1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
1. "Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы" 1994 жылғы 21 қыркүйектегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 15, 201-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 2, 186-құжат, 1998 ж., N 24, 447-құжат; 2001 ж., N 23, 309, 321-құжаттар; N 24, 338-құжат; 2003 ж., N 10, 54-құжат; 2004 ж., N 18, 110-құжат; N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 15, 63-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 14, 89-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар Клиент (жүк жөнелтушi, жүк алушы, жолаушы, кеме жалдаушы) - тасымалдаушымен жасалған шартқа сәйкес көлiктi пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға немесе мемлекет (атқарушы билiк органының атынан).
Көлiк кәсiпорны - жүктердi, жолаушыларды, теңдеме жүктi тасымалдау, көлiк құралдарын сақтау, оларда техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу жөнiнде шаруашылық-коммерциялық қызметпен айналысатын заңды тұлға, ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес iс-әрекет жасайды.
Қазақстан Республикасының көлiгi - оның аумағында тiркелген темiржол, автомобиль, теңiз, iшкi су, әуе, қалалық электр, соның iшiнде метрополитен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы магистральдық труба-құбыр көлiгi.
Мемлекеттiк көлiктiк бақылау (бұдан әрi - көлiктiк бақылау) - жеке және заңды тұлғалардың көлiк қызметтерi нарығының жұмыс iстеуiн, олардың сапасын, жеке адамдардың өмiрi мен денсаулығының, көлiк процестерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi реттейтiн Қазақстан Республикасының көлiк заңнамасын сақтауын тексеру мақсатында уәкiлеттi мемлекеттiк орган және өзге де мемлекеттiк органдар жүргiзетiн iс-шаралар жиынтығы.
Тасымалдаушы - ақыға немесе жалданып жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктердi және почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау жөнiнде қызмет көрсететiн әрi осыған белгiленген тәртiппен берiлген лицензиясы немесе рұқсаты бар, меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздерде көлiк құралдарын иеленушi жеке немесе заңды тұлға.
Тексеру - бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының көлiк туралы заңнамасын сақтауын айқындау мақсатында жасайтын iс-әрекетi.
Тiкелей аралас қатынас - бiрыңғай көлiк құжаты бойынша әртүрлi көлiк түрiмен жүктердi, жолаушылар мен теңдеме жүктердi тасымалдау.
Уәкiлеттi мемлекеттiк орган - көлiк саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды, Қазақстан Республикасы көлiк кешенiнiң қызметiн үйлестiру мен реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.";
2) 2-баптың төртiншi бөлiгiндегi "қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, еңбектi қорғау, өртке қарсы қауiпсiздiк, техникалық-технологиялық және санитарлық қалыптар ережелерiн сақтау тәртiбi белгiленген тәртiппен бекiтiлетiн және көлiк қатынастарына қатысушылардың бәрiне мiндеттi болып табылатын көлiктiң тиiстi түрлерiнде қолданылып жүрген қалыптық құжаттармен айқындалады" деген сөздер "адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн көлiк құралдары мен олардың өмiрлiк циклiнiң процестерiн техникалық реттеу саласындағы қауiпсiздiктi (бұдан әрi - қауiпсiздiк) қамтамасыз ету тәртiбi тиiстi көлiк түрлерiнде қолданылатын, белгiленген тәртiппен бекiтiлетiн және көлiк қатынастарының барлық қатысушылары үшiн мiндеттi болып табылатын нормативтiк актiлерде айқындалады" деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 5-баптың бiрiншi бөлiгi "лицензиялау," деген сөзден кейiн "техникалық реттеу," деген сөздермен толықтырылсын;
4) 11 -баптың бiрiншi бөлiгiнiң төртiншi абзацындағы "сертификаты" деген сөз "сәйкестiктi растау саласындағы құжаттары" деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 15-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"15-бап. Көлiк құралдарына қойылатын талаптар
Көлiк құралдары көлiк саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген адам өмiрi мен денсаулығының, қоршаған ортаның қауiпсiздiгi жөнiндегi талаптарға сәйкес келуге, сәйкестiктi растау саласындағы құжаты болуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелуге тиiс.
Көлiк құралдарының сәйкестiгiн растау тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес белгiленген қауiпсiздiк талаптарына сәйкес келмейтiн көлiк құралдары әкелiнбеуге, сатылмауға және пайдаланылмауға тиiс.";
6) 23-бапта:
екiншi бөлiкте орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi;
бесiншi бөлiктегi "экологиялық қауiпсiздiкке және халықтың денсаулығын қорғауға кепiлдiк беретiн, қоршаған ортаның ластауына жол бермеудi, табиғи ресурстарды молайту мен ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететiн қоршаған орта сапасының нормативтерi" деген сөздер "Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген адам өмiрi мен денсаулығы, қоршаған орта үшiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн талаптар" деген сөздермен ауыстырылсын;
сегiзiншi бөлiкте:
"қорғауға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға қажеттi шаралардың бәрiн жүзеге асыруға мiндеттi айналадағы" деген сөздер "қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөнiнде белгiленген нормалардың сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi. Айналадағы" деген сөздермен ауыстырылсын;
орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi.
2. "Мұнай туралы" 1995 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., N 11, 76-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 11, 150-құжат; 1999 ж., N 21, 787-құжат; 2003 ж., N 6, 34-құжат; N 11, 56-құжат; 2004 ж., N 22, 131-құжат; N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 16, 70-құжат; 2006 ж., N 16, 99-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) аффилиирленген тұлғалар - жер қойнауын пайдаланушының еншiлес ұйымдары және Қазақстан Республикасында мұнай операцияларын жүргiзуге мердiгер болып табылатын ұйымның жарғылық капиталында акциялар пакетi немесе қатысу үлесi бар ұйымдар;
2) барлау - мұнай iздеумен және барлаумен байланысты кез келген операциялар және олар:
геологиялық-геофизикалық зерттеулердi;
құрылымдық бұрғылауды;
iздеу және барлау ұңғымаларын бұрғылауды, сондай-ақ барлаудағы кен орнын сынамалы пайдалануды қамтиды;
3) блок - мұнай операцияларын жүргiзу үшiн мердiгерге беруге арналған және блоктардың арнайы дайындалған картасында блок ретiнде белгiленген жер қойнауының учаскесi;
4) жағалау жиегi - су объектiсi жағалауының судың барынша көтерiлуi (судың толуы) нәтижесiнде пайда болатын жиегi;
5) жағалау маңындағы мемлекеттер - Каспий және Арал теңiздерi (көлдерi) алабында iргелес және қарама-қарсы жатқан мемлекеттер;
6) жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган - геологиялық зерттеу, жер қойнауын ұтымды және кешендi пайдалану саласындағы реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
7) келiсiм-шарт - мердiгер мен құзыреттi орган арасында мұнай операцияларын жүргiзуге арналған шарт;
8) келiсiм-шарттық аумақ - мердiгер келiсiм-шартта айқындалған мұнай операцияларын жүргiзуге құқылы, геологиялық және (немесе) тау-кендiк бөлумен айқындалатын аумақ;
9) кен орны - кез келген тұрпатты геологиялық резервуардағы көмiрсутектерiнiң бiр немесе бiрнеше табиғи шоғырлары;
10) кен орындарын әзiрлеудiң оң тәжiрибесi - мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде ұтымды, қауiпсiз, тиiмдi және қажеттi болып саналатын мұнай операцияларын жүргiзудiң жалпы қабылданған әлемдiк практикасы;
11) кен орындарын сынамалы пайдалану - қабаттардың геологиялық-физикалық сипаттамасы, тереңдегi көмiрсутектердiң жағдайлары, ұңғымалардың өнiмдiлiгi туралы бар ақпаратты нақтылау және қосымша ақпарат алу жөнiндегі жұмыстар, мұнай мен газ алудың жаңа немесе бұрыннан белгiлi технологияларын сынау;
12) коммерциялық табу - келiсiм-шарт аумағында әзiрлеу үшiн рентабельдi бiр немесе бiрнеше кен орнын табу;
13) құзыреттi орган - Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын және мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде мемлекеттiк реттеумен, келiсiм-шарттар жасаумен және орындаумен байланысты құқықтарды жүзеге асыруда Қазақстан Республикасының атынан әрекет ететiн мемлекеттiк орган;
14) магистральдық құбыр - мұнайды мердiгердiң құбырынан көлiктiң басқа түрiне аудару, өңдеу немесе тұтыну орнына дейiн тасымалдауға арналған желiлiк бөлiктен және онымен iргелес жатқан жер үстi объектiлерiнен, коммуникациялардан, телебасқару мен байланыстан тұратын инженерлiк құрылыс. Құрастырмалы коллектор режимiнде жұмыс iстейтiн құбыр магистральдық құбырға жатпайды;
15) мердiгер - құзыреттi органмен мұнай операцияларын жүргiзуге келiсiм-шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
16) мұнай - шикi мұнай, газ конденсаты және табиғи газ, сондай-ақ шикi мұнай, табиғи газ тазартылғаннан кейiн және жанатын тақтатастарды немесе шайырлы құмдарды өңдегеннен кейiн алынған көмiрсутектерi;
17) мұнай-газ құбырлары - мұнай тасымалдауға арналған құбырлар, оның iшiнде магистральдық құбырлар, құрастырмалы коллектор режимiнде жұмыс iстейтiн құбырлар, сондай-ақ құбырлар жүйесi не оның жекелеген бөлiктерi арқылы тасымалданатын заттарды тазарту, айыру және сұйылту жөнiндегi жабдықтар мен тетiктер, бақылау және оқшаулау жүйелерi, электрлi-химиялық қорғаныс жүйелерi мен осындай құбырларға қызмет көрсетуге арналған өзге де жабдықтар;
18) мұнай-газ құбырларын салу және (немесе) пайдалану - құрлықта, өзендерде, көлдерде, теңiзде және басқа да iшкi су айдындарында мұнай-газ құбырларын салу, төсеу және пайдалану мақсатында жүргiзiлетiн кез келген жұмыстар (операциялар);
19) мұнайдағы iлеспе компоненттер - мұнай мен қабатты су құрамындағы технологиялық бөлiп алуды талап ететiн пайдалы қазбалар мен әртүрлi қосындылар;
20) мұнай мен газдың жер асты қоймалары мен резервуарларын салу және (немесе) пайдалану - жер асты мұнай және газ қоймалары мен резервуарларын салумен және (немесе) пайдаланумен байланысты кез келген жұмыстар;
21) мұнай операциялары - құрлықта, өзендердiң, көлдердiң және басқа да iшкi су айдындарының шектерiнде жүргiзiлетiн барлау, өндiру, жер асты қоймалары мен мұнай резервуарларын салу және (немесе) пайдалану жөнiндегi жұмыстар, сондай-ақ теңiздегi мұнай операциялары;
22) мұнай операцияларын жүргiзу жөнiндегi ұлттық компания (бұдан әрi - ұлттық компания) - Yкiмет шешiмi бойынша құрылған, ұлттық холдинг жалғыз акционерi болып табылатын, осы Заңда белгiленген жағдайларда мұнай операцияларын жүзеге асыратын акционерлiк қоғам;
23) оператор - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құзыреттi органның жазбаша хабарламасы бойынша мердiгерлер құратын немесе белгiлейтiн, келiсiм-шартты орындауға байланысты қызметтi жедел басқаруды және есепке алу-есеп беру операцияларын жүзеге асыратын заңды тұлға, оның iс-әрекетi үшiн мердiгер мемлекет алдында мүлiктiк жауапкершiлiкте болады;
24) өндiру - мұнайды жер үстiне шығарумен байланысты кез келген операциялар және соның iшiнде:
жер асты және жер үстi өнеркәсiптiк жабдықтары мен құрылыстарын салу мен пайдалануды, оның iшiнде мұнайды өндiру орнынан мердiгердiң құбырынан магистральдық құбырға және (немесе) көлiктiң басқа түрiне аудару орнына дейiн тасымалдау үшiн;
мұнайды жер үстiне шығаруды, пайдалану ұңғымаларында жұмыс процесiн ұйымдастыруды және демеп отыруды;
мұнайды өңдеудi және механикалық қоспалар мен қабаттағы судан тазартуды;
мұнайдан iлеспе құрамдарды алуды, сондай-ақ табиғи газды және iлеспе газды кәдеге жаратуды;
жер асты қабаттарында бұрғылау шөгiндiсiн кәдеге жаратуды қамтиды;
25) сақтық аймағы - Қазақстан Республикасының аумағында теңiз жағалауы жиегiнен құрлыққа қарай бес километрге созылып жатқан аймақ;
26) стратегиялық серiктес - мердiгердi таңдау үшiн, ұлттық компания мен құзыреттi орган арасындағы тiкелей келiссөздердiң қорытындылары бойынша жасалған келiсiм-шарттар жөнiндегi жобаларды iске асыру жөнiнде немесе Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өлшемдер негiзiнде ұлттық компания құзыреттi органмен келiсе отырып таңдаған немесе айқындаған қазақстандық немесе шетелдiк заңды тұлға (олардың бiрлестiктерi);
27) табиғи газ - майлы газдан сұйық көмiрсутектерiн сығымдаудан немесе айырудан кейiн қалатын, майлы газды, құрғақ газды, iлеспе газды қоса алғанда, қалыпты атмосфералық температурада және қысымда газ тектес фазада болатын көмiрсутектерi және сұйық немесе газ тектес көмiрсутектерiмен бiрге алынған көмiрсутектi емес газ;
28) табиғи және iлеспе газды кәдеге жарату - табиғи және iлеспе газды технологиялық қажеттiктер үшiн пайдалану және (немесе) оны тауарлы өнiмге дейiн дайындау мақсатында оны кен орнында кәсiпшiлiк жинауды қамтамасыз ету;
29) теңiз - Каспий және Арал теңiздерiнiң қазақстандық бөлiгi шегiндегi су айдыны мен қабаты, сондай-ақ Каспий және Арал теңiздерiнiң (көлдерiнiң) түбi;
30) теңiзде қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi ең үздiк тәжiрибе - теңiзде мұнай операцияларын жүргiзуде теңiздi ластаудың ең төменгi деңгейiн жасайтын не теңiздi ластауды толығымен болғызбайтын жалпы қабылданған халықаралық практика;
31) теңiздегi мұнай операциялары - теңiзде жүзеге асырылатын барлау, өндiру;
32) теңiздi ластау - адамдардың денсаулығына, теңiздiң биологиялық ресурстарына және теңiздiң экожүйесiне зиян келтiретiн не зиян келтiруге қабiлеттi, теңiзде немесе оның жағалауында жұмысты жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға кедергiлер жасайтын немесе зиян не залал келтiретiн немесе келтiруге қабiлеттi материалдардың, заттардың, энергияның, шудың, тербелiстердiң теңiз аясына келiп түсуi, сондай-ақ сәулелер мен өрiстердiң алуан үлгiлерiнiң пайда болуы;
33) теңiздiк ғылыми зерттеулер - теңiзде мұнай операцияларын жүргiзу салдарларын зерделеумен байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстары;
34) теңiздiк қорғау аймақтары немесе қауiпсiздiк аймақтары - Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, адамдардың, теңiздiң биологиялық ресурстарының, қоршаған ортаның қауiпсiздiгiн, сондай-ақ кеме қатынасын, балық аулауды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың теңiздегi басқа да қызметтерiн қамтамасыз ету мақсатында теңiз құрылыстарының айналасында белгiленетiн аймақтар;
35) теңiздiк құрылыстар - жасанды аралдарды, бөгеттердi, қондырғыларды, жылжымайтын және жүзбелi жабдықтарды қоса алғанда, теңiзде мұнай операцияларын жүргізуге арналған жасанды құрылыстар;
36) шекара маңындағы кен орны - Қазақстан Республикасы аумағының шектерiнде немесе бiр бөлiгi, сондай-ақ басқа не iргелес немесе қарама-қарсы жатқан мемлекеттiң заңдық құзырындағы аумақта немесе теңiзде орналасқан кен орны;
37) шикi мұнай - табиғи газдан табиғи сұйылу жолымен пайда болған дистиллят және конденсат атауымен белгiлi сұйық көмiрсутектерiн қоса алғанда, қалыпты атмосфералық температура мен қысым кезiнде үлес салмағына қарамастан жер қойнауынан сұйық күйiнде алынатын кез келген көмiрсутектерi;
38) iшкi су айдындары - көлдер, жасанды су қоймалары және басқа да жер үстi су объектiлерi.";
2) 2-баптың 1-тармағы ", сондай-ақ адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн мұнайға және оның өмiрлiк циклiнiң процестерiне қойылатын техникалық реттеу саласындағы қауiпсiздiктiң (бұдан әрi - қауiпсiздiк) жалпы талаптарын белгiлейдi" деген сөздермен толықтырылсын;
3) 5-бап мынадай мазмұндағы 13) тармақшамен толықтырылсын:
"13) мұнайға және оның өмiрлiк циклiнiң процестерiне техникалық регламенттердi бекiтедi.";
4) 6-баптың 1-тармағының 11-тармақшасындағы "бекiту енедi."
деген сөздер "бекiту;" деген сөзбен ауыстырылып, тармақ мынадай мазмұндағы 12), 13), 14) тармақшалармен толықтырылсын:
"12) мұнай операцияларын жүргiзу және мұнай тасымалдау саласында адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтiретiн тәуекелдерге талдау жасау және оларды бағалау;
13) мұнайға және оның өмiрлiк циклiнiң процестерiне қойылатын техникалық регламенттердi әзiрлеу;
14) техникалық регламенттерде белгiленген, мұнайға және оның өмiрлiк циклiнiң процестерiне қойылатын талаптардың орындалуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру енедi.";
5) 30-2-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Мұнай операцияларын осы Заңға сәйкес жүзеге асыратын мердiгер кен орындарын игерудiң оң практикасын және Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа ала отырып, адамдардың өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға, сондай-ақ мұнай операцияларын жүргiзу процесiнде меншiктi жоюға қатер төндiретiн авариялар мен өзге де қауiптi жағдайларды болғызбау мақсатында қолданыстағы нормалардың сақталуын қамтамасыз етуге және барлық қажеттi шараларды қабылдауға мiндеттi.";
6) 30-4-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
"4. Табиғи газды өндiру кезiнде адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн талаптар мен нормалар орындалуға, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келетiн өлшеу жабдықтары мен құралдары қолданылуға тиiс.";
7) мынадай мазмұндағы 31-1-баппен толықтырылсын:
"31-1-бап. Мұнай операцияларын жүргiзу және мұнай
тасымалдау кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
1. Мұнай операцияларын жүргiзу және мұнай тасымалдау кезiнде қауiпсiздiк белгiленген нормаларды сақтау, адам өмiрi мен денсаулығын және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық iс-шаралар кешенiн орындау, жерүстi және жерасты құрылыстары мен жабдықтарын салу мен пайдаланудың қауiпсiз шарттарын жасау, сондай-ақ ықтимал аварияларды болғызбау арқылы қамтамасыз етiлуге тиiс.
2. Мұнай, сондай-ақ оның өмiрлiк циклiнiң процестерi техникалық реттеу объектiлерi болып табылады.
3. Мұнай операцияларын жүргiзу және мұнай тасымалдау кезiнде мердiгер пайдаланатын жабдық және өзге де мүлiк техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптарына сәйкес келуге тиiс.
4. Мұнайды төгу және құю режимi, сақтау және тасымалдау құралдарының конструкциясы және оларды пайдалану шарттары мұнайға және оның өмiрлiк циклiнiң процестерiне қатысты техникалық регламенттерде белгiленген өрт қауiпсiздiгi нормаларына сәйкес келуге тиiс.
5. Мұнай өңдеу зауыттарына өңдеу үшiн жеткiзiлетiн мұнай осы Заңда және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген қауiпсiздiк нормаларына сәйкес келуге тиiс.
6. Мұнай тасымалдау әуе, темiржол, құбыр, теңiз, өзен және автомобиль көлiктерiнде қолданылатын ережелерге сәйкес жүзеге асырылуға және мұнайдың сақталуын қамтамасыз етуге тиiс.";
8) 36-3-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
"3. Теңiзде мұнай-газ құбырларын салу және пайдалану кезiнде адамның өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн жүргiзiлетiн операциялардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар мен нормалардың сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс.";
9) 41-бапта:
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3) мұнай операцияларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзуге және мұнайдың өмiрлiк циклi процестерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн талаптарды сақтауға;";
6) тармақшадағы "мемлекеттiк және (немесе) халықаралық стандарттарға" деген сөздер "техникалық регламенттерге" деген сөздермен ауыстырылсын;
7) тармақшадағы "eгep бұл қызметтер көрсету мемлекеттiк және (немесе) халықаралық стандарттарға сай болған жағдайда," деген сөздер алып тасталып, "мұнай операцияларын" деген сөздердiң алдынан "Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптар сақталған жағдайда," деген сөздермен толықтырылсын;
10) 45-баптағы "Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Су асты труба құбырлары мен кабельдерiн орнату, тарту мен пайдалану кезiнде қауiпсiздiк пен айналадағы ортаны қорғау ережелерiне" деген сөздер "мұнай айналымы саласындағы техникалық регламенттерге" деген сөздермен ауыстырылсын.
3. "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" 1995 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., N 23, 148-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 23, 321-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 15, 147-құжат; 2003 ж., N 10, 54-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 7-8, 23-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Авариялық-құтқару жұмыстары - ол жапа шеккендерге дер кезiнде көмек көрсетуге бағытталған iс-шаралар кешенi.
Авиакомпания - азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушының қолданыстағы сертификаты және жолаушылардың, жүктiң, теңдеме жүк пен почтаның әуе тасымалдарын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға лицензиясы бар заңды тұлға.
Авиация қауiпсiздiгi - ол авиация қызметiне заңсыз қол сұғу актiлерiнiң алдын алу және оларды болдырмау арқылы қамтамасыз етiлетiн авиацияның қалыпты және қауiпсiз қызметi.
Авиация қызметiне заңсыз қол сұғу - авиацияның қалыпты және қауiпсiз қызметiне қол сұғу арқылы адамдардың бақытсыз жағдайға ұшырауына, материалдық зиян шегуге, әуе кемесiнiң күшпен басып алынуына немесе қуылып кетуiне әкеп соқтыратын немесе осындай зардаптардың туындау қаупiн төндiретiн құқыққа қарсы әрекет немесе әрекетсiздiк.
Авиациялық жұмыстар - жеке шаруашылық салаларындағы (ауыл шаруашылығындағы, құрылыстағы, экспедициялар мен тағы басқаларға қызмет көрсетудегi) тапсырыс берушiлердiң технологиялық және өндiрiстiк процестерiн қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ эксперименттiк және ғылыми-зерттеу жұмыстарын, санитарлық және табиғатты қорғау iс-шараларын жүргiзу, халыққа медициналық көмек көрсету, табиғи зiлзала, авариялар мен апаттар зардаптарын жою үшiн авиация құралдарымен атқарылатын мамандандырылған операциялар.
Авиациялық оқиға - әуе кемесi ұшуды орындау мақсатында пайдаланылған кезде осы әуе кемесiнiң, оның экипажының, басқа авиация қызметшiлерiнiң қалыпты қызмет атқару жағдайының бұзылуына байланысты немесе сыртқы жағдайлардың әсерiне байланысты туындаған және адамдардың қаза табуына, елеулi зақымдарға, әуе кемесiнiң қирауына немесе мүлдем iстен шығуына әкеп соқтыратын оқиға.
Авиациялық тосын оқиға - ұшуды орындау мақсатында әуе кемесi пайдаланылған кезде осы әуе кемесiнiң, оның экипажының, басқа авиация қызметкерлерiнiң қалыпты қызмет атқаруының бұзылуына байланысты немесе сыртқы жағдайлардың әсерiне байланысты туындаған, бiрақ авиациялық уақиғаға әкеп соқтыра қоймаған оқиға.
Авиация сала ретiнде - ол қызметi әуе кемелерiнiң көмегiмен адамға жағдай жасауға және оның әуе кеңiстiгiн пайдалануына бағытталған ұйымдардың барлық түрi.
Қазақстан Республикасының авиациясы эксперименттiк, мемлекеттiк және азаматтық авиация болып бөлiнедi.
Азаматтық авиация - эксперименттiк авиация мен мемлекеттiк авиация құрамына кiрмейтiн және мынадай мақсаттарда:
а) жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктер мен почтаны тасымалдауда (әуе тасымалдары);
б) авиациялық жұмыстарды орындауда;
в) оқытып-үйрету, спорттық, мәдени-ағарту iс-шараларын жүргiзуде, техникалық шығармашылықты дамытуда;
г) әуе кемесiн пайдаланушының жеке қажеттерiн қанағаттандыруда;
д) iздестiру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуде, табиғи зiлзала болған жағдайларда жәрдем көрсетуде пайдаланылатын авиация.
Көрсетiлген мақсаттарда ақы алу немесе жалдау бойынша пайдаланылатын азаматтық авиация коммерциялық авиация деп танылады.
Жеке және заңды тұлғалардың меншiгiнде болатын әрi көрсетiлген мақсаттарда ақысыз және жалдаусыз пайдаланылатын азаматтық авиация жалпы мақсаттағы авиация деп танылады.
Азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушының сертификаты - азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушыларды сертификаттау ережелерiнде белгiленген талаптарға пайдаланушының сәйкестiгiн куәландыратын, уәкiлеттi орган берген құжат.
Апатқа ұшыраған әуе кемесi - ұшып көтерiлген, қонған немесе құлаған кезде қатты зақымдалған, немесе толық қираған әуе кемесi, сондай-ақ амалсыздан аэродромнан тысқары жерге қонған әуе кемесi.
Аса жеңiл авиация - ең үлкен массасы екi мың жетi жүз килограмнан аспайтын аса жеңiл ұшу аппараттарын, спорттық мақсаттағы және әуесқойлық конструкциядағы басқа да әуе кемелерiн, аэростаттық аппараттар мен көмекшi құрылғыларды пайдаланатын азаматтық авиация.
Аэродром - әуе кемелерiнiң ұшып-көтерiлуiн, қонуын, рульдеуiн, аялдауын және оларға қызмет көрсетiлуiн қамтамасыз ету үшiн арнайы әзiрленiп, жабдықталған жер немесе су учаскесi.
Аэродром жарамдылығының сертификаты - аэродромдарды пайдалану жарамдылығының нормаларына аэродромның сәйкестiгiн куәландыратын, уәкiлеттi орган берген құжат.
Аэронавигациялық ұйым - әуе қозғалысына қызмет көрсетудi жүзеге асыратын, аэронавигациялық және метеорологиялық ақпаратпен қамтамасыз ететiн ұйым.
Әуежай - әуе кемелерiн қабылдау мен жөнелтуге, әуе тасымалдарына қызмет көрсетуге арналған және осы мақсаттар үшiн аэродромы, аэровокзалы, басқадай ғимараттары, сондай-ақ қажеттi жабдықтары бар құрылыстар кешенi.
Әуежайдың бақыланатын аумағы - әуежайдың, аэродромның ұшуды аэронавигациялық қамтамасыз ету объектiлерiнiң жұмыс алаңы және кiрудi авиациялық қауiпсiздiк қызметi бақылайтын жанасып жатқан аумақ, қызметтiк ғимараттар, құрылыстар, қоймалар.
Әуежай қызметi - жеке және заңды тұлғалар әуе тасымалдарын, әуежайларда авиациялық қауiпсiздiк пен ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты жүзеге асыратын қызмет.
Әуе жолы - әуе кемелерiнiң ұшуына арналған және әуе қозғалысын басқару жүйесiнiң аэронавигациялық құрылғылармен бақыланатын дәлiз түрiндегi әуе кеңiстiгi.
Әуе кемесi - жер (су) бетiнен шағылысқан ауамен өзара әрекеттесуден өзгеше ауамен өзара әрекеттесу есебiнен атмосферада қалықтайтын ұшу аппараты.
Әуе кемесiмен жалданушы (фрахтовщик) - бiр сапарда немесе бiрнеше сапарда жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктердi, почтаны тасымалдау және басқа мақсаттар үшiн бiр немесе бiрнеше әуе кемесiнiң толық сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бiр бөлiгiн ақысын алып екiншi жаққа (әуе кемесiн жалдаушыға) беретiн әуе тасымалдаушысы.
Әуе кемесiн жалдаушы (фрахтователь) - бiр немесе бiрнеше сапарда жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктердi, почтаны тасымалдау немесе басқа мақсат үшiн бiр немесе бiрнеше әуе кемесiнiң толық сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бiр бөлiгiн ақысын алып жалға беруге әуе тасымалдаушысымен тиiстi шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға.
Әуе кемесiнiң ұшуы - ұшып көтерiлу алдындағы зымыраудан (тiк көтерiлген кезде - жер немесе су бетiнен ажыраудан) бастап зымырауының соңына (ұшып-қону алаңын аялдаусыз босатуына) дейiнгi немесе тiк қонған кезде жер (су) бетiне табан тiрегенге дейiнгi жер (су) бетiмен және әуе кеңiстiгiнде әуе кемесiнiң қозғалып жүруi.
Әуе навигациясы - бағдарламалық траектория бойынша әуе кемесiн ұшыру туралы қолданбалы ғылым.
Әуе тасымалдаушысы - көлiк құралдарын иеленуге меншiк құқығы немесе өзге де заңды негiздерi бар, ақысы төленетiн немесе жалдау бойынша жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктердi және почтаны тасымалдау жөнiнде қызмет көрсететiн әрi осыған белгiленген тәртiппен берiлген тиiстi рұқсаты немесе лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға.
Бiртұтас авиациялық iздестiру-құтқару қызметi (БАIҚҚ) - иелiгiнде әуе кемелерi бар министрлiктердiң, ведомстволар мен авиакомпаниялардың авиациялық iздестiру және құтқару қызметтерi, авиациялық-құтқару және парашюттiк қызметтерi.
Жолаушы - тасымалдаушымен жасалған шартқа сәйкес әуе көлiгiн пайдаланатын кез келген тұлға.
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгi - Қазақстан Республикасының құрлықтық және сулы аумағының, оның iшiнде аумақтық суларының үстiндегi әуе кеңiстiгi.
Қатер төнген әуе кемесi - өзiне немесе оның бортындағы адамдарға тiкелей қауiп төнген не онымен радиобайланысы үзiлген және тұрған жерi беймәлiм әуе кемесi.
Мемлекеттiк авиация - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң, Iшкi iстер министрлiгi Iшкi әскерлерiнiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң қарамағындағы, сондай-ақ Үкiметтiң шешiмi бойынша басқа да мемлекеттiк органдарының қарамағында болатын авиация.
Навигациялық жүйелер - жұмыс iстеу принциптерi әр алуан бiрнеше борттық құрылғылардың, сондай-ақ борттағы және жердегi жабдықтарды бiрлесе пайдалануға негiзделген құралдардың жиынтығы болып табылатын навигациялық құралдар.
Навигациялық құралдар - ұшақты ұшыру мақсатында қажеттi ақпарат алып отыруға мүмкiндiк беретiн арнайы техникалық құрылғылар.
Пайдаланушы - әуе кемелерiн пайдаланумен айналысатын немесе осы салада өзiнiң қызметiн ұсынатын жеке немесе заңды тұлға.
Тексеру жүргiзу - авиациялық оқиғаларды болдырмау мақсатында оқиға себебiн анықтау мен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi ұсынымдарды қоса алғанда, ақпарат жинау мен талдауды, қорытындылар әзiрлеудi қамтитын процесс.
Уәкiлеттi орган - өз құзыретi шегiнде азаматтық авиация саласындағы мемлекеттiк саясатты, азаматтық және эксперименттiк авиация қызметiн мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды, үйлестiру мен реттеудi және Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттiк басқару органы.
Ұшу жарамдылығының нормалары - әуе кемелерiнiң конструкциясына, параметрлерi мен ұшу сапасына және олардың ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған компоненттерiне қойылатын талаптар.
Ұшу жарамдылығының сертификаты - уәкiлеттi орган үлгi сертификаты негiзiнде берген, азаматтық әуе кемесiнiң ұшу жарамдылығының нормаларына сәйкестiгiн куәландыратын құжат.
Үлгi сертификаты - әуе кемесiнiң, авиациялық двигатель үлгiсiнiң және жаңа үлгiдегi әуе винтiнiң ұшу жарамдылығының нормаларына сәйкестiгiн растайтын, уәкiлеттi орган берген құжат.
Халықаралық әуежай - iшiнде кедендiк, шекаралық және санитарлық-карантиндiк бақылаулар ұйымдастырылып, халықаралық әуе тасымалдарын қамтамасыз ететiн әуежай.
Халықаралық әуе тасымалы - тасымалдау жұмысын атқарған кезде, тасымалдауда немесе қайта тиеуде үзiлiстiң болған-болмағандығына қарамастан, жөнелтiлу пунктi мен бару пунктi:
а) екi немесе одан да көп мемлекет аумағында орналасқан;
б) егер екiншi мемлекет аумағында аялдау көзделсе, бiр мемлекет аумағында орналасқан әуе тасымалы.
Халықаралық ұшу - әуе кемесi шет ел мемлекетi шекарасын кесiп өту кезiндегi әуе кемесiнiң ұшуы.
Чартерлiк шарт - әуе кемесiмен жалданушы және әуе кемесiн жалдаушы арасында жасалатын әуе кемесiн жалдау шарты.
Эксперименттiк авиация - авиация және басқа техника саласында тәжiрибелiк-конструкторлық, эксперименттiк, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен сынақтарын жүргiзуге арналған авиация.";
2) 5-баптың бiрiншi бөлiгiндегi "мемлекет, Қазақстан Республикасы азаматтарының" деген сөздер "адам өмiрi мен денсаулығын, қоршаған ортаны, мемлекет" деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 16-баптың бесiншi бөлiгiнде орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi;
4) 31-1-бап алып тасталсын;
5) мынадай мазмұндағы 31-3-баппен толықтырылсын:
"31-3-бап. Әуе кемелерi мен олардың жабдықтарының
қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы
техникалық реттеу
Техникалық реттеу объектiлерi:
1) әуе кемесi және оның жабдықтары;
2) әуе кемесiн және оның жабдықтарын жобалау процесi;
3) әуе кемесiн жасау және оның жабдықтарын өндiру процесi;
4) әуе кемесiн және оның жабдықтарын пайдалану процесi;
5) әуе кемесiн және оның жабдықтарын тасымалдау және сақтау процесi;
6) әуе кемесiн және оның жабдықтарын өткiзу процесi;
7) әуе кемесiн және оның жабдықтарын кәдеге жарату және жою процесi болып табылады.
Әуе кемелерi мен олардың жабдықтарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн техникалық реттеу саласындағы негiзгi талаптар техникалық регламенттерде белгiленедi.";
6) 46-баптың үшiншi бөлiгiнде "қолданылып жүрген заңдарға сәйкес" деген сөздер "Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес" деген сөздермен ауыстырылсын;
7) 71-баптың үшiншi бөлiгiнде орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, мемлекеттiк тiлдегi мәтiн өзгермейдi;
8) 89-баптың екiншi бөлiгiндегi "заңымен" деген сөз "заңдарымен" деген сөзбен ауыстырылсын;
9) 90-баптың бiрiншi бөлiгiнiң бiрiншi абзацындағы "заңында" деген сөз "заңдарында" деген сөзбен ауыстырылсын;
10) 99-бапта орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi.
4. "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 1996 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 2, 182-құжат; 1999 ж., N 11, 357-құжат; N 21, 787-құжат; 2003 ж., N 11, 56-құжат; 2004 ж., N 22, 131-құжат; N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 16, 70-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 16, 99-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) барлау - пайдалы қазбалардың кен орындарын iздестiруге және оларды бағалауға байланысты жұмыстар (операциялар);
2) барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалануға беру - мұнай мен газды сақтау үшiн жер асты құрылыстарын, сондай-ақ радиоактивтi қалдықтарды, зиянды заттарды және сарқынды суларды көму үшiн жер асты инженерлiк құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жөнiндегi жұмыстар;
3) геологиялық бөлу - жер қойнауын пайдаланушы барлау жүргiзуге құқылы жер қойнауының учаскесiн схемалық және сипаттамалық жағынан айқындайтын келiсiм-шарттың ажырамас бөлiгi болып табылатын барлауға, бiрлескен барлау мен өндiруге жасалатын келiсiм-шартқа қосымша;
4) жағалау жиегi - су объектiсi жағалауының судың барынша көтерiлуi (судың толуы) нәтижесiнде пайда болатын жиегi;
5) жер асты сулары - жер қойнауында жатқан және осы Заңға сәйкес пайдаланылатын пайдалы қазба;
6) жер қойнауы - топырақ қабатынан, ол жоқ болса - жер бетiнен және теңiздердiң, көлдердiң, өзендердiң және басқа да су айдындарының түбiнен төмен орналасқан, ғылыми-техникалық прогрестi ескере отырып жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге болатын тереңдiкке созылған жер қыртысының бөлiгi;
7) жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган - жер қойнауын геологиялық зерттеу, ұтымды және кешендi пайдалану саласында реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
8) жер қойнауын қорғау - Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында көзделген, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде жер қойнауының ластануын болғызбауға және жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялардың қоршаған ортаға зиянды әсерiн азайтуға бағытталған iс-шаралар жүйесi;
9) жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеу - жер қойнауы жай-күйiнiң мониторингiне, жер қойнауы учаскелерiнiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жекелеген бөлiктерiнiң және тұтастай бүкiл аумағының геологиялық құрылымын зерттеуге, оларда пайдалы қазбалардың болу перспективаларын iздестiру және iздестiру-бағалау жұмыстарын жүргiзу арқылы анықтауға, жер қойнауын пайдаланудың ақпараттық негiзiн құрайтын мемлекеттiк геологиялық карталар жасауға байланысты жұмыстар (операциялар);
10) жер қойнауын пайдаланудың қауiпсiздiгi - жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзген кезде техникалық, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
11) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар - жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеуге, барлауға және өндiруге, оның iшiнде жер асты суларын, шипалы балшықты барлауға және өндiруге, жер қойнауын сарқынды суларды ағызу үшiн барлауға байланысты жұмыстар, сондай-ақ барлауға және (немесе) өндiруге байланысты емес, жер асты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жөнiндегi жұмыстар;
12) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi ұлттық компания (бұдан әрi - ұлттық компания) - Үкiмет шешiмi бойынша құрылған, мемлекет немесе ұлттық холдинг жалғыз акционерi болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда жер қойнауын пайдаланудың белгiлi бiр салаларында қызметтi жүзеге асыратын акционерлiк қоғам;
13) жер қойнауын пайдалану құқығы - осы Заңға сәйкес жер қойнауын пайдаланушыға берiлген келiсiм-шарттық аумақ шегiндегi жер қойнауына иелiк ету және оны пайдалану құқығы;
14) жер қойнауын пайдалану саласындағы операцияларды жүргiзуге құқықтарды шоғырландыру - бiр елден шыққан бiр тұлғаның немесе тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының аумағында жер қойнауын пайдалану саласындағы операцияларды жүргiзуге арналған келiсiм-шарттарда осындай үлестi иеленуi немесе Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерiне қауiп төндiруi мүмкiн немесе қауiп төндiретiн Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдаланушылар болып табылатын ұйымдардың жарғылық капиталында осындай меншiк үлесiн иеленуi;
15) жер қойнауын пайдаланушы - осы Заңға сәйкес жер қойнауын пайдалану жөнiндегі операцияларды жүргізу құқығын иеленушi жеке немесе заңды тұлға;
16) жер қойнауы учаскесi - жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн тұйықталған шекараларда бөлiп көрсетiлетiн жер қойнауының геометрияланған бөлiгi;
17) жоғары технологиялар - Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген өнiмдi әлемдiк нарыққа ықпалдастыру мақсатында қолданылатын жаңа және жетiлдiрiлген өнiм мен барынша экологиялық таза технология ретiнде сатуға шығарылған техника мен технологиялық процестердегi жалпы жұрт мойындаған жаңа жетiстiктер;
18) жұмыс бағдарламасы - жер қойнауын пайдаланушының осы Заңның 41-5-бабының 5-тармағына сәйкес конкурстық ұсыныстардың шарттарын iске асыру жөнiндегi iс-шараларды қоса алғанда, келiсiм-шарт күшiнiң толық мерзiмiне арнаған жоспарларының жиынтығы;
19) жұмыстар - тауарларды шығару (өндiру), жабдықтарды монтаждау, құрылыстарды және жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде тiкелей пайдалану үшiн де, келiсiм-шартта көзделген қызмет үшiн де iлеспе ретiндегi өзге де қажеттi объектiлердi салу жөнiндегi қызметтi ақылы негiзде жүзеге асыру;
20) жұмыстың жылдық бағдарламасы - жер қойнауын пайдаланушының күнтiзбелiк жылға арналған барлау, өндiру жөнiндегi тау-кен жұмысының көлемi мен даму бағытын қамтитын iс-әрекеттерiнiң жоспары және қаржылық шығындары;
21) келiсiм-шарт - құзыреттi орган мен жеке немесе заңды тұлғаның (тұлғалардың) арасында барлау, өндiру, бiрлескен барлау мен өндiру жүргiзуге не барлауға және (немесе) өндiруге байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келiсiм-шарт жасасқан кезде Қазақстан Республикасының қолданыста болған заң актiлерiне сәйкес жасалған шарт;
22) келiсiм-шарттық аумақ - жер қойнауын пайдаланушы келiсiм-шартқа сәйкес жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар жүргiзуге құқылы, геологиялық не тау-кендiк бөлумен айқындалатын аумақ;
23) келiсiм-шарттың шеңберiнде құқықтарды шоғырландыру - Қазақстан Республикасымен жасалған келiсiм-шарттағы консорциумға қатысушылардың бiрiнiң осы қатысушыға келiсiм-шартқа сәйкес жер қойнауын пайдаланушының қызметi бойынша дербес шешiм қабылдауға мүмкiндiк беретiн үлесiнiң шамасы;
24) кен орны - пайдалы қазба (пайдалы қазбалар) табиғи шоғырланған жер қойнауының бөлiгi;
25) кен орындарын игерудiң оң iс-тәжiрибесi - жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде қолданылатын ұтымды, қауiпсiз, қажеттi және экономикалық тиiмдi деп саналатын жалпы қабылданған халықаралық iс-тәжiрибе;
26) кең таралған пайдалы қазбалар - табиғи күйiнде немесе сәл өңделiп, тазартылғаннан кейiн негiзiнен жергiлiктi шаруашылық мұқтаждарын қамтамасыз етуге жұмсалатын пайдалы қазбалар (құм, саз, қиыршық тас және басқалар);
27) кең таралған пайдалы қазбаларды өндiру - кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтаждары үшiн өндiруге қатысы жоқ кең таралған пайдалы қазбаларды кез келген өндiру;
28) кең таралған пайдалы қазбалар мен жер асты суларын өз мұқтаждары үшiн өндiру - өндiрiлген кең тараған пайдалы қазбаларға не жер асты суларына қатысты кейiннен мәмiлелер жасау ниетiнсiз, жеке меншiктегi, не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығындағы жер учаскесiнде жүзеге асырылатын өндiру;
29) коммерциялық табу - келiсiм-шарттық аумақта өндiру үшiн экономикалық жарамды бiр немесе бiрнеше кен орындарын табу;
30) қазақстандық мазмұн - жылдары бойынша:
қазақстандық кадрларды мiндеттi оқыту бағдарламаларын және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды iске асыру шаралары бойынша жыл сайын саны азаюға тиiс шетелдiк қызметкерге шаққандағы арақатынасында әрбiр санат бойынша жеке проценттiк мазмұнын көрсете отырып, қызметкер санаты бойынша бөлiп, қазақстандық кадрлар келiсiм-шартты орындаған кезде қолданылған;
тiкелей де, қосалқы мердiгерлiк шарттарды жасасу арқылы да иемденiп алынған Қазақстанда шығарылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетiлетiн қызметтердiң көлемiн қайта бөлу мүмкiндiгi бар проценттiк мазмұн;
31) қазақстандық өндiрушi - Қазақстанда шығатын тауарларды өндiретiн, жұмыстарды орындайтын және қызметтердi көрсететiн Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары;
32) қазақстандық шығарылым (Қазақстанда шығарылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) - тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң Қазақстан Республикасының аумағындағы тiкелей өндiрiсi (орындалуы);
33) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган - қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы және оның аумақтық органдары;
34) құзыреттi орган - Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын және келiсiм-шарттар жасау мен оларды орындауға байланысты құқықтарды жүзеге асыруда Қазақстан Республикасының атынан әрекет жасайтын мемлекеттiк орган;
35) қызметтер көрсету - жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде тiкелей пайдалану үшiн де, тауарларды немесе басқа да материалдық заттарды шығаруға (өндiруге) бағытталмаған, келiсiм-шартта iлеспе ретiнде көзделген қызметтер үшiн де қажет қызметтердi ақылы негiзде жүзеге асыру;
36) мердiгер - құзыреттi органмен жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге келiсiм-шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
37) минералдық шикiзат - жер қойнауының (тау жынысы, кен шикiзаты және басқалар) жер үстiне шығарылған, құрамында пайдалы қазба (пайдалы қазбалар) бар бөлiгi;
38) минералдық шикiзатты бастапқы өңдеу (байыту) - тау-кен өнеркәсiбi қызметiнiң өндiрiлген жерiнде жинауды, ұсатуды немесе үгiтудi, жiктеудi (сорттауды), брикеттеудi, агломерациялауды және физикалық-химиялық әдiстермен байытуды (пайдалы қазбалардың минералдық нысандарын, олардың агрегаттық-фазалық жай-күйiн, кристалдық-химиялық құрылымын айтарлықтай өзгертпестен) қамтитын, сондай-ақ пайдалы қазбаны өндiру жөнiндегi жұмыстардың (жер асты газдандыру және балқыту, химиялық және бактериялық ерiту, ұсақ тау-кен жынысты кен орнын ұсақтап және гидравликалық жолмен игеру) арнайы түрлерi болып табылатын өңдеу технологияларын қамтуы мүмкiн түрi;
39) минералдық шикiзатты өңдеу - минералдық шикiзаттан пайдалы қазбаны (пайдалы қазбаларды) бөлiп алуға байланысты жұмыстар;
40) модельдiк келiсiм-шарт - келiсiм-шарттардың жекелеген түрлерiнiң ерекшелiктерi, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi жекелеген операцияларды жүргiзу көрсетiле отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн және келiсiм-шарттар жасау кезiнде үлгi ретiнде пайдаланылатын типтiк келiсiм-шарт;
41) өндiру - минералдық шикiзатты уақытша сақтауды қоса алғанда, пайдалы қазбаларды жер қойнауынан жер бетiне шығаруға, сондай-ақ техногендi минералдық түзiлiмдерден алуға байланысты жұмыстардың (операциялардың) бүкiл кешенi;
42) пайдалы қазба - жер қойнауында қатты, сұйық немесе газ күйiнде кездесетiн (соның iшiнде шипалы балшық) материалдық өндiрiсте қолдануға жарамды табиғи минералдық түзiлiм;
43) пайдалы қазбаларды ұтымды және кешендi пайдалану - кен орнын игерудiң озық технологияларын пайдалану мен оң iс-тәжiрибесi негiзiнде жер қойнауы ресурстарының барлық түрлерiн экономикалық тұрғыдан тиiмдi игеру;
44) сақтық аймағы - Қазақстан Республикасының аумағында теңiз жағалауы жиегiнен құрлыққа қарай бес километрге созылып жатқан аймақ;
45) сервитут - жеке және заңды тұлғалардың осы Заңда көзделген жағдайларда барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес барлау, өндiру, бiрлескен барлау жүргiзу және өндiру, не жер асты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану үшiн басқа тұлғаларға берiлген жер қойнауы учаскесiнiң бiр бөлiгiн шектеулi түрде нысаналы пайдалану құқығы;
46) тарату қоры - Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялардың салдарын жою үшiн жер қойнауын пайдаланушы құратын қор;
47) тарихи шығындар - мемлекет келiсiм-шарттық аумақты геологиялық зерттеуге, кен орындарын iздестiруге, барлауға жұмсаған бұрынғы жиынтық шығындар;
48) тауарлар - жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде тiкелей пайдалану үшiн де, келiсiм-шартта iлеспе ретiнде көзделген қызметтер үшiн де сатып алынатын жабдық, дайын өнiм және өзге де материалдық-техникалық құндылықтар;
49) тауарларды, жұмыстарды және қызметтер көрсетудi сатып алудың жылдық бағдарламасы - тауарлардың, жұмыстардың және көрсетiлетiн қызметтердiң, оның iшiнде Қазақстанда шығарылғандарының, жер қойнауын пайдаланушы жоспарлайтын номенклатурасы мен көлемi және оларды иемденiп алудың тәсiлдерi мен мерзiмдерi;
50) тау-кендiк бөлу - жер қойнауын пайдаланушының өндiрудi, барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды жүргiзуге құқығы бар жер қойнауы учаскесiн графикалық және сипаттамалық жағынан айқындайтын, өндiруге, бiрлескен барлау мен өндiруге, барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға, кең таралған пайдалы қазбаларды өндiруге жасалатын келiсiм-шарттардың ажырамас бөлiгi не сервитут ресiмделген жағдайда дербес құжат болып табылатын құжат;
51) теңiздi ластау - адамдардың денсаулығына, теңiздiң жанды ресурстарына және теңiздiң экожүйесiне зиян келтiретiн не зиян келтiруге қабiлеттi, теңiзде не оның жағалауында заңды жұмысты жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаларға кедергiлер жасайтын немесе залал келтiретiн не залал келтiруге қабiлеттi материалдардың, заттардың, энергияның, шудың, тербелiстiң теңiз аясына келiп түсуi, сондай-ақ сәулелер мен өрiстердiң алуан үлгiлерiнiң пайда болуы;
52) техногендiк минералдық түзiлiмдер - жер қойнауын пайдаланушылардың тау-кен өндiру және байыту, металлургиялық және басқа да түрлi өндiрiстерiнiң қалдықтары болып табылатын, пайдалы компоненттерi бар минералдық түзiлiмдердiң, кен жыныстарының, сұйықтар мен қоспалардың шоғыры;
53) техногендiк су - жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қалауы бойынша билiк етуге құқылы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде технологиялық процестердi өткiзу үшiн мүлде жойылуы қажет су;
54) iздестiру-бағалау жұмыстары - табылған объектiнiң жалпы ресурстарын анықтау, олардың өнеркәсiптiк маңызын бағалау және игеруге тартудың орындылығын техникалық-экономикалық негiздеу мақсатындағы геологиялық барлау жұмыстарының сатысы;
55) iздестiру жұмыстары - пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерi мен кендiк нышандарын табу және сұлбасын жасау, болжамдық ресурстарын бағалау, оларға алдын ала геологиялық-экономикалық баға берiп, геологиялық-барлау жұмыстарын одан әрi негiздеу мақсатындағы геологиялық барлау жұмыстарының сатысы;
56) экологиялық қауiпсiздiк - қоршаған ортаға антропогендiк және өзге де әсер ету нәтижесiнде туындайтын қатерлерден жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң өмiрлiк маңызы бар мүдделерi мен құқықтары қорғалуының жай-күйi.";
2) 3-бап мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
"8) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн жер қойнауын пайдалану саласында өнiмнiң, оның өмiрлiк циклi процестерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету.";
3) 7-бап мынадай мазмұндағы 16) тармақшамен толықтырылсын:
"16) жер қойнауын пайдалану саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi.";
4) 8-баптың 1-тармағында:
11) тармақша "жер қойнауын" деген сөздердiң алдынан "техникалық регламенттердi қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 12), 13) тармақшалармен толықтырылсын:
"12) жер қойнауын пайдалану саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеу;
13) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтiретiн тәуекелдерге талдау жүргiзу және оларды бағалау.";
5) 8-3-баптың 1-тармағындағы "мемлекеттiк және (немесе) халықаралық стандарттарға" деген сөздер "Қазақстан Республикасының заңнамасына" деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 45-1-бап алып тасталсын;
7) 45-2-баптың 1-тармағының 3) тармақшасындағы "Осы Заңның 45-1-бабының 4-тармағына сәйкес" деген сөздер алып тасталсын;
8) 63-баптың 1-тармағында:
мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
"1-1) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде адам өмiрiнiң, денсаулығының және қоршаған ортаның қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге;";
7) тармақшадағы "мемлекеттiк және (немесе) халықаралық стандарттарға" деген сөздер "Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасының талаптарына" деген сөздермен ауыстырылсын;
9) 63-2-бапта:
1-тармақтағы "мемлекеттiк және (немесе) халықаралық стандарттарға" деген сөздер "Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасының талаптарына" деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақтағы "белгiленген стандарттарға" деген сөздер "Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына" деген сөздермен ауыстырылсын.
5. "Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы" 1996 жылғы 5 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 11-12, 263-құжат; 1998 ж., N 23, 416-құжат; 1999 ж., N 4, 101-құжат; 2000 ж., N 6, 145-құжат; 2003 ж., N 14, 112-құжат; 2004 ж., N 11-12, 67-құжат, N 23, 142-құжат, 2006 ж., N 1, 5-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
авария - технологиялық процестiң бұзылуы, механизмдердiң, жабдықтар мен ғимараттардың зақымдануы;
апат - аймақтық және iрi ауқымды төтенше жағдайдың пайда болуына әкелiп соққан жойқын құбылыс;
дүлей зiлзала - төтенше жағдайдың пайда болуына әкелiп соққан зiлзала;
зiлзала - төтенше жағдайдың пайда болуына әкелiп соққан жойқын құбылыс;
өнеркәсiп объектiсiнiң қауiпсiздiгi декларациясы - өнеркәсiп объектiсiндегi ықтимал төтенше жағдайлардың сипаты мен ауқымы туралы ақпарат беретiн және объектiнi пайдалануға беру, оның жұмыс iстеуi мен пайдаланудан шығарылуы кезеңдерiнде олардың алдын алу және жою жөнiнде меншiк иесi қабылдаған шаралар туралы хабарлайтын құжат;
табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар - дүлей зiлзала (жер сiлкiнiсi, сел, көшкiн, су тасқыны және басқалар), табиғи өрт, iндеттер мен малдың жұқпалы аурулары, ауылшаруашылық өсiмдiктерiнiң және ормандардың кеселдерi мен зиянкестерi арқылы зақымдануын туғызған төтенше жағдайлар;
техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар - өнеркәсiп, көлiк авариялары және басқа да авариялар, өрт (жарылыс), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық жағынан қауiптi заттарды тарататын (тарату қаупi бар) авария, үйлер мен ғимараттардың кенеттен қирауы, бөгендердiң бұзылуы, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электр-энергетика және коммуникация жүйелерiндегi, тазарту құрылыстарындағы авария туғызған төтенше жағдайлар;
төтенше жағдай - адамдардың қаза табуына әкелiп соққан немесе әкелiп соғуы мүмкiн, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге нұқсан келтiрген немесе келтiруi мүмкiн, халықты едәуiр дәрежеде материалдық шығындарға ұшыратып, тiршiлiк жағдайын бұзған немесе бұзуы мүмкiн авария, зiлзала немесе апат салдарынан белгiлi бiр аумақта туындаған жағдай;
төтенше жағдай аймағы - төтенше жағдай туындаған белгiлi бiр аумақ. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар таралу ауқымына және келтiрген нұқсанның көлемiне қарай объектiлiк, жергiлiктi, өңiрлiк және жаhандық болып бөлiнедi;
төтенше жағдайларды жою - төтенше жағдайлар пайда болған кезде жүргiзiлетiн және адамдардың өмiрiн сақтап, денсаулығын қорғауға, залал мен материалдық шығындар көлемiн азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдайлар аймағының одан әрi таралмауына бағытталған құтқару, авариялық-қалпына келтiру жұмыстары мен басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстар;
төтенше жағдайлардың алдын алу - алдын ала жүргiзiлетiн және төтенше жағдайлардың пайда болу қатерiн мүмкiн болғанынша азайтуға, адамдардың денсаулығы мен өмiрiн сақтауға, залал мен материалдық шығын мөлшерiн кемiтуге бағытталған шаралар кешенi.";
2) 10-бапта:
мынадай мазмұндағы жетiншi абзацпен толықтырылсын:
"техникалық регламенттердi бекiтедi;";
он бiрiншi абзацтағы "мемлекеттiк инспекцияны" деген сөздер "мемлекеттiк бақылауды" деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 11-баптың екiншi бөлiгiнде:
үшiншi абзацтағы "нормативтердi, стандарттар мен ережелердi" деген сөздер "техникалық регламенттердi қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiлердi" деген сөздермен ауыстырылсын;
оныншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiнде мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;";
мынадай мазмұндағы он тоғызыншы және жиырмасыншы абзацтармен толықтырылсын:
"табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында зардап шеккендерге, оның iшiнде авариялық-құтқару қызметтерiнiң қызметкерлерiне шұғыл медициналық көмек көрсетедi;
табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында техникалық регламенттердi әзiрлейдi.";
4) 12-бап мынадай мазмұндағы төртiншi абзацпен толықтырылсын:
"техникалық регламенттер әзiрлейдi және оларды әзiрлеуге қатысады;";
5) 14-бап мынадай мазмұндағы төртiншi абзацпен толықтырылсын:
"табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы техникалық регламенттерге талдау жасау.";
6) 25-баптың екiншi бөлiгiнiң екiншi абзацындағы ", жоспарлау алдындағы, жобалау алдындағы" деген сөздер алып тасталсын;
7) 26-баптың екiншi бөлiгiндегi "алдын ала жобалау, сондай-ақ жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының жекелеген түрлерi" деген сөздер "жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы" деген сөздермен ауыстырылсын;
8) 34-бапта:
"стандарттар" деген сөз "техникалық регламенттер" деген сөздермен ауыстырылсын;
орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi.
6. "Жол жүрiсi қауiпсiздiгi туралы" 1996 жылғы 15 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 14, 273-құжат; 2001 ж., N 24, 338-құжат; 2003 ж., N 10, 54-құжат; N 12, 82-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 7-8, 23-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
жол - мемлекеттiк есепке алуға жататын және көлiк құралдарының жүруiне арналған инженерлiк құрылыс кешенi болып табылатын жалпы пайдаланудағы автомобиль жолы, шаруашылық автомобиль жолы, қала мен елдi мекен көшесi. Жол бiр немесе бiрнеше жүрiс бөлiгiн, сондай-ақ трамвай жолдарын, тротуарларды, жол жиектерiн және бөлу өңiрлерi болған жағдайда - соларды қамтиды;
жол жүрiсi - адамдар мен жүктiң жолдармен көлiк құралдарын пайдаланып не оларсыз (жүргiншiлер) жүрiсi кезiнде, сондай-ақ осы жүрiс ережелерiн реттеу процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастар жиынтығы;
жол жүрiсi қауiпсiздiгi - жол-көлiк оқиғалары мен олардың зардаптарынан жол жүрiсiне қатысушылар мен мемлекеттiң қорғалу дәрежесiн көрсететiн жол жүрiсiнiң жай-күйi;
жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету - жол-көлiк оқиғаларының туындауын болғызбауға, олардың зардаптарының ауырлығын азайтуға бағытталған қызмет;
жол жүрiсiне қатысушы - жүргiзушi, жүргiншi, көлiк құралының жолаушысы, мал айдаушы ретiнде жүрiс процесiне тiкелей қатысатын адам;
жол жүрiсiн реттеудiң техникалық құралдары - жол белгiлерi, жол таңбалары, бағдаршамдар (олардың жұмыс бағдарламасын айқындайтын жабдықтарды қоса алғанда), темiр жол өткелдерiндегi реттегiш құрылғылар, сондай-ақ жол қоршаулары мен бағыттаушы құрылғылар;
жол жүрiсiн ұйымдастыру - жолдардағы жүрiстi басқару жөнiндегi ұйымдық-техникалық шаралар мен өкiм жүргiзетiн iс-қимылдар кешенi;
жол-көлiк оқиғасы - көлiк құралдарының жол бойында жүрiсi процесiнде және оның қатысуымен туындаған, адамдар қаза тапқан немесе жарақаттанған, көлiк құралдары, ғимараттар, жүк бүлiнген не өзге де материалдық залал келтiрген оқиға;
көлiк құралы - адамдарды, жүктi немесе үстiне орнатылған жабдықтарды жолдармен тасымалдауға арналған қондырғы;
механикалық көлiк құралы - мопедтен басқа, двигатель арқылы жүретiн көлiк құралы. Бұл ұғым тракторлар мен өздiгiнен жүретiн машиналарға да қолданылады;
тiркеме - двигательмен жабдықталмаған және механикалық көлiк құралының құрамында жүруге арналған көлiк құралы. Бұл ұғым жартылай тiркемелер мен ұзартылмалы тiркемелерге де қолданылады.";
2) 5-баптың он бiрiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"жол жүрiсi қауiпсiздiгін қамтамасыз ету саласында техникалық реттеу;";
3) 6-баптың үшiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"техникалық регламенттердi бекiту;";
4) 7-бап мынадай мазмұндағы он екiншi абзацпен толықтырылсын:
"техникалық регламенттердi әзiрлеу.";
5) 16-баптың 2-тармағында орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi;
6) 18-бапта:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"18-бап. Көлiк құралдарын пайдалану кезiнде жол жүрiсi
қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жалпы талаптар";
1-тармақтағы "стандарттар мен басқа да нормативтiк құжаттардың талаптарына" деген сөздер "техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға" деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтағы "техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi орган бекiтетiн ережелер мен рәсiмдерге сәйкес мiндеттi түрде сертификатталуға" деген сөздер "Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сәйкестiгi расталуға" деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақтың екiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:
"Механикалық көлiк құралы мен тiркеменiң техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптарына сәйкестiгiн растау саласындағы құжаты болмаса, оны мемлекеттiк тiркеуге тыйым салынады.";
4-тармақтағы "қайта сертификаттауды" деген сөздер "Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен сәйкестiктi қайта растауды" деген сөздермен ауыстырылсын;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Жол қозғалысына қатысатын көлiк құралдарының конструкциясы, техникалық жай-күйi және жабдықтары жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты мынадай негiзгi талаптарға:
1) көлiк құралында жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн тежегiш жүйе, рульдiк басқару, артқы жағын шолу айнасы, дыбыс сигналы, шассилер, жарық беру аспаптары болуына;
2) көлiк құралдарын қауiпсiз басқаруға мүмкiндiк беретiн шолу мен көрудiң жеткiлiктi мөлшерде қамтамасыз етiлуiне;
3) адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтiру қаупiн болғызбайтын қосымша жабдық тетiктерi, заттары және көлiк құралының бейiмделген құрылғылары болуына;
4) жол-көлiк оқиғасы болған жағдайда жолаушылар және жол қозғалысының басқа да қатысушылары үшiн қауiпiсiздiктi бәсеңдетудi қамтамасыз етуге сәйкес келуге тиiс.";
мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
"6. Көлiк құралдарын пайдалану кезiнде олардан қоршаған ортаға бөлiнетiн шығарындылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген жол берiлетiн деңгейден аспауға тиiс.";
7) 20-баптың 2-тармағындағы ", стандарттардың" деген сөз алып тасталсын;
8) 21-баптың 1-тармағында:
екiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"көлiк құралдарының конструкциясы осы Заңның талаптарына және техникалық регламенттерге сәйкес келмесе;"
алтыншы абзацтағы "стандарттардың талаптары" деген сөздер "белгiленген талаптар" деген сөздермен ауыстырылсын;
9) 23-баптың 1-тармағындағы "Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген стандарттармен" деген сөздер "техникалық регламенттермен" деген сөздермен ауыстырылсын;
10) 24-бапта:
1-тармақтың бiрiншi бөлiгiндегi "стандарттарды және жол жүрiсi қауiпсiздiгін қамтамасыз етуге қатысты өзге де нормативтiк құқықтық құжаттар" деген сөздер "техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптары" деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақтың бiрiншi бөлiгiндегi "жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты нормалар, ережелер, стандарттар және басқа да нормативтiк құжаттар талаптарына" деген сөздер "жүрiсiнiң техникалық регламенттерiнде белгiленген талаптарға" деген сөздермен ауыстырылсын;
4-тармақтағы "белгiленген ережелерге, стандарттарға, техникалық және басқа да нормативтiк құжаттарға" деген сөздер "техникалық регламенттерге" деген сөздермен ауыстырылсын;
11) 27-бапта орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi.
7. "Өрт қауiпсiздiгi туралы" 1996 жылғы 22 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 18, 368-құжат; 1998 ж., N 23, 416-құжат; 1999 ж., N 20, 728-құжат; N 23, 931-құжат; 2000 ж., N 6, 142-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 14, 112-құжат; N 24, 177-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
ерiктi өрт сөндiрушi - өрттiң алдын алу және (немесе) сөндiру жөнiндегi қызметке ерiктi негiзде (жеке еңбек шартын жасаспай) тiкелей қатысатын азамат;
қоныстану аумағы - елдi мекен аумағының тұрғын үй қорын, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарды, сондай-ақ жекелеген коммуналдық және өнеркәсiптiк объектiлердi орналастыруға арналған бөлiгi;
мемлекеттiк өрт бақылау - өрт қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын бақылау және оларды бұзушылықтың алдын алу мақсатында өртке қарсы қызмет органдарының лауазымды тұлғалары жүзеге асыратын қызмет түрi;
өрт - адамдардың өмiрi мен денсаулығына, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiне зиян, материалдық залал келтiретiн бақылаусыз жану;
өртке қарсы ерiктi құралымдар - азаматтардың елдi мекендерде және ұйымдарда өрттiң алдын алу мен оны сөндiрудi ұйымдастыруға қатысу нысаны;
өртке қарсы қызмет - белгiленген тәртiппен құрылған басқару органдарының, өрт сөндiру органының және оның облыстардағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы) филиалдарының күштерi мен құралдарының, соның iшiнде өрттiң алдын алу мен оны сөндiрудi ұйымдастыруға, олармен байланысты бiрiншi кезектегi авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге арналған өртке қарсы құрылымдардың жиынтығы;
өртке қарсы шаралар режимi - өрт қауiпсiздiгi талаптарының бұзылуына жол берiлмеуiн және өрттiң сөндiрiлуiн қамтамасыз ететiн азаматтардың мiнез-құлық ережелерi, өндiрiстiк және шаруашылық қызметiн ұйымдастыру тәртiбi, құрылыстарды, ғимараттарды, үй-жайларды (аумақтарды), өндiрiстiк және арнаулы жабдықтарды күтiп ұстау шарттары;
өрт қауiпсiздiгi - адамдардың, мүлiктiң, меншiктiң, қоғам мен мемлекеттiң өpттeн қорғалу жай-күйі;
өрт қауiпсiздiгiнiң талаптары - өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген әлеуметтiк және (немесе) техникалық сипаттағы арнаулы шарттар;
өрт қауiпсiздiгiнiң талаптарын бұзу - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленген өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормаларды, ережелер мен нұсқауларды орындамау немесе тиiсiнше орындамау;
өрт қауiпсiздiгi шаралары - өрт қауiпсiздiгi талаптарын орындау жөнiндегi iс-әрекет;
өрт сөндiру-техникалық өнiмi - өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге арналған арнаулы техникалық, ғылыми-техникалық және санаткерлiк өнiмi, соның iшiнде өрт сөндiру техникасы мен жабдығы, өрт сөндiру құралдары, от сөндiретiн және оттан қорғайтын заттар, арнаулы байланыс және басқару құралдары, электронды есептеу машиналарына арналған бағдарламалар мен деректер базалары, сондай-ақ өрттiң алдын алу мен сөндiрудiң өзге де құралдары;
өрттi сөндiруге байланысты бiрiншi кезектегi авариялық-құтқару жұмыстары - адамдарды, мүлiктi, меншiктi құтқару мен басқа жерге көшiру, өрт кезiнде зардап шеккендерге дәрiгер келгенге дейiнгi алғашқы көмек көрсету жөнiндегi жауынгерлiк iс-әрекеттерi;
уәкiлеттi орган - өрт қауiпсiздiгi саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган).";
2) 5-бап мынадай мазмұндағы он екiншi, он үшiншi және он төртiншi абзацтармен толықтырылсын:
"өрт қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi;
дала өрттерiн, сондай-ақ мемлекеттiк өрт сөндiру мекемелерi құрылмаған елдi мекендердегi өрттi сөндiру тәртiбiн белгiлейдi;
өрт қауiпсiздiгi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленбеген талаптарды келiсу тәртiбiн белгiлейдi.";
3) 6-бапта:
5) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 12), 13) тармақшалармен толықтырылсын:
"12) өрт қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлейдi;
13) өрт қауiпсiздiгi саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың орындалуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады.";
4) 9-1-баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) барлық мемлекеттiк органдардың, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылатын өрт қауiпсiздiгi нормалары мен ережелерiн және, өрт қауiпсiздiгi талаптарын белгiлейтiн техникалық регламенттердi қоспағанда, өрт қауiпсiздiгi мәселелерiн реттейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi;";
5) 9-5-бап мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
"Мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғаларға:
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бақылау жөнiндегi мемлекеттiк бас инспекторы - уәкiлеттi органның басшысы;
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бақылау жөнiндегi мемлекеттiк бас инспекторының орынбасарлары - уәкiлеттi орган басшысының орынбасарлары;
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бақылау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары - уәкiлеттi органның барлық санаттағы мамандары;
облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттiк бақылау жөнiндегi мемлекеттiк бас инспекторлары - уәкiлеттi органның аумақтық органдарының басшылары;
облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттiк бақылау жөнiндегi мемлекеттiк бас инспекторларының орынбасарлары - уәкiлеттi органның аумақтық органдары басшыларының орынбасарлары;
облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттiк бақылау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары - уәкiлеттi органның аумақтық органдарының барлық санаттағы мамандары жатады.";
6) 14-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"14-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы құқықтық реттеу
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы құқықтық реттеу - нормативтiк құқықтық актiлерде мiндеттi түрде орындалуға тиiс өрт қауiпсiздiгi талаптарын белгiлеу.
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерге өрт қауiпсiздiгiнiң нормалары мен ережелерi, өрт қауiпсiздiгiнiң талаптарын қамтитын нұсқаулықтар, техникалық регламенттер және өзге де нормативтiк құқықтық актiлер жатады.
Өнiмге және оның өмiрлiк циклiнiң процестерiне қойылатын өрт қауiпсiздiгiнiң талаптары техникалық регламенттерде белгiленедi.
Мемлекеттiк органдар әзiрлейтiн және өрт қауiпсiздiгi талаптарын белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлер уәкiлеттi органмен мiндеттi түрде келiсiлуге тиiс.";
7) 23-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"23-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы лицензиялау және
сәйкестiктi растау
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы лицензиялау және сәйкестiктi растау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады";
8) мынадай мазмұндағы 4-1-тараумен толықтырылсын:
"4-1-тарау. Өрт қауiпсiздiгiнiң жалпы талаптары
23-1-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы техникалық реттеу
объектiлерi
Өнiм және оның өмiрлiк циклiнiң процестерi өрт қауiпсiздiгi саласындағы техникалық реттеу объектiлерi болып табылады.
23-2-бап. Жобалау, салу, реконструкциялау және өндiру
кезiндегi өрт қауiпсiздiгi талаптары
Техникалық реттеу объектiлерiн жобалау, салу, реконструкциялау және өндiру кезiнде:
1) объектiлердi орналастыру;
2) объектiлердi пайдалану;
3) объектiлердi өрт-техникалық тұрғыдан жiктеу;
4) объектiлердi өрт депосы ғимараттарымен және құрылыстармен қамтамасыз ету;
5) адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
6) өрттiң таралуын болғызбау;
7) өрттi сөндiру мүмкiндігiн қамтамасыз ету;
8) өрт сөндiру кезiнде құтқару жұмыстарын жүргiзу жөнiндегi талаптар сақталуға тиiс.
23-3-бап. Пайдалану, сақтау, тасымалдау, қолдану және өткiзу
кезiндегі өрт қауiпсiздiгі талаптары
Техникалық реттеу объектiлерiн пайдалану, сақтау, тасымалдау, қолдану және өткiзу кезiнде:
1) өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырушылық және техникалық iс-шаралар;
2) адамдарды эвакуациялау жолдары;
3) өрт шыққан жағдайда адамдардың қауiпсiздiгi мен iс-қимыл тәртiбiн қамтамасыз ету;
4) инженерлiк жүйелермен жарақталуы және олардың жұмыс жағдайына келтiрiлуi;
5) өрт автоматикасы жүйесiмен жарақталуы және оның жұмыс жағдайына келтiрiлуi, оған қызмет көрсету және қызмет көрсететiн қызметкерлер ұдайы болатын орындарға шығару;
6) өрт техникасымен жарақталуы және оның жұмыс жағдайына келтiрiлуi;
7) өрттiң таралуын болғызбау;
8) өрттi сөндiру мүмкiндiгiн қамтамасыз ету;
9) аумақтарды, ғимараттар мен құрылыстарды, объектiлердiң үй-жайларын күтiп-ұстау;
10) өрт сөндiру кезiнде құтқару жұмыстарын жүргiзудi қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар сақталуға тиiс.".
8. "Қоршаған ортаны қорғау туралы" 1997 жылғы 15 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 17-18, 213-құжат; 1998 ж., N 24, 443-құжат; 1999 ж., N 11, 357-құжат; N 23, 931-құжат; 2001 ж., N 13-14, 171-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2004 ж., N 10, 57-құжат; N 23, 137, 142-құжаттар; 2005 ж., N 7-8, 23-құжат; N 14, 57-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 3, 22-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
аз қалдықты технология - өнiмдер бiрлiгiн шығару кезiнде осы өнiмдердi алудың қолданылып жүрген тәсiлдерiмен салыстырғанда қалдықтардың аз саны пайда болатын өнiмдердi шығару процесi;
аудиттелетiн субъект - экологиялық аудитормен немесе экологиялық аудиторлық ұйыммен экологиялық аудит жүргiзуге шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
коммуналдық-тұрмыстық қалдықтар - адамның тiршiлiк әрекетi нәтижесiнде пайда болған қалдықтар;
қалдықтарды орналастыру объектiсi - полигондар, күл-қоқыс сақтау орындары, қалдық сақтау орындары, кен жыныстарының үйiндiлерi мен қалдықтарды сақтауға және көмуге арналған басқа да арнайы жабдықталған орындар;
қалдықтардың қауiптiлiк сыныбы - адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға ықтимал зиянды әсер ету дәрежесi бойынша анықталатын қалдықтардың зияндылық көрсеткiшi;
қалдықтардың паспорты - қалдықтардың сандық және сапалық сипаттамасын куәландыратын құжат;
қалдықтардың түрi - ортақ белгiлерi бар қалдықтардың жиынтығы;
қалдықтармен жұмыс iстеу - қалдықтардың пайда болуына, жиналуына, сақталуына, пайдаланылуына, кәдеге жаратылуына, тасымалдануына және көмiлуiне байланысты қызметтiң барлық түрлерi;
қалдықтармен жұмыс iстеу нормативтерi - қалдықтардың қоршаған ортаға әсер етуiн ескере отырып, олардың пайда болуына, жиналуына, сақталуына, пайдаланылуына, кәдеге жаратылуына, тасымалдануына және көмiлуiне байланысты сандық және сапалық шектеулер;
қауiптi қалдықтар - зиянды заттарды қамтитын және қауiптi қасиеттерi бар (уыттылық, жарылыс қаупi, өрт қаупi, жоғары реакциялық қабiлетi бар) не адам денсаулығы мен қоршаған орта үшiн жеке тұрғанда немесе басқа заттармен өзара әрекетке түскен кезде қауiп төндiруi мүмкiн қалдықтар;
қолайлы қоршаған орта - объектiлерiнiң жай-күйi экологиялық қауiпсiздiктi және халықтың денсаулығын сақтауды, ластануға жол бермеудi, экологиялық жүйелердiң тұрақты жұмыс iстеуiн, табиғи ресурстарды молықтыруды және ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететiн орта;
қоршаған орта - табиғи объектiлердiң, өзара қарым-қатынастағы атмосфералық ауаны, Жердiң озон қабатын, суды, топырақты, жер қойнауын, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн, сондай-ақ климатты қоса алғанда жиынтығы;
қоршаған ортаға және адам денсаулығына келтiрiлетiн нұқсан (зиян) - қоршаған ортаны ластау немесе тiрi организмдер мен адамның ауыруын, жұтауын немесе қырылуын, табиғи ресурстардың сарқылуын туғызған немесе туғызатындай етiп табиғи ресурстарды белгiленген нормативтерден тыс алып қою;
қоршаған ортаға ықпал етудiң жол берiлетiн шектi нормативтерi - экологиялық жүйелердiң тұрақтылығын бұзуға әкеп соқпайтын, қоршаған ортаға барынша жасалуы мүмкiн антропогендiк ауыртпалық;
қоршаған ортаны қорғау - табиғат пен адамның өзара үйлесiмдi iс-қимылына, қоршаған ортаның сапасын жақсартуға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молықтыруға бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық шаралар жүйесi;
қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар - қоршаған ортаны қорғауға және оның сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық, техникалық, ұйымдастырушылық, әлеуметтiк және экономикалық шаралар кешенi;
қоршаған ортаны қорғау объектiлерi - қоршаған ортаның заңнамамен қорғалатын құрамдас бөлiктерi;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның табиғат пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау заңнамасын, қоршаған орта сапасының нормативтерiн және экологиялық талаптарды сақтауын бақылау жөнiндегi қызметi;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган - қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттiк саясатты iс жүзiне асыратын Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және оның аумақтық органдары;
қоршаған ортаны ластау - қоршаған ортаға ықтимал қауiптi химиялық және биологиялық заттардың, радиоактивтi материалдардың, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарының түсуi, сондай-ақ қоршаған ортаға шудың, тербелiстiң, магниттi өрiстердiң және өзге де зиянды физикалық ықпалдардың әсерi;
қоршаған ортаны ластауға лимиттер - ластағыш заттардың, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарының жалпы түсу көлемiнiң, сондай-ақ қоршаған ортаға шудың, тербелiстiң, магниттi өрiстер мен өзге де зиянды физикалық ықпалдар әсерi деңгейлерiнiң қолайлы қоршаған орта сақталатын шектерi;
қоршаған ортаның мониторингi - адамды қоршаған табиғи ортаның жай-күйiн бақылау және адамдардың денсаулығы мен өзге де тiрi организмдерге зиянды немесе қауiп туғызатын қатерлi ахуалдар туралы ескерту;
қоршаған ортаның сапасы - қоршаған ортаның құрамы мен қасиеттерiнiң сипаттамасы;
ластағыш заттардың қордалануы мен ықпал ету деңгейiнiң жол берiлетiн шектi нормативтерi - атмосфералық ауада, су объектiлерiнде, топырақта ластағыш заттардың жол берiлетiн құрамының және қоршаған ортаға физикалық факторлар ықпалының адам денсаулығын сақтау және өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiне зиянды әсерiне жол бермеу мақсатында белгiленетiн шамасы;
ластағыш заттардың шығарылуы мен тасталуына жол берiлетiн шектi нормативтерi - атмосфераға, су объектiлерiне, топыраққа шығарылатындар мен тасталатындардағы ластағыш заттардың, қоршаған ортаға жасалатын физикалық ықпалдық ол жасалған жағдайда жол берiлетiн ауыртпалықтың экологиялық нормативтерiнiң сақталуын қамтамасыз ететiн көлемi;
өндiрiс қалдықтары - өнiмдердi шығару, өзге де технологиялық жұмыстарды орындау кезiнде пайда болған және, техногендiк минералдық түзiлiмдер мен ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң қалдықтарын қоса алғанда, тиiстi өндiрiсте қолдануға қажеттi бастапқы тұтыну қасиеттерiн толық немесе iшiнара жоғалтқан шикiзаттардың, материалдардың, химиялық қосылыстардың қалдықтары;
өндiрiстiк экологиялық бақылау - табиғат пайдаланушының қоршаған ортаны қорғау саласындағы мониторинг, есеп, есептiлiк және өзге де iшкi әкiмшiлiк шараларды қамтитын нормативтiк-құқықтық талаптарды сақталуын бақылау үшiн қабылдайтын шаралар жүйесi;
стратегиялық объект - iске асырылуы табиғи ресурстарды барлау, өндiру, тасымалдау, қайта өңдеу, пайдалану, республикалық маңызы бар инфрақұрылым, республикалық маңызы бар аэроғарыштық және әскери кешендер, байланыс, энергетика саласындағы қызметпен тiкелей байланысты сараптама объектici;
табиғат пайдалану - адамның шаруашылық және өзге де қызметiнде табиғи ресурстарды пайдалануы;
табиғат пайдаланушы - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган берген табиғат пайдалануға рұқсаттың негiзiнде қоршаған ортаға ластайтын заттарды шығаруға және тастауға, өндiрiспен тұтыну қалдықтарын орналастыруға құқығы бар субъект;
табиғи ресурстар - қоғамның материалдық, мәдени және басқа қажеттерiн қанағаттандыру үшiн қоршаған ортаның шаруашылық және өзге қызмет процесiнде пайдаланылатын құрамдас бөлiктерi;
трансшекаралық объект - iске асырылуы екi немесе одан да көп облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және (немесе) шектес мемлекет аумағының қоршаған ортасына және адамдар денсаулығына зиянды әсер ететiн немесе зиянды әсер етуi ықтимал сараптама объектici;
тұтыну қалдықтары - табиғи және моральдық тозу нәтижесiнде өзiнiң тұтынушылық қасиетiн толық немесе iшiнара жойған бұйымдар, материалдар мен заттар;
шығарылудың, тасталудың үлес нормативi - өнiмнiң, қуаттың, көлiк немесе өзге де жүрiп-тұру құралдарының бiрлiгiне шаққанда атмосфераға, су объектiлерiне зиянды (ластаушы) заттарды шығарудың, астаудың ең көп массасының нормативi, ол шығарылудың, тасталудың, технологиялық процестер мен жабдықтардың қозғалмалы, тұрақты көздерi үшiн белгiленедi;
экологиялық аудит - аудиттелетiн субъектiлердiң шаруашылық және өзге де қызметiн экологиялық тәуекелдердi анықтау мен бағалауға және олардың қызметiнiң экологиялық қауiпсiздiгi деңгейiн арттыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге бағытталған тәуелсiз тексеру;
экологиялық аудитке тапсырыс берушiлер - мүдделi жеке және (немесе) заңды тұлғалар, сақтандыру ұйымдары, инвесторлар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және өзге де мемлекеттiк органдар;
экологиялық жүйе - организмдердiң және олар мекендейтiн жансыз ортаның өзара байланысты бiртұтас функционалдық жиынтығы;
экологиялық қауiп - антропогендiк және табиғи ықпалдар әсерiнiң, соның iшiнде дүлей зiлзалаларды қоса алғанда, зiлзалалар мен апаттар себептерiнен қоршаған ортаның жай-күйi бұзылуының, өзгеруiнiң болуымен немесе ықтималдығымен сипатталатын және осыған байланысты жеке адам мен қоғамның өмiрлiк маңызы бар мүдделерiне қауiп төндiретiн жағдай;
экологиялық қауiпсiздiк - жеке адамның, қоғамның өмiрлiк маңызды мүдделерi мен құқықтарын қоршаған ортаға антропогендiк және табиғи ықпал ету нәтижесiнде туындайтын қатерден қорғалуының жай-күйi;
экологиялық қауiптi объект - iске асырылуы ауқымы әрi ұзақтығы бойынша қоршаған ортаға зиянды әсер ететiн немесе әсер етуi ықтимал және халықтың өмiрi мен денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн сараптама объектiсi;
экологиялық нормалау - адамның өмiр сүруi мен биологиялық алуан түрлiлiктi сақтау үшiн қолайлы ортаны айқындайтын және қамтамасыз ететiн ережелердiң (нормалардың) және олардағы қоршаған ортаның жай-күйi мен оған ықпал ету дәрежесiн бағалаудың сан және сапа көрсеткiштерiнiң (нормативтерiнiң) жүйесi;
экологиялық талаптар - Қазақстан Республикасының заңдық, өзге де заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық және нормативтiк-техникалық актiлерiнде қамтылған қоршаған ортаға терiс әсер ететiн шаруашылық және өзге де қызметте орындауға мiндеттi шектеулер және ондай қызметке тыйым салу.";
2) 7-бап мынадай мазмұндағы жиырма екiншi абзацпен толықтырылсын:
"қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi.";
3) 8-бап мынадай мазмұндағы 19) тармақшамен толықтырылсын:
"19) қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлейдi.";
4) 10-баптың 1-тармағы бiрiншi бөлiгiнiң төртiншi абзацындағы "ережелер" деген сөз "ережелердi техникалық регламенттер негiзiнде" деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 25-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Қоршаған ортаның өндiрiстiк мониторингi үшiн пайдаланылатын өлшеу құралдары Қазақстан Республикасының техникалық реттеу және өлшемдер бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиiс.";
6) 9-тарау мынадай редакцияда жазылсын:
"9-тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық
реттеу
43-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеу
объектiлерi
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеу объектiлерiне Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн немесе оның аумағына әкелiнетiн, экологиялық қауiпсiздiкке, адамның өмiрi мен денсаулығына, табиғи ресурстарды молайтуға және ұтымды пайдалануға, сондай-ақ өнiмнің өмiрлiк циклiнiң процестерiне қауiп төндiруi мүмкiн өнiм жатады.
44-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеу
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы өнiм мен оның өмiрлiк циклi процестерiне қойылатын қауiпсiздiк талаптарын белгiлейтiн техникалық регламенттер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен әзiрленедi және бекiтiледi.
Техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптарына сәйкес келмейтiн, нарыққа орналастырылған өнiмнiң айналымына, сондай-ақ өнiмдi осы талаптарды бұзу арқылы жобалауға, өндiруге, пайдалануға, сақтауға, тасымалдауға, өткiзуге, кәдеге жаратуға және жоюға тыйым салынады.
45-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы сәйкестiктi растау
Техникалық регламенттерге сәйкестiктi анықтау үшiн Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен сәйкестiктi растау жүзеге асырылады.
Сәйкестiгi мiндеттi түрде расталуға жататын өнiмдi сәйкестiктi растау саласындағы тиiстi құжатсыз өткiзуге тыйым салынады.";
7) 48-баптың бiрiншi бөлiгiндегi "қоршаған орта сапасының нормативтерi ескерiлуге" деген сөздер "қоршаған ортаны қорғау саласындағы қауiпсiздiктiң мiндеттi талаптары сақталуға" деген сөздермен ауыстырылсын;
8) 60-3-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"60-3-бап. Қауiптi қалдықтармен жұмыс iстеу кезiнде қойылатын
талаптар
1. Қауiптi қалдықтар түзiлетiн шаруашылық қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар:
1) осы қалдықтардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен қауiптiлiктiң нақты сыныбына жатқызылуын растауға;
2) қалдықтарды олардың түрiне қарай жою, кәдеге жарату немесе қайта пайдалану жөнiнде iс-шаралар әзiрлеуге және жүзеге асыруға;
3) қалдықтарды жинау мен қайта өңдеудi қамтамасыз ететiн, қоршаған ортаның ластануын болғызбайтын жүйелердi құруға және енгiзуге;
4) қоршаған ортаға және адамның денсаулығына әсерiн ескере отырып, қалдықтардағы зиянды металдар мен басқа заттардың болуы жөнiндегi белгiленген нормалардың орындалуын қамтамасыз етуге;
5) қалдықтарды қайта пайдаланудың жоғары дәрежесiне қол жеткiзу және олардың жиналуы мен өңделуiне жауапты қызметкердiң денсаулығына және қауiпсiздiгiне қатысты проблемаларды болғызбау қажеттiгiне байланысты қалдықтарға түзiлген жерлерiнде сұрыптау жүргiзуге тиiс.
2. Жеке және заңды тұлғалардың қауiптi қалдықтар түзiлетiн процестегi қызметiне:
1) қалдықтармен жұмыс iстеудiң адам денсаулығы мен қоршаған орта үшiн қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлмеген кезде шектеу;
2) адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтiруге әкеп соқтыратын қалдықтармен жұмыс iстеу кезiнде экологиялық талаптар бiрнеше рет (екi реттен көп) бұзылған жағдайда тыйым салынуы мүмкiн.
3. Қалдықтардың түрiне байланысты оларды уақытша сақтау мерзiмi қалдықтардың адам өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтiру тәуекелi барынша аз болатындай етiп белгiленедi.
4. Қалдықтардың түрiне байланысты оларды тасымалдау шарттары мен құралдары олардың сақталуын және адам денсаулығы мен өмiрi, қоршаған орта үшiн қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге тиiс.
5. Қалдықтардың түрiне байланысты оларды тасымалдау және сақтау құралдары қалдықтардың шығу ықтималдығын болғызбайтындай герметикалық болуға және техникалық регламенттерде белгiленген сақтандыратын таңбалық деректерi мен белгiлерi болуға тиiс.
6. Қалдықтардың көмiлген жерлерi және көму әдiстерi қоршаған ортаға (жерүстi және жерасты суларына, топыраққа, ауаға) қалдықтардың құрамындағы ластаушы заттардың ену ықтималдығын болғызбауға тиiс.
7. Қалдықтарды кәдеге жарату қоршаған ортаға зиян келтiру тәуекелiн барынша азайтып, қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiрмейтiн әдiстермен жүзеге асырылуға тиiс.
8. Қалдықтарды сақтау, тасымалдау, көму және кәдеге жарату жөнiндегі жұмыстарға қатысатын қызметкер қалдықтардың сипаты, зиян келтiрудiң ықтимал тәуекелi және жеке бастың қауiпсiздiгi мен кәсiпорынның басқа да қызметкерлерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар туралы хабардар етiлуге тиiс.
9. Табиғат пайдаланушылар өндiрiстiк қалдықтармен байланысты мәселелердi шешуге және қалдықтардың қауiпсiздiгiн, оларды сақтау, тасымалдау, көму мен кәдеге жаратуды қамтамасыз ететiн талаптар мен нормаларды сақтауға тиiс.";
9) 85-бапта орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi.
9. "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., N 2-3, 25-құжат; 2001 ж., N 20, 258-құжат; 2002 ж., N 5, 50-құжат; 2004 ж., N 5, 29-құжат; N 13, 74-құжат; 2005 ж., N 17-18, 73-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) заң - қоғамдық қатынастарды реттейтiн, Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 3-тармағында көзделген түбегейлi принциптер мен нормаларды белгiлейтiн, Қазақстан Республикасының Парламентi, ал Қазақстан Республикасы Конституциясы 53-бабының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының Президентi қабылдайтын нормативтiк құқықтық акт;
2) заңнамалық акт - конституциялық заң, Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар жарлығы, кодекс, заң, Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлығы, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы, Сенат пен Мәжiлiстiң қаулылары;
3) заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлер - заң актiлерi болып табылмайтын, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заң актiлерiнiң негiзiнде және соларды орындау үшiн шығарылған, өзге де нормативтiк құқықтық актiлер;
4) заңнама - белгiленген тәртiппен қабылданған нормативтiк құқықтық актiлердiң жиынтығы;
5) кодекс - осы Заңның 3-1-бабында көзделген бiртектес қоғамдық қатынастарды реттейтiн құқықтық нормалар бiрiктiрiлiп, жүйеге келтiрiлген заң;
6) Конституциялық заң - Қазақстан Республикасы Конституциясында конституциялық деп аталған, Қазақстан Республикасы Конституциясы 62-бабының 4-тармағында белгiленген тәртiппен қабылданатын заң;
7) Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi - нормативтiк құқықтық актiлердiң реквизиттерiн және осы актiлер туралы ақпараттық-анықтамалық сипаттағы басқа да мәлiметтердi қамтитын Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерi мемлекеттiк есебiнiң бiрыңғай жүйесi;
8) Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкi - олар туралы мәлiметтер Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген нормативтiк құқықтық актiлердiң (өзгерiстерi мен толықтыруларын қоса) қағазға басылған мәтiндерiнiң жиынтығы;
9) Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетiн заң - Қазақстан Республикасы Конституциясы 62-бабының 3-тармағында белгiленген тәртiппен қабылданатын заң;
10) құқық нормасы (құқықтық норма) - нормативтiк құқықтық актiде тұжырымдалған, көп мәрте қолдануға арналған және нормативтiк реттелген ахуал шеңберiнде барлық тұлғаларға қолданылатын жалпыға мiндеттi мiнез-құлық ережесi;
11) нормативтiк құқықтық акт - референдумда қабылданған не уәкiлеттi орган немесе мемлекеттiң лауазымды адамы қабылдаған, құқықтық нормаларды белгiлейтiн, олардың қолданылуын өзгертетiн, тоқтататын немесе тоқтата тұратын белгiленген нысандағы жазбаша ресми құжат;
12) нормативтiк құқықтық актiлердiң ресми мәтiндерiн кейiннен жариялау - Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiне сәйкестiк сараптамасынан өткен нормативтiк құқықтық актiлердi баспа басылымында жариялау;
13) нормативтiк құқықтық актiнiң деңгейi - нормативтiк құқықтық актiнiң нормативтiк құқықтық актiлер сатысындағы өзiнiң заң күшiне қарай алатын орны;
14) нормативтiк құқықтық актiнi ресми жариялау - нормативтiк құқықтық актiнiң толық мәтiнiн ресми және мерзiмдiк баспа басылымдарында жалпы жұрттың назарына салу үшiн жариялау;
15) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, сондай-ақ сол органдар мен лауазымды адамдардың құқықтық мәртебесiн айқындайтын заңнамада белгiленген өз құзыретiне сәйкес нормативтiк құқықтық актiлер қабылдауға хақылы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен лауазымды адамдары (Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Парламентi, Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы, орталық атқарушы органдар, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, өзге де мемлекеттiк органдар).";
2) 2-баптың 4-тармағының 3) тармақшасындағы "нормалар мен" деген сөздер алып тасталсын;
3) 3-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
"1-1) техникалық регламент - Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес әзiрленетiн және қолданылатын өнiмдерге және (немесе) олардың өмiрлiк циклiнiң процестерiне қойылатын мiндеттi талаптарды белгiлейтiн нормативтiк құқықтық акт;".
10. "Халықтың радиациялық қауiпсiздiгi туралы" 1998 жылғы 23 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., N 5-6, 48-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
араласу деңгейi - жол берiлмейтiн мөлшердiң шамасы, оған жеткен кезде, созылмалы немесе авариялық сәуле алу жағдайы туындаған реттерде қорғау немесе авариядан кейiнгi шаралар қолданылады;
әсерлi мөлшер - адам организмi мен оның жекелеген органдарының радиациялық сезiмталдығын ескере отырып, олардың сәуле алуының кейiндегi зардаптарының пайда болу қатерiнiң шамасы ретiнде пайдаланылатын иондаушы сәулелендiрудiң сiңiрiлген энергиясының шамасы;
бақыланатын аймақ - радиациялық бақылау, адамдарды жiберу және олардың тұруы жөнiнде арнаулы ережелер қолданылатын аумақ;
иондаушы сәулелендiру - ортамен өзара әрекет кезiнде түрлi белгiлердегi иондар түзетiн, зарядталған, зарядталмаған бөлшектер мен фотондардан тұратын сәулелендiру;
қызметшiлер - тiкелей иондаушы сәулелендiру көздерiмен тұрақты немесе уақытша жұмыс iстейтiн жеке тұлғалар;
радиациялық авария - атом энергиясын қолдану объектiсiн қауiпсiз пайдалану шегiнiң бұзылып, бұл орайда адамдардың немесе қоршаған ортаның белгiленген нормалардан жоғары радиоактивтi ластануына әкеп соғуы мүмкiн немесе әкеп соққан радиоактивтi өнiмдердiң және (немесе) иондаушы сәулелендiрудiң қалыпты пайдалану жобасында көзделген шектен асып кетуi;
радиациялық қауiпсiздiк - белгiленген нормаларға сәйкес қызметшiлерге, халыққа және қоршаған ортаға радиациялық әсердi шектейтiн шаралар кешенiмен қамтамасыз етiлген радиациялық жағдайдың жай-күйi;
радиациялық қорғаныш - радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған радиациялық-гигиеналық, жобалау-конструкторлық, техникалық және ұйымдық шаралар жиынтығы;
радиациялық мониторинг - иондаушы сәулелендiру көздерiн пайдаланатын объектiлерде де, қоршаған ортада да радиациялық жағдайдың жай-күйiн жүйелi түрде байқап отыру;
табиғи радиациялық ая - ғарыш сәулесi және жерде, суда, ауада, биосфераның басқа элементтерiнде, тамақ өнiмдерi мен адам организмiнде өздiгiнен бөлiнген табиғи радионуклидтердiң сәулесi шығаратын сәулелендiру мөлшерi;
техногендiк өзгертiлген радиациялық орта - адам қызметiнiң нәтижесiнде өзгерген табиғи радиациялық орта;
техногендiк радиациялық фон - сол жердiң табиғи радиациялық фонын сипаттайтын осындай көрсеткiштердiң деңгейлерiн шегерiп тастағандағы радиациялық жағдайды сипаттайтын көрсеткiштер деңгейi.";
2) 5-бап мынадай мазмұндағы 1-2-тармақпен толықтырылсын:
"1-2. Қазақстан Республикасының Үкiметi радиациялық қауiпсiздiк саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi.";
3) 6-баптың бiрiншi бөлiгiнде:
2-тармақшадағы "және бекiту" деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
"8) радиациялық қауiпсiздiк саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеу.";
4) 7-баптың 2, 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Радиациялық қауiпсiздiк саласындағы санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар, техникалық регламенттер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бекiтiледi.
3. Радиациялық қауiпсiздiк мәселелерi жөнiндегi өкiмдiк, нұсқаулық, әдiстемелiк және өзге де құжаттарды уәкiлеттi мемлекеттiк органдар және пайдаланушы ұйымдар өз құзыреттерi шегiнде радиациялық қауiпсiздiк саласындағы техникалық регламенттер негiзiнде бекiтедi және қабылдайды.";
5) 8-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Радиациялық қорғаудың қамтамасыз етiлуiне өндiрiстiк бақылауды жүзеге асыратын ұйымдардың лауазымды адамдары тиiстi ұйымдарда радиациялық қауiпсiздiк талаптарын, нормаларды, ережелер мен гигиеналық нормативтердi, радиациялық қауiпсiздiк ережелерiн, құрылыс нормалары мен ережелерiн, еңбек қорғау ережелерiн, радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы өкiмдiк, нұсқаулық, әдiстемелiк және өзге де құжаттарды бұзу анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ықпал ету шараларын қолдануға құқылы.";
6) 9-баптың 1 -тармағы "саласында белгiленген" деген сөздерден кейiн "радиациялық қауiпсiздiк талаптарын," деген сөздермен толықтырылсын;
7) 11-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
"5. Халықтың табиғи сәулелену көздерiнен сәуле алу дозалары денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган олар үшiн белгiлеген нормалардан аспауға тиiс.";
13-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"13-бап. Медициналық процедуралар жүргiзу кезiнде
азаматтардың радиациялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз
ету
1. Радиоизотоптарды немесе басқа да иондаушы сәулелену көздерiн пайдалану арқылы медициналық процедуралар жүргiзiлген кезде азаматтарды (пациенттердi) қорғаудың тиiстi құралдары пайдаланылады. Пациенттiң сәуле алу дозасы радиациялық қауiпсiздiк саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген деңгейден аспауға тиiс.
2. Медициналық процедуралар жүргiзiлген кезде пациентке алынатын және (немесе) алған сәуле дозалары туралы және оның әсерiнiң ықтимал зардаптары туралы толық ақпарат берiледi. Азаматтың (пациенттiң), эпидемиологиялық тұрғыдан қауiптi ауруларды анықтау мақсатында жүргiзiлетiн профилактикалық зерттеулердi қоспағанда, осындай медициналық процедуралардан бас тартуға құқығы бар.
3. Иондаушы сәулелену көздерiн пайдалану арқылы процедуралар жүргiзетiн медициналық ұйым, егер осындай себептiк байланыс сот тәртiбiмен дәлелденсе, пациент денсаулығына немесе өмiрiне келтiрiлетiн ықтимал терiс әсер үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
4. Радиоизотоптар немесе басқа да иондаушы сәулелену көздерi пайдаланылатын барлық медициналық процедуралар үшiн медициналық ұйым осындай процедураларды жүргiзген кезде радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында медициналық қызметтер сапасын қамтамасыз ету бағдарламасын әзiрлеп, оны атом энергиясын пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органда бекiтедi.
5. Иондаушы сәулелену көздерi пайдаланылатын медициналық қызметке қойылатын бiлiктiлiк талаптарында жұмысқа жiберiлген мамандардың бiлiктiлiгiне, оларды аттестаттау және қайта аттестаттау тәртiбiне қойылатын талаптар, даярлау және қайта даярлау бағдарламасы белгiленедi.
6. Ауруларға диагноз қою, олардың алдын алу және емдеу үшiн радиоактивтiк заттарды және басқа иондаушы сәулелену көздерiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен, пациенттердiң радиациялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарды қамтитын әдiстерге (әдiстемелерге) сәйкес қана пайдалануға рұқсат етiледi.";
9) 14-бап "сондай-ақ" деген сөзден кейiн "техногендiк" деген сөзбен толықтырылсын;
10) 16-баптың бiрiншi абзацындағы "Радиациялық авариялар тууы мүмкiн" деген сөздер "Атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметтi жүзеге асыратын" деген сөздермен ауыстырылсын;
11) 21-баптың 2-тармағы алып тасталсын.
11. "Ecipткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы" 1998 жылғы 10 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., N 17-18, 221-құжат; 2000 ж., N 6, 141-құжат; 2002 ж., N 10, 106-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 5-6, 30-құжат):
1) 6-баптың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"7) Есiрткi, психотроптық заттар және прекурсорлар айналымы саласындағы талаптарды бұзған жағдайда заңды тұлғалардың және құрылымдық бөлiмшелердiң өндiрiстiк қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тоқтата тұруға;";
2) 11-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Медициналық мақсаттарға пайдаланылатын есiрткi және психотроптық заттардың әрбiр сериясы үшiн тұтыну бумаларын таңбалау бiрыңғай болуға және Қазақстан Республикасының дәрiлiк заттар туралы заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.";
3) 12-баптың 2-тармағының бiрiншi бөлiгiндегi "заңдарына сәйкес берiлетiн лицензия мен сертификат" деген сөздер "заңнамасында белгiленген тәртiппен берiлетiн лицензия және сәйкестiктi растау саласындағы тиiстi құжат" деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 16-баптың 5-тармағында орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi;
5) 21-баптың 4-тармағында орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi;
6) 24-баптың 3-тармағында орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi;
7) 26-бапта орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi;
8) 30-баптың 1 және 2-тармақтарында орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi;
9) 38-баптағы "заң актiлерiмен" деген сөздер "заңдарымен" деген сөзбен ауыстырылсын.
12. "Жекелеген қару түрлерiнiң айналымына мемлекеттiк бақылау жасау туралы" 1998 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., N 24, 448-құжат; 2002 ж., N 4, 34-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) атыс қаруы - оқ дәрi немесе өзге де заряд қуатының әсерi нәтижесiнде ұңғы оқпанынан оқты, снарядты, гранатаны ұшырып шығаратын қару;
2) белгi беру қаруы - дыбыс, жарық және түтiн белгiлерiн беру үшiн пайдаланылатын қару;
3) газды қару - қолданылуы көз жасын ағызатын немесе тiтiркендiргiш заттарды пайдалануға негiзделетiн қару;
4) криминалистiк талаптар - азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарына, оларды сәйкестендiру және заңсыз қолдан жасау мүмкiндiгiн болғызбау мақсатында қойылатын арнайы техникалық талаптар;
5) қару - конструкциялық жағынан алғанда тiрi немесе өзге де нысананы зақымдауға, сондай-ақ белгi беруге арналған құрылғылар мен заттар;
6) қару айналымы - қаруды өндiру, құрастыру, қайта жасау, өткiзу (сауда жасау), беру, сыйға тарту, марапаттап беру, мұраға қалдыру, иемденiп алу, коллекциялау, экспонаттау, есепке алу, сақтау, алып жүру, тасу, пайдалану, алып қою, жою, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және оны Қазақстан Республикасының аумағынан әкету;
7) қару жасап шығарушы - қаруды әзiрлеуге, өндiруге, өткiзуге, жөндеуге, сатып алуға лицензиясы бар ұйым;
8) қаруды пайдаланушы - қару иесiнен қаруды уақытша пайдалануға алған жеке немесе заңды тұлға;
9) қаруды иемденiп алу - сатып алу, қаруды сыйлық, марапат ретiнде алу;
10) қару иесi - лицензияның немесе қару иемденiп алуға, алып жүруге және сақтауға рұқсаттың негізiнде қаруды иеленген жеке немесе заңды тұлға;
11) қару өндiрiсi - қаруды зерттеу, әзiрлеу, жасап шығару, сынақтан өткiзу, құрастыру, көркемдеп әрлеу, жөндеу, қайта жасау және жою, патрондар және олардың құрамдас бөлiктерiн жасап шығару;
12) лақтырылатын қару - нысананы тiкелей зақымдайтын, құралы адамның бұлшық етi күшiнiң немесе механикалық құрылғының көмегiмен бағытталып, қозғалысқа түсетiн қару;
13) оқ-дәрi (патрондар) - конструкциялық жағынан қарудың тиiстi түрiнен ату үшiн және нысананы зақымдауға арналған құрылғылар немесе заттар (бұдан әрi - патрондар);
14) пневматикалық қару - нысананы зақымдайтын құралы сығылған, сұйытылған немесе қатайтылған газдың қуаты есебiнен бағытты қозғалыс алатын қару;
15) суық қару - нысананы тiкелей зақымдайтын құралы адамның бұлшық етi күшiнiң көмегiмен қозғалысқа келтiрiлетiн қару;
16) электрлi қару - қолданылуы электр разрядының күшiне негiзделiп арнайы бейiмделген тетiк.";
2) 5-баптың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) өзiн-өзi қорғау қаруы:
тегiс ұзын ұңғылы, оның iшiнде, жарақат салып әсер ететiн патрондары бар атыс қаруы;
жарақат салатын, газбен және сәулелi дыбыспен әсер ететiн патрондары бар ұңғысыз атыс қаруы;
газды қару - газ пистолеттерi, револьверлер және олардың патрондары, оның iшiнде жарақат салып әсер ететiндерi, механикалық тозаңдатқыштар, аэрозолды және денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган қолдануға рұқсат еткен көзден жас ағызатын немесе тiтiркендiргiш заттармен жарақталған басқа да құрылғылар;";
3) 7-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 8), 9) тармақшалармен толықтырылсын:
"8) криминалистiк талаптарға сәйкес келмейтiн техникалық сипаттамалары бар қару мен оның патрондары;
9) азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының айналымы саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптарына сәйкес келмейтiн қару және оның патрондары.";
4) мынадай мазмұндағы 1-1-тараумен толықтырылсын:
"1-1-тарау. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының
айналымы саласында техникалық реттеу аясында қауiпсiздiктiң жалпы
талаптары
7-1-бап. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының
айналымы саласындағы техникалық реттеу объектiлерi
Техникалық реттеу объектiлерiне: азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондары, сондай-ақ оны өндiру, жинау, қайта жасау, жөндеу, өткiзу (сату), сатып алу, коллекция жинау, экспонаттау, сақтау, алып жүру, тасымалдау, пайдалану, жою жатады.
7-2-бап. Азаматтық және қызметтiк қаруға қойылатын
қауiпсiздiк талаптары
1. Азаматтық және қызметтiк қару тiкелей оқтау, ату, қайта оқтау, сондай-ақ техникалық күтiм жасау кезiнде қарудың осы түрi (типi) үшiн белгiленген арнайы қауiпсiздiк талаптарына сәйкес келуге тиiс.
2. Жарақат салатын, сәулелi дыбыспен және газбен әсер ететiн тиiстi патрондары бар тегiс ұзын ұңғылы, ұңғысыз қару, газ пистолеттерi мен револьверлер денсаулық сақтау саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
3. Механикалық, аэрозолды тозаңдатқыштар және көзден жас ағызатын, тiтiркендiргiш заттармен, сондай-ақ басқа да заттармен жарақталған басқа да құрылғылар денсаулық сақтау саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
7-3-бап. Патрондарға қойылатын қауiпсiздiк талаптары
Азаматтық және қызметтiк қарудың патрондары өзiнiң өлшемi, пiшiнi, конструкциясы, салмағы, таңбаланған белгiсi, жұмыс iстеу қауiпсiздiгi, сондай-ақ оқ-дәрi газдарының және кинетикалық энергияның қысым көрсеткiштерi бойынша техникалық реттеу саласындағы арнайы қауiпсiздiк талаптарына сәйкес келуге тиiс.
7-4-бап. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның
патрондарының айналымы саласындағы қауiпсiздiк
талаптары
1. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын өндiру, жинау және қайта жасау кезiнде жобалық құжаттамада белгiленген қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралардың бүкiл кешенiн сақтау және қауiпсiздiктiң сақталуына қатысты барлық технологиялық операциялардың орындалуын бақылау мүмкiндiгiн қамтамасыз ету талап етiледi.
Егер азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын жасау, жинау, қайта жасау процесiнде немесе одан кейiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн сынақтар жүргiзу қажет болса, онда олар жобалық құжаттаманың барлық талаптарының орындалуы арқылы толық көлемде жүргiзiлуге тиiс.
2. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының айналымы саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптарын бұза отырып өткiзуге (сатуға), сатып алуға, жөндеуге, коллекция жинауға, экспонаттауға, сақтауға, алып жүруге, тасымалдауға, пайдалануға, жоюға тыйым салынады.";
5) 8-баптың екiншi бөлiгiнiң екiншi сөйлемi мынадай редакцияда жазылсын:
"Қарудың айналымына бақылау жасау саласындағы уәкiлеттi орган кадастр әзiрлейдi, оны бекiтедi және шығарады.";
6) 9-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"9-бап. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының
сәйкестiгiн растау
Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн, Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн және Қазақстан Республикасынан әкетiлетiн азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондары үлгiлерiнiң сәйкестiгi мiндеттi расталуға жатады.
Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының сәйкестiгiн растау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi органы белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
Сәйкестiктi растау саласындағы құжат Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының айналымы үшiн негiз болып табылады.
Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын сынауға қойылатын техникалық талаптар мен әдiстер азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының айналымы саласындағы техникалық регламенттермен белгiленедi.";
7) 17-баптың 2-тармағының 3) тармақшасындағы "қамтамасыз етуге мiндеттi." деген сөздер "қамтамасыз етуге;" деген сөздермен ауыстырылып, тармақ мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
"4) қару мен оның патрондарын пайдалану кезiнде қауiпсiздiк талаптарын сақтауға мiндеттi.";
8) 19-баптың бiрiншi бөлiгi 5) тармақшасындағы "тапсырмаса жойылады." деген сөздер "тапсырмаса;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
"6) азаматтық және қызметтiк қару азаматтық және қызметтiк қарулар мен олардың патрондарының айналымы саласындағы техникалық регламенттерге, сондай-ақ криминалистiк талаптарға сәйкес келмесе жойылады.";
9) 20-баптың бiрiншi бөлiгi 1) тармақшасының төртiншi абзацындағы "өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген" деген сөздерден кейiн "қауiпсiздiк талаптарын," деген сөздерiмен толықтырылсын;
10) 22-баптың 3-тармағындағы "стандартқа" деген сөз "азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының айналымы саласындағы техникалық регламенттердiң талаптарына" деген сөздермен ауыстырылсын;
11) 27-баптың 4-тармағындағы "жағдайларына қойылатын талаптарды" деген сөздер "тәртiбiн" деген сөзбен ауыстырылсын;
12) 28-бапта:
4) тармақшадағы "және оны бекiтедi" деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 9), 10) тармақшалармен толықтырылсын:
"9) азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының айналымы саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi;
10) криминалистiк талаптар мен азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын сынау әдiстерiн бекiтедi.";
13) 29-баптың 1-тармағында:
6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"6) азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының Мемлекеттiк кадастрын әзiрлейдi және бекiтедi;";
мынадай мазмұндағы 7), 8) тармақшалармен толықтырылсын:
"7) азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының айналымы саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлейдi;
8) криминалистiк талаптар мен азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын сынау әдiстерiн әзiрлейдi.";
14) 32-бапта орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi.
13. "Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы" 2000 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2000 ж., N 7, 165-құжат; 2004 ж., N 11-12, 62-құжат; N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат):
1) бүкiл мәтiн бойынша "стандарттау, метрология және сертификаттау" деген сөздер "техникалық реттеу және метрология" деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) аккредиттеу - аккредиттеу жөнiндегi органның метрологиялық жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң нақты түрлерiн жүзеге асыруға заңды тұлғаның құқықтылығын ресми тануы;
2) заңдық метрология - метрологияның техникалық реттеу және метрология жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган атқаратын қызметке жататын және өлшем бiрлiктерiне, әдiстерiне, өлшем құралдары мен өлшемдiк зертханаларына қатысты мемлекеттiк талаптары бар бөлiгi;
3) мемлекеттiк метрологиялық қадағалау - техникалық реттеу және метрология жөнiндегi уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң өлшем құралдары шығарылуын, олардың жай-күйiн және қолданылуын, өлшемдердi орындау әдiстемелерi қолданылуын, метрологиялық ережелер мен нормалардың сақталуын, сату кезiнде тауарлардың санын, сондай-ақ бума тауарларды ашу, сату және импорттан алу кезiнде кез келген түрдегi бума тауарлардың санын қадағалау жөнiндегi қызметi;
4) метрологиялық бақылау - мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерi метрологиялық ережелер мен нормалардың сақталуын тексеру мақсатында жүзеге асыратын қызмет;
5) метрологиялық қызмет - қызметi өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған субъектiлер жиынтығы;
6) өлшем - арнаулы техникалық құралдардың көмегiмен тәжiрибелiк жолмен физикалық шама мәнiн табу;
7) өлшем бiрлiгi - нәтижелерi заңдастырылған шама бiрлiктерiнде көрсетiлген және өлшем қателiгi берiлген ықтималдықпен белгiленген шектегi өлшемнiң жай-күйi;
8) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесi - өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында жұмыстарды өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын объектiлердiң, мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың жиынтығы;
9) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң тiзiлiмi - өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы объектiлердi, жұмысқа қатысушылар мен құжаттарды тiркеудi есепке алу құжаты;
10) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттар - ережелер, нұсқаулар және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу талаптары мен тәртiбiн айқындайтын өзге де нормативтiк және әдiстемелiк құжаттар;
11) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы сарапшы-аудитор - техникалық реттеу және метрология жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында жұмыстарды жүргiзу құқығына аттестатталған жеке тұлға;
12) өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау - бiрен-саран данада шығарылған немесе әкелiнген өлшем құралдарының өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн белгiлеу (растау);
13) өлшем құралдарын салыстырып тексерушi - өлшем құралдарын салыстырып тексеру жүргiзу құқығына техникалық реттеу және метрология жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен аттестатталған мемлекеттiк метрологиялық қызметтiң немесе аккредиттелген заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерiнiң маманы;
14) өлшем құралдарын сынау - сынау объектiлерiне түрлi сынау әсерлерiн қолдана отырып өлшем құралдарының белгiленген нормаларға сәйкестiк дәрежесiн анықтау үшiн өткiзiлетiн операциялар жиынтығы;
15) өлшем құралдарын тексеру әдiстемесi - орындалуы өлшем құралдарының белгiленген техникалық және метрологиялық талаптарға сәйкестiгiн айқындауға және растауға мүмкiндiк беретiн операциялар мен ережелердiң жиынтығы;
16) өлшем құралы - өлшем жүргiзуге арналған және нормаланған метрологиялық сипаттамалары бар техникалық құрал;
17) өлшем құралын калибрлеу - өлшем құралының метрологиялық сипаттамасының шын мәнiн және (немесе) мемлекеттiк метрологиялық қадағалауға жатпайтын өлшем құралының қолдануға жарамдылығын анықтау мақсатында сол өлшем құралының көмегiмен алынған шама мәнi мен эталон арқылы анықталған шаманың тиiстi мәнi арасындағы ара қатынасты белгiлейтiн операциялар жиынтығы;
18) өлшем құралын салыстырып тексеру - өлшем құралының белгiленген техникалық және метрологиялық талаптарға сәйкестiгiн анықтау және растау мақсатында мемлекеттiк метрологиялық қызмет немесе басқа аккредиттелген заңды тұлғалар орындайтын операциялар жиынтығы;
19) өлшемдердi орындау әдiстемесi - орындалуы өлшем жүргiзудiң осы әдiстемесiмен белгiленген дәлдiкпен өлшем нәтижелерiнiң алынуын қамтамасыз ететiн операциялар мен ережелер жиынтығы;
20) өлшемдердi орындау әдiстемесiн метрологиялық аттестаттау - өлшемдердi орындау әдiстемесiнiң оған қойылатын метрологиялық талаптарға сәйкестiгiн белгiлеу (растау);
21) салғастыру - эталондар мен өлшем құралдарының метрологиялық сипаттамаларын зерттеудiң нәтижелерiн салыстыру;
22) техникалық реттеу және метрология жөнiндегi уәкiлеттi орган - техникалық реттеу және метрология және аккредиттеу жөнiндегi жұмыстарды басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
23) шама бiрлiгi - 1-ге тең сандық мән шартты түрде берiлген белгiленген мөлшердiң физикалық шамасы;
24) шама бiрлiгiнiң мемлекеттiк эталоны - техникалық реттеу және метрология жөнiндегi уәкiлеттi органның шешiмiмен Қазақстан Республикасының аумағында бастапқы деп танылған шама бiрлiгiнiң эталоны;
25) шама бiрлiгiнiң эталоны - техникалық реттеу және метрология жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен бекiтiлген, мөлшерiн осы шаманың басқа өлшем құралдарына беру мақсатында, шама бiрлiгiн (шама бiрлiгiнiң еселiк не үлестiк мәндерiн) жаңғыртуға және (немесе) сақтауға арналған өлшем құралы.";
3) 5-бапта:
2-тармақтың 13) тармақшасындағы "аккредиттеудi және лицензиялауды" деген сөздер "лицензиялауды және аккредиттеу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
"3. Аккредиттеу жөнiндегi органды Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес айқындайды.";
4) 6-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) нормативтiк құқықтық актiлер мен өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарды, жұмыстарды ұйымдастыру және жүргiзу тәртiбiн регламенттейтiн нормативтiк құжаттар кiредi.";
5) 8-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"8-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк
құжаттар
Нормативтiк құжаттар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес әзiрленедi және оларды Қазақстан Республикасының аумағында меншiк нысанына қарамастан барлық жеке және заңды тұлғалар мiндеттi түрде қолдануға тиiс.";
6) 17-баптың 6-тармағында:
екiншi бөлiк "пайдалануда" деген сөзден кейiн "және сақтауда" деген сөздермен толықтырылсын;
"және мемлекеттiк метрологиялық қадағалауды жүзеге асыру саласында қолданылатын" деген сөздер алып тасталсын;
7) 22-бап мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
"6) сауда операцияларын жасау кезiнде иелiктен шығарылатын тауарлар саны.".
14. "Астық туралы" 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 2, 12-құжат; N 15-16, 232-құжат; 2003 ж., N 19-20, 148-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) агент - мемлекет жүз процент қатысатын, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен құрылатын және өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк астық ресурстарын басқару жөнiндегi өкiлеттiктi жүзеге асыратын ұйым;
2) азық-түлiктiк астық - тағамдық мақсаттарға пайдаланылатын астық;
3) азық-түлiктiк қауiпсiздiк - сыртқы және iшкi жағдайларға қарамастан, тамақтанудың физиологиялық нормаларына сәйкес халықтың тамақ өнiмдерiне деген қажеттерiн қанағаттандыратын тиiстi ресурстармен, әлеуетпен және кепiлдiктермен қамтамасыз етiлген экономиканың, соның iшiнде оның агроөнеркәсiптiк кешенiнiң жай-күйi;
4) астық - тағамдық, тұқымдық, мал азығы және техникалық мақсаттар үшiн пайдаланылатын дәндi, дәндi-бұршақ және майлы дақылдардың өнiмдерi;
5) астық иесi - астық қабылдау кәсiпорнына сақтауға астық берген жеке немесе заңды тұлға;
6) астық қабылдау кәсiпорны - астық сақтау жүзеге асырылатын меншiк құқығындағы астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пунктi) бар заңды тұлға;
7) астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пунктi) - астық сақтауға арнап мамандандырылған техникалық ғимарат;
8) астық қолхаты - астық иесiнен астықты сақтауға қабылдағанын растап, астық қабылдау кәсiпорны беретiн қоймалық қосарлы куәлiк;
9) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесi - астық қабылдау кәсiпорындарының өздерi берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн орындамауынан астық қолхаттарын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға бағытталған ұйымдық-құқықтық шаралар кешенi;
10) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қоры - астық қабылдау кәсiпорындарының өздерi берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн орындамауынан астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрылатын заңды тұлға;
11) астық қолхатын ұстаушы - астық иесi, астық қолхатымен индоссамент жасаған жағдайларда - индоссат;
12) астық өндiру - астық өсiруге бағытталған агротехникалық iс-шаралар кешенi;
13) астық рыногына қатысушылар - астықты өндiруге, сақтауға, тасымалдауға, қайта өңдеуге және онымен сауда жасауға қатысушы жеке және заңды тұлғалар;
14) астықтың өмiрлiк циклi - астықты өндiру, сақтау, тасымалдау, өткiзу, жою және кәдеге жарату процестерi;
15) астық рыногының мониторингi - астықты өндiрудi, сақтауды, қайта өңдеудi және сатуды қоса алғанда, астық рыногына қатысушылар жүзеге асыратын астықпен жасалатын операциялар туралы деректердi жинауға, өңдеуге және талдауға бағытталған тұрақты iс-шаралар жиынтығы;
16) астықты сақтау - астық қоймасында (элеваторда, астық қабылдау пунктiнде) жүзеге асырылатын, астық қабылдауды, өлшеудi, кептiрудi, тазартуды, сақтауды және тиеп жөнелтудi қамтитын қызмет көрсетулердiң технологиялық кешенi;
17) астықтың сапасы - астықтың стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың, санитарлық, ветеринариялық және фитосанитариялық ережелер мен нормалардың, гигиеналық нормативтердiң талаптарына сәйкес келуiн айқындайтын тұтыну қасиеттерiнiң жиынтығы;
18) астықтың сапасына сараптама жасау - көлiк құралын (қойманы) зерттеудi, сынаманы iрiктеу мен сынақтан өткiзудi, сапа паспортын ресiмдеудi қамтитын астық сапасының нақты көрсеткiштерiн белгiлеу мен растауға бағытталған шаралар кешенi;
19) астық сапасының паспорты - астық сапасының нақты көрсеткiштерiн және олардың стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың талаптарына және (немесе) келiсiм-шарт талаптарына сәйкестiгiн куәландыратын құжат;
20) жемдiк астық - жануарлар мен құс азығына арналған астық;
21) жұмылдыру дайындығы - мемлекеттiк органдардың алуан түрлi дағдарысты жағдайларда ел халқын астық ресурстарымен қамтамасыз ету қабiлетi;
22) кепiл куәлiгiн ұстаушы - кепiл куәлiгiмен куәландырылған мiндеттемеде астықты кепiлге ұстаушы болып табылатын тұлға;
23) қойма куәлiгiн ұстаушы - кепiлмен ауыртпалық жасалған астық иесi, қойма куәлiгiмен индоссамент жасалған жағдайларда - индоссат;
24) мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн жаңарту - оның бiр бөлiгiн сату және жаңа егiннiң астығы есебiнен мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнiң белгiленген көлемiн және қажеттi сапасын ұстап тұру мақсатында жаңа егiннiң астығын сатып алу;
25) мемлекеттiк астық ресурстары - азық-түлiктiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және мемлекеттiк мiндеттемелердi орындау мақсатында, сондай-ақ астық рыногын қорғау мен реттеу үшiн жасалған мемлекеттiк астық запастары;
26) мемлекеттiк астық ресурстарын ауыстыру - мемлекеттiк астық ресурстарын бiр астық қабылдау кәсiпорнынан басқасына тасу;
27) реттеушi орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағаны (тарифтердi) мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
28) тұқымдық астық (тұқым) - себу мақсаттарына пайдаланылатын әрi сорттылық және себу сапаларына қарай бөлiнетiн астық;
29) уәкiлеттi орган - астық рыногы саласындағы мемлекеттiк саясатты іскe асыруды, оған қатысушылардың қызметiн үйлестiру мен реттеудi, сондай-ақ мемлекеттiк астық ресурстарын басқаруды өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.";
2) 3-бапта:
1) тармақшадағы "қауiпсiздiгi мен" деген сөздер "қауiпсiздiгiн, техникалық реттеу саласындағы қауiпсiздiктi (бұдан әрi - қауiпсiздiк) және" деген сөздермен ауыстырылсын;
8) тармақшадағы "қалыптастыру болып табылады." деген сөздер "қалыптастыру;" деген сөзбен ауыстырылып, бап мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:
"9) астықтың қауiпсiздiгiне және сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыруға әкеп соғатын әрекеттердiң алдын алу болып табылады.";
3) 4-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық реттеу;";
4) 5-бап мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:
"9) астыққа және оның өмiрлiк циклiнiң процестерiне қатысты техникалық регламенттердi бекiтедi.";
5) 6-бапта:
6) тармақша "астық" деген сөзден кейiн "қауiпсiздiгi мен" деген сөздермен толықтырылсын;
7) тармақшадағы "сертификатын" деген сөз "паспортын" деген сөзбен ауыстырылсын;
10) тармақшадағы "сертификатын" деген сөз "паспортын" деген сөзбен ауыстырылсын;
11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"11) астыққа және оның өмiрлiк циклiнiң процестерiне қатысты техникалық регламенттердi әзiрлеу;";
6) 6-1-баптың 10) тармақшасындағы "астық өндiрушiлерге сертификаттық қызметтер" деген сөздер "техникалық реттеу саласында сәйкестiктi растау жөнiндегi қызметтер" деген сөздермен ауыстырылсын;
7) 7-бапта:
тақырыбы "Астық" деген сөзден кейiн "қауiпсiздiгi мен" деген сөздермен толықтырылсын;
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қазақстан Республикасы аумағындағы астық және оның өмiрлiк циклiнiң процестерi осы Заңның талаптарына, техникалық регламенттерге, санитарлық және фитосанитарлық ережелер мен нормаларға және стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарға сәйкес келуге тиiс.";
2-тармақ "Астық" деген сөзден кейiн "қауiпсiздiгi мен" деген сөздермен толықтырылсын;
8) 8-бапта:
1-тармақтағы "стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген" деген сөздер "Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген" деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтағы "сертификатынсыз" деген сөз "паспортынсыз" деген сөзбен ауыстырылсын;
9) 9-бапта:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Көлiктiң осы түрiмен жүк тасу ережелерiне сәйкес келетiн көлiктiң кез келген түрiмен тасымалдануға тиiс астық партиясына олардың техникалық регламенттер мен стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттар iлесiп жүредi.";
10) мынадай мазмұндағы 2-1-тараумен толықтырылсын:
"2-1-тарау. Астыққа және оның өмiрлiк циклiнiң процестерiне
қойылатын қауiпсiздiктiң жалпы талаптары
9-1-бап. Техникалық реттеу объектiлерi
Астық және оның өмiрлiк циклiнiң процестерi техникалық реттеу объектiлерi болып табылады.
9-2-бап. Сәйкестiктi растау
Астықтың техникалық регламенттерде айқындалған талаптарға сәйкестiгiн растау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
9-3-бап. Астықтың қауiпсiздiгi мен сапасы туралы ақпаратқа
қойылатын талаптар
Тұтынушылардың астықтың қауiпсiздiгi мен сапасына қатысты жаңылысуына әкеп соқтыратын әрекеттердiң алдын алу мақсатында астық нарығына қатысушылар сатып алушыларға және (немесе) тұтынушыларға астықтың қауiпсiздiгi мен сапасының көрсеткiштерi туралы толық және дұрыс ақпарат беруге мiндеттi.
9-4-бап. Астыққа қойылатын қауiпсiздiк талаптары
1. Пайдалану мақсатына қарай астық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн талаптардың кешенiне сәйкес келуге тиiс.
2. Астық құрамындағы ықтимал қауiптi химиялық қосылыстар мен биологиялық объектiлер, пестицидтердiң және агрохимикаттардың қалдық мөлшерi, оның iшiнде фумиганттар, зиянды заттар мен қоспалар, сондай-ақ ылғал техникалық регламенттерде белгiленген мәндерге жол берiлген ең жоғары деңгейден аспауға тиiс.
9-5-бап. Астықты өндiру кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
Жер учаскелерiнiң иелерi мен пайдаланушылары астық өндiрiсiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердiң құнарлылығын қалпына келтiрудi қамтамасыз ететiн, сондай-ақ осындай қызметтiң қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуiн жоятын немесе шектейтiн тәсiлдермен жүзеге асыруға мiндеттi.
9-6-бап. Астықты сақтау кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
1. Астықты сақтау оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн экологиялық, құрылыс, өрт, санитарлық-эпидемиологиялық және фитосанитариялық талаптарға сай келетiн астық қоймаларында жүзеге асырылады.
2. Астықты сақтау кезiндегi қауiпсiздiк талаптары тәуекел түрлерi бойынша техникалық регламенттерде белгiленедi.
9-7-бап. Астықты тасымалдау кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
1. Астықты тасымалдау оның қауiпсiздiгi мен сапалық көрсеткiштерiнiң сақталуын қамтамасыз ететiн жағдайларда жүзеге асырылуға тиiс.
2. Астық құрғақ, таза, бөгде иiссiз, зиянды ағзалармен залалданбаған көлiк құралдарымен тасымалданады.
9-8-бап. Астықты кәдеге жарату және жою кезiндегi қауiпсiздiк
талаптары
1. Зертханалық зерттеу нәтижелерi бойынша мақсатына қарай пайдалану үшiн жарамсыз деп танылған астыққа техникалық регламенттерде белгiленген тәртiппен одан әрi пайдалануды (кәдеге жаратуды) немесе жоюды анықтау тұрғысында сараптама жасалуға тиiс.
2. Сараптама жасауға және оны одан әрi пайдалану (кәдеге жарату) немесе жою ықтималдығы туралы шешiм қабылдау қажет болатын кезеңдегi астық оның партиясының көлемi көрсетiле және астыққа қол жеткiзудi болғызбайтын жағдайлар сақтала отырып, жеке үй-жайларда сақталуға тиiс.
3. Мақсатына қарай пайдалануға жарамсыз астықты тасымалдауға, сақтауға, сараптама жасауға, пайдалануға (кәдеге жаратуға) немесе жоюға байланысты шығындарды оның иесi өтейдi.";
11) 10-баптың 14) тармақшасындағы "астық өндiрушiлерге сертификаттық қызмет көрсету жөнiнде" деген сөздер "техникалық реттеу саласында сәйкестiктi растау жөнiнде қызметтер көрсету бойынша" деген сөздермен ауыстырылсын;
12) 24-1-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы "астықтың" деген сөзден кейiн "қауiпсiздiгiн және" деген сөздермен толықтырылсын;
13) 26-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) астықты сақтау кезiнде техникалық регламенттерде белгiленген фитосанитариялық ережелер мен нормаларды, қауiпсiздiк талаптарын бұзғаны;".
15. "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы" 2001 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 17-18, 243-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 6, 10-құжат; N 7-8, 19-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 3, 22-құжат; N 15, 95-құжат):
1) 3-баптың 2-тармағының 10) тармақшасындағы "көрсету болып табылады." деген сөздер "көрсету;" деген сөзбен ауыстырылып, тармақ мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:
"11) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн талаптарды белгiлеу болып табылады.";
2) 19-бап мынадай мазмұндағы 22) тармақшамен толықтырылсын:
"22) техникалық регламенттердi бекiтедi.";
3) 20-бапта:
7) тармақшадағы "бекiту және қолданысқа енгiзу" деген сөздер алып тасталсын;
18) тармақшадағы "аттестаттау жатады." деген сөздер "аттестаттау;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 19) тармақшамен толықтырылсын:
"19) техникалық регламенттердi әзiрлеу жатады.";
4) мынадай мазмұндағы 4-1-тараумен толықтырылсын:
"4-1-тарау. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi
саласындағы қауiпсiздiктiң жалпы талаптары
27-1-бап. Техникалық реттеу объектiлерi
Үйлер, ғимараттар, оларды жобалау, салу, реконструкциялау, техникалық қайта жарақтандыру, кеңейту, күрделi жөндеу және пайдалану процестерi, сондай-ақ құрылыс материалдары мен конструкциялары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы техникалық реттеу объектiлерi болып табылады.
27-2-бап. Ғимараттарға қойылатын қауiпсiздiк талаптары
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi объектiлерiн жобалау адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн құрылыстардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге тиiс.
2. Ғимараттарды жобалау кезiнде өмiрлiк циклдiң барлық сатыларындағы, оның iшiнде қалыпты пайдалану, төтенше жағдайлар, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу кезiнде көзделетiн бұзушылықтар және рұқсат етiлмейтiн құрылыс кезiндегi адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға төнетiн барлық ықтимал тәуекелдер сәйкестендiрiлуге және ескерiлуге тиiс.
3. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу кезiнде құрылыс салушы жобалық құжаттамада белгiленген қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралардың бүкiл кешенiн орындауға және ғимарат құрылысын жүргiзудiң түрлi сатыларында олардың орындалуына бақылау жасау мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
4. Салынып жатқан ғимараттар өзге объектiлерден белгiленген нормаларға сәйкес қажеттi арақашықтықта аулақ орналастырылуға тиiс.
5. Тапсырыс берушiлер құрылысты салуға, реконструкциялауға және жөндеуге құрылыс мердiгерлiгiнiң шартын жасасу кезiнде онда техникалық реттеу саласындағы қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн техникалық регламенттердiң және басқа да нормативтiк-техникалық құжаттардың талаптарын көрсетуге тиiс.
6. Қауiптiлiгi жоғары аймақтар болып табылатын құрылыс объектiлерiнде тапсырыс берушi және мердiгер құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге және адам өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтiру мүмкiндiгiн болғызбауға мiндеттi.
7. Ғимараттарды жобалау және салу кезiнде мынадай құбылыстарға:
1) ғимараттың тұтастай немесе оның бiр бөлiгiнiң опырылып құлауына;
2) жол берiлмейтiн шамада бүлiнуiне;
3) көтергiш элементтердiң айтарлықтай бүлiнуi салдарынан құрылыстың басқа бөлiктерiнiң немесе оларда орнатылған қондырғылар мен жабдықтардың бұзылуына;
4) бастапқы себептермен салыстыруға болмайтын, кездейсоқ жағдайлардан туындаған залалға әкеп соқтыратын жүктемелердi есепке алу қажет.
8. Өрт болған жағдайда ғимараттар:
1) белгiлi бiр мерзiм iшiнде көтергiш элементтердiң берiктiгi қамтамасыз етiлетiндей;
2) ғимарат iшiнде өрт пен түтiннiң пайда болуын және таралуын шектейтiндей;
3) авариялық шығу жолдары арқылы адамдарды дереу эвакуациялауды қамтамасыз ететiндей;
4) құтқарушы топтар жану ошақтарына қауiпсiз кiре алатындай етiп жобалануға және салынуға тиiс.
9. Ғимараттар адам денсаулығы мен гигиенасы үшiн, атап айтқанда:
1) уытты газдардың және өзге де зиянды химиялық заттардың бөлiнуi;
2) ауада қауiптi бөлшектердiң немесе газдардың болуы;
3) қауiптi радиацияның сәуле шығаруы;
4) судың немесе топырақтың ластануы немесе залалдануы;
5) судың, түтiннiң немесе қатты немесе сұйық қалдықтардың бөлiнуi арқылы бұзылуы;
6) ғимарат бөлiктерiнде немесе ғимараттың iшкi беттерiнде ылғалдың болуы салдарынан қауiп төндiрмейтiндей болып жобалануға және салынуға тиiс.
10. Ғимараттар оларды пайдалану тайып кету, құлау, соққы алу, күю, электр тогымен зақымдану, жарылыс салдарынан жарақаттану сияқты жазатайым оқиғалардың жол беруге болмайтын тәуекелiн тудырмайтын болып жобалануға және салынуға тиiс.
11. Ғимаратты шудан оқшаулау адам өмiрi мен денсаулығы үшiн жол беруге болмайтын тәуекелдi болғызбауды есепке ала отырып жобалануға және салынуға тиiс.
12. Ғимарат, сондай-ақ оның жылыту, салқындату және желдету қондырғылары ғимаратты пайдалануға қажеттi энергияны тұтыну жергiлiктi климаттық жағдайларды есепке алғанда қалыпты болатындай, бiрақ адам денсаулығына зиян келтiрiлмейтiндей етiп жобалануға және салынуға тиiс.
27-3-бап. Құрылыс материалдарының қауiпсiздiк талаптары
Құрылыс материалдары мiндеттi қауiпсiздiк талаптарының кешенiн, оның iшiнде экономикалық аспектiлер тұрғысынан пайдалануға жарамды етiп ғимараттар салуға мүмкiндiк беретiн радиациялық және химиялық қауiпсiздiк нормаларын белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына сәйкес келуге тиiс және оларды пайдалану осы Заңның 27-2-бабында белгiленген талаптардың орындалуын қамтамасыз етуi керек.";
5) 28-баптың 2-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарды;";
6) 58-баптың 1-тармағындағы "мемлекеттiк нормативтермен" деген сөздер "техникалық регламенттермен" деген сөздермен ауыстырылсын;
7) 64-баптың 1-тармағының бiрiншi бөлiгiндегi "Жобалар сараптамасын" деген сөздер "Жобалардың техникалық регламенттерге сәйкестiгiне сараптама жасауды" деген сөздермен ауыстырылсын;
8) 70-баптың 2-тармағында:
бiрiншi абзацтағы "(объектiлерiнiң)" деген сөзден кейiн "қауiпсiздiгi мен" деген сөздермен толықтырылсын;
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"1) техникалық регламенттерде және құрылыс өнiмдерiне арналған стандарттау жөнiндегi қолданыстағы нормативтiк құжаттарда белгiленген қауiпсiздiк талаптарын сақтау;";
9) 71-бапта:
тақырыбы "Объектiлердiң" деген сөзден кейiн "қауiпсiздiгiн және" деген сөздермен толықтырылсын;
бiрiншi абзац "олардың" деген сөзден кейiн "қауiпсiздiгiн және" деген сөздермен толықтырылсын.
16. "Автомобиль жолдары туралы" 2001 жылғы 17 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 17-18, 246-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 14, 89-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) автомобиль жолы - автомобильдердiң және басқа да көлiк құралдарының белгiленген жылдамдықпен, жүктемелермен, көлемдермен үздiксiз, қауiпсiз жүрiсiн қамтамасыз ететiн, автомобильдер жүрiсiне арналған инженерлiк құрылыстар кешенi, сондай-ақ осы кешендi орналастыру үшiн берiлген жер учаскелерi (көлiк жерлерi) және олардың үстiндегi белгiленген көлем шегiндегi әуе кеңiстiгi;
2) автомобиль жолдарын басқарушылар - автомобиль жолдарының меншiк иелерi болып табылатын немесе автомобиль жолдарын шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығымен басқару жөнiндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
3) автомобиль жолдарын пайдаланушылар - жол қозғалысына қатысушылар болып табылатын немесе автомобиль жолдарына бөлiнген белдеу мен жол бойындағы белдеу шегiнде өзге де қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
4) автомобиль жолының ұзындығы - километрлiк белгiлер бойынша нақты (жергiлiктi жерде) көрсетiлген, объектiлердiң немесе елдi мекендердiң арасындағы жолдың нақты ұзындығы;
5) ақылы автомобиль жолдары - жоғары, қауiпсiз жылдамдықты қамтамасыз ететiн, сапасы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген мемлекеттiк стандарттардың талаптарына сай келетiн басқа жолмен баламалы түрде ақысыз жүру мiндеттi болатын, пайдаланылғаны үшiн ақы алынатын жоғары сапалы автомобиль жолдары;
6) ауыр салмақты көлiк құралы - толық массасы немесе жүктеменiң оның осi бойынша бөлiнуi осы жол санаты мен ондағы құрылыстар үшiн рұқсат етiлген шектi жүктеме мөлшерiнен асатын, жүгi бар немесе жүксiз көлiк құралы;
7) жол бойындағы белдеулер - көлiк қозғалысының және халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн шекарасында жер пайдаланудың ерекше шарттары белгiленетiн, автомобиль жолдарына бөлiнген белдеуге жалғасып жатқан жер учаскелерi;
8) жолға бөлiнген белдеу - автомобиль жолдары алып жатқан, автомобиль жолының тиiстi құрастырмалы элементтерi мен инженерлiк құрылыстарын, сондай-ақ оларды пайдалану үшiн қажеттi ғимараттарды, құрылыстарды, қорғаныштық және әсемдiк орман екпелерiн отырғызу және жол байланысы құрылғыларын орналастыруға арналған көлiк жерлерi;
9) жол қызметi - автомобиль жолдарын және олардағы құрылыстарды жобалау, салу, реконструкциялау және жөндеу, сондай-ақ оларды күтiп ұстау мен пайдалану жөнiндегi қызмет;
10) жол қызметiн басқару - жолдардағы жүрiстi ұйымдастыруға және қауiпсiздiк пен қолайлылықты қамтамасыз етуге, автомобиль жолдары мен құрылыстардың көлiктiк-пайдалану жай-күйiн арттыруға, оларды қорғау тәртiбiн қамтамасыз етуге, нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген мемлекеттiк стандарттар мен озық технологияларды енгiзу негiзiнде автомобиль жолдарын жобалауды, салуды, реконструкциялауды, жөндеудi, күтiп ұстауды және пайдалануды ұйымдастыруға бағытталған iс-шаралар кешенi;
11) жол органдары - жалпыға ортақ пайдаланылатын мемлекеттiк автомобиль жолдарын басқаруды жүзеге асыратын автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган, оның аумақтық органдары;
12) көше (көшенiң көлiк жүретiн бөлiгi) - қалалар немесе өзге де елдi мекендер шекарасының шегiндегi автомобиль жолы;
13) iрi көлемдi көлiк құралы - көлемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген көлем мөлшерiнен асатын, жүгi бар немесе жүксiз көлiк құралы.";
2) 3-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Автомобиль жолдары геометриялық параметрлерiне, сондай-ақ жол жүрiсiнiң жиiлiгiне қарай автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттерге сәйкес жiктеледi.";
3) 7-баптың 2-тармағындағы "стандарттары мен" деген сөздер алып тасталсын;
4) 10-баптың 2-тармағындағы "нормалар мен стандарттарға" деген сөздер "Қазақстан Республикасының заңнамасына" деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 11-баптың 6) тармақшасындағы "жүзеге асыру жатады." деген сөздер "жүзеге асыру;" деген сөздермен ауыстырылып, бап мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
"6-1) автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттердi бекiту жатады.";
6) 12-баптың 2-тармағының 22) тармақшасындағы "басқару жатады." деген сөздер "басқару;" деген сөзбен ауыстырылып, тармақ мынадай мазмұндағы 23) тармақшамен толықтырылсын:
"23) автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеу жатады.";
7) 15-бапта:
1-тармақтағы "белгiленген нормалар мен стандарттарды сақтау, сертификатталған материалдар, аспаптар, жабдықтар мен өлшеу құралдарын пайдалану принциптерiнде" деген сөздер "белгiленген талаптар мен нормаларға сәйкес, пайдалануға рұқсат етiлген материалдарды, аспаптарды, жабдықтар және өлшеу құралдарын қолдану арқылы" деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақтағы "және мемлекеттiк нормативтердi" деген сөздер алып тасталсын;
8) мынадай мазмұндағы 3-1-тараумен толықтырылсын:
"3-1-тарау. Қауiпсiздiктiң жалпы талаптары
19-1-бап. Техникалық реттеу объектiлерi
Автомобиль жолдары, жол-құрылыс материалдары, автомобиль жолдарын жобалау, салу (реконструкциялау және жөндеу) мен пайдалану процестерi техникалық реттеу объектiлерi болып табылады.
19-2-бап. Автомобиль жолдарын жобалау кезiндегi қауiпсiздiк
талаптары
1. Автомобиль жолдарын жобалау жылдамдықты барынша шектеу және өзгерту, қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету шарттары және перспективалы кезеңнен кейiн жолды реконструкциялау мүмкiндiгiн ескере отырып жүзеге асырылуға тиiс.
2. Автомобиль жолдарының жобалық шешiмдерi:
1) көлiк құралдарының есептелген жылдамдықпен ұйымдасқан, қауiпсiз қозғалысын;
2) жүргiзушiлердiң көзбен шолып бағдарлау шарттарын сақтауын;
3) қосылатын жолдар мен қиылысатын жолдардың қауiпсiз орналасуын;
4) автомобиль шиналарының жүру жолының беткi қабатына қажеттi жанасуын;
5) автомобиль жолдарының, оның iшiнде қорғағыш жол ғимараттарымен қажеттi жайластырылуын;
6) жол және автокөлiк қызметтерiн қажеттi ғимараттармен және құрылыстармен қамтамасыз етуге тиiс.
3. Өндiрiстiк базаларды, жол және автокөлiк қызметтерiнiң ғимараттары мен құрылыстарын жобалау кезiнде атмосфералық ауадағы, су объектiлерiндегi және топырақтағы ластаушы заттардың рұқсат етiлетiн шектi концентрациясының сақталуын қамтамасыз ететiн iс-шаралар әзiрленуге және жүзеге асырылуға тиiс.
4. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзiрлеген кезде жол және жол қозғалысының:
1) адамдарға және қоршаған ортаға;
2) табиғат көрiнiстерiне, жолдағы объектiлерге және тарихи-мәдени мұраға тiкелей және жанама әсерiн бағалау қажет.
Орман екпелерiн (жол бойындағы) отырғызу қандай да бiр басқа қауiп-қатердiң туындауын болғызбау шартымен көзбен шолып бағдарлауды жақсартуға және жолдың көзбен бiркелкi көруiн бұзуға жәрдемдесуге тиiс.
5. Жолдарды жобалау кезiнде жол белгiлерiн оларды орнататын орындар мен орнату әдiстерiн көрсете отырып, орналастыру схемасын және жолды белгiлеу схемасын әзiрлеу қажет.
6. Автомобиль жолдарын жобалау кезiнде қойылатын қауiпсiздiк талаптары техникалық регламенттерде белгiленедi.
19-3-бап. Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және
жөндеу кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
1. Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу кезiнде жобалау-сметалық құжаттамалардың осы Заңның және автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкестiгi қамтамасыз етiлуге тиiс.
2. Салу, реконструкциялау және жөндеу кезiнде қауiпсiздiк және қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi шараларды қолдану қажет. Жұмыс жүргiзу әдiстерiн және механикаландыру құралдарын таңдау кезiнде тиiстi санитарлық нормаларды, атмосферадағы ластаушы заттардың рұқсат етiлетiн шектi нормаларын сақтау қажеттiгi ескерiлгенi жөн.
Жолдарды салу, реконструкциялау және жөндеу кезiнде жасыл екпелердi сақтау немесе оларды қалпына келтiру қамтамасыз етiлуге тиiс.
3. Жол жұмысшыларының және жол қозғалысына қатысушылардың қауiпсiздiгi қозғалысты ұйымдастыру және жұмыстар жүргiзiлетiн орынды қоршау шараларын қолдану арқылы қамтамасыз етiлуге тиiс, олар жұмыстарды жоспарлау барысында қарастырылуға және оларды жүргiзу кезiнде ұдайы тексерiлуге тиiс.
4. Жер төсемiн тұрақтандыру мерзiмi құрылыстың белгiленген мерзiмiнен едәуiр асып кететiн күрделi инженерлiк-геологиялық жағдайларда жол салу, реконструкциялау және жөндеу кезiнде суды бұруды және әр сатыдағы қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ете отырып жол жабындысын сатылап салуды көздеуге рұқсат етiледi.
5. Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу кезiндегi қауiпсiздiк талаптары техникалық регламенттермен белгiленедi.
19-4-бап. Автомобиль жолдарын пайдалану кезiндегi қауiпсiздiк
талаптары
1. Жолдардың жай-күйi жол қозғалысы қауiпсiздiгi мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге және көліктік-пайдалану жүктемесі деңгейiне сәйкес келуге тиiс.
Жол жиегiндегi белдеулердiң енi жолдың осы түрi үшiн белгiленген нормалардан кем болмауға тиiс.
Ақпараттық көрсеткiштер мен белгiлер қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге және нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес келуге тиiс.
Жолдардың құрамы өңiрдiң климаттық ерекшелiктерi мен көлiктiк-пайдалану жүктемесiн ескере отырып, оларды пайдалану кезiндегi қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге тиiс.
2. Автомобиль жолдарының және қалалар мен елдi мекендер көшелерiнiң жүргiншiлер бөлiгi, жаяу жүргiншiлер тротуарлары мен велосипед жолдарының, қону алаңдарының, аялдама пункттерiнiң, сондай-ақ бөлушi белдеулердiң, жер төсемiнiң жиектерi мен қырларының топырақ жамылғылары жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге тиiс.
Жол жамылғыларында есептiк жылдамдықты және қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қажеттi беткi қабат болуы керек.
Жүргiншi бөлiктiң жамылғысында отырып қалған жерлер, ой-шұңқырлар, көлiк құралдары қозғалысын қиындататын өзге де ақаулары болмауға тиiс.
Қыс кезiнде жол қозғалысы қауiпсiздiгiн және оны тиiстi шаралар қабылдау арқылы ұйымдастыру барынша қамтамасыз етiлуi қажет.
3. Жол-көлiк оқиғаларының және жол жұмыстарын жүргiзу орындарындағы көлiк құралдары кiдiрiстерiнiң алдын алу үшiн жұмыстарды жүргiзетiн орындарда қоршау қондырғыларын, белгiлер және таңбалар орнату көзделуi, сонымен бiрге олардың тәулiктiң кез келген уақытында көрiнiп тұруы қамтамасыз етiлуi керек.
Жол қозғалысын ұйымдастыруда қолданылатын техникалық құралдар (қоршаулар, белгiлер, таңбалар, бағыттаушы қондырғылар, жарықтандыру жүйелерi, бағдаршамдар, қозғалысты басқарудың автоматтандырылған жүйелерi) тәулiктiң кез келген уақытында жақсы көрiнiп тұруға және ажырататындай болуға тиiс.
4. Жол қозғалысы, жолға күтiм жасау және оны ұстау салдарынан болған шу, дiрiл және ауа мен судың ластану деңгейiн автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттермен белгiленген талаптар негiзiнде тиiстi шаралармен шектеп отырған жөн.
19-5-бап. Жол-құрылыс материалдарына қойылатын қауiпсiздiк
талаптары
Жол-құрылыс материалдары қоршаған ортаның әсерiне төзiмдi болуға, сондай-ақ олардың құрамындағы зиянды құрамдас бөлiктерi мен қоспалар жол берiлетiн нормадан аспауға тиiс.".
17. "Темiр жол көлiгi туралы" 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 23, 315-құжат; 2003 ж., N 10, 54-құжат; 2004 ж., N 18, 110-құжат; N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 14, 89-құжат; N 16, 99-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) алушы - багажды, жүк-багажды немесе почта жөнелтiлiмдерiн алатын және тасымал құжаттарында көрсетiлген тұлға;
2) арнаулы тасымалдаулар - мемлекет және қорғаныс қажеттерiне арналған арнаулы жүктердi тасымалдау;
3) әлеуметтiк мәнi бар қатынастар - әлеуметтiк мәнiн:
облысаралық қатынастарда - Қазақстан Республикасының Үкiметi;
ауданаралық (қалааралық) және iшкi қатынастарда жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар айқындайтын қатынастар;
4) багаж - жолаушылар немесе почта-багаж поезында тасымалдауға қабылданған, салмағы екi жүз килограмнан аспайтын мүлiк;
5) вагон - темiр жолдармен тасымалдауға арналған өздiгiнен жүрмейтiн тiркемелi көлiк құралы;
6) вагондар (контейнерлер) операторы - вагондарды (контейнерлердi) меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздерде иеленушi және (немесе) тасымалдаушымен жасалған шарт негiзiнде осы вагондарды (контейнерлердi) пайдалана отырып, тасымал процесiн жүзеге асыруға қатысатын және тасымал құжаттарында көрсетiлген тұлға;
7) жолаушы - жол жүру құжаты (билетi) бар және поезбен жол жүретiн жеке тұлға;
8) жөнелтушi - багажды, жүк-багажды немесе почта жөнелтiлiмдерiн жөнелтетiн және тасымалдау құжаттарында көрсетiлген тұлға;
9) жүк - жүк поезында тасымалдауға қабылданған мүлiк;
10) жүк алушы - тасымалдау құжаттарында көрсетiлген және жүктi алушы тұлға;
11) жүк-багаж - жолаушылар мен почта-багаж поездарында тасымалдауға қабылданған, салмағы екi жүз килограмнан артық мүлiк;
12) жүк жөнелтушi - тасымалдау құжаттарында көрсетiлген және жүктi жөнелтушi тұлға;
13) жүк жөнелтiлiмi - бiр темiр жол көлiгi жүкқұжатымен тасымалдауға ұсынылатын жүк партиясы;
14) жылжымалы құрам - жолаушыларды, багажды, жүктi, жүк-багажды және почта жөнелтiлiмдерiн темiр жолдармен тасымалдауға арналған тартқыш көлiк құралдары (локомотивтер), вагондар, өздiгiнен жүретiн және өзге де көлiк құралдары;
15) клиент - жасалған шартқа сәйкес тасымалдаушының қызметiн пайдаланатын тұлға;
16) контейнер - жүктердi тасымалдауға арналған бiрнеше мәрте қолданылатын әмбебап көлiк жабдығы;
17) контрагент - рельс бойындағы қоймаларға, жүк сақталатын алаңдарға, тиеу-түсiру механизмдерiне және (немесе) басқа тармақ иеленушiнiң кiрме жолдарына жалғасатын кiрме жолдарға меншiк құқығында немесе өзге заңды негiздерде иелiк ететiн тұлға;
18) кiрме жолдар - жүк жөнелтушiлер мен жүк алушыларға қызмет көрсетуге арналған және тiкелей немесе басқа да кiрме жолдар арқылы магистральдық және (немесе) станциялық жолдарға жалғасатын темiр жолдар;
19) кiрме жолдардың қызметтерi - кiрме жолдарды пайдалануға беру бойынша көрсетiлетiн қызметтер;
20) қауiптi жүктер - өздерiне тән қасиеттерiне қарай адамдардың, жануарлардың өлiмiне, жарақаттануына немесе ауруға шалдығуына, жарылысқа, өртке, мүлiктердiң бұзылуына немесе жойылуына, сондай-ақ қоршаған табиғи ортаға зиян келтiрiлуiне себеп болуы мүмкiн жүктер;
21) қол жүгi - жолаушының вагонда өзiмен бiрге ақысыз тасымалдайтын, салмағы мен көлемi бойынша белгiленген мөлшерден аспайтын жеке заттары;
22) локомотивтiк тартқыш операторы - локомотивтi күтiп ұстауды және пайдалануды қамтамасыз ететiн және локомотивтiк тартқыш қызметiн көрсетуге сертификаты бар тартқыш көлiк құралының (локомотивтiң) иесi;
23) локомотивтiк тартқыштың қызметтерi - темiр жолдар бойынша тартқыш көлiк құралымен (локомотивпен) жылжымалы құрамның орнын ауыстыру жөнiнде көрсетiлетiн қызметтер;
24) магистральдық жолдар - Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында жалпы пайдаланудағы темiр жол көлiгiнiң жұмыс iстеуiне және басқа мемлекеттермен темiр жол қатынасын қамтамасыз етуге арналған темiр жол станцияларын қосатын темiр жолдар;
25) магистральдық темiр жол желiсi - магистральдық және станциялық жолдарды, сондай-ақ электрмен жабдықтау, сигнализация, байланыс объектiлерiн, құрылғыларды, жабдықты, ғимараттарды, құрылыстарды және оның жұмыс iстеуi үшiн технологиялық жағынан қажеттi өзге де объектiлердi қамтитын магистральдық темiр жол инфрақұрылымы;
26) магистральдық темiр жол желiсiнiң қызметтерi - магистральдық темiр жол желiсiн пайдалануға ұсыну және онымен жылжымалы құрамды өткiзудi ұйымдастыру жөнiндегi қызметтер;
27) магистральдық темiр жол желiсiнiң операторы - мемлекет магистральдық темiр жол желiсi қызметтерiн көрсету және тасымалдау процесiн басқару үшiн құрған ұйым;
28) мемлекеттiк көлiктiк бақылау (бұдан әрi - көлiктiк бақылау) - жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының темiр жол көлiгi саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауын тексеру мақсатында уәкiлеттi орган жүргiзетiн іс-шаралар жиынтығы;
29) ортақ пайдаланылатын кiрме жолдар - тасымалдау ережелерiне сәйкес, тасымалдау процесiне қатысушыларға тиесiлi және багажды, жүктердi, жүк-багажды тиеу (түсiру), сұрыптау, сақтау жөнiндегi операцияларды орындау үшiн пайдаланылатын темiр жол станциясы аумағында да, одан тысқары жерлерде де арнайы бөлiнген темiр жолдар;
30) пайдалану құжаттамасы - темiр жол көлiгi мен жабдығын пайдалану тәртiбiн белгiлейтiн құжаттама;
31) станциялық жолдар - кiрме жолдарды қоспағанда, темiр жол станциясының шекарасындағы темiр жолдар;
32) тармақ иеленушi - меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiзде темiр жолдың кiрме жолдарын иеленушi тұлға;
33) тасымалдануға болатын мерзiм - тез бүлiнетiн багаждың, жүктiң, жүк-багаждың сертификатта (сапалық куәлiкте) көрсетiлген деректер негiзге алынып, жолда болуының барынша шектi мерзiмi;
34) тасымалдау - багажды, жүктердi, жүк-багажды жөнелту пунктiнен межелi пунктiне апару мақсатында орындалатын тасымалдаушының, магистральдық темiр жол желiсi операторының, локомотивтiк тартқыш операторының өзара байланысты iс-қимылдарының жиынтығы;
35) тасымалдау ережелерi - тасымалдау процесiнiң барлық қатысушыларының қызметiн және өзара қатынастарын реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер;
36) тасымалдау құжаттары - ресiмделуi арқылы тасымалдау шарттары жасалатын құжаттар (жол жүру құжаты (билет), багаж бен жүк-багаж квитанциясы, темiр жол көлiгi жүкқұжаты);
37) тасымалдау процесi - тасымалдауларды жүзеге асыру кезiнде орындалатын ұйымдастырушылық және технологиялық тұрғыдан өзара байланысты iс-әрекеттер мен операциялар жиынтығы;
38) тасымал процесiнiң қатысушысы - темiр жол көлiгi саласында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын тұлға, соның iшiнде тармақ иеленушi, контрагент және клиент;
39) тез бүлiнетiн багаж, жүк, жүк-багаж - жарамдылық мерзiмi шектеулi және тасымалдау мен сақтаудың ерекше жағдайын талап ететiн багаж, жүк, жүк-багаж;
40) тексеру - кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының темiр жол саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауын анықтау мақсатында жасалатын бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың iс-әрекетi;
41) темiр жолдар - жылжымалы құрамның жүруi iске асырылатын жылжымайтын мүлiк объектiлерi (тар және кең табан магистральдық, станциялық, кiрме жолдар);
42) темiр жол көлiгi - темiр жолдармен тасымалдауды қамтамасыз ететiн көлiк түрi;
43) темiр жол көлiгiндегi тасымалдаушы (бұдан әрi - тасымалдаушы) - жылжымалы құраммен тасымалдауды жүзеге асыратын және тасымал құжаттарында көрсетiлген тасымалдаушы;
44) темiр жол көлiгiнiң қажетiне арналған жер - темiр жолдар, құрылыстар, жол желiсiндегi және басқа ғимараттар, темiр жол станциялары, қорғаныштық орман екпелерi және жол құрылғылары алып жатқан жер учаскелерi;
45) темiр жол көлiгiнiң қорғалатын аймақтары - тасымалдау қауiпсiздiгiн, темiр жол көлiгi құрылыстарының, құрылғыларының және басқа объектiлерiнiң сақталуын, төзiмдiлiгi мен берiктiгiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi жер учаскелерi;
46) темiр жол қатынасы - ол мына түрлердi:
халықаралық - Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттер арасында және (немесе) Қазақстан Республикасы арқылы транзитпен тасымалдауды;
облысаралық - Қазақстан Республикасының әртүрлi облыстарындағы жөнелту және межелi пункттерi арасындағы тасымалдауды;
ауданаралық (қалааралық) - бiр облыс шегiндегi елдi мекендер арасындағы тасымалдауды;
iшкi - қала (аудан) iшiнде және қала маңында тасымалдауды қоса алғандағы жөнелтетiн және баратын бекеттер арасында темiр жол көлiгiмен жолаушылар, багаж, жүк, жүк-багаж және почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау;
47) темiр жол станциясы - поездар қозғалысын реттеудi, өткiзу қабiлетiн қамтамасыз ететiн және оларды қабылдау, жөнелту, тоғыстыру, басып озу жөнiндегi, жолаушыларға қызмет көрсету, багажды, жүк-багажды, почта жөнелтiлiмдерiн және (немесе) жүктердi қабылдау, беру жөнiндегi операцияларды жүргiзуге мүмкiндiк беретiн жолдық дамуы бар, магистральдық жолдарды учаскелерге бөлетiн пункт;
48) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыретi шегiнде көлiк саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды, Қазақстан Республикасында көлiк кешенi қызметiн үйлестiрудi, реттеудi және бақылауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын орталық атқарушы орган;
49) Ұлттық темiр жол компаниясы - Үкiмет шешiмi бойынша құрылған, ұлттық холдинг жалғыз акционерi болып табылатын, магистральдық темiр жол желiсiн күтiп-ұстауды және пайдалануды жүзеге асыратын, сондай-ақ магистральдық темiр жол желiсi қызметтерiн көрсететiн акционерлiк қоғам;
50) Ұлттық тасымалдаушы - мәртебесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын, арнайы және әскери тасымалдарды орындайтын және жылжымалы құраммен жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, почта жөнелтiлiмдерiн және (немесе) жүктердi тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсететiн тасымалдаушы;
51) экспедитор - тасымалдау құжаттарында көлiк экспедициясы шартының негiзiнде тасымал төлеушiсi ретiнде көрсетiлуi мүмкiн, жүк тасымалдарын ұйымдастыру жөнiнде қызметтер көрсететiн тұлға.";
2) 2-баптың 2-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн темiр жол көлiгi мен оның өмiрлiк циклi процестерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;";
3) 11-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"11-бап. Сәйкестiктi растау
1. Темiр жол көлiгiнiң қызметiне жататын өнiмдердiң сәйкестiгiн растау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Шет мемлекет берген сәйкестiктi растау саласындағы құжат мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнде Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес танылған жағдайда, ол Қазақстан Республикасында жарамды болып саналады.";
4) 14-бапта:
1-тармақта:
9) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 17), 18) тармақшалармен толықтырылсын:
"17) темiр жол көлiгiндегi техникалық реттеу объектiлерiне және оның өмiрлiк циклiнiң процестерiне техникалық регламенттердi бекiту;
18) темiр жол көлiгiндегi қауiпсiздiк ережелерiн бекiту жатады.";
2-тармақта:
4) тармақшадағы ", техникалық пайдалану ережелерiн" деген сөздер алып тасталсын;
15) тармақша алып тасталсын;
5) 16-баптың 2-тармағындағы "темiр жол желiсiнiң операторы" деген сөздерден кейiн "қауiпсiздiк талаптарына және" деген сөздермен толықтырылсын;
6) 6-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"6-тарау. Темiр жол көлiгi саласындағы қауiпсiздiктiң жалпы талаптары";
7) 30 және 31-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"30-бап. Жалпы ережелер
1. Темiр жол көлiгi, темiр жолдар, темiр жол станциялары, вокзалдар және темiр жол тасымалдарымен байланысты тасымалдау процесiне қатысушы өзге де объектiлер, сондай-ақ олардың өмiрлiк циклiнiң процестерi техникалық реттеу объектiлерi болып табылады.
2. Тасымал процесiне қатысушылар техникалық регламенттер де белгiленген қауiпсiздiк талаптарын орындауға және адамның өмiрi мен денсаулығы, жолаушылардың жолда жүруi үшiн қауiпсiз жағдайларды, сондай-ақ магистральдық, станциялық және кiрме жолдардағы қозғалыс қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Қозғалыс қауiпсiздiгi адамның өмiрi мен денсаулығын сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға, тасымалдау процесiне қатысушылардың авариясыз жұмыс iстеуiне жағдайлар жасауға, магистральдық темiр жол желiсiн, темiр жолдың жылжымалы құрамын, құрылыстарды, жабдықтарды, механизмдер мен тетiктердi ақаусыз ұстауға, сондай-ақ болуы ықтимал авариялар салдарын жоюға бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық iс-шаралар кешенiмен қамтамасыз eтiледi.
4. Темiр жолдармен қиылысатын немесе оларға тiкелей жақын орналасқан газ, мұнай құбырларын және басқа да құрылыстар салу мен пайдалану кезiнде белгiленген нормативтердiң сақталмағаны үшiн, сондай-ақ аталған құрылыстарды пайдалану қауіпсіздігі үшiн олардың меншiк иелерi мен иелерi ортақ жауаптылықта болады.
Аталған құрылыстардың иелерi тасымал процесiне қатысушыларды және мемлекеттiк көлiк бақылау органдарын қозғалыс қауiпсiздiгiне қауiп-қатер төндiретiн аварияның немесе авариялық жағдайлардың туындағаны туралы дер кезiнде хабардар етуге мiндеттi.
5. Қауiптi жүктердi жөнелтетiн жөнелтушi (жүк жөнелтушi) және қабылдайтын алушы (жүк алушы), сондай-ақ қауiптi жүктердi тасымалдайтын тасымалдаушы олардың қауiпсiз тасымалдануын қамтамасыз етуге мiндеттi, оларда авариялық жағдайларды және олардың салдарын жоюға қажеттi құралдар мен жұмылдыру бөлiмшелерi (оның iшiнде шарт бойынша) болуға тиiс.
Қауiптi жүктердi тасымалдау процесiнде авариялық жағдайлар туындаған кезде тасымалдау процесiне қатысушылар аталған бөлiмшелердiң оқиға орнына жедел түрде жiберiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
31-бап. Темiр жол көлiгi мен жабдықтарының нарықтағы айналымы
кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
1. Темiр жол көлiгi мен жабдықтары, егер олар адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн талаптарға сәйкес келмесе немесе тұтынушыларды жаңылыстыруға әкеп соқтыратын болса, онда оларды нарықта өткiзуге және пайдалануға тыйым салынады.
2. Темiр жол көлiгi мен жабдықтарын Қазақстан Республикасының нарығына орналастыратын тұлға Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасының талаптарына сәйкестiктi растау үшiн барлық қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.
3. Темiр жол көлiгi мен жабдықтарында қауiптiлiк және қауiпсiз пайдалану шарттары туралы қажеттi сақтандыру жазбалары немесе белгiлерi болуға тиiс.
4. Темiр жол көлiгi мен жабдығын нарықта орналастырушы тұлға таралып кеткен темiр жол көлiгi мен жабдықтарының қауiпсiздiк талаптарын бұзушылық орын алған болса, ол туралы және оларға қолданылған шаралар туралы уәкiлеттi органдарды дереу хабардар етуге мiндеттi.
5. Дайындаушыдан, импортқа шығарушыдан, пайдаланушыдан немесе мемлекеттiк бақылау органдарынан темiр жол көлiгi мен жабдықтарының белгiленген қауiпсiздiк талаптарына сәйкес келмейтiнi туралы ақпарат алған тұлға оларды нарықта орналастырмауға тиiс.";
8) мынадай мазмұндағы 31-1 - 31-5-баптармен толықтырылсын:
"31-1-бап. Темiр жол көлiгi мен жабдығын жобалау кезiндегi
қауiпсiздiк талаптары
1. Темiр жол көлiгiнiң объектiлерi, сондай-ақ қауiптi жүктердi өндiру, тиеу, түсiру (түсiрiп алу), сақтау және тасымалдау жүзеге асырылатын объектiлер елдi мекендерден, өнеркәсiптiк, ауыл шаруашылығы және басқа да кәсiпорындардан, жеке ғимараттар мен құрылыстардан уәкiлеттi мемлекеттiк органдар белгiлеген құрылыс нормалары және ережелерiне сәйкес қажеттi қашықтықта аулақ орналасуға тиiс.
2. Жобалау темiр жол көлiгi немесе жабдығы жобасының темiр жол көлiгi мен жабдығының жеке түрлерiне арналған Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасының талаптарына сәйкестiгiн қамтамасыз етуге тиiс.
3. Темiр жол көлiгi мен жабдығын жобалау кезiнде олардың өмiрлiк циклiнiң барлық сатысындағы, соның iшiнде қалыпты пайдалану, төтенше жағдайлар (iстен шығу және сыртқы әсер), қызметкердiң қателiктерi мен рұқсат етiлмейтiн пайдалану кезiндегi барлық мүмкiн болатын қауiп-қатерлер сәйкестендiрiлуге тиiс.
4. Темiр жол көлiгiнiң, оның тежегiш жабдығының құрылғысы, тежегiш жабдықтарды ауамен қамтамасыз ету қондырғысы, сигнализация және байланыс қондырғылары бақылау-өлшегiш пен электр жабдығын пайдаланудың бүкiл кезеңiнде адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қауiпсiздiк талаптарына сәйкес келуге тиiс.
5. Темiр жол көлiгi мен жабдығының барлық түрлерi үшiн пайдалану жөнiндегi нұсқаулыққа сәйкес қызметтiң белгiленген мерзiм (белгiленген ресурс) iшiнде өрт, жарылыс, тiкелей машинадан, будан немесе басқа да материалдардан туындаған қызып кету қаупi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген рұқсат етiлген нормаларынан аспауға тиiс.
6. Жұмысқа және техникалық күтiм жасауға арналған барлық аймақтарға қауiпсiз кiру құралдары (баспалдақтар, өтпе жолдар) қамтамасыз етiлуi қажет.
31-2-бап. Темiр жол көлiгi мен жабдығын өндiру кезiндегi
қауiпсiздiк талаптары
1. Темiр жол көлiгi мен жабдығын өндiруде темiр жол көлiгi мен жабдығын дайындау процесiнiң жобалық құжаттаманың, осы Заңның және темiр жол көлiгi мен жабдығының нақты түрлерiне арналған техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкестiгiн қамтамасыз ету қажет.
2. Темiр жол көлiгi мен жабдығын өндiруде дайындаушы жобалық құжаттамамен айқындалған қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi бүкiл шаралар кешенiн орындауға және қауiпсiздiкке қатысты болатын барлық технологиялық операциялардың орындалуын бақылау мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Егер темiр жол көлiгi мен жабдығын дайындау процесiнде немесе одан кейiн Қауіпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн сынақтар жүргізу қажет болса, онда олар жобалық құжаттаманың барлық талаптары орындала отырып толық көлемде жүргiзiлуге тиiс.
31-3-бап. Темiр жол көлiгi мен жабдығын пайдалану (монтаждау
және жөндеу) кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
1. Тасымалдау процесiмен байланысты темiр жолдар, темiр жол станцияларының аумақтары, вокзалдар және тасымалдау процесiне қатысушы басқа да объектiлер қауiптiлiгi жоғары аймақ болып табылады және олардың уәкiлеттi орган белгiлеген талаптарға сәйкес сигналдық қоршаулары болуға тиiс.
2. Пайдалану (монтаждау және жөндеу) кезiнде темiр жол көлiгiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ оның қауiпсiздiгiне әсер ететiн техникалық сипаттамаларды сақтауға қойылатын барлық қажеттi талаптар темiр жол көлiгi мен жабдығына арналған пайдалану құжаттамасында берiлуге тиiс.
3. Темiр жол көлiгi мен жабдығын пайдалануды (монтаждауды және жөндеудi) жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар темiр жол көлiгi мен жабдығына арналған пайдалану құжаттамасының талаптарын орындауды қамтамасыз етуге тиiс.
4. Тартқыш көлiк құралының (локомотивтiң) иесi локомотивтi тартқыш қызметiн көрсету кезiнде оның жарамды жай-күйiн, соның iшiнде пайдалануға технологиялық дайындығын жүзеге асыруды қамтамасыз етуге мiндеттi.
5. Магистральдық және маневр жасайтын тепловоздардың зиянды заттары мен пайдаланылған газдарының шығарындылары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мәннен аспауға тиiс.
6. Темiр жол көлiгi мен жабдығы өз мiндеттерiн орындауға, реттеуге және техникалық қызмет көрсетуге, осы операцияларды орындау кезiнде адамдарды қауiп-қатерге ұшыратпауға тиiс.
7. Темiр жол көлiгi мен жабдығын басқару жүйелерi жұмыстың барлық көзделген режимiнде және пайдалану жағдайларында оларды пайдалану қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге тиiс.
8. Басқару қондырғысы жеңiл ажыратылуға тиiс, ал қажет болған жағдайларда жазбалармен, нышандармен немесе басқа әдiстермен белгiленуi керек.
Темiр жол көлiгi мен жабдығы олардың толық және қауiпсiз тоқтатылуын (сөндiрiлуiн) қамтамасыз ететiн қажеттi жабдықпен, қондырғымен жабдықталуға тиiс.
Басқару жүйесi, егер шұғыл тежеу және авариялық тоқтату (ажырату) жабдықтарын пайдалану қауiп-қатердiң алдын алатын немесе азайтатын болса, оларды қамтуға тиiс.
9. Темiр жол көлiгi мен жабдығының жүйесiн орталықтан басқару пультi жүйенiң кез келген бөлiгiн пайдаланудың бұзылуы туралы ақпаратты бейнелейтiн құралдармен, сондай-ақ авариялық тоқтату (сөндiру) құралдарымен жабдықталуға тиiс.
10. Темiр жол көлiгi мен жабдығын басқарудың таңдалған режимiнде авариялық тоқтатудан (сөндiруден) басқа, басқарудың басқа да барлық режимдерiне қатысты басымдық болуға тиiс.
11. Қоректендiру көзiнiң және басқару сызбасының бұзылуы қауiптi жағдайлардың туындауына әкеп соқтырмауға тиiс.
31-4 бап. Темiр жол көлiгi мен жабдығын тасымалдау және
сақтау кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
1. Темiр жол көлiгi мен жабдығын тасымалдау және сақтау процесiнде олардың сақталуын қамтамасыз етуге, оның қауiпсiздiгiне ықпал ететiн техникалық сипаттамаларды сақтауға қойылатын барлық қажеттi талаптар, оның iшiнде буып-түюге, консервациялауға, тасымалдау мен сақтау шарттарына қойылатын талаптар, белгiленген сақтау мерзiмi, жай-күйiн қайта куәландыру мерзiмi бойынша нұсқаулар, сақтау мерзiмi өтiп кеткен жекелеген элементтердi, бөлшектердi, тораптарды ауыстыру темiр жол көлiгi мен жабдығына арналған пайдалану құжаттамаларында келiсiлуге тиiс.
2. Темiр жол көлiгi мен жабдығының нақты түрлерiн тасымалдау және сақтау қауiпсiздiгiнiң талаптары темiр жол көлiгi саласындағы техникалық регламенттермен белгiленедi.
3. Буып-түю мен консервациялау үшiн қолданылатын материалдар мен заттар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қауiпсiздiк талаптарына сәйкес келуге тиiс.
4. Тиеудi, түсiрудi, тасымалдауды және қоймаға қоюды белгiленген қауiпсiздiк талаптарын сақтай отырып оқыған қызметкер жүргiзуге тиiс.
31-5-бап. Темiр жол көлiгi мен жабдығын кәдеге жарату және
жою кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
Жеке немесе заңды тұлға темiр жол көлiгi мен жабдығын кәдеге жаратуды және жоюды темiр жол көлiгiнiң әрбiр түрiне арналған техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес қамтамасыз етуге тиiс.".
18. "Азаматтық авиацияны мемлекеттiк реттеу туралы" 2001 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 23, 320-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 7-8, 23-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) авиамаршрутқа арналған куәлiк - авиациялық маршрутты пайдалану құқығына берiлген құжат;
2) авиациялық қызмет көрсетулер - азаматтық авиацияның жолаушылардың, багаждың, жүктiң және почтаның әуе тасымалдарын ұйымдастыру мeн қамтамасыз етуге және авиациялық жұмыстарды орындауға байланысты қызмет көрсетулерi;
3) авиациялық маршрут (авиамаршрут) - үстiнде авиатасымалдар пункттерi арасындағы әуе қатынасы жүзеге асырылатын жер бетiнiң географиялық сипаттамасы немесе географиялық сипаттамалар құрастырылымы;
4) авиациялық техника - азаматтық әуе кемелерi, олардың жабдығы, жинақтаушы бұйымдары, двигательдерi, тренажерлерi және азаматтық әуе кемелерiне жерде қызмет көрсету құралдары;
5) авиация персоналы - авиациялық бағдардағы кәсiби даярлығы бар, ұшуды ұйымдастыру, әуе кемелерiнiң қозғалысын басқару, әуе кемелерiне қызмет көрсету, авиациялық жұмыстарды орындау жөнiндегi, сондай-ақ тасымалдарды, ұшу қауiпсiздiгiн немесе авиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар;
6) азаматтық авиация - мынадай мақсаттарда:
а) жолаушылар, багаж, жүк және почта тасымалдау (әуе тасымалдары);
б) авиациялық жұмыстарды орындау;
в) оқу, спорт, мәдени-ағарту шараларын жүргiзу, техникалық шығармашылықты дамыту;
г) әуе кемесi пайдаланушысының жеке қажеттiлiктерiн қанағаттандыру;
д) iздестiру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу, дүлей апаттар бола қалған жағдайда көмек көрсету мақсатында пайдаланылатын авиация;
7) азаматтық авиация ұйымы - азаматтық авиация саласындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
8) азаматтық әуе кемесi - азаматтық авиацияда пайдаланылатын және Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген әуе кемесi;
9) әуе еркiндiгi - тұрақты халықаралық әуе тасымалдарына қатысты бiр мемлекет екiншi мемлекетке немесе мемлекеттерге жолаушылар, багаж, жүк және почта тасымалдау үшiн өз аумағында ұшу мен қонуды жүзеге асыруға беретiн тасымалдау құқығы;
10) әуе тасымалдары - жеке және заңды тұлғалардың азаматтық әуе кемелерiмен жолаушылар, багаж, жүк және почта тасымалдау жөнiндегi қызметi;
11) Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi - Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiн, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу жүргiзiлетiн құжат;
12) тұрақты емес (чартерлiк) рейс - тұрақты авиатасымалы болып табылмайтын коммерциялық әуе тасымалы;
13) тұрақты рейс - бекiтiлген кестеге сәйкес орындалатын рейс;
14) уақытша басқару - әуежай пайдаланушыдағы лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе оны керi қайтарып алу кезiнде енгiзiлетiн басқару;
15) уәкiлеттi орган - азаматтық авиация саласында мемлекеттiк саясат жүргізудi, азаматтық және эксперименттiк авиация қызметiне мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды, оны үйлестiру мен реттеудi және Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттiк басқару органы;
16) ұшу жарамдылығы - азаматтық әуе кемесiнiң қауiпсiздiгi мен ұшу сапасын қамтамасыз ететiн ұшу-техникалық сипаттамаларына жауап беретiн азаматтық әуе кемесiнiң техникалық жай-күйi;
17) ұшу қауiпсiздiгi - ұшудың қауiпсiз жүргiзiлуiн қамтамасыз ететiн шаралар кешенi, азаматтық әуе кемесiнiң және авиациялық қызметтер мен (немесе) жұмыстардың адам өмiрi мен денсаулығына қатерсiз ұшуды орындауға қабiлеттiлiгiн айқындайтын кешендi сипаттамасы.";
2) 4-бапта:
7-1) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 17)-22) тармақшалармен толықтырылсын:
"17) азаматтық әуе кемелерiнiң ұшу жарамдылығы нормаларын белгiлеу;
18) азаматтық әуе кемелерiн және аса жеңiл авиацияның әуе кемелерiн пайдаланушының сертификаттарын, тип сертификаттарын, аэродромның жарамдылық сертификаттарын, ұшу жарамдылығы сертификаттары мен нұсқа сертификаттарын сертификаттау және беру тәртiбiн бекiту;
19) азаматтық авиация саласындағы еңбек қауiпсiздiгi мен өндiрiстiк санитарияны қамтамасыз ету тәртiбiн айқындайтын, сондай-ақ ұшуларға аэронавигациялық қызмет көрсету жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi бекiту;
20) ұшу қауiпсiздiгi мен авиациялық қауiпсiздiк мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi бекiту;
21) ұшуды және авиациялық электр байланысын радиотехникалық қамтамасыз ету саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi бекiту;
22) азаматтық авиация саласындағы техникалық регламенттердi бекiту.";
3) 5-баптың 1-тармағында:
2) тармақша "қауiпсiздiк ережелерiнiң және" деген сөздерден кейiн "адам өмiрi, денсаулығы, қоршаған орта үшiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi" деген сөздермен толықтырылсын;
8) және 17) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"8) азаматтық әуе кемелерiн және аса жеңiл авиацияның әуе кемелерiн сертификаттау және оларды пайдаланушының сертификаттарын, тип сертификаттарын, аэродромның жарамдылық сертификаттарын, ұшу жарамдылығы сертификаттары мен нұсқа сертификаттарын беру;";
"17) техникалық регламенттердi әзiрлеу;";
26-1), 26-3), 26-7), 26-8) және 26-9) тармақшалар алып тасталсын;
4) 10-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"10-бап. Азаматтық авиация саласындағы сәйкестiктi растау
Сәйкестiктi растау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.".
19. "Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы" 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., N 2, 16-құжат; 2004 ж., N 20, 116-құжат; N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 11, 36-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) авариялық жарна - тасымалдаушыға жүк берген кезде жалпы авария жағдайындағы шығыстарды өтеу үшiн оның жалпы авариялық шығыстардағы үлесiн төлеудi қамтамасыз ету ретiнде алушы тасымалдаушыға енгiзуге мiндеттi болатын ақша сомасы;
2) алушы - жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша жүк алуға уәкiлеттi тұлға;
3) арнаулы персонал - экипаж мүшесi болып табылмайтын, кеменiң мақсатына байланысты бортта үнемi болатын адам (теңiздiң тiрi ресурстарын аулаумен және өңдеумен айналысатын, ғылыми, инженер-техник қызметкерлер, зертхана қызметкерлерi, жұмысшылар және басқалар);
4) бербоут-чартер - жолаушылар, багаж бен жүк тасымалдауға және сауда мақсатында теңiзде жүзудiң өзге де мақсаттарына арнап жарақтандырылмаған және экипажбен жасақталмаған кеменi немесе бiрнеше кеменi жалдаушының иеленуiне және пайдалануына кемемен жалданушы келiсiлген ақы (жалдау ақысын) алып, белгiлi бiр мерзiмге беруге мiндеттенетiн шарт;
5) дағдылы маршрут - теңiз практикасында жалпы қабылданған кеме жүретiн маршрут;
6) демерредж - контрсталиялық уақыт үшiн төленетiн ақы;
7) диспач - кеменi жалдаушыға кемеге жүк тиеудi сталиялық уақыт бiткенге дейiн аяқтағаны үшiн төленетiн сыйақы;
8) диспаша - жалпы авария бойынша залалдар мен шығыстарды есептеу және оларды жалпы теңiз кәсiпорнына қатысушы тараптар арасында бөлу;
9) диспашерлер - теңiз құқығы саласында бiлiмi мен тәжiрибесi, бар, диспашаны анықтау жөнiнде есеп жасайтын тұлғалар;
10) есеп айырысу бiрлiгi - қарызға алудың арнайы құқығының Халықаралық валюта қоры белгiлейтiн бiрлiгi;
11) жалдау ақысы - жүктi тасымалдағаны үшiн алынатын ақы, сондай-ақ бербоут-чартер мен тайм-чартер шарттары бойынша берiлетiн сыйақы;
12) жалпы теңiз кәсiпорны - мүлiк (кеме, жалдау ақысы және жүк), жалпы авария бойынша шығындар соның есебiнен өтелуге тиiс;
13) жолаушы - тасымалдаушымен шарттық қатынастарда тұратын және билетте немесе оның жүру құқығын растайтын өзге де құжатта көрсетiлген, не тасымалдаушының келiсiмiмен теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша автокөлiк құралдарын, жануарларды және өзге де жүктi iлесе алып жүрудi жүзеге асыратын тұлға;
14) жолаушылар тасымалдайтын кеме - жолаушылар тасымалдауға арналған және он екiден астам жолаушы тасымалдайтын кеме;
15) жолаушылық куәлiк - жолаушылардың кемеге алуға жол берiлетiн ең көп саны туралы мәлiметтер бар кеме құжаты;
16) жөнелтушi - теңiз тасымалы шартына сәйкес жүк жөнелткен және тасымал құжаттарында көрсетiлген тұлға;
17) жүзбелi бұрғылау қондырғысы - теңiз түбiндегi жерасты ресурстарын барлау және (немесе) өндiру жөнiндегi бұрғылау жұмыстарын орындауға арналған кеме (жүзбелi құрылыс);
18) жүк таситын кеме - жолаушылар тасымалдамайтын кеме (құрғақ жүк, құйылатын жүк таситын, көлiктiк рефрижератор, мұзжарғыш сүйреткiш, итермелегiш, құтқарушы, техникалық флот, кабельдi, арнаулы мақсаттағы және басқа да жолаушылар тасымалдамайтын кеме);
19) инцидент - нәтижесiнде зиян келтiрген немесе сондай зиян келтiрудiң елеулi және тiкелей қаупi төнген оқиға немесе шығу жағдайы белгiлi дәрежеде ұқсас бiрқатар оқиғалар;
20) каботаж - Қазақстан Республикасының теңiз порттары арасындағы қатынаста, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңды құзырындағы тиеу портынан (пунктiнен) түсiру портына (пунктiне) дейiн тасымалдау мен сүйретiп жүзу;
21) каюталық багаж - жолаушының белгiленген мөлшер мен көлем шегiнде өзiмен бiрге алып жүретiн, жинақы буып-түйiлген және каютаға немесе жалпы орындардағы сөрелерге еркiн орналастырылатын заттары;
22) кеме - сауда мақсатында теңiзде жүзуге пайдаланылатын, су ығыстырмайтын кеме мен гидроұшақты қоса алғанда, өздiгiнен жүретiн немесе өздiгiнен жүрмейтiн жүзбелi құрылыс;
23) кемеге теңiздегi кепiл - осы Заң негiзiнде онда аталған мән-жайлар туған кезде пайда болатын кеме ипотекасы;
24) кеме иесi - кеменi меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздерде иеленетiн тұлға;
25) кеме ипотекасы - мемлекеттiк тiркелуге жататын теңiз кемесiнiң, ішкі суда жүзетiн кеменiң, "өзен-теңiзде" жүзетiн кеменiң, сондай-ақ жасалып жатқан кеменiң тиiстi тiзiлiмде тiркелген шарт негiзiнде туындайтын ипотекасы;
26) кемелердi лоцмандық алып өту - лоцман жүзеге асыратын кемелердi алып өту;
27) кемемен жалданушы - кеменi жалдау шартының жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдау немесе сауда мақсатында теңiзде жүзудiң өзге де мақсаттары үшiн белгiлi бiр мерзiмге кеме немесе бiрнеше кеме беретiн тарабы;
28) кеменi жалдаушы - кеменi жалдау шартының жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдау немесе сауда мақсатында теңiзде жүзудiң өзге де мақсаттары үшiн белгiлi бiр мерзiмге кеме немесе бiрнеше кеме берiлетiн тарабы;
29) кеменiң меншiк иесi - кемелер мен оларға құқықты мемлекеттiк тiркеу ережелерiне сәйкес кеменiң меншiк иесi ретiнде тiркелген тұлға;
30) кеменiң сыйымдылығы - порттардағы есеп айырысуға және флоттың статистикалық есебiн жүргiзуге қызмет ететiн, Қазақстан Республикасының кемелердi өлшеу жөнiндегi халықаралық шарттарына сәйкес белгiленетiн сыйымдылық;
31) коносамент - тасымалдаушы жөнелтушiге беретiн және жүктiң тасымалдауға қабылданғанын куәландыратын құжат;
32) контрсталиялық уақыт - кеме сталиялық уақыттан тыс жүк тиелiп тұратын уақыт кезеңi;
33) қауiптi жүк - өзiне тән қасиеттерiне қарай тасымалдау, тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу және сақтау кезiнде техникалық құралдардың, қондырғылардың, ғимараттар мен құрылыстардың жарылысына, өртенуiне немесе зақымдануына, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың мерт болуына, жарақаттануына немесе ауруына, қоршаған ортаға зиян келтiруге себеп болуы мүмкiн жүк;
34) лоцман - кеменi арқанға байлайтын, зәкiрге қоятын және портта кемелердiң орнын ауыстыратын жерге қауiпсiз жеткiзу саласында белгiлi бiр бiлiмi мен дағдылары бар маман;
35) лоцмандық қызмет - лоцманның (лоцмандардың) қызметi;
36) мұнай құйылатын кеме - теңiз кемелерi үшiн тұтану температурасы Цельсия бойынша алпыс градус және одан да төмен, iшкi суларда жүзетiн кемелер үшiн Цельсия бойынша елу бес градус және одан да төмен, Рейд бойынша бу қысымы атмосфералық қысымнан төмен шикi мұнайды және мұнай өнiмдерiн құйып тасымалдауға арналған кеме;
37) нақты тасымалдаушы - жолаушыны, багаж бен жүктi немесе оның бiр бөлiгiн тасымалдауды нақты жүзеге асыратын тасымалдаушы;
38) өткiзу коносаментi - тасымалдаушы жөнелтушiге беретiн және жүктiң тасымалдауға қабылданғанын куәландыратын құжат, онда тасымалдың бiр бөлiгiн басқа тасымалдаушының жүзеге асыруға тиiс екендiгi көзделедi;
39) порт айдыны - порттың гидротехникалық және басқа да құрылыстарының теңiз жағындағы eң алыс нүктесi арқылы өтетiн сызықпен шектелген немесе Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес белгiленетiн Қазақстан Республикасының iшкi сулары;
40) портта сүйрету - порт айдынында, соның iшiнде кеменi немесе өзге де жүзбелi объектiнi портқа кiргiзу не оны порттан шығару үшiн сүйрету және маневрлердi орындау;
41) сауда мақсатында теңiзде жүзу - жолаушыларды, багаж бен жүктi кемемен тасымалдау жөнiндегi қызмет, сондай-ақ өздерiне жүктелген міндеттерді орындау үшiн пайдаланылатын әскери және шекаралық кемелердi қоспағанда, кемелердi өзге де коммерциялық және коммерциялық емес (гидрографиялық, ғылыми, гидротехникалық, құтқарушылық және басқа) мақсаттарда пайдалануға байланысты қызмет;
42) сталиялық уақыт - жалдау ақысына қосымша төлемсiз, кеме жүк тиеуде тұратын уақыт кезеңi;
43) суббербоут-чартер - кеменi жалдау шарты, ол бойынша кеменi жалдаушы жолаушыларды, багаж бен жүктi тасуға және сауда мақсатында теңiзде жүзудiң өзге де мақсаттарына арнап жарақтандырылмаған және экипажбен жасақталмаған кеменi немесе бiрнеше кеменi келiсiлген ақы (жалдау ақысын) алып, үшiншi тұлғаларға белгiлi бiр мерзiмге иелену және пайдалану үшiн беруге мiндеттенедi;
44) субтайм-чартер - кеменi жалдау шарты, ол бойынша кеменi жалдаушы жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдауға және сауда мақсатында теңiзде жүзудiң өзге де мақсаттарына арнап жарақталған және экипажбен жасақталған кеменi немесе бiрнеше кеменi сыйақы алып, үшiншi тұлғаларға белгiлi бiр мерзiмге беруге мiндеттенедi;
45) сүйреткiш кеме - басқа кемелердi және жүзбелi құрылыстарды сүйрету мен жиекке келтiруге арналған кеме;
46) сыныптау қоғамы - Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы халықаралық шарттарында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Үкiметi таныған, халықаралық жүзуге шығатын кемелердi техникалық куәландыруды және сыныптауды жүзеге асыратын ұйым;
47) тайм-чартер - кемемен жалданушы келiсiлген ақыға (жалдау ақысы) кеменi жалдаушыға кеменi және кеме экипажы мүшелерiнiң көрсететiн қызметтерiн жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдау және сауда мақсатында теңiзде жүзудiң өзге де мақсаттары үшiн белгiлi бiр мерзiмге пайдалануға беруге мiндеттенетiн уақытқа кеменi жалдау шарты;
48) тасымалдау ережелерi - жолаушыларды, багажды, жүктi тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде теңiз көлiгiнiң қызметiн реттейтiн, көлiктегi уәкiлеттi орган бекiтетiн нормативтiк құқықтық актiлер;
49) тасымалдаушы - кемеге меншiк немесе өзге де заңды негiздерде құқығы бар, жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдау жөнiнде қызмет көрсететiн және тасымал құжаттарында көрсетiлген тұлға;
50) теңiздегi қарсылық - кеме жүзiп бара жатқан немесе тұрған кезеңде орын алған оқиға туралы кеме капитанының дәлелдемелердi қамтамасыз ету мақсатында кеме иесiне мүлiктiк талаптар қоюға негiздеме бола алатын мәлiмдемесi;
51) теңiзде сүйрету - кеменi немесе өзге де жүзбелi объектiнi белгiлi бiр қашықтыққа сүйрету;
52) теңiз жолдары навигациялық жағдайының құралдары - жүзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн маяктар, қалқымалар және басқа да навигациялық жабдықтар;
53) теңiз жүкқұжаты - жүктердi теңiз көлiгiмен тасымалдау кезiнде ресiмделетiн тасымал құжаты;
54) теңiз порты - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берiлген жер учаскелерiнде орналасқан, кемелерге, жолаушыларға, багажға қызмет көрсетуге және жүктермен жасалатын операцияларды жүзеге асыруға, сондай-ақ теңiз көлiгi қызметiнiң өзге де мақсаттарына арналған құрылыстар кешенi;
55) теңiз талабы - кемелердi сауда мақсатында теңiзде жүзудi көздеп пайдалануға байланысты мәлiмделетiн талап (зиянның орнын толтыру, алымдар төлеу және өзгелер);
56) теңiз терминалы - жүктердi тиеуге (түсiруге), оларды сақтауға, теңiз көлiгiнiң түрiмен сабақтас көлiк құралдарын жөнге келтiруге, сондай-ақ жолаушыларды отырғызуға, түсiруге және оларға өзге де қызмет көрсетуге арналған жағдайларды қамтамасыз ететiн техникалық құралдардың, инженерлiк құрылыстардың, көтергiш-көлiктiк және өзге де жабдықтардың жиынтығын қамтитын теңiз портындағы мамандандырылған учаске;
57) теңiз терминалының операторы - теңiз портындағы терминалға меншiк немесе өзге де заңды негiздерде құқығы бар және тиеу-түсiру жұмыстары мен өзге де техникалық операцияларды жүзеге асырушы тұлға;
58) уәкiлеттi орган - сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы мемлекеттiк саясатты, мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды iске асыруды, қызметтi үйлестiру мен реттеудi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
59) чартер - теңiз арқылы жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдау шартының бiр түрi, бұл жағдайда жөнелтушiге бүкiл кеме, оның бiр бөлiгi немесе кеменiң белгiлi бiр жайы берiледi.";
2) 4-баптың 2-тармағының 15) тармақшасындағы "қабылдау жатады." деген сөздер "қабылдау;" деген сөзбен ауыстырылып, тармақ мынадай мазмұндағы 16)-19) тармақшалармен толықтырылсын:
"16) теңiз кемелерiн жiктеу ережелерiн бекiту;
17) теңiз кемелерiн жабдықтау жөнiндегi ережелердi бекiту;
18) теңiз кемелерiнiң жүк маркасы туралы ережелердi бекiту;
19) сауда мақсатында теңiзде жүзу саласында техникалық регламенттердi бекiту жатады.";
3) 8-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"8-бап. Сәйкестiктi растау
1. Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы қызметке жататын өнiмдi және оның өмiрлiк циклi процестерiнiң сәйкестiгiн растау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Шет мемлекет берген сәйкестiктi растау жөнiндегi құжат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес танылады.";
4) мынадай мазмұндағы 1-1-тараумен толықтырылсын:
"1-1 тарау. Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы
қауiпсiздiктiң жалпы талаптары
8-1-бап. Жалпы талаптар
1. Тасымалдау процесiне қатысушылар адам өмiрi мен денсаулығы, қоршаған орта үшiн қауiпсiздiк жағдайларын қамтамасыз етуге, сондай-ақ сауда мақсатында теңiзде жүзу қауiпсiздiгiне қойылатын талаптарды сақтауға мiндеттi.
2. Сауда мақсатында теңiзде жүзу қауiпсiздiгi адам өмiрi мен денсаулығын, қоршаған ортаны қорғауға, тасымалдау процесiне қатысушылардың авариясыз жұмыс iстеу жағдайын ұйымдастыруға, су жолдарын теңiзде жүзетiн қалыпта ұстауға, кемелердi, порттарды, жағалаудағы объектiлердi және iшкi су жолдарындағы құрылыстарды техникалық жарамды жағдайда ұстауға, сондай-ақ кемелерде авариялардың алдын алуға бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық iс-шаралар кешенiмен қамтамасыз етiледi.
Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы техникалық реттеу объектiлерi:
1) сауда мақсатында теңiзде жүзу үшiн пайдаланылатын кемелер, порттар, жағалаудағы объектiлер және су жолдарындағы құрылыстар;
2) сауда мақсатында теңiзде жүзу үшiн пайдаланылатын кемелердi, порттарды, жағалаудағы объектiлердi және су жолдарындағы құрылыстарды жасау (салу, жөндеу, реконструкциялау), пайдалану процестерi болып табылады.
8-2-бап. Сауда мақсатында теңiзде жүзу үшiн пайдаланылатын
кемелердi, порттарды, жағалаудағы объектiлердi және
су жолдарындағы құрылыстарды жасау (салу, жөндеу,
реконструкциялау) кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
1. Сауда мақсатында теңiзде жүзетiн кемелердi жасау (салу, жөндеу, реконструкциялау) кезiнде олардың жобалау құжаттамасы мен Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы заңнамасының талаптарына сәйкестiгi қамтамасыз етiлуге тиiс.
2. Сауда мақсатында теңiзде жүзетiн кемелердi жасау (салу, жөндеу, реконструкциялау) кезiнде дайындаушы жобалық құжаттамада айқындалған қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралардың бүкiл кешенiн орындауға және теңiзде жүзу қауiпсiздiгiне қатысты болатын барлық технологиялық операциялардың орындалуын бақылау мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге тиiс.
3. Егер сауда мақсатында теңiзде жүзетiн кемелердi дайындау процесiнде немесе одан кейiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн сынақ жүргiзу талап етiлсе, онда олар жобалық құжаттамалардың барлық талаптарын орындай отырып, толық көлемде жүргiзiлуге тиiс.
4. Әрбiр кеме корпусы сәйкестендiру нөмiрiмен таңбалануға тиiс. Таңбалау көрiнетiн, анық және өшiрiлмейтiн болуға тиiс.
5. Кеме борттан асып құлап кету қаупiн болғызбайтындай және борттан тыс қалған адамдарды құтқаруды қамтамасыз ететiндей түрде әзiрленуге тиiс.
6. Негiзгi рульдiк басқару орны айналаны шолуды қамтамасыз етуге тиiс.
7. Кеме пайдалану жөнiндегi нұсқаулықпен жабдықталуға тиiс, онда өрт туындау және бату қаупiне ерекше назар аударылуы керек.
8-3-бап. Сауда мақсатында теңiзде жүзу үшiн пайдаланылатын
кемелердi, порттарды, жағалаудағы объектiлер мен су
жолдарындағы құрылыстарды пайдалану кезiндегi
қауiпсiздiк талаптары
1. Кемелер, порттар, жағалаудағы объектiлер мен сауда мақсатында теңiзде жүзу процесiмен байланысты теңiздегi құрылыстар қауiптiлiгi жоғары аймақтар болып табылады және заңнамалық актiлер мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы актiлерiнiң талаптарына сәйкес келуге тиiс.
2. Кемелердi, порттарды, жағалаудағы объектiлердi және теңiздегi құрылыстарды пайдалануды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар заңнамалық актiлер мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы актiлерi талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге тиiс.
3. Сауда мақсатында теңiзде жүзу үшiн пайдаланылатын кемелердi пайдалану адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға терiс әсер етпеуге тиiс.";
5) 15-баптың 3-тармағындағы "уәкiлеттi орган белгiлеген" деген сөздер "техникалық регламенттерде белгiленген" деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 42-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) кеменiң сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптарына сәйкессiздiгi жағдайында;";
7) 59-баптың 1-тармағы "кеменiң жүзуге" деген сөзден кейiн "қауiпсiздiгiн және" деген сөздермен толықтырылсын;
8) 72-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Тасымалдау кезiнде жүктiң толық сақталуын қамтамасыз ету үшiн ыдысқа салуды және буып-түюдi қажет ететiн жүктер тасымалдау үшiн жарамды ыдысқа салынып және буып-түйiлiп берiлуге тиiс. Ыдыс және буып-түю техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiктiң мiндеттi талаптарына сәйкес болуға тиiс.";
9) 196-баптың 1-тармағының 1) тармақшасындағы "азаматтың" деген сөз "адамның" деген сөзбен ауыстырылсын.
20. "Атмосфералық ауаны қорғау туралы" 2002 жылғы 11 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., N 5, 54-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 3, 22-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) атмосфералық ауа - қоршаған ортаның атмосфера газдарының табиғи қоспасы болып табылатын компонентi;
2) атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер ету - атмосфералық ауаның температуралық, энергетикалық, толқындық, радиациялық және басқа да физикалық қасиеттерiн өзгертетiн шудың, тербелiстiң, иондаушы сәуленiң, температуралық және басқа да физикалық факторлардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсер етуi;
3) атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi нормативi - атмосфералық ауаға шу, тербелiс, электромагниттiк және басқа да физикалық әсер ететiн әрбiр көз үшiн белгiленетiн және зиянды физикалық әсер ету атмосфералық ауаға физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi деңгейлерiнiң артуына әкеп соқпайтын норматив;
4) атмосфералық ауаға физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi деңгейi - атмосфералық ауаға физикалық ықпал ету нормативi, ол атмосфералық ауаға физикалық әсер етудiң адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсер жасалмайтын ең жоғары деңгейiн көрсетедi;
5) атмосфералық ауаны, қорғау - атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға және оның адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсер етуiн болғызбауға бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық шаралар жүйесi;
6) атмосфералық ауаның ластануы - зиянды (ластаушы) заттардың атмосфералық ауаға түсуi немесе онда пайда болуы;
7) атмосфералық ауаның мониторингi - атмосфералық ауаның жай-күйiн, оның ластануын бақылау жүйесi, сондай-ақ атмосфералық ауаның жай-күйiне, оның ластануына баға беру мен болжам жасау;
8) атмосфералық ауаның сапасы - атмосфералық ауаның гигиеналық және экологиялық нормативтерге сәйкестiгi дәрежесiн көрсететiн физикалық, химиялық және биологиялық қасиеттерiнiң жиынтығы;
9) атмосфералық ауаның трансшекаралық ластануы - физикалық көзi толық немесе iшiнара бiр мемлекеттiң ұлттық юрисдикциясындағы аумақтың шегiнде орналасқан және терiс ықпалы басқа мемлекеттiң юрисдикциясындағы аумақта байқалатын атмосфералық ауаның ластануы;
10) атмосфералық ауа сапасының гигиеналық нормативi - атмосфералық ауадағы зиянды (ластаушы) заттардың жол берiлетiн шектi шоғырлануын көрсететiн және адамның денсаулығына зиянды әсерi жоқ атмосфералық ауа сапасының өлшемi;
11) атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативi атмосфералық ауадағы зиянды (ластаушы) заттардың ең көп құрамын көрсететiн және қоршаған ортаға зиянды әсерi жоқ атмосфералық ауа сапасының өлшемi;
12) ауада зиянды (ластаушы) заттардың жол берiлетiн шектi мөлшерде шоғырлануы - асып кетуi адамның денсаулығына және қоршаған ортаға зиянды әсер етуге әкеп соғатын бiр немесе бiрнеше зиянды (ластаушы) заттардың атмосфералық ауаға әсер ету көрсеткiшi;
13) жол берiлетiн шектi шығарынды нормативi - зиянды (ластаушы) заттың атмосфералық ауаға шығарылу нормативi, ол атмосфералық ауаны ластаудың жылжымалы және тұрақты көзi үшiн сол көзде атмосфералық ауа сапасының гигиеналық және экологиялық нормативтерi, экологиялық жүйелерге түсетiн жол берiлетiн шектi (қауiптi) ауыртпалық, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген басқа да экологиялық нормативтер сақталған жағдайда шығарындылардың үлестiк нормативтерi ескерiле отырып белгiленедi;
14) зиянды (ластаушы) зат - химиялық немесе биологиялық зат не атмосфералық ауаның құрамында болатын және жол берiлетiн шектi нормативтерден асып түсетiн белгiлi бiр шоғырлану түрiнде адамның денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсер ететiн сондай заттардың қоспасы;
15) қолайсыз метеорологиялық жағдайлар - атмосфералық ауаның жер төңiрегiндегi қабатында зиянды (ластаушы) заттардың қордалануына ықпал ететiн метеорологиялық жағдайлар;
16) парник газдары - әрi табиғи тектес, әрi антропогендi тектес, инфрақызыл сәуленi жұтатын және қайта сәулелендiретiн газ тәрiздi құрамдағы атмосфералар;
17) шығарынды - жылжымалы және тұрақты көздерден атмосфераға зиянды (ластаушы) заттың түсуi;
18) шығарындының үлестiк нормативi - өнiмнiң, қуаттың, көлiк құралдары немесе өзге де жылжымалы құралдар жүрiсiнiң бiр өлшемiне шаққанда атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) зат шығарудың ең көп массасының нормативi, ол шығарындылардың жылжымалы, тұрақты көздерi, технологиялық процестер мен жабдықтар үшiн белгiленедi.";
2) 6-баптың 9) тармақшасындағы "белгiлеу жатады." деген сөздер "белгiлеу;" деген сөзбен ауыстырылып, бап мынадай мазмұндағы 12) тармақшамен толықтырылсын:
"12) техникалық регламенттердi бекiту жатады.";
3) 7-баптың 16) тармақшасындағы "бекiту жатады." деген сөздер "бекiту;" деген сөзбен ауыстырылып, бап мынадай мазмұндағы 17) тармақшамен толықтырылсын:
"17) техникалық регламенттердi әзiрлеу жатады.";
4) 9-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Өздерi үшiн белгiленген шектi жол берiлетiн нормативтен асып кететiн атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын және (немесе) зиянды физикалық әсер ететiн көздерi бар жеке және заңды тұлғалар оларды азайту жөнiнде шаралар қабылдауға тиiс.";
5) 16-баптың 1-тармағындағы "Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы" деген сөздер "Қазақстан Республикасының Үкiметi" деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 27-баптың 12) тармақшасындағы "орындауға мiндеттi." деген сөздер "орындауға;" деген сөзбен ауыстырылып, бап мынадай мазмұндағы 13) тармақшамен толықтырылсын:
"13) атмосфералық ауаға таралатын зиянды заттар шығарындыларының белгiленген жол берiлетiн шектi нормативтерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.".
21. "Қауiптi өндiрiстiк объектiлердегi өнеркәсiптiк қауiпсiздiк туралы" 2002 жылғы 3 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., N 7-8, 77-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат):
1) 1, 3 және 4-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) авария - ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) қауiптi өндiрiстiк объектiде қолданылатын техникалық құрылғылардың бұзылуы, бақыланбайтын жарылыс және (немесе) қауiптi заттардың шығарындысы;
2) инцидент - қауiптi өндiрiстiк объектiде қолданылатын техникалық құрылғылардың iстен шығуы немесе бұзылуы, технологиялық процестiң режимiнен ауытқуы, Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуы;
3) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк - жеке және заңды тұлғалардың, қоршаған ортаның қауiптi өндiрiстiк объектiлердегi авариялардан және аталған авариялардың салдарларынан қорғалуының жай-күйi;
4) уәкiлеттi орган - өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.";
"3-бап. Қауiптi өндiрiстiк объектiлер
1. Қауiптi өндiрiстiк объектiлерге мынадай:
1) тұтанғыш - қалыпты қысым және ауамен қосылу жағдайында тұтанғыш болатын және қайнау температурасы қалыпты қысым жағдайында 20 немесе одан төмен Цельсий градус құрайтын заттар;
2) жарылғыш - сыртқы әсердiң белгiлi бiр түрлерi кезiнде жылу бөлiп, газ құрап, өз-өзiнен жылдам тарайтын химиялық өзгерiстерге ұшырай алатын заттар;
3) жанғыш - өздiгiнен тұтанып, сондай-ақ от алдыру көзiнен от алып, оны алып тастағаннан кейiн өздiгiнен жанатын заттар;
4) тотықтандырғыш - жануға көмектесетiн, тұтануды тудыратын және (немесе) тотықтандыру-қалпына келтiрудiң экзотермиялық реакциясы нәтижесiнде басқа заттардың тұтануына себеп болатын заттар;
5) уытты - тiрi организмдерге әсер ету кезiнде олардың өлiмiне әкеп соқтыруға бейiм және мынадай сипаттамасы бар заттар:
асқазанға енгiзiлген кезде бiр килограмм салмаққа қоса алғанда 15-тен 200 миллиграмға дейiн келетiн өлтiретiн орташа доза;
терiге енгiзген кезде бiр килограмм салмаққа қоса алғанда 50-ден 400 миллиграмға дейiн келетiн өлтiретiн орташа доза;
ауадағы өлтiретiн орташа шоғырлануы бiр литрге қоса алғанда 0,5-тен 2 миллиграмға дейiн келетiн мөлшердегi;
6) жоғары уытты - тiрi организмдерге әсер ету кезiнде олардың өлiмiне әкеп соқтыруға бейiм және мынадай сипаттамасы бар заттар:
асқазанға енгiзiлген кезде бiр килограмм салмаққа қоса алғанда кемiнде 15 миллиграмнан келетiн өлтiретiн орташа доза;
терiге енгiзген кезде бiр килограмм салмаққа қоса алғанда кемiнде 50 миллиграмнан келетiн өлтiретiн орташа доза;
ауадағы өлтiретiн орташа шоғырлануы бiр литрге қоса алғанда кемiнде 0,5 миллиграмнан келетiн мөлшердегi;
7) қоршаған табиғи орта үшiн қауiп тудыратын заттар, соның iшiнде су ортасында мынадай өте уытты көрсеткiштермен сипатталатын заттар:
балыққа тоқсан алты сағат бойына ингаляциялық әсер ету жағдайында орташа өлiмге әкеп соғатын мөлшерге литрiне 10 миллиграмнан аспайтын;
дафнииге қырық сегiз сағат бойына әсер ету жағдайында нақты әсер тудыратын удың орташа шоғырлануы литрiне 10 миллиграмнан аспайтын;
балдырларға жетпiс екi сағат бойына әсер ету жағдайында орташа тежейтiн шоғырлануы литрiне 10 миллиграмнан аспайтын қауiптi заттардың бiрi өндiрiлетiн, пайдаланылатын, қайта өңделетiн, түзiлетiн, сақталатын, тасымалданатын, жойылатын объектiлер жатады.
2. Қауiптi өндiрiстiк объектiлерге сонымен қатар мынадай:
1) 0,07 мегаПаскальдан астам қысыммен немесе судың қайнау температурасы кезiнде 115 Цельсий градусынан жоғары температурада жұмыс iстейтiн техникалық құрылғы;
2) қара және түстi металдардың балқымалары және осы балқымалардың негiзiндегi қорытпалар;
3) тау-кен, геологиялық барлау, бұрғылау (соның iшiнде теңiз шельфтерi мен iшкi тоғандарындағы), жарылыс жұмыстары, пайдалы қазбаларды өндiру және байыту жөнiндегi жұмыстар, жер асты жағдайындағы жұмыстар;
4) құрамында адам денсаулығы мен қоршаған орта үшiн қауiптi заттары бар өндiрiс қалдықтары;
5) жүк көтергiш механизмдер, эскалаторлар, аспалы жолдар, фуникулерлер, лифтiлер;
6) қауiптi өндiрiстiк объектiлерде қолданылатын электр қондырғыларының барлық түрлерi;
7) қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң гидротехникалық ғимараттары;
8) радиоактивтi және ионды сәулелену көздерi;
9) қару-жарақ пен олардың оқ-дәрiлерiн әзiрлеу, өндiру, жөндеу, сату, сақтау және кәдеге жарату жатады.
4-бап. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк:
1) өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң мiндеттi талаптарын белгiлеу және орындау;
2) қауiптi өндiрiстiк объектiлерде өнеркәсiптiк қауiпсiздiк нормаларына сәйкестiгiн растау рәсiмдерiнен өткен технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды қолдануға жiберу;
3) қауiптi өндiрiстiк объектiнiң қауiпсiздiгiн декларациялау;
4) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк талаптарының сақталуын мемлекеттiк бақылау, сондай-ақ өндiрiстiк қадағалау;
5) қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң өнеркәсiптiк қауiпсiздiгiне сараптама жасау;
6) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласында жұмыстар жүргiзуге ұйымды аттестаттау;
7) өнеркәсiптiк қауiпсiздiкке мониторинг жүргiзу арқылы қамтамасыз етiледi.
2. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк талаптары өнеркәсiптiк қызметкердi, халық пен аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, қоршаған табиғи ортаны қорғау, экологиялық қауiпсiздiк, өрт қауiпсiздiгi, еңбек қауiпсiздiгi мен оны қорғау, құрылыс саласындағы нормаларға, сондай-ақ өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы техникалық регламенттер талаптарына сәйкес болуға тиiс.";
2) 6-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) техникалық регламенттердi бекiтедi;";
3) 7-бапта:
3) тармақшада:
"салааралық" деген сөз алып тасталсын;
"өнеркәсiптiк қауiпсiздiк" деген сөздердiң алдынан "техникалық регламенттердi бекiтудi қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;
16) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"16) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген құзырет шегiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi жүзеге асырады;";
мынадай мазмұндағы 17)-27) тармақшалармен толықтырылсын:
"17) техникалық регламенттердi әзiрлейдi немесе келiседi;
18) өндiрiстiк қадағалау тиiмдiлiгiн, ұйымдардың аварияларды және оның салдарын жоюға дайындығын, қауiптi өндiрiстiк объектiлерде авария салдарын оқшаулау және жою жөнiндегi жұмыстарды бақылайды;
19) жұмыстың қауiптi түрлерiн жүргiзген кезде технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды (оның iшiнде шетелдiк) қолдануға, дайындауға рұқсаттар бередi;
20) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк мониторингiн жүргiзедi;
21) қауiптi өнеркәсiптiк объектiлердi есепке алуды жүзеге асырады;
22) қауiптi өндiрiстiк объектiлерде ғимараттарға, құрылыстарға, техникалық құрылғыларға, материалдарға қазiргi заманғы техникалық растаудың жүргiзiлуiн бақылайды;
23) ұйымдарды өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласында жұмыстар жүргiзу құқығына аттестаттауды және олардың қызметiн бақылауды жүзеге асырады;
24) әскерилендiрiлген тау-кен құтқару, газдан құтқару, бұрқақты тоқтату қызметтерi мен құралымдарының қызметiне басшылық жасайды;
25) техникалық құрылғыларды, материалдарды қабылдап алу сынақтарын жүргiзудi келiседi;
26) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк декларациясына сараптама жүргiзедi;
27) өзiнiң жекелеген өкiлеттiктерiн жүзеге асыруды аумақтық бөлiмшелерге бередi.";
4) 9-бап мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
"4) жерлердi қауiптi өндiрiстiк объектiлерге берудi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiмен келiседi.";
5) 10-бапта:
тақырыбындағы және бiрiншi абзацтағы "Жеке тұлғалардың", "жеке тұлғалар" деген сөздер "Жұмыскерлердiң", "жұмыскерлер" деген сөздермен ауыстырылсын;
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"2) ұйымның әкiмшiлiгiн қауiптi өндiрiстiк объектiдегi авариялар, инциденттер туралы дереу хабардар етуге;";
3) тармақшадағы "нұсқама алуға және оқуға" деген сөздер "оқытуға және нұсқама алуға" деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 11-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"11-бап. Қауiптi өнеркәсiптiк объектiге ие жеке және заңды
тұлғалардың мiндеттерi
Қауiптi өнеркәсiптiк объектiлердiң иелерi:
1) өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң талаптарын сақтауға;
2) Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға жол берiлген технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды қолдануға;
3) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк талаптарының сақталуына өндiрiстiк қадағалауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
4) нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген мерзiмдерде немесе мемлекеттiк инспектордың ұйғарымы бойынша ғимараттың өнеркәсiптiк қауiпсiздiгiне сараптама жүргiзiлуiн, тау-кен жұмыстарын дамыту жоспарының келiсiлуiн, қауiптi өндiрiстiк объектiлерде қолданылатын құрылыстар мен техникалық құрылғыларға, материалдарға диагностика, сынақ, растау жүргiзiлуiн қамтамасыз етуге;
5) әрi қарай пайдаланудың ықтимал мерзiмiн анықтау үшiн пайдаланудың нормативтiк мерзiмiнен өткен техникалық құрылғыларға, материалдарға сараптама жүргiзуге;
6) белгiленген талаптарға сай келетiн лауазымды тұлғалар мен жұмыскерлердi қауiптi өндiрiстiк объектiлердегi жұмысқа жiберуге;
7) қауiптi өндiрiстiк объектiлерге бөгде адамдардың кiруiн болғызбауға;
8) уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне өндiрiстiк қадағалауды ұйымдастыру тәртiбi туралы және оны жүзеге асыруға уәкiлеттi жұмыскерлер туралы мәлiметтердi ұсынуға;
9) авариялардың туындау себептерiне талдау жүргiзуге, авариялардың және олардың зардаптарының алдын алуға, оларды жоюға бағытталған iс-шараларды жүзеге асыруға;
10) уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық бөлiмшесiн, жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарын, халықты және жұмыскерлердi авариялар туралы дереу хабардар етуге;
11) авариялардың есебiн жүргiзуге;
12) мемлекеттiк инспекторлар берген өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын бұзуды жою жөнiндегi ұйғарымды орындауға;
13) қауiптi өндiрiстiк объектiнiң қаржы-экономикалық қызметiнiң жоспарларын әзiрлеу кезiнде өнеркәсiптiк қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге арналған шығындарды көздеуге;
14) уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне авариялар, жарақат алу және кәсiби аурулар туралы ақпарат ұсынуға;
15) қызметi үшiншi тұлғаларға залал келтiру қаупiне байланысты декларациялануға жататын қауiптi өндiрiстiк объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыруға;
16) мемлекеттiк органдарға, азаматтарға қауiптi өндiрiстiк объектiлердегi өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң жай-күйi туралы дұрыс ақпарат ұсынуға;
17) тексерудiң тағайындалғаны туралы құжатты және қызметтiк куәлiктi көрсеткен кезде осы Заңмен жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк инспекторды қауiптi өндiрiстiк объектiлерге кедергiсiз кiргiзуге;
18) өзiнiң нормативтiк мерзiмiн өтеген техникалық құрылғылардың, материалдардың уақтылы жаңартылуын қамтамасыз етуге;
19) осы Заңмен айқындалған қауiптi өндiрiстiк объектiлердi декларациялауға;
20) жұмыстардың қауiпсiз орындалуын қамтамасыз ететiн ұйымдық-техникалық iс-шаралардың белгiленген талаптарына сәйкес қауiптi өндiрiстiк объектiнiң жұмыскерлер штатының жасақталуын қамтамасыз етуге;
21) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласында жұмыскерлердi даярлауды, қайта даярлауды, бiлiктiлiгiн арттыруды және аттестаттауды қамтамасыз етуге;
22) өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң декларациясына сараптама жүргiзудi қамтамасыз етуге;
23) кәсiби авариялық-құтқару қызметтерiмен және құрылымдарымен қызмет көрсетуге шарт жасасуға немесе жеке кәсiби авариялық-құтқару қызметтерiн және құрамаларын құруға;
24) аварияның зардаптарын оқшаулау және оларды жою үшiн материалдық резервтер мен қаржы ресурстарының болуы;
25) жұмыскерлердi қауiптi өндiрiстiк объектiлерде авария болған жағдайда қорғану және әрекет ету әдiстерiн оқытуға;
26) қауiптi өндiрiстiк объектiлерде авария болған жағдайда қадағалау, хабарлау, байланыс және iс-әрекеттi қолдау жүйелерiн жасауға және олардың тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге;
27) қауiптi заттардың өнеркәсiптiк объектiде болуы осы Заңның қосымшасына сәйкес декларациялану үшiн негiз болып табылатын, олардың тасымалданатыны туралы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне үш тәулiк бұрын хабарлауға;
28) қауiптi өндiрiстiк объектiлердi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнде есепке алуды, есептен шығаруды жүзеге асыруға;
29) қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң құрылысына, оларды реконструкциялауға, жаңғыртуға, жоюға (соның iшiнде таратуға) арналған жобаларды уәкiлеттi органмен келiсуге;
30) қауiптi өндiрiстiк объектiлердi пайдалануға беру кезiнде уәкiлеттi орган өкiлiнiң қатысуымен қабылдау сынақтарын жүргiзуге мiндеттi.";
7) мынадай мазмұндағы 11-1-баппен толықтырылсын:
"11-1-бап. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiктi мiндеттi декларациялау
1. Мiндеттi декларациялануға осы Заңның қосымшасына сәйкес қауiптi заттар әзiрленетiн, өндiрiлетiн, пайдаланылатын, қайта өңделетiн, түзiлетiн, сақталатын, тасымалданатын, жойылатын объектiлер, қара және түстi металл қорытпалары мен осы қорытпалар негiзiндегi балқымалары, кен, геологиялық барлау, бұрғылау (оның iшiнде теңiз шельфтерi мен iшкi су қоймаларында), пайдалы қазбаларды игеру және байыту жөнiндегi жарылыс жұмыстары, жер асты жағдайындағы жұмыстар, радиоактивтi және ионды сәулелену көздерi, қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң гидротехникалық құрылыстары, қару-жарақ және оқ-дәрiлер жатады.
2. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк декларациясы (бұдан әрi - декларация) қауiптi өндiрiстiк объектiнi салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, техникалық жарақтандыруға, сақтауға және жоюға арналған жобаның құрамында әзiрленедi, қайта қаралады.
3. Декларация мынадай мәлiметтердi:
1) қауiптi заттар (оның iшiнде өндiрiлетiн) тiзбесiн және олардың сипаттамаларын;
2) қауiптi әсер ету факторларын (әр фактор жеке; басқа факторлармен өзара әрекетте; қоршаған ортамен өзара әрекетте);
3) қауiптi факторлардың таралуы туралы технологиялық деректердi;
4) қауiптiлiк пен тәуекелге талдауды;
5) қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi техникалық шешiмдердi;
6) авариялық жағдайлардың туындау жағдайына талдауды;
7) қызметкерлердi авария жағдайында iс-әрекетке дайындауды;
8) авариялардың туындауы мен дамуының ықтимал сценарийлерiнiң схемасын;
9) аварияны жою жоспарын (хабарлау жүйесi; адамдарды қорғау жөнiндегi құралдар мен шаралар; аварияларды, төтенше жағдайларды жоюға арналған резервтiк ресурстар; зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша медициналық қамтамасыз ету) қамтуға тиiс.
4. Декларацияны әзiрлеудi қауiптi өндiрiстiк объектiлердi пайдаланатын ұйым не өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласында жұмыстар жүргiзуге аттестатталған ұйым жүзеге асырады. Декларацияны әзiрлеу ережесiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
5. Декларация ондағы өндiрiстiк қауiпсiздiк мәлiметтерi өзгерген немесе өнеркәсiптiк қауiпсiздiк талаптары өзгерген кезде өзгерiстер пайда болған кезден бастап үш ай iшiнде нақтыланады.
6. Декларацияны қауiптi өндiрiстiк объектiнi пайдаланатын ұйымның басшысы бекiтедi.
Қауiптi өндiрiстiк объектiнi пайдаланатын ұйымның иесi декларациядағы мәлiметтердiң уақтылы ұсынылуына, оның толықтығы мен дұрыстығына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
7. Декларация уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнде сараптамадан өткiзiледi.
Декларацияға өзгерiстер енгiзiлген кезде ол мiндеттi түрде қайтадан сараптамадан өткiзiлуге тиiс.
8. Декларация екi данада сараптама қорытындысымен бiрге жоба құрамында немесе жеке құжатпен уәкiлеттi органға тiркеу үшiн ұсынылады. Бiр данасы уәкiлеттi органда, бiр данасы қауiптi объектiнi пайдаланушы ұйымда сақталады.
9. Қауiптi объектiнi декларациясыз пайдалануға тыйым салынады.";
8) мынадай мазмұндағы 4-2-тараумен толықтырылсын:
"4-2-тарау. Қауiптi өндiрiстiк объектiлерде қолданылатын
технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды (оның
iшiнде шетелдiк) дайындауға, сынауға және қолдануға рұқсат беру
14-8-бап. Қайта жасалған техникалық құрылғыларға,
материалдарға қабылдау сынақтарын жүргiзу
1. Қауiптi өндiрiстiк объектiде қолданылатын қайта құрылған, оның iшiнде шетелде өндiрiлген техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсiптiк қауiпсiздiк талаптарына сәйкестiгiне қабылдау сынақтарына жатады.
Қабылдау сынақтарын уәкiлеттi орган аттестаттаған ұйымдар жүргiзедi.
2. Техникалық құрылғылардың, материалдардың тәжiрибелiк үлгiлерiне қабылдау сынақтарын жүргiзуге рұқсатты уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi бередi.
3. Техникалық құрылғылардың, материалдардың тәжiрибелiк үлгiлерiне қабылдау сынақтарын жүргiзуге рұқсат алу үшiн аттестатталған ұйым уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне мынадай құжаттарды:
1) сынақ жүргiзу жөнiндегi комиссияның тағайындалғаны туралы бұйрықты;
2) сынақ бағдарламасы мен әдiстемесiн ұсынады.
4. Тәжiрибелiк үлгiлерге қабылдау сынақтары техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы заңнамада белгiленген талаптарға сәйкестiгiн қамтамасыз ететiн жағдайларда жүргiзiлуге тиiс.
5. Уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша қабылдау сынақтары дайындаушыда жүргiзiлуi мүмкiн. Сынақтардың көлемi мен оны жүргiзу тәртiбiн аттестатталған ұйым айқындайды.
6. Шетелде өндiрiлген техникалық құрылғылар, материалдар үшiн үлгiлерге қабылдау сынақтарын жеткiзушi елде Қазақстан Республикасында аттестатталған ұйымның жүргiзуiне жол берiледi. Мұндай сынақтарды жүргiзу уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша жүзеге асырылады.
7. Қабылдау сынақтарының нәтижелерi бойынша техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң талаптары мен нормаларына сәйкестiгi туралы акт, кемшiлiктерiнiң болуы немесе болмауы, оларды жою жөнiндегi ұсынымдар, өнiмнiң осы түрiн Қазақстан Республикасының аумағында қолдану жөнiнде ұсыныстар берiледi.
14-9-бап. Техникалық құрылғыларды, материалдарды дайындауға
рұқсат беру
1. Техникалық құрылғыларды, материалдарды дайындауға рұқсат алу үшiн өтiнiш берушi уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:
1) мақсаты туралы қысқаша ақпараты бар iлеспе хатты;
2) дайындаушының сериялық өндiру кезiнде өнiмнiң қауiпсiздiк көрсеткіштерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкiндiгiн растайтын сараптамалық қорытындыны ұсынады.
2. Уәкiлеттi орган құжаттарды алған күннен бастап отыз күннен аспайтын мерзiм iшiнде ұсынылған материалдарды қарайды және олар бойынша шешiм қабылдайды. Толық емес деректер ұсынылған жағдайда өтiнiш берушiден қосымша мәлiметтер сұратылады. Бұл жағдайда қарау мерзiмi олардың келiп түскен уақытынан бастап есептеледi.
Уәкiлеттi орган қарау нәтижелерi бойынша техникалық құрылғыларды, материалдарды Қазақстан Республикасының аумағында дайындауға рұқсат бередi.
3. Ұсынылған өтiнiм өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң талаптарына сәйкес келмеген жағдайда өтiнiш берушiге негiзделген бас тарту берiледi.
14-10-бап. Технологияларды, техникалық құрылғыларды,
материалдарды қолдануға рұқсат беру
1. Технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды, қолдануға рұқсат алу үшiн өтiнiш берушi уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:
1) технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың мақсаты мен қолданылу саласы туралы қысқаша ақпараты бар iлеспе хатты;
2) технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң талаптарына сәйкестiгi туралы сараптамалық қорытындыны ұсынады.
2. Технологиялар, техникалық құрылғылар, материалдар өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкiлеттi орган оларды қолдануға рұқсат бередi.
3. Пайдалану процесiнде технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң талаптарына сәйкес келмейтiндiгi анықталған жағдайда оларға берiлген рұқсат керi қайтарып алынады.
4. Технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды қолдануға берiлген, керi қайтарып алынған рұқсаттардың есебiн уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
5. Рұқсат Қазақстан Республикасының аумағында барлық құқық субъектiлерi үшiн қолданылады.
6. Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат берiлген және керi қайтарып алынған технологиялар, техникалық құрылғылар, материалдар туралы ақпаратты уәкiлеттi орган мерзiмдiк баспасөзде жариялайды.
14-11-бап. Жаңа, оның iшiнде шетелде өндiрiлген жарылғыш
материалдарды қолдануға рұқсат беру
1. Жаңа, оның iшiнде шетелде өндiрiлген жарылғыш материалдарды қолдануға рұқсатты уәкiлеттi орган сынақтар кешенiн өткiзгеннен кейiн бередi, ол:
1) жарылғыш материалдардың оларды дайындауға және қолдануға арналған техникалық құжаттамада белгiленген талаптарға, оның iшiнде қауiпсiздiк жөнiндегi ережелер мен нормаларға сәйкес келуiне бақылау сынақтарын;
2) өндiрiстiк жағдайларда алдын ала және қабылдау сынақтарын;
3) өндiрiстiк сынақтарды бақылау сынақтарының нәтижелерiне байланысты бiр немесе екi кезеңде жүргiзудi қамтиды.
2. Сынақтар жүргiзу жөнiндегi комиссияның құрамына кәсiпорынның, сараптама ұйымының және уәкiлеттi органның өкiлдерi енгiзiлуге тиiс.
3. Өтiнiм берушi рұқсат алу үшiн уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:
1) тәжiрибелiк партияны сынау актiсiн;
2) жарылғыш материалдардың сәйкестiк сертификатын ұсынады.
14-12-бап. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiкке сараптама жасау
1. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiкке сараптама жасауға:
1) қауiптi өндiрiстiк объектiлердi салудың, кеңейтудiң, реконструкциялаудың, техникалық қайта жарақтандырудың, консервациялаудың және жоюдың жобалық құжаттамасы жатады.
Жобалық құжаттамаға өзгерiстер енгiзiлген жағдайда мiндеттi түрде қайта сараптама жүргiзiлуге тиiс;
2) қауiптi өндiрiстiк объектiлерде қолданылатын технологиялар, техникалық құрылғылар, материалдар;
3) өндiрiстiк қауiпсiздiк декларациясы;
4) ғимараттардың, құрылыстардың жай-күйi жатады.
2. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк сараптамасын уәкiлеттi орган аттестаттаған ұйымдар қауiптi өндiрiстiк объект иесiнiң қаражаты есебiнен жүргiзедi.
3. Сараптамалық қорытынды өнеркәсiптiк қауiпсiздiк сараптамасын жүргiзу нәтижесi болып табылады.
14-13-бап. Ұйымдарды өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласында
жұмыстар жүргiзуге аттестаттау
1. Ұйымдар:
1) декларацияланатын объектiлерде жұмыстар жүргiзу;
2) техникалық құрылғылардың, технологиялардың және материалдардың өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң талаптарына сәйкестiгiн куәландыратын құжаттар беру;
3) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласында сараптама жүргiзу;
4) жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргiзу;
5) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласында ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарын жүргiзу;
6) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу;
7) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу;
8) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласында мамандарды даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру құқығына аттестатталуға тиiс.
2. Аттестаттау үшiн ұйым мынадай құжаттарды:
1) өтiнiштi;
2) ұйым жарғысының нотариалды куәландырылған көшiрмесiн;
3) ұйымның заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркелгенi туралы куәлiктiң көшiрмесiн;
4) ұйымның өнеркәсiптiк қауiпсiздiк талаптарына сәйкестiгi туралы түсiндiрме жазбаны табыс етедi.
3. Құжаттарды қарау құжаттарды толық көлемде тапсырған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей жүзеге асырылады.
4. Уәкiлеттi орган қарау нәтижесi бойынша аттестаттау немесе аттестаттаудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды.
5. Аттестаттау немесе аттестаттаудан бас тарту туралы дәлелдi шешiм ұйымға шешiм қабылданған күннен бастап бес күн мерзiмде берiледi.
6. Аттестатты беруден мына себептер бойынша:
1) осы баптың 2-тармағында көрсетiлген құжаттар ұсынылмағанда;
2) ұйым өнеркәсiптiк қауiпсiздiк талаптарына сай келмегенде бас тартылуы мүмкiн.
Ұйым аталған себептерді жойған кезде аттестаттау туралы өтініш жалпы негіздерде қаралады.
7. Аттестаттың қолданылу мерзімі бес жылды құрайды.
Ұйым өзіне берілген аттестатта көзделмеген, осы баптың 1-тармағында аталған қызметті жүзеге асырған жағдайда уәкілетті орган өз шешімімен аттестаттың қолданылуын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тоқтата тұрады.
Аттестат сот тәртібімен:
1) заңды тұлға қайта құрылған немесе таратылған;
2) аттестаттың қолданылуын тоқтата тұрған себептер жойылмаған;
3) ұйым аттестаттың қолданылуын тоқтату туралы өтініш берген;
4) қолдану мерзімі аяқталған жағдайда кері қайтарылады.
8. Аттестат алған ұйымдар туралы немесе аттестаттың қолданылуының тоқтатылғаны туралы ақпаратты уәкілетті орган мерзімдік баспасөзде жариялайды.
Уәкілетті орган берілген және кері қайтарылып алынған аттестаттардың тізбесін жүргізеді.";
9) мынадай мазмұндағы қосымшамен толықтырылсын:
"Қауіпті өндірістік объектілердегі
өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы"
2002 жылғы 3 сәуірдегі
Қазақстан Республикасының Заңына
қосымша
Олардың өнеркәсіптік объектіде болуы декларациялау
үшін негіз болып табылатын қауіпті заттардың шекті
сандары
Қауіпті зат атауы |
Қауіпті заттың шекті саны (т) |
Аммиак |
10 |
Аммоний нитраты (аммоний нитраты немесе олардың құрамында салмағы бойынша аммоний нитратынан азоттың болуы 28 % артық болатын аммоний қоспалары, сондай-ақ ондағы аммоний нитратының шоғыры салмағының 90 % асатын аммоний нитратының сулы ерітінділері) |
1250 |
Тыңайтқыш түріндегі аммоний нитраты (аммоний нитраты негізіндегі қарапайым тыңайтқыштар, сондай-ақ олардың құрамында аммоний нитратының болуы салмағынан 28% артық болатын күрделі тыңайтқыштарда аммоний нитраты фосфатпен және (немесе) калиймен бірге келеді)) |
5000 |
Акрилонитрил |
200 |
Хлор |
10 |
Этилен оксиді |
50 |
Цианды сутек |
20 |
Фтор сутегі |
50 |
Күкірт сутегі |
50 |
Күкірт диоксиді |
200 |
Күкірт үшоксиді |
75 |
Қорғасын алкилдері |
50 |
Фосген |
0,75 |
Метилизоцианат |
0,15 |
Хлорпикрин |
0,55 |
Бромметил |
15 |
Металлил хлориді |
20 |
Тұз қышқылы |
40 |
Азот қышқылы |
25 |
Тұтанғыш заттар |
200 |
Тауар-шикізат қоймаларында және базаларында бар жанғыш сұйықтықтар |
2500 |
Технологиялық процесте пайдаланылатын немесе магистральды құбыржолы бойынша тасымалданатын жанғыш сұйықтықтар |
200 |
Тотыққыш заттар |
200 |
Жарылғыш заттар |
25 |
Уытты заттар |
200 |
Уыттылығы жоғары заттар |
20 |
Қоршаған табиғи орта үшін қауіп тудыратын заттар |
200 |
Егер қауіпті өндірістік объектілер арасындағы қашықтық 500 метрден кем болса, қауіпті заттың жиынтық саны есептеледі.
Егер бірдей санатты қауіпті заттардың бірнеше түрі қолданылса, онда олардың жиынтық шекті саны мына шартпен анықталады:
n
{E[m(i)]/[M(i)]) > 1
i=1
мұнда m (i) - қолданылатын зат саны, M (i) - осы тiзбеге сәйкес барлық i үшiн 1-ден n-ге дейiн сол заттың шектi саны.".
22. "Өсiмдiктердi қорғау туралы" 2002 жылғы 3 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., N 13-14, 140-құжат; 2004 ж., N 17, 98-құжат; N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 3, 22-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) арнаулы сақтау орындары (көмiндiлер) - тыйым салынған немесе жарамсыз болып қалған пестицидтердi (улы химикаттарды), сондай-ақ олардың ыдыстарын көмуге арналған сақтау орындары;
2) арнаулы техника - пестицидтердi (улы химикаттарды) қолдануға арналған құрылғы және (немесе) жабдық;
3) ауыл шаруашылық мақсатындағы объектiлер - ауыл шаруашылық және өзге де жерлер, өсiмдiк шаруашылығы өнiмiн өндiруге, сақтауға және қайта өңдеуге арналған астық сақтау орындары, көкөнiс сақтау орындары, қоймалар, ашық алаңдар, өндiрiстiк және өзге де үй-жайлар;
4) ерекше қауiптi зиянды организмдер - оқтын-оқтын жаппай көбеюге және таралуға бейiм, экономикалық, экологиялық залал келтiретiн және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн ерекше қауiптi зиянды организмдер тiзбесiне енгiзiлген зиянкестер мен өсiмдiктер аурулары;
5) зиянды организмдер - топыраққа, өсiмдiкке және ауыл шаруашылық өнiмiне терiс әсер ететiн зиянкестер, арамшөптер және өсiмдiктердiң аурулары;
6) зиян тигiзудiң экономикалық шегi - зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдердiң өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң ысырабын туғызатын, фитосанитариялық iс-шараларды жүргiзудi қажет ететiн саны;
7) мемлекеттiк фитосанитариялық бақылау - уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңнамасын сақтауына бағытталған қызметi;
8) өсiмдiктердi қорғау - өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдерден ысырабын болғызбау мақсатымен фитосанитариялық мониторинг әдiстерiн, фитосанитариялық iс-шараларды әзiрлеуге және практикада қолдануға бағытталған қызмет саласы;
9) өсiмдiк шаруашылығы өнiмi - халықтың - тамақ өнiмдерiне, мал шаруашылығының - жемшөпке және өнеркәсiптiң шикiзатқа деген қажеттерiн қанағаттандыруға арналған өнiм;
10) пестицидтер (улы химикаттар) - зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдерге қарсы, сондай-ақ егiндi жинау алдында құрғатып алу, жапырақтарды түсiру және өсiмдiктердiң өсуiн реттеу үшiн пайдаланылатын химиялық, биологиялық және басқа да заттар;
11) пестицидтердi (улы химикаттарды) залалсыздандыру - тыйым салынған немесе жарамсыз болып қалған пестицидтердi (улы химикаттарды), сондай-ақ олардың ыдыстарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәдеге жаратуға, көмуге немесе жоюға бағытталған iс-шаралар;
12) пестицидтердi (улы химикаттарды) мемлекеттiк тipкeу - препараттарды биологиялық, уыттылық, гигиеналық және экологиялық бағалау процесiн аяқтайтын рәсiм, оның нәтижесi бойынша жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының аумағында оларды Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңнамасына сәйкес қолдану құқығына тiркеу куәлiгi берiледi;
13) пестицидтердiң (улы химикаттардың) бастапқы компоненттерi - пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiруге арналған химиялық және басқа да заттар;
14) пестицидтердiң (улы химикаттардың) қалдық мөлшерi - өсiмдiк шаруашылығы өнiмi мен қоршаған орта объектiлерiндегi химиялық заттар құрамының мөлшерлiк көрсеткiшi, олардың адам мен жануарларға қауiпсiздiгi осы көрсеткiш арқылы бағаланады;
15) пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiру (формуляциялау) - бастапқы компоненттердiң негiзiнде пестицидтер (улы химикаттар) дайындаудың технологиялық процесi;
16) пестицидтер (улы химикаттар) тiзiмi - Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етiлiп тiркелген пестицидтер (улы химикаттар) тiзбесi;
17) уәкiлеттi орган - жеке және заңды тұлғалардың өсiмдiктердi қорғау саласындағы қызметiн үйлестiру мен реттеудi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттiк бақылауды өз өкiлеттiгi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
18) фитосанитариялық ахуал - ауылшаруашылық мақсатындағы объектiлердiң зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдердiң санымен және зиян тигiзуiмен анықталатын қалыптасқан жай-күйi;
19) фитосанитариялық болжам - фитосанитариялық iс-шараларды жүргiзудiң мерзiмдерi мен көлемдерiн жоспарлау мақсатында зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдердiң ықтимал таралуы мен дамуы дәрежесiн алдын ала айқындау;
20) фитосанитариялық мониторинг - зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдердi зерттеудi, байқауды, олардың дамуы мен таралуын есепке алуды, сондай-ақ осылардың негiзiнде фитосанитариялық болжам әзiрлеудi қамтитын iс-шаралар жүйесi;
21) фитосанитариялық нормативтер - фитосанитариялық iс-шаралар көлемiн анықтау үшiн пайдаланылатын белгiленген шамалар параметрлерi;
22) фитосанитариялық iс-шаралар - зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдердiң саны мен зиян тигiзуiн азайтуды қамтамасыз ететiн шаралар кешенi.";
2) 5-баптың 4) тармақшасындағы "ынтымақтастық енедi." деген сөздер "ынтымақтастық;" деген сөзбен ауыстырылып, бап мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
"6) пестицидтер (улы химикаттар) айналымы саласындағы техникалық регламенттердi бекiту кiредi.";
3) 6-баптың 1-тармағында:
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3) пестицидтер (улы химикаттар) айналымы саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеу;";
18) тармақшадағы "пестицидтердi (улы химикаттарды) сақтау, тасымалдау және қолдану ережелерiнiң" деген сөздер "Қазақстан Республикасының пестицидтер (улы химикаттар) айналымы саласындағы заңнамасының" деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 12-баптың 2) тармақшасындағы "талаптарды мемлекеттiк экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және көлiктiк бақылау органдарының келiсiмiмен уәкiлеттi орган белгiлейдi" деген сөздер "талаптар пестицидтер (улы химикаттар) айналымы саласындағы техникалық регламенттерде белгiленедi" деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 14-5-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) пестицидтер (улы химикаттар) айналымы саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптарын сақтауға;";
6) мынадай мазмұндағы 4-1-тараумен толықтырылсын:
"4-1-тарау. Пестицидтер (улы химикаттар) айналымы саласындағы
қауiпсiздiктiң жалпы талаптары
19-6-бап. Пестицидтердi (улы химикаттарды) буып-түю жөнiндегi
талаптар
1. Пестицидтердi (улы химикаттарды) буып-түю және оларға арналған ыдыс өнiмдi сақтау, тасу және өткiзу кезiндегi қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге тиiс.
2. Буып-түю мен ыдысқа пайдаланылатын материалдар адамды, қоршаған ортаны пестицидтердiң (улы химикаттардың) қауiптi қасиеттерiнен қорғау үшiн арнайы лайықталуға тиiс.
3. Буып-түю мен ыдысқа пайдаланылатын материалдар пестицидтердiң (улы химикаттардың) құрама заттарының бұзылуына немесе өзге де зиянды әсерiне төзiмдi болуға және:
1) жану және (немесе) жылудың едәуiр бөлiгiнiң бөлiнуiн;
2) тез тұтанатын, уытты немесе тұншықтыратын газдардың бөлiнуiн;
3) басқа да химиялық белсендi және қауiптi заттардың түзiлуiн тудыратын реакцияға түсе отырып, олармен өзара әрекеттеспеуге тиiс.
19-7-бап. Пестицидтердi (улы химикаттарды) қолдану кезiндегi
қауiпсiздiк талаптары
1. Пестицидтердi (улы химикаттарды) қолдану Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етiлген пестицидтер (улы химикаттар) тiзiмiнде белгiленген тиiмдi және қауiпсiз қолдану технологияларын сақтай отырып жүзеге асырылады.
2. Пестицидтердi (улы химикаттарды) техникалық регламенттердiң талаптарын бұза отырып қолдануға тыйым салынады.
3. Пайдаланылмаған пестицидтердi (улы химикаттарды) уақытша сақтауға арнайы арналған орындардан басқа жұмыс орындарында қалдыруға тыйым салынады.
19-8-бап. Пестицидтердi (улы химикаттарды) таңбалау жөнiндегi
талаптар
1. Пестицидтердiң (улы химикаттардың) орамын таңбалау:
1) телефонның, факстың, телекстiң нөмiрiн және электрондық мекен-жайды қоса алғанда, өтiнiш берушiнiң (жеткiзушiнiң, дайындаушының, дистрибьютордың немесе импортердiң) атауы және толық мекен-жайын;
2) пестицидтiң (улы химикаттың) атауы мен оның нысаналы мақсатын;
3) пестицидтiң (улы химикаттың) номиналды мөлшерiн (салмағын немесе көлемiн);
4) шығару партиясы нөмiрiнiң белгiленуiн;
5) дайындалған (шығарылған) күнiн;
6) қауiптiлiк қасиеттерiнiң және адамға, қоршаған ортаға және мүлiкке әсер ету сыныптарының белгiлерiн (пиктограммаларын);
7) өнiмдi қауiпсiз сақтау, тасымалдау, өткiзу, қолдану және кәдеге жарату жөнiндегi ұсыныстарды қамтуға тиiс.
2. Таңбалау өшiрiлмейтiн анық әрiптермен немесе нышандармен түсiрiледi.
19-9-бап. Пестицидтердi (улы химикаттарды) сақтау кезiндегi
қауiпсiздiк талаптары
1. Пестицидтердi (улы химикаттарды) сақтау осы үшiн арнайы арналған экологиялық, құрылыс және санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалардың талаптарына сай келетiн арнайы қоймалық үй-жайларда жүзеге асырылуға тиiс.
2. Қоймалар үрлейтiн және тартатын желдеткiштерiмен жабдықталады. Тартатын желдеткiш құрғақ сүзгiш элементтермен жабдықталады.
3. Пестицидтердi (улы химикаттарды) қоймада сақтауға үй-жайды санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қызметiнiң органдары зерттеп болғаннан кейiн пестицидтердi (улы химикаттарды) алу және сақтау құқығына санитарлық паспорт жасалғаннан кейiн ғана жол берiледi.
4. Сақталынатын пестицидтердiң (улы химикаттардың) мөлшерi қойманың жобалық құжаттамасында көзделген қойма сыйымдылығынан аспауға тиiс.
5. Пестицидтердi (улы химикаттарды) сақтау шарттары мен тәртiбiне қойылатын талаптар әзiрлеудi, сондай-ақ аталған талаптардың сақталуын бақылауды мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары жүзеге асырады.
19-10-бап. Пестицидтердi (улы химикаттарды) тасымалдау
кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
1. Пестицидтердi (улы химикаттарды) тасымалдау қауiптi жүктердi көлiк құралдарымен тасу мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Пестицидтермен (улы химикаттармен) бiрге немесе бұрын пестицидтердi (улы химикаттарды) тасу үшiн пайдаланылған көлiк құралдарымен тамақ өнiмдерiн, жемшөп және ауыз су тасуға қатаң тыйым салынады.
3. Пестицидтердi (улы химикаттарды) тасымалдау үшiн пайдаланылған көлiк алдын ала тазартылмай және көлiк құралы залалсыздандырылмай, басқа да тағамдық емес жүктердi тасымалдау үшiн пайдаланылуға тиiс емес.".
23. "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң) Жаршысы, 2002 ж., N 15, 148-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 7-8, 23-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 3, 22-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ауру бойынша қолайсыз пункт (қолайсыз пункт) - iндет ошағы белгiленген аумақ;
2) базар - жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты, ветеринариялық препараттарды, жемшөптi және жемшөптiк қоспаларды сату орнын қоса алғанда, арнайы жабдықталған сауда орны;
3) ветеринария (ветеринария саласы) - жануарлардың аурулары мен азықтан улануын (зақымдануын) зерделеуге, олардың профилактикасына, диагностикасына, оларды емдеуге және жоюға, мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiнiң Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарының талаптарына сәйкес келуiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықты жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға бағытталған арнаулы ғылыми бiлiмдер мен практикалық қызмет саласы;
4) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер - ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн, ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар орындау үшiн мiндеттi болып табылатын ветеринариялық нормативтер негiзiнде ветеринариялық iс-шараларды жүргiзу тәртiбiн айқындайтын нормативтiк құқықтық акт;
5) ветеринариялық құжаттар - мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiне ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен ветеринариялық инспекторлар беретiн ветеринариялық-санитариялық қорытынды, ветеринариялық куәлiк, ветеринариялық сертификат, ветеринариялық анықтама;
6) ветеринариялық паспорт - ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысандағы құжат, онда жануардың иесi, түрi, жынысы, түсi, жасы, жануарлар ауруларының профилактикасы, диагностикасы және оларды емдеу мақсатында жүргiзiлген ветеринариялық дауалаудың мерзiмдерi мен сипаты көрсетiледi;
7) ветеринариялық препараттар - жануарлар ауруларының профилактикасы, диагностикасы, оларды емдеу, олардың өнiмдiлiгiн арттыру, дезинфекция, дезинсекция және дератизация жасау үшiн жануарлардан, өсiмдiктерден алынатын немесе синтетикалық заттар, сондай-ақ жануарларға арналған парфюмерия немесе косметика құралдары ретiнде пайдаланылатын заттар;
8) ветеринариялық препараттар айналысы - ветеринариялық препараттарды өндiру, сақтау, тасымалдау, байқаудан өткiзу, тiркеу сынағынан өткiзу, сәйкестiгiн растау, қауiпсiздiгi мен сапасын бақылау, жарнамалау, өткiзу немесе қолдану;
9) ветеринариялық препараттарды мемлекеттiк тiркеу - ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның ветеринариялық препараттарды сараптамадан, байқаудан өткiзу және тiркеу сынақтарының нәтижелерi бойынша оларды заңнамада белгiленген тәртiппен Ветеринариялық препараттардың мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзуi және оларға белгiленген нысандағы тiркеу куәлiктерiн беруi;
10) Ветеринариялық препараттардың мемлекеттiк тiзiлiмi - ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган шығаратын, мемлекеттiк тiркеуден өткен және Қазақстан Республикасында өндiруге, импорттауға және қолдануға рұқсат етiлген ветеринариялық препараттар туралы мәлiметтерi бар тiзбе;
11) ветеринариялық препараттарды тiркеу сынағынан өткiзу - ветеринариялық препараттардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарына сәйкестiгiн анықтау үшiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен қолданылатын әдiстер, әдiстемелер кешенi;
12) ветеринариялық препаратты байқаудан өткiзу - ветеринариялық препаратты ветеринария практикасында пайдалану мүмкiндiгiн анықтау үшiн, оның иммундық-биологиялық қасиеттерi мен эпизоотологиялық тиiмдiлiгiн, препарат әсерiнiң зардаптары жоқтығын, сондай-ақ экологиялық қауiпсiздiгiн айқындау мақсатында, шектеулi зертханалық немесе өндiрiстiк жағдайларда ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен сынақтан өткiзу;
13) ветеринариялық-санитариялық қауiпсiздiк - мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiнiң олар пайдаланылатын дағдылы (белгiленген) жағдайларда жануарлардың және адамның денсаулығына қауiп төндiрмейтiн күйi;
14) ветеринариялық-санитариялық сараптама - жануарлардың, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкес келуiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен органолептикалық, биохимиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, уыттық және радиологиялық зерттеулер кешенi арқылы тексеруi;
15) ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасы - базарларда және (немесе) басқа орындарда өткiзiлетiн жануарлардан алынатын өнiмдерге ветеринариялық-санитариялық сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның мамандандырылған бөлiмшесi;
16) ветеринариялық iс-шаралар - жануарлар ауруларының профилактикасын, емделуiн немесе диагностикасын қоса алғанда, оның шығуын, таралуын болдырмауға немесе оны жоюға; жануарлар мен адамның денсаулығына қауiп төндiретiн аса қауiптi аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға; жануарлардың өнiмдiлiгiн арттыруға; жануарлардың және адамдардың денсаулығын жұқпалы, оның iшiнде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, бiрдейлендiру рәсiмiн қоса, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған iндетке қарсы, ветеринариялық-санитариялық рәсiмдер кешенi;
17) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган - Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн, өз өкiлеттiгi шегiнде ветеринария саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
18) жануарлар ауруларын қоздырушылар - вирустар, бактериялар, риккетсиялар, хламидиялар, микоплазмалар, приондар, қарапайым жәндiктер, саңырауқұлақтар, гельминттер, кенелер, жәндiктер;
19) жануарлар ауруларының диагностикасы жөнiндегi референттiк және әдiстемелiк қызмет - жануарлардың аса қауiптi, баяу және экзотикалық ауруларының қоздырушыларын типтендiрудi (белгiлi бiр түр iшiндегi типтiк айырмашылықтарды анықтауды), олардың профилактикасы мен диагностикасы шараларын әзiрлеудi қоса жүзеге асыру, сондай-ақ күмәндi немесе даулы жағдайларда түпкiлiктi диагноз қою;
20) жануарлардан алынатын өнiмдер - тиiсiнше өңделмей тамаққа пайдаланылмайтын ет және ет өнiмдерi, сүт және сүт өнiмдерi, балық және балық өнiмдерi, жұмыртқа және жұмыртқа өнiмдерi, сондай-ақ бал ара шаруашылығының өнiмдерi;
21) жануарлардан алынатын шикiзат - жануарлардан алынатын, жануарларды азықтандыруға арналған және (немесе) өнеркәсiпте пайдаланылатын терi, жүн, түк, қыл, бағалы аң терiсi, мамық, қауырсын, эндокриндiк бездер, iшек-қарын, қан, сүйек, мүйiз, тұяқ және басқа да өнiмдер;
22) жануарлардың аса қауiптi аурулары - ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган анықтайтын, жануарлар мен адамға ортақ ауруларды қоса алғанда, тез немесе кең таралатын, жануарлардың ауруға шалдыққыштығына немесе өлуiне, үлкен әлеуметтiк-экономикалық залалға әкеп соғатын жануарлар аурулары;
23) жемшөп - жануарларды азықтандыру үшiн пайдаланылатын, сiңiрiлетiн түрде құрамында қоректiк заттар бар және жануарлардың денсаулығына зиянды әсер тигiзбейтiн өсiмдiк, жануар, минералдық, микробиологиялық, химиялық тектi өнiмдер;
24) жемшөп қоспалары - жануарлардың рационында жетiспейтiн қоректендiргiш және минерал заттар мен дәрумендердiң көздерi ретiнде пайдаланылатын, органикалық, минералдық және (немесе) синтетикалық тектi заттар;
25) карантин - iндет ошағын жою және аурудың таралуына жол бермеу мақсатында iндет ошағы, қолайсыз пункт пен ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан қолайлы аумақ арасындағы шаруашылық байланыстарды шектеудi немесе тыюды және мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң орнын ауыстыруды тоқтата тұруды қамтамасыз етуге бағытталған ветеринариялық және әкiмшiлiк-шаруашылық іс-шаралар жүйесiн көздейтiн құқықтық режим;
26) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктер - жануарлар, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзат, ветеринариялық препараттар, жемшөп және жемшөптiк қоспалар;
27) сараптама актiсi - мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерi диагностикасының немесе ветеринариялық-санитариялық сараптамасының нәтижелерi бойынша ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен ветеринариялық зертханалар беретiн, олардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарына сәйкестiгiн куәландыратын, сондай-ақ оларды пайдалануға ұсынатын құжат;
23) шектеу iс-шаралары - жануарлар ауруының таралуына жол бермеу және iндет ошағы мен қолайсыз пунктте ветеринариялық-санитариялық қолайлы жағдайға қол жеткiзу мақсатында шаруашылық байланыстарды iшiнара шектеуге және мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң орнын ауыстыруды тоқтата тұруға бағытталған ветеринариялық, әкiмшiлiк-шаруашылық iс-шаралар жүйесiн көздейтiн құқықтық режим;
29) эпизоотия - белгiлi бiр әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында жануарлардың аса қауiптi және басқа да жұқпалы ауруларының жаппай таралуы;
30) эпизоотия мониторингi - эпизоотологиялық зерттеудi және жануарлардың нақты ауруларының өршу заңдылықтары, олар мекендеген (ұсталған, өсiрiлген) аумақтардың табиғи-географиялық және экономикалық (шаруашылық) жағдайлары жүргiзiлетiн ветеринариялық-санитариялық iс-шаралар туралы ақпаратты қоса алғанда, жануарлар ауруларының таралуы туралы сандық деректердi жинау жүйесi және оларды кейiннен ветеринариялық-санитариялық iс-шаралар тиiмдiлiгiн талдау және эпизоотиялардың немесе панзоотиялардың пайда болуын, өршуiн және жойылуын болжау үшiн статистикалық өңдеу;
31) эпизоотия ошағы - жұқпалы ауруды қоздырушы көздер, тарататын факторлар және ауруға бейiм жануарлар тұрған шектеулi аумақ немесе қора-жай.";
2) 3-бапта:
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"5) ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының қауiпсiздiгi мен сапасын бақылау;";
6) тармақша "өнiмдер мен шикiзаттың" деген сөздерден кейiн "қауiпсiздiгiне және" деген сөздермен толықтырылсын;
3) 5-бап мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
"3-1) ветеринария саласындағы техникалық регламенттердi бекiту;";
4) 8-бапта:
8) тармақшадағы "ережелер мен нормативтердi" деген сөздер "ережелердi" деген сөзбен ауыстырылсын;
21) тармақшадағы "бекiту кiредi." деген сөздер "бекiту;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 22), 23) тармақшалармен толықтырылсын:
"22) ветеринария саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеу;
23) өз құзiретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың орындалуын мемлекеттiк бақылау кiредi.";
5) мынадай мазмұндағы 3-1-тараумен толықтырылсын:
"3-1-тарау. Адамдар үшiн тағам ретiнде қолданылмайтын жануарларға
арналған ветеринариялық препараттарға, жемшөптерге және жемшөп
қоспаларына қойылатын қауiпсiздiктiң жалпы талаптары
24-1-бап. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп
қоспаларын өндiру және өлшеп орау кезiндегi
қауiпсiздiк талаптары
1. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндiру және өлшеп орау кезiнде техникалық регламенттердiң талаптары сақталуға тиiс.
2. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өлшеп орау сақтау, тасымалдау және өткiзу кезiнде қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге тиiс.
3. Орау материалы ветеринарлық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының қауiпсiздiгi мен сапасына әсер етпеуге тиiс.
24-2-бап. Ветеринарлық препараттарды, жемшөп пен жемшөп
қоспаларын тасымалдау кезiндегi қауiпсiздiк
талаптары
1. Қазақстан Республикасының аумағында жемшөп пен жемшөп қоспаларын тасымалдау олардың қауiпсiздiгiн және олардың сапалық көрсеткiштерiнiң сақталуын қамтамасыз ететiн жағдайларда жүзеге асырылуға тиiс.
2. Ветеринарлық препараттар, жемшөп пен жемшөп қоспалары құрғақ, таза, жемдiк қорлардың зиянкестерiмен залалданбаған көлiк құралдарымен тасымалдануға тиiс.
24-3-бап. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп
қоспаларын сақтау кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
1. Ветеринариялық препараттар, жемшөп пен жемшөп қоспалары олардың қауiпсiздiгiн барлық сақтау мерзiмi iшiнде қамтамасыз ететiн жағдайларда арнайы қойма үй-жайларында сақталуға тиiс.
2. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сақтау шарттары ветеринария саласындағы техникалық регламенттерде көзделген талаптарды ескере отырып, дайындаушы белгiлейдi.
3. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезiнде заңнамада көзделген тәртiппен сақтау мерзiмдерi және (немесе) жарамдылығы, сақтау шарттары туралы ақпарат берiлуге тиiс.
24-4-бап. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп
қоспаларын қолдану кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
1. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын пайдалану кезiнде оларды қолдану технологиясының талаптары ескерiлуге тиiс.
2. Жануарлардан алынған, оларға қатысты қолданылған өнiмдегi заттардың қалдықтары және ветеринариялық препараттардың құрамдас бөлiктерi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген нормативтерден аспауға тиiс.
3. Жарамдылық мерзiмi өтiп кеткен ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын қолдануға рұқсат етiлмейдi.
24-5-бап. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп
қоспаларын нарыққа орналастыру кезiндегi
қауiпсiздiк талаптары
1. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын нарыққа орналастыру кезiнде өндiрушiлер мен сатушылар ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының қауiпсiздiк және сапа көрсеткiштерi туралы толық және дұрыс ақпарат беруге тиiс.
2. Мынадай:
1) осы Заңның және ветеринария саласындағы техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкес келмейтiн;
2) бүлiнудiң анық белгiлерi бар;
3) олардың шығарылу тегiн растайтын өндiрушiнiң құжаттары жоқ және оларға қатысты мемлекеттiк тiркелуi туралы ақпараты жоқ;
4) берiлген ақпаратқа сәйкес келмейтiн және оларға қатысты олардың шығарылу тегiн растайын құжаттардың жалғандығы туралы негiзделген күмәнi бар;
5) белгiленген жарамдылық мерзiмi жоқ немесе жарамдылық мерзiмi өтiп кеткен;
6) ветеринария саласындағы техникалық регламенттерде көздемеген мәлiметтермен таңбаланбаған не оларға қатысты осындай ақпараттары жоқ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын нарыққа шығаруға болмайды.
24-6-бап. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп
қоспаларын кәдеге жарату және жою кезiндегi
қауiпсiздiк талаптары
1. Зертханалық зерттеу нәтижелерi бойынша мақсатына қарай пайдалануға жарамсыз деп танылған ветеринарлық препараттар, жемшөп пен жемшөп қоспалары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен олардың бұдан әрi пайдаланылуына немесе кәдеге жаратылуына, жойылуына сараптама жасалуға тиiс.
2. Сараптама жасауға және оны бұдан әрi пайдалану немесе кәдеге жарату, жою ықтималдығы туралы шешiм қабылдауға қажеттi кезеңде ветеринариялық препараттар, жемшөп және жемшөп қоспалары партиясының көлемi көрсетiлiп және ветеринариялық препараттарға, жемшөпке және жемшөп қоспаларына қол жеткiзуге мүмкiндiк бермейтiн жағдайларды сақтай отырып жеке үй-жайларда сақталуға тиiс.
3. Ветеринарлық препараттар, жемшөп және жемшөп қоспалары иiсi күштi шығатын заттармен (керосин, мұнай, фенол, хлорлы әк) немесе осы өнiмге тән емес рең беретiн бояғышпен жарамсыздандырылуға тиiс.";
6) 29-баптың 4-тармағындағы "нормативтердi ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi және олар" деген сөздер "нормативтер ветеринария саласындағы техникалық регламенттерде белгiленедi және" деген сөздермен ауыстырылсын.
24. "Тұқым шаруашылығы туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2003 ж., N 3, 16-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 3, 22-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) агроэкологиялық аймақ - ауыл шаруашылық өсiмдiктерiн өсiру жағдайлары бойынша бiртектi немесе дақылдардың экологиялық талаптары бойынша жақын аумақ;
2) аттестаттау - жеке және (немесе) заңды тұлғалардың тұқым шаруашылығы субъектiсiнiң мәртебесiне сәйкестiгiн анықтау (растау);
3) аттестаттау туралы куәлiк - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы берген, мемлекеттiң тұқым шаруашылығы саласындағы аттестатталған субъектiлердiң қызметiн тануын куәландыратын құжат;
4) ауыл шаруашылық өсiмдiктерi - дәндi, дәндi-бұршақтық, жармалық, азықтық, майлы, эфирлi-майлы, техникалық, көкөнiстiк, дәрi-дәрмектiк, гүлдiк, жемiстiк, жидектiк дақылдар, картоп, жүзiм;
5) байқаудан өткiзушi - тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң сортты егiстерiн сынақтан өткiзу құқығына аттестаттаған жеке адам;
6) бақылау сынақтары - ауыл шаруашылық өсiмдiгiнiң сорт белгiлерiнiң сақталуын және әр түрiнiң осы сортқа сәйкестiгiн анықтау;
7) бiрегей тұқымдар - ауыл шаруашылық өсiмдiгi сортының авторы, ол уәкiлдiк берген адам немесе сорттың оригинаторы өсiрiп шығарған және элиталық тұқымдарды өндiруге арналған тұқым;
8) бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқымдар - тұқымдар элитасының жылдар бойынша кейiннен өсiрiп-өндiрiлуi: бiрiншi жыл - бiрiншi көбейтiлген тұқым, екiншi жыл - екiншi көбейтiлген тұқым, үшiншi жыл - үшiншi көбейтiлген тұқым;
9) егiстердi байқаудан өткiзу - ауыл шаруашылық өсiмдiктерi егiстерiнiң сорттық сапаларын: сорттық тазалығын, сортқа тәндiлiгiн, арамшөптер басу, ауруға шалдығу және зиянкестерден бүлiну дәрежесiн анықтау;
10) жерге егiп бағалау - тұқымдардың белгiлi бiр түрге, сортқа жататындығы мен сорттық тазалығын оларды арнаулы учаскелерде егу және өсiмдiктер бойынша сорттық сапаларын кейiннен тексеру жолымен анықтау;
11) зертханалық сорттық сынақтар - тұқымдардың белгiлi бiр сортқа тиiстiлiгiн белгiлеу және зертханалық талдау жүргiзу жолымен тұқымдардың сорттық тазалығын анықтау;
12) кондициясына жеткiзiлмеген тұқым - сорттық және егу сапасы жағынан тұқым шаруашылығы саласындағы стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың талаптарына сай келмейтiн тұқым;
13) сорт ауыстыру - тұқым өсiрушiлердiң өндiрiсте егiлiп жүрген ескi сорттарды неғұрлым шығымды немесе ауыстырылатын сорттан шаруашылық-бағалылық белгiлерi мен қасиеттерi жағынан артық жаңа, пайдалануға рұқсат етiлген сорттармен ауыстыруы;
14) сорт жаңарту - өндiрiсте пайдалану кезiнде сорттық және биологиялық сапасы нашарлаған тұқымдарды сол сорттың жақсы тұқымдарымен ауыстыру;
15) сортқа тәндiлiк - айқас тозаңдандырылатын ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң сорттық тазалығының көрсеткiшi;
16) сорт оригинаторы - сорттың сақталуын қамтамасыз ететiн жеке немесе заңды тұлға;
17) сорттық бақылау - ауыл шаруашылық өсiмдiктерi егiстерiнiң сорттық тазалығын анықтау және тұқымдардың белгiлi бiр сортқа жататындығын белгiлеу жөнiндегi iс-шаралардың жүзеге асырылуын бақылау;
18) сорттық сынақ - сорттың патент қабiлеттiлiгi мен шаруашылықта пайдалылығын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiлетiн сынақтан өткiзу мен бағалау;
19) сорттық тазалық - негiзгi сорт өсiмдiктерiнiң немесе сабақтарының осы ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң немесе сабақтарының жалпы санына проценттiк қатынасы;
20) суперэлиталық тұқымдар - бiрегей тұқымдарға жататын, өсiрiп-өндiру көшеттiгінің өнiмiнен алынған, мемлекеттiк стандарттар мен тұқым шаруашылығы саласындағы өзге де нормативтiк құжаттардың талаптарына сай келетiн және элиталық тұқымдарды өндiруге арналған тұқымдар;
21) тұқымдар - өсiмдiктердiң сортын молықтыру үшiн пайдаланылатын генеративтiк және вегетативтiк органдары: тұқымның өзi, жемiстер, күрделi жемiстердiң бөлiгi, қосалқы жемiс, масақтар, көшеттер, жуашық, түйнек, қалемшелер, түзушi ұлпалар және басқалар;
22) тұқымдардың кондициялылығы - тұқымдардың тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк стандарттар мен өзге де нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгi;
23) тұқымдардың сорттық сапасы - тұқымдардың ауыл шаруашылық өсiмдiгiнiң белгiлi бiр сортына жататындығын сипаттайтын белгiлер жиынтығы;
24) тұқымдар тобы - тиiстi құжатпен (байқаудан өткiзу актiсiмен, тұқымның аттестатымен, тұқым куәлiгiмен, тұқымның кондициялылығы туралы куәлiкпен, тұқымдарға талдау жасау нәтижесiмен, карантиндiк сертификатпен, фитосанитариялық сертификатпен немесе импорттық карантиндiк рұқсатпен) расталған, шығу тегi мен сапасы жөнiнен бiртектес тұқымның белгiлi бiр мөлшерi;
25) тұқымдық бақылау - тұқымның егу сапасын анықтау жөнiндегi iс-шаралардың жүзеге асырылуын, Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау;
26) тұқым куәлiгi - тұқымдардың алғашқы және одан кейiнгi көбейтiлуiнiң сорттық және егу сапасын растайтын құжат;
27) тұқымның егу сапасы - тұқымдардың егуге (отырғызуға) жарамдылық дәрежесiн сипаттайтын сапа көрсеткiштерiнiң жиынтығы;
28) тұқым өндiрушiлер - осы Заңға сәйкес тұқым шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
29) тұқым өсiру шаруашылығы - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы аттестаттаған, бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқымдарды өндiру мен сатуды жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъект;
30) тұқым сапасына сараптама жасау жөнiндегi зертхана - тұқымдардың сорттық және егу сапасының тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк стандарттар мен өзге де нормативтiк құжаттар талаптарына сәйкестiгiне зерттеулер жүргiзу құқығына белгiленген тәртiппен; аттестатталған заңды тұлға;
31) тұқым сараптамасы - тұқымдардың сорттық және егу сапасының техникалық регламенттердiң және тұқым шаруашылығы саласындағы стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн анықтау жөнiндегi iс-шаралар кешенi;
32) тұқым сарапшысы - тұқым сапасына сараптама жасау жөнiндегi зертхананың тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен тұқымдардың сорттық және егу сапасына сараптама жүргiзу құқығына аттестатталған маманы;
33) тұқым шаруашылығы - тұқымдарды өндiру, дайындау, өңдеу, сақтау, тасымалдау, сату және пайдалану жөнiндегi iс-шаралар кешенiн қамтитын қызмет, сондай-ақ мемлекеттiк бақылау, оның iшiнде сорттық және тұқымдық бақылау;
34) тұқым шаруашылығы жөнiндегi мемлекеттiк инспектор - тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамы;
35) тұқым шаруашылығының схемасы - көшеттiктер мен тұқымдық егiстiктердiң өзара байланысты топтары, оларда белгiлi бiр реттiлiкпен, сұрыптау және өсiрiп-өндiру жолымен сортты молықтыру процесi жүзеге асырылады;
36) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган өз құзыретi шегiнде тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк саясатты және оның ғылыми қамтамасыз етiлуiн iске асыруды, тұқым шаруашылығына қатысушылардың қызметiн үйлестiру мен реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
37) элиталық тұқымдар - ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң бiрегей немесе суперэлиталық тұқымнан алынған және Қазақстан Республикасының тұқым шаруашылығы туралы заңнамасының талаптарына сай келетiн тұқымдары;
38) элиталық тұқым өсiру шаруашылығы - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы аттестаттаған, элиталық тұқымдарды өндiру мен сатуды жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъект.";
2) 4-баптың 12) тармақшасындағы "төмендету арқылы жүзеге асырылады." деген сөздер "төмендету;" деген сөзбен ауыстырылып, бап мынадай мазмұндағы 14), 15) тармақшалармен толықтырылсын:
"14) техникалық реттеу - саласындағы қауiпсiздiктi (бұдан әрi - қауiпсiздiк) қамтамасыз ету;
15) тұқым шаруашылығы саласында қауiпсiздiкке қатысты тұтынушыларды жаңылыстыруға әкелетiн әрекеттердiң алдын алу арқылы жүзеге асырылады.";
3) 5-бап мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:
"11) техникалық регламенттердi бекiтедi.";
4) 6-бапта:
мынадай мазмұндағы 11-1) тармақшамен толықтырылсын:
"11-1) техникалық регламенттердi әзiрлейдi;";
12) және 13) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"12) техникалық реттеу және метрология жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға тұқым шаруашылығы саласындағы стандарттау жөнiндегi қолда бар мемлекеттiк стандарттар мен басқа да нормативтiк құжаттарды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
13) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының өтiнiштерi негiзiнде тұқым сапасының мемлекеттiк стандарттарда белгiленген көрсеткiштерiн ерекше жағдайларда бiр жылдан аспайтын мерзiмге төмендетуге рұқсат бередi;";
5) 13-бапта:
2-тармақтағы "мемлекеттiк стандарттар мен тұқым шаруашылығы саласындағы өзге де нормативтiк құжаттардың" деген сөздер "Қазақстан Республикасы заңнамасының" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
"2-1. Техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкес келмейтiн тұқымдарды егу (отырғызу) үшiн өткiзуге және пайдалануға жол берiлмейдi.";
3-тармақта:
бiрiншi абзац "Қазақстан Республикасында" деген сөздердiң алдынан "Гендiк инженерия (генетикалық түрлендiрiлген) негiзiнде алынған сорттардың тұқымдарын қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;
1) тармақша "жұмыстары үшiн" деген сөздерден кейiн ", сондай-ақ мемлекеттiк сорт сынақтарын жүргiзу үшiн бiр мезгiлде сортты беру шартымен өндiрiстiк жағдайда сынақ жүргiзу мақсатында (Қазақстан Республикасының басқа да ұйымдарының немесе басқа мемлекеттердiң уәкiлеттi органдарының ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң сортын сынақтан өткiзудiң оң нәтижелерi болған кезде)" деген сөздермен толықтырылсын;
6) 19-бапта:
3-тармақ "сынақтар өткiзуге арналған" деген сөздерден кейiн ", сондай-ақ осы Заңның 13-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда" деген сөздермен толықтырылсын;
5-тармақтағы "мемлекеттiк стандарттар мен техникалық шарттың талаптарына" деген сөздер "техникалық регламенттерде және тұқым шаруашылығы саласындағы стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарға" деген сөздермен ауыстырылсын;
7) мынадай мазмұндағы 23-1, 23-2-баптармен толықтырылсын:
"23-1-бап. Тұқымдарды кәдеге жарату және жою кезiндегi
қауiпсiздiктiң жалпы талаптары
1. Тұқымдық сараптау нәтижелерi бойынша мақсатына қарай пайдалану үшiн жарамсыз деп танылған тұқымдар техникалық регламенттерде белгiленген тәртiппен қосымша өңделуге, кәдеге жаратылуға және (немесе) жойылуға тиiс.
Сараптама жүргiзуге және оларды одан әрi пайдалану мүмкiндiгi немесе жою қажеттiгi туралы шешiм қабылдауға қажеттi кезеңде тұқымдар қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн жағдайлар сақтала отырып, жеке үй-жайларда сақталуға тиiс.
2. Мақсатына қарай пайдалануға жарамсыз тұқымдарды тасымалдауға, сақтауға, сараптауға, пайдалануға немесе жоюға байланысты шығындарды олардың иесi төлейдi.
23-2-бап. Тұқымдардың қауiпсiздiгi мен сапасы туралы
ақпаратқа қойылатын талаптар
Тұқымдардың қауiпсiздiгiне және оның өмiрлiк циклi процестерiне қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын әрекеттердiң алдын алу мақсатында тұқым өндiрушiлер сатып алушыларға және (немесе) тұтынушыларға тұқымдардың қауiпсiздiгi мен сапасының көрсеткiштерi туралы толық және дәйектi ақпарат беруге мiндеттi.";
25. "Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы" 2003 жылғы 7 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2003 ж., N 6, 33-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 15, 95-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) автомобильдерге жанармай құю станциясы - мұнай өнiмдерiн сақтауды және бөлшек саудамен өткiзудi қамтамасыз ететiн жабдықпен жарақтандырылған технологиялық кешен;
2) бiртұтас деректер базасы - мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеуді өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың ақпараты негiзiнде қалыптастырылатын мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы жөнiндегi электрондық деректер базасы;
3) компаундирлеу - белгiленген сападағы мұнай өнiмiн алу мақсатында екi немесе бiрнеше компоненттi араластыру;
4) кондициялық емес мұнай өнiмi - Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес келмейтiн мұнай өнiмi;
5) мұнай берушi - өз шикi мұнайын және (немесе) газ конденсатын өңдеуге беретiн мұнай және (немесе) газ өндiру ұйымы және (немесе) басқа да заңды тұлғалар;
6) мұнай өнiмдерi базасы - мұнай өнiмдерiн сақтауға және өткiзуге арналған тауар қоймасы;
7) мұнай өнiмдерiн бөлшек саудамен өткiзу - мұнай өнiмдерiн жеке және заңды тұлғаларға одан әрi қайта сату мақсатынсыз өткiзу (жөнелту);
8) мұнай өнiмдерiн көтерме саудамен өткiзу - мұнай өндiрушiлердiң, берушiлердiң, сондай-ақ мұнай өнiмдерi базаларынан өткiзудi жүзеге асыратын тұлғалардың мұнай өнiмдерiн одан әрi қайта сату мақсатында өткiзуi (жөнелтуi);
9) мұнай өнiмдерiн өндiру - Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес мұнай өнiмдерiн алуды қамтамасыз ететiн шикi мұнай және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөнiндегi, сондай-ақ компаундирлеу жөнiндегi жұмыстар (операциялар) кешенi;
10) мұнай өнiмдерiн өндiрудiң ең төменгi көлемi - мұнай және (немесе) газ өндiру ұйымдары мен басқа да шикiзат көздерiнiң шикi мұнайды және (немесе) газ конденсатын берудiң уәкiлеттi орган бекiткен көлемiне сәйкес мұнай өнiмдерiн өндiрушi күнтiзбелiк жыл iшiнде ай сайын одан кемiтпей өндiруге мiндеттi мұнай өнiмдерiнiң көлемi;
11) мұнай өнiмдерiн өндiрушi - мұнай өнiмдерiн өндiруге лицензиясы бар және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оларды өткiзудi жүзеге асыратын мұнай және (немесе) газ өңдеу ұйымы;
12) мұнай өнiмдерiнiң айналымы - мұнай өнiмдерiн сатып алу, сақтау, өткiзу, тасымалдау, экспорттау және импорттау;
13) өндiрiс паспорты - мұнай өнiмдерiн өндiрушiнiң өндiрiстiк қуаттарының көрсеткiштерiн, оның негiзгi сипаттамаларын көрсететiн, өндiрiстiң технологиялық процесiнiң сақталуы үшiн қолда бар жабдықтың пайдаланылуын регламенттейтiн белгiленген нысандағы құжат;
14) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн, осы Заңмен белгiленген құзыретi шегiнде мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
15) iлеспе жүкқұжат - жөнелтушiден алушыға дейiнгi бүкiл жүру жолында мұнай өнiмдерiнiң қозғалысын бақылауға арналған, мұнай өнiмдерiн босату және қабылдау жөнiндегi операцияларды ресiмдеуге қажеттi бiрегейлендiрiлген құжат.";
2) 3-баптың 2-тармағында:
мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
"1-1) мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы саласындағы техникалық реттеудi;";
4) тармақша "мұнай өнiмдерiнiң" деген сөздерден кейiн "қауiпсiздiгi мен" деген сөздермен толықтырылсын;
3) 4-бап мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:
"9) мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi.";
4) 5-бап мынадай мазмұндағы 13), 14), 15) тармақшалармен толықтырылсын:
"13) мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы саласында адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтiру тәуекелiне талдау мен бағалауды жүргiзедi;
14) мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлейдi;
15) мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың орындалуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады.";
5) 6-баптың 1-тармағында:
бiрiншi абзацтағы "Стандарттау, метрология және сертификаттау" деген сөздер "Техникалық реттеу және метрология" деген сөздермен ауыстырылсын;
1) тармақшадағы "стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарда" деген сөздер "өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында" деген сөздермен ауыстырылсын;
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы саласындағы техникалық реттеу және метрология жөнiндегi жұмыстарды басқаруды жүзеге асырады;";
6) мынадай мазмұндағы 8-1-баппен толықтырылсын:
"8-1-бап. Мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы
саласындағы қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн талаптар
1. Мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы осы Заңның және техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкес адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге тиіс.
2. Мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы саласындағы техникалық реттеу объектiлерi: бензин, дизель отыны, мазут және шикi мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу процестерi, мұнай өнiмдерiн компаундирлеу, сондай-ақ мұнай өнiмдерiнiң айналымы болып табылады.
3. Мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы кезiнде пайдаланылатын жабдықтар мен техникалық құралдар техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкес келуге тиiс.
4. Өндiрiстiк аймақтар мен үй-жайлардың ауа ортасында мұнай буларының шоғырлануы техникалық регламенттерде белгiленген шектi жол берiлетiн нормалардан аспауға тиiс.
5. Мұнай өнiмдерiн өңдеу, тасымалдау және тарату жөнiндегi объектілерді жобалау және салу кезiнде Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi, қоршаған ортаны қорғау, өрт қауiпсiздiгi туралы заңнамасының талаптары сақталуға және төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерi ескерiлуге тиiс.";
7) 9-бапта:
1-тармақтың 2) тармақшасындағы "стандарттау және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi тиiстi нормативтiк құжаттарға" деген сөздер "тиiстi техникалық регламенттерге және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етуге" деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) дизель отыны, мазут техникалық регламенттерге сәйкес келген жағдайда, оларға тұнбалар мен қоспалар енгiзуге жол берiледi.";
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
"2-1 Мұнай өңдейтiн зауыттар өндiретiн мұнай өнiмдерi осы Заңда және техникалық регламенттерде белгiленген нормаларға сәйкес келуге тиiс.";
8) 10-баптың 1-тармағы 3) тармақшасындағы "келiсуге мiндеттi." деген сөздер "келiсуге;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
"4) техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптарын сақтауға мiндеттi.";
9) 12-баптың 2-тармағының бiрiншi бөлiгiндегi "көрсетiлетiн қызметтерi сертификатталған" деген сөздер алып тасталсын;
10) 14-бап мынадай мазмұндағы 4 және 5-тармақтармен толықтырылсын:
"4. Мұнай өнiмдерiн сақтау және тасымалдау құралдарының конструкциясы және оларды пайдалану шарттары техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкес болуға тиiс.
5. Мұнай өнiмдерiн тасымалдау мұнай өнiмдерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге тиiс, олардың шығындары белгiленген шектi нормадан аспауы керек.".
26. "Денсаулық сақтау жүйесi туралы" 2003 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2003 ж., N 11, 70-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 15, 92-құжат):
1) 1-бап мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
"10-1) денсаулық сақтау стандарты - медициналық және дәрiгерлiк қызметтi ұйымдастыру мен жүзеге асыруды регламенттейтiн құжат;";
2) 5-баптың 6) тармақшасындағы "медициналық стандарттар" деген сөздер "денсаулық сақтау стандарттары" деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 6-бапта:
9) тармақшадағы ", сертификаттаудың және стандарттаудың" деген сөздер "және сәйкестiктi растаудың" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 16) тармақшамен толықтырылсын:
"16) денсаулық сақтау саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi.";
4) 7-бапта:
8) тармақша "денсаулық сақтау саласындағы" деген сөздердiң алдынан "техникалық регламенттердi қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;
9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"9) денсаулық сақтау стандарттарын әзiрлейдi және бекiтедi;";
15) тармақша "медициналық," деген сөздiң алдынан "денсаулық сақтау стандарттарының, сондай-ақ" деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 29) тармақшамен толықтырылсын:
"29) техникалық регламенттердi әзiрлейдi.";
5) 12, 13-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы сәйкестiктi растау
1. Өнiмдердiң, процестердiң, қызмет көрсетулердiң сәйкестiгiн растау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Шет мемлекет берген сәйкестiктi растау саласындағы құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес танылады.
13-бап. Денсаулық сақтау стандарттары
1. Денсаулық сақтау стандарттары денсаулық сақтау субъектiлерi үшiн мiндеттi болып табылады.
2. Денсаулық сақтау стандарттары стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарға жатпайды, оларды реттеу Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.";
6) 44-баптың 2-тармағының 3) тармақшасындағы "заттарды сертификаттау" деген сөздер "заттардың сәйкестiгiн растау" деген сөздермен ауыстырылсын.
27. "Автомобиль көлiгi туралы" 2003 жылғы 4 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2003 ж., N 15, 134-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 7-8, 19-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) автобус - жүргiзушiнiң орнын қоспағанда, сегiзден аса отыратын орны бар, жолаушылар мен багаж тасымалына арналған автокөлiк құралы;
2) автовокзал - жолаушылар легi тәулiгiне бес жүзден астам адам болатын, жолаушыларға және автобустардың жүргiзушiлерiне қызмет етуге арналған және оған: жетпiс бестен астам адам сиятын күту залы және билет кассалары бар күрделi ғимарат, жүргiзушiлердi медициналық куәландыру және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету пункттерi, сақтау камералары, жолаушыларды отырғызуға және түсiруге арналған перрон, автобустар тұратын алаң, автобустарды қарау посттары, диспетчерлiк пункттер және ана мен бала бөлмесi кiретiн құрылыстар кешенi;
3) автокөлiк құралдарын техникалық пайдалану - автокөлiк құралдарын қауiпсiз пайдалануды ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар, техникалық әсер ету (диагностикалау, техникалық қызмет ету, жөндеу) кешенi;
4) автомобиль көлiгi - негiзгi қызмет аясы автокөлiк құралдары мен инфрақұрылымды пайдалана отырып, жолаушылар, багаж, жүктер мен почта тасымалын ұйымдастыру және жүзеге асыру болып табылатын экономика саласы;
5) автомобиль көлiгi инфрақұрылымы - тасымалдың үздiксiз процесiн, сондай-ақ автокөлiк құралдарының қауiпсiз пайдаланылуын қамтамасыз ететiн құрылыстар кешенi (автовокзалдар, автостанциялар, жүк терминалдары, автокөлiк құралдарына техникалық қызмет ету және оларды жөндеу станциялары (шеберханалары), автокөлiк құралдары сақталатын құрылыстар);
6) автомобиль көлiгi құралы (бұдан әрi - автокөлiк құралы) автобустар, шағын автобустар, жеңiл және жүк автомобильдерi, автомобиль тiркемелерi, ершiктi тартқыштарға жартылай тiркемелер, сондай-ақ арнайы бейiмделген автомобильдер (жүктердiң белгiлi бiр түрлерiн тасымалдауға арналған) және арнаулы автомобильдер (әртүрлi, көбiнесе көлiкке арналмаған жұмыстарды орындайтын) кiретiн автомобиль көлiгi жылжымалы құрамының бiрлiгi;
7) автомобильмен тасымалдау - автомобиль жолдары арқылы автокөлiк құралдарымен жүзеге асырылатын жолаушылар, багаж, жүктер немесе почта тасымалы;
8) автомобильмен тасымалдаушы (бұдан әрi - тасымалдаушы) меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздерде автомобиль көлiгi құралдарына иелiк етушi, жолаушыларды, багажды, жүктердi немесе почтаны тасымалдауда ақыға немесе жалға қызметтер көрсететiн және соған белгіленген нысанда берілген лицензиясы немесе тиісті рұқсаты бар заңды немесе жеке тұлға;
9) автостанция - жолаушылар легі тәулігіне бес жүз адамнан аз болатын, жолаушыларға және автобустардың жүргізушілеріне қызмет етуге арналған және оған: жетпіс бес адамға дейін сиятын күту залы және билет кассалары бар күрделі ғимарат, сақтау камералары, жолаушыларды отырғызуға және түсіруге арналған перрон, автобустар тұратын алаң, диспетчерлік пункттер кіретін құрылыстар кешені;
10) багаж - Жолаушылар мен багаж тасымалы ережелерінде белгіленген нормалар шегінде, буылып-түйілген және автобустың, шағын автобустың багаж бөлімшесінде немесе автобусқа, шағын автобусқа ілесіп жүретін багаж автомобилінде, сондай-ақ тасымалдаушымен қосымша келісім негізінде таксимен тасымалданатын жолаушы мүлкі;
11) жеңіл автомобиль - жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауға арналған және жүргізушінің орнын қоспағанда, отыратын орны сегізден аспайтын автокөлік құралы;
12) жолаушы - автомобильмен тасымалдауға жасалған шарт негізінде немесе өзге де заңды негізде тасымалдаушы көрсететін қызметтерді пайдаланатын жеке тұлға;
13) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдау - тасымалдаушылар автобустарды, шағын автобустарды, шағын шағын автобустарды пайдалана отырып, аралық пункттерде жолаушылар отырғызбай, бастапқы және соңғы пункттер арасында жүзеге асыратын, біржолғы (тұрақты емес) сипаттағы тасымалдар;
14) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау - тасымалдаушылар автобустарды, шағын автобустарды пайдалана отырып, алдын ала келісілген жол жүру маршруттары, бастапқы және соңғы пункттері, жолаушылар отырғызу және түсіру пункттері белгіленген қозғалыс кестелері бойынша жүзеге асыратын тасымалдар;
15) жолдама парақ - автокөлік құралының жұмысын есепке алуға арналған, тасымалдаушы автокөлік құралының жүргізушісіне беретін құжат;
16) жүк алушы - жүкті автомобильмен тасымалдау шарты негізінде немесе өзге де заңды негіздерде жүк алуға уәкілетті жеке немесе заңды тұлға;
17) жүк жөнелтуші - оның атынан жүк жөнелту ресімделетін жеке немесе заңды тұлға;
18) жүктер - Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау ережелерімен белгіленген талаптарға сәйкес тасымалдауға қабылданған мүлік;
19) қалааралық облысаралық автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушылар екi немесе бiрнеше облыс шегiнде қалалар немесе өзге де елдi мекендер арасында жүзеге асыратын тасымалдар;
20) қалааралық облысiшiлiк автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушылар бiр облыс шегiнде қалалар немесе өзге де елдi мекендер арасында жүзеге асыратын тасымалдар;
21) қалалық автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушы қаланың белгiленген шекаралары шегiнде жүзеге асыратын тасымалдар;
22) қала маңындағы автомобильмен тасымалдау - қалалық тасымалдауға жатпайтын және тасымалдаушылар қаланың немесе өзге де елдi мекеннiң белгiленген шекарасынан бастап өлшенетiн қашықтығы елу шақырымға дейiнгi маршруттарда жүзеге асыратын тасымалдар;
23) қол жүгi - салмақ және көлем өлшемдерi Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiнде белгiленген талаптарға сәйкес келетiн, жолаушының автобус, шағын автобус немесе такси салонында тасымалдайтын жеке заттары;
24) мемлекеттiк көлiктiк бақылау (бұдан әрi - көлiктiк бақылау) - жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi саласындағы заңнамасы талаптарын сақтауын тексеру мақсатында уәкiлеттi орган жүргiзетiн iс-шаралардың жиынтығы;
25) такси - Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және бағалық тасымалдау ережелерiне сәйкес жабдықталған, жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдауға арналған жеңiл автомобиль;
26) тексеру - шаруашылық субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi саласындағы заңнамасы талаптарын сақтауын айқындау мақсатында жасалатын бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың iс-әрекетi;
27) уәкiлеттi орган - көлiк саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды, Қазақстан Республикасының көлiк кешенi қызметiн үйлестiрудi және реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
28) халықаралық автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушылар әр түрлi мемлекеттер аумағында орналасқан мекендер арасында жүзеге асыратын тасымалдар;
29) шағын автобус - жасаушы завод жүргiзушiнiң орнын қоспағанда, отыратын орны он алтыдан аспайтын етiп көздеген, ерекше шағын сыныптағы автобус.";
2) 7-баптың 1-тармағының 2) тармақшасындағы "тасымал қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң" деген сөздер "техникалық регламенттердiң" деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 11-баптың 1-тармағындағы "сертификаттау" деген сөз "техникалық реттеу" деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 12-бапта:
8) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 10), 11) тармақшалармен толықтырылсын:
"10) Автомобиль көлiгi құралдарын техникалық пайдалану ережелерiн бекiтедi;
11) автомобиль көлiгi саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi.";
5) 13-бапта:
12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"12) автомобиль көлiгi саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлейдi;";
13), 14), 16) тармақшалар алып тасталсын;
6) 17-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"17-бап. Сәйкестiктi растау
1. Автомобиль көлiгi саласындағы автокөлiк құралдарының, автокөлiкке арналған жабдықтардың, олардың өмiрлiк циклi процестерiнiң сәйкестiгiн растау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Шет мемлекет берген сәйкестiктi растау саласындағы құжат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес танылады.";
7) мынадай мазмұндағы 2-2-тараумен толықтырылсын:
"2-2-тарау. Автомобиль көлiгi саласындағы қауiпсiздiктiң
жалпы талаптары
19-12-бап. Жалпы ережелер
1. Автомобиль көлiгi саласындағы техникалық реттеу объектiлерi:
автомобиль көлiгi болып табылады, оған:
1) автобустар;
2) шағын автобустар;
3) жеңiл автомобильдер;
4) жүк автомобильдерi;
5) автомобиль тiркемелерi;
6) ершiктi тартқыштарға жартылай тiркемелер;
7) арнайы бейiмделген автомобильдер (жүктердiң белгiлi бiр түрлерiн тасымалдауға арналған);
8) арнаулы автомобильдер (әр түрлi, көбiнесе көлiкке арналмаған жұмыстарды орындайтын);
9) автомобиль көлiгiн жобалау;
10) автомобиль көлiгiн шығару (жөндеу);
11) автомобиль көлiгiн тасымалдау және сақтау;
12) автомобиль көлiгiн кәдеге жарату және жою кiредi.
2. Автокөлiк құралдары адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтiретiн болса немесе оларды тиiстi дәрежеде орнату, қызмет көрсету және пайдалану кезiнде солардың қауiпсiздiгi мен функционалдық мақсатына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын болса, нарықта сатылмауға және пайдаланылмауға тиiс.
3. Қазақстан Республикасының нарығында сәйкестiгi расталуға тиiс автомобиль көлiгiн орналастыратын тұлға осы Заңның және техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкестiктi растау үшiн шаралар қабылдауға мiндеттi.
4. Қазақстан Республикасының нарығында автомобиль көлiгiн орналастыратын тұлға:
1) тұтынушының ықтимал тәуекелдердi бағалауы және тиiстi қауiпсiздiк шараларын қабылдауы үшiн қажеттi пайдалану құжаттамасын және басқа да ақпаратты мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде ұсынуға;
2) автомобиль көлiгiн сату кезiнде таңдау бақылауын жүргiзуге, тұтынушылардың шағымдарын тексеруге;
3) автомобиль көлiгiнiң адам өмiрi мен денсаулығына зиян келтiру тәуекелi болғанда, пайдаланушыны уақтылы және тиiмдi ескерту, сондай-ақ автомобиль көлiгiн қайтарып жiберетiндей қажеттi iс-шаралар жүргiзу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге;
4) таратылып қойған автомобиль көлiгiнде қауiпсiздiк талаптарының бұзылуы туралы және мұндай бұзушылықтарды жою жөнiндегi өзi қабылдаған шаралар туралы тиiстi мемлекеттiк бақылау органдарына дереу хабарлауға;
5) шығарушыдан, уәкiлеттi өкiлден, импорттаушыдан, пайдаланушыдан немесе мемлекеттiк бақылау органдарынан автомобиль көлiгiнiң осы Заңның және техникалық регламенттердiң белгiленген талаптарына сәйкес келмеуi туралы ақпарат алынған болса, автомобиль көлiгiн сатпауға мiндеттi.
5. Автомобиль көлiгiнде қажеттi ескерту жазбалары немесе қауiптiлiк және қауiпсiз пайдалану шарттары туралы белгiлер болуға тиiс.
6. Пайдалану құжаттамасындағы қауiпсiздiк талаптары осы Заңда және техникалық регламенттерде белгiленген талаптардан төмен болмауға тиiс.
19-13-бап. Автокөлiк құралдарын жобалау кезiндегi қауiпсiздiк
талаптары
1. Автокөлiк құралдарын жобалау кезiнде өмiрлiк циклдiң барлық сатыларындағы, оның iшiнде қалыпты пайдалану, төтенше жағдайлар (бұзылулар мен сыртқы әсерлер), персоналдың болжамды қателерi және пайдалануға болмайтын кезiндегi бүкiл ықтимал қауiптер сәйкестендiрiлуге тиiс.
2. Пайдалану (қолдану) жөнiндегi нұсқауды (нұсқаманы) және паспортты (немесе формулярды) әзiрлеу автокөлiк құралдарын жобалаудың ажырамас бөлiгi болып табылады.
19-14-бап. Автокөлiк құралдарын шығару кезiндегi қауiпсiздiк
талаптары
1. Шығару кезiнде автокөлiк құралдарының дайындалуы жобалық құжаттаманың, осы Заңның, техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкестiгi қамтамасыз етiлуi қажет.
2. Автокөлiк құралдарын шығару кезiнде дайындаушы жобалық құжаттамада айқындалған қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi барлық iс-шаралар кешенiн орындауға және қауiпсiздiкке байланысты барлық технологиялық операциялардың орындалуын бақылау мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Егер автокөлiк құралдарын дайындау процесiнде немесе одан кейiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн сынақтар жүргiзу қажет болса, онда олар жобалық құжаттаманың барлық талаптары орындала отырып, толық көлемде жүргiзiлуге тиiс.
4. Автокөлiк құралдарын шығару кезiнде жобалық құжаттамадан ауытқу жобалаушымен келiсiледi және ол техникалық регламенттерде белгiленген жол берiлетiн тәуекелден аспауға тиiс.
19-15-бап. Автокөлiк құралдарын тасымалдау және сақтау
кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
1. Автокөлiк құралдарын тасымалдау және сақтау процесiнде олардың сақталуын, олардың қауiпсiздiгi көзделетiн техникалық сипаттамаларды сақтауды қамтамасыз етуге қойылатын барлық қажеттi талаптар, оның iшiнде консервациялауға, тасымалдау және сақтау жағдайларына қойылатын талаптар, белгiленген сақтау мерзiмдерi, жай-күйiн қайта куәландыру, сақтау мерзiмi аяқталған жеке элементтердi, бөлшектердi, тораптарды ауыстыру мерзiмдерi бойынша нұсқаулар автокөлiк құралдарына арналған техникалық құжаттамада жазылуға тиiс.
2. Автокөлiк құралдарын, олардың тораптары мен бөлшектерiн тасымалдау және сақтау жобалаушы қарастырған және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық қауiпсiздiк талаптары ескерiле отырып жүргiзiледi.
3. Консервациялау үшiн қолданылатын материалдар мен заттар қауiпсiз болуға тиiс.
19-16-бап. Автокөлiк құралдарын кәдеге жарату және жою
кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
Жеке және заңды тұлғалар автокөлiк құралдарын кәдеге жаратуды, жоюды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай талаптардың сақталуын ескере отырып қамтамасыз етедi:
1) автокөлiк құралдарын пайдалану тоқтатылғаннан кейiн оларды пайдалану мүмкiндiгiн болдырмау шаралары қабылдануға тиiс;
2) пайдалану процесiнде уытты заттармен, радиоактивтi аэрозольдармен ластанған автокөлiк құралдары оларды кәдеге жарату, жою кезiнде қолданылатын зиянды заттардың уыттылығына, физика-химиялық қасиеттерiне қарай арнайы ерiтiндiлермен (әдiстермен) залалсыздандыру жөнiндегi мiндеттi өңдеуден өткiзiлуге тиiс;
3) автокөлiк құралдарын кәдеге жаратудың және жоюдың барлық кезеңiн өткiзетiн персоналдың қажеттi бiлiктiлiгi болуға, олар тиiстi оқудан өтуге және еңбек қауiпсiздiгi талаптарын сақтауға тиiс.".
28. "Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы" 2004 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., N 3-4, 17-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 10, 52-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) арнаулы киiм - қызметкердi зиянды және қауiптi өндiрiстiк факторлардан қорғауға арналған киiм, аяқ киiм, бас киiм, қолғап;
2) ауыр қол еңбегi - ауыр заттарды қолмен көтеруге немесе орнын ауыстыруға байланысты қызмет түрлерi не 360 ккал/сағаттан астам күш-қуат жұмсалатын басқа да жұмыстар;
3) еңбек гигиенасы - қызметкерлердiң денсаулығын сақтау, өндiрiстiк ортаның және еңбек процесiнiң қолайсыз әсерiнiң алдын алу жөнiндегi санитарлық-гигиеналық шаралар мен құралдар кешенi;
4) еңбек қауiпсiздiгi - еңбек қызметi процесiнде қызметкерлерге зиянды және қауiптi әсердi болдырмайтын iс-шаралар кешенiмен қамтамасыз етiлген қызметкердiң қорғалу жай-күйi;
5) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - еңбек қатынастары саласындағы өкiлеттiктi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
6) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық бөлiмшелерi (бұдан әрi - аумақтық бөлiмшелер) - еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк шегiнде еңбек қатынастары саласындағы өкiлеттiктi жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшелерi;
7) еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау мониторингi - өндiрiстегi еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғаудың жай-күйiн қадағалау жүйесi, сондай-ақ республикадағы еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғаудың жай-күйiн бағалау және болжау;
8) еңбек қауiпсiздiгiнiң жағдайлары - еңбек процесiнде қызметкердiң жұмысқа қабiлеттiлiгi мен денсаулығына әсер ететiн өндiрiстiк орта мен еңбек процесi факторларының жиынтығы;
9) еңбектi қорғау - құқықтық, әлеуметтiк-экономикалық, ұйымдық-техникалық, санитарлық-гигиеналық, емдеу-алдын алу, оңалту және өзге де iс-шаралары мен құралдарын қамтитын, еңбек қызметi процесiнде қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жүйе;
10) еңбектi қорғау жөнiндегi қоғамдық инспектор - ұйымның кәсiподақ органы, ал ол болмаған кезде қызметкерлердiң жалпы жиналысы тағайындайтын, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлер өкiлi;
11) еңбектiң қауiпсiз жағдайлары - қызметкерге зиянды және қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерi жоқ не олардың әсерiнiң деңгейi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген қауiпсiздiк нормаларынан аспайтын, жұмыс берушi жасаған еңбек жағдайлары;
12) жеке қорғану құралдары - қызметкердi зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерiнен қорғауға арналған құралдар;
13) жұмыс орны - қызметкердiң еңбек қызметi процесiнде өзiнiң еңбек мiндеттерiн орындау кезiндегi тұрақты немесе уақытша болатын орны;
14) зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайы - белгiлi бiр өндiрiстiк факторлардың әсерi қызметкердiң еңбекке қабiлеттiлiгiнiң төмендеуiне немесе сырқаттануына әкеп соқтыратын еңбек жағдайлары;
15) зиянды өндiрiстiк фактор - оның әсерi қызметкердiң сырқаттануына немесе еңбекке қабiлеттiлiгiнiң төмендеуiне әкеп соқтыруы мүмкiн өндiрiстiк фактор;
16) кәсiби ауру - қызметкердiң еңбек (қызмет) мiндеттерiн орындауымен байланысты оған зиянды өндiрiстiк факторлардың әсер етуiнен туындаған созылмалы немесе қатты ауруы;
17) қауiпсiздiк нормалары - қызметкерлердiң еңбек қызметi процесiнде олардың өмiрi мен денсаулығын сақтауға бағытталған ұйымдық, техникалық, санитарлық-гигиеналық биологиялық және өзге де нормаларды, ережелердi, рәсiмдер мен өлшемдердi қамтамасыз ету тұрғысынан өндiрiс жағдайларын, өндiрiс және еңбек процесiн сипаттайтын сапалық және сандық көрсеткiштер;
18) қауiптi (ерекше қауiптi) еңбек жағдайлары - еңбектi қорғау ережелерi сақталмаған жағдайда белгiлi бiр өндiрiстiк факторлардың әсерiн тигiзуi қызметкер денсаулығының кенеттен нашарлауына немесе жарақаттануына не өлiмiне әкеп соқтыратын еңбек жағдайлары;
19) қауiптi өндiрiстiк фактор - әсерiн тигiзуi қызметкердiң еңбекке қабiлеттiлiгiнен уақытша немесе мүлдем айрылуына (еңбек жарақатына немесе кәсiби ауруына) немесе өлiмiне әкеп соқтыруы мүмкiн өндiрiстiк фактор;
20) қызметкерлер өкiлдерi - қызметкерлерi уәкiлеттiк берген кәсiптiк одақтардың және олардың бiрлестiктерiнiң органдары, ал олар болмағанда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен құрылған өзге де өкiлдер немесе ұйымдар;
21) өндiрiстегi жазатайым оқиға - өзiнiң еңбек (қызмет) мiндеттерiн немесе жұмыс берушiнiң тапсырмаларын орындау кезiнде қызметкердiң жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан оның еңбекке қабiлеттiлiгiнен уақытша немесе тұрақты айрылуына, кәсiби ауруға шалдығуына не өлiмiне әкеп соқтырған өндiрiстiк фактордың әсерi;
22) өндiрiстiк жабдық - машиналар, тетiктер, аппараттар мен өзге де техникалық құралдар;
23) өндiрiстiк жабдықтың қауiпсiздiгi - өндiрiстiк жабдықтың өз функцияларын орындауы кезiнде нормативтiк-техникалық және жобалау құжаттамасында белгiленген жағдайларда еңбек қауiпсiздiгiнiң талаптарына сәйкестiгi;
24) өндiрiстiк объектiлердi еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау - өндiрiстiк объектiлердi, цехтарды, учаскелердi, жұмыс орындарын оларда орындалатын жұмыстардың қауiпсiздiгiнiң, зияндылығының, ауырлығының, қауырттылығының жай-күйiн, еңбек гигиенасын айқындау және өндiрiстiк орта жағдайларының еңбектiң қауiпсiз жағдайларына нормативтерiне сәйкестiгiн айқындау мақсатында оларды бағалау жөнiндегi қызмет;
25) өндiрiстiк процестiң қауiпсiздiгi - өндiрiстiк процестiң нормативтiк-техникалық құжаттамада белгiленген жағдайларда еңбек қауiпсiздiгiнiң талаптарына сәйкестiгi;
26) өндiрiстiк санитария - зиянды өндiрiстiк факторлардың қызметкерлерге әсерiн болғызбайтын немесе азайтатын санитарлық-гигиеналық, ұйымдастыру ic-шаралары мен техникалық құралдар жүйесi;
27) өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган - өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк саясатты берiлген өкiлеттiк шегiнде iске асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
28) ұжымдық қорғану құралдары - жұмыс iстейтiн екi және одан да көп адамды зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерiнен бiр мезгiлде қорғауға арналған техникалық құралдар.";
2) 5-баптың 1) тармақшасындағы ", мемлекеттiк стандарттарды, ережелердi, нормаларды" деген сөздер алып тасталсын;
3) 7-баптың 1-тармағындағы "сақтауға бағытталған" деген сөздерден кейiн "қауiпсiздiк талаптарынан," деген сөздермен толықтырылсын;
4) 8-бап мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
"6) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi.";
5) 9-бапта:
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"5) жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен қызметкерлерге сүт, емдiк-профилактикалық тамақтандыру рациондарын, арнайы киiм, арнайы аяқ киiм және басқа да жеке қорғану құралдарын беру нормаларын әзiрлейдi және бекiтедi;";
мынадай мазмұндағы 6-1), 13) тармақшалармен толықтырылсын:
"6-1) жұмыс берушiлердiң ұйымда еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы нұсқаулықтарды әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн белгiлейдi;";
"13) мемлекеттiк органдардың еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi қызметiн үйлестiредi.";
6) 10-баптың 7) тармақшасындағы "еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау нормативтерiн" деген сөздер "Қазақстан Республикасының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы заңнамасын" деген сөздермен ауыстырылсын;
7) 14-баптың 1-тармағындағы "еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау жөнiндегi мемлекеттiк стандарттар, ережелер талаптарына" деген сөздер "еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға" деген сөздермен ауыстырылсын;
8) 19-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) қызметкерлерден Қазақстан Республикасының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы заңнамасын және еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау жөнiндегi нұсқаулықтарды сақтауды талап етуге;";
9) 20-баптың 1-тармағының 5) тармақшасындағы "ережелер мен нормативтердiң талаптарына" деген сөздер "нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға" деген сөздермен ауыстырылсын;
10) 22-бап алып тасталсын;
11) мынадай мазмұндағы 22-1-баппен толықтырылсын:
"22-1-бап. Жұмыс орындарының қауiпсiздiк талаптары
1. Жұмыс орындары орналастырылған ғимараттар (құрылыстар) өзiнiң құрылысы бойынша функционалдық мақсатына және еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау талаптарына сәйкес келуге тиiс.
2. Жұмыс жабдығы оның осы түрiне белгiленген қауiпсiздiк нормаларына сәйкес келуге, оның тиiстi сақтандыру белгiлерi болуға және жұмыс орындарында қызметкерлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қоршаулармен немесе қорғаушы құрылғылармен қамтамасыз етiлуге тиiс.
3. Авариялық жолдар мен қызметкерлердiң үй-жайдан шығу жолдары бос болуға және қауiпсiз аймаққа шығаруға тиiс.
4. Жұмыс сипатына қарай қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн жұмыс орындары тәуекел дәрежесi ескерiле отырып, дәлме-дәл белгiленуге және оларға бөгде адамдардың кiруiн болғызбайтын (шектейтiн) құрылғылармен жарақтандырылуға тиiс.
Ұйым аумағында жаяу жүргiншiлер мен технологиялық көлiк құралдары қауiпсiз жағдайларда қозғалуға тиiс.
5. Қауiптi өндiрiстiк объектiлерде (учаскелерде), оның iшiнде биiктiкте, жерасты жағдайларында, ашық камераларда, теңiз қайраңдарында және iшкi су тоғандарында жұмыстар жүргiзуi үшiн қызметкерлердiң жеке қорғану құралдары болуға тиiс.
6. Жұмыс уақытында жұмыс орындары орналасқан үй-жайдағы температура, табиғи және жасанды жарық беру, сондай-ақ желдету қауiпсiз еңбек жағдайларына сәйкес болуға тиiс.
7. Жұмыскерлер зиянды еңбек жағдайлары бар (шаң-тозаңдалған, газдалған және басқа да факторлар) жұмысқа жұмыс берушi қауiпсiз еңбек жағдайларын қамтамасыз еткеннен кейiн жiберiледi.
8. Жұмыс орындарындағы шу және тербелiс деңгейi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарына сәйкес болуға тиiс.
9. Егер еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасының шарттары талап етсе, жұмыскерлерге демалыс бөлмесi немесе тиiстi демалу аймағы берiлуге тиiс.";
12) 23-бапта:
1-тармақтағы "Мемлекеттiк стандарттардың еңбектi қорғау жөнiндегi ережелер мен нормалардың, санитарлық, құрылыс ережелерi мен нормаларының" деген сөздер "Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң" деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтағы "еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарына, сондай-ақ санитарлық және құрылыс ережелерi мен нормаларының" деген сөздер "еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң" деген сөздермен ауыстырылсын;
5-тармақтың 2) тармақшасындағы "гигиеналық нормативтерге" деген сөздер "нормаларға" деген сөзбен ауыстырылсын;
13) мынадай мазмұндағы 23-1-баппен толықтырылсын:
"23-1-бап. Техникалық реттеу саласындағы қауiпсiздiк талаптары
Қауiпсiздiк талаптары адам өмiрi мен денсаулығы үшiн өнiмнiң өмiрлiк циклi процестерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында осы Заңның талаптарына сәйкес техникалық регламенттерде белгiленедi.".
29. "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., N 14, 81-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 15, 95-құжат):
1) 2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) абонент - байланыс қызметтерiн көрсету мақсаттары үшiн абоненттiк номер немесе бiрдейлендiрiлген код бөлiнген кезде осындай қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан байланыс қызметiн пайдаланушы;
2) абоненттер туралы қызметтiк ақпарат - абоненттер туралы мәлiметтер (телефон нөмiрлерi, электрондық почтаның мекен-жайы), биллингтiк мәлiметтер және абонентке көрсетiлетiн қызметтер туралы мәлiметтер;
3) арнаулы байланыс - почта байланысы ұйымдары жүзеге асыратын әрi заңмен қорғалатын кез келген құпия және құндылықтар, оның iшiнде қымбат бағалы металдар, тастар және олардан жасалған бұйымдар бар арнаулы және өзге де жөнелтiлiмдердi қабылдауды, сұрыптауды, сақтауды, тасымалдауды және жеткiзудi (тапсыруды) қамтамасыз ететiн курьерлiк байланыс түрi;
4) арнаулы және фельдъегерлiк байланыс арналары - арнаулы жөнелтiлiмдердi фельдъегерлердiң алып жүруiмен жөнелтуге пайдаланылатын почта желiлерiнiң, арнаулы және фельдъегерлiк байланыс бөлiмшелерiнiң жиынтығы;
5) арнаулы жөнелтiлiмдер - мемлекеттiк құпиялар және оларды жеткiзгiштер, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың аса маңызды хат-хабарлары, қорғаныс өнеркәсiбiнiң бұйымдары, олардың құраушы бөлшектерi (заттары) мен жүктерi салынған тiркелетiн пакеттер, посылкалар және металл бұйымдар;
6) әмбебап қызмет көрсету операторы - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес телекоммуникацияның әмбебап қызметiн көрсету жөнiндегi мiндет жүктелген, ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсiнде байланыс қызметiн көрсететiн байланыс операторы;
7) байланыс - ақпаратты, почта және арнаулы жөнелтiлiмдердi, почталық ақша аударымдарын қабылдау, жинау, өңдеу, жинақтау, беру (тасымалдау), жеткiзу, тарату;
8) байланыс желiсi - байланыс құралдары мен жолдарынан тұратын және телекоммуникацияға немесе почта байланысына арналған технологиялық жүйе;
9) байланыс желiсiн басқару - байланыс желiсiнiң қызмет iстеуiн қамтамасыз етуге, оның iшiнде жүктеме ағысын (трафиктi) реттеуге бағытталған ұйымдастыру-техникалық iс-шаралардың жиынтығы;
10) байланыс жолдары - тарату жолдары (кәбiлдiк, радиорелелiк, жерсерiктiк және басқалары), байланыстың физикалық тiзбектерi және жол-кәбiлдiк құрылғылары, оның iшiнде магистральдық (халықаралық және қалааралық) жолдар;
11) байланыс құралдары - телекоммуникация хабарламаларын не почта жөнелтiлiмдерiн түзу, өңдеу, беру немесе қабылдау үшiн пайдаланылатын техникалық және бағдарламалық құралдар;
12) байланыс қызметтерi - почта жөнелтiлiмдерi мен арнаулы жөнелтiлiмдердi, почталық ақша аударымдарын немесе телекоммуникация хабарламаларын қабылдау, сұрыптау, сақтау, беру, тасымалдау, жеткiзу жөнiндегi қызмет;
13) байланыс қызметтерiн көрсету - байланыс операторларының пайдаланушыларға байланыс қызметтерiн көрсетуге негiзделген қызметi;
14) байланыс қызметтерiн пайдаланушы - байланыс қызметiн алатын және немесе заңды тұлға;
15) байланыс операторы - байланыс қызметiн көрсетуге Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамалық актiсiнде белгiленген тәртiппен лицензия алған жеке немесе заңды тұлға;
16) байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъектiлер - байланыс операторлары, арнаулы, ведомстволық және корпорациялық телекоммуникация желiлерiнiң, ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсiне қосылатын жеке коммутациялық жабдықтың иелерi, радиожиiлiк спектрiн пайдаланушылар болып табылатын радиоэлектрондық құралдар иелерi;
17) байланыс саласындағы ұлттық ресурстар - радиожиiлiктердiң, нөмiрлеудiң және байланыс жерсерiктерi орбиталық позицияларының ресурстары;
18) байланыстың басым операторы - Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасына сәйкес байланыс саласында басым (монополиялық) жағдайға ие болып отырған байланыс операторы;
19) желiаралық қосу - телекоммуникацияның бiр желiсiн екiншiсiне қосу қызметiн көрсетудiң нәтижесi болып табылатын телекоммуникация желiлерiнiң әрекеттестiгi;
20) жергiлiктi телефондық қосылыс құнын уақытпен есепке алу жүйесi (бұдан әрi - жергiлiктi телефондық қосылысты уақытпен есепке алу) - телекоммуникацияның жергiлiктi желiсiнiң қызметiн пайдаланғаны үшiн төлем сомасын есептеудi қамтамасыз ететiн жергiлiктi телефондық қосылысты есепке алудың әдiстерi технологиясының жиынтығы;
21) жиiлiктер белдеуiн, радиожиiлiктi (радиожиiлiк арнасын) иелiкке беру (тағайындау) - радиожиiлiк спектрiн пайдалануға берiлетiн рұқсат, оны тиiстi радиожиiлiк органы радиожиiлiк спектрiн пайдаланушыға осы рұқсатта көрсетiлетiн жиiлiктер белдеуiн, радиожиiлiктi (радиожиiлiк арнасын) радиоэлектрондық құралдарды қолдана отырып пайдалану үшiн бередi;
22) жоғарғы жиiлiктi құрылғылар - телекоммуникация саласында қолдануды қоспағанда, өнеркәсiптiк, ғылыми, медициналық, тұрмыстық немесе басқа мақсаттарда электромагниттiк энергияны өндiруге және пайдалануға арналған жабдық және (немесе) аспаптар;
23) кәбiлдiк кәрiз - байланыс кәбiлдерiн төсеуге, құрастыруға және техникалық қызмет көрсетуге арналған жер асты құбырлары мен құдықтардың жиынтығы;
24) қалааралық байланыс операторы - қалааралық байланыс жолын, қалааралық коммутация станцияларын иеленетiн және (немесе) пайдаланатын әрi қалааралық телефон байланысы қызметiн көрсететiн тiркелген байланыс операторы;
25) қалааралық және халықаралық байланыс операторы - қалааралық және халықаралық байланыс жолдарын, қалааралық және халықаралық коммутация станцияларын иеленетiн және (немесе) пайдаланатын және трафик транзитi мен басқа байланыс операторларына желiлiк ресурстарды беру бойынша қалааралық және халықаралық байланыс қызметiн көрсететiн тiркелген байланыс операторы;
26) қалааралық телефон байланыс жолы - Қазақстан Республикасының аумағында байланыс операторының қалааралық коммутация станцияларын қосатын байланыс жолы;
27) қалааралық телефон байланысы - жергiлiктi телефондық қосылыстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы байланыс қызметiн пайдаланушылар арасындағы телефондық қосылыс;
28) қосу қызметiн көрсету - әрекеттес желiлердiң пайдаланушылары арасында қосуды орнату және ақпарат беру мүмкiн болатын, байланыс операторларының байланыс желiлерiнiң арасындағы әрекеттестiктi ұйымдастыру қажеттiлiгiн қанағаттандыруға бағытталған қызмет;
29) магистральдық байланыс жолы - Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердiң телекоммуникация желiлерiнiң аймақтық (қалааралық) және (немесе) халықаралық коммутация станцияларын қосатын жердегi (кәбiлдiк, соның iшiнде талшықты-оптикалық, радиорелелiк) немесе жерсерiктiк байланыс жолы;
30) нөмiрлеу ресурсы - байланыс желiлерiнде пайдаланылатын нөмiрлер жиынтығы;
31) почта байланысы - почталық және арнаулы жөнелтiлiмдердi түзу, өңдеу, тасымалдау және жеткiзу, сондай-ақ почталық ақша аударымдары;
32) почта жөнелтiлiмдерi - жазбаша хат-хабарлар, посылкалар, почта контейнерлерi, сондай-ақ тиiстi орамадағы баспасөз басылымдары;
33) радиобақылау - радиосәуле таратуларды техникалық бақылауды орындау арқылы бөгеуiлдерiнiң деңгейi жол берiлетiндей радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылардың пайдаланылуын, радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларға инспекция жасауды, радиобөгеуiл көздерiнiң әсерiн, радиожиiлiктердi пайдалану тәртiбiн, радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылардың сәуле тарату өлшемдерiнiң стандарттары мен нормаларын бұзылушылықтарды анықтауды және олардың жолын кесуді қамтамасыз ететiн шаралар жүйесi;
34) радиожиiлiк органдары - жиiлiктер белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) бөлiп берудi, бөлектеудi және иелiкке берудi, сондай-ақ олардың пайдаланылуына бақылау жасауды осы Заңға сәйкес жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттiк органдар;
35) радиожиiлiк спектрi - 3 кГц-тен 400 ГГц-ке дейiнгi ауқымдағы радиожиiлiктердiң белгiлi бiр жиынтығы;
36) радиожиiлiк спектрiн пайдаланушы - жиiлiктер белдеуi немесе радиожиiлiк (радиожиiлiк арнасы) берiлген (тағайындалған) жеке немесе заңды тұлға;
37) радиожиiлiк спектрiнiң конверсиясы - радиожиiлiк спектрiн пайдалануды азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдармен кеңейтуге бағытталған iс-шаралар жиынтығы;
38) радиоэлектрондық құрал - көмекшi жабдықты қоса алғанда, радиотолқындарды таратуға және (немесе) қабылдауға арналған және бiр немесе бiрнеше таратушы және (немесе) қабылдаушы құрылғылардан не олардың құрамаларынан тұратын техникалық құрал;
39) телекоммуникация желiлерiнiң күзетiлетiн аймағы - байланыс жолының бойында және байланыс объектiлерiнiң айналасына орналасқан, ондағы өсiмдiктерiмен және құрылыстарымен қоса жер учаскесi;
40) телекоммуникацияның (байланыс құралдарының) бiр желiсiн екiншiсiне қосу - телекоммуникацияның екi желiсi арасында технологиялық әрекеттесудi ұйымдастыру, бұл кезде осы желiлердiң байланыс қызметтерiн пайдаланушылар арасында қосуды iске асыру және ақпарат беру мүмкiн болады;
41) телекоммуникацияның әмбебап қызметтерi - уәкiлеттi орган әзiрлейтiн және Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн телекоммуникация қызметтерiнiң ең аз тiзбесi, оны кез келген елдi мекенде байланыс қызметiнiң кез келген пайдаланушысына белгiлi бiр мерзiмде белгiленген сапада және осы қызметтiң қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ететiн баға деңгейiнде көрсету әмбебап қызмет көрсету операторлары үшiн мiндеттi болып табылады;
42) телекоммуникацияның жергiлiктi желiсi - елдi мекеннiң аумағында электр байланысын жүзеге асыруға арналған, коммутациялық жабдықтардан (станциялардан, шағын станциялардан, жинақтағыштардан), желiлiк-кәбiлдiк құрылғылардан (қосқыш жолдардан және арналардан), тарату жүйелерi мен абоненттiк құрылғылардан (терминалдардан) тұратын техникалық құралдардың жиынтығы. Телекоммуникацияның жергiлiктi желiлерi елдi мекеннiң мәртебесiне қарай қалалық және селолық болып бөлiнедi;
43) телефондық қосылыс қызметiне уақытына қарай ақы төлеу жүйесi (бұдан әрi - қызметке уақытына қарай ақы төлеу жүйесi) - байланысты пайдаланушының белгiлi бiр уақыт кезеңi үшiн төлемдер сомасы:
тұрақты құрамдас бөлiктен - абоненттiк жолдың түрiне қарамастан, оның абонентке тұрақты пайдалануға берiлгенi үшiн төлемақыдан;
уақытына қарай құрамдас бөлiктен - жергiлiктi телефондық қосылыстардың берiлгенi үшiн тарифтеу бiрлiгiндегi iс жүзiндегi ұзақтығына байланысты төлемақыдан тұратын ақы төлеу жүйесi;
44) телефондық қосылыстар қызметiне ақы төлеудiң абоненттiк тiркелген жүйесi (бұдан әрi - қызметке ақы төлеудiң абоненттiк жүйесi) - байланысты пайдаланушының белгiлi бiр уақыт кезеңiндегi төлемдер сомасы абоненттiк желiнi оның түрiне қарамастан, абонентке тұрақты пайдалануға беру төлемақысын және жергiлiктi телефондық қосылыстың бiр абонентке шаққандағы орташа ұзақтығына қарай төлемақыны қамтитын, қызметке ақы төлеу жүйесі;
45) трансляция - телевизия және радио бағдарламаларын тарату үшiн таратушы радиоэлектрондық құралдарды, кәбiлдiк желiлер мен радиожиiлiк спектрiнiң номиналдарын пайдалана отырып, ақпарат тарату процесiн жүзеге асыру;
46) трафик - байланыс құралдарына жүктеме жасайтын шақырулар, хабарламалар мен сигналдар легi;
47) трафиктi өткiзу - байланыс қызметтерiн (телекоммуникация желiлерiн) пайдаланушылар арасында қосу және ақпарат беру процесiн жүзеге асыру;
48) уәкiлеттi орган - байланыс саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын, байланыс саласында қызмет көрсететiн немесе оларды пайдаланатын тұлғалардың қызметiн мемлекеттiк бақылауды, үйлестiру мен реттеудi жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын орталық атқарушы орган;
49) үкiметтiк байланыс - мемлекеттiк басқару қажеттерi үшiн арнаулы қорғалған байланыс;
50) фельдъегерлiк байланыс - мемлекеттiк органдардың хат-хабарларын, соның iшiнде мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қабылдауды, сақтауды, тасымалдауды және жеткiзудi қамтамасыз ететiн үкiметтiк курьерлiк байланыстың түрi;
51) халықаралық байланыс жолы - Қазақстан Республикасының шекарасын кесiп өтетiн немесе Қазақстан Республикасының шекарасында басқа елдiң байланыс операторының байланыс жолымен түйiсетiн нүктесi бар және Қазақстан Республикасы байланыс операторының халықаралық коммутация станциясын басқа мемлекеттердiң байланыс операторларының халықаралық коммутация станцияларымен қосатын байланыс жолы;
52) халықаралық байланыс операторы - халықаралық байланыс жолын, халықаралық коммутация станциясын иеленетiн және (немесе) пайдаланатын әрi халықаралық телефон байланысы қызметiн көрсететiн тiркелген байланыс операторы;
53) халықаралық телефон байланысы - Қазақстан Республикасының аумағындағы байланыс қызметiн пайдаланушылар мен басқа мемлекеттiң аумағындағы байланыс қызметiн пайдаланушылар арасындағы телефондық қосылыс;
54) шеткi жабдық - байланыс жолдары бойынша телекоммуникация сигналдарын таратуға немесе қабылдауға арналған, абонент жолдарына қосылған және абоненттердiң пайдалануындағы не көрсетiлген мақсаттарға арналған техникалық құралдар;
55) электр байланысы (телекоммуникация) - белгiлердi, сигналдарды, дауыстық ақпаратты, жазбаша мәтiндi, бейнелердi, дыбыстарды сым-өткiзгiш, радио, оптикалық және басқа электромагниттiк жүйелер бойынша тарату немесе қабылдау.";
2) 5-баптың 6) тармақшасы "байланыстың" деген сөзден кейiн "қауiпсiздiгiн," деген сөзбен толықтырылсын;
3) 7-бап мынадай мазмұндағы 14-1) тармақшамен толықтырылсын:
"14-1) байланыс саласындағы техникалық регламенттердi бекiту;";
4) 8-баптың 1-тармағында:
1) тармақшадағы "стандарттау, метрология және сертификаттау" деген сөздер "техникалық реттеу және метрология" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 19-1) тармақшамен толықтырылсын:
"19-1) байланыс саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеу;";
5) 9-баптың 2-тармағының 1) тармақшасындағы "жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi, мемлекеттiк стандарттарды, пайдалану ережелерiн және радиоэлектрондық құралдар мен жоғарғы жиiлiктi құрылғыларды пайдалану жөнiндегi басқа да нормативтiк-техникалық құжаттарды" деген сөздер ", радиоэлектрондық құралдар мен жоғарғы жиiлiктi құрылғыларды пайдалану жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi" деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 11-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
"6. Радиоэлектрондық құралдар және жоғары жиiлiктi құрылғылар келтiретiн индустриялық бөгеуiлдер деңгейi техникалық регламенттер мен радиоэлектрондық құралдардың және жоғары жиiлiктi құрылғылардың осы түрлерiне арналған стандарттау жөнiндегі нормативтiк құжаттарда белгiленген нормалардан аспауға тиiс.
Радиоэлектрондық құралдардың және жоғары жиiлiктi құрылғылардың индустриялық радиобөгеуiлдерден сыртқы қорғалуы техникалық регламенттер мен радиоэлектрондық құралдардың және жоғары жиiлiктi құрылғылардың осы түрлерiне арналған нормативтiк құжаттарда белгiленген нормалардан төмен болмауға тиiс.";
7) 12-баптың 7-тармағының 2) тармақшасындағы "және ұлттық стандарттарға" деген сөздер алып тасталсын;
8) 16-бапта:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"16-бап. Техникалық байланыс құралдарының сәйкестiгiн растау";
бiрiншi бөлiктегi "мiндеттi сертификатталуға" деген сөздер "сәйкестiгi расталуға" деген сөздермен ауыстырылсын;
екiншi бөлiк алып тасталсын.
30. "Iшкi су көлiгi туралы" 2004 жылғы 6 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., N 15, 88-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) айлақ - кемелердiң қауiпсiз кiруiне арналған құрылғылары бар және кемелердiң қауiпсiз тоқтап тұруына, оларға жүк тиеуге, жүк түсiруге және қызмет көрсетуге, сондай-ақ жолаушыларды кемеге отырғызуға және кемеден түсiруге арналған гидротехникалық құрылыс;
2) арқандап байлау - кеменiң айлаққа, пирске немесе басқа кемеге жақындап келуi және кеменi осыларға бекiту жөнiндегi iс-қимылдар;
3) дебаркадер - жолаушылар кемелерiн немесе жүк кемелерiн арқандап байлауға және оларға қызмет көрсетуге арналған жүзбелi айлақ;
4) диспаша - тасымалдауға қатысатын тараптар арасында жалпы авария бойынша бөлiнетiн шығындарының есебi;
5) диспашерлер - iшкi су көлiгi саласында бiлiмi мен тәжiрибесi бар, диспашаны айқындау жөнiндегi есептi жасайтын адамдар;
6) жағалау белдеуi - судың жиегiнен бастап өзеннiң, табиғи су-қоймасының (көлдiң) түпкi жағалауына қарай, жасанды су қоймалары суының жобалық деңгейiнен бастап енi 20 метр жер белдеуi;
7) жолаушы - тасымалдаушымен шарт қатынастарында тұрған және билетте немесе оның жол жүру құқығын растайтын өзге де құжатта көрсетiлген не жүк тасымалдау шарты бойынша, тасымалдаушының келiсiмiмен автокөлiк құралын, жануарларды және өзге де жүктi алып жүретiн адам;
8) жол жұмыстары - iшкi су жолдарындағы су түбiн тереңдету, түзеп-жөндеу, тральдау, су түбiн тазарту, iздестiру жұмыстары және навигациялық құрал-жабдықтарды орналастыру мен күтiп ұстау жөнiндегi басқа да жұмыстар;
9) жүзуге жарамдылығы туралы куәлiк - Кеме қатынасы тiркелiмiнiң ережелерiне сәйкес берiлетiн Кеме қатынасы тiркелiмiнiң негiзгi құжаттарының бiрi;
10) кеме - кеме қатынасы мақсатында пайдаланылатын өздiгiнен жүзетiн немесе өздiгiнен жүзбейтiн жүзбелi құрылғы, оның iшiнде "өзен-теңiз" суларында жүзетiн кеме, паром, су түбiн тереңдетушi және су түбiн тазартушы снарядтар, жүзбелi кран және басқа да осы сияқты техникалық құрылғылар;
11) кеме жолы - белгiлi бiр көлемдегi кемелердiң кедергiсiз жүзуiне жол берiлетiн шектерде жолдың бағыты мен шекараларын көрсететiн навигациялық жағдайдың белгiлерi қойылған iшкi су жолдарындағы су бетi;
12) кеме жүргiзу - iшкi су жолдарымен жүзудi жүзеге асыратын кеменi басқаруға байланысты қызмет;
13) кеме иесi - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кеменi өз атынан иелену және пайдалану құқығымен пайдаланатын тұлға;
14) кеме кiтабы - Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiне енбеген кемелер мен оларға құқықтар тiркелетiн құжат;
15) кеме қатынасы - iшкi су жолдарында жүктердi, жолаушылар мен олардың багаждарын, почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау, кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреуге, пайдалы қазбаларды iздеу, барлау және өндiру, балық аулау және өзге де кәсiпшiлiк, құрылыс, жол, гидротехникалық, су асты-техникалық және басқа осы сияқты жұмыстар, кемелердi лоцмандық алып өту, құтқару операциялары, су объектiлерiн қорғау, оларды ластану мен қоқыстанудан сақтау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру, суға батқан мүлiктi көтеру, санитарлық және басқа да бақылау, ғылыми зерттеулер жүргiзу, оқу, спорттық, мәдени және өзге де мақсаттар үшiн кемелердi пайдалануға байланысты қызмет;
16) Кеме қатынасының тiркелiмi - iшкi суларда жүзетiн кемелердi және "өзен-теңiз" суларында жүзетiн кемелердi сыныптайтын және олардың техникалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк мекеме;
17) кеме қатынасы шлюзi - кеменi судың бiр деңгейiнен екiншi деңгейiне көтеруге немесе түсiруге арналған гидротехникалық құрылыс;
18) кемелердi лоцмандық алып өту - кемелердiң iшкi су жолдарының аса күрделi учаскелерi бойынша қауiпсiз өтуiн қамтамасыз ететiн қызмет;
19) кеменiң меншiк иесi - кеменi және оған құқықтарды мемлекеттiк тiркеу ережелерiне сәйкес кеменiң меншiк иесi ретiнде тiркелген тұлға;
20) киль - кеменiң негiзгi ұзына бойы созылған элемент, ол кеменiң түбiн бойлай оның тұмсығынан артқы жағына дейiн тартылып, оны екi симметриялы бөлiкке бөледi;
21) көлiктiк жүкқұжат - тiкелей су және аралас қатынастарда жүк тасымалдау кезiнде ресiмделетiн тасымалдау құжаты;
22) куәландыру - кеменiң арналуы мен жiктелiмiнiң расталуын есепке ала отырып, оның жүзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған, техникалық регламенттерде және Кеме қатынасы тiркелiмiнiң ережелерiнде белгiленген талаптарға сәйкес кеменiң техникалық жай-күйiн анықтау мақсатында кеменi қарап шығу;
23) Қазақстан Республикасының iшкi су жолдары (бұдан әрi - iшкi су жолдары) - навигациялық белгiлермен немесе өзге де тәсiлдермен белгiленген және кеме қатынасы мақсатында пайдаланылатын табиғи немесе қолдан жасалған қатынас жолдары;
24) Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi (бұдан әрi - iшкi су көлiгi) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген және iшкi су жолдарында кеме қатынасы мен кеме қатынасына байланысты өзге де қызметтi жүзеге асыратын көлiк түрi;
25) қарап шығу - уәкiлеттi органның объектiнi қауiпсiз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестiгi мәнiне тексеруi;
26) қауiптi жүк - өзiнiң қасиеттерi мен ерекшелiктерiне қарай тасымалдау, тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу және сақтау кезiнде жарылыстың болуына, өрттiң шығуына немесе техникалық құралдардың, құрылғылардың, үйлердiң, құрылыстардың және ғимараттардың зақымдануына, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың өлiмiне, жарақаттануына немесе ауруға шалдығуына себеп болуы, қоршаған ортаға зиян келтiруi мүмкiн жүк;
27) лоцман - кеменi арқандап байлау, зәкiрге қою және оларды портта қайта орналастыру орнына қауiпсiз алып жүру саласындағы белгiлi бiр бiлiмi мен дағдысы бар маман;
28) Мемлекеттiк кеме тiзiлiмi - осы Заңның 26-бабының 5-тармағында белгiленген талаптарға сәйкес кемелер мен оларға құқықтар тiркелетiн құжат;
29) мемлекеттiк көлiктiк бақылау (бұдан әрi - көлiктiк бақылау) - жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңнамасының талаптарын сақтауын тексеру мақсатында уәкiлеттi орган жүргізетiн iс-шаралардың жиынтығы;
30) навигация - кеме қатынасын жасау мүмкiн болатын уақыт кезеңi;
31) "өзен-теңiз" суларында жүзетiн кеме - техникалық сипаттамалары бойынша теңiз және iшкi су жолдарында кеме қатынасы мақсатында жарамды әрi белгiленген тәртiппен пайдалануға жiберiлген кеме;
32) порт - жолаушылар мен кемелерге қызмет көрсету, жүктердi тиеу, түсiру, қабылдау, сақтау және беру, көлiктiң басқа да түрлерiмен өзара iс-қимыл жасасу мақсатында жайластырылған және жабдықталған жер учаскесiнде және iшкi су жолдары акваториясында орналасқан құрылыстар кешенi;
33) порт акваториясы - кемелер мен құрамдар жүгiнiң өңделуiн немесе рейске жөнелтудi күтiп тұратын, сондай-ақ қажеттi операциялар орындалатын айлаққа және рейдтер құрылғысына кемелердiң келуi мен онда тұруы үшiн қызмет ететiн су бетiнiң шектеулi учаскесi;
34) рейдтер - кемелердiң зәкiр салып тұруына, маневр жасауына немесе жүктердi қайта тиеуге арналған кеме жолы шегiнен тыс порт акваториясының бөлiгi;
35) рейс - белгiлi бiр уақыт аралығында географиялық пункттер немесе аудандар арасында жолаушыларды немесе жүктердi тасымалдаудың көлiктiк процесi;
36) такелаж - жүк көтеру жұмыстарына, тулар мен белгiлердi көтеруге және түсiруге арналған кеме жабдықтарының жиынтығы;
37) тасымалдаушы - кеменi меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздермен иеленушi, жолаушыларды, багаж бен жүктердi тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсететiн және тасымал құжаттарында көрсетiлген тұлға;
38) тез бүлiнетiн жүк - жарамдылық мерзiмi шектеулi және тасымалдау мен сақтаудың ерекше шарттарын қажет ететiн жүк;
39) тексеру - кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңнамасының талаптарын сақтауын айқындау мақсатында жасайтын бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың iс-әрекетi;
40) теңiзшi паспорты - шетелдерге жүзетiн қазақстандық кемелерде немесе шетелдiк кемелерде жұмыс iстейтiн Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжат;
41) техникалық қадағалау - Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу және iшкi су көлiгi туралы заңнамасының сақталуын кезең-кезеңмен тексерудi қамтитын кемелердiң техникалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған сыныптау қызметiнiң құрамдас бөлiгi;
42) тұру пунктi - кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн жөндеу, олардың жылдың жазғы және қысқы мезгiлiнде тұруы, оларды техникалық байқаудан өткiзу мақсатында жайластырылған және жабдықталған жер учаскесi мен су бетi объектiсiнiң акваториясы;
43) уәкiлеттi орган - iшкi су көлiгi саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды, мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды, iшкi су көлiгi қызметiн үйлестiру мен реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
44) уәкiлеттi органның кәсiпорны - қызмет көрсететiн шекаралар шегiнде кемелердiң қауiпсiз жүзуiн қамтамасыз ету мақсатында iшкi су жолдарын тиiсiнше күтiп ұстау мен дамыту үшiн өндiрiстiк қызметтi жүзеге асыру негiзгi мiндетi болып табылатын iшкi су көлiгiнiң мемлекеттiк кәсiпорны.";
2) 6-бап мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
"1-1) iшкi су көлiгiнiң және оның өмiрлiк циклi процестерiнiң адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;";
3) 7-баптың 1-тармағындағы "жекелеген қызмет" деген сөздер "техникалық реттеу қызметiнiң жекелеген" деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 8-бап мынадай мазмұндағы 15-1) тармақшамен толықтырылсын:
"15-1) iшкi су көлiгi саласындағы техникалық регламенттердi бекiту;";
5) 9-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 27-1) тармақшамен толықтырылсын:
"27-1) iшкi су көлiгi саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеу;";
6) 14-баптың 2-тармағындағы "мемлекеттiк стандарттар" деген сөздер "iшкi су көлiгi саласындағы техникалық регламенттердiң" деген сөздермен ауыстырылсын;
7) 15-бапта:
1-тармақтың 1) тармақшасындағы "кеме қатынасы қауiпсiздiгiн" деген сөздер "iшкi су көлiгi саласындағы қауiпсiздiктi" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
"7. Кеме жасау өнiмдерiн шығару және кемелердi жөндеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларда Кеме қатынасы тiркелiмi беретiн сәйкестiк құжаты болуға тиiс.";
8) мынадай мазмұндағы 15-1, 15-2, 15-3 және 15-4-баптармен толықтырылсын:
"15-1-бап. Iшкi су көлiгi саласындағы техникалық реттеу
1. Iшкi су көлiгi саласындағы қызметтi iске асыратын жеке және заңды тұлғалар адам өмiрi мен денсаулығы, жолаушылардың жол жүруi үшiн қауiпсiз жағдайларды, сондай-ақ кеме қатынасы қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Кеме қатынасының қауiпсiздiгi адам өмiрi мен денсаулығын, қоршаған ортаны қорғауға, ішкі су көлiгi саласында авариясыз жұмыс жағдайларын жасауға, iшкi су жолдарын кеме қатынасы жағдайында, кемелердi, порттарды, жағалау объектiлерiн және iшкi су жолдарындағы құрылыстарды техникалық жағынан жарамды жағдайда ұстауға, сонымен қатар кемелердегi авариялардың алдын алуға бағытталған ұйымдық және техникалық iс-шаралар кешенiмен қамтамасыз етiледi.
Мыналар:
1) iшкi су жолдарындағы iшкi су көлiгiнiң кемелерi, порттар, жағалаудағы объектiлер және құрылыстар;
2) iшкi су көлiгi кемелерiн жасау, порттарды, iшкi су жолдарында жағалау объектiлерi мен құрылыстарды салу (құрылыс жүргiзу, жөндеу, қайта жаңарту);
3) iшкi су көлiгi кемелерiн, порттарды, iшкi су жолдарында жағалау объектiлерi мен құрылыстарды пайдалану;
4) iшкi су көлiгi кемелерiн сақтау;
5) iшкi су көлiгi кемелерiн тасымалдау және тiркеп тарту;
6) iшкi су көлiгi кемелерiн жою және кәдеге жарату техникалық реттеу объектiлерi болып табылады.
15-2-бап. Iшкi су жолдарындағы iшкi су көлiгiнiң кемелерiне,
порттарға, жағалаудағы объектiлер мен құрылыстарға
қойылатын қауiпсiздiк талаптары
1. Қауiптi жүктердi жөнелтетiн жөнелтушi (жүк жөнелтушi), қабылдайтын алушы (жүк алушы), сондай-ақ қауiптi жүктердi тасымалдайтын тасымалдаушы олардың қауiпсiз тасымалдануын қамтамасыз етуге мiндеттi, оларда авариялық жағдайларды және олардың салдарын жоюға қажеттi құралдар мен жұмылдыру бөлiмшелерi (оның iшiнде шарт бойынша) болуға тиiс.
2. Қауiптi жүктердi тасымалдау процесiнде авариялық жағдайлар туындаған кезде жағдайда қауiптi жүктi жөнелтетiн жөнелтушi (жүк жөнелтушi), қабылдайтын алушы (жүк алушы) аталған бөлiмшелердiң оқиға орнына жедел түрде жiберiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
15-3-бап. Iшкi су жолдарындағы iшкi су көлiгi кемелерiн
жасау, порттарды, жағалаудағы объектiлер мен
құрылыстарды салу (құрылыс жүргiзу, жөндеу, қайта
жаңарту) кезiнде қойылатын қауiпсiздiк талаптары
1. Iшкi су жолдарындағы iшкi су көлiгi кемелерiн жасау, порттарды, жағалаудағы объектiлер мен құрылыстарды салу (құрылыс жүргiзу, жөндеу, қайта жаңарту) кезiнде жобалық құжаттама мен Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңнамасының талаптарына сәйкестiгiн қамтамасыз ету қажет.
2. Iшкi су жолдарындағы iшкi су көлiгi кемелерiн жасау, порттарды, жағалаудағы объектiлер мен құрылыстарды салу (құрылыс жүргiзу, жөндеу, қайта жаңарту) кезiнде дайындаушы жобалық құжаттамада айқындалған қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралардың бүкiл кешенiн орындауға және iшкi су көлiгiнiң қауiпсiздiгiне байланысты барлық технологиялық операциялардың орындалуын бақылау мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Егер iшкi су жолдарындағы iшкi су көлiгi кемелерiн жасау, порттарды, жағалаудағы объектiлер мен құрылыстарды дайындау процессiнде немесе одан кейiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн сынақтар жүргiзу қажет болса, онда олар жобалық құжаттаманың барлық талаптары орындала отырып, толық көлемде жүргiзiлуге тиiс.
4. Әрбiр кемеде корпусына жазылатын сәйкестендiру нөмiрi таңбалануға тиiс. Таңбалау көрiнетiн, анық және өшiрiлмейтiн болуға тиiс.
5. Кеме адамдардың борт жиегiнен құлау тәуекелiн мейлiнше төмендететiндей етiп әзiрленуге және борт сыртында қалғандарды құтқаруды қамтамасыз етуге тиiс.
6. Негiзгi рульдiк басқару орны айнала шолуды қамтамасыз етуге тиiс.
7. Кеме пайдалану жөнiндегi нұсқаумен жабдықталуға, онда өрт және су басу қатерiне баса назар аударылуға тиiс.
15-4-бап. Iшкi су көлiгi жолдарындағы iшкi су көлiгi
кемелерiн, порттарды, жағалаудағы объектiлер мен
құрылыстарды пайдалану кезiндегi қауiпсiздiк
талаптары
1. Кеме қатынасы процесiмен байланысты iшкi суда жүзетiн кемелер, iшкi су жолдарындағы порттар, жағалаудағы oбъектiлер және құрылыстар қауiптiлiгi жоғары аймақ болып табылады және Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиiс.
2. Iшкi суда жүзетiн кемелердi, iшкi су жолдарындағы порттарды, жағалаудағы объектiлер мен құрылыстарды пайдалануды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге тиiс.".
31. "Дәрiлiк заттар туралы" 2004 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., N 2, 8-құжат; N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 15, 92-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) биологиялық белсендi заттар - жануарлар мен адам ағзасының физиологиялық функцияларының өзгеруiне әкелетiн және дәрiлiк заттар алудың ықтимал көздерi болып табылатын әртүрлi тектегi заттар;
2) биоэквиваленттiк - олардың бiрдей тиiмдiлiгi мен қауiпсiздiгiне сенiм артуға мүмкiндiк беретiн, бiрдей дозада және бiрдей жағдайда енгiзгеннен кейiн бiрдей биожетiмдiлiгiн (жылдамдығы мен сiңiрiлу дәрежесiн) растайтын екi дәрiлiк заттың салыстырмалы сипаттамасы;
3) гомеопатикалық дәрiлiк заттар - дәстүрлi емес емдеу әдiстерi кезiнде гомеопатикалық ережелер бойынша қолданылатын, арнаулы технология бойынша дайындалған немесе өндiрiлген, құрамында өсiмдiк, жануар, минерал тектi заттардың мөлшерi тым аз, бiр немесе көп құрамдас дәрiлiк заттар;
4) дәрiлiк заттар - аурулардың алдын алуға, оларды диагностикалауға және емдеуге, сондай-ақ ағзасының күйi мен функцияларының өзгеруiне арналған фармакологиялық белсендi заттарды бiлдiретiн немесе олардан тұратын құралдар: дәрiлiк зат, дәрiлiк субстанция, табиғи тектi дәрiлiк шикiзат, дәрiлiк ангро - және балк өнiмдерi, дәрiлiк препараттар, иммунобиологиялық медициналық препараттар.
Аурулардың диагностикасы, алдын алу және емдеу мақсатында пайдаланылатын парафармацевтикалар, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдар (көзге салынатын және оны түзейтiн линзалар, керек-жарақтар және материалдар, бұйымдар, құрал-саймандар, құрылғылар, аспаптар, аппаратура) дәрiлiк заттарға теңестiрiледi;
5) дәрiлiк заттар айналымы саласындағы мемлекеттiк бақылау - фармацевтикалық қызметтi регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердiң бұзылуын анықтауға әрi жолын кесуге және фармацевтикалық қызметтi Қазақстан Республикасының дәрiлiк заттар туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келтiруге бағытталған iс-қимылдар кешенi;
6) дәрiлiк заттар айналымы саласындағы субъектiлер - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;
7) дәрiлiк заттарды орау - дәрiлiк заттар айналымы процесiн, оларды бұзылу мен жойылудан қорғау жолымен, сондай-ақ қоршаған ортаны ластанудан қорғауды қамтамасыз ететiн құралдар немесе құралдар жиынтығы;
8) дәрiлiк заттарды дайындау - дәрiгерлердiң рецептiлерi бойынша дәрiханаларда дәрiлiк түрлердi дайындаумен, сондай-ақ дәрiлiк субстанциялар алумен, дайындалған дәрiлiк заттарды сақтаумен, сапасын бақылаумен, ресiмдеумен және өткiзумен байланысты фармацевтикалық қызмет;
9) дәрiлiк заттарды жiктеу - физикалық-химиялық, уыттылық, фармакологиялық немесе өзге де теңдес қасиеттерi бойынша дәрiлiк заттарды жекелеген топтарға жүйелеу немесе бөлу;
10) дәрiлiк заттарды сақтау мерзiмi - дәрiлiк заттар сақталудың белгiлi бiр шарттары жағдайында талдамалық нормативтiк құжаттама талаптарына сәйкес келетiн уақыт кезеңi;
11) дәрiлiк заттарды сертификаттау - дайындаушыға (сатушыға) және тұтынушыға (сатып алушыға) тәуелдi болмайтын органның дәрiлiк заттардың нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiн жазбаша растауы;
12) дәрiлiк заттардың айналымы саласындағы мемлекеттiк орган (бұдан әрi - мемлекеттiк орган) - денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi шегiнде атқару, бақылау және қадағалау функцияларын, сондай-ақ дәрiлiк заттар айналымы саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын мемлекеттiк орган;
13) дәрiлiк заттардың бөлшек саудасы - мемлекеттiк орган бекiткен ережелерге сәйкес жүзеге асырылатын, дәрiлiк заттарды алумен (әкелуден басқа), сақтаумен, бөлумен, халыққа өткiзумен (әкетуден басқа) байланысты фармацевтикалық қызмет;
14) дәрiлiк заттардың жарамдылық мерзiмi - уақыты бiткеннен кейiн дәрiлiк заттарды қолдануға болмайтын күнi;
15) дәрiлiк заттардың көтерме саудасы - көлемi шектелмей, мемлекеттiк орган бекiткен ережелерге сәйкес жүзеге асырылатын, дәрiлiк заттарды сатып алумен, сақтаумен, әкелумен, әкетумен және өткiзумен (дәрiлiк заттарды халыққа өткiзудi қоспағанда) байланысты фармацевтикалық қызмет;
16) дәрiлiк заттардың қауiпсiздiгi - адам денсаулығына зиян келтiру мүмкiндiгiне байланысты жол беруге болмайтын тәуекелдiң жоқтығы;
17) дәрiлiк заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы - қауiпсiз, тиiмдi және сапалы дәрiлiк заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы әзiрлеушiден және (немесе) өндiрушiден тұтынушыға дейiн жеткiзу процесiнде жүзеге асырылатын қызмет;
18) Дәрiлiк заттардың мемлекеттiк тiзiлiмi - Қазақстан Республикасында тiркелген және медициналық қолдануға рұқсат етiлген дәрiлiк заттарды есепке алу құжаты;
19) дәрiлiк заттардың саудалық атауы - дәрiлiк зат тiркелетiн патенттелген атау;
20) дәрiлiк заттар өндiрiсi - шикiзат, материалдар және жартылай фабрикаттар сатып алумен, технологиялық процеспен, соның iшiнде оның сатыларының бiрiнде жүзеге асырумен - өндiрiлген өнiмдi сақтаумен, өткiзумен, сондай-ақ оларды бақылаумен қатар жүретiн барлық түрлерiмен байланысты, дәрiлiк заттарды топтап шығару үшiн қажеттi жұмыстардың бүкiл жиынтығын қамтитын фармацевтикалық қызмет;
21) дәрiлiк затты жасаушы - дәрiлiк затқа құқығы Қазақстан Республикасының патенттiк заңнамасына сәйкес қорғау құжаттарымен қорғалған жаңа дәрiлiк зат жасаушы жеке немесе заңды тұлға;
22) дәрiлiк затты мемлекеттiк тiркеу - дәрiлiк заттың фармацевтика нарығында болу қажеттiгiн, оның қауiпсiздiгiнiң, тиiмдiлiгi мен сапасының бағалануын айқындау рәсiмi және дәрiлiк затты белгiлi бiр мерзiмге Қазақстан Республикасы Дәрiлiк заттарының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзу;
23) дәрiлiк заттың балк-өнiмi - соңғы ораудан басқа, дәрiлiк препарат дайындаудың технологиялық процесiнiң барлық сатысынан өткен мөлшерленген дәрiлiк зат;
24) дәрiлiк заттың сапасы - дәрiлiк заттың мақсаты бойынша әрекет етушi қабiлетiне әсер ететiн қасиеттерi мен сипаттамаларының жиынтығы;
25) дәрiлiк заттың сараптамасы - физикалық-химиялық, клиникаға дейiнгi сынаулар, клиникалық зерттеулер өткiзу жолымен дәрiлiк затты қауiпсiздiгi, тиiмдiлiгi және сапасы тұрғысынан зерттеу немесе сынау, сондай-ақ уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен тiркеуге ұсынылған дәрiлiк заттың нормативтiк құжаттарын зерделеу;
26) дәрiлiк заттың сәйкестiк сертификаты - бiрдейлендiрiлген дәрiлiк заттың техникалық регламенттер, стандарттар немесе өзге де нормативтiк құжаттар талаптарына сәйкес келетiндiгiн көрсететiн, белгiленген нысандағы құжат;
27) дәрiлiк заттың тиiмдiлiгi - аурудың клиникалық көрiнiстерiне (дерттi жай-күйiне) және себептерiне дәрiлiк заттың әсер ету деңгейiнiң сипаттамасы;
28) дәрiлiк заттың халықаралық патенттелмеген атауы - Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы ұсынған дәрiлiк заттың атауы;
29) дәрiлiк өсiмдiк шикiзаты - құрамында биологиялық белсендi заттар бар және дәрiлiк зат ретiнде, сондай-ақ дәрiлiк заттарды өндiру және дайындау үшiн пайдаланылатын өсiмдiктердiң бөлiктерi (тамырлары, түп тамырлары мен түбiрлерi, шөбi, гүлдерi, жемiсi мен тұқымдары, сабақтары, қабығы, жапырақтары);
30) дәрiлiк препарат - белгiлi бiр дәрiлiк түрдегi дәрiлiк зат;
31) дәрiлiк субстанция - дәрiлiк препараттарды өндiру үшiн пайдаланылатын дәрiлiк заттар;
32) дәрiлiк түр - дәрiлiк заттың қолайлы қолданылуына және қажеттi емдiк әрi алдын алу әсерiне жетуi үшiн келтiрiлетiн белгiлi бiр жай-күйi;
33) дәрiлiк формуляр - денсаулық сақтау ұйымының басшысы бекiтетiн, тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсету үшiн дәрiлiк заттардың жеткiлiктi мөлшерi болуға мiндеттi ұйымның бейiнi ескерiле отырып қалыптастырылған дәрiлiк заттардың тiзбесi;
34) дәрiхана, алғашқы медициналық-санитарлық, консультациялық-диагностикалық көмек көрсететiн мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәрiхана пунктi, дәрiхана қоймасы, дәрiлiк заттарды уақытша сақтау қоймасы, оптика дүкенi, медициналық техника және медициналық мақсаттағы бұйымдар дүкенi, медицина техникасы және медициналық мақсаттағы бұйымдар қоймасы, дәрiлiк заттарды сертификаттау және сынау жөнiндегi зертханалар, дәрiлiк заттар өндiру жөнiндегi ұйымдар - фармацевтикалық қызмет объектiлерi;
35) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық бiлiм, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, дәрiлiк заттар айналымы, медициналық қызметтер көрсетудiң сапасын бақылау саласындағы мемлекеттiк реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
36) жалған дәрiлiк зат - құрамы, қасиеттерi және басқа да сипаттамалары бойынша түпнұсқаға немесе дайындаушының қайта өндiрiлген дәрiлiк затына (генерикке) сәйкес келмейтiн, заңға қайшы және әдейi қолдан жасалған этикеткамен жабдықталған дәрiлiк зат;
37) жаңа дәрiлiк зат - мемлекеттiк тiркеуден кейiн медициналық қолдануға және өндiруге алғаш рет рұқсат етiлген дәрiлiк зат;
38) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк фармакопеясы - дәрiлiк заттардың сапасы мен қауiпсiздiгiн нормалайтын мемлекеттiк стандарттар мен ережелер жинағы;
39) қайта өндiрiлген дәрiлiк зат (генерик) - құрамы мен сапалық көрсеткiштерi, қауiпсiздiгi мен тиiмдiлiгi жөнiнен бiрегей дәрiлiк затпен бiрдей және бiрегей дәрiлiк затқа қорғау құжаттарының қолданылу мерзiмi өткеннен кейiн айналымға түскен дәрiлiк зат;
40) қосалқы заттар - өндiру мен дайындау процесiнде дәрiлiк түрлердiң нақты қасиеттерiне қол жеткiзу үшiн қажеттi органикалық немесе органикалық емес болмыстағы заттар;
41) медициналық жабдықтар - емдеу, диагностикалау және қалпына келтiру ic-шараларында, сондай-ақ науқасты күту кезiнде пациентке және медициналық қызметкерге қажеттi жағдайларды қамтамасыз етуге арналған медициналық техника;
42) медициналық иммунобиологиялық препараттар - жұқпалы және иммундық (аллергиялықты қоса алғанда) аурулардың өзiндiк профилактикасына, оларды диагностикалау мен емдеуге, иммунологиялық әдiстердiң көмегiмен басқа да аурулар мен физиологиялық жай-күйлердi диагностикалауға арналған, сыртқы орта объектiлерiнде инфекциялық агенттер мен олардың антигендерiн индикациялауға арналған препараттары, иммундық жүйе арқылы емдiк әрi профилактикалық әсерiн тигiзетiн (алу тәсiлiне қарамастан) қан препараттары;
43) медициналық құралдар мен аппараттар - диагностикалау, емдеу, алдын алу, қалпына келтiру және ғылыми мақсаттармен адам ағзасының жай-күйi туралы ұқсас және (немесе) цифрлық түрдегi ақпарат алуға, жинауға, талдауға және көрсетуге, мүшелердiң, сондай-ақ жүйелердiң бөлек немесе өзара үйлескен функцияларын түзетуге арналған медициналық техника;
44) медициналық құрылғылар - мынадай:
ағзаның белгiлi бiр функционалдық жүйесiне немесе мүшесiне (мүшелер тобына) тұтастай немесе таңдап ықпал етуге арналған қандай да бiр түрiнiң энергиясын генерациялайтын;
адам мүшесi мен тiнiне механикалық ықпал етуге арналған аспаптарды iске қосатын;
ағзаның белгiлi бiр функцияларын аурулардың алдын алу, оларды диагностикалау, емдеу, қалпына келтiру, сондай-ақ оларды түзету мақсатымен белгiлi бiр уақыт iшiнде өзгертетiн немесе қолдайтын медициналық техника;
45) медициналық мақсаттағы бұйымдар - профилактикалық, диагностикалық және емдеу iс-шараларын жүргiзу үшiн пайдаланылатын бұйымдар мен материалдар: медициналық құрал-саймандар, стоматологиялық, шығындық, таңу және тiгiн материалдары, бекiтетiн таңғыштар мен құралдар, көзге салынатын және көру қабiлетiн түзейтiн линзалар, диагностикалық реагенттер;
46) медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медициналық техниканың тиiмдiлiгi - профилактикалық, диагностикалық және (немесе) емдiк әсер жетiстiгiн қамтамасыз ететiн сипаттамалар жиынтығы;
47) медициналық техника - аурулардың профилактикалық, диагностикалау, емдеу, медициналық сауықтыру, медициналық сипаттағы ғылыми зерттеулер үшiн жекелеген, кешендi немесе жүйелi түрде медициналық мақсатта қолданылатын аппараттар, жабдықтар, аспаптар, құрылғылар, соның iшiнде сериямен өндiрiлетiн протездер мен импланттар;
48) медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қауiпсiздiк сыныбы - бұйымдарды пайдаланатын пациенттердiң, қызметкердiң және өзге де адамдардың денсаулығына зиян тигiзетiн ықтимал қауiп-қатер деңгейiне байланысты белгiлi бiр сыныпқа жатқызылған медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың жиынтығы;
49) негiзгi (өмiрлiк маңызы бар) дәрiлiк заттар - нормативтiк құжаттар талаптарына сай келетiн, қауiпсiздiгi мен тиiмдiлiгi бойынша қолданыстағы ұқсастарының алдында басымдықтары бар, ауруларды емдеу кезiнде мейлiнше жиi қолданылатын дәрiлiк заттар;
50) парафармацевтиктер - құрамында емдiк мөлшердегi дәрiлiк заттар бар биологиялық белсендi қоспалар;
51) патенттелген дәрiлiк заттар - пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының патенттiк заңнамасымен қорғалатын бiрегей дәрiлiк заттар;
52) серия - бiр технологиялық цикл нәтижесiнде алынған бiр тектi дәрiлiк заттың белгiлi бiр саны;
53) серия нөмiрi - өндiрiстiк және бақылау операцияларының серияны өзiндiк түрде сәйкестендiруге және толық тiзбектiлiгiн анықтауға мүмкiндiк беретiн цифрлық, әрiптiк немесе әрiптiк-цифрлық белгiлеу;
54) фармакологиялық зат - өзiндiк белгiленген фармакологиялық белсендiлiгi бар, клиникалық сынаулар объектiсi болып табылатын биологиялық белсендi зат немесе биологиялық белсендi заттар қоспасы;
55) фармакопеялық құжат - дәрiлiк заттарға, оларды сынау көрсеткiштерi мен әдiстерiне қойылатын талаптардың кешенiн белгiлейтiн құжат;
56) фармацевтикалық қызмет - денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылатын, дәрiлiк заттардың қауiпсiздiгiн, тиiмдiлiгi мен сапасын қамтамасыз етудi, дәрiлiк заттардың өндiрiсiн, жасалуын, жойылуын және өткiзiлуiн (бөлiнуiн) қамтитын қызмет;
57) фармацевтикалық тексеру актiсi - дәрiлiк заттар айналымы саласындағы субъект қызметiнiң Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестiгiн немесе сәйкес еместiгiн тексеру нәтижелерi бойынша мемлекеттiк органның немесе оның аумақтық бөлiмшелерiнiң лауазымды адамы жасайтын құжат.";
2) 4-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) дәрiлiк заттар айналымы саласындағы техникалық реттеу;";
3) 5-бап мынадай редакциядағы 10) тармақшамен толықтырылсын:
"10) дәрiлiк заттар айналымы саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi.";
4) 6-бапта:
13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"13) тиiмдiлiгiне, қауiпсiздiгi мен сапасына сараптама жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының аумағында айналымда жүрген дәрiлiк заттарды алып қою ережесiн әзiрлейдi және бекiтедi;";
мынадай мазмұндағы 21) тармақшамен толықтырылсын:
"21) дәрiлiк заттар айналымы саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлейдi.";
5) 13-бапта:
1-тармақтағы "мiндеттi сертификаттауға" деген сөздер "сәйкестiгiн мiндеттi растауға" деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтағы "сертификаттауды" деген сөз "сәйкестiгiн растауды" деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 22-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Дәрiлiк заттар өндiрудi техникалық регламенттерге және оларды өндiрудi стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарға сәйкес дәрiлiк заттарды өндiру құқығына лицензия алған дәрiлiк заттар айналымы саласындағы субъектiлер жүзеге асырады.
7) 23-бапта:
1-тармақ "қарiптермен" деген сөзден кейiн "мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде" деген сөздермен толықтырылсын;
4-тармақтағы "тәртiбiн мемлекеттiк орган айқындайды" деген сөздер "тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады" деген сөздермен ауыстырылсын;
8) 24-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Дәрiлiк заттар айналымға мемлекеттiк орган бекiткен, мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылған медициналық қолдану жөнiндегi нұсқаулығымен бiрге түсуге тиiс.
Медициналық қолдану жөнiндегi нұсқаулықтың мәтiнiн жасау тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.";
9) 27-баптың 1-тармағының екiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:
"Дәрiлiк заттарды уақытша сақтау қоймасында техникалық регламенттермен белгiленген дәрiлiк заттарды сақтауға қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз ететiн үй-жайлар, алаңдар, арнайы жабдықтар, жиhаздар, мүкәммал, өртке қарсы жабдықтар, құралдар болуға, сондай-ақ уәкiлеттi органның берген рұқсаты болуға тиiс.";
10) 31-баптағы ", Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттiк тiркеуден өтпеген" деген сөздер "мемлекеттiк тiркеуден өтпеген, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтiн" деген сөздермен ауыстырылсын;
11) мынадай мазмұндағы 5-1-тараумен толықтырылсын:
"5-1-тарау. Медициналық техника мен медициналық мақсаттағы
бұйымдарға қойылатын қауiпсiздiктiң жалпы
талаптары
32-1-бап. Медициналық техника мен медициналық мақсаттағы
бұйымдарды мемлекеттiк тiркеу, қайта тiркеу және
олардың тiркеу деректерiне өзгерiстер енгiзу
Осы Заңның 28-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркеуден, қайта тiркеуден өтпеген медициналық техниканың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың айналымына тыйым салынады.
32-2-бап. Медициналық техника мен медициналық мақсаттағы
бұйымдардың айналымына тыйым салу немесе оны
тоқтата тұру
Уәкiлеттi орган мынадай себептердiң негiзiнде:
1) медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдар дәрiлiк заттар айналымы саласындағы техникалық регламенттерге сәйкес келмесе;
2) медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды қолдану процесiнде конструкциясының ақауы, оларды қолдану қауiпсiздiгiне ықпал ете алатын әрекет ету тетiктерi, өндiрiстiк орындау анықталса;
3) пациенттiң өмiрi мен денсаулығына зиян тигiзу мүмкiндiгi немесе оларды пайдаланудың тиiмсiздiгi туралы алынған деректердi зерттеу, талдау және бағалау негiзiнде;
4) медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы қолдану қауiпсiздiгiне ықпал ете алатын, өндiрiстiң бекiтiлген технологиялық процесiн бұзу анықталса, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың айналымына тыйым салуы немесе оны тоқтата тұруы мүмкiн.
32-3-бап. Медициналық техника мен медициналық мақсаттағы
бұйымдардың қауiпсiздiгiн жiктеу және қайта жiктеу
1. Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдар бұйымды пайдаланатын пациенттердiң, қызметкерлердiң және өзге де тұлғалардың денсаулығына ықтимал тәуекелдiң зиян келтiру дәрежесiне қарай қауiпсiздiк сыныптарына бөлiнедi.
Қауiпсiздiк сыныптарының әрқайсысы медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың топтары мен типтерiн қамтиды.
2. Медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қауiпсiздiгiн жiктеу ережелерiн уәкiлеттi орган әзiрлейдi.
3. Өндiрушi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қауiпсiздiк сыныбына жатқызылуын өзi дербес анықтайды.
4. Егер тiркелген медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қауiпсiздiк сыныбын қайта анықтауға негiздер пайда болса, өндiрушiнiң мемлекеттiк тiркеуден кейiн кемiнде екi жыл өткен соң қайта жiктеу рәсiмiн жүргiзуге құқығы бар.
5. Уәкiлеттi орган медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдар жұмысының негiзiне алынған принциптердiң, құбылыстардың, медициналық әдiстемелердiң егжей-тегжейлi есептерiне негiзделген жiктеудiң қосымша түрлерiн енгiзе алады.
32-4-бап. Диагностика немесе емдеу жүргiзуге арналған
медициналық техника мен медициналық мақсаттағы
бұйымдарды өндiруге қойылатын талаптар
Диагностика немесе емдеу жүргiзуге арналған медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндiру олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, олардың функционалдық мақсатына сәйкес пайдаланылуын көздеуге және диагностиканың немесе емдеудiң алынған нәтижелерiнiң түсiндiрiлуi кезiндегi пайдаланушының қателесу тәуекелiн болғызбауға тиiс.
Медициналық техника және медициналық мақсаттағы бұйымдар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу және өлшем бiрлiктерiн қамтамасыз ету туралы заңнамасының талаптарына сәйкес болуға тиiс.
32-5-бап. Медициналық техника мен медициналық мақсаттағы
бұйымдар туралы ақпарат
1. Медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдар олардың қауiпсiздiгi мен сапасы туралы ақпараты бар медициналық мақсаттағы бұйымдарды медициналық қолдану жөнiндегi (медициналық техниканы пайдалану жөнiндегi басшылық) нұсқаулықпен бiрге жүруге тиiс.
Медициналық мақсаттағы бұйымдарды медициналық қолдану жөнiндегi нұсқаулықты (медициналық техниканы пайдалану жөнiндегi басшылық) уәкiлеттi орган бекiткен талаптарға сәйкес әзiрлеушi жасайды.
2. Медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды таңбалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.".
32. "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., N 17, 102-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 7, 38-құжат; N 13, 87-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) авариялық бронь - электрмен үздiксiз жабдықтау объектiсiне берiлуi ол үшiн маңызды құрылғылардың жұмыс icтeуiн сақтайтын және тыныс-тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерi жұмысының бұзылуын, сондай-ақ апатты экологиялық, әлеуметтiк немесе экономикалық зардаптарды немесе адамдардың өлiмiн болғызбайтын ең төменгi қажеттi электр қуаты;
2) авариялық бұзылыс - электр қондырғысы немесе оның элементтерi жұмысының технологиялық параметрлерiнiң олардың iстен шығуын немесе пайдалану кезiнде зақымдануын туындатқан, жол беруге болмайтын ауытқулары;
3) жүйелiк авария - Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикасы жүйесiнiң тұрақтылығын жоғалтуға және оны бөлiктерге бөлуге әкеп соққан электр энергетикасы объектiлерi жұмысы режимдерiнiң авариялық бұзылысы;
4) жүйелiк қызметтер көрсету - жүйелiк оператордың электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiне электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлендiру, қуатты реттеу және резервтеу, электр энергиясын өндiру-тұтыну теңгерiмiн ұйымдастыру жөнiнде көрсететiн қызметтерi;
5) жүйелiк оператор - орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды, басқа мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен қатарлас жұмыс iстеудi қамтамасыз етудi, энергия жүйесiндегi теңгерiмдi ұстап тұруды, жүйелiк қызметтер көрсетудi және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнен қосалқы көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желiсi бойынша берудi, оған техникалық қызмет көрсетудi және оны пайдалану әзiрлiгiнде ұстап тұруды жүзеге асыратын ұйым;
6) жылу желiлерiнiң күзет аймағы - жылу желiлерiн сақтауды қамтамасыз ету, пайдаланудың қалыпты жағдайларын жасау, олардың зақымдануының, сондай-ақ осы желiлердiң күзет аймағында қалған тұрғындар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында бөлiнген жер учаскелерi;
7) жылу энергиясын беру - жасалған шарттарға сәйкес энергия берушi ұйымдардың жылу желiлерi бойынша жылу энергиясын тасымалдау жөнiнде көрсететiн қызметi;
8) жылу энергиясының бөлшек сауда нарығы - жылу энергиясын өндiруге, беруге және тұтынуға қатысушылардың шарттар негiзiнде жүргiзiлетiн қатынастары жүйесi;
9) коммерциялық есепке алу аспабы - электр қуатын, электр немесе жылу энергиясын коммерциялық есепке алуға арналған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қолдануға рұқсат етiлген техникалық құрылғы;
10) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi - Қазақстан Республикасының тұтынушыларын сенiмдi және сапалы энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ететiн электр станцияларының, электр беру желiлерi мен шағын станциялардың жиынтығы;
11) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi электр қуатының резервi - шартта көзделген талаптарға сәйкес керектi құрылымы, шамасы, сондай-ақ диспетчерлендiруге әзiрлiк дәрежесi бар энергия өндiрушi ұйымдар агрегаттарының электр қуаты;
12) қосалқы қызметтер көрсету - жүйелiк оператор электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнен электр қуатының қажеттi мөлшерлерi мен оралымды резервтерi құрылымының дайындығын қамтамасыз ету, активтi және реактивтi қуатты реттеу үшiн, энергия жүйесiн тогы жоқ жағдайдан шығару бойынша сатып алатын қызметтер көрсету;
13) операциялық тәулiктер - жүйелiк оператор электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектiлерi жасасқан электр энергиясын сатып алу-сату шарттарының орындалуын орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқару жөнiндегi операцияларды жүзеге асыратын ағымдағы тәулiктер;
14) орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқару - жүйелiк оператор жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi сенiмдiлiгiнiң нормативтiк деңгейiн және электр энергиясының нормативтiк сапасының сақталуын қамтамасыз ететiн энергия өндiрушi, энергия берушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен электр энергиясын тұтынушылардың техникалық келiсiлген жұмысын үздiксiз басқару процесі;
15) өңiраралық және (немесе) мемлекетаралық электр беру желiлерi - өңiрлер және (немесе) мемлекеттер арасында электр энергиясын берудi қамтамасыз ететiн, кернеуi 220 кB және одан жоғары электр беру желiлерi;
16) өңiрлiк электр желiлiк компания - өңiрлiк деңгейдегi электр желiлерiн пайдаланатын энергия берушi ұйым;
17) электр энергиясының теңгерiмсiздiгi - электр энергиясын өндiру-тұтынудың нақты шамасының электр энергиясын өндiру-тұтынудың жүйелiк оператор бекiткен сағат сайынғы тәулiктiк кестесiндегi шамадан ауытқуы;
18) техникалық диспетчерлендiру - Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде электр энергиясын өндiру мен тұтыну режимдерiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асыру жөнiнде жүйелiк оператор көрсететiн қызмет;
19) тұтынушы - электр және (немесе) жылу энергиясын шарт негiзiнде тұтынатын жеке немесе заңды тұлға;
20) уәкiлеттi орган - электр энергетикасы саласында бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
21) ұлттық электр желiсi - жекешелендiруге және оның алдындағы сатыларға жатпайтын шағын станциялардың, тарату құрылғыларының, кернеуi 220 кВ және одан жоғары өңiраралық және (немесе) мемлекетаралық электр беру желiлерiнiң және электр станцияларының электр энергиясын берудi жүзеге асыратын электр беру желiлерiнiң жиынтығы;
22) электр және жылу энергиясын коммерциялық есепке алу - электр және жылу энергиясын сатып алу-сату және беру шарттары бойынша тараптар арасында өзара есеп айырысу үшiн қажеттi электр және жылу энергиясын есепке алу;
23) электр желiлерiнiң күзет аймағы - электр желiлерiн сақтауды қамтамасыз ету, пайдаланудың қалыпты жағдайларын жасау, олардың зақымдануының, сондай-ақ осы желiлердiң күзет аймағында қалған тұрғындар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында бөлiнген жер учаскелерi, су және әуе кеңiстiгi;
24) электр қуатын реттеу - электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектiсiнiң нақты электр жүктемесiнiң тәулiктiк кестеде жоспарланып немесе жоспарланбай айырбас электр энергиясының нөлдiк сальдосы сақталған жағдайда мәлiмделген электр жүктемесiнен ауытқуларының орнын толтыру жөнiнде көрсетiлетiн қызметi;
25) электр энергетикасы - электр және жылу энергиясын өндiру, беру және тұтыну саласы;
26) электр энергиясы бөлшек сауда нарығының субъектiлерi - энергия өндiрушi, энергиямен жабдықтаушы, энергия берушi ұйымдар, электр энергиясын тұтынушылар және электр энергиясының бөлшек сауда нарығында қызметiн жүзеге асыратын өзге де ұйымдар;
27) электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектiлерi - энергия өндiрушi, энергия берушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, электр энергиясын тұтынушылар, жүйелiк оператор, электр энергиясымен орталықтандырылған сауда жүргiзу операторы және электр энергиясының көтерме сауда нарығында қызметiн жүзеге асыратын өзге де ұйымдар;
28) электр энергиясына кепiлдiк берiп жеткiзушi - тұтынушыларды энергиямен жабдықтаушы басқа да барлық ұйымдар тұтынушының кiнәсi болмаса да энергиямен жабдықтауды тоқтатқан жағдайларда тұтынушыларды энергиямен жабдықтауды жүзеге асыратын энергиямен жабдықтаушы ұйым;
29) электр энергиясын беру - энергия берушi ұйымдардың электр энергиясын беруге жасалған шарттарға сәйкес көрсететiн қызметi;
30) электр энергиясының бөлшек сауда нарығы - электр энергиясы бөлшек сауда нарығының субъектiлерi арасындағы (электр энергиясын сатып алу-сату, беру және тұтыну, сондай-ақ осыған байланысты көрсетiлетiн қызметтер ұсыну) шарттарының негiзiнде көтерме сауда нарығынан тыс жұмыс iстейтiн қатынастар жүйесi;
31) электр энергиясының көтерме сауда нарығы - электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң арасындағы шарттар негiзiнде жұмыс iстейтiн, электр энергиясын сатып алу-сатуға байланысты қарым-қатынастар жүйесi;
32) электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының операторы - электр энергиясының спот - сауда-саттығын қоса алғанда, электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын жүзеге асыратын ұйым;
33) электр энергиясының орталықтандырылған саудасы - осы Заңмен белгiленген жағдайларды қоспағанда, электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерi электрондық сауда жүйесiнде ерiктi негiзде жүзеге асыратын электр энергиясын сатып алу-сату жөнiндегi мәмiлелер;
34) электр энергиясын өндiру-тұтынудың тәулiктiк кестесi - электр энергиясын орталықсыздандырылған сатып алу-сату және электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарықтарындағы көтерме сауда нарығына қатысушылар жасасқан электр энергиясын сатып алу-сату шарттарына сәйкес әрбiр күнтiзбелiк тәулiкте электр энергиясын өндiру мен тұтынудың сағат сайынғы шамаларын регламенттейтiн жүйелiк оператор бекiткен құжат;
35) электр энергиясының спот - сауда-саттығы (бұдан әрi - спот - сауда-саттық) - операциялық тәулiктерден бiр күн бұрын және соның iшiнде режимдерде қысқа мерзiмдiк негiзде электр энергиясының сағат сайынғы көлемiнде ұйымдастырылған сауда жүргiзу;
36) электр энергиясының теңгерiмдеушi нарығы - ағымдағы операциялық тәулiктерде Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде электр энергиясын өндiрудiң және (немесе) тұтынудың шарттық және нақты шамалары арасында нақты уақыт режимiнде туындайтын теңгерiмсiздiктердi жүйелiк оператордың табиғи және бұдан кейiнгi қаржылық реттеуi нәтижесiнде жүйелiк оператор мен электр энергиясының көтерме сауда нарығында қызметтi жүзеге асыратын энергия өндiрушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, көтерме тұтынушылар, өзге де ұйымдар арасында қалыптасатын өзара қарым-қатынастар жүйесi;
37) электр энергиясының теңгерiмдiлiгi - электр энергиясын өндiру-тұтынудың жүйелiк оператор бекiткен сағат сайынғы тәулiктiк кестесiн iске асыру кезiнде туындайтын теңгерiмсiздiктердi жою үшiн пайдаланылатын электр энергетикасы;
38) энергетикалық сараптама - жұмыс iстеп тұрған объектiлер, қайта жаңартылатын, жаңғыртылатын және жаңадан салынатын объектiлердiң жобалары бойынша, электр және жылу желiлерiндегi энергетикалық жабдықтардағы технологиялық бұзылыстар мен аварияларды тексеру кезiнде, сондай-ақ олардағы өндiрiстiк жарақат алу жағдайларында Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкестiлiгiне жүргiзiлетiн электр энергетикасы саласындағы сараптама;
39) энергия берушi ұйым - электр немесе жылу энергиясын берудi шарттар негiзiнде жүзеге асыратын ұйым;
40) энергиямен жабдықтаушы ұйым - өндiрiлген және (немесе) сатып алынған электр және (немесе) жылу энергиясын тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ұйым;
41) энергия өндiрушi ұйым - электр және (немесе) жылу энергиясын өндiрудi жүзеге асыратын ұйым.";
2) 3-бапта:
1-тармақтың 2) тармақшасы "электр энергетикасы кешенiнiң" деген сөздерден кейiн "қауiпсiз," деген сөзбен толықтырылсын;
2-тармақтың 1) тармақшасы "тиiмдi" деген сөзден кейiн ", қауiпсiз" деген сөзбен толықтырылсын;
3-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"5) электр энергетикасы саласындағы техникалық реттеудi қамтиды.";
3) 4-бап мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
"5) электр энергетикасы саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi.";
4) 5-бапта:
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3) электр энергетикасы саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлейдi;";
5) тармақша "электр және жылу энергиясын" деген сөздердiң алдынан "техникалық регламенттердi қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;
6) тармақша "техникалық пайдалану" деген сөздердiң алдынан "техникалық регламенттердi қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;
5) мынадай мазмұндағы 2-1-тараумен толықтырылсын:
"2-1-тарау. Электр энергетикасы саласындағы қауiпсiздiктiң
жалпы талаптары
9-1-бап. Жалпы ережелер
1. Электр жабдықтарын, электр және жылу желiлерiн, тұтынушылар қондырғыларын пайдалану кезiндегi ұйымдастырушылық iс-шаралары адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге тиiс.
2. Электр жабдықтары, электр және жылу желiлерi, электр және жылу энергиясын өндiруге, беру мен пайдалануға арналған тұтынушылар қондырғылары, электр және жылу энергиясы техникалық реттеу объектiлерi болып табылады.
3. Тұтынушылардың электр энергиясын қабылдау шығыстарындағы электр энергиясының сапа көрсеткiштерi белгiленген нормаларға сәйкес келуге тиiс.
Электр энергиясының сапасын бағалау тәртiбi электр энергиясын беруге арналған шарттарда белгiленедi.
4. Мыналар:
жұмыс кернеуiнiң атаулы мәннен барынша ауытқуы;
кернеу жиiлiгiнiң ауытқуы;
кернеудiң өнеркәсiптiк жиiлiгiнен кернеу артуының рұқсат етiлетiн ұзақтығы электр энергиясы сапасының сипаттамалары болып табылады.
5. Магистральдық және тарату құбырларында жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етуге арналған жылу энергиясының параметрлерi ұсталынатын температура кестесiне, желiлiк судың қауiпсiз және сапалық сипаттамалары көрсеткiштерiне сәйкес келуге тиiс.
9-2-бап. Электр энергетикасы саласындағы жабдықтар мен электр
қондырғыларын жобалау кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
1. Электр желiлерiн жобалау және пайдалану кезiнде осы Заңға және техникалық регламенттерге сәйкес электр энергиясына белгiленген талаптардың орындалуы қамтамасыз етiлуге тиiс.
2. Электр және жылу энергиясын өндiруге, беруге және тұтынуға арналған электр станцияларының, электр және жылу желiлерiнiң жабдықтары, тұтынушылардың қондырғылары техникалық регламенттерде белгiленген техникалық талаптарға сәйкес келуге тиiс.
9-3-бап. Электр және жылу энергиясын өндiру, беру және тұтыну
кезiнде пайдаланылатын электр-техникалық жабдықтар
мен материалдарға қойылатын қауiпсiздiк талаптары
1. Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн және оның аумағына әкелiнетiн электр-техникалық жабдықтар мен материалдар техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келуге және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда сәйкестiктi растау рәсiмiнен өткiзiлуге тиiс.
2. Электр-техникалық жабдықтар мен материалдар адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн талаптарға сәйкес келуге тиiс.
3. Техникалық регламенттерде қойылатын талаптарға сәйкестiгi расталуға жататын электр станцияларының, электр және жылу желiлерiнiң жабдықтарын, тұтынушылардың қондырғыларын сәйкестiктi растау саласындағы құжатсыз пайдалануға беруге жол берiлмейдi.
4. Электр станцияларының, электр және жылу желiлерiнiң жабдықтары, тұтынушылардың қондырғылары қауiпсiз жағдайларды қамтамасыз ететiн, техникалық жағынан жарамды күйде болуға тиiс.";
6) 12-баптың 2-тармағында:
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3) техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес электр энергиясының сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге;";
5) тармақшадағы "нормативтiк техникалық құжаттардың" деген сөздер "техникалық регламенттердiң" деген сөздермен ауыстырылсын.
33. "Техникалық реттеу туралы" 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., N 21, 124-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 15, 92-құжат):
1) кiрiспесiндегi "көрсетiлетiн қызметтiң," деген сөздер алып тасталсын;
2) бүкiл мәтiн бойынша "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық акт", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлермен, "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерге", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актіде", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнi", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiге", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiн", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнiң" деген сөздер тиiсiнше "техникалық регламенттерде", "техникалық регламенттер" "техникалық регламенттердiң", "техникалық регламенттердi", "техникалық регламент", "техникалық регламенттермен", "техникалық регламенттерге", "техникалық регламентте", "техникалық регламенттi", "техникалық регламентке", "техникалық регламенттерiн", "техникалық регламенттiң" деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) аккредиттеу - аккредиттеу жөнiндегi орган заңды тұлғаның белгiлi бiр салада техникалық реттеу объектiлерiнiң белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау жөнiндегi жұмыстарды орындауға құзыреттi және құқылы екенiн ресми танитын рәсiм;
2) аккредиттеу аттестаты - сәйкестiктi растау және аккредиттеу саласында жұмыс жүргiзу ережелерiне сәйкес берiлетiн, сәйкестiктi растау жөнiндегi органның және (немесе) сынақ зертханаларының (орталықтарының) белгiлi бiр салада белгiленген талаптарға сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыстарды орындау құқығын куәландыратын құжат;
3) аккредиттеу жөнiндегi орган - Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын және аккредиттеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
4) аккредиттеу саласы - сәйкестiктi растау жөнiндегi аккредиттелген органдарға және (немесе) сәйкестiктi растау саласындағы жұмысты жүзеге асыратын зертханаларға техникалық регламенттерде, стандарттарда немесе шарттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiн анықтау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу үшiн бекiтiлiп берiлген объектiлердiң тiзбесi;
5) аудит (сәйкестiктi растау саласындағы) - сәйкестiктi растау жөнiндегi аккредиттелген органдардың және (немесе) сынақ зертханаларының (орталықтарының) қызметiн жүйелi, тәуелсiз құжатталған талдау, сондай-ақ өтiнiм берушiнiң бастамасы бойынша жүргiзiлетiн сертификатталған өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң, процестердiң, сапа менеджментi жүйелерiнiң белгiленген талаптарға сәйкестiгiн бақылау;
6) берушi - өнiм беретiн, қызмет көрсететiн жеке немесе заңды тұлға;
7) дайындаушы (орындаушы) - өнiмдi кейiннен иелiктен шығару немесе өндiрiстiк мақсаттарда өзi тұтыну үшiн өндiретiн, сондай-ақ өтеулi және (немесе) өтеусiз шарт бойынша жұмыстарды орындайтын немесе қызметтер көрсететiн жеке немесе заңды тұлғалар;
8) инспекциялық бақылау - сертификатталған өнiмнiң, процестiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау жөнiндегi аккредиттелген органның уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асыратын тексеруi;
9) инспекциялық тексеру - аккредиттеу жөнiндегi орган сәйкестiктi растау жөнiндегi органдардың және зертханалардың аккредиттеу шарттарын сақтауына жүргiзетiн тексеру;
10) көрсетiлетiн қызмет - берушi мен тұтынушының тiкелей өзара iс-қимылының және берушiнiң тұтынушы қажеттiктерiн қанағаттандыру жөнiндегi iшкi қызметiнiң қорытындылары;
11) қауiп-қатер - зардаптарының ауырлық деңгейi ескерiле отырып, адамның өмiрiне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, оның iшiнде жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiне зиян келтiру ықтималдығы;
12) мемлекеттiк стандарт - уәкiлеттi орган бекiткен және тұтынушылардың қалың көпшiлiгiне қолжетiмдi стандарт;
13) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесi - өз құзыретi шегiнде техникалық реттеу саласындағы жұмыстарды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ нормативтiк құқықтық актiлердiң, стандарттардың жиынтығы;
14) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң тiзiлiмi - техникалық регламенттердi, стандарттарды, техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiн, сәйкестiктi растау жөнiндегi органдарды, сынақ зертханаларын, стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттердi, сарапшы-аудиторларды және сәйкестiктi растау саласында берiлген құжаттарды есепке алу құжаты;
15) мүдделi тараптар - қызметi техникалық регламенттердi әзiрлеумен тiкелей байланысты жеке тұлғалар, заңды тұлғалар және олардың қауымдастықтары, одақтары, сондай-ақ қатысуы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген өзге де тұлғалар;
16) мiндеттi сертификаттау - сәйкестiктi растау жөнiндегi органдардың қатысуымен өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау нысаны;
17) негiзге алынатын стандарт - қолданылу саласы кең немесе техникалық реттеудiң белгiлi бiр саласына арналған жалпы ережелерi бар стандарт;
18) өнiм - процестiң немесе қызметтiң нәтижесi;
19) өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi бiрдейлендiру - белгiлi бiр өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi ерекшелейтiн белгiлерi бойынша бiржақты тануды қамтамасыз ететiн рәсiм;
20) өнiмнiң және процестердiң қауiпсiздiгi (бұдан әрi - қауiпсiздiк) - қауiптi фактордың iске асу ықтималдығы мен оның зардаптарының ауырлық деңгейiнiң ұштасуын ескере отырып, адамның өмiрiне, денсаулығына, қоршаған ортаға, оның iшiнде өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiне зиян келтiруiне байланысты жол берiлмейтiн қауiп-қатердiң болмауы;
21) өнiмнiң өмiрлiк циклi - өнiмдi жобалау, өндiру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткiзу, жою және кәдеге жарату процестерi;
22) өңiрлiк стандарт - стандарттау жөнiндегi өңiрлiк ұйым қабылдаған және тұтынушылардың көпшiлiгi қол жеткiзе алатын стандарт;
23) өтiнiм берушi - сәйкестiгiн растау үшiн өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi, процестердi ұсынған жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ аккредиттеуге және аудитке (сәйкестiктi растау саласында) өтiнiм берген заңды тұлғалар;
24) процесс - өнiмнiң өмiрлiк циклiнiң процестерiн қоса алғанда, қандай да бiр тапсырылған нәтижеге жету жөнiндегi өзара байланысты және дәйектi iс-қимылдар (жұмыстар) жиынтығы;
25) сәйкестiк белгiсi - өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң техникалық регламенттерде, стандарттар мен өзге де құжаттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау рәсiмiнен өткенi туралы сатып алушыларды хабардар етуге арналған белгi;
26) сәйкестiк сертификаты - өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға, стандарттардың немесе өзге де құжаттардың ережелерiне сәйкестiгiн куәландыратын құжат;
27) сәйкестiктi бағалау - өнiмге, процеске, тұлғаға немесе органға қойылған талаптардың орындалғанының дәлелдемесi;
28) сәйкестiк туралы декларация - дайындаушы (орындаушы) айналысқа шығарылатын өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң белгiленген талаптарға сәйкестiгiн куәландыратын құжат;
29) сәйкестiктi ерiктi растау - дайындаушының (орындаушының) немесе сатушының бастамасы бойынша жүргiзiлiп, өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң, процестердiң стандартқа, өзге де құжатқа немесе өтiнiм берушiнiң арнайы талаптарына сәйкестiгiн растау жүзеге асырылатын рәсiм;
30) сәйкестiктi мiндеттi растау - өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау жүзеге асырылатын рәсiм;
31) сәйкестiктi растау - нәтижесi объектiнiң техникалық регламенттерде, стандарттарда немесе шарттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiн құжаттамалық куәландыру (сәйкестiк туралы декларация немесе сәйкестiк сертификаты түрiнде) болып табылатын сәйкестiктi бағалау рәсiмi;
32) сәйкестiктi растау жөнiндегi орган - сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн белгiленген тәртiппен аккредиттелген заңды тұлға;
33) сәйкестiктi растау нысаны - нәтижелерi өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң техникалық регламенттерде, стандарттарда немесе шарттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiнiң дәлелi ретiнде қаралатын iс-қимылдардың жиынтығы;
34) сәйкестiктi растау саласындағы құжат - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сәйкестiктi растау жөнiндегi аккредиттелген орган берген сәйкестiк сертификаты немесе сәйкестiк туралы декларация;
35) сәйкестiктi растау схемасы - объектiнiң техникалық регламенттерде, стандарттарда немесе шарттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiн осы жұмысты жүргiзудiң нақты кезеңдерiн (сынау, өндiрiстi бағалау, сапа менеджментi жүйесiн бағалау, нормативтiк және техникалық құжаттаманы талдау және басқалар) сипаттай отырып айқындау тәсiлдерi;
36) сәйкестiктi растау, тауар шығарылатын мемлекеттi анықтау, аккредиттеу жөнiндегi сарапшы-аудитор - уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен аттестатталған маман;
37) сертификаттау - сәйкестiктi растау жөнiндегi орган өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң белгiленген талаптарға сәйкестiгiн жазбаша куәландыратын рәсiм;
38) стандарт - уәкiлеттi орган көздеген тәртiппен бекiтiлген, көп мәрте және ерiктi пайдалану мақсатында техникалық реттеу объектiлерiне ережелердi, жалпы принциптер мен сипаттамаларды белгiлейтiн құжат;
39) стандарттау - нақты қойылып отырған және ықтимал мiндеттерге қатысты көпшiлiкке ортақ, көп мәрте және ерiктi пайдалану үшiн ережелер белгiлеу арқылы өнiмге, көрсетiлетiн қызметке және процестерге қойылатын талаптарды ретке келтiрудiң оңтайлы деңгейiне қол жеткiзуге бағытталған қызмет;
40) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжат - стандарттау жөнiндегi қызметтiң әр түрiне немесе оның нәтижелерiне қатысты нормаларды, ережелердi, сипаттамаларды, принциптердi белгiлейтiн құжат;
41) стандарттау жөнiндегi өңiрлiк ұйым - географиялық немесе экономикалық бiр ғана өңiрдiң стандарттау жөнiндегi тиiстi органдары қызметiне қатысу үшiн ашық болатын стандарттау жөнiндегi ұйым;
42) стандарттау жөнiндегi техникалық комитет - бекiтiлген стандарттау объектiлерi немесе қызмет бағыттары бойынша стандарттарды әзiрлеу және мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiн құруға қатысу үшiн ерiктi негiзде экономика салаларында құрылатын консультациялық-кеңесшi орган;
43) сынақ зертханасы (орталығы) (бұдан әрi - зертхана) - өнiмнiң стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiне сынақ жүргiзетiн зертхана, соның iшiнде мемлекеттiк органдар зертханасы;
44) техникалық кедергi - техникалық регламенттерде және стандарттарда қамтылатын талаптардың әр түрлiлiгi немесе өзгермелiлiгi салдарынан туындайтын кедергi;
45) техникалық регламент - өнiмдерге және (немесе) олардың өмiрлiк циклiнiң процестерiне қойылатын мiндеттi талаптарды белгiлейтiн, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес әзiрленетiн және қолданылатын нормативтiк құқықтық акт;
46) техникалық реттеу - санитарлық және фитосанитарлық шараларды қоспағанда, сәйкестiктi растау, аккредиттеу және белгiленген талаптардың сақталуын мемлекеттiк бақылау мен қадағалау жөнiндегi қызметтi қоса алғанда, өнiмге, көрсетiлетiн қызметке, процестерге қойылатын мiндеттi және ерiктi талаптарды анықтауға, белгiлеуге, қолдануға және орындауға байланысты қатынастарды құқықтық және нормативтiк реттеу;
47) техникалық регламенттер мен стандарттардың мемлекеттiк қоры мемлекеттiк органдардың техникалық регламенттерiнiң, стандарттарының және өз құзыреттерi шегiнде қалыптастыратын өзге де құжаттарының мамандандырылған қорларының жиынтығы;
48) техникалық сарапшы - сәйкестiгi расталатын объектiге қатысты арнаулы бiлiмi немесе тәжiрибесi бар жеке тұлға;
49) техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттiк жiктеуiшi - техникалық-экономикалық ақпарат объектiлерiнiң жiктеу топтарының кодтары мен атауларының жүйеленген жиынтығын бiлдiретiн құжат;
50) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық реттеу саласындағы жұмыстарды басқаруға, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға және стандарттау, сәйкестiктi растау мен аккредиттеу мәселелерi бойынша халықаралық және өңiрлiк ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкiлдiк етуге уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
51) ұлттық стандарт - шет мемлекеттiң стандарттау жөнiндегi уәкiлеттi органы қабылдаған және тұтынушылардың көпшiлiгi қол жеткiзе алатын стандарт;
52) ұйым стандарты - ұйым бекiткен стандарт;
53) үйлестiрiлген стандарт - техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың орындалуын қамтамасыз ететiн стандарт;
54) халықаралық стандарт - стандарттау жөнiндегi халықаралық ұйым қабылдаған және тұтынушылардың көпшiлiгi қол жеткiзе алатын стандарт.";
4) 4-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Техникалық реттеудiң негiзгi мақсаттары:
1) мiндеттi регламенттеу саласында:
өнiмнiң, процестердiң адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта, оның iшiнде жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi үшiн қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң қауiпсiздiгiне және сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын iс-әрекеттердiң алдын алу;
саудадағы техникалық кедергiлердi жою;
2) стандарттау саласында:
отандық өнiмнiң бәсекеге-қабiлеттiлiгiн арттыру;
табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеу болып табылады.";
5) 5-бапта:
мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
"3-1) аккредиттеу жөнiндегi орган;";
8) тармақшадағы "стандарттау" деген сөз "тауар шығарылатын елдi анықтау" деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 6-бапта:
7) тармақшадағы "көрсетiлетiн қызметтiң," деген сөздер алып тасталсын;
8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"8) техникалық регламенттердi бекiту;";
мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:
8-1) техникалық регламенттердi әзiрлеу, сараптау, қабылдау, өзгерту және күшiн жою тәртiбiн белгiлеу;";
9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"9) аккредиттеу жөнiндегi органды айқындау;";
мынадай редакциядағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
"10-1) техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi жоспарды бекiту.";
7) 7-бапта:
екiншi бөлiкте:
мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
"4-1) техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi жоспарды әзiрлейдi;";
11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"11) сәйкестiктi растау, тауар шығарылатын елдi анықтау, аккредиттеу жөнiндегi сарапшы-аудиторларды аттестаттау тәртiбiн айқындайды және оны ұйымдастырады, сондай-ақ оларды кәсiби даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастырады;";
мынадай мазмұндағы 11-1) тармақшамен толықтырылсын:
"11-1) тауар шығарылатын елдi анықтау жөнiнде сертификат бередi және оның тәртiбiн белгiлейдi;";
13) тармақша алып тасталсын;
үшiншi бөлiкте:
3) тармақшадағы "ережелерi мен" деген сөздер алып тасталсын;
5) тармақшадағы "жоспарлары мен бағдарламаларын" деген сөздер "жоспарларын" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
"7) өнiмдi таңбалау тәртiбiн белгiлейдi және оларды бақылауды жүзеге асырады;";
төртiншi бөлiкте:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"1) сәйкестiктi растау жөнiндегi органдарды және зертханаларды аккредиттеу тәртiбiн белгiлейдi;";
2) тармақшадағы "аккредиттеудi" деген сөз "аккредиттеу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды" деген сөздермен ауыстырылсын;
3) тармақшадағы "және аккредиттеу аттестатының" деген сөздер ", аккредиттеу аттестатының, тауар шығарылатын елдi анықтау жөнiнде сертификаттың" деген сөздермен ауыстырылып, "белгiлейдi" деген сөзден кейiн "және оларды шығаруды ұйымдастырады" деген сөздермен толықтырылсын;
8) 8-баптың 8) тармақшасындағы ", көрсетiлетiн қызмет" деген сөздер алып тасталсын;
9) мынадай мазмұндағы 8-1-баппен толықтырылсын:
"8-1-бап. Аккредиттеу жөнiндегi орган
1. Аккредиттеу жөнiндегi органды Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды және ол уәкiлеттi органның жанынан құрылады.
2. Аккредиттеу жөнiндегi орган мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) аккредиттеу мәселелерi жөнiндегi халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкiлдiк етедi;
2) аккредиттеу аттестатын үш жыл мерзiмге бередi;
3) аккредиттеу аттестатының қолданылуын алты ай мерзiмге дейiн тоқтата тұрады.
Аккредиттеу аттестатының қолданылуының тоқтата тұруына негiз болған себептер жойылған кезде немесе аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзiмi iшiнде техникалық регламенттерде белгiленген талаптар қайталап бұзылғаны анықталған кезде аккредиттеу органының өтiнiшi бойынша аккредиттеу аттестатының күшi сот шешiмiмен жойылады;
4) инспекциялық тексерудi жүзеге асырады.";
10) 12-бапта:
1-тармақта:
"Қазақстан Республикасының Үкiметi" деген сөздер "уәкiлеттi орган" деген сөздермен ауыстырылсын;
бiрiншi бөлiктегi "(немесе)" деген сөз "Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда" деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақтың 5) тармақшасындағы ", көрсетiлетiн қызметке" деген сөздер алып тасталсын;
4-тармақтың 2) тармақшасы алып тасталсын.
6-тармақ "органдар" деген сөзден кейiн "және сарапшы-аудиторлар" деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:
"8. Сәйкестiктi растау жөнiндегi органның меншiк құқығы негiзiнде сәйкестiктi растау жөнiндегi органның аккредиттеу саласында көзделген объектiлерiне Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын көлемде сынақ жүргiзудi қамтамасыз ететiн зертханасы болуға тиiс.";
11) 13-бапта:
1 және 2-тармақтардағы "Қазақстан Республикасының Үкiметi" деген сөздер "уәкiлеттi орган" деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтағы "қайтарып алынуына," деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
"3-1. Зертхана осы зертханаға бекiтiлген аккредиттеу саласында көзделген объектiлер бойынша сынақ жүргiзу шартын сәйкестiктi растау жөнiндегi бiр ғана органмен жасауға құқылы.";
12) 14-баптың 2-тармағындағы ", көрсетiлетiн қызметтi" деген сөздер алып тасталсын;
13) 16-бапта:
тақырыбындағы "стандарттау" деген сөз "тауар шығарылатын елдi анықтау" деген сөздермен ауыстырылсын;
1-тармақта:
"немесе техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерге сай онымен жасалған шарт (келiсiм-шарт) негiзiнде" деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
"Жеке тұлғалардың сәйкестiктi растау жөнiндегi сарапшы-аудитор ретiндегi қызметiн сәйкестiктi растау жөнiндегi бiр органның немесе зертхананың құрамында ғана жүзеге асыруға құқығы бар.";
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Тауар шығарылатын елдi анықтау жөнiндегi сарапшы-аудиторлар өз қызметiн уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.";
3-тармақтағы "Қазақстан Республикасының Үкiметi" деген сөздер "уәкiлеттi орган" деген сөздермен ауыстырылсын;
4-тармақтағы "Стандарттау" деген сөз "Taуap шығарылатын елдi анықтау" деген сөздермен ауыстырылсын;
14) 17-баптың 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Өнiмдi өндiру кезiнде үйлестiрiлген стандарттар пайдаланылған болса, техникалық регламенттердiң талаптары орындалған болып саналады.
Өнiмдi өндiру кезiнде техникалық регламенттерде белгiленген талаптар мен нормалардың орындалуы қамтамасыз етiлетiн жағдайларда өзге де стандарттарды пайдалануға болады.";
15) 18-бап мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
"7. Өнiмнiң, процестердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн талаптар техникалық регламенттерде ғана белгiленедi.";
16) 19-бапта:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Уәкiлеттi орган техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi жоспардың жобасын жасайды және оны Қазақстан Республикасының Үкiметiне бекiту үшiн ұсынады. Техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi бекiтiлген жоспар бекiтiлген күннен бастап бiр ай iшiнде жариялануға тиiс.
Техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi жоспарда көзделмеген техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi жұмыстарды бюджет қаражаты есебiнен қаржыландыруға жол берiлмейдi.";
6-тармақтың екiншi бөлiгi алып тасталсын;
17) 20-бапта:
бiрiншi абзац "Қазақстан Республикасының" деген сөздердiң алдынан "1." деген цифрмен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 2-тармақпен толықтырылсын:
"2. Осы баптың 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында аталған стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың ресми басылымдарын таратуды тек қана уәкiлеттi орган немесе ол уәкiлеттiк берген ведомстволық қарасты кәсiпорын жүзеге асырады.";
18) 21-бапта:
5-тармақта:
1) тармақшадағы "көрсетiлетiн қызметтiң," деген сөздер алып тасталсын;
9) тармақшадағы "сапа менеджментi жүйелерi мен экологиялық менеджменттi" деген сөздер "менеджмент жүйесiн" деген сөздермен ауыстырылсын;
6-тармақтағы "ерiктi негiзде" деген сөздер алып тасталсын;
19) 23-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Ұйымдардың стандарттарын осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттар үшiн ұйымдар дербес әзiрлейдi және бекiтедi.
Ұйымдардың стандарттарын әзiрлеу, бекiту, есепке алу, өзгерту, күшiн жою, тiркеу, белгiлеу, басып шығару тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Ұйымдардың стандарттарының қолданылу сипаты ерiктi түрде болады және техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға қайшы келмеуге тиiс.";
20) 24-баптың 5-тармағында:
"және өңiрлiк стандарттар" деген сөздер "өңiрлiк стандарттар, ұлттық стандарттар және шет мемлекеттердiң стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттары" деген сөздермен ауыстырылсын;
"қайшы келмеуге" деген сөзден кейiн ", сапалық көрсеткiштерi бойынша мемлекеттiк стандарттардан төмен болмауға" деген сөздермен толықтырылсын;
21) 26-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
"6. Сәйкестiктi растау саласындағы шетелдiк үлгiдегi құжаттарды беретiн шетелдiк және халықаралық ұйымдар уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен есептiк тiркеуден өтуге тиiс.";
22) 27-баптың 5-тармағында:
"тұтынуда болған," деген сөзден кейiн "көрме үшiн және оны нысаналы пайдаланбау үшiн әкелiнген," деген сөздермен толықтырылсын;
"Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде" деген сөздер "техникалық регламенттерде" деген сөздермен ауыстырылсын;
23) 31-баптың 2-тармағы алып тасталсын;
24) 32-баптың 2-тармағының бiрiншi бөлiгiндегi "өнiмдi" деген сөзден кейiн "әкелуге және" деген сөздермен толықтырылсын;
25) 34-бапта:
1-тармақтың екiншi бөлiгiндегi ", көрсетiлетiн қызметтiң" деген сөздер алып тасталсын;
3-тармақ алып тасталсын;
26) 35-баптың 3-тармағындағы "Қазақстан Республикасының Үкiметi" деген сөздер "уәкiлеттi орган" деген сөздермен ауыстырылсын;
27) 36-бапта:
1-тармақтың екiншi абзацындағы "Уәкiлеттi орган" деген сөздер "Аккредиттеу жөнiндегi орган" деген сөздермен ауыстырылсын;
4-тармақтағы "уәкiлеттi орган" деген сөздер "аккредиттеу жөнiндегi орган" деген сөздермен ауыстырылсын;
28) 40-бапта:
1-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) мемлекеттiк бақылау мен қадағалау үшiн:
өнiм техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, жұмсалған үлгiлердiң құнын және сынақ (талдау, өлшеу) жүргiзуге жұмсалған шығындарды бюджет қаражаты есебiне жатқыза отырып;
өнiм техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, жұмсалған үлгiлердiң құнын және сынақ (талдау, өлшеу) жүргiзуге жұмсалған шығындарды тексерiлушi тұлғалардың есебiне жатқыза отырып, өнiмнiң сынамалары мен үлгiлерiн iрiктеп алуға;";
2-тармақтың бiрiншi бөлiгi "инспекторлардың" деген сөзден кейiн "және олардың орынбасарларының" деген сөздермен толықтырылсын;
29) 45-бапта:
1-тармақтың 1) тармақшасындағы ", көрсетiлетiн қызметтiң" деген сөздер алып тасталсын;
2-тармақтағы ", көрсетiлетiн қызметтiң" деген сөздер алып тасталсын;
30) 46-баптың 1-тармағының үшiншi бөлiгiндегi ", көрсетiлетiн қызметтiң" деген сөздер алып тасталсын.
2-бап.
1. Осы Заң, 2007 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгiзiлетiн 1-баптың 13-тармағы 2) тармақшасының төртiншi абзацын, 3) тармақшасын, 33-тармағы 3) тармақшасының алтыншы және он екiншi абзацтарын, 5) тармақшасының екiншi және үшiншi абзацтарын, 6) тармақшасының жетiншi және сегiзiншi абзацтарын, 9) тармақшасын, 27) тармақшасын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
2. Адамның өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн өнiмге және оның өмiрлiк циклiнiң процестерiне қойылатын қауiпсiздiк талаптарын белгілейтін техникалық регламенттер және олармен үйлестiрiлген стандарттар қолданысқа енгiзiлгенге дейiн мемлекеттiк реттеу Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Техникалық регламенттердiң қолданысқа енгiзiлуiне қарай олар қамтитын немесе оларға қайшы келетiн нормативтiк құқықтық актiлердiң күшi жойылды деп танылуға тиiс.
Қазақстан Республикасының
Президентi