Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру кезінде Қазақстан Республикасы азаматтарын өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдарға жатқызу критерийлерін айқындау жөніндегі қағиданы бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2011 жылғы 5 қазандағы № 353-ө бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2011 жылы 7 қарашада № 7285 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2017 жылғы 8 желтоқсандағы № 423 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 08.12.2017 № 423 бұйрығымен (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Қолданушылардың назарына!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.

      "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2 тармағының 9-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру кезінде Қазақстан Республикасы азаматтарын өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыз және табысы аз адамдарға жатқызу критерийлерін айқындау жөніндегі қағида бекітілсін.

      2. Халықты жұмыспен қамту департаменті (Д.Р. Арғандықов) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Б.Б.Нұрымбетовке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап туындаған қатынастарға таратылады.

Министр

Г. Әбдіқалықова


  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің
2011 жылғы 5 қарашадағы
№ 353-ө бұйрығымен
бекітілген

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру кезінде Қазақстан Республикасы азаматтарын өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдарға жатқызу критерийлерін айқындау жөніндегі қағида
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру кезінде азаматтарды өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдарға жатқызу критерийлерін айқындау жөніндегі қағида (бұдан әрі – Қағида) "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 316 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасына (бұдан әрі – Бағдарлама) сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағида Бағдарламаға қатысатын өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдарға Қазақстан Республикасы азаматтарын жатқызу критерийлерін айқындайды.

2. Азаматтарды халықтың өз бетінше жұмыспен айналысушылар қатарына жатқызу критерийлері

      3. Заңға сәйкес:

      1) жалдамалы қызметкерлер еңбегін пайдаланушы жұмыс берушілер;

      2) жеке пайдалануға арналған өндірістерді қоса алғанда, табыс алу үшін тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді өндірумен (іске асырумен) айналысатын жеке тұлғалар;

      3) отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) ақы төленбейтін қызметкерлері;

      4) өндірістік кооператив мүшелері өз бетінше жұмыспен айналысушыларға жатады.

      4. Өзінің (отбасылық) кәсіпорнын, ферманы басқарушы, сондай-ақ кәсіби қызметпен немесе өз бетінше кәсіпкерлікпен айналысушы және үнемі жалдамалы қызметкерлер еңбегін пайдаланушы адам жұмыс берушілерге жатады.

      5. Жеке пайдалануға арналған өндірістерді қоса алғанда, табыс алу үшін тауарлар мен қызметтерді өндірумен (іске асырумен) айналысатын адамдарға:

      1) кәсіпорынды заңды тұлға ретінде тіркемей, өзінің жеке кәсіпорнында, фермерлік шаруашылықта, жалдамалы қызметкерсіз немесе жалдамалы қызметкермен жұмыс істейтін адам;

      2) заңды тұлға құрмай, қызметін тіркеп те, тіркемей де заңды тұлғаның білімінсіз, жалдамалы қызметкерсіз немесе жалдамалы қызметкермен кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдар;

      3) үй шаруашылығында ауыл шаруашылық, орман шаруашылығы өнімдерін өндірумен, өткізу үшін аң және балық аулаумен айналысатын адамдар;

      4) үй шаруашылығында өндірістік тауарларды өндірумен және сату үшін қызмет көрсетумен айналысатын адамдар.

      6. Туысының иелігіндегі жеке меншік отбасылық кәсіпорында ақысыз жұмыс істейтін адамдар отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) ақы төленбейтін қызметкерлеріне жатады.

      7. Өндірістік кооператив мүшелеріне жеке еңбек қатысуы мен оның мүліктік жарналарының (пайларының) мүшелерінің бірлестігіне негізделген, бірлескен кәсіпкерлік қызметі үшін мүшелік негізіндегі адамдар жатады.

      8. Өз бетінше жұмыспен айналысушы ретінде Бағдарламаға қатысуға өтініш берген азаматтарды айқындау кезінде Халықты жұмыспен қамту орталығы:

      "Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының дерекқоры бойынша зейнетақы жинақтау қорында міндетті зейнетақы жарнасы аударымдарының жоқ екендігі немесе бар болуы (мөлшері) туралы;

      "Еңбек нарығы" автоматтандырылған ақпараттық жүйе дерекқоры бойынша жұмыссыз ретінде тіркелуі (немесе тіркеудің болмауы) туралы;

      "Атаулы әлеуметтік көмек" автоматтандырылған ақпараттық жүйе дерекқоры бойынша атаулы әлеуметтік көмекті, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақыны алатыны туралы мәліметтердің болуы немесе болмауы туралы;

      "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйе дерекқоры бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешімімен әлеуметтік төлемдерді алу туралы мәліметтердің болуы немесе болмауы жөнінде мағлұматтарды салыстырып тексереді.

3. Азаматтарды жұмыссыздарға жатқызу критерийлері

      9. Үш негізгі критерийге жауап беретін адамдар жұмыссыздарға жатады. Олар:

      1) жұмыссыз болған (табыс алатын жұмысы жоқ);

      2) оны іздеумен айналысқан;

      3) еңбек етуге дайын адамдар.

      10. Адамдарды жұмыссыз ретінде тіркеу Заңның 15-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

4. Азаматтарды табысы аз адамдарға жатқызу критерийлері

      11. Заңға сәйкес табысы аз адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес атаулы әлеуметтiк көмек және/немесе 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалынатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны алуға құқығы бар, еңбекке жарамды жастағы адамдар жатады.

      12. Табысы аз адамдар (отбасы) адамның (отбасының) жалпы жиынтық табысына және алатын мемлекеттік әлеуметтік төлемдерінің түріне қарай мынадай топтарға бөлінеді:

      жиынтық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (бұдан әрі - ЕТКД) төмен еңбекке жарамды адамдар;

      жиынтық табысы азық-түлік себетінің шамасынан (ЕТКД мөлшерінен 60%) төмен еңбекке жарамды адамдар;

      жиынтық табысы кедейлік шегінен (ЕТКД-нің 40%) төмен еңбекке жарамды адамдар.

      13. Өтініш берушінің табысы аз адам ретіндегі мәртебесін растау үшін Халықты жұмыспен қамту орталығы:

      "Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының дерекқоры бойынша зейнетақы жинақтау қорында міндетті зейнетақы жарнасы аударымдарының жоқ екендігі немесе бар болуы (мөлшері) туралы;

      "Атаулы әлеуметтік көмек" автоматтандырылған ақпараттық жүйе дерекқоры бойынша атаулы әлеуметтік көмекті, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақыны алатыны туралы мәліметтердің болуы немесе болмауы туралы;

      "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйе дерекқоры бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша әлеуметтік төлемдерді алу туралы мәліметтердің болуы немесе болмауы жөнінде мағлұматтарды салыстырып тексеруді жүзеге асырады.