Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі N 474 Заңы

Жаңартылған

      Осы Заң қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу мен қадағалауды жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi және Қазақстан Республикасы қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын арттыру мен қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылуына жол бермеу жөнiнде жағдайлар жасауға бағытталған.

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушы - қаржылық ұйымның қызмет көрсетуiн пайдаланушы, сондай-ақ өз қаражаттарын қаржы құралдарына инвестициялайтын жеке немесе заңды тұлға;
      2) қаржы рыногындағы кәсiби қызмет - қаржылық қызмет көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
      3) уәкiлеттi орган - қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      4) қаржылық ұйым - қаржылық қызмет көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
      5) қаржы рыногы - қаржылық қызмет көрсету мен тұтынуға, сондай-ақ қаржы құралдарының шығарылуына және айналысына байланысты қатынастардың жиынтығы;
      6) қаржылық қызметтер - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алынған лицензиялар негiзiнде жүзеге асырылатын сақтандыру рыногына, бағалы қағаздар рыногына, жинақтаушы зейнетақы қорларына қатысушылардың қызметi, сондай-ақ банк қызметi. <*>
       Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.07. N 577  Заңымен .

       2-бап. Қазақстан Республикасының қаржы рыногы мен
               қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк
               реттеу және қадағалау туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды
               мемлекеттiк реттеудiң және қадағалаудың
               мақсаттары, принциптерi мен мiндеттерi

      1. Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеудiң және қадағалаудың мақсаттары:
      1) қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұтастай алғанда қаржы жүйесiне деген сенiмдi қолдау;
      2) қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылардың мүдделерiн қорғаудың тиiстi деңгейiн қамтамасыз ету;
      3) қаржы рыногында адал бәсекенi қолдауға бағытталған қаржылық ұйымдардың қызметi үшiн тең құқықтық жағдайлар жасау болып табылады.
      2. Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеудiң және қадағалаудың принциптерi:
      1) ресурстар мен реттеу құралдарын тиiмдi пайдалану;
      2) қаржылық ұйымдар мен қаржылық қадағалау қызметiнiң айқындығы;
      3) тәуекелдердi бағалауға негiзделген қаржылық ұйымдарды басқаруды ынталандыру;
      4) жаңа қаржы құралдарын және қызмет көрсетудi дамытуды қолдау арқылы қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылар мүдделерiнiң қорғалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралардың кешендiлiгі, сондай-ақ қаржы рыногына қазiргi заманғы технологияны енгiзу;
      5) қаржылық ұйым органдарының жауапкершiлiгi болып табылады.
      3. Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеудiң және қадағалаудың мiндеттерi:
      1) қаржылық ұйымдар қызметiнiң стандарттарын белгiлеу, қаржылық ұйымдарды корпоративтiк басқаруды жақсарту үшiн ынталандыру жағдайларын жасау;
      2) қаржы жүйесiндегi тұрақтылықты сақтау мақсатында қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдардың мониторингi;
      3) қаржылық тұрақтылықты қолдау мақсатында қаржы рыногының қауiпке неғұрлым бейiм салаларында қадағалау ресурстарын шоғырландыру;
      4) қазiргi заманғы технологияларды енгiзудi ынталандыру, қаржылық ұйымдардың қызметi және олар көрсететiн қаржылық қызметтер көрсету туралы ақпараттың тұтынушылар үшiн толымдылығын және қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету болып табылады.

       4-бап. Қаржы рыногында уәкiлеттiк берiлмеген қызметке
               тыйым салу

      1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген тиiстi лицензиясы жоқ тұлғалардың қаржы рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыруына жол берiлмейдi.
      2. Уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясынсыз жасалған қаржылық қызмет көрсету бойынша мәмiлелер жарамсыз болып табылады.

       5-бап. Пруденциялық нормативтер және сақталуы мiндеттi
               өзге де нормалар мен лимиттер

      Уәкiлеттi органның қаржылық ұйымдар үшiн олардың қаржы тұрақтылығын және қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылар мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында белгiлейтiн экономикалық шектеулер пруденциялық нормативтер болып табылады.
      Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда уәкiлеттi орган пруденциялық нормативтердi және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi шоғырландырылған негiзде белгiлеуге құқылы.

       6-бап. Қаржы рыногын монополияға қарсы реттеу

      1. Қаржы рыногында бәсекелестiктi шектеуге және қаржылық ұйымның өзiнiң басым (монополиялық) жағдайын терiс пайдалануына бағытталған iс-әрекеттердi жасауына тыйым салынады.
      2. Қаржы рыногындағы қаржылық ұйымның басым (монополиялық) жағдайын белгiлеу ережелерiн уәкiлеттi органмен бiрлесiп монополияға қарсы орган айқындайды.
      3. Қаржы рыногындағы қаржылық ұйымдардың Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңдарының талаптарын орындауын бақылауды монополияға қарсы орган жүзеге асырады.

  2-тарау. Уәкілетті органның мәртебесі, міндеттері,
функциялары және өкілеттіктері

       7-бап. Уәкiлеттi органның мәртебесi

      1. Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалауды Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын бiртұтас уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      2. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынады және есеп бередi және Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн ол туралы Ереженiң негiзiнде әрекет етедi.
      2-1. Уәкiлетті органның еңбекақы төлеу жүйесiн Қазақстан Республикасының Президентi уәкiлеттi орган Басқармасының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келісiлген ұсынуы бойынша бекiтедi.  <*>
      3. Уәкiлеттi органды қаржыландыру Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң бюджет қаражаты (шығыстар сметасы) есебiнен жүзеге асырылады. Уәкiлеттi орган ол туралы Ережеде айқындалатын тәртіппен шығыстарды өтеуге байланысты өзге де қаржы түсiмдерiн иеленуге құқылы, олар қаржы жылының нәтижелерi бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетiне аударылады. 
      3-1. Уәкілеттi органның қызметкерлерiне еңбекақы төлеу жағдайларын оның Басқармасы айқындайды. 
       Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 69  Заңымен .  

       8-бап. Уәкiлеттi органның мiндеттерi

      1. Уәкiлеттi органның мiндеттерi:
      1) қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылуына жол бермеу жөнiндегi шараларды iске асыру;
      2) қаржылық ұйымдардың тиiстi түрлерiнiң адал бәсекелестiк принциптерiнде жұмыс iстеуi үшiн тең жағдай жасау;
      3) қаржылық ұйымдардың қызметiн peттeу мен қадағалаудың стандарттары мен әдiстерiнiң деңгейiн көтеру, олар қабылдаған мiндеттемелердiң уақтылы және толық орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды пайдалану болып табылады.
      2. Уәкiлеттi орган осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген өзге де мiндеттердi iске асыруды қамтамасыз етедi.

       9-бап. Қаржылық ұйымдарының қызметiн реттеу және
               қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның
               функциялары мен өкiлеттiктерi

      1. Уәкiлеттi орган қаржылық ұйымдардың қызметiн реттеу және қадағалау мақсатында:
      1) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда қаржылық ұйымдарды ашуға (құруға), оларды ерiктi түрде қайта құру мен таратуға рұқсат бередi және оны керi қайтарып алады, қаржылық ұйымдардың бөлiмшелерiн ашуға келiсiм бередi, сондай-ақ аталған рұқсаттар мен келiсiмдердi беру тәртiбiн айқындайды;
      2) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда қаржылық ұйымдардың басшы қызметкерлерi лауазымдарына адамдарды сайлауға (тағайындауға) келiсiм бередi не келiсiм беруден бас тартады, сондай-ақ аталған келiсiмдi берудiң не беруден бас тартудың тәртiбiн айқындайды;
      3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда қаржы рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыруға лицензиялар беру, қолданылуын тоқтату және керi қайтарып алу тәртiбiн белгiлейдi, аталған лицензияларды бередi, қолданылуын тоқтатады және керi қайтарып алады;
      4) қаржылық ұйымдар, қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылар, басқа да жеке және заңды тұлғалар үшiн Қазақстан Республикасының аумағында орындалуы мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер шығарады;
      5) қаржылық ұйымдар үшiн, оның iшiнде шоғырландырылған негiзде пруденциялық нормативтердi және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi бекiтедi;
      6) қаржылық ұйымдар мен олардың аффилиирленген тұлғалары есептілігінің (қаржылық және статистикалық есептiлiктi қоспағанда) тiзбесiн, нысандарын, табыс ету мерзiмдерi мен тәртiбiн белгілейді;
      7) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есеп беру және бухгалтерлiк есеп стандарттары туралы заңдарын қаржылық ұйымдардың сақтауын бақылауды жүзеге асырады; 
      7-1) қаржылық ұйымдар акционерлерінің жалпы жиналысына қатысу үшін өз өкілін жібереді;
      8) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда және шектерде, оның iшiнде аудиторлық ұйымды тарту арқылы қаржылық ұйымдар мен олардың аффилиирленген тұлғаларының қызметiн тексередi;
      9) қаржылық ұйымдарға Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген шектеулi ықпал ету шаралары мен санкциялардың қолданылу тәртiбiн айқындайды және қолданады;
      10) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсе отырып, қаржылық ұйымдардың лекцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм қабылдайды;
      11) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда қаржылық ұйымдардың тарату комиссияларының қызметiн бақылауды жүзеге асырады;
      12) қаржылық ұйымдар туралы мәлiметтердi (қызметтiк, коммерциялық, банктiк немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтердi қоспағанда), оның iшiнде оларға қолданған шаралар туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
      2. Уәкiлеттi орган қаржылық ұйымдарға және олардың аффилиирленген тұлғаларына, оның iшiнде аудиторлық ұйымдарды тарта отырып:
      1) қаржылық ұйымдар мен олардың аффилиирленген тұлғаларының қаржылық жай-күйiн айқындау;
      2) қаржылық ұйымдармен олардың аффилиирленген тұлғаларының басқарма құрылымының және шешiмдер қабылдау рәсiмдерiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестiгiн айқындау;
      3) қаржылық ұйымдардың аффилиирленген тұлғаларын айқындау;
      4) қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылар құқықтарының бұзылуын анықтау және оның алдын алу;
      5) қаржылық қызмет көрсету немесе қаржы құралдарын шығару жөнiндегi уәкiлеттiк берiлмеген қызметтi анықтау және оның алдын алу мақсатында тексеру жүргiзуге құқылы.
      3. Уәкiлеттi орган осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген өкiлеттiктерден басқа, осы Заңның 10-13-баптарында көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      4. Уәкiлеттi орган, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, қаржылық ұйымдардың қызметiне араласуға құқылы емес.
       Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.06.11. N 562  Заңымен , 2005.12.23. N  107  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз), 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз), 2006.05.05. N  139  Заңдарымен.

       10-бап. Банк қызметiн реттеу және қадағалау
                ерекшелiктерi

      Уәкiлеттi орган банк қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асыру мақсатында:
      1) жеке және заңды тұлғалардың банктiң және банктiк холдингтiң iрi қатысушысы мәртебесiне ие болуына, банктердiң еншiлес ұйым құруына және оған ие болуына рұқсат беру және рұқсат беруден бас тарту тәртiбiн айқындайды, аталған рұқсаттарды бередi не беруден бас тартады;
      2) банктердiң меншiктi капиталының ең аз мөлшерiн белгiлейдi;
      3) банктердiң резервтiк капиталын қалыптастыру жөнiндегi талаптарды белгiлейдi;
      4) банктiк топтар үшiн пруденциялық нормативтердi және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi бекiтедi;
      5) салымдарға (депозиттерге) мiндеттi ұжымдық кепiлдiк беру (сақтандыру) тәртiбiн белгiлейдi;
      6) активтердi және шартты мiндеттемелердi сыныптау мен оларға қарсы провизиялар құру тәртiбiн белгiлейдi. Активтер мен шартты мiндеттемелердi күмәндi және сенiмсiз санаттарға жатқызу тәртiбiн мемлекет алдында салық мiндеттемелерiнiң орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органмен келiсе отырып айқындайды;
      7) банктердiң тiзiлiмiн жүргiзедi;
      8) банктiң аффилиирленген тұлғаларына Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген мәжбүрлеу шараларын қолдану тәртiбiн айқындайды және оларды қолдану туралы шешiм қабылдайды;
      9) Қазақстан Республикасының банк заңдарында белгiленген жағдайларда банктi консервациялау туралы шешiм қабылдайды және уақытша әкiмшiлiктi (банктi уақытша басқарушыны) тағайындайды;
      10) Қазақстан Республикасының банк заңдарында белгiленген жағдайларда Қазақстан Республикасының банк заңдарында көзделген барлық немесе жекелеген банк операцияларын жүргiзуге лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiм қабылдайды және уақытша әкiмшiлiктi (уақытша әкiмдi) тағайындайды;
      11) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Уәкілетті орган қадағалау функцияларын жүзеге асыру мақсатында банктерде өз өкілінің болуына құқылы.
       Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.12.23. N  107  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз), 2006.05.05. N  139  Заңдарымен.

       11-бап. Сақтандыру қызметiн реттеу және қадағалау
                ерекшелiктерi

      Уәкiлеттi орган сақтандыру қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асыру мақсатында:
      1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына бақылау жасау құқығын алуға рұқсат беру және оны керi қайтарып алу тәртiбiн айқындайды, көрсетiлген рұқсаттарды бередi және керi қайтарып алады;
      2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтандыру резервтерiн қалыптастыруына қойылатын талаптарды белгiлейдi;
      3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтандыру резервтерiн есептеу әдiстемесiне қойылатын талаптарды белгiлейдi;
      4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтерiн орналастыру және инвестициялау тәртiбiн айқындайды;
      5) сақтандыру полистерiнiң нысандары мен мазмұны бойынша талаптарды белгiлейдi;
      6) актуарийлiк қорытынды және оның мазмұнына талаптар негiзiнде аннуитет шарттарын қолдану кезеңiнде тұрақты сақтандыру төлемдерiнiң мөлшерiн көбейту тәртiбi мен талаптарын айқындайды;
      7) жинақтаушы сақтандыру бойынша қызметтi жүзеге асыратын сақтандыру ұйымының өз сақтанушыларына заемдарды беру тәртiбi мен талаптарын айқындайды;
      8) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру және қайта сақтандыру (сақтандыру полистерi), оның iшiнде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының белгiленген (шарттармен немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен) мерзiмдердi бұза отырып орындаған шарттарын есепке алу тәртiбiн айқындайды;
      9) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, сақтандыру брокерлерiнiң, актуарийлердiң тiзiлiмiн жүргiзедi;
      10) Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңдарында белгiленген жағдайларда сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензияны қайтарып алу туралы шешiм қабылдайды және уақытша әкiмшiлiктi (уақытша әкiмдi) тағайындайды;
      11) мiндеттi сақтандыру түрлерi бойынша сақтандыру төлемдерiне мiндеттi ұжымдық кепiлдiк беру тәртiбiн айқындайды;
      12) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
       Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.05.05. N  139  Заңымен.

       12-бап. Бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң
                қызметiн реттеу және қадағалау ерекшелiктерi

      Уәкiлеттi орган бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асыру мақсатында:
      1) қаржы рыногының активтерiн бағалы қағаздар ретiнде таниды;
      2) мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырады, акцияларды шығару және орналастыру, облигацияларды орналастыру мен өтеу және бағалы қағаздар шығаруды жою туралы есептердi қарап, бекiтедi және мемлекеттiк бағалы қағаздарға ұлттық бiрегейлендiру нөмiрлерiн бередi;
      3) бағалы қағаздарды, оның iшiнде туынды бағалы қағаздарды шығарудың, орналастырудың, айналымға жiберудiң және өтеудiң шарттары мен тәртiбiн, мемлекеттiк бағалы қағаздарға ұлттық бiрегейлендiру нөмiрлерiн берудiң тәртiбiн айқындайды;
      4) бағалы қағаздарды, оның iшiнде туынды бағалы қағаздарды шығаруды мемлекеттiк тiркеудiң, оларды орналастыру және өтеу, сондай-ақ жоюдың қорытындылары туралы есептердi қараудың талаптары мен тәртiбiн белгiлейдi;
      5) бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының мамандарын оқытуды және қайта даярлауды ұйымдастырады;
      6) бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн мамандар даярлау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға рұқсат беру, қолданылуын тоқтату және керi қайтарып алу талаптары мен тәртiбiн айқындайды, аталған рұқсаттарды бередi, қолданылуын тоқтатады және керi қайтарып алады;
      7) бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеуге ниет бiлдiрген жеке тұлғаларға аттестация жүргiзу талаптары мен тәртiбiн айқындайды және аттестация жүргiзедi, аттестациядан өткен тұлғаларға бiлiктiлiк куәлiктерiн бередi, бiлiктiлiк куәлiктерiн иеленушiлерге қайта аттестациялауды жүзеге асырады, бiлiктiлiк куәлiктерiнiң қолданылуын тоқтатады және қайта бастайды, бiлiктiлiк куәлiктерiн керi қайтарып алады;
      8) бағалы қағаздардың және туынды бағалы қағаздардың орналастырылуы мен айналысын тоқтату және қайта бастау талаптары мен тәртiбiн айқындайды;
      9) Бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiн, бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға лицензиялар мен рұқсаттар тiзiлiмiн және бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыру құқығына берiлген бiлiктiлiк куәлiктерiнiң тiзiлiмiн жүргiзедi;
      10) бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыру шарттары мен тәртiбiн, оның iшiнде бағалы қағаздармен операциялар жасау шарттары мен тәртiбiне қойылатын талаптарды белгiлейдi;
      11) зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың және институционалдық инвесторлардың инвестициялық қызметiн жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi;
      12) бағалы қағаздармен сауда-саттықты ұйымдастырушылардың және өзiн өзi реттейтiн ұйымдардың қызметiн жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейдi;
      13) бағалы қағаздардың, оның iшiнде туынды бағалы қағаздардың бағаларымен айла-шарғы жасауға, бағалы қағаздар рыногында инсайдер ақпаратын немесе қызметтiк, коммерциялық, банктiк немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты пайдалану арқылы мәмiлелер жасауға бақылауды жүзеге асырады;
      14) инвестициялық қорлардың жұмыс iстеуiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеу мен бақылауды жүзеге асырады;
      14-1) арнайы қаржы компаниясын ерікті түрде қайта ұйымдастыруға немесе таратуға рұқсат алу тәртібін айқындайды;
      15) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
       Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.07.  N 577 , 2006.02.20.  N 127  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.  

       13-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн реттеу
                және қадағалау ерекшелiктерi

      Уәкiлеттi орган жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асыру мақсатында:
      1) жинақтаушы зейнетақы қорларының құрылтайшыларына, акционерлерiне, басшы қызметкерлерiне қойылатын талаптарды белгiлейдi;
      2) жинақтаушы зейнетақы қорлары жарғылық капиталының ең аз мөлшерiн, оны қалыптастыру тәртiбiн және құрамын белгiлейдi;
      3) алушылардың жеке зейнетақы шоттарындағы жинақталған зейнетақы қаражатын есепке алуды жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi және оның дұрыс жүргiзiлуiн бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ жинақталған зейнетақы қаражатын аудару тәртiбiн белгiлейдi;
      4) жинақтаушы зейнетақы қорының жиырма бес проценттен астам акцияларын сатып алуға рұқсат беру тәртiбiн белгiлейдi;
      5) жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы ережелерiн келiседi;
      6) қайта құрылатын немесе таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiн, оның зейнетақы шарттары бойынша мiндеттемелерiн басқа қорға беру тәртiбiн белгiлейдi;
      7) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарында белгiленген жағдайларда зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметке берiлген жинақтаушы зейнетақы қорларының лицензиясын керi қайтарып алу туралы шешiм қабылдайды және уақытша әкiмшiлiктi (уақытша әкiмдi) тағайындайды;
      8) жинақтаушы зейнетақы қорларын консервациялау туралы шешiм қабылдайды;
      9) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

       13-1-бап. Қаржылық ұйымдарды және олардың аффилиирленген
                  тұлғаларын, бағалы қағаздар рыногындағы
                  қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлғаларды,
                  бағалы қағаздар эмитенттерiн, банктердiң
                  тарату комиссияларын, сақтандыру (қайта
                  сақтандыру) ұйымдарын, жинақтаушы зейнетақы
                  қорларын тексерудi ұйымдастыру және жүргiзу
                  тәртiбiнiң ерекшелiктерi

      1. Қаржылық ұйымдарды және олардың аффилиирленген тұлғаларын, бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлғаларды, бағалы қағаздар эмитенттерiн, банктердiң тарату комиссияларын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын, жинақтаушы зейнетақы қорларын (бұдан әрi - ұйымдар) тексерудi уәкiлеттi орган дербес не басқа мемлекеттiк органдар мен ұйымдарды тарту арқылы жүргiзедi.
      2. Ұйымдардың қызметтерiн тексеру мынадай түрлерге бөлiнедi:
      1) кешендi тексеру - уәкiлеттi органның тексеру жоспарларына сәйкес жылына бiр реттен жиi емес;
      2) таңдаулы тексеру - жеке және заңды тұлғалардың өтiнiш жасауына байланысты ұйымдар қызметiнiң жекелеген мәселелерi бойынша, сондай-ақ уәкiлеттi орган бақылау және қадағалау функцияларын орындау шеңберiнде Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын бұзушылықтарды анықтаған жағдайда;
      3) рейдтiк тексеру - бiрнеше ұйымдардың қызметiн олардың Қазақстан Республикасы заңнамасының жекелеген талаптарын сақтауы мәселелерi бойынша бiр мезгiлде қамтитын тексеру.
      3. Уәкiлеттi орган ұйымды алдағы тексеру туралы жазбаша хабардар етедi. Уәкiлеттi органның алдағы тексеру туралы хабарламасында тексерiлетiн ұйым тексеру жүргiзу басталарда тексеру тобына беруге мiндеттi құжаттардың тiзбесi көрсетiледi.
      Хабарламаның екi данасы ұйымға берiледi, оның бiреуi ұйымның хабарламаны алғаны туралы белгi қойылып, уәкiлеттi органға қайтарылады.
      Тексеру алдын ала хабарландырылмай да жүргiзiлуi мүмкiн.
      4. Ұйым тексеру басталғаннан кейiнгi келесi күннен кешiктiрмей тексеру тобы жетекшiсiнiң атына мынадай:
      1) тексеру жүргiзудi қамтамасыз етуге жауапты басшы туралы және оны ауыстыратын адам туралы;
      2) ұйымның қажеттi құжаттарды (мәлiметтердi) әзiрлеуге, оларды уақытында тексеру тобына беруге және тексеру тобынан аралық есептердi алуға жауапты мамандары туралы деректердi қамтитын хатты табыс етедi.
      5. Уәкiлеттi орган қажет болғанда тексеру жүргiзу мерзiмiн ұзартуы мүмкiн, бұл жөнiнде ұйымға жазбаша хабарлама жiберiледi.
      Хабарламаның екi данасы ұйымға берiледi, оның бiреуi хабарламаны алғандығы туралы белгi қойылып уәкiлеттi органға қайтарылады.
      6. Ұйым тексеру тобына уәкiлеттi орган тексеруге берген тапсырмада көрсетiлген мәселелер бойынша жәрдем көрсетуге, сондай-ақ кез келген лауазымды адамдар мен қызметкерлерден жауап алу мүмкiндiгiн және ақпаратты тексеру үшiн қажеттi кез келген көздерге қол жетiмдiлiктi қамтамасыз етуге мiндеттi.
      7. Ұйым тексеру тобына жұмыс жасау үшiн жеке үй-жай және өз әкiмшiлiк ғимараттарына кiруге рұқсат бередi, өз қызметкерлерiнiң тексеру тобы мүшелерiнiң сұрақтарына түсiнiктемелер (ауызша және жазбаша) беруiн, ұйымның қызметiне қатысты ақпараттарға, оның iшiнде автоматтандырылған жүйелер мен деректер базасына қол жеткiзудi қамтамасыз етедi, тексеру тобына қажеттi құжаттардың көшiрмелерiн түсiруге мүмкiндiк бередi, сондай-ақ тексеру тобына тексерудi уақтылы аяқтауға көмек көрсетедi.
      8. Тексеру тобы ұйымға қарау үшiн берiлетiн аралық есептер жасауы мүмкiн.
      Аралық есептерге тексеру тобының орындаушысы мен жетекшiсi қол қояды.
      9. Аралық есептiң мазмұнында ескертулер бар болған жағдайда ұйым аралық есептi алған күннен бастап төрт жұмыс күнi өткенде өздерiнiң жазбаша қарсылықтарын табыс етедi.
      Аралық есептерде жазылған қорытындылар алдын ала болып табылады және ұйымнан алынған келiспеушiлiктер мен қосымша, оның iшiнде үшiншi тұлғалардан алынған ақпарат ескерiлiп, тексеру нәтижелерi туралы жиынтық есепте қайта қаралуы мүмкiн.
      10. Тексеру тобы ұйымнан барлық қажеттi құжатты, оның iшiнде олардың көшiрмелерiн тексеру нәтижелерi туралы аралық және жиынтық есепке қосу үшiн алады.
      Тексеру тобының жетекшiсi ұйымның басшысына көрсетiлген мерзiмдерде орындалуға тиiс жазбаша сауалдар жiбередi.
      11. Тексеру тобының мүшелерi тексеру жүргiзу кезiнде ұйымнан алған құжаттардың сақталуын және олардағы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етедi.
      12. Тексеру аяқталғаннан кейiн отыз күнтiзбелiк күн iшiнде ұйымның бiрiншi басшысының атына тексеру жетекшiсi мен оның тiкелей басшысы қол қойған тексеру нәтижелерi туралы қорытынды есептiң екi данасы жiберiледi.
      13. Басшы (орынбасар) не ұйымды тексерудi жүргiзудi қамтамасыз етуге жауапты басшы тексеру нәтижелерi туралы қорытынды есептiң бiрiншi данасын қабылдап алады, есептiң екiншi данасының әрбiр парағына қол қояды, оның соңғы парағына лауазымын, тегiн, атын, әкесiнiң атын көрсете отырып, алған күнi туралы белгi қояды және тексеру нәтижелерi туралы қорытынды есептi алғаннан кейiнгi келесi күннен кешіктiрмей оны уәкiлеттi органға жiбередi. Тексеру нәтижелерi туралы қорытынды есепте жазылған тексеру нәтижелерiн ұйым ұйымның атқарушы және басқа басқару органдарына мәлiмет үшiн жеткiзедi.
      14. Тексеру нәтижелерi туралы қорытынды есепте жазылған тексеру нәтижелерi бойынша келiспеушiлiктер болған кезде ұйым тексеру нәтижелерi туралы қорытынды есептi алған күннен бастап он күнтiзбелiк күн iшiнде оларды уәкiлеттi органға жазбаша түрде табыс етедi.
      15. Тексеру нәтижелерi туралы қорытынды есепте жазылған ұйымды тексерудiң нәтижелерi уәкiлеттi орган басшысының немесе оның орынбасарының, уәкiлеттi органның бөлiмшесi басшысының немесе оның орынбасарының төрағалық етуiмен өткiзiлетiн мәжiлiсте ұйым басшыларын шақыра отырып қаралуы мүмкiн.
      16. Мәжiлiс нәтижелерi мәжiлiс төрағасы қол қоятын хаттамамен ресiмделедi және қол қойылған күннен бастап бес күнтiзбелiк күн iшiнде ұйым басшысына танысуға жiберiледi. Ұйым келiспеушiлiгi болған жағдайда мәжiлiс хаттамасын алған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде оны уәкiлеттi органға жазбаша түрде бередi.
      Уәкiлеттi орган ұйымның хаттамамен қарсылықтарымен келiспеген кезде соңғы шешiмдi уәкiлеттi органның басшысы немесе оның орынбасары қабылдайды.
      17. Тексеру нәтижелерi тек қана уәкiлеттi органның өз функцияларын орындауы мақсатында пайдалануға жатады.
      18. Тексеру нәтижелерi туралы қорытынды есептi ұйым өзiнiң қаржылық дәулеттiлiгiн растау үшiн жарнамалық немесе өзге де мақсатта пайдалана алмайды, сондай-ақ ол үшiншi тұлғаларға, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкiлеттi органның келiсiмiнсiз берiлмейдi.
      19. Ұйым уәкiлеттi органға табыс еткен қаржылық және өзге де есептiлiктiң құжаттық деректерi мен тексеру нәтижелерi туралы қорытынды есепте келтiрiлген мәлiметтерiнде алшақтық болған жағдайда, ұйым уәкiлеттi органның нұсқамасы бойынша өз есептiлiгiн қорытынды есептiң нәтижелерiне, оның iшiнде алдыңғы есеп күндерiне сәйкес келтiредi.
      20. Ұйым жоспарланған шаралары және тексеру кезiнде анықталған бұзушылықтар мен кемшiлiктердi жою жөнiндегi жауапты орындаушылары көрсетiлген iс-шаралар жоспарын уәкiлетті орган белгiлеген мерзiмде келiсуге ұсынады.
      Ұйым iс-шаралар жоспарын уәкiлеттi органмен келiскеннен кейiн бұзушылықтар мен кемшiлiктердi жою туралы есептердi не iс-шаралар жоспары бойынша өзiне алған мiндеттердiң орындалмау себептерi туралы түсiнiктердi табыс етедi.
      21. Ұйым тексерудi белгiленген мерзiмдерде жүргiзуге мүмкiндiк болмауына әкеп соқтырған, құжаттарды, ақпараттарды тексеру топтарының сұрауларында көрсетiлген мерзiмдерде беруден бас тартқан, осы баптың 7 және 10-тармақтарының шарттарын орындамаған жағдайда, тексеру жетекшiсiнiң шешiмi бойынша бұл жөнiнде уәкiлеттi органның басшысы немесе оның орынбасары жазбаша хабардар етiлгеннен кейiн тексеру тоқтатылуы мүмкiн.
      22. Уәкiлеттi органның қызметкерлерiне ұйымның қызметiн тексеру барысында алынған мәлiметтердi жария етуге не үшiншi тұлғаларға беруге тыйым салынады.
      23. Тексерудi жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына ұйым қызметiн тексеру барысында алынған және заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтердi жария еткенi үшiн жауапты болады.
      Ескерту. 13-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       14-бап. Ақпарат алу жөнiндегi өкiлеттiктер

      Уәкiлеттi органға жүктелген қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау функцияларын сапалы және уақтылы орындауды қамтамасыз ету, осы Заңның талаптарын iске асыру мақсатында уәкiлеттi орган жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттiк органдардан өзiнiң қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпарат алуға құқылы, бұл орайда алынған мәлiметтер жария етуге жатпайды.
      Уәкiлеттi органның қызметкерлерi өздерiнiң  қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында алынған қызметтiк, коммерциялық, банктiк немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтердi жариялағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

       15-бап. Уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының
                басқа мемлекеттiк органдарымен және басқа
                мемлекеттердiң қаржы рыноктары мен қаржылық
                ұйымдарды реттеудi және қадағалауды жүзеге
                асыратын органдарымен өзара әрекетi

      1. Уәкiлеттi орган өз қызметiнде Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен өзiне берiлген өкiлеттiктерi шегiнде ешкiмге тәуелсiз. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк органдар уәкiлеттi органның заң тұрғысында бекiтiлген өкiлеттiктерiн iске асыру жөнiндегi қызметiне араласуға құқылы емес.
      2. Уәкiлеттi орган өз қызметiн басқа мемлекеттiк органдармен Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құзыретi шегiнде үйлестiредi.
      3. Уәкiлеттi орган басқа мемлекеттердiң қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарымен ынтымақтастықта болады және олардың қадағалау функцияларын жүзеге асыруына қажеттi ақпарат алмасуға құқылы.

  3-тарау. Қорытынды ережелер

       16-бап. Қазақстан Республикасының қаржы рыногы мен
                қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және
                қадағалау туралы заңдарын бұзғаны үшін
                жауаптылық

      Қазақстан Республикасының қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы заңдарын бұзғаны үшiн кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.

       17-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртiбi

      Осы Заң 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi