Бал ара шаруашылығы туралы

Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 12 наурыздағы N 303 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы заңға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Осы Заң бал ара шаруашылығы өнімін өндіру, бал араны қорғау, пайдалану және молықтыру, оларды ауылшаруашылық дақылдарын және барлық тозаңдандырылатын флораны тозаңдандыру үшін тиімді пайдалану, ара шаруашылығының, сондай-ақ өсімдік шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін жағдай жасау, бал ара шаруашылығымен айналысатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін сақтау кепілдіктерін қамтамасыз ету саласындағы қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-бап жаңа редакцияда көзделген - ҚР 2011.07.15 N 461-IV (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бал ара шаруашылығы - ауылшаруашылық өндірісінің саласы, оның жұмыс істеу негізгі энтомофильді өсімдіктерді тозаңдандыру мен олардың өнімділігін арттыру, бал ара шаруашылығы өнімдерін алу үшін бал араны өсіру, ұстау және пайдалану болып табылады;

      2) бал ара шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының берілген өкілеттіктер шегінде бал ара шаруашылығы саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы органы;

      3) бал ара ұясы - бал ара ұясында немесе үйшігінде тұратын жұмыскер бал аралардан, еркек бал аралардан және аналық бал арадан тұратын тұтас биологиялық бірлік;

      4) бал ара бал ұясы - бал ара бал ұясын ұстауға арналған құрылыс;

      5) омарта - бал арасымен қоса белгілі бір жерде орналастырылған бал ара ұялары және бал ара шаруашылығымен айналысуға қажетті мүлік;

      6) тұрақты омарта - бір жыл бойы тұрақты жерде орналастырылған омарта;

      7) көшпелі омарта - орнын ауыстырып тұру арқылы бал жинау көздерінің немесе энтомофильді өсімдіктер алабында орналасатын омарта;

      8) асылдандырушы шаруашылық - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы аттестаттаған, белгілі бір асыл тұқымды бал ара ұяларын және асыл тұқымды бал араларының ұрықтанған аналықтарын өсіру мен сатуды жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъект;

      9) асыл тұқымды бал ара ұясы - өзінің тұқымдық белгілерін ұрпағына тұрақты түрде беретін таза тұқымды, жоғары сыныпты бал араларының өнімділігі жоғары ұясы;

      10) аналық бал ара - бал ара ұясының молықтырылуын қамтамасыз ететін ұрғашы бал ара;

      11) бал ара тұқымдары - адамның белгілі бір шаруашылық және табиғи жағдайлардағы шығармашылық қызметінің ықпалымен қалыптасқан, саны жағынан өсіру үшін "өз-өзіне" жеткілікті, шаруашылық және асыл тұқымды құндылығы бар жалпы тектес бал ара ұяларының тұтас тобы;

      12) бал ара шаруашылығы өнімдері - бал араның жинаушылық және физиологиялық қасиеттері арқасында алынған өнімдер (бал, балауыз, бал ара тозаңы, балтозаң, желімтік, бал ара сүті, бал ара уы, еркек бал ара гомогенаты), сондай-ақ бал араның өзі;

      13) балауыз тетік - бал ара ұяларының негіздері басылып жасалған тиісті мөлшердегі жасанды түрде дайындалған жұқа балауыз жапырақтары;

      14) бал ара ұяларының зиянкестері - бал араларын жеу мақсаты үшін өлтіретін немесе балды ұрлау және (немесе) бүлдіру арқылы бал ара ұясына зиян келтіретін жануарлардың, құстар мен жәндіктердің жекелеген түрлері;

      15) омартаның ветеринариялық паспорты - ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгіленген нысандағы құжат, онда бал арасы ұяларының орналасқан жері, иесі, саны, бал аралары ауруларының профилактикасын, емдеуді және диагностикасын, жүргізу мақсатында өткізілген ветеринариялық өңдеудің мерзімдері мен сипаты көрсетіледі;

      16) бал ара ұяларын тасымалдау (көшіру) - бал ара ұяларын бал жинауға және энтомофильді өсімдіктерді тозаңдандыруға шығару;

      17) бал арасын қорғау құралдары - иммундық биологиялық, биологиялық өсімдіктен алынатын, химиялық, химиялық-фармацевтикалық және бал ара шаруашылығында пайдаланылатын басқа да ветеринариялық препараттар;

      18) энтомофильді өсімдіктер - насекомдармен тозаңданатын өсімдіктер.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

        2-бап. Қазақстан Республикасының бал ара
             шаруашылығы туралы заңдар

      1. Қазақстан Республикасының бал ара шаруашылығы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
 

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

2-тарау. БАЛ АРА ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ
ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

      3-бап. Бал ара шаруашылығымен айналысу құқығы

      1. Жеке және заңды тұлғалардың бал ара шаруашылығымен айналысуға құқығы бар.

      2. Бал ара шаруашылығымен айналысу үшін мемлекеттік органның қандай да бір рұқсатын алу талап етілмейді.

      4-бап. Омарталарды орналастыру үшін жер
             учаскелерін беру тәртібі

      1. Омарталарды орналастыру үшін жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгіленген тәртіп пен жағдайларда жер учаскелері беріледі.

      2. Орман қорының жеріне омарталар орналастыру орман ортасына зиян келтірілмей, Қазақстан Республикасының орман заңдарында белгіленген тәртіп пен жағдайларда жүзеге асырылуға тиіс.

      3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерінде омарталарды орналастыру Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      5-бап. Омартаны құру және жерді пайдалану

      1. Бал ара шаруашылығымен айналысу үшін жеке немесе заңды тұлға бал ара ұяларын омарта құрады, оның қосалқы үй-жайы мен құралдары болады және өзінің пайдалануындағы жер учаскесінде орналастырылады. Бал ара шаруашылығымен айналысатын жеке немесе заңды тұлға жер туралы заңдарға сәйкес жер учаскесінің меншік иелерімен және жерді пайдаланушылармен келісе отырып, басқа жер учаскесін пайдалана алады.

      2. Жеке және заңды тұлғалар күтіп ұстай алатын бал ара ұяларының санына шек қойылмайды.

      3. Омарталарда асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен бал араларының Қазақстан Республикасында тұқымдық аудандастыру жоспарына сәйкес белгілі бір жерде аудандастырылған тұқымдардың бал аралары ғана ұсталуға тиіс.

      6-бап. Омарталарды орналастыру

      1. Жеке және заңды тұлғалар омарталарды адамдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін орындарда орналастырады. Омарталарды қауіпсіз орналастыруды реттеу тәртібін аудандық (қалалық) атқарушы органдар белгілейді.

      2. Көшпелі омарталар бір-бірінен кем дегенде бір жарым километр және тұрақты омарталардан үш километр қашықтықта бал жинау көздерінің жанында орналастырылуға тиіс. Тұрақты және көшпелі омарталарды бал аралардың басқа бұрын орналастырылған омартадан бал жинау көздеріне қарай ұшатын жолына орналастыруға жол берілмейді.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

      7-бап. Бал ара шаруашылығымен айналысатын жеке
             және заңды тұлғаларға салық салу

      1. Бал ара шаруашылығымен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға салық салу Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгіленбеген салықтар мен басқа да төлемдерді енгізуге және жинауға тыйым салынады.

3-тарау. БАЛ АРАЛАРДЫ ҚОРҒАУ

      8-бап. Бал араларды қорғау және молықтыру

      Бал араларын қорғауды және молықтыруды меншік иесі:

      1) бал аралардың мекендеу ортасын, олардың көбею жағдайларын, көшу орындары мен орын ауыстыру жолдарын қорғау;

      2) омарталарға ветеринариялық-санитариялық қызмет көрсету;

      3) бал аралар орналасқан ареалдарда бал ара ұяларының оңтайлы санын қамтамасыз ету;

      4) бал араларын ғылыми негізделген түрде және ұтымды пайдалану;

      5) бал ара ұяларын бұзып қирату мен қасақана жоюдың алдын алу жөнінде шаралар қолдану;

      6) өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарды қолдану кезінде бал араларын қорғау;

      7) бал араларын сақтауға бағытталған қызметке жәрдемдесу арқылы жүзеге асырады.

      9-бап. Бал аралардың мекендеу ортасын, олардың көбею
             жағдайларын, көшу орындарын және орын ауыстыру
             жолдарын қорғау

      Бал аралар санының қысқаруына әкеп соғуы мүмкін қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар оларды қорғау, олардың мекендеу ортасын сақтау жөніндегі іс-шараларды, бал араларын сақтау және олардың тіршілігі үшін ерекше құнды саналатын учаскелер мен өсімдіктерге қол сұқпаушылықты қамтамасыз етуге міндетті.

      10-бап. Бал араларын өсімдіктерді қорғау құралдары,
              минералдық тыңайтқыштар және басқа да
              препараттар қолданылған кезде қорғау

      1. Бал шырынды өсімдіктерді өңдеу үшін өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарды қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылуға тиіс.
      Бал шырынды өсімдіктерді өңдеу үшін қолданылатын өсімдіктерді қорғау құралдарының, минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттардың тізбесін бал ара шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.

      2. Бал шырынды өсімдіктерді өңдеу үшін өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарды қолданатын жеке және заңды тұлғалар жұмыстардың басталуынан бес күн бұрын осы жайында өңделетін учаскелерден жеті километрге дейінгі радиуста омарталары бар омарташылары бар омарташыларға жазбаша ескертуге, қолданылатын препарат, оның уыттылығы және оқшаулау мерзімдері туралы хабарлауға міндетті.

      11-бап. Орман шаруашылығы жұмыстарын жүргізу
              кезінде бал араларын қорғау

      Тұрақты омарталар орналасқан жерден үш километрге дейінгі радиуста, ормандардың санитариялық жай-күйін және оларды молықтыру жағдайларын жақсартатын реттерді қоспағанда, бал жинау көздері - ағаштар мен бұталарды кесуге, сондай-ақ сәмбі тал қабығын дайындауға тыйым салынады.

      12-бап. Бал араларын мекендеу ортасы
              жағдайында қорғау

      1. Бал араларының пайдалы қасиеттерін пайдалану, сондай-ақ олар мекендейтін орта жағдайында бал ара шаруашылығы өнімдерін алу жөніндегі қызмет Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Бал аралар мекендеген орта жағдайларында ұяларды және бал ара ұялары орналасқан басқа да жерлерді бұзып қиратуға, сондай-ақ бал ара ұяларынан бал алуға жол берілмейді.

      3. Егер бал ара ұясы өзі мекендейтін орта жағдайында адамның тіршілігін қиындатса, мұндай бал ара ұясын көшіру мүмкін болмаған кезде, көшіру немесе жою бал ара шаруашылығы саласындағы мамандардың қатысуымен жүргізіледі.

      13-бап. Бал ара ұяларын тасымалдау (көшіру)

      Бал ара ұяларын тасымалдау (көшіру) ветеринариялық-санитариялық ережелерді сақтай отырып жүзеге асырылуға тиіс. Тасымалдауды (көшіруді) жүзеге асыратын көлік құралдарын кідірту бал ара ұяларына құрып кету қауіптерін төндірмей жүргізілуге тиіс.

4-тарау. БАЛ АРА ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

      14-бап. Бал ара шаруашылығы саласындағы уәкілетті
               мемлекеттік органның құзыреті

      Бал ара шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган:

      1) бал ара шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды;

      2) бал ара шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламаларын әзірлеуді ұйымдастыруды;

      3) алып тасталды - 2006.01.10. N 116 Заңымен.

      4) берілген өкілеттіктер шегінде бал ара шаруашылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен бекіту;

      5) алып тасталды - 2006.01.10. N 116 Заңымен.

      6) алып тасталды - 2006.01.10. N 116 Заңымен.

      7) алып тасталды - 2006.01.10. N 116 Заңымен.

      8) бал ара шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты;

      9) бал араларды қорғау мен молықтыруға бағытталған ғылыми-зерттеулерді ұйымдастыруды жүзеге асырады.

      10) алып тасталды
      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      14-1-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар
                қаланың, астананың) жергілікті атқарушы
                органдарының құзыреті

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары:

      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында бал ара шаруашылығының дамуын және қорғалуын бақылауды;

      2) Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасына сәйкес селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіруді және бал ара шаруашылығындағы асыл тұқымдық істерді мемлекеттік қолдауды ұйымдастыруды;

      3) бал ара шаруашылығы саласында мамандарды даярлау және қайта даярлау жөніндегі қызметті үйлестіруді жүзеге асырады.
      Ескерту. 14-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      15-бап. Бал аралар ауруларының алдын алу, оларды емдеу,
              бал ара ұяларының зиянкестеріне қарсы күресу

      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақты алып тастау көзделген - ҚР 2011.07.15 N 461-IV (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      1. Омарталарды есепке алу және емдеу-алдын алу шараларын жүзеге асыру мақсатымен әрбір омартаға ветеринариялық паспорт беріледі. Паспорттың нысаны мен оны беру тәртібін ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.

      2. Бал аралар ауруларының алдын алу, оларды емдеу, бал ара ұяларының зиянкестеріне қарсы күресу, сондай-ақ балауыз тетіктерін өндіру Қазақстан Республикасының ветеринария туралы заңдарына сәйкес жүргізіледі.

      3. Бал ара шаруашылығымен айналысатын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен аса қауiптi аурулар тiзбесiне енгiзілген аурулармен күресу мақсатында ветеринарлық препараттармен қамтамасыз етiлуге тиiс.
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

      16-бап. Бал ара шаруашылығы саласындағы
              ветеринариялық-санитариялық сараптама

      Бал ара шаруашылығының өндірілген немесе дайындалған өнімдері Қазақстан Республикасының ветеринария туралы заңдарында белгіленген тәртіппен ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізілгеннен кейін өткізілуге тиіс.

      17-бап. Бал ара шаруашылығы саласындағы
              селекциялық-асыл тұқым алу жұмысы

      1. Жеке және заңды тұлғалардың асыл тұқымды бал ара ұяларын өсіру және пайдалану жөніндегі қызметі Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Бал араларының тұқымдарын сақтау және жақсарту мақсатында жеке және заңды тұлғалар бал аралар мекендейтін ареалдарда таза тұқымды бал араларын өсірумен және сатумен айналысатын асыл тұқымды бал ара шаруашылықтарын құра алады.

      3. Асыл тұқымды шаруашылықтардың төңірегінде жеті километр радиуста қорғау учаскелері белгіленеді, олардың аумағына басқа тұқымды бал аралар мен аналық бал араларын, сондай-ақ шығу тегі белгісіз бал аралар мен аналық бал араларын әкелуге тыйым салынады.

5-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БАЛ АРА ШАРУАШЫЛЫҒЫ
ТУРАЛЫ ЗАҢДАРЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІК

      18-бап. Қазақстан Республикасының бал ара шаруашылығы
              туралы заңдарын бұзу салдарынан келтірілген
              зиянды өтеу

      Қазақстан Республикасының бал ара шаруашылығы туралы заңдарының бұзылу салдарынан келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен өтеледі.

      19-бап. Қазақстан Республикасының бал ара шаруашылығы
              туралы заңдарын бұзғаны үшін жауапкершілік

      Қазақстан Республикасының бал ара шаруашылығы туралы заңдарын бұзуға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапты болады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті