Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 19 маусымдағы N 2337 заң күшi бар жарлығы

Жаңартылған

       Ескерту. Қазақстан Республикасының  1997.06.19. N 134 заңымен енгiзiлген толықтырулар мен өзгертулер 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне кiредi.
      1. "Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына сәйкес және Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайын ретке келтiру мақсатында осы Жарлықты шығарамын. 

  I бөлiм. Жалпы ережелер

  1-бап
Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының
құқықтық жағдайы туралы заңдар

      Шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және соған сәйкес шетел азаматтарының негiзгi құқықтары мен мiндеттерiн, олардың Қазақстан Республикасына келуiнiң, аумағында болуының, жүрiп-тұруының және Қазақстан Республикасынан кетуiнiң тәртiбiн айқындайды. 
      Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы заңдар осы Жарлықтан және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнен тұрады. 
      Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен де анықтала алады. 
      Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында осы Жарлықта баяндалған ережелерден басқалары белгiленген болса, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 

  2-бап
Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтары мен
азаматтығы жоқ адамдар

      Қазақстан Республикасының азаматтары емес және өзiнiң басқа мемлекеттiк азаматтығына қатысты екендiгiнiң дәлелi бар адамдар Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтары болып танылады.
      Қазақстан Республикасының азаматтары емес және өзiнiң басқа мемлекеттiң азаматтығына қатысты екендiгiнiң дәлелi жоқ адамдар азаматтығы жоқ адамдар болып танылады.  

  3-бап
Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының
құқықтық жағдайының принциптерi

      Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтары барлық құқықтар мен бостандықтарға ие, сондай-ақ оларға Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдары мен халықаралық шарттарында белгiленген мiндеттердiң бәрi жүктеледi. Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында қарастырылған жағдайлар бұған жатпайды. 
      Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтары тегiне, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, қай нәсiлге және ұлтқа жататындығына, жынысына, бiлiмiне, тiлiне, дiнге көзқарасына, шұғылданатын қызметi мен оның сипатына қарамастан заңның алдында бiрдей болады. 
      Шетел азаматтарының өздерiнiң құқықтары мен бостандықтарын пайдалануы Қазақстан Республикасының мүдделерiне, оның азаматтары мен басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiрмеуге тиiс және мұны олардың Қазақстан Республикасының заңдарына белгiленген мiндеттерiн орындауынан бөлiп алуға болмайды. 

  4-бап
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын
және уақытша жүрген шетел азаматтары

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұрушылар деп, соған iшкi iстер органдарының берген рұқсатын және шетелдiк азаматтың Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатын не азаматтығы жоқ адамның куәлiгiн алған шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар танылады.
      Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат берудiң мiндетті шарты мұндай рұқсат алуға үміткер адамның Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген тәртіппен Қазақстан Республикасында болу кезеңiнде өзiнің төлем қабiлетiн растауы болып табылады.
      Қазақстан Республикасында өзгедей заңды негiзде жүрген, сондай-ақ оларға қатысты Қазақстан Республикасының  Қылмыстық кодексiне  сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыс болып танылатын әрекеттер жасалуы салдарынан жәбiрленушi деп танылған шетел азаматтары Қазақстан Республикасында уақытша болатындар деп есептеледi. Олар белгіленген тәртiппен тiркелуге және өздерiне белгiленген болу мерзiмi өткен соң Қазақстан Республикасынан кетуге мiндеттi.
       Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.03.01. N  160 , 2001.03.16. N  164 , 2006.03.02.  131  Заңымен.

  5-бап
Баспана беру

      Қазақстан Республикасы адам құқықтары бұзылуының құрбандары болған шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға баспана құқығын бередi.
      Саяси баспана беру туралы мәселенi Қазақстан Республикасының Президентi шешедi.

  II бөлiм. Қазақстан Республикасындағы шетел
азаматтарының негiзгi құқықтары,
бостандықтары және мiндеттерi

  6-бап
Еңбек қызметi және демалыс

      Шетел азаматтары Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттары белгiлеген негiз бен тәртiпте Қазақстан Республикасында еңбек қызметiмен шұғылдана алады. Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек ету бостандығына конституциялық құқығын iске асыруды қамтамасыз ету мақсатында заң актiлерiмен шетелдiк азаматтардың Қазақстан Республикасында еңбек қызметiн жүзеге асыруы жөнiндегi шектеулер белгiленуi мүмкiн. 
      Шетел азаматтары жекелеген қызмет орындарына тағайындала алмайды немесе еңбек қызметiнiң белгiлi бiр түрiмен, егер бұл қызмет орындарына тағайындау немесе осындай қызмет түрiмен шұғылдану Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына қатыстылығына байланысты болса, шұғылдана алмайды. 
      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматтары еңбек қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей құқықтарды пайдаланады және сол сияқты мiндеткерлiкте болады.
      Қазақстан Республикасында жүрген шетел азаматтары Қазақстан Республикасының азаматтарымен ортақ негiздерде демалыс алуға құқылы.
       Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.03.16. N  164   Заңымен.

  7-бап
Денсаулық сақтау

      Қазақстан Республикасында жүрген шетел азаматтары денсаулық сақтау саласында Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын пайдаланады және солар сияқты мiндеткерлiкте болады. 
      Қазақстан Республикасында уақытша жүрген шетел азаматтарына Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау органы белгiлеген тәртiппен дәрiгерлiк көмек көрсетiледi. 

  8-бап 
Әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандыру

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұрып жатқан шетел азаматтары әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандыру мәселесiнде Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын пайдаланады және солар сияқты мiндеткерлiкте болады. 
      Егер зейнетақы төлемдерi мен жәрдемақы тағайындау үшiн белгiлi бiр еңбек стажы талап етiлсе, шетел азаматтарына Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында белгiленген негiздер мен тәртiпте олардың шетелдегi жұмыс стажын есептеуге болады. 
       Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.06.19. N  134 -I  Заңымен.

  9-бап
Тұрғын үй құқығы, өзге де мүлiктiк
және жеке мүлiктiк емес құқықтар

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматтары тұрғын үй қатынастарында Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын пайдаланады және солар сияқты мiндеткерлiкте болады.
      Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтары жеке меншiк құқығында тұрғын үйге (уақытша жүрген шетел азаматтарын қоспағанда) және басқа мүлiкке, ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларының, ашылған жаңалықтың, өнертабыстың, рационализаторлық ұсыныстың, өнеркәсiптiк үлгiнiң авторлық құқығына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, өзге де мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарға ие бола алады. 
      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматтары өздерiнiң мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарын Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей пайдаланады. 
      Қазақстан Республикасында уақытша жүрген шетел азаматтары Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында белгiленген негiздер мен тәртiпте мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарды пайдалануға құқылы. 
       Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.03.01. N  160   Заңымен.

  10-бап
Бiлiм алу

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматтары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпте Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей бiлiм алуға құқылы. Қазақстан Республикасы азаматтарының бiлiм алуға конституциялық құқығын iске асыруды қамтамасыз ету мақсатында заң актiлерiмен шетелдiк азаматтардың Қазақстан Республикасында тегiн жоғары бiлiм алуына шектеулер белгiленуi мүмкiн. 
      Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жүрген шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында қарастырылған тәртiпте, Қазақстан Республикасында бiлiм алуына болады. 
      Оқу орындарына қабылданған шетел азаматтары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оқушылар мен студенттердiң құқықтарын иеленiп, мiндеттерiн орындайды. 
       Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.03.16. N  160   Заңымен.

  11-бап
Мәдениет жетiстiктерiн пайдалану

      Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтары Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей мәдениет жетiстiктерiн пайдалануға құқылы. Олар тарих және мәдениет ескерткiштерiне, басқа мәдени құндылықтарға ұқыпты қарауға мiндеттi.

  12-бап
Қоғамдық бiрлестiктерге қатысу

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматтары саяси мақсаттарды көздейтiн саяси партиялар мен қоғамдық бiрлестiктерден басқа қоғамдық бiрлестiктерге, егер бұл олардың жарғыларына (ережелерiне) қайшы келмейтiн болса, кiруге құқылы.

  13-бап
Ар-ождан бостандығы

      Қазақстан Республикасында жүрген шетел азаматтарына Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей ар-ождан бостандығына кепiлдiк берiледi.
      Дiни нанымға байланысты дұшпандық пен өшпендiлiктi өршiтуге тыйым салынады.

  14-бап
Некелiк және отбасылық қатынастар

      Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтары Қазақстан Республикасының азаматтарымен және басқа адамдармен некеге тұрып және оны бұза алады, Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей некелiк және отбасылық қатынастардағы құқықтарды пайдаланады және мiндеткерлiкте болады. 

  15-бап
Тұрғын үйге, жеке басының ары мен намысына тиiспеушiлiк

      Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарына тұрғын үйiне, жеке басының ары мен намысына тиiспеуге кепiлдiк берiледi.

  16-бап
Қазақстан Республикасының аумағында
жүрiп-тұру және тұрғылықты жер таңдау

      Шетел азаматтары Қазақстан Республикасының шетел азаматтарының болуына рұқсат етiлген аумағында еркiн жүрiп-тұра алады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпке сәйкес тұрғылықты жер таңдай алады. Жүріп-тұрудағы және тұрғылықты жер таңдаудағы шектеулер, бұл мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi, халықтың денсаулығы мен адамгершiлiгiн сақтау, Қазақстан Республикасының азаматтары мен басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болғанда Қазақстан Республикасының бұған уәкiлеттiк берiлген органдарының актiлерiмен белгiленедi. 

  17-бап
Салықтар мен алымдар

      Егер Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында өзгеше көзделмеген болса, Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарына Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей негiзде салықтар мен алымдар салынады. 

  18-бап
Шетел азаматтарының құқықтарын қорғау

      Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтары өздерiнiң мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарын қорғау үшiн сотқа және басқа мемлекеттiк органдарға өтiнiш жасауға құқылы.
      Шетел азаматтары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделгеннен басқа жағдайларда, сотта Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей процессуалдық құқықтарды пайдаланады.

  19-бап
Сайлау құқығындағы шектеулер

      Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтары өкiлдi және басқа сайланбалы мемлекеттiк органдарға және қызметке сайлай да, сайлана да алмайды, сондай-ақ республикалық референдумдарға қатыса алмайды.

  20-бап
Әскери мiндеттiлiкке қатынас

      Жалпыға бiрдей әскери мiндеттiлiк Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын немесе уақытша болатын шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.

  III бөлiм. Шетел азаматтарының Қазақстан Республикасына келуi және Қазақстан Республикасынан кетуi

  21-бап
Қазақстан Республикасына келудiң, Қазақстан
Республикасынан кетудiң, Қазақстан Республикасының
аумағы арқылы транзиттiк
жүрiп өтудiң ережелерiн белгiлеу

      Шетел азаматтарының Қазақстан Республикасына келуiнiң, олардың Қазақстан Республикасынан кетуiнiң және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жүрiп өтуiнiң ережелерiн осы Жарлық және Қазақстан Республикасы заңдарының өзге де актiлерi белгiлейдi. 

  22-бап
Қазақстан Республикасына келу

      Егер Қазақстан Республикасының тиiстi тараппен келiсiмiнде өзгеше тәртiп белгiленбеген болса, шетел азаматтары қолданыстағы паспорт немесе оны алмастыратын құжаттар бойынша Қазақстан Республикасына келе алады. 
      Қазақстан Республикасына келу шетел азаматына мына жағдайларда: 
      а) мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi қорғау немесе халықтың денсаулығын сақтау мүдделерiне бола; 
      б) егер ол Қазақстан Республикасының егемендiгiне қарсы шықса, оның аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақыратын болса; 
      в) егер ол мемлекетаралық, ұлтаралық және дiни дұшпандықты өршiтетiн болса; 
      г) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса; 
      д) егер ол террористiк әрекетi үшiн сотталған болса немесе сот оны аса қауiптi рецидивист деп таныған болса; 
      е) егер ол бұрын Қазақстан Республикасынан қуылған болса; 
      ж) егер Қазақстан Республикасында бұрын болған кезiнде Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы заңдарды, республиканың кедендiк, валюталық немесе өзге де заңдарын оның бұзу фактiлерi анықталған болса; 
      з) егер келу туралы өтiнiш жасалған кезде ол өзi жайында жалған мәлiметтер хабарлаған болса немесе қажеттi құжаттарды тапсырмаған болса, рұқсат етiлмеуi мүмкiн. 
      Келу визаларын немесе оларға сәйкес келетiн басқа құжаттарды Қазақстан Республикасының дипломатиялық және консулдық өкiлдiктерi немесе жекеленген жағдайларда Қазақстан Республикасының бұған арнайы уәкiлдiк алған өкiлдерi бередi. 
      Қабылдаушы тараптардың шақырулары және егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының бұған уәкiлдiк алған органдарының рұқсаттары виза беру үшiн негiз болып табылады. 

  23-бап
Қазақстан Республикасынан кету

      Шетел азаматтары қолданыстағы шетелдiк паспорттар немесе Қазақстан Республикасының бұған уәкiлдiк алған мемлекеттiк органдары берген кету визалары болған жағдайда сол паспорттарды алмастыратын құжаттар бойынша, егер тиiстi елмен жасалған келiсiмде өзгеше тәртiп белгiленбесе, Қазақстан Республикасынан кетедi. 
      Қазақстан Республикасынан кету шетел азаматына мына жағдайларда: 
      а) егер оны қылмыстық жауапкершiлiкке тарту үшiн негiздер болса - iстi жүргiзу аяқталғанға дейiн; 
      б) егер ол қылмыс жасағаны үшiн сотталған болса - жазаны өтеп болғанға немесе жазадан босатылғанға дейiн; 
      в) егер ол өзiне сот жүктеген мiндеттемелердi орындаудан жалтаратын болса - мiндеттемелер орындалғанға дейiн; 
      г) Қазақстан Республикасының заңдары белгiлеген өзге де негiздер бойынша рұқсат етiлмейдi. 
      Шетел азаматының Қазақстан Республикасынан кетуi ол Қазақстан Республикасы азаматтарының, басқа жеке және заңды тұлғалардың елеулi мүдделерiмен байланысты мүлiктiк мiндеттемелердi орындағанға дейiн кейiнге қалдырылуы мүмкiн. 

  24-бап
Транзиттiк жүрiп өту

      Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жүрiп өтушi шетел азаматтары белгiленген маршрут бойынша Қазақстан Республикасынан кетудiң шекаралық мекенiне транзиттiк жүрiп өту ережелерiн сақтай отырып барады және Қазақстан Республикасының бұған уәкiлдiк алған мемлекеттiк органдары берген рұқсат болған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында тек Қазақстанның транзиттiк визаларында көрсетiлген мекендерде ғана аялдай алады. 

  IV бөлiм. Шетел азаматтарының жауапкершiлiгi,
болу мерзiмiн қысқарту, қуып жiберу

  25-бап
Құқық бұзғандық үшiн жауапкершiлiк негiздерi

      Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған, әкiмшiлiк және басқа құқық бұзған шетел азаматтарына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгiленгеннен басқа жағдайларда, Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей негiздерде жауапкершiлiк жүктеледi. 

  26-бап
Қазақстан Республикасында болу және Қазақстан
Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жүрiп
өту ережелерiн бұзғандық үшiн жауапкершiлiк

      Қазақстан Республикасында болу ережелерiн бұзған, яғни тұруға құқық беретiн құжаттарсыз тұрған немесе жалған құжаттар бойынша тұрып жатқан, тiркелудiң немесе жүрiп-тұру мен тұрғылықты жер таңдап алудың белгiленген тәртiбiн сақтамаған, өздерiне белгiленген болу мерзiмi өткеннен соң кетуден жалтарған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жүрiп өту ережелерiн орындамаған шетел азаматтары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылады. 
      Шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында болу және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жүрiп өту ережелерiн өрескел бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қылмыстық жауапкершiлiкке әкеп соқтырады. 

  27-бап
Қазақстан Республикасында болу мерзiмiн қысқарту

      Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы заңдарды бұзған шетел азаматына оның Қазақстан Республикасында болу жөнiнде белгiленген мерзiмi қысқартылуы мүмкiн. Шетел азаматының Қазақстан Республикасында болу мерзiмi одан әрi болуы үшiн негiздерi қалмаған жағдайларда да қысқартылуы мүмкiн. 

  28-бап
Қазақстан Республикасының шегiнен қуып жiберу

      Шетел азаматы мына жағдайларда:
      а) егер оның iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келетiн болса; 
      б) егер бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса; 
      в) егер ол Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы заңдарды, Қазақстан Республикасының кедендiк, валюталық немесе өзге де заңдарын бұзса; 
      г) егер Қазақстан Республикасының азаматымен некеге тұруы оны Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға қалдыру үшiн негiз болып табылып, заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен неке заңсыз деп танылған жағдайда Қазақстан Республикасының шегiнен қуылуы мүмкiн. 
      Қуып жiберу туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының бұған уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк органдары қабылдайды. Шетел азаматы осы шешiмде көрсетiлген мерзiмде Қазақстан Республикасынан кетуге мiндеттi. Кетуден жалтарушылар мұндай жағдайда прокурордың санкциясы бойынша ұсталуға және ықтиярсыз қуылуға жатады. Бұл орайда қуып жiберу үшiн қажет мерзiмге ұстап қалуға жол берiледi. Олар Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен iшкi iстер органдарының арнаулы мекемелерiнде ұсталады.
       Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.03.16. N  164 , 2001.11.10. N  255   Заңдарымен.

  V бөлiм. Қорытынды ережелер

  29-бап
Осы Жарлықтың азаматтығы жоқ адамдар жөнiнде қолданылуы

      Осы Жарлықтың ережелерi, егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбеген болса, азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

  30-бап
Осы Жарлықтың қолданылу аясын шектеу

      Осы жарлықтың ережелерi шетелдiк дипломатиялық және консулдық өкiлдiктердiң басшылары мен қызметкерлерiнiң Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгiленген артықшылықтары мен иммунитеттерiн қозғамайды.

  31-бап
Осы Жарлықтың күшiне ену тәртiбi

      Осы Жарлық жарияланған күннен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi