Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы N 2337 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. ҚР 1997.06.19 N 134 заңымен енгiзiлген толықтырулар мен өзгертулер 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне кiредi.

      Ескерту. Актінің нысаны мен тақырыбы өзгерді, кiрiспе алып тасталды, бүкiл мәтiн бойынша "Жарлықтан", "Жарлықта", "Жарлық", "Жарлықтың", "жарлықтың" деген сөздер тиiсiнше "Заңнан", "Заңда" "Заң", "Заңның" деген сөздермен, "шетел азаматтарының", "шетел азаматтары", "Шетел азаматтарының", "шетелдiк азаматтың", "шетелдiк азаматтар", "шетел азаматтарына", "шетел азаматына", "Шетел азаматтары", "шетелдiк азаматтардың", "шетел азаматтарын", "Шетел азаматының", "Шетел азаматы" деген сөздер тиiсiнше "шетелдiктердiң", "шетелдiктер", "Шетелдiктердiң", "шетелдiктiң", "шетелдiктерге", "шетелдiкке", "Шетелдiктер", "шетелдiктердi" "Шетелдiктiң", "Шетелдiк" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2007.01.12 N 227 Заңымен.

I бөлiм. Жалпы ережелер

1-бап
Қазақстан Республикасындағы шетелдiктердiң құқықтық жағдайы
туралы заңдар

      Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және соған сәйкес шетелдiктердiң негiзгi құқықтары мен мiндеттерiн, олардың Қазақстан Республикасына келуiнiң, аумағында болуының, жүрiп-тұруының және Қазақстан Республикасынан кетуiнiң тәртiбiн айқындайды.
      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы заңдар осы Заңнан және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнен тұрады.
      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктердiң құқықтық жағдайы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен де анықтала алады.
      Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 227 Заңымен.

2-бап
Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ
адамдар

      Қазақстан Республикасының азаматтары емес және өзiнiң басқа мемлекеттiк азаматтығына қатысты екендiгiнiң дәлелi бар адамдар Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер болып танылады.
      Қазақстан Республикасының азаматтары емес және өзiнiң басқа мемлекеттiң азаматтығына қатысты екендiгiнiң дәлелi жоқ адамдар азаматтығы жоқ адамдар болып танылады. 

3-бап
Қазақстан Республикасындағы шетелдiктердiң құқықтық
жағдайының принциптерi

      Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер барлық құқықтар мен бостандықтарға ие, сондай-ақ оларға Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдары мен халықаралық шарттарында белгiленген мiндеттердiң бәрi жүктеледi. Қазақстан Республикасының заңдары мен   халықаралық шарттарында  қарастырылған жағдайлар бұған жатпайды.
      Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер тегiне, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, қай нәсiлге және ұлтқа жататындығына, жынысына, бiлiмiне, тiлiне, дiнге көзқарасына, шұғылданатын қызметi мен оның сипатына қарамастан заңның алдында бiрдей болады.
      Шетелдiктердiң өздерiнiң құқықтары мен бостандықтарын пайдалануы Қазақстан Республикасының мүдделерiне, оның азаматтары мен басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiрмеуге тиiс және мұны олардың Қазақстан Республикасының заңдарына белгiленген мiндеттерiн орындауынан бөлiп алуға болмайды.

4-бап
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын және уақытша жүрген
шетелдiктер

      Тұрақты тұруға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген  тәртіппен рұқсат және тұрақты тұру құқығына құжат алған шетелдiктер Қазақстан Республикасында тұрақты тұрушылар деп танылады.
      Оралмандарды қоныстандыру үшін Үкімет айқындаған өңірлерге келген этникалық қазақтарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында тұрған адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат берудiң мiндеттi шарты мұндай рұқсатты алуға үмiткер адамның Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен және мөлшерде өзiнiң төлем қабiлеттiлiгiн растауы болып табылады.
      Қазақстан Республикасында өзгедей заңды негiзде жүрген, сондай-ақ оларға қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыстар деп танылатын әрекеттер жасалуы салдарынан жәбiрленушi деп танылған шетелдiктер Қазақстан Республикасында уақытша жүрген деп есептеледi. Олар белгiленген тәртiппен тiркелуге және өздерiне белгiленген болу мерзiмi өткен соң Қазақстан Республикасынан кетуге мiндеттi. мерзiмi өткен соң Қазақстан Республикасынан кетуге мiндеттi.
      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.01.12 N 227 Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 05.12.2013 N 152-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап
Баспана беру

      Қазақстан Республикасы адам құқықтары бұзылуының құрбандары болған шетелдiктерге баспана құқығын бередi.
      Саяси баспана беру туралы мәселенi Қазақстан Республикасының Президентi шешедi.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 227 Заңымен.

II бөлiм. Қазақстан Республикасындағы шетелдiктердiң
негiзгi құқықтары, бостандықтары және мiндеттерi

6-бап
Еңбек қызметi және демалыс

      Шетелдiктер Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттары белгiлеген негiз бен тәртiпте Қазақстан Республикасында еңбек қызметiмен шұғылдана алады. Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек ету бостандығына конституциялық құқығын iске асыруды қамтамасыз ету мақсатында заң актiлерiмен шетелдiктердiң Қазақстан Республикасында еңбек қызметiн жүзеге асыруы жөнiндегi шектеулер белгiленуi мүмкiн. Z11000477
      Шетелдiктер жекелеген қызмет орындарына тағайындала алмайды немесе еңбек қызметiнiң белгiлi бiр түрiмен, егер бұл қызмет орындарына тағайындау немесе осындай қызмет түрiмен шұғылдану Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына қатыстылығына байланысты болса, шұғылдана алмайды.
      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер еңбек қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей құқықтарды пайдаланады және сол сияқты мiндеткерлiкте болады.
      Қазақстан Республикасында уақытша жүрген шетелдiктер жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бола алады. Бұл ретте, заңды тұлға құрмай шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiсi ретiнде кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға жол берiлмейдi.
      Қазақстан Республикасында жүрген шетелдiктер Қазақстан Республикасының азаматтарымен ортақ негiздерде демалыс алуға құқылы.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.03.16 N 164, 2007.01.12 N 227 Заңдарымен.

7-бап
Денсаулық сақтау

      Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, денсаулық сақтау саласында азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттілікте болады. P091937
      Қазақстан Республикасында уақытша жүрген шетелдiктерге Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау органы белгiлеген тәртiппен дәрiгерлiк көмек көрсетiледi.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.16 N 186-IV Заңымен.

8-бап
Әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандыру

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұрып жатқан шетелдiктер әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандыру мәселесiнде Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын пайдаланады және солар сияқты мiндеткерлiкте болады.
      Егер зейнетақы төлемдерi мен жәрдемақы тағайындау үшiн белгiлi бiр еңбек стажы талап етiлсе, шетелдiктерге Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында белгiленген негiздер мен тәртiпте олардың шетелдегi жұмыс стажын есептеуге болады. V021899
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1997.06.19 N 134-I Заңымен.

9-бап
Тұрғын үй құқығы, өзге де мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес
құқықтар

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер тұрғын үй қатынастарында Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын пайдаланады және солар сияқты мiндеткерлiкте болады.
      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер жеке меншiк құқығында тұрғын үйге (уақытша жүрген шетелдiктердi қоспағанда) және басқа мүлiкке, ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларының, ашылған жаңалықтың, өнертабыстың, рационализаторлық ұсыныстың, өнеркәсiптiк үлгiнiң авторлық құқығына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, өзге де мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарға ие бола алады.
      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер өздерiнiң мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарын Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей пайдаланады.
      Қазақстан Республикасында уақытша жүрген шетелдiктер Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында белгiленген негiздер мен тәртiпте мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарды пайдалануға құқылы.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.03.01 N 160 Заңымен.

10-бап
Білім алу

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алуға құқығы бар.
      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді алуына, егер олар осындай деңгейдегі әрбір білімді бірінші рет алып тұрса, құқық беріледі.
      Шетелдіктердің мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуына құқық Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.
      Білім беру ұйымдарына қабылданған шетелдіктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оқушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтарына ие болады және міндеттерін мойнына алады.
      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.07.27 N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

11-бап
Мәдениет жетiстiктерiн пайдалану

      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей мәдениет жетiстiктерiн пайдалануға құқылы. Олар тарих және мәдениет ескерткiштерiне, басқа мәдени құндылықтарға ұқыпты қарауға мiндеттi.

12-бап
Қоғамдық бiрлестiктерге қатысу

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер саяси мақсаттарды көздейтiн саяси партиялар мен қоғамдық бiрлестiктерден басқа қоғамдық бiрлестiктерге, егер бұл олардың жарғыларына (ережелерiне) қайшы келмейтiн болса, кiруге құқылы.

13-бап
Ар-ождан бостандығы

      Қазақстан Республикасында жүрген шетелдiктерге Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей ар-ождан бостандығына кепiлдiк берiледi.
      Дiни нанымға байланысты дұшпандық пен өшпендiлiктi өршiтуге тыйым салынады.

14-бап
Некелiк және отбасылық қатынастар

      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер Қазақстан Республикасының азаматтарымен және басқа адамдармен некеге тұрып және оны бұза алады, Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық  шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей некелiк және отбасылық қатынастардағы құқықтарды пайдаланады және мiндеткерлiкте болады. Z990387, Z980292, Z980311

15-бап
Тұрғын үйге, жеке басының ары мен намысына тиiспеушiлiк

      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктерге тұрғын үйiне, жеке басының ары мен намысына тиiспеуге кепiлдiк берiледi.

16-бап
Қазақстан Республикасының аумағында жүрiп-тұру және
тұрғылықты жер таңдау

      Шетелдiктер Қазақстан Республикасының шетелдiктердiң болуына рұқсат етiлген аумағында еркiн жүрiп-тұра алады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпке сәйкес тұрғылықты жер таңдай алады. Жүріп-тұрудағы және тұрғылықты жер таңдаудағы шектеулер, бұл мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi, халықтың денсаулығы мен адамгершiлiгiн сақтау, Қазақстан Республикасының азаматтары мен басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болғанда Қазақстан Республикасының бұған уәкiлеттiк берiлген органдарының актiлерiмен белгiленедi.

17-бап
Салықтар мен алымдар

      Егер Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында өзгеше көзделмеген болса, Қазақстан Республикасындағы шетелдiктерге Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей негiзде салықтар мен алымдар салынады.

18-бап
Шетелдіктердің құқықтарын қорғау

      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер өздерiнiң мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарын қорғау үшiн сотқа және басқа мемлекеттiк органдарға өтiнiш жасауға құқылы.
      Шетелдiктер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделгеннен басқа жағдайларда, сотта Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей процессуалдық құқықтарды пайдаланады.

19-бап
Сайлау құқығындағы шектеулер

      Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер өкiлдi және басқа сайланбалы мемлекеттiк органдарға және қызметке сайлай да, сайлана да алмайды, сондай-ақ республикалық референдумдарға қатыса алмайды.

20-бап
Әскери мiндеттiлiкке қатыстылығы

      Әскери мiндеттiлiк Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктерге қолданылмайды.
      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.01.12 N 227 Заңымен.

III бөлiм. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасына келуi
және Қазақстан Республикасынан кетуi

21-бап
Қазақстан Республикасына келудiң, Қазақстан Республикасынан
кетудiң, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк
жүрiп өтудiң ережелерiн белгiлеу

      Шетелдiктердiң Қазақстан Республикасына келуiнiң, олардың Қазақстан Республикасынан кетуiнiң және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жүрiп өтуiнiң ережелерiн осы Заң және Қазақстан Республикасы заңдарының өзге де актiлерi белгiлейдi.

22-бап
Қазақстан Республикасына келу

      Егер Қазақстан Республикасының тиiстi тараппен келiсiмiнде өзгеше тәртiп белгіленбесе немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше тәртіп белгілемесе, шетелдiктер жарамды шетелдік паспорттар немесе оны алмастыратын құжаттар бойынша Қазақстан Республикасының келу визалары болған кезде Қазақстан Республикасына келе алады.
      Шетелдіктің Қазақстан Республикасына келуіне:
      1) ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіп пен халықтың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету мүддесі үшін;
      2) егер оның iс-әрекетi конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталса;
      3) егер ол Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсіздігіне қарсы шықса, оның аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырса;
      4) егер ол ұлтаралық және дiни араздықты тудырса;
      5) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса;
      6) егер ол террористік немесе экстремистік ұйымдарға тиесілі болса, террористiк немесе экстремистік іс-әрекетi үшiн сотталған болса не оның іс-әрекетін сот аса қауіпті рецидив деп таныса;
      7) егер ол Қазақстан Республикасында алдыңғы болған кезеңде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін өзіне қолданылған жазаны өтемеген болса;
      8) егер жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайда, Қазақстан Республикасында алдыңғы болған кезеңде ол мұндай декларацияны табыс етпесе;
      9) егер ол, этникалық қазақтарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында болған адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен Қазақстан Республикасында болу және одан кету үшiн қажеттi қаражатының бар екендiгi туралы растауды ұсынбаса;
      10) егер ол келу туралы өтiнiшхат жолдаған кезде өзi жөнiнде жалған мәлiметтер хабарлаған болса немесе қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде табыс етпесе;
      11) онда Қазақстан Республикасына келу үшін қарсы айғақтар болып табылатын аурулары болған кезде тыйым салынады.
      Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлген шетелдiктерге шығарып жiберу туралы шешiм шығарылған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.
       Қабылдаушы тұлғалардың шетелдіктерді Қазақстан Республикасына шақыру туралы өтініштері, егер мұндай өтініш берілгенге дейін бір жыл ішінде қабылдаушы тұлғалар көшіп келушілерді уақтылы тіркеу, олардың Қазақстан Республикасында болу, ел аумағында жүріп-тұру құқығына құжаттарды ресімдеу және болудың белгілі бір мерзімі өткеннен кейін Қазақстан Республикасынан кетуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілікке тартылса, қаралмайды.
      Қазақстан Республикасына келу кезiнде шетелдiктерге Қазақстан Республикасының Үкiметi көздеген тәртiппен көшi-қон карточкалары берiледi.
      Келу визаларын немесе оларға сәйкес келетiн басқа да құжаттарды Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi және консулдық мекемелерi немесе жекелеген жағдайларда бұған арнайы уәкiлдiк берiлген Қазақстан Республикасының өкiлдерi бередi.
      Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, қабылдаушы тұлғалардың шақырулары немесе Қазақстан Республикасының бұған уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарының рұқсаты виза беру үшiн негiз болып табылады.
      Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 10.12.2013 № 153-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

  23-бап
Қазақстан Республикасынан кету

      Шетелдiктер қолданыстағы шетелдiк паспорттар немесе Қазақстан Республикасының бұған уәкiлдiк алған мемлекеттiк органдары берген кету визалары болған жағдайда сол паспорттарды алмастыратын құжаттар бойынша, егер тиiстi елмен жасалған келiсiмде өзгеше тәртiп белгiленбесе немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше тәртiп белгiлемесе, Қазақстан Республикасынан кетедi.
      Қазақстан Республикасынан кету шетелдікке мына жағдайларда:
      а) егер оны қылмыстық жауапкершiлiкке тарту үшiн негiздер болса - iстi жүргiзу аяқталғанға дейiн;
      б) егер ол қылмыс жасағаны үшiн сотталған болса - жазаны өтеп болғанға немесе жазадан босатылғанға дейiн;
      в) егер ол өзiне сот жүктеген мiндеттемелердi орындаудан жалтаратын болса - мiндеттемелер орындалғанға дейін рұқсат етілмейді.
      г) Алынып тасталды - ҚР 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
      Шетелдiктiң Қазақстан Республикасынан кетуi ол Қазақстан Республикасы азаматтарының, басқа жеке және заңды тұлғалардың елеулi мүдделерiмен байланысты мүлiктiк мiндеттемелердi орындағанға дейiн кейiнге қалдырылуы мүмкiн.
      Ескерту. 23-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 10.12.2013 № 153-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

24-бап
Транзиттiк жүрiп өту

      Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жүрiп өтушi шетелдiктер белгiленген маршрут бойынша Қазақстан Республикасынан кетудiң шекаралық мекенiне транзиттiк жүрiп өту ережелерiн сақтай отырып барады және Қазақстан Республикасының бұған уәкiлдiк алған мемлекеттiк органдары берген рұқсат болған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында тек Қазақстанның транзиттiк визаларында көрсетiлген мекендерде ғана аялдай алады.

IV бөлiм. Шетелдіктердің жауапкершiлiгi, болу мерзiмiн
қысқарту, қуып жiберу

25-бап
Құқық бұзғандық үшiн жауапкершiлiк негiздерi

      Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған, әкiмшiлiк және басқа құқық бұзған шетелдiктерге, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгiленгеннен басқа жағдайларда, Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей негiздерде жауапкершiлiк жүктеледi.

26-бап
Қазақстан Республикасында болу және Қазақстан Республикасының
аумағы арқылы транзиттiк жүрiп өту ережелерiн бұзғандық үшiн
жауапкершiлiк

      Қазақстан Республикасында болу ережелерiн бұзған, яғни тұруға құқық беретiн құжаттарсыз тұрған немесе жалған құжаттар бойынша тұрып жатқан, тiркелудiң немесе жүрiп-тұру мен тұрғылықты жер таңдап алудың белгiленген тәртiбiн сақтамаған, өздерiне белгiленген болу мерзiмi өткеннен соң кетуден жалтарған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жүрiп өту ережелерiн орындамаған шетелдiктер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылады.
      Шетелдiктердiң Қазақстан Республикасында болу және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жүрiп өту ережелерiн өрескел бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қылмыстық жауапкершiлiкке әкеп соқтырады.

27-бап
Қазақстан Республикасында болу мерзiмiн қысқарту

      Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы заңнаманы бұзған шетелдікке оның Қазақстан Республикасында болу жөнiнде белгiленген мерзiмi қысқартылуы мүмкiн. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында болу мерзiмi одан әрi болуы үшiн негiздерi қалмаған жағдайларда да қысқартылуы мүмкiн.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 227 Заңымен.

  28-бап
Қазақстан Республикасының шегiнен қуып жiберу

      Шетелдік мына жағдайларда:
      а) егер оның iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келетiн болса;
      б) егер бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса;
      в) егер ол Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса;
      г) егер Қазақстан Республикасының азаматымен некеге тұруы оны Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға қалдыру үшiн негiз болып табылып, заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен неке заңсыз деп танылған жағдайда Қазақстан Республикасының шегiнен қуылуы мүмкiн.
      Шығарып жiберу туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының бұған уәкiлеттік берiлген мемлекеттiк органдары немесе сот қабылдайды. Шетелдік осы шешiмде көрсетiлген мерзiмде Қазақстан Республикасынан кетуге мiндеттi. Мұндай жағдайда Қазақстан Республикасынан шығарып жіберу туралы сот шешімінің орындалуы Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлетiн адамға бақылау жасалына отырып, өз бетiмен кетуi арқылы жүргізіледі. Егер өзіне қатысты шығарып жiберу туралы шешім қабылданған адам шешімде көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының аумағынан кетпесе, ол прокурордың санкциясы бойынша ұсталуға және мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберілуге тиіс. Бұл орайда, шығарып жiберу үшiн қажет болатын мерзiмге ұстауға жол берiледi. Ол Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен iшкi iстер органдарының арнаулы мекемелерiнде орналастырылады.
      Мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберу туралы сот шешімін орындауды жүзеге асыратын ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды аумағына аталған адам шығарып жiберiлетiн шет мемлекет билігінің өкiлiне ресми түрде беру үшін шығарып жіберілетін шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметiне береді.
      Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.03.16 N 164, 2001.11.10 N 255, 2007.0112. N 227, 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2013.01.16 N 71-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 N 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

V бөлiм. Қорытынды ережелер

29-бап
Осы Заңның азаматтығы жоқ адамдар жөнiнде қолданылуы

      Осы Заңның ережелерi, егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбеген болса, азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

30-бап
Осы Заңның қолданылу аясын шектеу

      Осы Заңның ережелерi шетелдiк дипломатиялық және консулдық өкiлдiктердiң басшылары мен қызметкерлерiнiң Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгiленген артықшылықтары мен иммунитеттерiн қозғамайды.

31-бап
Осы Заңның күшiне ену тәртiбi

      Осы Заң жарияланған күннен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi