Акционерлік қоғамдар туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы N 415 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң акционерлік қоғамның құқықтық жағдайын, құрылу, қызмет, қайта ұйымдастырылу және таратылу тәртібін; акционерлердің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі шараларды; акционерлік қоғам органдарының құзыретін, құрылу және жұмыс істеу тәртібін; оның лауазымды адамдарының өкілеттігін, сайлану тәртібін және жауапкершілігін белгілейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) акционер - акцияның меншік иесі болып табылатын адам;

      2) акция - акционерлік қоғам шығаратын және акционерлік қоғамды басқаруға қатысу, ол бойынша дивиденд және қоғам таратылған жағдайда оның мүлкінің бір бөлігін алу құқығын, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген өзге де құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз;

      3) аффилиирленген тұлғалар - тiкелей және (немесе) жанама түрде шешiмдердi айқындауға және (немесе) әрқайсысы (тұлғалардың бірi) қабылдайтын шешiмге ықпал етуге, соның iшiнде жасалған мәмiлеге орай, мүмкiндiгi бар (өздерiне берiлген өкiлеттiктер шеңберiнде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарды қоспағанда) жеке немесе заңды тұлғалар. Қоғамның аффилиирленген тұлғаларының тiзбесi осы Заңның 64-бабында белгiленедi;

      4) дауыс беретiн акциялар - орналастырылған жай акциялар, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда дауыс беру құқығы берiлген артықшылықты акциялар. Дауыс беретiн акциялар санына қоғам сатып алған акциялар, сондай-ақ нақтылы ұстаудағы және орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiнде ол туралы мәлiметтер жоқ меншiк иесiне тиесiлi акциялар кiрмейдi;

      5) дивиденд - акционердің өзіне тиесілі акциялар бойынша акционерлік қоғам төлейтін кірісі;

      6) лауазымды адам - акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің, оның атқарушы органының мүшесі немесе акционерлік қоғамның атқарушы органының функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адам;

      6-1) қоғамды корпоративтiк басқару кодексi - қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысында бекiтiлетiн, қоғамды басқару барысында туындайтын қатынастарды, соның iшiнде қоғамның акционерлерi мен органдары арасындағы, қоғам органдары, қоғам және мүдделi тұлғалар арасындағы қатынастарды реттейтiн құжат;

      6-2) корпоративтік веб-сайт - Интернет желісіндегі қоғамға тиесілі және уәкілетті орган белгілеген талаптарға жауап беретін ресми электронды сайт. Жария компаниялар үшін корпоративтік веб-сайттың болуы міндетті;

      6-3) корпоративтік хатшы - директорлар кеңесінің мүшесі болып табылмайтын акционерлік қоғамның не қоғамның атқарушы органының қызметкері, оны қоғамның директорлар кеңесі тағайындайды және қоғамның директорлар кеңесіне есеп береді, сондай-ақ өз қызметі шеңберінде акционерлер жиналысының және қоғамның директорлар кеңесінің отырыстарын дайындауды және жүргізуді бақылайды, акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдарды және қоғамның директорлар кеңесінің отырысына материалдарды қалыптастыруды қамтамасыз етеді, оларға қол жеткізудің қамтамасыз етілуін бақылайды. Корпоративтік хатшының құзыреті және қызметі қоғамның ішкі құжаттарымен айқындалады;

      7) айқын басым көпшілік - акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының жалпы санының кемінде төрттен үш бөлігі мөлшеріндегі көпшілік;

      8) айырбасталатын бағалы қағаз - акционерлік қоғамның шығару проспектісімен айқындалатын талаптар мен тәртіп арқылы оның бағалы қағазының басқа түріне айырбасталуға жататын бағалы қағазы;

      9) акциялардың бақылау пакеті - акционерлік қоғам қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқық беретін акциялар пакеті;

      10) ірі акционер - бір-бірімен жасалған келісім негізінде әрекет ететін, өзіне (жинақтап алғанда өздеріне) акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп проценті тиесілі акционер немесе бірнеше акционер;

      11) кумулятивтік дауыс беру - дауыс беруге қатысушы әрбір акцияға қоғам органы сайланатын мүшелерінің санына тең дауыс саны келетін дауыс беру тәсілі;

      11-1) миноритарлық акционер - акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының он процентінен азы тиесілі акционер;

      12) тәуелсіз директор - сол акционерлік қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылмайтын және өзі директорлар кеңесіне сайланардың алдындағы үш жыл ішінде ондай тұлға болмаған (оның сол акционерлік қоғамның тәуелсіз директоры қызметінде болған жағдайды қоспағанда), сол акционерлік қоғамның аффилиирленген тұлғаларына қатынасы жөнінен аффилиирленген тұлға болып табылмайтын; сол акционерлік қоғамның немесе ұйымдардың - сол қоғамның аффилиирленген тұлғаларының лауазымды адамдарымен бағыныштылығы жағынан байланысты емес; мемлекеттік қызметші болып табылмайтын; сол акционерлік қоғамның аудиторы емес және өзі директорлар кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде ондай аудитор болмаған; сол акционерлік қоғамның аудитіне аудиторлық ұйым құрамында жұмыс істейтін аудитор ретінде қатыспайтын және өзі директорлар кеңесіне сайланардың алдындағы үш жыл ішінде мұндай аудитке қатыспаған директорлар кеңесінің мүшесі;

      13) акцияның нақтылы құны - барлық жай және артықшылықты акцияларға арналған және акционерлiк қоғамның құрылтай шартында (жалғыз құрылтайшының шешiмiнде) айқындалатын бiрыңғай баға, осы баға бойынша акциялар құрылтайшылар арасында орналастырылады (жалғыз құрылтайшы төлейдi);

      14) жарияланған акциялар - шығарылуын Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарына сәйкес уәкілетті орган тіркеген акциялар;
      15) (алып тасталды)
      16) (алып тасталды)

      17) төлем агенті - банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;

      18) орналастырылған акциялар - акционерлік қоғамның бағалы қағаздардың бастапқы рыногында құрылтайшылар және инвесторлар құнын төлеген акциялары;

      19) қоғамның тіркеушісі - қоғамның бағалы қағаздарын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргізу жөніндегі кәсіби қызметті жүзеге асыратын ұйым;

      20) уәкілетті орган - бағалы қағаздар рыногын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      21) орналастыру бағасы - акцияларды бастапқы бағалы қағаздар рыногына орналастырған кезде акцияның белгіленетін бағасы.
      Ескерту. 1-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар
             туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Азаматтық кодекстен , осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Осы Заңның ережелері Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.

      3. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      3-бап. Акционерлік қоғам

      1. Өз қызметін жүзеге асыру үшін қаражат тарту мақсатымен акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлік қоғам (бұдан әрі - қоғам) деп танылады.
      Қоғамның өз акционерлерінің мүлкінен оқшауланған мүлкі болады және олардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
      Қоғам өз міндеттемелері бойынша өз мүлкі шегінде жауап береді.

      2. Қоғамның акционері оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, өзіне тиесілі акциялардың құны шегінде қоғам қызметіне байланысты залалдарға тәуекел етеді.

      3. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында коммерциялық емес ұйымдар құрылуы мүмкін.

      4. Қоғам (акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымнан басқасы) облигациялар және бағалы қағаздардың өзге де түрлерін шығаруға құқылы.

      5. Қазақстан Республикасының заң актілерінде қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар үшін акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысаны міндетті болып белгіленуі мүмкін.

      6. Қоғамның фирмалық атауы болады, онда "акционерлік қоғам" ұйымдық-құқықтық нысанын көрсету және оның атауы қамтылуға тиіс. Қоғамның атынан кейін "АҚ" аббревиатурасын пайдалана отырып, қоғамның атауын қысқартуға жол беріледі.

      4-бап.
      Ескерту. 4-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       4-1-бап. Жария компания

      1. Мынадай өлшемдерге сәйкес келетін қоғам жария компания болып танылады:

      1) қоғам өзінің жай акцияларын, осы акцияларды инвесторлардың шектеусіз тобына ұсына отырып, бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған және (немесе) ұйымдастырылған нарығына орналастыруды жүзеге асыруға тиіс;

      2) қоғамның орналастырылған жай акцияларының жалпы санының кемінде отыз проценті, олардың әрқайсысы қоғамның орналастырылған жай акцияларының жалпы санынан қоғамның жай акцияларының бес процентінен аспайтын акционерлерге тиесілі болуға тиіс;

      3) қоғамның жай акцияларының сауда-саттық көлемі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс;

      4) қоғамның акциялары Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының тізімдер санатында болуға тиіс, енгізілуі және онда болуы үшін қор биржасының ішкі құжаттарымен бағалы қағаздарға және олардың эмитенттеріне арнайы (листингілік) талаптар белгіленеді не олар Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы арнайы сауда алаңдарының тізіміне енгізіледі.

      2. Жария компанияның жарғысында:

      1) корпоративтік басқару кодексінің;

      2) корпоративтік хатшы лауазымының;

      3) корпоративтік веб-сайттың;

      4) "алтын акцияға" тыйым салудың болуы көзделуге тиіс.

      3. Уәкілетті орган қоғамды жария компания деп тануды немесе одан жария компанияның мәртебесін қайтарып алуды қоғамның өтініші негізінде өзі белгілеген тәртіппен жүргізеді.

      4. Қоғам мынадай:

      1) қатарынан соңғы үш айдың ішінде осы баптың 1-тармағының 2) және (немесе) 3) тармақшаларындағы талаптарды сақтамаған;

      2) осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес келмеген жағдайларда жария компания мәртебесінен айырылады.
     Ескерту. 4-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

   2-тарау. Қоғамды құру

      5-бап. Қоғамның құрылтайшылары

      1. Қоғамды құру туралы шешім қабылдаған жеке және (немесе) заңды тұлғалар оның құрылтайшылары болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметін, жергілікті атқарушы органдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен мемлекеттік мекемелер қоғамның құрылтайшылары немесе акционерлері бола алмайды.
      Мемлекеттік кәсіпорын осы кәсіпорынға қатысты меншік иесі мен мемлекеттік басқару органының функциясын жүзеге асыратын мемлекеттік органның келісімімен ғана қоғамның құрылтайшысы болуға және оның акцияларын сатып алуға құқылы.

      3. Қоғамның құрылтайшысы жалғыз тұлға болуы мүмкін.

      4. Қоғамның құрылтайшылары қоғамды құруға байланысты және ол мемлекеттік тіркелгенге дейін туындаған шығыстарды төлеу жөнінде ортақ жауаптылықта болады. Кейіннен мұндай шығыстарды қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы мақұлдаған жағдайда ғана аталған шығыстарды қоғам өз құрылтайшыларына өтейді.

      6-бап. Құрылтай жиналысы. Жалғыз құрылтайшы

      1. Қоғам өз құрылтайшылары жиналысының (құрылтай жиналысының) шешімі бойынша құрылады. Қоғамды бір құрылтайшы құрған жағдайда қоғамды құру туралы шешімді ондай тұлға жеке-дара қабылдайды.
      Қоғам осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгіленген тәртіппен бар заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру арқылы құрылуы мүмкін.

      2. Бірінші құрылтай жиналысында құрылтайшылар:

      1) қоғамды құру туралы шешім қабылдайды және қоғамды құру жөніндегі бірлескен қызмет тәртібін белгілейді;

      2) құрылтай шартын жасайды;

      3) құрылтайшылар төлейтiн акцияның алдын ала төлем мөлшерiн белгiлейдi;

      4) жарияланған акциялардың, соның ішінде құрылтайшылар төлеуге тиісті акциялардың санын белгілейді;

      4-1) қоғамның акцияларына айырбастауға жататын қоғамның бағалы қағаздарын айырбастаудың шарттары мен тәртібін белгілейді;

      4-2) осы Заңға сәйкес қоғам акцияларды сатып алған кезде олардың құнын белгілеудің әдістемесін бекітеді;

      5) шығарылатын болып жарияланған акцияларды мемлекеттік тіркеу туралы шешім қабылдайды;

      6) қоғамның тіркеушісін таңдайды;

      7) мемлекеттік тіркеуге арналған құжаттарға қоғам атынан қол қоюға уәкілетті адамдарды сайлайды;

      8) қоғам құрылтайшыларының жарғылық капиталды төлеуге енгізілетін мүлкін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалайтын адамдарды белгілейді;

      9) қоғамның органдары құрылғанға дейін қоғамның қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыруға және үшінші тұлғалар алдында оның мүдделерін білдіруге уәкілетті адамдарды сайлайды;

      10) қоғамның жарғысын бекітеді.

      3. Акциялар орналастырыла бастағанға дейін құрылтайшылардың кейіннен бірнеше жиналысын өткізуге жол беріледі. Бұл орайда құрылтай жиналыстарына құрылтай шартының барлық тараптары қатысқан жағдайда ғана бірінші құрылтай жиналысында қабылданған шешімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол беріледі.

      4. Қоғамның бірінші құрылтай жиналысында әрбір құрылтайшының бір дауысы болады. Егер құрылтай шартында өзгеше белгіленбесе, кейінгі құрылтай жиналыстарында әрбір құрылтайшының бір дауысы болады.

      5. Құрылтай жиналысының (жалғыз құрылтайшының) шешімдері қоғамның барлық құрылтайшылары (жалғыз құрылтайшысы) қол қоюға тиісті хаттамамен ресімделеді.
      Ескерту. 6-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      7-бап. Құрылтай шарты. Жалғыз құрылтайшының шешімі

      1. Құрылтай шартында (жалғыз құрылтайшының шешімінде):

      1) қоғамның құрылтайшылары (жалғыз құрылтайшысы) туралы мәліметтер, соның ішінде:
      жеке тұлғаға қатысты: аты, азаматтығы, тұратын жері және жеке басын куәландыратын құжат деректері;
      заңды тұлғаға қатысты: оның атауы, орналасқан жері, мемлекеттік тіркеуден өткені туралы деректер;

      2) қоғамның құрылуы туралы жазба, қоғамның толық және қысқартылған атауы, сондай-ақ оның құрылу тәртібі;

      3) құрылтайшылар төлейтiн акциялардың алдын ала төлем мөлшерi, сондай-ақ оны төлеудiң мерзiмдерi мен тәртiбi;"

      4) акциялар шығаруды мемлекеттік тіркеуден өткізгеннен кейін қоғамның құрылтайшылар арасында орналастырылатын (жалғыз құрылтайшы сатып алатын) жарияланған акцияларының саны, түрлері және нақтылы құны;

      5) оның құрылтайшыларының құқықтары мен міндеттері және қоғамның құрылуына байланысты шығыстарды бөлу, сондай-ақ құрылтайшылардың қоғамды құру жөніндегі қызметін жүзеге асырудың өзге де талаптары;

      6) қоғамды құру және мемлекеттік тіркеу процесінде оның мүдделерін білдіру тапсырылатын адамдардың өкілеттіктерін белгілеу;

      7) қоғам құрылтайшыларының кейінгі жиналыстарын шақыру мен өткізу тәртібі, сондай-ақ әрбір қоғам құрылтайшысының кейінгі құрылтай жиналыстарындағы дауыс саны;

      8) қоғамның жарғысын бекіту туралы жазба;

      9) құрылтай шартына (жалғыз құрылтайшының шешіміне):
      құрылтайшылардың шешімі бойынша;
      Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес енгізілуге тиісті өзге де талаптар болады.

      2. Құрылтай шартының (жалғыз құрылтайшы шешімінің) қолданылу кезеңінде осы Заңның 6-бабының 3-тармағында белгіленген талаптар сақталған жағдайда оның тараптары (жалғыз құрылтайшысы) оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы.

      3. Құрылтай шартында (жалғыз құрылтайшының шешімінде) жазылған мәліметтер, егер шарттың өзінде (жалғыз құрылтайшының шешімінде) өзгеше көзделмесе, коммерциялық құпия болып табылады. Құрылтай шарты (жалғыз құрылтайшының шешімі) мемлекеттік органдарға, сондай-ақ үшінші тұлғаларға қоғамның шешімі бойынша не Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларда ғана берілуге тиіс.

      4. Құрылтай шартының (жалғыз құрылтайшы шешімінің) қолданылуы жарияланған акциялардың шығарылуы мемлекеттік тіркелген күннен бастап тоқтатылады.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      8-бап. Құрылтай шартын жасасу (жалғыз құрылтайшының
             шешімін ресімдеу) тәртібі

      1. Құрылтай шарты әрбір құрылтайшының немесе оның өкілінің шартқа қол қоюы арқылы жазбаша нысанда жасалады.
      Жалғыз құрылтайшының шешімі жазбаша нысанда ресімделіп, оған құрылтайшы немесе оның өкілі қол қояды.
      Құрылтай шартын (жалғыз құрылтайшының шешімін) нотариат куәландыруға тиіс.

      2. Құрылтайшылар (жалғыз құрылтайшы) өкілдерінің Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес ресімделген және құрылтайшылардың жиналысына қатысу мен құрылтай шартына қол қою құқығын қоса алғанда, қоғам құруға құқық беретін тиісті өкілеттіктері болуға тиіс.

      9-бап. Қоғамның жарғысы

      1. Қоғамның жарғысы қоғамның заңды тұлға ретіндегі құқықтық мәртебесін айқындайтын құжат болып табылады. Жұмыс iстеп тұрған акционерлiк қоғамның акционерлердің жалпы жиналысы уәкілеттік берген тұлға қол қоятын жарғысының жаңа редакциясын (оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi) қоспағанда, қоғам жарғысына құрылтайшылар (жалғыз құрылтайшы) не оның өкiлдерi (өкiлi) қол қоюға тиiс. Қоғамның жарғысы, сондай-ақ оған енгiзiлетiн барлық өзгерiстер мен толықтырулар нотариаттық куәландырылуға тиiс.

      2. Қоғамның жарғысында мыналар:

      1) қоғамның толық және қысқартылған атауы;

      2) қоғамның атқарушы органының орналасқан жері;

      3) қоғамның артықшылықты акцияларымен куәландырылған құқықтар көлемiн қоса алғанда, акционерлердiң құқықтары туралы мәлiметтер;
      4) (алып тасталды)

      5) қоғамның органдарын құру тәртібі және олардың құзыреті;

      6) қоғам органдарының қызметін ұйымдастыру тәртібі, соның ішінде:
      қоғам акционерлерінің жалпы жиналысын және алқалы органдарының отырыстарын шақыру, әзірлеу және өткізу тәртібі;
      қоғам органдарының шешімдер қабылдау тәртібі, соның ішінде шешімдері айқын басым көпшілік дауыспен қабылдануға тиісті мәселелердің тізбесі;

      7) қоғамның қызметi туралы ақпаратты жариялау үшiн пайдаланылатын бұқаралық ақпарат құралын көрсете отырып, қоғамның акционерлеріне оның қызметі туралы ақпарат беру тәртібі;

      7-1) қоғам акционерлерi мен лауазымды тұлғаларының өз аффилиирленген тұлғалары туралы ақпаратты беру тәртiбi;";

      8) қоғам коммерциялық емес ұйым болған жағдайда: қоғамның коммерциялық емес ұйым екендігін көрсету, дауыс беру рәсімі, дивидендтерді төлемеу туралы ережелер мен осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгіленген басқа да талаптар;

      9) қоғам қызметінің тоқтатылу талаптары;

      10) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілеріне сәйкес өзге де ережелер болуға тиіс.

      3. Барлық мүдделі тұлғалар қоғамның жарғысымен танысуға құқылы. Қоғам мүдделi тұлғаның талап етуі бойынша оған қоғамның жарғысымен, сонымен бірге оған кейін енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен танысуға мүмкіндік беруге міндетті. Қоғам акционердің өзіне қоғам жарғысының көшірмесін беру туралы талабын үш жұмыс күні ішінде орындауға міндетті. Қоғам акционерге жарғының көшірмесін бергені үшін ақы алуға құқылы, ол көшірме дайындауға, сондай-ақ жеткізіп беру қажет болған жағдайда оны жеткізуге жұмсалған шығындардан аспауға тиіс.

      4. Қоғам өз қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Қоғамның үлгі жарғысы негізінде жүзеге асыруға құқылы.

      5. Қоғамның қызметi туралы ақпаратты жариялау үшiн қолданылуы мүмкiн бұқаралық ақпарат құралдары және оларға қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленеді.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

3-тарау. Қоғамның жарғылық капиталы

      10-бап. Қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі
              мөлшері

      Қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 50000 еселенген мөлшерінде болады.
      Осы баптың бірінші бөлігінде қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері бойынша белгіленген талаптар өз қызметін инвестициялық жекешелендіру қоры ретінде жүзеге асыратын қоғамға қолданылмайды.

      11-бап. Қоғамның жарғылық капиталы

      1. Қоғамның жарғылық капиталы құрылтайшылардың (жалғыз құрылтайшының) акцияларды олардың нақтылы құны бойынша және инвесторлардың осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес айқындалатын орналастыру бағалары бойынша төлеуi арқылы қалыптастырылады және ол Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен көрсетiледі.
      Қайта ұйымдастыру нәтижесiнде құрылған қоғамның жарғылық капиталы осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес қалыптастырылады.

      2. Акцияның құрылтайшылар алдын ала енгiзетiн төлем мөлшерi қоғамның жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерiнен кем болмауға және оны құрылтайшылар қоғам заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап отыз күн iшiнде толық төлеуге тиiс.

      3. Қоғамның жарғылық капиталын ұлғайту қоғамның жарияланған акцияларын орналастыру арқылы жүзеге асырылады.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

4-тарау. Қоғамның акциялары және басқа да
бағалы қағаздары

      12-бап. Қоғамның бағалы қағаздары туралы жалпы
              ережелер

      1. Қоғам жай акциялар, не жай және артықшылықты акциялар шығаруға құқылы. Акциялар құжатсыз нысанда шығарылады.

      2. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдардың артықшылықты акциялар шығаруға құқығы жоқ.

      3. Акция бөлінбейді. Егер акция ортақ меншік құқығымен бірнеше тұлғаға тиесілі болса, олардың бәрі бір акционер деп танылады және өзінің жалпы өкілі арқылы акциямен куәландырылған құқықтарды пайдаланады.

      4. Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, акцияның бір түрі оны иеленетін әрбір акционерге осындай акциялар түрінің басқа иелерімен бірдей көлемде құқықтар береді.

      5. Қазақстан Республикасының заң актілерінде:

      1) қоғамның акцияларымен мәмілелер жасасуға;

      2) қоғамның бір акционерге тиесілі акцияларының ең көп мөлшеріне;

      3) қоғамның акциялары бойынша бір акционерге берілетін ең көп дауыс санына шектеулер белгіленуі мүмкін.

      6. Қоғам басқа да бағалы қағаздар шығаруға құқылы, оларды шығару, орналастыру, айналысқа салу және өтеу талаптары мен тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарымен белгіленеді.

      13-бап. Акциялардың түрлері

      1. Жай акция дауыс беруге енгізілетін барлық мәселелерді шешкен кезде акционерге дауыс беру құқығымен акционерлердің жалпы жиналысына қатысу құқығын, қоғамда таза табыс болған жағдайда дивидендтер, сондай-ақ қоғам таратылған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен оның мүлкінің бір бөлігін алу құқығын береді.

      2. Артықшылықты акциялардың меншік иелері - акционерлердің жай акциялардың меншік иелері - акционерлеріне қарағанда қоғамның жарғысында белгіленіп, алдын ала айқындалып кепілдік берілген мөлшерде дивидендтер алуға және қоғам таратылған кезде осы Заңда белгіленген тәртіппен мүліктің бір бөлігіне басым құқығы бар.
      Қоғамның артықшылықты акцияларының саны оның жарияланған акцияларының жалпы санының жиырма бес процентінен аспауға тиіс.

      3. Осы баптың 4-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, артықшылықты акция акционерге қоғамды басқаруға қатысу құқығын бермейді.

      4. Егер:

      1) қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы шешімі бойынша артықшылықты акцияларды иеленуші акционердің құқығын шектеуі мүмкін мәселені қараса. Шектеу қою үшін орналастырылған (сатып алынғандарын шегере отырып) артықшылықты акциялардың жалпы санының кемінде үштен екі бөлігі жақтап дауыс берген жағдайда ғана мұндай мәселе бойынша шешім қабылданды деп есептеледі;

      2) қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы қоғамды қайта ұйымдастыру не тарату туралы мәселені қараса;

      3) артықшылықты акция бойынша дивиденд оны төлеу үшін белгіленген мерзім өткен күннен бастап үш ай ішінде толық мөлшерінде төленбесе, артықшылықты акция акционерге қоғамды басқаруға қатысу құқығын береді.

      5. Құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшының шешімі) немесе акционерлердің жалпы жиналысы жарғылық капиталды қалыптастыруға және дивидендтер алуға қатыспайтын бір "алтын акцияны" енгізуі мүмкін. "Алтын акция" иесінің акционерлердің жалпы жиналысының, директорлар кеңесі мен атқарушы органның шешімдеріне қоғам жарғысында белгіленген мәселелер бойынша вето қою құқығы болады. "Алтын акция" куәландырған вето қою құқығы басқаға берілмеуге тиіс.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      14-бап. Қоғам акционерлерінің құқықтары

      1. Қоғам акционерінің:

      1) осы Заңда және қоғамның жарғысында көзделген тәртіппен қоғамды басқаруға қатысуға;

      2) дивидендтер алуға;

      3) қоғамның қызметі туралы ақпарат алуға, оның ішінде акционерлердің жалпы жиналысында немесе қоғамның жарғысында белгіленген тәртіппен қоғамның қаржы есептілігімен танысуға;

      4) қоғамның тіркеушісінен немесе нақтылы ұстаушыдан оның бағалы қағаздарға меншік құқығын растайтын үзінді көшірмелер алуға;

      5) қоғам акционерлерінің жалпы жиналысына қоғамның директорлар кеңесіне сайлау үшін кандидатура ұсынуға;

      6) қоғамның органдары қабылдаған шешімге сот тәртібімен дауласуға;

      7) қоғамға оның қызметі туралы жазбаша сауал салуға және қоғамға сауал келіп түскен күннен бастап отыз күн ішінде дәлелді жауаптар алуға;

      8) қоғам таратылған кезде мүліктің бір бөлігіне;

      9) заңнамалық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заңда белгіленген тәртіппен өз акцияларына айырбасталатын қоғамның акцияларын немесе басқа да бағалы қағаздарын артықшылықпен сатып алуға құқығы бар.

      2. Ірі акционердің, сондай-ақ:

      1) акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруды талап етуге немесе директорлар кеңесі акционерлердің жалпы жиналысын шақырудан бас тартқан жағдайда оны шақыру туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге;

      2) директорлар кеңесіне осы Заңға сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіне қосымша мәселелер енгізуді ұсынуға;

      3) директорлар кеңесінің отырысын шақыруды талап етуге;

      4) өз есебінен аудиторлық ұйымның қоғам аудитін жүргізуін талап етуге құқығы бар.

      3. Акционерлердің осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген құқықтарын шектеуге жол берілмейді.
      Қоғамның жарғысында акционерлердің өзге де құқықтары көзделуі мүмкін.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.08.07. N 321 Заңдарымен.

      15-бап. Қоғам акционерлерінің міндеттері

      1. Қоғамның акционері:

      1) акцияларды төлеуге;

      2) осы акционерге тиесілі акцияларды қоғамның тіркеушісіне және нақтылы ұстаушыға қоғамның акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргізуге қажетті мәліметтердің өзгерісі туралы он күн ішінде хабарлауға;

      3) қоғам немесе оның қызметі туралы қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты жария етпеуге;

      4) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгіленген басқа да міндеттерді орындауға міндетті.

      2. Акционердің осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген талаптарды орындамауының салдары үшін қоғам мен қоғамның тіркеушісі жауапты болмайды.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      16-бап. Қоғамның бағалы қағаздарын басымдықпен
              сатып алу құқығы

      1. Жарияланған акцияларды немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздарды орналастыру, сондай-ақ бұрын сатып алынған осы бағалы қағаздарды сату ниетi бар қоғам осы туралы шешiм қабылдаған күннен бастап он күн iшiнде өз акционерлерiне жазбаша хабарлама жiберу немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы өздерiнде бар акциялар санына барабар бағалы қағаздарды тең жағдайларда орналастыру (өткiзу) туралы шешiм қабылдаған қоғамның органы белгiлеген орналастыру (өткiзу) бағасы бойынша оларды сатып алуды ұсынуға мiндеттi. Акционер қоғам акцияларын орналастыру (өткiзу) туралы хабарланған күннен бастап отыз күн iшiнде акцияларды не қоғамның акцияларына айырбасталатын өзге де бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес сатып алуға өтiнiм беруге құқылы.
      Бұл орайда қоғамның жай акцияларын иеленетiн акционердiң жай акцияларды немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығы бар, ал қоғамның артықшылықты акцияларын иеленушi акционердiң қоғамның артықшылықты акцияларын басымдықпен сатып алу құқығы бар.

      2. Қоғам акционерлерінің бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығын іске асыру тәртібін уәкілетті орган белгілейді .
      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      17-бап.
     Ескерту. 17-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      18-бап. Қоғамның акцияларын орналастыру

      1. Қоғам өз акцияларының шығарылымы мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн акциялардың жарияланған мөлшерi шегiнде оларды бiр немесе бiрнеше орналастыру арқылы орналастыруға құқылы.
      Қоғамның жарияланған акцияларының саны шегiнде акцияларын орналастыру туралы шешiмдi, қоғамның жарғысында осы мәселе акционерлердiң жалпы жиналысының құзыретiне жатқызылған жағдайды қоспағанда, қоғамның директорлар кеңесi қабылдайды.
      Акцияларды орналастыру ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында өткiзiлетiн жазылу немесе аукцион не бағалы қағаздардың ұйымдастырылған рыногында өткізілетін жазылу немесе аукционда сату арқылы жүзеге асырылады.

      1-1. Акционер артықшылықпен сатып алу құқығына сәйкес оған акцияны немесе қоғамның жай акцияларына айналдырылатын басқа бағалы қағазды сатып алуға өтініш беру үшін берілген отыз күннің ішінде акцияны немесе қоғамның жай акцияларына айналдырылатын басқа бағалы қағазды иеліктен айырған кезде, егер акцияның бұрынғы иесі мұндай өтініш бермеген жағдайда осы құқық акцияның немесе қоғамның жай акцияларына айналдырылатын басқа бағалы қағазды жаңа иесіне ауысады.

      2. Жазылу арқылы қоғам орналастыратын акциялар, акцияларды артықшылықты сатып алу құқығына сәйкес сатып алатын акционерлерді қоспағанда, осы орналастыру шегінде акцияларды сатып алатын барлық тұлғалар үшін бірдей сату бағасы бойынша сатылуға тиіс.
      Акционерлер акцияларды артықшылықты сатып алу құқығына сәйкес орналастыру туралы шешім қабылдаған қоғамның органы белгілеген бірыңғай орналастыру бағасы бойынша сатып алады.

      3. Акцияларды орналастыру туралы шешім қабылдаған қоғамның органы осы орналастыру үшін белгілеген акцияларды орналастыру бағасы осы акциялардың сатылуы мүмкін неғұрлым төменгі бағасы болып табылады.

      4. Қоғамның жарияланған акцияларды орналастыру туралы шешiм қабылдауға уәкiлеттi органы орналастырылатын акциялардың санын ұлғайту және (немесе) орналастыру бағасын төмендету туралы шешiм қабылдаған жағдайда, бұл орналастыру осы Заңның 16-бабы 1-тармағының ережелерi ескерiле отырып жүргiзiледi.
      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.06.05. N 146 , 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      19-бап. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тізілімдер жүйесі

      1. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргiзудi қоғамның тіркеушісі ғана жүзеге асыра алады, ол қоғамның және оның аффилиирленген тұлғаларының аффилиирленген тұлғасы болмауға тиіс.

      2. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргiзу, сондай-ақ ол бойынша уәкілетті органға ақпарат беру тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарында белгіленеді .

      3. Қоғам өз акциялары шығарылымын мемлекеттік тіркеу мақсатында уәкілетті органға құжаттар табыс етілгенге дейін қоғамның акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргiзу жөніндегі қызмет көрсету туралы қоғамның тіркеушісімен шарт жасасуға міндетті.

      4. Орналастырылатын акция толық төленгенге дейін қоғамның осы акцияны қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiндегi (нақтылы ұстаушыны есепке алу жүйесiндегi) оны сатып алушының жеке шотына есептеу туралы бұйрық беруге құқығы жоқ.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      20-бап. Қоғам акцияларын орналастыру қорытындылары
              туралы есеп беру

      1. Қоғам уәкілетті органға қоғамның жарияланған акцияларын толық орналастырғанға дейін не оларды толық орналастырғаннан кейін әрбір алты айдың (есепті жарты жылдық аяқталғаннан кейін бір ай ішінде) қорытындылары бойынша өз акцияларын орналастыру қорытындылары туралы есеп беруге міндетті.
      2. Акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептің мазмұнын және оны табыс ету тәртібін, сондай-ақ осы есепті қарау және бекіту тәртібін уәкілетті орган белгілейді .

      21-бап. Қоғамның орналастырылатын акцияларын төлеу

      1. Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғамның орналастырылатын акцияларын төлеуге ақша, мүліктік құқықтар (соның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар) және өзге де мүлік енгізілуі мүмкін.
      Ақшадан басқа, өзге де мүлікпен төлеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген лицензия негізінде әрекет ететін бағалаушы белгілейтін баға бойынша жүзеге асырылады.

      2. Егер қоғамның орналастырылатын акцияларын төлеуге мүлікті пайдалану құқығы енгізілсе, мұндай құқықты бағалау осы мүлікті пайдалануға төленетін ақының мөлшері негізге алына отырып, қоғамның оны пайдаланған бүкіл мерзіміне жүргізіледі. Аталған мерзім біткенге дейін қоғам акционерлері жалпы жиналысының келісімінсіз мұндай мүлікті алып қоюға тыйым салынады.

      3. Қоғамға өзінің жарияланған акцияларын бағалы қағаздардың бастапқы рыногында орналастырған кезде оларды өзі сатып алуына жол берілмейді.

      22-бап. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер

      1. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді қоспағанда, қоғамның акциялары бойынша дивидендтер акционерлердің жалпы жиналысында қоғамның дауыс беретін акцияларының жай көпшілігімен дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған жағдайда ақшалай немесе қоғамның бағалы қағаздарымен төленеді.
      Қоғамның артықшылықты акциялары бойынша бағалы қағаздармен дивидендтер төлеуге жол берілмейді.
      Қоғамның акциялары бойынша оның бағалы қағаздарымен дивидендтер төлеуге акционердің жазбаша келісімі болған кезде осындай төлем қоғамның жарияланған акцияларымен және ол шығарған облигациялармен жүзеге асырылатын жағдайда ғана жол беріледі.
      Дивидендтерді алуға құқығы бар акционерлердің тізімі дивидендтер төлеу басталатын күннің алдындағы күні жасалуға тиіс.
      Төленбеген дивидендтері бар акцияларды иеліктен алу, егер акцияларды иеліктен алу туралы шартта өзгеше көзделмесе, акцияның жаңа иесінің оларды алу құқығымен жүзеге асырылады.

      2. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеудің кезеңділігі қоғамның жарғысымен және (немесе) акцияларды шығару проспектісімен белгіленеді.

      3. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеу төлем агенті арқылы жүргізілуі мүмкін. Төлем агентінің қызметіне ақы қоғам есебінен төленеді. V032632

      4. Орналастырылмаған немесе қоғамның өзi сатып алған акциялар бойынша, сондай-ақ егер сот немесе қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы қоғамды тарату туралы шешiм қабылдаса, дивидендтер есептелмейдi және төленбейдi.

      5. Қоғамның жай және артықшылықты акциялары бойынша:

      1) өз капиталының теріс мөлшері болған жағдайда немесе егер қоғамның өз капиталының мөлшері оның акциялары бойынша дивидендтер есептеу нәтижесінде теріс болса;

      2) егер қоғам Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңдарына сәйкес төлем қабілетсіздігі немесе дәрменсіздік белгілеріне сәйкес келсе не аталған белгілер қоғамда оның акциялары бойынша дивидендтер төлеу нәтижесінде пайда болса;
      3) (алып тасталды)

      6. Акционер қоғам берешегінің жиналып қалу мерзіміне қарамастан, алынбаған дивидендтерді төлеуді талап етуге құқылы.
      Дивидендтер оларды төлеу үшін белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда акционерге дивидендтердің негізгі сомасы және ақша міндеттемесін немесе оның тиісті бөлігін орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландырудың ресми ставкасын негізге ала отырып есептелетін өсімпұл төленеді.

      7. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтерді есептемейді және төлемейді.
      Ескерту. 22-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      23-бап. Жай акциялар бойынша дивидендтер

      1. Егер қоғамның жарғысында осындай төлем көзделген болса, қоғамның жай акциялары бойынша тоқсан немесе жарты жылдық қорытындылары бойынша дивидендтер төлеу тек қана акционерлердің жалпы жиналысының шешімімен ғана жүзеге асырылады.
      Қоғамның жай акциялары бойынша жыл қорытындысы бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімді акционерлердің жылдық жалпы жиналысы қабылдайды.
      Қоғамның акционерлерінің жалпы жиналысы қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдап, оны қабылдаған күнінен бастап он жұмыс күнi ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялауға құқылы.

      2. Қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұл шешім бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс. Бұл ретте жария компаниялар осы шешімді өздерінің корпоративтік веб-сайтында да жариялауға тиіс.

      3. Қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімде мынадай мәліметтер:

      1) қоғамның атауы, орналасқан жері, банк және өзге де реквизиттері;

      2) дивидендтер төленетін кезең;

      3) бір жай акцияға шаққандағы дивидендтің мөлшері;

      4) дивидендтер төлеудің басталатын датасы;

      5) дивидендтер төлеудің тәртібі мен нысаны болуға тиіс.
      Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      24-бап. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер

      1. Осы Заңның 22-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғамның артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер төлеу қоғам органының шешімін талап етпейді.
      Артықшылықты бір акцияға дивидендтер төлеу кезеңділігі және дивидендтің мөлшері қоғамның жарғысымен белгіленеді. Артықшылықты акциялар бойынша есептелетін дивидендтердің мөлшері жай акциялар бойынша осы кезең үшін есептелетін дивидендтердің мөлшерінен аз болмауы керек.
      Қоғамның артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер толық төленгенге дейін оның жай акциялары бойынша дивидендтер төленбейді.

      2. Артықшылықты акция бойынша дивидендтің кепілдікті мөлшері оның мәні тұрақты және жалпы қолжетімді болған жағдайда қайсыбір көрсеткішке қатысты белгіленген түрінде де, индекстеу арқылы да белгіленуі мүмкін.

      3. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер төлеу мерзімінің басталуы алдындағы бес жұмыс күні ішінде қоғам бұқаралық ақпарат құралдарында осы Заңның 23-бабы 3-тармағының 1), 2), 4), 5) тармақшаларында тізіп келтірілген мәліметтерді көрсете отырып, дивидендтер төлеу, сондай-ақ қоғамның бір артықшылықты акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері туралы ақпарат жариялауға міндетті.
      Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       25-бап. Қоғамның акцияларымен мәмілелер жасасу

      1. Бағалы қағаздардың қайталама рыногында қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін дербес немесе өзінің аффилиирленген тұлғаларымен бірлесе отырып сатып алғысы келетін тұлға бұл туралы қоғамға және уәкілетті органға ол белгілеген тәртіппен хабарлама жіберуге міндетті. Хабарламада сатып алынатын акциялардың саны, болжамды сатып алу бағасы туралы мәліметтер және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген өзге де мәліметтер болуға тиіс.

      2. Акционерлердің қоғам акцияларын сатуына қоғамның кедергі жасауға құқығы жоқ. Қоғамның акцияларын сатқысы келетін тұлғаға қоғамның оларды қоғамның өзінің немесе үшінші тұлғалардың ұсынылған бағадан жоғары баға бойынша сатып алуы туралы ұсыныс жасауға құқығы бар. Сатып алу туралы ұсыныста акциялардың саны, бағасы және акцияларды үшінші тұлғалар сатып алған жағдайда сатып алушылардың реквизиттері туралы мәліметтер болуға тиіс.

      3. Бағалы қағаздардың қайталама рыногында қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін дербес немесе өзінің аффилиирленген тұлғаларымен бірлесе отырып сатып алған тұлға сатып алған күннен бастап отыз күн ішінде қалған акционерлерге қоғамның оларға тиесілі акцияларын сатуға ұсынысты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға міндетті. Бұл ретте жария компанияның акционерлеріне ұсыныс корпоративтік веб-сайтта жариялануға тиіс. Акционер өзіне тиесілі акцияларды сату туралы ұсыныс жарияланған күннен бастап отыз күннен аспайтын мерзімде оларды сату туралы ұсынысты қабылдауға құқылы.
      Акционерлерге оларға тиесілі акцияларды сату туралы ұсыныста аттарын (атауларын), тұрғылықты жерін (орналасқан жерін), оларға тиесілі акциялардың санын қоса алғанда, қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін сатып алған тұлға және оның аффилиирленген тұлғалары туралы және осы Заңның 69-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын, акцияларды сатып алудың ұсынылып отырған бағасы туралы деректер болуға тиіс.
      Акционердің өзіне тиесілі акцияларды сату туралы жазбаша келісімін алған жағдайда сатып алу туралы ұсынысты жариялаған тұлға акцияларды отыз күн ішінде төлеуге міндетті.
      Акцияларды сатып алудың осы тармақта аталған тәртібі сақталмаған жағдайда қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін иеленуші тұлға (тұлғалар) өзімен (өздерімен) аффилиирленбеген тұлғаларға қоғамның дауыс беретін акцияларының жиырма тоғыз процентінен асатын акцияларының оған (оларға) тиесілі бір бөлігін иеліктен шығаруға міндетті.

      4. Қоғамның өзіне тиесілі акцияларды сату туралы ұсынысқа жауап ретінде өтініш берген акционері осы ұсынысты жариялаған тұлғаның акцияларды сатып алудан бас тартуына сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
      Ескерту. 25-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      26-бап. Орналастырылған акцияларды қоғамның бастамасы
              бойынша сатып алу

      1. Орналастырылған акцияларды сатып алу қоғамның бастамасы бойынша акционердiң келiсiмiмен, қоғамның акцияны сатып алуы кезiнде оның құнын айқындаудың осы Заңда белгіленген тәртіпке сәйкес, оларды кейiннен сату мақсатында немесе Қазақстан Республикасының заңдарына және қоғамның жарғысына қайшы келмейтiн өзге де мақсаттарда жүргiзiлуi мүмкiн.

      2. Егер осы Заңда және (немесе) қоғамның жарғысында өзгеше белгіленбесе, қоғамның бастамасы бойынша орналастырылған акцияларын қоғамның сатып алуы директорлар кеңесінің шешімі негізінде жүргізіледі.

      3. Қоғамның:

      1) акционерлердің бірінші жалпы жиналысын өткізгенге дейін;

      2) акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есеп бекітілгенге дейін;

      3) егер акцияларды сатып алу нәтижесінде қоғамның өз капиталының мөлшері осы Заңда белгіленген ең төменгі жарғылық капиталдың мөлшерінен аз болса;

      4) егер акцияларды сатып алу кезінде қоғам Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңдарына сәйкес төлем қабілетсіздігі не дәрменсіздігі белгілеріне сәйкес келсе не аталған белгілер қоғамда оның барлық талап етілетін немесе сатып алу болжанатын акцияларды сатып алу нәтижесінде пайда болса;

      5) егер сот немесе қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы оны тарату туралы шешім қабылдаса, өзінің орналастырылған акцияларын сатып алуға құқығы жоқ.

      4. Егер қоғамның бастамасы бойынша оның сатып алынатын орналастырылған акцияларының саны акцияларды сатып алу-сату мәмiлесi (мәмiлелерi) жасалғанға дейiнгi олардың жалпы санынан бір процент асатын болса, ол өз акционерлеріне осындай сатып алу туралы хабарлауға міндетті.
      Қоғамның өзі орналастырған акцияларын сатып алуы туралы хабарламасында өзі сатып алатын акциялардың түрлері, саны, бағасы, мерзімі туралы және оларды сатып алу талаптары туралы мәліметтер болуға тиіс және ол бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.

      5. Қоғамның өз акционерлері сатып алуға өтініш берген орналастырылған акцияларының саны қоғам сатып алуға жариялаған акциялардың санынан асып түскен жағдайда бұл акциялар акционерлерден оларға тиесілі акциялардың санына барабар сатып алынады.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      27-бап. Қоғамның орналастырған акцияларды акционердің
              талап етуі бойынша сатып алуы

      1. Қоғам орналастырылған акцияларды сатып алуды:

      1) акционерлердiң жалпы жиналысы қоғамды қайта ұйымдастыру туралы шешiм қабылдаған (егер акционер қоғамды қайта ұйымдастыру туралы мәселе қаралған акционерлердiң жалпы жиналысына қатысып, оған қарсы дауыс берсе);

      2) осы Заңда және қоғамның жарғысында белгiленген тәртiппен қабылданған iрi мәмiле жасау туралы шешiммен және (немесе) жасалуында қоғамның мүддесi бар мәмiле жасау туралы шешiммен келiспеген;

      3) акционерлердiң жалпы жиналысы қоғамның жарғысына осы акционерге тиесiлi акциялар бойынша құқықтарды шектейтiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы шешiм қабылдаған (егер акционер осындай шешiм қабылданған акционерлердiң жалпы жиналысына қатыспаса немесе ол осы жиналысқа қатысып, аталған шешiмнiң қабылдануына қарсы дауыс берсе) жағдайларда өзiне қойылуы мүмкiн қоғам акционерiнiң талап етуi бойынша жүргiзуге тиiс.

      1-1. Орналастырылған акцияларды акционердiң талап етуi бойынша қоғамның сатып алуы қоғамның акцияларды сатып алуы кезiнде олардың құнын айқындаудың осы Заңда белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Акционерлердің жалпы жиналысы немесе директорлар кеңесi шешім қабылдаған күннен бастап отыз күн ішінде акционер өзіне тиесілі акцияларды сатып алу туралы қоғамға жазбаша өтініш жіберу арқылы талап қоюға құқылы.
      Аталған өтініш алынған күннен бастап отыз күн ішінде қоғам акционерден акцияларды сатып алуға міндетті.

      3. Қоғамның өз акционерлері сатып алуға өтініш берген орналастырылған акцияларының саны қоғам сатып алуы мүмкін акциялардың санынан артық болған жағдайда бұл акциялар акционерлерден оларға тиесілі акциялардың санына барабар сатып алынады.
      Ескерту. 27-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      28-бап. Қоғамның орналастырылған акцияларды сатып
              алуы бойынша шектеулер

      1. Қоғам сатып алатын орналастырылған акциялардың саны орналастырылған акциялардың жалпы санының жиырма бес процентінен аспауға тиіс, ал қоғамның орналастырылған акцияларын сатып алуға жұмсайтын шығыстары:
      1) орналастырылған акцияларды акционердің талап етуі бойынша сатып алған кезде - акционерлердің жалпы жиналысында осы Заңның 27-бабының 1-тармағында аталған шешімдердің бірі қабылданған күнгі жағдай бойынша;
      2) орналастырылған акцияларды қоғамның бастамасы бойынша сатып алған кезде - қоғамның орналастырылған акцияларын сатып алу туралы шешім қабылданған күнгі жағдай бойынша оның өз капиталы мөлшерінің он процентінен аспауға тиіс.
      2. Қоғам сатып алған акциялар оның акционерлері жалпы жиналысының кворумын анықтаған кезде есепке алынбайды және онда дауыс беруге қатыспайды.

      29-бап.
     Ескерту. 29-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      30-бап. Қоғамның айырбасталатын бағалы қағаздары

      1. Қоғам айырбасталатын бағалы қағаздарды шығаруға оның жарғысында мұндай шығару мүмкіндігі көзделген жағдайда ғана құқылы.
      Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдардың айырбасталатын бағалы қағаздарды шығаруға құқығы жоқ.
      2. Қоғамның акцияларға айырбасталатын бағалы қағаздарын шығаруға қоғамның жарияланған және орналастырылған акциялары арасындағы айырма шегінде жол беріледі.
      3. Қоғамның бағалы қағаздарын айырбастау талаптары мен тәртібі айырбасталатын бағалы қағаздарды шығару проспектісінде көрсетіледі.
      Ескерту. 30-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      31-бап. Қоғамның бағалы қағаздарын кепілге салу

      1. Қоғамның бағалы қағаздарын кепілге салу құқығын қоғам жарғысының ережелерімен шектеуге немесе алып тастауға болмайды.
      Егер кепіл талаптарында өзгеше көзделмесе, акционердің дауыс беруге және өзі кепілге салған акция бойынша дивидендтер алуға құқығы болады.
      2. Қоғам өзі орналастырған бағалы қағаздарды:
      1) кепілге берілетін бағалы қағаздар толық төленген;
      2) қоғамның сатып алған акцияларын қоспағанда, қоғамға кепілге берілетін және оның кепілінде жатқан акциялардың жалпы саны қоғамның орналастырылған акцияларының жиырма бес процентінен аспаған;
      3) егер қоғам жарғысында өзгеше белгіленбесе, кепіл туралы шартты директорлар кеңесі мақұлдаған жағдайда ғана кепілге қабылдай алады.
      3. Егер кепіл талаптарында өзгеше белгіленбесе, қоғам орналастырған және оның кепілінде жатқан акциялар бойынша дауыс беру құқығы акционерге тиесілі болады. Қоғам өзінде кепілде жатқан акцияларымен дауыс беруге құқылы емес.
      4. Қоғамның бағалы қағаздарының кепілін тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарына сәйкес белгіленеді.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      32-бап. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамның
              салық берешегiн қоғамның жарияланған акциялары
              есебiнен өтеу

      1. Егер жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамның салық берешегiн (бұдан әрі - мерзімі өткен берешек) төлеу мерзімі үш айдан астам өтіп кетсе, Қазақстан Республикасының мемлекет алдындағы салық міндеттемелерінің орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететін мемлекеттік органы (бұдан әрі - мемлекеттік орган) қоғамның мерзімі өткен берешегін өтеткізу мақсатында:
      1) Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес қоғамның жарияланған акцияларына билік етуін шектеу туралы шешім қабылдауға;
      2) қоғамның жарияланған акциялары болмаған немесе олар қоғамның мерзімі өткен берешегін өтеуге жеткіліксіз болған жағдайда қоғамның мерзімі өткен берешегін қоғамның жарияланған акцияларын мәжбүрлеп шығартқызып, кейіннен оларды орналастыру арқылы өтеткізу туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы.

      2. Қоғамның жарияланған билік етуі шектелген акцияларын және мәжбүрлеп шығарылған жарияланған акцияларын орналастыру Қазақстан Республикасының салық заңдарында билік етуі шектелген мүлікті өткізу үшін белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Қоғам қызметін республиканың экономикасы үшін стратегиялық маңызы зор салаларда жүзеге асыратын жағдайда, мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен қоғамның билік етуі шектелген жарияланған акциялары мен мәжбүрлеп шығарылған жарияланған акцияларын қоғамның мерзімі өткен берешегін өтеу есебіне мемлекет меншігіне оларды мәжбүрлеп алып қою арқылы орналастыруға құқылы.

      3. Қоғамның билік етуі шектелген жарияланған акциялары мен мәжбүрлеп шығарылған жарияланған акцияларын мемлекет меншігіне алып қою оларға мемлекеттік меншік құқығын қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiнде тіркеу арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік меншік құқығы Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке билік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік органға тіркеледі.

      4. Жарияланған акцияларды сот шешімімен мәжбүрлеп шығаруды мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырылады.

      5. Қоғамның билік етуі шектелген жарияланған акциялары мен мәжбүрлеп шығарылған жарияланған акцияларын орналастырудан түскен ақшаны, қоғамның мерзімі өткен берешегін өтеуді қоспағанда, өзге мақсаттарға пайдалануға тыйым салынады.
      Қоғамның билік етуі шектелген жарияланған акциялары мен мәжбүрлеп шығарылған жарияланған акцияларын орналастырудан алынған сома мерзімі өткен берешек сомасынан асып түскен жағдайда айырма қоғамның кірісіне жіберіледі.

      6. Қоғамның мерзімі өткен берешегін өтеу үшін қажетті акциялардың орналастырылу бағасы мен санын қоғаммен келісе отырып, мемлекеттік орган белгілейді. Мемлекеттік органның бастамасымен акциялардың орналастырылу бағасын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалаушының да белгілеуі мүмкін.
      Акциялардың орналастырылу бағасын бағалаушы белгілеген жағдайда бағалауға байланысты шығындарды қоғам көтереді.

      7. Мерзімі өткен берешек қоғамның билік етуі шектелген жарияланған акциялары мен мәжбүрлеп шығарылған жарияланған акцияларын орналастырудан түсетін ақша есебінен өтелген жағдайда немесе қоғамның билік етуі шектелген жарияланған акциялары мен мәжбүрлеп шығарылған жарияланған акцияларға мемлекеттің меншік құқығы қоғамның акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiнде тіркелген кезден бастап қоғамның мерзімі өткен берешегі Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес өтелген болып есептеледі.
      Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.11.29. N 500 Заңымен (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2004.12.13. N 11 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

5-тарау. Қоғамды басқару

      33-бап. Қоғамның органдары

      1. Мыналар қоғам органдары болып табылады:
      1) жоғары орган - акционерлердің жалпы жиналысы (барлық дауыс беретін акциялары бір акционерге тиесілі қоғамда - сол акционер);
      2) басқару органы - директорлар кеңесі;
      3) атқарушы орган - алқалы орган немесе атауы қоғамның жарғысында белгіленетін атқарушы орган қызметін жеке-дара жүзеге асыратын тұлға.
      4) осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне және қоғам жарғысына сәйкес өзге де органдар.
      2. (алып тасталды)
      3. Бұрын мемлекеттiк қызметшi болған және өзінің қызметтік функциялары бойынша қоғам қызметіне мемлекет тарапынан бақылау мен қадағалау жөнінде өкілеттігі болған жеке адам осындай өкілеттік тоқтатылған күннен бастап бір жыл ішінде, барлық дауыс беретін акциялары мемлекетке тиесілі қоғамның органдарын қоспағанда, осы қоғамның органына сайлана алмайды.
      4. алынып тасталды .
      Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      34-бап. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын
              қоғамды басқару ерекшеліктері

      1. Республикалық меншіктегі мемлекеттік акциялар пакетін иелену және пайдалану құқығын мемлекеттік меншікке билік етуге уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Ұлттық Банкінің шешімі бойынша өзге мемлекеттік органға беруі мүмкін.

      2. Коммуналдық меншіктегі мемлекеттік акциялар пакетін иелену және пайдалану құқығы жергілікті атқарушы органның шешімімен өзге мемлекеттік органға берілуі мүмкін.

      3. Мемлекеттік акциялар пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша акционер ретінде мемлекеттің мүдделерін білдіреді.
      Мемлекеттік акциялар пакеттерін иелену мен пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар акционерлердің жалпы жиналыстарында қабылдауға ұсынылатын шешімдердің жобаларын мемлекеттің қатысуымен Қазақстан Республикасының Үкіметімен және (немесе) мемлекеттік меншікке билік етуге уәкілетті мемлекеттік органмен алдын ала жазбаша түрде келісуді қамтамасыз етуге міндетті мәселелер тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді .

      4. Ұлттық компанияларды қоспағанда, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе ұлттық басқарушы компанияға тиесілі қоғамның директорлар кеңесі атқарушы органның ұсынуымен қоғамның қаржы-шаруашылық қызметінің орташа мерзімді жоспарларын бекітеді.
      Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамдардың қаржы-шаруашылық қызметінің жоспарлары мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін тәртіппен және мерзімдерде табыс етіледі. Мемлекет акционерi болып табылатын ұлттық компаниялардың даму жоспарларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді .
      Ұлттық холдинг акционерi болып табылатын ұлттық компаниялардың даму жоспарларын осы ұлттық компаниялардың директорлар кеңесi бекiтедi.

      4-1. Қазақстан Республикасының Үкiметi құрылтайшысы және жалғыз акционерi болып табылатын, қызметiнiң негiзгi мақсаты ұлттық даму институттары мен басқа да заңды тұлғалардың өзiне меншiк құқығымен тиесiлi акциялар пакетiн (қатысу үлестерiн) басқару болып табылатын акционерлiк қоғам ұлттық басқарушы компания болып табылады.

      4-2. Ұлттық даму институттары - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен акционерлiк қоғамдар ұйымдастыру-құқықтық нысанында құрылған, қызметiнiң басты мақсаты индустриялық-инновациялық даму және кәсiпкерлiктi қолдау саласындағы жобаларды iске асыру болып табылатын қаржылық, консалтингтiк, инновациялық, сервистiк ұйымдар.

      4-3. Қазақстан Республикасының Yкiметi құрылтайшысы және жалғыз акционерi болып табылатын, ұлттық компаниялардың және өзге де акционерлiк қоғамдардың өзiне меншiк құқығымен тиесiлi акциялар пакеттерiн тиiмдi басқару үшiн құрылған акционерлiк қоғам ұлттық холдинг болып табылады. P080451

      5. Қазақстан Республикасының өзге заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе ұлттық холдингке тиесiлi және ұлттық экономиканың негiзiн құрайтын стратегиялық жағынан маңызды салаларда қызметiн жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған акционерлік қоғам ұлттық компания болып табылады. Жекешелендіруге жатпайтын мүлікті ұлттық компанияларға берудің талаптары мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді .
      Ұлттық компаниялардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді .

      6. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамның атқарушы органы аталған акцияларды иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органға мемлекеттік акциялар пакетіне дивидендтер мөлшерінің болжамды көрсеткіштерін жоспарланып отырған жылдан алдыңғы жылдың бірінші сәуіріне дейін табыс етуге міндетті.
      Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 178 Заңымен.

      35-бап. Акционерлердің жалпы жиналысы

      1. Акционерлердің жалпы жиналыстары жылдық және кезектен тыс болып бөлінеді.
      Қоғам акционерлердің жылдық жалпы жиналысын жыл сайын өткізіп отыруға міндетті. Акционерлердің өзге жалпы жиналыстары кезектен тыс болып табылады.
      Акционерлердің бірінші жалпы жиналысы жарияланған акциялардың шығарылуы мемлекеттік тіркеуден өткізілгеннен және акцияларды ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесi жасалғаннан кейін шақырылуы және өткізілуі мүмкін.

      2. Акционерлердің жыл сайынғы жалпы жиналысында:
      1) қоғамның жылдық қаржылық есептілігі бекітіледі;
      2) қоғамның аяқталған қаржы жылы үшін таза кірісін бөлу тәртібі және қоғамның бір жай акциясына есептелген дивиденд мөлшері айқындалады;
      3) акционерлердің қоғамның және оның лауазымды тұлғаларының іс-әрекетіне өтініштері және оларды қарау қорытындылары туралы мәселе қаралады.
      Директорлар кеңесінің төрағасы директорлар кеңесінің және қоғамның атқарушы органының мүшелеріне сыйақы беру мөлшері және олардың құрамы туралы қоғамның акционерлеріне хабарлайды.
      Акционерлердің жылдық жалпы жиналысы олар бойынша шешімдер қабылдау акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған басқа мәселелерді де қарауға құқылы.

      3. Акционерлердің жылдық жалпы жиналысы қаржы жылы аяқталғаннан кейін бес ай ішінде өткізілуге тиіс.
      Есепті кезең ішінде қоғамның аудитін аяқтау мүмкін болмаған жағдайда аталған мерзім үш айға дейін ұзартылған болып саналады.

      4. Барлық дауыс беретін акциялары жалғыз акционерге тиесілі қоғамда акционерлердің жалпы жиналысы өткізілмейді. Осы Заңда және қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдерді мұндай акционер жеке-дара қабылдайды және бұл шешімдер артықшылықты акциялармен куәландырылған құқыққа нұқсан келтірмейтін және оны шектемейтін жағдайда жазбаша түрде ресімделуге тиіс.

      5. Егер осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларда қоғамның жалғыз акционері немесе қоғамның барлық дауыс беретін акцияларын иеленуші тұлға заңды тұлға болып табылса, осы Заңда және қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдерді Қазақстан Республикасының заңдарына және заңды тұлғаның жарғысына сәйкес заңды тұлғаның осындай шешімдерді қабылдауға құқығы бар органы, лауазымды адамдары немесе қызметкерлері қабылдайды.
      Ескерту. 35-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      36-бап. Акционерлердің жалпы жиналысының құзыреті

      1. Акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне мына мәселелер жатқызылады:
      1) қоғам жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе оны жаңа редакциясында бекіту;
      1-1) осы кодекстi қабылдау қоғамның жарғысында көзделген жағдайда, корпоративтiк басқару кодексiн, сондай-ақ оған енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтыруларды бекiту;
      2) қоғамды ерікті түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату;
      3) қоғамның жарияланған акцияларының санын ұлғайту немесе қоғамның орналастырылмаған жарияланған акцияларының түрiн өзгерту туралы шешiм қабылдау;
      3-1) қоғамның бағалы қағаздарын айырбастау шарттары мен тәртібін, сондай-ақ оларды өзгертуді айқындау;
      4) есеп комиссиясының сан құрамын және өкілеттік мерзімін белгілеу, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;
      5) директорлар кеңесінің сан құрамын, өкілеттік мерзімін белгілеу, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақы төлеудің мөлшері мен талаптарын айқындау;
      6) қоғамның аудитін жүзеге асыратын аудиторлық ұйымды белгілеу;
      7) жылдық қаржы есептілігін бекіту;
      8) қоғамның есепті қаржы жылындағы таза табысын бөлу тәртібін бекіту, жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдау және қоғамның бір жай акциясына шаққандағы дивиденд мөлшерін бекіту;
      9) осы Заңның 22-бабының 5-тармағында көзделген жағдайлар туындаған кезде қоғамның жай және артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдау;
      10) қоғамға тиесілі барлық активтердің жиырма бес және одан да көп процентін құрайтын сомадағы активтердің бір немесе бірнеше бөлігін беру арқылы қоғамның өзге заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметіне қатысуы туралы шешім қабылдау;
      11) (алып тасталды)
      12) (алып тасталды)
      13) акционерлердің жалпы жиналысын шақыру туралы қоғамның акционерлерге хабарлау нысанын белгілеу және мұндай ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында беру туралы шешім қабылдау;
      14) қоғам акцияларды осы Заңға сәйкес сатып алған жағдайда олардың құнын белгілеу әдістемесіне өзгерістерді бекіту (егер оны құрылтай жиналысы бекітпесе, әдістемені бекіту);
      15) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібін бекіту;
      16) акционерлерге қоғам қызметі туралы ақпарат беру тәртібін белгілеу, оның ішінде, егер мұндай тәртіп қоғам жарғысында белгіленбесе, бұқаралық ақпарат құралын анықтау;
      17) "алтын акцияны" енгізу және оның күшін жою;
      18) шешім қабылдау осы Заңда және қоғам жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған өзге де мәселелер.

      2. Осы баптың 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында аталған мәселелер бойынша акционерлердің жалпы жиналысының шешімдері қоғамның дауыс беретін акцияларының жалпы санының айқын басым көпшілігімен, ал инвестициялық жекешелендіру қорын қайта құру нәтижесінде құрылған қоғамда - қоғамның жиналыста өкілдік еткен дауыс беретін акцияларының айқын басым көпшілігімен қабылданады.
      Егер осы Заңда және қоғам жарғысында өзгеше белгіленбесе, акционерлердің жалпы жиналысының өзге мәселелер бойынша шешімдері қоғамның дауыс беруге қатысушы дауыс беретін акцияларының жалпы санының жай көпшілік дауысымен қабылданады.
      Қоғам жарғысында директорлар кеңесі мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімді қабылдау үшін қажетті дауыс санын осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілгеннен артық белгілеуге болмайды.

      3. Егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде өзгеше көзделмесе, шешім қабылдау акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді басқа органдардың, лауазымды адамдардың және қоғам қызметкерлерінің құзыретіне беруге жол берілмейді.

      4. Егер жарғыда өзгеше белгіленбесе, акционерлердің жалпы жиналысы қоғамның ішкі қызметіне жататын мәселелер бойынша қоғамның өзге органдарының кез келген шешімінің күшін жоюға құқылы.
      Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      37-бап. Акционерлердің жалпы жиналысын шақыру тәртібі

      1. Акционерлердің жылдық жалпы жиналысын директорлар кеңесі шақырады.

      2. Акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысы:
      1) директорлар кеңесінің;
      2) ірі акционердің бастамасы бойынша шақырылады.
      Ерікті түрде таратылу процесіндегі қоғам акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысын қоғамның тарату комиссиясы шақыруы, әзірлеуі және өткізуі мүмкін.
      Қазақстан Республикасының заң актілерінде акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысы міндетті түрде шақырылатын жағдайлар көзделуі мүмкін.

      3. Акционерлердің жалпы жиналысын әзірлеу мен өткізуді:
      1) атқарушы орган;
      2) өзімен жасалған шартқа сәйкес қоғамның тіркеушісі;
      3) директорлар кеңесі;
      4) қоғамның тарату комиссиясы жүзеге асырады.
      4. Осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, акционерлердің жалпы жиналысын шақыру, әзірлеу және өткізу жөніндегі шығындарды қоғам көтереді.

      5. Қоғамның органдары акционерлердің жылдық жалпы жиналысын шақырудың осы Заңда белгіленген тәртібін бұзған жағдайда, акционерлердің жылдық жалпы жиналысы кез келген мүдделі тұлғаның талап-арызы бойынша қабылданған сот шешімі негізінде шақырылуы және өткізілуі мүмкін.
      Егер қоғам органдары акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын өткізу туралы қоғамның ірі акционерінің талабын орындамаса, қоғам акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы оның талап-арызы бойынша қабылданған сот шешімінің негізінде шақырылуы және өткізілуі мүмкін.

      38-бап. Ірі акционердің бастамасы бойынша
              акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын
              шақыру және өткізу ерекшеліктері

      1. Акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы ірі акционердің талабы қоғамның атқарушы органының орналасқан жері бойынша тиісті жазбаша хабарлама жіберу арқылы директорлар кеңесіне қойылады, онда мұндай жиналыстың күн тәртібі болуға тиіс.
      2. Қоғамның директорлар кеңесі ірі акционердің талабы бойынша шақырылған акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысының күн тәртібі мәселелерінің тұжырымдамаларына өзгерістер енгізуге және ұсынылған өткізу тәртібін өзгертуге құқылы емес.
      Қойылған талапқа сәйкес акционерлердің кезектен тыс жиналысы шақырылған кезде директорлар кеңесі жалпы жиналыстың күн тәртібін өз қалауы бойынша кез келген мәселелермен толықтыруға құқылы.
      3. Акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы талапты ірі акционер (акционерлер) қойған жағдайда, мұндай жиналысты шақыруды талап етуші акционерлердің (акционердің) есімдері (атаулары) және оған тиесілі акциялардың саны, түрі көрсетілуге тиіс.
      Акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы талапқа акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруды талап етуші адам (адамдар) қол қояды.
      4. Директорлар кеңесі аталған талапты алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде шешім қабылдауға және осындай шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей осы талапты қойған адамға акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы не оны шақырудан бас тарту туралы хабарлама жіберуге міндетті.
      5. Қоғамның директорлар кеңесінің ірі акционердің талап етуі бойынша акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақырудан бас тарту туралы шешімі:
      1) акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы талапты қоюдың осы бапта белгіленген тәртібі сақталмаған;
      2) акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысының күн тәртібіне енгізуге ұсынылған мәселелер Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда қабылдануы мүмкін.
      Қоғамның директорлар кеңесінің акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақырудан бас тарту туралы шешіміне сотта дау айтылуы мүмкін.
      6. Егер қоғамның директорлар кеңесі осы Заңда белгіленген мерзім ішінде қойылған талап бойынша акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы шешімді қабылдамаса, оның шақырылуын талап етуші адам қоғамды акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын өткізуге міндеттеу талабымен сотқа жүгінуге құқылы.
      Ескерту. 38-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының  2008.07.05 N 58-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      39-бап. Акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға
              құқығы бар акционерлердің тізімі

      1. Акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға және онда дауыс беруге құқығы бар акционерлердің тізімін қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiндегi деректер негізінде қоғамның тіркеушісі жасайды. Аталған тізімді жасау күні жалпы жиналысты өткізу туралы шешім қабылданған күннен ерте белгіленбеуі керек.
      Акционерлердің тізіміне енгізілуге тиісті мәліметтерді уәкілетті орган белгілейді.
      2. Егер акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға және онда дауыс беруге құқығы бар акционерлердiң тiзiмi жасалғаннан кейiн, осы тiзiмге енгiзiлген тұлға қоғамның оған тиесілі дауыс беретін акцияларын иеліктен айырса, акционерлердің жалпы жиналысына қатысу құқығы жаңа акционерге ауысады. Бұл орайда акцияға меншік құқығын растайтын құжаттар табыс етілуге тиіс.
      Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      40-бап. Жалпы жиналыстың өткізілетін күні,
              уақыты және орны

      1. Акционерлердің жалпы жиналысы өткізілетін күн мен уақыт оған қатысу құқығы бар адамдардың неғұрлым көпшілігі жиналысқа қатыса алатындай етіп белгіленуге тиіс.
      Акционерлердің жалпы жиналысы атқарушы орган орналасқан жердегі елді мекенде өткізілуге тиіс.
      2. Жиналысқа қатысушыларды тіркеу басталатын уақыт пен жиналысты өткізу уақыты қоғамның есеп комиссиясына жиналысқа қатысушыларды тіркеуді, санын есептеуді және оның кворумын айқындауды жүргізуге жеткілікті уақытты қамтамасыз етуге тиіс.

      41-бап. Акционерлердің жалпы жиналысын өткізу
              туралы ақпарат

      1. Акционерлерге ("алтын акция" иесіне) алда жалпы жиналыс өткізілетіні туралы жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей, ал сырттай немесе аралас дауыс беру жағдайында - күнтізбелік қырық бес күннен кешіктірілмей хабарлануға тиіс.

      2. Акционерлердің жалпы жиналысын өткізу туралы хабарлама бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға не оларға жіберілуге тиіс. Егер компания акционерлерінің саны елу акционерден аспаса, хабарлама акционерге жазбаша хабарлама жолдау арқылы жіберілуге тиіс.

      3. Қоғам акционерлерінің жалпы жиналысын өткізу туралы хабарландыруда:
      1) қоғамның атқарушы органының толық атауы және орналасқан жері;
      2) жиналысты шақыру бастамашысы туралы мәліметтер;
      3) қоғам акционерлері жалпы жиналысының өткізілетін күні, уақыты және орны, жиналысқа қатысушыларды тіркеу басталатын уақыт, сондай-ақ егер алғашқысы өткізілмесе, қоғам акционерлерінің өткізілуге тиісті болған жалпы жиналысының қайта өткізілетін күні және уақыты;
      4) акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға құқығы бар акционерлердің тізімі жасалған күн;
      5) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібі;
      6) қоғам акционерлерін акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдармен таныстыру тәртібі;
      7) егер бұл қоғам инвестициялық жекешелендіру қоры болса немесе инвестициялық жекешелендіру қорын қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылса, қордың толық атауы және оған берілген лицензияның нөмірі болуға тиіс.

      4. Миноритарлық акционер акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібінде көрсетілген мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде басқа акционерлермен бірігу мақсатында қоғамның тіркеушісіне өтініш жасауға құқылы.
      Миноритарлық акционердің өтініш беру және қоғам тіркеушісінің басқа акционерлерге ақпарат тарату тәртібі бағалы қағаздар ұстаушыларының тізілімдер жүйесін жүргізу жөніндегі шартта белгіленеді.
      Ескерту. 41-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      42-бап. Акционерлердің жалпы жиналысын қайталап өткізу

      1. Акционерлердің жалпы жиналысын қайталап өткізуді акционерлердің бастапқы (болмай қалған) жалпы жиналысы белгіленген күннен кейінгі келесі күннен ерте тағайындауға болмайды.
      2. Акционерлердің қайталап өткізілетін жалпы жиналысы акционерлердің болмай қалған жалпы жиналысы белгіленген жерде өткізілуге тиіс.
      3. Акционерлердің қайталап өткізілетін жалпы жиналысы күн тәртібінің акционерлердің болмай қалған жалпы жиналысының күн тәртібінен айырмашылығы болмауға тиіс.

      43-бап. Акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібі

      1. Акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібін директорлар кеңесі жасайды және онда талқылауға ұсынылатын мәселелердің нақты тұжырымдалған толық тізбесі болуға тиіс.
      Акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібі толықтырылатыны қоғам акционерлеріне жалпы жиналыс өткізілетін күнге дейін он бес күннен кешіктірілмей немесе осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен хабарланған жағдайда, ірі акционер немесе директорлар кеңесі күн тәртібін толықтыруы мүмкін.

      2. Акционерлердің қатысу тәртібімен өткізілетін жалпы жиналысын ашу кезінде директорлар кеңесі күн тәртібін өзгерту жөнінде өзі алған ұсыныстар туралы баяндауға міндетті.

      3. Акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібін бекіту қоғамның жиналыста өкілдік еткен дауыс беретін акцияларының жалпы санының көпшілік даусымен жүзеге асырылады.

      4. Егер акционерлердің жалпы жиналысына қатысқан және қоғамның дауыс беретін акцияларының жинақтап алғанда кемінде тоқсан бес процентін иеленетін акционерлердің (немесе олардың өкілдерінің) көпшілігі күн тәртібіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді жақтап дауыс берсе, олар енгізілуі мүмкін.
      Егер шешімге енгізуге орналастырылған (сатып алынғандарын шегере отырып) артықшылықты акциялардың жалпы санының кемінде үштен екі бөлігі жақтап дауыс берсе, күн тәртібі артықшылықты акцияларды иеленуші акционерлердің құқықтарын шектеуі мүмкін болатын мәселемен толықтырылуы мүмкін.
      Акционерлердің жалпы жиналысы сырттай дауыс беру арқылы шешім қабылдаған жағдайда акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібін өзгертуге және (немесе) толықтыруға болмайды.

      5. Акционерлердің жалпы жиналысы оның күн тәртібіне енгізілмеген мәселелерді қарауға және олар бойынша шешім қабылдауға құқылы емес.

      6. Күн тәртібінде, "әр түрлі", "өзге", "басқалары" деген сөздерді қоса алғанда, жалпылама ұғымдағы тұжырымдамаларды және осыларға ұқсас тұжырымдамаларды пайдалануға тыйым салынады.
      Ескерту. 43-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.02.19 N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.07.05 N 58-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      44-бап. Акционерлердің жалпы жиналысының күн
              тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдар

      1. Акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдарда осы мәселелер бойынша негізделген шешімдер қабылдауға қажетті ақпарат болуға тиіс.

      2. Қоғамның органдарын сайлау мәселелері бойынша материалдарда ұсынылып отырған кандидаттар туралы мынадай ақпарат:
      1) аты-жөні, сондай-ақ тілегі бойынша - әкесінің аты;
      2) білімі туралы мәліметтер;
      2-1) қоғамға аффилиирленгені туралы мәліметтер;
      3) соңғы үш жылдағы жұмыс орны және атқарған қызметі туралы мәліметтер;
      4) кандидаттардың біліктілігін, жұмыс тәжірибесін растайтын өзге де ақпарат болуға тиіс.
      Акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіне қоғамның директорлар кеңесін (директорлар кеңесінің жаңа мүшесін) сайлау туралы мәселе енгізілген жағдайда материалдарда мыналар: директорлар кеңесінің мүшелігіне ұсынылып отырған кандидат қандай акционердің өкілі болып табылатындығы және (немесе) ол қоғамның тәуелсіз директоры лауазымына кандидат болып табылатын-табылмайтындығы көрсетілуге тиіс.

      3. Акционерлердің жылдық жалпы жиналысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдар:
      1) қоғамның жылдық қаржы есептілігі;
      2) жылдық қаржы есептілігіне аудиторлық есеп;
      3) директорлар кеңесінің аяқталған қаржы жылындағы қоғамның таза табысын бөлу тәртібі және қоғамның бір жай акциясына шаққандағы жыл ішіндегі дивидендтің мөлшері туралы ұсыныстары;
      4) акционерлердің жалпы жиналысын өткізуге бастамашының қалауы бойынша өзге де құжаттар қамтылуға тиіс.

      4. Акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібінің мәселелері бойынша материалдар акционерлер танысуы үшін қоғамның атқарушы органы орналасқан жерде жиналыс өткізілетін күннен он күн бұрын дайын әрі қол жетімді болуға тиіс, ал акционердің сауал салуы болған кезде - сауал салу алынғаннан кейін оған үш жұмыс күні ішінде жіберілуге тиіс, егер жарғыда өзгеше көзделмесе, құжаттар көшірмелерін жасауға және құжаттарды жеткізуге кеткен шығыстар акционерге жүктеледі.
      Ескерту. 44-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      45-бап. Акционерлердің жалпы жиналысының кворумы

      1. Егер акционерлердiң жалпы жиналысына қатысушыларды тiркеу аяқталған кезде оған қатысуға және онда дауыс беруге құқығы бар, қоғамның дауыс беретiн акцияларының жинақтап алғанда елу және одан да көп процентiн иеленген акционерлер немесе олардың өкiлдерi тiркелсе, жиналыс күн тәртiбiндегi мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiм қабылдауға құқылы.

      2. Акционерлердің өтпей қалған жалпы жиналысы орнына қайталап өткізілетін жалпы жиналысы, егер:
      1) кворумның болмауы себепті акционерлердің өтпей қалған жалпы жиналысын шақыру тәртібі сақталған болса;
      2) тіркеу аяқталған кезде оған қатысу үшін қоғамның дауыс беретін акцияларының жинақтап алғанда қырық және одан да көп процентін иеленетін акционерлер (немесе олардың өкілдері), оның ішінде сырттай дауыс беретін акционерлер тіркелген болса, күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға және олар бойынша шешім қабылдауға құқылы.
      Он мың және одан да көп акционері бар қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысын қайталап өткізу үшін аз кворум (қоғамның дауыс беретін акцияларының кемінде он бес проценті) көзделуі мүмкін.

      3. Егер жиналысқа қатысушыларды тіркеу аяқталған кезде оған қатысу үшін қоғамның дауыс беретін акцияларын иеленетін кемінде бес жүз акционер (немесе олардың өкілдері) тіркелген болса, инвестициялық жекешелендіру қорын қайта ұйымдастыру және қайта тіркеу нәтижесінде құрылған қоғамда акционерлердің қайталап өткізілетін жалпы жиналысы мәселелерді қарауға және күн тәртібіндегі мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқылы.

      4. Акционерлерге сырттай дауыс беру үшін бюллетеньдер жіберілген жағдайда, аталған бюллетеньдермен берілген және жалпы жиналысқа қатысушыларды тіркеу кезінде қоғам алған дауыстар кворумды айқындау және дауыс беру қорытындыларын шығару кезінде есепке алынады.
      Акционерлердің жалпы жиналысын сырттай дауыс беру арқылы өткізген кезде кворум болмаған жағдайда акционерлердің жалпы жиналысы қайталап өткізілмейді.
      Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      46-бап. Есеп комиссиясы

      1. Есеп комиссиясы акционерлер саны жүз және одан да көп қоғам акционерлерінің жалпы жиналысында сайланады.
      Акционерлер саны жүзден аз қоғамда есеп комиссиясының функциясын акционерлердің жалпы жиналысының хатшысы жүзеге асырады. Акционерлердің бірінші жалпы жиналысында есеп комиссиясының функциясын қоғамның тіркеушісі жүзеге асырады.
      Акционерлердің жалпы жиналысының шешімі бойынша есеп комиссиясының функциясы қоғамның тіркеушісіне жүктелуі мүмкін.

      2. Есеп комиссиясы үш адамнан кем болмауға тиіс. Есеп комиссиясына оның алқалы органдары мүшелерінің, қоғамның атқарушы органының функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамның кіруіне болмайды.
      Акционерлердің жалпы жиналысы өткізілетін уақытта есеп комиссиясының мүшесі болмаған жағдайда жиналыс өткізілетін уақытқа есеп комиссиясының мүшесін қосымша сайлауға рұқсат етіледі.

      3. Есеп комиссиясы:
      1) акционерлердің жалпы жиналысына қатысу үшін келген адамдардың өкілеттігін тексереді;
      2) акционерлердің жалпы жиналысына қатысушыларды тіркейді және оларға акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдарды береді;
      3) сырттай дауыс беру үшін алынған бюллетеньдердің дұрыстығын анықтайды және дұрыс бюллетеньдер мен күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша оларда көрсетілген дауыстарды санайды;
      4) акционерлердің жалпы жиналысы кворумының, оның ішінде жиналыс өткізілген барлық уақыттың ішінде болуын да анықтайды және кворумның болғаны немесе болмағаны туралы хабарлайды;
      5) акционерлердің жалпы жиналысында акционерлердің құқықтарын іске асыру мәселелерін түсіндіреді;
      6) акционерлердің жалпы жиналысында қаралған мәселелер бойынша дауыстарды санайды және дауыс берудің қорытындысын шығарады;
      7) акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру қорытындылары туралы хаттама жасайды;
      8) дауыс беру бюллетеньдерін және дауыс беру қорытындылары туралы хаттаманы қоғамның мұрағатына береді.

      4. Есеп комиссиясы акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру үшін толтырылған бюллетеньдердегі ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді.

      47-бап. Акционерлердің жалпы жиналысындағы өкілдік

      1. Акционер акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға және қаралатын мәселелер бойынша жеке өзі немесе өз өкілі арқылы дауыс беруге құқылы.
      Акционерлердің жалпы жиналысында қоғамның атқарушы органы мүшелерiнiң (атқарушы органының функцияларын жеке дара жүзеге асыратын тұлғаның) акционерлер өкілдері ретінде сөз сөйлеуге құқығы жоқ.
      Акционердің өкілі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ресімделген сенімхат негізінде әрекет етеді.
      2. Қазақстан Республикасының заңдарына немесе шартқа сәйкес акционердің атынан сенімхатсыз әрекет етуге немесе оның мүдделерін білдіруге құқығы бар тұлғадан акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға және қаралатын мәселелер бойынша дауыс беруге сенімхат талап етілмейді.
      Ескерту. 47-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      48-бап. Акционерлердің жалпы жиналысын өткізу тәртібі

      1. Акционерлердің жалпы жиналысын өткізу тәртібі осы Заңға, қоғамның жарғысына және қоғамның ішкі қызметін реттейтін өзге де құжаттарға сәйкес не акционерлердің жалпы жиналысының тікелей шешіммен белгіленеді.

      2. Акционерлердің жалпы жиналысы ашылғанға дейін келген акционерлерді (олардың өкілдерін) тіркеу жүргізіледі. Акционердің өкілі акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға және дауыс беруге өзінің өкілеттігін растайтын сенімхатты көрсетуге тиіс.
      Тіркеуден өтпеген акционер (акционердің өкілі) кворумды анықтау кезінде есепке алынбайды және оның дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ.
      Қоғамның артықшылықты акцияларының меншік иесі болып табылатын акционер акционерлердің қатысу тәртібімен өткізілетін жалпы жиналысына қатысуға және онда қаралатын мәселелерді талқылауға қатысуға құқылы.
      Егер қоғамның жарғысында немесе акционерлердің қатысу тәртібімен өткізілетін жалпы жиналысының шешімінде өзгеше белгіленбесе, оған өзге адамдар шақырусыз қатыса алады. Акционерлердің жалпы жиналысында мұндай адамдардың сөз сөйлеу құқығы қоғамның жарғысында немесе акционерлердің жалпы жиналысының шешімінде белгіленеді.

      3. Акционерлердің жалпы жиналысы кворум болған жағдайда хабарланған уақытта ашылады.
      Барлық акционерлер (олардың өкілдері) тіркелген, хабарланған және жиналыстың ашылу уақытын өзгертуге қарсылық білдірмеген жағдайларды қоспағанда, акционерлердің жалпы жиналысы хабарланған уақытынан ерте ашылмауы керек.

      4. Акционерлердің жалпы жиналысы жалпы жиналыстың төрағасын (төралқасын) және хатшысын сайлайды.
      Акционерлердің жалпы жиналысы ашық немесе жасырын (бюллетеньдер бойынша) дауыс беру нысанын белгілейді. Егер қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, акционерлердің жалпы жиналысының төрағасын (төралқасын) және хатшысын сайлау туралы мәселе бойынша дауыс беру кезінде әрбір акционердің бір дауысы болады, ал шешім қатысушылар санының жай көпшілік даусымен қабылданады.
      Жиналысқа қатысушы акционерлердің барлығы атқарушы органға кіретін жағдайларды қоспағанда, атқарушы органның мүшелері акционерлердің жалпы жиналысында төрағалық ете алмайды.

      5. Акционерлердің жалпы жиналысын өткізу барысында оның төрағасы қаралып отырған мәселе бойынша жарыссөзді тоқтату туралы, сондай-ақ ол бойынша дауыс берудің әдісін өзгерту туралы ұсынысты дауысқа салуға құқылы.
      Төрағаның күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға қатысуға құқығы бар адамдардың сөз сөйлеуіне, мұндай сөздер акционерлердің жалпы жиналысының регламентін бұзуға әкеп соғатын немесе осы мәселе бойынша жарыссөз тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, бөгет жасауға құқығы жоқ.

      6. Акционерлердің жалпы жиналысы өзінің жұмысында үзіліс жариялау туралы және жұмыс мерзімін ұзарту туралы, оның ішінде акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі жекелеген мәселелердің қаралуын келесі күнге ауыстыру туралы шешім қабылдауға құқылы.

      7. Акционерлердің жалпы жиналысын күн тәртібіндегі барлық мәселелер қаралып, олар бойынша шешімдер қабылданғаннан кейін ғана жабық деп жариялауға болады.

      8. Акционерлердің жалпы жиналысының хатшысы акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасында көрсетілген мәліметтердің толық және дұрыс болуы үшін жауап береді.

      49-бап. Акционерлердің жалпы жиналысының сырттай
              дауыс беру арқылы шешімдер қабылдауы

      1. Акционерлердің жалпы жиналысының шешімдері сырттай дауыс беруді өткізу арқылы қабылдануы мүмкін. Сырттай дауыс беру акционерлердің жалпы жиналысына қатысып отырған акционерлердің дауыс беруімен (аралас дауыс берумен) бірге не акционерлердің жалпы жиналысының отырысы өткізілмей қолданылуы мүмкін.

      2. Жария компанияларды қоспағанда, қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі барлық немесе жекелеген мәселелер бойынша шешімдерді сырттай дауыс беру арқылы қабылдауға тыйым салу белгіленуі мүмкін.

      3. Сырттай дауыс беруді өткізген кезде дауыс беру үшін бірыңғай нысандағы бюллетеньдер акционерлердің тізіміне енгізілген адамдарға жіберіледі (таратылады).
      Акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру нәтижелеріне ықпал ету мақсатымен қоғамның дауыс беруге арналған бюллетеньдерді жекелеген акционерлерге таңдап жіберуге құқығы жоқ.

      4. Дауыс беруге арналған бюллетень акционерлердің тізіміне енгізілген адамдарға акционерлердің жалпы жиналысының отырысы өткізілетін күннен бұрын қырық бес күннен кешіктірмей жіберілуге тиіс. Акционерлерінің саны бес жүз және одан да көп қоғам акционерлердің жалпы жиналысын өткізбей, сырттай дауыс беретін болған жағдайда акционерлердің жалпы жиналысында сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньді акционерлердің жалпы жиналысының өткізілетіні туралы хабармен бірге жарғыда белгіленген бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға міндетті.

      5. Сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньде:
      1) қоғамның атқарушы органының толық атауы және орналасқан жері;
      2) жиналысты шақырудың бастамашысы туралы мәліметтер;
      3) сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньдерді берудің нақты күні;
      4) акционерлердің жалпы жиналысы отырысының өткізілетін күні не акционерлердің жалпы жиналысының отырысын өткізбей, сырттай дауыс берілетін дауыстар есептелетін күн;
      5) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібі;
      6) егер акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібінде директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау туралы мәселелер болса, сайлауға ұсынылатын кандидаттардың есімдері;
      7) дауыс берілетін мәселелердің тұжырымдалуы;
      8) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша дауыс берудің "жақтайды", "қарсы", "қалыс қалды" деген сөздермен білдірілген нұсқалары;
      9) күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша дауыс беру (бюллетеньді толтыру) тәртібінің түсіндірмесі болуға тиіс.

      6. Сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньге жеке адам - акционер осы адамның жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтерді көрсете отырып қол қоюға тиіс.
      Заңды тұлға - акционердің сырттай дауыс беруге арналған бюллетеніне оның басшысы қол қойып, заңды тұлғаның мөрімен куәландырылуға тиіс.
      Жеке адам - акционердің не заңды тұлға - акционер басшының қолы қойылмаған, сондай-ақ заңды тұлғаның мөрі жоқ бюллетень жарамсыз деп саналады.
      Дауыстарды есептеу кезінде акционер бюллетеньде белгіленген дауыс беру тәртібін сақтаған және дауыс берудің тек бір ғана ықтимал нұсқасы қойылған мәселелер бойынша дауыстар есептеледі.

      7. Егер акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібінде директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау туралы мәселелер болса, сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньде жекелеген кандидаттарға берілген дауыстардың санын көрсететін орын болуға тиіс.

      8. Егер сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньді бұрын жіберген акционер акционерлердің аралас дауыс беру пайдаланылатын жалпы жиналысына қатысуға және дауыс беруге келсе, оның бюллетені акционерлердің жалпы жиналысының кворумын анықтау және күн тәртібіндегі мәселелер бойынша дауыстарды есептеу кезінде есепке алынбайды.
      Ескерту. 49-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      50-бап. Акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру

      1. Акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру:
      1) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда бір акционерге берілетін акциялар бойынша дауыстардың ең көп санын шектеуді;
      2) директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау кезінде кумулятивтік дауыс беруді;
      3) акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру құқығы бар әрбір адамға акционерлердің жалпы жиналысын өткізудің рәсімдік мәселелері бойынша бір дауыстан беруді қоспағанда, "бір акция - бір дауыс" принципі бойынша жүзеге асырылады.

      2. Акциялар бойынша берілетін кумулятивтік дауыс беру кезінде дауыстарды акционер директорлар кеңесінің мүшелігіне бір кандидат үшін толық беруі немесе ол директорлар кеңесінің мүшелігіне бірнеше кандидат арасында бөліп беруі мүмкін. Дауыстар саны ең көп берілген кандидаттар директорлар кеңесіне сайланған болып танылады.

      3. Акционерлердің қатысу тәртібімен өткізілетін жалпы жиналысында дауыс беру жасырын әдіспен жүргізілген жағдайда мұндай дауыс беруге арналған бюллетеньдер (бұдан әрі осы бапта - қатысып жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер) дауыс беру жасырын тәсілмен жүргізілетін әрбір жекелеген мәселе бойынша жасалуға тиіс. Бұл орайда қатысып жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньде:
      1) мәселенің тұжырымдалуы немесе жиналыстың күн тәртібіндегі оның рет нөмірі;
      2) мәселелер бойынша "жақтайды", "қарсы", "қалыс қалды" деген сөздермен білдірілген дауыс беру нұсқалары немесе қоғамның органына әрбір кандидат бойынша дауыс беру нұсқалары;
      3) акционерге тиесілі дауыстар саны болуға тиіс.

      4. Акционер бюллетеньге өзі қол қоюға, оның ішінде өзіне тиесілі акцияларды осы Заңға сәйкес сатып алу туралы қоғамға талап қою мақсатында тілек білдірген жағдайды қоспағанда, акционер қатысып жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньге қол қоймайды.
      Қатысып жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер бойынша дауыстарды есептеу кезінде дауыс берушілердің бюллетеньде белгіленген дауыс беру тәртібі сақталған және дауыс берудің тек бір ғана ықтимал нұсқасы қалдырылған мәселелер бойынша дауыстары есепке алынады.

      51-бап. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама

      1. Дауыс беру қорытындылары бойынша есеп комиссиясы дауыс беру қорытындылары туралы хаттама жасап, оған қол қояды.
      2. Акционердің дауыс беруге қойылған мәселе бойынша ерекше пікірі болған жағдайда қоғамның есеп комиссиясы хаттамаға тиісті жазба енгізуге міндетті.
      3. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама жасалып, оған қол қойылғаннан кейін қатысып жасырын және сырттай дауыс беру үшін толтырылған (оның ішінде жарамсыз деп танылған бюллетеньдер де), соның негізінде хаттама жасалған бюллетеньдер хаттамамен бірге тігіледі және қоғамның мұрағатына сақтауға тапсырылады.
      4. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасына қоса тіркелуге тиіс.
      5. Дауыс беру қорытындылары акционерлердің дауыс беру өткізілген жалпы жиналысының барысында жария етіледі.
      6. Акционерлердің жалпы жиналысының дауыс беру қорытындылары немесе сырттай дауыс беру нәтижелері акционерлерге акционерлердің жалпы жиналысы жабылғаннан кейін он күн ішінде оларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау немесе әрбір акционерге жазбаша хабарлама жіберу арқылы хабарланады.
      Акционерлерге дауыс беру қорытындылары туралы хабарлау тәртібі қоғамның жарғысымен белгіленеді.
      Ескерту. 51-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      52-бап. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасы

      1. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасы жиналыс жабылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жасалып, қол қойылуға тиіс.

      2. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасында:
      1) қоғамның атқарушы органының толық атауы және орналасқан жері;
      2) акционерлердің жалпы жиналысының өткізілген күні, уақыты және орны;
      3) қоғамның акционерлердің жалпы жиналысындағы ұсынған дауыс беретін акцияларының саны туралы мәліметтер;
      4) акционерлердің жалпы жиналысының кворумы;
      5) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібі;
      6) акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру тәртібі;
      7) акционерлердің жалпы жиналысының төрағасы (төралқасы) және хатшысы;
      8) акционерлердің жалпы жиналысына қатысқан адамдардың сөйлеген сөздері;
      9) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі дауыс беруге қойылған әрбір мәселе бойынша акционерлердің жалпы дауыс саны;
      10) дауысқа қойылған мәселелер, олар бойынша дауыс беру қорытындылары;
      11) акционерлердің жалпы жиналысында қабылданған шешімдер көрсетіледі.
      Жалпы жиналыста қоғамның директорлар кеңесін (директорлар кеңесінің жаңа мүшесін) сайлау туралы мәселе қаралған жағдайда жалпы жиналыстың хаттамасында: директорлар кеңесінің сайланған мүшесі қандай акционердің өкілі болып табылатыны және (немесе) директорлар кеңесінің сайланған мүшелерінің қайсысы тәуелсіз директор болып табылатыны көрсетіледі.

      3. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасына:
      1) акционерлердің жалпы жиналысының төрағасы (төралқа мүшелері) және хатшысы;
      2) қоғамның есеп комиссиясының мүшелері;
      3) қоғамның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп процентін иеленетін және акционерлердің жалпы жиналысына қатысқан акционерлер қол қоюға тиіс.
      Хаттамаға қол қоюға міндетті адамның қол қоюға мүмкіндігі болмаған жағдайда, өзіне берілген сенімхат негізінде оның өкілі хаттамаға қол қояды.

      4. Осы баптың 3-тармағында аталған адамдардың біреуі хаттаманың мазмұнымен келіспеген жағдайда, ол адам бас тарту себебіне жазбаша түсініктеме бере отырып, оған қол қоюдан бас тартуға құқылы, ол хаттамаға қоса тіркелуге тиіс.

      5. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасы дауыс беру қорытындылары туралы хаттамамен, жалпы жиналысқа қатысу және дауыс беру құқығына берілген сенімхаттармен, сондай-ақ хаттамаға қол қоюмен және хаттамаға қол қоюдан бас тарту себептерінің жазбаша түсініктемелерімен бірге тігіледі. Аталған құжаттар атқарушы органда сақталуға және танысу үшін акционерлерге кез келген уақытта берілуге тиіс. Акционердің талап етуі бойынша оған акционерлердің жалпы жиналысы хаттамасының көшірмесі беріледі.
      Ескерту. 52-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      53-бап. Директорлар кеңесі

      1. Осы Заңда және қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешуді қоспағанда, директорлар кеңесі қоғамның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.

      2. Егер осы Заңда және қоғамның жарғысында өзгеше белгіленбесе, мынадай мәселелер директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне жатады:
      1) қоғам қызметінің басым бағыттарын белгілеу;
      2) акционерлердің жылдық және кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы шешім қабылдау;
      3) жарияланған акциялардың саны шегiнде акцияларды орналастыру (өткiзу) туралы, оның iшiнде орналастырылатын (өткiзiлетiн) акциялардың саны, оларды орналастыру (өткiзу) тәсiлi мен бағасы туралы шешiм қабылдау;
      4) қоғамның орналастырылған акцияларды немесе басқа да бағалы қағаздарды сатып алуы және оларды сатып алу бағасы туралы шешім қабылдау;
      5) қоғамның жылдық қаржы есептілігін алдын ала бекіту;
      6) алынып тасталды ;
      7) қоғамның облигацияларын және туынды бағалы қағаздарын шығару талаптарын айқындау;
      8) атқарушы органның сан құрамын, өкілеттік мерзімін анықтау, оның басшысын және мүшелерін (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамды) сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
      9) атқарушы органның басшысы мен мүшелерінің (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамның) лауазымдық айлықақыларының мөлшерін және оларға еңбекақы және сыйлықақы төлеу талаптарын айқындау;
      10) ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметі еңбекақы және сыйлықақы төлеудің мөлшері мен талаптарын айқындау;
      10-1) корпоративтік хатшыны тағайындау, оның өкілеттік мерзімін айқындау, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ корпоративтік хатшының лауазымдық жалақысы мөлшерін және сыйақы шарттарын айқындау;
      11) аудиторлық ұйымның, сондай-ақ қоғамның акцияларын төлеуге берілген не ірі мәміле нысанасы болып табылатын мүліктің нарықтық құнын бағалау жөніндегі бағалаушының қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау;
      12) (алып тасталды)
      13) қоғамның ішкі қызметін реттейтін құжаттарды (бұған қоғам қызметін ұйымдастыру мақсатында атқарушы орган қабылдайтын құжаттар қосылмайды), оның ішінде аукциондар өткізу және қоғамның бағалы қағаздарына қол қою шарттары мен тәртібін белгілейтін ішкі құжатты бекіту;
      14) қоғамның филиалдары мен өкілдіктерін құру және жабу туралы шешімдер қабылдау және олар туралы ережелерді бекіту;
      15) қоғамның басқа заңды тұлғалардың акцияларының он және одан да көп процентін (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сатып алу туралы шешімдерін қабылдау, сондай-ақ олардың қызметі мәселелері бойынша шешімдер қабылдау;
      16) қоғамның міндеттемелерін оның өзіндік капиталы мөлшерінің он және одан да көп проценті болатын шамаға көбейту;
      17) қоғамның бұрынғы тіркеушісімен шарт бұзылған жағдайда қоғамның тіркеушісін таңдау;
      18) қоғам немесе оның қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын қызметі туралы ақпаратты айқындау;
      19) ірі мәмілелер және жасалуына қоғам мүдделі мәмілелер жасасу туралы шешімдер қабылдау;
      20) осы Заңда және қоғамның жарғысында көзделген, акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатпайтын өзге де мәселелер.

      3. Тiзбесi осы баптың 2-тармағында белгiленген мәселелердi атқарушы органның шешуiне беруге болмайды.

      4. Қоғамның жарғысына сәйкес оның атқарушы органының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша директорлар кеңесінің шешім қабылдауға, сондай-ақ акционерлердің жалпы жиналысының шешімдеріне қайшы келетін шешімдер қабылдауға құқығы жоқ.

      5. Директорлар кеңесі қабылдаған шешімдер вето құқығы белгіленген мәселелер бойынша "алтын акция" иесімен келісілуге тиіс.
      Ескерту. 53-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       53-1-бап. Директорлар кеңесінің комитеттері

      1. Директорлар кеңесінің неғұрлым маңызды мәселелерін қарау және ұсынымдарын дайындау үшін жария компанияларда:
      1) стратегиялық жоспарлау;
      2) кадрлар және сыйақылар;
      3) ішкі аудит;
      4) әлеуметтік мәселелер;
      5) қоғамның ішкі құжатында көзделген өзге мәселелер бойынша директорлар кеңесінің комитеттері құрылады, ал өзге қоғамдарда құрылуы мүмкін.
      2. Директорлар кеңесінің комитеттері директорлар кеңесінің мүшелерінен және нақты комитетте жұмыс істеу үшін қажетті кәсіби білімі бар сарапшылардан тұрады.
      Атқарушы органның басшысы директорлар кеңесі комитетінің төрағасы бола алмайды.
      3. Директорлар кеңесі комитеттерін қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртібі, сондай-ақ олардың сандық құрамы директорлар кеңесі бекітетін қоғамның ішкі құжатымен белгіленеді.
      Ескерту. 53-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының  2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      54-бап. Директорлар кеңесінің құрамы

      1. Жеке адам ғана директорлар кеңесінің мүшесі бола алады.

      2. Директорлар кеңесінің мүшелері:
      1) акционер - жеке адамдар;
      2) директорлар кеңесіне акционерлердің мүдделерін білдіруші өкілдер ретінде сайлауға ұсынылған (ұсыныс берілген) адамдар;
      3) басқа адамдар (осы баптың 3-тармағында белгіленген шектеулерді ескере отырып) арасынан сайланады.
      Директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау кумулятивтік дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Акционер өзіне тиесілі акциялар бойынша бір кандидатты жақтап толық дауыс беруге немесе оларды директорлар кеңесінің мүшелігіне бірнеше кандидат арасында бөліп беруге құқылы. Ең көп дауыс санын алған кандидаттар директорлар кеңесіне сайланған болып есептеледі. Егер директорлар кеңесінің мүшелігіне екі немесе одан да көп кандидат тең дауыс санын алса, бұл кандидаттарға қатысты қосымша дауыс беру өткізіледі.

      3. Қоғамның акционері емес және акционердің мүдделерін білдіруші өкіл ретінде директорлар кеңесіне сайлауға ұсынылмаған (ұсыныс берілмеген) жеке адам директорлар кеңесінің мүшесі болып сайлана алады. Мұндай адамдар саны директорлар кеңесі құрамының елу процентінен аспауы керек.

      4. Атқарушы органның басшысынан басқа мүшелері директорлар кеңесіне сайлана алмайды. Атқарушы органның басшысы директорлар кеңесінің төрағасы болып сайлана алмайды.

      5. Директорлар кеңесi мүшелерiнiң саны кемiнде үш адам болуға тиiс. Қоғамның директорлар кеңесi мүшелерi санының кемiнде үштен бiрi тәуелсiз директорлар болуға тиiс.

      6. Директорлар кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заң актілерінде және қоғамның жарғысында белгіленеді .
      Ескерту. 54-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      55-бап. Директорлар кеңесі мүшелерінің өкілеттік
              мерзімі

      1. Директорлар кеңесінің құрамына сайланған адамдардың, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, қайта сайлануына шек қойылмауы мүмкін.
      2. Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімін акционерлердің жалпы жиналысы белгілейді.
      Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі акционерлердің жаңа директорлар кеңесін сайлау өткізілетін жалпы жиналысын өткізу кезінде аяқталады.
      3. Акционерлердің жалпы жиналысы директорлар кеңесінің барлық немесе жекелеген мүшелерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
      4. Директорлар кеңесі мүшесінің өкілеттігін өз бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтату директорлар кеңесіне берілген жазбаша хабарлама негізінде жүзеге асырылады.
      Директорлар кеңесінің мұндай мүшесінің өкілеттігі директорлар кеңесі аталған хабарламаны алған кезден бастап тоқтатылады.
      5. Директорлар кеңесі мүшесінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, директорлар кеңесінің жаңа мүшесін сайлау акционерлердің жалпы жиналысында ұсынылған кумулятивтiк дауыс берумен жүзеге асырылады, бұл орайда директорлар кеңесінің жаңадан сайланған мүшесiнiң өкілеттігі тұтас алғанда директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімінің өтуімен бір мезгілде аяқталады.
      Ескерту. 55-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      56-бап. Директорлар кеңесінің төрағасы

      1. Егер қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесінің төрағасы директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы оның мүшелері арасынан сайланады.
      Егер қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесі төрағаны кез келген уақытта қайта сайлауға құқылы.
      2. Директорлар кеңесінің төрағасы директорлар кеңесінің жұмысын ұйымдастырады, оның отырыстарын жүргізеді, сондай-ақ қоғам жарғысында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      3. Директорлар кеңесінің төрағасы болмаған жағдайда, оның функцияларын директорлар кеңесінің шешімі бойынша директорлар кеңесі мүшелерінің бірі жүзеге асырады.

      57-бап. Директорлар кеңесінің отырысын шақыру

      1. Директорлар кеңесінің отырысы оның төрағасының немесе атқарушы органның бастамасы бойынша, не:
      1) директорлар кеңесінің кез келген мүшесінің;
      2) қоғамның ішкі аудит қызметінің;
      3) қоғамға аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымның;
      4) ірі акционердің талап етуі бойынша шақырылуы мүмкін.

      2. Директорлар кеңесінің отырысын шақыру туралы талап директорлар кеңесінің төрағасына директорлар кеңесі отырысының ұсынылатын күн тәртібі бар тиісті жазбаша хабар жіберу арқылы қойылады.
      Директорлар кеңесінің төрағасы отырысты шақырудан бас тартқан жағдайда бастамашы аталған талаппен, атқарушы органға жүгінуге құқылы, ол директорлар кеңесінің отырысын шақыруға міндетті.
      Директорлар кеңесінің отырысын директорлар кеңесінің төрағасы немесе атқарушы орган, егер қоғам жарғысында өзге мерзім белгіленбесе, шақыру туралы талап келіп түскен күннен бастап он күннен кешіктірмей шақыруға тиіс.
      Директорлар кеңесiнiң отырысы көрсетiлген талапты қойған тұлғаны мiндеттi түрде шақыра отырып өткiзiледi.

      3. Директорлар кеңесінің отырысын өткізу туралы директорлар кеңесінің мүшелеріне хабарлама жіберу тәртібін - директорлар кеңесі, ал "алтын акция" иесіне хабарлама жіберу тәртібін қоғамның жарғысы айқындайды.

      4. Директорлар кеңесінің мүшесі өзінің директорлар кеңесінің отырысына қатыса алмайтыны туралы атқарушы органға алдын ала хабарлауға міндетті.
      Ескерту. 57-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      58-бап. Директорлар кеңесінің отырысы

      1. Директорлар кеңесінің отырысын өткізу үшін кворум қоғамның жарғысында белгіленеді, бірақ ол директорлар кеңесі мүшелері санының жартысынан кем болмауға тиіс. Жария компанияның директорлар кеңесінің отырысына міндетті түрде тәуелсіз директорлардың жалпы санының жартысынан кем емес мөлшерде тәуелсіз директорлар ұсынылуға тиіс.
      Директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы саны жарғыда белгіленген кворумға қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайда, директорлар кеңесінің жаңа мүшелерін сайлау үшін директорлар кеңесі акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруға міндетті. Директорлар кеңесінің қалған мүшелері акционерлердің мұндай кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы ғана шешім қабылдауға құқылы.

      2. Директорлар кеңесінің әрбір мүшесінің бір даусы болады.
      Директорлар кеңесінің шешімдері, егер осы Заңда және қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесінің отырысқа қатысқан мүшелерінің жай көпшілік даусымен қабылданады.
      Дауыстар саны тең болған кезде директорлар кеңесі төрағасының немесе директорлар кеңесінің отырысында төрағалық етуші адам даусының шешуші дауыс болуы қоғам жарғысында көзделуі мүмкін.

      3. Директорлар кеңесі директорлар кеңесінің мүшелері ғана қатыса алатын өзінің жабық отырысын өткізу туралы шешім қабылдауға құқылы.

      4. Қоғам жарғысында және (немесе) қоғамның iшкi құжаттарында директорлар кеңесiнiң қарауына енгiзiлген мәселелер бойынша директорлар кеңесiнiң сырттай дауыс беру арқылы шешiмдер қабылдау мүмкiндiгi және осындай шешiмдердi қабылдау тәртiбi көзделуi мүмкiн.
      Белгiленген мерзiмде алынған бюллетеньдерде кворум болған ретте шешiм сырттай дауыс беру арқылы қабылданды деп танылады.
      Директорлар кеңесiнiң сырттай отырысының шешiмi жазбаша түрде ресiмделуге және оған директорлар кеңесiнiң хатшысы мен төрағасының қолы қойылуға тиiс.
      Шешiм ресiмделген күннен бастап жиырма күн iшiнде директорлар кеңесiнiң мүшелерiне жiберiлуге тиiс, оған осы шешiмдi қабылдауға негiз болған бюллетеньдер қоса тiркеледi.

      5. Директорлар кеңесінің қатысу тәртібімен өткен отырысында қабылданған шешімдері хаттамамен ресімделеді, ол отырыс өткен күннен бастап үш күн ішінде жасалып, оған отырыста төрағалық еткен адам мен директорлар кеңесінің хатшысы қол қоюға және онда:
      1) қоғамның атқарушы органының толық атауы және орналасқан жері;
      2) отырыстың өткізілген күні, уақыты және орны;
      3) отырысқа қатысқан адамдар туралы мәліметтер;
      4) отырыстың күн тәртібі;
      5) дауыс беруге қойылған мәселелер және олар бойынша дауыс берудің қорытындылары;
      6) қабылданған шешімдер;
      7) директорлар кеңесінің шешімі бойынша өзге де мәліметтер болуға тиіс.

      6. Директорлар кеңесі отырыстарының хаттамалары және директорлар кеңесі сырттай дауыс беру арқылы қабылдаған шешімдер қоғамның мұрағатында сақталады.
      Директорлар кеңесінің хатшысы директорлар кеңесі мүшесінің талап етуі бойынша оған директорлар кеңесі отырысының хаттамасын және сырттай дауыс беру арқылы қабылданған шешімдерді танысу үшін беруге және (немесе) оған хаттама мен шешімнің қоғамның уәкілетті қызметкері қол қойып, қоғамның мөрі басылып куәландырылған үзінді көшірмесін беруге міндетті.
      7. Директорлар кеңесінің отырысына қатыспаған немесе қоғамның директорлар кеңесінің осы Заңда және қоғамның жарғысында белгіленген тәртіпті бұза отырып қабылдаған шешіміне қарсы дауыс берген қоғамның директорлар кеңесінің мүшесі оған сот тәртібімен дау айтуға құқылы.
      8. Акционер қоғамның директорлар кеңесінің осы Заңның және қоғам жарғысының талаптарын бұза отырып қабылдаған шешіміне, егер аталған шешім акционерлік қоғамның және (немесе) осы акционердің құқығы мен заңды мүдделерін бұзса, сотта дау айтуға құқылы.
      Ескерту. 58-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19 N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.07.05 N 58-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      59-бап. Атқарушы орган

      1. Ағымдағы қызметке атқарушы орган басшылық етеді. Атқарушы орган алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін.
      Атқарушы орган қоғам қызметінің осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде және қоғамның жарғысында қоғамның басқа органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жатқызылмаған кез келген мәселесі бойынша шешім қабылдауға құқылы.
      Қоғамның атқарушы органы мүшесінің дауыс беру құқығын өзге адамға, оның ішінде қоғамның атқарушы органының басқа мүшесіне беруіне жол берілмейді.
      Атқарушы орган акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдерін орындауға міндетті.
      Атқарушы органның вето құқығы белгіленген мәселелер жөніндегі шешімдері "алтын акция" иесімен келісілуге тиіс.
      Егер мәміле жасасу кезінде тараптардың қоғам белгілеген шектеулер туралы білгендігін дәлелдесе, қоғам өзінің атқарушы органы осы шектеулерді бұза отырып жасаған мәміленің жарамды екеніне дауласуға құқылы.

      2. Қоғамның акционерлері және оның акционерлері болып табылмайтын қызметкерлері алқалы атқарушы органның мүшелері бола алады.
      Атқарушы органның мүшесі директорлар кеңесінің келісімімен ғана басқа ұйымдарда жұмыс істеуге құқылы.
      Атқарушы органның басшысы не қоғамның атқарушы органының функциясын жеке дара жүзеге асыратын адам атқарушы орган басшысының не басқа заңды тұлғаның атқарушы органының функциясын жеке дара жүзеге асыратын адамның лауазымын атқаруға құқығы жоқ.
      Атқарушы орган мүшесінің функциялары, құқықтары мен міндеттері осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен, қоғамның жарғысымен, сондай-ақ аталған адам мен қоғам арасында жасалатын еңбек шартымен белгіленеді. Қоғам атынан атқарушы органның басшысымен жасалатын жеке еңбек шартына директорлар кеңесінің төрағасы немесе осыған жалпы жиналыс немесе директорлар кеңесі уәкілеттік берген адам қол қояды. Атқарушы органның қалған мүшелерімен жасалатын еңбек шартына атқарушы органның басшысы қол қояды.
      Ескерту. 59-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.02.19 N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.05.15 N 253 , 2008.07.05 N 58-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      60-бап. Атқарушы орган басшысының өкілеттігі

      Атқарушы органның басшысы:
      1) акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесі шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
      2) үшінші тұлғалармен қатынастарда қоғам атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
      3) үшінші тұлғалармен қатынастарда қоғам атынан өкілдік ету құқығына сенімхат береді;
      4) қоғам қызметкерлерін (осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда) қабылдауды, ауыстыруды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады, оларға көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жазалар қолданады, қоғамның штат кестесіне сәйкес қоғам қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларының және айлықақыларына дербес үстемеақылардың мөлшерін белгілейді, атқарушы орган мен қоғамның ішкі аудит қызметінің құрамына кіретін қызметкерлерді қоспағанда, қоғам қызметкерлеріне берілетін сыйлықақы мөлшерін айқындайды;
      5) өзі болмаған жағдайда өз міндеттерін атқаруды атқарушы орган мүшелерінің біріне жүктейді;
      6) атқарушы орган мүшелерінің арасында міндеттерді, сондай-ақ өкілеттік саласын және жауапкершілікті бөледі;
      7) қоғам жарғысында және қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдерінде белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 60-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      61-бап. Ішкі аудит қызметі

      1. Қоғамның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды жүзеге асыру үшін ішкі аудит қызметі құрылуы мүмкін.
      2. Ішкі аудит қызметінің қызметкерлері директорлар кеңесінің және атқарушы органның құрамына сайлана алмайды.
      3. Ішкі аудит қызметі тікелей директорлар кеңесіне бағынады және өз жұмысы туралы оның алдында есеп береді.
      Ескерту. 61-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      62-бап. Қоғамның лауазымды адамдары қызметінің
              принциптері

      Қоғамның лауазымды адамдары:
      1) өздеріне жүктелген міндеттерді адал орындайды және қоғам мен акционерлердің мүдделерін мейлінше жоғары дәрежеде көрсететін әдістерді пайдаланады;
      2) қоғамның мүлкін пайдаланбауға тиіс әрі оны қоғам жарғысына және акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдеріне қайшы пайдалануға, сондай-ақ оны өз мақсаттарына пайдалануға жол бермеуге және өздерінің аффилиирленген тұлғаларымен мәмілелер жасаған кезде асыра пайдаланбауға тиіс;
      3) тәуелсіз аудит жүргізуді қоса алғанда, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етуге міндетті;
      4) қоғамның қызметі туралы ақпараттың Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес ашылуы мен берілуін бақылайды;
      5) егер қоғамның ішкі құжаттарында өзгеше белгіленбесе, қоғамның қызметі туралы ақпараттың құпиялылығын, оның ішінде қоғамдағы жұмыс тоқтатылған сәттен бастап үш жылдың ішінде сақтауға тиіс.
      Ескерту. 62-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       63-бап. Қоғамның лауазымды адамдарының жауапкершілігі

      1. Қоғамның лауазымды адамдары өздерінің әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) келтірілген зиян үшін, оның ішінде:
      1) қателесуге әкеліп соқтыратын ақпарат немесе көрінеу жалған ақпарат берудің;
      2) осы Заңда белгіленген ақпарат беру тәртібін бұзудың нәтижесінде келтірілген зиян үшін қоғам мен акционерлер алдында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      2. Қоғам акционерлердің жалпы жиналысының шешімі негізінде олардың қоғамға келтірген зиянын не залалын лауазымды тұлғаға өтету туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
      3. Қоғамның не акционердің залалға ұшырауына әкеп соқтырған қоғамның органы қабылдаған шешімге қарсы дауыс берген немесе дауыс беруге қатыспаған жағдайда қоғамның лауазымды тұлғалары жауапкершіліктен босатылады.
      Ескерту. 63-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

6-тарау. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары

      64-бап. Қоғамның аффилиирленген тұлғасы

      1. Мыналар:

      1) iрi акционер;

      2) қоғамның iрi акционерi не, тәуелсіз директорды қоспағанда, лауазымды тұлғасы болып табылатын жеке адамның жақын туысы (ата-анасы, аға-iнiсi, апа-сiңлiсi, ұлы, қызы), некеде тұрған адамы, сондай-ақ жекжаты (жұбайының (зайыбының) аға-iнiсi, апа-сiңлiсi, ата-анасы, ұлы немесе қызы) болып келетiн жеке адам;

      3) қоғамның немесе, тәуелсіз директорды қоспағанда, осы тармақтың 1), 4)-9) тармақшаларында аталған заңды тұлғаның лауазымды адамы;

      4) қоғамның iрi акционерi не лауазымды адамы болып табылатын тұлғаның бақылауындағы заңды тұлға;

      5) қоғамның iрi акционерi не лауазымды адамы болып табылатын тұлға оған қатысты iрi акционер болып табылатын не мүлiктегi тиiстi үлеске құқығы бар болатын заңды тұлға;

      6) оған қатысты алғанда қоғам iрi акционер болып табылатын не мүлiктегi тиiстi үлеске құқығы бар болатын заңды тұлға;

      7) қоғаммен бiрге үшiншi тұлғаның бақылауында болатын заңды тұлға;

      8) қоғаммен шарт арқылы байланысы бар, қоғам қабылдайтын шешiмдердi сол шартқа сәйкес айқындауға құқылы тұлға;

      9) дербес немесе өзiнiң аффилиирленген тұлғаларымен бiрлесiп қоғамның не осы тармақтың 1), 4)-8) тармақшаларында аталған заңды тұлғалардың дауыс беретiн акцияларының он және одан да көп процентiн иеленетiн, пайдаланатын және оларға билiк ететiн тұлға;

      10) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылатын өзге де тұлға қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылады.

      2. Тиісті қоғам немесе өзге заңды тұлға қабылдайтын шешімді анықтау мүмкіндігі қоғамға немесе өзге заңды тұлғаға бақылау жасау деп танылады.

      3. Осы баптың ережелері коммерциялық емес ұйым болып табылатын қоғамдарға және кредиттік бюроларға қолданылмайды.
      Мыналар:

      1) коммерциялық емес ұйымның немесе кредиттік бюроның ірі акционерлері (қатысушылары) болып табылатын тұлғалар;

      2) іс-әрекетке қабілетсіз және іс-әрекетке қабілеті шектеулі тұлғалар аффилиирленген тұлғалар болып табылмайды.
      Ескерту. 64-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      65-бап.
      Ескерту. 65-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      66-бап. Аффилиирленген тұлғалардың қатысуымен
              мәмілелер жасасу ерекшеліктері

      1. Аффилиирленген тұлғаларының қатысуымен қоғамның мәмілелер жасасу ерекшеліктері осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгіленеді.
      2. Қоғамның аффилиирленген тұлғаларының қатысуымен мәмiле жасасу тәртiбiне осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген талаптардың сақталмауы кез келген мүдделi тұлғаның талап қоюы бойынша соттың мәмiленi жарамсыз деп тануына негiз болып табылады.
      3. Аффилиирленген тұлғалардың қатысуымен мәмілелер жасасу тәртібіне осы Заңда белгіленген талаптарды бұза отырып қасақана мәміле жасаған тұлғаның, егер мұндай талап пайдакүнемдік немесе жауапкершіліктен жалтару ниетінен туса, мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы жоқ.
      Ескерту. 66-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       67-бап. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары туралы
              мәліметтерді ашу

      1. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары туралы мәліметтер қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпарат болып табылмайды.
      2. Қоғам аффилиирленген тұлғаларының есебiн осы тұлғалар немесе қоғамның тiркеушiсi беретiн мәлiметтер негiзiнде (уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен iрi акционер болып табылатын тұлғаларға қатысты ғана) жүргiзуге мiндеттi.
      Қоғамның акционерлерi мен лауазымды адамдарының өз аффилиирленген тұлғалары туралы ақпаратты табыс ету тәртiбi жарғымен белгiленедi.
      3. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары болып табылатын жеке және заңды тұлғалар аффилиирлену туындаған күннен бастап жеті күн ішінде өзінің аффилиирленген тұлғалары туралы мәліметті қоғамға табыс етуге міндетті.
      4. Қоғам өзінің аффилиирленген тұлғаларының тізімін уәкілетті органға ол белгiлеген тәртіппен табыс етуге міндетті.
      Ескерту. 67-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

  7-тарау. Жасалуына қатысты ерекше талаптар
белгіленген қоғамның мәмілелері

      68-бап. Ірі мәміле

      1. Мыналар:

      1) нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің жиырма бес және одан да көп проценті болатын мүлікті қоғам сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иелiктен шығаруы мүмкiн) мәміле немесе өзара байланысты мәмілелердің жиынтығы;

      2) нәтижесінде қоғам өзінің орналастырылған бағалы қағаздарын сатып алуы немесе орналастырылған бiр түрдегi бағалы қағаздардың жалпы санының жиырма бес және одан да көп проценті мөлшерінде олардың сатылып алынған бағалы қағаздары сатылуы ықтимал мәміле немесе өзара байланысты мәмілелердің жиынтығы;

      3) қоғамның жарғысында ірі мәміле деп танылатын өзге де мәміле ірі мәміле деп танылады.

      2. Мыналар:

      1) белгілі бір мүлікті сатып алуға немесе иеліктен айыруға қатысты белгілі бір тұлғамен не өзара аффилиирленген тұлғалар тобымен жасалатын бірнеше мәміле;

      2) бір шартпен немесе өзара байланысты бірнеше шартпен ресімделетін мәмілелер;

      3) жарғымен немесе акционерлерінің жалпы жиналысының шешімімен өзара байланысты мәмілелер деп танылатын өзге де мәмілелер өзара байланысты мәмілелер деп танылады.
      Ескерту. 68-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      69-бап. Ірі мәміленің нысанасы болып табылатын
              мүліктің құны

      1. Ірі мәміленің нысанасы болып табылатын мүліктің нарықтық құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заң актісіне сәйкес белгіленеді.
      2. Егер нарықтық құнын белгілеу қажет болатын мүлік ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында айналыста жүрген бағалы қағаздар болса, олардың нарықтық құнын белгілеу кезінде осындай бағалы қағаздармен мәмілелердің осындай рынокта қалыптасқан бағасы немесе осындай бағалы қағаздарға сұраным мен ұсынымның бағасы есепке алынады. Егер нарықтық құнын анықтау қажет болатын мүлік қоғамның өз акциялары болса, олардың нарықтық құнын белгілеу кезінде қоғамның өзіндік капиталының мөлшері де, қоғамның даму жоспарларына сәйкес оның өзгеру перспективасы мен нарықтық құнды белгілейтін адам маңызды деп санайтын өзге факторлар да есепке алынады.

      70-бап. Қоғамның ірі мәміле жасасуы

      1. Қоғамның iрi мәмiле жасасуы туралы шешiмдi директорлар кеңесi қабылдайды.
      Қоғам кредиторлар мен акционерлерге хабарлау мақсатында директорлар кеңесi қоғамның iрi мәмiле жасасуы туралы шешiмдi қабылдағаннан кейiн бес күн iшiнде мәмiле туралы хабарламаны мемлекеттiк тiлде және басқа тiлдерде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға мiндеттi.

      2. Қоғамның жарғысында iрi мәмiлелердiң тiзбесi, сондай-ақ оларды жасасу тәртiбi белгiленуi мүмкiн, оларды жасасу туралы шешiмдi акционерлердiң жалпы жиналысы қабылдайды.

      3. Осы Заңда және қоғамның жарғысында белгiленген тәртiппен қабылданған қоғамның iрi мәмiле жасасу туралы шешiмiмен келiспеген жағдайда, акционер өзiне тиесiлi акцияларды қоғамның осы Заңда белгiленген тәртiппен сатып алуын талап етуге құқылы.
      Ескерту. 70-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      71-бап. Қоғамның мәміле жасасуға мүдделілігі

      1. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары, егер олар:

      1) мәміле жасаушы тарап болса немесе оған өкіл немесе делдал ретінде қатысса;

      2) мәміле жасаушы тарап болып табылатын немесе оған өкіл немесе делдал ретінде қатысатын заңды тұлғаның аффилиирленген тұлғалары болса, қоғамның мәміле жасасуына мүдделі тұлғалары (бұдан әрі - мүдделі тұлғалар) деп танылады.

      2. Мынадай мәмiлелер:

      1) акционердiң қоғам акцияларын немесе басқа да бағалы қағаздарын сатып алуы, сондай-ақ қоғамның орналастырылған өз акцияларын сатып алуы жөнiндегi мәмiле;

      2) банктiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын құпияны қамтитын мәлiметтердi жария етпеу туралы мiндеттеме қабылдау жөнiндегi мәмiле;

      3) қоғамды осы Заңға сәйкес жүзеге асырылатын қайта ұйымдастыру;

      4) қоғамның өз аффилиирленген тұлғасымен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдарына сәйкес жасайтын мәмiлесi жасалуына қоғам мүдделi болатын мәмiле болып табылмайды.
      Ескерту. 71-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      72-бап. Қоғамның мәміле жасасуына мүдделілік туралы
              ақпарат

      Осы Заңның 71-бабының 1-тармағында аталған тұлғалар:
      1) олардың мәміле тараптары екендігі немесе оған өкіл немесе делдал ретінде қатысатындығы туралы;
      2) өздерімен аффилиирленген заңды тұлғалар туралы, оның ішінде дербес немесе өздерінің аффилиирленген тұлғаларымен бірлесіп, дауыс беретін акциялардың (үлестердің, пайлардың) он және одан да көп процентін иеленетін заңды тұлғалар туралы және органдарында өздері қызмет атқаратын заңды тұлғалар туралы;
      3) өздері мүдделі тұлғалар болып танылуы мүмкін, өздеріне белгілі жасалған немесе ықтимал мәмілелер туралы ақпаратты директорлар кеңесінің назарына жеткізуге міндетті.
      Ескерту. 72-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      73-бап. Мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілені
              жасасу тәртібіне қойылатын талаптар

      1. Мүдделiлiк болуына орай қоғамның мәмiленi жасасуы туралы шешiм оның жасалуына мүдделi емес директорлар кеңесi мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады.

      2. Мүдделiлiк болуына орай қоғамның мәміленi жасасуы туралы шешiмдi акционерлердiң жалпы жиналысы:

      1) қоғамның директорлар кеңесiнiң барлық мүшелерi мүдделi тұлғалар болып табылған;

      2) шешiм қабылдауға қажеттi дауыстар саны болмауына орай, директорлар кеңесiнiң мұндай мәмiленi жасасу туралы шешiмдi қабылдау мүмкiндiгi болмаған жағдайларда оның жасалуына мүдделi емес акционерлердiң көпшiлiк даусымен қабылдайды.

      3. Мүдделiлiк болуына орай қоғамның мәмiленi жасасуы туралы шешiм, директорлар кеңесiнiң барлық мүшелерi мен жай акцияларды иеленетiн барлық акционерлер мүдделi адамдар болып табылған жағдайда, акционерлердiң жалпы жиналысында қоғамның дауыс беретiн акциялары жалпы санының жай көпшiлiк даусымен қабылданады.
      Бұл орайда акционерлердiң жалпы жиналысына негiзделген шешiм қабылдауға қажеттi ақпарат (құжаттармен қоса) берiледi.

      4. Қоғамның жарғысында мүдделiлiк болуына орай жасалатын мәмiлелердiң жекелеген түрлерiн жасасудың өзге де тәртiбi белгiленуi мүмкiн.
      Ескерту. 73-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      74-бап. Қоғамның жасалуына қатысты ерекше талаптар
              белгіленген мәмілелер жасасуының салдары

      1. Ірі мәмілені және мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілені жасасу кезінде осы Заңда көзделген талаптарды сақтамау мүдделі тұлғалардың талап-арызы бойынша сот тәртібімен бұл мәмілелерді жарамсыз деп тануға әкеп соғады.
      2. Мәміле жасасудың осы Заңда көзделген тәртібіне қойылатын талаптарын бұза отырып қоғаммен мәміле жасалуына мүдделі тұлға қоғам алдында өзінің қоғамға келтірген залалы мөлшерінде жауапты болады. Мәмілені бірнеше тұлға жасаған жағдайда олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі ортақ болады.
      3. Осы Заңда және қоғамның жарғысында белгіленген талаптарды бұза отырып қасақана ірі мәміле жасаған тұлғаның, егер мұндай талап пайдакүнемдік немесе жауапкершіліктен жалтару ниетінен туса, мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы жоқ.

8-тарау. Қоғамның қаржылық есептілігі мен аудиті

      75-бап. Қоғамның қаржылық есептілігі

      1. алып тасталды .
      2. Қоғамның бухгалтерлік есебін жүргізу мен қаржылық есептілігін жасау тәртібі Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасымен белгіленеді.
      Ескерту. 75-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы N 235 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      76-бап. Қоғамның жылдық қаржылық есептілігі

      1. Атқарушы орган жыл сайын акционерлердiң жалпы жиналысына талқылау және бекiту үшiн аудитi Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет жөнiндегi заңдарына сәйкес жасалған өткен жылғы жылдық қаржылық есептiлiктi табыс етедi. Атқарушы орган қаржылық есептiлiктен басқа жалпы жиналысқа аудиторлық есептi табыс етедi.
      2. алып тасталды .

      3. Жылдық қаржылық есептілікті директорлар кеңесі акционерлердің жылдық жалпы жиналысы өтетін күнге дейін отыз күннен кешіктірмей алдын ала бекітуге тиіс.
      Қоғамның жылдық қаржылық есептілігін түпкілікті бекіту акционерлердің жылдық жалпы жиналысында жүргізіледі.

      4. Қоғам жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарында уәкілетті орган белгілеген мерзімде бухгалтерлiк балансты, капиталдағы барлық өзгерiстердi көрсететiн есептi, ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есептi және пайда мен залал туралы есептi жариялап отыруға міндетті. Қоғам өзге қаржылық есептiлiктi қосымша жариялауға құқылы.
      Ескерту. 76-бапқа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007 жылғы 28 ақпандағы N 235 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      77-бап.
      Ескерту. 77-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      78-бап. Қоғамның аудиті

      1. Қоғам жылдық қаржылық есептіліктің аудит жүргізуге міндетті.
      2. Қоғамға аудит директорлар кеңесінің, атқарушы органның бастамасы бойынша қоғам есебінен не ірі акционердің талап етуі бойынша оның есебінен жүргізіледі, бұл ретте iрi акционер аудиторлық ұйымды дербес анықтауға құқылы. Iрi акционердiң талап етуi бойынша аудит жүргiзiлген жағдайда, қоғам аудиторлық ұйым сұратқан барлық қажеттi құжаттаманы (материалдарды) беруге мiндеттi.
      3. Егер қоғамның атқарушы органы қоғамға аудит жүргізуден жалтарса, аудит кез келген мүдделі тұлғаның талап-арызы бойынша сот шешімімен тағайындалуы мүмкін.
      Ескерту. 78-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

9-тарау. Қоғамның ақпаратты жария етуі.
Қоғамның құжаттары

      79-бап. Қоғамның ақпаратты жария етуі

      1. Қоғам акционерлерінің мүддесіне қатысты қоғам қызметі туралы ақпаратты қоғам өз акционерлерінің назарына жеткізуге міндетті.
      Мыналар:

      1) акционерлердің жалпы жиналысы және директорлар кеңесі қабылдаған шешімдер және қабылданған шешімдердің орындалуы туралы ақпарат;

      2) қоғамның акциялар мен басқа да бағалы қағаздарды шығаруы және уәкілетті органның қоғамның бағалы қағаздарын орналастыру қорытындылары туралы есептерін, қоғамның бағалы қағаздарын өтеу қорытындылары туралы есептерін бекітуі, уәкілетті органның қоғамның бағалы қағаздарының күшін жоюы;

      3) қоғамның ірі мәмілелерді және жасалуына қоғам мүдделі мәмілелерді жасасуы;

      4) қоғамның өз капиталының жиырма бес және одан да көп проценті болатын мөлшерде қоғамның қарыз алуы;

      5) қызметтің қандай да түрін жүзеге асыруға қоғамның лицензиялар алуы, қызметтің қандай да бір түрін жүзеге асыруға қоғамның бұрын алған лицензиялары қолданылуының тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы;

      6) қоғамның заңды тұлға құруға қатысуы;

      7) қоғам мүлкіне тыйым салынуы;

      8) нәтижесінде баланстық құны қоғам активтерінің жалпы мөлшерінің он және одан да көп проценті болатын қоғам мүлкі жойылған төтенше сипаттағы мән-жайлардың туындауы;

      9) қоғамның және оның лауазымды адамдарының әкімшілік жауапқа тартылуы;

      9-1) сотта корпоративтік дау бойынша іс қозғалуы;

      10) қоғамды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру туралы шешімдер;

      11) қоғамның жарғысына сәйкес оның акционерлерінің мүддесіне қатысты өзге де ақпарат қоғам акционерлерінің мүддесіне қатысты ақпарат деп танылады.

      2. (алып тасталды)

      2-1. Жария компания осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 9) және 9-1) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты корпоративтік веб-сайтқа орналастыруға міндетті.

      3. Қоғамның акционерлердің мүддесіне қатысты қызметі туралы ақпарат беру осы Заңға және қоғамның жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
      Акционерлерге сотта корпоративтік дау бойынша іс қозғалғаны туралы ақпарат қоғам соттың корпоративтік дау жөніндегі азаматтық іс бойынша тиісті хабарламасын (шақыруын) алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде берілуге тиіс.
      Қоғам қызметтік немесе коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа ие қоғам қызметкерлерінің тізімін міндетті түрде жүргізуді қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 79-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19 N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.07.05 N 58-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      80-бап. Қоғамның құжаттары

      1. Қоғамның өз қызметіне қатысты құжаттарды қоғам өзі қызмет еткен бүкіл мерзім ішінде қоғамның атқарушы органы орналасқан жерде немесе оның жарғысында белгіленген өзге де жерде сақтауға тиіс.
      Мына құжаттар:

      1) қоғамның жарғысы, қоғам жарғысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар;

      2) құрылтай жиналысының хаттамалары;

      3) құрылтай шарты (жалғыз құрылтайшының шешімі), құрылтай шартына (жалғыз құрылтайшының шешіміне) енгізілген өзгерістер мен толықтырулар;

      4) қоғамның заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі (қайта тіркелуі) туралы куәлік;

      5) қоғамның статистикалық карточкасы;

      6) қоғамның белгілі бір қызмет түрлерімен айналысуға және (немесе) белгілі бір әрекеттер жасауға алған лицензиялары;

      7) қоғамның өз балансында тұратын (тұрған) мүлікке құқығын растайтын құжаттар;

      8) қоғамның бағалы қағаздарын шығару проспектілері;

      9) қоғамның бағалы қағаздар шығаруын мемлекеттік тіркеуді, бағалы қағаздардың күшін жоюды растайтын құжаттар, сондай-ақ қоғамның бағалы қағаздарын орналастыру мен өтеу қорытындылары туралы уәкілетті органға табыс еткен есептерін бекіту;

      10) қоғамның филиалдары мен өкілдіктері туралы ереже;

      11) акционерлердің жалпы жиналыстарының хаттамалары, акционерлердің жалпы жиналыстарының күн тәртібіндегі мәселелер жөніндегі материалдар;

      12) акционерлердің жалпы жиналысын өткізу үшін табыс етілген акционерлер тізімі;

      13) директорлар кеңесі отырыстарының (сырттай өткізілген отырыстар шешімдерінің) хаттамалары, директорлар кеңесінің күн тәртібіндегі мәселелер жөніндегі материалдар;

      14) атқарушы орган отырыстарының (шешімдерінің) хаттамалары;

      15) бар болған жағдайда, корпоративтік басқару кодексі сақталуға тиіс.

      2. Өзге құжаттар, оның ішінде қоғамның қаржылық есептілігі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген мерзім ішінде сақталады.

      3. Акционердің талап етуі бойынша қоғам оған осы Заңда көзделген құжаттардың көшірмесін қоғамның жарғысында белгіленген тәртіппен беруге міндетті, бұл орайда қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты беруге шектеулер енгізуге жол беріледі.
      Құжаттардың көшірмелерін беру үшін төленетін ақы мөлшерін қоғам белгілейді және ол құжаттардың көшірмелерін дайындауға жұмсалған шығыстар құны мен құжаттарды акционерге жеткізіп беруге байланысты шығыстарды төлеу ақысынан аспауы керек.
      Қоғамның қызметтік, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпарат қамтылған бағалы қағаздарын шығару, орналастыру, айналысқа шығару және айырбастаудың жекелеген мәселелерін регламенттейтін құжаттар оның талабы бойынша танысу үшін акционерге берілуге тиіс.
      Ескерту. 80-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

10-тарау. Қоғамды қайта ұйымдастыру және тарату

      81-бап. Қоғамды қайта ұйымдастыру

      1. Қоғамды қайта ұйымдастыру (біріктіру, қосу, бөлу, бөлініп шығу, қайта құру) Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қоғам бөліну немесе бөлініп шығу арқылы қайта ұйымдастырылған кезде қайта ұйымдастырылатын қоғамның кредиторлары осы қоғам борышкер болып табылатын міндеттеменің мерзімінен бұрын тоқтатылуын және залалдардың өтелуін талап етуге құқылы.
      3. Егер қоғам қайта ұйымдастырылған жағдайда өз қызметін тоқтатса, оның акциялары шығарылымының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен күші жойылуға тиіс.
      Ескерту. 81-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      82-бап. Қоғамдардың бірігуі

      1. Екi немесе бiрнеше қоғамның өз қызметiн тоқтатып, бiрiгу туралы шарттың негiзiнде және өткiзу актiлерiне сәйкес өзiнiң бүкiл мүлкiн, құқықтарын және мiндеттерiн беру арқылы жаңа қоғамның пайда болуы қоғамдардың бiрiгуi деп танылады.

      2. Қоғамдардың бiрiгуi жолымен құрылатын қоғамның жарғылық капиталы қайта ұйымдастырылатын қоғамдардың өз капиталдарының сомасына тең болады.

      3. Құрылған қоғамның акциялары қайта ұйымдастырылатын қоғамдардың акционерлерi арасында мынадай тәртiппен орналастырылады:

      1) құрылған қоғамның әрбiр қайта ұйымдастырылатын қоғам акционерлерi арасында орналастырылатын жарияланған акцияларының саны сол қоғамдардың өз капиталдарының арақатынасына сүйене отырып айқындалады;

      2) әрбiр қайта ұйымдастырылатын қоғамның акционерлерi арасында бөлiнетiн, осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес айқындалатын акциялар саны әрбiр қайта ұйымдастырылатын қоғамның акционерлерi арасында олардың қолында болған қайта ұйымдастырылатын қоғам акциялары санының осы қоғамның орналастырылған (сатып алынғандарын шегере отырып) акциялары санына арақатынасына барабар мөлшерде орналастырылады.

      4. Қайта ұйымдастырылатын әрбiр қоғамның директорлар кеңесi бiрiгу нысанында қайта ұйымдастыру туралы, бiрiгу нәтижесiнде құрылатын қоғамның акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу және оларды орналастыру тәртiбi туралы мәселенi акционерлердiң жалпы жиналысының қарауына ұсынады.

      5. Бiрiгу туралы шешiм қайта ұйымдастырылатын қоғамдар акционерлерiнiң бiрлескен жалпы жиналысында әрбiр жеке қоғам акционерлерiнiң айқын басым көпшiлiк даусымен қабылданады. Акционерлердiң жалпы жиналысының осы шешiмiнде:

      1) қайта ұйымдастырылатын қоғамдардың әрқайсысының атауы, орналасқан жерi, акцияларды орналастыру тәртiбi туралы мәлiметтер және бiрiгудiң өзге де талаптары көрсетiлетiн бiрiгу туралы шартты бекiту туралы ереже;

      2) бiрiгу нәтижесiнде құрылатын қоғамның акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы ереже болуға тиiс.

      6. Бiрiгу туралы шартқа қайта ұйымдастырылатын қоғамдардың барлық акционерлерi қол қоюға тиiс.
      Өткiзу актiсiне қайта ұйымдастырылатын қоғамдардың атқарушы органдарының басшылары мен бас бухгалтерлерi қол қояды және ол қоғамдардың мөрлерiмен расталады.

      7. Қайта ұйымдастырылатын қоғамдар өздерiнiң барлық кредиторларына қайта ұйымдастыру туралы жазбаша хабарламалар жiберуге және бұқаралық ақпарат құралдарында тиiстi хабарландыру беруге мiндеттi. Хабарламаға өткiзу актiсi қоса тiркеледi.
      Ескерту. 82-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      83-бап. Қоғамның қосылуы

      1. Қосылатын қоғамның қосылу туралы шарттың негізiнде және өткiзу актiсiне сәйкес бүкiл мүлкiн, құқықтары мен мiндеттерiн басқа қоғамға бере отырып, өз қызметiн тоқтатуы қоғамның басқа қоғамға қосылуы деп танылады.
      Қосылу жүзеге асырылатын қоғам қосылатын қоғам акциялары сату бағасының қосылу жүзеге асырылатын қоғам акцияларының осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалатын орналастыру (өткiзу) бағасына арақатынасына барабар өз акцияларын қосылатын қоғамның акционерлерiне орналастыру (өткiзу) арқылы оның акцияларын сатып алады.
      Қосылатын қоғамның барлық акциялары сатып алынғаннан кейiн аталған акциялар жойылады, ал қосылатын қоғамның мүлкi, құқықтары мен мiндеттерi қайта ұйымдастырылатын қоғамдардың атқарушы органдары басшылары мен бас бухгалтерлерi қол қойған және сол қоғамдардың мөрлерiмен расталған өткiзу актiсiне сәйкес қосылу жүзеге асырылатын қоғамға берiледi.

      2. Қосылатын қоғам акцияларын сату бағасы қосылатын қоғамның өз капиталының оның орналастырылған (қоғамның сатып алғандарын қоспағанда) акцияларға арақатынасына қарай айқындалады.
      Қосылу жүзеге асырылатын қоғам акцияларын орналастыру (өткiзу) бағасы қосылу жүзеге асырылатын қоғамның өз капиталының оның орналастырылған (қоғамның сатып алғандарын қоспағанда) акцияларының санына арақатынасына сүйене отырып айқындалады.

      3. Қосылатын қоғамның директорлар кеңесi қосылу нысанында қайта ұйымдастыру туралы, қосылатын қоғамның акцияларын сату тәртiбi, мерзiмi және бағасы туралы мәселенi акционерлердiң жалпы жиналысының қарауына шығарады.
      Қосылу жүзеге асырылатын қоғамның директорлар кеңесi өзiне басқа қоғамды қосу нысанында қоғамды қайта ұйымдастыру туралы, акцияларды орналастыру (өткiзу) тәртiбi, мерзiмi және бағасы туралы мәселенi акционерлердiң жалпы жиналысының шешуiне енгiзедi.

      4. Қосылу туралы шешiм қосылу жүзеге асырылатын қоғам мен қосылатын қоғам акционерлерiнiң бiрлескен жалпы жиналысында әрбiр жеке қоғам акционерлерiнiң айқын басым көпшiлiк даусымен қабылданады.
      Акционерлердiң бiрлескен жалпы жиналысының қосылу туралы шешiмiнде қосылуға қатысатын қоғамдардың әрқайсысының атауы, орналасқан жерi, қосылатын қоғам акцияларын сату бағасы, қосылу жүзеге асырылатын қоғам акцияларын орналастыру (өткiзу) бағасы, қосылудың өзге де талаптары мен тәртiбi болуға тиiс.

      5. Қосылатын қоғам, сондай-ақ қосылу жүзеге асырылатын қоғам өзiнiң барлық кредиторларына қосылу нысанында қайта ұйымдастыру туралы жазбаша хабарлама жiберуге және бұқаралық ақпарат құралдарында тиiстi хабарландыру беруге мiндеттi. Хабарламаға өткiзу актiсi, сондай-ақ қосылу жүзеге асырылатын қоғамның атауы мен орналасқан жерi туралы мәлiмет қоса тiркеледi.
      Ескерту. 83-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      84-бап. Қоғамның бөлінуі

      1. Қоғамның жаңадан пайда болатын қоғамдарға өзiнiң бүкiл мүлкiн, құқықтары мен мiндеттерiн бере отырып, өз қызметiн тоқтатуы қоғамның бөлiнуi деп танылады. Бұл орайда бөлiнетiн қоғамның құқықтары мен мiндеттерi бөлiну балансына сәйкес жаңадан пайда болатын қоғамдарға ауысады.
      Қоғамның бөлiнуi нәтижесiнде пайда болған акционерлiк қоғамдардың жарғылық капиталдарының сомасы қайта ұйымдастырылатын қоғамның өз капиталының мөлшерiне тең болады.

      2. Қайта ұйымдастырылған акционерлiк қоғамның барлық акционерлерi қоғамның бөлiнуi нәтижесiнде пайда болған қоғамдардың әрқайсысының акционерлерi болып табылады.
      Қоғамдардың бөлiнуi нәтижесiнде пайда болған акциялар осы қоғамдардың акционерлерi арасында қайта ұйымдастырылатын қоғамның акционерлерге тиесiлi акциялары санының қайта ұйымдастырылатын қоғамның орналастырылған (сатып алынғандарын шегере отырып) акциялары санына арақатынасына барабар мөлшерде орналастырылады.

      3. Қайта ұйымдастырылатын қоғамның директорлар кеңесi қоғамның бөлiнiп шығуы нысанында қайта ұйымдастырылуы, бөлiнiп шығу тәртiбi мен талаптары және бөлiну балансын бекiту туралы мәселелердi акционерлердiң жалпы жиналысының қарауына енгізедi.

      4. Қайта ұйымдастырылатын қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы бөлiну нысанында қайта ұйымдастыру, бөлiну тәртiбi мен талаптары туралы, бөлiну балансын бекiту туралы шешiм қабылдайды.

      5. Акционерлердiң жалпы жиналысы бөлiну туралы шешiм қабылдаған күннен бастап екi ай мерзiмде қоғам өзiнiң барлық кредиторына бөлiну туралы жазбаша хабарлама жiберуге және бұқаралық ақпарат құралдарында тиiстi хабарландыру беруге мiндеттi. Хабарламаға бөлiну балансы қоса тіркеледi.
      Ескерту. 84-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      85-бап. Қоғамның бөлініп шығуы

      1. Қайта ұйымдастырылатын қоғамның қызметiн тоқтатпай, мүлкiнiң, құқықтары мен мiндеттерiнiң бiр бөлiгiн бөлiну балансына сәйкес бiр немесе бiрнеше қоғамға бере отырып, оларды құруы қоғамның бөлiнiп шығуы деп танылады.
      Бөлiнiп шығу кезiнде қайта ұйымдастырылатын қоғамның жарғылық капиталы кемiмеуге тиiс.
      Қайта ұйымдастырылатын қоғам бөлiнiп шыққан қоғамдарды әдiлет органдарында тiркеу жөнiндегі iс-шараларды жүзеге асырады.

      2. Қайта ұйымдастырылатын қоғам бөлiнiп шыққан қоғамның жалғыз құрылтайшысы болып табылады.
      Бөлiнiп шыққан қоғамның жарғылық капиталының мөлшерi қайта ұйымдастырылатын қоғам бөлiну балансына сәйкес оған берген активтер мен мiндеттемелердiң арасындағы айырмаға тең болады және ол осы Заңның 11-бабында белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

      3. Қайта ұйымдастырылатын қоғам бөлiнiп шыққан қоғамның акцияларын өз акционерлерiне ғана орналастырады (өткiзедi), бұл орайда қайта ұйымдастырылатын қоғамның акциялары ғана төлем ретiнде жүредi. Бөлiнiп шыққан қоғамның акционерлерiне берiлетiн акциялардың саны қайта ұйымдастырылатын және бөлiнiп шыққан қоғамдар акциялары баланстық құнының арақатынасына сүйене отырып айқындалады.

      4. Қайта ұйымдастырылатын қоғамның директорлар кеңесi қоғамның бөлiніп шығуы нысанында қайта ұйымдастырылуы, бөлiнiп шыққан қоғамның акцияларын орналастыру (өткiзу) бағасы, бөлiнiп шығу тәртiбi мен талаптары туралы мәселелердi, сондай-ақ бөліну балансының жобасын акционерлердiң жалпы жиналысының қарауына енгізеді.

      5. Қайта ұйымдастырылатын қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы бөлiнiп шығу нысанында қайта ұйымдастыру, бөлініп шыққан қоғамның акцияларын орналастыру (өткізу) бағасы, бөлініп шығу тәртібі мен талаптары туралы және бөлiну балансын бекiту туралы шешiм қабылдайды.

      6. Акционерлердiң жалпы жиналысы бөлiнiп шығу туралы шешiм қабылдаған күннен бастап екi ай мерзiмде қоғам өзiнiң барлық кредиторына бөлiнiп шығу нысанында қайта ұйымдастыру туралы жазбаша хабарлама жiберуге және бұқаралық ақпарат құралдарында тиiстi хабарландыру беруге мiндеттi. Хабарламаға бөлiну балансы, сондай-ақ бөлiнiп шыққан әрбiр қоғамның атауы, орналасқан жерi туралы мәлiметтер қоса тiркеледі.
      Ескерту. 85-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      86-бап. Қоғамды қайта құру

      1. Қоғам (акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымды қоспағанда) шаруашылық серіктестігі немесе өндірістік кооператив болып қайта құрылуға құқылы, қайта құрылатын қоғамның барлық құқықтары мен міндеттері өткізу актісіне сәйкес соларға ауысады.

      2. Қайта құрылатын қоғамның директорлар кеңесі қоғамның қайта құрылуы, қайта құруды жүзеге асырудың тәртібі мен талаптары, шаруашылық серiктестiгіне қатысушылардың қатысу үлестерiн немесе өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң пайларын айқындау тәртібі туралы мәселені акционерлердің жалпы жиналысының қарауына енгізеді. Шаруашылық серiктестiгiне қатысушының қатысу үлесi немесе өндiрiстiк кооператив мүшесiнiң пайы осы қатысушының қайта құрылатын қоғамда ие болған қоғам акциялары санының қоғамның орналастырылған (сатып алынғандарды қоспағанда) акцияларының жалпы санына арақатынасына барабар айқындалады.

      3. Қайта құрылатын қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы қоғамның қайта құрылуы, қайта құруды жүзеге асырудың тәртібі мен талаптары, шаруашылық серiктестiгiне қатысушылардың қатысу үлестерiн немесе өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң пайларын айқындау тәртібі туралы шешім қабылдайды және өткізу актісін бекітеді.

      4. Қайта құру кезінде құрылатын жаңа заңды тұлғаның қатысушылары өздерінің бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес оның құрылтай құжаттарын бекіту және органдарын сайлау туралы шешім қабылдайды.

      5. Акциялар шығарылымының күші жойылған күні қоғамның тіркеушісі жасаған акционерлер тізіміне енгізілген тұлғалар акционерлік қоғамнан қайта құрылған жаңа заңды тұлғаның қатысушылары болады.
      Ескерту. 86-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      87-бап. Қоғамды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру туралы
              сот шешімін орындамаудың салдары

      1. Егер қоғамның сот шешімі бойынша бөліну немесе бөлініп шығу нысанында мәжбүрлеп қайта ұйымдастыруды жүргізуге уәкілетті органдары қайта ұйымдастыруды осындай шешімде белгіленген мерзімде жүзеге асырмаса, сот біліктілік талаптарына сай келетін сенімгер басқарушы тағайындайды және оған бөліну немесе бөлініп шығу нысанында қайта ұйымдастыруды жүзеге асыруды тапсырады.
      2. Сенімгер басқарушы тағайындалған кезден бастап оған директорлар кеңесі мен акционерлердің жалпы жиналысының осы Заңның 84 және 85-баптарында көзделген қайта ұйымдастыру талаптарын айқындау жөніндегі өкілеттіктері ауысады.
      3. Қоғам атынан әрекет жасайтын сенімгер басқарушы бөліну балансын жасайды және оны бөліну немесе бөлініп шығу нәтижесінде құрылған қоғамдардың жалпы жиналысында бекітілген құрылтай құжаттарымен бірге соттың қарауына береді. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған қоғамдарды мемлекеттік тіркеу сот шешімі негізінде жүзеге асырылады.

      88-бап. Қоғамды тарату

      1. Қоғамды ерікті түрде тарату туралы шешім Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес кредиторлармен келісімдер бойынша және олардың бақылауымен тарату рәсімін белгілейтін акционерлердің жалпы жиналысында қабылданады.

      2. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда қоғамды мәжбүрлеп таратуды сот жүзеге асырады.
      Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, қоғамды тарату туралы талапты мүдделі тұлғалар сотқа ұсынуы мүмкін.

      3. Соттың немесе жалпы жиналыстың қоғамды тарату туралы шешімімен тарату комиссиясы тағайындалады.
      Тарату комиссиясы қоғамның таратылуы кезеңінде оны басқару және тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген іс-әрекет жасау жөніндегі өкілеттіктерге ие болады.
      Ерiктi тарату кезiнде тарату комиссиясының құрамына қоғам кредиторларының өкілдері, ірі акционерлердің өкілдері, сондай-ақ акционерлердің жалпы жиналысының шешіміне сәйкес өзге де адамдар енгізілуге тиіс.

      4. Қоғамды тарату рәсімі және оның кредиторларының талаптарын қанағаттандыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.

      5. Қоғамды тарату кезінде оның жарияланған, оның ішінде орналастырылған акциялары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жойылуға жатады.
      Ескерту. 88-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      89-бап. Таратылатын қоғамның мүлкін акционерлер
              арасында бөлу

      1. Таратылатын қоғамның кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлкін акционерлер арасында бөлуді тарату комиссиясы мынадай кезектілікпен жүзеге асырады:

      1) бірінші кезекте - осы Заңға сәйкес сатып алынуға тиіс болатын акциялар бойынша төлемдер;

      2) екінші кезекте - артықшылықты акциялар бойынша есептелген және төленбеген дивидендтерді төлеу;

      3) үшінші кезекте - жай акциялар бойынша есептелген және төленбеген дивидендтерді төлеу.
      4) (алып тасталды)
      5) (алып тасталды)

      2. Әрбір кезектің талаптары алдыңғы кезектің талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін қанағаттандырылады.
      Егер таратылатын қоғамның мүлкі есептелген, бірақ төленбеген дивидендтерді төлеуге және артықшылықты акциялардың құнын өтеуге жеткіліксіз болса, аталған мүлік, осы Заңның 13-бабы 2-тармағының талаптары ескерiле отырып, түгелдей осы санаттағы акционерлер арасында оларға тиесілі акциялардың санына қарай бөлінеді.
      Ескерту. 89-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

11-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

      90-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн құрылған қоғамдар осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап үш жыл iшiнде өздерiнiң құрылтай құжаттарына тиiстi өзгерiстер енгiзуге және қоғамның жарғылық капиталының мөлшерiн осы Заң қолданысқа енгiзiлген күнге тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiн негiзге ала отырып, осы Заңның 10-бабына сәйкес келтiруге не қоғамды қайта ұйымдастыруға немесе оны таратуға мiндеттi.

      2. Қоғам осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптарды орындамаған жағдайда, уәкiлеттi орган оны мәжбүрлеп тарату не оны қайта құру нысанында қайта ұйымдастыру туралы сотқа өтiнiш беруге құқылы.

      3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін акциялар ұстаушылардың тізілімін жасауды, жүргізуді және сақтауды дербес жүзеге асырған қоғам осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш айдың ішінде қоғамның тіркеушісін сайлау туралы шешім қабылдап, оған қоғамның акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесін құрайтын құжаттарды беруге міндетті.
      Ескерту. 90-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      91-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң оның ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      2. "Акционерлік қоғамдар туралы" 1998 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., N 17-18, 223-құжат; 1999 ж., N 20, 727-құжат; N 24, 1072-құжат; 2001 ж., N 23, 321-құжат; 2002 ж., N 10, 102-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті