Жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифті айқындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 118 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 3 сәуірде № 10622 тіркелді.

Жаңартылған

      "Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 10-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 12.05.2023 № 179 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифті айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;

      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықты мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдануын;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Энергетика министрі

В. Школьник

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрi

      Е. Досаев ______________

      2015 жылғы 23 ақпан

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 20 ақпандағы
№ 118 бұйрығымен бекітілген

Жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифті айқындау қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің м.а. 30.04.2021 № 158 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифті айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 10-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифті айқындау тәртібін және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақыны айқындау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) аукциондық баға – жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектісі өндіретін электр энергиясын жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығының сатып алуына арналған, аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша айқындалған және тиісті шекті аукциондық баға деңгейінен аспайтын баға;

      2) басым шартты тұтынушылар – жұмыс істеп тұрған (2018 жылғы 1 қаңтардан кейін пайдалануға берілген және уәкілетті орган Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар тізбесіне енгізбеген) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін және (немесе) жұмыс істеп тұрған (2021 жылғы 1 қаңтардан кейін пайдалануға берілген) қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектілерін меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде иеленетін, өндіріп шығарған электр энергиясын осы тұлға немесе тұлғалар тобы толық көлемде тұтынатын не жасалған екіжақты шарттарға сәйкес уағдаласқан бағалар бойынша тұтынушыларға өткізетін тұлға немесе құрамына шартты тұтынушылар және энергия өндіруші ұйымдар кіретін тұлғалар тобы;

      3) газ – шикі, тауарлық, сұйытылған мұнай газы және сұйытылған табиғи газ;

      4) жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы (бұдан әрі – қаржы-есеп айырысу орталығы) – жүйелік оператор құратын және уәкілетті орган айқындайтын, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген және Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінің электр желілеріне берілген электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын осы Заңда көзделген тәртіппен орталықтандырылған сатып алуды және сатуды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      5) жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тариф – осы Қағидаларға сәйкес жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы белгілейтін, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығының сатуына арналған тариф;

      6) жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым – жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      7) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақы – осы Заңға сәйкес шартты тұтынушылар не басым шартты тұтынушылар болып табылатын энергия өндіруші ұйымдар үшін электр энергиясын тұтыну аймағына сәйкес қаржы-есеп айырысу орталығы айқындайтын баға;

      8) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға жұмсалатын шығындар – қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шығындары, тасқындық электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шығындар, электр энергиясын өндіруді-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығындар, резервтік қорды қалыптастыруға жұмсалатын шығындар және оның қызметін жүзеге асыруға байланысты шығындар;

      9) жаңартылатын энергия көздерінен, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратудан алынатын электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын шартты тұтынушылар (бұдан әрі – шартты тұтынушылар) – көмірді, газды, құрамында күкірт бар шикізатты, мұнай өнімдері мен ядролық отынды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар;

      2016 жылғы 1 қаңтардан кейін пайдалануға берілгендерді қоспағанда, жиынтық қуаты отыз бес мегаваттан асатын, бір гидроторапта орналасқан қондырғылары бар гидроэлектр станциялары;

      10) қайталама энергетикалық ресурстар – электр энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын ферроқорытпа, кокс және доменді газдарды пайдалану бөлігінде өнеркәсіптік өндіріс процесінде жанама өнім ретінде түзілетін энергетикалық ресурстар;

      11) қайталама энергетикалық ресурстарды пайдаланатын энергия өндіруші ұйым – қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалана отырып, электр энергиясын өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      12) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объект – қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуға арналған техникалық құрылғылар мен қондырғылардың және қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату үшін технологиялық жағынан қажетті, олармен өзара байланысты құрылыстар мен инфрақұрылымның жиынтығы;

      13) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйым – осы Заңға және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратудан алынатын энергияны өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      14) операциялық шығындар – қаржы-есеп айырысу орталығының қызметін жүзеге асыруға байланысты шығындар;

      15) резервтік қор – қаржы-есеп айырысу орталығы қалыптастыратын қор, оның ақшасы арнайы банктік шотта сақталады және шартты тұтынушылар тарапынан өздеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясы берілгені үшін төлем жасалмау немесе төлемді кідірту салдарынан туындайтын кассалық алшақтықтар мен қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар алдындағы берешегін жабуға ғана пайдаланылады;

      16) тасқындық электр энергиясы – Қазақстан Республикасында электр энергиясын өндірудің-тұтынудың нақты теңгеріміне сәйкес көлемде Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес суды табиғат қорғау мақсатында ағызу кезеңінде энергия өндіруші ұйымдар (гидроэлектр станциялары) өндіретін және Заңда белгіленген тәртіппен электр энергиясына арналған шекті тариф бойынша қаржы-есеп айырысу орталығына өткізілетін электр энергиясы;

      17) уәкілетті орган – жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      18) электр энергиясын тұтыну аймағы – жаңартылатын энергия көздерін және қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектісі, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектісі өндірген электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын тұтынуға кедергі келтіретін техникалық сипаттағы шектеулері жоқ Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінің бір бөлігі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 12.08.2021 № 261 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Энергетика министрінің 12.05.2023 № 179 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

2-тарау. Жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифті айқындау тәртібі

      3. Болжамды жылға арналған тасқындық электр энергиясын желіде жіберу көлемін қаржы-есеп айырысу орталығы Жүйелік оператор бекіткен Қазақстан Республикасының электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндіру-тұтынудың нақты теңгеріміне сәйкес алдыңғы күнтізбелік 5 (бес) жылдағы нақты деректердің орташа мәні бойынша ескереді.

      4. Жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар жыл сайын он бесінші қазанға қарай қаржы-есеп айырысу орталығына айларға бөле отырып, болжанатын жылға арналған электр энергиясын желіге берудің болжамды көлемдері туралы ақпаратты Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жібереді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 12.05.2023 № 179 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Жүйелік оператор жыл сайын он бесінші қазанға қарай қаржы-есеп айырысу орталығына шартты тұтынушылардың электр энергиясын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерден сатып алуының болжамды көлемдері туралы ақпаратты айларға бөле отырып жібереді.

      6. Қаржы-есеп айырысу орталығы жыл сайын болжамды жылдың он бесінші қаңтарына дейін нақты деректер (жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды және тасқындық электр энергиясын пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдармен келісім бойынша нақты деректер болған кезде) және болжамды деректер негізінде:

      1) айлар бөлінісінде электр энергиясын тұтыну аймақтары бойынша болжанатын жылға жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын болжамды жиынтық өндірісін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды және тасқындық электр энергиясын есептеуді;

      2) айлар бөлінісінде жаңартылатын энергия көздерінің барлық түрлерінен өндірілген, қалдықтар мен тасқындық электр энергиясын энергетикалық кәдеге жаратумен және Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіне берілген электр энергиясының бір киловатт-сағатына есептегенде жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған болжамды шығындарды есептеуді жүзеге асырады.

      7. Қаржы-есеп айырысу орталығы болжамды жылдың он бесінші қаңтарынан кешіктірмей мынадай ақпаратты жариялайды:

      1) электр энергиясын тұтыну аймақтары бойынша айлар бөлінісінде жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифтердің мынадай формула бойынша есептелген болжамды шамалары:

      Шартты тұтынушылар үшін:

      Tziшт = (Nziшт*(VШТайі + VжэкШТайі))/VжэкШТайі, мұнда:

      Tziшт - Zi тұтыну аймағының шартты тұтынушылары үшін есептелген жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тариф;

      Nzi - осы Қағидалардың 14-тармағының 5) тармақшасына сәйкес айқындалатын шартты тұтынушылар үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақы;

      Vштайi - Zi тұтыну аймағына сәйкес шартты тұтынушылардың желіге жіберуі жоспарланған болжамды айға арналған электр энергиясының жиынтық көлемі;

      VжэкШТайi - осы Қағидалардың 14-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Zi тұтыну аймағына сәйкес шартты тұтынушыларға бөлінетін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату және тасқындық электр энергиясын пайдалану объектілері болжамды айға желіге жіберуге жоспарланатын электр энергиясының жиынтық көлемі.

      Басым шартты тұтынушы үшін:

      Tziбшт = (Nziбшт*(Vбштайі + Vжэкбштайі))/ Vжэкбштайі, мұнда:

      Tziбшт - Zi тұтыну аймағының басым шартты тұтынушысы үшін есептелген жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тариф;

      Nziбшт - осы Қағидалардың 14-тармағының 5) тармақшасына сәйкес айқындалатын басым шартты тұтынушы үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақы;

      VБШТайi - Zi тұтыну аймағына сәйкес басым шартты тұтынушының желіге жіберуі жоспарланған болжамды айға арналған электр энергиясының жиынтық көлемі;

      VжэкБШТайi - осы Қағидалардың 14-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Zi тұтыну аймағына сәйкес басым шартты тұтынушыға таратылатын жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату және тасқындық электр энергиясын пайдалану объектілері болжамды айға желіге жіберуге жоспарланатын электр энергиясының жиынтық көлемі.

      2) жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату және тасқындық электр энергиясын пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізімі, электр энергиясын сатып алу бағалары, болжамды көлемдері (жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдармен келісім бойынша нақты деректер болған кезде, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату және тасқындық электр энергиясы) және қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату және тасқындық электр энергиясын .пайдалану объектілері бойынша электр энергиясын сатып алуға арналған жылдық шығындар.

      8. Есепті ай үшін жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тариф есепті ай үшін нақты деректерге сәйкес формулалар бойынша айқындалады:

      Шартты тұтынушылар үшін:

      Тziшт = (Nziшт*(Vшт + VжэкШТ))/VжэкШТ, мұнда:

      Tziшт - Zi тұтыну аймағының шартты тұтынушылары үшін есептелген жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тариф;

      Nziшт - осы Қағидалардың 14-тармағының 5) тармақшасына сәйкес айқындалатын шартты тұтынушылар үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақы;

      Vшт - Zi тұтыну аймағына сәйкес Қазақстан Республикасының электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндіру-тұтынудың нақты теңгеріміне сәйкес шартты тұтынушылар желіге жіберген, есептік айдағы электр энергиясының жиынтық нақты көлемі;

      VжэкШт – Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 2 наурыздағы № 164 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10662 болып тіркелген) бекітілген Қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын орталықтандырылған сатып алуы және сатуы, қаржы-есеп айырысу орталығының басым шартты тұтынушыға күнтізбелік жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясының тиісті үлесін қайта есептеу және қайта бөлу қағидаларында (бұдан әрі- Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын қаржы-есеп айырысу орталығының орталықтандырылған сатып алу және сату қағидаларында) белгіленген тәртіппен шартты тұтынушыға бөлінетін, Zi тұтыну аймағына сәйкес Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндіру-тұтынудың нақты теңгеріміне сәйкес жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату және тасқындық электр энергиясы жөніндегі объектілер желіге жіберген электр энергиясының нақты жиынтық көлемі.

      Басым шартты тұтынушы үшін:

      Тziбшт = (Nziбшт*(Vбшт + Vжэкбшт))/ Vжэкбшт, мұнда:

      Tziбшт – Zi тұтыну аймағының басым шартты тұтынушысы үшін есептелген жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тариф;

      Nziбшт – осы Қағидалардың 14-тармағының 5) тармақшасына сәйкес айқындалатын басым шартты тұтынушы үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақы;

      Vбшт – Zi тұтыну аймағына сәйкес Қазақстан Республикасының электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндіру-тұтынудың нақты теңгеріміне сәйкес басым шартты тұтынушы желіге жіберген, есептік айдағы электр энергиясының жиынтық нақты көлемі;

      VжэкБШТ – Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын қаржы-есеп айырысу орталығының орталықтандырылған сатып алу және сату қағидаларында белгіленген тәртіппен басым шартты тұтынушыға бөлінетін, Zi тұтыну аймағына сәйкес Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндіру-тұтынудың нақты теңгеріміне сәйкес жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату және тасқындық электр энергиясы жөніндегі объектілер желіге жіберген электр энергиясының нақты жиынтық көлемі.

      9. Қаржы-есеп айырысу орталығы шартты тұтынушылар мен басым шартты тұтынушылар үшін есепті айдағы жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифтерді есептеуді жүзеге асырады және жүйелік оператор Zi тұтыну аймағына сәйкес Қазақстан Республикасының электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндіру-тұтынудың нақты теңгерімін ұсынған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында жариялайды.

      Қазақстан Республикасының электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндіру-тұтынудың нақты теңгерімі өзгерген кезде Zi тұтыну аймағына сәйкес жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифтерді қайта есептеу жүргізіледі.

      10. Шартты тұтынушылар мен басым шартты тұтынушылар ай сайын қаржы-есеп айырысу орталығына электр энергиясын жеткізу айына дейін күнтізбелік он күн бұрын оны шығарудың, желіге берудің, энергия беруші ұйымдарға берудің болжамды көлемдері туралы ақпарат береді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 12.05.2023 № 179 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар ай сайын қаржы-есеп айырысу орталығына электр энергиясын жеткізу айына дейін күнтізбелік он күн бұрын айларға бөле отырып, алдағы айға және ағымдағы жылдың соңына дейін желілерге жіберудің болжамды көлемдері туралы ақпарат береді.

3-тарау. Шартты тұтынушылар не басым шартты тұтынушылар болып табылатын энергия өндіруші ұйымдар үшін үстемеақыны айқындау тәртібі

      12. Шартты тұтынушылар не басым шартты тұтынушылар болып табылатын энергия өндіруші ұйымдар жыл сайын он бесінші қазанға қарай қаржы-есеп айырысу орталығына және уәкілетті органға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша болжанатын жылға арналған электр энергиясын желіге жіберудің болжамды көлемдері туралы ақпарат береді.

      Бұл ретте басым шартты тұтынушылар жыл сайын он бесінші қазанға қарай қаржы-есеп айырысу орталығына осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша олардың құрамына кіретін жаңартылатын энергия көздерін қайталама энергетикалық ресурстарды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың болжанатын жылға арналған электр энергиясын желіге жіберудің болжамды көлемдері туралы ақпарат береді.

      Осы тармақта көзделген ақпаратты ұсыну бірінші басшының не тиісті уәкілетті адамның қолымен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 12.08.2021 № 261 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Қаржы-есеп айырысу орталығы алынған болжамды деректердің негізінде ағымдағы жылдың жиырмасыншы қарашасынан кешіктірмей есепті жүзеге асырады және тұтыну аймағына сәйкес осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес есептелген шартты тұтынушылар мен басым шартты тұтынушылар үшін алдағы жылға жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақыны өзінің интернет-ресурсында жариялайды.

      14. Болжанатын жылға жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақы қаржы-есеп айырысу орталығы тұтыну аймағына қарай мынадай тәртіппен есептейді:

      1) жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды және тасқындық электр энергиясын пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясын сатып алудың болжамды көлемін айқындау;

      2) осы Қағидалардың 18-тармағына сәйкес жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған жиынтық болжамды шығындарды айқындау;

      3) Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын қаржы-есеп айырысу орталығының орталықтандырылған сатып алу және сату қағидаларында белгіленген тәртіппен шартты тұтынушы мен басым шартты тұтынушы арасында жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясының болжамды көлемін бөлу;

      4) осы тармақтың 3) тармақшасына сәйкес айқындалған үлеске сәйкес электр энергиясын шартты тұтынушылар мен басым шартты тұтынушылар арасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған шығындарды бөлу;

      5) тұтыну аймағын ескере отырып, болжамды жылға шартты тұтынушылар не басым шартты тұтынушылар болып табылатын энергия өндіруші ұйымдар үшін мынадай формулалар бойынша жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға үстемеақыны есептеу:

      Шартты тұтынушылар үшін:

      Nшт = Зқолжэкшт / Vжіб_болШТ,

      Nшт – шартты тұтынушылар үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақы;

      Зқолжэкшт – Zi тұтынудың тиісті аймағы бойынша шартты тұтынушылар үшін есептелген, алдағы жылға арналған жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған болжамды шығындардың жиынтық мәндері;

      Vжіб_болШт – шартты тұтынушылардың желіге жіберуі жоспарланған алдағы жылға арналған электр энергиясының болжамды көлемдерінің және Zi тұтыну аймағында шартты тұтынушыларға бөлінетін жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды және тасқындық электр энергиясын пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясы көлемінің сомасы.

      Басты шартты тұтынушылар үшін:

      Nбшт = Зқолжэкбшті / Vжіб_болбшт,

      Nбшт – басым шартты тұтынушы үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға үстемеақы;

      Зқолжэкбшті – әрбір басым шартты тұтынушы үшін есептелген, на алдағы жылға арналған жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған болжамды шығындардың жиынтық мәндері;

      Vжіб_болБШТ – басым шартты тұтынушының желіге жіберуі жоспарланған алдағы жылға арналған электр энергиясының болжамды көлемдерінің және Zi тұтыну аймағында басым шартты тұтынушыға бөлінетін жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды және тасқындық электр энергиясын пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясы көлемінің сомасы.

      15. 2021 жылғы екінші жартыжылдыққа жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға үстемеақыны қаржы-есеп айырысу орталығы тұтыну аймағына байланысты мынадай тәртіппен есептейді:

      1) жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясын сатып алудың болжамды көлемін айқындау;

      2) осы Қағидалардың 19-тармағына сәйкес 2021 жылғы екінші жартыжылдыққа жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған жиынтық болжамды шығындарды айқындау;

      3) Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын қаржы-есеп айырысу орталығының орталықтандырылған сатып алу және сату қағидаларында белгіленген тәртіппен шартты тұтынушылар мен басым шартты тұтынушылар арасында жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясының болжамды көлемін бөлу;

      4) осы тармақтың 3) тармақшасына сәйкес айқындалған үлеске сәйкес электр энергиясын шартты тұтынушылар мен басым шартты тұтынушылар арасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған шығындарды бөлу;

      5) формулалар бойынша тұтыну аймағын ескере отырып, 2021 жылғы екінші жартыжылдыққа шартты тұтынушылар не басым шартты тұтынушылар болып табылатын энергия өндіруші ұйымдар үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға үстемеақыны есептеу:

      Шартты тұтынушылар үшін:

      N шт = Зқолжэкшт / Vжіб_болшт,

      N шт – шартты тұтынушылар үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақы;

      Зқолжэкшт – Zi тұтынудың тиісті аймағы бойынша шартты тұтынушылар үшін есептелген 2021 жылғы екінші жартыжылдыққа арналған жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған болжамды шығындардың жиынтық мәндері;

      Vжіб_болшт - шартты тұтынушылардың желіге жіберуі жоспарланған 2021 жылғы екінші жартыжылдыққа арналған электр энергиясының болжамды көлемдерінің және Zi тұтыну аймағында шартты тұтынушыларға бөлінетін жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясы көлемінің сомасы.

      Басым шартты тұтынушылар үшін:

      N бшт = Зқолжэкбшті / Vжіб_болбшт,

      N бшт – білікті шартты тұтынушы үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға үстемеақы;

      Зқолжэкбшті - әрбір білікті шартты тұтынушы үшін есептелген 2021 жылғы екінші жартыжылдыққа арналған жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған болжамды шығындардың жиынтық мәндері;

      Vжіб_болбшт – басым шартты тұтынушының желіге жіберілуі жоспарланған 2021 жылғы екінші жартыжылдыққа арналған электр энергиясының болжамды көлемінің және Zi тұтыну аймағында басым шартты тұтынушыға бөлінетін жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды және тасқындық электр энергиясын пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясы көлемінің сомасы.

      16. Егер қаржы-есеп айырысу орталығы жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын сатудан, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратудан және тасқындық электр энергиясынан алған ақша сомасы жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған шығындарды өтеу, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату және ағымдағы кезеңде жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақы бойынша тасқындық электр энергиясын сатып алуға арналған шығындарды өтеу үшін қажетті мөлшерден аз немесе асып кеткен жағдайда, қаржы-есеп айырысу орталығы тиісті тұтыну аймағы бойынша келесі кезеңге жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақыны есептеу кезінде қалыптасқан айырманы ескереді.

      17. Жаңартылатын энергия көздерін қолдауға үстемеақыны есептеу кезінде тасқындық электр энергиясын өндіруді және желіге жіберуді жүзеге асыратын шартты тұтынушылардың желісіне жіберудің болжамды көлемі осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес есептелген тасқындық электр энергиясының болжамды көлемін шегере отырып айқындалады.

      18. Осы Қағидалардың 14 және 15-тармақтарының 5) тармақшасына сәйкес есептелген жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақы үтірден кейін екі белгіге дейінгі дәлдікпен көрсетіледі.

      19. Жаңартылатын энергия көздерін қолдау шығындары мыналарды қамтиды:

      1) қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын сатып алуға арналған шығындары;

      2) электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтерге арналған шығындар;

      3) Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 29 шілдедегі № 361 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14210 болып тіркелген) бекітілген Резервтік қорды қалыптастыру және пайдалану қағидаларында белгіленген тәртіппен айқындалатын резервтік қорды қалыптастыруға арналған шығындар;

      4) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 1 ақпандағы № 36 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14778 болып тіркелген) бекітілген Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларында белгіленген тәртіппен айқындалатын қаржы-есеп айырысу орталығының операциялық шығындары.

      20. Қаржы-есеп айырысу орталығының операциялық шығындарын қаржы-есеп айырысу орталығы болжамды жылдың он бесінші қаңтарына дейінгі мерзімде жыл сайын есептейді және бекітеді.

      21. Қаржы-есеп айырысу орталығының электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі көрсетілетін қызметтеріне арналған шығындар қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілері өндірген электр энергиясын сатып алуының және оны шартты тұтынушыларға және басым шартты тұтынушыларға сатудың жыл сайынғы көлемі негізінде жүйелік оператордың тарифі бойынша есептеледі.

      22. 2021 жылғы екінші жартыжылдыққа жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақыны есептеу кезінде:

      1) шартты тұтынушылар не басым шартты тұтынушылар болып табылатын энергия өндіруші ұйымдардың осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша 2021 жылғы екінші жартыжылдыққа электр энергиясын желіге жіберудің болжамды көлемдері туралы ақпаратты беруі ағымдағы жылдың он бесінші наурызынан кешіктірілмей жүзеге асырылады;

      2) Zi электр энергиясын тұтынудың тиісті аймағы бойынша 2021 жылғы он бесінші қаңтардағы ЖЭК қолдауға арналған тарифті есептеу кезінде ескерілген деректер бойынша есептелген ЖЭК қолдау жөніндегі үстемеақының тоқсандық және жылдық көрсеткіші арасындағы айырмасы ескеріледі.

      23. Осы Қағидалардың 13-тармағында көзделген 2021 жылғы екінші жартыжылдыққа арналған ақпаратты есептеу мен жариялауды қаржы-есеп айырысу орталығы 2021 жылғы бірінші сәуірден кешіктірмей жүзеге асырады.

      24. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақыны қолдану 2021 жылғы бірінші шілдеден бастап жүзеге асырылады.

  Жаңартылатын энергия
көздерін қолдауға
арналған тарифті
айқындау қағидаларына
қосымша

      Ескерту. Оң жақ жоғарғы бұрышы жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 12.05.2023 № 179 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Нысан

202__ жылға арналған электр энергиясын өндірудің, желілерге жіберудің болжамды көлемдері (Жаңартылатын энергия көздерін және (немесе) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымның және заңды тұлғаның атауы)

№ т/т

Есептік кезең

қаңтар

ақпан

наурыз

сәуір

мамыр

маусым

шілде

тамыз

қыркүйек

қазан

қараша

желтоқсан

Жыл

1

Электр энергиясын желіге жіберудің болжамды көлемі, кВсағ














      Бірінші басшы _____________________________________________

      (аты-жөні, әкесінің аты (бар болған жағдайда), қолы)