Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс
Мемлекеттік жоспарлаудың тұтас және тиімді жүйесін қалыптастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі (бұдан әрі - Мемлекеттік жоспарлау жүйесі) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жергілікті атқарушы органдармен және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлесіп 2010 жылғы 1 желтоқсанға дейін қолданыстағы стратегияларды, тұжырымдамаларды, доктриналарды, мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңірлік бағдарламаларды осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, Елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, аумақтардың даму бағдарламаларын, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеу, іске асыру, мониторинг, бағалау және бақылау жүргізу ережесін 2009 жылғы 1 қыркүйекке дейін белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізсін;
2) Әлеуметтік-экономикалық даму, салалық бағдарламалардың болжамын әзірлеу ережесін 2009 жылғы 1 қыркүйекке дейін бекітсін;
3) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдасын.
Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
4. Осы Жарлықтың 2-тармағын іске асыруға байланысты
бағдарламаларды әзірлеуді қоспағанда, Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары бекітілгенге дейін мемлекеттік, салалық бағдарламаларды, аумақтардың даму бағдарламаларын әзірлеуге тыйым салу енгізілсін.
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2009 жылғы 18 маусымдағы
N 827 Жарлығымен
БЕКІТІЛДІ
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі 1. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі - мемлекеттік жоспарлау принциптерінен, құжаттарынан, процестерінен және оған қатысушылардан тұратын, елдің ұзақ мерзімді (5 жылдан аса), орта мерзімді (3-5 жыл) және қысқа мерзімді (3 жылға дейін) кезеңдерге арналған дамуын қамтамасыз ететін өзара байланысты элементтер кешені.
2. Мемлекеттік жоспарлау мемлекеттік билік органдарының және елді дамыту процесіне өзге де қатысушылардың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін көтеруге, азаматтардың әл-ауқатын өсіруге және ел қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған қызметін қамтиды.
2. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің принциптері
3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі мынадай принциптерге негізделеді:
1) бірлік және тұтастық - мемлекеттік жоспарлау саласындағы заңнаманың, Мемлекеттік жоспарлау жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу принциптерінің бірлігі, мемлекеттік жоспарлау процесін жүзеге асыру тәртібінің бірлігі;
2) ішкі теңгерімділік - Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының даму мақсаттары, міндеттері және нәтижелер көрсеткіштері бойынша бір-бірімен келісімділігі;
3) нәтижелілік және тиімділік - мақсаттарды, міндеттерді және нәтижелер көрсеткіштерін таңдау барынша дұрыс (нәтижелі) болуға, ағымдағы ахуалды терең талдауға және ресурстарды барынша аз жұмсай отырып, қойылған нәтижелерге қол жеткізу қажеттілігіне негізделуге тиіс;
4) міндеттерді шешу жолдарын таңдау дербестігі - мемлекеттік жоспарлау процесіне қатысушылардың мақсаттарға қол жеткізу жолдары мен әдістерін таңдаудағы және өз құзыреті шегінде елдің даму міндеттерін шешудегі дербестігі;
5) мемлекеттік жоспарлау процесіне қатысушылардың жауапкершілігі - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде міндеттерді шешудің тиімсіздігі және күтілетін нәтижелерге қол жеткізілмегені үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету;
6) айқындық (ашықтық) - мемлекеттік құпияларға жататын ақпаратты қамтитын ережелерді қоспағанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын міндетті түрде жариялау;
7) шынайылық және нақтылық - Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында белгіленген даму мақсаттарына қол жеткізудің негізделген мүмкіндігі, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау процесінде пайдаланылатын нәтижелер көрсеткіштерінің негізділігі;
8) үздіксіздік, сабақтастық және дәйектілік - Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің сатылы сипаты, яғни жоғары тұрған құжаттардың мақсаттарына, міндеттеріне, нәтижелер көрсеткіштеріне кол жеткізудің сәттілігі төмен тұрған құжаттарды жоспарлау мен олардың мақсаттарына, міндеттеріне, нәтижелер көрсеткіштеріне кол жеткізудің сапасына және уақтылығына байланысты, сондай-ақ оның жұмыс істеуінің үздіксіз тетігі;
9) ресурстық қамтамасыз етілу - қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының негізгі бағыттары бойынша қаржыландыру көздері мен көлемін, адами, басқа да материалдық және материалдық емес ресурстарды айқындау.
3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары
4. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына мыналар жатады:
1) Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы;
2) Қазақстан Республикасының 10 жылға арналған стратегиялық даму жоспары, елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамдық схемасы;
3) 5-10 жылға арналған мемлекеттік бағдарламалар;
4) 5 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы;
5) аумақтарды дамытудың 5 жылға арналған бағдарламасы;
6) мемлекеттік органдардың 5 жылға арналған стратегиялық жоспарлары;
7) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың (бұдан әрі - ұлттық компаниялар) 10 жылға арналған даму стратегиялары және 5 жылға арналған даму жоспарлары;
8) салалық бағдарламалар;
9) 3 жылға арналған республикалық (жергілікті) бюджет.
Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
5. Қазақстан Республикасының Президенті елдегі жағдай мен Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнайды. Мемлекет басшысы Жолдауының ережелері Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын түзету үшін негіз болып табылады.
Жолдаудың ережелерін іске асыру мақсатында тиісті жалпыұлттық іс-шаралар жоспары әзірленеді.
Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
6. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша тұжырымдамалар мен доктриналар әзірленеді.
Тұжырымдама белгілі бір аяны, саланы дамытудың пайымын, тиісті мемлекеттік саясаттың негіздемесін көрсететін құжат болып табылады және осы саясаттың негізгі принциптері мен жалпы қағидаттарын қамтиды.
Тұжырымдаманы Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі не консультативтік-кеңесші орган бекітеді немесе мақұлдайды.
Доктрина - белгілі бір мәселе бойынша көзқарастар жүйесін, саяси қағидаттардың жиынтығын айқындайтын құжат.
Доктринаны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді немесе мақұлдайды.
Тұжырымдамалар мен доктриналар стратегиялық және бағдарламалық құжаттар, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары және заңдар арқылы іске асырылады.
Тұжырымдамалар мен доктриналарды әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
3.1. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы
7. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы Қазақстан Республикасы дамуының жаhандық көрінісі мен стратегиясын, елдің экономикалық, саяси, қоғамдық дамуының ұзақ мерзімді бағыттары мен басымдықтарын айқындайтын стратегиялық құжат болып табылады, оны іске асыру мақсатында Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары әзірленеді.
3.2. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспары
8. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарлары Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру мақсатында 10 жылға арналып әзірленеді және тиісті он жылдық кезеңдегі елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының стратегиясын, мақсаттарын, міндеттерін, басым бағыттарын, олардың көрсеткіштерін, кезең-кезеңдік мақсатты индикаторларын көрсете отырып, күтілетін нәтижелерін нақтылайды.
9. Қазақстан Республикасының алдағы кезеңге арналған мемлекеттік даму жоспарының жобасын әзірлеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган елдің мұның алдындағы стратегиялық даму жоспарын іске асырудың тоғызыншы жылынан кешіктірмей жүзеге асырылуы мүмкін.
10. Қазақстан Республикасының мемлекеттік даму жоспарын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
11. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарының іске асырылуына мониторинг пен оны бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді, олардың негізінде түзету жүзеге асырылуы мүмкін.
12. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарын іске асыруды бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
13. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
14. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында елдің тиісті кезеңге арналған Аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамдық схемасы әзірленеді. Елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасы - бұл елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін өндірістік күштерді, көлік-коммуникациялық, әлеуметтік және басқа инфрақұрылымды оңтайлы орналастыру және ел халқын өңірлер тұрғысынан таратып орналастыру жүйесі.
Ескерту. 14-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
15. Елдің аумақтық-кеңістік дамуының болжамды схемасын және оны әзірлеудің тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
3.3. Мемлекеттік бағдарламалар
16. Мемлекеттік бағдарламалар Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында 5-10 жылға арналып әзірленеді.
Мемлекеттік бағдарлама - бұл белгілі бір қызмет саласын дамытудың стратегиясын, стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын, міндеттері мен қажетті ресурстарды көрсете отырып, күтілетін нәтижелерін айқындайтын жалпыұлттық, салааралық сипаттағы құжат.
17. Мемлекеттік бағдарламаларды тиісті мемлекеттік орган әзірлейді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі.
Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
18. Мемлекеттік бағдарламаларды Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
19. Мемлекеттік бағдарламалар жобаларының тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
19-1. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді.
Ескерту. Ереже 19-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
20. Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуына мониторингті әзірлеуші мемлекеттік орган, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын бағалауды әзірлеуші мемлекеттік орган, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізеді.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды өзінің жұмыс жоспарына сәйкес жүргізетін бақылау іс-шаралары шеңберінде жүзеге асырады.
Іске асырылуына мониторинг пен бағалау нәтижелері бойынша мемлекеттік бағдарлама және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары түзетілуі мүмкін.
Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
21. Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
22. Мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
3.4. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы
23. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспары, мемлекеттік бағдарламалар және Қазақстан Республикасы Президентінің жолдаулары ескеріле отырып, стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудағы өзара байланысты орнату мақсатында жыл сайын жылжымалы негізде бес жылдық кезеңге әзірленеді және мыналарды:
1) мемлекеттік басқарудың орталық деңгейінде - макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын, әлеуметтік параметрлер болжамын, Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық дамуының үрдістерін, басымдықтарын, жылдар бойынша бөліп көрсете отырып, мақсатты индикаторлары мен көрсеткіштерін;
2) мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейінде - жылдар бойынша бөле көрсете отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамын, үрдістерін, басымдықтарын, мақсатты индикаторлары мен көрсеткіштерін;
3) 3 жылға арналған бюджет параметрлерінің болжамын қамтиды.
Сандық және сапалық нәтижелерді айқындау үшін шешуші бағыттар (салалар) бойынша мақсатты индикаторлар мен көрсеткіштер белгіленіп, оған қол жеткізу үшін бес жылдық кезең ішінде Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық саясаты бағытталуға тиіс.
24. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган мақұлдайды және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
25. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3.5. Аумақтарды дамыту бағдарламасы
26. Аумақтарды дамыту бағдарламасы Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттары, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде бес жылдық кезеңге арналып әзірленеді.
Аумақтарды дамыту бағдарламасы, олардың көрсеткіштері, қажетті ресурстар көрсетіле отырып, өңірді дамытудың негізгі бағыттарын, мақсаттарын, міндеттерін, күтілетін нәтижелерін қамтиды.
27. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның, мүдделі орталық мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы әзірлейді.
Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын облыстық мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның, облыстың мүдделі атқарушы органдарының келісімімен ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді.
Ескерту. 27-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
28. Аумақтарды дамыту бағдарламасын жергілікті өкілді орган бекітеді.
28-1. Аумақты дамыту бағдарламасын іске асыру үшін жергілікті атқарушы орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жоғары тұрған уәкілетті органмен келісім бойынша оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді.
Ескерту. Ереже 28-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
29. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасының іске асырылуына мониторинг пен оны бағалауды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасының іске асырылуына мониторинг пен оны бағалауды ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және облыстың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдары жүргізеді.
Ескерту. 29-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
30. Іске асыруға мониторинг пен оны бағалаудың нәтижелері бойынша аумақтарды дамыту бағдарламалары және оларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары түзетілуі мүмкін.
Ескерту. 30-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
31. Аумақтардың дамыту бағдарламасының іске асырылуын бақылауды тиісті жергілікті өкілді орган жүзеге асырады.
32. Аумақтарды дамыту бағдарламасын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
3.6. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары
33. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының, әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде әрбір үш жыл сайын бес жылдық кезеңге арналып әзірленеді.
Мемлекеттік органның стратегиялық жоспары мемлекеттік орган қызметінің стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын, міндеттерін, нәтижелер көрсеткіштерін айқындайды, қаржыландыру көлемі бар бюджеттік бағдарламаларды қамтиды.
Ескерту. 33-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
34. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның келісімімен тиісті мемлекеттік орган әзірлейді.
35. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын Қазақстан Республикасының Президенті немесе ол уәкілеттік берген лауазымды тұлға бекітеді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органныңстратегиялық жоспарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Парламенті Шаруашылық басқармасының, Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Қазақстан Республикасы Орталық Сайлау комиссиясының стратегиялық жоспарларын аталған мемлекеттік органдардың басшылары Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің келесімімен бекітеді.
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның стратегиялық жоспарын жергілікті атқарушы орган бекітеді.
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың стратегиялық жоспарлары тиісті жоғары тұрған салалық мемлекеттік орган келісім бергеннен кейін бекітіледі.
Ескерту. 35-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
36. Стратегиялық жоспарды іске асыру үшін мемлекеттік орган жыл сайын операциялық жоспар әзірлейді.
Операциялық жоспар мемлекеттік органның ағымдағы қаржылық жылдағы стратегиялық жоспардың мақсаттарына, міндеттеріне және нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу жөніндегі іс шаралардың ресурстарымен, жауапты орындаушыларымен және жүзеге асыру мерзімдерімен байланысқан нақты іс-қимылын қамтитын құжат екенін білдіреді.
37. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының іске асырылуына мониторингті әзірлеуші мемлекеттік орган жүзеге асырады.
38. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бағалауды - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті өзінің жұмыс жоспарына сәйкес жүргізетін бақылау іс-шаралары шеңберінде орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, мемлекеттік және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды жүзеге асырады.
Ескерту. 38-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
39. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның стратегиялық жоспарының іске асырылуын бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жүзеге асырады.
Мәслихаттың тексеру комиссиясы өзінің жұмыс жоспарына сәйкес жүргізетін бақылау іс-шаралары шеңберінде жергілікті атқарушы органның стратегиялық жоспарларының және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды жүзеге асырады.
Ескерту. 39-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
40. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бақылауды - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бақылауды тиісті жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
Ескерту. 40-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
41. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
3.7. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен жоспарлары
42. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының негізінде 10 жылға арналып әзірленеді.
Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары олардың стратегиялық бағыттарын, мақсаттары мен қызметі нәтижелерінің көрсеткіштерін айқындайды және акциялары (қатысу үлестері) ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға осы заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқық беретін заңды тұлғалардың даму стратегиялары ескеріле отырып әзірленеді.
Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында, тиісті мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында баяндалған мақсаттар мен міндеттерге, және Әлеуметтік-экономикалық даму мен бюджет параметрлері болжамында көрсетілген бюджеттік параметрлерге сәйкестігі тұрғысында мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның келісімімен, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға арналған даму стратегияларын әзірлеу мен бекіту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Ескерту. 42-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
43. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары олардың даму стратегияларын іске асыру мақсатында 5 жыл мерзімге арналып әзірленеді.
Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары акциялары (қатысу үлестері) ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға осы заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқық беретін заңды тұлғалардың даму жоспарлары ескеріле отырып әзірленеді және мақсаттарды, міндеттерді, нәтижелер көрсеткіштерін және инвестицияларды, кірістерді, шығыстарды, қарыздарды, дивиденттер мен басқа да мәліметтерді қоса алғанда, қаржы-шаруашылық қызметтің негізгі шоғырландырылған және шоғырландырылмаған көрсеткіштерін қамтиды.
Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында баяндалған мақсаттар мен міндеттерге, және Әлеуметтік-экономикалық даму мен бюджет параметрлері болжамында көрсетілген бюджеттік параметрлерге сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның келісімімен, директорлар кеңестері (қадағалау кеңестері) бекітеді.
Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарларын әзірлеу мен бекіту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Ескерту. 43-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
44. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының іске асырылуын бағалауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарларының іске асырылуын бағалауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен директорлар кеңестері (қадағалау кеңестері) жүзеге асырады.
3.8. Салалық бағдарламалар
45. Салалық бағдарламалар салалық мәні бар маңызды міндеттерді шешу, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес сектор ұйымдарының іс-қимылдарын ведомствоаралық үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының іске асырылуы үшін орта мерзімді және қысқа мерзімді кезеңге әзірленеді. P040231
46. Салалық бағдарламаларды және оларды әзірлеу мен мониторинг тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Ескерту. 46-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
3.9. Республикалық (жергілікті) бюджет
47. Республикалық (жергілікті) бюджетті мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттары, мақұлданған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары негізінде жыл сайын үш жылдық кезеңге арнап әзірлейді.
Республикалық бюджет Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған түсімдер есебінен қалыптасатын және орталық мемлекеттік органдардың, оларға ведомстволық бағыныстағы мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың жалпы республикалық бағыттарын іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
Республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен бекітіледі. Z080096
Ескерту. 47-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
48. Жергілікті бюджет Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), сондай-ақ аудандық деңгейдегі (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті мемлекеттік органдардың, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылай қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттері тиісінше облыстық мәслихаттардың, республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттарының және аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) мәслихаттарының шешімдерімен бекітіледі.
49. Республикалық бюджет жобасын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процесі және процесінің қатысушылары
50. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процестері оның құжаттарының әзірленуі мен бекітілуі, іске асырылуы, оған мониторинг, бағалау, түзету жүргізілуі, іске асырылуын бақылау болып табылады.
Мониторинг - бұл Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылу барысы туралы ақпаратты жинау, жүйелеу, талдау және тұжырымдау.
Бағалау - бұл Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асырудың нәтижелілігі мен тиімділігіне қол жеткізу дәрежесін айқындау құралы.
Бақылау - бұл Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының толықтығына және уақтылы орындалуына, соның ішінде заңбұзушылақтарды анықтау, жою және оларға жол бермеу мақсатында жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жолымен талдауды жүзеге асыру.
Түзету - аталған құжаттың іске асырылуына мониторинг пен бағалау нәтижесінде стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу.
Ескерту. 50-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
51. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі процестерінің қатысушылары мемлекеттік билік органдары, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, қоғамдық, ғылыми және жекеше ұйымдардың өкілдері, жеке тұлғалар болып табылады.