Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы N 827 Жарлығы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс         

      Мемлекеттік жоспарлаудың тұтас және тиімді жүйесін қалыптастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі (бұдан әрі - Мемлекеттік жоспарлау жүйесі) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жергілікті атқарушы органдармен және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлесіп 2010 жылғы 1 желтоқсанға дейін қолданыстағы стратегияларды, тұжырымдамаларды, доктриналарды, мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңірлік бағдарламаларды осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, Елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, аумақтардың даму бағдарламаларын, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеу, іске асыру, мониторинг, бағалау және бақылау жүргізу ережесін 2009 жылғы 1 қыркүйекке дейін белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізсін;
      2) Әлеуметтік-экономикалық даму, салалық бағдарламалардың болжамын әзірлеу ережесін 2009 жылғы 1 қыркүйекке дейін бекітсін;
      3) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдасын.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
      4. Осы Жарлықтың 2-тармағын іске асыруға байланысты
бағдарламаларды әзірлеуді қоспағанда, Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары бекітілгенге дейін мемлекеттік, салалық бағдарламаларды, аумақтардың даму бағдарламаларын әзірлеуге тыйым салу енгізілсін.
      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2009 жылғы 18 маусымдағы
N 827 Жарлығымен    
БЕКІТІЛДІ       

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі 1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі - мемлекеттік жоспарлау принциптерінен, құжаттарынан, процестерінен және оған қатысушылардан тұратын, елдің ұзақ мерзімді (5 жылдан аса), орта мерзімді (3-5 жыл) және қысқа мерзімді (3 жылға дейін) кезеңдерге арналған дамуын қамтамасыз ететін өзара байланысты элементтер кешені.
      2. Мемлекеттік жоспарлау мемлекеттік билік органдарының және елді дамыту процесіне өзге де қатысушылардың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін көтеруге, азаматтардың әл-ауқатын өсіруге және ел қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған қызметін қамтиды.

2. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің принциптері

      3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі мынадай принциптерге негізделеді:
      1) бірлік және тұтастық - мемлекеттік жоспарлау саласындағы заңнаманың, Мемлекеттік жоспарлау жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу принциптерінің бірлігі, мемлекеттік жоспарлау процесін жүзеге асыру тәртібінің бірлігі;
      2) ішкі теңгерімділік - Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының даму мақсаттары, міндеттері және нәтижелер көрсеткіштері бойынша бір-бірімен келісімділігі;
      3) нәтижелілік және тиімділік - мақсаттарды, міндеттерді және нәтижелер көрсеткіштерін таңдау барынша дұрыс (нәтижелі) болуға, ағымдағы ахуалды терең талдауға және ресурстарды барынша аз жұмсай отырып, қойылған нәтижелерге қол жеткізу қажеттілігіне негізделуге тиіс;
      4) міндеттерді шешу жолдарын таңдау дербестігі - мемлекеттік жоспарлау процесіне қатысушылардың мақсаттарға қол жеткізу жолдары мен әдістерін таңдаудағы және өз құзыреті шегінде елдің даму міндеттерін шешудегі дербестігі;
      5) мемлекеттік жоспарлау процесіне қатысушылардың жауапкершілігі - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде міндеттерді шешудің тиімсіздігі және күтілетін нәтижелерге қол жеткізілмегені үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету;
      6) айқындық (ашықтық) - мемлекеттік құпияларға жататын ақпаратты қамтитын ережелерді қоспағанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын міндетті түрде жариялау;
      7) шынайылық және нақтылық - Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында белгіленген даму мақсаттарына қол жеткізудің негізделген мүмкіндігі, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау процесінде пайдаланылатын нәтижелер көрсеткіштерінің негізділігі;
      8) үздіксіздік, сабақтастық және дәйектілік - Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің сатылы сипаты, яғни жоғары тұрған құжаттардың мақсаттарына, міндеттеріне, нәтижелер көрсеткіштеріне кол жеткізудің сәттілігі төмен тұрған құжаттарды жоспарлау мен олардың мақсаттарына, міндеттеріне, нәтижелер көрсеткіштеріне кол жеткізудің сапасына және уақтылығына байланысты, сондай-ақ оның жұмыс істеуінің үздіксіз тетігі;
      9) ресурстық қамтамасыз етілу - қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының негізгі бағыттары бойынша қаржыландыру көздері мен көлемін, адами, басқа да материалдық және материалдық емес ресурстарды айқындау.

3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары

      4. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына мыналар жатады:
      1) Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы;
      2) Қазақстан Республикасының 10 жылға арналған стратегиялық даму жоспары, елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамдық схемасы;
      2-1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясы;
      3) 5-10 жылға арналған мемлекеттік бағдарламалар;
      4) 5 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы;
      5) аумақтарды дамытудың 5 жылға арналған бағдарламасы;
      6) мемлекеттік органдардың 5 жылға арналған стратегиялық жоспарлары;
      7) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың (бұдан әрі - ұлттық компаниялар) 10 жылға арналған даму стратегиялары және 5 жылға арналған даму жоспарлары;
      8) салалық бағдарламалар;
      9) 3 жылға арналған республикалық (жергілікті) бюджет.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз), 2011.12.30 N 213 Жарлығымен.
      5. Қазақстан Республикасының Президенті елдегі жағдай мен Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайын жолдау (бұдан әрі - жолдау) арнайды. Жолдаудың ережелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу мен түзету үшін, оның ішінде алдағы жоспарлы кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру үшін негіз болып табылады.
      Жолдаудың жобасын әзірлеу, келісу, сондай-ақ жолдауды іске асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      6. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша тұжырымдамалар мен доктриналар әзірленеді.
      Тұжырымдама белгілі бір аяны, саланы дамытудың пайымын, тиісті мемлекеттік саясаттың негіздемесін көрсететін құжат болып табылады және осы саясаттың негізгі принциптері мен жалпы қағидаттарын қамтиды.
      Тұжырымдаманы Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі не консультативтік-кеңесші орган бекітеді немесе мақұлдайды.
      Доктрина - белгілі бір мәселе бойынша көзқарастар жүйесін, саяси қағидаттардың жиынтығын айқындайтын құжат.
      Доктринаны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді немесе мақұлдайды.
      Тұжырымдамалар мен доктриналар стратегиялық және бағдарламалық құжаттар, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары және заңдар арқылы іске асырылады.
      Тұжырымдамалар мен доктриналарды әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.

3.1. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы

      7. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы Қазақстан Республикасы дамуының жаhандық көрінісі мен стратегиясын, елдің экономикалық, саяси, қоғамдық дамуының ұзақ мерзімді бағыттары мен басымдықтарын айқындайтын стратегиялық құжат болып табылады, оны іске асыру мақсатында Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары әзірленеді.

3.2. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспары

      8. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарлары Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру мақсатында 10 жылға арналып әзірленеді және тиісті он жылдық кезеңдегі елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының стратегиясын, мақсаттарын, міндеттерін, басым бағыттарын, олардың көрсеткіштерін, кезең-кезеңдік мақсатты индикаторларын көрсете отырып, күтілетін нәтижелерін нақтылайды.
      9. Қазақстан Республикасының алдағы кезеңге арналған мемлекеттік даму жоспарының жобасын әзірлеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган елдің мұның алдындағы стратегиялық даму жоспарын іске асырудың тоғызыншы жылынан кешіктірмей жүзеге асырылуы мүмкін.
      10. Қазақстан Республикасының мемлекеттік даму жоспарын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      11. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарының іске асырылуына мониторинг пен оны бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді, олардың негізінде түзету жүзеге асырылуы мүмкін.
      12. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарын іске асыруды бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
      13. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарын әзірлеу, іске асыру, оның мониторингі, бағалау және іске асыруды бақылау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      14. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында елдің тиісті кезеңге арналған Аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамдық схемасы әзірленеді. Елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасы - бұл елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін өндірістік күштерді, көлік-коммуникациялық, әлеуметтік және басқа инфрақұрылымды оңтайлы орналастыру және ел халқын өңірлер тұрғысынан таратып орналастыру жүйесі.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
      15. Елдің аумақтық-кеңістікте дамуының болжамды схемасын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      Елдің аумақтық-кеңістікте дамуының болжамды схемасының іске асырылу мониторингі мен бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді, соның негізінде оны түзету жүзеге асырылуы мүмкін.
      Елдің аумақтық-кеңістікте дамуының болжамды схемасының іске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
      Елдің аумақтық-кеңістікте дамуының болжамды схемасын әзірлеу, іске асыру, оның мониторингі, бағалау және іске асыруды бақылау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

3.2.-1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясы

      Ескерту. Жүйе 3.2.-1-бөліммен толықтырылды - ҚР Президентінің  2011.12.30 N 213 Жарлығымен.

      15-1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын, Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында әзірленеді және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы негізгі проблемалар мен қауіп-қатерлерді, стратегиялық мақсаттар мен нысаналы индикаторларды, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерін, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету критерийлерін айқындайды.
      15-2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган орта мерзімді (5 жылға) немесе ұзақ мерзімді (5 жылдан астам) кезеңдерге әзірлейді.
      15-3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігі стратегиясының құрылымын, базалық тәсілдері мен негізгі мазмұнын Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясын әзірлеудің тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      15-4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      15-5. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясын іске асыру үшін оны іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспары әзірленеді.
      Іс-шаралар жоспарын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясы бекітілген күннен бастап үш ай мерзімде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      15-6. Іс-шаралар жоспарын іске асыру қорытындыларын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізеді.

3.3. Мемлекеттік бағдарламалар

      16. Мемлекеттік бағдарламалар Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында 5-10 жылға арналып әзірленеді.
      Мемлекеттік бағдарлама - бұл белгілі бір қызмет саласын дамытудың стратегиясын, стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын, міндеттері мен қажетті ресурстарды көрсете отырып, күтілетін нәтижелерін айқындайтын жалпыұлттық, салааралық сипаттағы құжат.
      17. Мемлекеттік бағдарламаларды тиісті мемлекеттік орган әзірлейді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі.
      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
      18. Мемлекеттік бағдарламаларды Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      19. Мемлекеттік бағдарламалар жобаларының тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      19-1. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді.
      Ескерту. Ереже 19-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
      20. Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуына мониторингті әзірлеуші мемлекеттік орган, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
      Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізеді.
      Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды өзінің жұмыс жоспарына сәйкес жүргізетін бақылау іс-шаралары шеңберінде жүзеге асырады.
      Іске асырылуына мониторинг пен бағалау нәтижелері бойынша мемлекеттік бағдарлама және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары түзетілуі мүмкін.
      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен, өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      21. Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
      22. Мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру, олардың мониторингі бағалау және іске асыруды бақылау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

3.4. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы

      23. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы стратегиялық және бағдарламалық құжаттар мен жолдау ескеріле отырып, жыл сайын жылжымалы негізде бесжылдық кезеңге әзірленеді және мыналарды:
      1) мемлекеттік басқарудың орталық деңгейінде:
      экономиканы дамытудың сыртқы және ішкі жағдайларын;
      орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясаттың, оның ішінде салық-бюджет саясатының мақсаттары мен міндеттерін;
      бес жылға арналған экономикалық саясаттың, оның ішінде салық-бюджет саясатының негізгі бағыттары мен шараларын;
      бесжылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамын;
      шоғырландырылған, мемлекеттік және республикалық бюджеттердің түсімдері мен шығыстарының болжамын, бюджет тапшылығын қамтитын үшжылдық кезеңге арналған бюджеттік параметрлердің болжамын;
      әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын;
      басым республикалық бюджеттік инвестициялар тізбесін;
      2) мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейінде:
      өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын, үрдістерін, басымдықтарын, нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерін;
      мыналарды:
      тиісті жергілікті бюджеттердің негізгі параметрлерін;
      өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын;
      басым жергілікті бюджеттік инвестициялардың тізбесін қамтуы тиіс, үш жылға арналған бюджеттік параметрлерді қамтиды.
      Сандық және сапалық нәтижелерді айқындау үшін шешуші бағыттар (салалар) бойынша мақсатты индикаторлар мен көрсеткіштер белгіленіп, оған қол жеткізуге бесжылдық кезең ішінде Қазақстан Республикасының немесе өңірдің әлеуметтік-экономикалық саясаты бағытталуға тиіс.
      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      24. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын тиісті мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган мақұлдайды және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      24-1. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының мониторингі, бағалауы және бақылауы жүзеге асырылмайды.
      Ескерту. 3.4-бөлім 24-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      25. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

3.5. Аумақтарды дамыту бағдарламасы

      26. Аумақтарды дамыту бағдарламасы Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттары, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде бес жылдық кезеңге арналып әзірленеді.
      Аумақтарды дамыту бағдарламасы, олардың көрсеткіштері, қажетті ресурстар көрсетіле отырып, өңірді дамытудың негізгі бағыттарын, мақсаттарын, міндеттерін, күтілетін нәтижелерін қамтиды.
      27. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның, мүдделі орталық мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы әзірлейді.
      Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын облыстық мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның, облыстың мүдделі атқарушы органдарының келісімімен ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді.
      Ескерту. 27-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
      28. Аумақтарды дамыту бағдарламасын жергілікті өкілді орган бекітеді.
      28-1. Аумақты дамыту бағдарламасын іске асыру үшін жергілікті атқарушы орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жоғары тұрған уәкілетті органмен келісім бойынша оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді.
      Ескерту. Ереже 28-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
      29. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананың дамыту бағдарламасының іске асырылу мониторингін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы жүргізеді.
      Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасының іске асырылу мониторингін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдары жүргізеді.
      Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламаларын, облыстың, республикалық маңызы бар каланың, астананың тексеру комиссиясы жүргізетін бағалаудан басқа, іске асырылуды бағалау Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығымен бекітілген Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі шеңберінде жүзеге асырылады.
      Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы), облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы жүргізетін бағалаудан басқа, дамыту бағдарламаларын іске асырылуын бағалау Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      29-1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы өзі жүргізетін бақылау іс-шаралары шеңберінде өзінің жұмыс жоспарына сәйкес аумақтарды дамыту бағдарламаларының іске асырылуын бағалауды жүзеге асырады.
      Ескерту. 3.5-бөлім 29-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      30. Іске асыруға мониторинг пен оны бағалаудың нәтижелері бойынша аумақтарды дамыту бағдарламалары және оларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары түзетілуі мүмкін.
      Ескерту. 30-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
      31. Аумақтардың дамыту бағдарламасының іске асырылуын бақылауды тиісті жергілікті өкілді орган жүзеге асырады.
      32. Аумақтарды дамыту бағдарламасын әзірлеу, іске асыру, оның мониторингі, бағалау және іске асыруды бақылау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

3.6. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары

      33. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының, әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде әрбір үш жыл сайын бес жылдық кезеңге арналып әзірленеді.
      Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспары мемлекеттік орган қызметінің стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын, міндеттерін, нәтижелер көрсеткіштерін айқындайды, қаржыландыру көлемдерімен қоса олармен өзара байланысқан бюджеттік бағдарламаларды қамтиды.
      Ескерту. 33-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз), 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.
      34. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын тиісті мемлекеттік орган әзірлейді және осы Жүйенің 35-тармағының төртінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдармен келісіледі.
      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      34-1. Стратегиялық жоспарларды Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған мемлекеттік органдар әзірлемейді.
      Ескерту. 3.6-бөлім 34-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      35. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын Қазақстан Республикасының Президенті немесе ол уәкілеттік берген лауазымды тұлға бекітеді.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының стратегиялық жоспарларын осы мемлекеттік органдардың басшылары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен бекітеді.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің стратегиялық жоспарын мүдделі мемлекеттік органдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келіспей, мемлекеттік органның басшысы бекітеді.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бекітілген/түзетілген стратегиялық жоспарының көшірмесі бекітілген күннен бастап бір апта мерзімде Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығына жолданады.
      Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органның стратегиялық жоспарын оны тиісті салалық орталық мемлекеттік органмен келіскеннен кейін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы бекітеді.
      Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      36. Стратегиялық жоспарды іске асыру үшін мемлекеттік орган жыл сайын операциялық жоспар әзірлейді.
      Операциялық жоспар мемлекеттік органның ағымдағы қаржылық жылдағы стратегиялық жоспардың мақсаттарына, міндеттеріне және нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу жөніндегі іс шаралардың ресурстарымен, жауапты орындаушыларымен және жүзеге асыру мерзімдерімен байланысқан нақты іс-қимылын қамтитын құжат екенін білдіреді.
      37. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының іске асырылуына мониторингті әзірлеуші мемлекеттік орган жүзеге асырады.
      38. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы жүргізетін бағалаудан басқа, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бағалау Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіпте жүзеге асырылады.
      Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      39. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті өзінің жұмыс жоспарына сәйкес жүргізетін бақылау іс-шаралары шеңберінде орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бағалауды жүзеге асырады.
      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы өзінің жұмыс жоспарына сәйкес өзі жүргізетін бақылау іс-шаралары шеңберінде облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бағалауды жүзеге асырады.
      Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      40. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бақылауды мемлекеттік органдар өздері жүзеге асырады.
      Ескерту. 40-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      41. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеу, іске асыру, олардың мониторингі, бағалау және іске асыруды бақылау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      Ескерту. 41-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

3.7. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен жоспарлары

      42. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының негізінде 10 жылға арналып әзірленеді.
      Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары олардың стратегиялық бағыттарын, мақсаттары мен қызметі нәтижелерінің көрсеткіштерін айқындайды және акциялары (қатысу үлестері) ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға осы заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқық беретін заңды тұлғалардың даму стратегиялары ескеріле отырып әзірленеді.
      Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында, тиісті мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында баяндалған мақсаттар мен міндеттерге, және Әлеуметтік-экономикалық даму мен бюджет параметрлері болжамында көрсетілген бюджеттік параметрлерге сәйкестігі тұрғысында мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның келісімімен, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға арналған даму стратегияларын әзірлеу мен бекіту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 42-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
      43. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары олардың даму стратегияларын іске асыру мақсатында 5 жыл мерзімге арналып әзірленеді.
      Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары акциялары (қатысу үлестері) ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға осы заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқық беретін заңды тұлғалардың даму жоспарлары ескеріле отырып әзірленеді және мақсаттарды, міндеттерді, нәтижелер көрсеткіштерін және инвестицияларды, кірістерді, шығыстарды, қарыздарды, дивиденттер мен басқа да мәліметтерді қоса алғанда, қаржы-шаруашылық қызметтің негізгі шоғырландырылған және шоғырландырылмаған көрсеткіштерін қамтиды.
      Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында баяндалған мақсаттар мен міндеттерге, және Әлеуметтік-экономикалық даму мен бюджет параметрлері болжамында көрсетілген бюджеттік параметрлерге сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның келісімімен, директорлар кеңестері (қадағалау кеңестері) бекітеді.
      Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарларын әзірлеу мен бекіту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 43-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
      43-1. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің ұлттық компаниялардың даму стратегияларының және даму жоспарларының іске асырылуына мониторингті Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган (жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган) жүзеге асырады.
      Ескерту. 3.7-бөлім 43-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      44. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының іске асырылуын бағалауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарларының іске асырылуын бағалауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен директорлар кеңестері (қадағалау кеңестері) жүзеге асырады.
      44-1. Тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган (жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының және даму жоспарларының мониторингі және бағалауы нәтижелерін веб-порталда (құпия сипаттағы және қызмет бабында пайдалануға арналған ақпаратты қоспағанда) орналастырады.
      Ескерту. 3.7-бөлім 44-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      44-2. Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, акционері мемлекет болып табылатын тиісті саладағы ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларының орындалуын бақылауды тиісті саланың уәкілетті органы жүзеге асырады.
      Ұлттық әл-ауқат қорының даму стратегиясы мен даму жоспарын бақылауды оның директорлар кеңесі жүзеге асырады.
      Ескерту. 3.7-бөлім 44-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

3.8. Салалық бағдарламалар

      45. Салалық бағдарламалар салалық мәні бар маңызды міндеттерді шешу, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес сектор ұйымдарының іс-қимылдарын ведомствоаралық үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының іске асырылуы үшін орта мерзімді және қысқа мерзімді кезеңге әзірленеді. P040231
      46. Салалық бағдарламаларды және оларды әзірлеу, іске асыру, олардың мониторингі, бағалау және бақылау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Ескерту. 46-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

3.9. Республикалық (жергілікті) бюджет

      47. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджетті әлеуметтік-экономикалық даму болжамын, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын қарау нәтижелері бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындыларын ескере отырып, жыл сайын жоспарлы кезеңге әзірлейді.
      Жергілікті бюджеттерді мемлекеттік бюджетті жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар әлеуметтік-экономикалық, даму болжамын ескере отырып, жыл сайын жоспарлы кезеңге әзірлейді.
      Республикалық бюджет Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған түсімдер есебінен қалыптасатын және орталық мемлекеттік органдардың, оларға ведомстволық бағыныстағы мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың жалпы республикалық бағыттарын іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
      Республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен бекітіледі. 
      Ескерту. 47-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз), 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.
       48. Жергілікті бюджет Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), сондай-ақ аудандық деңгейдегі (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті мемлекеттік органдардың, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылай қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
      Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттері тиісінше облыстық мәслихаттардың, республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттарының және аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) мәслихаттарының шешімдерімен бекітіледі.
      49. Республикалық бюджет жобасын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

4. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процесі және процесінің қатысушылары

      50. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процестері оның құжаттарын әзірлеу, бекіту, іске асыру, олардың мониторингі, бағалау, түзету және іске асыруды бақылау болып табылады.
      Мониторинг - бұл Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылу барысы туралы ақпаратты жинау, жүйелеу, талдау және тұжырымдау.
      Бағалау - бұл Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асырудың нәтижелілігі мен тиімділігіне қол жеткізу дәрежесін айқындау құралы.
      Түзету - аталған құжаттың іске асырылуына мониторинг пен бағалау жүргізу нәтижесінде, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауының ережелерін, Қазақстан Республикасы Президентінің жекелеген тапсырмаларын орындау үшін стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу.
      Бақылау - Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының толықтығына және уақтылы орындалуына талдау жасау.
      Ескерту. 50-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      51. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі процестерінің қатысушылары мемлекеттік билік органдары, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, қоғамдық, ғылыми және жекеше ұйымдардың өкілдері, жеке тұлғалар болып табылады.