Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы N 827 Жарлығы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс         

      Мемлекеттік жоспарлаудың тұтас және тиімді жүйесін қалыптастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі (бұдан әрі - Мемлекеттік жоспарлау жүйесі) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жергілікті атқарушы органдармен және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлесіп 2010 жылғы 1 желтоқсанға дейін қолданыстағы стратегияларды, тұжырымдамаларды, доктриналарды, мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңірлік бағдарламаларды осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, Елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, аумақтардың даму бағдарламаларын, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеу, іске асыру, мониторинг, бағалау және бақылау жүргізу ережесін 2009 жылғы 1 қыркүйекке дейін белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізсін;
      2) Әлеуметтік-экономикалық даму, салалық бағдарламалардың болжамын әзірлеу ережесін 2009 жылғы 1 қыркүйекке дейін бекітсін;
      3) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдасын.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
      4. Осы Жарлықтың 2-тармағын іске асыруға байланысты
бағдарламаларды әзірлеуді қоспағанда, Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары бекітілгенге дейін мемлекеттік, салалық бағдарламаларды, аумақтардың даму бағдарламаларын әзірлеуге тыйым салу енгізілсін.
      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2009 жылғы 18 маусымдағы
N 827 Жарлығымен    
БЕКІТІЛДІ       

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау
ЖҮЙЕСІ

      Ескерту. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2014.06.17 № 840 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесі (бұдан әрі - Мемлекеттік жоспарлау жүйесі) - елдің ұзақ мерзімді (5 жылдан астам), орта мерзімді (бір жылдан 5 жылға дейін) және қысқа мерзімді (1 жылға дейін) кезеңдерге арналған дамуын қамтамасыз ететін, мемлекеттік жоспарлау қағидаттарынан, құжаттарынан, процестерінен және оған қатысушылардан тұратын өзара байланысты элементтер кешені.
      2. Мемлекеттік жоспарлау мемлекеттік билік органдарының және елді дамыту процесіне өзге де қатысушылардың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін арттыруға, азаматтардың әл-ауқатын өсіруге және ел қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған қызметін қамтиды.

2. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қағидаттары

      3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі мынадай қағидаттарға негізделеді:
      1) бірыңғайлық пен біртұтастық - мемлекеттік жоспарлау саласындағы заңнаманың, Мемлекеттік жоспарлау жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаттарының бірыңғайлығы, мемлекеттік жоспарлау процесін жүзеге асыру тәртібінің бірыңғайлығы;
      2) ішкі теңгерімділік - Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының даму мақсаттары, міндеттері және нәтижелер көрсеткіштері бойынша өзара келісілуі;
      3) нәтижелілік және тиімділік - мақсаттарды, міндеттерді және нәтижелер көрсеткіштерін таңдау барынша дұрыс (нәтижелі) болуға, ағымдағы ахуалды терең талдауға және қойылған нәтижелерге ресурстарды барынша аз жұмсай отырып қол жеткізу қажеттілігіне негізделуі тиіс;
      4) міндеттерді шешу жолдарын таңдау дербестігі - мемлекеттік жоспарлау процесіне қатысушылардың өз құзыреті шегінде мақсаттарға қол жеткізу жолдары мен әдістерін таңдаудағы және елдің даму міндеттерін шешудегі дербестігі;
      5) мемлекеттік жоспарлау процесіне қатысушылардың жауапкершілігі - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде міндеттерді шешудің тиімсіздігі және күтілетін нәтижелерге қол жеткізілмегені үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету;
      6) айқындық (ашықтық) - мемлекеттік құпияларға жататын ақпаратты қамтитын ережелерді қоспағанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын міндетті түрде жариялау;
      7) анықтық және шынайылық - Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында белгіленген даму мақсаттарына қол жеткізудің негізделген мүмкіндігі, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау процесінде пайдаланылатын  нәтижелер көрсеткіштерінің негізділігі;
      8) үздіксіздік, сабақтастық және дәйектілік - Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің сатылы сипаты, яғни жоғары тұрған құжаттардың мақсаттарына, міндеттеріне, нәтижелер көрсеткіштеріне табысты қол жеткізу төмен тұрған құжаттарды жоспарлау мен олардың мақсаттарына, міндеттеріне, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізудің сапасына және уақтылығына байланысты, сондай-ақ оның жұмыс істеуінің үздіксіз тетігі;
      9) ресурстық қамтамасыз етілу — қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының негізгі бағыттары бойынша қаржыландыру көздері мен көлемін, адами, басқа да материалдық және материалдық емес ресурстарды айқындау.

3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары

      4. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына мыналар жатады:
      1) Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы;
      2) Қазақстан Республикасының 10 жылға арналған стратегиялық даму жоспары, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы;
      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясы;
      4) 5 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы;
      5) 5-10 жылға арналған мемлекеттік бағдарламалар;
      6) салалық бағдарламалар;
      7) мемлекеттік органдардың 5 жылға арналған стратегиялық жоспарлары;
      8) өңірлерді дамытудың 5 жылға арналған бағдарламалары;
      9) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың (бұдан әрі - ұлттық компаниялар) 10 жылға арналған даму стратегиялары.
      5. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары үш деңгейге бөлінеді.
      Бірінші деңгейдегі құжаттарға түйінді басымдықтары мен бағдарлары бар, ел дамуының ұзақ мерзімді пайымын айқындайтын құжаттар - Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы, Қазақстан Республикасының 10 жылға арналған стратегиялық даму жоспары, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы жатады.
      Екінші деңгейдегі құжаттарға аядағы/саладағы даму стратегиясын айқындайтын құжаттар - 5 жылға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, 5-10 жылға арналған мемлекеттік бағдарламалар, салалық бағдарламалар жатады.
      Үшінші деңгейдегі құжаттарға қайта құрылымдау негізінде мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші және екінші деңгейдегі құжаттарына қол жеткізу жолдарын айқындайтын құжаттар - мемлекеттік органдардың 5 жылға арналған стратегиялық жоспарлары, 5 жылға арналған өңірлерді дамыту бағдарламалары, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың 10 жылға арналған даму стратегиялары жатады.
      Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының нысаналы индикаторлары мен нәтижелер көрсеткіштері осы бағыныстылық сатысына сүйене отырып айқындалуы тиіс.
      Бірінші деңгейдегі құжаттарда елдің ұзақ мерзімді кезеңдегі дамуын айқындайтын жалпыұлттық нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштер көрсетілуі тиіс.
      Екінші деңгейдегі құжаттар жалпыұлттық нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған аялар мен салалардың нысаналы индикаторлар мен даму көрсеткіштерін қамтиды.
      Үшінші деңгейдегі құжаттар өңірлер дамуының, орталық мемлекеттік органдар, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар қызметінің нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерін қамтуы тиіс.
      6. Қазақстан Республикасының Президенті елдегі жағдай мен Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдау (бұдан әрі - Жолдау) арнайды. Жолдаудың ережелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу мен түзету үшін, оның ішінде алдағы жоспарлы кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру үшін негіз болып табылады.
      Жолдаудың жобасын әзірлеу, келісу, Жолдауды іске асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      7. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша тұжырымдамалар мен доктриналар әзірленеді.
      Тұжырымдама белгілі бір аяны, саланы дамытудың пайымын, тиісті мемлекеттік саясаттың негіздемесін көрсететін құжат болып табылады және осы саясаттың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдерін қамтиды.
      Тұжырымдаманы Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі не консультациялық-кеңесші орган бекітеді немесе мақұлдайды.
      Тұжырымдаманы іске асыру үшін әзірлеуші мемлекеттік орган Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асырудың бүкіл кезеңіне арнап немесе орта мерзімді әрбір кезеңге арнап кезең-кезеңімен әзірлейді.
      Доктрина - белгілі бір мәселе бойынша көзқарастар жүйесін, саяси қағидаттардың жиынтығын айқындайтын құжат.
      Доктринаны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді немесе мақұлдайды.
      Тұжырымдамалар мен доктриналар стратегиялық және бағдарламалық құжаттар, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары мен заңдар арқылы іске асырылады.
      Тұжырымдамалар мен доктриналарды әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

3.1. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы

      8. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы Қазақстан Республикасы дамуының жаһандық пайымы мен стратегиясын, елдің экономикалық, саяси, қоғамдық дамуының ұзақ мерзімді бағыттары мен басымдықтарын айқындайды, оны іске асыру мақсатында Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары әзірленеді.

3.2. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары

      9. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарлары Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру мақсатында 10 жылға әзірленеді және тиісті онжылдық кезеңдегі елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының стратегиясын, мақсаттарын, міндеттерін, басым бағыттарын, олардың көрсеткіштерін, кезең-кезеңдік нысаналары бағдарларын көрсете отырып, күтілетін нәтижелерін нақтылайды.
      10. Алдағы кезеңге арналған Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының жобасын әзірлеуді орталық мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган) жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      11. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының іске асырылуын мониторингтеу мен бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді, олардың негізінде оған түзету жүзеге асырылуы мүмкін.
      12. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыруды бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
      13. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын әзірлеу, іске асыру, мониторинг, бағалау жүргізу және іске асырылуын бақылау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      14. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган тиісті кезеңге арналған Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын әзірлейді. Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы - бұл елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін өңірлер бөлінісіндегі өндірістік күштерді, көліктік-коммуникациялық, әлеуметтік және басқа инфрақұрылымды ұтымды орналастыру және ел халқын жайластыру жүйесі.
      Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасының іске асырылуын мониторингтеу мен бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
      Мониторинг пен бағалау негізінде Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын түзету жүзеге асырылуы мүмкін.
      Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасының іске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
      Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын әзірлеу, іске асыру, мониторинг, бағалау жүргізу және іске асырылуын бақылау тәртібі мен мерзімдерін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

3.3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы

      15. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын, Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында әзірленеді және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы негізгі проблемалар мен қауіп-қатерлерді, стратегиялық мақсаттар мен нысаналы индикаторларды, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерін, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету критерийлерін айқындайды.
      16. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган орта мерзімді (5 жылға) немесе ұзақ мерзімді (5 жылдан астам) кезеңдерге әзірлейді.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы алдыңғы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асырудың соңғы жылынан кешіктірілмей әзірленеді.
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      17. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының құрылымын, базалық тәсілдері мен негізгі мазмұнын Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдайды. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын әзірлеудің тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      18. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      19. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін оны іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспары әзірленеді.
      Іс-шаралар жоспарын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы бекітілген күннен бастап үш ай мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      20. Іс-шаралар жоспарын іске асыру қорытындыларын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізеді.

3.4. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы

      21. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттары, Жолдау ескеріле отырып, жыл сайын жылжымалы негізде бесжылдық кезеңге әзірленеді және мыналарды:
      1) мемлекеттік басқарудың республикалық деңгейінде:
      экономиканы дамытудың сыртқы және ішкі жағдайларын;
      бесжылдық кезеңге арналған экономикалық саясаттың, оның ішінде салық-бюджет саясатының мақсаттары мен міндеттерін;
      бесжылдық кезеңге арналған экономикалық саясаттың, оның ішінде салық-бюджет саясатының негізгі бағыттары мен шараларын;
      бесжылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамын;
      шоғырландырылған, мемлекеттік және республикалық бюджеттердің түсімдері мен шығыстарының болжамын, тиісті бюджет тапшылығын қамтитын үшжылдық кезеңге арналған бюджеттік параметрлердің болжамын;
      әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын;
      кезекті қаржы жылына арналған шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың тізбесін;
      2) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде:
      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму үрдістерін, басымдықтарын, нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерін;
      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамын;
      мыналарды:
      облыс, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің түсімдері мен шығыстарының болжамын қамтитын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттік параметрлерінің болжамын;
      облыстың республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын;
      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың басым бюджеттік инвестицияларының тізбесін қамтуға тиіс облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың үшжылдық кезеңге арналған бюджеттік параметрлерін қамтиды.
      Нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштер сандық және сапалық нәтижелерді айқындау үшін түйінді бағыттар (салалар) бойынша белгіленеді, бесжылдық кезең ішінде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясаты осы нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуға тиіс.
      Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бюджеттік параметрлері облыстың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының құрамында аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бөлінісінде көрсетіледі.
      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      22. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын тиісінше мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган мақұлдайды және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс.
      23. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мониторингтеу, бағалау және бақылау жүзеге асырылмайды.
      24. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу тәртібі мен мерзімдерін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

3.5. Мемлекеттік бағдарламалар

      25. Мемлекеттік бағдарламалар Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарын іске асыру мақсатында 5-10 жылға әзірленеді және қажетті ресурстар көрсетіле отырып ел дамуының басым стратегиялық бағыттары бойынша мақсаттарды, міндеттер мен күтілетін нәтижелерді айқындайтын салааралық және ведомствоаралық сипаттағы құжаттар болып табылады.
      26. Мемлекеттік бағдарламаларды тиісті мемлекеттік орган әзірлейді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі.
      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      27. Мемлекеттік бағдарламаларды Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      28. Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      29. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді.
      30. Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын мониторингтеуді әзірлеуші мемлекеттік орган не Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы уәкілеттік берген өзге мемлекеттік орган жүргізеді.
      Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізеді.
      Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды өзінің жұмыс жоспарына сәйкес жүргізетін бақылау іс-шаралары шеңберінде жүзеге асырады.
      Іске асырылуын мониторингтеу мен бағалау нәтижелері бойынша мемлекеттік бағдарлама және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары түзетілуі мүмкін.
      Ескерту. 30-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      31. Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
      32. Мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру, олардың іске асырылуына мониторинг, бағалау жүргізу және іске асырылуын бақылау тәртібі мен мерзімдерін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

3.6. Салалық бағдарламалар

      33. Салалық бағдарламаларды орталық мемлекеттік органдар салааралық және ведомствоаралық сипаттағы маңызды міндеттерді шешу мақсатында Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарын іске асыру үшін орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңге әзірлейді.
      34. Салалық бағдарламалар тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      35. Салалық бағдарламалардың мониторингін оны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган, осы бағдарламаны іске асыруға қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік орган, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
      Салалық бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізеді.
      Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті салалық бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды өзінің жұмыс жоспарына сәйкес жүргізетін бақылау іс-шаралары шеңберінде жүзеге асырады.
      Салалық бағдарламалардың іске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.
      36. Салалық бағдарламаларды, сондай-ақ оларды әзірлеу, іске асыру, мониторинг, бағалау жүргізу және олардың іске асырылуын бақылау тәртібі мен мерзімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

3.7. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары

      37. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспары мемлекеттік орган қызметінің стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын, міндеттерін, нәтижелер көрсеткіштерін айқындайды, қаржыландыру көлемдерімен қоса, олармен өзара байланысқан бюджеттік бағдарламаларды қамтиды.
      38. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын тиісті мемлекеттік орган әзірлейді және осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 40-тармағының төртінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдармен келісіледі.
      39. Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған мемлекеттік органдар стратегиялық жоспарлар әзірлемейді.
      40. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын  және есеп беретін мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын Қазақстан Республикасының Президенті немесе ол уәкілеттік берген лауазымды тұлға бекітеді.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келісім бойынша мемлекеттік орган бекітеді.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің стратегиялық жоспарын, мүдделі мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісуінсіз, мемлекеттік органның басшысы бекітеді.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бекітілген/түзетілген стратегиялық жоспарының көшірмесі бекітілген күнінен бастап бір апта мерзімде Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығына жолданады.
      Ескерту. 40-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      41. Стратегиялық жоспарды іске асыру үшін мемлекеттік орган жыл сайын операциялық жоспар әзірлейді.
      Операциялық жоспар мемлекеттік органның ағымдағы қаржы жылындағы стратегиялық жоспардың мақсаттарына, міндеттеріне және нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу жөніндегі іс шаралардың ресурстарымен, жауапты орындаушыларымен және жүзеге асыру мерзімдерімен байланысқан нақты іс-қимылын қамтитын құжат болып табылады.
      42. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының іске асырылу мониторингін әзірлеуші мемлекеттік орган жүзеге асырады.
      43. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізетін бағалаудан басқа, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бағалау Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығымен бекітілген Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі шеңберінде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 43-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      44. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бағалауды өзінің жұмыс жоспарына сәйкес жүргізетін бақылау іс-шаралары шеңберінде жүзеге асырады.
      Ескерту. 44-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      45. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бақылауды мемлекеттік органдардың өздері жүзеге асырады.
      46. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеу, іске асыру, оларға мониторинг, бағалау жүргізу және іске асырылуын бақылау тәртібі мен мерзімдерін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

3.8. Аумақтарды дамыту бағдарламасы

      47. Аумақтарды дамыту бағдарламасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттары негізінде бесжылдық кезеңге арналып әзірленеді.
      Аумақтарды дамыту бағдарламасы өңірді дамытудың негізгі бағыттарын, мақсаттарын, міндеттерін, олардың көрсеткіштері, қажетті ресурстар көрсетіле отырып күтілетін нәтижелерін қамтиды.
      48. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы әзірлейді және ол мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен, мүдделі орталық мемлекеттік органдармен келісіледі.
      Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы әзірлейді және ол облыстың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органымен, облыстың мүдделі атқарушы органдарымен келісіледі.
      Ескерту. 48-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      49. Аумақтарды дамыту бағдарламасын жергілікті өкілді орган бекітеді.
      50. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасын іске асыру үшін жергілікті атқарушы орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді.
      Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын іске асыру үшін жергілікті атқарушы орган облыстың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органымен келісім бойынша оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді.
      Ескерту. 50-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      51. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасының іске асырылу мониторингін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы жүргізеді.
      Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасының іске асырылу мониторингін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдары жүргізеді.
      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы жүргізетін бағалаудан басқа, облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламаларының іске асырылуын бағалау Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығымен бекітілген Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі шеңберінде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 51-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      52. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы аумақтарды дамыту бағдарламаларының іске асырылуына бағалауды өзінің жұмыс жоспарына сәйкес жүргізетін бақылау іс-шаралары шеңберінде жүзеге асырады.
      53. Мониторинг пен іске асырылуын бағалау нәтижелері бойынша аумақтарды дамыту бағдарламалары мен оларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары түзетілуі мүмкін.
      Аумақтарды дамыту бағдарламаларын түзету процесі Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарының жаңасы қабылданған не оларға өзгерістер енгізілген, сондай-ақ аумақтарды дамыту бағдарламасының іске асырылуын мониторингтеу мен бағалау нәтижелері алынған сәттен бастап үш ай мерзімнен аспауы тиіс.
      54. Аумақтарды дамыту бағдарламасының іске асырылуын бақылауды тиісті жергілікті өкілді орган жүзеге асырады.
      55. Аумақтарды дамыту бағдарламасын әзірлеу, іске асыру, оған мониторинг, бағалау жүргізу және іске асырылуын бақылау тәртібі мен мерзімдерін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

3.9. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары

      56. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттары ескеріле отырып 10 жылға әзірленеді.
      Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың алдыңғы даму стратегияларын іске асырудың соңғы жылынан кешіктірмей әзірленеді.
      Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары олардың стратегиялық бағыттарын, мақсаттары мен қызметі нәтижелерінің көрсеткіштерін айқындайды және акциялары (қатысу үлестері) ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға осы заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқық беретін заңды тұлғалардың даму стратегиялары ескеріле отырып әзірленеді.
      Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарында баяндалған мақсаттарға, міндеттерге және бюджеттік параметрлерге сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Ұлттық әл-ауқат қорының даму стратегиясын Ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесі мақұлдағаннан кейін Ұлттық әл-ауқат қорының жалғыз акционері бекітеді.
      Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларын іске асыру мақсатында ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың 5 жыл мерзімге арналған даму жоспарлары әзірленеді.
      Ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға арналған даму стратегияларын әзірлеу мен бекіту тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
      Ескерту. 56-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      57. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының іске асырылуын мониторингтеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган (жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган) жүзеге асырады.
      Ескерту. 57-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      58. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының іске асырылуын бағалауды аудиттелген қаржылық есептілік бекітілгеннен кейін 3 жыл өткен соң мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Ескерту. 58-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      59. Тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган (жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының мониторингі мен оларды бағалау нәтижелерін веб-порталда (құпия сипаттағы және қызмет бабында пайдалануға арналған ақпаратты қоспағанда) орналастырады.
      60. Тиісті саланың уәкілетті органы, ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компаниялардың даму стратегияларының тиісті салада орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
      Ұлттық әл-ауқат қорының даму стратегиясын бақылауды оның директорлар кеңесі жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процесі және процеске қатысушылар

      61. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процестері оның құжаттарын әзірлеу, бекіту, іске асыру, оларды мониторингтеу, бағалау, түзету  және іске асырылуын бақылау болып табылады.
      Мониторинг - бұл Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылу барысы туралы ақпаратты жинау, жүйелеу, талдау және қорыту.
      Бағалау - бұл Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асырудың нәтижелілігі мен тиімділігіне қол жеткізу дәрежесін айқындау құралы.
      Түзету - Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Жолдаулары ережелерінің, жекелеген тапсырмаларының іске асырылуына мониторинг пен бағалау жүргізу нәтижесінде аталған құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу.
      Бақылау - Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының толықтығын  және уақтылы орындалуына талдауды жүзеге асыру.
      62. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі процестеріне қатысушылар мемлекеттік билік органдары, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, қоғамдық, ғылыми және жекеше ұйымдардың өкілдері, жеке тұлғалар болып табылады.