Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы N 2337 Заңы.

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. ҚР 1997.06.19 N 134 заңымен енгiзiлген толықтырулар мен өзгертулер 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне кiредi.
      Ескерту. Актінің нысаны мен тақырыбы өзгерді, кiрiспе алып тасталды, бүкiл мәтiн бойынша "Жарлықтан", "Жарлықта", "Жарлық", "Жарлықтың", "жарлықтың" деген сөздер тиiсiнше "Заңнан", "Заңда" "Заң", "Заңның" деген сөздермен, "шетел азаматтарының", "шетел азаматтары", "Шетел азаматтарының", "шетелдiк азаматтың", "шетелдiк азаматтар", "шетел азаматтарына", "шетел азаматына", "Шетел азаматтары", "шетелдiк азаматтардың", "шетел азаматтарын", "Шетел азаматының", "Шетел азаматы" деген сөздер тиiсiнше "шетелдiктердiң", "шетелдiктер", "Шетелдiктердiң", "шетелдiктiң", "шетелдiктерге", "шетелдiкке", "Шетелдiктер", "шетелдiктердi" "Шетелдiктiң", "Шетелдiк" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2007.01.12 N 227 Заңымен.

I бөлiм. Жалпы ережелер

1-бап Қазақстан Республикасындағы шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы заңдар

      Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және соған сәйкес шетелдiктердiң негiзгi құқықтары мен мiндеттерiн, олардың Қазақстан Республикасына келуiнiң, аумағында болуының, жүрiп-тұруының және Қазақстан Республикасынан кетуiнiң тәртiбiн айқындайды.

      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы заңнама осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктердiң құқықтық жағдайы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен де анықтала алады.

      Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 227; 13.05.2020 № 327-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар

      Қазақстан Республикасының азаматтары емес және өзiнiң басқа мемлекеттiк азаматтығына қатысты екендiгiнiң дәлелi бар адамдар Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер болып танылады.

      Қазақстан Республикасының азаматтары емес және өзiнiң басқа мемлекеттiң азаматтығына қатысты екендiгiнiң дәлелi жоқ адамдар азаматтығы жоқ адамдар болып танылады.

3-бап Қазақстан Республикасындағы шетелдiктердiң құқықтық жағдайының принциптерi

      Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер Конституцияда белгiленген және Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес барлық құқықтар мен бостандықтарға ие, сондай-ақ оларға барлық мiндеттер жүктеледi.

      Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер тегiне, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, қай нәсiлге және ұлтқа жататындығына, жынысына, бiлiмiне, тiлiне, дiнге көзқарасына, шұғылданатын қызметi мен оның сипатына қарамастан заңның алдында бiрдей болады.

      Шетелдiктердiң өздерiнiң құқықтары мен бостандықтарын пайдалануы Қазақстан Республикасының мүдделерiне, оның азаматтары мен басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiрмеуге тиiс және мұны олардың Қазақстан Республикасының заңдарына белгiленген мiндеттерiн орындауынан бөлiп алуға болмайды.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.05.2020 № 327-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4-бап Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын және уақытша жүрген шетелдiктер

      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алған шетелдіктер Қазақстан Республикасында тұрақты тұрушылар деп танылады.

      Этникалық қазақтарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында туылған немесе бұрын оның азаматтығында болған адамдарды және олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат берудің міндетті шарты мұндай рұқсатты алуға үміткер адамның Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшерлерде өзінің төлем қабілеттілігін растауы болып табылады.

      Қазақстан Республикасында өзгедей заңды негізде жүрген, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша жәбірленуші, куә, күдікті немесе айыпталушы деп танылған шетелдіктер соттың үкімі күшіне енгенге дейін немесе уәкілетті органдар өзге процестік шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасында уақытша болатындар деп есептеледі.

      Қандастардың оңайлатылған тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуға және Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдануға бір мезгілде құжаттар тапсыруға құқығы бар.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.01.12 N 227; өзгерістер енгізілді - ҚР 10.12.2013 № 153-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 421-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 13.05.2020 № 327-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

5-бап Баспана беру

      Қазақстан Республикасы адам құқықтары бұзылуының құрбандары болған шетелдiктерге баспана құқығын бередi.

      Саяси баспана беру туралы мәселенi Қазақстан Республикасының Президентi шешедi.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 227 Заңымен.

II бөлiм. Қазақстан Республикасындағы шетелдiктердiң
негiзгi құқықтары, бостандықтары және мiндеттерi

6-бап Еңбек қызметi және демалыс

      Шетелдiктер Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттары белгiлеген негiз бен тәртiпте Қазақстан Республикасында еңбек қызметiмен шұғылдана алады. Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек ету бостандығына конституциялық құқығын iске асыруды қамтамасыз ету мақсатында заң актiлерiмен шетелдiктердiң Қазақстан Республикасында еңбек қызметiн жүзеге асыруы жөнiндегi шектеулер белгiленуi мүмкiн.

      Шетелдiктер жекелеген қызмет орындарына тағайындала алмайды немесе еңбек қызметiнiң белгiлi бiр түрiмен, егер бұл қызмет орындарына тағайындау немесе осындай қызмет түрiмен шұғылдану Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына қатыстылығына байланысты болса, шұғылдана алмайды.

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер еңбек қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей құқықтарды пайдаланады және сол сияқты мiндеткерлiкте болады.

      Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдiктер жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бола алады. Бұл ретте заңды тұлға құрмай, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға жол берiлмейдi.

      Қазақстан Республикасында жүрген шетелдiктер Қазақстан Республикасының азаматтарымен ортақ негiздерде демалыс алуға құқылы.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2001.03.16 N 164, 2007.01.12 N 227; 16.04.2018 № 147-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап Денсаулық сақтау

      Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, ерікті медициналық сақтандыру полисі болған кезде көрсетіледі.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 16.11.2015 № 406-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

8-бап Әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандыру

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұрып жатқан шетелдiктер әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандыру мәселесiнде Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын пайдаланады және солар сияқты мiндеткерлiкте болады.

      Егер зейнетақы төлемдерi мен жәрдемақы тағайындау үшiн белгiлi бiр еңбек стажы талап етiлсе, шетелдiктерге Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында белгiленген негiздер мен тәртiпте олардың шетелдегi жұмыс стажын есептеуге болады.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1997.06.19 N 134-I Заңымен.

9-бап Тұрғын үй құқығы, өзге де мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтар

      Егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің тұрғын үй қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты құқықтары болады және мiндеттерге жауапты болады.

      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер жеке меншiк құқығында тұрғын үйге (уақытша жүрген шетелдiктердi қоспағанда) және басқа мүлiкке, ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларының, ашылған жаңалықтың, өнертабыстың, рационализаторлық ұсыныстың, өнеркәсiптiк үлгiнiң авторлық құқығына, сондай-ақ Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда белгіленген жағдайларды қоспағанда, өзге де мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарға ие бола алады.

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер өздерiнiң мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарын Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей пайдаланады.

      Қазақстан Республикасында уақытша жүрген шетелдiктер Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында белгiленген негiздер мен тәртiпте мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарды пайдалануға құқылы.

      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2001.03.01 N 160; 24.11.2015 № 421-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап Білім алу

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алуға құқығы бар.

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді алуына, егер олар осындай деңгейдегі әрбір білімді бірінші рет алып тұрса, құқық беріледі.

      Шетелдіктердің мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуына құқық Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.

      Білім беру ұйымдарына қабылданған шетелдіктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оқушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтарына ие болады және міндеттерін мойнына алады.

      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.07.27 N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

11-бап Мәдениет жетiстiктерiн пайдалану

      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей мәдениет жетiстiктерiн пайдалануға құқылы. Олар тарих және мәдениет ескерткiштерiне, басқа мәдени құндылықтарға ұқыпты қарауға мiндеттi.

12-бап Қоғамдық бiрлестiктерге қатысу

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер саяси мақсаттарды көздейтiн саяси партиялар мен қоғамдық бiрлестiктерден басқа қоғамдық бiрлестiктерге, егер бұл олардың жарғыларына (ережелерiне) қайшы келмейтiн болса, кiруге құқылы.

13-бап Ар-ождан бостандығы

      Қазақстан Республикасында жүрген шетелдiктерге Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей ар-ождан бостандығына кепiлдiк берiледi.

      Дiни нанымға байланысты дұшпандық пен өшпендiлiктi өршiтуге тыйым салынады.

14-бап Некелiк және отбасылық қатынастар

      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер Қазақстан Республикасының азаматтарымен және басқа адамдармен некеге тұрып және оны бұза алады, Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей некелiк және отбасылық қатынастардағы құқықтарды пайдаланады және мiндеткерлiкте болады.

15-бап Тұрғын үйге, жеке басының ары мен намысына тиiспеушiлiк

      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктерге тұрғын үйiне, жеке басының ары мен намысына тиiспеуге кепiлдiк берiледi.

16-бап Қазақстан Республикасының аумағында жүрiп-тұру және тұрғылықты жер таңдау

      Шетелдiктер Қазақстан Республикасының шетелдiктердiң болуына рұқсат етiлген аумағында еркiн жүрiп-тұра алады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпке сәйкес тұрғылықты жер таңдай алады. Жүріп-тұрудағы және тұрғылықты жер таңдаудағы шектеулер, бұл мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi, халықтың денсаулығы мен адамгершiлiгiн сақтау, Қазақстан Республикасының азаматтары мен басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болғанда Қазақстан Республикасының бұған уәкiлеттiк берiлген органдарының актiлерiмен белгiленедi.

17-бап Салықтар мен алымдар

      Егер Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында өзгеше көзделмеген болса, Қазақстан Республикасындағы шетелдiктерге Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей негiзде салықтар мен алымдар салынады.

18-бап Шетелдіктердің құқықтарын қорғау

      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер өздерiнiң мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарын қорғау үшiн сотқа және басқа мемлекеттiк органдарға өтiнiш жасауға құқылы.

      Шетелдiктер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделгеннен басқа жағдайларда, сотта Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей процессуалдық құқықтарды пайдаланады.

19-бап Сайлау құқығындағы шектеулер

      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер өкiлдi және басқа сайланбалы мемлекеттiк органдарға және қызметке сайлай да, сайлана да алмайды, сондай-ақ республикалық референдумдарға қатыса алмайды.

20-бап Әскери мiндеттiлiкке қатыстылығы

      Әскери мiндеттiлiк Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктерге қолданылмайды.

      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.01.12 N 227 Заңымен.

III бөлiм. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасына келуi
және Қазақстан Республикасынан кетуi

21-бап Қазақстан Республикасына келудiң, Қазақстан Республикасынан кетудiң, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жүрiп өтудiң ережелерiн белгiлеу

      Шетелдiктердiң Қазақстан Республикасына келуiнiң, олардың Қазақстан Республикасынан кетуiнiң және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жүрiп өтуiнiң қағидалары осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.

      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.05.2020 № 327-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

22-бап Қазақстан Республикасына келу

      Егер Қазақстан Республикасының тиiстi тараппен келiсiмiнде өзгеше тәртiп белгіленбесе немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше тәртіп белгілемесе, шетелдiктер жарамды шетелдік паспорттар немесе оны алмастыратын құжаттар бойынша Қазақстан Республикасының келу визалары болған кезде Қазақстан Республикасына келе алады.

      Шетелдіктің Қазақстан Республикасына келуіне:

      1) ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіп пен халықтың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету мүддесі үшін;

      2) егер оның iс-әрекетi конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталса;

      3) егер ол Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсіздігіне қарсы шықса, оның аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырса;

      4) егер ол ұлтаралық, конфессияаралық және дiни араздықты қоздырса;

      5) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса;

      6) егер ұлттық қауіпсіздік органдарында оның экстремизмге немесе террористік іс-әрекетке қатыстылығы туралы мәліметтер болса, сондай-ақ оның әрекеттерінде сот қауіпті түрде қайталанған қылмыс бар деп таныса;

      7) егер ол Қазақстан Республикасында алдыңғы болған кезеңде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін өзіне қолданылған жазаны өтемеген болса;

      8) егер жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайда, Қазақстан Республикасында алдыңғы болған кезеңде ол мұндай декларацияны табыс етпесе;

      9) егер ол, этникалық қазақтарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында болған адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен Қазақстан Республикасында болу және одан кету үшiн қажеттi қаражатының бар екендiгi туралы растауды ұсынбаса;

      10) егер ол келу туралы өтiнiшхат жолдаған кезде өзi жөнiнде жалған мәлiметтер хабарлаған болса немесе қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде табыс етпесе;

      11) онда Қазақстан Республикасына келу үшін қарсы айғақтар болып табылатын аурулары болған кезде;

      12) егер ол бұрын "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы бірінші бөлігінің 8) тармақшасында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтса;

      13) егер ол бұрын "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 20-1-бабында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылса, тыйым салынады.

      Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлген шетелдiктерге соттың шығарып жiберу туралы шешiмі орындалған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.

      Қабылдаушы тұлғалардың шетелдіктерді Қазақстан Республикасына шақыру туралы өтініштері, егер мұндай өтініш берілгенге дейін қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде қабылдаушы тұлғалар өздерінде болатын көшіп келушілер туралы ішкі істер органдарына уақтылы хабарламағаны, олардың Қазақстан Республикасында болу құқығына құжаттар ресімдеу және болудың белгілі бір мерзімі өткеннен кейін Қазақстан Республикасынан кетуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамағаны үшін екі және одан да көп рет жауаптылыққа тартылған болса, қаралмайды.

      Келу визаларын немесе оларға сәйкес келетiн басқа да құжаттарды Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi және консулдық мекемелерi немесе жекелеген жағдайларда бұған арнайы уәкiлдiк берiлген Қазақстан Республикасының өкiлдерi бередi.

      Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, қабылдаушы тұлғалардың шақырулары немесе Қазақстан Республикасының бұған уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарының рұқсаты виза беру үшiн негiз болып табылады.

      Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 10.12.2013 № 153-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 03.11.2014 № 244-V (02.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 421-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 13.05.2020 № 327-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

23-бап Қазақстан Республикасынан кету

      Шетелдiктер қолданыстағы шетелдiк паспорттар немесе Қазақстан Республикасының бұған уәкiлдiк алған мемлекеттiк органдары берген кету визалары болған жағдайда сол паспорттарды алмастыратын құжаттар бойынша, егер тиiстi елмен жасалған келiсiмде өзгеше тәртiп белгiленбесе немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше тәртiп белгiлемесе, Қазақстан Республикасынан кетедi.

      Қазақстан Республикасынан кету шетелдікке мына жағдайларда:

      а) егер оны қылмыстық жауапкершiлiкке тарту үшiн негiздер болса - iстi жүргiзу аяқталғанға дейiн;

      б) егер ол қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сотталған болса, оған пробациялық бақылау белгіленген немесе оған жазаны орындауды кейінге қалдыру қолданылған болса - оны сот шешімінің негізінде шығарып жіберу жағдайларын қоспағанда, жазаны өтеп болғанға немесе жазадан босатылғанға, пробациялық бақылаудың мерзімі аяқталғанға, жазаны орындауды кейінге қалдыру мерзімі аяқталғанға дейiн;

      в) егер ол өзiне сот жүктеген мiндеттемелердi орындаудан жалтаратын болса - мiндеттемелер орындалғанға дейін рұқсат етілмейді.

      г) Алынып тасталды - ҚР 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      Шетелдiктiң Қазақстан Республикасынан кетуi ол Қазақстан Республикасы азаматтарының, басқа жеке және заңды тұлғалардың елеулi мүдделерiмен байланысты мүлiктiк мiндеттемелердi орындағанға дейiн кейiнге қалдырылуы мүмкiн.

      Ескерту. 23-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 10.12.2013 № 153-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

24-бап Транзиттiк жүрiп өту

      Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жүрiп өтушi шетелдiктер белгiленген маршрут бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктіне транзиттiк жүрiп өту ережелерiн сақтай отырып барады және Қазақстан Республикасының бұған уәкiлдiк алған мемлекеттiк органдары берген рұқсат болған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында тек Қазақстанның транзиттiк визаларында көрсетiлген мекендерде ғана аялдай алады.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 16.11.2020 № 375-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

IV бөлiм. Шетелдіктердің жауаптылығы. Болу мерзiмiн қысқарту. Шығарып жіберу

      Ескерту. IV-бөлімнің тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 13.05.2020 № 327-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

25-бап Құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық негіздері

      Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық, әкімшілік немесе өзге де құқық бұзушылықтар жасаған шетелдіктер, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей негіздерде жауаптылыққа жатады.

      Ескерту. 25-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

26-бап Қазақстан Республикасында болу және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жүрiп өту ережелерiн бұзғандық үшiн жауапкершiлiк

      Қазақстан Республикасында болу ережелерiн бұзған, жарамсыз құжаттар бойынша тұрып жатқан, өздерiне белгiленген болу мерзiмi өткеннен соң кетуден жалтарған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жүрiп өту ережелерiн орындамаған шетелдiктер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылады.

      Шетелдiктердiң Қазақстан Республикасында болу және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жүрiп өту ережелерiн өрескел бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қылмыстық жауапкершiлiкке әкеп соқтырады.

      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

27-бап Қазақстан Республикасында болу мерзiмiн қысқарту

      Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы заңнаманы бұзған шетелдікке оның Қазақстан Республикасында болу жөнiнде белгiленген мерзiмi қысқартылуы мүмкiн. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында болу мерзiмi одан әрi болуы үшiн негiздерi қалмаған жағдайларда да қысқартылуы мүмкiн.

      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 227 Заңымен.

28-бап Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге шығарып жiберу

      Ескерту. 28-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 13.05.2020 № 327-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Шетелдік мына жағдайларда:

      а) егер оның iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келетiн болса;

      б) егер бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса;

      в) егер ол Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса;

      г) егер Қазақстан Республикасының азаматымен некеге тұруы оны Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға қалдыру үшiн негiз болып табылып, заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен неке заңсыз деп танылған жағдайда Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге шығарып жіберілуі мүмкiн.

      Шығарып жіберу туралы шешімді сот қабылдайды. Шетелдік осы шешімде көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасынан кетуге міндетті. Мұндай жағдайда Қазақстан Республикасынан шығарып жіберу туралы сот шешімін орындау шығарып жіберілетін адамның бақыланатын өз бетінше шығуы немесе адамды Қазақстан Республикасынан мәжбүрлеп шығарып жіберу арқылы жүргізіледі. Егер өзіне қатысты шығарып жіберу туралы шешім қабылданған адам шешімде көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының аумағынан кетпесе, ол соттың санкциясымен жүріп-тұру еркіндігі алдын ала шектелуге және мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберілуге жатады. Мұндай адамның жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу бұл ретте оны Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберуді ұйымдастыру үшін қажетті, бірақ отыз тәуліктен аспайтын мерзімге жол беріледі. Мұндай адамды ұстау Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінде жүргізіледі.

      Мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберу туралы сот шешімін орындауды жүзеге асыратын ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды аумағына аталған адам шығарып жiберiлетiн шет мемлекет билігінің өкiлiне ресми түрде беру үшін шығарып жіберілетін шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметiне береді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      28-баптың төртінші бөлігінің қолданысы 01.01.2023 дейін тоқтатыла тұрады – 31-бапты қараңыз.

      Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберілетін адам Қазақстан Республикасының шегінен бақылау жасала отырып, өз бетімен кеткенге немесе мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жібергенге дейін дактилоскопиялық тіркеуден өтуге міндетті.

      Ескерту. 28-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2001.03.16 N 164, 2001.11.10 N 255, 2007.0112. N 227, 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2013.01.16 N 71-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 N 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 31.12.2016 № 41-VІ (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.05.2020 № 327-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.12.2020 № 385-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

V бөлiм. Қорытынды ережелер

29-бап Осы Заңның азаматтығы жоқ адамдар жөнiнде қолданылуы

      Осы Заңның ережелерi, егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбеген болса, азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

30-бап Осы Заңның қолданылу аясын шектеу

      Осы Заңның ережелерi шетелдiк дипломатиялық және консулдық өкiлдiктердiң басшылары мен қызметкерлерiнiң Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгiленген артықшылықтары мен иммунитеттерiн қозғамайды.

31-бап Осы Заңның күшiне ену тәртiбi

      Осы Заң жарияланған күннен бастап күшiне енедi.

      Осы Заңның 28-бабы төртінші бөлігінің қолданысы 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын.

      Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 29.06.2021 № 58-VII (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
Президентi