"Жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифті айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 118 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 12 мамырдағы № 179 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 13 мамырда № 32484 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифті айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы №118 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10622 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе жаңа редакцияда жазылсын:

      ""Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 10-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифті айқындау қағидаларында:

      2-тармақта:

      9) және 10) тармақшалар жаңа редакцияда жазылсын:

      "9) жаңартылатын энергия көздерінен, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратудан алынатын электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын шартты тұтынушылар (бұдан әрі – шартты тұтынушылар) – көмірді, газды, құрамында күкірт бар шикізатты, мұнай өнімдері мен ядролық отынды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар;

      2016 жылғы 1 қаңтардан кейін пайдалануға берілгендерді қоспағанда, жиынтық қуаты отыз бес мегаваттан асатын, бір гидроторапта орналасқан қондырғылары бар гидроэлектр станциялары;

      10) қайталама энергетикалық ресурстар – электр энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын ферроқорытпа, кокс және доменді газдарды пайдалану бөлігінде өнеркәсіптік өндіріс процесінде жанама өнім ретінде түзілетін энергетикалық ресурстар;";

      4-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "4. Жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар жыл сайын он бесінші қазанға қарай қаржы-есеп айырысу орталығына айларға бөле отырып, болжанатын жылға арналған электр энергиясын желіге берудің болжамды көлемдері туралы ақпаратты Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жібереді.";

      10-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "10. Шартты тұтынушылар мен басым шартты тұтынушылар ай сайын қаржы-есеп айырысу орталығына электр энергиясын жеткізу айына дейін күнтізбелік он күн бұрын оны шығарудың, желіге берудің, энергия беруші ұйымдарға берудің болжамды көлемдері туралы ақпарат береді.";

      Жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифті айқындау қағидаларына 1-қосымшада оң жақ жоғарғы бұрыш мынадай редакцияда жазылсын:

  "Жаңартылатын энергия
көздерін қолдауға
арналған тарифті
айқындау қағидаларына
қосымша".

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
А. Саткалиев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі