Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 3 маусымдағы N 607 Жарлығы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс        

      "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңның 17-1 бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы ереже бекітілсін.

      2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                       Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
Президентінің    
2008 жылғы 3 маусымдағы
N 607 Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН       

Қазақстан Республикасы Президентінің
Күзет қызметі туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы" Заңына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің мәртебесін, өкілеттігін және қызметін ұйымдастыруды айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (бұдан әрі - Президенттің Күзет қызметі) - Қазақстан Республикасының Президенті құратын, оған тікелей бағынатын және есеп беретін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерге жататын арнаулы мемлекеттік орган.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.06.21 № 343 Жарлығымен.

      2. Президент Күзет қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже құрайды.

      3. Президенттің Күзет қызметі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның нақты және шартты атаулары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген мөрі, мемлекеттік тілде жазылған өзінің атауы бар мөртаңбасы, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетіндегі есепшоттары болады.

      4. Президенттің Күзет қызметі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан енеді.

      5. Президент Күзет қызметінің құрылымы мен штаттық санын Президент Күзет қызметі бастығының ұсынысы бойынша Республика Президенті бекітеді.

      6. Президент Күзет қызметінің іс-әрекетін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      7. Президент Күзет қызметінің заңды мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Кенесары көшесі, 26.

      8. Президент Күзет қызметінің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі" мемлекеттік мекемесі.

      9. Осы Ереже Президент Күзет қызметінің құрылтайшы құжаты болып табылады.

2. Президент Күзет қызметінің міндеттері,
функциялары және құқықтары

      10. Президент Күзет қызметінің міндеттері:

      1) күзетілетін адамдардың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      2) күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадір-қасиетіне және меншігіне қарсы бағытталған қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау, алдын алу және жолын кесу;

      3) күзетілетін адамдардың меншігін күзету, күзетілетін объектілерде және олар болатын басқа да жерлерде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

      4) өз өкілеттігі шегінде терроризмге қарсы күресті жүзеге асыру;

      5) күзетілетін адамдар мен объектілерге төнген қатерді болжау және анықтау, одан сақтандыру мен бейтараптандыру жөніндегі жедел шаралар жиынтығын жүзеге асыру болып табылады.

      11. Президенттің Күзет қызметі өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын ұйымдастырады және өткізеді. Күзет іс-шараларына қатысу үшін белгіленген тәртіп бойынша тартылған мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарына басшылық етеді;

      2) жедел-іздестіру іс-шараларын өткізеді, жүктелген міндеттерді орындау үшін ақпараттық-талдау жұмысын жүргізеді;

      3) Президент Күзет қызметінің құзырына енетін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Президентін, Үкіметі мен мемлекеттік органдарын хабардар етеді;

      4) Президенттің Күзет қызметі құрылымдық бөлімшелерінің жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді;

      5) арнайы тексеру жүргізу арқылы қызметке кәсіби ipiктeудi ұйымдастырады, Президент Күзет қызметінің кадрларын негізінен әскери қызметшілер, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері арасынан жасақтайды, қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мамандарды даярлауды, зерттеу және қолданбалы жұмыстарды жүргізуді жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары Президент Күзет қызметінің кадрларына әскери қызметке келетін адамдарды зерттеп-зерделеуге және арнайы тексеруден өткізуге Президентінің Күзет қызметіне көмек көрсетеді;

      6) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді;

      7) күзетілетін объектілердің және президенттік байланыс жүйесінің ақпараттық қауіпсіздігін, қолданылатын арналар мен байланыс желілерін қорғауды қамтамасыз етеді;

      8) күзетілетін адамдардың авиация, автомобиль және басқа да көлік түрлерімен жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, оның ішінде олардың жүріп-тұру маршруттарын (бұдан әрі - арнайы трассалар) айқындайды, күзетілетін адамдардың жүріп-тұруы үшін бөлінген авиация, автомобиль және басқа да көлік түрлерінің қозғалыс қауіпсіздігі саласында қолданылатын ережелердің, нормативтер мен стандарттардың сақталуын бақылайды;

      9) жедел есепке алуды және ақпараттық жүйелерді құрады және қолданады;

      10) күзет іс-шараларын өткізу кезінде радиоэфирге мониторинг жүргізеді;

      11) күзетілетін объектілердің аумағында және күзет іс-шаралары өткізілетін орындарда жарылғыш құрылғыларды, жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыру және жою жөніндегі іс-шараларды, жарылғыш құрылғыларды қолдану арқылы құқыққа қайшы іс-әрекеттерді іске асыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі зерттеу жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді;

      12) күзетілетін адамдар баруға арналған ғимараттарда, үй-жайларда, құрылыстарда және оларға іргелес аумақтарда, сондай-ақ күзетілетін объектілерде санитарлық-гигиеналық, экологиялық, радиациялық, биологиялық, химиялық және эпидемияға қарсы бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      13) күзетілетін объектілерде, оларды орналастыруға арналған режимдік аумақтар аймақтарында, арнайы трассаларда және оларға ipгeлec аумақтарда барлық жөндеу, құрылыс және өзге де жұмыс түрлерінің жүргізуді) келіседі;

      14) қызметкерлерді, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін медициналық қамтамасыз ету, тұрғын үй, материалдық-тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша ic-шараларды жүзеге асырады;

      15) заңдарда белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2011.09.07 № 148, 2012.06.21 № 343 Жарлықтарымен.

      12. Президенттің Күзет қызметі өз міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) жеке тұлғалар күзетілетін объектілерге кірген (көлікпен кірген) және шыққан (көлікпен шыққан) кезде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге (күзетілетін адамдардан басқа), оларды жеке қарап тексеруге, олардың өзімен алып жүретін заттарын тексеруге;

      2) күзет іс-шараларын өткізу кезінде фактілер мен оқиғаларды суретке түсіруді, дыбыс жазуды, кино- және бейне түсіруді жүзеге асыруға;

      2-1) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген өклеттіктер шегінде анықтау жүргізуге;

      3) күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке қадір-қасиетіне және меншігіне қол сұғатын құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін жағдаяттарды жою туралы ұсыныстар мен (немесе) нұсқамалар енгізуге;

      4) ұйымдардың, әскери құралымдардың қызметтік үй-жайларын, сондай-ақ азаматтардың тұрғын үй және басқа да үй-жайларын, олардың көлік, байланыс құралдарын және өзге де мүлікті келісімшарт негізінде пайдалануға;

      5) қажетті ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;

      6) Президент Күзет қызметінің арнайы дайындықтан өткен қызметкерлеріне табельдік қару мен арнайы құралдарды сақтауға, алып жүруге рұқсат беруге;

      7) күзет іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу үшін қызметкерлерді Республика аумағынан тыс жерлерге іссапарға жіберуге;

      8) Қазақстан Республикасы Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағындағы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде, сондай-ақ өзге мемлекеттердің оқу орындарында, соның ішінде арнайы оқу орындарында кадрларды даярлау мен біліктілігін арттыруды келісімшарт негізінде жүзеге асыруға;

      9) күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегі үшін азаматтарды көтермелеуге, оларды заңнамада белгіленген  тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына ұсынуға;

      10) Президент Күзет қызметінің штаттан тыс жедел қызметкерлері ретінде Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті түрде тартуға;

      11) көлік құралдарының, соның ішінде дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің, сондай-ақ жеке тұлғалардың көлік құралдарының жекелеген орындар учаскелері мен объектілерде қозғалысын уақытша шектеуге немесе тыйым салуға, оларды жекелеген орындар учаскелерінде немесе объектілерде қалуға не осы учаскелер немесе объектілерден кетуге міндеттеуге;

      12) күзетілетін адамдар мен объектілерді күзету және қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарға жеке және заңды тұлғаларды жіберуді және тексеруді жүзеге асыруға;

      13) құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстауға, оларды әрі қарай құқық қорғау органдарына беруге;

      14) қызметтік иттерді пайдалануға;

      15) күзет іс-шараларын өткізу кезінде көлік құралдарын және олармен алып жүретін заттарды, соның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып, тексеруге;

      16) Президент Күзет қызметінің іс-әрекетін және күзет іс-шараларын өткізуді реттейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдауға;

      17) қаруды, жауынгерлік техниканы, арнаулы құралдарды және күш қолдануға;

      18) төтенше жағдайларда міндеттерді атқару кезінде телекоммуникациялық желілерді пайдалануға;

      19) өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

      20) күзет ic-шараларына қатысу үшiн ішкі icтep министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қарулы Күштердің, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың,, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарын тартуға құқылы.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2011.09.07 № 148, 2012.06.21 № 343 Жарлықтарымен.

3. Президент Күзет қызметінің мүлігі

      13. Президенттің Күзет қызметі жедел басқару құқығында оқшауланған мүлікке ие.
      Президент Күзет қызметінің мүлігі оған мемлекет берген мүлік есебінен қалыптастырылады және негізгі қорлар мен айналым қаражатынан, сондай-ақ баланста құны көрсетілетін өзге де мүліктен құралады.

      14. Президенттің Күзет қызметіне бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

4. Президент Күзет қызметінің іс-әрекетін ұйымдастыру

      15. Президенттің Күзет қызметін Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Президент Күзет қызметінің бастығы (бұдан әрі - бастық) басқарады.

      16. Бастықтың орынбасарлары, оның ішінде бір бірінші орынбасары болады. Бастықтың орынбасарларын бастықтың ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      17. Бастық Президент Күзет қызметінің жұмысын ұйымдастырады, Президенттің Күзет қызметіне басшылық етеді және оған жүктелген міндеттерді атқаруға, сондай-ақ оның өз функцияларын жүзеге асыруына жеке жауапты болады.

      18. Бастық Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіпте және өз құзыреті шегінде:

      1) өз орынбасарларының міндеттерін белгілейді;

      2) Президент Күзет қызметінің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетіне, жауынгерлік дайындығына басшылық етеді және оның жай-күйіне бақылау жасауды жүзеге асырады;

      3) күзет ic-шараларын өткізуге басшылықты жүзеге асырады, оларды өткізу аймағының шекарасын, басталу және аяқталу уақытын белгілейді, қажет болған жағдайда күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі антитеррористік операцияларды өткізу, сондай-ақ оларды өткізу кезеңінде антитеррористік операцияларға құқықтық режимді енгізу туралы шешім қабылдайды;

      3-1) күзетілетін адамдардың және объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік кезекшілікті ұйымдастыру және атқару тәртібін белгілейді;

      4) Республика Президенті бекіткен штат саны мен еңбекақы төлеу қоры шегінде Президент Күзет қызметінің құрылымдық бөлімшелерінің ережелерін, ұйымдық құрылымын және штат санын бекітеді;

      5) алып тасталды - ҚР Президентінің 2012.06.21 № 343 Жарлығымен.

      6) конкурстық негізде орналасатын лауазымдар тізбесін, Президент Күзет қызметінің лауазымдар санатына биіктілік талаптарын, қызметке үміткерлерді ipiктeу және қабылдау жөніндегі ic-шараларды жүргізуді ұйымдастыру тәртібін және әдістемесін, қажетті құжаттар тізбесін, оларды ресімдеу тәртібін, қызметке үміткерлерді тексеру жүргізу мерзімдерін, олардың білім деңгейі, жұмыс тәжірибесі бойынша талаптарды, дене шынықтыру дайындығын және денсаулық жағдайын, сондай-ақ Президент Күзет қызметінің қызметкерлерін қызметке жарамдылық санатын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияға жіберу тәртібін белгілейді.
      Қазақстан Республикасының азаматтарын Президенттің Күзет қызметіне қызметке epiктi негізде қабылдайды, оларға полковникті қоса арнаулы атақтар береді және оларды қызметтен босатады. Президент Күзет қызметінің жекелеген қызметкерлер санатына қызметке қабылдауға дейінгі еңбек жолын белгіленген тәртіпте қызмет өткерген жылдарына есепке алуы мүмкін;

      6-1) Президенттің Күзет қызметіне запастан қабылданатын не Қарулы Күштерден, басқа да әскерлерден немесе әскери құралымдардан, арнаулы мемлекеттік, не құқық қорғау органдарынан ауысу тәртібімен алынатын және әскери, арнаулы атақтары, сыныптық шендері бар азаматтарды кайта аттестаттаудан өткізудің, қызметкерді лауазымға тағайындау кезінде арнаулы атақтар берудің тәртібін айқындайды;     

      7) Республика Президенті қызметке тағайындауды және қызметтен босатуды жүзеге асыратын адамдарды қоспағанда, Президент Күзет қызметінің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      8) Президенттің Күзет қызметінде құпияландыруға жататын мәліметтер тізбесін бекітеді; U000371

      9) Президент Күзет қызметінің қызметкерлерін iccaпapғa жіберу, сондай-ақ мемлекеттік органдардағы және меншік нысанынан тәуелсіз, ұйымдардағы лауазымдарға Президент Күзет қызметінің қолданыстағы резерві офицерлерінің, олар арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметте қалдырыла отырып, лауазым атқаруы жөніндегі мәселелерді шешеді. Президент Күзет қызметінің қолданыстағы резервіне қызметкерлерді қабылдау тәртібін айқындайды;

      10) жұмысшылар мен қызметшілердің санын осы мақсатқа бөлінген қаражат шегінде белгілейді;

      11) бейбіт уақытта, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен ерекше кезеңде күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Президент Күзет қызметінің күштерін және құралдарын қолдану тәртібін белгілейді;

      11-1) күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке қадір-қасиетіне және меншігіне қол сұғатын құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін жағдайларды жою туралы жазбаша нұсқамалар енгізу тәртібін айқындайды;

      12) жоғары офицерлік құрамға арнаулы атақтар беру және қызметкерлерді, жұмысшылар мен қызметшілерді мемлекеттік наградалармен марапаттау, сондай-ақ құрметті атақтар беру туралы Республика Президентіне ұсынымдар енгізеді;

      13) күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегі үшін Президент Күзет қызметінің әскери қызметшілерін, жұмысшылары мен қызметшілерін және басқа да адамдарын марапаттау үшін омырау белгілерін белгілейді, омырау белгілері және олардың сипаттамасы туралы ережелерді бекітеді;

      14) Президенттің Күзет қызметі қызметкерлерін арнаулы киім нысанын киіп жүру тәртібін айқындайды;

      15) Президент Күзет қызметінің қызметкерлерін, жұмысшыларын және қызметшілерін марапаттайды, көтермелейді және оларға тәртіптік жазалар қолданады. Президент Күзет қызметінің қызметкерлерін көтермелеу және тәртіптік жазалар беру бойынша Президенттің Күзет қызметі құрылымдық бөлімшелері басшыларының өклеттіктерін айқындайды;

      16) Президент Күзет қызметінің мүлкіне және қаржы құралдарына иелік етеді. Президенттің Күзет қызметі қызметкерлерін қаржылық қамтамасыз етудің және лауазымдық жалақылары мен сауықтыру жәрдемақыларын есептеу үшін қызмет (жұмыс) өтілін айқындаудың тәртібін айқындайды;

      17) Президент Күзет қызметінің барлық қызметкерлері орындауы міндетті бұйрықтар, өкімдер шығарады, нұсқаулар береді;

      18) Президенттің Күзет қызметі қызметкерлерінің қызметтік куәліктерінің сипаттамасын, жетондар үлгілерін, зейнеткерлік куәліктердің нысандарын бекітеді, оларды беру және пайдалану тәртібін айқындайды;

      19) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, заңды тұлғалармен, сондай-ақ шетел мемлекеттерінің арнайы және құқық қорғау органдарымен және халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен өзара қарым-қатынаста Президент Күзет қызметінің атынан өкілдік етеді;

      20) Президент Күзет қызметінің іс-әрекетін жетілдіру мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыныстар енгізеді;

      21) Қазақстан Республикасының заңнамасымен өзіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2011.09.07 № 148, 2011.09.30 № 155, 2012.06.21 № 343 Жарлықтарымен.

      19. Бастық уақытша болмаған жағдайда, оның тапсырмасына сәйкес міндеттерін орынбасарларының бірі атқарады.

      20. Жедел-қызметтік іс-әрекеттердің барынша маңызды мәселелерін қарастыру, олардың тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды әзірлеу және олар бойынша келісілген шешімдер қабылдау үшін Президент Күзет қызметінде Алқа құрылады.
      Алқаның шешімдері бастықтың бұйрығымен жарияланады.
      Алқаның міндеттері, өкілеттері, іс-әрекетінің тәртібі мен дербес құрамы бастық бекітетін Ережемен реттеледі.

      21. Президенттің Күзет қызметінде арнайы мемлекеттік мұрағат құрылады.

      22. Президент Күзет қызметінің қызметкерлерін медициналық қамтамасыз ету және қызмет көрсету, медициналық мүлікпен және дәрі-дәрмектермен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.
      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.06.21 № 343 Жарлығымен.

      23. Президент Күзет қызметінің қызметкерлеріне лауазымдық жалақыларын және сауықтыруға жәрдемақыны есептеу үшін коэффициенттерді белгілеу үшін қызмет өткерген бip aйғa бip жарым ай есебінен есептелінеді.
      Президент Күзет қызметінің қызметкерлеріне зейнетақы тағайындау үшін қызмет өткерген жылдарын есептеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіпте жеңілдік шарттарында жүргізіледі.
      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.06.21 № 343 Жарлығымен.

      24. Президенттің Күзет қызметі қызметкерлерінің қызмет атқаруы жауынгерлік мiндeттepдi орындау болып табылады және өздігінен, сонымен қатар басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізілетін ic-шаралар кешенін жүзеге асыруға негізделеді.
      Күзетілетін адамдардың және объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет ic-шараларын өткізу барысында Президент Күзет қызметінің аға лауазымды тұлғасы оларды өткізуге тартылған барлық адамдар үшін жедел бастық болып табылады.
      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.06.21 № 343 Жарлығымен.

5. Президенттің Күзет қызметін қайта құру және тарату

      25. Президенттің Күзет қызметін қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2008 жылғы 3 маусымдағы 
N 607 Жарлығына    
ҚОСЫМША       

Қазақстан Республикасы Президентінің күші
жойылған кейбір актілерінің тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 3 қаңтардағы N 2742 Жарлығы.

      2. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір Жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 наурыздағы N 3396 Жарлығы.

      3. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір Жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 21 мамырдағы N 3512 Жарлығы.

      4. "Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы ережеге толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 4 қарашадағы N 3730 Жарлығы.