі;
6) мыналарды:
кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;
7) мүгедектер үшін жұмыс орындарын квоталау тәртібін әзірлейді және бекітеді;
8) мүгедектің жұмыс орнының стандарттарын әзірлейді және бекітеді;
9) мыналарды:
ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтарды;
бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды;
пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын квоталау тәртібін әзірлейді және бекітеді;
10) кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу бойынша шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;
11) жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару тәртібін әзірлейді және бекітеді;
12) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі мен шарттарын әзірлейді және бекітеді;
13) білім беру саласындағы орталық уәкілетті органмен келісу бойынша әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізудің тәртібін әзірлейді және бекітеді;
14) әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін қалыптастыруды қамтамасыз етеді;
15) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ведомстволық есептіліктер, тексеру парақтары, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары нысандарын әзірлейді және бекітеді;
16) халықты жұмыспен қамту орталығының үлгілік жарғысын әзірлейді және бекітеді;
17) ағымдағы бос орындар және болжанатын жұмыс орындары дерекқорына қосу үшін қажетті мамандықтар мен бос жұмыс орындары туралы мәліметтер беруге арналған әкімшілік есепке алу нысандарын әзірлейді және бекітеді;
18) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) және өңірлік комиссиялар туралы үлгілік ережелерді әзірлейді және бекітеді;
19) өңірлердің (аудандардың, қалалардың және облыстардың) жұмыспен қамту картасын қалыптастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;
РҚАО-ның ескертпесі!20) тармақша 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
20) жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру тәртібі мен шарттарын әзірлейді және бекітеді;
РҚАО-ның ескертпесі!21) тармақша 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
21) өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама беру тәртібін, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін басым салалардың (экономикалық қызмет түрлерінің) және олардағы сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін әзірлейді және бекітеді;
РҚАО-ның ескертпесі!22) тармақша 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
22) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілеу және оны Қазақстан Республикасының өңірлері арасында бөлу тәртібін әзірлейді;
РҚАО-ның ескертпесі!23) тармақша 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
23) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана арасында Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген шекте және тәртіппен бөледі;
24) жұмысқа орналастырудың жеке картасын және оны толтыру нысанын әзірлейді және бекітеді;
25) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелердi қолдана отырып, электрондық қызметтер көрсетедi;
26) әлеуметтік келісімшарттың үлгілік нысандарын әзірлейді және бекітеді;
27) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
8-бап. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы
1. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы – еңбек нарығын реттеу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру жөніндегі мемлекеттік саясатты ақпараттық және талдамалық қолдауды, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдар мен халықты жұмыспен қамту орталықтарын әдіснамалық қолдауды қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға.
2. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы:
1) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға:
еңбек нарығының жай-күйін бағалау, жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныстың болжамы;
кадрларға қажеттілікті болжауды ұйымдастыруды және кадрларды кәсіптік даярлауға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру бойынша, сондай-ақ қайта даярлау және біліктілікті арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының іске асырылу барысын мониторингтеу, оларды бағалау және оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
жұмыспен қамту, еңбек көші-қоны және азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі ведомстволық статистикалық есептілікті жинауды ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетуді жүзеге асырады.
2) әлеуметтік-еңбек саласының ақпараттық жүйелеріне арналған бағдарламалық-аппараттық құралдардың және байланыс арналарының жұмыс істеуін, мемлекеттік органдардың басқа да ақпараттық жүйелерімен өзара іс-қимылды және ықпалдастықты ұйымдастыруды қоса алғанда, әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін қолдауды;
3) Қазақстан Республикасының дербес деректерді қорғау саласындағы заңнамасының талаптарын ескере отырып, жеке және заңды тұлғаларға әлеуметтік-еңбек саласындағы ақпараттық және консультациялық көрсетілетін қызметтерді ұсынуды жүзеге асырады.
9-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
Жергілікті атқарушы органдар халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды:
1) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін іс-шараларды өткізу;
2) халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті органдарды үйлестіруді және оларға әдістемелік басшылық жасауды жүзеге асыру;
3) кәсіпкерлік бастамашылықты дамыту арқылы жұмыс орындарын құруды қолдау;
4) жұмыс іздеп жүрген адамдарға, жұмыссыздарға әлеуметтік қорғау көрсету;
РҚАО-ның ескертпесі!5) тармақша 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
5) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде не квотадан тыс корпоративішілік ауыстыру шеңберінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру және (немесе) ұзарту, сондай-ақ көрсетілген рұқсаттарды тоқтата тұру және кері қайтарып алу;
6) ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерiнде мүгедектер үшiн жұмыс орындарына квота белгiлеу;
7) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгілеу;
8) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгілеу;
9) ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квоталар белгілеу;
10) халықты жұмыспен қамту орталықтарының жарғысын бекіту;
11) жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы үшін елді мекендерді айқындау;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етеді.
10-бап. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органның құзыреті
Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган:
1) жұмыс күшіне қатысты бөлігінде сұраныс пен ұсынысты талдайды, болжайды, өңірдің еңбек нарығының жай-күйі туралы жергілікті атқарушы органдарға және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға хабарлайды;
2) мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалар және аумақтарды дамыту бағдарламалары, сондай-ақ жекеше сектор бастамалары шеңберінде іске асырылатын жобаларда сұранысқа ие мамандықтар бойынша ағымдағы бос орындар және құрылатын жұмыс орындарының болжамы туралы әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің дерекқорын қалыптастыруға қатысады;
3) осы Заңның 17-бабына сәйкес жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту шараларын әзірлейді, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастырады;
РҚАО-ның ескертпесі!4) тармақша 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
4) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
5) жергілікті атқарушы органдардың білім мәселелері жөніндегі құрылымдық бөлімшелерінен, білім жөніндегі ұйымдардан, кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын білім беру қызметіне құқығы бар ұйымдардың жанындағы оқу орталықтарынан түлектердің жұмысқа орналасуы туралы мәліметтер, оқыту жүргізілетін кәсіптер (мамандықтар) туралы және нақты кәсіптер (мамандықтар) бойынша даярланған және даярлау жоспарланып отырған және бітіріп шығатын мамандар саны туралы ақпарат сұратады;
6) жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы үшін елді мекендерді айқындау бойынша ұсыныстарды жергілікті атқарушы органдарға енгізеді;
7) халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын үйлестіреді;
8) жұмыс берушілерден кадрларға болжамды қажеттілік туралы ақпарат сұратады;
9) жұмыстан босату және жұмыс орындарын қысқарту қатері бар ұйымдардың мониторингін жүзеге асырады.
11-бап. Халықты жұмыспен қамту орталығы
Халықты жұмыспен қамту орталығы:
1) халықты жұмыспен қамтудың жай-күйін бағалауды және дамуын болжауды, халықты еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар етуді жүзеге асырады;
2) осы Заңда көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларын іске асыруды жүзеге асырады;
3) өтініш білдірген адамдарды осы Заңның 13, 14-баптарына сәйкес жұмыс іздеуші және жұмыссыздар ретінде тіркейді;
4) жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен әлеуметтік төлем тағайындау үшін тізбесін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген қажетті құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады және оларды Мемлекеттік корпорацияға жібереді;
5) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бойынша қызметтер көрсетеді;
6) жұмыс іздеп жүрген адамдарға және жұмыссыздарға лайықты жұмыс таңдауда жәрдемдеседі, жұмысқа орналасу үшін жолдама береді;
7) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен өзара iс-қимыл жасауды жүзеге асырады;
8) бос жұмыс орындарының (бос орындардың) есебін жүргізеді;
9) жұмыссызды жұмысқа орналастырудың жеке картасын жүргізеді;
10) әлеуметтік келісімшарттар жасасады;
11) еңбек делдалдығын көрсетеді;
12) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын көрсетеді.
3-тарау. ЖҰМЫССЫЗДЫҚ
1. Лайықты жұмыс тұрғылықты жерін өзгертумен байланысты жұмыс іздеп жүрген адамның немесе жұмыссыздың келісімімен ғана ұсынылуы мүмкін.
Тұрғылықты жерінен лайықты жұмысқа көлiктiң қолайлылығын, осы жердің қоғамдық көлік желілерінің дамуын ескере отырып, тиісті атқарушы орган айқындайды.
2. Бiрiншi рет жұмыс iздеп жүрген, бiрақ кәсiбi (мамандығы) жоқ, сондай-ақ екі жылдан артық жұмысы жоқ адамдар үшін алдын ала кәсiптiк даярлықты талап ететiн жұмысты, ал оны ұсыну мүмкін болмаған жағдайда адамдардың жас шамасы және өзге де ерекшеліктері мен Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын ескере отырып, басқа ақы төленетін жұмысты (уақытша сипаттағы жұмысты қоса алғанда) лайықты жұмыс деп есептеуге болады.
3. Мүгедек үшін оның тұрмыс-тіршілігінің шектелу дәрежесін ескере отырып, оған қолжетімді болуы қамтамасыз етілген жағдайдағы жұмыс, ал жеті жасқа дейінгі балаларды бағып-күтумен айналысатын адамдар үшін икемді және толық емес жұмыс уақыты режиміндегі жұмыс лайықты деп есептеледi.
4. Алдын ала даярлықты талап ететін немесе талап етпейтін (азаматтардың жас шамасы және өзге де ерекшелiктерiн ескере отырып) уақытша сипаттағы жұмыс:
1) бiрiншi рет жұмыс iздеп жүрген (бұрын жұмыс істемеген) және бұл ретте біліктілігі жоқ;
2) жазғы демалыс кезеңінде студенттер және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары;
3) тоқтап тұруға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар;
4) ұзақ үзілістен (екі жылдан астам) кейін еңбек қызметін қайта жалғастыруға талпынғандар, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту орталықтары оқуға жібергендер және дәлелсіз себеппен оқуын тоқтатқандар;
5) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем аяқталғаннан кейін кәсіптік оқытудан немесе қосымша білім алудан бас тартқан адамдар арасынан бiрiншi рет жұмыс iздеп жүрген адамдарға және жұмыссыздарға сәйкес келеді деп есептеледі.
13-бап. Жұмыс іздеп жүрген адам
1. Жұмыс іздеп жүрген, жұмысы және (немесе) табысы (кірісі) жоқ адам жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін өтініш білдірген кезде, тұрғылықты жерi бойынша халықты жұмыспен қамту орталығында не "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы мынадай құжаттардың:
1) жеке басын куәландыратын құжат;
2) еңбек қызметін растайтын құжат (бар болған кезде);
3) білімі, біліктілігі, арнайы білімінің немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжат (бар болған кезде) негізінде жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеледі.
Он алты жасқа толмаған адам сонымен қатар, өзінің заңды өкілдерінің бірінің жазбаша өтінішін ұсынады.
2. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген адамды тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс таңдау арқылы оған жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі, сондай-ақ тегін әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бойынша қызметтер көрсетеді.
3. Жұмыс іздеп жүрген адам үш жұмыс күні ішінде кемінде бір рет халықты жұмыспен қамту орталығына, ал ауылдық елді мекендерде тұратындар кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне бару арқылы жұмыс іздеуге мүдделілік білдіруге тиіс.
1. Осы баптың 5-тармағында аталған адамдарды қоспағанда, халықты жұмыспен қамту орталығы өтініш білдірген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс таңдалмаған жұмыс іздеп жүрген жұмыссыз адамды жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешім қабылдайды.
2. Жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелері арқылы оның деректерін тексергеннен кейін жұмысқа орналастырудың жеке картасына алынған мәлiметтердi енгiзе отырып жүзеге асырылады.
3. Халықты жұмыспен қамту орталығы өтініш жасалған күннен бастап күнтізбелік он күн өткенде жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу күні және есепке қою туралы немесе тіркеуден бас тарту туралы хабардар етеді.
4. Халықты жұмыспен қамту орталығында тiркелген жұмыссыздар – он жұмыс күні iшiнде кемінде бiр рет халықты жұмыспен қамту орталығында, ал ауылдық елдi мекендерде тұратын жұмыссыздар айына кемінде бiр рет кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнде белгiленiп тұруға тиiс.
5. Жұмыссыз адам ретінде:
1) он алты жасқа толмаған;
2) еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн, оның ішінде жұмысты толық не толық емес жұмыс уақыты жағдайларында ақы үшiн орындайтын немесе табыс (кіріс) әкелетін өзге де ақы төленетiн жұмысы бар;
3) "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған;
4) жұмысы мен табысының (кірісінің) жоқтығы туралы көрінеу жалған мәліметтерді қамтитын құжаттар, сондай-ақ басқа да анық емес мәліметтер ұсынған адамдар тіркелмейді.
15-бап. Жұмыссыздардың құқықтары мен мiндеттерi
Жұмыссыздар:
1) халықты жұмыспен қамту орталығынан:
лайықты жұмыс іздестіру және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары жөніндегі көрсетілетін қызметті;
қызмет (кәсіп) түрін таңдау немесе өзгерту мақсатында консультациялық, ақпараттық көрсетілетін қызметтерді және әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді;
еңбек нарығының біртұтас ақпараттық базасында қамтылған өзі туралы мәліметтерді тегін алуға;
2) егер ол міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылса, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер алуға;
3) "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға;
РҚАО-ның ескертпесі!4) тармақша 01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
4) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылуға құқығы бар.
2. Жұмыссыздар:
1) осы Заңның талаптарын сақтауға;
2) осы Заңға сәйкес халықты жұмыспен қамту орталығына келiп тұрудың тәртiбiн, шарттарын және мерзiмдерiн сақтауға;
3) халықты жұмыспен қамту орталығы берген жұмысқа жолдаманы алған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде жұмысқа орналасу мәселесi бойынша жұмыс берушiге жүгінуге;
4) халықты жұмыспен қамту орталығына:
тұрғылықты жерiн ауыстыруды;
тұрақты, уақытша жұмысқа, азаматтық-құқықтық сипаттағы жұмысқа шарттар бойынша орналасуды;
кәсiпкерлiк қызметпен айналысуды;
ұйымдық-құқықтық нысаны мен меншiк нысанына қарамастан, ұйымға құрылтайшы (ортақ құрылтайшы) болуды;
мүгедектiк тобын белгiлеудi немесе оның өзгеруiн;
зейнетақы төлемдерін тағайындауды қоса алғанда, жұмыссызбен алдағы уақытта жұмыс iстеу тәртiбiне ықпал ететiн өзгерiстер туралы мәлiметтердi уақтылы, бес жұмыс күнi iшiнде ұсынуға мiндеттi.
16-бап. Жұмыссызды есептен шығару
1. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссызды мынадай жағдайларда:
1) лайықты жұмыстың ұсынылған екi түрiнен бас тартқанда;
2) дәлелсiз себептермен:
халықты жұмыспен қамту орталығы жолдама берген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде ұсынылған жұмысқа орналасу орнына немесе оқу орнына келмегенде;
шақыру бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу үшін үш жұмыс күнi ішінде халықты жұмыспен қамту орталығына келмегенде;
халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуды өз бетiнше тоқтатқанда;
3) жұмыссыз осы Заңда көзделген халықты жұмыспен қамту орталығына келiп тұру мерзiмдерiн дәлелсiз себептермен бұзғанда;
4) жұмыссыз бас бостандығынан айыру түрiндегi жазамен сотталғанда не заңды күшіне енген сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп емдеуге жiберiлгенде;
5) 15-баптың 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда;
6) көрінеу жалған немесе қолдан жасалған құжаттар бергенде есептен шығарады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) — 3) тармақшаларына сәйкес есептен шығарылған жұмыссыздар есептен шыққан күнінен бастап күнтiзбелiк отыз күн өткен соң ғана халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыс іздеуші адам ретінде қайтадан тiркеле алады.
4-тарау. ЖҰМЫССЫЗДЫҚТАН ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
17-бап. Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шаралары
1. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар елдің және өңірлердің экономикалық және әлеуметтік даму болжамдары негізінде:
1) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізуді;
2) еңбек делдалдығын;
3) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын;
4) жұмыссыздарға әлеуметтік көмек көрсетуді;
5) азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгілеуді көздейтін жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шараларын әзірлейді.
2. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары:
1) кәсіптік оқытуға жіберуді;
2) азаматтардың және оралмандардың кәсіпкерлік бастамашылығына жәрдемдесуді;
3) жастар практикасына жіберуді;
4) әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды;
5) жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесуді;
РҚАО-ның ескертпесі!6) тармақша 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
6) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыруды;
7) қоғамдық жұмыстарды қамтиды.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға он алты жастан бастап "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейінгі адамдардың құқығы бар.
3. Әлеуметтік көмек:
1) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын жұмыссыздарға жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді;
РҚАО-ның ескертпесі!2) тармақша 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
2) "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шарттарда және мөлшерде атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді;
РҚАО-ның ескертпесі!3) тармақша 01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
3) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын жұмыссыздарға "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шарттарда және тәртіппен медициналық көмек көрсетуді қамтиды.
4. Жұмысқа орналастыруға арналған квоталар:
1) еңбек қызметі үшін медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектер;
2) кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын азаматтар;
3) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар;
4) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар үшін көзделеді.
18-бап. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау
1. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бюджет қаражаты шегінде жеке адамның кәсіптік білімдерін, дағдыларын, қызығушылықтарын және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жұмыс іздеген адамдарға, жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, оралмандарға, сондай-ақ студенттерге, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдауда, қызмет түрін ауыстыруда және біліктілігін арттыруда практикалық көмек көрсету мақсатында жүргізіледі.
2. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау:
1) еңбек қызметі, еңбек нарығының жай-күйі, қолда бар мамандық бойынша жұмысқа орналастыру немесе кәсіптік оқытудан өту мүмкіндіктері туралы кәсіби хабардар етуді;
2) адамның жеке-психологиялық сипаттамасының, өмірлік жағдайлары ерекшеліктерінің, кәсіптік білімдерінің, дағдыларының, қызығушылықтарының, денсаулық жағдайының және еңбек нарығындағы қажеттіліктерінің негізінде жұмыс орны мен мамандық таңдауда кәсіби консультацияны;
3) нақты кәсіп (мамандықтар) түрлері және лауазымдар үшін айқындалған біліктілік талаптарына адамдардың сәйкестігін белгілеу арқылы кәсіби іріктеуді қамтиды.
3. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы және мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерін және (немесе) өзге де ұйымдарды тарту құқығымен халықты жұмыспен қамту орталықтары жүргізеді.
4. Халықты жұмыспен қамту орталықтары әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өткен адамдар туралы мәліметтерді еңбек нарығының біртұтас ақпараттық базасында орналастырады.
1. Кәсіптік оқыту кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды.
2. Егер:
1) қажетті кәсіптік біліктіліктің болмауынан лайықты жұмыс таңдау мүмкін болмағанда;
2) кәсіптік дағдыларға сай келетін жұмыстардың болмауына байланысты кәсібін (мамандығын), қызмет түрін өзгерту қажет болғанда;
3) бұрынғы мамандығы бойынша жұмысты орындау қабілетін жоғалтқанда, халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша кәсіптік оқыту жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Кәсіптік оқыту:
1) жұмыс іздеп жүрген адамдар;
2) жұмыссыздар;
3) еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндер үшін жүзеге асырылады.
4. Басым тәртіппен кәсіптік оқытудан өтуге:
1) мүгедектердің;
2) мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың, асырап алушылардың, қорғаншылардың (қамқоршылардың);
3) халықты жұмыспен қамту орталығында алты айдан астам есепте тұрған жұмыссыздардың;
4) алғаш рет жұмыс іздеп жүрген (бұрын жұмыс істемеген) және бұл ретте біліктілігі жоқ адамдардың;
5) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және (немесе) мәжбүрлеп емдеуден өткен адамдардың құқығы бар.
5. Кәсіптік оқыту бюджет қаражаты шегінде Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес білім беру ұйымдарында не жұмыс берушілердің білім беру қызметіне құқығы бар оқу орталықтарында жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша еңбек нарығындағы қажеттіліктер ескеріліп жүргізіледі.
6. Халықты жұмыспен қамту орталығы, оқытуды жүргізетін ұйым, жұмыс беруші және оқитын адам арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Әлеуметтік келісімшарт тараптардың құқықтары мен міндеттерін, оқуға ақы төлеу шартын, мерзімінен бұрын бұзу шартын, кәсіптік оқыту мерзімі мен қаржыландыру көздерін қамтуға тиіс.
7. Халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқытуға жіберген адамдар өздігінен, дәлелсіз себептермен оқуын тоқтатса, халықты жұмыспен қамту орталығында қайта тіркелген күннен бастап үш жыл өткен соң оқуға қайта жіберілуі мүмкін.
20-бап. Әлеуметтік жұмыс орнын ұйымдастыру
1. Жұмыс беруші әлеуметтік жұмыс орындарын құрады, оларды құру кезінде тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындар пайдаланылмайды және олар ауыр жұмыстарда, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда құрылмайды.
2. Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыздар үшін арнайы құрылады, олардың арасында:
1) балалар ауылының тәрбиеленушiлерi және балалар үйлерінің түлектері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған он алты жастан жиырма үш жасқа дейiнгi балаларға арналған мектеп-интернаттардың;
2) зейнеткерлiк жас алдындағы (зейнеткерлiкке шығуға екi жыл қалған) адамдар;
3) мүгедектер;
4) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және (немесе) мәжбүрлеп емдеуден өткен адамдар;
5) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар;
6) кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жалғызiлiктi, көпбалалы ата-аналар;
7) жеті жасқа дейінгі баланы, мүгедек баланы, бірінші және екінші топтағы мүгедектерді бағып-күтуді жүзеге асыратын адамдар;
8) оралмандар;
9) терроризм актісінің нәтижесінде зардап шеккен адамдар және оның жолын кесуге қатысқан адамдар басым құқыққа ие болады;
3. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органның шешімі бойынша:
1) әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсыныс айқындалады;
2) әлеуметтік жұмыс орнын құруға өтініш берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесі, ұйымдастырылатын жұмыс орындарының саны және нақты жұмыс жағдайы, төленетін еңбекақы мөлшері және оларды қаржыландыру көздері бекітіледі.
4. Жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жіберуге олардың келісімімен ғана жол беріледі. Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу кезінде жұмыссыздардың денсаулық жағдайы, жас, кәсіптік және басқа да жеке ерекшеліктері ескеріледі.
Халықты жұмыспен қамту орталығы мен арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс беруші және әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілетін жұмыссыз арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Әлеуметтік келісімшарт тараптардың құқықтары мен міндеттерін, еңбекақы мөлшерін және оны төлеу шарттарын, әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыру мерзімдері мен көздерін қамтуға тиіс.
5. Әлеуметтік жұмыс орындарындағы еңбек қызметін дәлелсіз себептермен өз бетінше тоқтатқан жұмыссыздар жұмыссыздар ретінде есептен шығарылады және халықты жұмыспен қамту орталығына қайтадан тіркелген күннен бастап үш ай өткеннен кейін ғана жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қайта қатысуы мүмкін.
6. Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.
21-бап. Жастар практикасын ұйымдастыру
1. Жастар практикасы алған кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының жиырма тоғыз жастан аспаған түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арнайы белгіленген.
2. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдар:
1) жастар практикасын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсынысты қалыптастырады;
2) жастар практикасын ұйымдастыруға өтініш берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесін, білім беру ұйымдары түлектерінің қатарынан тартылатын жұмыссыздардың санын, олардың еңбек жағдайы мен еңбегіне ақы төлеуді және қаржыландыру көздерін айқындайды.
3. Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасасқан шарт негізінде жастар практикасынан өту үшін жұмыс орындарын құрады. Жұмыс орындарын құрған кезде тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындар пайдаланылмайды.
Құрылған жұмыс орындары түлектің алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес келуге тиіс.
4. Білім беру ұйымдары түлектерінің қатарындағы жұмыссыздарды жастар практикасына жіберуге олардың келісімімен ғана жол беріледі. Олардың еңбегіне ақы төлеу бюджет қаражаты шегінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылады.
5. Халықты жұмыспен қамту орталығы, жастар практикасын ұйымдастыратын жұмыс беруші және жастар практикасына жіберілетін түлек арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Әлеуметтік келісімшарт тараптардың құқықтары мен міндеттерін, еңбек жағдайын, еңбекақы мөлшері мен оны төлеу шарттарын, қаржыландыру мерзімі мен көздерін қамтуға тиіс.
6. Жастар практикасына жіберілген жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.
22-бап. Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру
1. Қоғамдық жұмыстарды халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдарда ұйымдастырады және бюджет қаражаты шегінде және жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша олардың қаражаты есебінен қаржыландырылады.
2. Қоғамдық жұмыстарға қатысуға:
1) жұмыссыздардың;
2) жазғы демалыс кезеңінде студенттердің және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының;
3) тоқтап тұруға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдардың құқығы бар.
Қоғамдық жұмыстарға қатысуға:
1) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алмайтын жұмыссыздар;
2) халықты жұмыспен қамту орталығында алты айдан астам есепте тұрған жұмыссыздар басым құқықты пайдаланады.
Адамдардың қоғамдық жұмыстарға қатысуы, олардың халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген күніне сәйкес кезектілік тәртібінде олардың келісімімен жүзеге асырылады.
3. Қоғамдық жұмыстарға қатысқысы келетін адамдармен әлеуметтік келісімшарт жасалады.
4. Қоғамдық жұмыстарға қатысуды дәлелсіз себептермен өз бетінше тоқтатқан жұмыссыздар, олардың есебінен шығарылады және халықты жұмыспен қамту орталығында қайта тіркелген күннен бастап үш ай өткеннен кейін ғана қоғамдық жұмыстарға қайта жіберілуі мүмкін.
5. Авариялар, табиғи апаттар, дүлей зiлзалалар және басқа да төтенше жағдайлар зардаптарын жедел жою қажеттiлiгiне байланысты қызмет түрлерi қоғамдық жұмыстарға жатпайды.
6. Осы Заң Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында көзделген қоғамдық жұмыстарға тарту жөнiндегi құқықтық қатынастарды реттемейдi.
7. Қоғамдық жұмыстарға қатысатын адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.
23-бап. Кәсiпкерлiк бастамашылыққа жәрдемдесу
1. Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдем жұмыссыздарға және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, жобаны сүйемелдеу бойынша сервистік қызметтер көрсету, қайтарымды негізде микрокредиттер беру арқылы оларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жолымен жүзеге асырылады.
2. Жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасынан мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін:
1) ауылдық жерлерде, моно және шағын қалаларда тұратын адамдардың;
2) мүгедектердің, егер медициналық қорытынды бойынша олардың денсаулық жағдайы еңбек міндеттемелерін орындауға кедергі келтірмесе не олардың денсаулығына және (немесе) басқа адамдардың еңбек қауіпсіздігіне қауіп төндірмесе;
3) зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін елу жастан асқан адамдардың;
4) жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастардың басым құқығы бар.
3. Халықты жұмыспен қамту орталығы мен микрокредит алған адам арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
24-бап. Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу
1. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмысқа орналастыру үшін жаңа тұрғылықты жерге:
1) жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына;
2) "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қоныс аударушыларды және оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге адамдардың ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдеседі.
2. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмысқа орналастыру үшін мынадай санаттағы:
1) жұмыс іздеген адамдардың;
2) жұмыссыздардың;
3) өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдеседі.
3. Жұмысқа орналасу үшін жұмыс іздеп жүрген адамдар және жұмыссыздар арасында жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аудару үшін:
1) балалар ауылының тәрбиеленушiлерi және балалар үйлерінің түлектері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған он алты жастан жиырма үш жасқа дейiнгi балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектері;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныс аударатын оралмандар;
3) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері;
4) жұмыс беруші – заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші – жеке тұлға қызметінің тоқтатылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқаруына, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкеп соққан өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуіне байланысты жұмыстан босатылған адамдар басым құқықты пайдаланады.
4. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде ерікті қоныс аударатын адамдарды мемлекеттік қолдау:
1) жұмыскердің қоныс аударуы жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің қоныс аударуына, соған байланысты шығыстардың орнын толтыруға субсидиялар беруді;
2) жұмыс беруші жұмыскерге тұрғын үй-жай ұсынған жағдайларды қоспағанда, тұрғын үй, қызметтік тұрғын үй немесе жатақханалардан бөлме беруді;
3) жұмыс берушінің қажеттілігі бар болған кезде кәсіптік
оқытуды;
4) жаңа тұрғылықты жерде жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді қамтиды.
5. Халықты жұмыспен қамту орталығы ерікті түрде жаңа тұрғылықты жерге қоныс аударатын адаммен және жұмыс орнын ұсынатын жұмыс берушімен әлеуметтік келісімшарт жасайды.
РҚАО-ның ескертпесі!25-бап 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
25-бап. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру
1. Арнайы жұмыс орны мүгедектерді жұмысқа орналастыру және олардың жұмыспен қамтылуын оны құрған кезден бастап кемінде күнтізбелік он екі ай мерзімге сақтау үшін құрылады.
2. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын құруды жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасасқан шарт негізінде жүзеге асырады.
26-бап. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыру
1. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын, белгiленген тәртiппен жұмыссыздар деп танылған адамдар жұмысынан айырылған жағдайда "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алуға құқығы бар.
2. Жұмысынан айырылған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын жұмыссыздардың әлеуметтік төлем алуға құқығы оларды халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқытуға, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға жіберген кезде сақталады.
3. Халықты жұмыспен қамту орталығы алушыны жұмыссыз ретінде есептен шығарған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ақпаратты Мемлекеттік корпорация арқылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ұсынады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген ақпаратты алу негізінде жұмысынан айырылған жағдайдағы міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда әлеуметтік төлемдерді тоқтатады.
4. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмысқа орналастырудың жеке картасына тиісті өзгерістерді уақтылы енгізеді.
27-бап. Азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квоталар
1. Жергілікті атқарушы органдар:
1) ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерiнде мүгедектерді;
2) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды;
3) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды;
4) кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгілейді.
2. Мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне, сондай-ақ, жұмыскерлердің орташа жылдық санының жиырма пайызынан астамын мүгедектер құрайтын ұйымдарға квота белгіленбейді.
5-тарау. ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК
СЕРІКТЕСТІКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ
28-бап. Жұмыс берушiлердiң халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге қатысуы
1. Жұмыс берушiлер халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекет саясатын iске асыруға:
1) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарттары мен ұжымдық шарттардың талаптарын сақтай отырып, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсету;
2) персоналды кәсiптік оқыту жүйесін дамыту;
3) кадрларды техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары арқылы даярлау;
4) құрылымдық өзгерiстер барысында білiктi жұмыскерлердің кадрлық әлеуетiн сақтау және ұтымды пайдалану;
5) қоғамдық жұмыстарды және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін жұмыс орындарын құру;
6) жұмысқа орналастыру мәселесi бойынша, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша өтiнiш жасаған адамдарды ұйымдарда белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бар бос орындарға қабылдау;
РҚАО-ның ескертпесі!7) тармақша 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
7) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құру;
8) еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық деректер базасына сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде ағымдағы бос орындар және жұмыс орындарын болжамды құру туралы деректерді ұсыну;
9) жұмыс орындарын құру арқылы қатысады.
2. Жұмыс берушi:
1) бос жұмыс орындарының (бос лауазымдардың) болуы туралы мәліметтерді еңбек жағдайлары мен төлемақысын көрсете отырып, пайда болған күнінен бастап үш жұмыс күнi iшiнде халықты жұмыспен қамту орталығына жiберуге;
2) жұмыс беруші — заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші — жеке тұлға қызметінің тоқтатылуына, адам санының немесе штаттың қысқартылуына байланысты, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкелетін өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі кезінде алдағы уақытта жұмыскерлердiң жұмыстан босайтыны туралы, босатылатын жұмыскерлердiң лауазымдары мен кәсіптері, мамандықтары, бiлiктiлiгi және еңбекақы мөлшерi көрсетiле отырып, жұмыстан босатылуы мүмкiн жұмыскерлердiң саны мен санаттары туралы және олар жұмыстан босатылатын мерзiмдер туралы жұмыстан босату басталардан кемінде бір ай бұрын халықты жұмыспен қамту орталығына толық көлемде ақпарат беруге;
3) жұмыс беруші – заңды тұлғаның таратылуы не жұмыс беруші – жеке тұлға қызметінің тоқтатылуы, адам санының немесе жұмыскерлер штатының қысқартылуы, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкелетін өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі кезіндегі бас тартқан жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің қатысуымен жасалған әлеуметтік келісімшарт негізінде кәсіптік оқытудан кейін оны жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталығының кәсіптік оқытуға төлеуге, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының қатысушыларына стипендиялар төлеуге және материалдық көмекке арналған шығыстарын өтеуге;
4) жолдамаға тиiстi белгi қою арқылы себебiн көрсете отырып, жұмысқа қабылдау немесе жұмысқа қабылдаудан бас тарту туралы дер кезiнде (жұмысқа орналастыру үшін жiберген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде) халықты жұмыспен қамту орталығына хабарлауға;
5) алған мамандығы мен біліктілігін көрсете отырып, кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан және өндiрiсішілiк оқытудан өткендердің саны туралы мәліметтерді халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынуға;
6) жұмыс беруші — заңды тұлғаның таратылуы не жұмыс беруші — жеке тұлға қызметінің тоқтатылуы, адам санының немесе жұмыскерлер штатының қысқартылуы, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкелетін өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі жағдайларын қоспағанда, осы Заңның 27-бабы 1-тармағында көзделген, белгiленген квотаны орындауға;
7) жұмысқа қабылдау үшін бос жұмыс орындары туралы ақпаратта еңбек саласындағы кемсітушілік сипаттағы талаптарға жол бермеуге;
8) шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат қолданысының тоқтатылуына байланысты, тартылған шетелдік жұмыскердің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуын қамтамасыз етуге;
9) Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік аударымдар жүргізуге;
10) өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама негізінде жұмысқа тартылған шетелдiк немесе азаматтығы жоқ адамдарды жұмысқа қабылдағаны туралы және (немесе) олармен еңбек қатынастарын тоқтатқаны туралы ақпаратты халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
3. Жұмыс берушінің:
1) оған тікелей өтініш білдірген адамдарды халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы бар адамдармен бірдей шарттарда жұмысқа қабылдауға;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтарынан еңбек нарығының жай-күйі туралы тегін ақпарат алуға;
3) халықты жұмыспен қамту орталығынан жұмыс іздеп жүрген адамдарды жұмысқа орналастыруға іріктеу және жіберу бойынша көрсетілетін қызметтерді алуға;
4) қоғамдық жұмыстарды және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысуға, уақытша сипаттағы жұмыстардың басқа да түрлерін ұйымдастыруға және жүргізуге;
РҚАО-ның ескертпесі!5) тармақша 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
5) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруға субсидия алуға;
6) экономиканың салалары бойынша кадрларға қажеттілікті болжауды ұйымдастыруға және айқындауға қатысуға құқығы бар.
29-бап. Кәсіптік одақтардың халықты жұмыспен қамту саласына қатысуы
1. Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, жұмыссыздықтан және оның салдарларынан қорғауға кәсіптік одақтар мен олардың бірлестіктерінің қатысуы осы Заңмен, "Кәсіптік одақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен, өзге де нормативтік-құқықтық актілермен, ұжымдық шарттармен және келісімдермен айқындалады.
2. Кәсіптік одақтар:
1) халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға;
2) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға құқығы бар.
3. Кәсiптік одақтардың мемлекеттік органдарға, жұмыс берушілер мен олардың бірлестіктеріне халықты жұмыспен қамту жүйесін жетілдіру туралы ұсыныс беруге құқығы бар.
6-тарау. ЕҢБЕК ДЕЛДАЛДЫҒЫ
30-бап. Еңбек делдалдығын көрсету
Жұмыс іздеп жүрген адамдарға, жұмыссыздарға және басқа да жүгінген адамдарға осы Заңның 11, 31-баптарына сәйкес халықты жұмыспен қамту орталықтары, жеке жұмыспен қамту агенттіктері еңбек делдалдығын көрсетеді.
31-бап. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгi
1. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгiнiң:
1) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасының мәселелерi бойынша өтiнiш жасаған адамдарға консультация беруге;
2) жұмысқа орналасу мүмкiндiгi туралы ақпарат беруге және еңбек делдалдығы бойынша қызметтер көрсетуге;
3) бос жұмыс орындары бар жұмыс берушiлер мен жұмысқа орналасқысы келетiн адамдар туралы мәлiметтер қалыптастыруға;
4) жұмыскерлердiң жұмыс берушiнiң бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуiн ескере отырып, оларды iрiктеудi жүзеге асыруға;
5) халықаралық шарттар бар болған кезде, бiр елден екiншi елге жұмысқа орналастыру үшiн жұмыскерлер жинауды жүзеге асыруға;
6) өтiнiш жасаған адамдар кейiн жұмысқа орналастырылатын кәсiптiк даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастыруға;
7) адамдарды шет елде жұмысқа орналастырылатын жағдайда, оларды әкетуге рұқсат құжаттарын ресiмдеуге;
8) халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жіберген адамдарды әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу бойынша конкурстарға қатысуға;
9) халықты жұмыспен қамту орталықтарынан еңбек нарығының жай-күйі туралы тегін ақпарат алуға;
10) жұмысқа орналастыру, жұмыс орындарын құру, кәсіптік оқыту мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдармен, халықты жұмыспен қамту орталықтарымен, жұмыс берушiлермен өзара iс-қимыл жасауға құқығы бар.
2. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгi:
1) кемсiтушiлiктiң кез келген нысанына жол бермеуге;
2) өтiнiш жасаған адамдардан алынатын ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
3) бала еңбегiн пайдалануға, адамдарды жыныстық және (немесе) өзге де мақсатта пайдалану үшiн тартуға жол бермеуге;
4) өтiнiш жасаған адамдармен еңбек делдалдығы бойынша қызметтер көрсету туралы шарттар жасасуға;
5) еңбек делдалдығы үшін өтініш берген және жұмысқа орналасқан адамдардың саны туралы кәсіптер (мамандықтар) бөлінісінде халықты жұмыспен қамту орталығына тоқсан сайын ақпарат беруге;
6) еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық деректер базасын қалыптастыруға қатысуға мiндеттi.
РҚАО-ның ескертпесі!3-тармақ 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
3. Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшiн әкетуге байланысты қызметті жұмыспен қамтудың жекеше агенттiктерi жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшiн әкету жұмысқа орналастыратын елдiң банктерiне жұмыскердің атына кепілді жарна енгiзу арқылы шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн жұмыскердiң өз елiне оралуына жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгі кепiлдiк берген кезде ғана жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшiн әкету кезінде жұмыс берушілердің банктерге кепілді жарна енгізу тәртібі мен шарттары жұмысқа орналастыратын елдің заңнамасымен реттеледі.
7-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ
ЕҢБЕГІН ҚОЛДАНУ
РҚАО-ның ескертпесі!
32-бап 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
32-бап. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота
1. Iшкi еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн шетелдiк жұмыс күшiн тартуға квота белгiлейдi.
2. Осы Заңның шетелдiк жұмыс күшiн квоталау және жұмыс берушілерге шетелдiк жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру туралы нормалары:
1) дербес бiлiм беру ұйымдарында, олардың ұйымдарында, сондай-ақ "Назарбаев Қорында" басшылар және мамандар лауазымдарында жұмыс iстейтiн жоғары бiлiмдi;
2) мемлекеттік органдарда жұмыс iстейтiн, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртіппен расталған құжаттары бар;
3) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттар жасасқан Қазақстан Республикасының ұйымдарында жұмыс істейтін, сондай-ақ, аталған заңды тұлғалар (не олардың мердігерлері) бас мердігер, мердігер, қосалқы мердігер немесе сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында (іздестіру және жобалау қызметін, инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда) көрсетілетін қызметтерді орындаушы ретінде инвестициялық қызмет объектісі пайдалануға берілгеннен кейін бір жыл өткенге дейінгі мерзімге тартатын ұйымдарда басшылар және жоғары білімі бар мамандар ретінде, сондай-ақ инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттарда айқындалатын кәсiптер тізбесіне және санына сәйкес білікті жұмысшылар ретінде жұмыс істейтін;
4) "Инновациялық технологиялар паркi" арнайы экономикалық аймағының дербес кластерлік қорында басшылар және мамандар лауазымдарында жұмыс істейтін жоғары бiлiмді;
5) Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда жұмыс істейтін;
6) Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушылар немесе қатысушылардың жұмыскерлері болып табылатын;
7) құны бір миллион айлық есептік көрсеткіштен жоғары жобалары бар, арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары болып табылатын заңды тұлғаларда, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың аталған қатысушылары (не олардың мердігерлері) бас мердігер, мердігер, қосалқы мердігер немесе арнайы экономикалық аймақтар аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау кезеңінде орындаушы ретінде және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган мен арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы органның бiрлескен шешiмiмен бекітілген тәртіппен халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган және мүдделі мемлекеттік орталық орган өкілдері арасынан комиссия айқындайтын санаттар тізбесіне және санына сәйкес объект (объектілер) пайдалануға берілгеннен кейін бір жыл өткенге дейін тартатын ұйымдарда жұмыс істейтін;
8) экономиканың басым салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптер бойынша өз бетінше жұмысқа орналасуға келген;
9) Қазақстан Республикасында тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
3. Осы Заңның шетелдік жұмыс күшін жыл сайын квоталау туралы нормалары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын экономика салаларында корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдіктерге немесе азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
4. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота жұмыс күшіне пайыздық қатынаста белгіленеді, ол:
1) экономикалық қызмет түрлері бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны;
2) Қазақстан Республикасы ратификациялаған еңбек көші-қоны және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттар болған кезде, шығу елдері бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны;
3) еңбекші иммигранттарды тартуға арналған квотаны қамтиды.
5. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны еңбек нарығындағы алдағы жылға (жылдарға) арналған сұраныс пен ұсыныс жағдайының болжамын және мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган қалыптастырады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізеді.
РҚАО-ның ескертпесі!33-бап 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
33-бап. Жұмыс берушілердің шетелдiк жұмыс күшiн тартуы
1. Жұмыс берушілер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары шетелдік жұмыс күшін тартуға берген рұқсаттар негізінде Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартады.
2. Жергілікті атқарушы органдар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында, еңбек қызметін жүзеге асыру үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын адамдарды қоспағанда, жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар береді және (немесе) оларды ұзартады не рұқсаттар беруден, ұзартудан бас тартады, сондай-ақ аталған рұқсаттарды тоқтата тұрады және кері қайтарып алады.
3. Жергілікті атқарушы орган шетелдік жұмыс күшін тартуға берген рұқсат басқа жұмыс берушілерге беруге жатпайды, жұмыс берушінің рұқсат алған шетелдік жұмыскерлерді күнтізбелік бір жыл ішінде жиынтығы күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын мерзімге басқа әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағында орналасқан кәсіпорындарға, ұйымдарға іссапарға жіберуін қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ғана қолданылады.
4. Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімге Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген құжаттарды ұсынған және алымды төлеген кезде беріледі және (немесе) ұзартылады.
Осы тармақтың жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттарды бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алым төлеу бөлігіндегі ережесі корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жұмыс істейтін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
5. Жергілікті атқарушы орган қажетті құжаттар қабылдауды, сондай-ақ жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беруді және (немесе) ұзартуды халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, оның ішінде рұқсаттар мен хабарламалардың ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда жүзеге асырады.
6. Жұмыс беруші рұқсаттар бойынша тартатын шетелдік жұмыс күшінің саны халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын қазақстандық кадрлар санының пайыздық қатынасына сәйкес келуге тиіс.
7. Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн жұмыс берушілер тартатын шетелдiк жұмыс күшiнiң бiлiм деңгейi (кәсiби даярлығы) мен практикалық жұмыс тәжiрибесi (өтілі) кәсіптік стандарттарға, Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына және Басшылар, мамандар мен басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығына, ұйымдардың басшылары, мамандары мен басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес жұмысшылардың кәсiптерiне және басшылардың, мамандар мен қызметшілердің лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарына сай келуге тиiс.
РҚАО-ның ескертпесі!34-бап 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
34-бап. Өз бетінше жұмысқа орналасу шеңберінде шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың еңбек қызметін жүзеге асыруы
1. Шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар экономиканың басым салаларындағы (экономикалық қызмет түрлеріндегі) сұранысқа ие мамандықтар бойынша өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы үш айдан аспайтын мерзімге халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган берген анықтамалардың негізінде еңбек шартының мерзімін үш жылдан аспайтын мерзімге ұзарту құқығымен Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыра алады.
2. Экономиканың басым салаларындағы (экономикалық қызмет түрлеріндегі) сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін еңбек нарығындағы алдағы жылға (жылдарға) арналған сұраныс пен ұсыныс жағдайының болжамын және мемлекеттік басқарудың тиісті саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
3. Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама алу үшін Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелеріне халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жіберілетін, Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу туралы өтініш береді.
Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасында болған жағдайда, өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама алу үшін шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу туралы өтініш береді.
4. Анықтама беру тәртібі мен шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың біліктілігі және білім деңгейіне қойылатын талаптарды, сондай-ақ өз бетінше жұмысқа орналасу үшін экономиканың басым салаларының (экономикалық қызмет түрлерінің) және олардағы сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін мемлекеттік басқарудың тиісті саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
РҚАО-ның ескертпесі!35-бап 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
35-бап. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың еңбек қызметін жүзеге асыруы
1. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жұмыс берушілер тартатын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар еңбек шартында айқындалған, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге, бір жылға ұзарту құқығымен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы корпоративішілік ауыстыру шеңберінде шетелдік жұмыс күшін тартуға берген рұқсаттар негізінде Қазақстан Республикасында уақытша еңбек қызметін жүзеге асырады.
2. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жүзеге асырылатын шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру шарттары мен тәртібін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
3. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды тартатын жұмыс берушілер, олар Қазақстан Республикасының аумағына кіргеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде жазбаша түрде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға мыналар:
1) шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар тартылатын ел мен ұйым;
2) тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілсе) көрсете отырып, тартылатын шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың саны, әрқайсысының білім деңгейі, біліктілігі, мамандығы және жұмыс тәжірибесі;
3) еңбек қызметін жүзеге асыру мерзімі туралы мәліметтерді қамтитын ақпарат жібереді.
4. Менеджерлерді және мамандарды корпоративішілік ауыстыру халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар санының қазақстандық кадрлар санына пайыздық ара қатынасының сақталуы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
5. Жергілікті атқарушы органдар корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жұмыс істейтін шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды жүргізеді.
8-тарау. ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК
БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ЕСЕПТІЛІК
36-бап. Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік бақылауды халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырады.
2. Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
37-бап. Халықты жұмыспен қамту саласындағы ведомстволық статистикалық байқау
1. Халықты жұмыспен қамту саласындағы жағдайға, сондай-ақ еңбек нарығындағы ахуалға, оның болжануы мен реттелуiне объективтi баға беру үшiн халықты жұмыспен қамту туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ведомстволық статистикалық байқау жүргізіледі.
2. Еңбек делдалдығымен айналысатын жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілер халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында белгiленген тәртіппен және мерзiмдерде бастапқы статистикалық деректерді беруге мiндеттi.
3. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен, мемлекеттік кіріс органдарымен, ішкі істер органдарымен және республикалық және өңірлік деңгейдегi басқа да мүдделi мемлекеттік органдармен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әр тараптың өз функцияларын орындауы үшiн қажет болатын есептiк құжаттамамен және мәлiметтермен өтеусiз негiзде алмасады.
4. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмде бастапқы статистикалық деректерді береді.
9-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
38-бап. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасын бұзған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
39-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
1) 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 30) тармақшасын, 6-баптың 2) тармақшасын, 7-баптың 20), 21), 22) және 23) тармақшаларын, 9-баптың 5) тармақшасын, 31-баптың 3-тармағын, 32-бапты, 33-бапты, 34-бапты және 35-бапты;
2) 2017 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 15-баптың 1-тармағының 4) тармақшасын, 17-баптың 3-тармағының 3) тармақшасын;
3) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 10-баптың 4) тармақшасын, 17-баптың 2-тармағының 6) тармақшасын және 3-тармағының 2) тармақшасын, 25-бапты, 28-баптың 1-тармағының 7) тармақшасын және 3-тармағының 5) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылатын 7-баптың 5-1) тармақшасын, 10-баптың 4-тармағын, 11-бапты қоспағанда, "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 3, 18-құжат; 2004 ж., № 2, 10-құжат; 2005 ж., № 7-8, 19-құжат; № 17-18, 76-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 10, 52-құжат; 2007 ж., № 2, 14, 18-құжаттар; № 3, 20-құжат; № 8, 52-құжат; № 9, 67-құжат; № 15, 106-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 1, 4-құжат; № 9-10, 50-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 8, 41-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 21-құжат; № 10, 86-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 16, 128-құжат; 2012 ж., № 2, 11, 14-құжаттар; № 5, 35-құжат; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 15, 97-құжат; № 20, 121-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 9, 51-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 21-22, 114-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 11, 63, 64-құжаттар; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 118, 122-құжаттар; № 23, 143-құжат; 2015 ж., 19-II, 102, 106-құжаттар; № 20-IV, 113-құжат; № 22-V, 152, 154, 158-құжаттар) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н. Назарбаев |